Намазалы омашев радиожурналистиканың теориясы мен тәжірибесі

Вид материалаДокументы

Содержание


Ақпараттық жанрлар
Айтылудағы анықтық.
Тікелей емес репортаж.
Оқиғалық репортаж.
Талдамалы жанрлар
Дербес комментарий.
Оперативті (нақты-оқиғалы) комментарий
3) Проблемалық комментарий
Подобный материал:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   22

Ақпараттық жанрлар

1. Радиоақпарат - маңызды саяси мәнге ие, мазмұнында жаңашылдық элементі бар, кең ауқымды, тыңдарман аудиториясына ұсынылатын оперативті жанр түрі. Радиоақпаратта негізінен, ел өміріндегі маңызды оқиғалар, қаулы - қарарлар мен бұйрық - жарлықтар бірінші кезекке шығады. Келесі кезекте әлеуметтік – экономикалық мәселелер, іскерлік байланыстар орын алады. Содан соң ғылыми, мәдени, спорт жаңалықтары беріледі.

Қай жерден қандай айғақты алып қарасақ та, радио ақпаратты жедел тарататындығымен басқа барлық бұқаралық ақпарат құралдарынан ерекшеленеді. Радио сағат сайын берілетін жаңалықтар легінің нәтижесінде қалың бұқараны болып жатқан оқиғалардан хабардар етеді.

Дәл осындай ақпараттар басылым беттерінен де, көгілдір экраннан да орын алады. Ал радиоақпараттың ерекшелігі оның дыбыстық сипатынан келіп шығады. М.К. Барманқұлов радиоақпаратты дыбыстық табиғатына қарай былайша топтастырады:

а) диктордың оқуындағы хабарлама;

ә) оқиға кейіпкерінің сөзі. Бұл қоғам қайраткерінің, көрнекті ғалымның, т.с.с. маңызды оқиғаға деген көзқарасы немесе оқиғаны, құбылысты көзімен көрген адамның сол туралы пікірі болуы мүмкін. Радиоақпарат ретінде маңызды мәселеге қатысы бар адамның микрофон алдында сөйлеген сөзі түпнұсқа жанды құжат болып табылады. Өйткені, ол сөйлеп тұрған кісінің дауыс ырғағын, сөз саптауын, тіл қату мәнерін, шынайы ықыласы мен көңіл күйін түгел қамти алады. Ал газет ақпаратында мұндай мүмкіндік жоқ. Сондықтан да, радиоақпарат тындарманды иландырады.

б) тілшінің баяндауы, ол студиядан болып өткен іс-шара туралы, соның куәгері ретінде ақпарат таратады немесе оқиға ортасынан тікелей хабар береді;

в) музыкамен көркемделген ақпарат.

Қазіргі уақытта соңғы топты бөле-жара қарастырудың қисыны келе қоймайды. Себебі, бүгінгі таңда музыкасыз берілетін ақпарат өте сирек ұшырасады. Ал жоғарыда аталып өткен үш топқа тән нәрсе – бәрінің де эфир арқылы таратылатындығы. Бұл тұрғыда микрофондағы журналист жаңалықтарды хабарлап, қандай да бір оқиғаны, фактіні, құбылысты баяндау арқылы тыңдарман аудиториясына ақпарат береді, яғни, коммуникативтік актіні жүзеге асырады. Осыған орай, радиоақпаратты әуе толқыны арқылы тыңдарманға жеткізе білудің де өзіндік заңдылықтары қалыптасқан.

Әуелі, радиоақпараттың жанрлық ерекшеліктеріне тоқталып өтейік.

1. Деректілігі. Радиоақпараттың мазмұнына нақты бір құбылыс, оқиға, шын мәніндегі факт негіз болады.

2. Дәйектілігі. Онда айтылатын дерек нақты куәландырылған және анық тексерілген болуы тиіс.

3. Жедеғабыл сипаты. Ең жоғары деңгейдегі оперативтілігі. Тыңдарман жаңа болған оқиға жайлы ізін суытпай естуге ұмтылады. Сондықтан да, радиоақпарат “бүгін”, “дәл қазір”, “осы сәтте” деген сөздермен басталуы – шарт.

4. Толыққандылығы. Не болды? Қашан болды? Қайда өтті? Неліктен болды? Кімдер қатысты? Қалай өтті? Оқиғаның мәнісі неде? Егер осы сұрақтардың бәрінің жауабы табылып тұрса, онда ақпараттың жазылып біткендігі.

Ақпараттың алғашқы жолы айқын, әрі нақты болуы – шарт. Тыңдарманның соны естігенде әрі қарай біле түскісі келіп, аяғына дейін тыңдауға ықыласы ауып, мәселенің не туралы екенін түсініп алуға қабілетті болуын қамтамасыз ету қажет. Ақпарат жеке бір тұлғаға әсер ете отырып, ол оның өмірге немесе болған оқиғаға көзқарасын қалыптастыруға елеулі ықпалын тигізеді. Жаңалық логикалық жүйеге құрылады. Оның да басы, ортасы, соңы болады. Әлбетте, бастапқы сөйлем аудиторияның назарын аударып алса, екінші сөйлем сөз болған оқиғаның мәнісін айқындап, фактіні айғақтайтын қосымша мәліметтерді жинақтайды. Ал үшінші, әрі соңғы сөйлем сол оқиғаның салдары туралы айтып, немесе оған қорытынды жасай отырып жаңалықты аяқтайды. Әуе толқынындағы белгіленген уақыт мөлшерінде маңыздылығына қарай ақпаратты тізбектеп ұсыну осылайша жүзеге асады.

Ақпараттың жанрлық элементі тек қана факті болып табылады. Сондықтан да ақпаратта тілші тарапынан пікір білдіруге, баға беруге болмайды. Радиоақпарат жанрының функциясы көпшілікті күнделікті жаңалықтармен құлақтандыру, болып өткен оқиғаларды ізін суытпай жеткізу, болып жатқан маңызды оқиғаларды қолма- қол баяндау, енді болатын оқиғаларды алдын – ала хабарлау. Радиоақпарат көзбен көретін көрерменге емес, құлақпен еститін тыңдарманға бағытталады. Соған байланысты әуе толқынындағы ақпаратқа мынадай талаптар қойылады:

1. Дәлдік. Радиоақпараттарға әрбір фактіні, мерзімін, адамдардың аты – жөнін, қызметтерінің атауын міндетті түрде эфирге дейін тексеріп, анықтап алу қажет.

2. Хабарламалық. Жаңалыққа талдау жасалмайды. Онда факті қысқа – нұсқа, нақты хабарлануы тиіс.

3. Мәнерлілік. Дұрыс қойылған дауыс ырғағының сақталуы, артық демнің, қажетсіз дыбыстың естілмеуі қамтамасыз етілуі керек.

4. Ізеттілік. Кез – келген ақпаратты ұсынғанда аудиторияға құрметпен тіл қату – парыз.

5. Айтылудағы анықтық. Жаңалықтар легіндегі сөздер эфирге шықпас бұрын екпін сөздігі арқылы екшелуі – шарт.

Сонымен, радиоақпаратқа күнделікті эфирден мысал келтіріп көрейік. / Қазақ радиосының 2004 – жылдың 14 – қазанында сағат 18.00 – де берілген жаңалықтар топтамасынан /

- Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы Еуропалық сарапшылар Федерациясына қабылданды. Бұл ұйымға мүше болу қауымдастыққа беделді халықаралық ұйымдармен ынтымақтасуға және ақпарат алмасуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қазақстандық мамандарға сәйкес қаржы сарапшыларының халықаралық үлгідегі сертификатына ие болмақ.

Кәдімгі күнделікті радиодан беріліп жүрген ресми ақпарат мәтіні. Жоғарыда айтылған талаптарға сай келеді. Қазақ радиосының мұрағатынан алынған тағы да бір ақпаратқа назар аударалық. /1990-жылдың 15-наурызында эфирден өткен ақпарат/.

- Англиядан қуанышты хабар! Қазақ халқының белгілі жазушысы , Ұлы Отан соғысының ардагері Әди Шәріповтің есімі “Әлемнің әйгілі азаматтары” деген анықтамалыққа енгізілді. Осыған орай құрмет иесіне естелік – сыйлық есебінде пергаментті сертификат тапсырылды.

Әрі ықшамды, әрі әсерлі жаңалық. Дәл осындай тап-тұйнақтай түсінікті тілмен жазылған жаңалықтарды мұрағатта сақталған микрофондық материалдар арасынан көптеп келтіруге болады. Мәселе келтірілген мысалдарда емес, істің мәні - соған қарап, радиоақпаратты тікелей эфирге тән етіп жаза білудің және оны микрофон алдында мәнерлеп айта білудің қисындарын меңгеруде.

2. Радиосұхбат, яғни, радиоинтервью ағылшын тілінен аударғанда “кездесеу, әңгімелесу” деген мағынаны білдіреді. Сұхбат баспасөзде кең қолданыс тапқан жанрлардың бірі. Сұхбаттың құрамында екі жанрлық элемент бар:

1) Журналистің қоятын сұрағы;

2) Сұхбат берушінің қайтаратын жауабы; Біріншісі – құралды иеленуші, екіншісі – ақпараттың қайнар көзі. Сұхбат берушіні кейде журналист өзі таңдайды, бұл ретте сұхбатшы сөзге шешен, салмақты ой айтатын халыққа танымал, әйгілі адам болуы мүмкін. Кейде журналист болған оқиғаға, күн тәртібіндегі жағдайға байланысты соған қатысы бар кез-келген адамнан сұхбат алуға мәжбүр болады. Радиода сұхбаттың сәтті шығуы көбіне-көп сұхбат берушіге байланысты. Өйткені, радиода сөйлеп тұрған адамның жанды сөзі, дауыс ырғағы, сөйлеу мәнері, үн әуезділігі айрықша роль атқарады. Радиодағы сұхбат журналистің сұрағына жауап беріп тұрған адамның көңіл-күйін, ішкі сезімін, көзқарасын, мәдениеттілік деңгейін дауыс аясында толық қамтиды. Сондықтан да, әсіресе, тікелей эфирдегі радиосұхбат өмірдегі шынайы сәт болып табылады. “Сонымен радиосұхбат дегеніміз – журналистің өзекті мәселеге орай кездесу кезінде сұрақ қою арқылы әйгілі адамның, маманның, я қызметкердің немесе оқиға куәгерінің пікірін анықтауы.

Сұрақ қоятын журналистің алдына қойған мақсаты мен оған қол жеткізу тәсілдеріне қарай радиосұхбат 5 топқа бөлінеді.

Ақпараттық сұхбат. Сұрақ нақты пікір білу үшін немесе қандай да бір мәлімет алу үшін қойылады. Сұхбаттың бұл түрі фактінi және пікірді қамтиды. Сұхбат берушінің ресми тұлға болуы шарт емес. Оның сөйлеген сөзінің астарында көңіл-күй мен ішкі толғаныс, яғни, эмоциональдық фон болуы тиіс. Сондықтан да, көбінесе жаңалықтар желісінде мұндай сұхбаттар журналистің қойған сұрағынсыз беріледі. Өйткені, бұл жерде қойылған сұрақ емес, оған қайтарылған жауап маңызды роль атқарады.

Портреттік сұхбат. Сұхбаттың бұл түрі жеке тұлғаның образын ашуға арналады. Сол себепті портреттік сұхбат әлеуметтік-психологиялық сипатымен ерекшеленеді. Өйткені, портреттік сұхбат адам бойындағы құнды қасиеттерді анықтауға негізделеді.

Сауалнамалық сұхбат. Белгілі бір нақты сұраққа әртүрлі адамдардан жауап алу арқылы жасалады. Қысқа-нұсқа 1-2 сұрақтың аумағында жауап алынатын болғандықтан, оны жедел сұхбат, яғни, экспресс - интервью деп атайды. Негізінде, сұхбаттың бұл түрі қоғамдық пікірді анықтаудың өзіндік бір тәсілі болып табылады.

Хаттамалық сұхбат. Мемлекеттік саясат деңгейінде туындаған сауалдар төңірегінде ресми тұлғадан, я болмаса, құзырлы қызмет иесінен нақтылай жауап алу. Әлбетте, ресми тұлға ресми жауап береді. Сұхбат кезінде қойылатын сауалдар алдын-ала әзірленіп, мемлекеттік жауапты қызметкердің (президенттің, министрдің, т.с.с.) көмекшісіне немесе баспасөз хатшысына ұсынылады. Бұл ретте журналистің жеке пікіріне орын жоқ. Эфирде ресми тұлға сол алдын-ала ұсынылған сұрақтарға жауап қайтарады, журналист келісілген сұрақтарын қоюмен шектеледі.

Проблемалық сұхбат. Проблемалық сұхбаттың басты түйіні – журналистік позиция, көпшілік талқысына ұсынылатын қоғамдық маңызы бар ашық мәселе. Мақсат – халықтың көкейінде жүрген сауалдарға жауап алу, күн тәртібіндегі кезек күттірмейтін мәселелер төңірегінде сөз қозғау. Сұхбаттың бұл түрі тікелей эфирде ұйымдастырылуы – шарт. Және студияға шақырылған қонақ журналистің ғана емес, сонымен қатар, телефон желісіндегі тыңдармандардың да сұрағына жауап қайтаруға тиіс. Сұхбат беруші мен тыңдармандар арасында белгілі бір жағдайда дау тууы мүмкін. Дәл осындай сәтте журналист өзінің тақырыпты толық меңгергенін, сол тақырып аясындағы фактілерді жан-жақты білетінін, сұхбат берушімен кез-келген сауал төңірегінде тепе-тең дәрежеде обьективті жауап алу үшін сөз таластырып, қажет болған жағдайда қорытынды тұжырым жасай алатындығын көрсетуі керек. Проблемалық сұхбатты жүргізген журналистің қателесуге, қандай да бір фактіден бейхабар болуға хақысы жоқ.

3. Радиорепортаж – радионың табиғатына тән, оқиғаның дыбыстық суретін тыңдарманның көз алдына елестете алатын, жанды сөзбен әспеттелетін, оқиға аясындағы журналистің баяндауын табиғи шумен толықтырып, оқиғаға қатысушылардың әңгімесімен әсер етіп, тыңдарманды қайталанбас сәттің куәгері ететін ерекше жанр. Радиожурналистиканың тарихында алғашқы радиорепортаждар “Өмірдің ортасынан берілген хабарлар” деп аталған.

Өмірдің ортасынан берілген хабарлар деп біршама бұрыс аталған алғашқы радиорепортаждар студиядан кеңістікке шыққан микрофонның таңқаларлық мүмкіндіктеріне жол ашты. Радиорепортаждар радиолық шығармалардың ең таңдаулы түрі ретінде көрінді.

Демек, радиорепортаж радиожурналистиканың бейнелеуші құралдарын, яғни, сөзді, шуды, музыканы толық қамтыған, уақыт пен кеңістік аясындағы деректілігімен ерекшеленетін әуе толқынының төл жанры болып табылады. Сондықтан да радиорепортажды жүргізетін журналист, яғни, репортер шығармашылық, әрі техникалық тұрғыда кәсіби шебер болуы керек. Өйткені, өмірде болып жатқан қоғамдық маңызы бар оқиғаларды репортажға айналдыратын репортер.

Репортердің жанрлық элементтері:

1. Оқиға

2. Мекен-жай

3. Тілші баяндауы

4. Оқиғаға қатысушылардың әңгімесі

5. Уақыттық көрсеткіш.

Эфирден берілу сипатына қарай радиорепотаж тікелей және тікелей емес болып екіге бөлінеді.

Тікелей репортаж. Өтіп жатқан оқиғадан жүргізілетін репортаж сол сәтте қолма-қол әуе толқыны арқылы таралып, тыңдарманға жетеді. Өмірдегі оқиға мен эфирдегі репортаждың арасында уақыт айырмашылығы болмайды. Тікелей репортаж тарихи маңызы зор, елді елең еткізетін айтулы оқиғалардан жүргізіледі.

Тікелей емес репортаж. Оқиға ортасынан жазылып алынған репортаждың оқиғалық желісі тізбектеліп, мәнді тұстары іріктеліп беріледі. Яғни, оқиға барысынан таспаға басылып алынған дыбыстық жазба монтаждалып, қайта құрастырылған қалпында эфирге ұсынылады.

Ал тақырыптық тұрғыда қамтитын мәселесінің қисынына қарай радиорепортаж оқиғалық және проблемалық болып екіге бөлінеді.

Оқиғалық репортаж. Оқиға орнынан жүргізілетін репортаж. Бұл ретте тақырып оқиғаға орай туындайды.

Проблемалық репортаж. Бұл репортаждың мақсаты – күнделікті өмірде, заман ағымында туындаған проблемаларды нақты дерекке сүйеніп сөз ету, сол деректі немесе құбылысты әрекет аясында дыбыстық жазбамен дәйектеп, тыңдарманға ой салу.

Жалпы, радиорепортаж - синтетикалық жанр. Оның құрамына ақпараттың да, сұхбаттың да элементтері енеді. Радиорепортаждың өзіне тән айрықша құрылымдық сипаты бар. Ол өте шағын болғанына қарамастан, шиеленісі, шешуі, шарықтау шегі бар біртұтас, аяқталған дүние болып табылады.

Тікелей әуе толқынының төл жанры болып есептелетін радиорепортаж қазіргі таңдағы техникалық мүмкіндіктер аясында жаңаша сипатқа еніп, толыға түсті. Тонвагенмен де, ұялы телефонмен де оқиға ортасынан репортаж жүргізуге болады. Тікелей репортаж өз ретінде, аса маңызды айтулы оқиғалардан жүргізілетіні белгілі. Осындай ел өміріндегі елеулі оқиғалардың бірі - 1991-жылдың қазан айының 2 – жұлдызында қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің Байқоңырдан ғарышқа самғау сәтінен Қазақ радиосының “Тәулік тынысы” – “Панорама дня”. бағдарламасы тікелей репортаж жүргізген болатын. Содан шағын ғана үзінді келтірейік.

- Байқоңырдан сөйлеп тұрмыз. Байқоңырда қазір 10 сағат 58 минут. Қазақ радиосының микрофондары атақты Гагарин алаңында. Енді бір-екі минутта аспан кеңістігіне ұшқалы тұрған, бортында экипаж мүшелері: командирі - Кеңес Одағының батыры, КСРО космонавт – ұшқышы Александр Волков, космонавт-зерттеушілер – Кеңес Одағының батыры Тоқтар Әубәкіров пен Австрия республикасының азаматы Франц Фибек бар. Алып “Союз - 13” космос кораблінің оң жақ қапталындағы 500 шақырымдай жерде радиостанция орналасқан. Микрофон алдында Бақберген Табылдиев.

Міне, қадірлі ағайын, ел ғұмырындағы, Байқоңыр тарихындағы ең салтанатты шақты паш ететін оқиғаның секундтар есебі басталды. Қазір басқару орталығынан команда берілуі тиіс. Иә, иә! Міне корабль де оталды.

Ардақты ағайын, мынау асау гүріл, ғаламат дүріл қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров мінген әуе кемесінің даусы.

…10 секунд, 11-12-13-14-15…

(Гүжілдеп барып, гүрс ете түскен корабльдің даусы естілді).

- Міне, достар, отыз жыл күткен сәт те келіп жетті. Жаңа ғана гүрс еткен өздеріңіз естіген дыбыс алып әуе кемесінің даусы. Қып – қызыл оттан суырылып шыққан әуе кемесі аспан төрінде иненің жасуындай болып қана көрініп, жүйткіп барады. Бұл – нағыз тарихи сәт, қайталанбас шақ”.

Дәл осындай айтулы, айрықша маңызды оқиғалар кезінде репортаж жанрын өз деңгейінде қолдану радиожурналистиканың ұшқырлығын танытар еді.

4. Радиоесеп. Радиоесептің негізіне атқарылған істің қорытындысы, соның нәтижесінде қол жеткен табыстар, оң көрсеткіштер, немесе іс-шара аясындағы белгіленген шешімдер арқау болады. Сондай-ақ, радиоесепте оқиға барысындағы маңызды тұстардың мәнін ашып көрсететін сөйлеушілердің сөздері беріледі. Журналист болып өткен оқиғаны оның реттік желісін сақтай отырып, басты мәселелеріне тоқталып өтіп, қысқа да нұсқа мәлімет береді. Сондықтан да, радиоесеп хаттамалық сипатта ұсынылады. Негізінен, қоғамдық-саяси шаралардан, ресми оқиғалардан жасалады. Уақыт мөлшері жағынан радиоесепке арқау болған өмірдегі оқиға ұзақтығынан эфирдегі оқиға мөлшері бірнеше есе кем болады. Мысалы, алты сағатқа созылған мәжілістің есебі 2-2,5 минут қана болуы мүмкін.


Талдамалы жанрлар


Радиожурналистиканың ақпаратты жанрлары аты айтып тұрғандай ақпараттық функцияны атқарады, ал талдамалы жанрлары ақпараттық және талдамалы функцияны атқарады. Соған сәйкес талдамалы жанрлардың құрылымдық, тілдік-стильдік ерекшеліктері айқындалады. Өйткені, оның маңыздылығын, өзектілігін жоймаған әлеуметтік мәні бар фактіге құрылатындығы ақпараттық функциясын айқындаса, ал журналист тарапынан фактіге жасалатын сараптама, оқиғаға немесе құбылысқа көзқарас таныту, пікір білдіру, баға беру талдамалық функциясын іске асырады.

Радиокомментарий. Бұл қандай да бір факті, оқиға немесе құбылыс жайлы құзырлы адамның, маманның немесе журналистің пікірі, жасаған талдауы, берген бағасы. Комментарий – латынның талдау, түсіндіру деген сөзінен шыққан. Ол – қоғамдық саяси деңгейдегі өзекті мәселенің, оқиғаның, құбылыстың мәнісін түсіндіруге құрылған сараптамалық материалдардың бір түрі.

Комментарийдің негізгі жанрлық элементтері: автор тарапынан фактіге жасалған талдау мен оған берілген баға.

Эфирден берілу ретіне қарай комментарийді екі топқа бөлуге болады:

1) Дербес комментарий. Эфирден өз алдына жеке бір хабар ретінде өтеді.

2) Шағын комментарий. Көбінесе жаңалықтармен бірге беріледі, немесе үлкен бір хабардың құрамына еніп кетеді.

Тақырып аясындағы сөз болатын мәселенің сипатына қарай комментарий оперативті және проблемалық болып екіге бөлінеді.

1) Оперативті (нақты-оқиғалы) комментарий. Ол күннің айтулы оқиғасына арналады. Сондықтан да оқиғамен бірге іле-шала жедел эфирден ұсынылуы тиіс. Соған сәйкес көлемі де ықшамды болып келеді, яғни, бір жарым, екі минуттан аспауы керек.

3) Проблемалық комментарий. Оған заман ағымындағы толғақты мәселелер, саяси бағыттағы маңызды шаралар, халықаралық деңгейдегі назар аударарлық оқиғалар өзек болады. Оперативті комментарийде бір ғана оқиға немесе құбылысқа түсініктеме берілетін болса, ал проблемалық комментарийде деректер мен топшылаулар көбірек ұшырасады. Мұның өзі проблемалық комментарийдің құрылымдық ерекшелігі болып табылады.

Радиоәңгімелесу – радиожурналистиканың ең бір негізгі және күрделі жанры, көпшілікке арналған ауызша үгіттің ең басты формаларының бірі. Ол диалогқа құрылатындықтан сыртқы сипаты жағынан сұхбатқа ұқсайды. Ал ішкі мазмұны мүлде бөлек. Сұхбат нақты сұрақ пен нақты жауаптан тұрады. Ал әңгімелесу кезінде сұрақ ең алдымен, сөзді бастап беру үшін, содан соң тақырыпты ашып, оны жан-жақты тарқатып жеткізу мақсатында әңгімелесушінің кілтін тауып, оның ойын өрбітіп, сөзін сабақтау үшін, соңында белгілі бір тұжырымға келіп, ой түйіндеуіне мүмкіндік туғызу үшін қойылады. Сондықтан да радиоәңгімелесу кезінде сұрақ екінші кезекке ығысады да, жауап берушінің сөзі үлкен мәнге ие болады.Өйткені, ол ағынан жарылып, сыр ақтарып, көңіл түкпірінде жатқан ойларды ортаға салып, шешіліп сөйлейтін болуы керек. Сондықтан да ол қойылған сұрақтарға жауап берумен шектелмейді, сол сауал төңірегінде жан-жақты ойланып-толғанып отырып өз тарапынан көкейінде жүрген кейбір мәселелерді қоса сөз етіп кеңінен көсіледі. Радиоәңгімелесудің жанрлық ерекшеліктері осыдан келіп туындайды. Бұл жанрдың көтерер жүгі салмақты болғандықтан оған қойылатын талаптар да күрделі. Онда шебер сөйлеу, тіл құнарлылығы, ой нақытылығы, тыңдаушысын бірден баурап алатын сыршыл сипаттағы еркін әңгімелесу процесі жүзеге асуы тиіс.

Әңгімелесушінің жанды сөзі тыңдармандардың қызықты сұрақтары, емін-еркін тілдесу процесі, қызу пікірталас - осының бәрі радиоәңгімелесу жанрына шынайылық сипат береді.

Радиоәңгімелесудің сәтті шығуы аудиторияның сипаты мен психологиясын, оның негізгі мұқтажы мен жалпы проблемасын дәл есептеп, тақырыпты дұрыс таңдап, радионың мүмкіндіктерін толық пайдалана білуге байланысты болады.

Қазақ радиосының «Алтын қорынан» алынған радиоәңгімелесу жанрының үздік үлгісінен үзінді келтіріп көрелік:

«Әдебиет және өнер» циклынан «Жазушыға келген хаттар» бойынша берілетін радиоәңгімелесуімізді тыңдауға шақырамыз.

Қазақ совет әдебиетінің іргетасын қалаушылардың бірі ақсақал жазушымыз, академик Сәбит Мұқановтың өмірі мен шығармашылық жолы баршамызға мәлім. Жазушының «Сырдария», «Ботагөз», «Балуан Шолақ», «Мөлдір махаббат» сияқты романдарымен қатар «Сұлушаш» поэмасын сүйсіне оқимыз. Әдеби өмірге де, қоғамдық жұмысқа да белсене атсалысатын жазушыға еліміздің түкпір – түкпірінен ай сайын, апта сайын алуан мазмұндағы хаттар тасқыны ағылып келіп жатады. Әрбір хаттың тыңдаушыға берер сыйы, мол ғибраты болар деп ойлаймыз. Бүгінгі студия қонағы, академик Сәбит Мұқановпен хаттар жайлы сыр шертісетін журналист Серік Тұрғынбеков.

Журналист: - Сәбе, мен сіздің хатқа деген зор құрметіңіз бен мол жауапкершілігіңіздің сырын тереңірек білгім келіп отыр, сол жайлы сыр шертіп берсеңіз.

Мұқанов: «Өмір мектебі» деген кітабымнан білесіздер, мен ерте хат таныған кісімін. Хат білген күннен бастап шығармаларымды жаза бастадым. Біз әр уақытта үлгіні орыс мәдениетінен аламыз. Бабаларымыз Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев – бәрі орыс мәдениетіне сүйеніп өскендер. Мен де солай өстім ғой деп ойлаймын. Менің орыстан алған тәуір үлгімнің біреуі – хатқа сақ қарау, оны ұқыптап жинап отыру. Мақтанғаным емес, қазақ жазушыларының ішінде менен көп хат жинаушы болған емес.

Кешегі Мұхтар марқұм Әуезов қатты өкінетін еді. «Хаттарымды жинаған жоқпын» деп.

Мақал деген халықтың тәуір ойы. Қазақта мынадай мақал бар: «Есік алды төбе болса ерттеулі атпен бірдей, аулыңда қарт болса жазулы хатпен бірдей». Осы сөздің мағынасы үлкен өзі. Көркем шығармада не болса соны емін-еркін жаза алмайсың, ал хатта сенетін адамыңа сырыңды айтатының тәрізді бәрін жаза бересің. Осыған дейін алған хаттарымды архивке табыс еттім. Олар айына, күніне, жылына, тақырыбына қарай қаттаған екен, 141 том түптеу болып шығыпты. Таяуда Ташкентте өткен Орта Азия елдерінің архив қызметкерлерінің конференциясында сөз сөйлеген архив директоры Мұхтар Жанғарин «Мұндай көп хат алу – мәдениет тарихында болмаған оқиға. Бір жазушының 141 том хат алуы – бұл бір ғанибет дерек» деп атап айтыпты.

Бұл үзіндіден біз нағыз талдамалы жанрға тән жан – жақтылықты, еркіндікті аңғарамыз. Әңгімелесушінің қойылған сұраққа жауап берумен ғана шектелмей, шер тарқата, сыр бөлісе сөйлейтіндігін байқаймыз.

Радиоәңгімелесуде жанды сөз, оның эфирден берілу пішіні, дауыс ырғағы айрықша рөл атқарады. Сондықтан да радиоәңгімелесуге арнайы мәтін жазылмайды, ол көбінесе, суырыпсалмалық сипат алады. Радиоәңгімелесу үлкен бір хабардың құрамды бөлігі бола алмайды. Өйткені, радиоәңгімелесудің өзегі – арнаулы бір тақырып аясы.

Радиошолу. Бұл жанрға анықтама беру үшін оның өзіне тән ерекшеліктерін атап өту қажет.

1. Фактологиялық сипаты. Шолуда фактілер автордың айқындалған мақсатына сәйкес іріктеледі және топтастырылады.

2. Фактілер шолушы тарапынан өзара тығыз байланыста қарастырылады.

3. Тақырыптың зерттелу ауқымының кеңдігі. Егер комментарийге нақты бір факті немесе бір ғана оқиға өзек болатын болса, шолуда бір мәселеге қатысты барлық фактілер қамтылады, жинақталады.

4. Хронологиялық шеңбер аясында, белгілі бір сала бойынша жасалады.

5. Негізгі мәнісі жалпылама қорытынды жасау болып табылады.

Радиошолу – белгілі бір оқиға өзегіндегі бірқатар мәселелерді, соның аясындағы толып жатқан фактілерді, соның негізінде саналуан көзқарастар мен пікірлерді қамтып, сараптап-саралай отырып обьективті баға беру, құбылыстың алды-артын түгел шолып, нақты бір тұжырым жасауға арналған жанр. Сондықтан да шолуды кез-келген журналист жасай бермейді. Шолуды шолушы-журналист жасайды. Шолудың сәтті шығуы шолушы-журналистің көрегендігіне, тапқырлығына, фактілерді іріктей білу қабілетіне, оны аудиторияға тартымды етіп жеткізе білу шеберлігіне, журналистік позициясына байланысты.

Радиокорреспонденция – ақпараттық және талдамалы жанрдың функциясын қатар атқаратын жанр. Онда болған оқиғаның мәні мен сипаты баяндалып, тілші тарапынан баға беріледі. Сондықтан да, оқиғаны кеңінен қамту мен қорытынды ой айту радиокорреспонденцияның негізгі екі элементі болып табылады. Ақпараттың уақыт мөлшері 30-45 секунд көлемінде болса, ал радиокорреспонденцияның көлемі 1,5-2 минутқа дейін созылады.

Радиокорреспонденцияда факті хабарланады, сондай-ақ, факті туралы оны хабарлаушының пікірі беріледі. Негізінен, радиокорреспонденцияны тілші микрофон алдында өзі баяндайды. Оқиға куәгерінің өз аузынан айтылған әңгіме әсерлілігімен, нанымдылығымен тыңдармандарды баурап алады. Ал радиокорреспонденция диктордың оқуындағы мәтін түрінде берілсе, онда міндетті түрде «біздің тілшіміз хабарлағандай» деген мәлімдеме жасалады.