Намазалы омашев радиожурналистиканың теориясы мен тәжірибесі
Вид материала | Документы |
СодержаниеДеректі-көркем жанрлар Жолсапар радиоочерк. Проблемалық радиоочерк. Портреттік очерк. Деректі драмада Радиохабар таратудың қазіргі түрлері Мемлекеттік арналар. |
- Намазалы омашев радиожурналистиканың теориясы мен тәжірибесі, 5624.76kb.
- Парат министрлігі л. Н. Гумилев атындағы еуразия ұлттық университеті, 8635.57kb.
- Ылым министрлігі қазақ инженерлік теникалық академиясы, 1195.19kb.
- Қазақстан жеріндегі мемлекеттер мен олардың мәдениеті, 78.49kb.
- Нистрлігі семей мемлекеттік педагогикалық институты султанова Нургуль Камильевна музыкалық, 3053.35kb.
- Адольф Дистервегтің педагогикалық қызметі мен теориясы, 85.68kb.
- Қазақ тіліндегі ресми іс қағаздары Жеке адам өміріне қатысты құжаттар. Жеке адам өміріне, 280.32kb.
- Клеткалық тыныс алу, 160.93kb.
- Құрметті депутаттар мен Үкімет мүшелері! Ханымдар мен мырзалар!, 440.6kb.
- Крутой Мен". Тогда меня воодушевила идея старого фильма, 260.25kb.
Деректі-көркем жанрлар
Радиожурналистиканың деректі-көркем жанрлары радионың табиғатын танытып, оның тек бұқаралық ақпарат құралы ғана емес, үлкен өнер саласы екенін көрсетуге мүмкіндік береді, дыбысталатын тіл құдіретімен деректі-көркем туындылардың жасауына жол ашты. Өйткені, жанрлардың бұл тобы радиожурналистика мен радиодраматургияның үйлесімі мен үндестігі аясында дүниеге келетін радиотуындыларды қамтиды. Олардың құрылымы деректі және әдеби-көркем элементтердің синтезімен, өзара бірлесіп әрекет етуімен сипатталады.
Радиожурналистиканың деректі-көркем жанрлары – радиоочерк, радиофельетон, деректі драма, радиокомпозиция.
Радиоочерк – ақпаратты, талдамалы жанрлар функциясын атқара отырып, қамтитын тақырыбының ауқымына, бейнелейтін нысанасын тереңінен дәйектеу дәрежесіне қарай деректі-көркем жанрларға келіп топтасады.
«Алғашында радиоочерк газет жанрларының сөйлеу тіліндегі байланысы ретінде қабылданды. Кейін оған талап күшейіп, тіпті, тікелей әсер алу, дауыс ырғағының нанымдылығы сақталған жағдайда автордың очеркті жай оқып шыққанының өзі белгілі бір оң нәтиже беретін болды» деп мәлімдейді зерттеуші М. Барманқұлов. Осы кітап авторы радиоочерк жанрының тарихи негізіне былайша тұжырым жасайды: «Очерк жанрының радиоға бейімделуі біртіндеп жүзеге асты. Деректі жанр акустика әлеміне келіп әдеттен тыс ортаға бейімделді. Жалпы, радиоочерктің қалыптасуы ескі бағытта жүрді. Біріншіден, радиоочерктің тілі әдеби-көркем тілге біртіндеп жақындай берді. Екіншіден, очерктің құрылымына радионың табиғатына тән қосымша элементтер келіп қосылды. Бұлар бейнелі, жанды сөзбен етене ұштаса отырып, очерк жанрының мүмкіндіктерін кеңейтті, оны жаңа бейнелеу құралдарымен байытты. Радиоочерк жанры 30-жылдардың соңына қарай Қазақ радиосының эфирінен ресми түрде беріле бастады».
Радиоочерктің негізгі нысанасы адам, проблема, кейде оқиға болып табылады. Оның ең басты ерекшелігі – кейіпкердің немесе оқиға куәгерінің деректі-жанды әңгімесі. Сондықтан да, радоочерк шынайы дерекке, толыққанды дәйекке құрылады. Өйткені, оның кейіпкері нақты өмірдегі адамның өзі. Сол тұрғыдан алғанда радиоочерк өнер туындысы, көркем шығарма болып есептеледі.
Жанрлық даму тенденциясына байланысты радиоочерктің үш тармағын талдап айтқан жөн.
1. Алғашында радиоға тән сипатта емес, жалпы журналистиканың принциптеріне сүйеніп жазылған жазушылар мен әдебиетшілердің газет-журнал бетінде жарияланып, эфирден оқылған очерктері.
2. Тыңдаушыға қалай естілетіні ескеріліп, музыкамен көркемделетіні есепке алынатын арнайы жазылған радиоочерктер эфирден берілетін болады.
3. Дыбысталатын көркем мәтінмен бірге кейіпкердің нақты әңгімесін таспаға түсіріп алып қоса беретін жанды дерекке құрылған шын мәніндегі шынайы радиоочерктер эфирге шықты, яғни, радионың табиғатына тән радиожурналистиканың деректі-көркем жанры сипатында құрылымдық ерекшеліктері мен айқындалған толыққанды радиоочерк қалыптасты.
Радиоочерктің жанрлық элементтері: журналистің микрофон алдындағы жанды әңгімесі, дыбыстық деректерінде таспаға түсіріліп алынған оқиға кейіпкерінің өз сөзі, дәйекті деректер мен мәліметтер, жеке адамның тұлғасын сомдау, көркем шегініс пен көркем ойдан қосу, музыка және дыбыс эффектілері.
Бейнелейтін нысанына қарай радиоочерк үш түрге бөлінеді: жолсапар, проблемалық және портреттік.
1. Жолсапар радиоочерк. Онда журналистің іс-сапар кезінде көрген-білген фактілері, құбылыстары, оқиғалары туралы адамзат тағдырындағы сан қилы сәттер жайлы алған әсері, түйген ойы баяндалады. Жолсапар радиоочерк ел мен жер, әлем аясында жасалатын радиосаясат. Ол журналистің болмысты тану және сол тұрғыда түйгендерін тыңдарманға жеткізу әдісі ретінде жүзеге асады.
2. Проблемалық радиоочерк. Мұнда заман ағымындағы, күн тәртібіндегі проблема негізгі нысанаға айналады да, журналист нақты деректерге сүйене отырып соның шешілу жолдарын сөз етеді, осы орайда журналистік позициясын танытып өзіндік ой толғайды. Қазіргі заманғы электронды БАҚ-та радиоочерктің бұл түрі журналистік зерттеу деп те аталады.
3. Портреттік очерк. Бұл радиоочерктің кең таралған, әйгілі түрі. Өйткені, ол жеке адамның тағдырына, оның өмірі мен еңбек жолына, бастан өткерген қиындықтары мен қол жеткен табыстарына арналады. Дыбыстық сипаттағы деректер мен көркем образдар негізінде жеке тұлғаның жанды сөзбен сомдалған портреті жасалады.
Әлбетте, радиоочерктің үш түрге бөлінуі шартты қисын екенін ескеру қажет. Өйткені, проблеманың адамға, адамның проблемаға қатысты болмауы, іс-сапар кезінде адамға, проблемаға байланысты мәселелердің ұшыраспауы мүмкін емес. Бірақ, кез-келген тақырыптың негізгі аспектісі болады. Очерк түрлеріне тән белгілер де содан келіп туындайды.
Радиоочерктің сәтті шығуы журналистің алдын-ала жасалған әзірлігіне байланысты. Бұл ретте очерк обьектісін қажетті деңгейде зерттеудің маңызы ерекше. Зерттеу нәтижесінде очерктің құрамдас бөліктерін, көркемдік желісін, жалпы біртұтас композициясын ойластыра алады. Радиоочеркті жазу процесі күндерге, айларға, тіпті, жылдарға созылуы мүмкін. Өйткені, автор адамның жеке тұлға ретіндегі өмірлік белестерін, оқиғаның даму барысын белгілі бір уақыт аралағында зерттеуі мүмкін. Қазіргі таңда радиоочерк жанры өкінішке орай өте сирек кездеседі. Эфирдегі дүниенің бәрін қысқа-нұсқа қайыруға тырысатын қазіргі заманғы радиожурналистер ақпаратты, содан соң талдамалы жанрдан әрі аса алмайды. Негізінде, заманның айтулы оқиғалары мен талантты тұлғалардың өмірі мен еңбегі турасындағы дыбыстық деректерді, деректі-көркем туындыларды Алтын қорда сақтау үшін очерктің үш түрін де қолданыс аясына енгізу қажет-ақ.
Радиофельетон. Бұл – қоғамдық құрылыста кездесетін зиянды құбылысты ащы әжуаға айналдыратын жанр. Ондағы мақсат – жақсы сценарий жазумен қоса, жанрдың акустикалық табиғатынан туындайтын өзіндік ерекшеліктерді дұрыс игергенде ғана жүзеге асады. Радиофельетонның обьектісі біздің әлеуметтік өмірімізге, тұрмыс-тіршілігімізге, әдет-ғұрпымыз бен салт-санамызға сай емес, жалпы ілгері дамуымызға кедергі болатын жағымсыз фактілер. Арқау болатын фактілерінің сипатына қарай радиофельетондар деректі және деректі қойлымды деп екіге бөлінеді. Біріншісі – таспаға түсірілген жазбалардан, яғни белгілі бір нақты айғақтан тілшінің, яғни, автордың өзі оқитын мәтіннен тұратын деректі радиофельетон. Екіншісі – эфир сахнасында әртістердің орындауымен жасалатын және типтік деңгейде жинақталған фактілерге негізделетін деректі-қойылымды радиофельетон.
Фельетондағы факті сырт көрінісімен бірге іштей қайшылық дәрежесіне қарай екі түрлі сипатта болады. 1) Қандай да бір құбылыстың біздің өмірімізге, салт-дәстүрімізге мүлде сай келмейтін оғаштығынан туындаған ешқандай әдеби өңдеусіз-ақ өзінен-өзі күлкі тудыратын әсерлі фактілер. Мұндай фактілер фельетон үшін дайын материал болып табылады. 2) Жалпы адамзат бойында кездесетін ұнамсыз қылықтар салдарынан туындайтын, өмірде жиі ұшырасатын жағымсыз фактілер. Мұндай фактілер жиынтығы радиофельетонға өздігінен негіз бола алмайды. Сондықтан да ол фактілерді сатиралық жинақтау арқылы топтастырып, типтендіру үшін фельетонистің шығармашылық тапқырлығы қажет. Демек, жалпы алғанда фельетондағы факті екшелген, жинақталған, түйінделген, тұжырымдалған даму заңдылығы бар шындықтың бір бөлшегі, кәдімгі өмірдің өзінің көрінісі болуы шарт.
Радиофельетон күнделікті өмірде, заман ағымында өзіміз бетпе-бет тап болатын қоғамдағы келеңсіз жайттармен, кейбір кертартпа әрекеттермен күресуге арналған әдіс, типтік кемшіліктерді жоюға қолданылатын журналистік тәсіл, өткір де өміршең жанр.
Радиокомпозиция – радиожурналистиканың бейнелеуші құралдарын біртұтас, әрі толық мәнде пайдаланудың кешенді қисынын жүзеге асыруға жол ашқан жанр.
Радиокомпозиция – құрамына дыбыстық дерек, музыка, әдеби материал енетін, автордың шешімімен алуан түрлі материал бір тақырып аясында топтасатын радиохабар.
Радиокомпозицияның кең тараған бірнеше түрі бар:
1. Әдеби радиокомпозиция бір немесе бірнеше автордың бір тақырыпқа жазған поэзиялық туындыларынан я, болмаса, прозалық шығармаларынан алынған үзінділерден құрастырылады. (Мысалы; Қ. Аманжоловтың, М. Мақатаевтың, Т. Молдағалиевтің «Туған жер» тақырыбына жазған өлеңдерінен үзінділер).
2. Әдеби-музыкалық композиция. Онда әдеби композицияға тән принцип толығымен сақталып қалады, әдеби материалдар сол талапқа сай іріктеледі, бірақ, оларды бір-бірімен сабақтастыру, өзара үндестіру, бір әдеби туындыдағы ой желісін екінші бір әдеби материалдардағы оймен ұштастыра өрбіту, тақырыпқа байланысты әндер, музыкалық туындылардың немесе симфониялық шығармаладың үзінділерін орынды шебер қолдану арқылы жүзеге асырылады.
3. Деректі композиция құрылымы жағынан радиоочерк пен радиоәңгіме ұқсайды. Олардың ара жігін айырып тұратын ең басты өзгешелігі мұнда журналистің оқыған мәтіні, айтқан сөзі, баяндауы ерекше мәнге ие болып, айтулы рөл атқармайды, өйткені, автор аудитория назарын өз сөзіне емес, композицияның сюжетін құрайтын деректі жазбаға аударуды мақсат етеді. Сондықтан да журналистің сөзі өте ықшамды, қысқа-нұсқа болып келеді. Әдетте, журналист бұл жанрды орасан зор тарихи маңызы, әлеуметтік мәні бар дыбысталған деректерді тыңдарманға тартымды етіп жеткізу үшін қолданады.
Радиоәңгіме – монологқа құрылатын деректі-көркем жанр. Оған да радиоочерктегі тәрізді өмірлік дерек өзек болады. Сондықтан да, радиоәңгіме деректік сипат алады. Ал көркемдік деңгейі тұрғысынан келетін болсақ, бұл жанр әдебиеттегі әңгіме жанрының белгілерін тұтас қамтиды да, радионың табиғатына тән көркемдік элементтерді бойына сіңіреді. Әңгіменің негізгі жанрлық элементі ең алдымен, жанды сөз, содан соң музыка, келесі кезекте дыбыс эффектілері. Радиоәңгіменің мазмұнымен қатар эфирден берілу тәсілі, естілу ерекшелігі де тыңдармандарды тартып, оның көңіл күйіне әсер етіп, дыбыс арқылы оқиға көрінісі, кейіпкер бейнесі сомдалуы қажет. Радиоәңгімедегі ең басты қызмет атқаратын нәрсе – сөйлеушінің дауыс ырғағы. Адамның жанды даусы, оның ырғақтары мен үн реңдері - әңгіме мазмұнын жандандыратын ең басты құрал. Радиоәңгіме – автордың микрофон алдындағы емін-еркін тіл қатуы арқылы, керек жерінде әсерлі, бейнелі өткір тілмен, енді бірде логикалық жағынан ұтымды ойлы да, оралымды тілмен сөйлей алатындығы нәтижесінде радионың диапазонын кеңейте түскен жанр.
Қазақ радиосының әуе толқынынан ұзақ жылдар бойы үзілмей жалғасып келе жатқан «Сыр сандық» айдарынан берілетін белгілі радиожурналист Дүйсенбек Қанатбаевтың әдебиет және өнер қайраткерлерінің тағдыры мен шығармашылығы жайындағы радиоәңгімелері аталмыш жанрдың үздік үлгілері болып есептеледі. Деректі драма – бұл сюжеттік желісі өмірде болып жатқан оқиғалар мен фактілерден құралатын журналистің баяндауындағы шежіре. Онда сөз болатын оқиғаға қатысушылардың түпкілікті аты-жөндері айна қатесіз сақталады да, деректік материал мәтінмен астастырылып, тікелей шығарманың дыбыстық құрамына енеді.
Деректі драмада автордан басқа адамдардың рөлдерін актерлер орындайды. Автор, яғни, журналист деректі драманы тыңдарманға ұсынатын тұлға. Ағылшын, неміс журналистерінің деректі драмаларының «Мен сіздерге мына бір жайды баяндап берейін», «Мен келе жатып, таңғажайып оқиғаға тап болдым», «Бірде маған бейтаныс кісі қоңырау шалды» деп басталуы дәстүрге айналған.
Радиожурналистиканың бай тәжіріибесінде деректі драманың екі түрі қалыптасты.
Біріншісі – қоғамдық маңызы, әлеуметтік мәні бар адамға немесе қандай да бір проблемаға назар аударту мақсатында мейлінше терең психологиялық желіске құрылатын сюжеттік тарих. Бұл шынайы өмірде өзінің шарықтау шегі бар аяқталған, яғни шегіне жеткен деректі тарих, кейіпкердің өзі, кәдімгі өмірдегі адам. Көбінесе, мұндай деректі драманың соңында актер ролінде ойнаған, өзінің өмір тарихы туралы ең соңынан нақты тұлғаның өзі сөз алады. Сөйтіп, деректі драманың соңын өз сөзімен түйіндейді.
Екіншісі – аяқталмаған деректі драма. Бірінші деректі драмаға қарама-қайшы. Мұнда керісінше, ең бір шешуші тұсына келген кезде кілт үзіледі де соңы не болғаны белгісіз, аяқталмастан қалады. Мұның ақыры не болатынын әр тыңдарман өз алдына елестете алуы үшін қолданылатын әдіс болып табылады. Сонымен қатар деректі драманың бір түрі аудитория назарын аударып алудың бірден-бір тәсілі.
Аяқталмаған деректі драмада журналист өз кейіпкерінің әлеуметтік жағдайын, психологиялық күйін егжей-тегжейлі зерттей отырып сипаттайды да, өзі әңгімелеп отырған өмір-шежіренің түбінде немен тынатыны туралы тыңдармандардың өзіндік болжамдарын айтып хат жазуларын сұрап, сөзін аяқтайды. Қажет деп тапқан жағдайда радиоарна ең үздік хат иесі үшін бағалы сыйлыққа бәйге жариялайды. Және де жеңімпазды анықтау да тыңдармандар үлесіне тиеді. Бір сөзбен айтқанда, деректі драманың бұл түрінің соңына көп нүкте қойылады. Өйткені, баяндалып жатқан тарих соңына жетпей бел ортасынан үзіледі.
Ал жалпы деректі драманың эстетикалық деңгейі ондағы радиожурналистиканың бейнелеуші құралдарын қолданудың кешенді қисынын табумен өлшенеді. Сол тұрғыдан алғанда радиожурналистика жанрларының көркемдік құрылымының эволюциясын былайша сипаттауға болады.
- ақпараттық жанрларда сөз алдыңғы кезекке шығады.
- ақпаратты-талдамалы жанрларда сөз өзіндік мәнін сақтап қалады да, дауыс ырғағы сөзбен тең дәрежеде рөл атқарады. Демек, мұндағы ақпарат аумағы сөзбен және дауыс ырғағымен, яғни, интонациямен шарттасады. Әлбетте, ол екеуінен өзге бейнелеуші құралдар да талдамалы жанрдың құрылымында кездеседі, бірақ, олар бар болғаны қосымша мәнге ие.
- деректі-көркем жанрларда дыбыстық элементтер тұтастығы алдыңғы кезекке шығады, яғни, сөз, музыка, дыбыс эффектілері біркелкі қолданылады, сөйтіп, адам болмысы, өмірлік оқиға, қандай да бір нысан туралы толыққанды мағлұмат беретін дыбыстық элементтер образы жасалады.
Сондықтан да радиожурналистиканың деректі-көркем жанрларымен жұмыс істегенде радиожурналистің радионың бейнелеуші құралдарын қолданудың кешенді қисынын меңгеруі тікелей қажеттілікке айналады.
Сұрақтар:
Алғашқы радиогазеттер жайында?
- Радиогазеттің тілі қандай болу керек?
- Республикалық «Еібекші қазақ» радиогазеті туралы не білесіз?
- Радиохабардың пішіндері туралы айтыңыз.
- Радиожурналистика жанрларының орнығуы?
- Жанр дегеніміз не, оның пішіннен айырмашылығы қандай?
- Ақпараттық жанрларға не жатады?
- Ақпараттың басты ерекшелігі неде?
- Радиорепортаждың сипатын айтып беріңіз.
- Радиосұхбаттың міндеттері қандай?
- Радиодағы талдамалы жанрлардың ерекшелігі неде?
- Радиоесепке қойылар талап қандай?
- Радиоәңгімелесудің мақсаты не?
- Радиошолу қандай міндет атқарады?
- Радиоочерк әзірлеудің қиындығы неде?
- Радиофельетон не себепті шеберлікті талап етеді?
- Радиокомпозицияның тартымды болуы неге байланысты?
Әдебиеттер:
Барманкулов М. Искусство современной информации. – Алматы, 1993.
- Барманкулов М. Жанры печати, радиовещания и телевидения. – Алматы, 1974.
- Бараневич Ю. Жанры радиовещания. - Киев-Одесса, 1978.
- Галперин Ю. Мы ведем репортаж. – М., 1961.
- Казахстан: страницы радиолетописи. – Алматы, 1981.
- Летунов Ю. О развитии документальной радиожурналистики. – М., 1966.
- Малкин И. Газета в эфире. – М.,1930.
- Омашев Н. Қазақ радиожурналистикасы. – Аламаты, 1992.
- Омашев Н. Толқындағы «тотияйын». – Алматы, 1988.
- Омашев Н. Қазақ журналистикасы. – Алматы, 2008.
- Ошанова О. Әдеби-драмалық хабарлардың қалыптасу және даму
- Основа радиожурналистики. – М., 1984.
- Сағымбеков Р. Алматыдан сөйлеп тұрмыз. – Алматы, 1979.
- Смирнов В. Радиоочерк. – М., 1984.
- Ярошенко В. Информационные жанры радиожурналистики. – М., 1976.
ІV ТАРАУ
РАДИОХАБАР ТАРАТУДЫҢ ҚАЗІРГІ ТҮРЛЕРІ
- Радиохабар таратудың бүгінгі жүйесі
- Қазіргі Қазақ радиосы
- Форматты радиолар
Хабар тарату қызметінің жүйесі
Бұқаралық ақпарат құралдары халықтың айнасы тәрізді. Ол мемлекеттің тыныс-тіршілігінен, мәдениет, әдебиетінен, тарихы мен салт-дәстүрінен, тілінен, дінінен т.б. хабардар етеді. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сол елдің, халықтың бет-бейнесімен танысуға, өзіндік пікір қалыптастыруға болады. Ондай ақпараттық ұйымдар мемлекеттік дәрежеден басталып, шағын елді-мекендік дәрежеге дейін жұмыс істей береді. Әрине, баспасөз де сол елдің әлеуметтік, тарихи, демографиялық жағдайларына байланысты қалыптасады. Халықаралық эфирде 160-тан астам елдің радиостудиялары жұмыс істейді. Олардың тыңдарман саны 200 миллионнан асатынын социологиялық институттар анықтаған.
Қазақстанда 115 телерадио арналары жұмыс істейді. Олардың бәрі атқаратын қызметіне орай мемлекеттік, жеке меншік, коммерциялық, аралас болып бөлінеді. Ұстанған бағыттарына орай тәуелді, тәуелсіз болып та аталады.
Мемлекеттік арналар. Мемлекеттік арналар деген - үкімет идеологиясын насихаттайтын, мемлекет бюджетінен қаржыландырылатын, тәуелді арна. «Әр жұрт, әр мемлекет мәдениет майданында ілгері-кейінгінің қатасыз бір өлшеуіші – баспасөзі болады. Қай жұрттың баспасөзі күшті болса, сол жұрттың өзі де күшті, өзі де өнерлі екендігі көрінеді», - деген Міржақып Дулатов пікірі, әсіресе электронды бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты айтылған сияқты. Өйткені, дүние жүзіне ақпарат алмастыратын, елді, мемлекетті таныстыратын осы электорнды БАҚ.
Радиохабар тарату құрылымына орай – республикалық, облыстық, қалалық, аймақтық, аумақтық болып бөлінеді. Халықаралық, республикалық арналар республика көлеміндегі болып жатқан жаңалықтарды, оқиғаларды қамтып, өз хабарларын Қазақстан аумағына таратады. Облыстық арналардың хабарлары тек өздері қамтитын облыстық аумаққа таралатын болса, қалалық арналар қала көлемінде ғана хабар таратады. Ал, аймақтық арналар бірнеше облыс аумағын қамтиды.
Қазіргі кезде аймақтық радиолар жұмыс істемейді. Бірақ бірнеше өнеркәсібі немесе шаруашылығы бір бағыттағы облыстар арналары арасындағы радиоүндесу ретінде тәжірибе алмасу өте сирек болса да кездеседі. Аудандық арналар аудан көлемінде ғана хабар таратады, ал, олардың ақпарат алатын көзі – әр түрлі бағыттағы шаруашылықтар болып табылады. Нарық жағдайына байланысты аудандық радиотораптар жабылып, бұрынғы радиоұйымдастырушылар қысқартылды. Әрине, өз ауданының, ауылының шаруашылығының тыныс – тіршілігінен хабардар болып отырған жақсы. Аудандық газеттер де сол шаруашылық жайын жазады. Алайда, электронды БАҚ-тың оның ішінде радионың өзіндік ерекшеліктерін, оперативтілігін, аудитория ауқымдылығын, уақыт бөлуді қаламайтындығын, санаға тез әсер ететіндігін т.б. көптеген артықшылықтарын ескерсек, онда эфирлік өнімдердің маңыздылығы арта түсетіні даусыз.
Қазақ радиосы және облыстық мемлекеттік арналар. Алты миллионнан астам тыңдарманы бар Қазақ радиосы 101 – FM жиілігінен беріледі және заман талабына орай қызмет істеуде. Радионың ішкі құрылымы да, хабар тарату бағыттары да тәуелсіз Қазақстанның даму тенденцияларына қарай өзгеріске түскен. Қазақ радиосының редакциялары хабарлар барысына орай құрылған. Ақпараттар бас редакциясы, әдеби-драмалық хабарлар бас редакциясы, музыкалық хабарлар бас редакциясы, насихаттық хабарлар бас редакциясы, балалар мен жасөспірімдер және жастарға арналған хабарлар бас редакциясы болып бөлініп келді. Бөлімдердің ішінде хабарлардың түрлеріне қарай да журналистер топтары жұмыс істейді. Мысалы, ақпараттық хабарлар бас редакциясының ішінде қоғамдық-саяси хабарлар, халықаралық хабарлар бөлімдері бар. Мемлекеттік арналар үшін бұлай құрылым жасаудың маңызы зор болды. Өйткені, сол хабарлар үшін журналистер арнайы мамандандырылды және хабарлар мазмұны бақылауға алынды. Кейіннен қоғамдағы тарихи формацияларға байланысты бұл редакциялар бағыты біраз өзгеріске түсті, дегенмен де бұрынғы құрылымы, негізгі функциялары сақталды. Мемлекеттік радиолардың әуе кеңістігіне шығатын материалдарының жүріп өтетін процестеріне тоқталсақ: ұқыпты басылған хабар мәтініне бөлім редакторының қолы қойылады, автордың қолы екінші нұсқасына қойылады. Бұл қағаздар «эфирге» деп аталатын арнайы папкаға салынып, бөлім меңгерушісіне немесе орынбасарына қол қоюға беріледі. Сонан кейін Бас редактор немесе оның орынбасары өз қолдарын қояды. Содан соң бағдарлама директоры «рұқсат етілді » деген мөр басады, сөйтіп хабар эфирге жолдама алады. Осындай ұзақ механизм журналистер жұмысына кедергі келтіреді, бағдарлама сапасы нашарлайды. Сол себепті мұндай процестер қысқартылып, неғұрылым қоғамдық құбылыстар бейнесін жасауда журналистерден өзіндік жауапкершілік талап етілді. Тіпті, тікелей эфир хабарлары ешқандай визасыз, монтажсыз да жүзеге асырылатын болды. Тек хабар редакторының ғана қолы қойылатын болды, немесе мәтінсіз хабарларға жол ашылды.
Республикалық радиохабарлары жоспарлы түрде жүргізіледі. Алдымен тақырыптық жоспарлауға тоқталсақ: бұл күнтізбедегі айтулы күндерге, тарихи оқиғаларға, кезеңдерге байланысты жасалатын жоспарлар. Оның жасалу жолдары мынандай: алдымен күндік, апталық, айлық межелер белгіленеді, яғни хабарлар сеткасы жасалады. Онда жанрлық-тақырыптық айдарлардың күні, сағаты көрсетіледі. Бұл көбінесе тұрақты, жүйелі. Келесі кезекте осы хабарлар сеткасы толтырылады. Алдымен жалпы халықтық мерекелер, атаулы жас мөлшеріне келген қоғамның біртуар азаматтарының туған күндері т.б. жайлар ескеріледі. Мысалы, Наурыз мерекесі, Конституция күні, Ұландар күні немесе Сайлау күні сияқты қоғамдық-саяси шаралар да жазылады. Мысалы, «Мүсінші Наурызбаевтың 80-жылдығына орай ұйымдастырылған сұхбат 20 сағат 30 минутта”, немесе “ Конституция күніне арналған саясаткер Қ. Сұлтановтың әңгімесі”, “Наурыз мерекесіне арналған жайна, жаса Наурыз” атты радиокомпозиция т.б. сияқты жанрлық-тақырыптық хабарлар легі өз ретімен орналастырылып, эфирлік хабарлар алдын-ала дайындалып қойылады.
Қазақ радиосының бүгінгі ең басты ерекшелігінің бірі - дербестілігі. Қаншалықты үкімет идеологиясын насихаттап, тәуелділік танытқанымен де бұқара халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын халықтық арна деп аталады. Бұған дәлел ретінде Қазақ радиосының төмендегідей бағдарламалар кестесі келтіріледі.