Диссертация 2010 жылы тамыздың «27» күні сағат 14. 30-да Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті Р. Б.
Вид материала | Диссертация |
СодержаниеНегізгі бөлім |
- Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі білім және ғылым саласындағы бақылау, 846.05kb.
- Диссертация ның, 975.74kb.
- Диссертация 2007 жылы, 2204.72kb.
- Қазақ шаруаларын отырықшылыққа көшірудегі мемлекет саясаты (ХХ ғ. 20-30-шы жж.), 406.09kb.
- Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігі, 2688.62kb.
- Г. Н. Потанин және қазақ зиялылары: саяси және рухани көзқарастарды тарихи талдау >07., 944.02kb.
- Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі, 1990.59kb.
- Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым Министрлігі, 2670.73kb.
- Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі, 2889.34kb.
- Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі, 2199.79kb.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Диссертацияның кіріспе бөлімінде тақырыптың өзектілігі, зерттеу жұмысының нысаны мен пәні, тақырыптың зерттелу деңгейі анықталып, жұмыстың мақсаты мен міндеттері, деректік және теориялық-методологиялық негіздері мен ғылыми жаңалықтары көрсетілген.
Диссертацияның «Мұса Сайрами және оның «Тарих-и амнийа» атты тарихи шығармасы» деп аталатын бірінші тараудың бірінші бөлімінде XIX ғасырдың екінші жартысы XX ғасырдың басында жазылған «Тарих-и амнийа» дерек көзінің авторы Мұса Сайрамидың өмірі және шығармашылығы туралы айтылған.
«Тарих-и амнийа» қолжазбасының авторы туралы мәліметтер оның өз еңбегінде орын алған. Автордың толық есімі Молла Мұса ибн Молла Айса-қожа Сайрами. Әкесінің аты Молла Айса-қожа ибн Молла Әзізхан-қожа. Мұса Сайрами өзін Ұлы Хазірет Әлінің ұрпақтарына жатқызады және оған ата-бабаларынан мұраға қалған киелі шежірені дәлел ретінде «Тарих-и амнийада» толық жазып келтіреді. Бұл насаб-нама бойынша Молла Мұса өзінің Хазірет Әлінің ұлы Мұхаммед Ханафийа ұрпағына жататындығын көрсетеді [26, 518–519 бб.]. Мұса Сайрами Мұхаммед Ханафийаның 28 ұрпағы, Қожа Ахмет Йасауи да осы кісіден тараған. Орта Азия аумағында кейінгі кездері табылып ғылыми айналымға қосылған шежірелер Мұса Сайрамидің Қожа Ахмет Йасауиға жақын туыс екендігін дәлелдейді [43, 277 б.].
Дереккөзде сонымен қатар Мұса Сайрами арғы ата-бабаларының қазіргі Қазақстан территориясына орналасқан ежелгі Сайрам қаласынан келіп шығатынын айтады. Автордың өз мәліметтері бойынша, шамамен 200 жыл бұрын Жоңғар қоңтайшысы Сайрам қаласын қол астына кіргізеді. Қаладағы ықпалды үш ұлыстың атақты адамдарынан, әрбір ұлыстан 20 отбасынан барлығы 60 отбасыны өзімен бірге Ілеге көшіріп алып кетеді. Ілеге қоныстанған сайрамдықтар бұл жерде көп уақыт тұрмайды. Жаңадан келген билік өкілдері оларды Шығыс Түркістанның оңтүстік аумақтарына көшіреді. Мұса Сайрамидың айтуынша осыдан кейін сайрамдықтар келіп орналасқан жерін Сайрам деп атап кетеді [26, 515-518 бб.].
XX ғасырдың екінші жартысында Шыңжан ғалымдарының жан-жақты зерттеулері нәтижесінде автордың нақты туған жылы анықталады. Мұса Сайрами 1836 жылы Шығыс Түркістанның Ақсу облысына қарасты Бай ауданының Сайрам кентінде медресе ұстазының отбасында дүниеге келгені белгілі болды [20, 254 б.]. Әкесі Молла Айса-қожа ибн Молла Әзизхан-қожаның ықпалымен Мұса 7 жасында Сайрам медресесінен сауатын ашады. 1847 жылы 11 жасында Кучардағы «Сақсақ» медресесінде оқуын жалғастырады. Бұл медресе сол кездегі Шығыс Түркістандағы басты білім ордаларының бірі болған. Онда Молла Осман Ахуннан дәріс алған Мұса Сайрами Құран Кәрім, хадис, тарих, әдебиет, математика, астрономия пәндері бойынша дәріс алумен қатар араб, парсы тілдерін жетік меңгеріп шығады. Медреседе жеті жыл білім алып, 1854 жылы оқуын тәмамдайды.
Бұл кезеңде Шығыс Түркістан халқының Цин империясының үстемдігіне қарсы қожалар басшылық еткен ұлт-азаттық көтерілісі басталған болатын. 1864 жылы маусым айында басталған ұлт-азаттық қозғалыс Куча қаласында жеңіске жетіп, бірте-бірте Сайрам, Бай, Ақсу, Үш-Тұрпан қалалары басқыншылардан азат етіледі. Нәтижесінде сол жылы Куча хандығы құрылып, хан тағына Рашид ад-дин Қожа отырады. Мұса Сайрами осы қозғалысқа белсенді қатысып, батырлығымен, ержүректілігімен қоса ақылдылығымен, тапқырлығымен де көзге түсіп, қозғалыс басшыларының бірі Махмұд ад-дин қожаның кеңесшісі, мөр ұстаушысы қызметіне тағайындалады. Бұл туралы Мұса Сайрамидің «Тарих-и хамиди» шығармасында кеңірек айтылады [27, 232-233 бб.]. Кейінірек 1867 жылы Йақұб-бек Куча хандығын құлатып, қожаларды өзіне бағындырған кезде ол Йақұб-бек құрған Жетішаһар хандығы әкімшілігіндегі зекетші Мырза Бабабектің қол астында хатшы болып, Цин үкіметі қайта басып алғанға дейін 11 жыл қызмет атқарады. Йақұб-бек хандығы құлаған соң қалған өмірін шығармашылыққа арнаған Молла Мұса Сайрамидің «Тарих-и хамиди», «Тарих-и амнийа», «Тазкират ал-аулийа’», «Дар байан-и асхаб ал-Каһф», «Ғазалийат», «Салам-наме» сияқты тарихи еңбектері мен көркем шығармалары бар.
«Тарих-и амнийа» дерек көзі нұсқаларының ерекшеліктері» деп аталатын екінші бөлімде бүгінгі таңда РҒА Шығыстану институтының Санкт-Петербург қаласына орналасқан филиалының қолжазбалар қорында С 335 шифрымен сақталған қолжазба нұсқасы мен Н.Н. Пантусов басып шығарған нұсқасының ерекшеліктері анықталды.
Бұл дерек көздің бүгінгі таңда ғылыми айналымға екі қолжазбасы мәлім. Өкінішке орай, «Тарих-и амнийаның» Шыңжанда сақтаулы екінші қолжазба нұсқасының тағдыры беймәлім. Зерттеушілердің пікірінше «Тарих-и амнийаның» нақ осы нұсқасы автордың өз қолымен жазылған деген болжам бар [44].
Сондай-ақ, осы бөлімде шығарманың қандай себептерге бола «Тарих-и амнийа» деп аталғанын, жазылу себептері анықталды. Автор шығарманың атына «амнийа» сөзінің қосылуын құрамына араб тілінен аударғанда «қатерсіз, қауіпсіз, аман-есен болу», «сенімді болу» мәніндегі «аумин» сөзі кіретін Мұхаммед Аминбай-датқа ақсақалдың есімімен байланыстырады. Сонымен қатар, Мұса Сайрамидың айтуынша, «мен бұл кітапты жазған кезде Моғолстанның барлық қалаларында бүлік тоқтатылып, тыныштық орнаған. Сол үшін өз еңбегімді «Тарих-и амнийа» деп атадым» дейді. 1877 жылы Шығыс Түркістандағы ірі мұсылман хандығы – Жетішар мемлекеті Цин империясы тарапынан құлатылды. Жетішар мемлекеті құлатылып, Цин империясы өз билігін нақты орнатқанға дейінгі көшпелі кезеңде орталық биліктің әлсіздігінен елде ұрлық және тонау, адам өлтіру қатарлы заңсыздықтар өршіді. Кітап жазып аяқталынған 1903 жылы болса, жергілікті билік өкілдері елде қалыптасқан жағдайды шамалы реттеп, бақылауға алады. Елде аз болса да тыныштық орнығады. Бұл мысалдар кітаптың атын екі түрлі мағынада аударуға болатынын білдіреді. 1) «Мұхаммед Аминге арналған тарих». 2) «Тыныштық пен қауіпсіздік орнағанда жазылған тарих» [45, 33 б.]
«Тарих-и амнийаның» бірінші нұсқасы Ресей Ғылым Академиясы Шығыс қолжазбалар Институтының қорында С 335 шифрымен сақталған; көлемі – 302 парақ (604 бет), әр бетте 13–14 жолдан жазылған. Бұл нұсқа 1910 жылы Шығыс Түркістанда Молла Мұхаммад-Темір Қумули ибн Умар ибн Нұр-молла Тухта-Нийаз Қумули тарапынан көшірілген. Дерек көзі алғы сөз, кіріспе (муқаддима), екі тарау (дастан) және қорытындыдан (хатима) тұрады.
Қолжазбаның екінші нұсқасы Қытайдың Қоғамдық ғылымдар академиясы Ұлттарды зерттеу институтында сақталған. Шығарманың бұл нұсқасы туралы мәлімет 1957 жылы Шыңжанда жарық көрген «Ұйғыр классикалық әдебиеті қолжазбаларының каталогі» атты кітапта берілген. «Тарих-и амнийаның» бұл нұсқасын Ю. Мухлисов тарихи-әдеби шығарма деп таныстырады. Шығарманың көлемі – 166 бет, ұзындығы – 21 см., ені – 17, қалыңдығы – 2 см-ды құрайды.
Сонымен қатар, дерек көздің жоғарыда келтірілген нұсқаларының ұқсастықтары мен ерекшеліктері анықталды.
«Тарих-и амнийа» қолжазбасының дерек көздері» атты үшінші бөлімде еңбектің негізгі дерек көздері анықталып, «Тарих-и амнийаның» бұл дерек көздерге қаншалықты дәрежеде бағынышты екендігін айқындау мақсатында мәліметтер мәтіндік салыстырудан, талдаудан өткізілді. Мұса Сайрами шығыс тарихнамасының дәстүрлеріне сәйкес бұл еңбегінде адамзаттың пайда болу тарихынан бастап өзі өмір кешкен кезеңде болған оқиғаларға дейін баяндайды. Осыған орай, шығарманы бір-бірінен ерекшеленетін үлкен екі бөлімге бөліп қарауға болады: ол басқа авторлардың еңбектерінен құрастырып жазылған бөлім (компилятивная часть) және негізгі бөлім (оригинальная часть).
Жалпы сол кезеңде жазылған тарихи шығармалар деректердің басты үш түрі негізінде жазылған. Мұса Сайрамидың «Тарих-и амнийасы» да сол дәстүрді сақтаған. 1) өзінен бұрын өмір сүрген тарихшылардың еңбектерінен алынған мәліметтер; 2) автор өз көзімен көрген оқиғалар; 3) белгілі бір оқиғалардың куәгері болған адамдардан естігендері. Сонымен қатар, еңбекті жазып шығу барысында автор қосалқы деректердің бірнеше түрін пайдаланған. Мысалы: 1) халық ауыз әдебиеті үлгілері (аңыз, әпсаналар, мифологиялық элементтер, мақал-мәтелдер); 2) діни кітаптардан (Құран Кәрім, хадис) алынған үзінділер; 3) өлең үзінділері, дәйексөздер.
Бұл бөлімде Мирхондтың (1433–1498) «Раузат ас-сафа’», Мұхаммад Хайдар Дулатидың (1499–1551) «Тарих-и Рашиди», Молла Нийаз-Мұхаммад Қоқанидың (1802 ж. – қайтыс болған жылы белгісіз) «Тарих-и Шахрухи» шығармасы, «Тарих-и Қашғар» шығармаларының Қазақстан және Шығыс Түркістан халықтары тарихына қатысты мәліметтері «Тарих-и амнийа» деректерімен салыстырылады.
Бірінші тараудың төртінші бөлімінде Мұса Сайрамидың «Тарих-и амнийа» дерек көзінің жалпы сипаттамасы берілген. Мұса Сайрамидың «Тарих-и амнийа» дерек көзінің композициялық құрылымы алғы сөз, кіріспе, бірінші дастан, екінші дастан және қорытындыдан тұрады.
Шығармада негізінен ХІХ ғасырдың екінші жартысында Шығыс Түркістан тарихы баяндалғанымен, көршілес аймақтардың, атап айтқанда Қазақстанның, Ресей патшалығы, Орта Азия хандықтарының (Қоқан, Бұхара хандықтары) тарихы туралы да құнды мәліметтер: саяси, тарихи-мәдени байланыстары, осы өңірдегі ежелгі қалалардың тарихы туралы бағалы деректер келтірілген.
«Тарих-и амнийа» кіріспеден, екі бөлім (дастан) мен қорытындыдан тұрады. Кіріспеде Шығыс Түркістанның Нұх пайғамбардан бастап, ХІХ ғасырға дейінгі тарихы қамтылған. Бірінші дастанда Куча қозғалысы, Куча қожаларының Ақсу, Қашғар, Хотан, Тұрпан, Хами қалаларына жасаған жорықтары кеңінен суреттеледі. Екінші бөлім толығымен Йақұб-бектің Қашғарияда билік құрған кезіне арналған. Йақұп бек хандығының ішкі саясатын нақты сипаттаумен қатар сыртқы саясаты туралы да мәлімет келтіріледі. Атап айтқанда, Ресей патшалығының Орта Азия мен Қазақстанды жаулап алуы, Жетішаһар мемлекеті мен Ресей, Осман, Британ империяларының өзара дипломатиялық қарым-қатынастарын суреттейді. Қоқан хандығының ахуалы, тарихи-әлеуметтік жағдайы да назардан тыс қалмаған. Шығарманың осы бөлімінде Цин әскерлерінің 13 жыл бойы тәуелсіз мемлекет болған Шығыс Түркістанды екінші рет жаулап алғаны туралы баяндалады.
Қорытынды бөлімінде автор Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Қашғар, Йаркенд, Хотан, Үш-Тұрпан, Ақсу, Куча, Тұрпан және Хами сияқты ежелгі қалаларға географиялық шолу жасап, олардағы киелі жерлер туралы да мол мәлімет береді. Автор Шығыс Түркістандағы 28 мазардың пайда болуына байланысты аңыз-әңгімелерді келтіріп, бірқатарының нақты орналасқан жерін де көрсетеді.
Бұл тараудың соңғы бөлімі толығымен «Тарих-и амнийаның» Қазақстан тарихына қатысты мәліметтерін» талдауға арналады. «Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарламасы аясында жарық көрген «Қазақстан тарихы туралы түркі деректемелері» атты серияның 5 томында «Тарих-и амнийа» дерек көзінің Қазақстан тарихына тән мәліметтері шағатай тілінен қазақ тіліне аударылып жарық көрген. Диссертациялық жұмыста еңбектен алынған төрт үзіндіге деректанулық талдау жасалынған.
Бірінші үзінді «Тарих-и амнийаның» кіріспе бөлімінен алынып, мұнда XV ғасырдың ортасы, XVI ғасырдың бірінші жартысында билік құрып, оңтүстік-шығыс Қазақстан мен Қырғызстан, Шығыс Түркістан аумағын қамтыған Моғолстан мемлекетінің тарихына арналады. Мұса Сайрами Моғолстанның жағдайы және осы аймақта болған оқиғалар, Моғолстан аталуының себебі, бұл жерде кімдердің билік еткендігі, билік басындағы хандар шежіресі, бұл мемлекеттің қай кездерден ислам дінін қабылдағаны туралы құнды мәліметтерді жеткізеді.
«Тарих-и амнийадан» алынған екінші үзінді XIX ғасырда Қоқан хандығында өмір сүрген көрнекті қоғам қайраткері (кейінірек Қашғария билеушісі) – Мұхаммед Йақұб-бектің Ақмешітте әкім болған кезінде жасаған әрекеттері туралы деректерден құралған. Бұл үзіндіде «Тарих-и амнийаның» шығыс деректерінің басқа еш бірінде кездеспейтін бірегей мағлұматтарына талдау жасалынады. Осы оқиғаларға қатысты басқа зерттеушілердің еңбектеріндегі деректермен [46] салыстырылып «Тарих-и амнийа» мәліметтерінің шынайылық деңгейі тексеріледі.
Шығармадан алынған үшінші үзіндінің мазмұны XIX ғасырдың екінші жартысында Ресей империясының Орта Азия және Қазақстанның территориясында жүргізген жаулап алушылық саясатымен тығыз байланысты. Онда XIX ғасырда өмір сүрген, қыпшақ тайпасының Құлан руынан шыққан, Қоқан хандығының белді қоғам қайраткері – Мұсылманқұл-қыпшақтың ұлы Абд-и Рахман Афтабашы қыпшақтың [47] Қашғария билеушісі Йақұб-бекке жолдаған өтініші жөнінде ақпарат берілген.
Соңғы үзіндіде Оңтүстік Қазақстанның XVI ғасырдағы әлеуметтік-экономикалық тарихын зерттеуде маңызы зор шайбанилар әулетінен болған Ұбайдолла Сұлтанның жарлығы толығымен қазақ тіліне аударылған. Бұл құжат өңірді мекендеген халықтардың әлеуметтік таптарға бөлінуі, жерді иелену, өңдеу және суландыру мәселелері бойынша құнды мәліметтер жеткізеді. Жарлық Ұбайдолла Сұлтан тарапынан 1538–1539 жылдар аралығында жаздырылған болып, Мұса Сайрамидың арғы атасы Камал ад-дин шайхымға Сайрам (Қазақстандағы) түменінің жоғары рухани жетекшісі қызметін сойырғал ретінде бергендігі жөнінде хабарлайды.
Қорыта келгенде Мұса Сайрамидың «Тарих-и амнийа» дерек көзі мәліметтерінің маңызы өте зор. Олардың Қазақстан тарихын терең зерттеп, зерделеуде, деректанулық базаны кеңейтіп, жаңаша концептуалдық ұлттық тұрғыдан зерттеуге қомақты үлес қоса алады.
Диссертациялық жұмыстың «Тарих-и амнийа» қолжазбасының мәліметтері бойынша Шығыс Түркістанның саяси-әлеуметтік тарихы, әкімшілік құрылымы» атты екінші тараудың бірінші бөлімінде Мұса Сайрамидың мәліметтері негізінде Шығыс Түркістанның XIX ғасырдың екінші жартысындағы саяси тарихы зерттелген. Жалпы XIX ғасырдың екінші жартысында саяси ахуал көптеген елдер ғалымдарының қызығушылығын тудырып, зерттеу жұмыстарын жүргізуіне мұрындық болды. Бұл бөлім Шығыс Түркістан өңірінде шиеленіскен саяси ахуалдың қалыптасуы және көршілес Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан қатарлы елдерге тигізген әсерін талқылауға арналады. Барлық оқиғалар негізінен «Тарих-и амнийа» мағлұматтарын басқа шығыс дереккөздері және шет ел ғалымдарының еңбектерімен салыстырмалы түрде зерттеледі.
1864 жылы Шығыс Түркістанның барлық аумақтарына қанат жайған халық әрекеттері ең алғашыда Кучар қаласында басталады. Бірте-бірте оңтүстік аудандар мен Іле, Тарбағатай аймақтарына да таралады.
Мұса Сайрамидың «Тарих-и амнийа» дерек көзі негізінен Шығыс Түркістан және көршілес аймақтардың саяси тарихын суреттейтін еңбек болса да, өңірдің геогрфиялық орналасуы, бұл жерлерді мекендеген халықтың мәдениеті, этнографиясына қатысты маңызды мәліметтерді де көптеп кездестіруге болады.
«Жетішар хандығының басқа мемлекеттермен қарым-қатынас мәселелері «Тарих-и амнийа» дереккөзінің мәліметтері бойынша» атты үшінші тараудың «Жетішардың Ағылшын империясымен орнатқан дипломатиялық қатынастары» бөлімінде Орталық Азия ХІХ ғасырдың ортасында Ресей және Британ империясы секілді алып ірі мемлекеттер арасындағы саяси-экономикалық күрес туралы айтылады. Стратегиялық маңызды аймақтардан орын алған, көне дәуірден бастап Батыс пен Шығыстың ірі өркениеті арасындағы өзара белсенді-қарым-қатынасты орнатқан Ресей мен Қытай сияқты ұлы державалардың екі ортасында орналасқан Шығыс Түркістан үлкен саяси оқиғалардан тыс қалған емес.
ХІХ ғасырдың басында ағылшындар енді ғана Қашғарияға қызығушылық таныта бастаса, осы ғасырдың орта тұсында, Ресей патшалығы Орта Азия мен Қазақстанды өзіне қаратып, билігін жүргізе бастаған уақытта олардың қызығушылығы одан әрі арта түсті. Бұл оқиғалар ағылшындар жоспарлаған саяси-экономикалық экспансиясын одан әрі жүргізуге тырысқан әрекеттеріне кедергі жасады, сол себепті оларды бір батыл қадам жасауға итермеледі. Мәселен, Британдық басқару билігі географиялық зерттеулер арқылы және барлау жұмыстары арқылы ақпарат, мәлімет жинаудың жаңа жүйесін орнатты. Осы істе маңызды рөл атқарған барлаушылар – бандиттер болды. Бандиттерді негізінен жергілікті халықтың арасынан таңдап алып арнайы мектептерде міндетті түрде ортаазиялық диалектілерді, топографиялық істерді, ол жердің геодезиясын, картографиясын, тағы да басқа арнайы зат-бұйымдарын, қажеттіліктерін үйретіп отырды.
Ағылшындық миссиялар жүргізілді, Д. Форсайт басқарған экспедиция тек 1873 жылы Қашғария өңіріне аттану мүмкіндігіне ие болады. Д. Форсайт миссиясы Батыс пен Шығыс Түркістанның өзара байланысы тарихында маңызды орын алады. Мақсаты мен сипаты, өзіндік ерекшелігі мен алынған нәтижелері бойынша Д. Форсайттың екінші рет жасаған экспедициясы да (қыркүйек 1873 ж. – сәуір 1874 ж.) Орта Азияны зерттеу ісі материалдары ішінде құнды саналып, тарихтың алтын қорына енді.
Форсайттың Йақұб-бекке келген екінші миссиясы ағылшын-қашғар келісімшартына қол жеткізіп, қол қою рәсімімен біткен нәтижесімен маңызды. Отандық тарихнамада осы келісімшартты «сауда» мәмілегерлігі ретінде белгілеу орын алып келді. Алайда оның негізгі ережелерін байыпты талдау барысында бір мәселе айқын көрінеді. Келісімшарт саудаға ғана негізделмей, мазмұндық жағынан саяси сипатта болған. Келісімшартқа саяси сипатты баптардың енгізілуі Ұлыбританияның Йақұб-бек құрған мемлекетті тәуелсіз мемлекет ретінде танығандығын айғақтайды. Алайда ағылшын тарихнамасында бұл факті түбегейлі жоққа шығарылып келді.
Бірнеше уақыттардан кейін, Форсайт экспедициясы еліне оралғаннан кейін Йақұб-бектің жіберген елшісі ретінде Үндістанға Ахрар хан Төре келеді. Бұл сапар жөнінде Мұса Сайрами да сөз қозғайды. Оның мәліметтері бойынша «Йақұб-бек екінші рет ағылшын империясына Ахрар хан Төрені және Мұхаммед ханды құнды сый-сыяпатпен жіберген екен. Сый-сыяпат бірнеше күміс және алтын теңгелер болған. Басты мақсат – ағылшын ханшайымынан әскери қару-жарақтар мен қажеттіліктерді алу үміті болған. Олар 40 мың карабин мен наган алып келген. Сондай-ақ құнды шай тиелген 100 жылқы берілген. Барлығы 200 қап шай әкелінді, олардың әрқайсысында 100-ден Цзинь шайы бар» [26, 401 б.]. Мұса Сайрами ұсынып отырған мәліметтердің шынайылығын доктор Белью да мойындайды. Ол Форсайттың Қашғарға 1873 жылы жасаған екінші экспедициясының құрамында болған. Оның айтуы бойынша Форсайт Қашғардан Үндістанға қайта оралғаннан кейін, соның ішінде ағылшын-үнді әкімшілігі Калькуттаға келгеннен кейін Йақұб-бек Ахрар хан Төрені екі мемлекет арасындағы қарым-қатынасты нығайту мақсатында жібереді. Осы мәліметтерден байқайтынымыз Йақұб-бек Форсайтпен келіскен жүздесудің жүзеге аспауына кінәлі екенін мойындап толық ақталу үшін жасаған әрекеті деп тануға болады. «Тарих-и-амнийада» бұл Йақұб-бек тарапынан жасалған екінші дипломатиялық миссия деп көрсетілген. Себебі Мұса Сайрами осы оқиғалардың куәсі болған.
Англия Жетішарды тек стратегиялық маңызды аймақ ретінде ғана емес, сондай-ақ пайдалы қазбаның оңтайлы көзі ретінде де қызықтырғандығын айтып өткен жөн.
Сол аймақта орын алған жаңа саяси жағдайлар Шығыс Түркістанға қатысты Британ үкіметінің саяси әрекетінің бірқатар бағыттарын өзгертіп жіберді. 1876 жылы Ресей Патшалығы Қоқан хандығын болып бағындырғаннан кейін және манчжұр-қытай әскерінің батысқа қарқынды екпінмен бағытталуы нәтижесінде, 1877 жылы екінші рет Шығыс Түркістанды қайта басып алу салдары ағылшындар жоспарын жүзеге асырмады.
«Йақұб-бек мемлекеті әкімшілігінің Осман империясымен болған қарым-қатынастары» атты бөлімде осы кезде өмір сүрген, шығармашылықпен айналысқан жергілікті тарихшылардың бәрі өз еңбектерінде Жетішар мемлекеті мен Түрік сұлтандығы арасындағы байланыс пен арақатынастарға тоқталып, ол оқиғаларды зор ықыласпен баяндайды. Ғасырлар бойы бір-біріне үлкен сенім және үміт артқан діні бір, тілі бір түркі тілді халықтардың бірлігі де мұнда өз көрінісін тапқан.
«Жетішахар хандығының Ресей патшалығымен саяси, сауда-экономикалық байланыстары» атты бөлімінде Орталық Азия аймағындағы Ресейдің тұрақты бәсекелестері – ағылшындар өз іс-әрекеттерін белсендіре түскені туралы сөз болады. «Үлкен ойын» стратегиясын басшылыққа алып, Ресей Шығыс Түркістан жерінде орнығып алуға тырысады. Кейін оны Орталық Азияға қарай қозғалу үшін қажетті плацдарм ретінде пайдаланбақшы болады. Аймақ билігінен қол үзгеннен кейін алдағы жағдайдың одан әрі күрделене түсу мүмкіндігі орыс әкімшілігін заманға сәйкес қарқынды шаралар қабылдауға итермелейді. Шығыс Түркістан мен Ресей арасындағы саудалық-экономикалық байланысты қайтадан қалпына келтіру үшін Қашғария мен Жоңғарияның жаңа мұсылман билеушілерімен тіл табысып, байланыс орнатуға тура келеді.
Жетішар мемлекеті мен Ресейдің алғашқы байланыстарына қатысты оқиғаларды талдай келе, келесідей қорытынды жасауға болады: ресейліктер Цин империясымен жасасқан Шәуешек келісімінің шарттарын бұзбау үшін мемлекеттер арасындағы шекара желісін қайтадан қарастырудан бас тартады. Ресей Үкіметі қарым-қатынас дамуының бұл сатысында Жетішар мемлекетін ресми түрде мойындамай, мемлекеттер басшысы деңгейінде бұл жөнінде келіссөздер жүргізбейді. Ресей өкіметінің Жетішар мемлекетіне қатысты таңдалған басты бағыты жаңа саяси жағдай аясында сауда-экономикалық байланыстар қалыптастыру мәселесімен ұштасып жатты. Бұл Шығыс Түркістаннан келетін тауар ағымының тыйлымына орай қиын жағдайға душар болған Семей, Сергиополь, Қопал, Верный сияқты шекарадағы қалалар экономикасын тұрақтандыру қажеттілігінен туындаған болатын. Дегенмен, сауда-саттық қатынас мәселесі әлі де шешімін таппайды. Жетішар мемлекетін саяси тұрғыдан мойындау Ресей мен Цин империясы арақатынасына түсініспеушілік әкелуі мүмкін еді. Сондықтан да Ресей империясының үкіметі бейтараптықты ұстанғанын жөн көреді.
ҚОРЫТЫНДЫ
Тәуелсіз Қазақстанның сан ғасырлық тарихының әр белесін зерттеп, зерделеу үшін тарихи дерек көздерінің маңызы зор. Оларды деректану ғылымының талаптарына сай дұрыс талдай білсек, тарихымыздың жаңа беттерін шынайы зерттеуге жол ашамыз. Қазақстан сондай-ақ Орталық Азия халықтарының ХІХ ғ. екінші жартысындағы саяси-әлеуметтік, сауда-экономикалық, дипломатиялық тарихын зерттеуде Мұса Сайрамидың «Тарих-и амнийа» еңбегінің құндылығы мен маңызы жоғары.
Орталық Азия ежелден Еуропа мен Азияны байланыстыратын маңызды стратегиялық аймақ болып есептеледі. Бұл өңірді басып өтетін көне керуен жолдары байырғы замандардан осы жерлерді мекендеген қандас, бауырлас халықтардың өзара қарым-қатынас орнатуына жағдай жасаған. Сондықтан олардың сауда-саттық, тарихи, мәдени дамып өркендеуі бір-бірімен тығыз байланыста жүзеге асып келді. Сол себепті Орталық Азияны мекендеген халықтар тарихын бөлшектемей, біртұтас зерттеу қажет. Бұл аймақтағы түрлі тарихи оқиғалар ежелден-ақ көптеген елдердің зерттеушілерін қызықтырып келген еді. Олар көбінесе қытай, шетел зерттеушілерінің еңбектеріне сүйенген. Бұл орайда Орталық Азия халықтарының саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени өмірінің түрлі аспектілері жайында құнды деректерге бай, шығыс тілдерінде жазылған жергілікті авторлардың шығармалары назардан тыс қалған. Осы өлкеде өмір сүріп, тарихи кезеңдердегі түрлі өзгерістер мен жаңалықтарды көзбен көрген қаламгерлердің еңбектері негізгі дерек көзі болуы керектігі ескеріле бермеген. Осындай тарихи дереккөздерінің бірі – ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында жазылған Молла Мұса Сайрамидің ақпараттық маңызы жоғары «Тарих-и амнийа» атты тарихи шығармасы.
Мұса Сайрамидың «Тарих-и амнийа» атты тарихи еңбегіне деректанулық, мәтіндік талдау жасау негізінде жан-жақты зерттелді, мәліметтері деректанулық талдаудан өткізіліп, олардың шынайылығы мен толықтығын анықтап, басқа да құжаттармен салыстыру арқылы төмендегідей қорытындыға келдік:
- Мұса Сайрамидың «Тарих-и амнийа» дерек көзіне жалпы сипаттама берілді, автордың өмірі мен шығармашылығы қарастырылып, оның алатын орны мен атқарған рөлі анықталды. Мұса Сайрами еңбегін жазу барысында қолданған қосалқы дерек көздері анықталды, оларға мәтіндік-салыстырмалы талдау жасау арқылы Қазақстан тарихы бойынша мәліметтері айқындалып, шынайылығы мен толықтығы тексерілді.
- Зерттеу жұмысы барысында «Тарих-и амнийа» деректерінің шынайылығы мен объективтігін тексеру мақсатында көптеген қосымша дереккөздердің мәліметтері пайдаланылды. Олар мазмұнына және баяндалу формасына сәйкес бірнеше топтарға бөліп қарастырылды: 1) Осы кезең бойынша жазылған шығыс авторларының еңбектері; 2) Архив құжаттары; 3) Саяхатшылар және елшілік қызметкерлерінің естеліктері (мемуар); 4) Ғылыми әдебиеттер.
- Әлемдік деректану ғылымында алғашы рет әлі ешкімге белгілі болмаған Мұхаммед Йунустың естеліктерінен құралған жаңа қолжазба ғылыми айналымға енгізілді. Бұл Өзбекстан Республикасы Ғылым Академиясы жанындағы Абу Райхан Беруни ат. Шығыстану институты қорындағы 2011 шифрымен сақталған Мұхаммед Йунустың еңбегі. Ол шығарманы Өзбекстандық ғалым М. Құтлұқов кезінде Йақұб-бектің ағылшын империясына жолдаған хаттары деп сипаттаған. Еңбектің авторы және оның жалпы мазмұны туралы ешқандай мәлімет бермеген. Ізденуші 2008 жылы Өзбекстан Республикасы Ғылым Академиясы Шығыстану институтында ғылыми іс-сапар барысында осы қолжазбаның фотокөшірмесін алып, шығарма деректерін талдау барысында оның Йақұб-бек әкімшілігінде жоғары лауазымды қызмет атқарған Мұхаммед Йунус-датқаның жазғанын анықтады. Мұхаммед Йунус-датқаның еңбегі негізінен Йақұб-бектің Британ империясымен байланыстарын суреттейді. Йақұб-бектің Ағылшын ханшайымы Викторияға жіберген хаттары да кіргізілген. Жетішар мемлекеті Цин империясы тарапынан басып алынғаннан кейін Орта Азияға қайтып келген Мұхаммед Йунус-датқа өз басынан кешкен оқиғаларды естелік ретінде жазып қалдырған.
- «Тарих-и амнийа» дереккөзі біртұтас тарихи-мәдени орталықты құраған Орталық Азия және оның бір бөлігі болған Шығыс Түркістанды мекендеген халықтардың өзара байланыстары тарихы туралы жаңа да маңызды мәліметтер береді. Ғылыми айналымға енгізіліп отырған мәліметтер ортақ тарихи-мәдени аумақта өмір сүрген түркі тілдес халықтардың тарихында орын алған оқиғалар бір-бірімен тығыз байланыста дамығанын дәйектейді.
- Шығыс Түркістан және көршілес аймақтарды мекендеген халықтар тарихының құнды дереккөзі ретінде «Тарих-и амнийа» шығармасының құрлымы, деректік мазмұны, өзіне дейін жазылған тарихи жәдігерлерден айырмашылықтарына ғылыми сипаттама берілді.
- «Тарих-и амнийа» дерек көзінің Шығыс Түркістан халықтарының басқа мемлекеттермен орнатқан қарым-қатынастарын суреттейтін жаңа мәліметтерінің шынайылығы анықталды. «Тарих-и амнийа» дереккөзінің Қазақстан тарихы бойынша беретін мағлұматтары алғашы рет түпнұсқадан қазақ тіліне аударылып, ғылыми түсініктемелерімен қосып дайындалды.
Қорыта келгенде, Қазақстан мен Шығыс Түркістан, жалпы Орталық Азия халықтарының төл тарихын қайта жаңғыртып, саяси-әлеуметтік, дипломатиялық тарихын зерделеуде Мұса Сайрамидың «Тарих-и амнийа» еңбегінің құндылығы жоғары дерек көзі болып табылады.