«Коммунистік еңбек» 30 қараша 1989 жыл

Вид материалаДокументы

Содержание


Сонда бұл жырға қалай кез болдыңыздар. «Іздеген жетер мұратқа» деп бұл мраны табу да оңай болмаған шығар?
Сұрадың алың қандай, айылың қандай
Нан сұрап жас балалар ыйлап отыр
Мына сапарларыңда қырғыздың біраз жерлерінде болып қайтқан шығарсыздар. Өйткені біраз дүниелерге кез болғандарыңыз байқалады.
Заман Қазақстан, 23 тамыз, 1996ж.
Ақын жайлы ақиқат – экранда.
Тұлға туралы толғау
С. бердімұхамедұлы
Сіздің ойыңызша, сол айтылып, жазылып жүрген жанақайға не жетіспейді? Немесе не нәрсеге баса мән берілуі тиіс?
Подобный материал:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18

Бұл Жамбыл бабамыздың 1932 жылы қырғыз жеріне барғанда еліміздің ашаршылық, нәубет жайлы ақиқатты ашына жырлаған өлеңінің бастапқы бір жолы. Бүгінгі күнге жеткен бұл асыл мұрадан ақынның ел басына түскен зобалаңды жан – жүрегімен толғағанын байқаймыз.

Қалила, бұдан бұрындары он шақты деректі фильм түсіріп, бұл салаға әбден тәжірбие жинап қалдың. Жамбыл туралы фильм түсіруге де осы тәжірибелілігің, шеберлігің ескерілген болар.

Мағжан, Міржақыптар туралы кейіннен оқыдық, сондықтан олардың аттары ақталғаннан кейін мәлім болды. Демократия уақытына деп келгендіктен бе, бұл фильмдерге бірден кірістім. Ал Жәкеңе келгенде, шынын айтқанда, алғаш жүрексіндім. Жәкеңді мектеп партасына отырғаннан білеміз. Оның үстіне кеңес өкіметі кезінде оның өзгерістерін жырлап дүние жүзіне таңылған ақын. Жазушы, тележурналист Мұса Рахманбердиев бірден өзің түсіресің деп кесімін айтты. Сценарийді белгілі жамбылтанушы ғалым Сұлтанғали Садырбаев жазды. Кітаптарын алып оқып, іштей даярлққа кірістім. «Өтеген батыр», «Сұраншы батыр» жырларын оқыдым. Батырлар туралы жырлаған алып ақынды танығандай болдым. Оның үстіне кеңес өкіметінен бұрынғы шығарған өлеңдері Жамбылдың ұлылығын мойындата түсті. Бір ғана ұлт – азаттық көтеріліске арнап жыр жазуы, Романовтардың 300 жылдық тойын мадақтап, жырлаудан бас тартуының өзі заманына сай ерлік деп танысақ, соғыс жылдарында «Ленинградтық өренім» атты өлеңінің қиын сәтте жауынгерлерге рух беруінің өзі қандай керемет!

Фильм түсірер алдында ақынның 1933 -37жылдары айтқандары бар шығар деген ой мазалап, архивтерге, Сұлтанғали ағаға бардым. Ештеңе таппадық. 1932 жылы ашаршылықты көзі көріп тұрып, ақын ретінде үнсіз қалуы қалай деген ойға тірелдім.

Сонда бұл жырға қалай кез болдыңыздар. «Іздеген жетер мұратқа» деп бұл мраны табу да оңай болмаған шығар?

1932 жылы Жәкең қырғыз еліне барған екен. Көшпенді халықтар ішінде қырғыз, қазақ домбыраның қос ішегіндей туыс ел екені ежелден белгілі. Оның үстіне Жамбыл қырғыздың небір мықты ақындарымен араласып, сыйласып жүрген. 1916 жылғы патшаның июнь жарлығына байланысты ұлт азаттық көтерілісте қырғыздың 40проценттейі қырылған. Бұл өлеңді Кебек Шолақұлының немересі Батма Кебековадан алдым. «Қазақ пен қырғыз басына қиындық келген жылдары менің апам қазаққа келіп күн көрді»-деді.

1932 жылы Жамбыл Кебектің үйінде қонақта болады. Ол кезде Кебек Шоң- Кемін болысының төрағасы екен. Жамбыл да бұл елге бұрыннан таныс. «Елдің жағдайы қалай?» - деп сұрайды отырған ел ақыннан. Міне сонда Жамбыл өлеңмен былай жеткізіпті:

Сұрадың алың қандай, айылың қандай,

Балшайбек алып келген заңың қандай?

Айтайын өз жайымды билгенимди,

Аралап калык тұрмысын көргенүмду.

Эл иши өзгерүлуп, жаныланды,

Жарды – жалшы бар азырақ қаруланды.

Бұрынғы жұрт бийлеген үлкен жандар,

Ажырап мал – жанынан қайғыланды.

Ақындар ас мен тойда сыналады,

Жыршы да тоо суусындай құралады,

Арқырап сөз бермети аққан кезде,

Кары – жас баары бирдей кубанады.

Казакта ас менен тойдың азайғаны,

Жамбылдың басығының басайганы.

Айлыңа неше ирет келип едим.

Аргымак оозуын керип желип едим.

Азыр мен бұрынгыдай күлук емес,

Жыйынға шақырылмай үйде қалдым,

Шолақ ат мініп солоктап белде қалдым,

Адамдар бир шарбаға биригискен,

Балшайбек бириккин деп ұраан тастап,

Барлығы калкоз болып ирилескен.

Бас, аягын жыя албай азыр өкмет кыйналады,

Күн сайын жыйын құрып ырғалады.

Ашаршылық жее тумандай каптады қазақ халқын,

Тек адам биамейди го аштын баркын.

Нан сұрап жас балалар ыйлап отыр,

Аналар асыл жанын кыйнап отыр.

Аталар жан багуунун айналасында.

Кун-туну бар жанына тыным бербей,

Карындас, жек – жаат издеп куурап жатыр.Жәкең осылай деп ел жағдайын, ауыр халін бір шындығынын жасырмай, жеткізген кезде отағасы Кебек шошып кетіп:

«Ертең мені түрмеге салып қоймай ма?» деген екен. Отырғандар оның бұл сөзіне күліпті. Міне осыдан шығар қорытынды, егер Жамбыл бабамыз Арқа, Сыр, Алтай бойын көргенде бәлкім бір ғана жыр емес, «Өтеген батыр», «Сұраншы батыр» сияқты бір ұзақ дастан жазуы да мүмкін еді. Осы отырыста айтылған әңгімелеодің толық нұсқасы Б.Кебекованың кітабында жарияланады. Бұл өлеңді Батма апай 1994 жылы Жәмила Бәйбішеден жазып алыпты. Ал Батма жөніне келсек, ол – филология ғылымының кандидаты. Қырғыстанның Ұлттық Ғылым академиясының манастану және көркемөнер орталығында қызмет істейді. Бірнеше монографиясы жарық көрген. «Қырғыз қазақ ақындарының шығармашылық байланыстылығы», «Қырғыз, қазақ фольклорының байланыстылығы» деп аталады.

Екінші бір тапқан қазынам, қырғыз халқының атақты ақыны Балық ақынмен айтысы. Айтыс қырғыздың Бәйтік деген батырының ауылында өтіпті. Бәйтік ол кезде жасы жетпістер де болыпты. Жамбылдың отыздардағы кезі екен. Алдымен Балық тиіскен. Біраз алма кезек қағытудан кейін, Жамбыл ұзатпай сөзден жеңген. Балық қарымта қайтарам дегенде, Бәйтек батыр «Болды, болды» деп тоқтатыпты. Батырының айтқанына көнген Балық Жамбылды құшақтап ықылас, сый – сияпатын көрсетіпті. Бұл айтыс сөздері де фильмде беріледі.

Мына сапарларыңда қырғыздың біраз жерлерінде болып қайтқан шығарсыздар. Өйткені біраз дүниелерге кез болғандарыңыз байқалады.

Негізінен Бішкек арқылы Нарын облысының Байзақ ауылында болып қайттық. Бізбен бірге Кедейхан Сұлтанов деген манасшы еріп жүрді. Жамбыл жырлаған «Қыз Жібектің» вариантын ел ішінен жазып алып, қағазға түсіріпті. Ыстықкөлде болдық. Осы сапарымыздағы екі табысымызәлгінде айтқандарым.

Әрине, фильмнің бұл табысы ғана емес, әдебиетімізге қосылған жаңалық. Әрі жамбылтанушылардың да назарын аударар деген үміттеміз. Дегенмен, халық осындай жаңалықты бойына сіңірген фильміңді асыға күтіп отырған болар. Ендеше, Жамбыл туралы деректі фильмнің қалай жасалып жатқанын, кімдер қатысатындығын айтып өтсеңіз?

Фильмнің операторы – бүкіл фильмдерімнің барлығын түсіріп келе жатқан танымал маман – Мұстафа Өсеров. Фильмге режиссер етіп. Қазақ теледидарының редакторы, Жамбыл мұрасын көптен насихаттап келе жатқан, ақын Нұрлан Әбдібековті шақырттым. Қазір екеуіміз бірігіп жасап жатырмыз. Фильмді Жамбыл тойының қарсаңында толық түсіріп, әзірлеп бітіп ел ішінде көрсетсек деген ойымыз бар. Классикалық дүниелердің құдіреті қай заманда қандай жағдайда дүниеге келсе де сол заманға қандай жағдайда дүниеге келсе де сол заманға үндестігін білдіріп, соның қырларын ашып отырады .

Жамбылдың шығармашылығының құдыреттілігі қай заманда, қандай ортаны жырламасын, соның бәрін шынайы көрсете білуінде оның ешкімге ұқсамайтын даралығында. Сол тұрғыдан келгенде, фильм өзегі – Жамбыл бабамыздың мұраларының ұлылығын кеңінен сипаттау.

Қызықты дерегіңе, әңгімеге рахмет! Фильмдеріңнің тезірек түсіріліп бітін, халқымызбен қауышуына тілектеспіз.

Әңгімелескен Әнуар Тарақ

Заман Қазақстан, 23 тамыз, 1996ж.

Мың жылдық мұра – тың туындының тиегі

Тарих доңғалағын теріс айналдыру мүмкін емес. Қадым замандардан қалыптасқан ұлттық әдет-ғұрыптарымыздың кемтігін толтырып кәдеге жаратуымыздың өз халқымыздың сан ғасырлардағы еңбегінің жемісі болса керек. Қадамын тәй-тәй басқан жас қоғам, егеменді еліміздің болашақ игілігі үшін жасап жатқан еңбектері ұшан-теңіз екендігі шындық. Бұған Орталық кино Үйінде тұсаукесер рәсімі болған «Жамбыл: Адамзаттың ұлы жыршысы» атты екі сериялы ғылыми-деректі телефильм дәлел бола алады.

Фильмнің сценариін жазған филология ғылымының докторы, профессор Сұлтанғали Садырбайұлы – белгілі жамбылтанушы, білікті ұстаз. Көп жылдарғы еңбектің, талмай ізденудің жемісі бұл.

Фильм несімен құнды?

Ұлы ақын бейнесі экраннан асқақ, тым өзгеше болып көрінуі тегін емес. өйткені, мұнда көп сөзділік немесе ақынның өмірін баяндап, өлеңін жатқа оқу емес, біздің бай мұрамызға айналған Жамбылдың көзі тірісінде түсірілген деректі фильмдердің пайдаланылғандығында.

Бірінші бөлім ақынның өскен ортасы, туған жері хақында. Кешегі сұм заманның, ашаршылықтың құрбаны болған талайлар табиғаты тамылжыған туған жерін тастап, өлместің қмын ойлап, тағдырдың тар жолымен сан тарапқа шашырағаны да фильмнен тыс қалмаған. Сүйінбай мен Жамбыл арасындағы достық өлеңдерінің тарихи негіздеріне де арнайы тоқталған.

1913 жылдарда орыс басылымдарында Жамбыл Жабаев туралы деректер айтылған екен. Көпшіліктің «Жамбылды орыстар 1936 жылғы онкүндіктен бері таниды» деген пікірлері жоққа шыққандай. Орыстардың Жетісу жеріне деген қызығушылығы өмірге «Жетісу музыканттарын» әкелген. Онда әнші, ақындар, сал-серілер жәйлі айтылады. Мұрағатта сақталған құнды суреттерді пайдаланған.

Фильмді қоюшы талантты режиссер Қалила Омаров Жамбыл творчествосын оның өзі өмір сүрген заман мен бүгінгі өмірге сай етіп беруге тырысқаны көрініп тұр.

Фильм «Сұраншы батырды» пайдалана отырып, қазіргі қоғамдағы қазақтың әлеуметтік жай-күйін көрсетуге тырысқан. Туысқан қырғыз бауырларымыздың Жамбылдың құнды еңбектерін жинауға өз үлестерін қосқаны, ақынның өлеңдерін өз тілдерінде нәшіне келтіре оқығаны фильмнің жанжақтылығын тағы бір қырынан танытты.

Қндай да бір өмірге келген қойылым немесе көрсетілімнің мерейінің үстем болуы ондағы ән-әуенге де байланысты болмақ. Фильмде орындалған әндер оның әрін аша түскендей. Қобызға қосылып ән салған Бекболат Тілеухановтың қоңыр үні мен күңіренген күй бейне бабаны жоқтағандай, іздегендей әсерге қалдырады. Сондай-ақ бұл фильмнің музыкасын жазған Бекболат Тілеуханов.

Ұлы Жамбылдың 150 жылдық мерейтойына байланысты, еткен еңбектерінің өтеуі ретінде автор Сұлтанғали Садырбайұлы, режиссер Қалила Омаров және фильмнің операторы Мұстафа Өсеров Жамбыл атындағы халықаралық сыйлыққа ие болды.

Жүз жасаған Жамбыл ақынның мың жылдық мұрасын болашақ ұрпаққа аманат етер тағы да бір құнды дүние өмірге келді.

Рая ЕСКЕНДІРОВА


«Алматы ақшамы» 23 тамыз 1996 жыл


Жыр алыбының құрметіне


Ақын жайлы ақиқат – экранда.

Деректі кино түсірудің шебері, республика жастар сыйлығының лауреаты Қалила Омаров Әркез тың ізденістермен, уақыт ағымына орай жаңалықты бойына сіңірген тартымды туындылар беріп жүр. Жамбылдың 150 жылдық тойына арналған ғылыми – танымдық екі сериялы деректі фильм «Жамбыл: адамзаттың ұлы жаршысы» деп аталады. Жақында осы фильм алдымен Кино үйінде, сейсенбі күні «Қазақстан-1» телеарнасы арқылы жалпы көпшілікке көрсетілді.

Түрлі – түсті бір сағаттық деректі дүниенің сценарийін белгілі жамбылтанушы, филология ғылымдарының докторы С.Садырбаев жазды. Ол сценарий авторы ретінде кинода Жамбыл шығармашылығына,оның өмірінің лентада көрсетілетін кезеңдеріне түсінік береді.

Экран алдымен Алатаудың әсем баурайын, Суықтөбе, Құлансаз сияқты Жамбыл өмір сүрген, жүрген сұлу мекенді көз алдыға тартады. Бір сәт Сүйінбай зиратын, одан кейін жамбыл кесенесін көрсету арқылы, ұстаз бен шәкірттің күні кешегі мағыналв өмірі жыр-ғұмырда жалғастық тапқанын аңғартады.

Әрине фильмде Жамбылдың шаруашылықтарды аралап, еңбекшілермен кездесуі, Мәскеуге сапары ақын – жазушы, өнер адамдары арасында болуы оның өмірінің елеулі кезеңдері ретінде тарихи кинодеректермен толықтырылған. Ара – тұра жырлары да жас орындаушылар арқылы жетіп отырды. Ақынның социализм дәуіріндегі жырларынан әлдебір қателік іздеген кейбір зерттеушілердің солақай пікірін академиктер Серік Қирабаев, Зәки Ахметов жоққа шығарады, нақты дәлелдер келтіріп, жыр алыбын жалған қаралаудан арашалайды. Айқын болмасада сол кездегі дыбыс жазу жүйесінің әлсіздігіне қарамай жеткен ақынның асқақ үні де еріксіз қызықтыра түседі.

Қазақ пен қырғыз арасын жарқын жырларымен дәнекерлестірген Жамбылдың Алатау асып барғанда жырлаған «Қыз Жібек» лироэпосының нұсқасын да қырғыз ағайындар жарасымдылықпен орындайды. Тағы бір жаңалық – ол Жамбылдың елдегі ашаршылықты қырғыз ағайындарға жеткізуі дер едік. Оны қырғыз ғалымы, филология ғылымдарының кандидаты Батма Кебекова әкесінен жазып алып қалған. Сол сияқты қырғыздың Балық ақынымен айтысы жайлы да деректер ұлы ақынның суырып салмалық талантының жаңа бір қырын танытады.

Фильм ақынның шығармашылығы мен өмірінің маңызды кездерін көрсетеді. Бұрынғы деректі – хроникальді ленталар да ұтымды пайдаланылған.

Әрине фильм мазмұнын бұдан да әрі байытып, жаңа дүниелермен, деректермен толықтыру – қаражат көзіне байланысты екені белгілі. Дегенмен, аз ғана уақытта шағын да болса шындықпен шырайланған деректі лента түсірген режиссер Қалила Омаровқа оператор, республика Жастар сыйлығы лауреаты Мұстафа Өсеровқа, редактор Мұса Рахманбердиев, композитор, «Дарын» сыйлығының лауреаты Бекболат Тілеухановқа ел алғысы да айтыла жатар. Бұл деректі фильмнің тағы бір ерекшелігі, жоғары оқу орындары мен мектептерде танымдық көрнекі құрал ретінде пайдалануға болатындығы. Дегенмен Жамбыл өмірінің ғибраты мен шығармашылығының дәуірлерге ұласар ұлылығын деректі экран сәтті жасай білген. Фильм осы қырымен де бағалы. Жамбыл өмірі мен мұрасы әлі де талай фильмдердің өзегіне айналары кәміл.

Ә.Тарақ

Қазақ әдебиеті, № 36, 3 қыркүйек, 1996ж.

Тұлға туралы толғау

«Қазақтелефильм» Жамбыл Жабаев туралы екі сериялы деректі фильмді түсіруді аяқтап, ұлы ақын тойы қарсаңында оның тұсау кесуі рәсімін жасады

Бағзы замандағы бабаларымыз: «Үш ай тауда, үш ай бауда, үш ай далада, үш ай қалада тұрғанға не жетеді?» дейді екен. Табиғат төрт мезгілінде өмір сүрудің рахатын білген соң сөйткен шығар.

Шынында да қазақтың таулары мен даласы қандай?!. Бұл тарихи топырақты толқымай, тебіренбей басу мүмкін емес. Онда қаншама сөз саңлақтары ғұмыр кешті. Құмбел, Қарақия, Құлансаз, Қарабастау, Суықтөбе, Құлантөбе, Қара Қастек, Қаскелең... Бәрінен де асқақтап апайтөс Алатау тұр. Асқарларға қарап тұрып, көз алдыңа неге тау тұлғалар келеді? әлем әдебиетіндегі Абай шыңы, Жамбыл шыңы етекте рәсуа еңбектеп жүрген пенделерге оңайлықпен жеткізе ме?

Қазіргі кинематографтардың бейнелеу құралдары өте бай. Оның қай тұлғаны да жарқыратып көрсетуге мүмкіндігі аса мол. «Жамбыл: Адамзаттың ұлы жыршысының» авторлары аса жауапты тақырыпқа барғанда осы жағын мықтап ескергендей. Бұнда там-тұмдап болса да тың деректер көзі ұшырасып, тың мәліметтер кездеседі.

Қазақта кім көп? Ақын көп. Бірақ Абай біреу. Абыз. Жамбыл жалғыз. Біз оларға алтын қайнарға қайырылғандай қайта-қайта бас қоятынымыз сондықтан. Туасы Жамбыл Жабаев бейнелеу өнерінде аз сомдалған жоқ. Жан-жақты шұғылалы шығармаларымен тұтас дәуірлерді қамтитын Жамбыл Жабаев біздің әдебиетіміздегі қайталанбас мәңгілік және әлемдік құбылыс. Ганг жағасынан Нобель сыйлығының лауреаты Рабиндранат Тагор, альрінің ар жағынан Ромен Роллан, алыс Австралиядан Сусаина Примчандтың ақын атына 75 жылдық мерейтойына байланысты қызу құттықтау жолдауы жайдан-жай емес.

Жеке айшықты айтыстары мен жанды жадырататын жырларын былай қойғанда, он бес күнге дейін жырлайтын «Көрұғлы», «Қыз Жібек», «Сұраншы» мен «Өтеген батырлар» бір марқасқа ақынның маңдайына аздық етпейді. Бұлардың мыңдаған жолдарын зердеде сақтап қалу үшін қаншама қадір-қасиет пен қабілет біту керек бойға. Ол ұлттық әдебиеттің балаң кезінде оның табалдырығын жүрек лүпілі және үлкен тәуекелмен аттап, шалқар шабытты шағын, кемел кезін көрді.

Сценарий жазған филология ғылымының докторы Сұлтанғали Сабырбайұлы жамбылтануда жаңа есім емес. Ол соған ұзақ жылдар бойы көп қайрат-жігері мен азаматтық табандылығын жұмсаған ғалым. Оның Ж.Жабаев шығармашылығын төңкеріске дейін, одан кейін деп қарастырмағаны қатты қуантады. Бұл әлдекімге жеңілдік жасағандық емес, өнердің өзі сондай. «Өстепкіде», «Зілді бұйрық» және басқа да жырларды тудырған жырау он үшінде Сүйінбайдан бата өлең өлкесіне ерте шыққаны бұлтартпайтын шындық. Ол халық ауыз әдебиетіндегі дархан дәстүрлер мен ұлы үрдістерді қаршадайынан ана сүтімен бойына сіңіріп өсті.

Кинорежиссер Қалила Омаров, операторы Мұстафа Өсеров пен композиторы Бекболат Тілеуханов, (редакторы Мұса Рахманбердиев) толғауы терең тақырыптың бізге беймәлім жақтарын алға тартқандай. Көненің көзіндей халық сазының қайырымдары туынды табиғатымен астасып, жаратылысын жарқыратып, тарих қойнауына сүңгітеді. Бейтаныс кадрлар мезгіл шаңынның астында қалмай, бүгінгі көрерменге көп жайды баян етіп тұр. Қарт ақынның арқасына шәйі шапан жауып жатқан С.Эйзенштейн, күрең жорғамен жосылтып өтетін Жамбыл, жаңа ұйысқан ұжымды аралап жүрген жырау – бәрі-бәрі нақты бейнесін тауып жатыр. Оның Сәкен, Ілияс, Сәбит, Ғабит, Дина, Күләш, Шара және басқалармен адами аралас-құраластығы мен сыйластығы достықтан да жоғары тұрған дәнекер. Сонымен қатар, «Жамбыл: Адамзаттың ұлы жыршысы» дәйекті фильмінде қиын заманның әртүрлі көріністері көзге ұрып, уақыттың ыстық ырғағы мен асау ағыстар көңіл тербейді. Ондағы жалт ете қалған ақындар, қайраткерлер мен әншілер тағдыры ешкімді де бей-жай қалдырмайды.киногерлер әлі де болса ұлы жыраудың лауазымды партократтар, ауылдағы шолақ белсенділер және тасадағы бойкүйездермен күресін аша түскенде биік болмыс одан да асқақтай түсер еді.

Асылы халықтық туынды жеке әлдекім мүддесін көздемейді. Ол жалпы биік асыл мұраттарға қызмет етеді. Осы жағына келгенде оның ауқымды әрі тынысты болғанына не жетсін! Фильмде кезінде Жамбыл Жабаевтың хатшысы болғандардың көзі тірісі аса көрнекті ақын Әбілдә Тәжібаев сөйлегенде шығарма құндылығы одан да арта түсе ме деген ой келеді. Әрине, әр мұражайдағы қырық құрау дүниелерден тұтас туынды шығару да оңай емес. Соған қарамстан «құласаң нардан жығыл» демейтін бе еді. Қалай дегенде де үлкен тұлға туралы толғау бұл. Жамбыл Жабаев ақындығы мен жыраулығын танытар жолдағы құтты қадам.

С. БЕРДІМҰХАМЕДҰЛЫ


«Жас Алаш» 31 мамыр 1997 жыл


Режиссер- документалист Қалила Омаров:


Бала – шағаның сөзін айтатын уақыт өтті...

Саяси қуғын – сүргін аштық, басқа да ақтаңдақтар тақырыбы қазір жиі қозғалып жүр. Осы құбылысқа, немесе жағдайға, Қалила, сіз қандай сипаттама берген болар едіңіз?

Өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілгендей бір күйдеміз. Бірақ тарихты аршудағы саналы іс- әрекет пен парасаттылығымыз қаншалықты деңгейде? Таяуда ғана ел ішінен келдім. Қариялар: «Репрессияға ұшырағандардың бәрінен бірдей керемет қайраткер жасағыларың бар. Мақұл, жассыңдар, көп нәрсені біле бермейсіңдер. Бірақ, сол кеткендердің ішінде «әйтеуір жоспар орындасақ болды», деп жүргендеодің де болғандығын көзіміз көрді ғой. Сонда қалай?..» деп отыр. Кейде, рас, бізде науқангершілік белең алып кетеді. Мысалы, теңіздіңсуы бір мезетте келеді жағаға, енді бір мезетте кетеді. Сол сияқты өмірде де келген ағыс небір азаматтарды, сонымен бірге елдің есін де жуып – шайып, алып кетті. Енді кері бір қозғалыс басталды да, соның бәрін қайта алып келіп жатыр. Былайша айтқанда, ақ пен қара қайта қойылуда.

Сіздің ойыңызша, сол айтылып, жазылып жүрген жанақайға не жетіспейді? Немесе не нәрсеге баса мән берілуі тиіс?

Заманынан ақылы асқан алаш арыстарының қай – қайсысы да сол өз уақытының ағысына қарсы бара жатқандығын білді, жалпы дүрмекке қосылып кеткен жоқ. Олардың құдреттілігі сонда. Бүгін ақталып жатыр. Жүректе жанайқай көп, әлі де айтылар. Бәрі дұрыс. Бірақ біз бір нәрсені түсінбей жүрміз. Шын мәнісінде, бұлай айтуда, көрсетуде тұрған ештеңе жоқ. Мұның бәрі бүгінге, болашаққа қалай қызмет етеді? Міне, мәселе осында.

Өз кезеңінен биік тұрып, елінің болашағын көре білген Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжандар не үшін күресті, неден қауіптенді? Олардың құрбандыққа шалынып кетуіне негіз болған сол кешегі арман – мұраттың, идеяның бүгінгі қоғамдағы тағдыры, көрінісі қандай деңгейде? Осы негізде уәж айтатын, түйін түйетін дүние болса, мен оларды оқуға да, көруге де аса ықыластымын.

- Ал, режиссура ше? Тап осы тұрғыдан алғанда, оған қандай талап, қандай талғам тән?

- Меніше, 90- жылдардың режиссурасы өшкендерді жандырып, жаңғыртатын режиссура. Бұл не деген сөз? Оларды өшірген заман болды, замандастары болды. Қиянат жасағандар жеңді. Бүгінгі режиссураның міндеті мен талғамының оқшаулығы – сол «жеңгендерді» тәубесіне келтіріп, «жеңілгендерді» жоғары көтеруде болып отыр. «Алай болды», «Былай болды» деп бала шағаның сөзін айтуды қоятын уақыт жетті. Мұндағы айтайын дегенім, тағы да сол мәселенің мәнісіне үңілуге қатысты. Кез келге нәрсенің екі жағы болады. Біз көбінесе біржақты ғана қарастырамыз. Мысалы, жазықсыз жапа шеккендерді айтамыз. Ал, соларға қиянат жасағандар кім? Кінәлілердің бір де бірі жазаланған емес. «Бүгінгі ұрпағы бар, басқасы бар» деп, неге жылы жауып қоюға тиіспіз! Халқына қиянат істеді ме, ол кім болса да жауап берсін: уақыт, адамзат, ең болмаса өзінің азаматтық ар – ұяты алдында...

Осы тұрғыдан алғанда, бізде барлық жайтты жан – жақты електен өткізу жетіспейді. Елдің танымын тереңдететін де, биіктететін де ойды айта алған бірден – бір режиссер Аяған Шәжімбаев еді. Өкінішке орай, тағдыр тым ерте алып кетті. Ал, оның ізін кім басады, қандай ой, көзқарас алып келеді, мен білмеймін.

Мағжан, Міржақып сияқты алаш арыстарын көрсетумен бірге, аштық ақиқатын өзек еткен «Нәубет» фильміңіз арқылы сіз халық трагедиясының тағы бір пернесін бастыңыз. Осыдан бес жыл бұрын сол фильмнің тұсаукесері өткеннен кейін, біраз адамдардың «мұнда аштық оқиғасы тым әсірелеп көрсетілген, режиссер сезімге қатты беріліп кеткен» дегендей сөздер айтқаны бар. Сонда мен «бұл – біздің халқымыздың қаншама қасіретті бастан кешірсе де өзін мүсәпір етіп көрсетісі келмейтіндігі ме, немесе шындықтың бетіне тура қарай алмағандығы ма?...» деп ойлаған едім. Сол «Нәубет» туралы өзіңіз не айтасыз?

«Нәубет» түсіріліп болғаннан соң біршама елшіліктің адамдары арнайы келіп көріп, германиялықтар өз елдерінде көрсету үшін сатып алмақ болған. Тап сол кезде мен Міржақып Дулатовтың мәйітін әкелуге Карелияға кеттім де қайтып келсем, фильмдегі өткіруытты кадрдың бәрін директорымыздың өзі қиып тастапты. Басқалардың да бар айтқандары: «Сен өзіңнің халқыңды дүние жүзі масқаралайын деп отырсың». Сонда қазақ халқының тең жартысы қырылып, қу медиен далада қаңсып жатады, жартымыз солай құрып кетеміз, бұл масқара емес те, сол кездегі Совет өкіметінің қазаққа жасаған қиянатын ашық көрсеткен кино масқараболып шыға келеді! Бұған не деуге болады? Өздерінің отаршылдық саясатын әшкерелейтін фильмді көрсету – орыс мемелекетінің өзіне – өзі ор қазғандығы болар еді. Болмаса, алғашқы фильмім «Тәушенді» ОРТ бір емес үш мәрте көрсетті. Сонда кейінгі киноларымды кім көруі керек еді? Басқа мемлекеттер. Ал, оларға жетуіне шығуына мүмкіндік бермеген – өзіміздің жігіттердің жалтақтығы, жасықтығы. Бұл ешқандай да намысшылдық ұғымымен сыйыспайды.

Осы орайда, мен өзімнің тап осындай ақтандақтар негізінде жұмыс жүргізуіме ықпал еткен рухани әкем ретінде марқұм Кәрім Таңдаевты және Мұса Рахманбердиевті ерекше атар едім. Барлық фильмдерімді қадағалап, жөн айтып жүретін Сергей Азимовке де ризашылығым зор.