«Коммунистік еңбек» 30 қараша 1989 жыл

Вид материалаДокументы

Содержание


Осы фильмнің қалай түсірілгені жайында тоқтала кетсеңіз?
Сол бірге жүрген, аралас – құралас болған уақытта Мұстафаның қандай қасиеттеріне қанық болдыңыз?
Осындай әсер алған сізге жақсы бір дүние түсіру аса қиынға соқпаған болар?
Фильмді неге «Барып қайт, балам, ауылға» деп атадыңыздар?
Подобный материал:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   18

«Мұнай тамшысындағы тағдырлар»


Белгілі кинорежиссер, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының, Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың лауреаты Қалила Омаровты біздің ойымызша білетін секілді, біраз жұрт ол түсірген фильмдерді тамашалап үлгерген секілді. Ия бұл күндері кім фильм түсірмей жатыр дейсің деп, дәл осы араға бәлендей мән берместен, сүйкей салды өте шығуға болар еді. Қазір елдің жағдайы жақсарды ғой, екі адамның бірінің жеке камерасы бар және анау-мынау емес, соноу Жапонияңыздың өзінен алғызады. Небір қитұрқы көріністерді таспаға тізеді. Немесе біреулерге ақшасын төлеттіріп-ақ отбасы жайлы кино түсіру түкке тұрмай қалды. Ал, Қалила Омаровты елден ерекшелейтініміз неліктен? Сыр өңірінің тумасы болғандықтан ба, Ленинградтан білім алып келгендіктен бе, әлде, көне тарихтың ақтаңдақ беттерін жадында сақтап, өткен мен бүгінгінің арасын безбендей білетіндіктен бе?.. Жә, Қалиланы елге танытқан сірә, бұлар да емес – ау.

Ол тумасынан зерек боп өскен жан еді дейтін тіркестің өзін осы күндері кез-келген пенденің адресіне келсін-келмесін жамай салатын болдық. Зерек боп өсуіне нендей жағдайлардың себеп болғандығын елеп жатпадық. Әкесі Нематулла ақсақал күллі Жаңақорған жұртына ескіше хат танитындығымен де, осы заманның беталыс-бағдарын тамыршыдай танып білетін көрегендігімен елге сыйлы азамат еді. Шыны керек, Қалиланың шариғат жолына түскендігін жан жүрегімен қалағанды. Қасиетті Құранды бар ынтасымен жаттайыншы десе де, Қалиланың есіл-дерті сыртта. Әлде балалығы ма, кім білсін, ауыл орталығындағы орташалау клуб экранындағы айқыш-ұйқыш сәуле себезгілеген киноленталар әлдеқайда тылсым күшімен күллі болмысын жаулап алған. Құран кітап жаттамай, қамсыз-мұңсыз кино көріп отырған достары қандай бақытты. Әне, Қалиланы қашанғы күзетеді, әке-шешесінің көздері сәл ілінісіп кеткен екен, жүгірмек Қалила терезенің кәсегінен сыртқа секіріп түсіп клубқа қарай тартар еді-ау. Жә, мұны да балалыққа жатқызайықшы. О, құданың құдіреті, бір қарағанда ұйықтап жатқандай, бірақ санасында басқа әлем,басқа құбылыс... Дария жағалауларының сидам сексеулдері ме, атақты Сауранның қыш кірпішті құлағалы тұрған қабырғалары ма-ау, әлде ескі қорғанның күмбездері ме-ау...әйтеуір, таусылмайтын елестер.Осыларды кино тілінде қалай сойлетсем екен дейді түбіт мұртты жігіт. Бұқарадағы Мир – Араб медресесінде тәлім алып, ауғаныстандағы Балх шаһарында атақты пірдің шәкірті болған үш жүзге аты мәлім Қалилаға жетінші ата болып келетін Айқожа ишанның тәлім-тәрбиесі бала шәкіртке бұйырмайын деп тұрма қалай?.. Қайдан оқып үлгергенін кім білсін, Қалилаға одан гөрі өнер жайлы әңгімелер қызық. Шеберліктерімен әлем жұртшылығын ауыздарына қаратқан Тарковский, Феллини түсірген фильмдер жайлы жазылған пікірлерді жатпай-тұрмай оқиды, Мәскеу кітапханаларынан тапсырыспен журналдар жаздырып алады. «Адам-ау бұл қайдан шыққан оқымысты, қармақты алысқа сілтейді, жүдә! Басқасы басқа, осы өңірден шығып күллі республикамыздың мақтанышына айналып үлгерген Манап Көкенов секілді ақын болып алса, сол да тақиясына тар келе алар ме екен?!Үлкен жерден білім аламын дейді, мына тұрған Қызылордаға жолағысы жоқ. Алысқа барғанда Қалила қожа келіп қалған екен деп жұрт жапатармағай мұны құрақ ұшып қарсы алып жатса жақсы ғой...» - ата-ана көңілі алаң әлденеден қауіптенеді. Ғұлама болады деген ұл үмітті үзетін сыңайлы.

Сонымен Қалила Омаров Ленинградтың мәдени-ағарту училищесінен бір-ақ шығады. Іргелі өнер мен әлемдік мәдениеттің алтын бесігіне айналған үлкен қала Қалиланың алдынан жаңа әрі теңдессіз мектеп ашады. Өзінің ептілігі мен еті тірілігінің арқасында атақ – даңқтарынан ат үркетіндей өнер адамдарымен аралас – құралас жүреді. Аузын ашса жүрегі көрінеді дейтіндей даладай кеңпейіл, көңілі құлаған нәрсеге барымен берілетін, ал кейде Қожанасырлау кейіп танытқан қазақтың қара домалақ баласына жанашырлық танытқан пенделер жетерлік еді.

Бұл кездейсоқтық дегенді қойсаңызшы! Дипломдық деректі фильміне тақырып іздеп басын тауға да, тасқа да соғып жүрген Қалила бірде Репин атындағы сурет академиясына соға кетеді. Академияның теңдессіз жәдігерлерін қайтып тауысарсыз?! Кез келген экспонаттың алдында еріксіз аялдайсыз. Аялдатады. Бірде, о, құдіретіңнен айналайын құдай шебер, мынау шынымен атақты Құрманғазының мүсіні ме?! Мүсін болғанда да тіпті ерекше. Құрманғазының абақтыдан қашып шығып, кең далаға сыймай, шерлі көкірегіндегі дүлей арпалысты сезімді үкілі домбырасымен ғана бөлісіп, сол арқылы ғана ұлы күйшінің жер басып жүргендігін аса тапқырлықпен дәлелдеп баққан мына мүсіннің енді авторын кезіктіргенді айтсаңшы! Оны кімнің қалай бағаларын кім білсін, Қалила шағын мүсіннің жанынан тырп ете алмай қалды.

Тақырып табылды деді ішінен. Алыста қалған атамекенді аңсады, ақселеулі даланы сағынды. Енді бұған қайтіп таңғалмассың, мүсін авторын шарқ ұрып іздеді. Ақыры тапты. Тауып берген Ленинградтық досы Ержан Абдуллаев. Табынсаңыз талантқа табыныңыз, сурет академиясының өзі құралпы студенті, қарағандылық Жаубасар Қалиев екеуі кейіннен арадан қыл өтпестей дос боп кетті. Ал шындығында Қалила Жаубасардың қолынан ондай шедевр туа қалады деп ойлаған жоқ. Дәл сол 1982 жылы Ленинградта дәстүрлі өтіп тұратын «Ақ түн» кинофестивалінде Омаровтың «Кісен ашқан» деректі фильмі 88 туындының арасынан топ жарып, бас жүлдені иеленбесі бар ма!

Кейіннен аталмыш оқу орынның институтын тәмәмдайды. Елге оралған соң да қарап отыра алмайды. Қалиланың тумасынан солай, дайын асқа тік қасық болуға жоқ, үнемі ізденіс үстінде жүреді. Және таптаурын жолды шиырлауға жаны қас, әутеуір қолға алған дүниесінің ішінен бір дән кезіксе екен дейді. Қазір көрерменнің де талғамы орасан. Сіздің экрандағы не айтпағыңызды ә дегеннен сезе қояды. Ал деректі фильм дегеніңіз бас-аяғы он-жиырма минут жетер-жетпес уақыт. Шебер екенсіз, осының ішіне бар айтпағыңызды сыйғыза біліңіз. Деректі фильм ұзақ сонар ертегіні көтермейді. Оның табан тірейтіні нақтылық. «Қазақтелефильмде» біраз жыл жемісті қызмет істеді. Дүлдүл айтыс ақыны Тәушен Әбуова өмірінен деректі фильм түсірді. Бірде-бір басы артық эпизод кіріктірген емес, тура өмірден ойып алғандай бас-аяғы тұтас туындыны көрермен талқысына ұсына білді. Жақсы қабылданды. Сан түрлі пікірлер айтылды. Аталмыш студия директоры Кәрім Танаев Қалиланың алғашқы туындысына қуанғаны соншалық, кейіннен де талай – талай тың тақырыптарды ұсынып жүрді.

Қалила Омаров деген сенбісің, - дегенді, бірде белгілі ғалым Рымғали Нұрғалиев ағасы, - «Тәушеніңді» көрдім, маған ұнады. Былжырақ дүниден қашып, халық көптен күтіп жүрген кәусары мол, танымдылығы жоғары туынды жасапсың. Жарайсың, бауырым, алған бетіңнен қайтпай дәл осындай жиырма фильм түсірсең, қазақ киносының нағыз классигі болғалы тұр екенсің...

Әрине, мақтау сөздің жан семіртетіндігі белгілі. Бар болғаны кішкене демеу ғана. Мен дуалы ауызға іліккен екенмін деп өзіңше болып – толып жүрсең ертеңгі күні өзің опық жейсің. Уақыттың босқа өткендігіне қынжылып, ақыр соңында бармақ тістейсің. Қалиланың досқа деген жүрегі адал болды, ана жылдары нарық қос өкпеден қысқанда, әсіресе, өнер адамдары өздерінжағалауға шығып қалған, керексіз адамдай сезінді ғой. Сондай ахуал мұның да басынан өткен, тіпті базарға барып арба да сүйреткісі келген. Баяғы «қанды көйлек» достары Әлжан, Жанболат, Қайназарлар Қалиланың қолынан тек кино түсіру керек екендігін байқап, назардан қағыс қалдырған емес.

Қалиланың бар ынта – шынтасымен кіріскені нәубет жылдардың тақырыбы болатын. Осы орайда бірнеше фильм түсірді. Халық жазушысы, айтулы ақын Мәриям Хакімжановавның портретін жасады. Ыбырай Алтынсариннің бәйбішесі Айғаныс әжейдің тізесіне отырып ертегі тыңдаған Мәриям апайдың тағдыры керемет оқиғаларға толы болатын. Материалдар да жеткілікті-тін . А.Байтұрсынов, Б.Майлин, С.Сейфуллиндермен табақтас болып, солардың шапағатына бөленген ақын ананың бейнесін жасау, мейлі мың жерден Ленинградтан оқу бітірсе де бұл тақырыпты игеріп кету кімге де оңай болмайтын еді. «Махаббат, қызық мол жылдар», «Дүкенбай жолы», Дәулет Тұрлықанов туралы деректі фильм, «Алаш арыстары»...

Бұл төңіректе Қалила ойын бізбен былай бөліседі: Туған жерім – алтын бесігім Жаңақорғаннан алып ұшқан жүрек арманға жетеледі, қанат қақтырды. Қаншама ақ жүрек адамдар кездесті, тәрбиеледі, еркелетті. Әлемді шарладым, кино түсірдім. Кезінде өз халқына өздері өгейлік танытқан қоғамның сайқал саясатын әшкерледім, солардың ойыншығына айналғандарды мүсіркедім. Ал қазақ ұлтының болашағы үшін өздерін құрбандыққа шалған асыл ағаларымыздың тектілігіне басымды идім, пір тұттым. Міне, қазақ кинодокументалистикасына қосқан бір тамшы үлесім – ақтаңдақ тарихтың парқын ажырату ғана болды...

Режиссер Қалила Омаров осы күндері қауырт жұмыс үстінде. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының тапсырысымен түсіріліп жатқан «Мұнай тамшысындағы тағдырлар» атты үш фильмнен тұратын деректі фильмді аяқтап қалды. Бір ғасырлық тарихы бар мұнайшылар өмірін арқау еткен дүние таяу күндері өз көрермендерімен қауышпақ. Ендеше, сәттілік тілейік Қалилаға!


«Нұр Астана» 13 қазан 2005


Мұнай тамшысына тұнған тарих


«Халық мұқтаждығына орай су көздерін, кен орындарын ашқан адамды қалай құрметтесе де лайықты». Бұл тәмсіл сөздер қасиетті Құранда да көрініс тапқан.

Өзекті жанның аңқасын қуыратын меңіреу сағым даладан ниеті мен пейіліне орай нәпақа тауып, бір дүйім елдің атағын шығарып, даңқын асырған қазақ топырағы әлі талай ұрпақтың несібесіне айналары хақ.

Өткен күннің белгісіне айналған қазақ мұнайының тарихы мол. Мұнай өнірумен қатар кешегі көшпелі өмір сүрген қазақ даласында ауыр өнеркәсіп жұмысшыларының, инженер – техник мамандарының да осы қасиетті салаға бет бұрысы басталды. Оның бәрі бүгінде тарих беттері болып қатталып қалды.

Өткен аптада «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының тапсырысы бойынша «Дос - Арт» дизайн студиясының базасында түсірілген «Мұнай тамшысындағы тағдырлар» деректі фильмдер циклының тұсаукесері болды. Әрқайсысы 26 минуттан тұратын үш фильмнің өн бойынан мұнай жөніндегі тарихи мұрамыздың мол екенін көреміз. Егемендікке қолымыз жеткен тұста өз тарихымызға өзіміз қожалық етіп, түзету енгізген тұстарымыз да фильмнің мақсат – мұраты болғандығы айқын байқалып тұр. «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы басшыларының өткен тарихқа мұқият қарап, алғашқы мұнай фонтаны алынған Қаршүңгілді Қазақстанда мұнай саласының етек жаюының бастауы деп қарауында да үлкен мән жатыр.

Жалпы, Қазақстанның, соның ішінде Атырау өңірінің экономикалық және әлеуметтік даму тарихында осы Қаршүңгілдің тұңғыш мұнай фонтанының маңызы зор. Ол Қазақстанның Ембі өңірінде мұнай іздеуге және мұнай өнеркәсібінің ғана емес, бұл өңірдің бүкіл өнеркәсібінің өркендеуіне де себепші болғаны аян. Мұнай өнеркәсібінің өркендеуіне байланысты жергілікті халықтың тұрмысына да үлкен өзгеріс енгізілді. Алдыңғы қатарлы прогресшіл идеяларды қолдаушы, отырықшы өмірде өндірісті орындарға бейім пролетариат қалыптасқандығы да фильмнің басты лейтмотиві болып алынған. Бұл күндері Ембі әлемнің әр түкпіріне мәлім. Оны әйгілеген, әрине, ең алдымен өлкедегі жер қойнауының қазба байлықтары. Өткен ғасырдың аяқталар тұсында Қарашүңгілден бастау алған мұнай тарихы қазіргі күнде алтын әріптермен қайта түзілуде. Мұнай көздерін ашуда, оның қалыпты жұмыстарын ұйымдастыруда жас мамандарды болашақ істерге жұмылдыруға тиісті орындармен қатар жергілікті мамандар да тартылғаны аян. Бұл шара ұзақ уақыт назардан тыс қалып келді. Кино түсірушілер осы олқылықтың орнын толтырып, оған бүгінгі көзі тірі қайраткерлерді тартып, фильмнің шынайлығын артыра түскен.

Мұнай Ембідегі үшінші кезең 1957-89 жылдар аралығы, тұзасты карбон қабатына мейлінше шабуыл басталған кезең болды. Қорытындысында алып кен орны – Теңіз кеніші дүниеге келді. Әрине, мұнай өндіруде бәрі оңай, қалыпты сипат алды десек нанымсыз болар еді. 1985 жылдың маусымында Теңіз кеішіндегі №37 ұңғымада 4209 метр тереңдіктен бұрғылау кезірде күтпеген жерден карбон – мұнай қабатынан тоғыз дюймдік колонна арқылы атқылаған мұнай – газ аралас қуатты фонтанның аяғы өртке айналып, үлкен әбігерлікке түскендігі шынайы мағлұмат берілген. Себепсіз салдар жоқ. Бұл жағдай тұз асты карбон мұнай – газ қабатының біртұтас екендігін, демек, бұл өңірде мол мұнай – газ қорының бар екендігін дәлелдеген оқиға болды.

Фильмнің мақсат – мұратынынан бұл өлкеде мұнайдың бар екендігі жергілікті халыққа ертеден-ақ бар болғанын байқаймыз. Мұны бұл жердегі мекендердің аттары Майқұдық, Жақсымай, Мұнайлы деп аталуынан-ақ дәлелдеуге болады. Халықтың айтуынша, халық емшілері ХYIII ғасырда науқас адамдарды мұнаймен емдеген көрінеді. Көшпелі халық жер бетіне шығып жатқан мұнайды шырақ жағу үшін де май шамына пайдаланыпты. Бұл фильмнің өткен тарихымыздан белгі берген шынайы штрихына саяды.

Қазақ мұнайының тарихы ғасырдан асады. Оның ілгерінді – кейінді тарихында ұлы өзгерістер де болды. Қазір мұнай айналасында үлкен саясаттар жүріп жатыр. Авторлар оған соқтықпай, мұнайшылардың кадрдан тыс өмірін көрсетуді алдына мақсат етіп қоюлары әбден құптарлық іс болған.

Маңғыстау мұнайының ашылу мен дамуы, сондай –ақ Жаңаөзен қаласында орын алған 1989 жылғы маусым оқиғаларының туу себептері тірі куәгерлерді арқылы шынайы сыр шертілген.

Жалпы бұл фильм кино – документалист, Қазақстан Жастар одағы және халықаралық Жамбыл сыйлықтарының лауреаты Қалила Омаровтың екі жылдық ізденістерінің нәтижесі.


Қазақ әдебиеті, №43, 28.10.2005ж.

Қара тамшыдағы «ақтаңдақтар»

Жуықта Алматыдағы Кино үйінде «Мұнай тамшысындағы тағдырлар» атты үш сериялы телефильмнің тұсаукесер рәсімі өтті.

Деректі фильмдер тым сирек түсірілетін болды. Түсіріле қалғанның өзінде оның көп назарына ұсынылуы сирек. Оның маңызына ешкім назар аударып жатпайды. Шынымен зейін қояр болсақ, деректі кино адам сырттай естіп жүрген, бірақ мәніне терең қанық емес жағдайларды көз алдыңызға тосады. Тарих пен жағырапияны, оларға қоса әлдебір мамандықтың оқулығын оқып отырғандай ынтықтырады.

Бірақ сол деректі дүниелерді түсірудің өз сыры бар. өйткені қазір даяр жалақы, дайын мүмкіндік жоқ. Камер табу мен лентаны монтаждаудан бастап бәрі ақылы істерге айналды. Бқрынң ақылың ғана жарайтын жерде енді аяғың да асыраушыға айналып кеткен. Сөйтіп, көрермен ынтасы суымаса да, түсірушілер әптігә басылайын деп тұрған шақта қажымайтын режиссер Халила Омаров пен шаршамайтын сценарист Қайнар Олжай «Мұнай тамшысындағы тағдырлар» атты үш сериялы фильмді ұсынды. Жеке-жеке екеуі де танымал тұлғаға айналған мамандар. Халиланың ұлы Мағжан айтыс өнерінің ақтаңгері Таушен, жазушы Дүкенбай туралы деректі фильмдері қазақ үшін ғана емес, қазақ әдебиеті үшін де керекті туындыларға айналғалы қашан. Қайнар Олжай да «Хабарда» қарап жатпай Қазақстанның 1917-1991 жылдар аралығын тұтас қамтитын «Бірінші» аталатын деректі фильмлер сериясын түсіріп шықты.

Деректі фильмдердің екі дүлділінің басы бұған дейін де қосылған. Осы жылдың жазында «Академик Нысанбаев» атты кино –портрет «Мир» телеарнасы арқылы қазақстандықтар назарына ұсынылды. Сол кино –портретті Қ. Олжай жазған сценарий бойынша Халила Омаров түсірген болатын. Ол бұған дейінгі телефильмдерден бөлек, тың ізденістерге толы туынды ретінде есте қалды. Бәлкім, екеуінің күш біріктіргені, бәлкім кейіпкердің өзінің пәлсапалық қуатының молдығы шығар, осы фильм кенересін керіп аққан көктемгі дала өзеніндей өй мен көрініске толы болды.

Сол шығармашылық бірліктің сәттілігі сергітсе керек, Халила мен Қайнар жаңа үш сериялы мұнай турасындағы деректі лентаны түсіріп шығыпты. Әрқайсысы отыз минуттық фильмдердің оқиға желісі тартымды. Кейіпкерлері бір – бірін дамытып, көрермендерді жетелеп отырады.

Авторлар тақырыпты қапысыз біледі. Мұнайды барлаудан бастап, өңдеу мен тасуға дейінгі үдерістерден толық хабардар. Әрі экранға кездейсоқ кездескен адамдарды емес, басынан қиындықтар мен қызықтарды, аяз бен шуақты қатар өткерген кейіпкерлерді таңдайды. Мұнайға қатысы бар оқиғалардың бәрін електен өкізген. Қазақстанның қара алтынын тасуға жегілетін танкерлердің суға түсірілу сәтін тарихта қалдыру көрінісін түсіру үшін соно –оу Санкт –Петербургқа сапар шексе, көне мұнай мұнараларының сұлбасын іздеп Доссорды кезеді. Кино көрермендері соның бәріне куә болып отырады.

Кең байтақ қазақ даласының жер астындағы байлығын алу оңайға соқпаған. Алдыңғы толқын талай қиындықты жеңген. Қазақ мұнайының маршалы іспетті Сәти Өтебаев бас болып, әлгі мұнай құбырымен кері жаққа су айдайды. Орталыққа қарай мұнай, одан кідірте тұрып, кері қарай су. Бұл жағдай Мәскеуге мәлім болады. Қаһарлы Кагановичке дейін жетеді. Сонда бұлар Доссорға дейін бөлек ауыз су құбыры салыну қажеттігін дәлелдеп шығады. Жанды шүберекке түйген деген осындай –ақ болар.

Осындай «ақтаңдақтарды» айғақтайтын фильмдер шынында деректі атауын – толығымен ақтайды.

Екінші серияда жер бетіндегі, қоғамдағы қысымды бақыламай уыстан шығарып алғандардың ақиқаты жайлысыр шертеді. Баршамыздың есімізде қалған Жаңаөзен дүрбелеңі куәгерлер сөзімен және сол уақыттың бейне көріністерімен қамтылған.

Ал, үшінші серия мұнайдың мол қоры табылған теңіз кенішін қалай тік тұрғызғандар туралы. Сол тұста Гурьев аталатын Атырау облысын басқарған Асқар Құлыбаевтан бастап тағы бірнеше кейіпкерлердің ұйқысыз түні мен күлкісіз күні көз алдыңызға келеді. Соның бәрі мол мұнайдың қамы екен. Ал, мұнай біртіндеп қалалардың келбетін жаңартты. Жапан даланы кесіп өтетін қалааралық жолдарды түзетті. Байланысты оңдады. Тұрмысты жақсартты, қоңдады. Тек соның бәрінің соңында адамдардың тағдыры тұрғанын ұмытпағанымыз абзал.

Қ. ЖАНБОТАҚЫЗЫ


«Айқын» 7 желтоқсан 2005 жыл


Мұстафа – батырлардың сарқыты еді


Елімізде спорт тақырыбына жазылған әдебиеттер аз емес. Өкінішке қарай, қазақты төрткүл дүниеге танытқан спортшыларымыздың өмірін бейнелейтін, жеңісті жолын дәріптейтін деректі дүниелер шамалы. Қайдағы жоқты үлкен экранға шығаруға құмар режиссерлеріміз спорт тақырыбына келгенде тосылып қалады. Бұл ретте біз санаулы фильмдерімізбен ғана мақтана аламыз. Солардың бірі – қазақтың тектілігін танытқан Мұстафа Өзтүрік туралы түсірілген «Барып қайт, балам, ауылға» фильмі. Біз бүгін осы фильмнің режиссері Қалила Омаровты әңгімеге тартқан едік.

Қалила аға, спорт тақырыбына немқұрайлы қарағандықтан ба, әлде өзге шарулармен қолдары босамағандықтан ба, әйтеуір көптеген режиссерлеріміз спорт саңлақтары жөнінде кино түсіруге құлшыныс таныта қоймайды. Ал сіздің осы салаға бет бұруына не түрткі болды?

Енді әркім жүрегі қалаған тақырыбын таңдайды ғой. Менің де өзіме ұнайтын салам бар. Көбінесе сол бағытта жұмыс істеймін. Тарқатып айтсақ, Мағжан, Міржақып, Жамбыл сынды тарихи тұлғалар жайында бірқатар деректі фильмдерді дүниеге әкеліп, ел ықыласына бөлендім. Ал «Барып қайт, балам, ауылға» фильміне келетін болсақ, мен кейіпкерімді тек спортшы ретінде ғана емес, басқа да қырынан көрсетуге тырыстым. Бұл менің түсіріп жүрген тақырыптарыма өте ұқсас. Өйткені Мұстафа әйгілі спортшы ғана емес, тарихи тұлға да.Мәселен, мен өз фильмдерімде ашаршылық кезінде, басқа да қилы заманда тағдыр тауқыметін тартып, шекара асқан қандастарымыздың өмірін бейнеледім.Мұстафаның ата – анасы да сондай жайтты басынан кешірді. Ол – қолдан жасалған содыр саясаттың құрбаны болған қазақтардың ұрпағы. Мұстафа арқылы мен тарыдай шашылған барша қандастарымыздың тағдырын көрсеткім келді.

Осы фильмнің қалай түсірілгені жайында тоқтала кетсеңіз?

1990 жылы Мағжан мен Міржақып отырған концлагерлерді іздеп, еш нәтиже шықпаған соң елге қайттым. Сол күні түс ауа «Қазақтелефильге» келсем, елдің барлығы дүрлігіп жүр. Баршаның айтатын әңгімесі «Алматыға әйгілі каратэші Брюс Лимен бірге жаттыққан қандасымыз Мұстафа Өзтүрік келе жатыр». Режиссер Тілеген Ахметов сол азамат жайында кино түсіремін деп жанталасып жүр екен. «Қазақтелефильм» киностудиясының директоры Кәрім Танаев мені шақырып алып: «Сен түсіріп жүрген тақырыпқа келіңкірейді. Тілеген екеуің бірігіп, жақсы бір деректі фильм түсіріңдер», деп табыстады. Содан біз бірден әуежайға тарттық. Сол жерден қонақтарды күтіп алдық. Мұстафа өзімен бірге бір топ шәкірттерін ала келіпті. Екеуі қазақ, қалғандары түріктер. Солармен бірге Алматы, Талдықорған, Жамбыл облыстарын араладық. Бір апта ішінде бір фильге жүк болатындай деректер жинап қайттық. Сөйтіп, «Барып қайт, балам, ауылға» фильмі дүниеге келді. Әуелде ол теледидардан көрсетілсе, іле – шала үлкен экранға жол тартты.

Сол бірге жүрген, аралас – құралас болған уақытта Мұстафаның қандай қасиеттеріне қанық болдыңыз?

Өркениетті мемлекетте өмір кешіп, дамыған елдің дәмін татса да, «Мұнда менің елім бар, жерім бар» деп ата- жұртын аңсап келген ұлын халық ерекше ықыласпен қарсы алды. Ол аралаған үлкен қалалар мен шағын ауылдарада жамағат оның аяғын жерге тигізбей көкке көтерді. Айтып айтпай не керек халықтың Мұстафаға деген ықыласы шексіз еді. Онымен қауышып, жүздесіп, тілдесіп қалуға талпынғандарда сан жоқ. Барған жерінде сый, барған жерінде құрмет. Бірақ Мұстафа қарапайым қалпынан айрылған жоқ. Тіптен «жеке саған», «игілігіңе жарат» деп жұрттың сыйға тартқан дүниелерінің өзін жергілікті халыққа үлестіріп беріп жатты. «Спорт залдары мен таэквондо үйірмесін ашыңдар, шәкірттер баулыңдар, олардың алаңсыз жаттығуына, жарысқа қатысуына жағдай жасаңдар», деп бәрін алған жеріне қалдырып кетті. Былай ойлап көрсем, сол қилы – қилы заманда көптеген қандастарымыздың ата- бабалары, туғандары жан – жаққа тарап кетті ғой. КСРО кезінде «шет елде туысым бар» десең басың бәлеге қалатын еді. Содан ешкімде тіс жарып, жаңағыдай мәселені айтпайтын. Сол халық Мұстафаны көргенде өздерінің тағдыр тәлкегіне ұшыраған ет жақын адамдарын естеріне түсірсе керек, әйтеуір онымен жылап көріспегендері сирек. Бүкіл бір халықтың, тұтас бір ұлттың тағдыры ғой, бұл.

Осындай әсер алған сізге жақсы бір дүние түсіру аса қиынға соқпаған болар?

Енді шамамыз жеткенше кино түсірдік қой. Негізінен, маған Мұстафаны спорттық жетістігінен гөрі, атамекенін аңсап, ата жұртына оралған азамат ретінде көрсету қажет болды. Әсіресе, трагедиялық жағын иолынан қамту керек еді. Кеңестер одағын жерден алып, жерге сала ма деген оймен алдын ала әзірлеген сұрақтарды қойғам. Бірақ Мұстафаның аузынан өзім күткен жауапты ести алмадым. Ол маған: «Өткенді жамандауға болмайды. Ащы болса да, қасірет пен қайғы ға толы болса да, ол – біздің тарихымыз» - деп кесіп айтты. Міне, бұл да азаматтықтың белгісі емес пе?!

Фильмді неге «Барып қайт, балам, ауылға» деп атадыңыздар?

Мұстафаның бұл сапарында қасында Иманғали Тасмағанбетов, Тұңғышбай Жаманқұлов, Талғат Теменов, Досхан Жолжақсынов сынды азаматтар болды. Әр кездесу барысында Тұңғышбай ағамыз өзінің қоңыр даусымен сазгер Темірәлі Бақтыгереевтің «Барып қайт, балам, ауылға» әнін шырқағанда бүкіл халық жылап тұрып тыңдайтын. Соның әсері болса керек, осы әннің атауын таңдап алдық.