Намазалы омашев радиожурналистиканың теориясы мен тәжірибесі
Вид материала | Документы |
СодержаниеОтан соғысынан кейінгі кезеңдегі радио (1946 – 1950 жж). Тоталитарлық мемлекет тұсындағы радио (1950 – 1985 жж) |
- Намазалы омашев радиожурналистиканың теориясы мен тәжірибесі, 5624.76kb.
- Парат министрлігі л. Н. Гумилев атындағы еуразия ұлттық университеті, 8635.57kb.
- Ылым министрлігі қазақ инженерлік теникалық академиясы, 1195.19kb.
- Қазақстан жеріндегі мемлекеттер мен олардың мәдениеті, 78.49kb.
- Нистрлігі семей мемлекеттік педагогикалық институты султанова Нургуль Камильевна музыкалық, 3053.35kb.
- Адольф Дистервегтің педагогикалық қызметі мен теориясы, 85.68kb.
- Қазақ тіліндегі ресми іс қағаздары Жеке адам өміріне қатысты құжаттар. Жеке адам өміріне, 280.32kb.
- Клеткалық тыныс алу, 160.93kb.
- Құрметті депутаттар мен Үкімет мүшелері! Ханымдар мен мырзалар!, 440.6kb.
- Крутой Мен". Тогда меня воодушевила идея старого фильма, 260.25kb.
Отан соғысынан кейінгі кезеңдегі радио (1946 – 1950 жж).
Халық шаруашылығын қалпына келтіру және дамыту жылдарындағы радиохабарлардың даму бағыттарына әсер еткен мынандай жағдайлар болды: осы мәселені дәйекті зерттеп қабылдаған тарихи ақпан пленумының шешімдері, ленинградтықтардың өнеркәсіп өнімдерін арзан, тез әрі сапалы өндіруді ұйымдастыру саласындағы үндеуі және қазақстандық колхозшылардың Сталинге хаты. Міне, осы үш құжаттан туындайтын міндеттерді негізгі межеге алып, бағыт ұстаған жергілікті, облыстық, республикалық радиокомитеттер соғыстан кейінгі халықшаруашылығын қалпына келтіру және одан әрі дамыту ісіне өз үлесін қосып отырды.
1946 жылдың басында ҚК /б/ Орталық Комитетінің XIV Пленумы Қазақстан ауылшаруашылығының 1946 жылғы міндеттерін белгілеп берді. Осы жылдың 24 июлінде Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің IX сессиясы «Қазақ ССР-ның халық шаруашылығын қалпына келтіру және одан әрі дамытудың 1946-50 жылдарға арналған бесжылдық жоспары туралы заңды» қабылдады. Соғыстан кейінгі колхоздарды қалпына келтіру мерзімінде тәжірибелі, беделді колхоз басшылары, колхоз өндірісінің озаттары өсіп шықты. Ауыл, селоларда жергілікті партия органдары күш алды.
1950 жылдың екінші жартысынан бастап 1960 жылдың алғашқы жартысына дейін колхоздардың біразын совхозға айналдыру процесі жүзеге асырылды. Осы тарихи оқиғалар - тарихшылар арасынан әлі күнге дейін өз бағасын ала алмай келе жатқан мәселе. Біраз тарихшылар бұл жайды жақтады, біразы қарсы болды.Одан колхоз өзінің өмірін сүріп бітті деген ұғым қалыптаспауы тиіс, қайта колхоз құрылысы әрі қарай нығая түсті деген орынды сияқты.
Әуе толқынында сол кезде шыққан бүкіл хабарларға тән бір қасиет – қарадүрсіндіктен бой тарту басым. Техникалық құрал-жабдықтардың (диктофон, репортерлердің т.б.) жоқтығына қарамастан эфирге жанды дауыс шығаруға талпынушылық бар. Бұл орайда негізгі мәселеге байланысты тыңдарман хаттары, журналистік түсіндірмелер, хабар барысында қойылатын жетекші сұрақтар, қысқасы, материалды эфирге шығару әрекеттерінің бәрінен өткенді қайталамауға тырысу бар болғандығы көрініп тұр.
Елдің өнеркәсібі дамыған сайын, ауылшаруашылығын механизациялау етек алды. Осылайша, Қазақстанның халық шаруашылығын дамыту процесінде негізгі рөл атқарған аталмыш мәселелердің көпшілігі қазақ радиохабарларың зерттеліп отырған кезеңдегі негізгі тақырыптары болып отырған. Өйткені, идеология өмірмен әрдайым өзектес. Мемлекетік билік, халық, әлеуметтік жағдай, саясат бір-бірімен тығыз байланыста өмір сүреді. Экономика - саясаттың нәтижелі жиынтығы деген пікірді қазақ радиожуралистері жақсы түсінгендігі әр хабардан көрініп, атойлап тұрғандай. Осы мәселелер жөніндегі үндеулер, үндеуге үн қосушылар, пікірлер, жылт еткен жаңалықтар радиожурналистердің назарынан тыс қалмаған. Қазақ радиосының эфирінен бір жарты жылдықта 40 колхоз төрағасының сөзі, 20-дан астам директор, үздік механизаторлар, 29 Соцалистік Еңбек Ерлерінің, 16 облыс-аудан, партия басшыларының сөздерінің ұйымдастырылуы осы айтылған пікірлерге дәлел бола алады.
Осы ретте радионың ықпалын ерекше атап өту керек сияқты. Қолына газет-журнал ұстауға мүмкіндігі жоқ, күні бойы еңбек майданында, немесе станок қасында тұрған еңбеккерлердің құлағы радио дегенде әрдайым түрік тұратын. Оның үстіне біраз ғана бұрын біткен Отан соғысының барысын жұрт радиодан Левитан мен Байжанбаевтың үні арқылы тыңдап үйренген болатын. Сол соғыстың бар жаңалықты радиодан күтуге машықтандырғаны айқын.
Ол кездегі идеологияның қуатты болғаны соншалық, көптеген хабарларда асыра сілтеу, әсірелеу басым. Мысалы, «Оңтүстік Қазақстан облысының социалистік егіс даласына арналған хабар», «Ауыл, деревняда социалистік үгіт-пропаганды жұмысының маңызды міндеттері», «Халық Ленин мен Сталин үйреткендей қызмет етейік» т.б. хабарлар. Жоғарыдағы даланың өзін социалистік деу сарыны үнемі сезіліп тұрады.
Соғыстан күйреген шаруашылықты қалпына келтіруге арналған бесжылдық жоспарды орындау жолына елді жұмылдыруда радионың қызметі орасан зор болды. Қазақстанда соғыс болмағанымен де Ресейдің қираған елді мекендеріне материалдық, техникалық көмектер жіберілді. Осындай шараларды адамдардың санасына сіңірудегі радионың рөлі ерекше. Есту арқылы сана-сезімге әсер жасау – радионың басқа ақпарат құралдарымен салыстырғанда басты артықшылығы. Сондықтан да халық алдына жауапты бүкілхалықтық міндеттер қойылды әрі БАҚ-қа міндет етіп жүктелді. Радиодан күніне сан рет қайталап беру арқылы идеология мақсаты орындалды. Ол міндеттер төмендегідей болатын:
- Социалистік жарысты өрістету;
- Өндіріс технологиясын жетілдіру;
- Кәсіпорындардың мүмкіншілігін толық ұйымдастыру;
- Стахановтық жұмыс әдісін ұйымдастыру;
- Технологтар, конструкторлар арасындағы мамандық жөнінен жарысты ұлғайту;
- Жұмыстағы озат тәжірибелер, тапқырлар жаңалықтарын көпшілікке жеткізе білу;
- Еңбеккерлердің ойдағыдай жұмыс істеуіне жағдай туғызу үшін ұйымдастыру техникалық шараларын ұштастыра жүргізу, ауыр жұмыстарды механикалық жолға салу.
- Шикізатты, отын, материиалдар, электр қуатын үнемді пайдаланып, өнімнің бағасын арзандату, ол үшін нормалы жолға салу;
- Өндірісте мемлекеттік және еңбек тәртібін нығайту;
- Еңбекшілерге мәдени қызмет көрсетуді жақсарту, оларды коммунизм рухында тәрбиелеу;
Осы мәселелерге байланысты еңбекшілер хаттарын ұйымдастыруға талпыныс та осы кезде бой ала бастағанын байқауға болады. Эфирге нақты дауыс берудің мүмкіндігінің жоқтығына қарамай, еңбеккерлер хаттарын әуе толқынынан шығарудың алғашқы мысалдарын көптеп кездестіруге болады. Еңбекшіқазақ ауылындағы ерлі-зайыпты Социалистік Еңбек ерлері Қасым мен Насиха Дүйсекеновалардың «Қысқы жайылымды тиімді пайдаланып, жылқы басын молайта түсейік» - деген хаты эфирден берілген.
Өздері өмір сүріп отырған тұстағы қоғам өмірі, ішкі және сыртқы жағдайлар, әлеуметтік, экономикалық мәселелері т.б. адамдар өмірімен сабақтас болып келетіні мәлім. Сондықтан да, өмірмен өзектес хаттардың радио редакциясына ағылуы, жүрек жарды пікір-тілектердің айтылуы орынды еді. «Бізге хат келіпті» айдарымен берілген хабарлардан халықтың үні естіліп тұрғандығы байқалады. «Жылан түлеп, терісінің сыртқы қабығын алмастырған кезде қандай әлсіз болса, қоғамның бір кезеңнен екіншісіне өтер шақта халық та сондай күйге тап болады», - деп жазған ғалым Л. Гумилев пікірі сол кездің де, қазіргі шақтың да анықтамасы бола алатындай. Бұл жылдар хабарларының бір ерекшелігі – экономикалық түсініктемелер, кеңестер беріліп тұрған. Оған айғақтың бірі – К. Маркстің «Капиталының» өзекті жерлері әуе толқынынан оқылуы.
Тіпті радиохабарлар тиімділігін арттыра түсуі үшін қоғамдық рейд, көшпелі редакция сияқты журналистика пішіндері жақсартылып, жолға қойылған. Бұл тұста ел мүддесін жүзеге асырушылардың жақсы істері жайлы радиорепортаждар жиі орын алып тұрған. Мысалы, 1945 жылдың 16 маусымында берілген мына бір хабар жүкті әйелдер мен босанған жас аналарға арнайы ауылшаруашылығы өнімдері дүкенінің алдынан берілген репортаж. Дүкен директорының, сатушылардың сөздері, балалардың дауыстары, тілек, сұраныс, телефон шырылы т.б. репортажға қатысты детальдардың әсерінен тыңдаушы көз алдына өзіндік сурет келеді.
1947 жылы радио рөлі күрт күшейді. Халыққа ақпарат таратуда, саяси тәрбие беруде, елдің мәдени деңгейін арттырудағы беделі арта түсті. Жаңа радиоциклдар – «Біздің Отан», «Күн тақырыбында», «Ғылым мен техника жаңалықтары» т.б. пайда болды. Зерттеліп отырған тұстағы радиохабарларында негізінен газет материалдары көп пайдаланылғанымен, озаттар тәжірибелері туралы ұйымдастырылған, басқа тыңдармандар атымен эфирге шыққан материалдарды көптеп кездестіруге болады. Ал, ол хабарларды дайындаған радиожурналистер екендігі жинақы айтылған ой-пікірлерден, нақты түйіндерден көрініп отырды. Мысалы, ЛКСМ Орталық Комитетінің қызметкері Құрмановтың «Жазғы спорт маусымын ұйымшылдықпен қарсы алайық», трактор бригадасының бригадирі Таутановтың «Біз техниканың жоғары өнімділігіне қалай жетіп отырмыз?», жетісулық қызылшашы Б. Тәтенованың «Қант қызылшасынан мол өнім алудың тәжірибесі жөнінде», Ермековтың «Ғылыми еңбектердің жоғары идеялығын жақсартайық» деген сияқты көптеген тақырыптар дәлел бола алады. Яғни, «насихатшылық әдістердің бір сарындылығы, олардың ұрандық, мінберлік сипаты білініп тұрды. Мұндай жағдайда ақпараттың негізгі шындығынан гөрі идея басым болатын. Ал, шындық соның бағынышында болып, қосалқы сипат алатын және айғаққа айналатын.
Шаруаға агрономиялық кеңестер, өсімдік шаруашылығы, ара өсіру, ауыспалы алқап, тыңайтқыштар пайдалану жөнінде хабар берілді. «Шаруа радиогазеті» ауыл шаруашылығын жақсартуға, оның табыстылығын арттыруға байланысты көптеген мәселелер жайында хабар дайындады. Міне, осы шаруа радиогазетінің лайықты жалғасы болып келген ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне арналған хабарлар халық шаруашылығын қалпына келтіру және одан әрі дамыту ісіне зор үлес қосқаны тарихи шындық.
Осы тұста радиохабарлардың жиі қолданылған формаларының бірі – радиомақала. Оның себебі, үстемдік етуші идеологияны халық жадына тереңірек сіңіру үшін әртүрлі саяси, қоғамдық тақырыптар, осы мақалаларда қозғалды. «Радиомақала радиода көбінесе қоғамдық-саяси және ғылыми техникалық мәселелерге арналады. Оның көлемді әдетте газеттегіден кішірек болады» - делінген журналист анықтамалылығында. Көлемінің кіші болуы әрине, радионың спецификасына байланысты.
Республикамызда болып жатқан қоғамдық – саяси, мәдени-рухани, әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің үрдіс алуы – коммунистік идеологияның саяси сахнадан түсуімен байланысты. Сондықтан, ғасырға жуық біржақты, тоталитарлық үстемдік мүддесіне бағынып келген радиожурналистикаға жаңаша көзқарас туды, жаңа бағытпен, бағдармен дами бастады. Осындай кезде өткен мен бүгінді, ескі мен жаңаны салыстырып қарау арқылы радиожурналистиканың тарихын тарызылау, баға беру қажеттігі туындайды.
Тоталитарлық мемлекет тұсындағы радио (1950 – 1985 жж)
Соғыстан кейінгі күйреген халық шаруашылығын қайтадан қалпына келтіру кезеңінің ойдағыдай аяқталуы бүкіл кеңестік бұқаралық ақпарат құралдарының тілге тиек еткен мәселесі ретінде күн тәртібінде тұрды. Сол тұстағы қалыптасқан дәстүр бойынша қоғам дамуының көрсеткіштері процентке шағылып, ол артығымен орындалды деп есеп беру дағдыға айналған болатын. Міне, осындай даурықпалы, дақпыртты хабарлар беру қазақ радиосының да жұмысынан орын алады. Сондықтан күйзелген халықты «енді сол күйреген құрылысты қалпына келтірген соң қалыпты өмір сүресіңдер», - деп титықтатқан иделогия тіпті дендей бастады. Толыққанды социализмді орнатып, сонан соң «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман орнайды, ол – «коммунизм», соған жету үшін халық шаруашылығының жоспарларын артығымен орындау қажет деген ұран тасталды. Жұмыс уақытынан тыс сенбіліктер, жексенбіліктер ұйымдастырылып, міндетті сегіз сағаттан кейін қалып жұмыс істеу сияқты бүкілхалықтық қозғалыс басталып кетті. Енді партияның осы саясатын насихатттау барлық БАҚ-ында, оның ішінде радиода да белең алды.
1954 жылдың наурызынан бастап Орталық радиода ғылыми-көпшілік хабарларды беру жолға қойылды. Бұның өзі біркелкі «социализм, коммунизм» тақырыбындағы хабарларды тыңдаудан жалыға бастаған тыңдарманды бір серпілткендей болды. «Күн планетасы», «Айда тіршілік бар ма?» деген сияқты хабарларға қосымша медицина, биология, астрономия, химия т.б. ғылымдар жөнінде танымдық дүниелер көптеп беріле бастады. Қоғамдағы құбылыстарды жан-жақты қамтитын бағдарлармалар ұйымдастырылды.
Бұдан кейінгі осы кезеңнің айтулы хабарлары 1956-61 жылдары болған Компартияның XX және XXII съездерінің материалдарына байланысты болды. Өйткені, онда Компартияның бірінші хатшысы болған Н.С. Хрущевтің жеке басқа табынушылық саясаты сыналған болатын. ЧК, НКВД, МГБ, КГБ деген атаулар адам ғұмыры үшін, солардың подвалдарында атылған сан мыңдаған адамдардың өмірі үшін айыпталды. XX съезде басталған саяси науқан ұзаққа созылып, үкімет басына Л.И. Брежневтің келуімен жалғасты. Әр кезең басшылары өзіндік бір саяси науқанмен есте қалатыны тарихтан белгілі. Ал, кейінгі хатшы Қазақстандағы игерілмей жатқан шексіз алқапты орыстандыру саясатын бастады. Ол «тың және тыңайған жерді игеру» деген атпен тарихта қалды. Қазақстанның бүкіл жайылымдық жер қыртысы қопаралып, ен дала егіс алқабына айналды. Тың жерді игеру бүкіл радиохабарлардың өзегі болды, көркемөнердің негізгі тақырыбы болды. Кинофильмдер де түсіріліп, музыкалар жазылып, қаншама романдарға арқау болды. Ресейдің түпкір-түпкірінен кезекті «переселендік» кезең басталып, ағылып жұмыссыз, үйсіз-күйсіз жүрген басқа ұлт өкілдері көптеп қоныстанды. Қонақжай қазақ халқы кезекті саясаттың тағы да құрбаны болды. Жер құнарлылығынан айрылып, эрозияға ұшырады. Жергілікті халық ұлттық қасиетінен ажырап, тілі шұбарланып бара жатқан бөгде мәдениеттің, жат жұрттың илеуінде қалды. Қаншама рет зобалаңның, аштықтың, репрессияның құрсауына түскен жергілкті ұлт тағы да бір «соғыссыз саяси майданның» шырмауында қалды. Әрине, бұның бәрі Қазақ радиосынан да, басқа БАҚ-тың материалдарынан басқаша, «үкімет қамқорындағы» деген нақышпен берілді.
1957 жылы радио Мәдениет министрлігінен бөлініп, Радио және телевизия жөніндегі мемлекеттік комитет болды. 1960 жылдың қазанынан бастап Бүкілодақтық радио тәулік бойы жұмыс істеп, 77 сағат 15 минут хабар тарататын болды. 1961 жылы радиодан дүниені дүр сілкінткен ақпарат таратылды. Ол 12 сәуір күні космосқа тұңғыш рет адамның ұшқаны туралы болатын.
1962 жылы Қазақ радиосында «Юность» атты жастар бағдарламасы ашылды. 1964 жылдан ақпаратты-музыкалы «Маяк» радиостанциясы жұмыс істей бастады. Кейіннен осы радионың қазақша пішіні «Шалқар» болып қазақ радиосында ашылды. Ұлттық бояуға қанық, ұлттық музыка, мәдениет, салт-дәстүр, тағылым т.б. арқылы ерекшеленетін бұл радио халықтың сүйікті арнасына айналды. Алайда, арна жабылып, шығармашылық ұжым таратылып, басшылар тарапынан үлкен қателік жасалды. Кейіннен қайта ашылуға рұқсат етілген-ді, бірақ тыңдарман аудиториясын жоғалтып алды. Ал, Ресейдегі «Маяк» радиосының 40-жылдығы ұлттық үлкен мереке ретінде тойланып өткендегі баршаға мәлім.
1965 жылы Гитлерлік Германияны жеңудің 20 жылдығы барлық ақпарат майданы жауынгерлерінің тіліне тиек болды. Соғыс ардагерлерін марапаттайтын деректі-көркем циклды хабарлар көбейді. Бағдарламалар көптеп ашылды. Деректі әңгіме, радиокомпозиция, радиоочерк, радиофильмдер деген сияқты жанрлар молая түсті. Әрі қарай қоғамдық саяси науқандар белең алды. Ұлы қазан революциясының 50 жылдығы, В.И.Лениннің 100 жылдығы сияқты мерекелер бірінен кейін бірі хабарлар желісіне айналды. Концерттер мен спектакльдерді радио арқылы трансляциялау жолға қойылды. Халықты рухани демеуге арналған көңіл көтеру бағдарламалары ашылды, жастар мен балаларға арналған хабарлардың уақыт мөлшері көбейе бастады. Осы жылдары Қазақ радиосында «Ұшқын» атты жастар хабары беріле бастады, ол кейін жастардың сүйікті хабарына айналды. «Мәдениет радиоуниверситеті» жұмысы рухани әлемді байытуға үлес қосты. Ал, 1967 жылдан бастап 3 каналды радиохабар тарату дамыды. Тыңдармандар алуан түрлі хабар тыңдау мүмкіндігіне қол жеткізді. Одақтас республикаларда радио мен телевизияны дамытуға көңіл бөліне бастады. Бүкілодақтық радиоға қатысты республикаларда 162 комитеттер құрылды, оның ішінде одақтас республикалық 14, автономиялық –20, өлкелік- 6, 109 облыстық және округтік комитеттер құрылды. Бұның бәрі радио жұмысын жандандырып, дамыта түсу үшін атқарылған шаралар болатын.
Мемлекеттік идеологияның ықпалы тек қана жақсы жақтарынан көрінбеді. Соғыстан кейінгі жылдары антиинтеллектуалды саясат етек алды. Ғылым, мәдениет, білім, әдебиет т.б. қоғамдық салалар социалистік және буржуазиялық болып бөлінді. Идеологияға "қарсы" шығарма жазған жазушыларға, ән жазған композиторларға т.б. қарсы істер қозғалды. Ресейде Анна Ахматова, Сергей Эйзенштейн, Михаил Зощенко, Михаил Булгаков сынды азаматтар шығармаларын сынау басталды, жала жабылды, үй тұтқынында ұсталды. Сөйтіп, басқа елдермен араға темір қақпа орнатылды. Социализм болашағынан басқа ешнәрсені ойлауға да мүмкіндік берілмеді. Қазақ зиялылары да осы науқаннан тыс қалмады. Көптеген жазушылар, ғалымдар, тарихшылар тіпті заманның ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовке дейін қудаланды. "Ресейдегі әріптес жолдастары алып қалмағанда халық, бүтіндей ұлт өкілдері жауапты болар ма еді, тарихшы Е. Бекмахановтың тағдырын кешер ме еді?" деген сүреңсіз сұрақтар тарихтың қойнауында қалды. Руханиятқа қарсы зобалаңның, зиялыларды, ойшылдарды қудалаудың небір қитұрқы түрін көрген халықтың еңсесі езілді. Оның соңғысы 1986 жылғы тәуелсіздік жолындағы көтеріліс болып саналады.
1970 жылы Бүкілодақтық радиоға Лапин деген азамат төрағалық қызметке келген. Ол соғысқа дейін сонда қызмет істеген. Үкімет қаулы-қарарларын, бұйрықтарын қалтқысыз орындайтын адам ретінде санада қалған. Радиожурналистердің жасаған хабарларын қаралау, кез келген жерден кінә тауып, айыптау сияқты жайлар осы басшының тұсында орын алды.
"Жолсапарға кеткен журналист қайтып келгенінде оның жұмыстан қуылғаны жайлы құжат дайын тұратын еді" деп еске алады ардагер-радиожурналистер естеліктерінде. Олардың кез келген сөзінен үкіметке қарсы қателік табатын. Сонымен тағы да қара тізім жасалып, өзіндік репрессия басталған. Журналистер бойын жалтақтық, сенімсіздік белгілері дендеді. Осы кездері бірін-бірі қайталайтын айдарлар көбейді. Тыңдармандар аудиториясы жоғала бастады. Нақты өмір бүркемеленіп, "біздің кеңестік өмір осындай" деген идеология үстемдік етті. Орыс ақыны К. Чуковский: "Радио - опиум для народа" деп жазды. 1970 жылы осы басшының нұсқауымен "Алтын қорды тазарту" жұмыстары жүргізілді. Солақай басшының кесірінен қаншама қымбат дауыстар, материалдар өшірілді. Осылайша Бүкілодақтық радио жаңа кезеңге көшті. Ал, Қазақ радиосының "Алтын қоры" ондай жадағай саясаттың құрбаны болған жоқ. XX ғасырдың елуінші жылдарында Қазақ радиосының материалдық-техникалық базасы үкімет қамқорлығына алынып, жаңа аппаратуралармен толығып, құрал-жабдықтар бөлінді. Сирек дауыстар жазылған хабарлар, концерттер, әдеби-музыкалық радиокомпозициялар, радиопьесалар сол тұстары пайдалануға берілген магнитті үнтаспаларға жазылып, ең таңдаулы деген туындылар "Алтын қорға" алынды. Ал, ондай дүниелерді сараптау Көркемдік кеңестің ұйғарымы арқылы жүзеге асырылатын. Күні бүгінге дейін сол құнды дүниелерді көздің қарашығындай сақтап отырған «Алтын қор» қызметкерлері тарихты болашақпен жалғастырушылар екендігі ақиқат.
Қайта құру мен жариялық радиосы (1985-1991 жж.).
1985 жылы БАҚ-тың даму кезеңіндегі өзгеріске толы жыл болды. М.С.Горбачевтің үкімет басына келуіне байланысты қайта құру саясаты басталды. Қоғамда жариялылық басталып, халық демократияға бет бұрды. Бұл қозғалыс жылдар бойы қалыптасқан тоталитарлық жүйеге, оның идеологиясына наразылықтан туындаған болатын. Бұрынғы бір жүйеге мойынсұнған одақтас мемлекеттер ыдырап, КПСС-тің құлауына әкеп соқты. Бұл өзгерістер алдымен БАҚ-ына әсер етіп, тек қана социалистік қоғамның сойылын cоғатын таеларадио және баспасөз еркіндік алуға ұмтылыс жасай бастады. Дегенмен, бұл тұста бүкілодақтық радио компартияның ХХVII – съезінің шешімдерін насихаттаумен болды. Осы уақытқа сай келген жастар мен студенттердің дүниежүзілік ХII фестивалі, Стахановтық қозғалыстың 50 жылдығы және Қазан төңкерісінің 70 жылдығы тілге тиек болды.
Журналистерден жаңа қоғамдық сананы қалыптастыру үшін жұмыс істеулері талап етілді. Жалған ақпарат беру, асыра сілтеу, орынсыз мадақтан гөрі күнделікті, нақты проблемаларға көңіл бөлу жолға қойыла бастады. Осының әсерінен кейбір радиожанрларға деген сұраныс азайды. Әуе кеңістігінде радиоочерк, радиокомпозиция, радиосуреттеме сияқты жанрлардан гөрі қысқа ақпарат беруге бетбұрыс басталды.
Журналистердің өмір құбылыстарын зерттеуге, талдау жасауға және әлеуметтік психологияға қызығушылықтары артты. Жаңа радиопішіндер пайда болды. Бағдарламалар ақпаратты-музыкалық, ақпаратты-публицистикалық немесе музыкалық-ақпараттық болып бөлініп, тыңдармандар сұранысын зерттеуге жете көңіл бөлінді. Тікелей эфир тәсілі көбірек қолданыла бастады. Бұл тәсілдерді мемлекеттік радиолар да, мемлекеттік емес радиолар да қолданды. Радиохабарларда мәдени, эстетикалық, адамдық тәрбие беруден гөрі жеңіл музыка тыңдау, көңіл көтерушілік сияқты бағыт бел алды. Радионың адамдарға азаматтық тәрбие беру, адамгершілік сенімдерін насихаттау сияқты негізгі функциясы назардан тыс қалды.
Радиохабарлар пішіндік өзгеріске түсті. Алғашқы радиокөпір пайда болды. Ол 1986 жылы СССР мен АҚШ арасында ұйымдастырылды. Москва студенттері мен Оңтүстік Иллиноиск университеттері арасында 2 сағаттық диалог өткізіліп, жастардың келелі проблемалары сөз болды.
Радиопублицистика жаңа түрге енді. «Депутат арнасы», «Лик» (литература, искусство, культура) деген арнайы канал ашылып, әдебиет, өнер, мәдениет мәселелеріне көңіл бөліне бастады.
Алғашқы коммерциялық радиолар ашылды. 1990 жылы «Эхо Москвы» деп аталатын коммерциялық радио дүниеге келді. 1991 жылы «Россия» радиосының демеушілігімен «Радио России ностальгии» деп аталатын 1950-70 жылдардың музыкасына негізделген Франциямен бірлескен радиостанция жұмыс істей бастады. Осы жылдың 10-қаңтарында аталмыш радионың эфирге тұңғыш шығуымен қатар, бұқаралық радиожурналистикаға мемлекеттік монополия да тоқтады. Жаңа бағытта дами бастаған радиожурналистиканың өзіндік ерекшеліктері пайда болды. Көп радиолар дербестіке қол жеткізді. Республикалық «Қазақ радиосы» да дербестікке ие болды. Ақпараттық танымдық хабарларды көптеп бере бастады. Тікелей эфирді меңгеру, алыс-жақын шетелдерге хабар тарату жүйеленді. Мысалы: Германияның Қазақстандағы елшілігінің 10 жылдығына арналған танымдық хабар тікелей эфирден 3 сағат бойы жүргізілді. Германияның географиялық ерекшеліктері, тарихы, әдебиеті, мәдениеті, халқы жайлы тыңдарман көптеген мағлұматтар алды.
Сонымен қатар, дикторлық радиодан журналистік радиоға ауысты. Яғни, алдын-ала жазылып алынатын үнтаспалық материалдардың қатары азайды, журналистік радио алдыңғы қатарға шықты. Дикторлық кәсіп шеттетіліп, әуе кеңістігін комментаторлар, журналистер иеленді. Бұл эфир тазалығын бұзды, радионың эстетикалық тәрбие беру функциясына нұқсан келтірді. Әдеби, мәдени, тарихи, рухани хабарлар үнтаспаға алдын-ала жазылған сәтте оның көркемдік ерекшеліктеріне айрықша көңіл бөлінетін. Тыңдарман мағлұматпен қоса эстетикалық ләззат та алатын. Сондықтан, диктор қызметін мүлдем алып тастамай, көркем хабарларға пайдалану қажеттілігі өмір талабынан қайтадан туындап отыр. Қоғамның рухани өмірі үшін көркем хабарлардың алатын орны ерекше екендігі аян.
Бағдарлама ауқымдығы арта түсті. Радиожурналистердің қаламына қоғамның сан-салалы құбылыстары өзек болып, сан түрлі бағдарламаларға жол ашылды. Журналистік ой-қиялға жол ашылған соң, авторлық бағдарламалар көптеп өмірге келді. Мысалы: «Бағзыдан жеткен сөз», «Адамның кейбір кездері», «Сырлы әлем», «Адам, ғұмыр, қолтаңба», «Бүгінгі сұхбат», «Жан сарайы», «Денсаулық» сияқты хабарлар тыңдармандар жүрегіне жол тапты.
Сараптауға құрылған бағдарламалардың кейбір тәсілдері игерілді. Апталық авторлық бағдарламаларға тыңдармандар үйреніп, әуе толқынынан іздеп, оған деген сұраныс арта түсті. Әрине, сұраныс артқан сайын радиоарналардың да рейтингі арта бастады. «Өзекті мәселе», «Баспасөзге шолу», «Үкімет арнасы», «Алуан пікір. Тұжырым», т.б. көптеген хабарлар айтары айқын, берер мағлұматы мол дүниелерге айналды. Осы тәрізді журналистік шеберлік мектептерінің озық үлгілері, қайталанбас өмір өрнектері Қазақ радиосының тайқазанында қалыптасты.