«Коммунистік еңбек» 30 қараша 1989 жыл
Вид материала | Документы |
- Конституционная реформа в России (1989-1993г.), 376.36kb.
- Руководство по борьбе с насилием в семье, 126.99kb.
- Дацышен Владимир Григорьевич доктор исторических наук (2001), профессор кгпу. В 1989, 206.68kb.
- Учебного заведения и его местонахождение, 70.52kb.
- Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің бұйрығы, 7507.09kb.
- 1989 Kotenkova E. V., Osadchuk A. V., Lyalyukhina S. I precopulatory isolating mechanism, 207.56kb.
- Антропогендi фактор, 77.88kb.
- М. Әуезовтың «Абай жолы» романы, 152.68kb.
- Гаагская декларация по туризму межпарламентская конференция по туризму проведена, 355.3kb.
- Бюллетень новых поступлений, 1337.31kb.
Манадан бері айтылған сөздің, ойдың бәрін «Саяси қуғын – сүргін, басқа да ақтаңдақтар мәселелерін әдеттегі дабыра – даңғазаға айналдырмай, негізінен одан сабақ алып, бағыт – бағдарымызды саралауға мән берген жөн» деп түйіндеуге болиайтындай. Дей тұрсақ та, өзіңіз айтқандай, тарихты аршуға бағытталып жатқан барлық ізгі ниет, мақсат – мұраттардың мәнісін сіз қалай түсінер едіңіз?
Ұлттық иделогияның Темірқазығын мықтап ұстанбайынша, ақ пен қараның да, ненің кем екендігінің де ара – жігін бағамдау мүмкін емес. Меніңше, бүгінгі жасалып жатқан тіршіліктің бәрі ең әуелі сол Темірқазықты айқындауға қызмет етуі тиіс. Рас, біздің қазіргі заманымыздың да өзіндік ауыртпалықтары болмай тұрған жоқ. «Ана жерде алай боп жатыр », «мына жердегі жағдай мынадай» деп жүргендеріміздің бірі негізсіз болса, бірінің негізі бар. Солай дей тұра, мен саясат та, басқа да ең алдымен еліміздің егемендігі үшін әрекет етуі керек деп ойлаймын. Өмірдің қарапайым шындығының өзі сол: адам ең мұқтаж нәрсені бірінші іздейді. Ал, ащы – тұщының дәмін бірдей татқан біздің еліміз халықтық тұрғыдан алғандағы сондай бірінші кезекті қажеттілік - егемендік екенін білмейді емес біледі. Сол үшін де тек адалын айтып, ақ сөйлеген абзал.
Роза Қара
«Беу, қыздар-ай!» 2002. – қазан № 2.
Мөлдіреген қара көздерін-ай!
Қыздар сендер туралы айтуға қиналамын. Тәуекел... Алдымен сонау балалық шағымда бір партада отырған Шырынкүл есімді қыз түседі.
Ән сабағы болатын. Жұрт қатарлы менде шығып ән айттым. Кім өзін жаман десін?! Оның үстіне, өз еркімен өмір сүріп, ешкімге дес бермей жүрген баламын. Бірақ олай болмады.
Шырынкүл:
Қалила, еенді сен бүйтіп ән салмай-ақ қой. Мынауыфң не, жарапазан ба өзі? – деген аппақ тістері сақ-сақ күліп...
Осыдан кейін өмір бойы аузымды ашпай кеттім. Мұрнында сүртіп үлгермеген жеті жасар қыздың билігі мынадай болса...
Сұлу әйелді көргенде, ақылды әйелді аяймын, - деп ақын Қадыр Мырза Әлі ағамыз айтқандай, қазақтың қаншама ақылды да, ару қыздары бар.
Алаш арыстары – Мағжан мен Міржақыптың жансеріктерін айтсаңшы! Па, шіркін! Қара көздері мөлдіреп концлагерьге дейін арттарынан іздеп барған...
Ар-ұятты шүберекке түйіп қойып, Сайын көшесіне шыққан кішкентай қызды да көрдім, ауру анасын асырап жүрген...
Мөлдіреген қара көзін көрсең?!...
Қара көздерге табынушылардың бірі Қалила Омаров
Кинорежиссер, Қазақстан Жастар Одағының лауреаты
«Қазақстан». Ұлттық энциклопедия / Бас ред. Б.Аяған. – Алматы:
«Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, 2003. – 720 бет. – 10 томдық. – 5-том. 408-б.
«Қазақтелефильм» - экрандық-шығармашылық ұжым, ҚР Телевизия және радиохабар жөніндегі мемл. к-ті жүйесіндегі телевиз. киностудия бөлімі. 1969 ж. құрылған (1994 жылдан бастап Қазақстан телерадио корпорациясы). 1967ж. Қазақ телевизиясының әдеби-драмалық хабарлар бас редакциясы жанынан телефильм жасайтын бөлім ретінде ашылған, кейін осының негізінде «Қ.» болып құрылды. «Қ.» студиясының құрылымнда екі шығарм. бірлестік болды: «Хроника» шығарм. бірлестігі телевизияның барлық редакцияларына 16мм кинотаспаға күнделікті кинотүсірілімдер жасаумен айналысты; «Шығармашы» өндірістік бірлестігі кино мен концерттік бағдарламалар түсірумен айналысты. Ол төрт шығарм. сала бойынша кинотуындылар жасады: деректі телефильм, көркем және мульт. фильмдер, театрды экрандау; киноконцерттік бағдарламалар жасау. Фильм жасау ісіне Б.Ғабитов-Жансүгіров, О.Дүйімбаев, Б.Теткин, Т.Ыбраев, Қ.Ахметов секілді режиссерлер тартылды. Бас оператор Е.Тынышбаев болды. Г.Смирнов, А.Федулов, Ю.Дубровин шақырылды. Студия 1967-92 ж. екі мыңнан аса телефильм түсіріп, экранға шығарды. 1993ж. «Қ.» студиясын мемл. қаржыландыру тоқталғаннан кейін, фильм түсіру тоқталды. Студияға бейнетехнол. құралдарды пайдаланып, фильм жасау міндеті қойылды. Осы кезеңнен бастап «Қазақтелебейнефильм» деп аталған студия «19 ғасыр басшысы» деген айдармен 10 деректі фильм-портреттер сериясын жасады. «Күлпаш» атты көркемсуретті фильм түсірді және әр түрлі тақырыпта 12 бейнефильмді экранға шығарды. Сонымен қатар, басқа студиялар түсірген 14 мультфильмді қазақшаға аударды.
Республикада «Қ.-нен» басқа Қазақстан Президентінің телерадио кешені және бірнеше тәуелсіз телеарналар бейнетелефильм жасау ісімен айналысады. «Қ.-нің» шығарған кинотаспалары телевиз. фильмдердің Бүкілодақтық фестивальдерінде әлденеше рет жүлделі орындарға («Мұғалім» сценарийі П.Бортниковтікі, реж. Н.Әлпиев, 1982; «Домбыра шегі» сценарийі С.Морозовтікі, 1983) ие болды, ал «Сынақ» фильмінің авторлары (сценарийін жазған Ғ.Шалахметов, реж. М. Голдовская) Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлығын алды. 2002 ж. Ш.Айманов атынд. «Қазақфильм» киностудиясында Телефильм шығарм. бірлестігі ашылды.
Қ.Әбжанов
«Қазақ әдебиеті» 2003. - № 29
Деректі фильмнің тұсауы кесілді
15-шілде күні Алматыдағы Кино үйінде режиссер Халила Омаровтың «Дүкенбай жолы» аттыдеректіфильмнің тұсау кесер рәсімі болып өтті. Осыған дейін көпшілік қауымға «Кісен ашқан», «Тәушен», «Атамекен», «Жамбыл адамзаттың ұлы ақыны», «Мағжан» секілді бірқатар деректі фильмдермен белгілі болған режиссердің бұл туындысының бас кейіпкері дарынды жазушы Д.Досжанов. Фильмде жазушы замандастары О.Сүлейменов, Ә.Кекілбаев; М.Мағауин, Г.Бельгер, В.Вадиков, Т.Молдағалиев, Ә.Сығай, М.Әлиевтер қаламгердің өмірі мен шығармашылығы жайында өз ойларын ортаға салады. Сценарийдің авторы әрі продюссері Әлжан Абдуллаев.
Қ.Мейрамбекова
«Жаңақорған тынысы» 2003 жыл. 29 мамыр
Шығармашылық сапармен келді
Өткен аптада ауданымызда Мемлекттік және М.Әуезов атындағы сыйлықтың лауреаты, жазушы Дүкенбай Досжан және республикалық жастар сыйлығының лауреаты, кинорежиссер Халила Омаров шығармашылық іс-сапарда болды. Аудан әкімінің мәжіліс залында мекеме, ұжым басшылары және жұртшылық өкілдерімен кездесу өткізілді. Аудан әкімі Нәжімадин Мұсабаев жазушының шығармашылығына тоқтала келіп, сөз кезегін Д.Досжанға берді. Дүкенбай Досжанұлы өзінің шығармашылығы туралы тоқтала келіп бұл сарпарда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың жазушының 60 жасқа толуына орай деректі фильмге түсуге байланысты тапсырмасына сәйкес туған ауылға келгенін мәлімдей келіп, сөз кезегін фильм режиссері Халила Омаровқа берді.
Халила Омаров деректі фильмді түсіру маңызына тоқталып, бұл фильмді түсіруге қаржы бөліп демеушілік жасаған жерлесіміз Әлжан Бекарысұлы Абдуллаевқа алғыстарын жеткізді. Аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы И.Байғожин, № 3 дарынды балалар мектеп интернатының директоры З.Шермағанбетов, № 125 С.Сапарбеков атындағы орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Тілеубергенова тілектерін білдірді.
Кездесу барысы бейнетаспаға түсірілді. Д.Досжан мен Х.Омаров мұнан кейін № 51 М.Қаратаев атындағы орта мектепте ұстаздар мен оқушылар арасында болып кездесу өткізіп, соңынан жазушының туған жері ынтымақта болып қайтты.
Е.Қалдыбек
«Алматы ақшамы» 7 маусым. 2003 жыл
Қалила күлдіреді, Доқтырхан түрлендіреді
Сейілғазы Әбдікәрімов.
Таңның атысынан түннің бір уақытына дейін телеөнерінің шығармашылық қызметімен айналысып жүрген журналистерде, режиссерлерде, операторларда уақыт жеткен бе? Онда да жайдан-жай тентіремейді, бос кезбейді, суша ағып жатқан алтын уақытын халық игілігіне жаратады. Өмір өзегінің өрімтал өміршеңдігін жақсылап көрсететін мазмұнды телехабарларды дайындайды. Ең алдымен тетігін тауып, тесік, кемшілігін қалдырмай ұйымдастырады, содан соң ыждақыттылықпен іске кіріседі, бейнекамераға түсіріп алады, одан кейін сана елегінен екшеп бір өткізген соң артығын қиып, жетпей жатқан жерін жалғап, монтаждайды. Кадрден тыс оқылатын дикторлық тексін әзірлеп, телехабардың сырын ашатын музыка үнімен көркемдейді. Міне, осындай маңызы бар, машақаты мол мамандықтың тізгінін ұстап, бүкіл саналы өмірінде телестудияның табалдырығын тоздырған журналист Доқтырхан Тұрлыбек бүгін де республика оқырмандарына белгілі сатирик жазушы болды.
Жарғақ құлағын жұмсақ жастыққа жабыстырмай, түнгі ұйқысын төрт бөліп, өз оқырмандарына бірнеше сатиралық кітаптар берді. Нақтылап айтқанда, «Түбі түскен шелек және сыпыртқы», «Сталиннің мүштегі», «Қазақы қалжыңдар», т.б бар.
Енді, міне, кеше ғана «Гаухар» баспасынан жарыққа шыққан «Қалила Қожаның хикаялары» деген жылы юморға толы кітабын тілге тиек етеміз.
Доқтырханның кейіпкері - Қалила – республикаға танымал режиссер. Қалила Омаров – Қазақстан Кинематографистер одағының мүшесі, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты, Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлықтың иегері. Осы Қалила сатирик жазушы Доқтырханның қаламына ілініп, объектісіне айналған. Күнделікті тіршілікте жиі кездесетін, сан алуан оқиғаларды Қалиланың басына үйіп, төге салған. Түптеп келгенде, Доқтырханның жазып отырғаны бүгінгі біздің замандастарымыздың басынан өтіп, аяғына оралып жатқан қилы – қилы қызықтар, таңдай қағып тамсанатын хикаялар. Автордың жазып отырғаны сіздің, біздің, барша пенденің өмірінде жиі кездесітін нәрселер. Бұл жағынан Доқтырхан жеңіске жеткен. Режиссер Қалиламен бірге жүріп, республиканың түпкір – түпкірін шарлаған әккі редактор Доқтырхан көп оқиғалардың куәсі болғанын байқаймыз. Соның барлығын тізіп жаза бермей, тек қана қызықтырып, қызықтысын, оқырманды ойландыратын тиімділерін ғана іріктеген. Өте орынды жасайды. Егер дәл осылай сұрыптамаса, оқырманын жалықтырып алуы әбден мүмкін. Доқтырхан осының баолығын әу баста-ақ ойлап, есіне мықтап сақтаған. Автор кітапты жазу үстінде өзінің оқырмандарын ойлаған. Кітапта әлсіз, нәрсіз, бір қайнауы ішінде қалған, жілік майы татымайтын артық дүниелер мүлде жоқтың қасы. Доқтырханның еріксіз езу тарттырар әрі қысқа, әрі нұсқа хикаяларының ойы орамды, астарлы, тілі шұрайлы болып келеді. Ендеше, бұл жағынан Доқтырхан Тұрлыбеков қателеспеген.
Автордың «Қалила Қожаның хикаялары» кітабына елуден аса шағын әзіл әңгімелері топтасқан екен. Әр әңгіменің оқиғасына тоқталып, әр әңгімесін таразылап, талдап жазуды біз маңсұқ етпедік. Міндетте емес. Ең керегі, жылы юморы бар, оқуға жеңіл езу жимастан рахат күй кешіп, деміңізді алып, тыныстап отырып оқисыз.
Қазір не көп, баспа үйлері көп. Сол баспалардан жарық көріп жатқан әр түрлі тақырыпты қамтитын кітаптарда сан жоқ. Сол көжедей көп кітап сымақтардан оқырмандар жалықты. Оның орнына «Қалила Қожаның хикаялары» сынды кітаптар көбірек жарық көрсе, бұл абзал болар еді.
«Журналист» тамыз 2003 жыл №9
Деректі фильм: бүгінгі көзқарас
Жуырда белгілі жазушы Дүкенбай Досжанның шығармашылық өміріне арналған «Дүкенбай жолы» атты деректі фильм жұртшылыққа ұсынылды. Режиссері – Қалила Омаров, сценарийін жазған – Әлжан Абдуллаев. Көрермен жүрегіне жол тапқан осы туынды бүгінгі қазақ деректі телефильмі төңірегінде сөз қозғауға себін тигізді. Сұхбатымыз – режиссер Қалила Омаров.
«Дүкенбай жолы»: Әбіш Кекілбаев – Сол кезде қазақ қауымының тарапынан тарихи тақырыпқа деген ішкі зәрулік өте мол байқалды. Біздің тарихымыздың көптеген ғасырлары, көптеген кезеңдері қазақ оқырманының көзінен тасада жатты. Соны алдымен ұққан қаламгердің бірі ретінде Дүкенбай Отырар туралы повест жазды. Қазір қазақ әдебиетінде кеңінен танымал болған бұл тақырыптың алғаш сауырына соқа салған Досжанов десек, ол тарихи шындыққа қиянат болмайды».
«Дүкенбай жолы» деректі фильмі әлі қалың көрерменге жете қоймаса да, зиялы қауым арасында талқыға түсіп, жылы лебіздер айтылды. Бұған дейін 20-ға жуық деректі кино түсіріпсіз. Кейіпкерлердің дені – қазақтың маңдайына біткен жарық жзұлдыздары. Бұл жолғы қаһарманымыз – жазушы Дүкенбай Досжан. Осы туындыңыз жайында бірер сөз...
Социализм күпісін капитализм шекпеніне ауыстырған тұста қоғам өзін – өзі насихаттайтын деңгейге әлі жетпеген кезде киноның күйі мәз емес екені түсінікті. Өйткені, Кеңестік жүйе өз идеологиясын әспеттеуді баспасөзге ғана емес, жалпы өнер адамдарына жүктеген. Арқасынан қағып, атаққа бөлеп, сыйлық беріп, алдар қатып отырған қоғам өшкен соң, әрине, өнер адамдары тоқырауға ұшырағаны жалған емес. Әр суреткер өз уақытына өз деңгейімен жауап береді. Менің мақсатым – қазіргі құбылыстарды, өзгерістерді қалай, не арқылы көрсету. Ойбай, халық қиналып кетті деп байбалам сала беруге болар, бірақ ол кімге әсер етеді? Осындай әрі – сәрі күйде жүргенде Дүкенбай аға туралы кино түсір деп қаржы көзін ашып берген соң құлшына кірістім. Өзім Жаңақорғанның түлегімін. Жерлесім әрі досым Әлжан Абдуллаев екеуміз Ленинградта оқыдық, ол темір жол институтында, мен киноның оқуында. Өмір жайлы, өнер жайлы көп сырласатынбыз, шекісіпте қалатынбыз. Сол кезде арман тұтқан болуымыз керек. Бірігіп «Қалила және К» компаниясын аштық, «Дүкенбай жолы» - компанияның алғашқы жемісі.
Қазақтың қаламы қарымды жазушысы Д.Досжан туралы фильмнің идеясы екі жыл бұрын туған еді. Әлжан сценарийін өзі жазды, әрі шығарушы редакторы, әрі қаржыландырушы. Дүкенбай аға бас алмай жаза берген, еңбекқор ғой. Керемет мол архив жинаған, тарихты ерінбей талмай зерттеген. Мен танымал тұлға арқылы заманды, мезгілді көрсетуге, соған өз көз қарасымды білдіруге машықтанған режиссер болғандықтан, ақ пен қараны ажыратуға тырыстым. Жұрт білмейтін жағын көбірек ашып, азаматтық ұстанымына мән бергендіктен дүниелерім көбіне бір сарынды болып келеді. Өз пікірімше сәтті шыққан, ойымды дөп басып білдірген туынды деп ойлаймын.
«Дүкенбай жолы»: Дон Кихот – Сонда қалай, сөзді арзандатып қалған заман кінәлі ме, әлде заманын игере алмағансөз кінәлі ме? Жазушы - Заманына сай адамы, адамына сай оқырманы. Мен оқырманның бәрі жаман деп айта алмаймын. Оларды бізден алжастырып жүрген анау жоғарғы жақтағы бишікештер, жүрегі тас боп жібімейтін қалталылар».
Сіз түсірген деректі дүниелерден өзгелерге телінбейтін өзіндік қолтаңба байқалады. Егер жасырын болмаса, қандай әдіс – тәсілдерді пайдаланасыз?
Мен әрбір киномда кейіпкеріме байланысты жаңалық ашуға тырысам. Жұртқа беймәлім деректерді іздестірем. Мәселен, Ш.Уәлихановтың замандасы, Петерборда жүрген бес қазақтың бірі – Мұхамедсалық Бабажанов туралы фильмде отаршылдық саясатқа байланысты еш жерде жарияланбаған ауыр деректі пайдаландық. Оны Оралдағы өлкетану музейінің бір қызметкері жасырып берді. Киноның жабылу қаупі тұрды. Әрі бері ден соң менің тағдырым қыл үстінде еді. Ол кезде отқа май шашқандай жағдай. Сонда мен әлі күнге дейін Ғаділбек Шалахметовтың жасаған азаматтығына ризамын. Емханада жатқан жерінен келіп, киноның алдында эфирде жарты сағат сөйлеп, материалдарға түсінік берді. Сөйтіп аман алып қалды. «Міржақыптың оралуы» фильмін түсірерде Карелияға бардық. Ол кісінің мүрдесі сол жерде христиан дар зиратында жерленген. Қалай болар екен деп уайымдап едік. Зиратты ашқанда еменнен жасалған табыт сол қалпында екен. Еш шірімеген, қасиетті асыл сүйегі құрғақ, шашы қап – қара боп жатыр екен. Туған жері Қызбелге алып қайттық. Сүйегіне өзім түстім, сонда ақ киімге орап салған кезде ғана сүйектің жағы ажырады. Айнала тұрған жұртты камераға түсірген кезде, араларында лауазымды кісілердің біреуі де көрінбейді. Мемлекеттік деңгейде арулап қоятын жөні бар еді...
Кейде түсірген дүниеңе бір нәрсе жетпегендей болып тұрады. Адам қалай дегенмен де пенде ғой. Ішкі сырын кез келген адамның алдында аша бермейді. Оның жан дүниесіне бойлап, ішкі сарайындағы сандықта тығулы жатқан құпиясын, нәзік сезімін, әлдебір сағынышын суыртпақтап сыртқа алып шығу үшін түрлі әдістерді пайдалануға тура келеді.
«Дүкенбай жолы»: Дүкенбай Досжан - ... осы мұрағаттың ішіндегі көптеген қазыналарды ақтарып, көз майымды сарыптап тауыстым десе де болады. Мысаоы, 1932 жылғы сәуірде Голощекин заманына қаратып жазған ашық хаты жарияланған. Мағжан Жұмабаевтың 1936 жылғы хаттамасы, Ахмет Байтұрсыновтың 1936 жылғы қарашадағы атылар алдындағы хаттамасы.Менің кіәм тек осы ұлтты жақсы көріп, осы ұлттың келешегін ойлау болатын деген бұл кісі. Күнделігінде Ленинге кіріп шыққаннан кейінгі ойы айтылады. Мынау отырсын, ал мынау атылсын, бүгін атылсын деген қаулылардың үстінде үлкен үштіктің қолын көргенде, адамның жаны түршігеді!».
Он шақты жылдың ішінде бірталай деректі фильм түсіріп үлгердіңіз. Тіпті бір жылда екеуден түсірген кезіңіз болыпты. Біреуіне жарты жыл жететін болып тұр ғой?
Әр кезде әр қалай. Киноның түсірілу мерзімі түрлі себептерге байланысты. Кейде кілтін таппай ұзағырақ жүріп қаласын. Кейде тез-ақ бітіп қалады. Мысалы, Мұстафа Өзтүрік жайындағы «Барып қайт, балам, ауылға» фильмі бес-ақ күнде түсірілді. Осы арада айта кетейін кейін қатты өкіндім. «Барып қайт, балам, ауылға» деп бекер қойған екенбіз, осы фильмнің атауымен жамандық шығарған дай болдық-ау деп жыладым. Әрине, тағдырдың жазуы солай болғаннан соң не шара. Алайда, әлі күнге дейін өзегімді сол өкініш өртейді.
Сіздің «Тірідей жерленгендер» (Похоронненные заживо) атты деректі фильміңізге кезінде тиым салынған екен неліктен?
Социализм дәуіріндегі Брежнев басқарған уақытты тоқырау кезеңі дедік қой. Тарковский, Феллини сияқты режиссерлерге еліктеп жүрген жас жігітпін. Ол кезде бәрі алдын – ала есептеліп қоятын. Тұрмыстың тек жағымды жақтары әдемі сурет сияқты көрсетілетін. Обком хатшысы да, қойшы да галстук тағып сөйлейтін. Мен Ленинградтықтардың тұрмыс – тіршілігін бейнелейтін кино түсірдім. Камераның әдісі бар – адамдарды жүгіртіп қоюға болады.
Кинода адамдар таңертең тұрады,көлікке мініп, жұмысқа барады. Сағат тез – тез айналып, үйлеріне қайтып келеді. Телевизор көреді, бір – бірімен араласпайды. Үйлердің сыртында адамдардың суреті салынған. Олар жұлдыздармен сырласады деп өзімше келтіріп түсірген едім. Сол туындымды «Социализмнің ұлы құрылысшыларын мазақтауға болмайды» деп жауып тастады.
Көрермен көркем фильмнен гөрі деректі фильм түсіруді оңай деп есептейді.
Көркем фильмнің өзі аты айтып тұрғандай көркем, яғни қиялға құрылған. Ішінде тарихи шындық болса да, түп қазығы – суреткердің ойынан шығарылған қиял. Мынауың өтірік қой деп ешкім бәле салып жатпайды, себебі шындық пен қиялдың ым – жымы білінбей астасып кетеді. Ал деректі фильмде ондай еркіндікке бара алмайсың. Ақиқаттан ауытқысаң, оның несі деректі? Мысалы, ХХ ғасырдың симвлоы М.Жұмабаевты алайық. Биік тұрғыда тұрған ақынды соңына шырақ алып түсіп, ақыры құлатып тынды. Ал қиянат жасағандар жемісін жеді, тұғырға тырмысып мініп алды. «Мағжан» фильмінде солардың арақатынасын көрсетуге тырыстым. Журналист жазушы ағайын образды сөз арқылы құрайды, ал біз киноны көзбен көретіндіктен сол бағытта жұмыс істейміз. Мақтамен бауыздау деген бар, астарын ұққандар түсінеді. Монтаждың да түр түрі болады, оны да пайдалана білу керек. Ал бірақ деректің аты дерек, ұлы шындықтан қайда қашып құтыласың? Ақиқат алмас қылыш аяғанды білмейді. Солқылдақтық танытсаң, тарихты жасай алмайсың. Баррикаданың не оң жақ, не сол жағында болу керексің. Пәленшенің көкесі еді деп көңіліне қарасаң, тарихи шындықты ашып бере алмайсың. Деректі кино түсіргенде алдыңда екі міндет тұрады: бірі сол кезеңнің шындығын айту, екіншісі кейіпкерге қиянат жасамай, шынайы бейнесін сомдау. Осындай тұста туындаған қиындық атауы шығармашылық жолмен шешіледі.
«Дүкенбай жолы»: Жазушы бұл дүниеде жазған жақсы. Мен айтпағанда, кім айтады? Мен жазбағанда, кім жазады? Мен жазам, мен айтам! Мен жазам, мен айтам.
Ал өзіңіз көркем киноға беттегіңіз келе ме, жоқ әлде пешенеге тек деректі фильм түсіру жазылған деген пікірдесіз бе?
Жасырмаймын, ондай арман болған. Әйгілі кино драматург Кәрім Танаев екеуміз «Тәушен» және «Атамекен» фильмдерін бірігіп түсіргенде армандаған едім. Бірақ оның реті болған жоқ. Сөз арасында айта кетейін, Кәрім Танаев өнердегі ұстазым, өкіл әкем. Қайтыс боларында Сағат Әшімбаевқа ең соңғы екі өсиетін айтыпты. Бірі екі ұлым – Мәди, Ерлпнғп, екіншісі – шәкіртім Қалилаға көз қырыңды сала жүр деген екен.
«Дүкенбай жолы»: Дүкенбай Досжан – Таңертең ерте тұрып, тағы да кетерде сыртқа шығарып, текемет төсеп, тағы да қолыма екі тас беріп, мынаны ұрып ойна дейді екенде кетіп қалады. Табиғатпен еркін отырып, жаңағы екі тасты ұрып отырып өскен екенмін. Ерте бастан тау – тас, бұлақ – өзен жанында солардың мінезін, бояуын көзіме мол сіңірген болуым керек. Еліктегіш, қиялшыл болып алғаным содан ғой деймін. Бір күні сағымды ұстаймын деп кете беріппін, кете беріппін...
Өзіңіз білесіз, соңғы жылдары теледидардан би-би-си телекомпаниясының жан жануар әлемі мен табиғаттуралы керемет дүниелерін жиі көрсететін болдық. Қазақ даласының да табиғаты таңғажайып, жан – жануарлары да жетіп жатыр. Ал осыны киноға түсіру жағы қалай, бұл тақырып сізді қызықтырмай ма?
Деректі кино да жанрға бөлінеді.Әр жанрдың өз мықтылары бар. Біләлов деген азамат еліміздің әсем табиғатын да, жан – жануарларын да түсіріп жүр. Дегенмен, бізде ондай киноның насихаты кемшіл. Мемлекет бұл мәселені өз қолына алу керек, ол оңай шаруа емес. Табиғат пен жан – жауарды бейнелегісі келетіндер апталап, тіпті айлап бір құстың, не аңның ізімен жүреді. Бұған асқан шыдамдылық пен табандылық қажет. Мен шыдамсыз адаммын. Одан да бір адамның ішкі сырын ашу, соның өміріне байланысты жаңа бір дерек табу мен үшін оңайырақ. Соңында екі – үш ай жүрсем. Мәселен, Жамбыл туралы түсіргенде, ешкім білмейтін бір дерек табу керек болды. Өйткені ақын туралы барлық нәрсе айтылып қойған, мен соларды қайталап шықсам, ешкімге қызық болмайды. Ұзын сөздің қысқасы, мен мынадай дерек таптым – Жамбыл Қырғызстан сапарында ауыл Советтің преседателінің үйінде қонақ болып, қырғыз ағайындар ел – жұрты туралы амандық – саулық сұрасады. Жамбыл төгілтіп, жырлап береді, несін сұрайсың, хадқым аштан – аш қырылып жатыр деген сарында. Ауылсовет «Жәке, тоқтат, екеумізде құримыз» деп ойбай салады. Міне, мен осы секілді бұрын әлде бір сеьептермен жарияланбай қалған деректерді іздеп айлап, жырлап жүруге бармын.
«Дүкенбай жол»: Дүкенбай Досжан – «Абай жолы» романын 6-шы класта оқып жүргенде оқыдым. Сонда мен екі том кітапты оқып шыққаннан кейін кеудеме бір мұң ұялады. Мен жұртта қалғандай сезіндім. Анау қызық өмір, анау қазақы бояу, әдемі салт, анау Бөжейдің асы, жаңағы бір – бірімен айтысып жатқан билер, осылардың бәрі өтіп кеткен. Керуен кетіп қалған. Жұртта тек бір қоламта қалған. Мен бір жұртта қалған баладай болып, мұң ұялады көкірегімде.