Намазалы омашев радиожурналистиканың теориясы мен тәжірибесі
Вид материала | Документы |
СодержаниеАлматы радиостанциясы Радиохабарының жаппай дамуы Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы кеңестік радио |
- Намазалы омашев радиожурналистиканың теориясы мен тәжірибесі, 5624.76kb.
- Парат министрлігі л. Н. Гумилев атындағы еуразия ұлттық университеті, 8635.57kb.
- Ылым министрлігі қазақ инженерлік теникалық академиясы, 1195.19kb.
- Қазақстан жеріндегі мемлекеттер мен олардың мәдениеті, 78.49kb.
- Нистрлігі семей мемлекеттік педагогикалық институты султанова Нургуль Камильевна музыкалық, 3053.35kb.
- Адольф Дистервегтің педагогикалық қызметі мен теориясы, 85.68kb.
- Қазақ тіліндегі ресми іс қағаздары Жеке адам өміріне қатысты құжаттар. Жеке адам өміріне, 280.32kb.
- Клеткалық тыныс алу, 160.93kb.
- Құрметті депутаттар мен Үкімет мүшелері! Ханымдар мен мырзалар!, 440.6kb.
- Крутой Мен". Тогда меня воодушевила идея старого фильма, 260.25kb.
Алматы радиостанциясы
Алматы радиостанциясының қашан құрылғандығы туралы әр түрлі пікірлер бар. Белгілі ғалым Р.Сағымбеков: «Алматыда радиохабарын беру 1928 жылғы ақпанда басталған болатын. Хабар тарататын жүйеге алғашқы күні 60 абонент қосылды. Ал бірер күннен кейін 105-ке жетті. Қолда бар трубка саны бұдан артыққа жетпеді. Олардан басқа байланыс басқармасының клуб күзет ротасының қазармаларына күшейткіштер, кеңестік сауда қызметкерлерінің клубына 600 адамдық аудиторияны қамти алатын «Рекорд» үлгісіндегі 40 күшейткіш орнатты» дейді.
Бірақ Алматыда бұған дейін де радиостанция болған. Оның тарихы тіпті 1920 жылдардың басына барады. 1920 жылы Семей майданы таратылған кезде ақгвардияшылардан қолға түскен радиостанция Ташкентке жіберілді. Мұндай станциялардың біреуі Гусериннің басшылығымен Алматыға жетіп, жергілікті қоғамдық және әкімшілік органдардың талап етуі бойынша қалада қалдырылды, ол үлкен еңбекпен орнатылып, жұмыс істей бастады. 1921 жылы әскери орындардың билігінен алынған станция почта-телеграф ведомствосының билігіне көшіп, жұмысын жалғастыра берді.
Содан 1926 жылдың сәуір айында әр түрлі себептермен штабтағы адам саны қысқарып, 1 адам ғана қалды. Рацияның жұмысы 1926 жылы мынадай болды: 1926 жылғы 1 тоқсан ішінде (қаңтар – наурыз) қабылданғаны: РОСТА – 32 826 сөз, ЦРК почта-телеграф ведомствосы – 6855, барлығы – 39 681 сөз.
1927 жылғы 31 қаңтарда өткен Байланыс Одағы Алматы ұйымының өндірістік кеңес мүшелерінің мәжілісінде жасаған Алматы радиостанциясының меңгерушісі баяндамасында: «Діңгектер ескірді, оларды ауыстыру керек. РОСТА-ның хабарламасын жаздырып алушыларды тарту жолымен станцияға адам алуды күшейту қажет, сондай-ақ әуедегі сым байланысы үзілген жағдайда Орынбордан телеграмма қабылдауды ұйымдастыру керек» десе, баяндаманы талқылауға қатысқан жауапты адамның бірі: «РОСТА-ның радиохабаршысы өте қымбат тұрады. Сондықтан оған жазылушылар жоқ... Радиоәуесқойлық ісін ұйымдастыруға әрекет жасалды. Бірақ Москвадан айқын емес жауап алынды, ол орталық станциялармен ұдайы және дұрыс байланыс жасап тұруға ешбір кепілдік бермейді. Оның үстіне аппаратура мен оны құрастыру өте қымбат тұрады, сондықтан бұл іс әзірше жүрмей отыр» – дейді.
Алайда Алматы қаласында бір сымды желі радиохабарын телефон жүйесінен бөлуге мүмкіндік беретін қандай да бір приборлармен қамтылмағандықтан, тек қана радиохабарына арналған екі сымды арнаулы желілер тартыла бастады. Телефон сымдары бойынша берілген, сондай-ақ байланыс клубында қабылданған алғашқы хабарлар абоненттер арасында ғана емес, қала халқы арасында да радиоға үлкен ықылас туғызды.
Ақпанның 12-нен бастап (1928 ж.) радио хабар бере бастады. Алдымен 60 абонент қосылды, бірнеше күннен кейін олардың саны 105-ке жетті, яғни сатып алынған трубкалар санымен бірдей болды
Байланыс клубында, күзет ротасының казармаларында, кеңес саудасы қызметкерлері клубының залында жеке қондырғылармен бірге дауыс күшейткіш 600 адамдық аудиторияға қызмет ететін 4 «Рекорд» қойылды. Одан кейін Талғар, Түрген, Есік, Шелек селоларында дауыс күшейткіштерін орнату жоспарланды.
Үкімет мекемелерінің Қызылордадан Алматыға көшуіне байланысты олардың саны кем дегенде 500-ге жетті. Алматыда РОСТА бөлімшесінің алғаш рет ашылуы жайында мағлұмат беретін «РОСТА-ның Қазақстан бөлімшесінің қызметіне баға беру» деген материалға кезінде БК(б)П өлкелік комитетінің хатшысы болған Құрамысов қол қояды.
РОСТА-ның Қазақстан бөлімшесін ұйымдастыру туралы мәселе алғаш рет РОСТА өкілі Алматы қаласына келген кезде қойылған еді. 1929 жылғы 18 тамызда өлкелік комитеттің Секретариаты РОСТА агенттігін құру уақыты келген және қажет нәрсе деп мойындап, Қазақстан Халық Комиссарлар Кеңесіне аса қысқа мерзім ішінде агенттік құру туралы шешімді жүзеге асыруды ұсынды, сөйтіп, Халық Комиссарлар Кеңесі осылай етті де.
26 қыркүйекте өлкелік комитет өзінің хабарламалық аппараты мен РОСТА өкіліне РОСТА-ның Қазақстандағы партиялық-хабарламалық желісін ұйымдастыруды ұсынды. Сөйтіп, РОСТА-ның Алматы бөлімшесінің әрбір округтік комитетінде өз тілшілері болды.
Радиохабарының жаппай дамуы
Бүкілодақтық радио ұзақ уақыт талқылаудың нәтижесінде 1929 жылғы 1 қаңтардан бастап хабар таратудың жаңа айқындалған және түзетілген кестесі бойынша жұмыс істей бастады. Соған сәйкес республикалық радиостанциялардың хабар тарату бағдарламалары да қайта құрылды. Бұл қайта құрудың аса маңызды шарты - саралап хабар беру ұстанымы болды.
Радио бұқаралық ақпарат құралдары жүйесіне баспасөз үлкен қиындықтарға кезіккен кезде енді. Баспасөздегі жағдайды талдау ол кезде РКП(б) он бірінші съезінің құжаттарында жүргізілді. Онда партия-кеңес баспасөзі аса ауыр дағдарыс жағдайында тұрғандығы айтылды. Дағдарыстың неғұрлым сипатты белгілері мыналар деп көрсетілді: а) газеттер санының күрт азаюы және ақшалай қаржының болмауы салдарынан газеттердің тиражының азаюы, қағаздың жетіспеуі және оның қымбатшылығы, типография шығындарының шамадан тыс көптігі; б) бұқарамен байланыстың нашарлығы, ағымдағы қажеттер мен еңбекшілердің сұранымдарын жеткілікті дәрежеде бейнелемеу, жергілікті құрылыс мәселелерінің нашар жазылуы; в) газеттердің партиялық-саяси жағынан алғанда ұстамдылығының жетіспеуі; г) әсіресе, жұмысшылар мен шаруалар бұқарасы арасында газет тарататын аппараттың толық жолға қойылмауы.
Осындай жағдайда радио баспасөзді толықтырып қана қоймай, кейбір ретте оның ақпарат жүйесіндегі орнын ауыстырып, бұқараны ұйымдастыру мен ағарту ісінде қызмет етті. Ол газеттердің оперативтілігін арттыру, редакциялардың жаңа ақпарлар алуы, тыңдаушыларды кезекті нөмірлердің мазмұнымен таныстыру, текстерді еліміздің ірі-ірі қалаларында көшіріп басу үшін жөнелтуде өзіндік құрал болды.
Радиоорталықтары мен радиотораптары желісінің жылдам ұлғаюына байланысты шебер радиожурналистер әзірлеу қажеттігі туды. 30-жылдары еліміздің жоғары оқу орындарында радиожурналистер даярланбайтын. Орталық радионың редакциясында негізінен баспасөзден келген кадрлар жұмыс істеді. Жағдай, әсіресе, жергілікті редакцияларда ауыр болды. Баспа өнімдері жинақталған тәжірибені қорытты. Радиоқызметкерлеріне өз біліктілігін арттыруға көмектесті, жергілікті радиохабарын таратуға әдістемелік көмек көрсетті.
Жергілікті радиохабары үшін қызметкерлер даярлау проблемасы өткір қойылды. Күн тәртібінде олар үшін арнаулы журнал шығару туралы мәселе тұрды. Сөйтіп, 1929 жылы «Радиохабарының ақпарат бюллетені» жарыққа шықты, ол жергілікті радиохабары қызметкерлеріне арналған почта және телеграф Халық Комиссариатының органы болды. Оның тиражы 1600-ден 2000-ға дейін барды. Журнал 34 беттен тұрды. «Радиохабары бетбұрыс кезінде» деп аталатын мақалада: «Радиоорталықтар барлық жерде бірдей хабарлардың қажетті қарқынмен дамуына кепілдік беретіндей ретпен рәсімделіп қалыптаспай отыр, – деп атап өтілді. – Жергілікті радиоорталықтар берік қоғамдық базасы болған жағдайда ғана тыңдаушылар бұқарасының талап-тілектері мен сұранымдарын Орталық хабар тарату жүйесі бойынша да, өзінің жеке бағдарламаларын орындауы жөнінен де барынша табыспен және толығымен қанағаттандыра алады» делінген.
Радионың жергілікті қызметкерлеріне көмек көрсететін ең пәрменді құрал «Бюллетеньнің» өзі болды. Онда Бүкілодақтық радиокомитетінің нұсқау беретін хаттары, қаулылар, жергілікті радио бағдарламаларына рецензиялар басылды. Алайда «Бюллетеньнің» материалдары дегенмен әдістемелік сипаттан гөрі ұйымдастыру сипатына келетін еді.
1930 жылы Мәскеуде алғаш рет аса ірі радиоорталықтар өкілдерінің кеңесі болды. Кеңесте радиохабары жанрларының проблемалары да егжей-тегжейлі талқыланды. «Бізде қазір, – деп атап көрсетті кеңеске қатысушылар, – радиохабарының білікті қызметкерлерін даярлайтын мектеп жоқ. Жағдай бізді бәрін де іс үстінде үйренуге, жұмысты тастамай оқып-үйренуге мәжбүр етуде. Кадрларға деген қажеттілікті қанағаттандыру үшін 50 радиоорталықтан 2000 радиотораптан және 115 шақты өлкелік, республикалық радиогазеттен тұратын жүйеде, орталық газеттерді қоспағанда, үстіміздегі жылы барлық категорияда кем дегенде 2000 қызметкер даярлау керек”. Журнал қалыптасқан жағдайды осылай сипаттады.
1930 жылғы 11 қарашада БК(б)П Орталық Комитеті «Газет қызметкерлері кадрлары туралы» қаулы қабылдады. Бұл қаулы радиохабары кадрларын даярлау мен қайта даярлауға да негіз қалады. Көп кешікпей «Бюллетень» Коммунистік журналистика институты жанынан облыстық және өлкелік радиогазеттер редакторларының 4 айлық курсы жұмыс істей бастағанын хабарлады.
Жергілікті радиохабары қызметкерлерін даярлаудың басқа әдісі де пайдаланылды: радиотілшілер арнаулы курстарда оқытылды. Бұл мәселенің, әсіресе, ұлт республикаларында, радио алғашқы қадамдарын жасай бастаған жерлерде шешілуі ерекше маңызды болды. «Бюллетеньнің» редакциясы радиохабары және кадрлар секторымен бірлесіп жұмысшы-село тілшілері мәселелері бойынша Бүкілодақтық кеңес ұйымдастырылды. «Радиохабарының ақпарат бюллетені» бұл проблемаларды «Жұмысшы-село тілшілері радио баспасөзінде» (1931, № 1), «Жұмысшы» тілшілер бөлімдері мен екпінді бригадалар туралы» (1931, № 5) деген және басқа мақалаларында көрсетті.
1931 жылғы қыркүйекте БК(б)П Орталық Комитеті шешімімен радиохабары мен радиобасқармасының ара-жігі ажыратылды. Радиобасқарма БК(б)П Орталық Комитеті бақылауына көшіп, ал республикалық, өлкелік, облыстық радиохабарлары тиісті радиокомитеттеріне қарады. Осылайша бүкілодақтық радиохабары комитеті құрылып, ол 1933 жылғы сәуір айына дейін жұмыс істеп, тұтастай радиохабарының жай-күйін, жеке-жеке ұлттық, жергілікті радиохабарларын жақсарту жөнінде үлкен жұмыс атқарды.
1931 жылы Қазақстан радиостанция алды, ол жұмысын 1 мамырда бастады. Алматы радиостанциясынан хабар қазақ, орыс, татар, ұйғыр және украин тілдерінде берілді, 6 радиогазет шығарды. Сол жылдың 4 мамыры Қазақстанда радиохабарының жүйелі түрде беріле бастаған күні болып табылады.
Екі жылдан кейін радиохабары үшін білікті кадрлар даярлау туралы әңгіме болады. Алматы мен Қарағанды үшін радиотілшілер даярлауға 30 адамдық курс ұйымдастыру ұйғарылады.
Бұл кезге қарай республикада 218 радиоторап (22 528 хабар беру нүктелері) болды, оның 31,8% қалалық жерде, 68,2% селолық жерде болды. Хабар тәулігіне орта есеппен 5 сағат 5 минут берілді, оның 2 сағат 4 минуты музыкалық хабарлар, 35 минуты жергілікті, 45 минуты бұқаралық, 35 минуты ақпарат, 35 минуты басқа да хабарлар. Жергілікті хабарларға тәулігіне жарты сағат бөлінді. Хабар қазақ, орыс, өзбек және ұйғыр тілдерінде берілді.
Қазақ Орталық атқару комитеті Президиумының 1932 жылғы 21 сәуірдегі мәжілісінде (№ 36 хаттама) Қазақ АССР радиохабары жөніндегі комитеті туралы Ереже қабылданды. Осыған байланысты Қазақстанда радиохабары тиісінше қайта құрылды. Радиохабары (радиоорталық) Қазақ байланыс басқармасы жүйесінен бөлінді.
Осы ережеге сәйкес Қазақ Автономиялы ССР-і территориясында бүкіл радиохабары ісіне басшылық жасау мақсатында Қазақ Орталық Атқару комитеті жанынан радиохабары жөніндегі комитет тағайындалды. Радиохабары жөніндегі комитеттің қарауына мыналар жатқызылды: бүкіл радиохабары ісіне тікелей оперативті басшылық жасау, халықаралық хабар беруге және бұқаралық науқандар өткізуге басшылық жасау; радиохабарын жоспарлау; радио арқылы саяси-ағарту және ғылыми-білім беру жұмысын ұйымдастыру. Радиогазеттер, журналдар, әдеби-музыкалық және басқа хабарлар даярлау және тарату жөніндегі шараларды әзірлеу; басқа облыстардағы радиохабары жөніндегі уәкілдердің қызметіне басшылық жасау.
Радиохабары жөніндегі комитетті оның төрағасы мен орынбасары басқарды, оларды Қазақ Орталық Атқару Комитетінің Президиумы бекітті.
1933 жылғы 31 қаңтарда КСРО Халық Комиссарлар Кеңесі «КСРО Халық Комиссарлар Кеңесі жанындағы бүкілодақтық радиоландыру және радиохабары комитеті туралы» қаулы қабылдады. Онда: «Радио еліміздің бүкіл шаруашылық және саяси өмірінде айрықша маңызды мәнге ие болуына байланысты КСРО Халық Комиссарлар Кеңесі жанынан Бүкілодақтық радиоландыру және радиохабары жөніндегі Комитет құру қажет деп танылсын» делінген.
КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің 1933 жылғы 27 қарашадағы № 2574 қаулысымен КСРО Халық Комиссарлар Кеңесі жанындағы Бүкілодақтық радиоландыру және радиохабары жөніндегі комитет туралы жаңа ереже бекітілді.
Осы ережеге сәйкес Одақтас және автономиялы республикалар Халық Комиссарлар Кеңесі, өлкелік және облыстық Атқару комитеттері жанынан радиоландыру және радиохабары жөніндегі комитеттер ұйымдастырылды, олар Бүкілодақтық радиокомитеттің республика, өлке, облыс шегіндегі жергілікті органдары болды. Қазақ АССР Халық Комиссарлар Кеңесі жанындағы радиоландыру және радиохабары жөніндегі комитет (Казрадиокомитет) осылай ұйымдастырылды. Бұл комитеттің төрағасы сонымен бір мезгілде Бүкілодақтық радиокомитеттің уәкілі де болды.
Өлкелік радиокомитет бойынша 1934 жылы 9 сәуірдегі бұйрықпен комитеттің мынадай құрылымы бекітілді: Әкімшілік бөлім; Іс басқармасы;
Жоспар секторы; Төменгі радиохабары және радиоландыру секторы; Радиохабары секторы; Балалар секторы; Бухгалтерия.
Жергілікті радиохабары басқармасында арнаулы әдеби-драмалық, музыкалық редакция, оқу бөлімі және ай сайын берілетін «Методикалық бюллетень» редакциясы болды. Әдеби-драмалық және музыкалық редакция жергілікті радиохабарларының микрофондық материалдарын редакциялаумен және оған арнап бағдарламалар жасаумен айналысты. Кадрлар даярлаумен және қайта даярлаумен айналысатын оқу бөлімінде курстардың кең көлемді желісі, сондай-ақ, музыкалық жоғары оқу орындары мен техникумдары жүйесінде мамандандырылған бөлімшелері болды. 1933 жылдан бастап комитеттің оқу-әдістемелік базаларында Москвада, Ленинградта, Харьковте, Ростовта курстар жұмыс істеді. Оларда радиожурналистер, дикторлар, радиорежиссерлер, көркем радиохабарлар бойынша, фабрика-завод тораптарының жұмысы бойынша, саяси радиохабарлары мәселелері бойынша дыбыс жазатын операторлар оқыды немесе кәсіби шеберлігін арттырды.
1936 жылдан кейін радиоақпарат және радиохабары комитеті өз функциясын Қазақ ССР Халық Комиссарлар Кеңесі жанында жүзеге асырды. Радио желісі күшті дами бастады, осыған байланысты Қазақ радиокомитетінің құрылымы 1939 жылы штаттық кестеге сәйкес мынадай болды:
Басшылық; Үгіт және насихат секторы; «Соңғы хабарлар» редакциясы; Музыкалық хабарлар редакциясы; Әдеби-драмалық хабарлар редакциясы; Балалар хабарлары редакциясы; Шығару секторы; Тақырыпты жоспарлау және кесте секторы; Бұкаралық жұмыс және радиотыңдаушылар хаттары секторы; Радиоландыру бөлімі; Радиоәуесқойлар секторы; Бақылау инспекторлық топ; Механикалық хабарлар бөлімі; Тораптық хабарлар секторы; Атқарушы адамдар; Қызмет көрсетуші адамдар; Кадрлар секторы; Арнаулы бөлім.
Сөйтіп, соғыстың алдындағы онжылдық ішінде Қазақ радиохабары жаппай даму фазасынан өтті, өзін орнықтырудың жолдары мен формаларын іздеді.
Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы кеңестік радио
(1941-1945 жж).
Отан соғысының басталуымен көптеген хабар таратушы радиостанцияларды батыстан шығысқа қарай эвакуациялау міндеті жүктелді. Бұл шараның әсерінен радиостанциялар жұмысы қысқа толқынға және үш арнадан бір арналық хабарға көшті.
"Соңғы хабардың" ең алғашқы әскери саны неміс фашистерінің Ресейге шабуылы жөнінде үкімет хабарламасынан кейін 45 минуттан соң эфирге шықты. Осындай жедел ақпарат тарата білген ресейлік радиостанциялар 1943 жылы соғысқа дейінгі дәрежесінен асып түскен. Осы алғашқы ақпараттан бастап соғыс аяқталғанға дейін "Совинформбюроның" 7 мың корреспонденциясы берілген. 1941 жылдың 7 қарашасында жау Мәскеудің түбінде тұрғанда Ұлы Қазан мерекесіне арналған парадтың өткізілуі жайында репортаждың радиодан берілгені ел қорғаушыларының қайратын қамшылап, рухын көтеріп, жаңа ерліктерге бастағаны тарихтан мәлім. Яғни, радиоэфирдің қуатты күші, мықты әсері, жүргізер тәрбиесінің ықпалдылығын баян етеді. Тіпті, радиохабардың маңыздылығына, әсерлілігіне көңіл бөлінгендігі соншалықты, Бүкілодақтық радио ақпараттарынан басқа арналарды тындауға рұқсат берілмеген. Сымдық хабар таратушы репродукторлардан басқа радиоқабылдағыштардың бәрін үкіметке өткізу жөнінде шаралар қолданған, өткізбегендерді жазалауға дейін барған. Мұның өзі бір ғана идеологияның үстемдік құруын, басқа насихаттың жүрмеуін қадағалау негізінде, Қызыл армияның даңқына нұқсан келтірмеу жолындағы әрекеттер екені аян.
Бүкілодақтық радионың шығысқа эвакуацияланған себебінен және күшті радиостанциялардың көшірілуінің әсерінен Қазақ жеріндегі радио қызметі де жандана түсті. Қазақстандағы халық майдандағы хабарларды жиі әрі сапалы тыңдап отырды. Жамбыл ақынның "Ленинградтық өрендерім" өлеңінің сонау Ресей қаласының аспанында қалықтауы да осы таратушы станциялар жұмысының әсерінен деуге болады. Мәскеуде Левитанның дауысы қалай саңқылдап, жауды түршіктірген болса, қазақ жерінде Әнуарбек Байжанбаев дауысының құдіретті әсері елді ерлікке, еңсесін түзеуге шақырды.
1943 жылдың 1 тамызынан бастап Бас қолбасшының кеңес жауынгерлерінің жеңісін жариялаған бұйрықтары беріліп тұрды. Бұйрық оқылған соң артиллериядан салют берілді. Соғысқа дейінгі музыка және әдебиет бөлімі кейін бірігіп, әдеби драмалық хабарлар бөлімі деп аталды. Олардың негізгі жанры публицистика мен деректі проза болды. Осы кезде радиофельетон, памфлет дамыды. Жауынгерлік радиопублицистика өріс алды. "Әдеби күнделік" деп аталатын, айына бір рет шығатын жаңа радиохабар пішіні пайда болды. Оған қатысқан журналистер, әдебиет өкілдері қоғамның келелі мәселелерін сөз етіп, сахна саңлақтары да радиодан жиі өнер көрсетті. "Мәскеу театры - фронтқа" деген айдармен радиоспектакльдер беріліп тұрды.
Ұлы Отан соғысы жылдарындағы хабарлар әсері отандас әскерлерге қуат қосып, ерліктерге жігерлендіріп отырған. Сол қаһарлы соғыстың бағыт-бағдарын халқымыз бақылап, жеңістерге куанып, жеңілістерге күйініп отырғандықтары жайлы бүгінгі күнге дейін айтылып, жазылуда.
Гитлерлік Германияның жеңілуіне жүргізіліп отырған идеологияның белсенді құралы бола алған Қазақ радиосының да қосқан үлесі зор. Сол жылдардағы Қазақ радиосынан берілген хабарлардың мазмұндық, жанрлық, пішіндік ерекшеліктері молыға түскен. Көбінесе елде жарияланған төтенше жағдайға байланысты қысқа ақпараттар берілген. Мысалы, 1943 жылдың 13 шілдесінде берілген ақпарат мазмұны келелі бір радиоочерк немесе радиосуреттемеге негіз болатындай:
"Ұлы Отан соғысы кездерінде 1941 жылдың 12-14 маусым күндерінде Қазақстаннның астанасы Алматыда 336 атқыштар дивизиясы құрылды. Дивизия атақты Чапаевтың үзеңгілесі генерал-майор Панфиловқа тапсырылды. Генерал дивизияға жауынгерлік тәрбие беріп, 18 тамызда майданға аттанды. Бауыржан Момышұлы сияқты командирлер тәрбиелеп өсірді, политрук Мәлік Ғабдуллин мен қызыл әскер Төлеген Тоқтаровқа Совет Одағының Батыры атағы берілді", - (ҚазТАГ) делінген.
Сонымен қатар майданға материалдық көмек көрсетіп жатқан тылдағы еңбеккерлер ерліктері жайлы да көптеген хабарлар берілген. Семей облысы, Абай ауданы «Қызыл адыр» колхозының тұрғыны, 110 жастағы Тоқтай есімді қарияның сөзі берілген: "Германияның жендеттері елімізге бас салғанда мен өзімнің 11 баламнан тараған 40 немереме елін қорғау үшін аянбай күрес деп нұсқау бердім. Немерелерім менің бұл өсиетімді орындады. Олардың бәрі де ордендер мен алғыстар алып қайтты...". Міне, бұл хабарда сол тұстағы идеологияның қуатты күші байқалады. Мұндағы бір ғана отбасының ерлікке пара-пар өмірі үлкен бір очеркке немесе әдеби туындыға өзек болар сөзсіз.
Соғыс кезіндегі радиохабарлары көбінесе митингтік, насихаттық түрде берілетін. Соның бірі - ақын Виктор Гусевтің "Тыңда, фронт!" атты күн сайын бір сағаттан берілетін бағдарламасы. Майдандағы бауырласқан, бір мақсат үшін күресіп жатқан жауынгерлер ерліктері тақырып болған небір тамаша өлеңдер, әндер, пафосқа толы туындылар соғыс кезіндегі радиопублицистиканың көрнекті мысалдары бола алады. Тіпті, "Евгений Онегин" операсынан үзінділер берілуі, "Василий Теркин" поэмасынан, "Соғыс және бейбітшілік" романынан бөлімдердің оқылуы, әрине, үлкен рухани күш бергені анық. Музыкалық хабарлардың көптеп берілуі де жауынгерлерді жеңіске бастады. Мысалы, Ресей әскерлері "Священная война" әнін салса, қазақ жауынгерлері "Жас қазақ" әнін шырқады. Әр тілде, әр жүректе айтылғанымен жеңіске жетуге деген арман ортақ болатын.
1942 жылдың 1 маусымында партизандарға арналған бағдарламаның алғашқы саны шықты. Жер-жерде партизандық күресті дамыту арқылы да кеңес әскерлері көп жеңіске жеткен. Сондықтан мұңдай хабардың ашылуы қажеттіктен туған. Майдан шептерінен жеткен жеңістерді хабарлап, партизандардың еңсесін көтеретін радиотуындылар берумен бірге "Партизандарға кеңес", "Қалай жаудың қатынас құралдарын жою керек?", "Маскировка жасау шеберлігі" т.б. айдарлардың өз тыңдармандарына көп көмегін тигізгені ақиқат. Сонымен бірге радиодан туған-тусқандардың, жолдастардың бір-біріне амандық білдірген хаттары да берілді, мұның өзі пошта қызметінің мүмкіндігі жоқ кезде адамдарды моральдық тұрғыдан демеуге көмек берді. Осы кезде тылдағы адамдар да майдандағы жауынгерлерден кем қалмай еңбек майданында күресті. Сондықтан, көптеген хабарлар беріліп, айдарлар ашылып, еңбек жеңістерінен хабардар етіп отырған.
1945 жылдың 2 мамырында атақты Ресей репортері Лазарь Маграчевтің дауысы 14 сағат 45 минутта Берлиннен естілді: "Қымбатты жолдастар, отандастар! Сіздердің корреспонденттеріңіз Берлиннің орталығындағы Унтер ден Линден көшесінен сөйлеп тұр. Рейхстагтың үстінде біздің алқызыл ту желбіреп тұр, ал көшелерінде біздің әскерлер алшаң басып жүр" деген сөздері тарихи жеңісті бүкіл әлемге жариялады. Ал, 1945 жылдың 2 мамырында 23 сағат 30 минутта Маграчев Берлиннен: "...дәл осы сәтте Германияның тізе бүгіп, Кеңес Одағының жеңгені жөніндегі құжатқа қол қойылып жатыр!" деп хабарлады. Радиорепортаждың нағыз үлгісін, шапшаңдықтың өнегесін осылайша танытты радиожурналистер. Ал, 9 мамыр күні И.В. Сталин халыққа арнап сөз сөйлеп, фашистердің толық жеңілгенін хабарлады. Осы күні 22 сағатта салют беріліп, Жеңіс мерекесі қазақ жерінде де тойланып жатты. 1945 жылдың 24 маусымында гитлерлік Германияны жеңуге арналған әскери парадтан репортаж берілді. "Отанымыз - Москва" деген идеологиямен нәрленіп өскен біздердің ата-аналар бойында патриоттық рух керемет болатын. Олар Мәскеу үшін бастарын өлімге тікті, Мәскеу үшін отқа түсті. Тылдағы халқымыз Мәскеу үшін аянбай еңбек етті.