Диссертация 2010 жылы тамыздың «27» күні сағат 14. 30-да Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті Р. Б.
Вид материала | Диссертация |
- Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі білім және ғылым саласындағы бақылау, 846.05kb.
- Диссертация ның, 975.74kb.
- Диссертация 2007 жылы, 2204.72kb.
- Қазақ шаруаларын отырықшылыққа көшірудегі мемлекет саясаты (ХХ ғ. 20-30-шы жж.), 406.09kb.
- Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігі, 2688.62kb.
- Г. Н. Потанин және қазақ зиялылары: саяси және рухани көзқарастарды тарихи талдау >07., 944.02kb.
- Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі, 1990.59kb.
- Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым Министрлігі, 2670.73kb.
- Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі, 2889.34kb.
- Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі, 2199.79kb.
ӘОЖ 930.221(5) Қолжазба құқығында
КАРИМОВА ЗУЛЬФИЯМ КАРИМ ҚЫЗЫ
Мұса Сайрамидың «Тарих-и амнийа» шығармасы –
Шығыс Түркістан халықтары тарихының дерек көзі
(XIX ғасырдың екінші жартысы)
07.00.09 – Тарихнама, деректану және тарихи зерттеу әдістері
Тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін
дайындалған диссертацияның
АВТОРЕФЕРАТЫ
Қазақстан Республикасы
Алматы 2010
Жұмыс Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының Ұйғыртану орталығы тарих және этнология бөлімінде орындалды.
Ғылыми жетекшісі: Ресми оппоненттер: Жетекші ұйым: | тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбусейітова М.Қ. тарих ғылымдарының докторы, профессор Атабаев Қ.М. тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Ильясова З.С. Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті |
Диссертация 2010 жылы тамыздың «27» күні сағат 14.30-да Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты жанындағы тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін қорғау жөніндегі Д 55.40.03 диссертациялық кеңесінің мәжілісінде қорғалады.
Мекен жайы: 050010, Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі, 29.
Диссертациямен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының кітапханасында (050010, Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі, 29) танысуға болады.
Автореферат 2010 жылы «___» маусымда таратылды.
Диссертациялық кеңестің
ғалым хатшысы,
тарих ғылымдарының докторы Ш.Ж. Тохтабаева
КІРІСПЕ
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Зерттеу жұмысында Мұса Сайрамидың «Тарих-и амнийа» шығармасы деректанулық талдау нысанына алынып, оның шынайы мәлімет беру мүмкіндіктері анықталды. «Тарих-и амнийа» дерегінің Қазақстан мен Шығыс Түркістан және Орталық Азия елдері тарихы және мәдениеті жөніндегі тың мәліметтері ғылыми айналымға енгізіліп, деректік маңызына объективті баға берілді.
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Бүгінгі таңда тәуелсіз Қазақстанның, тәуелсіз қазақ халқының өзінің төл тарихына деген қызығушылықтың күннен-күнге артып келе жатқан жағдайында белгілі себептермен халыққа беймәлім болған түрлі тарихи деректердің жаппай жариялануы мен сол тарихтың негізін құрайтын тарихи деректанудың маңызы ерекше арта түсуде [1, 3 б.]. Ұлттық тарихты тың әрі дәйекті мағлұматтармен байытып, жаңа мазмұнмен толықтыру үшін теориялық және әдістемелік дайындықты қажет ететін деректанулық бағыттағы зерттеулердің маңызы артып отыр. Орталық Азия аумағын мекендеген халықтар ежелгі дәуірлерден бастап жоғары дәрежелі тарихи-мәдени құндылықтарды қалыптастырған және олардың түп тамыры ортақ екендігі белгілі. Сол себепті бұл халықтардың әрқайсысының тарихы мен мәдениетінің, тілінің дамуында өзіне ғана тән ерекшеліктеріне қарамастан, оларды бір-бірінен бөліп алып зерттеу мүмкін емес. Бұл туралы шығыстанушы ғалым М.Қ. Әбусейітованың пікірі өте орынды: «Объективное, разностороннее изучение взаимоотношений народов Казахстана и Центральной Азии с древности и по настоящее время требует новых методологических подходов. Анализ феномена культурного взаимодействия следует проводить с позиций равноправия культурных ценностей, созданных разными народами. История свидетельствует, что ни одна цивилизация не возникла отдельно, в отрыве от других культур, они всегда во все периоды развития, взаимно дополняли друг друга. В основном процветали те, которые сумели взаимно обогатиться и прислушивались друг к другу» [2, 10 б.].
XIX ғасырдың екінші жартысында Орталық Азияда қалыптасқан саяси-экономикалық ахуал араб жазуында жазылған шығыстүркістандық тарихнама өкілдерінің тарихи еңбектерінде кең түрде сипатталған. Олардың көпшілігі бүгінгі таңда әлемнің сирек қолжазба қорларында сақтаулы болып, кейбіреулері үстіртін зерттелген болса да («Рисала-йи Йа‘құб-бек», «Тарих-и Қашғар», «Тарих-и Хотан»), көпшілігі («Бадаулет-наме», «Джам‘ ат-тауарих», «Тарих-и Йа‘құб-бек» ж.б.) бойынша мүлдем зерттеу жұмыстары жүргізілмеген.
Танымал деректанушы ғалым Т.И. Сұлтанов бұл жазба дереккөздерді араб-парсы, түркі тілдерінде жазылған шығыстық тарихи шығармаларының шығыстүркістандық тобына жатқызады [3].
Шығу тегі Шығыс Түркістандық авторлардың тарихи шығармалары негізінен XIX ғасырдың екінші жартысындағы аталмыш аймақтағы тарихи оқиғаларды баяндауға арналғанмен, оларда сонымен қатар көршілес өңірлер – жалпы Орталық Азия, оның ішінде Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан тарихына қатысты құнды және тың мәліметтер де қамтылады. Бұл дереккөздері әлі күнге дейін Қазақтан тарихының маңызды дереккөздері ретінде тарих ғылымында лайықты деңгейде пайдаланылмай келген. Тарихшылар олар туралы жалпы мәлімет берумен ғана шектеліп, мәтінді толық зерттеп, жаңа мәліметтерін деректанулық талдаудан өткізбейді. Өйткені, көптеген зерттеушілердің тіл білмегендіктерінен түпнұсқадағы араб жазуында, яғни шығыс тілдерінде жазылған қолжазбалармен жұмыс істеу мүмкіндіктері жоқ екендігі белгілі.
Шығыс Түркістан аймағындағы түрлі тарихи оқиғалар ежелден-ақ көптеген елдердің зерттеушілерін қызықтырып келген. Бүгінгі таңда Орталық Азияда, оның ажырамас бөлігі болған Шығыс Түркістанда қалыптасқан саяси-әлеуметтік ахуал өңірде өмір сүрген халықтардың тарихы, олардың өзара қарым-қатынастары, мәдениетімен байланысты мәселелерді терең зерттеуді талап етеді. Бұл халықтардың тарихын шынайы дерек көздер мен құжаттар негізінде зерттеу ұлтаралық қатынастарды жақсартуға мүмкіндік тудырады.
Түрлі дәуірлерде өмір сүрген шығыс авторларының еңбектерінде Қазақстан, Орта Азия мен Шығыс Түркістандағы түркі халықтарының Мауараннахр, Хорасан, Үндістан және Қытай жерін мекендеген халықтармен де өркениетті байланыс жасағандығын айғақтайтын деректер мол [4, 56 б.] болуына қарамастан өлкеде өмір сүрген халықтардың тарихы, мәдениеті, этнографиясы, тарихи географиясына қатысты мәселелер көбінесе орыс, батыс қытай ғалымдары және саяхатшыларының еңбектері негізінде зерттеліп келген. Өкінішке орай, жергілікті халықтардың өз арасынан шыққан авторлардың еңбектеріне лайықты баға берілмеген. Бұған біріншіден, Кеңес үкіметі кезінде бұл еңбектердің көпшілігі діни мазмұндағы шығармалар деп танылып, зерттеушілер тарапынан тарихи дерек ретінде қабылданбауы себепті болды. Осы өлкеде өмір сүріп, тарихи кезеңдердегі түрлі өзгерістер мен жаңалықтарды өз бастарынан кешірген, олардың бірден-бір нақты куәгері болған тарихшы, қаламгерлердің еңбектері ең негізгі, басты дерек көз болып табылады. Шығыс Түркістан халықтарының сан ғасырлық тарихы осы мазмұндағы еңбектерде толық және шынайы суреттелген. Оларда бұл кең-байтақ аумақта өмір сүретін халықтардың саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени ғұмыры туралы нақты деректер орын алған. Сол себепті бұл тарихи деректерді жан-жақты әрі терең зерттеу жоғары ғылыми және практикалық маңызға ие.
Осындай тарихи дерек көздердің бірі – Молла Мұса Сайрамидің «Тарих-и амнийа» атты тарихи еңбегі. Шығармада негізінен ХІХ ғасырдың екінші жартысында ортағасырлық Қазақстан қалаларының тарихы, Ресей патшалығының Қазақстан мен Орта Азияны отарлауы, Хиуа және Қоқан хандықтарының оңтүстік Қазақстанда ұстанған саясатына қатысты құнды мәліметтер сақталған аталмыш тарихи еңбек еліміз тарихын терең зерттеуге қомақты үлес қоса алатыны шүбәсіз.
Зерттеу жұмысының нысаны – Шығыс Түркістан және көршілес аумақтарда өмір сүрген халықтардың тарихын Мұса Сайрамидың «Тарих-и амнийа» атты еңбегінің мәліметтері негізінде зерттеу болып табылады.
Зерттеу жұмысының пәні – ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында шағатай-түркі тілінде жазылған Мұса Сайрамидың «Тарих-и амнийа» дерек көзінің мәліметтерін деректанулық талдаудан өткізу.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Ғылыми құндылығының жоғары болуына қарамастан Мұса Сайрамидың «Тарих-и амнийа» дерек көзінің мәліметтері осы күнге дейін толық деректанулық талдаудан өткізілмеген. Оның есесіне «Тарих-и амнийаға» деректанушылар тарапынан берілген қысқаша түсініктемелер мен дерек көздің мәліметтерін жеке тақырыптарды зерттеу барысында пайдаланған зерттеушілер баршылық.
1905 жылы орыс шығыстанушысы Н.Н. Пантусов «Тарих-и амнийаны» Қазан қаласында «Император университеті» атты баспаханадан жарыққа шығарады [5]. Ол туралы алғашқы зерттеу академик В.В. Бартольдтің «Тарих-и амнийаның» Н.Н. Пантусов басып шығарған нұсқасына жазған пікірінен басталады [6]. В.В. Бартольдтан кейін шамамен 40 жылға дейін зерттеушілер деректің мәліметтеріне назар аудармады. Тек 1947 жылы тарихшы К.А. Усманов 1864 ж. Шығыс Түркістанда өріс алған халық қозғалыстары туралы жазған мақаласында «Тарих-и амнийаның» мәліметтерін пайдаланады [7].
«Тарих-и амнийаның» ғылыми құндылығын шығыстанушы Д.И. Тихонов та атап көрсетеді. Ол өзінің «Шығыс Түркістандағы 1864 жылғы қозғалыс» атты мақаласында Мұса Сайрамидың деректері негізінде Шығыс Түркістандағы Кучар қозғалысын егжей-тегжейлі сипаттайды [8]. Ал «XIX ғысырдың соңы XX ғасырдың басында жазылған ұйғыр тарихи қолжазбалары» атты мақаласында осы кезең бойынша жазылған басқа түркі деректемелері қатарында «Тарих-и амнийаның» жалпы мазмұны және құрылымы туралы қысқаша мәлімдеме жасайды [9].
Мұса Сайрамидың өмірбаяны, оның шығармашылығы жөнінде жазылған өзбекстандық ғалым А. Жалиловтың еңбегі де өте маңызды [10].
Шығарманы зерттеуде қазақстандық шығыстанушы В.П. Юдиннің еңбегі зор. «Тарих-и амнийаны» жан-жақты зерттеген В.П. Юдин, дерек көздің Шығыс Түркістан мен көршілес аймақтарда өмір сүретін халықтар тарихы, мәдениеті бойынша әлі ғылыми айналымға түспеген тың деректерді қамтыған құнды еңбек екендігін айта келе, оның осы күнге дейін лайықты бағасын ала алмай жатқанын атап көрсетеді [11]. Дерек көздің Сырдария өзені бойына орналасқа ежелгі Сайрам қаласының тарихына қатысты екі үзіндісі В.П. Юдин тарапынан орыс тіліне аударылып, ғылыми түсініктемелерімен бірге «Материалы по истории Казахских ханств XV–XVIII веков» атты кітапта жарық көреді.
«Тарих-и амнийаның» орта ғасылардағы Қазақстан қалалары тарихының деректерін, анығырақ айтқанда 1538 жылы Убайдаллах хан тарапынан Сайрам шаһарының жоғари діни қызметкері мансабын Камал ад-дин шейхқа бергендігі туралы түсірген жарлығын К.А. Пищулина өз зерттеу жұмыстарында пайдаланады [12, 9 б.]. Камал ад-дин қожа Мұса Сайрамидың арғы атасы болып, осы жарлық Мұса Сайрамидың қолында сақталып, «Тарих-и амнийаға» кіргізілген.
Мұса Сайрамидың ата-бабаларының Сайрамнан Жоңғарияға көшірілгені жөніндегі мәліметтерін В.А. Моисеев өз зерттеулерінде пайдаланады [13].
XX ғасырдың 70–80 жылдары тарихшы мамандардың деректің мәліметтеріне деген қызығушылығы едәуір өсті. «Тарих-и амнийа» мазмұндаған ұлт азаттық қозғалыстар мәселелері көптеген зерттеушілердің еңбектерінде өз орнын тапты.
Өзбекстандық тарихшы А. Ходжаев Жоңғария және Шығыс Түркістанның XVIII–XIX ғасырлардағы саяси тарихы туралы бірнеше монография мен мақалаларын жазу барысында «Тарих-и амнийа» деректерін пайдаланған [14].
Қазақстандық ғалымдардан тарихшы Д. Исиев пен Ю.Г. Барановалар өз зерттеулерінде «Тарих-и амнийаның» басқа ғалымдар назарынан тыс қалған жаңа деректерін ғылыми айналымға түсірген. «Тарих-и амнийа» және басқа да қолжазба, ғылыми еңбектердің негізінде 1990 жылы Д. Исиевтың «Жетішар ұйғыр хандығы» атты кітабы баспадан шықты [15]. 1875-1878 жылдары Шығыс Түркістанда екінші рет Цин империясы үстемдігі орнағаны туралы мәлеметтер алғашы рет Ю.Г. Баранова тарапынан жоғары шеберлікпен пайдаланылды. Ғалым басқа шығыс қолжазбаларының деректерін «Тарих-и амнийа» мәліметтерімен салыстырып, Мұса Сайрами еңбегінің қаншалықты құнды екендігін тағы бір рет дәлелдеді [16].
Өзбекстандық ғалым, шығыс деректерінің білгірі М. Құтлұқов «Тарих-и амнийаны» қарастырып, оның кейбір мәліметтеріне деректанулық талдау жүргізді [17]. Ол 1825 жылы Қашғарияда Жаһангир-қожа бастаған халық қозғалысын бейнелеген үзінділерін орыс тіліне аударып, ғылыми айналымға қосты.
Өзбекстандық деректанушы ғалым А.А. Айтбаев та «Тарих-и амнийа» деректерінің маңыздылығын атап көрсетіп, оның тек қана Шығыс Түркістан тарихы бойынша емес көршілес мемлекеттер мен халықтар тарихы бойынша да бірегей дерек көзі екендігін айтады. Ғалымның деректанулық мазмұнда жазылған мақалаларына «Тарих-и амнийа» меліметтері негіз болады [18].
Мұса Сайрамидың өмірі мен шығармашылығын зерттеуде Шыңжандық ғалымдардың зерттеу еңбектерінің орны ерекше. 1989 жылы Үрімшіде «Тарих-и амнийаның» заманауи ұйғыр тіліне аударылып жазылған нұсқасы жарық көрді [19]. Кітапты баспаға дайындаған Мұхаммед Зунун және Уәли қатарлы ғалымдардың айтуынша, бұл аудармаға 1905 жылы Н.Н. Пантусов Қазан қаласында басып шығарған кітап негіз болған.
Кітап жарық көргеннен кейін Мұса Сайрамидың шығармашылығына деген қызығушылық арта түсті. Абдуқаим Мұхаммед Имин [20], Махмұд Мұхаммед [21], Джи Дачун [22] қатарлы ғалымдардың еңбектері бұған дәлел бола алады. 1989 жылы шыққан кітапқа сұраныстың арта түсуіне байланысты 2003 жылы «Тарих-и амнийа» қайта басып шығарылды.
«Тарих-и амнийада» баяндалған оқиғалар кореялық ғалым Ким Ходонгтың ғылыми монографиясында басқа деректермен салыстыра талданады [23].
Француз ғалымы Тьерри Заркон «Қашғар Эмираттығы және саяси суфизм. (19 жүзжылдықтың соңы). Елші Саййид Йақұб ханның рөлі» атты мақаласында «Тарих-и амнийадан» алынған мәлімметтерді пайдаланады. Йақұб-бек Аталық Ғазидың 1872–1873 жылдар аралығында қабылдаған 2 жарлығы, 1877 жылы қабылдаған 1 жарлығы Мұса Сайрами тарапынан «Тарих-и амнийада» жазып қалдырылған. Тьерри Заркон бұл жарлықтарды Жетішар хандығында шариғат заңдылықтары негізінде қалыптасқан саяси-әлеуметтік ахуалды суреттеп, өзіндік бағасын береді [24].
Шығыс Түркістанның саяси-әлеуметтік тарихын суреттеуде жазба деректердің рөлі туралы соңғы еңбектердің бірі жақында Жапония астанасы Токио қаласында жарық көрді [25].
Жоғарыда аталған ғылыми еңбектердің барлығында дерлік Мұса Сайрамидың «Тарих-и амнийасын» Орталық Азия халықтары тарихының әртүрлі аспектілерін зерттеуде қолданғаны белгілі. Дегенмен, дерек көзі мәліметтерінің маңыздылығы мен құндылығына қарамастан бүгінгі таңға дейін «Тарих-и амнийаны» толық, әрі кешенді түрде зерттеген ғылыми жұмыс жоқ. Сондықтанда бұл дерек көзін жүйелі, жан-жақты талдап, зерттеу қажеттілігі аса өзекті де тың мәселе болып табылады.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Зерттеу жұмысының басты мақсаты – Шығыс Түркістан және көршілес аймақтарды (Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан т.б.) мекендеген халықтардың тарихы бойынша маңызды да құнды деректерді қамтыған Мұса Сайрамидың «Тарих-и амнийа» атты тарихи еңбегіне деректанулық, мәтіндік талдау жасау негізінде жан-жақты зерттеу болып табылады. Дерек көзі мәліметтерін деректанулық талдаудан өткізіп, олардың шынайылығы мен толықтығын салыстыру арқылы «Тарих-и амнийаның» осы кезең бойынша жазылған басқа шығыс деректері арасында алатын өзіндік орнын анықтау. Алға қойған осы мақсатты жүзеге асыру үшін төмендегідей міндеттер қойылады:
- Мұса Сайрамидың «Тарих-и амнийа» дерек көзіне жалпы сипаттама беріп, автордың өмірі мен шығармашылығын суреттеп, оның тарихта алатын орны мен атқарған рөлін анықтау;
- Шығарма материалдарының деректанулық аспектілерін айқындау және жазба ескерткіш тарихи және мәдени мұра екендігін көрсету;
- Мұса Сайрами еңбегін жазу барысында қолданған қосалқы дерек көздерін анықтау;
- Мұса Сайрами еңбегіндегі деректерге мәтіндік-салыстырмалы талдау жасау;
- «Тарих-и амнийаның» Қазақстан тарихы бойынша мәліметтерін айқындап, шынайылығы мен толықтығын тексеру;
- «Тарих-и амнийаның» Шығыс Түркістан және көршілес аймақтарда (Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан т.б.) өмір сүретін халықтар тарихын зерттеудің дерек көзі ретінде маңызы мен ерекшеліктерін анықтау;
- Мұса Сайрами еңбегі мағлұматтарын басқа жазба деректермен салыстыру;
- «Тарих-и амнийаның» Шығыс Түркістан және көршілес мемлекеттерде (Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан т. б) қалыптасқан саяси-әлеуметтік жағдайы туралы деректерін талдау;
- «Тарих-и амнийаның» аймақтың экономика, мәдениет, географиясына қатысты мәліметтерін қарастыру;
- дерек көзіндегі Қазақстан тарихына қатысты мәліметтерін шағатай-түркі тілінен қазақ тіліне аудару;
Зерттеу жұмысының деректік негізін Мұса Сайрамидың «Тарих-и амнийа» дерек көзінің Ресей Ғылымдар Академиясы Шығыстану институтының Қолжазбалар қорында С 335 [26] шифрімен сақталған нұсқасы құрайды. 1905 жылы атақты шығыстанушы Н.Н. Пантусов Қазан қаласында «Император баспаханасында» тарихи шығарманы баспадан шығарады. Литографиялық баспадан жарық көрген бүл көне кітаптың бір данасы бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасындағы Сирек кітаптар мен қолжазбалар бөлімінде сақтаулы. Осы кітаптың негізінде Шыңжандық ғалымдар «Тарих-и амнийаны» заманауи араб жазуында (жәдид жазуында) екі рет, 1988 және 2003 жылдары басып шығарды. Диссертациялық жұмыста қолданылған басты дерек көздердің қатарын осы кітаптар толықтырады.
Зерттеу жұмысы барысында «Тарих-и амнийа» деректерінің шынайылығы мен объективтілігін тексеру мақсатында көптеген қосымша дерек көздердің мәліметтері пайдаланылды. Оларды мазмұнына және баяндалу формасына сәйкес бірнеше топтарға бөліп қарауды орынды деп шештік: 1) Осы кезең бойынша жазылған шығыс авторларының еңбектері; 2) Архив құжаттары; 3) Саяхатшылар және елшілік қызметкерлерінің естеліктері (мемуар); 4) Ғылыми әдебиеттер.
XIX ғасырдың екінші жартысында Шығыс Түркістан және оған көршілес аймақтарды мекендеген халықтар тарихында орын алған оқиғалар туралы жазылған жазба деректердің арасында шығыс тілдерінде жазылған еңбектердің орны ерекше. Осы өңірде өмір сүріп, болған оқиғаларға өздері қатысқан, жергілікті халықтардың әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін жақсы білетін кісілер тарапынан жазылған бұл тарихи деректер ең құнды жәдігерлер болып табылады. Мұндай бағалы тарихи деректердің қатарына Мұса Сайрамидың 1909 жылы жазып аяқталған келесі бір тарихи еңбегі – «Тарих-и хамиди» [27] шығармасы жатады.
Осы кезең бойынша жазылып, «Тарих-и амнийа» мәліметтерін салыстырмалы талдаудан өткізуде қосымша дерек көзі болған жазба жәдігерлер қатарын бүгінгі таңда Өзбекстан Республикасы Ғылым Академиясы, Шығыстану институтының қолжазбалар қорында сақтаулы шығармалар толықтырады. Біріншісі – 12663 шифрымен сақталған, көлемі 111 бетті құрайтын Ибраһим Фанахидың «Шығыс Түркістан тарихы» [28] атты еңбегі. Бұл қолжазбаның алғашқы екі бөлімі Орталық Азия аймағында осы кезде қалыптасқан саяси-әлеуметтік ахуал және Кучар, Қашғар, Йаркенд, Хотан қалаларындағы 1864 жылғы қозғалыстарға арналған, Жетішар мемлекетінің құрылуы, Йақұб-бектің ішкі және сыртқы саясаты, хандықтың Цин империясы тарапынан құлатылуына қатысты маңызды мәліметтерді жеткізеді.
Екінші – 12172 шифрымен сақталған Молла-Шәкірдің «Зафар-наме» [29] шығармасы. Қолжазба күйінде сақталған бұл тарихи-әдеби шығарма әлі күнге дейін толық деректанулық талдаудан өткізіліп баспада жарық көрмеген. Тек оның кейбір бөлімдері 1963 жылы Алматыда шыққан «Әсирләр садаси» атты кітапта кирилл жазуында басылған. Шығарманың авторы Молла-Шәкір өзі 1864 жылғы Кучар көтерілісінің тікелей қатысушысы болғандықтан оның мәліметтері шынайылығымен құнды.
Үшінші – 2011 шифрымен сақталған Мұхаммед Йунустың еңбегі [30]. Әлі күнге дейін ғылыми айналымға енбеген бұл еңбектің мәліметтері алғашқы рет осы диссертациялық жұмысты жазу барысында пайдаланылып отыр. Өзбекстандық ғалым М. Құтлұқов 2000 жылы «Исследования по уйгуроведению» атты жинақта жарық көрген «Источники по истории Восточного Туркестана в XVI–XIX вв. (по рукописному фонду ИВ РУз)» атты мақаласында еңбекті Йақұб-бектің ағылшын империясына жолдаған хаттары деп сипаттаған. Еңбектің авторы және оның жалпы мазмұны туралы ешқандай мәлімет бермеген. 2008 жылы Өзбекстан Ғылым Академиясы Шығыстану институтында ғылыми іс-сапар барысында осы қолжазбаның фотокөшірмесі алынды. Шығарма деректерін талдау барысында оның Йақұб-бек әкімшілігінде жоғары лауазымды қызмет атқарған Мұхаммед Йунус-датқа тарапынан жазылғаны белгілі болды. Шығу тегі ортаазиялық Мұхаммед Йунус-датқа Қоқан хандығында маңызды қызметтерді атқарған. Қоқан хандығының жерлері толығымен Ресей патшалығы қол астына өту қауіпі туған кезде өзге беделді кісілер қатарында Қашғария жаққа өтіп кеткен. Өз заманының ғұламасы Мұхаммед Йунус-датқаны Йақұб-бек Йаркенд қаласының әкімі етіп тағайындаған. Йаркенд қаласы Қашғарияның Үндістанмен шектесетін таулы аумағына жақын орналасқандықтан, Жетішар-Ағылшын қарым-қатынастарында маңызды рөл атқарған. Мұхаммед Йунус-датқаның еңбегі де негізінен Йақұб-бектің Британ империясымен байланыстарын суреттейді. Йақұб-бектің Ағылшын ханшайымы Викторияға жіберген хаттары да кіргізілген. Жетішар мемлекеті Цин империясы тарапынан басып алынғаннан кейін Орта Азияға қайтып келген Мұхаммед Йунус-датқа өз басынан кешкен оқиғаларды естелік ретінде жазып қалдырған.
Тағы бір дерек көзі, осы қолжазбалар қорында сақтаулы Исхақхан ‘Ибраттың «Фарғона тарихи» атты еңбегі [31]. Осы қолжазба негізінде өзбекстандық ғалымдар Х. Бобобеков және М. Хасаний шығарманы өзбек тіліне аударып, 1991 жылы басып шығарды. «Фарғона тарихы» негізінен Ресей патшалығының Ферғана уәлаятын жаулап алу тарихының дереккөзі болып табылады. Бұл шығарма «Тарих-и амнийадағы» ферғаналық Афтобашы-қыпшақтың орыс әскерлеріне қарсы әрекеттерін суреттеген мәліметтерін салыстып, толықтыруда қосымша дерек ретінде пайдаланылды.
XIX ғасырдың екінші жартысында Шығыс Түркістан және көршілес аймақтарда болған оқиғалар Камил-хан-ишанның «Рисала-йи Йа‘куби» атты қолжазба кітабында [32] және Мырза Ахмед-құсбегінің естеліктерінде [33] баяндалған. Есімі аталған бұл екі кісі Йа‘құб-бек Қашғарияны толық бағындырып Жетішар хандығын құрған кезде Орта Азиядан Қашғарға барған. Йа‘құб-бек Камил-хан-ишанды жеке хатшысы, Мырза Ахмед-құсбегені әскербасы лауазымдарына тағайындаған. Йа‘құб-бек сатқындар қолынан қаза тауып, Жетішар хандығы құлағанда екеуі де өз туған жұрттарына оралып, болған оқиғаларды жазып қалдырған.
1864 жылы басталған Шығыс Түркістан халықтарының азаттық жолындағы әрекеттері Санкт-Петербург қаласындағы Шығыс қолжазбалары институтының қорында сақталып жатқан бірқатар шығыстүркістандық қолжазбаларда да өз бейнесін тапқан. Мысалы: Қажы Йусуфтың «Джам‘ ат-тауарих», Мухаммед Аламның «Қашғария тарихы», Махмұд-бектің «Йа‘құб-бек аталықтың тарихы» атты еңбегі, Мұхаммед Салих Йаркендидің «Ғазауат ал-муслимин» және т.б.
«Тарих-и амнийаның» кіріспе бөлімінде Моғолстан хандығының құрылуы суреттелген оқиғалардың деректік маңызын анықтауда бірқатар парсы тілді еңбектердің маңызы зор. Мұсылман тарихнамасында ерекше орынға ие Мырза Хайдар Дулатидың «Тарих-и Рашиди», Шах-Махмұд Чорастың «Тарихы», осы автордың «Анис ат-талибин», Махмұд ибн Валидың «Бахр ал-асрары», беймәлім автордың «Тарих-и Қашғар» атты тарихи шығармалары мысал бола алады.
Сондай-ақ диссертациялық жұмысты жазу барысында Қазақстан Республикасының Орталық Мемлекеттік мұрағатының (ҚРОММ) № 44 қорындағы «Журнал политических и военных событий на границе Семиреченской области с бывшим Западным Китаем за ноябрь месяц 1869 г.», «Занятие Илийского края. Журнал политических и военных событий по границе Семиреченской области за июнь месяц 1871 г.», «Обращение торгаутов к русским властям. Заговор против Якуб-бека. Журнал о политических и военных событиях по границе Семиреченской области за август и сентябрь- месяцы 1871 г.», «Налогооблажение. Торговля. Уничтожение скрывающихся китайцев Якуб-беком. Коканд и Джетышар», «Журнал политических и военных событий по границе Семиреченской области за апрель и май месяцы 1872 г.» атты мұрағаттық құжаттар қолданылды. № 267 қорындағы «О прибытии в г. Казалинск кашгарских послов, 30 сентября 1875 – 1 декабря 1875 г.» атты құжат та дерек ретінде қолданылды.
Осы топтағы деректерге саяхатшылар және елшілік қызметкерлерінің естеліктері енгізілді. Бұл еңбектерді де өз кезегінде екіге бөліп қарастыруды дұрыс деп таптық.
Біріншісіне – орыс саяхатшылыры мен елшілерінің еңбектері кіреді. Ресей саяхатшылары Шығыс Түркістан аймағына алғаш рет тек XIX ғасырдың орта шенінде өту мүмкіндігіне ие болды. Орыс саяхатшыларының арасында біздің тақырыпты зерттеуде қазақтың тұңғыш этнограф-ғалымы Ш.Ш. Уәлиханов еңбектері маңызды. Ол 1858 жылы мұсылман саудагері кейпінде Тянь-Шань арқылы Шығыс Түркістан өңіріне өтіп, елдің тарихы және этнографиясына қатысты құнды материалдар алып келді. Ш.Ш. Уәлихановтың «О состоянии Алтышара или шести восточных городов китайской провинции Нань-лу в 1858-1859 гг.» атты еңбегі аумақтың саяси-әлеуметтік жағдайын суреттеуде маңызды [34].
XIX ғасырдың екінші жартысында Шығыс Түркістанды зиярат еткен орыс саяхатшы ғалымдарының арасында Н.М. Пржевальскийдың [35] орны ерекше. Шығыс Түркістан аймағында өткізген төрт экспедициясының нәтижесінде жинаған құнды тарихи, этнографиялық және географиялық мәліметтері ғалымның баға жетпес ғылыми еңбектеріне негіз болды.
1876 жылы Қашғарияға сапар шеккен ресейлік зерттеушілердің ішінде А.Н. Куропаткинның еңбегінің маңызы зор. Әскери ғалым тарапынан осы сапарының есебі ретінде жазып шыққан «Кашгария» [36] атты атақты еңбегі осы күнге дейін оңтүстік Шығыс Түркістанның саяси-әлеуметтік құрылымын толық баяндаған бірден-бір дерек ретінде тарихшылардың қызығушылығын арттырады.
Бұл кезеңде Шығыс Түркістанда саяхатта болған орыс зерттеушілері М.В. Певцов, П.К. Козлов, В.И. Роборовский, Г.Е. Грумм-Гржимайлолардың [37] деректері де маңызды және диссертациялық жұмыста жан-жақты пайдаланылды.
Осы топқа кіргізілген екінші бөлімдегі еңбектер қатарын Батыс Еуропа елдерінен келген саяхатшы ғалымдардың, елшілердің жазып қалдырған деректері құрайды. Аталмыш кезеңде Ұлы Британия үкіметі де Шығыс Түркістанды Қытай және Ресей секілді екі ірі мемлекеттің арасында орналасқан стратегиялық маңызы зор буферлық аумақ деп таныды. Шығыс Түркістанмен шекаралас иелігі – Үндістан арқылы бұл өңірде қалыптасқан саяси жағдайларға өз әсерін тигізуді мақсат етті. Р. Шоу және Д. Форсайттар басқарған экпедициялар бірнеше рет Қашғарияға барып, қажетті мәліметтерді жинады. Осы сапарлардың нәтижесінде Шығыс Түркістанның оңтүстік аймақтары туралы жазылған еңбектер қатарын ағылшын зерттеушілерінің тарихи шығармалары толықтырды. Мысалы, Д. Форсайттың есептері [38], Р. Шоудың «Очерки верхней Татарии...» [39], доктор Х.У. Бельюдің «Кашмир и Кашгар» [40] атты еңбектері.
Орталық Азияның маңызды стратегиялық аумағына орналасқан Шығыс Түркістан және оған көршілес – Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан жерлері ежелден ақ көптеген шетелдер зерттеушілерінің қызығушылығын тудырып келген. XIX ғасырдың екінші жартысындағы Шығыс Түркістанның саяси-экономикалық тарихы жапониялық ғалым М. Хамада [41] және америкалық ғалым Дж. Милвардтың [42] еңбектерінде кеңінен қамтылған.
XIX ғасырдың соңы XX ғасырдың басында өмір сүріп, зерттеулер жүргізген Ресейлік шығыстанушы ғалымдардың еңбектері диссертациялық жұмыста кеңінен пайдаланылды. Әсіресе, деректану саласында қызмет еткен ғалымдардың көшбастаушыларынан В.В. Вельяминов-Зернов, В.В. Бартольд, Н.Н. Пантусов және басқа ғалымдардың еңбектері бүгінгі таңда библиографиялық құндылыққа айналған.
Зерттеу жұмысының хронологиялық шеңбері. Мұса Сайрами «Тарих-и амнийаның» негізгі бөлімдерінде XIX ғасырдың екінші жартысында болған оқиғаларды суреттейді. Сол себепті диссертациялық жұмыста негізінен XIX ғасырдың екінші жартысы қамтылады.
Зерттеу жұмысының теориялық-методологиялық негізі. Отанымыз егемендікке қол жеткізгелі, бұрынғы тоталитарлық жүйеде қалыптасқан идеологиядан бас тартып, төл тарихымызды жаңа көзқарастар негізінде зерттеу бүгінгі күн тарихшыларының алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі. Диссертациялық зерттеу негізінен объективтілік, тарихилықты сақтау негізінде жүргізілді. «Тарих-и амнийаның» дерек ретіндегі құндылығын анықтау мақсатында дерекпен жұмыс жасаудың негізгі түрлері: деректің пайда болу уақытын анықтау; деректің пайда болған жерін анықтау; дерек авторының атын анықтау; тарихи деректің әлеуметтік функцияларын айқындау сияқты деректанудың түрлі әдіс-тәсілдері пайдаланылды [1, 31-37 б.]. Дерек көзі мәліметтерінің шынайылығын айқындау мақсатында мәтіндік-салыстырмалы және тарихи салыстырмалы тәсілдер мен сыни талдау әдістері қолданылды, сонымен қатар тарихи оқиғалардың дамуын хронологиямен қабыстыру, жүйелілік басшылыққа алынды. Диссертациялық жұмысты дайындау барысында, сонымен қатар, келтірілген ақпараттардың толықтығы мен шындыққа жақындығын анықтау үшін деректанудың тарихи-салыстырмалы, құрлымдық-функциялық, синтетикалық және аналитикалық талдау, жинақтау мен қорыту әдістері басшылыққа алынды.
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. Мұса Сайрамидың «Тарих-и амнийа» шығармасы – Шығыс Түркістан халықтары тарихының дереккөзі ретінде деректанулық талдаудан өткізу барысында төмендегіндей ғылыми жаңалықтарға қол жеткізілді:
- Мұса Сайрамидың «Тарих-и амнийа» дереккөзі алғашы рет толық деректанулық талдаудан өткізіліп, Орталық Азия халықтарының тарихын зерттеудегі маңызы мен ерекшеліктері айқындалды;
- «Тарих-и амнийа» мәліметтерінің негізінде, жазба ескерткіш құнды деректерге толы тарихи-мәдени мұра ретінде көрсетілді;
- Отандық деректану ғылымында алғашы рет дерек көзінің Қазақстан тарихына тән мәліметтері түпнұсқадан қазақ тіліне аударылды;
- Жазба жәдігердің материалдарына сүйене отырып, Шығыс Түркістанның саяси құрылымы мен мемлекеттілік дәстүрі анықталды;
- Тарихи-салыстырмалы талдау жасау арқылы «Тарих-и амнийадан» алынған жаңа мәліметтер басқа ғылыми еңбектермен салыстырылып, тұңғыш рет ғылыми айналымға түсірілді;
- Әлемдік деректану ғылымында алғашы рет әлі ешкімге белгісіз болып келген Мұхаммед Йунустың естеліктерінен құралған жаңа қолжазба ғылыми айналымға енгізілді;
- Диссертациялық жұмыста «Тарих-и амнийаның» мәліметтері алғашы рет басқа жазба жәдігерлер деректерімен мәтіндік салыстыру жүргізу арқылы сарапталды;
- Біртұтас тарихи-мәдени ортаны құраған Қазақстан, Шығыс Түркістан, Өзбекстан, Қырғызстан аумақтарында қалыптасқан саяси жағдай «Тарих-и амнийа» дерек көзінің мәліметтері негізінде қайта қарастырылды;
- Дерек көзі мәліметтерінің көмегімен Шығыс Түркістан халықтарының мәдениетіне, географиясына, этнографиясына қатысты тың мәселелері анықталды;
- Жетішар хандығының басқа алып мемлекеттермен дипломатиялық қарым-қатынастары туралы оқиғаларды анықтау және суреттеу мақсатында «Тарих-и амнийаның» осы уақытқа дейін зерттеу объектісіне және ғылыми айналымға енбеген мәліметтері пайдаланылды.
Зерттеу жұмысының қолданбалық маңызы. Зерттеу жұмысының нәтижелері Орталық Азия және оның ажрамас бір бөлігі болған Шығыс Түркістанды мекендеген халықтар тарихы бойынша жүргізілетін ғылыми-зерттеу жобаларында пайдалануға болады. Сонымен қатар зерттеу жұмысының нәтижелері оқу бағдарламаларын құрастыруда, арнайы курстар бойынша лекция оқыған кезде көмекші құрал ретінде пайдалануға болады. Шағатай-түркі тілінен қазақ тіліне аударылған Қазақстан тарихына тән мәліметтері «Қазақстан тарихы», «Деректану» пәндері төңірегінде зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатқан ғалымдар үшін маңызды.
- Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар. «Тарих-и амнийа» бір тұтас тарихи-мәдени ортақтықты қамтыған Орталық Азия және оның бір бөлігі болған Шығыс Түркістанды мекендеген халықтардың өз ара байланыстарының тарихы туралы маңызды мәліметтер көзі болып табылады;
- ортақ тарихи-мәдени аймақта өмір сүрген түркі тілдес халықтардың тарихында орын алған оқиғалар бір-бірімен тығыз байланыста дамығандығын айғақтайды;
- ХІХ ғасырлық жазба ескерткіш тарихи, этнографиялық, мәдени және тілдік мұра болып табылады.
- Шығыс Түркістан және көршілес аймақтарды мекендеген халықтар тарихының құнды дереккөзі ретінде «Тарих-и амнийа» шығармасының құрылымы, деректік мазмұны, өзіне дейін жазылған тарихи жәдігерлерден айырмашылықтарына ғылыми сипаттама бере отырып, бүгінгі осы өңірді мекендеген халықтардың тілі мен дүниетанымы, шаруашылығы мен дәстүр-салтында ортақтастық пен түркілік сабақтастығы бары анықталды.
- Шығыс Түркістанның мемлекеттік-саяси құрылымы және қоғамдық дамуы Орта Азиялық жүйемен сабақтастығы осы шығарма негізінде суреттелген;
- «Тарих-и амнийа» дереккөзінің Қазақстан тарихына тән мағлұматтары алғашы рет түпнұсқадан қазақ тіліне аударылып, ғылыми түсініктемелерімен қосып дайындалды;
- «Тарих-и амнийаның» түпнұсқасы мен баспадан шыққан нұсқаларының ерекшеліктері мен ұқсастығы айқындалды;
- «Тарих-и амнийа» дереккөзінің Шығыс Түркістан халықтарының басқа мемлекеттермен орнатқан қарым-қатынастарын суреттейтін жаңа мәліметтерінің шынайылығы анықталды;
- Жазба жәдігерлері қатарын толықтыратын еңбек алғаш рет толық деректанулық талдаудан өте отырып, Қазақстан тарихы үшін құнды тарихи дерек болып табылатындығы дәлелденген.
Зерттеу жұмысының сыннан өтуі. Зерттеу жұмысының жалпы мазмұны бойынша алынған нәтижелері мен қорытындылары барлығы 9, оның ішінде ҚР Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті бекіткен тізімдегі басылымдарда 3 ғылыми мақала жарық көріп, халықаралық ғылыми конференцияларда 3 баяндамасы көпшілік назарына ұсынылса, өзге басылымдарда 3 мақала жарияланған.
Диссертация Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының Ұйғыртану орталығы тарих және этнология бөлімінде талқылынып, қорғауға ұсынылды.
Диссертациялық жұмыстың құрылымы. Зерттеу жұмысы кіріспеден, үш бөлімнен, қорытынды, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен және қосымшалардан тұрады.