«Коммунистік еңбек» 30 қараша 1989 жыл

Вид материалаДокументы

Содержание


Кезекті қойлым кезінде
Мағжан бейнесі – көгілдір экранда
Алматы ақшамы, №94, 22 сәуір, 1992 ж.
АЛМАТЫ АҚШАМЫ, 1992 жылы, 27 сәуір.
Халифа АЛТАЙ
Манаш ҚОЗЫБАЕВ, академик
Ардагер Мардан БАЙДІЛДАЕВ
Журналист Армиял ТАСЫМБЕКОВ
Жазушы Амантай САТАЕВ
Гүлдерхан СМАҒҰЛОВаның
Е. ералыұлы.
Подобный материал:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18

«Жас Алаш» 13 наурыз 1992 жыл


Кезекті қойлым кезінде


Республиклық кино үйі әр дүйсенбіні документальді, деректі фильмдер көрсетілетін күнде белгілегенін газетімізде бұдан бұрын хабарлаған болатынбыз.

Бұл жолғы кино үйінің шымылдығын жас режиссер Халила Омаровтың фильмдері ашты. Айтыскер ақын Таушен туралы «Тәушен», мүсінші Рысбек Ахметов туралы «Замана шеруі», ақын Мариям Хакмжанова туралы «Атамекен», Мағжан Жұмабаев туралы «Мағжан» фильмдері көрермендерін үлкен ой үстінде қалдырғаны анық. Режиссерлердің тақырыпты зерттеу шеберлігі, игеру, дамыту терңдігі әр қырынан байқалып тұрды.

Көрермендермен қысқаша сұхбат – кездесу барысында сөз алған «Қазақтелефильмнің» директоры Ә.Жақсыбеков жас қазақ режиссерлерінің аяқ алысына, ізденісіне көңіл толарлық пікір айтқан еді.Көрсетілген документальді фильмдер соны толығымен айғақтайтын дәрежеден шықты.


«Жас Алаш» 27 наурыз 1992 жыл


Қаралы күндер


Өмірде емес, кинолардың кадрларында ғана қалса екен – Мағжан туралы тұңғыш шыққан деректі фильмді көріп отырып осыны ойладық.

Сылбыра жауған жаңбыр, жабырқау тірлік. Сұрқай тамшылардың астанда көшені бойлап, беймәлім адам ілби қозғалады. Сірә да, мына, тірліктен опа таппай, баз кешіп бара жатқан Мағжанның көлеңкесі шығар бұл...

Ақынның туған ауылы, білім алған Уфадағы «Ғалия» медресесі, Омбы шаһары, түрменің сұсты темір торы рет – ретімен көрсетіледі. Кинода әлде кім баяндап тұратын текст жоқ. Бейнелі де образды сюжеттерге қарап отырып, өз түйсігің, өрең жеткенше топшалайсын. Мәселен, қалың ну тоғайдың ортасындағы орыс зираттарын аралай көрсетіп, шіркеу побының озаны емес, мұсылманның құранын оқытуда үлкен астар бар. Біз Ахмет, Жүсіпбек, Мағжандардың қайда, қалай жан тәсілім еткенін білмейміз. Әйтеуір, айдауда орыс топырағында азаппен көз жұмған. Мүмкін, жаңағы қорымның арасында абзал ағаларымыздың мүрдесі жатқан шығар. Бар болса, мына құран аруақтарға тие берсін деген ниет.

Діни тұрғыда ибалылық пен имандылыққа тәрбиелейтін медресе мен шіркеуді экранға алып шығып, жұмысшылар мен шаруалардың көсемі болған Лениннің бейнесін жартылай көрсетуде аса зор мән бар. Сондай-ақ, Мағжанның тағдырына қатысы бар, қылаудай болса да қиянаты тиген кейбір кісі «Қара бояуымен» көмкеріле, астаса беріледі.

Үңіле берсең киноның философияға толы тұстары көп. Бірақ оны көре алдатын көз, түйсіне алатын сана керек. Сонымен қоса азды-көпті кемшіліктері де кездеседі. Мысалы, ақынға байланысты кейіпкерлер сөйлегенде, оның кім екені жөнінде сол сәтте қысқаша мәліметтер жазылса. Әйтпесе, қарапайым халық басқаны былай қойғанда, Мағжанның жары Зылиханың өзін тани бермейді. Бұл, осы адамдарға етене жақын, жақсы білетін топтарға арналған фильм емес қой. Және шіркеу соборларын қаптата бергенмен ештеме ұтпайды.

Туындыда мұражайдан көптеген деректер пайдаланылған. Фильм осынысысмен құнды. Екіншіден, Нақты адамдардың өздерінің сөйлеуі, бейнеленуі. Деректі дүние десек те, көркем фильмге бергісіз, тым әсерлі тұстары жетерлік. Мысалы, марқұм Зылиха апайдың ері Мағжанның кітабы шығып, соны алғаш көрген сәті. Нұры тайған көзіне қолақпандай үлкейткіш әйнекті (лупаны) тақап, мұқабаның сыртындағы сүйікті есімді оқығанда – көкірегі қарс айырыла, кітапты кеудесіне баса өкседі. Жанарынан шыққан ыстық тамшы әжім жүзін жуа, жосыла жөнелді.

Осы кездегі режиссердің тапқырлығы мынау: Үлкен бәйтерек жапырағы желмен сусылдап, тербелді де кетті. Ізінше қатты дауыл тұрып, ысұырына долданды. Бәйтеректі екпінімен шайқалтқан үстіне шайқалтады. Дүние біткен астан – кестен...

Бұл – кез келген адам аңғара алмайтын Зылиха апайдың ішкі жан - дүниесінің көрінісі еді. Ол кісі сол шақта дәл осындай әлем –тапырық күй кешіп отырғаны бесенеден белгілі тұғын.

Жаңа қойылымның сценарийін жазған Ұлжан Мүсілімова – Жұмабаева Мағжанның немересі. Режиссері Қалила Омаров, операторы – Мұстафа Өсеров. Үшеуі де бұл туындыға барынща кірісіп, аз тер төкпеген. Келешекте де өздерінің игі істерімен жалпақ елді қуанта берсе екен.

Ә.Алпысбаев (Алматы)

Қазақ әдебиеті, №14, 3-сәуір, 1992ж.

Көкек, 1992 жыл. Мәдениет жаңалықтары

Мағжан бейнесі – көгілдір экранда

Астанадағы «Достық» үйінде «Қазақтелефильм» студиясының толық метражды «Мағжан» телефильмі көрсетілді. Қойылым болар алдында Шет елдермен достық және мәдени байланыстар Қазақ қоғамы президиумының төрағасы Жібек Әмірханова сөз сөйлеп, жиналғандарды бейне жазу таспасының алға қойған мақсатымен, оны жасаушылармен таныстырды. Фильмнің сценарийін жазған ұлы қаламгердің немересі Ұлжан Мүсілімова-Жұмабаева, қоюшы – режиссер Қалиолла Омаров, операторы Мұстафа Өсеров.

Қазіргідей қымбатшылық, жоқшылық қос бүйірден қысып тұрған заманда сөз зергерінің кезінде көзін көргендердің іштерінде шер боп қатып, шемен боп сақталған суреткер ақын туралы ой-пікірлерін өз ауыздарынан жазып алуды басты нысана етіп ұстандық, − дейді Қалиолла өз сөзінде. – Олардың арасында Мағжанның өмірлік жан серігі, айдауда, түрмеде жүрген жерлеріне 14 рет іздеп барған жұбайы – Зылиха шешей, туған інісі – Сұлтанғазының зайыбы – Бибізайып апай, ақынның «Жамал» өлеңінің кейіпкері, тағы басқалар бар. Бұл түсірілімде М. Жұмабаевтың шығармашылық құдіретіне үңілгенді қойып, ақындығы жайлы әңгіме қозғай алмағанымыз да рас. Орыс киношылары Пушкин туралы 200 -ге тарта фильм жасаған екен. Бірақ қойылымдар тақырыбы жағынан бірін - бірі қайталамайды. Мағжандай жарық жұлдызымыздың өмір - тарихының бір қырын ғана қамти алып жатсақ, үмітіміздің ақталғаны деп білеміз. Әрине, төрешісі көрермендер ғой.

Қойылым соңынан киноны тамашалауға қатысқан ақынның жақын-жуық, туыс-туғандары, тірісінде оны көргендер, әдебиет, мәдениет қайраткерлері, Түркиядан келген қонақтар «Мағжан» бейне жазу таспасының жетістігі мен кемшілігі төңірегіндегі ойларын ортаға салды, ақыл - кеңестерін айтты.


«Алматы ақшамы» 22 сәуір 1992 жыл № 94


Әйел әлемінің әр қыры


(«Қазақтелефильм» туындыларының ретро – көрсетілуінен кейінгі ой - толғаныс)


Көгілдір экранда әйелдер. Бірақ, олар актрисалар емес, әдетінше әлдекімнің бейнесін қайтсем шынайы бедерлеймін деп шыбын жандарышырқырай жанталаспайды. Олар өздерін өзі ойнайды, көрерменмен Шындықтың нақ өзі – уақыттың перзенттері болып Өмірдегідей байсалды, байыпты қалыптармен қауышады. Бірі – жасамыс, екіншісі – егде, үшіншісі – қария. Жасамысы – Шымкенттік дүлділ айтыскер Тәушен Әбуова, суырыпсалма талантымен тәмәм халықты тамсантқан төкпе, тұйғын Тәушен. Егдесі – Қазақстанның халық жазушысы Мәриәм Хакімжанова, сол өрелі өнерді кітаптар мен парақтарда өрнектеген мерейлі, мәртеделі Мәриәм. Ал, қариясы – жоғалып, табылған сүйіншісінің дүбірі әлі басылмаған Мағжан бабамыздың зайыбы Зылиха Жұмабаева.

«Тәушен», «Атамекен», «Мағжан», деп аталған бұл деректі телефильмдерді бір – бірімен байланыстырып тұрған бір көпір бар: үшеуі де ат басын Ақындықтың ауылына бұрады, халқымыздың ұрпағынан ұрпағына мұра еткен, атасынан баласына мирас қылған, жақынан жұрағатына жұққан асыл өнерін – Ақындықты - қазақ пен қандас дарынды дәріптейді. Бірақ, оның бұл туындыларда дәріптелуі басқарақ! Рас, ақындардың өмірін өзек ететіндіктен де картиналардың көркемдік қуаты да, құты да - Өлең. Сондықтан да, Тәушеннің түйреме түйдектеріне, Мәриәмнің жайма шуақ кейде мұңды жолдарына, Мағжанның сыры да, сымбаты да келісті симвлоистік сипаттағы өлеңдеріне аз орын берілмейді. Бір ғажабы, Өлең мұнда өлең ретінде оқылып, не айтылып қоймайды. Өзі де кейіпкерге айналып, Адам, Тағдыр болып үн қатып, телефильмдердің жанды бір бөлшегіндей болып кетеді.

Жағы суалып, иегінің еті қашқан, беті әжімнен көрінбейтін кәрі кемпір сөйлеп отыр. Оның ернін күбірлеп қана қиимылдататыны сондай, демін ішіне бүгіп, зейінін сала тыңдап отырмаған көрерменнің құлағына жиі – жиі ауызға алынатын «Мағжан - Мағжан» деген жылы есім ғана шалынуы мүмкін. Кемпір бірде жүзіне қан жүгіріп күлімсіресе, бірде өңі қуқыл тартып, күйзеле кемсеңдейді. Қапталындағы ескі фотосуретте уылжи үлбіреп тұрған жас сұлу, Мағжанның табалдырығын әлде кімнің жесірі боп аттағанмен, ақынның кесірі боп аттамаған, ел ардақтап отырған боздақтардың басына күн туған қияметті кезеңде айдаудағы жарының соңынан 14 рет іздеп барған аяулы Зылиха осы.

Кино да көрермен көңілін ерекше елжіретіп әкететін қайталанбас бір сурет бар: Кемпірдің дірілдеген қолында – астанамыздағы «жазушы» баспасынан 1989 жылы жарық көрген Мағжан Жұмабаевтың тұңғыш кітабы.Кейуананың көзі көрмейді, бір қолындағы әйнегі қалың шынымен ол кітап мұқабасындағы қастерлі есімнің әр әрпәне сығырая қайта – қайта үңіледі. Үңіледі де, көкірегіне басып, жас балаша өксиді, жанарының нұры таймаған, кірпіктері сирек кішкене көздерден қуаныштың һәм қасіретін жасы дамылсыз сорғалайды. Осы бір сәттік қана суреті үшін «Қазақтелефильмнің» ақсақал режиссері Тұраш Ыбыраев марқұмға, тек аталмыш теле фильмнің режиссері Қалиолла Омаров қана емес, біздің бәріміз рахмет айтуымыз керек. Т.Ыбыраев Мағжанның немересі Ұлжан Мүсілімова – Жұмабаевамен бірге (сценаридің авторы) бұл кадрларды Зылиха өмірінің соңғы жылдарында Мағжан есімі ақталмай тұрып-ақ түсіріп алып, телефильмнің түкпірдегі тартпаларына салып тастаған екен. Зылиханың арманы жоқ. Тілі күрмелгенше, жағынан жаңылғанша Мағжанды аузынан тастамаған оған тағдыр Мағжанның қайта туғанын, қайта тірілгенін өз көзімен көруге, өз құлағымен естуге жазды. Ол ғасырлық ғұмыр жасап, 99 жасқа келіп, жарының сол тірілгенінен енді қайтып өлмейтініне, ақылы түстен кейін енетін аңғылдау халқының енді оны өлтірмейтініне кәміл сеніп, қамсыз – алаңсыз кетті.

Қазақтың қыз – келіншектер поэзиясында Мәриәм Хакімжанованың орны өзгелерден ерек тұрады. Жұртшылық, әсіресе алдыңғы буын ұопақ оның өлеңдеріндегі нәзік лиризмнен гөрі, азаматтық асқақ рухтың күштілігін әлдеқашан әділ бағалап қойған. Бірақ кейбіріміз, әсіресе, кейінгілеріміз оның Әйел, жар ретіндегі тауқымет тағдырын біле бермеуіміз мүмкін. Білсек те терең үңілмеппіз, мән бере бойламаппыз.Фильмді жасаушылар осы олқылығымыздың орнын толтырмаққа тырысқан сияқты. Телефильмді тамашалап болған соң Мәриям емес, мұңлық дерсің бұл әйелді, Ақын емес аруана дерсің аңыраған...

Ы.Алтынсариннің атасы Балғожа бидің кіндігінен тараған бір тұқымның бүгінгі тармағы – осы Мәриям. Мәриям – Ыбырай атамыздың шешесі Айғаныс әженің қолынан ақ тілеулі бата алған жан: «Көсегем көгерді дейтін болсам, сол батаның арқасы», - дейді Мәриям.

Тағы да алдымыздан Мағжандарды жалмаған отызыншы жылдардың зұлматы зобаланы шығады.Жастай қосылған алғашқы күйеуінен 21-ақ жасында жесір қалған оған құдай екінші жарды да көпсініпті. Өз заманының озық ойлы азаматтарының бірі болған, Ішкі істер Халық комисариятының қызметкері Серғали Бермұхамбетовке де «Халық жауы» деген жала жазықсыз таңылады. Содан Мәриям мойнына жесірліктің қамытын біржола ілді.

Күнде тергеу, түнде тергеу. Сұрақ та сұрақ. Үстелдің төрт жағында төрт адам, төртеуінің алдында төрт наган. Қорықсын, үрейленсін дей ме екен? Сонда төртеуі бірдей атып тастамақ па? – деп азаматқа жар болғаны үшін ғана кінәлі болған Мәриям тақсіретті жылдарды бүгінде осылайша зілді мысқылмен еске алады. – Бәріне кінәлі Сталан деп жатыр ғой. Ол неге өйтті екен? Осыған менің басым жетпей-ақ қойды, - дейді ол. «ол неге өйтті екен?». Күллі қазақтың басы күні бүгінге дейін жетпейтін күмәнді ле тұманды сұрақ бұл.

Жыр жолдарынан есетін қайсарлық мұның мінезінде де бар тұғын. Құдай бір емес, мың айналдырып, шыр айналдырып, шаңырағының шырқын бұза берсе де моймайтын, таусылмайтын Мәриям қазір боркеміктеніп, босай бастапты. Әсіресе, Алтынбектің «Бозторғайын» Мейрамбек дейтін жас бала безек қаға шырылдатқанда, көз жасын тыя алмағанын-ай. Қайратты шаштарында ақселеулер әлде қашан сиілдеп кеткен бұл әйелге түн баласында тыныштықбермейтін үш ауру бар. Бірі – әлсін – әлсән төсекке алып ұратын жан ауруы, меңдеп келе жатқан кәрілік. Екіншісі – мәңгілік серіктікке берген сертінен танытқан сырлас дерті – Өлең. Үшінші ауруы – Жалғыздық, жан жалғыздығы, бұл тіпті Мәриямды өмір бойы өкшелеп келе жатқанға ұқсайды. Бірақ бұлардың бірінен де қорықпайды Мәриям. Мәриям әр уақыттан қорықпайтындардан қорықады. Қостанайға барған сапарынан ол Ыбырай атаның онсыз да жетімсіреп тұрған бейітінін дәл жанынан орыстың шошқа қорасының қоныс тепкенін көріп, қынжылып, құлазып, қартайып оралды. Өткенді қадірлемеудің мысалы жалғыз осы ма? Ақымақтанып, азып бара ма, қалай, бұл ұрпақ?

«Таза, мінсіз, асыл тас су түбінде жатады, таза, мінсіз, асыл сөз ой түбінде жатады, су түбінде жатқан тас, жел толқытса шығады, ой түбінде жатқан сөз шер толқытса шығады» деген Асан қайғының даналық шумағында шындықтың сәулелі суреті жатыр. Өзі «Өлең маған он үшімде жабысты» дегенмен, шер ме, басқа ма, әйтеуір тоғыз жасынан бастап толқытқан сол толқынның жасы ұлғайған сайын теңізге айналып бара жатқанын іштей сезуші еді Тәушен. Сәл сергіп, серпіліп, желпінейін десе, жоқ болса бермей, бар болса көрмейтін ағайын «Кәрібоз, қартайғанда жорға шығарайын деп жүр ме?», - деп мырс – мырс күлетін. Жасып, жаншылып қалушы еді мұндайда Тәушен, сонысының ақымақтық боланын кейін білді. «Күйеудің, қазанның қамын күйттеп, баланын бабын тауып алсам жарар», - деп ыдыс аяқты қайтадан сылдыратуға көшетін. Бірақ, түсініксіз бір тылсым күш үйде отырғызбауға арналды. Жаңында жасырылған жұмбақтарын көрге бірге әкеткенім-ау деген қорқыныштан түршігіп, дала кезіп кетіп еді, «Жынды» деген жаман атқа да тез іліктірді жұрты. Бір күні ауыл ішіндегі жастардың үйлену тойына бара қалып, көпшіліктің кеу – кеулеуіен бірінші рет шешіле шырқап қоя берді.

Жоқ, жынды емес, Ақын болып шықты Тәушен, ақиық айтыскер болып шықты, «Шеңгел ішідегі ақберен» (телефильмнің әдепкі аты) қартайғанда қазағының қара өлеңінің қылышын қайрап, айтыс додасына қаймсықпастан қойып кетті. Ерлік жасады: Өзінің көзін өзі ашты, арнасын аршыды. Сөйтіп, тұйық Тәушен көз алдымызда тұйғын Тәушенге айналды. Облыстық айтысқа шақырылып, жеңімпаз атанды, міне, талаптың таланттың мінгізген тұлпары! Іле Республикалық айтыс сахнасының төрінде отырды, жүлдені жеңіп алды, міне, сенімнің берген қанаты!

Телефильмде Тәушен өзі, өмірі, өнері туралы әңгімені ағынан ақ жарыла айтты.

Жоғарыда сөз болған телефилмдерді бір – бірімен байланыстырып тұрған екінші бір күретамыр мынау: бұлардың үшеуі де бізге Әйел әлемінің есігін айқара ашуға ұмтылыс жасапты. Әйел туралы әдемі әңгіменің, байыпты әңгіменің желісі басталғанға ұқсайды. Әйел бізге бірде жылап, бірде күлген өмірімен, талайлы тағдырымен, күйбенді тіршілігімен, мерейін үстем еткен өнерімен, теңіздей терең жанымен, махаббаты ұлы жүрегімен, бірін – бірі қайталамайтын, әрқайсысы өз алдына ерек болмыс бітімімен қымбат бола түседі.

Бейнедидардың «саудагер» каналында, көше книо театрларында болып жатқан шындығы да, шынайылығы да аз, мағынасы мысқылды күлкіңізді шақырып, мазаңызды кетіретін көркем кинолардан сізде жалығып жүрген шығарсыз, олай болса «Қазақтелефильмнің» соңғы кездегі туындыларын, өмірдің өзінен алынатын киноларды қалт жібермеңіз. Сіз олардан батыл бетбұрыстарды бірден байқап, қуанып қалады...

Гүлзира Серғазиева


Алматы ақшамы, №94, 22 сәуір, 1992 ж.

Ашаршылық жайлы деректі фильм

Халқымыздың басына түскен ұлы нәубет 1932-жылғы ашаршылықты біз ешқашан ұмытпауымыз керек. Бұл тақырып деректі фильмнің арқауына айналуы да сондықтан болса керек.

Сәуірдің 20өсында қаладағы Кино үйінде осындай алғашқы фильмнің тұсауы кесілді. Оның режиссері бұған дейін де бірнеше деректі фильмнің авторы болып үлгерген жас талант Х. Омаров, операторы М. Өсеров.
  • Фильм Б.Михайловтың «Ұлы жұт» («Великий джут») деген хроникалық кітабының негізінде түсірілген еді, − дейді Халила Омаров өз шығармасының төңірегінде ойын ортаға салып. – Сондай-ақ архивтік құжаттарды да біршама пайдалануға тура келді.

Халиланың бұл фильмінде ұлы нәубетті өз көзімен көрген ардагерлердің де естеліктері ұтымды пайдаланылған. («Нәубет» фильмі туралы кеңейтілген мақаланы газетіміздің алдағы нөмірлерінің бірінен оқи боласыздар).

Е.ӘЛІ.


АЛМАТЫ АҚШАМЫ, 1992 жылы, 27 сәуір.

Тұсаукесер

Жас алдырған жарты сағат

Жас режиссер Халила Омаровтың тағы да бір фильмінің тұсауы кесілді. Бұған дейін Мағжан Жұмабаевтың, Мұхамет-Салық Бабажанов, Таушен Әбуова өміріне арналған бірнеше деректі фильмдермен көпшілікке танылып қалғанталант иесінің жаңа шығармасы халқымыздың басынан өткен ұлы нәубет – 1932 жылғы ашаршылық тақырыбын қамтыған екен. Бар болғаны жарты сағаттық кинодан бүкіл Қазақстанды жайлаған аштықты көріп, халқымыздың басына төнген адам төзгісіз ауыртпалыққа қаныққандайсыз.

Бұл – Орынкүл апа. Жасы 104-те. Режиссер: − «Әже, жұрт ашаршылық болды деп айтып жүр ғой?...» Орынкүл апа: − «Иә, ашаршылықтың болғаны рас. Кейін ғой оңалғанымыз. Болған, қарағым, болғаны... енді есімізден де шыға бастады...» Фильмнің бірінші бөлімі осылай басталады. Экран алдында ашаршылық жылдардың тірі куәгері, бір ғасырдан астам ғұмыр кешсе де ақыл-есі сергек Орынкүл әжей басынан өткен оқиғаларды баяндап отыр. Кейіпкер сөзі архивтік құжаттар мен суреттер арқылы көз алдыңнан тізіліп өтіп жатыр.

Экранда – академик Манаш Қозыбаев. Ол фильмнің ғылыми консультанты екен. Тарихи деректерге ғылыми түсініктер беріп, қолдағы нақты цифрларды сөйлету арқылы Қазақстанның қай облыстарында аштықтан қанша адам қырылғанын баяндайды.

«1925 жылдың қыркүйегінде Қызылордағы қазақ өлкелік комитетінің бірінші хатшысы болып Филипп Исаевич Голощекин келді. Партияның бұл тісқаққан жауынгері шынында да кім еді?

Әуелі жай атқанмінердің бірі, кейін тіс технигі, сонан соң кәнігі революционер болып шыға келді.

1918 жылдың шілдесінде Ленин мен Свердловтың құпия тапсырысымен Голощекин Екінші Николай патша мен оның жанұясын түгелдей жаһаннамға жіберуді өзі бас болып ұйымдастырды».

Міне, осы деректің өзінен-ақ Голощекиннің қолы қанға бөккен жендет екенін біліп, еріксіз ішімізді тартып, жағамызды ұстадық. Оның бқл әрекетінің өзі-ақ Қазақстанға «жауапты сыннан өтіп, нағыз большевик» атанып келгендігін аңғартқандай еді. Айтқанындай-ақ қазақ даламына табаны тигені сол екен, Голощекин бұл өңірде Кеңес өкіметінің жоқ екенін бірден мәлімдеді. «Менің көзім жетіп отырғандай, бұл жерге, сөз жоқ, кіші Қазан (Октябрь) керек. Егер ол азамат соғысына айналса, біз одан да тартынбаймыз» − деді ол.

Геноцид өз дегенінде тұрды. Оның бүлдіруші әрекеттерін Лениннің «сенімді шәкірттері» толық қолдап отырды. Жергілікті тұрғындардың төрттен үш бөлігінің көшпелі ғұмыр кешетін атамзаманғы дәстүрін аз уақыттың ішінде-ақ өзгерте салуды көздеген Голощекин: «Қазақ халқы отырықщы ел болуы тиіс. Және болады да!» деп кесіп айтты. Бірақ, адал д аұылды адамдар оған былай деп ескертті: ата кәсібі малшы кісінің қолынан таяғын тартып алып, оған күштеп кетпен ұстата салуға мүлдем болмайды. Мұның аяғы жақсылыққа бітпейді – шаруа шалқаяды, қазақ қырылып, жер иесіз қалады. Мұндай ескертпені айтқан қазақ халқының адал перзенттері көп кешікпей жау атанып, түрмелер мен лагерьлерде іріп-шіріді, одан қалғандары қуғынға ұшырады.

Сталиннің тікелей қолдауымен Голощекин Қазақстанда білгенін жасады. Оған жаны ауырып, халқының тағдырына араша түскен Тұрар Рысқұлов Сталинге үш рет хат жазады. «Қазақтардың орнына үдере көшуі үдей түсуде... аштық пен обадан өлген адамдардың көбейгені соншалық, Орталық тез арада бұл мәселеге араласпаса болмайды», − деп шырылдады ол.

Ал бұған Орталықтың қайтарған жауабы «Мемлекетке астық пен ет өткізу жоспарын қайткенде де орындау керек!» болды.

1932 жылдың қайырымсыз өысында тек алғашқы тоқсанның өзінде ғана Қазақстанның 14 ет комбинаты елдің ең ірі өндіріс орталықтарына 14 мың тоннадан астам ет жөнелтті.

Атқамінерлер мен өкілдердің аузындағы ұрда-жық ұраны мынау болды: «аша тұяқ қалмасын, асыра сілтеу болмасын!».

Міне, осындай «асыра сәлтеу болмағанның» өзінде 1929 жылы Қазақстанда жалпы есеппен 40 миллион бас (М.Қозыбаев 60 миллион дегенді айтады) мал болса, 1933 жылы оның 4 миллтионы ғана қалды...

Экранда – фотобейнелер... Аштық аранын аз да болса бәтей тұру үшін ұрланып, пішен арасынан табылған кішкентай ғана қыз бала. Иә, ұрланған... Диктор: «Мына қыздың еті қазанға түсіп үлгермеді. Осы баланың етін жеген бұл сорлыларда не жазық бар», дейді. Әлгі пішен арасынан табылған қыздың жанында тағы бір жас баланың басы жатыр... Қандай қорқынышты кадр! Мұнан бөлек тау-тау болып көмусіз үйіліп қалған адамдардың денелерін көрудің өзі аянышты.

Мен алдыңғы қатарда отырған түркиялық азамат Халифа Алтайға қараймын. Ол кісі жылап отыр екен. Оның арғы жағында отырған әйелі – Бибатыш жеңгеміз де ақ жаулығының ұшымен қайта-қайта көзінің жасын сүртіп қояды.

Фильмнің соңында мынадай мәліметтер келтіріледі: «Коллективтендіру кезеңі далалықтар үшін ұлы трагедияға айналды. Тіпті жоңғар шапқыншылығы кезінде мұндай қырғынға ұшыраған жоқ...

Мемлекеттің жоспарлау комитетінің мәліметі бойынша:

1930 жылы − 121 мың 200 адам;

1931 жылы – 1 миллион 74 мың адам өз атамекеніне ауып кетті;

1931−1933 жылдар аралығында 1 миллион 700 мың қазақ құрбандыққа ұшырады.

Тұтас ұлттың тең жартысы қырылды. Тек 40 жыл өткен соң ғана − 70-жылдарда қазақтар өздерінің 1926 жылғы санына әзер жетті. Коллективтендіру құрбандарына мәңгілік бас иеміз! Лайым жандары жаннаттта болғай!...

Фильм аяқталды. Залдың іші тым -тырыс. Ешкім де кетуге асыққан жоқ. Мұнда фильмге қатысып, естелік айтқан ақ шашты ардагерлер де түгел жиналған екен. Жаңа ғана экраннан көрінген ұлы нәубет кетер емес көз алдыңнан. Ауыр ой еңсеңді езіп бара жатқандай.

Иә, қаншама уақыт шындықты айтуға әрекеттенгендердің аузын жауып келдік-ау.

− Бұл фильм В. Михайловтың «Ұлы жұт» («Хроника великого джута») деп аталатын кітабының негізінде түсірілген еді, − дейді Халило Омаров көрермендерге түсінік бере келіп. – Архив құжаттырының және бірқатар ардагерлердің айтқан әңгімелерін пайдаландық. Осында отырған көрермендердің атынан және кино жасаушылардың атынан сіздерге тағы да алғыс айтамын.

− Біз Халила екеуміз біраз жылдардан бері шығармашылық тығыз байланыстамыз. Бұған дейін де бірнеше фильм түсірдік, − дейді оператор Мұстафа Өсеров.

Айтса да, айтпаса да осы екі жігіт бірін –бірі дұрыс тапқан екен. Режиссер мен оператордың бірін-бірі түсінуі, ортақ көзқараста болуы фильмнің бағын жандырса керек. Осы сөзіміздің дәлелі – тұңғыш тұсауы кесіліп отырған «Нәубет» фильмі.

Енді бірқатар адамдардың пікіріне құлақ түрсек.

Халифа АЛТАЙ: − «Мен фильмді көріп отырып, қатты толқыдым. Босағаным соншалық, көзімнің жасын игере алмадым. Әлі де сол әсерден арыла алмай отырмын.

Қазақтардың шетелге көшіп кетуінің себебі бар. олар жаңа үкіметтің салған зобалаңынан, аштықтан құтыламыз ба деп кетті. Бірақ, ол жақта да қазақтарға оңай болған жоқ. Мұндағылар аштықтан қиналып, қырылса, біз шет жерде жол азабынан қиналдық... Құдайға шүкір, қазір мұнда жағдай біршама түзелген сияқты. Халқымның басындағы жағдайға байланысты мен кітап жаздым. Ол жақында баспадан шығады. Халила балам мен Мұстафа балама рахмет. Бірақ, ащы шындықты әлі де батыл кқрсету керек. Қорқудың қажеті жоқ».

Манаш ҚОЗЫБАЕВ, академик: − «Қай кезде болса да шындықты бір айту керек. Мен айтқан мәліметтердің біразы кинодан кесіліп қалған сияқты. Бүгінде кімнің қолында қайшы болса, сол мықты болып тұр ғой. Дегенмен, фильм үлкен істің бастамасы ғана. Өйткені, ашаршылық кең тақырып. Алдағы уақытта мұны жалғастыру қажет. Өйткені кейінгі ұрпақ үшін сабақ болуы керек. Қазір Жоғарғы Кеңесте архивтік құжаттарды ашу жқнінде арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Мен сол комиссияның төрағасымын. Соларды пайдаланып, бірнеше сериялы фильм түсірсек артық болмайды. Қажетті көмегімізді аямаспыз».

Ардагер Мардан БАЙДІЛДАЕВ: − «Менің немереммен қатар Халила мен Мұстафаның бұл шығармасы көңілден шықты. Енді мұны кеңінен насихаттау керек. Бұлардың өздері де еңіреп жүрген ер екенін де мен бүгін танығандаймын. Аштық бітпейтін тақырып. Оның үстіне биыл ашаршылыққа 60 жыл толады. Соның қарсаңында осындай деректі фильмді жарыққа шығарып, бәрімізді жылаттыңдар...

Қазір итке де дәрігер бар. ал біздің аштықтан қырылған қазақтарымыздың моласы да жоқ. Тіпті оларға қойылған ескерткішті де осы күнге дейін көре алмай жүрміз. Тарих қайта жазылуға тиіс».

Журналист Армиял ТАСЫМБЕКОВ: − «Фильм сәтті шыққан. Тек ондағы кейбір суреттер газеттерден алынған екен, әйтпесе архивтерде мұндай суреттер көп –ақ. Алдымен айтарым, бұл киноны жалғастыру керек. Фильмнің арқауына арналған мұндай фактілерді Қазақстанның кез –келген түкпірінен табуға болады. Кезінде аштықты қолдан жасаған, яғни Сталин, Голощекин секілді геноцид ұйымдастырушылардың нұсқауларын бұлжытпай орындауға белсене қатысқан адамдардың көзі тірілері тұрады Алматыда. Солардың тілін тапса, меніңще, айтатындары да көп болса керек...»

Жазушы Амантай САТАЕВ: − «Халықтың қасіретін экран арқылы қайта өзіне ұсыну – үлкен өнер. Небәрі жарты сағатта адамдардың сай –сүйегін сырқыратып, жылататындай фильм жасаған жас таланттарға алғыс айтамыз. Арамызда әлі де көнекөздер бар кезінде олардың сөздерін жазып алған жөн».

ҚазМу –дің профессоры, Әбу ТӘКЕНОВ: − «Тарихи фильмдерді көбейтіп, оған мемлекеттік тұрғыдан қамқорлық жасату керек. «Нәубет» фильмін үлкен экрандарға шығарып, көпшілікке көрсетсе жақсы болар еді. Бірақ, осы мәселенің бізде аяқсыз қалып қоятыны белең алған. Мәселен, бұған дейін «Алжир» фильмі шығып еді. Неге екенін қайдам, қазір жоғалып кетті?», − деп алаңдаушылық білдірді.

Америкадан келіп, жарты жылдан бері қазақша үйреніп, қазақ халқының тарихын, әсіресе, ашаршылық тақырыбын зерттеп жүрген жас ғалым Пола МАЙКАЛСТЫҢ пікірін сұрағанда ол:

− Фильм өте сәтті шығыпты. Бұл менің де зерттеп жүрген тақырыбым болған соң жаныма жақын әсер етті. Қолымнан келсе, алдағы уақытта осы фильмді еліме өзіммен бірге ала кетіп, өз отандастарыма көрсетуге әрекет жасармын, − деді.

Тарихи фильмді кеңірек насихаттау қажет дегеннен шығады. Шынында да жас ұрпақ, өткенімізді кеңірек білуі керек. Мұғалімдері мен әке –шешелерінің аузынан мың рет естігеннен гөрі осындай фильмді бір мәрте көргеннің өзі олар үшін пайдалырақ. Сондықтан, фильмді насихаттаудың мәні зор.

Жаңа әлгінде американдық қыздың ұстазы болып жүрген ҚазМУ –дің оқытушысы Гүлдерхан СМАҒҰЛОВаның:

Осы фильмді видеотаспаға жазып алып, оны орта мектептерге таратса, тарих пәнен бұл таптырмас көрнекі құрал болып қалар еді, − деген пікірінің де жаны бар. Әрине, ол үшін Қазақстан Республикасының Халыққа білім беру министрлігі басшыларының да ынта –ықыласы қажет–ақ. Біз жоғары орындарда отырған жауапты азаматтардың құлағына бұл сөзді әдейі салып отырмыз. Қалай болғанда да тарих өлмеуге тиіс.

Е. ЕРАЛЫҰЛЫ.