Халықаралық ғылыми конференцияның материалдары 27-28 қазан 2011 жыл

Вид материалаДокументы
Оқушыларды патриоттыққа тәрбиелеудің
Жоғары мектепте механика бөлімін оқыту әдістемесін жетілдіру- біліктілікті арттырудың алғышарты
Пайдаланған әдебиеттер
Педагог құзыреттілігі – әлемдік білім беру жүйесіне кірігудің құрамдас бөлігі ретінде
Подобный материал:
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   ...   31

Әдебиеттер:
  1. ҚР Жалпыға міндетті білім берудің Мемлекеттік стандарттары.Жоба.12 жылдық білім беру, 2006ж, №1.
  2. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы 2008.
  3. Бастауыш мектептегі дамыта оқыту технологиясы.Әдістемелік нұсқаулық, 1999 ж.
  4. Эльконин-Давыдов «Дамыта оқыту технологиясы».Педагогикалық шығармалар, 1998 ж.
  5. Оқу үрдісіндегі дамыта оқытудың мәселелері.Психологиялық ғылым және білім беру,2003, №1.
  6. Волкова Г.Л. Повышение уровня компетенции педагогического коллектива – основа результативности учебно-воспитательного процесса, «Завуч»,1999, №7.
  7. Жанпейісова М.М. Модульдік оқыту технологиясы оқушыны дамыту құралы ретінде.Алматы, 2002.



ОҚУШЫЛАРДЫ ПАТРИОТТЫҚҚА ТӘРБИЕЛЕУДІҢ

ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ЖОЛДАРЫ


Б.А. Бекетай, А.Б. Жанагелді

«Мирас» көпбейінді мектеп-гимназиясы,

Ақмола облысы, Бурабай ауданы, Щучинск қаласы


Оқушының азаматтық тұлғасы мен отаншылдық асқақ сезімдері тек қана білім мен тәрбие барысында қалыптасады. Бұл ретте, Отан, ел-жұрт, мәдениет, салт-дәстүр, моральдық-этикалық нормалар туралы білім мен біліктің қайнар көзі қоғамдық ғылым пәндерінде екені басы ашық ақиқат. Өкінішке орай, пәндерді саралау мен білім мазмұнын айқындауда осы мәселелерге ойдағыдай мән берілмей келеді. Рас, отаншылдық сияқты асыл қасиетті ұрпақ бойына қалыптастыру тек қана білім жүйесінің мойнындағы міндет емес. Отаншылдық кез келген ұлттық-мемлекеттік жаралымның өмір салтына, өмір сүру нормасына айналуға тиіс. Яғни, жас ұрпақты отаншыл етіп тәрбиелеу мемлекеттік маңызды да жауапты істердің бірі болып табылады. Білім мен тәрбие тетіктерін ұрымтал іске қосу арқылы ұрпақ бойына отаншыл болатындай асыл қасиеттерді дарыту, түптеп келгенде, Отан әлеуетін нығайтудың ең сенімді кепілі.

Патриотизмнің негізгі мағынасы әр азаматтың ұлтын, Отанын сүюден туындайды. “Патриотизм”-гректің сөзі. Оның қазақшасы-жерлес, отандас дегенді білдіреді, яғни Отанын, ұлтын сүю, оны жаудан қорғау.Қазақтар ежелден басқа халықтардай Отанын, ұлтын сүйген. Батырларымыз бастаған қазақ халқы Отанын, жерін, ұлтын жаудан қорғаған.Қазақтың ұлтжандылығы, отансүйгіштігі ежелден қалыптасқан. Оған қазақтың мақал - мәтелдері дәлел. Мәселен, туған жер-отан туралы мақалдар-мәтелдер: “Туған жерге туың тік”.“Ит тойған жеріне, «Ер туған жеріне».“Туған жердей жер болмас, «Туған елдей ел болмас».Мақал-мәтелдердің өзі қазақтың елін, жерін, отанын сүюуінің негізі болып табылады.Қандай бір халық болмасын отанын, елін, жерін сүймейтіні жоқ. Соның ішінде қазақ халқы да жалпы шығыс, оның ішінде түркі тілді халықтардай отанын, жерін, суын, табиғатын сүюге жастарды тәрбиелеу көне заманнан өзімен бірге дамып келеді.

Тұнған тәрбиеге толы этномәдениетіміздің кәусар бұлағынан сусындату мақсатында мұғалім ретінде оқушыны қалайда патриотты етіп тәрбиелеу ісін қолға алудамыз. Оқушым Жанагелді Аяулым екеуміз патриоттыққа байланысты қазақ мақал-мәтелдерін жинақтап, мектеп қабырғасында оқушыларды патриоттыққа тәрбиелеудің құралы ретінде жарыққа шығарып пайдалануды ниет етіп жатырмыз. Еуропа елдерінің ішінен Англияны алып қарасақ, халқы өте отансүйгіш халық. Олардың отансүйгіштігін халық мақал-мәтелдерінен көруге болады. «West and East, home is best» деген мақал-мәтелінен елге, жерге деген құрмет байқалады. Біз ағылшын, қазақ халқының патриоттыққа байланысты мақал-мәтелдерін де салыстырмалы түрде қарастырамыз.Оқу үрдісінде екі халықтың патриоттыққа байланысты мақал-мәтелдерін білу арқылы мәдениетаралық қарым-қатынаспен қатар, оқушы бойында отанға деген сүйіспеншілік сезімі қалыптасуына өз ықпалын тигізеді.

Бұл мәселені Президент Н.Ә.Назарбаев бір сәт қаперден тыс қалдырмай, тіптен жеке басының қадір-қасиетімен отаншылдықтың, елжандылықтың тамаша үлгісін көрсетіп келе жатқанына куәміз. Тәуелсіздік жылдарында Елбасының қаламынан туған “Ғасырлар тоғысында”, “Тарих толқынында”, “Қазақстан-2030”, “Сындарлы он жыл” сияқты терең мазмұнға толы еңбектерінде шын мәнінде Отанын шексіз сүйген, сол жолда қажыр-қайраты мен білім-білігін жан-тәнімен жұмсай білген жанның отаншылдық рухы айқын аңғарылады. Содан да болу керек, Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан Республикасы Президентінің лауазымына ресми кірісу рәсімінде сөйлеген сөзінде айтқан мына ойлары біздің әрқайсымыздың жан-жүрегімізді отаншыл болуға үндеген өсиеттей баурады: “Біз Отанымыздың қасиетті байтақ даласын қантөгісті шайқастарда қорғаған батыр бабаларымыздың рухына лайық болуымыз керек. Олар тәуелсіздікті аңсады, біртұтас, қуатты мемлекет құруды армандады. Осы ұлы мұратты жүзеге асырудың асқақ абыройы біздің ұрпақтың пешенесіне жазылды. Біздің тарихи міндетіміз елімізді әлемнің дамыған мемлекеттерінің қатарына қосу, сөйтіп келер ұрпаққа өркенді де өршіл Қазақстанды табыстау”.

Жас ұрпаққа білім мен тәрбие беретін оқу орындарына қойылатын талап – тәуелсіз еліміздің азаматын тәрбиелеу, жастардың ұлттық сана-сезімін ояту, ұлттық мәдениетке деген сүйіспеншілік көзқарастарын қалыптастыру. Ал ұлттық тәрбие берудің ең басты жолы – ұлттық қадір қасиетті дәріптеп, ана тілімізді сақтап, мәдениетімізді дамыту, Егемен еліміздің өзінің экономикалық және саяси дербестігін алғанына 18 жылдан асты. Тәуелсіздік еліміздің алдына жаңа мақсаттар мен талаптар қойып отыр. Солардың бірі – азаматтардың бойына патриотизмді қалыптастыру. Біз бұл тұрғыда қазақ этнопедагогикасы арқылы патриоттық тәрбие беруді қарастыруды жөн санап отырмыз.Халқымыздың патриоттық үлгісін Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, Ақтамберді, Бұқар жырау және ХХ ғасырдың басында қалыптасқан Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Жүсіпбек Аймауытов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мағжан Жұмабаев сынды қазақ қайраткерлері жасап берді деуге негіз бар.Әйтеке би «Өмірім халықтікі, өлімімғана өзімдікі» деп, халыққа қызмет етудің, патриотизмнің айнасы бола білді. Тәуке хан заманынан бері қазақ қоғамында патриотизм байлықтан да жоғары бағаланады.Қазақстан Республикасының Ата заңында қазақстандық патриотизмді қалыптастыру және оны азаматтардың ой-санасына сіңіруді мемлекеттік дәрежедегі мәселе ретінде жариялаған. Бірақ бізде патриотизмді қалыптастыруда шешілмеген мәселе көп. Шынына келсек, өте көп күрделенген мәселелер бар. Оның ішінде ұлтымыздың өзінде патриотизмнің деңгейі жоғары деп айту қиын. Осыған байланысты қазақ этнопедагогикасында патриоттық тәрбие берудің жолдарын қарастыру өзекті мәселе болып отыр.Тәрбиенің іргетасы қаланатын тұсы – отбасы мен тұрмыс. Сондықтан өмірде жастар арасында кездесіп жататын ана тілін ұқпау, салт-дәстүрді білмеу, үлкенді сыйламау сияқты келеңсіздіктердің пайда болуы, отбасындағы тәрбиенің жеткіліксіздігі ата-ананың бала тәрбиесіне аса мән бермеуінен болып отыр. Осыған орай Бауыржан Момышұлының мынадай сөзін келтіре отырып «тәрбиенің қайнар көзі – ата-ана. Олардың тыныс-тіршілігі, өмірге көзқарасы, рухани өрісі, өзара қарым-қатынасы, қысқаша айтқанда, бүкіл болмысы балаға тәрбие» деген сөзінде, ар-ұят, намыс, имандылық секілді адамның азаматтық қасиеттерін насихаттауға болады.Адамның бойында ұят сезімі қалыптасқан күнде ғана Отан алдындағы парызды орындау үшін саналы түрде қауіп қатерге бас тіге алады. Б.Момышұлы «Әрбір азамат өз ұлтын сүюге тиіс және өз ұлтына деген терең сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімі арқылы басқа ұлттарды танып, құрметтеп, оларды сүйе білуге міндетті» деген. Бұны отбасында өсіп келе жатқан жас буындарды патриотизмге тәрбиелеуде ерен үлес қосатын аса маңызды әлеуметтік орта деп ой түюге болады. Сол себепті де жастарды патриотизмге тәрбиелеуді ғылыми-педагогикалық тұрғыдан ұйымдастыруды қарастыру өз алдына бүгінгі күні кезек күттірмейтін мәселесі екендігін атап көрсетуге болады. Ендеше жастарды оқытумен қатар тәрбиелеу үрдісінде қазақ этнопедагогикасын басшылыққа алу қажеттігі сезіледі.

«Халық кемеліне келіп, өркендеуі үшін, ең алдымен, азаматтық пен білім керек» деп ұлы Шоқан Уәлиханов өте орынды айтқан. Ендеше жан-жақты ел тарихын жетік білетін, заман талабына сай жастарды тәрбиелеу – бүгінгі күн талабы.


Қолданылған әдебиеттер:

1. Қазақтың мақал-мәтелдері. Алма-Ата, 1955

2. Қазақтың би-шешендері.Алматы,1993

3. Батырлар жыры .Алма-Ата, 1955

4. Назарбаев Н.Ә.“Қазақстанның болашағы-қоғамның идеялық т

бірлігінде”Алматы ,2000

5. Бегалиев Т.Б. Педагогика. Қысқаша лекциялар курсы Тараз 1999

6. Педагогика тағылымы Алматы 2003


ЖОҒАРЫ МЕКТЕПТЕ МЕХАНИКА БӨЛІМІН ОҚЫТУ ӘДІСТЕМЕСІН ЖЕТІЛДІРУ- БІЛІКТІЛІКТІ АРТТЫРУДЫҢ АЛҒЫШАРТЫ


С.С. Сүгіров, Г.Ә. Қаптагай, А.С. Көпенбаева

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті,

Алматы қаласы.


Мектептің физика курсы жаратылыстану ғылымының негізін құрайды. Оның мазмұнына заң, теориямен оны деректейтін діңгекті тәжірибелер, физиканың зерттелу әдістері мен өзіндік ережелері, іскерлік дағды мен оны толықтырар саналы әдістеме, физиканы күнделікті өмір шарқына пайдалану мүмкіншілігі мен физиканың тарихи даму процестері енеді.

Орта білім берудің жоғарғы сатысында (9-11) өтілетін диалектиканың заңдылықтарымен категорияларын оқушылардың ойдағыдай оқып үйренулеріне физика курсын жете игеру арқылы қол жеткізуге болады. Мысалы мектептің физикалық тәжірибелері табиғаттану ілімінің қайнар көзі екенін мойындата отырып, физиканың ғылыми дамуының тарихи мәліметтер айғағы ретінде тани білуге және материямен оның қозғалыс шарттарын, бір түрден екінші бір түрге өзгеріп отыру заңдылықтарын ұғынуға мүмкіндіктер тудырады.

Мектеп физикасының «механика» бөлімінде оның жалпы физикалық білім беру жүйесіндегі маңызы ескерілуі керек. Орта мектепте механиканы оқытуда оқушыларға білім, тәрбие және ой-сана жетілдіру мақсаттары алдыңғы шепке қойылып отырылуы керек.

9-сыныптың механикасындағы білім берудің негізі оқушыларға 7-8 сыныптардағы өткен қағидалармен жалпылама айтылған табиғат заңдылықтарындағы негізгі түсініктерді ашып, есептеп шығарып, іс әрекеттерінде қолдануға мүмкіншілік тудырады. Мысалы масса, күш, импульс, үйкеліс, жылдамдық және т.с.с. физикалық шамалардың әсер етуін тікелей аңғарады, практикада қолдануға машықтанады. Механика бөлімін өткенде оқушылар Ньютонның классикалық механикасымен танысады. Бүкіләлемдік тартылыс заңын, энергиямен импульстің сақталу заңдарын, кинематика және динамика негіздерін оқып үйренеді. Әсерлі өтетін тербеліс және толқындық процестерді оқып, көріп тамашалайды. Бұл құбылыстар оқушы жадында қалып қана қоймай, өмір сұранысында қажетіне жарап, табиғи жағдайларда механика заңдарын пайдалана білетін болады.

Орта мектеп физикасының механика бөлімі кинематика, динамика негіздерінен, сақталу заңдарынан, механикалық тербелістер мен толқындардан тұрады.

Кинематика дененің бірқалыпты түзу сызықты, бірқалыпты үдемелі және қисық сызықты қозғалыстары қарастырылып, материялық нүкте, қозғалыс траекториясы, орын ауыстыру мен ілгерлемелі қозғалыс оқытылады. Сонымен бірге қозғалыстың негізгі шарттарының бірі – жылдамдық пен үдеу анықталады. Бұл физикалық шамалардың бәрін дерлік нақты көрнекілікпен сипаттауға болады. Механиканың заңдылықтары және қағидалары көптеген оқулықтар мен оқу құралдарында баяндалып көрсетілген.

Сонымен бірге әлі күнге дейін мектеп экспериментінде механикалық үдеуді көрнекілейтін тәжірибе әдістемелік сапасы төмен күйде келеді. Қозғалыстағы денелердің үдеуін тәжірибе арқылы көрнекілеу, әрі анықтау мектеп экспериментіне қиынға соқпайды. Оған техниканың соңғы жетістіктерін пайдалана отырып, қол жеткізуге болады.

Механика бөлімінде айрықша қарқынмен дамыған тәжірибелер – тербелістер мен толқындар. Олардың көрнекілігі дидактиканың педагогикалық ғылым саласы ретінде бастау алмай тұрған кездерінің өзінде - ақ жүзеге аса бастаған.

Дегенмен де қандай ежелгі ғылым болмасын оны тоқырауға түсті деп топшылағанымен заман өзгеруімен, адам санасының ілгерілей жетілуіне байланысты жаңарып, жанданып, жаңа зерттеу бағыттарын тауып отыруы, диалектикалық заңдылық.

Қозғалыс туралы жалпы мағлұматта айтылғандай, кез келген дене кеңістікте белгілі бір уақыт аралығында жүріп өткен жолының сол жүріске кеткен уақыт шамасының қатынасымен өлшенетін жылдамдық, өзі анықталған санақ жүйесіндегі тыныштық қалыпта тұрған денемен салыстырылып анықталғаннан кейін физикалық нақты мәнге ие болатындығы түсіндіріледі.

Дидактиканың білім беру мәселелері бәрінен бұрын физика ғылымының механика бөлімінде бірден-бір танымдылық құралы болып табылатыны белгілі. Мысалы онда масса, күш, импульс, энергия және т.с.с. негізгі ұғымдар енгізіледі. Осы тұрғыдан механиканы физиканың ірге тасы деп аталуы жөн. Механикада алғаш рет оқшуылар физикалық теориямен – Ньютонның классикалық механикасымен танысады. Мысалы бүкіл әлемдік тартылыс заңы, энергия мен импульстің сақталу заңдары, механикалық жүйелердің жалпы тепе-теңдік шарттары секілді теориялық мәліметтермен танысады. Тәрбиелік мәселелер табиғатқа деген материалистік көзқарастың қалыптасуымен және оны ұғыну, политехникалық білім мен дағдылардың қалыптасуын (өндірістегі, транспорттағы және ауыл шаруашылығындағы механикаландырудың ғылыми негіздері), олардың жетістіктерін зертханалық сабақтарда қолдана отырып, тәрбиелей оқытып, еңбекке баулумен шешіледі.

Механиканы оқып үйренудегі дамыту мәселелері логикалық, теориялық, ғылыми-техникалық, диалектикалық ойлаудың және олардың қазіргі заман ағымына сай парасаттылық қабілеттерін арттыру арқылы іске асырылады. Шынымен-ақ, механиканың қатаң логикасы, танымның жалпы тәсілдері анализ және синтезге, индукция және дедукцияға механикалық теорияның негізделуі оқушылардың логикалық ойлау қабілетінің дамуына әсер етеді.

Механика қозғалыстарды неғұрлым жеңіл де, қарапайым көрнекілікпен бақылауға мүмкіншілік береді. Бұл механиканың жалпы білім беру жүйесіндегі елеулі артықшылығы. Екінші ерекшелігі – физикалық теорияны жеткілікті түрде, қарапайым математикалық операциялармен толық түсіндірілуі. Соның арқасында оқытушы механиканы басшылыққа ала отырып физикалық теорияның негізін терең ашуына мүмкіншілік алады.

Бөлімнің үшінші ерекшелігі – механиканы оқыту барысында физикалық тәжірибелерді керек жеріне, қажетті уақытта қолдана білу. Тәжірибе заңдылығы мен құбылыс танымының көзі және кез келген теория ақиқатының өлшемі бола отырып, механика бөлімін оқытудың әдістемелік негізі екендігі айқындалады.

Механика бөлімін оқыту барысында оқушылардың ғылым саласына бетбұрыс жасау мүмкіншілігі туындайды. Оған себеп болар механиканың классикалық тәжірибелері. Бұл тәжірибелер санағына – биіктен тасталған денелер қозғалысын зерттеуге арналған көрнекілік, маятниктермен жасалатын көрініс, инерттілік және гравитациялық массалардың бірдейлігін дәлелдеуге арналған Ньютон мен Галилейдің эксперименттері, Кавендиштың және т.с.с. бұл тәжірибелерді мектеп аспаптарымен жасау мүмкін емес. Сол себепті оларды оқытудың техникалық жабдықтары арқылы, мысалы: кинофильмдер, модельдер, кестелер, және т.б. дидактикалық құралдар арқылы көрсетуге болады.

Эксперименттің келесі тобын (зерттеуде баяндалған) көрнекілік сипаттағы дидактикалық мәні зор тәжірибелер құрайды. Бұл тәжірибелер сабақта оның белгілі бір бөлігінде немесе толық сабақ бойы жүргізілуі мүмкін. Осы эксперименттерге арналып оқу үдерісіне арналған зауыттардан қажетті құрылғылар шығарылуы абзал болар еді.

Кинематикада бірқалыпты, бірқалыпты үдемелі түзу сызықты, қисық сызықты және олардың сипаттамаларын оқиды. Материялдық нүкте, траектория, орын траектория бойымен қозғалыстағы орын ауыстыру мен жол, санақ жүйелері, жылдамдық және үдеу ұғымдарын енгізеді.

Орын ауыстыру, жылдамдық, үдеу ұғымдарын қалыптастыру барысында бұл шамалардың векторлық сипатына мән береді. Түзу сызықты қозғалыс кезінде жылдамдақтың және үдеудің векторлық сипатын түсіндіру қиындау (барлық векторлар бір түзу бойымен бағытталған, оларға қолданылатын әрекеттерді алгебралық түрде жасау керек). Қисық сызықты қозғалысты қарастырғанда осы шамалардың векторлық сипатын ашу аяқталады.

Ньютон заңдары механикада негізгі, жалпылаушы, практика және тәжірибелік тұрғыдан дәлелденген заңдар, сондықтан оларды оқулық басында-ақ қалыптастырып, одан соң эксперимент көмегімен бейнеленеді.

Күштердің әсер ету түрлерін механикада қарастырғанда (гравитациялық, серпімділік, кедергі) олардың дене өзара орналасуы, жанасуы және бір біріне әсері ескеріледі. Мысалы гравитациялық күш ұғымын енгізгенде бүкіләлемдік тартылыс заңы ұғындырылып, ауырлық күші, ауырлық центрі ұғымдары өтіледі. Ауырлық күші әсер еткен кездегі жылдамдық өзгеретін қозғалыстар қарастырылып, бастапқы шарттардың ролін анықтай отырып бірінші космостық жылдамдықты есептеуді үйретеді. Бұдан әрі серпімділік күшін және Гук заңын оқып үйренеді. Серпімділік күшін мысалға ала отырып салмақ ұғымын енгізеді. Күштер механика курсында үйкеліс және қозғалатын дененің жылдамдығының өзгеру ұғымдарын қарастырумен аяқталады.

Гравитациялық және серпімділік күштері арқылы әсерлесетін денелердің арақашықтығының үлесінің зор екендігін, үйкеліс күшінің – салыстырмалы жылдамдақтың функциясы екендігін түсіндіру қажет.

Механикалық күштер түрін оқып үйренгенде оқушылардың дағдылық жұмыстарына көп көңіл бөлінуі қажет. Механика оқулығында осы күштерді ескере отырып бірнеші лабораториялық жұмыстар енгізілген. Олардың ішіне төмендегі келтірілген елеулі түрлері енген: «Серіппенің қатаңдығын өлшеу», «Сырғанау үйкелісінің коэффициентін анықтау», «Горизонталь лақтырылған дененің қозғалысын зерттеу», «Серпімділік күші мен ауырлық күшінің әсерінен дененің шеңбер бойлай қозғалысын зерттеу».

Мектеп курсынан бұрынырақта дәстүрлі түрде енгізілген «Статика» бөлімі орта мектеп бағдарламасында қазір орын ала алмай отыр. Дегенмен де статиканың кейбір элементтері 7-сыныпта енгізілген. Олар – күштерді қосу, ауырлық центрі ұғымдары, тепе-теңдік ортақ шарттардың қалыптасуы тәрізді маңызды байламдарды ұғындыруға көптен-көп себеп болары анық.

Энергия мен импульстің сақталу заңы төңірегінде материалды топтастыру қазіргі жаратылыстанудағы сақталу заңының алатын орнын айқындайды. Бұл заңдар уақыт пен кеңістіктің сипаттарымен (мысалы, энергияның сақталу заңы уақыттың біртектілігіне, импульстің сақталу заңы кеңістіктің біртектілігіне) байланысты. Энергия мен импульстің сақталу заңдары салыстырмалық теориясында және кванттық механикада (макро және микродүниеде) толық шешімін табады.

Бұл салыстырмалық идеясы механика курсында анық байқалады. Мысалы, қозғалыс пен тыныштықтың, траекторияның, координаттың, орын ауыстырудың, жылдамдықтың, дененің импульсінің, жұмыс пен кинетикалық энергияның және уақыттың инварианттылығы, өзара әсерлесуші денелердің арақашықтығы, үдеу, масса, күш және т.с.с. ұғымдардың салыстырмалығы механика заңдарының инерциялық санақ жүйелері үшін тура келетіндігін, санақ жүйесінің бірқалыпты түзу сызықты қозғалысы онда өтетін қозғалыстарға әсер етпейтіндігін, яғни Галилейдің салыстырмалық принципінің мәнін ашады.

Себебі осындай сыныптаудан оқушылар кинематиканың тек қатты денелерге ғана қатысты болмайтынын ұғынады.


Пайдаланған әдебиеттер
  1. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына ЖОЛДАУЫ. Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері. “Алматы ақшамы”, 02.02. 2010.
  2. Кенжебеков Б.Т. Университет студенттерінің кәсіби құзреттілігін қалыптастырудың теориясы мен практикасы./ Редакциясын басқарған Б.Әбдікәрімұлы. – Астана, 2002. – 277 б.



ПЕДАГОГ ҚҰЗЫРЕТТІЛІГІ – ӘЛЕМДІК БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІНЕ КІРІГУДІҢ ҚҰРАМДАС БӨЛІГІ РЕТІНДЕ


Л. Купешбаева, №192 мектеп мұғалімі

Жаңақорған ауданы, Қызылорда облысы


Қазіргі уақытта еліміздің даму болашағын айқындайтын мәселелердің бірі ретінде білім беру жүйесі маңызды категориялардың қатарынан жаңа құрылымдық сипат алып, білім берудегі жаңа тұжырымдамалық көзқарастар әлемдік білім кеңістігіндегі жаңартулармен ықпалдасып, еліміздің білім беру ісі 12 жылдық білім беруге жүйесіне көшкелі отыр. Бұл жүйенің басты міндеті - оқу-тәрбие үрдісін ұлттық құндылықтарға негіздей отырып, оқушыларға көпдеңгейлі білім беруді ұйымдастыру.

Тәуелсіз мемлекетіміздің ертеңі ұрпақтың рухани байлығы, мәдениеті, саналы ұлттық ойлау қабілеті мен біліміне байланысты. Осы тұрғыда еліміздің білім беру жүйесінде әлемдік деңгейге жету үшін жасалынып жатқан жұмыстар оқытудың, тәрбиелеудің түрлі әдіс-тәсілдерін қолдана отырып, саналы, білімді, ізденімпаз, барлық іс-әрекетінде шығармашылық бағыт ұстанатын, сол орайда өз болмысын таныта алатын жеке тұлға тәрбиелеу ісіне ерекше мән беріліп отыр.

Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасының мақсатында көрсетілгендей, әлемдік білім беру кеңістігіне ықпалдастырылған және жеке тұлға мен қоғамның қажеттіліктерін қанағаттандыратын көп деңгейлі үздіксіз білім берудің ұлттық моделін қалыптастыру үшін білім беруді дамытудағы стратегиялық басымдықтарды белгілеу қажет [1].

Қазіргі таңда қоғам алдына қойылып отырған басты міндеттердің ең бір өзектісі - бүкіл білім жүйесін түбегейлі жаңартып, дүниежүзілік деңгейге сәйкес келетін, жастарға сапалы білім беруге жағдай жасайтын және олардың үйлесімді дамуына, жеке бастың тұлға ретінде қалыптасуына бағытталған жаңа үлгідегі мектеп кұру болып отыр. Бұл мақсатты орындау орта білімнің 12 жылдық мерзімге өтуімен астасып жатыр.

Еліміз 12 жылдық орта білім беруге көшу мәселесін шешуде алыс-жақын шетелдердің іс-тәжірибелеріне және соңғы кездегі педагогика мен психология ғылымдарының алдыңғы қатарлы зерттеу нәтижелеріне сүйенуде. 12 жылдық орта білімге көшу аз уақыт ішінде, жеңіл түрде іске аса қоятын мәселе емес. Бұл білім беру орындарының үйлесімді дайындығын, әрбір мұғалімнің өз ісін қайта қарауды, білімінің теориялык және әдістемелік тұстарынан жетілдіруді талап ететін мәселе.

Қазіргі кездегі білім беру сапасы оқушылардың әр түрлі қызметтер саласындағы проблемаларды өз бетінше шешу мүмкіндігін қамтамасыз ететін қалыптасқан құзыреттіліктерді игерту арқылы көрінеді.

«Құзырлық» сөзі «құзыр» сөзінен алынған туынды сөз екендігіне баса назар аударамыз. Бұл туралы қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігінде: «құзыр (компетенция) – жалпы алғанда қайсыбір тапсырманы орындауға қабілеттілік немесе бір нәрсені жасау» деп берілген. Ал Қазақстан Ұлттық энциклопедиясында: «құзырет (компетенция)» – нақты органның не лауазымды тұлғаның заң жүзінде белгіленген өкілеттіліктерінің, құқықтары мен міндеттерінің жиынтығы деп көрсетілген [2, 96].

Латын тілінен аударғанда «құзырлық – өз ісін жетік білу, танымы мол, тәжірибелі» деген мағынаны білдіреді. Белгілі бір саладағы құзырлықты меңгерген тұлға өз саласына сәйкес білім мен біліктілікпен қаруланған қандай да бір негізі бар ой-тұжырым жасайтын және тиімді әрекет ете алатын адамды есептеуге болады. Енді осы ұғымдардың мәнін тереңірек талдайтын болсақ, онда «құзыр» – тұлғаның белгілі бір пәндер шеңберіне қатысты білімі, біліктілігі, дағдысы мен іс-әрекеттері тәсілінің өзара байланысқан сапаларының жиынтығы, ал «құзырлық»–адамның іс-әрекеті саласына сай құзырлықтарды меңгеруі. Бұл екі ұғымды керек болған жағдайда бөліп қарастырады. Мысалы, құзырлық оқушылар дайындығына алдын-ала қойылатын талаптарды, ал құзыреттілік олардың қалыптасқан тұлғалық сапасын және белгілі бір саладағы іс-әрекетке қатысты жинақталған тәжірибесін айтады.

Дәстүрлі оқыту әдістемесінде «құзырлық» жаңа ұғым емес. Мәселен, лингвистикалық құзырлықты орыс тілін оқыту әдістемесінің мамандары бұрыннан қолданып келгені мәлім. Ал филология мен информатикада «коммуникативтік құзырлық» жиі қолданылады.

Бүгінгі таңда «құзырлық» ұғымымен қатар «түйінді құзырлықтар» ұғымы да кеңінен қолданылуда. Ол «Еуропаға арналған түйінді құзырлықтар» бағытын ұстанатын Еуропа Кеңесі көлемінде айқындалған стратегиядан бастау алады. Бұл түйінді құзырлықтар саны жағынан да, мазмұны жағынан да (құндылықтық мәндік, жалпы мәдени, оқу-танымдық, ақпараттық құзырлық, т.б.) әркелкі.

Педагог іс-әрекеті білім саласында кәсіби міндеттерді шешуге бағдарланады. Шешім мақсатты айқындаудан, іс-әрекет мотивіне түрткі болудан басталады. Мақсаттылық – іс-әрекеттің алғашқы кезеңі, екінші кезең іс-әрекет бағдарламасын жоспарлау, жобалау. Іс-әрекет бағдарламасын құру үшін, қандай әрекеттер және қандай оқыту процесінің афференттік синтезінен өткізу қажет. Нәтижесінде әрекет бағдарламасы – педагог іс-әрекетінің моделі пайда болады. Іс-әрекетін бағдарлау педагогтың интеллектуалдық қабілетіне байланысты, қандай білім мен іскерліктерді игерген, педагогтың кәсіби міндеттерін эвристикалық жолмен шеше алуы, оқыту технологияларын қаншалықты меңгергендігіне байланысты айқындалады. Іс-әрекеттің бұл кезеңі педагог құзыреттілігінен шешіледі [3, 408].

Құзыреттілік – жұмыскердің өз білімі, біліктілігі және дағдылары негізінде нақты кәсіп аясында жоғары сапалы және мөлшерлік еңбек нәтижелеріне жету үшін нақты жұмыс түрлерін білікті атқара алу қабілеті.

Біліктілік – адамның қандай да бір кәсіби- еңбек қызметін орындауға деген дайындық деңгейі немесе біліктілік – кәсіпті меңгеру деңгейі. Біліктілік мінездемесі – қандай да бір біліктілік деңгейі бар нақты бір кәсіп маманы оны игеруге қажет білім, білік және дағдыларға қойылған талаптар тізімі белгіленген мемлекеттік құжат [1, 16-17б.].

Кәсіби оқытушы құзырлығы жоғары, әлеуметтік тұрғыдан жетілген, әдіс-тәсілдерді меңгерген, шығармашылықпен жұмыс істейтін, өзін-өзі кәсіби жетілдіруге ұмтылған маман. Мұғалім, педагог мамандығы, зиялылар ішіндегі көп топтасқан мамандықтардың ірі тобына жатады. Білім беру жүйесінде педагогтар мемлекеттік қызметкерлер болып табылады. Педагог өз мамандығының сапасын, біліктілігін арттыруды психологиялық тұрғыдан қамтамасыз етуі үлкен роль атқарады. Педагогтың іс-әрекеті көбінде оның кәсіби шеберлігінің кеңістігіне қатысты. Оқушыларға тәрбие мен білім берудегі мақсат - ғылыми-педагогикалық тапсырмаларды орындауға және мұғалімнің педагогтық қызметінің қажетті функциялары мен түрлерін орындауға бейім тұлғаны қалыптастыру болып табылады. Педагог оқыту үрдісінің білім беру саласы, мәні, мағынасы және құрылымы туралы білім жүйесін білуі керек [4, 432].

Жаһандану үдерісімен сипатталатын өзгермелі қоғам педагогы үшін ең маңыздысы оқушының іс-әрекеттерін, тұлғалық өзін-өзі ұйымдастыруын, басқара алуы және қоғамда болып жатқан жағдайды дұрыс түсіне біліп, сол бағытқа сәйкес қызмет ету.

Орнықты даму стратегиясы аясындағы әлемдік білім беру жүйесіне кірігу үдерісіне аяқ басқан қазақстандық педагогтың міндеті – оқушыны өз бетімен білім алуға бағыттау, тұлғалық қасеттерін өз бетінше дамытуына жағдай жасап, көмек көрсету. Оның іс-әрекеті білім саласында кәсіби міндеттерді шешуге бағдарланады. Іс-әрекетін бағдарлау педагогтың интеллектуалдық қабілетіне байланысты, қандай білім мен іскерліктерді игерген, педагогтың кәсіби міндеттерін эвристикалық жолмен шеше алуы, оқыту технологияларын қаншалықты меңгергендігіне байланысты айқындалады. Іс-әрекеттің бұл кезеңі педагог құзыреттілігімен шешіледі. Жаһандану жағдайындағы педагог - құзырлығы жоғары, әлеуметтік тұрғыдан жетілген, әдіс-тәсілдерді меңгерген, шығармашылықпен жұмыс істейтін, өзін-өзі кәсіби жетілдіруге ұмтылған маман.

Сапалы білім алған, танымдылығы жоғары, құзыретті, бәсекелестіктің қайсібір мықты тегеурініне төтеп бере алатын оқушылар ғана болашақтың кілтін аша алады. Еліміздің жаһандық дүниеде даралануы, білімді, жігерлі, ұлттық санасы рухани бай жас ұрпақ тәрбиелеу - басты мақсат.