Қазақстан республикасы бiлiм және ғылым министрлiгi
Вид материала | Документы |
- Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң мемлекеттiк қызмет стандарттарын, 650.15kb.
- Диссертация 2010 жылы тамыздың «27» күні сағат 14. 30-да Қазақстан Республикасы Білім, 486.04kb.
- Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі білім және ғылым саласындағы бақылау, 846.05kb.
- Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігі, 2688.62kb.
- Қазақ шаруаларын отырықшылыққа көшірудегі мемлекет саясаты (ХХ ғ. 20-30-шы жж.), 406.09kb.
- Диссертация ның, 975.74kb.
- Г. Н. Потанин және қазақ зиялылары: саяси және рухани көзқарастарды тарихи талдау >07., 944.02kb.
- Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі, 2199.79kb.
- Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі, 1990.59kb.
- Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым Министрлігі, 2670.73kb.
Студент білуі тиіс:
- дәрісте берілген сұрақтар көлеміндегі материалды;
- Негізгі құралдардың бастапқы құнын анықтауды;
- Әр түрлі жағдайларда амортизация есептеу әдістерін қолдана білуді;
Студент меңгеруі тиіс:
- Есептер шығару, машықтандыру барысында теориялық материалды қолдана білуді;
- Негізгі құралдар есебін.
- Материалдық емес активтер есебін.
Практикалық сабаққа әзірленуге қажетті әдістемелік нұсқау:
Практикалық сабақта талқыланатын сұрақтардың тізімімен танысып, оларды дәрістің негізгі мазмұны мен ұсынылған әдебиеттер бойынша пысықтаңыз. Сабаққа әзірлену барысында практикалық сабақ сұрақтарын белсенді талқылауға қажетті студенттердің білімі мен міндеттеріне қойылатын талаптарға көңіл бөліңіздер
СОӨЖ – на тапсырмалар мен әдістемелік нұсқаулар
СОӨЖ мақсаты: тақырып бойынша алынған теориялық білімді бекітіп, негізгі құралдар және оны есепке алу, бағалау тәртібін біліп, өзіндік жұмыс барысында практикалық дағды қалыптастыру
Студенттердің оқытушымен бірге орындайтын өзіндік жұмысына арналған есептер (СОӨЖ):
№1 Есеп
Кәсіпорын 230 000 000 теңгеге ұшақ сатып алады. Келісім-шарт бойынша ұшаққа меншік құқығы жабдықтаушы зауытында сатып алушыға беру кезінде өтеді.Сатушы 5 200 000 теңге баж салығын төлейді. Сондықтан бұл соманы шот-фактура сомасына қосады да, алынуға тиісті шот сомасы 235 200 000 теңгені құрады. Ұшақты сатып алушы орналасқан жерге дейін жеткізу шығыны 10 000 000 теңге болды.Тасымалдау кезінде ұшақтың корпусы зақымдалған және оны жөндеуге 80 000 теңге жұмсалды. Ұшақты сатып алған күннен екі аптадан кейін ғана пайдалана бастады. Ұшақ тұрағын (ангарды) күтіп ұстауға ай сайын 20 000 теңге кетеді. Сатып алушы төленуге тиісті шот сомасын ұшақты сатып алған күні төледі.
Ұшақтың корпусының, оның двигателі мен салон жабдығының пайдалы қызмет мерзімдері әр түрлі. Сатушының сатып алушыға жіберген шотында ұшақтың жалпы құны ғана көрсетілген. Алайда, сатып алушы құрған қаржылық есептілік ҚЕХС талаптарына сай келуі үшін, двигателдің, ұшақтың корпусының және салонының бастапқы құнын анықтау қажет.
Негізгі құралдар есебін жүргізген бухгалтер қалпына келтіру құны бойынша бағалауды кәрзеңкелік әдіспен жүргізу туралы шешім қабылдады. Ол дәл осындай двигательдер мен салон жабдықтарын сататын жабдықтаушылардан олардың бағасы туралы мәліметтер алады. Алынған мәліметтер бойынша орта баға:
- двигательдер 140 000 000
- салон жабдығы 50 000 000
Ұшақты негізгі құрал объектісі ретінде танумен байланысты бухгалтерлік өткізбелерді құрастырыңыз.
№2 Есеп
Кәсіпорын жаңа қызметі үшін жер учаскесін сатып алмақшы. Жердің сатып алу құны – 170 000 теңге, көрсеткен қызметі үшін брокерге – 6 000, адвокатқа 2 000 теңге төлейді. Жойылу құны 4 000 теңгені құрайтын ескі ғимаратты бұзуға 10 000 теңге және жерді тегістеуге 1 000 теңге жұмсады. «Негізгі құралдар/Жер» шотының дебетіне тіркелетін соманы есептеңіз.
№3 Есеп
Активтің бастапқы құны - 100 000 теңге. Бастапқы пайдалы қызмет мерзімі -10 жыл. Тозуды есептеудің бірқалыпты есептен шығару әдісі қолданылып келген және ешқанда жойылу құны болжанбаған. Активті екі жыл пайдаланғаннан кейін бухгалтер оның пайдалы қызмет мерзімін қайта қарастырып, 6 жылға теңеді. Активтің қалған пайдалы қызмет мерзіміне тозу шығындарын қай та есептеңіз.
№4 Есеп
«Сәуле» пиццериясы пиццаны тасымалдап жеткізу үшін автокөлік сатып алды. Автокөліктің құны 14 000$. Көлік 5 жыл пайдаланылады. Пайдалану мерзімінен кейінгі қалдық құны шамамен 2 000 $ құрайды. Компания көлік 5 жылдың ішінде 80 000 км жол жүреді деп есептеді.
- 5 жылға бірқалыпты түзу сызықты әдіспен амортиацияны есептеңіз.
- Автокөлік бірінші жылы 10 000 км, екінші жылы 15 000 км, үшінші жылы 18 000 км, төртінші жылы 20 000 км және бесінші жылы 17 000 км жол жүрген. Амортизацияны өндірістік тәсілмен есептеңіз.
- Амортизацияны кемімелі қалдық әдісімен есептеңіз.
СӨЖ-на арналған тапсырмалар мен әдістемелік нұсқаулар
СӨЖ ның мақсаты: тақырып бойынша алған білімді толықтыру, талдап зерделеу және ұзақ мерзімді активтер есебі туралы теориялық білімін тәжірибе жүзінде бекіту.
Ұсынылған және өз беттеріңізше таңдап алған ғылыми әдебиет тізіміне сүйене отырып келесі сұрақтарға жауап беріңіз:
1. Негізгі құралдарды жөндеу есебін және
2. Жал есебін толықтырыңыз.
3. Тақырып бойынша негізгі терминдерді анықтау (глоссарий дайындау)
4. Төмендегі берілген есептерді шығарыңыз.
1-Есеп.
2001 жылдың 1-қаңтарында компания 2000000 теңгеге жабдық сатып алды. Болжамды пайдалы қызмет мерзімі-10жыл, өнімділігі – 20000000 бірлікті құрайды, жойылу құны- 50000 тг.
1. Бірқалыпты түзу сызықты әдісті қолданғанда 2001 жылдың амортизациялық шығыстары қандай болар еді?
2-Есеп.
А компаниясы Б компаниясын 15000$-ға сатып алады. Сатып алу күні Б компаниясының бастапқы құны-20000$ және әділ нарықтық құны-22000$ болатын активтері болды.Сонымен бірге, Б компаниясының 7500$-ға міндеттемелері болған. Шоттың дебеті бойынша гудвилл қандай сомада көрсетіледі?
10-тақырып: «Міндеттемелер есебі»
Сабақтың мақсаты: міндеттемелер түсінігін ашу және міндеттемелердің түрлері бойынша есебін меңгеру.
Дәріс сұрақтары:
1. Міндеттемелер туралы түсінік, олардың бағалануы және жіктелуі.
2. Жабдықтаушы және мердігермен есеп айырысу есебі.
3. Салықтар есебі.
4. Дивидендтер бойынша есеп айырысулар.
5. Алдағы кезең табыстары.
6. Өзге де несиелік қарыздар.
Негізгі түсініктер: төленуге тиісті шоттар, ұзақ мерзімді міндеттемелер, қысқа мерзімді міндеттемелер, кредиторлық борыш, төлем вексельдері, төленуге тиісті дивидендтер, банк несиесі, алдағы кезең табыстары.
Дәрістің мазмұны:
Міндеттемелер дегеніміз – ұйымның өткен оқиғалардан туындаған, реттелуі болашақта экономикалық тиімділігі бар ресурстардың шығуына әкеп соқтыратын қарызы. Яғни бұл белгілі бір тұлғаның (борышкердің) басқа бір тұлғаның, яғни қарызгердің (кредитордың) пайдасына белгілі бір іс-әрекет жасау міндеттемесі: мәселен мүлікті беруі, жұмыс атқаруы, ақша төлеуі және басқалар, не болмаса белгілі бір іс-әрекеттен бас тарта тұруы.
Міндеттемелер кәсіпорында жасалынған әр түрлі келісімдердің нәтижесінде туындайды және алынған тауарлы-материалдық құндылықтар немесе пайдаланылған қызметтер үшін келешекте жасалынатын төлемдердің заңды негізі болып табылады.
Міндеттемелер төмендегі үш белгісі бойынша анықталады:
- кәсіпорында міндеттемені туындатушы оқиға орын алуға тиісті;
- міндеттеме тек активті немесе қызметтерді басқа кәсіпорынға аудару жолымен реттеледі;
- міндеттеме даусыз (анық) болуға тиісті.
Міндеттемелер -телу мерзіміне байланысты екі түрге бөлінеді:
- Ұзақ мерзімді міндеттемелер
- Ағымдағы міндеттемелер
Қысқа мерзімді міндеттемелер есепті кезең (бір жыл) ішінде немесе белгілі бір операциялық цикл ішінде қайтарылады деп күтілетін ағымдағы міндеттемелер болып табылады. Оларға мыналар жатады:
- Қысқа мерзімді несиелер және овердрафт;
- Ұзақ мерзімді несиелердің ағымдағы бөлігі;
- Кредиторлық борыштар:
- төленуге тиісті шоттар мен вексельдер;
- сатып алушылар мен тапсырыс берушілерден алынған аванстар;
- салық міндеттемелері;
- төленуге тиісті дивидендтер;
- негізгі шаруашылық серіктестігі мен оның еншілес серіктестіктері арасындағы борыштар;
- акционерлік қоғамның лауазымды тұлғаларына борыштары;
- өзге де кредиторлық борыштар;
- Төленуге тиісті есептелінген шығыстар;
- Алдағы кезең табыстары;
- Күтпеген жағдайлар бойынша есептелінген төлемдер.
Ұзақ мерзімді міндеттемелер – есеп беру мерзімінен кейінгі жыл ішінде немесе белгілі бір операциялық цикл ішінде қайтарылуы (өтелуі) жоспарланбайтын кәсіпорынның міндеттемелері.
Ұзақ мерзімді міндеттемелерге: ұзақ мерзімді банк несиесі, банктен тыс мекемелердің несиелері (кепілдік беру), басқадай несиелер (облигацияларды сатып өткізу жолымен қаржыларды тарту және т.б.), еншілес серіктестіктердің ұзақ мерзімді қарыздары, ұзақ мерзімді жалдық міндеттемелер, кейінге қалдырылған табыс салығы жатады.
Төленуге тиісті шоттар тауарды жөнелтушіге, қызмет көрсетушіге кәсіпорынның қысқа мерзімді міндеттемелері болып табылады. Олардың сомасы, әдетте, аналитикалық есеп регистрлерінде тіркелген төленуге тиісті шоттармен дәлелденеді.
Жабдықтаушылар және мердігерлермен есеп айырысу есебі 3310 «Жабдықтаушылар мен мердігерлерге қысқа мерзімді кредиторлық борыш» және 4110 «Жабдықтаушылар мен мердігерлерге ұзақ мерзімді кредиторлық борыш» шоты қарастырылған.
Кейбір жағдайларда кредиторлық борышты қамтамасыз ету мақсатында кредиторға вексель берілуі мүмкін. Қысқа мерзімді төленуге тиісті вексельдер деп заңнамалық нысанда бекітілген бір тараптың (эмитент, вексель берушінің) екінші тарапқа (вексельді ұстаушыға) берген шартсыз жазбаша борыштық ақшалай міндеттемесі. Төленуге тиісті вексель пайыздық және пайыздық емес болуы мүмкін. Пайыздық вексельде пайыздық ставка көрсетіледі. Бұл ставка бекітілген пайыздық ставка деп аталады. Пайызсыз вексельдерде нақты пайыз көрсетілмейді, оның орнына жанама түрде шынайы пайыздық ставка немесе пайыздық кіріс деп аталатын пайыз нормасы көрсетіледі.
Ұйымдар «Салық және бюджетке төленетін басқадай төлемдер» туралы Қазақстан Республикасының Кодексімен реттелетін салықтардың және алымдардың түрлерін төлеу мақсатында бюджетпен есеп айырысу операцияларын жүзеге асырады.
Салық міндеттемелері есептелген немесе жиналған, бірақ әлі бюджетке аударылмаған салықтар бойынша туындайды.
Салықтар тікелей және жанама болып бөлінеді.
Тікелей салықтарға: корпорациялық табыс салығы, жеке тұлғаларға салынатын табыс салығы, әлеуметтік салық, жер асты байлықтарын пайдаланушыларға салынатын салық, жер салығы, көлік құралдарына салық, мүлік салығы жатады.
Жанама салықтарға қосылған құнға салынатын салық және акциздер жатады.
Кәсіпорынның бюджетпен есеп айырысу операцияларының есебін жүргізу үшін Бухгалтерлік есеп шоттарының жұмыс жоспарында 3100 «Салықтар бойынша міндеттемелер» бөлімшесінің тиісті шоттары және өзге де міндетті және ерікті төлемдер бойынша міндеттемелерді есепке алу үшін 3200 бөлімше шоттары қаралған.
Дивиденд бойынша борыштар. Дивидендтер кәсіпорынның бөліп таратылатын таза табысының (пайдасының) бір бөлігі. Дивиденд төлеу туралы шешім акционерлердің жалпы жиналысында (директорлар кеңесінде) қабылданады. Директорлар Кеңесінде жарияланғаннан кейін, егер де дивидендтерді, ағымдық жыл немесе бір операциялық айналым ішінде төлеу қажет болса, онда бұл дивидендтер ағымдық міндеттеме ретінде танылуы тиіс. Өйткені, дивидендтің хабарланған мерзімі мен оны заңды төлеу мерзімінің арасында біраз уақыт өтеді. Сондықтан дивидендтер жарияланғанда келесі бухгалтерлік өткізбе құрылады:
Дебет «Есепті жылдың пайдасы (шығыны)»
Кредит «Қатысушылардың дивидендтері мен
кірістері бойынша қысқа мерзімді
кредиторлық берешек»
Алдағы кезең табыстар деп – тапсырыс берушілер мен сатып алушылардан алған аванстардың есебінен жүзеге асырылуға тиісті кәсіпорынның тауарларды жөнелту, жұмыстарды орындау, қызмет көрсету бойынша міндеттемелерін айтады. Алдағы кезең табыстары 3520 «Алдағы кезең кірістері» шотында есепке алынады.
Банк несиесі мерзімдік, қайтарымдылық, төлену шарттарымен коммерциялық және келісім-шарт негізінде беріледі Несиелердің есебін жүргізу үшін Бухгалтерлік есеп шоттарының жұмыс жоспарында 3000 «Қысқа мерзімді қаржылық міндеттемелер» және 4000 «Ұзақ мерзімді қаржылық міндеттемелер» бөлімшелерінінің тиісті шоттары қаралған.
Қысқа мерзімді несиелер ең көп дегенде әдетте 12 айға беріледі. Жекелеген жағдайларда өндірістік айналым спецификасына байланысты ұзағырақ мерзімге, бірақ екі жылдан аспайтын мерзімге берілуі мүкін.
Ұзақ мерзімді несиелер - кәсіпорынға 1 жылдан артық мерзімге құрылыс, қайта қалпына келтіру және өнеркәсіптік, әлеуметтік-тұрмыстық бағыттағы объектілерді техникамен қайта жабдықтау, ғимараттар салуға және басқа күрделі салымдарды жүзеге асыруға беріледі.
Өзге де кредиторлық борыштар. Бұл топқа жал міндеттемелерін жатқызуға болады. Жал міндеттемелері жалға алушының жалға берушінің алдындағы кредиторлық борышы. Оның есебі 3360 «Жал бойынша қысқа мерзімді қарыз» және 4150 «Жал бойынша қысқа мерзімді қарыз» шоттарында есепке алынады. Сонымен бірге төлем пайыздарының есебін де аталмыш топқа жатқызуға болады. Төлем пайыздары деп несиені, басқа да ресурсты пайдаланғаны үшін ұйымның басқа тұлғаға негізгі борыш үстінен төлейтін төлемін айтуға болады.Оның есебі 3380 «Төленетін сыйақы» шотында жүргізіледі. Пайыздардың барлық түрі (банк несиесі, займ шарттары, құнды қағаздар және т.б. бойынша) есептелгенде 7310 «Пайыздар бойынша шығыстар» шоты дебеттеліп, 3380 «Төленетін сыйақы» шоты кредиттеледі.
Қорытынды:
№1 «Қаржылық есептілікті ұсыну» ҚЕХС-на сәйкес, міндеттеме өткен кезеңдерде болған операциялар мен оқиғалар нәтижесінде туындайды. Оларды активтерді беру немесе пайдалану арқылы, қызмет көрсету арқылы немесе болашақтағы экономикалық тиімділіктерді шығару арқылы реттеуге болады. Сонымен міндеттеменің үш негізгі белгісі бар:
- кәсіпорында міндеттемені туындатушы оқиға орын алуға тиісті;
- міндеттеме тек активті немесе қызметтерді басқа кәсіпорынға аудару жолымен реттеледі;
- міндеттеме даусыз (анық) болуға тиісті.
Әдістемелік нұсқау: Берілген дәрістік материал және ұсынылған әдебиет негізінде
1. Маңыздылық деңгейіне қарай құрылымдық жоспар әзірлеңіз.
2. Тақырыптың соңында келтірілген сұрақтарға жауап беріңіз.
3. СОӨЖ және СӨЖ тапсырмаларын орындаңыз.
Ұсынылатын әдебиеттер
- Қазақстан Республикасының "Бухгалтерлiк есеп және қаржылық есеп беру туралы" Заңы -28.02.2007
- Қаржылық есептіліктің №1 «Қаржылық есептілікті ұсыну» халықаралық стандарты, Қаржы министрлігі, 2006
- Әлібекова Б.А. «Бухгалтерлік»
- Кеулiмжаев К.К. Бухгалтерлiк есеп принциптерi. - Алматы: Экономика, 2003 ж.
- Назарова В.Л. Шаруашылық жүргізуші субъектілердегі бухгалтерлік есеп, Алматы, 2005.
Өзін-өзі бақылауға арналған сұрақтар:
- Міндеттемелер деген не?
- Міндеттемелерді тану белгілері қандай?
- Ұзақ мерзімді міндеттемелерді атаңыз.
- Ағымдағы міндеттемелерді атаңыз.
- Вексель деп нені айтады?
- Пайыздық және пайызсыз вексель дегеніміз не?
- Несиелер деген не?
- Қысқа мерзімді несиелер қандай мақсаттар үшін беріледі?
- Ұзақ мерзімді несиелер қандай мақсаттар үшін беріледі?
- Несиелердің есебі қандай шоттарда жүргізіледі?
- Салық деген не?
- Салықтың қандай түрлері бар?
- Субъектінің бюджетпен есеп айырысу операцияларының есебі қандай шоттарда жүргізіледі?
- Салық төлемі деген не?
- Бухгалтерлік табыс деген не?
- Салық салынатын табыс деген не?
- Облигациялар деген не?
- Облигациялардың қандай түрлері бар?
- Номиналдық және нарықтық проценттік ставкалардың мәнін түсіндіріңіз.
- Алдағы кезең табыстары деп нені айтады?
Тақырыпты бекітуге арналған тестілік тапсырмалар:
1. Жабдықтаушыларға қарыз ағымдық шотынан төленді, берілген операция балансқа қандай өзгеріс енгізеді?
А) Баланс қорытындысын азайтады;
В) Баланс қорытындысын көбейтеді;
С) Ешқандай өзгеріс енгізбейді;
Д) Тек қана активке өзгеріс енгізеді;
Е) Тек қана пассивке өзгеріс енгізеді.
2. «Жұмыскерлердің еңбекақысынан табыс салығы ұсталынды», берілген операция балансқа қандай өзгеріс енгізеді?
А) Өзгеріс тек пассив жағында болады;
В)Өзгеріс тек актив жағында болады;
С) Актив те пассив те бірдей сомаға азаяды;
Д) Актив те пассив те бірдей сомаға көбейеді;
Е) Актив азаяды, ал пассив көбейеді.
3. «Ұзақ мерзімді несие бойынша қарыз өтелді» берілген операция балансқа қандай өзгеріс енгізеді?
А) Баланс қорытындысы азаяды;
В) Баланстың актив жағы өзгереді;
С) Өзгеріс тек пассив жағында болады;
Д) Баланс қорытындысы көбейеді;
Е) Ешқандай әсер етпейді.
4. «Жабдықтаушылар шоты төленді» берілген операция балансқа қандай өзгеріс енгізеді?
А) Баланс қорытындысы азаяды;
В) Баланс қорытындысы көбейеді;
С) Баланстың актив жағы өзгереді;
Д) Ешқандай әсер етпейді;
Е) Өзгеріс тек пассив жағында болады.
5. Егер 2 жылға берілген вексель бойынша негізгі борыш сомасы 300000 теңге, жылдық сыйақы мөлшері 10%-ға тең болса, несиелік пайыз сомасы нешеге тең?
А) 60000 теңге;
В) 30000 теңге;
С) 15000 теңге;
Д) 3000 теңге;
Е) 6000 теңге.
6. «Ағымдық шоттан жанар-жағар май үшін жабдықтаушыларға ақша аударылды», шоттар корреспонденциясын көрсетіңіз:
А) Дт - жабдықтаушыларға қарыз Кт -банктік ағымдық шот;
В) Дт -шикізаттар мен материалдар Кт -өнімді өткізуден алынған табыс;
С) Дт -жабдықтаушыларға қарыз Кт -депозиттік шоттағы ақша;
Д) Дт -жабдықтаушыларға қарыз Кт - кассадағы ақша;
Е) Дт -өзге де кредиторлық қарыздар Кт -банктік ағымдық шот
7. Қысқа мерзімді міндеттемелер дегеніміз не?
А) 1 жыл ішінде белгілі, өтеледі деп күтілетін борыштар;
В) Кәсіпорынның ақша қаражаттарының операциялары;
С) Келісім-шарт, заңдық негізде туынедаған міндеттемелер;
Д) Белгілі бір мерзімге дейін анықтауға болмайтын міндеттемелер;
Е) Кәсіпорынның болмаған, әлі жоқ міндеттемелерінің жиынтығы.
8. Ұзақ мерзімді міндеттемелердің анықтамасын көрсетіңіз:
А) Есеп беру мерзімінен кейінгі бір жылдан жоғары мерзімде өтелетін міндеттемелер;
В) Кәсіпорынның ақша қаражаттарының нәтижесінде туындайтын операциялары;
С) Келісім-шарт немесе заңдық негізде туындаған міндеттемелер;
Д) Келісім-шартта белгіленген міндеттеме.
Е) Есепті кезеңде немесе белгілі операциялардың цикл ішінде өтеледі деп күтілетін борыштар7
9. Міндеттемелер бұл:
А) Өткен операциялар нәтижесінде туындаған, реттелуі кәсіпорыннан активтердің шығуына әкеп соқтыратын барлық міндеттемелер;
В) Өткен операциялар нәтижесінде алынған, болашақта кірістер алу күтілетін құндық бағасы бар құқықтар;
С) Активтерден міндеттемелерді шегеру немесе міндеттемелерден меншікті капиталды шегеру; Д) Есепті кезеңнің ішінде активті көбейту немесе олардың құнын арттыру, шығындарды азайту; Е) Экономикалық пайданы азайту немесе оны меншік иелерінің арасында бөлу, сонымен қатар шығындарды көбейту.
10. Салықтың түсінігін көрсетіңіз:
А) Заңмен белгіленген мемлекетке төленетін салым түрі;
В) Корпоративті табыс салығы, қосылған құн салығы;
С) Кәсіпорынның табысының немесе шығынның бір бөлігі;
Д) Дайын өнімді сатып алғанда төленетін төлемнің бірі;
Е) Тауарларды өткізу үшін төленетін төлемнің бір түрі.
«Міндеттемелер есебі» тақырыбы бойынша тәжірибелік сабақ
Сабақ түрі: тәжірибелік сабақ..
Негізгі түсініктер: қысқа мерзімді міндеттемелер, ұзақ мерзімді міндеттеме, салық, дивиденд, төленуге тиісті шоттар мен вексельдер, алдағы кезең табыстары, облигациялар, нақты міәндеттемелер, шартты міндеттемелер
Тәжірибелік сабақтың мақсаты: міндеттемелер және оның түрлері, міндеттемелерді туындататын оқиғалар туралы теориялық және әдістемелік аспектілерді түсініп, оларды тану, өлшеу және орнықтыру мәселелерін меңгеру, шоттар корреспонденцияларын құру бойынша есептер шығара білу.
Тәжірибелік сабақ сұрақтары:
- Міндеттемелерді анықтау.
- Міндеттемелерді тану.
- Міндеттемелердің жіктелуі.
- Ағымдық міндеттемелер.
- Ұзақ мерзімді міндеттемелер.
Студент білуі тиіс:
- дәрісте берілген сұрақтар көлеміндегі материалды;
- міндеттемелерді тану критерийлерін;
- міндеттеме туындататын оқиғаларды;
- міндеттемелердің жіктелуін.
Студент меңгеруі тиіс:
- Есептер шығару, машықтандыру барысында теориялық материалды қолдана білуді;
- Қысқа және ұзақ мерзімді міндеттемелердің айырмашылығы мен оларды тану мәселелерін.
Тәжірибелік сабаққа әзірленуге қажетті әдістемелік нұсқау:
Тәжірибелік сабақта талқыланатын сұрақтардың тізімімен танысып, оларды дәрістің негізгі мазмұны мен ұсынылған әдебиеттер бойынша пысықтаңыз. Сабаққа әзірлену барысында практикалық сабақ сұрақтарын белсенді талқылауға қажетті студенттердің білімі мен міндеттеріне қойылатын талаптарға көңіл бөліңіздер
СОӨЖ – на тапсырмалар мен әдістемелік нұсқаулар
СОӨЖ мақсаты: тақырып бойынша алынған теориялық білімді бекітіп, міндеттемелер және оны есепке алу, бағалау тәртібін біліп, өзіндік жұмыс барысында практикалық дағды қалыптастыру