«Коммунистік еңбек» 30 қараша 1989 жыл
Вид материала | Документы |
- Конституционная реформа в России (1989-1993г.), 376.36kb.
- Руководство по борьбе с насилием в семье, 126.99kb.
- Дацышен Владимир Григорьевич доктор исторических наук (2001), профессор кгпу. В 1989, 206.68kb.
- Учебного заведения и его местонахождение, 70.52kb.
- Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің бұйрығы, 7507.09kb.
- 1989 Kotenkova E. V., Osadchuk A. V., Lyalyukhina S. I precopulatory isolating mechanism, 207.56kb.
- Антропогендi фактор, 77.88kb.
- М. Әуезовтың «Абай жолы» романы, 152.68kb.
- Гаагская декларация по туризму межпарламентская конференция по туризму проведена, 355.3kb.
- Бюллетень новых поступлений, 1337.31kb.
Өзім түсірген фильмдердің бәрі қымбат
Қазақстанда спорт тақырыбына жазылған әдебиеттер баршылық. Сейдахмет Бердіқұлов, Несіп Жүнісбаев, Қыдырбек Рысбекұлы, Өмірзақ Жолымбетов сынды қаламы қарымды жазушылар мен журналистердің қаламынан талай тамаша дүниелер дүниге келді. Сол әдебиеттерді оқып, салауаттылыққа бет бұрған, сортты серік еткен жандар қаншама десеңізші.
Ал жарнамалау мен насихаттаудың басты құралы болып саналатын елдегі спорттық киноның жай-күйі қалай? Осы сауалға келетін болсақ, жанарымызбен жер шұқитындай жағдайдамыз. Өкінішке қарай, даңқымызды төрткүл дүниеге танытқан спортшыларымыздың өмірін бейнелейтін, жеңісті жолын дәріптейтін, деректі дүниелер бізде де сирек кездеседі. Режиссерларымыз спорт тақырыбына келгенде тосылып қалады. Бұл ретте біз санаулы ғана фильмдерімен ғана мақтана аламыз. Солардың арасында шоқтығы биік тұрған «Барып қайт, балам, ауылға» және «Дәулет балуан» атты фильмдер. Алғашқысы - жырақта жүріп, қазақтың тектілігін танытқан таэквондошы, қара белбеу, VI дан иегері Мұстафа Өзтүрік, екіншісі әйгілі балуан, грек – рим күресінен екі дүркін Олимпиада жүлдегері, әлем чемпионы Дәулет Тұрлықанов жайында. Біз сол фильмдерді түсірген Қалила Омаров ағамызды іздеп тауып, әңгімеге тарттық.
Қалила аға, көптеген режиссерлеріміз спорт саңлақтары жайында кино түсіруге құлшыныс таныта қоймайды. Ал сіздің осы салаға бет бұруға не түрткі болды?
Енді әркім жүрегі қалаған тақырыбын таңдайды ғой. Менің де өзіме ұнайтын салам бар. Көбінесе, сол бағытта жұмыс істеймін. Тарқатып айтсақ, Мағжан, Міржақып, Жамбыл сынды тарихи тұлғалар жайында бірқатар деректі фильмдерді дүниеге әкеліп, ел ықыласына бөлендім. Ал «Барып қайт, балам, ауылға» және «Дәулет балуан» фильмдеріне келетін болсақ, мен кейіпкерлерімді тек спортшы ретінде ғана емес, басқа да қырынан көрсетуге тырыстым. Бұл менің түсіріп жүрген тақырыптарыма өте ұқсас. Өйткені, Мұстафа мен Дәулет әйгілі спортшылар ғана емес, олар тарихи тұлғалар. Мәселен мен өз фильмдерімде ашаршылық кезінде, басқа да қилы заманда тағдыр тауқыметін тартып, шекара асқан қандастарымыздың өмірін бейнеледім. Мұстафаның ата-анасы да сондай жайтты бастан кешіріп отыр. Ол – қолдан жасалған содыр саясаттың құрбаны болған қазақтың ұрпағы. Мұстафа арқылы мен тарыдай шашылып жүрген барша қандастарымның тағдырын көрсеткім келді. Ал Дәулетті мен бұрынғы батырлардың тұяғы деп есептеймін. Оңай ма, шалғайдағы ауылдан, көп балалы ауылдан шыққан қарапайым қазақ баласы азуы алты қарыс Кеңестер империясында қатарынан жеті мәрте чемпион атанып, әлемдік деңгейдегі жарыстардың биігінен көрінді. Оның үстіне, Дәулеттің атасы Тұрлықан өз заманында мықты балуан ретінде танылған, Алаштың көзі ашық, көкірегі ояу азаматы болған. Міне, Дәулет сол асылдың сынығы. Сондықтан да қазақтың маңдайына осы қос азаматты тарихи тұлғалар десек, еш ағаттығы жоқ.
Енді алғашқы филмьнің қалай түсірілгені жайында тоқтала кетсеңіз?
1990 жылы Мағжан мен Міржақып отырған концлагерьлерді іздеп, еш нәтиже шықпаған соң, елге оралдым. Сол күні түс ауа «Қазақтелефильмге» келсем, елдің барлығы дүрлігіп жүр. Баршаның айтатын әңгімесі: Баршаның айтатын әңгімесі «Алматыға әйгілі каратэші Брюс Лимен бірге жаттыққан қандасымыз Мұстафа Өзтүрік келе жатыр». Режиссер Тілеген Ахметов сол азамат жайында кино түсіремін деп жанталасып жүр екен. «Қазақтелефильм» киностудиясының директоры Кәрім Танаев мені шақырып алып: «Сен түсіріп жүрген тақырыпқа келіңкірейді. Тілеген екеуің бірігіп, жақсы бір деректі фильм түсіріңдер», деп табыстады. Содан біз бірден әуежайға тарттық. Сол жерден қонақтарды күтіп алдық. Мұстафа өзімен бірге бір топ шәкірттерін ала келіпті. Екеуі қазақ, қалғандары түріктер. Солармен бірге Алматы, Талдықорған, Жамбыл облыстарын араладық. Бір апта ішінде бір фильге жүк болатындай деректер жинап қайттық. Сөйтіп, «Барып қайт, балам, ауылға» фильмі дүниеге келді. Фильмнің тұсаукесерін «Достық» үйінде өткіздік.
Сол бірге жүрген, аралас – құралас болған уақытта Мұстафаның қандай қасиеттеріне қанық болдыңыз?
Өркениетті мемлекетте өмір кешіп, дамыған елдің дәмін татса да, «Мұнда менің елім бар, жерім бар» деп ата- жұртын аңсап келген ұлын халық ерекше ықыласпен қарсы алды. Ол аралаған үлкен қалалар мен шағын ауылдарада жамағат оның аяғын жерге тигізбей көкке көтерді. Айтып айтпай не керек халықтың Мұстафаға деген ықыласы шексіз еді. Онымен қауышып, жүздесіп, тілдесіп қалуға талпынғандарда сан жоқ. Барған жерінде сый, барған жерінде құрмет. Бірақ Мұстафа қарапайым қалпынан айрылған жоқ. Тіптен «жеке саған», «игілігіңе жарат» деп жұрттың сыйға тартқан дүниелерінің өзін жергілікті халыққа үлестіріп беріп жатты. «Спорт залдары мен таэквондо үйірмесін ашыңдар, шәкірттер баулыңдар, олардың алаңсыз жаттығуына, жарысқа қатысуына жағдай жасаңдар», деп бәрін алған жеріне қалдырып кетті. Былай ойлап көрсем, сол қилы – қилы заманда көптеген қандастарымыздың ата- бабалары, туғандары жан – жаққа тарап кетті ғой. КСРО кезінде «шет елде туысым бар» десең басың бәлеге қалатын еді. Содан ешкімде тіс жарып, жаңағыдай мәселені айтпайтын. Сол халық Мұстафаны көргенде өздерінің тағдыр тәлкегіне ұшыраған ет жақын адамдарын естеріне түсірсе керек, әйтеуір онымен жылап көріспегендері сирек. Бүкіл бір халықтың, тұтас бір ұлттың тағдыры ғой, бұл.
Осындай әсер алған сізге жақсы бір дүние түсіру аса қиынға соқпаған болар?
Енді шамамыз жеткенше кино түсірдік қой. Негізінен, маған Мұстафаны спорттық жетістігінен гөрі, атамекенін аңсап, ата жұртына оралған азамат ретінде көрсету қажет болды. Әсіресе, трагедиялық жағын иолынан қамту керек еді. Кеңестер одағын жерден алып, жерге сала ма деген оймен алдын ала әзірлеген сұрақтарды қойғам. Бірақ Мұстафаның аузынан өзім күткен жауапты ести алмадым. Ол маған: «Өткенді жамандауға болмайды. Ащы болса да, қасірет пен қайғы ға толы болса да, ол – біздің тарихымыз» - деп кесіп айтты. Міне, бұл да азаматтықтың белгісі емес пе?!
Фильмді неге «Барып қайт, балам, ауылға» деп атадыңыздар?
Мұстафаның бұл сапарында қасында Иманғали Тасмағанбетов, Тұңғышбай Жаманқұлов, Талғат Теменов, Досхан Жолжақсынов сынды азаматтар болды. Әр кездесу барысында Тұңғышбай ағамыз өзінің қоңыр даусымен сазгер Темірәлі Бақтыгереевтің «Барып қайт, балам, ауылға» әнін шырқағанда бүкіл халық жылап тұрып тыңдайтын. Соның әсері болса керек, осы әннің атауын таңдап алдық.
Мұстафаның өмірден өткені жайында хабарды естігенде қандай күйде болдыңыз?
Ол кезде «Қазақтелефильм» киностудиясы құлдырауға ұшырап, мен коммерцияға бет бұрғанмын. «Коммерция» деген атауы ғана, әйтпесе көшеде тұрып, темекі сыра саттық. Әйтеуір күнкөрістің қамы. Сондай бір сауда қызып тұрған шақта мені анадайдан байқап қалаған белгілі ғалым Мәмбет Қойгелдиев қасыма келіп: «Мұстафа бауырымыздан, біртуар батырдан айрылдық» деп ағыл-тегіл жылады. Сөйтсем, ол кісі жаңа ғана Мұстафаның денесін Түркияға апарып қайтқан беті екен.
Мұстафа Өзтүрік әкелген өнер өміршең болды. Бүгінгі таңда Қазақстанның таэквондошылары ең мықты деген командалермен терезесі тең өнер көрсететіндей деңгейге жетті...
Бірде Талдықорғанға барғанымызда қазақтың жас жігіті кездесуге бес жасар баласын ертіп әкеліпті. Ырым болсын деп, Мұстафаның бұтыннан өткізді. Бізге енді белгілі жайт, ал қонақтар аң-таң. Сол Мұстафаның бұтынан өткен, ақ батасын алған балалар бұл күндері ер жетіп, ел намысын қорғайтындай деңгейге жетті. Солардың алды таэквондо өнерін бүге – шігесіне дейін меңгеріп, халықаралық ареналарда жасынан жарқырай жүр.Міне, «Жақсының ісі өлмейді» деген осы.
Сіздің де саудамен айналысқаныңыз жайында естідік. Ал қайта кино саласына келуіңізге не себеп болды?
Ұмытпасам, 1993 жыл. Ол кезде коммерцантпын. Жандосов көшесінің бойында орналасқан жеміс-көкөкіс зауытының қасында темекі сатып тұрғанмын. Ммандығым бойынша қызмет істеп үш айда табатын дай жағдайға жеттік. Саудаға беріліп кеткенім соншалықты, бір күні «Қазақтелефильм» киностудиясының директоры Мұса Рахманбердиевтің қасыма таяп қалғанын байқамай қалыппын. Ол кісі; «Мынауың не тірлік? Білдей бір режиссерсің, бірқатар конкурстардың лауреатысың. Ұят емес пе?» деп ашына сөйледі.Сол кезде қызым реанимацияға түсіп, қажетті қаражат таппай, әбден қиналып жүргем. «Несі ұят, бұлда кәсіп. Қызым ауырып жатыр, соған қажетті дәрі – дәрімек тауып бере алмасам, ұяттың көкесі сол болады» деп міз бағатын емеспін. Ағам қатты ашуланса керек, үндемей кетіп қалды. Екі-үш сағаттан соң қайта оралды. Қолыма 5 мың рубль ұстаттыда: «Шамаң жетсе, әйтеуір бір қайтарарсың. Бірақ бұл қарыз емес, қайтара алмасаң ренжімеймін. Барда қызыңды емдет. Бірақ мына кәсібіңді қой, сен киноның адамысың» дегені бар. Бес мың рубль ол кезде біраз ақша еді.
Бір апта өтер-өтпестен құдайым тағы да бір жарылқады. Қасыма су жаңа «Джип» көлігі тоқтап, ішінен сыптай киінген азамат шықты. Қарасам, кезінде Жаңақорғанда бірге өскен, Ленинградта бірге оқыған Әлжан Абдуллаев екен. «Әу, дос бизнесмен болып кеткеннен саумысың. Кино қайда?» деп езу тартты. «Ақша болмаса, кино қайдан болсын» деп жауап қайтардым. Содан ол жағдайдың бәрін сұрап шықты. Бар шындықты жайып салдым. «Жақсы бір кино түсіру үшін қанша қаржы керек?» деп сауал қойды. 20 мың доллар қажет екенін айттым. «Онда ертеңнен бастап, жұмысқа шық. Қажетті қаржыны табамыз» деді де жөніне кетті. Досым уәдесінде тұрды. Келесі күні жұмысқа келсем, бухгалтерияға ақша түсіпті. Сөйтіп, Әлжанның арқасында өз кәсібіме қайта оралдым.
Сіздің ойыңызша, «Дәулет Балуан» фильмі көрерменнің көңілінен шығатындай дүние болды ма?
Оның шынайы бағасын халық бере жатар. Жеке өз басым көрермендерге бұл фильм ұнады деп ойлаймын. Десек те, кемшіліксіз дүние болады ғой. Бізден де азын-аулақ қате кеткен болар. Ал маған бұл фильмді түсіру барысында ең бір қиындық туғызған мәселе – кейіпкерімнің ішкі дүниесін түсініп, оны көрермендерге жеткізу болды. Өйткені Дәулет көп сөйлемейтін жігіт екен. Ал бұл бір қолайсыздық туғызды.
Бірқатар деректі фильм түсірдіңіз. Солардың ішіндегі өзіңізге қатты ұнаған дүние ретінде бөле жара қайсысын айтар едіңіз?
Өзім түсірген фильмдердің маған бәрі де қымбат. Бір қызығы – қай жаққа барсам да, халық менің өзге дүниелерімнен гөрі «Барып қайт, балам, ауылға» және «Дәулет балуан» атты фильмдерімді көбірек тілге тиек етеді. Әйтеуір, «Бұл Мұстафа мен Дәулет жайында кино түсіріп жүрген режиссер» деген сөз шықса болды, барған жерімде кәдімгідей сый құрмет алып қайтамын.
Әңгімеңізге рахмет!
«Айқын» 3 ақпан 2007 жыл
Міржақыпты қайта жерлеген қазақ
1990 жылы Алты алаштың атпал азаматтары, қазақтың бес арысы – Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мағжан Жұмабаевтардың толығымен ақталғаны мәлім. Сол тұста қазақ әдебиеті мен тарихы шынайы да, тың деректермен толығып, ақтаңдақ беттер қайта жазылды. Мұндай ізденістерден «Қазақтелефильм» ұжымы да тыс қалған жоқ. Олар Алаш азаматтары туралы деректі фильмді түсіруді жедел қолға алды. Соның нәтижесінде «Міржақыптың оралуы» атты тың тақырыпқа түрен түрткен деректі туынды дүниеге келді. Кезінде оны көрермен қауым жылы қабылдады. Таяуда біз осы фильмнің режиссері, Халықаралық Жамбы атындағы сыйлықтың лауреаты Қалила Омаровты қонақжай шаңырағымызға шақырып, сол туындының түсірілу барысы туралы кеңірек әңгімелеп беруін сұраған едік.
«Міржақыптың оралуы» қалай түсірілді?
«Қазақтелефильмнің» тапсырысы бойынша бұл фильнің сценарийін Амантай Сатаев жазды. Әрине Әбекең кәсіпқой сценарист. Бірақ туындының желісін жазуға Міржақыпты көптеп зерттеп жүрген, оның зиратын табуға көп еңбек сіңірген Марат Әбсемеов қатыстырылу керек еді. Өкінішке қарай сол жас ғалым сыртта қалып қойды. Оған мән – жайды түсіндіріп, ғылыми кеңесші болуын сұрадым. Ол өтінішімді құп алып, қуана келісті.
Бұл фильді түсіру тапсырыс алған кезде Міржақып бабамыздыңКарелиядағы сүйегін туған жерге қайта жерлеу туралы мәселе Үкіметте талқыланып жатты да күзге қарай оң шешімін тапты. Бұл жағымды хабар біздің рухымызды асқақтатып, шабытымызға шабыт қосты. Бүкіл шығармашылық топ ерекше ынта-ықыласпен іске кірістік. Біз – Міржақып Дулатұлының жиен немересі. Гүлнар апаыздың ұлы Ерлан Сатыбалды екеуміз сол кездегі Ленинградқа ұшақпен ұшып бардық. Ондағы мақсатымыз – жүк көлігімен келе жатқан топ мүшелері жеткенше қаладағы кейбір көріністерді түсіре беру болатын.
Осы орайда мына әңгімені айта кеткеніміз абзал. Қазақтың тұңғыш социал – демократиялық газеті «Серке» деген атпен 1907 жылы Санкт-Петербургте жарық көрді. Міржақып Дулатұлы осы газеттің ашылуына белсене араласып, сол басылымда Ресей империясына қарсы мақалалар жариялады, халықты күреске шақырды. Ал сол кездегі цензура бойынша ондай мақаланы жазған адам да, оны басқан газет те жауап беруге тиіс болатын. Міне, Міржақып бабамыз ең алғашқы саяси соққыны осы жерде жүріп алды. Сондықтан да біз алғашқы кадрларды осы тарихи қаладан түсіруді бастадық. Қажетті көріністерді түсіріп болған соң, Ерлан екеуміз поездбен Карелияға жол тарттық. Теміржол «Беломор каналдың» жағасына салынған екен. Екі жақ қалың орман. Ағаштардың бәрі тереңдігі бір метр келетін суда өсіп тұр. Түн ортасында Сосновец деген станциядан түсіп қалдық. Айнала тас қараңғы, жылт еткен жарық көрінбейді. Күз айы болғанымен, күн суық. Сумандаған жел өңмеңімізден өтіп барады. Сол кезде менің көзалдымда сонау нәубет жылдары осында азап шеккен Алаштың арыстары елестеді. Әрине, ондай тағдырды адам баласына бермесін, сол сәтте өзімізді өте нашар сезіндік. Сондай көңіл күймен жүріп, вокзалды да таптық-ау. Бірақ онда да жарық жоқ. Жөн сұрайтын адам баласын таппай дағдардық. Сөйтіп атар таңды көз ілмей атырдық-ау, әйтеуір. Сосновец шағын ғана елді мекен. Вокзалға қарама – қарсы беттегі төбеде көне зират бар екен. Сол жерде Қазақстаннан келген экспедиция мүшелерімен қауыштық. Асыл бабамыздың азиз рухына Құран бағыштадық.
Арыстың зираты қалай табылды?
Осы орайда «Міржақып бабмыздың сүйегі анық сол қабірде жатқанына қалай көз жеткізіп, қандай деректерге сүйендіңіздер?» деген саул туады. Оған бірнеше дәлеліміз бар. Біріншіден, Міржақып бабамыз осы лагерден Гүлнар апамызға хат жазып тұрған. Ол хаттар күні бүгінге дейін сақталған. Екіншіден, Міржақып бабамыз батыр болған адам. Алаш партиясының үні болған «Қазақ» газетін ашу кезінде елден қаржы жинастырып, жалғыз өзі Орынборға қаптап ақша тасыған. Ол кезде ұры-қарының бәрі пойызда жүретін. Сонда жанына бірде-бір адам ертпеген. Огың батырлық қыры лагерьде жүргенде кеңінен танылады. Міржақып Дулатұлы лагерьде жатқан мұсылмандардың бәріне қамқар болып, оларды соңынан ерте білген. Абақтыда жатты деген аты болмаса, ол галифе шалбар, хром етік, қаракөл бөрік киіп, лагерь сыртындағы жеке үйде тұрған. Екі қызметшісі болған, бірі – ас суын дайындаса, екіншісі – кір–қоңын жуған. Ол қайтыс болғаннан кейін лагерь сыртындағы христиан зиратына арулап жерлеген. Қабір басына «Мирякуб Давлатов» деп жазылған.
Жоғарыда айтып өткен екі қызметші әйелдің бірі, Міржақып бабамыз қайтыс болғаннан кейін оның қабірін өмір бақи күткен. Ол өзі 1970 жылдардың басында қайтыс болса керек. Сонда қызына: «Менің қабірімді күтсен күтерсін, күтпесең ренжімеймін. Бірақ мына зиратта жатқан – әулие адам. Оны түбінде ұрпағы іздеп келеді. Сондықтан осы қабірді аялап, айналасын таза ұста» деп өсиет етіпті. Сол кейуананың қызын міржақыптанушы ғалым Марат Әбсеметов тауып, жолыққан еді. Бұл – үш. Төртіншіден, Міржақып бабамыз қайтыс болғаннан кейін оған да медициналық сараптама жасалған екен ғой. Сонда ол кісінің тіс протезі болған екен. Соны және өзге де құжаттарды Гүлнар апайға табыс еткен. Кейін бабамыздың қабірі табылған соң Карилияның бас прокуроры, соты, басқа да ресми өкілдері келіп, қабірді ашады, тиісті сараптама жасайды. Сонда әлгі тіс протезі Міржақып Дулатұлыныкі болып шығады. Міне, осындай көптеген зерттеулердің нәтижесінде мәйіті Міржақып Дулатұлынікі екені анықталды.
Ол қалай қайтыс болған?
Міржақып Дулатұлы сол өзі жатқан лагерьдің лекоры болған адам. Ол адамдарды емдеумен қатар, өлгендердің мүрдесіне медициналық сараптама жасап отырған. Сонда әлгі жазықсыздан атылған 300 адамды тексеру кезінде жүрегіне салмақ түсіп, содан қайтыс болған.
Қасиетті адамның қабірін ашу – кім-кімге де оңай соқпасы анық. Жүрегіміз лүпілдеп аузымызға тығылды. Мәйіт салынған емен табыт құрғақ жерде жатыр екен. Асыл бабамыздың сүйегін өзімізбен бірге ала келген табытқа көшірдік. Ара – арасында кейбір көріністерді таспаға түсіріп алдым. Табытты жүк көлігіне салып жатқан кезде әлгі кемпір: «Мен бұл қабірді ширек ғасырдан бері күтіп келіп едім. Енді мен кімді күтемін? Мені кімге тастап бара жатырсыңдар?» деп жылап жіберді. Сонда менің түсінгенім: Оның бүкіл ғұмырының мағынасы Міржақып бабамыздың қабірін күтуде болып тұр ғой. Ол кісінің жағдайын дұрыс түсініп, қабірді қайта көміп, ауылдастарын жинап, 57 жыл бойы асыл бабамыздың сүйегін қадірлей, қастерлей білген елге алғысымызды айтып аттандық. Міржақып бабамыздың сүйегі өзі туып өскен бұрынғы «Қызылбел», қазіргі Міржақып Дулатұлы атындағы ауылға жерленді. Ол кісінің сүйегіне кірдім. Сол жерде мұражай ашылды. Мұның бәрі «Міржақыптың оралуы» атты деректі фильмде көрініс тапты.
Жазып алған Ермахан Шайхыұлы
«Мәдениет» 16 ақпан 2007 жыл
Ахмет Жұбановқа арналған кеш өтті
Ермахан Шайхыұлы.
Өткен 2006 жыл – Қазақтың көрнекті композиторы Ахмет Жұбанов жылы болып жарияланғаны мәлім. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының негізін қалап, сол оқу ордасының тұңғыш ректоры болған ұлы композитордың 100 жылдық мерейтойы Қазақстанның барлық аймақтарында, сонымен қатар Парихже кеңінен атылып өтті.
Күні кеше Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның кіші залында Ахмет Жұбановқа арналған кеш болды. Бұл мәлени шараның мақсаты – Ахмет Жұбанов жылы аясында өткізілген түрлі бағдарламалардың қорытындысы ретінде қала жұртшылығына есеп беру болып табылады. Аталған кеш барысында белгілі режиссер Қалила Омаровтың «Ахмет Жұбанов» атты деректі фильмі көрсетілді. Фильмнің сценарийін сазгердің қызы Ажар Жұбановамен Қалила Омаров бірлесе жазған. Аталған кинотуындыны көрермен қауым жылы қабылдады.
Мұнан кейін «Ахмет Жұбановтың фортопияналық шығармалары» және «Асыл мұра» атты таспалардың таныстырылымы болды. Бұл таспалардың бірінде мерейтой иесінің артында қалған мол рухани қазынасы жинақталса, ал екінші таспада сазгердің немересі Шолпан Жұбанованың орындауындағы шыармалар жазылған. Сондай-ақ, А.Жұбановтың қазақтың ұлы композиторы Құрманғазының шығармашылығы туралы дәрісін осы таспадан тыңдауға болады.
Осы шара шеңберінде «Ахмет Жұбанов – қазақ халқының атақты ұлы» және «Ахмет Жұбанов» атты басылымдардың тұсауы кесіліп, оқырмандарға жол тартты.
Ажар Жұбанованың жобасы бойынша жарық көрген альбомда көрнекті композитордың әлемдікөнерге қосқан мол үлесі туралы материалдар жинақталса, ал Алтын Кетегенованың құрастырған кітабына сазгердің әріптестері, шәкірттері және ұл қыздарының естеліктері топтастырылған. Кітапақа енген шығармалардың барлығы тұңғыш рет жарық көріп отыр.
«Айқын апта» 12 сәуір 2007 жыл №64
Қалила Омаров, Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты:
«Тірідей көмілгендер» мені оқудан шығарды
Ермахан Шайхыұлы
Қалила Нематұлы - қазақ деректі кино өнерінде өзіндік стильі мен қолтаңбасы қалыптасқан режиссер. Ол стрек ғасырлық шығармашылық ғұмырында отызға жуық деректі фильм түсірді. Олардың қатарында «Мағжан», «Міржақыптың оралуы», «Алаш туралы сөз», «Жамбыл», «Құрманғазы», «Мұхамед Салық мырзаның өмірі мен өлімі», «Тәушен», «Барып қайт, балам, ауылға» тағы басқа туындылары бар. Бұл фильмдердің басым көпшілігі көрермендердің көзайымынан шығып, Үкімет тарапынан лайықты бағасын алса, олардың бірқатары Алтын қорда сақтаулы.
Қытай халқында «Өліара кезед тума» деген сөз бар. Ал Қалила омаров керісінше, режиссерлік жұмысын осы өліара шақта бастады. Соны өзіне бақыт санайды. Оның да өзіндік себебі бар. Кеңес өкіметі тұсында талай ағаларымыз кино түсірді. Бірақ ол кинолардың барлығы Кеңес идеологиясының жетегінде кетіп, коммунистік партияны дәріптеп, насихаттады. Әрине, көпке топырақ шашуға болмайды. Олардың ішінде әліде өз құнын жоймай келе жатқан фильмдер бар. Ал деректі фильмдер жоқтың қасы. Соның орнын толтыруды тағдыр Қалила Нематұлының тағдырына жазған сияқты. Ол – тырнақалды туындысымен-ақ белгілі киногерлерді елең еткізген режиссер.
Қалила айтады:
Менің ең алғашқы шығармам дипломдық жұмыс болатын. Ол 1981 жылы «Кісенашқан» деген атпен түсірілді. Бұл фильмге Құрманғазы бабамыздың күйіндегі азаттықты арқау етіп алдым. Оның тұсаукесер рәсімі Ленинград қаласында болып өтті. Менің бағыма қарай сол жылы портты қалада «Ленинградтың ақ түні» атты кинофестиваль болып өтті.Бұл өнер байқауына 88 фильм қатысып, бақ сынасты. Солардың ішінен қара үзіп, әлгі фильм бас жүлдені жеңіп алды. Содан кейін де осы кинотуынды Мәскеу, Балтық жағалауы елдерінде өткен байқауларда жүлделі орындарды иеленді.
Лирикалық шегініс
Қалиланың ол кезде қорғасындай балқып тұрған жас кезі. Бүкілодақтық кинофестивальдің лауреаты деген атақ бар. Ол атақ оны ерекше жігерлендіріп, тағы бір фильм түсіруге итермелейді. Оның атын айқайлатып, «Тірідей көмілгендер» деп атайды. Бірақ бұл фильм кейіннен өзіне таяқ болып, тиетінін ол байқаған жоқ.
Қалила айтады:
Ол Кеңес үкіметі идеологиясының шеңберіне сыймайтын, саяси памфлет жанрында түсірілген қысқаметражды фильм еді. Кино саласында мынадай тәсіл бар. Егер пленканы тез айналдырсаң, «адамдардың» бәрі жүгіріп кетеді. Мен сол тәсілді пайдаландым. Адамдардың бәрі үйлерінен жүгіріп шығып, жұмыстарына барады. Одан қайта әркім өз үйлеріне кіріп, теледидар көреді. Ал оның антеннасын крест ретінде алдым. Сонда үй зират тәрізді болып шығады. Ленинградтағы үйлердің басым көпшілігінде құдайлардың тас мүсіндері бар. Сол мүсіндер ашық аспан астында тұрып, жұлдыздарды қызықтайды. Тіпті солармен тілдеседі. Сонда қараңыз тастарға жан бітіп, ал тірі адамдар тасқа айналған. Жалпы киноның айтар ойы осыған саяды. Ол фильмді де кезекті өнер сайысына алып бардым. Қазылар алқасы мүшелерінің бірі: «Коммунизм құрып жатқан социалистік елдің жұмысшы табын кімге теңеп отырсыз? Бұл - социализмнен коммунизмге өткелі отырған еңбекшілердің еңбек демалысы емес пе?» деп сынға алып, дүниеге келген жаңа фильмді жөргегінде тұншықтырды. Менің саяси көзқарасым талқыға түсіп, мені соңында оқудан қуып шықты.
Лирикалық шегініс
Қалила Ленинградтағы Крупская атындағы Мәдениет институтының кино факультетінде оқып жүрген болатын. Қысқасы, «тірідей көмілгендер» жас талантты тірідей «өлтіріп» тынады. Содан тұмсығын тасқа ұрып, тауы шағылған ол елге қайтады. Сондағы Мәдениет үйінде ол бір-екі жылдай фотограф болып жұмыс істейді.
Қазақтың ХХ ғасырда басынан өткерген ең ауыр трагедиясы – ашаршылық. Осы тақырыпты ең алғашқы рет көтеріп, оны пьеса етіп жазған да, оны сахнаға қойған да Жаңақорған халық театрының режиссері Әмір Мәжитов болатын. Бұл – 1987 жыл. Ал енді сол кедегі саяси ахуалды салыстырып көріңіз. 1986 жылы Алматыда Желтоқсан көтерілісі болды. Сол оқиғадан кейін Коммунистік партия қазақ атаулының қолына кісен, аяғына шылбыр салып, кіші нәубеттің көрігін қыздырып жатты. Соған қарамастан, Әмір Мәжитов әлгі қойылымды 1987 жылы, наурыз айында Алматыда өткен халық театрларының республикалық байқауына алып келеді. Сөйтіп, сол спектакль бас жүлдені жеңіп алады. Қалила Омаров осы қойылымда бір орыстың рөлін сомдайды.
Қалила Омаров айтады:
Спектакльден соң қазылар алқасының төрағасы болған Қалтай Мұхамеджанов ағамыздың қолын алып тұрып; «Аға, менің бір-ақ арманым бар. Согы орындауға көмектесіңіз» дедім. Ол кісі әзілге әзір адам еді ғой. «Ойбай ау ол арманың ішіңде кетіп қалмасын, Айт енді» деді. Сонда мен: «Алматыда кино түсіріп жүрген адамдардың штатифін көтеріп жүрсем, арманым болмас еді» дедім. «Ондай талабың болса, кел» деді ол. Қалтай ағамыз «Қазақтелефильмнің» директоры Кәрім Танаевқа телефон соғып, мені жұмысқа қабылдауын өтінді. Ол кісі тік мінезді адам екен. «Маған біреудің телефон соғуы арқылы келгенадамдар ұнамайды» деді. Менде қайтпай: «ұнамаса, ұнамасын, бірақ арманымды айттып кетейін» дедім. Ол айт деді. Қазақ киноларына тән кемшіліктерді бір блокнотқа түртіп жүруші едім. Солардың бәрін санамалап шықтым. Кәрім ағамызда қызып кетті. Мені 5 минутқа қабылдап еді, екеуміз 5 сағат әңгімелесіппіз. Қоштасып шығып бара жатқанымда: «Қалила, егер қазақтың ұлттық рухын көтеретін кино түсіруге тәуекел етсең, қолдан келген көмектің бәрін жасауға дайынмын. Алаңдамай іске кіріс» деп қолымды алды.