Қазақстан республикасы бiлiм және ғылым министрлiгi
Вид материала | Документы |
- Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң мемлекеттiк қызмет стандарттарын, 650.15kb.
- Диссертация 2010 жылы тамыздың «27» күні сағат 14. 30-да Қазақстан Республикасы Білім, 486.04kb.
- Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі білім және ғылым саласындағы бақылау, 846.05kb.
- Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігі, 2688.62kb.
- Қазақ шаруаларын отырықшылыққа көшірудегі мемлекет саясаты (ХХ ғ. 20-30-шы жж.), 406.09kb.
- Диссертация ның, 975.74kb.
- Г. Н. Потанин және қазақ зиялылары: саяси және рухани көзқарастарды тарихи талдау >07., 944.02kb.
- Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі, 2199.79kb.
- Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі, 1990.59kb.
- Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым Министрлігі, 2670.73kb.
СӨЖ-на арналған тапсырмалар мен әдістемелік нұсқаулар
СӨЖ ның мақсаты: тақырып бойынша алған білімді толықтыру, талдап зерделеу және табыстар мен шығыстар есебі туралы теориялық білімін тәжірибе жүзінде бекіту.
Ұсынылған және өз беттеріңізше таңдап алған ғылыми әдебиет тізіміне сүйене отырып келесі сұрақтарға жауап беріңіз:
1. Пайда мен зиян есебі
2. Тақырып бойынша негізгі терминдерді анықтау (глоссарий дайындау)
4. Берілген есептерді шығарыңыз.
1-Есеп. Табысты орындалу пайызы әдісімен тану.
Компания көпір құрылысына 60 млн.теңгеге мәмілеге отырды. Көпір салуға кететін есептелген шығыстар сомасы 50 млн. теңгеге тең. Бірінші жылғы жұмыстарға 9 млн. тг жұмсалды. Компания орындалу пайызы әдісін қолданады. Компания құрылыс жүрген бірінші жылы табыс пен жалпы пайданың қанждай сомасын көрсетуі тиіс?
14-Тақырып: «Аудит негiздерi. Аудиттiң мәнi, пәнi мен әдiстерi»
Сабақтың мақсаты: Аудиттің мәнін, маңызын түсіну, аудиттің түрлерін білу, оның пайда болу себептерін түсіну.
Дәріс сұрақтары:
Аудиттің пайда болуы мен дамуы.
- Аудиттің мәні мен маңызы.
- Аудит түрлері.
Негізгі түсініктер: аудит, аудитор, аудиторлық фирма, ішкі аудит, сыртқы аудит, міндетті аудит, бастамашылық аудит
Дәрістің мазмұны:
Аудиттің бірнеше ғасырлық тарихы бар. Ең алғаш тәуелсіз аудиторлар ХІХ ғасырда Еуропаның акционерлік қоғамдарында пайда болған.
Аудиторлар институтының пайда болуы шаруашылық қызметінің дамуы себепті есеп ақпараты сапасын тәуелсіз бақылаудың деңгейіне қойылатын талаптың жоғарылағандығымен байланысты. Осыған жауап ретінде Англияда бақылаушылар (аудиторлар) институты пайда болады. Тарихта бұл институт жайлы 1299 жылы алғаш айтылады. «Аудит» терминінің түп тегі латын тілінің «auditor» сөзінен шыққан және сөзбе-сөз аударғанда «тыңдаушы» дегенді білдіреді. Мұның себебі, сол уақыттағы лауазымды тұлғалардың көпшілігі сауатсыз болғандықтан, жазбаша құжаттар емес, тексерілетін тұлғалардың ауызша берілген мәліметі тексерілген.
Ағылшын ғалымы Лоуренс Роберт Дикси (1864-1932) аудиттің анықтамасын тұңғыш идеологы мен теоретигі болып саналады. Ол 1882 жылы аудитті құжаттарды тексеру мен құндылықтарға түгендеу жасау негізінде бухгалтерлік баланстың дұрыстығы мен шынайылығын растау жұмысы деп дәл айқындап берген.
Кейіннен Р.Л. Диксидің тұжырымдары А.Т.Ватсон, В.Ф.Фостер, И.Ф.Шер, Р.Годдардың жұмыстарында жалғастырылды.
Осы ғылыми ізденістердің нәтижесінде шаруашылықпен айналысатын тұлғалардың психологиясы аудиттің пәні болып табылады деген көзқарас қалыптасады.
Р. Годдард талан – тараждың оннан тоғызы бухгалтерлердің кінәсынан болады деп санайды, ал Ватсон А.Т. бухгалтерге тән қателіктердің он бір түрін атап көрсеткен:
1) құндылықтар, әсіресе ақша уақытында кірістелмейді;
2) құжаттар уақытында рәсімделмейді;
3) ақша және материалдық шоттар бойынша қалдықтар жасанды ұлғайтылып көрсетіледі;
4) төлем ведомостарының қорытындылары жасанды ұлғайтылады;
5) бухгалтерге жақын тұлғалардың еңбек ақылары көтеріледі;
6) іс жүзінде жоқ адамдарға ақша жазылады;
7) жабдықтаушылармен келісу арқылы баға ұлғайтылып көрсетіледі;
8) Касса шотының жалған түрде кредиттелуі немесе жалған кредиторлық борыштың көрсетілуі;
9) жасанды ұлғайтылған сыйақыларды төлеу және оны алушымен бөлісу;
10) жасанды құжаттар жасау (әсіресе чектерді);
11) бір құжатты бірнеше рет төлеу.
Әрине, коммерциялық қылмыстың тізімі мұнымен шектелмейді, бірақ, олар бүгінгі таңда да өзекті болып табылады.
Аудит – бұл Қазақстан Республикасының заңнамаларымен бекітілген талаптарға сәйкес заңды тұлғалардың қаржылық есептіліктерінің сенімділігі мен шынайылығы жөнінде тәуелсіз пікір қалыптастыру мақсатында жүргізілетін тексеріс.
Аудиторлық қызметтің мәні – ол аудиторлардың немесе аудиторлық фирмалардың клиенттерге келесі қызметтерді ұсынуы бойынша кәсіпкерлік қызметі:
- қаржылық есептілікті, есептік – төлем құжаттамаларды тәуелсіз тексеру;
- кеңес беру;
- бухгалтерлік есепті жүргізу және оны қалпына келтіру;
- ұйымның активтері мен міндеттемелерін бағалау;
- салық декларациясын құру;
- шаруашылық – қаржылық қызметіне экономикалық талдау жасау;
- және тағы басқалары.
Аудиттің мақсаты – аудиторға қаржылық есептіліктің және оны құрудың бекітілген концептуалдық негізіне сәйкес, барлық маңызды аспектілері бойынша олардың әзірленуі туралы қорытынды жасауға (пікір қалыптастыруға) мүмкіндік беру болып табылады. Алайда, аудиттің мақсатына берілген әдеттегі анықтамаға қарамастан, іс жүзінде клиенттің аудиторға қойған талабы – аудиттің мақсаты болуы керек.
Аудиттің қажеттілігі қаржылық есептілікті пайдаланушылардың мүдделеріне негізделеді. Ақпаратты пайдаланушылар ішкі және сыртқы болып екі топқа бөлінетіні мәлім. Ішкі пайдаланушыларға дұрыс басқару шешімін қабылдауы үшін ешбір қатесіз және ауытқусыз шынайы қаржылық ақпарат қажет. Сонымен бірге, ұйымның қаржылық жағдайына сыртқы пайдаланушылар да өз мүдделеріне байланысты қызығушыылқ білдіреді. Аудиторлық қызметтің негізгі міндеті экономикалық субъектілердің қаржылық – шаруашылық қызметін реттейтін заңдылықтардың сақталуының сапалы тексерілуін қамтамасыз ету, бухгалтерлік есепті жүргізу, есептілік құру және ақпаратты пайдаланушыларды кәсіпорынның қаржылық жағдайы туралы ақпаратпен қамтамасыз ету болып табылады. Іскерлік ортада есеп мәліметтері аудиторлық қорытындымен расталмаған кәсіпкерлерге сенім аз болады.
Аудиттің мәнін, құрылу қағидаларын, ұйымдастырылу нысандарын, жүргізу әдістерін тереңдетіп зерттеу мақсатында оның жіктемесі жасалады. Аудит жіктемесі әдетте келесі белгілерге негізделеді: функционалдық сипаты, мақсаттылығы, мазмұны, объектілері, тексеру уақыты, түрі және әдістері бойынша. Дәстүрлі жіктемеге түрлері, субъектілері, жүргізу техникасына, нысаны мен әдістеріне қарай жіктеу жатады. (Кесте)
Кесте
Аудиттің жіктелуі
Жіктеу белгілері | ||||
Аудит субъектілері бойынша | Тағайындалуы бойынша | Заңнама талаптарына сәйкес | Аудитті жүргізу техникасына байланысты | Жүргізу кезектілігіне (мерзіміне) байланысты |
Жіктеу белгілерінің құрамдас бөліктері | ||||
Ішкі Сыртқы | Қаржылық есептілік аудиті Бекітілген критериилерге сәйкес келу аудиті Арнайы (экологиялық және т.б. аудит) | Міндетті, Бастамашылық | Құжаттар мен активтер инспекциясы Зерттеу Талдамалық есептеулер және тексерулер | Бастапқы Келісілген (қайталанушы) |
Ішкі аудит басқару есебінің маңызды ажырамас элементі болып табылады.
Аудиттің негізгі пайдаланушылары кісәпорынның, фирманың, компанияның ішінде болғандықтан ішкі аудит деп аталады. АҚШ ішкі аудиторлар институты ішкі аудитке келесі анықтама береді: «Кәсіпорынның өз мүддесі үшін өз жұмысын тексеруге және бағалауға арналған тәелсіз қызметі ішкі аудит болып табылады».
Сыртқы аудитті сыртқы тәуелсіз аудиторлар немесе аудиторлық фирмалар әр түрлі үйымдармен, олардың меншік нысанына және ведомстволық бағынушылығына қарамастан, келісім – шартқа тұру негізінде іске асырылады. Сыртқы аудиторлар ұсынатын ақпаратты пайдаланушыларға шаруашылық субъектісінің төлем қабылеттілігін тәуелсіз аудиторлық бағалауды қажет ететін банктер мен әр түрлі кредиторлар жатады. Екіншіден, кәсіпорынның мүліктік жағдайы және оның қаржылық – шаруашылық қызметі туралы мәліметті қажет ететін салық қызметі, қаржы полициясы тәрізді мемлекеттік билік және басқару органдары кіреді. Үшіншіден, сыртқы пайдаланушыларға биржалық операциялар қатысушылары жатады. Оларға кәсіпорынның қаржылық жағдайы туралы ақпарат қажет, өйткені, ол акцияның биржадағы бағасына тікелей әсер етеді және т.б.
Қаржылық есептілік аудиті – субъектінің қаржылық есептілігінің сенімділігі туралы аудиторлық қорытынды беру мақсатында тексеру жүргізу.
Бекітілген критерийлерге сәйкес келу аудиті кәсіпорында заңдылықтардың бекітілген шарттардың, ережелердің, нормалар мен нормативтердің сақталуына тексеріс жүргізу. Аудиттің бұл түрі көбінесе белгілі бір критерийлерді бекіткен органның талабы бойынша жүргізіледі.
Арнайы аудит - субъекті қызметінің кейбір жақтарын, олардың мемлекет алдындағы бекітілген нормалар мен міндеттемелерінің, белгілі бір процедуралардың орындалуын тексеру.
- Міндетті аудит – кәсіпорынның қаржылық есептілігін тексеру мақсатында сыртқы ұйымның талабы мен тапсырысы бойынша міндетті түрде жүргізілетін аудит.
ҚР «аудиторлық қызмет туралы» Заңына (№ 304-1, 20.11.1998ж.) сәйкес келесі үйымдарда міндетті аудит жүргізіледі:
- Банктер;
- Несиелік серіктестіктер;
- Банк операцияларының кейбір түрлерімен айналысатын ұйымдар;
- Табиғи монополия субъектілері;
- Шетел капиталы қатысатын кәсіпорындар;
- Сақтандыру ұйымдары және басқалары;
- Ұлттық компаниялар.
Бастамашылық аудит экономикалық субъектінің бастамасы бойынша аудитормен (аудиторлық фирмамен) келісім – шартқа тұру арқылы жүргізіледі. Мұндай тексерістің сипаты мен көлемін клиент анықтайды.
Аудит жіктемесінің келесі белгісі – аудитті жүргізу техникасына байланысты аудиторлық дәлелдеулерді жинақтаудың келесі тәсілдері бар:
Зерттеу – бұл бақыланатын объектінің тұрған жерінде нақты жағдайымен танысу арқылы жүргізілетін әдістемелік тәсіл. Ол мысалы, қойма шаруашылығының, өрт қауіпсіздігінің, еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасының және т.б. жағдайын тексеру мақсатында жүргізіледі.
Инспекция – бұл алғашқы құжаттар мен есеп тіркемелеріндегі бухгалтерлік жазулардың, қаржылық есептеменің толтырылу және құрастырылу дұрыстығы мен заңдылығын, сонымен бірге, ұйымның материалдық активтерінің сақталуы мен тиімді пайдаланылуын тексеру.
Талдамалық тексерулер – бұл кәсіпорынның қаржылық – шаруашылық қызметінің маңызды көрсеткіштерін ішкі резервтер мен ұйымның ары қарай даму перспективасын анықтау мақсатында бухгалтерлік құжаттар мен қаржылық есептіліктің, жедел, статистикалық және басқа да мәліметтер негізінде экономикалық талдаудың әдістерінің көмегімен жан жақты зерттеу.
Есептеулер – өз бетінше жекелеген көрсеткіштерді есептеп шығару арқылы бухгалтерлің құжаттардағы сандық жазулардың дәлдігін арифметикалық тексеру үшін қолданылады. Мысалы, Жинақ зейнетақы қорына аударымдардың, корпорациялық табыс салығы, жеке табыс салығы бойынша есептелген салық сомаларының дұрыстығын тексеру..
Алғашқы аудит – клиент үшін алғаш жүргізіліп отырған аудит. Аудиттің бұл түрі аудиттің тіуекелділігін және уақыт шығынын өсіреді. Өйткені, аудиторларда клиент қызметінің ерекшеліктері, оның ішкі бақылау жүйесі туралы қажетті ақпарат болмайды.
Келісілген (қайталанушы) аудит. Бұл аудитордың (аудиторлық фирманың) қайта өткізіп отырған немесе осы клиентке тұрақты жүргізілетін аудит түрі. Сондықтан аудитор клиент қызметінің ерекшеліктерін, оның бухгалтерлік есебінің оң және теріс жақтарымен жақсы таныс болады.
Қорытынды:
Аудит Қазақстан республикасы заңында белгіленген талаптарға сәйкес қаржылық есеп берудің дұрыстығы мен объективтілігі туралы пікір білдіру мақсатында заңды тұлғалардың қаржылық қорытынды есебін тексереді.
Аудиторлық қызметтің мәні қаржылық есеп беруді, төлем-есептеу құжаттамасын тәуелсіз тексеру, түрлі қызметтер мен кеңес бере, бухгалтерлік есеп жүргізу мен қалпына келтіру, ұйымның активтері мен міндеттемелерін бағалау, салық декларациясын толтыру, қаржы-шаруашылық қызметке экономикалық талдау жүргізу бойынша тұтынушыларға қызметтер ұсынатын аудиторлық фирмалардың, аудиторлардың кәсіпкерлік қызметі болып табылады.
Дәріске әдістемелік нұсқау:
- «Аудит негiздерi. Аудиттiң мәнi, пәнi мен әдiстерi» тақырыбын оқып зерттегеннен кейін тақырып бойынша негізгі түсініктердің тізімін құрыңыз (глоссарий).
- Материалды бекітуге арналған сұрақтарға жауап беріңіз.
- СӨЖ және СОӨЖ тапсырмаларын орындаңыздар
Ұсынылатын әдебиеттер:
- ҚР "Аудиторлық қызмет туралы" Заңы -20.11.98, 19.02.2007 жылғы өзгертулер және толықтырулармен;
- Кодекс этики аудиторов РК. Казахстанские стандарты по аудиту (под ред. С.Х. Кошкимбаева. Алматы, Каржы-Каражат, 1995).
- Абленов Д.О. “Аудит негіздері” Алматы, Экономика, 2005 ж
- Әжібаева З.Н., Байболтаева Н.Ә., Жұмағалиева Ж.Ғ. Аудит, Алматы 2006 ж.
- М.С. Ержанова, Аудит-1, Алматы, “Бастау” баспа үйі, 2005 ж.
Тақырыпты бекітуге арналған сұрақтар:
1. Қазақстанда тәуелсіз бақылаудың пайда болуы қай жылы көрініс тапты?
Қазақстанда алғашқы аудиторлық ұйым қай жылы құрылды және қалай деп аталды?
- Қазақстанда аудиттің пайда болуының объективті себептерін атаңыз?
- Қазақстанда аудиттің ары қарай дамуына себеп болған аудиторлық бақылаудың қандай артықшылықтарын атай аласыз?
- Заң бойынша аудит дегеніміз не және берген анықтамаңызға талдау жасаңыз.
- Мемлекеттік қаржылық бақылаудың аудиттен айырмашылығы неде?
- Аудиттің мәні мен мақсаты неде?
- Шетел әдебиеттерінде аудитке қандай анықтама беріледі?
- Аудиттің жіктелу белгілерін атаңыз.
- Ішкі және сыртқы аудиттің айырмашылығы неде?
- Міндетті және бастамашылық аудиттің мақсаты?
- Практикада аудиторлық бақылаудың қандай түрлері қолданылады?
Тақырыпты бекітуге арналған тестілік тапсырмалар:
- Аудиттің заңға негізделген түрлерін атаңыз:
А) Міндетті және бастамашылық;
В) Ерікті және еріксіз;
С) Ішінара және жаппай;
Д) Толық және толық емес;
Е) Бастапқы және соңғы
2. Бастамашылық аудит дегеніміз не
А) Кәсіпорынның қызметін екі тараптың келісімі бойынша тексеру
В) Бақыланатын объектінің қызмет жағдайымен танысу;
С) Бұл ревизорлық тексерістің бір түрі болып табылатын бақылау;
Д) Кәсіпорынның қызығушылығы мен оның жұмысын міндетті;
Е) Кәсіпорынның қызметін мемлекет тарапынан тексеру
3. Міндетті аудит дегеніміз не?
А) Кәсіпорынның қаржылық- шаруашылық қызметін басқа ұйымның тапсырысы немесе талабы бойынша міндетті түрде тексеру;
В) Кәсіпорынның қызығушылығы бойынша оның қызметін ерікті тексеру, бағалаудың тәуелсіз нысанда жүргізілетін түрі;
С) Меншік жағдайына тәуелсіз экономикалық субъектілердің қызметін тәуелсіз аудиторлардың тексеру әдістері;
Д) Кәсіпорынның қаржылық-шаруашылық қызметін екі жақтың келісім – шарты негізінде аудиторлық тексеру;
Е) Нақты уақытта объектінің қызмет жағдайымен танысу және оған арнайы қолданылатын әртүрлі әдістердің жиынтығы.
4. Аудит субъектісі бұл:
А) Тәуелсіз аудиторлар мен аудит фирмалары;
В)Салық инспекциясы;
С) Инвесторлар мен банктер;
Д) Тапсырыс берушілер;
Е) Тапсырушылар мен аудиторлық ұйымдар.
5. Кәсіпорында бірінші рет жүргізіліп отырған аудиторлық тексеріс түрі:
А) Алғашқы;
В) Сыртқы ;
С) Ішкі;
Д) Ерікті;
Е) Міндетті.
6. Аудиторлық тексерістің қалыптасқан негізгі кезеңдері:
А) Алдын-ала танысу, келісім– шартқа отыру жоспарлау, тексерісті жүргізу, есеп беру;
В) Кәсіпорынмен танысу, аудиторлық бағдарлама жасау, аудиторлық қорытынды жасау;
С) Танысу, ұйымның әрбір бөлімдеріне тексеріс жүргізу, аудиторлық қорытынды жасау;
Д) Келісім- шартқа отыру, тексерісті жүргізу, жоспарлау, аудиторлық қорытынды жасау;
Е) Негізгі құралдарды, ақша қаражаттарды, міндеттемелерді тексеру, қорытынды есеп беру
7. Сыртқы аудиттің объектісі:
А) Шаруашылық субъектілер;
В) Аудиторлық ұйымдар;
С) Аудиторлар;
Д) Жеке тұлғалар;
Е) Аудиторлар палатасы.
8. Ішкі аудит дегеніміз не?
А) Қалыптасқан ішкі бақылау жүйесі;
В) Жаппай бақылау кезінде пайда болады;
С) Ішінара бақылау кезінде пайда болады;
Д) Есептеу принципін сақтау;
Е) Сыртқы аудиттің ерекше түрі.
9. Кәсіпорынды тексергенде арифметикалық қатені тексеру қалай аталады?
А) Арифметикалық тексеру;
В) Қатені тексеру;
С) Геометриялық тексеру;
Д) Қатені жөндеу әдісі;
Е) Құжаттарды тексеру әдісі
Студенттердің өзіндік жұмысына арналған тапсырмалар мен әдістемелік нұсқаулар
СӨЖ ның мақсаты: тақырып бойынша алған білімді толықтыру, талдап зерделеу және аудит және оның қалыптасуы, аудиттің мәні мен мағызы, бақлау жүйесінде алатын орын туралы теориялық білімін толықтыру.
Ұсынылған және өз беттеріңізше таңдап алған ғылыми әдебиет тізіміне сүйене отырып келесі сұрақтарға жауап беріңіз:
1. Аудиттің пайда болу тарихы және дамуына баяндама жасаңыз.
2. Аудиттің Қазақстандағы дамуы туралы материалды толықтырыңыз.
3. Сыртқы және ішкі аудитке кестеде салыстырмалы сипаттама беріңіз.
15-Тақырып. Аудиттің нормативтік–құқықтық реттелуі. Аудит стандарттары мен аудитордың мамандық этикасы
Сабақтың мақсаты Қазақстандағы аудитті нормативтік реттеу құжаттарын зерттеп білу, «Аудиторлық қызмет туралы» Заңының құрылымы мен мазмұнын білу, әр түрлі экономикалық ситуацияларда заң талаптарын, қолдану аясын білу, аудит стандарттарының мәні мен маңызын, аудитордың мамандық этикасының қажеттілігін ұғыну.
Дәріс сұрақтары:
1. Аудиттің нормативтік реттелуі.
2. Қазақстандағы халықаралық аудит стандарттары
3. Аудиттің фирмаішілік стандарттары
4. Аудиттің мамандық этикасы
Негізгі түсініктер: аудит қағидалары, аудит стандарттары, жалпы стандарттар, жұмыс стандарттары, фирма ішілік стандарттар, аудиттің мамандық этикасы, кәсіби аудиторлардың этикалық Кодексі
Дәрістің мазмұны:
1. Аудиттің нормативтік реттелуі.
Аудиторлық тексеру нәтижелері маңызды басқару шешімдерін қабылдауға негіз болады. Сондықтан халықаралық тәжірбиеде аудиторлық қызмет тек кәсіби аудиторлық ұйымдармен ғана емес, сондай-ақ мемлекеттік масштабта реттеле алады.
Нормативтік-құқықтық реттеу дегеніміз- бұл, аудиторлық тексеру жүргізу объектісінің жұмыс істеуін заңда, нормативтік құжаттарда, ережелерде қарастырылған нормалар мен ережелерге қатысты зерттеу. Аудиторлық қызметті реттеуші негізгі нормативтік-құқықтық құжаттарға ҚР “Аудиторлық қызмет туралы” Заңымен қатар аудиторлық қызметке тікелей және жанама реттейтін заңдар (ҚР “Әкімшілік құқық бұзушылық туралы” Кодексі, ҚР Қылмыстық Кодексі, Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексі, ҚР-ның “Лицензиялау туралы” заңы ) және басқа да нормативті құжаттар жатады
“Аудиторлық қызмет туралы” заң Қазақстан Республикасында аудиторлық қызметті жүзеге асыру процессінде мемлекеттік органдардың, заңды және жеке тұлғалардың, аудиторлар мен аудиторлық ұйымдардың арасында туындайтын қатынастарды реттейді. Бұл заң Қазақстан Республикасында аудиторлық қызметті реттейтін бірінші денгейдегі құжаттарға жатады.
Заңдар мен нормативтік актілер қаржылық қорытынды есепке қатысы бойынша едәуір ажыратылады. Кейбір заңдар немесе нормативтік актілер субъектінің қаржылық қорытынды есебінің нысанын немесе мазмұнының, есепке алынуға тиісті сомаларды немесе қаржылық қорытынды есепте ашылып көрсетілуге тиісті ақпараттарды айқындайды. Басқа заңдар немесе нормативтік актілер субъект басшылығы тарапынан сақталуға тиісті, яғни, олар субъектіге өзінің қызметін жүзеге асыруға құқық беретін шарттарды белгілейді. Субъект қызметінің заңдар мен нормативтік актілерге сәйкес келмеуі айып пұл төлеу, сот процесстері және тағы сол сияқты қаржылық зардап шегуге алып келуі мүмкін.
Қазіргі кездегі басшылыққа алып жүрген заңнамалардың, атап айтқанда Қазақстан Республикасының “Азаматтық кодексінің”, “Әкімшілік құқықтық бұзушылық туралы” заңның, “Лицензиялау туралы” заңның, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің негізінде аудиторлар мен аудиторлық ұйымдардың жауапкершіліктерін бірнеше түрге бөлуге болады. Олар:
- Азаматтық-құқықтық
- Әкімшілік
- Қылмыстық
Аудиторлық ұйым клиенттің бухгалтерлік қорытынды есебінің барлық маңызды аспектілері бойынша олардың дұрыстығы (сенімділігі) жөнінде кәсіби пікірін құрастырғаны және оны білдіргені үшін жауап береді.
Кәсіби пікірін құрастыру және оны білдіру кезінде ол Қазақстан Республикасындағы аудиторлық қызметті реттеуші нормативтік құжаттардың талаптарын және аудиттің этикалық нормаларын басшылыққа алуға тиісті.
2. Қазақстандағы халықаралық аудит стандарттары
Стандарттарды аудиттің теориясы мен іс-тәжірбиесінде негізгі ережелер немесе аудиторлық процедураның принциптері деп ұғуға болады. Осы ереже минимумы аудиторға бақылау шараларының ауқымын, оларды жүргізу әдістерін анықтауға көмектеседі әрі аудиторлық қызметтің нәтижелерін бағалаудың өлшемдері болып табылады. Ол халықаралық нормативтердің талаптарына жауап беретін тиісті денгейдегі аудиторлық қызметке қолдау көрсетеді, аудиторларды өз білімдері мен біліктерін ұдайы жетілдіруге мәжбүрлейді, жекелеген аудиторлық ұйымдардың жұмыс сапасын салыстыруды қамтамасыз етеді, аудиторлардың жұмысын жеңілдетеді әрі оңтайландырады.
Аудиторлық қызмет заңнан басқа стандарттармен, нормалармен және постулаттармен реттеледі. Аудит стандарттары дегеніміз - аудитке қойылатын бірегей талаптарды және аудит өткізу тәртібін анықтаушы принциптерді белгілейтін нормативтік құжаттар.
Аудит стандарттарының маңызын төмендегілер айқындайды:
- жоғары сапалы аудиторлық тексеруді қамтамасыз етеді;
- аудит өткізудің барлық кезендері (сатылары) бойынша регламентті анықтайды;
- аудиторлық тексеру нәтижелері дұрыстығының құқықтық кепілдігін қамтамасыз етеді;
- Қазақстан аудиттің деңгейін көтереді және оны халықаралық экономикалық қатынастар саласында танымал етеді;
- аудит өткізу және оның нәтижелерін рәсімдеу мәселелеріне қатысты тәсілдерді, терминдерді, анықтамаларды, мәлеметтерді біз ізге салу міндеттерін шешеді;
- аудиторлық тексеру жүргізу іс-тәжірбиесінде жаңа ғылыми жетістіктерді енгізуге ықпал етеді;
- ақпаратты пайдаланушыларға аудиторлық тексеру жүргізу процесін түсінуге көмектеседі;
- кәсіптің қоғамдық беделін құрайды;
- мемлекет тарапынан бақылауды жояды;
- аудиторға клиенттермен келісөз жүргізуге көмектеседі;
- аудит өткізу процесінің жекелеген элементтерінің байланысын қамтамасыз етеді.
Жалпы стандарттар- аудитор алдында тұрған міндеттерді тиімді әрі кәсіби деңгейдегі орындауы үшін оның бойында болуға тиісті белгілі бір қасиеттер мен кәсіптік дәреже. (ол үшін әзірлік, кәсіби біліктілік, тәуелсіздік, әділдік, аудитті өткізу кезінде тиісті көніл бөлу талап етіледі).
Жұмыс стандарттар- аудиттің алдында тұрған міндеттерді (жоспарлау, көзбен шолып байқау және бақлау, дұрыс мәлеметтерді жинау және ішкі бақлау жүйесіне тиісінше зерттеу жүргізу және бағалау) орындау кезінде аудиторлар басшылыққа алатын ережелер
Қорытынды есеп және аудиторлық қорытынды жасау стандарттары- аудиторлық тексеру нәтижесі бойынша материалдардың нысаны, мазмұны, орналастырылуы және тапсырылуына қатысты стандарттар. Аудиторлық қорытынды қаржылық қорытынды есептің бухгалтерлік есеп талаптарына сәйкестігі көрсетілуі тиіс.
Жалпы халықаралық аудит стандарттарының баяндалу стилі хабарлай айту үлгісімен берілген және онда аудиторға бірнеше альтернативтік іс-әрекеттерді қарастыру жиі ұсынылатын көптеген мысалдар мен ұсыныстар қарастырылған.
Аудит стандарттары аудиттің сапасы мен сенімділігіне қойылатын нормативтік талаптарды анықтайды және тәуелсіздіктің, әділеттіліктің, кәсіби біліктіліктің, аудиторлық тексеру нәтижесі жөніндегі ақпараттардың құпиялығын сақтаудан белгіліенген деңгейін қамтамасыз етеді. Экономикалық реформалар механизімнің жетілдіруіне қарай аудиторлық стандарттарды уақыт талабына сай ету мақсатымен, оларды кезең сайын қайта қарап отыру қажет.
Республикамызда халықаралық бірлескен фирмалар қызметінің дамуына, сонымен бірге аудиторлық қызметтің аймақтарда енгізілуіне байланысты аудитті халықаралық масштабта үйлестіру қажеттілігі туындады. Тәжірибе көрсеткендей, аудиторлық қызметтің алыс және жақын (ТМД) шетелдердегі даму жолы бірдей, сондықтан аудиттің кезекті мәселелерін шешуші қандай-да бір елдің аудиторлық фирмалары оның методологиясына, ғылыми және практикалық маныздылығына көніл аударды және экономикалық құрылыстың ерекшеліктерін ескере отырып аудит стандарттарын жасайды.
Қазақстандағы «Халықаралық аудит стандарттары» нұсқасы бухгалтерлер мен аудиторлардың Еуразия аймақтық Халықаралық федерациясының шешімімен негіз етеп алу үшін ТМД елдеріне ұсынылған .
Тексеру жүргізу кезінде аудитор өзінің қызметін ел ішінде қабылданған стандарттардың көмегімен, ал кейбір жағдайларда - өзінің кәсіби тәжірбиесі мен түйсігінің көмегімен реттеуге тиісті.