«Коммунистік еңбек» 30 қараша 1989 жыл

Вид материалаДокументы

Содержание


Соны тыныс
Мәңгілікке бет алған аманат
Егемен Қазақстан 27 сәуір 1993 жыл
Подобный материал:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18

«Жас Алаш» 9 маусым, 1992 жыл

Соны тыныс


Жас режиссер Қалила Омаров туындылары туралы


«Қазақтелефильм» өзінің ширек ғасыр ғұмырында 200-ге жуық туынды беріпті. Әрине оның бәрі алтын мен күміс болмас, дей тұрғанмен де сол фильмдердің ігінде өз уақытының жүгін арқалап, халқымыздың рухани д.ниесінің дамуына аз үлесі болмағандары баршылық. Бүгінде мүйізі қарағайдай айтулы режиссерларымыздың телефильм, былайша айтқанда, деректі туынды жасамағандары кемде-кем. Демек, ол үлкен өнерге барар жолдағы қақпа, баспалдақ. Осы салада бірнеше жылдардан бері тер төгіп, ыждаһатты еңбек етіп келе жатқан жас режиссердің бірі – Қалила Омаров. Қалила қазірдің өзінде он шақты деректі фильмнің авторы. Ендігі әңгіме жас режиссердің шығармашылық келбеті, тақырыпты игеру жолындағы батыл қадамдары мен ізденістері хақында.

Республикалық Кино үйінде Қалила фильмдерінің бірнеше рет көрсетулері болды. Бүгінгі көрермен қауымның көркем туындыларымен қатар деректі фильмдерге деген сұранысының ояна бастауын қуанып айту керек. Неге? Өйткені деректі фильмдер журналдық нұсқадан арылып, өмірдің нағыз шындықтарын қамтуға, ұлт жанына жақын тақырыптарға соқа сала бастады. Бұл ретте Қалила фильмдері өзінің тақырыптарымен –ақ еріксіз мойын бұрғызады. «Мағжан», «Міржақыптың оралуы», «Алаш туралы сөз», «Жамбыл», «Құрманғазы», «Мұхамед Салық мырзаның өмірі мен өлімі», «Тәушен», «Барып қайт, балам, ауылға», тағы басқа фильмдер үлкен еңбектке, ізденістен туған. Ең бастысы онда адам, қоғам, уақыт туралы терең ой – толғаныстар, ащы шындықтар айтылады. Әрі ол құрғақ айтылмайды, бұлжымас фактілерге, дәйектемелерден құрылған. Режиссер қаншама кісілермен жолығып, ой – пікір бөліседі. Әрі өзінің азаматтық көзқарастарын батыл білдіреді. Әрине деректі фильмді түсірудің өзіндік машақаты көп. Біздің білуімізше, режиссерде сценариспен қатар жан – жақты білім иесі, ізденімпаз болуға тура келеді. Сонда ғана екі аяғын тең басқан туынды ғана өмірге келсе керек.

Бұл ретте Мұхамед Салық пен Мағжан туралы фильмдердің орны ала – бөтен. Кешегі күні осынау арыстарымыз ортаға оралған кезде, ең бірінші болып, әрине, мерзімді басылымдар жабылып жаза бастады. Көп ұзамай мүмкіндігіне қарай кітіптар да шыға бастады. Ал кино саласындағы ең оперативті жанр болып саналатын деректі фильмдер де бұл орайда еттірлік танытып, иманды шаруаға құлшына кірісті. Сөйтіп Мұхамед Салық пен Мағжан туралы да алғашқылардың бірі болып жедел қимыл танытқан да Қалила еді.

Мұхамед Салық Бабажанов кешегі керену – керттарпа заманның кесірінен халық жадынан ұмытылып қала жаздаған тұлға. Шоқанның аса дарынды замандасының бірі, қазақтың тамаша туындысы туралы жас режиссердің баспаған тауы, бармаған жері қалмады. Сонау патша заманынан бергі жан баласының қолына түспей келген небір құжаттарды аршып алуда, КСРО – ның көптеген қалаларын шарлауға тура келді. Сөйтіп, Мұхамед Салықтың өмірі мен шығармашылығы, ғылыми асыл мұралары шыншыл да шымыр шығарма дүниеге келді. «Салық өлді дегенше, халық өлді десейші» деген бұрынғыдан қалған ұлағатты сөз фильмнің өң бойына алтын қазық, желі болған. Жалпы, суреткер өзінің азаматтық парызын өтеп шыққан, «Мағжан» фильмі жөнінде де осындай ой тұрғысынан келіп пікір қосуға болады. Кешегі КСРО деген құдіретті қызыл империя заманында өз ұлтының қамын, уайымын жеп көрген туынды жаза қалған адамның, суреткердің бағалаушысы, өмірге жолдама берушісі де Мәскеу болған. Мәскеудің бір ортанқол басшысы не айтса, сол болған. Міне сол кезде қолдағы бар құжаттармен бар шындықты айтып, үлкен кеңістікке шығуы керек деректі фильмдер де тілін тістеп қалған болатын. Бүгінде қаншама архивтерде шаң басып, тартпа тұтқыны болып келген құнды құжаттарды көріп, жолыққан сайын Қалила режиссердің күндіз – түні осындай бір ойларға шомуы заңды. Міне осындай ұлтжандылық қасиеттер режиссерді Мұхамед Салық пен Мағжан туралы фильмді түсіруге алып келді. Реті келгенде оператор Мұстафа Өсеровтың да тамаша іздеісін айта кеткен жөн. Қалила алдағы уақытта халқымыздың осындай біртуар азаматтары туралы сериалдарды жалғастыра бермекші. Енді таяу күнде Міржақып туралы фильм түсіруге кіріседі. Сценаридің авторы жазушы – Амантай Сатаев.

Қалила бойынан байқалатын бір ерекшелік - жалаң баяндауға, тек құжат тілімен сөйлей бермейтіндігі. Сондықтан болар, оның фильмдерінің өң бойында жүректі дір еткізер, тұла бойды шымырлатар тебіріністі сәттер, детальдар да көп.

Сөз жоқ, тарихи тақырыптар мен тарихи тұлғалар туралы қолға алғаннан кейін зор жауапкершілік те жүктеледі. Үнемі оның көркемдік әлеміне, кеңістігіне ден қойған сайын осы талаптар ұшқыны жылт етеді, нышандары байқалып отырады. Таяуда ол 1932 жылғы Ұлы нәубет, аштық құрбандары, яғни белгілі демограф ғалым Мақаш Тәтімовтың айтқанындай, «Қызыл қырғын» туралы деректі фильмін аяқтап, жұртшылық назарына ұсынды. Біз одан не көреміз. Осынау қолдан жасалған, бір халықты қырып жіберу үшін әдейі ұйымдастырылған жендеттік жоспардыкөріп, тыңдау соншалықты ауыр, қиын. Жүрегің қан жылайтын осынау қасіретті лентаның алғашқы қойылымы кезінде қарсы пікір айтушы антұрғандар болғанын автордың өз аузынан естігенде естен танғандай күй кештім. Әрине қазір мұндай пікірлердің айтылуына таңқалмайтын болдық қой. Өйткені талайлардың ниеті, пиғылы көп жағдайларда аңғарылып та қалып жатыр. Дейтұрғанымен де шығармашылығына адал, азаматтық танытқандар да аз емес. Мысал үшін, осы фильмнің сценариін жазған Валерий Михайлов. Оның осы фильм аттас «Ұлы жұт» атты кітабы оқырмандардың ақ батасын алып, енді деректі фильмге айналып отыр. Қалила Омаровты да бұл қасіретті тақырып көптен бері ойландыратын. Сөйтіп жүргенде осы кітапқа жолығып, оның авторымен кездесуі бұл тақырыпты терең игеру жолында зор мүмкіндіктерег, ізденістерге жол ашты.

Бұл қазақтың басынан нелер заман өтпеді. «Жөргегінде мың өліп, мың тіріліп», талай жаугершілікті бастан өткерген халықтың бейбіт күнде бұлайша жапырылып қалуы, сірә аз болған жоқ. Сонау Жоңғар, Қалмақ шапқыншылығы кезінде де қазақ дәл осы 1932 жылғы нәубет кезіндегідей қырғынға ұшыраған жоқ шығар. Қалиланың аталмыш деректі фильмінде осындай тың ойлар айтылып, оның нақты, нанымды, жантүршігерлік деректермен көрсетілуі, туындының құндылығын арттыра түседі. Әдетте алынған тақырыптың ел есінде ұзақ сақталуы үшін сол объектіні жете білуі, соған орай позициясын батыл қойып, соны нанымды көркемдік шешімдермен көрсете білуі қажет. Бұл орайда Қалила бойынан кісі сүйсінерлік, шынайы суреткерге тән көптеген қасиеттер таба аласыз. Ол жасаған туындылар бойынан азаматтық, ұлтжандылықтың көзге ұрып тұруы да сондықтан. Әрине халқымыздың аса бір орны толмас қасіретті оқиғасына алғаш түрен салып отырған Қалила емес. Жазушы С.Елубаевтың «Ақ боз үй» романы негізінде жасалған «Сұрапыл Сұржекей» көркем фильмі де бар. Смағұл әу бастан осы оқиғаның ел өмірінен ұмыт қалмауына ұйтқы болып келе жатқан азамат. Сондықтан да Қалиланың бұл тақырыпқа келуіне осындай абзал азаматтарының бастамаларының да игі әсері болғаны сөзсіз.

Кешегі «Қызыл империяның» кезінде түсірілген қазақ кеңес деректі фильмдерін көріп отырып, құлдық сезім, сол баяғы бас ұру, жасанды идеология көз алдыңа келеді. Егер саналап айтсақ, сол кезде ұлттық әдет – ғұрып, салт – сана аяулы қасиеттеріміз сараланып көрінбеген өнер туындыларымыз қаншама?! Ендігі жерде соның орнын толтыруы Қалиладай режиссерлардың терең сезінуі зор қуаныш. Қазір біздің өнеріміз бағы жанатын, ұлтты тәрбиелейтін ең жауапты кезеңде тұр. Мұндай мүмкіндік бұрын – соңды болған емес. Бұл орайда деректі фильм өкілдерінің атқаратын жүгі орасан. Өйткені халқымызға тарихымызды жалпылама айтқаннан гөрі, нақты деректермен, кино түрінде жетудің жолы біреу, ол – өмірдің шындығын көркемдік шындыққа ұластыру. Сонда ғана құрмет өз – өзінен келеді. Осыны Қалилалар сезінсе, білсе керек.

Қали Сәрсенбай

Қазақ әдебиеті, 26маусым, 1992 ж.

Тарихи кино - туындылар сөйлейді

Қазақ елінің ғасырларға тамыр тартқан бай тарихы кино тілінде енді ғана сөйлей бастады. Тәуелсіз Қазақстанның өткен тарихы шетелдіктердің де ынтасын арттыра иүсуде. Маусымның 18-інде Алматыда тіркелген бірқатар елшіліктердің өкілдері өтініш жасап, жас режиссер Халила Омаровтың «Мұхамет-Салықтың оралуы» және «Ұлы жұт» фильмдерін көруге келді. Фильмді көруге келгендердің арасында Түркияның елшісі Аргун Өзпай? Қытай елшісінің бірінші хатшысы Ли Хуэй, Индияның уақытша өкілетті өкілі Дипак Маллик және ГФР-дің уақытша өкілетті өкілі Др. Аксель Вайсхаупт болды. Қонақтарды республиканың мемлекеттік телерадио компаниясының бас директоры Д.Исабеков қабылдап, «Қазақтелефильм» туындыларының шет елге шығуының мүмкіндіктері жайлы әңгіме қозғады.


«Алматы ақшамы» 30 маусым 1992 жыл


Қостаған


Республикамыздың бір топ жас таланттары лауреат атанып, Жастар Одағының арнайы сыйлықтарына ие болды. Олардың арасында соңғы уақытта деректі фильмдер түсірумен жарқырап көрніп жүрген «Қазақфильм»студьясының екі жігіті де бар. Бірі режиссер – Қалила Омаров, екіншісі оператор – Мұстафа Өсеров.

Осынау екі таланттың шығармашылық жолындағы бірлесе ізденулері мен жұмыс істеуі кімді де болса қызықтырғандай. Міне, бүгін сол инеменқұдық қазғандай болған ізденістің алғашқы жемісін көріп отырмыз. Біз оларға сыйлықтарын құтты болсын айта отырып, екеуіне ортақ бірнеше сұрақ қойған едік.

Халила, Мұстафа, сендердің бүгінгі қуаныштарың ерекше әрине. Еңбегін жанып, еленіп жатса және ол халқының игілігіне қызмет етсе, бұдан артық бақыт бар ма. Олай болса дәл осындай қуаныш үстінде екеуіңе де кезінде бағыт – бағдар сілтеп, бүгінгідей табысқа жетулеріңе үлесін қосқан азаматтың есімін атай аласыңдар ма?

Халила Омаров:

Әрбір өнериесі жалғыз өзі, ешкім де емес. Өйткені ол осынау азабы мен рахаты аралас жүретін қиын жолда көптің дүбіріне ілесе алмай шаңға көміліп қалар еді. Бұл айтқаным әсіресе, өнерге жаңа келген жас буынға көбірек қатысты ғой деп ойлаймын. Сондықтан, сенің жас сәбидей апыл – тапыл басқан қадамыңды қадағалап, құлап бара жатсан сүйеп қалатын жанашырың болмаса келешегін бұлыңғыр...

Менің бүгінгі табысым алдымен марқұм Кәрім Танаевтың табысы. Сыйлыққа ие болып жатсам бұл үшін сол ағаға қарыздармын.

Кәрім ағаның көзі тірісінде бір айтқаны әлі есімде: «қазақтың деректі киносында екі ортадан шыққан екі буын қатар келе жатқан еді. Бір буынның өкілдері қалада туылған жастар болса, екіншісі – ауылдан келгендер. Бұлардың жартысы бүгінгі техникалық прогресті түсінеі. Өз саласының міндетін де біледі. Бірақ, халықтық үрдістерімізді, ғни, мәдениетке бай ауыл өңірін терең біле бермейді. Ал, ауылдан келген жастарымыз елдің ішіндегі өмірді көріп өскен. Міне, менің басты мақсатым - осынау екі ортадан шыққан қос буынның арасын байланыстыру. Егер сол екі ортаға көлдненең жатып, сендерді үстімнен өткізіп жібере алсам, онда менде арман жоқ», - деген еді бізге арнап. Бүгінде Кәрім аға армандағандай талантты жастар баршылық, құдайға шүкір. Демек, оның арманы орындалды делік. Келешекте қазақ киносына азды – көпті еңбек сіңіргендері талай жастарды тәрбиелеп шығарған. Кәрім Танаев туралы фильм түсіруді ойластырған жөн болар еді...

Мұстафа Өсеров:

Кәрім Танаевтың ағалық қамқорлығын мен де көп көрдім. Азды – көпті қабілетімді танып, студьяға жұмысқа алды. Асхат Ашыраповтай тарлан өнер иесімен табыстырды. Сөйтіп, менің бойымда ерекше бір құлшыныс оянғандай. Осы Халиламен танысып, бірге жұмыс істеу бақытына ие болдым. Бұрын соңды оператордың еңбегін мұншалықты елеңбей келген екен. Демек, үлкен бетбұрыс бар сияқты. Өнерімізді бағалаған ағаларға рахмет.

Тағы да екеуіңе ортақ сұрақ. Жақсылы – жаманды бірқатар фильм түсірдіңдер. Әсіресе, «Мұхамед Салықтың оралуы» және «Ұлы жұт» фильмдерің соңғы кезде шетелдіктердің де ықыласын аударып отыр. Бұл екі фильмді жақында Президентімізде арнайы көріпті. Айтыңдаршы, осы туындыларыңа өздеріңнің көңілдерін тола ма?

Халила Омаров:

Шынымды айтсам, осы фильмнің материалдары қолыма оңайлықпен тиген жоқ. Түсіру үлгісін де сол кезде үстемдігі басым тұрған орталықтың қолтаңбасы айқын сезілетінін мойындаймын. Өйткені, өзіміз де сол мектептен өттік. Архивтік құжаттарда сол жақта ғана сақталған. Бұл фильмдерді ұстап тұрған – оның тақырыбы. Алдағы уақытта бұл тақырыпты ары қарай жалғастыратындай болсақ, алдыңғы фильмдерде жіберілген кемшіліктер қайталанбас деп ойлаймын...

Мұстафа Өсеров:

Бүгінге дейін жиырмаға жуық фильм түсіріппім. Оның ішінде 4-5 фильмді Халиламен бірге түсірдім. Әрине, егер сол еңбектертеріме көрерменнің көзімен қарар болсам, жетпей жатқан тұстары баршылық. Толықпай жатқаны менің тәжірибемнің аздығынан, арнайы мектеп көрмегендігімнен болар деп ойлаймын. Өйткені мен 30 жасымда тұңғыш рет қолыма аппарат ұстадым. Мәскеудегі кино мамандарын тыңдайтын оқуға түсемін деп бірнеше жыл қатарынан әуре болсам да жолм болмай-ақ қойды. Бұл мамандықтың әлі де мен білмеген құпиялар баршылық. Бүгінгі беріліп отырған сыйлық маған үлкен жауапкершілік пен міндеттер жүктейді.

Адамның әлеуметтік жағдайы, оның шығармашылық қызметіне де әсер етеді ғой. Алматыда өздерін сияқты өнер саласында ізденіп жатқан жастар баршылық. Солардың ешқайсысының да әлеуметтік жағдайы оңып тұрған жоқ. Өздеріңде үй мәселесі шешілген бе?

Халила Омаров:

Аға, сіз біздің жанды жерімізге тиіп отырсыз. Мен де құдайдың берген 4-5 перзенті бар. Өзім жалғы бөлмелі жатақханада тұрамын. Мұнда ұстауға мүмкіндік жоқ болған соң екеуін ауылға, әке – шешімнің қолына бергенмін. Үйден әзіргі хабаым жоқ. Арғы жағын айтпайақ қойсам да болар...

Мұстафа Өсеров:

Мен тау жақта пәтер жалдап тұрамын.Осы қызметке алғаш келген кезде Халиламен пәтер жалдап бірге тұрдық. Кейін бұл үйленіп, балалы – шағалы болды. Мен әлі сұр бойдақ жүрмін. Жалдаған пәтерім бар болса да өзім Халиланың үйіндемін. Екеуіміздің ой мақсатымыз бір болған соң кейде таңға отырамыз пікірлесіпп. Жол сапарға да үнемі бірге шығамыз. Денсаулық болса, әлі үй де, жағдай да болар. Ең бастысы, өнерге деген ықыласты суытып алмайық.

Әңгімелеріңе рахмет. Екеуіңе де ұзақ шығармашылық ғұмыр тілеймін.

Сұхбаттасқан Е.Ералыұлы


Алматы ақшамы, 1992 жыл, 7 қазан, 4 бет.

МӘҢГІЛІККЕ БЕТ АЛҒАН АМАНАТ

«Оян, қазақ!» деректі телефильмін түсіру барысындағы сапарнамадан

Шейіт болған боздақтардың аманат-мәйіттері зұлым заманның қара көлеңкесінде елестейді. Кіндік қаны тамған атамекен топырағымен қайта табысқанша ұрпағына мойын созған осынау «аманаттар», уақыт өткен сайын мәңгілік құшағына еніп бара жатқандай...

Еркіндік үшін отқа шарпылып, маңдайымызға сыймай кеткен халқымыздың ұлы перзенттері - Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсыновтардың мәйіттері сонау Карелияда табылғанын естіген талайлардың шемен боп қатқан жан жарасы қайта тырналып, қазақ даласының үнсіз күрсінгені хақ.

Беломоканалда құрбандыққа шалынған екі миллионнан астам боздақтардың иесіз сүйектері арасынан:
  • Әкеңіздің бейітін таптым! – деген жас ғалым Әбсеметов Мараттың сүйінші хабарын естіген кезде Гүлнәр апай мына жарық дүниеге қалай сыйды екен?!

Пендешіліктің шырмауына іліккен талай бауырларымыздың озбырлығына бас имеген тәкаппар қыз жұмыр жердің арғы жағындағы, поляр ендігінің ернеуінде жатқан әке зиратына ұмтылғанмен уақыт алдында дәрмен жоқ. Алты мың шақырым ауыр жолдың азабына кәрілік көнгенмен, алпыс жыл адасқан тұман ішіндегі үмітсіз сағыныштың азабын алақанға сыйғызар сол сәтте ана жүрегі шыдас бере ме екен?!

Осыны ойлаған балалары үйде қалуға әзер көндірді. Келер жылы үлкен ұлы Нұрлан мен Марат Сосноцевтегі қабірді ашып, аталарының мәйітін медициналық сарапшылар анықтамаған соң, бейіт басынан бір уыс топырағын елге ала қайтқан.

Сол кезде өзім түсіріп жүрген, шығыстың ақиық ақыны Мағжан Жұмабаев жайлы деректі телефильмнің «Мағжанның да осылай зираты табылар күн болар ма?» - деген ниет-эпизодын, Гүлнәр апаның осындай бір толқулы сәтін кіргізген болатынмын. Енді, міне Міржақып жайлы деректі фильм түсіру міндеті маған жүктелгелі тағы бір күз айналды. Мәйіттің оралуын түсіру үшін кино өндірісінің жоспарға бағыныштылғына қарамастан созбалақтап күткенім де – осы бір сүйінші хабар еді.

Міржақыптың мәйітін туған елге алып келуге сәрсенбінің сәтінде Торғайдағы Гүлнәр апайдың батасын алып, «Рафикпен» шыққан төрт жігіттің хабары алматыдағы маған сенбі күні ғана жетті. Қанша асыққанымен өзіме ғана жолсапарлық қаражат тауып, Гүлнәр апайдың кіші ұлы Ерлан Сатыбалдиев екеуіміз Мәскеуге ұштық. Мәскеуден ары қарай 102-поезға отырдық. Бағытымыз – Карелин.

Қоңыр күзінің өзі мынадай ызғарлы қысының қаһарына қалай шыдады екен, қайран боздақтар?

Таңертең жабырқаулы көңіліміз орнына түсті. Бізден алты сағат бұрын жеткен «Рафигіміз» де, осы ауылдың баласындай боп кеткен Марат (Міржақып жөнінде кандидаттық диссертация қорғаған оның мұнда бесінші келуі екен), онымен бірге ере келген «Егеменді Қазақстанның» Торғайдағы меншікті тілшісі Қайсар Әлім, бәріміз Соколова Клавдия апайдың үйінде шұрқырастық та қалдық. Ауылдық Кеңестің төрайымы Фролова Светлана жеңгейдің тікелей көмегімен бас-аяғы 4-5 сағаттың ішінде діттеген жұмысымызды тындырдық.

Темір жол жағасындағы төбешікті бойшаң қарағайлардың етегінде жамырай шошайған крестердің арасында ерекше жалғыз бейіт христиан дінінің дәстүріне сай қойылған әлгіндей белгілер жерленгендердің аяқ жағында болса, бұл бейіттегінің мұсылмандығын танытқан белгісі бас жағында тұр. Ақ патшаның да, қызыл кеңестің де қанды құрығында бұлқынған есіл ердің о дүниелік тынышытығын түзеткен түрменің қарауыл мұнарасы іспетті темір белгі ұшындағы дөңгелек шарға бес жұлдыз орнатылған.

Темір үшбұрыштың жоғары жағын жартылай қаптаған қаңылтырдың қат болғандығы сол, кейбір тұсын құрақтап жамағанын көріп, қысқа жіп күрмеуге келмейтін тар қапаста жүрсе де Міржақыпты соңғы сапарға жөнелткендердің ыстық ықыласы көрініп-ақ тұр.

Село тұрғындары мен мектеп оқушылары қатысқан кішігірім митингіден соң, қабірді ашпас бұрын Марат аруаққа арнап дұға бағыштады. «О, жарықтық, әруақтар, кешіре гөр. Аманат, тек аманатты орындаймыз» - деп әрқайсымыз өзіміз білетін бісмілләмізді іштей қайталап, темір құлпытасты қозғадық.

Киноға түсіріп жатырмын. Белгінің жерге көмілген түбі бекітіліп, ішіне нән тастар толтырылыпты.

«Құламасын. Жоғалмасын. Ақыры бір күні іздеп келер ұрпағымыз» деп тиянақтаған ғой...

Топырағы торқа қара жер күрекке күш салдырмай-ақ ашылып жатыр, ашылып жатыр.

Арнайы осы рәсімге бөлінген екі кісінің кезегіне дамыл бермей торғайлықтар өз үлестерін қосуда.

Бір-бір уыс топырақ салудың орнына, бір-бір күрек топырақ аршытып қойған замана тақсіреті-ай! Екі метр тереңдіктен әлі шірімеген тақтай табыттың беті ашылды.

О, жасаған! Хан мен қараны теңестірер қара жер! Бақи өмірге қош айтысқанда, жұртымызға қалар тәни белгі ақ сүйегіміз. Жақаңның ару сүйегі... Со күйі жатыр. Кеше ғана жерленгендей. Арада 57 көктем, 57 күз болмағандай...

Торғайдан арнайы әкелінген табытқа мәпелеп көшірген соң, қабір орнын жауып «Рафик» елге, біз Ерлан екеуміз Санкт-Петербург, Алматы-Арқалық арқылы Бидайыққа (қазіргі М.Дулатов атындағы совхозға) жеттік.

Төркінінде жүрген Гүлнәр апайдың еңсесі жоғары, жайы да жақсы, жаны жасарып қалғандай. Қолдан-қолға тимейді.

Аманат арқалаған ақ түсті «Рафик» алты күннен соң сәрсенбінің сәтінде, арнайы тігілген киіз үйдің алдына тұмсық тірей тоқтады. Көш жерден әкесін күткен қыз – Гүлнәр апайға қосыла жоқтау айтқан ауыл әйелдері. Ауыл қарияларының күзетінде екі күн түнетілген мәйіт жамбасы жерге тиді. Азалы жиында жан тебірентерлік сөздер айтылып, самайларына ақ кірген Мадияр тұқымының қарттарының сақалдарына тамған тамшы жасты көргенде, сай-сүйегі сырқырамаған жан қалмаған сияқты.

- Әке, арманым жоқ! – деп кілемге оралған мәйітті құшып жылаған Гүлнәр апай бірде талықсып, бірде өзінен-өзі бекініп, Ерлан мен Мараттың қолтығында жүр. Сол күні ауыл ортасындағы әсем бақтың көрікті жерінде жас қабір пайда болды.

Алматыдан, Жазушылар одағынан арнайы жіберілген ақын Жаппар Өмірбеков, осы жердің түлегі, ақын Серік Тұрғынбековке, әрине, рахметтен басқа сөз жоқ. Бірақ, алты жасар бала алыстан келсе, алпыстағы қария сәлем береді дегендей, бүкіл алаш тік тұрып, иіліп тағзым етер асыл азаматымыздың көптен күткен азалы жерлеу рәсімінде, әшейінде, «мен алаштың жоқтаушысымын» деп көкірек қаққан көзі тірі көптеген ел ағаларының ешқайсысын көре алмаған жұрт сол күні не ойлағанын қайдам? Торғайлықтардың тік тұрып Жақаңа арнап берген асынан соң балаларымызға теберік болсын деп үш-төрт кәмпитті қалтаға салдымен мен де жұрт қатарлы. Құлағымда, аудан әкімі Жақан Қосабаевтың «Ойлан, қазақ!» - деген жан айқайы әлі ызыңдап тұрғандай.

Аудан, облыстан жиналған қарақұрым көпшіліктің жағасын жұлқылай арқадан көтерілген жел бұл сезімдерді бүкіл Алашқа тез жеткізгісі келгендей үдеп, өршіп барады. Тек жас қабірдің басындағы «Міржақып Дулатов. 1885-1935жж. 1992ж. Карелиядан әкелініп қайта жерленді» деген мәрмәр тас мызғыр емес. Ылайым солай болғай! Жатқан жеріңіз жайлы болсын, Жақа! Бүгін тек Сіз емес, әзірге мекені белгісіз барлық боздақтардың әруағы бір аунап түскен шығар.

Өйткені, Шәкәрім мен өзіңіз ұлы көш-аманатты бастадыңыздар...

Зұлым заманның қара көлеңкесінде шейіт кеткен аруақтардың аманат-мәйіттері елестейді. Кіндік қаны тамған топырағымен қайта табысқанша ұрпағына мойын созған бұл аманаттар уақыт өткен сайын мәңгілік құшағына еніп бара жатқандай...

Қалила ОМАРОВ, кинорежиссер, Жастар одағы

сыйлығының лауреаты.


Егемен Қазақстан 27 сәуір 1993 жыл

Ортаға оралу


«Оян қазақ!» деп атар таңды аңсаумен өткен Міржақып Дулатов турлы телефильм жарыққа шықты

Қазақтың бір марқасқа ұлы туған халқымен қайта қауышты. Бұл бұрын да ажырамаған құшақ еді. Оған қоңыр қиянаттың тісі батпаған, дүлей күштің пәрмені жүрмеген. Ол бәрібір ақталды. Еліне оралды. Тарихтың күңгірт көмбесі ашылды, Осыдан артық кім жарылқайды?..

Бірақ... бірақ халқым дегенде шыбын жанын құрбан етіп, арманын аласартпай, туған жердің топырағына ит-құзғынды қия бастырмай, қиындыққа қасқая қарап сабағынан ерте үзілгені, алып шынарды мезгілінен бұрын ызғар шалғаны өкінішті еді бірінен. Сол өкініш, сол мұң-зар кеудеде қанша уақыт шеміршектей түйіліп келді. Сол түйіннің шетін «Қазақтелефильм» студиясы жақында түсірген «Міржақыптың оралуы» деп аталатын толық метражды деректі телефильм біршама тарқатып берді.

Ол қандай түйін? Бұрын бұрмалап келген тарихтың беті бері қарап, еңбектері жарық көріп жатыр. Алдағы уақытта оның он томдық жинағы басып шығарылмақ. Алаштың ақталған азаматтары арасында алғашқылардың бірі болып, экранға түсірілді. Енді айтылмаған не қалды? Міне, телефильмнің алдына қойған мақсаты осы күнге дейін көзден таса, көңілден өше бастаған сол қалың қатпардың жігін ажырату болған. «Оян қазақ!» деп санаға сәуле жүгіртіп, ақ патшадан да қызыл саясаттан да қөресін көрген қалың елдің қамын жеген алаштың осы бір арысы туралы бұлдыр-бұлдыр мұзтаудың енді-енді бір бұрышын күннің көзі жібітіп жатқан тәрізді. Сол тұтастай еру керек. Ақиқат соның астында. «Міржақыптың оралуы» телефильм-сол мұзтауға басталған баспалдақ.

Міржақып туралы талай жыл бойы беймәлім болып келген деректерді бастан-аяқ баяндау мүмкін емес. Сондай деректер алғаш рет жария етіліп отырғандықтан сол құжаттардың кейбіріне айрықша тоқталуға тура келеі. Соның бірі-«Алашорда ісі дейтін құжат Ұлттық қауіпсіздік комитеті архивінен алғаш рет алынды. Онда қырықтан аса алашордашының жауабы, дерегі сақталған. Соның үшінші томында Міржақыптың өз аузынан жазып алынған жауабы бар. Соның, әсіресе, күні бүгінге дейін аса құпия түрде сақталып келгені назар аудартады.

-Кейбір көркем дүниелерде Аманкелді мен Міржақыптың қарым қатынасы әр түрлі жазылып келеді. Содан бір мысал. 1919 жылы Торғай қаласы Аманкелді жігіттері мен алаштықтардың құзырында болды. Тура осы кезде Қостанайдан Торғайды алу үшін Желяев отряды аттанды. Осы уақытта қаладағы билікті қолына алған алаш отряды Желяевпен соғысқа әзірленді. Ғабит Мүсіреповтің жазуы бойынша: «Желяев таң ата шабуыл жасайды деген түні, Міржақып Аманкелдіні қаладан шығарып апарып атып тастайды», («Батыр большевик Аманкелді» Ғ. Мүсірепов. Таңдамалы 11 том. 474 бет) дейді осы оқиғаның- анық қанығын тарихи құжаттармен дәлелдеген фильмнің режиссері Қалила Омаров.

Ал сол оқиға туралы екінші дерек не дейді? Ұлттық қауісіздік комитеті архивінен табылған құжаттағы Міржақыптың өз аузынан осы айыптауға байланысты берген жауабы мынадай: «Көмекке жетуге Жанкелдиннен телеграма алып, «көктемгі лайсаңда жете алмаймыз» деген жауабымыздың орнына Иманов тура проводпен «мен барар едім, алаштықтар көнбей отыр»-деп ол келісуімізді бұрмалапты. өзіне көмекке келе жатқан Тұран тобымен бірлесіп бізді тұтқындамақ ойын сездік те оны қамауға алдық. Сонан соң, отрядтың алдынан шықтық. Оны қараусыздандырып, ертеңіне торғайға келсем, осындағы жігіттер қарбаласта Иманов пен тыңшылықта жүрген Таранды атып тастапты».

Міне, тарихтың екі бетінің бояуы. Бұл оқиғаға бұрын тек біржақты баға беріліп келеді. Алашорда туралы шындықтың айтылмағаны содан. Кінәлі жақтың үні шықпады. Өйткені, саясат солай болды. әйтпесе, қазақ елінің тәуелсіздігі осыдан қаншама жыл бұрын көтерілген десеңші. Халық сол бостандықтың сол кездегі құрбаны болған алаштың осы бір азаматын қазақ қарпін латындандыруға қарсы пікір айтқаны үшін, Кеңес өкіметінің дұшпаны деу қай қисынға келуші еді болмаса. Әрине, Міржақыпты ақтау Аманкелдіні, немесе ұлт-азаттық қозғалысы батырларын қаралау деген сөз емес. Бұдан Аманкелдідей халық батырының атына титтей нұқсан келмейді, дақ жұқпайды. Мақсат- тарихтағы әр оқиғаны, әр тағдырды өз орнына қойып, ағып ақ, қарсын қара деп тану. Халықтың өз перзентін өзіне, әкені балаға, баланы әкеге қарсы қойып келген салқын саясаттың астарында не сұмдық жатқанын аңғарту.

Өздерінің жоғары мәдениеттіміз деп есептейтін Балтық бойы халықтарының, Мәскеу, Санкт-Петербург, тағы бірталай қала тұрғындарының кеше құдайдай табынып, етегін гүлмен көмкеріп, тағзым етіп келген ескіден қалған көне ескерткіштерді құлатып, тұғырының түсіріп жатқаны бір кездері Міржақыпқа деген көзқарастың , түсініктің де осындай болғанын аңғартады. Өткенді тұтастай ақтау да, қаралау да қиын. Ескерткіш құлатумен тарих түзелмейді. Ендеше, халық туған перзентін бұрын екіге жарып, бірін мақтап, бірін даттап келсе, бұл сыңаржақ саясттың ықпалы болды.

«Азия» халықаралық газет. маусым 1993 жыл