«Коммунистік еңбек» 30 қараша 1989 жыл

Вид материалаДокументы

Содержание


Кинорежиссер Қалила Омаров
Халық кеңесі, 1993 жыл, 3-маусым.
Думан РАМАЗАНОВ
Гулсан Рахманқұлова
Подобный материал:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18

Кинорежиссер Қалила Омаров


Өткен жылы бір топ жас таланттар Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының лауреаты атанды. Солардың ішінде кинорежиссер Қалила Нематұлы Омаров та бар.

1987 жылы «Қазақтелефильмінде» кинооператордың ассистенті болып бастаған ол 1989 жылы өзінің тырнақ алды туындысы «Таушен» фильмін түсіріп үлгерді. 1990 жылы М.Өсеровпен бірге «Атамекен» фильмін түсірді. Бұдан кейін фильмдері де көрермендерден лайықты бағасын алды. Осының бәрі жас режиссерге құрмет пен абырой әкелді. Оның Жастар Одағы сыйлығын иеленуі міне осындай тынымсыз еңбегінің жемсісі.

Халық кеңесі, 1993 жыл, 3-маусым.

«Міржақыптың оралуы»

«Қазақтелефильм» студиясы. Сценарийін жазған – Амантай Сатаев, режиссер-операторы Қалила Омаров.


Ұзақ жылдар бойы есімі де, еңбегі де елеп-ескерусіз, тар қапаста ұсталып келген арыстарымыздың бірі – Міржақып Дулатов. «Ештен кеш жақсы» демекші, сөзімен де, ісімен де елі үшін қалтықсыз қызмет еткен осы бір асыл азаматтың есімі қазір де ауызға жиі алынып, еңбектері саралана бастады. Шығармалары жарық көрді. Торғай жерінде дүркіреп тойы өтті. Шалғайда жатқан сүйегі туған жеріне әкелініп, арулап жерленді. Жас ұрпаққа беймәлім болып келген өмірі мен қызметі туралы да біршама зерттеу мақалалар жазылып, баспа жүзін көрді. Сондай-ақ Жақаң аңсап армандаған қазақ елінің тәуелсіздігі сияқты жарқын идеялар да оң шешімін тауып, жүзеге аса бастады. Осының бәрін түйіндей келіп, бір ауыз сөзбен ықшамдап айтар болсақ, кесек те күрделі тұлға – Міржақыптай ел ағасы өзінің барлық болмыс-бітімімен туған халқына қайта оралды. Осы орайда «Міржақыптың оралуы» атты деректі телефильмнің түсірілуі де заңды құбылыс.

Фильмнің беташары алтынның сынығы, Жақаңның қызы Гүлнәр апайдың әкесінің өмірі мен қызметі туралы айтқан естелігімен ашылады. Ол кісі Міржақып ағаның жастық шағын, қайда білім алып, қай жерде қызмет атқарғанын тілге тиек ете келе, қалай ұсталып, қалай қайтыс болғанын жүрегі ауыра отырып баяндайды. Бұл әңгімелер жұмбағы мен қалтарысы мол Жақаңдай ел ағасының өмір белестері туралы көрермен ұғымын толықтырып, жас ұрпақтың көңіл көкжиегін кеңейте түсері сөзсіз.

Фильмнің бас жағында Міржақып ағаның 22 жасында «Серке» газетіне арнап жазған «Біздің мақсатымыз» атты мақаласынан үзінді оқылады. Онда 22 жасар балаң жігіт Міржақып қазақ халқының Ресейге тәуелді халық екендігін, өзін-өзі билеу құқығы жоқтығы ыза мен кек тудыратынын сөз ете келе, «... Өздеріңіз көз жазбай байқап отырғандай... чиновниктер, урядниктер кедей қазақтарды ұрып-соғып, мал-мүлкін тартып алып, ойына не келсе соны істеді...

Енді чиновниктер біздің дінімізге, атадан мұра болып келе жатқан әдет-ғұрпымызға, біздің моллаларға ғана тиісті неке мәселесі де араласа бастады, діни кітаптарды тұтқынға алды...

Енді бұл чиновниктер қазақ даласына мыңдаған мұжықтарды жер аударып, қазақтардың суы мен шұрайлы жерлерін тартып әперуде. Қазақ жеріне бұл мұжықтарды не үшін жер аударады?» - деген сауалдарды қоя отырып, осындай әділетсіздіктерге өзінің қарсылығын білдіреді. Жақаңның өмірлік позициясы мен көзқарасын паш ететін осы бір жастық жігермен жазылған жалынды мақаласынан үзінді беру арқылы кино түсірушілер фильмнің айтар ойын айқындай түскендей.

Фильмде Міржақыптың ақпан төңкерісі кезіндегі «Самоопределение нации» деген жазуы бар плакатты ұстап келе жатқан тірі бейнесі екі мәрте көрсетіледі. Бұл кадрлар Ә.Жангелдин туралы түсірілген «Революцияға қызмет етемін» деген фильмнен алыныпты. Деректі фильмнің ең ұтымды тұсы да осы. Өйткені Жақаңдай ел көсемінің тірі бейнесін (экраннан болса да) бір көру әркімнің-ақ арманы. Бірақ экранда үлкен топ жалпылама көрсетілгендіктен, олардың қайсысы Міржақып екендігін аңғару қиын. Фильмді түсірушілер Жақаңды көптің арасынан жеке-дара анықтап көрсетулері керек еді. Сонда оң ниетпен түсірілген бұл деректі фильмнің құндылығы одан сайын арта түсер еді. Әрине, өкінішті.

Фильмде ақпан және Қазан төңкерісі кезіндегі тарихи оқиғаларға кең орын берілген. Бұған архив құжаттары кеңінен пайдаланылған. Сондай-ақ Алашорда үкіметі туралы да бірсыдырғы мәліметтер бар. Осы жерде айтпай кетпейтін бір мәселе – ұлт-азаттық қозғалысының көсемі Амангелді Иманов пен Алашорда үкіметінің көсемі Міржақып Дулатовқа байланысты жайттар. Тоқырау жылдары қызыл саясатқа икемделген тарихи немесе әдеби көркем шығармаларда бұл мәселе бір жақты көрсетіліп, бір жақты бағаланып келгені әмбеге аян. Фильм авторлары Торғайда болған осы бір тарихи оқиғаға баға беруде үлкен үлес қосатын (МҚХ-ның архивінде сақталған) құжаттарды көрермен алдына көлденең тартады.

Бұған қоса кино түсірушілердің бір ұтқан тұсы осыған орай М.Қойгелдиев, Т.Омарбеков, М.Әбсеметов сияқты белгілі ғалымдарды сөйлетуі. Өз көзқарас-пайымдарын айтқызуы. Сөз реті келгенде айта кетелік, дегенмен, тарихшы Мәмбет Қойгелдиевтің: «Амангелді Иманов белгілі дәрежеде таптық позицияның құрбаны болды», - деген пікірі сауал тудырары сөзсіз. Өйткені Амангелді де ұлттық мүдде үшін арыстандай айбатты ақ патшаға қарсы күрескен ұлт-азаттық қозғалыстың көсемі. Сондықтан көрермен қауым дүдәмал күйде қалмас үшін тарихшы өз пікірін қысқа болса да нақты фактілермен дәлелдей кетуі керек еді.

Фильмдегі ең жүрек шымырлатар сәт – Міржақып мәйітінің сонау Карелиядан туған жерге әкелінгендегі көріністер. Жақаң лагерьде жүргенде сол кездегі үрей мен қиыншылыққа қарамастан жұбайы Ғайнижамал артынан іздеп барған ғой. Фильмде сол қуанышты сәттің куәсі болған, кезінде Жақаң тұрған ағаш үйдің көрсетілуі де көрерменді ризашылыққа бөлейді. Сондай-ақ Сосновецтегі Міржақып болған концлагерьдің жұрты мен ол кісі жерленген зираттың көрсетлуі де көрермен қауымды бейжай қалдырмасы анық.

Ойымызды түйіндей келе айтарымыз, жалпы алғанда, республикамызға есімі кеңінен таныла бастаған талантты жас кинорежиссер Қалила Омаровтың «Міржақыптың оралуы» деп аталатын бұл деректі телефильмі талай жанның жүрегіне жол табары сөзсіз.


Думан РАМАЗАНОВ, Алматы.

СУРЕТТЕ: Гүлнәр Міржақыпқызы ДУЛАТОВА мен Марат ӘБСЕМЕТОВ.

Суретті түсірген Гүлмира МЕРАЛИНА.


«Егемен Қазақстан» 3 маусым 1993жыл

Тарих қасіреті


Болған нәубет құрбандарын еске түсіру рәсімінен кейінгі ой.

Иә, тәуелсіздік тізгінін өз қолына алған егемен Қазақстанның тарих жылнамасына өткен жылдан бері 31 мамырдың айшықты әріптермен мәңгілікке жазылғаны анық. Өйткені бұл – нәубет құрбандарын еске түсірудің бүкілхалықтық азалы күні. Сондықтан да осы күні республикамыздың жер – жерінде, сондай –ақ астанамыз Алматыда қаралы митингілер болып өтті.

Қаладағы Наурызбай батыр мен Қабанбай батыр мүйісіндегі саябақта өткен азалы рәсімге жиналған жұрт зұлмат құрбандарын еске түсіріп, олардың әруақтарына тағзым етті. Қарлы жиында көнекөз қарттар, жекелеген зиялы қауым өкілдеріел басына қасіреттің қара бұлты үйірілген сұрқай кезеңнің, солақай саясаттың орны толмас зардап әкелгенін ашына айтты. Азалы рәсімді өткізу нәубет құрбндарын еске алу ғана емес, кейінгі ұрпаққа әрі тағылым, әрі тарих екендігі айтпаса да түсінікті. Мәселен, академик Манаш Қозыбаев нәубет құрбандарын еске алу халықтық парасат екендігін тебірене тілге тиек етті.

Азалы рәсім өткен 31 мамырда көктегі күн де тас – түйін болып түнеріп, арманда кеткен боздақтарға төгілген көздің жасындай ақ жауынын себелетті – ай келіп. Көк тәңірісі осылай егілгенде жердегі біздер бүкіл халық болып аза тұта бола алдық па? Олай дейтініміз, азалы рәсімге келген бір қауым жұрттан өзге астана халқының басым көпшілігі 31 мамырдың қандай күн екендігін, оның тарихи мәнін ескерген жоқ дер едік. Өйткені бұл күн, біздің ойымызша, былтырғыдай биыл да, өкінішке орай, шынайы бүкілхалықтық аза тұту күніне айнала алмаған сияқты. Бұлай деп тұжырым жасауымызға толық негіз бар. Себебі, өткізілген шара аясы тым қысқа болды.

Өркениетті дамыған елдердің тәжірбисіне жүгінсек, мұндай азалы күн мемлекеттің туы төмен түсіріліп, бүкіл халық аза тұтады екен. Шүкір, біз де өз билігімізді қолға алып, іргелі ел болып жатқан жайымыз бар. Ал елдік қасиеттің бірден – бір белгісі – өткенді зерделеу, тарихты кешірмесең де, бүкіл болмысыңмен сезіне білу дер едік. Өткенімізге көз жіберіп, тарихымызды екшесек те зұлмат құрбандарын еске алуды әлі де өз деңгейінде өткізе алмай келе жатқанымыз өкінішті – ақ.

Атамыз қазақта «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген киелі сөз бар. Демек, еске алу рәсімін мәңгі жадымызда қаларлықтай етіп өткізгенге не жетсін. Саябақта жиналып, үш – төрт адам шығып сөйлеген қаралы жиынды неге республиканың бас алаңында өткізбеске деген ой еріксіз мазалайды. Оған астана халқы ұлтына қарамай түгіл жиналса, Ақ Орданың төбесіндегі көк байрағымыз төмен түсіріліп, еске алу рәсімі « Елім - айдың» қаралы сазымен басталып, Мемлекеттік әнұранмен аяқталса, оның әсері де айтарлықтай болар еді. Әрине, өз ойымызды көпшілікке телуден аулақпыз. Алайда, сонау 30-ыншы жылдары жаппай қырғынға ұшырағандар да, 1986 жылы Желтоқсан оқиғасында жазықсыз құрбан болғандар да қолдан жасалған зұлмат нәубеттің боздақтары емес пе? Халық қасіретіне халық болып қайғыра білген де жөн ғой. Өйткені 2,5 миллион боздақ бұл фәни дүниеден түк көре алмай кетті, олардың көз жасы, жан азабы, тартқан қасіреті, мәңгілікке ұмытылар ма?! Сондықтан да болашақта нәубет құрбандарын еске алу рәсіміне Қазақстанды мекендеген әр ұлт пен ұлыстың өкілдері түгел қатысуы тіс деп есептейміз.

Жариялылық арқасында бұрын күбірлеп айтып, күңкілдеп қана сөз ететін ақтаңдақтардың беті ашылды. Тіпті айналасы 30 жылда үш дүркін қайталанған (1916-1922, 1929-1934,1941-1945жылдар) демографиялық апат ақиқатын да енді ғана айтып жатқан жайымыз бар. Ақиқатқа жүгінуді ескі жараның аузын тырнау деп түсінбеу керек. Мұндағы мақсат – 30-ыншы жылдары халқымыздың 52 процентінің немесе тең жартысынан астамының жойылып кеткендігін, арғы – бергі тарихта мұндай жолсыз жазаға қазақтан өзге бірден – бір халықтың ұшырамағанын оқырман қауым есіне тағы түсіру еді.

Еске алу демекші, 31 мамырдың кешіне қарай республикалық Жастар ісі жөніндегі комитетінің тікелей ұйымдастыруымен Кино үйінде нәубетке байланысты тағы бір жүздесу болып өтті. Оның алға қойған міндеті – зұлмат құрбандарын деректі кино арқылы халыыққа, ұрпаққа жеткізу. Республикалық Жастар ісі жөніндегі мемлекеттік комитет төрағасының орынбасары Ә.Қосанов азалы күннің терең мәніне қысқаша тоқталып, көрсетілер деректі фильмдерден әркімнің өзінше ой түюі қажет екендігін айтты. Режиссер Халила Омаров «Нәубет» фильмін тебіренбей көру мүмкін емес. Осы бір жақсы дүниенің өн бойында құжатты деректермен қатар тірі куәгерлер де сөйлейді. Зейнеткерлер Данабике Қарабалдина, Гауал Смағұлов, жазушы Әлжапар Әбішев, өнертанушы Мекемтас Мырзахметов экраннан жан түршігерлік сұмдық деректерді айтады. Әсіресе М.Мырзахметовтың сөзіне терең бойлаған сайын жүрегің қан жылайды:

Ашаршылық кезінде мен небәрі 4 – 5 жаста ғана едім, бірақ есімді білемін. Анам байғұс жоқшылықтан әбден титықтап, еш шара қалмағандықтан өмірге келген жас нәресте - қарындасымды орай салып, мені жетектеп азынаған қыста көрші ауылға жолға шықты. Межелі жерге таяқ тастам жер қалғанда алдымыздан аш қасқырлардың кездескені. Көзінен жасы сорғалаған қайран шешем аш қасқырлардың алдына жөргекке оралған қарындасымды тастай салып, мені бауырына қысып құшақтаған күйі ауылға жүгіре жөнелген-ді. Арада сәл ғана уақыт өткеннен соң қарындасымды тастаған жерге бір – екі адамды алып, қайта барған анам қар үстінен нәрестенің қаны мен оның исі сіңген жөргекті қана көріпті. Естен тандырар бұдан артық сұмдық көрініс болар ма?

Фильмнің он бойынан осылай өзегіңді өртер ауыр шындық 32-інші жылғы жауыздықтың символы болған Ф.Михайлов «Ұлы жұт шежіресі» («Хроника великого джута») деген деректі повесінде «Пол – Пот Капучияға не істесе, коллективтендірудің үш жылы ішінде Голощекин Қазақстанға сондай кесапат жасады» дегенді айтады. Голощекин Сталиннің қолщоқпары, қолындағы көсеуі болды. Себебі, Сталин қазақ даласындағы өзі жасаған зұлматты бүге – шігесіне дейін біліп отырды. Фильмде халқымыздың сол болған жайды үсті – үстіне мәлімдегені айтылады. Тұрар Рысқұловтың бесеудің хатын соған дәлел ретінде көрсетеді фильм. Өкінішке орай, «халықтар көсемі» кезінде бұл құжаттарға мән бермеген еді. Коллектитендіруді аяғына жеткізу, малды ортаға салғызу – басты міендет деді. Малынан айрылған қазақ ашаршылыққа ұшырамай қайтсін? Күні бүгінге дейін ауыл адамдарының бір – бірімен есендікті мал – жанан бастауы да содан болса керек. Кезінде мұны ерсі көріп, қазақ жанынан бұрын малының амандығын сұрайды деп сөгіп келгенімізді қайтерсің! Ал шындыққа жүгінсек, мал дегеннің өзі тұнып тұрған экономика емес пе? Экономикасы құлдыраған ел қайдан оңсын? Егер 1929 жылы республикадағы мал саны 40 миллион болса, арада жыл өткен согң оның небірісінен миллионы ғана қалғанды. Бұл солақай саясаттың сойқаны деп ой түйеді фильм.

Азалы күнге орай 31 мамырда Кино үйінде өткен шараға Алматы мешітінің имамы Кенжәлі Қоңыратбайұлы да қатысып, нәубет құрбандарына бағыштап құран оқыды. Сондай – ақ екінші кезекте көрсетілген «Сұрапыл Сұржекей» фильмінің сценарийін жазған жазушы Смағұл Елубаев, белгілі сәултші Шота Уәлиханов нәубетке байланысты толғам – тұжырымдарын, жүректеріндегі небір ойларын ортаға сады. Кино үйіндегі жиналған қауымды елең еткізер бұл шара көптің көңілінен шықты. Кеште екі фильм авторларының жанайқайынан қазіргі кезде шындыққа барар жолдың тым ауыр екендігін көңілімізге түйгендей болдық. Өйткені екі фильм де өмірге жолдама алғандарына біраз уақыт болғанымен, көрермен қауымға әлі жете қойған жоқ. Тек осындай кездесулерде ғана көрсетіліп жүр. Көбінесе сөреде сақталып келеді екен. Себебі, жасалған фильмді сатып алатындар, оны үлкен экраннан көрсететіндер кездеспей жүр. Қазақ халқының тарихындағы ұлы қасіретті әлем жұрты білсін десек, осы мәселеге де көңіл аудару қажет – ақ.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, нәубет құрбандарын еске түсіру рәсімі естен кетпестей болып өткізілсе, кейінгі ұрпаққа өшпес мұра қалдырғандай болар едік. Өйткені жастар қашан да ағалар салған жолды мұрат тұтады.

Гулсан Рахманқұлова

Алматы

Алматы ақшамы, 29маусым, 1994ж.

Кино әлемінде

«Алаш туралы сөз» фильмі – тарихи шындық айнасы

Жуырда тағы да бір жаңа өнер туындысының тұсауы кесілді. Ол – талантты режиссер Қалила Омаровтың «Алаш туралы сөз» атты деректі фильмі. Аталмыш фильмнің режиссері Қ. Омаров - өз туындысына тарих ғылымының докторы, жуықта ғана Алаш азаматтарына байланысты тарихи тақырыпта докторлық диссертация қорғаған Мәмбет Қойгелдиевті сөйлете отырып, оның тарих қойнауынан аршып алған ақиқатты дәйектерін айтуына мүмкіндік беріп, әсіресе 1917 жылы қазақ топырағында құрылған «Алаш» партиясының тарихтағы орны, ролі жайлы сөз етеді.

Онда М. Қойгелдиев «Алаш» жөнінде шаң басып сарғайып, ендігі үміт болған архивтерді ақтарып, жинаған материалдары мен зерттеу жұмысының қаттаулы күйде қалмай жұртшылыққа паш етіліп, көрерменін табуы ғалым мен режиссердің еселі еңбегі екендігінде дау жоқ.

«Кезінде ашуланбай, көрінген шұңқырға атып көме салынған аяулы да қастерлі азаматтарымыздың сүйегі шашырап жатыр», - тура осы эпизод Құрманғазының «Кісен ашқан» күйі арқылы беріледі. Азалы әуен мен қайғылы көрініс үйлесімін тапқан бұл тұсты көрген адамның сай сүйегі сырқырап, жаны ауырады.

Иә, тәуелсіз ұлттық мемлекет құру арқылы, халқының ұлт ретінде өркен жаюы мен кең байтақ жерінің аман сақталып қалуы үшін күрескен батыр ұлдарымыздың тағдыры «тіпті Ресейден бөлінуіне дейін, барлық мәселелерді өздері шешуге праволы» делінген болса, 1920 жылғы 19майдағы қаулыда осы айтылғанның бәрі түп-тамырымен жоққа шығарылды. Бұдан кейін Ресейдің оңтүстік-шығыс мұсылмандарының тарихында жаңа кезең басталды. Өкініштісі сол Ресей ішіндегі күрес мұсылмандардың құқықтарын қамтамасыз ете алмады. «Сондықтан да күрес халықаралық деңгейге дейін көтерілді. Мұндағы менің мақсатым – осы халықтардың талаптарын дүниежүзі қауымдастығына жеткізу», - дейді фильм кейіпкері.

Ал біздер осы уақытқа дейін «барлық халық теңдікте, бостандықта өмір сүрді, оған дәлел Финляндияның Ресей құрамынан бөлініп, өз еркімен дамуы» деп келдік. Шын мәнінде ол қан төгіп, жан беріп алған бостандық еді. Ал 1920 жылғы қаулы туралы кейінгі ұрпақ тіпті бейхабар едік.

Аталған қаулы туралы башқұрт халқының ұлт-азттық қозғалысының көсемі Зәки Валиди иран шекарасына өтер алдында Ленинге жзған хатында: «Қателіктің басы-қасында өзіңіз тұрсыз» деп пролетариат көсемінің екіжүзділігін бетіне басқан. Ол кезде Лениннің қателігін айтуға ешкімнің батылы бармаған да еді. «Алаш туралы сөз» фильмінің қызыл империяның отаршылдық саясатын осындай өткір құжаттар арқылы орыс тілінде сөйлетуі режиссердің тарихи шындықты тап басып, көрсете алғандығының белгісі. Фильмнің соңғы кадрінде тәуелсіз мемлекетіміздің Парламент үй алдындағы Ленин ескерткіші бір сәт қылаң бергенде оның алға созған қолы нені меңзеп тұр екен? Деген ой келді. Жетпіс жылдан кейін Ленин көрсеткен «даңғыл жолдан» тайып кеткен одақтастарымен қатар Қазақ елі де тәуелсіздік жолына бет бұрды. Оның айқын белгісін режиссер еркіндік қыраны бейнеленген көк байрақты желбіреткен кадрмен көрсеткен екен. Ленин идеясы өмір сүруін әлдеқашан тоқтатса да, оның ескерткіші ұлттар теңдігін коммунизм елесімен көлегейлеген күйінде әлі де алға қолын созып тұр. Ұлттық мемлекет үшін құрбандыққа шалынған Алаш азаматтарына ескерткіш бүгінгі күніміздің тыныштығы болар деген ой түйдік фильмнен.

Сандуғаш СЕРІКҚАЛИЕВА.

Қазақ әдебиеті, №41, 14 қазан, 1994 ж.

Шерлі тарих шежіресі

Жуырда Ғылым Академиясының Ғалымдар үйінде кинорежиссер, Қазақстан Республикасы Жастар одағы сыйлығының лауреаты Қалиолла Омаровтың «Алаш туралы сөз» /сценарийін жазған Мәмбет Қойгелдиев, тарих кеңесшісі Кеңес Нұрпейісов, операторы Мұстафа Өсеров/, «Нәубет» /сценарийі Валерий Михайлов, ғылыми кеңесшісі Манаш Қозыбаев/ атты деректі фильмдері көрсетілді.

Бұрын бұрмалаушылық саясаты салдарынан ескіні көксеген кетартпа, ұлтшыл, халық жауы деп айдар тағылған Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов сынды зиялы азаматтар туған халқына несімен қымбат? Тәуелсіздікті аңсаған қазақ елінің шамшырағы тәрізді адал ұлдарының асыл бейнесі фильмде қалай берілген? Осы сұрақтарға жауап беру үшін алдымен Алаш партиясының бағдарламасы толық беріледі. Айтылмыш екі фильм де болашақ ұрпаққа арналып, ұлттық сананың нығаюы үшін жасалып отыр. Екеуі де өзге жұртқа шеккен қайғы-қасіретімізді білсін деген тілек-талпыныстан туған дүниелер.

Әйтсе де көркемдік тұрғыдан алғанда екі фильм де кемшіліктерден құралақан емес. Тарихи шындыққа құрылған киелі тақырыптардың жүгі жеңіл болмауға тиіс екені белгілі, тұтас бір дәуірдің бет-бейнесі, ондағы өткен ұрпақтың тағдыры көрерменді қандай ойға жетелейді?

Залдағы көрермен қауым осы тұрғыда қызу пікірталасқа түсіп, фильмдердің жасалуының техникалық жағын сынап, көп ескертулер айтқаны біраз ойға қалдырды. «Фильм телехабарға ұқсайды. Үнемі кадрдегі тарихшы Қойгелдиев лекция оқып отырғандай әсер беретіні бар. Алаштан жалғыз тірі қалып шетелге қашқан Мұстафа Шоқайдың тағдыры жайлы да бірер сөз қажет еді. «Алаш» қайраткерлерін көрген адамдар бар, ол жағы қамтылмаған. Ашаршылық нәубеті туралы фильм авторлары тек Алматы маңымен ғана шектелген, Қазақстанның көптеген облыстары шет қалған. Бұл фильмдерді осы қалпында шетелге көрсете алмаймыз. Өңдеу керек, тіпті мына күйінде халыққа көрсетуге келмейді. Өйткені техникалық жағынан нашар» дегендей пікірлер айтылды.

Отызыншы жылдардағы тоталитарлық жүйенің елді күштеп ұжымдастырудың бірбеткей соқыр саясатының кеселді зардабынан қазақ халқының жартысының қырылуына әкеп соқтырған ашаршылық қойылымда қаншалықты қуатта ашылған дегенге келгенде ылғи да үйреншікті ұғымдарға саятын сыңайымыз бар. Қазақты қырғынға ұшыратқан Голощекин деп көрсетуі әлбетте оңай шешім. 1932 жылы қазақтың зиялы қауымы қайда қалды деген заңды сұраққа парасаттық тұрғыдағы кең толғаныс қажет еді. Сол ашаршылықтың тарихи сабағына біз қазір қалай қараймыз? Қаннибализмді көрсеткен сәтті фильмнен алып тастау керек, оны шетелдіктер көрмесін де білмесін деп талап қойған адамның тілегін ұлттық намысқа жатқызуға болатын да шығар. Рас ол жағдайды да ойлау керек. Бірақ өмір шындығын қайда қоямыз. Жүректі қан жылатар ең азапты сәт сол зұлматтың құбыжық бейнесін айнытпай әшкерелеген фотоайғақтарды жасырып қалуға болмайтын сияқты. Кадрдегі асқа пайдалануға ұрланған жерінен құтқарылған тірі қыз бала деген титрлі жазу да әлгіндей әсерді бекіте түседі. Жыртқышқа айналған аштардың пышағына іліккелі тұрған жерінен аман қалған сәбидің суретіне қайда тығыларын білмей жүресінен бүрісіп отырған бейшараның қасында тағы бір жас баланың кесілген басы тұтастай сорлаған ұрпақтың жиынтық бейнесіндей қабылданады. Адамның басы – алланың добы деген сөз бар, кәдімгі метафора тәрізді. Ал бұл сөздің фәлсафалық астарлы мағынасы адыра қалып, нағыз үрейлі тажал кейпі қорғансыз сәбидің мысалымен берілген сол уақыттың қатыгез шындығы. Фильм авторларының күрделі тақырыпқа құлаш сермеп шындықты айтам деген ниеті әбден құптарлық. Дегенмен де бұл деректі фильмдердің көркемдік деңгейі бүгінгі уақыт биігінен алғанда әлі де жетілдіруді қажет етеді-ау деген ой да туады. «Көш жүре түзеледімен» көңіл демейміз. Сөйте тұра жоғарыда аталған екі фильмнің де жұртшылыққа көбірек таныстырылуын қуаттар едік. Өткен тарихымыздың, қайғы-қасіреміздің экранға шығарылған шежіресі болғандықтан да осы ойға бекідік.

Айгүл КЕМЕЛБАЕВА


«Алматы ақшамы» 13 мамыр 1996 жыл


«Сұрадың алың қандай, айылың қандай?»


Қалила Омаров – жас та болса деректі фильм түсірудің шебері ретінде елімізге танылған белгілі кинорежиссер. «Ұлы жұт», «Атамекен», «мағжан», «Мұхамедсалық мырзаның өмірі мен өлімі» атты деректі фильмдері үшін 1992 жылы Қазақстан жастар сыйлығының лауреаты атанған. Оның бұдан басқа да «Тәушен», «Замана-шеру», «Міржақыптың оралуы», « Дәулет пауан», «Барып қайт балам, ауылға», атты деректі кинопортреттері көрермендеріне лайықты бағасын алса, қазір ол ұлы ақын Жамбыл Жабаевтың тойына арнап жаңа деректі фильм түсіріп жатыр. Ақын фильм түсіру барысында жақында Қырғызстанға барып, олжалы оралыпты. «Сүйінші» деген сүйінішті хабарын алдымен өзінің шығармашылығына әркез тілеулес болып жүрген «Алматы ықшамымен» бөліскісі келіпті. «Телефонмен емес, тек үйде ғана айтатын халқымызды қуантатын жаңалық» дегесін, алып – ұшып жетіп бардық. Сол қуанышты жайға байланысты тілшіміз белгілі кинорежиссер Қалила Омаровпен сұхбаттасыпеді.