«Коммунистік еңбек» 30 қараша 1989 жыл
Вид материала | Документы |
СодержаниеСіз туралы белгілі сатирик Доқтырхан Тұрлыбек «Қалила Қожаның хикаялары» деген кітап жазған екен.Ішіндегі әңгімелерге қарап, сіз Гүлнар Ахметова Мәңгілікке бет алған аманат Назымбек Боқаевтың |
- Конституционная реформа в России (1989-1993г.), 376.36kb.
- Руководство по борьбе с насилием в семье, 126.99kb.
- Дацышен Владимир Григорьевич доктор исторических наук (2001), профессор кгпу. В 1989, 206.68kb.
- Учебного заведения и его местонахождение, 70.52kb.
- Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің бұйрығы, 7507.09kb.
- 1989 Kotenkova E. V., Osadchuk A. V., Lyalyukhina S. I precopulatory isolating mechanism, 207.56kb.
- Антропогендi фактор, 77.88kb.
- М. Әуезовтың «Абай жолы» романы, 152.68kb.
- Гаагская декларация по туризму межпарламентская конференция по туризму проведена, 355.3kb.
- Бюллетень новых поступлений, 1337.31kb.
Сізді деректі киноның қазанында әбден қайнаған білікті режиссер десек, көпекөрнеу мақтағандық болмас, ал әріптесіңіздің арасында сізге жететін, өзіңізбен үзеңгі қағыстыра алатындар бар ма?
Ойбай-ау, маған жететінің не, мен жете алмай жүрген режиссерлар бар! Соның бірі – өзіме көп жәрдем берген ұстазым Сергей Әзімов. Қазір «Қазақфильм» ұлттық киностудиясының бас директоры. «Аралдың проблемасын жоқтау» деген деректі фильмі арқылы Аралдың мүшкіл жағдайын бүкіл дүниежүзіне әйгілеп берді. Ұлттық болмысты әлемдік деңгейде көрсете білетін дарынды маман. Сергей Әзімов – деректі киноның генералы. Ағам ретінде құрмет тұтам, еліктегім келеді. Сондай-ақ Бақыт Ғафу деген жігіт бар, ақын Ғафу Қайырбековтың баласы. Ертедегі түрік дәуірінің тұрмыс – тіршілігін бейнелейтін кино түсірді. Құдды өзі сол дәуірден келгендей, шынайы шыққан. Мен таңқалам соған. Бұл оның өте білімді, көзқарасының кеңдігін көрсетеді. Осы екеуінің дүниелері бүкіл әлемге түсінкті шығады. Өзім мойындаймын, менің киноларым, көбінесе тек қазақ халқына ғана түсінікті. Қызу қандылығым өз алдыма, кейде оңға, кейде солға бұрылып кетем. Сондықтан олардың дарынды туындыларын көргенде, еріксіз мойындарсыз. Шіркін, солай түсірсем дейсің. Деректі кино өміріне Мәлік Якшымбетов, Рымбек Әлпиев көп еңбек сіңіріп жүр. Жастардан Әсет Ерназаровтан үлкен үміт күтем. Жәнібек Жетіруов таланты да, білімі де жеткілікті жігіттің бірі. Осындай азаматтар жұмылып жұмыс істесе деректі киномыз алға баса береді деп ойлаймын.
«Дүкенбай жол»: Мұхтар Әлиев - Дүкенбай деген өзі қарапайым кісі, жайлап, майдалап сөйлейді. Кітаптарының барлығын оқысаң өте ауыр, сондай тілді. Қазақтың нағыз тілшісі деп айтар едім. Осы тілге келгенде алдына жан салмайтын бұның барлығы күні – түні жұмыс істеген еңбекқорлығы. Барлық ойлары түнде келетін сияқты жазушылар үшін».
«Дүкенбай жол» дегенде туындының атауына байланысты бір сауал еріксіз көлденең шығады. «Абай жолы» деп Мұхаң айтып кеткен еді ғой, ұлы жазушының сөзіне неге жармасасын? – деп өкпе ренішін жеткізгендер де табылды деседі.
Фильмге әуелі «Дүкенбай Досжан» деп ат қойғанбыз. Түсіру барысында осылай өзгерттік. Рас. Ренжігендер болды. Бірақ оларға Мұхаңның әруағы маған ренжи қоймас деп жауап бердим...
«Дүкенбай жолы»: Әбіш Кекілбаев – ол кезде мен КазГУ-дің филология факультетінде оқып жүргенмін. Қызылорда қаласынан келген қыздың баласындай әдемі жігіттің мөлдіретіп жазған тұңғыш жырын оқығандардың бірімін. Дүкенбайдың шығармашылық жолы маған әбден аян. Ол жол – іздемпаздылықтың жолы, ыждахаттық еңбектің жолы, қанағатсыздықтан туған қарымдылық арқылы жеткен табыстардың жолы.
Жарайды, біз жол деп дабырлатпайық. Жазушының тағылымы мол жолын түсірген режиссер Қалиланың өнердегі сүрлеуі қайдан бастау алады? Келешек Ізденістер мен арман мақсаттары қандай?
Мен бала кезімде журналист болуды армандағам. Тургеневтің, Достоевскийдің шығармаларын оқып, шіркін, Ленинградқа барсам, көрсем деп қиялдайтынмын.15 жасымда үйден қашып, пойызға отырып, ұсталып, Ақтөбедегі балалар приютінде 10 күн жаттым. Кейін Ленинградта оқыдым, алайда журналистикаға жетпей, кино кеңістігіне күмп еттім. Бірақ еш өкінбеймін, өзімді бақытты санаймын. Әр бір дүнием жұрт көңілінен шығып жатса, мен үшін содан артық бақыт жоқ. Себебі, өмірдегі құбылыстарға көз қарасымды киноларым арқылы білдіремін. Болдым – толдым, осымен шектелемін демейін.
Шығармашылығыма байланысты арман – мақсатым таудай. Абылай хан, Кенесары бейнелерін қыл қаламмен салған суретші Жұмахан Қайранбаев туралы киноны бастап қойдық. Маған қамқоршы болып, көп тәрбие берген Мұса Рахымбердиев жайлы деректер жинадым. Шер ағаң, Фариза ақын, Әбіш Кекілбаев сынды ірі тұлғаларды киноға түсіргім келеді.
Сіз туралы белгілі сатирик Доқтырхан Тұрлыбек «Қалила Қожаның хикаялары» деген кітап жазған екен.Ішіндегі әңгімелерге қарап, сізді Қожанасырға балайтын сияқты ма...
Бұл кітаптағы әңгімелердің 99 пайызы шындық. Бір ауыз сөздердің кей кездері көп нәрсені шешіп кететіні болады. Кітапта көбіне сондай оқиғалар суреттелген. Түсірген киноларыма қарап жұрт мені сұсты, қатал деп ойлайды. Доқтырхан Тұрлыбектің кітабы осы пікірді жоққа шығарады.
Гүлнар Ахметова
«Алматы ақшамы» 19 маусым 2003
Алматының су бұрқақтары
Қуаныш Омаров – Оңтүстік астананың Әуезов ауданындағыф № 141 қазақ орта мектебінің 9 сыныбын бітірді. Жас болсча да айналасына ойлы көзбен қарай біледі, сұлулықты сезіне алады. Оған мына суреттері тамаша дәлел. Әрине қуаныштың осындай көзіне оттай басылған дүние тылсымын дәл тауып, суретке түсіріп алуына әкесі , белгілі кинорежиссер Қалила Омаровтың ықпалы болғаны сезіліп тұр. Дегенмен де қоршаған ортаның, табиғат құбылыстарымен адамдар құпиясының ғажайып сырына көңіл көзімен үңіле білу үшін де әлдеқандай туа бітті қасиет керек. Оның балаң Қуаныштың жан дүниесінде бар екенін байқай отырып, тырнақ алды суреттерін назарларыңызға ұсынып отырмыз.
«Қазақтелефильм» студисының кинорежиссері, Қазақстан Кинематографистер Одағының мүшесі, Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының лауреаты, Халықаралық Жамбыл Сыйлығының лауреаты
Қалила Омаровтың
шығармашылық мінездемесі
Қалила Омаров – 39 жаста. Үйленген. Екі ұл, екі қыз тәрбиелеп отырған үлгілі отбасы иесі.
Қ.Омаров 1978-84 жылдар арасында Ленинград қаласында алдымен Ленинград мәдени – ағарту училищесінің кино-фото факультетін, содан соң ленинград Мемлекеттік Мәдениет институтында оқыған. Қ.Омаровтың кино суреткерлік қолтаңбасы оның алғашқы тұсау кесер туындысынан-ақ таңылды.
1982 жылы Құрманғазы образын сомдаған «Кісен ашқан» (Воплощение) А.М.Горький атындағы Ленинград ғалымдар үйінің «Альфа» киностудьясының базасында түсірілген дипломдық фильмі дәстүрлі «Белые ночи-82» кинофестивальінде 88 қысқаметражды фильмдер арасынан бас бәйгені жеңіп алса, Таллин, Москва қалаларында КСРО-ның 60 жылдығына арналған кино байқаулардың арнаулы жүлделерін иеленді.
Қ.Омаровтың шығармашылы бастауы оның студент кезінде Ленинградтық кинодокументалистиканың майталман шебері В.Гориннің мектебінен өтсе, ал, республикамызда белгілі кинорежиссерлер, Қазақстанның Халық әртісі Т.Ибраев пен М.Якшимбетов және белгілі кинодраматург К.Танаевтардан тәлім – тәрбие алды.
1987 жылдан бері «Қазақтелефильм» студиясында табан аудармай жемісті де, табысты еңбек етіп келеді. Талантты режиссер өзінің «Тәушен», «Атамекен», «Замана шеру», «Мағжан», «Нәубет» деректі фильмдері үшін 1992 жылы Қазақстанныңғ Жастар Одағы сыйлығының лауреаты атанды. Ал енді «Міржақыптың оралуы», «Алаш туралы сөз» фильмдері қалың жұртшылық тарапынан да, өнертанушылар тарапынан да зор ықыласқа бөленіп, аса жоғары бағаланды.
Әсіресе, Қалила Омаровтың тек өзіне ғана тән, оны өзге кинодокументалистерден ерекшелендіріп тұратын екі қасиетін атап өткен жөн. Біріншісі – режиссердің тақырып таңдаудағы аса талғампаздығы. Қ.Омаров бұл орайда ұлттық тарихымызда аз зерттелген, әлі жүйеге түсе қоймаған қиын да, күрделі тақырыптарды мейліншге жан – жақты ашып, оның астар – қабаттарын әр қырынан көрсетеді. Мәселеге өте тереңдеп барып, әлгі құбылысты кез - келген көрерменнің жете қабылдап, жетік түсінуіне жол ашады. Көрерменнің тарихи санасының қалыптасуына әсер етеді.
Екінші ерекшелігі – Қ.Омаровтың қай фильмін алсаңыз да, оның өзегінде еліміздің тәуелсіздігі, ұлттық егемендігі, азаттық сипаты, еркіндігі өріліп жатады. Яғни, бүкіл даму атаулының, қозғалыс атаулының, өркендеу мен өсудің түп негізі – еркіндік екеніне ерекше назар аударып, салиқалы философиялық ой түйіндеп отырады.
Аса талантты, талғампаз, өз кәсібінің қыр – сырын жете сеңгерген, ізденгіш режиссердің аз уақыт ішінде тындырғаны өте мол. Ал алдағы уақытта тындырары бұдан да мол, бұдан да көрікті болатынына сеніміміз кәміл.
«Қазақтелефильм» студиясының Доқтырхан Тұрлыбек
Бас директоры
Дулатұлы Міржақып
Бес томдық шығармалар жинағы. Алматы: «Мектеп», 2004. т.5.
МӘҢГІЛІККЕ БЕТ АЛҒАН АМАНАТ
«Оян, қазақ!» деректі телефильмін түсіру барысындағы сапарнамадан
Шейіт болған боздақтардың аманат-мәйіттері зұлым заманның қара көлеңкесінде елестейді. Кіндік қаны тамған атамекен топырағымен қайта табысқанша ұрпағына мойын созған осынау «аманаттар», уақыт өткен сайын мәңгілік құшағына еніп бара жатқандай...
Еркіндік үшін отқа шарпылып, маңдайымызға сыймай кеткен халқымыздың ұлы перзенттері - Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсыновтардың мәйіттері сонау Карелияда табылғанын естіген талайлардың шемен боп қатқан жан жарасы қайта тырналып, қазақ даласының үнсіз күрсінгені хақ.
Беломоканалда құрбандыққа шалынған екі миллионнан астам боздақтардың иесіз сүйектері арасынан:
- Әкеңіздің бейітін таптым! – деген жас ғалым Әбсеметов Мараттың сүйінші хабарын естіген кезде Гүлнәр апай мына жарық дүниеге қалай сыйды екен?!
Пендешіліктің шырмауына іліккен талай бауырларымыздың озбырлығына бас имеген тәкаппар қыз жұмыр жердің арғы жағындағы, поляр ендігінің ернеуінде жатқан әке зиратына ұмтылғанмен уақыт алдында дәрмен жоқ. Алты мың шақырым ауыр жолдың азабына кәрілік көнгенмен, алпыс жыл адасқан тұман ішіндегі үмітсіз сағыныштың азабын алақанға сыйғызар сол сәтте ана жүрегі шыдас бере ме екен?!
Осыны ойлаған балалары үйде қалуға әзер көндірді. Келер жылы үлкен ұлы Нұрлан мен Марат Сосноцевтегі қабірді ашып, аталарының мәйітін медициналық сарапшылар анықтамаған соң, бейіт басынан бір уыс топырағын елге ала қайтқан.
Сол кезде өзім түсіріп жүрген, шығыстың ақиық ақыны Мағжан Жұмабаев жайлы деректі телефильмнің «Мағжанның да осылай зираты табылар күн болар ма?» - деген ниет-эпизодын, Гүлнәр апаның осындай бір толқулы сәтін кіргізген болатынмын. Енді, міне Міржақып жайлы деректі фильм түсіру міндеті маған жүктелгелі тағы бір күз айналды. Мәйіттің оралуын түсіру үшін кино өндірісінің жоспарға бағыныштылғына қарамастан созбалақтап күткенім де – осы бір сүйінші хабар еді.
Міржақыптың мәйітін туған елге алып келуге сәрсенбінің сәтінде Торғайдағы Гүлнәр апайдың батасын алып, «Рафикпен» шыққан төрт жігіттің хабары алматыдағы маған сенбі күні ғана жетті. Қанша асыққанымен өзіме ғана жолсапарлық қаражат тауып, Гүлнәр апайдың кіші ұлы Ерлан Сатыбалдиев екеуіміз Мәскеуге ұштық. Мәскеуден ары қарай 102-поезға отырдық. Бағытымыз – Карелин.
Қоңыр күзінің өзі мынадай ызғарлы қысының қаһарына қалай шыдады екен, қайран боздақтар?
Таңертең жабырқаулы көңіліміз орнына түсті. Бізден алты сағат бұрын жеткен «Рафигіміз» де, осы ауылдың баласындай боп кеткен Марат (Міржақып жөнінде кандидаттық диссертация қорғаған оның мұнда бесінші келуі екен), онымен бірге ере келген «Егеменді Қазақстанның» Торғайдағы меншікті тілшісі Қайсар Әлім, бәріміз Соколова Клавдия апайдың үйінде шұрқырастық та қалдық. Ауылдық Кеңестің төрайымы Фролова Светлана жеңгейдің тікелей көмегімен бас-аяғы 4-5 сағаттың ішінде діттеген жұмысымызды тындырдық.
Темір жол жағасындағы төбешікті бойшаң қарағайлардың етегінде жамырай шошайған крестердің арасында ерекше жалғыз бейіт христиан дінінің дәстүріне сай қойылған әлгіндей белгілер жерленгендердің аяқ жағында болса, бұл бейіттегінің мұсылмандығын танытқан белгісі бас жағында тұр. Ақ патшаның да, қызыл кеңестің де қанды құрығында бұлқынған есіл ердің о дүниелік тынышытығын түзеткен түрменің қарауыл мұнарасы іспетті темір белгі ұшындағы дөңгелек шарға бес жұлдыз орнатылған.
Темір үшбұрыштың жоғары жағын жартылай қаптаған қаңылтырдың қат болғандығы сол, кейбір тұсын құрақтап жамағанын көріп, қысқа жіп күрмеуге келмейтін тар қапаста жүрсе де Міржақыпты соңғы сапарға жөнелткендердің ыстық ықыласы көрініп-ақ тұр.
Село тұрғындары мен мектеп оқушылары қатысқан кішігірім митингіден соң, қабірді ашпас бұрын Марат аруаққа арнап дұға бағыштады. «О, жарықтық, әруақтар, кешіре гөр. Аманат, тек аманатты орындаймыз» - деп әрқайсымыз өзіміз білетін бісмілләмізді іштей қайталап, темір құлпытасты қозғадық.
Киноға түсіріп жатырмын. Белгінің жерге көмілген түбі бекітіліп, ішіне нән тастар толтырылыпты.
«Құламасын. Жоғалмасын. Ақыры бір күні іздеп келер ұрпағымыз» деп тиянақтаған ғой...
Топырағы торқа қара жер күрекке күш салдырмай-ақ ашылып жатыр, ашылып жатыр.
Арнайы осы рәсімге бөлінген екі кісінің кезегіне дамыл бермей торғайлықтар өз үлестерін қосуда.
Бір-бір уыс топырақ салудың орнына, бір-бір күрек топырақ аршытып қойған замана тақсіреті-ай! Екі метр тереңдіктен әлі шірімеген тақтай табыттың беті ашылды.
О, жасаған! Хан мен қараны теңестірер қара жер! Бақи өмірге қош айтысқанда, жұртымызға қалар тәни белгі ақ сүйегіміз. Жақаңның ару сүйегі... Со күйі жатыр. Кеше ғана жерленгендей. Арада 57 көктем, 57 күз болмағандай...
Торғайдан арнайы әкелінген табытқа мәпелеп көшірген соң, қабір орнын жауып «Рафик» елге, біз Ерлан екеуміз Санкт-Петербург, Алматы-Арқалық арқылы Бидайыққа (қазіргі М.Дулатов атындағы совхозға) жеттік.
Төркінінде жүрген Гүлнәр апайдың еңсесі жоғары, жайы да жақсы, жаны жасарып қалғандай. Қолдан-қолға тимейді.
Аманат арқалаған ақ түсті «Рафик» алты күннен соң сәрсенбінің сәтінде, арнайы тігілген киіз үйдің алдына тұмсық тірей тоқтады. Көш жерден әкесін күткен қыз – Гүлнәр апайға қосыла жоқтау айтқан ауыл әйелдері. Ауыл қарияларының күзетінде екі күн түнетілген мәйіт жамбасы жерге тиді. Азалы жиында жан тебірентерлік сөздер айтылып, самайларына ақ кірген Мадияр тұқымының қарттарының сақалдарына тамған тамшы жасты көргенде, сай-сүйегі сырқырамаған жан қалмаған сияқты.
- Әке, арманым жоқ! – деп кілемге оралған мәйітті құшып жылаған Гүлнәр апай бірде талықсып, бірде өзінен-өзі бекініп, Ерлан мен Мараттың қолтығында жүр. Сол күні ауыл ортасындағы әсем бақтың көрікті жерінде жас қабір пайда болды.
Алматыдан, Жазушылар одағынан арнайы жіберілген ақын Жаппар Өмірбеков, осы жердің түлегі, ақын Серік Тұрғынбековке, әрине, рахметтен басқа сөз жоқ. Бірақ, алты жасар бала алыстан келсе, алпыстағы қария сәлем береді дегендей, бүкіл алаш тік тұрып, иіліп тағзым етер асыл азаматымыздың көптен күткен азалы жерлеу рәсімінде, әшейінде, «мен алаштың жоқтаушысымын» деп көкірек қаққан көзі тірі көптеген ел ағаларының ешқайсысын көре алмаған жұрт сол күні не ойлағанын қайдам? Торғайлықтардың тік тұрып Жақаңа арнап берген асынан соң балаларымызға теберік болсын деп үш-төрт кәмпитті қалтаға салдымен мен де жұрт қатарлы. Құлағымда, аудан әкімі Жақан Қосабаевтың «Ойлан, қазақ!» - деген жан айқайы әлі ызыңдап тұрғандай.
Аудан, облыстан жиналған қарақұрым көпшіліктің жағасын жұлқылай арқадан көтерілген жел бұл сезімдерді бүкіл Алашқа тез жеткізгісі келгендей үдеп, өршіп барады. Тек жас қабірдің басындағы «Міржақып Дулатов. 1885-1935жж. 1992ж. Карелиядан әкелініп қайта жерленді» деген мәрмәр тас мызғыр емес. Ылайым солай болғай! Жатқан жеріңіз жайлы болсын, Жақа! Бүгін тек Сіз емес, әзірге мекені белгісіз барлық боздақтардың әруағы бір аунап түскен шығар.
Өйткені, Шәкәрім мен өзіңіз ұлы көш-аманатты бастадыңыздар...
Зұлым заманның қара көлеңкесінде шейіт кеткен аруақтардың аманат-мәйіттері елестейді. Кіндік қаны тамған топырағымен қайта табысқанша ұрпағына мойын созған бұл аманаттар уақыт өткен сайын мәңгілік құшағына еніп бара жатқандай...
Қалила ОМАРОВ, кинорежиссер, Жастар одағы
сыйлығының лауреаты.
Қазақ әдебиеті №19 2004 жыл
Кейіпкері секілді «Қызық» кітап
«Гауһар» баспасынан арық та емес, семіз де емес орташалау кітап шықты. Сырты түрлі – түсті қанық бояулармен «Әйбәт» безендеріліпті. Мұхабаның қақ ортасында Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының лауреаты белгілі кинодокументалист Қалила Омаровпен бірнеше сатиралық кітаптардың авторы, танымал жазушы Доқтырхан Тұрлыбековтың бір – біріне ыржиыса қарап тұрған суреті басылған. Олардың бұлайынша неліктен мәз болысып тұрғанын мұқабаның жоғағы тұсындағы «Доқтырхан Тұрлыбек» және төменгі жағындағы «Қалила Қожаның хикаялары» деген жазуларға көзінің түсісімен бірден түсінесіз.
Біздің қазақ сөздері мен қимылдарынан-ақ күлкі шақырып тұратын «қожанасыр» мінезді «әпенділерден» әсте кенде емес. Ондайлар ел ішінде бұрын да болған, қазір де бар. Бір қызығы өзінің адал ойын езуіңді екі жаққа кере жеткізетін мұңдайлар көбінесе аңғал болғанымен айналасына қадірлі болып келеді. Сондықтан да біздер «анау өй депті, бүй депті» деп күлісе әңгімелеп жүреміз. Бірақ та көпшлік Мағжан, Міржақып, Тәушен, Мұстафа, Дәлет секілді халқымызға белгілі жандар туралы белгілі фильмдер түсірген Қалила Омаровты дәл осындай «топқа» қосылады деп мың ұйықтаса да ойламас еді. Амал нешік, «Қалила Қожаның хикаяларын» оқыған адам оның осы жағын бірден аңғарады. Өйткені кітаптағы Қалиланың Ленинградта атақты балеринаны суретке түсіріп жатып, «...будьте добры, поверните немного морду...» деуі, саұлу неміс қызына «хайл Гитлер...хенде кох...» деп білетін немісшесін айтып, КГБ-нің мекемесінен бірақ шығуы, шымылдық ішіндегі аяғы талған жаңа түскен келіншекті ауыстырамын деп жұртты шошытқаны, елде жоқты шығарып Ленинградтан ауылына «шортик» киіп келуі және басқа «хикаяттары» оқырманның көз жасын көлдете күлдіріп қана қоймай, «самопал Қожаның» ішінде дым жоқ аңғалдығын да әйгілеп тұр. Оның үстіне бұл оқиғаларды қолдары қияңқы Доқтырхан «Қарғаның миы айналатын ыстық аптаптың өзінде ең даладағы қойшыға дейін қылқындырып галстук таққызған кеңестік мәдениеттің қаймағы бұзылмаған Жаңақорғанда 80-жылдардың ортасында бүкіл елді дүр сілкіндірген екі оқиға болды» -деп шырпы жаққандай жандыра бейнелейді. Тіпті кей жерлерде автор өзін – өзі ұмытып, кейіпкерінің бейнесіне кіріп кетеді. Мысалы, дастархан басында Абылай хан, Кенесары, Сыздық секілді бабалар ерлігін дәріптеп отырған ығай мен сығайларға шарап құйып беріп, олардың әңгімесінен құлақ алмай тындау үстінде өзі де ішіп қойып жүріп қызып қалған Қалиланың:
Мен неге кеш тудым? Бүкіл тарих өтіп кетіпті ғой. Мен оны сонау Ресейден іздеп жүрсем, тарихтың көкесі осында екен-ау, көке-е? Енді мына заманда ештеңені де өзгертуге болмайды, неге ғана кеш тудым, көке-е! – деп ботадай боздағанын «беті шылп етпей» жазады. Міне, кітаптың бар дәмі осында. Құдайға тоба, кейіпкері қандай болса, авторында солай етіп жарата салғанын қарашы! Бұлардың жанында «қарға қарғанын көзін шұқымайтыны» айдалада лағып қалады ғой!
Ия, «Қызыл кебіс қисық аяқты әйгілейді» дегендей Қалиланы жұрттан «оқшаулап» әкететіні де осы аңғалдау, адал мінезі болса керек. Ал, мұндай адал мінезді адам өз ісіне келгенде өлерменденіп, тіпті, «өркөкіректеніп» кететін секілді. Әйтпесе, «ешкімге қақ-соқтығы жоқ» Қалила белгілі айтыс ақыны Манап Көкеновтың 60 жылдық мерейтойын түсіруге ауылына барғанда бір топ құрдастарымен бірге киноға түсуге келген әкесіне, «Әй, Нематулла, сен Омардың баласы болсаң, мен Омардың немересімін! Оның үстіне анау – мынау емес, «Қазақтелефильмнің» арнайы тапсырысымен келген кинооператор Қалила Омаров боламын. Сондықтан да маған бұйрық беруге правоң жоқ! Анау шалдарыңды ал да, айтыс көр!» - деп бажылдар ма еді? Немесе қыстың көзі қырауда таң атпай үйінің жанындағы жезөкшелерді әр түрлі «позада» түсіріп, бүкіл дүниені ұмытып кеткен оны «Сенін де шығармайтының жоқ. Жезөкшелердің шототілшісі болып жұмысқа орналасып алғаннан саусын ба? Қане, жүр үйге!» - деп жұбайы Рыскүл үйге әкетер ме еді? Міне, мұндай мінез тек Қалилада бар. Сондықтан да ол өзгелерге «жат» әрекеттерге оңай бара береді.
Қысқасы, аузын ашса көмекейі көрінетін, ақ, адал, жомарт, талантты киногер Қалила Омаровтың таңғажайып мінезін кітап авторы Доқтырхан Тұрлыбектің «Қалекең кейде Қожанасыр атасынан аумай қалады. Әдейі күлдірейін, әдейі жасайын демейді, бәрі табиғи, бәрі шындық. Өздеріңіз оқыған Қалила Қожа туралы хикаялар табиғатында талантты інімнің кәдімгі өмірі, боямасыз өмірі» - деген тебіренісімен аяқталғанды жөн көрдік. Өйткені, бұл кітапты оқыған адам мұны айқын аңғарады.
Құттыбек Аймахан
Р.S. Осы мақала газетіміздің кезекті санына дайындалып жатқанда қуанышты хабар алдық. Белгілі аудармашы Назымбек Боқаевтың тәржімелеуімен «Қалила Қожаның хикаялары» жақында орыс тілінде жеке кітап болып шықпақ. Сондай-ақ, бұл жинақ биылғы жылы Мәскеудегі баспаханалардың бірінде ағылшын тілінде жарық көретін болыпты. Жинақты ағылшын тіліне аударған, белгілі әскеулік қаламгер Андрей Гальцев.
«Ана тілі» 2005. - № 25
Деректі фильмнің хас шебері
Қазақ деректі кино өнерінде өнімді еңбек етіп келе жатқан шебердің бірі – кинорежиссер, кинооператор, Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының иегер, Қазақстан кинематографистері Одағының мүшесі - Қалила Нематұлы Омаров. Ол 1957 жылы Қызылорда облысының Жаңақорған ауылында дүниеге келген. Ленинградтың мәдени – ағарту учелищесін бітірген. Оның дипломдық «Кісен ашқан» (Қарағандылық мүсінші Жаубасар Қалиев туралы) фильмі Ленинградта өткен «Ақ түндер - 82» кинофестивалінде бас жүлдені (гран-при) жеңіп алса, Тали мен Мәскеуде өткен Халық шығармашылығы фестивальдерінде арнайы дипломға ие болды, 1996 жылы Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты атанса, 1997 жылы Қазақстан Республикасының Ішкі Істер Министрлігі ішкі әскерлерінің ІІ дәрежелі «Қайсар» төсбелгісімен марапатталды. Белгілі кинодраматург Кәрім Танаевпен бірлесе отырып, «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген «Таушен» және «Атамекен» деректі фильмдері қоғам арасында зор серпіліс туғызды. Осыдан кейінгі түсірілген фильмдер Қазақстанның телекинодеректік өнер қазынасына қосылған айтулы шығармалар болды.
Өнерді мұрат тұтқан талантты Қалила Омаровтың алар биігі, асар белесі әлі алда.
«Айқын» 2005 жыл. №104. 8 маусым
Бір фильмнің тарихы:
«Тәушен» фильмін көріп пе едіңіз?
Алдымен Отырар аудандық ақындар айтысынан айызы қанатындай қарсылас таппаған Тәкшен апа көп ұзамай облыстық, сосын республикалық додалардан топ жарды. Кемпірсінген талай ақынды тәубесінен түсірген ол өзінен кейінгілерге айтыстың әліппесін үйретіп, аламанда алқынбау турасында «дәріс оқып» кеткендей болған. Айтыстыңбүгінгіжас перілерінің аяқ алысына сол Тәушендік «тәрбиенің» жиі байқалатыны осы сөзімізге дәлел болса керек.
...Ал Тәушен апа 80 жылдарға дейін неге көрінбеді? Бұл сауалға Қазақстан Кинематографистер Одағының мүшесі, Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының лауреаты Қалила Омаров 1989 жылы түсірген «Тәушен» деректі фильмі арқылы жауап берген еді. Дегенмен одан бері біршама уақыт өтті. Оның үстіне Қазақтелефильмнің дүниелері бүгінде көрерменге ұсынылудан қалған. Сондықтан күні кеше бақилық болған ақынды еске ала отырып, «Тәушен» фильмінің режиссерімен жолығуды жөн санадық.
Қалила Омаровтың айтуынша, Тәушен апамыз жасынан-ақ жарқырай көрінген. Бірақ ерте тұрмыс құрып, оңтүстік өңірге келін болған апамыз иба сақтап, көп алдына шықпаған. Әйтседе табиғат берген бойдағы дарын жасыруға көне ме? Тұңшықтырып ұстау қайдан мүмкін болсын? Бара – бара Тәушен апамыз мұнында амалын табады. Сиыр айдап, тоғайға кірген ол елсіз жерде аянбай шырқап – шырқап алады екен.
Сөйтіп, жүрген күндердің бірінде ақынның жар дегендегі жалғыз бауыры қайтыс болады. Бір анадан он бес бала туылғанымен, оның он үші ашаршылық жылдарында құрбан болыпты. Тіршіліктегі жалғыз жанашырының дүние салғаны Тәушен апамыздың қабырғасын қайыстырып кетеді. Бұған дейін өзін бұйығы ұстап келген апамыз енді ақтарылып сала береді. Іштегі шер шеменнің бәрі көмейінен жыр болып төгіледі. Оның жоқтауына сай – сүйегі сырқырамаған адам қалмайды.
Осыны байқаған ауылдың бір азаматы кейін аудандық ақындар айтысын ұйымдастырушыларға «таптырмайтын бір ақынның» бар екенінен хабар береді. Осылайша, Тәушен апамыз орта жастан ауған кезінде өнер додасына қосылады.
«Тәушен» фильмінің сценарийінде де осы көрініс бар болатын. Бірақ қаралы үйдегі жоқтауды түсіру Қалилаға оңайға түспейді. Өйткені салмағы 270 килограмдық үлкен камерамен «қарауылға алып» тұрсаң, жан – жақтан жарқыраған жарық берілсе, кім қандай жоқтау айтады? Оған кім қосылады. Сонымен, фильмнің осы бөлігін режиссер өзінің туған жері Жаңақорғанда түсіреді. Оның себебі жаз маусымына арналған ашық сахна пайдаланылады.
Қалила Омаровтың пікірінше, он бестен аса фильмдерінің ішінде өзіне қатты ұнайтыны осы – «Тәушен». Оның бір себебі фильмнің ойдағыдай шыққаны болса, екінші себебі кезінде қазақ интеллегенциясы «Тәушенге» «Жаңаша көзқарас ұстанған фильм» деп баға берген. Өйткені бұл фильм бұрынғы әр нәрсенің тек жақсы жағын ғана көрсететін Кеңестік шеңберден шығып кетті. Шынайы өмірді ақын тағдырымен байланыстыра отырып көрсетті. Ал «Тәушенге» елге айтыс ақыны Әселхан Қалыбекова қандай баға берген? «Мынау біздің күнде көріп жүрген Тәушен ғой, бетіне опа жағып, жақсы көйлегін кинізіп, жарқыратып түсірмедің бе?» деп режиссерге наз айтыпты. Ал Қалила болса, Әселханның осы сөзін фильмге берілген ең жоғары баға деп беріледі. Өйткені оның басты мақсаты да Тәушен апамыздың бейнесін сол күнде көріп жүргендей етіп түсіру болатын.
«Нұр-Астана» 14 шілде 2005 жыл