Намазалы омашев радиожурналистиканың теориясы мен тәжірибесі
Вид материала | Документы |
СодержаниеРадиожурналистика жанрлары мен пішіндерінің Кері байланыс Студиядағы хабар. |
- Намазалы омашев радиожурналистиканың теориясы мен тәжірибесі, 5624.76kb.
- Парат министрлігі л. Н. Гумилев атындағы еуразия ұлттық университеті, 8635.57kb.
- Ылым министрлігі қазақ инженерлік теникалық академиясы, 1195.19kb.
- Қазақстан жеріндегі мемлекеттер мен олардың мәдениеті, 78.49kb.
- Нистрлігі семей мемлекеттік педагогикалық институты султанова Нургуль Камильевна музыкалық, 3053.35kb.
- Адольф Дистервегтің педагогикалық қызметі мен теориясы, 85.68kb.
- Қазақ тіліндегі ресми іс қағаздары Жеке адам өміріне қатысты құжаттар. Жеке адам өміріне, 280.32kb.
- Клеткалық тыныс алу, 160.93kb.
- Құрметті депутаттар мен Үкімет мүшелері! Ханымдар мен мырзалар!, 440.6kb.
- Крутой Мен". Тогда меня воодушевила идея старого фильма, 260.25kb.
Радиожурналистика жанрлары мен пішіндерінің
қалыптасуы мен дамуы
Бірінші бесжылдық жылдары радиожанрларының дамуында шын мәнінде «Алтын кезең» болды. Өмір талаптарының туындап, шығармашылық тәжірибе көрігінен өткен жанрлар қатары күн сайын жаңарып жатқан жаңалықтың бәріне араласып, үздіксіз жетіле берді.
Радиодағы жанрлар радиогазет шеңберінде дамыды. Оған газет жанрлары өзінің бастапқы күйінде емес, бірқатар аралық буындар арқылы келді. Радиогазетте жанрлар радиоға бейімделу процесін бастап, интенсивті түрде жүрді. Бұл процестің бағытын былай көрсетуге болады: газет жанрлары – радиогазет арқылы қазіргі радиожурналистика жанрларына жетті. Радиогазет шеңберінде бұл процесс аяқталған жоқ. Ол радиогазет жойылғаннан кейін де жалғаса берді. Бұл – өте қызғылықты және әлі күнге дейін зерттеушілердің назарын аудармай отырған факт. Хабардың формасы ескіріп жойылды, ал онымен бірге радиода пайда болған барлық жанрлар өмір сүріп, дами берді. Сөйтіп, қазіргі заманғы радиожурналистикаға тән жанрлар дамып қалыптасты. Бірақ бұл даму бастапқы нүктеден емес, радиогазетте қол жеткен жерден жалғасып жүрді.
Радиохабары тарихын зерттеуші В.Ружников: «Радиохабарының газетпен байланысы біржақты емес, екіжақты процесс түрінде, бір-біріне ықпал ету сипатында болды», – деп атап өтеді. «Газет радиоға белсенді ықпал жасай отырып, радиохабарының да өзіне ықпал жасай бастағанын (жылдар өткен сайын күштірек) сезінді» деп жазды. Радиогазет баспасөз пішіндері мен жанрларынан радиохабары пішіндері мен жанрларына өтпелі кезеңдей болды. Алайда радиожурналистика жанрларының қалыптасуы тек қана газетпен байланысты деп санау дұрыс болмас еді. Ізденістер, басқа да бірқатар салаларда, насихаттың аралас түрлерінде: ауызша үгіт, музыка, әдебиетте жүріп жатты.
В.Н.Ярошенко радиожурналистиканың қалыптасуын қарастыра келіп: «Радиохабары өзінің жанрлары мен пішіндеріне өзіндік ерекшелігін, каналдың потенциалдық мүмкіндіктерін – оперативтілігін, деректілігін, ауызекі тіл түрінен, эмоционалдығын барған сайын көбірек пайдалану жолынан іздеді. Ақпарат хабардың эволюциясы ғылыми-техникалық прогресс барысымен ажырағысыз байланыста болды, еліміздің әлеуметтік-саяси дамуымен, қоғамның өскелең қажеттерімен айқындалды» деп жазды.
Ол жылдары радиохабарының негізгі пішіндері: радиогазеттер, радиожурналдар, баяндамалар, лекциялар, консультациялар, радиотыңдаушылардың сұрақтарына жауаптар, жиналыстардан, конференция, съездерден, диспуттардан, концерттерден, спектакльдерден берілетін хабарлар, радиомитингілер, радиоүндесулер, радиожиналыстар, радиоуниверситет, тақырыптық әдеби-музыкалық монтаждар болса, радионың негізгі жанрлары: жаңалықтардың ақпарат сындары, хроника, әңгімелер, сөйленген сөздер, комментарийлер, корреспонденциялар, очерктер, фельетондар, оқиғаларға, кітаптарға, спектакльдерге шолулар, түсіндірулер (хабар беріп жатқан кезде кейде) және анда-санда интервью мен репортаж болды.
Қазақ радиосы 30-жылдары кеңес радиохабарының бір бөлігі ретінде жұмыс істеудің оңтайлы әдістерін қызу іздестірді, бұқаралық ақпараттың өзіндік бір ерекше түрі болды. Ол электромагниттік толқындардың көмегімен ақпарат сигналдар беретін коммуникативті жаңа каналды игере отырып, газет жанрларын пайдаланды, оларды хабар беруде ауызекі түрде жеткізу үшін бейімдеді. Ол процесс радиохабарының бейнелеуші құралдары – дыбысты сөз, музыка, шу, монтаж сияқты құралдарды ұштастыратын өз жанрларын да туғызды. Осы тұрғыдан алғанда Қазақ радиосында қалыптасқан радиожанрлар тарихы да оның техникалық базасын құрумен және бұқаралық ақпарат құралы ретінде радионың қоғамдық міндеттерін ұғынумен бір мезгілде қатар пайда болғанын дәлелдейді.
Журналистика жанрларының өмір шындығын бейнелеу формалары ретінде өзіндік тарихы бар. Оны теоретиктер ойдан шығарған жоқ. Олардың бәрі, соның ішінде радиожанрларда идеялық-саяси жұмыс процесінде өмір шындығын бейнелеудің барынша қажеттілігінен қалыптасты. Сондықтан жекелеген жанрлардың немесе олардың элементтерінің өрлеуі мен құлдырауы, жаңа элементтердің пайда болуы, олардың орнының, жанрлардың қоғамдық мәнділігінің өзгеріп отыруы, үздіксіз эволюцияда болуы, диалектикалық заңды құбылыс.
Жанрды анықтағанда зерттеушілер, әдетте, оның құрылымының белгілі бір дәрежеде тұрақты екенін атап көрсетеді. Міне, олардың кейбіреулері жанрды былайша айқындайды «Жанр дегеніміз – өмір шындығын нақты бейнелеудің тұрақты құрылымдық белгілер жүйесі бар тарихи белгіленген түр» деген анықтама берілген “Жанры телевидения” деген еңбекте. В.Ученова “Гносеологические проблемы публицистики” атты еңбегінде: «публицистикадағы (басқа да шығармашылық түрлеріндегі) жанр – өмір шындығының салыстырмалы түрдегі тұрақты жүйесі» – дейді. М.Черепахов “Проблемя теории публицистики” атты еңбегінде: «...өмір шындығын бейнелеудің тұрақты мәні және құрылымдық белгілері қайталанып отыратын түрлер жанрлар деп аталады» – дейді.
Радионың өзіндік ерекшелігі – материал жинау, оны өңдеу, дайын хабарды тыңдаушының қабылдау әдістемесі мәселелерін қамтиды. Өмір шындығын бейнелеудің әртүрлі қырларын және әртүрлі бейнелегіш құралдарын пайдалану жанр элементтерін жасайды, олардан жанрдың формасы қалыптасады...
Радиоканал ерекшелігінен туындайтын өзгешеліктерге қосымша, жанрлардың қалыптасу бастамасы ретінде объектінің сипаты, тану тәсілі, фактіге баға беру, жинақтау деңгейі, хабарды беру формасы (композициялық, стильдік ерекшеліктері) сияқты жалпы журналистикаға тән өлшемдерін алу керек.
Радиожурналистикадағы таным тәсілі, мұнда ақпараттың мазмұнын ғана емес, сондай-ақ фонды, көңіл-күйді қатынас құрал ретінде пайдалануға болатындықтан, публицистикалық танымға жақын. Эмоционалдық және рационалдық танымның біреуі сипатты белгі болып табылады. Баға беру деңгейі фактілерді жинақтау, оларды пайдалану мақсатынан, сондай-ақ газет материалдарындағыдай тереңдеп енуге мүмкіндік бермейтін коммуникацияның ерекшеліктерінен туындайды. Бейнелеуші құралдарды пайдалану объектінің мазмұнынан туындайтын тәсілдер мен бейнелеу әдісіне негізделеді. Мәселе оқиғаға қатысты болса, онда баяндаушы әдіс, ал проблемаға қатысты болса, қайымдау әдісі басым болады. Тілдік және стилистикалық ерекшеліктер көркем-публицистикалық жанрларда көп ықпал етеді.
Радиожурналистика, соның ішінде Қазақ радиожурналистикасы тақыр жерден пайда болған жоқ. Ол баспасөз өткен жолды жалғастырды. Ал радиожанрлардың қалыптасуын да нақты кезеңнің саяси міндеттерін негізге ала отырып, тарихи дамуда ғана қарастыру керек. Бүгінгі күннің жағдайында, техникалық каналдардың өзіндік ерекшелігі жанрдың түрлерінің құрылуына елеулі ықпал етіп отырған кезде, бұл ерекшелікті ескеру қажет.
Жанрлардың эволюциясын бәрінен бұрын мынадан: коммуникациялық техниканың дамуынан, аудиторияның әлеуметтік құрамының өзгеруінен, жаңа қоғамдық қажеттердің пайда болуынан, каналдар функциясының өзгеруінен, өмір шындығын неғұрлым тиімді көрсету үшін журналистердің жеке-жеке ізденістерінен көру керек. Тарихи дамуды ескере отырып, радиожанрларының негізгі үш тобын ажыратуға болады: а) газеттен келген жанрлар (қысқаша ақпарат формалары); б) радионың ерекшелігіне бейімделген газет жанрлары (радиодағы мақаланың ерекше формасы ретінде лекциялар); в) радионың өзіндік ерекше жанрлары: репортаж, интервью, әңгіме). Радиожанрдың өзіне ғана тән ерекшеліктері каналдық бейнелеуші құралдарынан туындайды. Олар: а) деректі сөз, жанды сөзді пайдалану әдісі (монолог, диалог); б) оқиғаның дыбыстық сипаттамасы және әрекет болған жер мен осы негізде пайда болған қатысу елесі; в) материалды радиоға сай көркем-публицистикалық өңдеу деңгейі (сөздің, музыканың және синтездің көмегімен көркемдік сапаға қол жеткізу).
Жанрды құрайтын элементтер дегеніміз – радиожанрлардың негізгі компоненттері болып табылады. Оларға: репортердің әңгімесі, диалог түріндегі әңгіме, өмір шындығының дыбыстық көшірмесі, материалды әдеби-көркем өңдеу (стиль мен композиция) жатады.
Радиожурналистиканың жанрлары радиогазет шеңберінде дамыды. Жалпы газет жанрлары радиоға өзінің бастапқы күйінде емес, бірқатар аралық буындар арқылы келді. Жанрлар радиогазетте радиоға бейімделу процесін бастап, қарқынды түрде дамыды. Сөйтіп, газет жанрлары дыбыстық сипат алып радиожурналистика жанрларына айналды.
Эфирден тараған күрделі қосындыда журналистиканың, әдебиет пен өнердің әртүрлі пішіндері мен жанрларын біріктірген радиогазетте бұл элементтер бірімен-бірі қақтығысты, бірімен-бірі өзара қарым-қатынасқа түсті. Бұл процестердің бәрі радиохабар шеңберінде болғандықтан дыбысталу сапасына, ұзақтық мөлшеріне қарай бір-бірімен өзара байланыста болды.
Қазақ радиохабарларындағы радиогазеттер біршама уақыт өмір сүрді, сол кезде олар хабарламалық және насихаттық хабарлардың негізгі түрі болып есептелді. Сол уакыт аралығында көптеген өзгерістерге ұшырай отырып, радиожурналистика жанрларының эволюциясын бейнеледі. Радиогазеттер уақыт өте келе қолданыс аясынан шығып қалды, бірақ, радиожурналистика жанрларының бастауы болып табылатын бұл пішін фактілер мен оқиғаларды, өмір шындығын эфирден берудегі шығармашылық әдіс-тәсілдердің мол арсеналын қалдырды. Тек бұл процесс радиогазет шеңберінде аяқталған жоқ, одан кейін де жалғаса берді.
Қазақ радиогазеттерінде дыбысты журналистика негізінен газет жанрларын ауызша жеткізуге және қабылдауға бейімделу жолымен дамыды. Радио қызметкерлері 1930-1940 жылдары ақпараттық хабарлар, газет мақалаларынан бастап, баспа мәтіндерін дайындау дағдыларын игерді. Соның нәтижесінде, сөйлемдердің құрылымын жеңілдетуді, сандық мәліметтерді қысқартуды және қабылдауға қиын сөздерді азайтуды, халықтың бейнелі сөз тіркестері бар сөйлеу тілінің элементтерін, әдеби тіл нормаларын пайдалануды, ресми ақпараттарды әдеби, музыкалық хабарлармен алма-кезек беруді көздеді. Сол жылдары радиохабарының негізгі пішіндері: радиогазеттер, радиожурналдар, баяндамалар, лекциялар, консультациялар, радиотыңдаушылардың сұрақтарына жауаптар, диспуттардан, концерттерден, спектакльдерден берілетін хабарлар, радиомитингілер, радиоүндесулер, радиожиналыстар, радиоуниверситеттер, ал радиожурналистиканың негізгі жанрлары: ақпарат, хроника, әңгіме, сөйленген сөз (выступление), комментарий, корреспонденция, очерк, фельетон, шолу, ішінара сұхбат және репортаж болды.
Әлбетте, жанрлар эволюциясын коммуникациялық техниканың дамуынан, аудиторияның әлеуметтік құрамының өзгеруінен жаңа қоғамдық қажеттіліктердің пайда болуынан, өмір шындығын неғұрлым тиімді көрсету үшін журналистердің жеке ізденістерінен аңғару қажет.
Тарихи дамуды ескере отырып, радиожурналистика жанрларын мынадай үш топқа бөлуге болады.
а)Газеттен келген жанрлар (қысқаша ақпараттар).
ә)Радионың ерекшелігіне бейімделген газет жанрлары (радиолекциялар).
б)Радионың өзіне тән ерекше жанрлар (репортаж, сұхбат, әңгіме).
Радиожурналистика жанрларының өзіндік ерекшеліктері радионың бейнелеуші құралдарынан келіп туындайды. Олар: жанды сөз (оны пайдалану әдісі; монолог пен диалог), дыбыстық дерек (өмір шындығының дыбыстық көшірмесі), музыка (радиохабардың әуенмен әрленіп, сазбен көмкерілуі, монтаж) сөз, музыка, дыбыс эффектілерінің астастырылып, көркемдік деңгейге жетуі.
Бұқаралық ақпарат құралы ретінде радионың техникалық мүмкіндіктеріне, өзгеше табиғатына негізделген журналистиканың жаңа түрі қалыптасты. Радио хабары газет публицистикасының бай тәжірибесін өзіне мұра етті: ол баспасөздің әртүрлі жанрларымен қаруланды. Сонымен бірге радиожурналистика алғашқы қадамдарынан бастап, кейбір өзіндік белгілерге де ие бола бастады. Радиохабар жанрларының қалыптасуы газетпен ғана етене байланыста болған жоқ, ауызша үгіт пен насихаттың жанрлары да, радиогазеттің алғашқы сандарынан бастап-ақ серігі болған музыка да, әдеби-музыкалық монтаждарының эстрадалық түрлері де ықпал етті.
Осындай ерекшеліктерді бойына сіңірген журналистиканың жаңа түріне В.Н. Ружников мынадай анықтама берді: "Радиожурналистика – бұқаралық хабарлама тарататын құрал ретінде радионың бірегей техникалық мүмкіндіктеріне негізделген насихаттық сипаты бар журналистика. Ол күрделі элементтік құрылыстар категориясына жатады. Оның функциялары, ішкі құрылымы, басқа элементтік институттармен, бұқаралық аудиториямен байланысы өзіне тән күрделілігімен ерекшеленеді. Бұл құбылысты тану соншалық күрделі жан-жақты, сан қырлы болып табылады".
Зерттеуші И.Триккель бұл ойды одан әрі дамыта түседі: "Радионың өзіндік ерекшелігі оның таралу сипатынан және дыбыс жазу техникасынан туындайды. Бұл: а) дереу және шексіз тарату, шындықтың деректі жазбасын сондай-ақ, акустикалық, дыбыстық картинасын беру мүмкіндігі. ә) осы акустикалық шындықты сақтап қалу және монтаждау кезінде өңдеу мүмкіндігі. б) хабарды тыңдау мүмкіндігі. Бұл факторлар радионың оперативтілігін, оның жоғары ұғынықтылығын, деректілігін, хабарламаның жинақылығын және композициялық құрылымды қамтамасыз етеді".
Дыбыстық қарым-қатынас жасаудың – сөзбен және музыкамен байланысының ерекшеліктерін білу қажет. Жанды сөз көмегімен берілген хабарларда жүргізушінің құбылысқа қарым-қатынасы, көңіл-күйі, дауыс ырғағы араласқанда жақсы қабылданады. Жанды сөз – бұл радиодағы ең нәзік күрделі бейнелеу құралы. Өйткені, мұнда ой мен іс-әрекет, сезім, мінез және көзбен көруге болатын өмір шындығы бейнеленуге тиіс. Психологтардың әртүрлі эксперименттеріне сүйенетін болсақ, егер материалдарының дұрыс қабылдануы тыңдаушы зердесіне оның ой топшылауына, сезімталдығына және хабардың берілу формасына, ойнақылығына байланысты болады. Сондықтан сөздің эмоцианалдығына орынды мән беріп, мұқият болу керек деп сендіреді. Сұхбат ой туғызады. Ал бүкіл әңгіме барысында психологиялық ахуал сөз сөйлеушінің лебізін, оның ішкі дүниесін, көңіл-күйін ашып көрсетуге мүмкіндік береді. Пікірталасқа алғышарт жасайды.
Радиожурналистика жанрларының негізгі өзегі – радиодерек. Радиодерек 1930 жылы Днепрогэс құрылысынан жүргізілген репортаждан бастау алды. Ешбір дайындықсыз, қағаз-қаламсыз, инцинировкасыз оқиға орнынан тікелей жүргізілген бұл репортаж радиожурналистикадағы деректің дәйектілігін, шынайылығын, нақтылығын дәлелдеп бергендей болды. Днепрогэс құрылысына 6 микрофон, 11 дыбыс күшейткіш орнатылды. Оқиға бастан-аяқ ешбір ақаусыз екі сағат көлемінде эфирге берілді. Біріншіден, осы тектес тікелей эфирден берілген өзекті, яғни, актуалды хабарлар 30-жылдардағы радиожурналистиканың ең үлкен жетістігі болды. Екіншіден, аяқ астынан тауып айту, суырып салып сөйлеу радиохабарға шынайылық сипат берді. Үшіншіден, репортердің сөйлеу өнеріндегі шеберлікті көрсетті. Тауып айту мен суырып салып сөйлеу деректіліктің радио ашқан жаңалығы болды. Өйткені, репортер жай ғана оқиғаны баяндаушы емес, ол - болып жатқан оқиғаның куәгері, тікелей қатысушысы, сондықтан да ол өз көзімен көріп тұрған дүниесін қолма-қол әңгімелейді, одан алған әсерін бөліседі, ойын ортаға салады. Сол арқылы тыңдарманның сенімін арттыра түседі. Оның үстіне тікелей оқиға ортасынан дәл сол болып жатқан кезде берілетін радиодеректе ешқандай уақыт алшақтығы болмайды.
Жалпы, деректілік пен жаңашылдық радиоақпараттың ең басты критерийі болып табылады. Енді солардың арасынан тікелей эфирдегі жаңалықты алып қарайтын болсақ, оның деректілігі ең алдымен, уақыт аясындағы дәлдігінде, сол сағатта, сол минутта, сол секундтар аясында эфирден тарап халыққа жетіп үлгеретіндігінде. Таспаға түсіріліп алынған жағдайда ол хабардың сол күнгі датасы, уақыты көрсетіліп қойылады. Келесі бір артықшылығы – тікелей эфир кезіндегі дыбыстық жазбаның ешбір өзгеріске ұшырамайтындығы. Демек, тікелей эфирде сөйлеген біреудің сөзін басқаша етіп өзгертіп беру әсте мүмкін емес. Мысалы, газет бетінде "ол өзінің қазақ тілінің келешегі туралы ойы көмескі екенін аңғартты" деп тұспалдап беруі ықтимал, ал теледидарда мінбеге көтерілген жарыссөзге шығушы адамды көрсетіп жатып, журналистің кадрден тыс мәтіні оқылуы мүмкін. Ал радиода біреудің сөзі сол қалпында пайдаланылады. Өйткені, ол – дыбыстық ақпарат. Қазіргі заманғы радиожурналистиканың тілімен айтқанда, "Жанды ақпарат" деп атайды. Үшіншіден, радиодеректер ұзақ жылдар өтсе де, сол қалпында сақталады. Сондай радиодеректердің арқасында халықтық қазынамыздың бір бөлшегі – Қазақ радиосының "Алтын қоры" пайда болды. Онда өздері дүниеден өтіп кеткен, бірақ артында қалған іздері сайрап жатқан талай-талай талантты тұлғалардың сөйлеген сөздері, айтқан әндері, шығарған күйлері, академиялық оркестрмен орындаған шығармалары сақтаулы. Сонымен қатар, радиохабардың пішіні туралы кезінде әртүрлі пікір айтылғанмен, оның орны мен рөлі, пайда болуы жайлы айтылған ойлар бір арнаға саяды. Мысалы, М. Барманқұлов: "Радионың өзіндік ерекшелігіне сай келетін түрлер радиогазеттің өмір сүруімен қатар және белгілі бір кезеңде олар жабылғаннан кейін пайда болады. Көптеген пішіндер бірегей ғана емес, барлық радиохабарына тән. Оларға радиомитингіні, радиожиналысты, радио үндесуді, радиоком-позицияны, радиофильмді және тіпті, радиотрибуналды да жатқызуға болады. Олар белгілі бір газет пішіндерімен жанрларына ұқсап қана қоймай, ауызекі тілдің өзіндік ерекшелігіне сай келетін өз түрлерімен жанрларының да жасалғанын дәлелдейді", -дейді.
Радиопериодика дегеніміздің өзі радиодан берілетін эфирлік материалдарды заман ағымына, уақыт талабына сай етіп үйлестірудің реті деуге әбден болады. Тыңдаушыларды сағат сайын соңғы жаңалықтармен таныстыратын радиосағат, күн тәртібіндегі өзекті мәселеге арналған радиокүн, ай сайын тұрақты уақытта беріліп тұратын белгілі бір такырыпқа арналған радиожурналдар – соның бәрі радиопериодиканы кұрайтын. Қазіргі уақытта, мұндай радиопериодика пішіндері дәл солай атап айтылмағанымен кей уақыттарда қажет деп есептелген жағдайда беріліп тұрады. Ал жылдар бойы өзінің тұрақты тыңдармандарына рухани нәр беріп, эстетикалық ләззат сыйлаған "Ұшқын" радиостанциясының "Замандас" радиожурналы, қыз-келіншектерге арналған "Құралай" радиожурналы, жоғары сынып оқушыларына арналған "Өрендер" радиоклубы радиотыңдармандардың айнымас серігіне айналған-ды. Ал қазіргі таңда жастарға, жасөспірімдерге арналған бағдарламалар музыкалық бағдарламалардың тасасында қалып қойып отыр. Шын мәнінде, радионың идеологиялық құрал екенін ескерсек, онда жастар мен жасөспірімдерге арналған бағдарламалардың көлемін ұлғайтып, мазмұнын заман талабына, ұрпақ талғамына сай өзгерту – борыш.
Баспасөздің тәжірибесін, оның пішіндері мен әдістерін игере отырып, Қазақ радиосы біртіндеп өз стилін жолға қойды, бұл жөнінен газеттің қолдауын тапты. Өзара байланыс жалпы идеологиялық негізінде ұйымдастырушылық жағынан да, шығармашылық жағынан да жүзеге асырылды. Қазіргі кезде де өз мәнін жоғалтпаған өзара қатынастың ең таңдаулы үлгілері - радиоминтигілер, радиожиналыстар, радиоүндесулер. Бұлар Қазақ радиосының эфирінен де, республикалық баспасөз бетінен де көрініп тұрды. Осылайша өзара қатынас, бірін-бірі толықтыру, қызметті үйлестіру республикалық баспасөзді де, Қазақ радиосын да байытты және бүкіл бұқаралық ақпарат кұралдары жүйесінің тиімділігін арттырды.
30-жылдардың бас кезіндегі хабарларды тек қана радиожурналистикаға тән жанрлар мен пішіндер пайда болды дедік. Олардың арасында бірінші орынды, сөз жоқ радиорепортаж иеленді.
Зерттеушілердің көпшілігі алғашқы радиорепортаж 1925 жылғы қарашада эфирге шықты деп санайды. Әрине, ол эксперимент болды және сапасы жөнінен 1928 жылғы радиорепортаждан нашар еді.
Бұл жанрдың алғашқы анықтамасы былайша тұжырымдалды: "Радиорепортпаж дегеніміз – уақиға болып жатқан жерден берілген хабар, немесе репортердің микрофон алдында болып жатқан уақиға туралы алған әсерін баяндауы". Бұл анықтаманың өте дәл және ықшамды екенін айта кету керек.
Репортаж радиожурналистиканың неғұрлым ерекше жанрларының бірі болды. Ол әртүрлі жағдайда оқиға болып жатқан жерден хабар беруге, сол сәтте әңгімелесуге радионың барлық бейнелеуші құралдарын: сөзді, шуды, музыканы пайдалануға мүмкіндік берді.
"Өмірдің ортасынан берілетін хабарлар" деп біршама бұрыс аталған - алғашқы радиорепортаж, студиядан кеңістікке шыққан микрофонның таңқаларлық мүмкіндіктері 1928-1929 жылдары радиохабарының жұмыс принциптерін өзгеше ой елегінен өткізуге мәжбүр етті. "Өмірдің ортасынан берілген хабарлар" радиолық шығармалардың ең таңдаулы түрі ретінде көрінді.
Репортаж бен интервью, атап айтқанда, республикалық радионың осы жанрлары басқа да газет жанрлары сияқты радиода бейімделудің әртүрлі фазаларынан өтті және өз табиғатын өзгертті. 30-жылдары респубикалық радиохабарда интервью жанрының көп орын алмағаны белгілі. Өйткені, әр жанрдың өзіндік орны бар. Олардың әрқайсысы қайталанбас дәстүрге, тұрақты белгіге ие болған. Әлбетте, жанр өмір шындығын әр қырынан көрсетуге, оған әртүрлі дәрежеде әсер етуге байланысты туындаған үлгі болып табылады. Интервью – диалог адамдардың өзара сұхбаттасуы, сөйлесіп, пікір алысуының қоғамдық құралы болып саналады. Жалпы, радиоинтервьюдің негізінде фактіні хабарлау және оның диалогпен ашылуы, түсіндірілуі жатады. Бұл жерде түсінік беру талқыланып отырған фактіге талдау жасау қажеттілігінен туындайтын элемент ретінде көрінеді. Ол интервьюдің мәні мен шекараларын айқындайтын тілші көтеріп отырған мәселелер төңірегінде өрбиді. Бұл жанрдың құрылымы негізгі екі элементті: журналисттің компетентті адамға қоятын сұрақтарын және ол адамның журналистке қайтаратын жауаптарын қамтиды. Олардың жаңа белгілерінің қатарына: сөзді, музыканы, шуды, адам даусының мол мүмкіндіктеріне бейімделуін, сөйлеу стиліне ұмтылысты жатқызуға болады. Бірқатар ерекше белгілердің болуы репортаж бен интервьюді газет жанрының жай ғана бейнесін өзгерткен түрі емес, жанрдың жалпы журналистикалық өлшемдері мен радиоға тән өзіндік қасиеттері негізінде қалыптасқан сапалық жағынан ғана құрылым болуына жеткізді.
Радиожурналистиканың талдамалы жанрларының бірі - радиошолу. Аудиторияға оқиғаның болып жатқанынан ғана хабардар ететін ақпарат жеткіліксіз, сонымен қатар, болған окиғаның о баста неден шыққанын, негізгі себеп-салдарын, жай-жапсарын тәптіштеп түсіндіретін, оның ақыры не болатынына болжам жасайтын нақты, әрі жан-жақты мәлімдемелер керек. Радиошолу жанрына деген қажеттілік осы тұрғыдан байқалады. Радиошолу - аса маңызды, әрі жауапкершілік жүгі ауыр жанр. Шолу жасайтын адам оқиғаның құнды, әрі мәнді тұстарын дереу аңғарып, олардың өзара байланыстарын анықтап, алды-артын аңғарып, келешегіне көз жүгіртіп, аталмыш оқиғаға қатысты барлық мәселені талдап-сараптап, өз тарапынан пікір білдіріп, қандай да бір қорытынды жасап, ой айтуға міндетті. Бұл ретте журналист өз пікірін обьективті арнаға бұруы тиіс. Өйткені, радиошолу арқылы тыңдарманның қандай да бір оқиға немесе құбылыс турасында нақты бір пікірі қалыптасады. Радиошолушы өзінің үн ырғағы, сөйлеу мәнері арқылы оқиғаға деген көзқарасын танытады, көңіл-күйін аңғартады.
"Очерктің радиода өзіндік "бейімделуі" біртіндеп жүрді. Очерк жанрының Қазақ радиосынан ресми түрде аталуы 30-жылдардың соңына қарай болды. Осылайша радиоочерктің 30-жылдары радиожанры ретінде Қазақстан эфиріне шыққаны ақиқат.
Деректі жанр акустика әлеміне келіп, әдеттен тыс "ортаға" бейімделді. Очерк те, әңгіме, интервью, әңгімелесу сияқты радиода эволюциялық жолдан өтті. Радиоочерктің қалыптасуы екі бағытта жүрді. Бірінші: "оның тілі әдеби-сөйлеу тіліне біртіндеп жақындай берді. Екінші: оның сөздік қорына онсыз радио өмір сүре алмайтын қосымша элементтер келіп қосылды... Олар бейнелі, көркем сөзбен етене ұштаса отырып, осы әдеби жанрдың мүмкіндіктерін кеңейтті, оны жаңа бейнелеу құралдарымен байытты".
Радиожурналистиканың деректі-көркем жанры болып табылатын радиоочерк заман тынысын танытатын айтулы оқиғалар туралы, өмірде, өнерде, еңбек белесінде өзінің жүріп өткен жолымен үлгі-өнеге болған қаһармандар жайлы әуе толқынынан әдемі сыр шертті. Қазіргі таңда радиоочерк жазатын журналистер кемде-кем. Олар өз кейіпкерлерінен көбіне-көп тікелей эфирде сұхбат алумен ғана шектеледі. Шындығында, радиоочерк Қазақ радиосы очерк жанрының Қазақ радиосынан ресми түрде аталуы 30-жылдардың соңына карай болды. Осылайша радиоочерктің 30-жылдары радиожанры ретінде Қазақстан эфиріне шыққаны ақиқат.
Әңгімелесу – радиоға тән ауызекі сөйлеу жанры. Сондықтан әңгіме радиоға келіп жаңа бояуға, жаңа қасиеттерге ие болды деу қате. Әңгіме өз арнасын, өз орнын радиодан тапты. Оның мүмкіндігіне терең де жан-жақты жол ашылды.
Радиоәңгімелесудің өзіндік ерекшелігі, біріншіден әңгімелесушілер бір жерді, яғни, бір аудиторияда болмайды. Автор микрофон алдында отырса, тындаушы эфир арқылы үйінде, не жұмыс орнында болуы мүмкін. Екіншіден, эфир арқылы сұхбаттасып еркін әңгімелесетін бұл екі жақты байланыста автор белсенді ойлаушының рөлін атқарады. Журналист тыңдаушыларды әңгімеге тартады. Радиодағы әңгімелесу табиғаты жағынан хат оқушы мен автордың арасындағы кеңеске немесе іс қағаздары түріндегі (эпистолярлық) әдебиетке ұқсайды.
Радиохабарларының қазіргі кездегі тәжірибесіне жүгінсек, әңгімелесу (беседа) мен сөйлеушінің сөзі (выступление) мүлде бөлек жанрлар, атқаратын қызметі, көтеретін жүгі әртүрлі. Сөйленген сөзде көбіне жеке адам жұмыс істейтін мекемесі, ұйым, кәсіпорын атынан, болмаса белгілі бір сала бойынша есеп берсе, әңгімелесу – радиожурналистиканың ең бір күрделі жанры, көпшілікке арналған үгіттің басты формаларының бірі. Ол – газеттегі мақала сияқты қоғам өміріндегі түрлі оқиғалар мен құбылыстарды терең зерттеу негізінде туған ой-пікірлерді талдап жинақтау арқылы жеткен публицистикалық шығарма.
20-жылдардың аяғында сатиралық жанрлар, ең алдымен, фельетон дамыды. Радиожурналистер оның газет фельетонынан өзгешелігін жақсы түсінді. "Радиодағы фельетон өзінің алғашқы қадамдарынан бастап өзіне лайық пішіндерді іздестіріп тапты. Оның көмегімен кемшілікті, қырсықты, жағымсыз қылмысты неғұрлым дөп басып, жоюға болатын еді", - деп жазды Ю. Бараневич.
Қазақ радиосынан сатиралық хабарлар 50-ші жылдардың екінші жартысына қарай естіле бастады. Бірақ, ол басқа жанрлардан гөрі аз көрініп, жеңіл әзіл, күлдіргі әңгімелердің тасасында қалып отырды. Фелетонның бас-аяғындағы жүргізушінің сөзі болмаса, шығарма желісін негізінен диалогтар өрбітіп отыратын. Сөйлемдердің ықшамдылығы, диалог көтеретін жүктің салмағы, оқиға желісінің дәл қазір болып жатқандай бірінші жақтан баяндалуы алғашқы радиохабарлардан мүлдем өзгеше болды. Мұның өзі фельетон жанрының радио табиғатына бейімделіп, ықшамдала бастауының бір белгісі еді. 1957 жылы фельетон жанры әдеби-драмалық хабарлар бас редакциясынан басқа. "Біздің Алматы" радиогазетінде, жастар бағдарламасында көрінді. 1958 жылдың 16 ақпанынан бастап "Сықақ және әзіл" деп аталатын әдеби-сатиралық журнал ашты. Кейіннен бұл журнал аты өзгеріп, әуелі "Қалақай", содан соң "Көреген" деген атпен әуе толқынына шықты.
Ал, қазіргі таңда радиофельетон жанры жоқтың қасы. Қазақ радиосындағы "Аты жоқ көкек" деп аталатын бағдарламаны толыққанды сатиралық дүние деп ауыз толтырып айта алмаймыз. Онда сатиралық жанрлардың элементтері ішінара кездеседі, сондай-ақ, жалпы бағдарлама әуе толқынындағы сатираның нышаны болып табылады. Республикада радиожурналистика формалары мен жанрларының қалыптасуы туралы айта келіп, радиокомпозиция сияқты формалардың пайда болуын атап өту қажет.
Радиокомпозиция – музыкамен көркемделген әдеби мәтін аясында дәріптелетін деректі жазбалар тұтастығы. Радиокомпозиция негізінде айтулы, маңызды оқиғаларға арналады. Тек алдыңғы қатарға оқиғаға қатысушы адамдардың образы шығады да, оқиғаның өзі келесі кезекте көрініс табады. Қызылордадан берілген хабарларды радиокомпозицияның пайда бола бастаған кезі деп санаған дұрыс. Радиокомпозицияның әуе толқынынан тұрақты беріле бастаған кезі 30-жылдар шамасы.
Радиодраматургия жайына келетін болсақ, әрине, бұл жанрдың радиодағы алатын орны, атқаратын рөлі зор. Ол радио арқылы тыңдаушыға эстетикалық әсер береді, рухани азық сыйлайды. Әлбетте, радиода кәдімгі театрда қойылып жүрген спектакльдер трансляцияланып берілді, сонымен қатар әдеби туындалар инсценировкаланып ұсынылды. Театрдан трансляция кезінде театр артисі өзінің сахнадағы рөлін сол қалпында ойнады. Ал декорация жайын, сондай-ақ, тыңдаушы сезіне алмайтын, бірақ, оқиғаны түсіну үшін берері көп көріністерді диктор немесе бастаушы баяндап беретін. Іс-қимыл кезіндегі дыбыстар сол қалпында дыбыстық жазбаға түсірілетін. Радио-инсценировка дегеннің өзі – радиожурналистика пішіндерінің бір түрі деуге болады. Ол – белгілі бір әдеби туындының эфирге шығаруға арналып өңделген түрі. Қазақ радиосында эфир арқылы берілетін радиодраматургияның жоғарыда аталып өткен екі нұсқасы мейлінше қомақты орын алды. Бір ғана 1969 жылдың сәуір айында Қазақ радиосының бағдарламалары бойынша түпнұсқа қойылымдар бар, қайталанып берілетін қойылымдар бар, радиодраматургияның жалпы көлемі 61 сағат 38 минутты құраған екен. Ал солардың ішіндегі тек қана арнайы радиода қоюға арналып жасалған радиопьесалардың саны - 13, эфирдегі уақытының мөлшері 12 сағат 30 минут болған. Негізінен, радиопьеса тыңдауға арналады. Олай болса, салмақ тыңдаушының есту, ойлау қабілетіне түседі. Радиоқойылымға қатысушы актердің құралы – сөз бен дауыс ырғағы. Осы екі құрал арқылы кейіпкердің мінез-құлқын, образын ашып көрсете білуі керек. Ал радиодраматург радиоға арнап жазудың өзіндік ерекшелігін, мүмкіндігін мұқият ескеруге тиісті. Сол үшін радиопьесаның негізгі үш компонентін – диалогты, дыбысты, музыканы пайдалану жолдарын жете игеруге міндетті. Диалог арқылы кейіпкердің мінез-құлқын көрсету, оқиға орнын, уақытын, қимылды баяндауға, білдіруге болады. Бұл ретте, Қазақ радиосындағы радиопьеса авторларының, радиодраматургтерінің арасынан Ілия Жақанов пен Жиенбек Рсалдинді, Игорь Саввин мен Әбділдә Ботбаевты атап айтқан жөн.
Дыбыстық өнердің өзіндік үлгісі болып табылатын радиодраматургияның орны мен рөлі жайында осыдан 25 жыл бұрын Рамазан Сағымбеков мынадай пікір айтқан екен:
"Радиодраматургия сыншылары радиодағы тәжірибеге сүйене отырып, драматургияның болашақта да аса қажет, әрі тәрбиелік мәні бар тиімді дүние екенін, түбі барлық жерде соған бет бұру керектігін дәлелдеп отыр". Бұл пікірдің негізгі түйіні қазіргі таңда да өз мәнісін сақтап қалғанында дау жоқ. Өйткені, радиожурналистика аясында радиоөнер өрісі де өз арнасымен дамуы тиіс. Өркениетті елдердегідей тек радиодраматургия туындыларын эфирден беретін арнайы бір радиоарна ашылса артық болмас еді.
Қазақ радиосы өз кезеңінің озат идеяларын бейнелей отырып, радиопішіндерде жинақталған бейнелеудің пәрменді, тиімді құралын табанды түрде іздестірді. Бұл, біз атап өткендей радиохабардың тәжірибесінде радиоүндесулерді, радиомитингілерді, радиожиналыстарды кеңінен пайдалануға жеткізді және радиорепортажды, радиоочеркті, радиофильмді, радиокомпозицияны, радиоақпаратты одан әрі дамыта бастады.
Қазақ радиосы хабарларында радиожанрлардың қалыптасу кезеңі осындай құбылыстарды бастан кешірді.
Ал соңғы он - он бес жылдың аумағында радиожурналистикадағы жұмыс тәсілі өзгерді. Сонымен қатар, бұрын әуе толқынындағы ақпарат кеңістігінде Қазақ радиосы ғана үн қатқан болса, ендігі жерде көптеген тәуелсіз радиоарналар ашылды. Солардың басым көпшілігі тікелей эфир әдісімен хабар таратады. Қазақ радиосының да негізгі жұмыс әдісі – тікелей эфир. Ең алғаш, Қазақ радиосы тікелей әуе толқынындағы жұмысын "Тәулік тынысы" – "Понарама дня" ақпаратты-сазды бағдарламасымен 1989 жылдың 9 қаңтарында бастаған болатын. Бұл ретте, жаңаша жұмыс тәсілін тәжірибе жүзінде іске асырып, күнделікті кәсіби дағдыға айналдырған Қазақ радиосы екенін атап айтқан жөн.
Тікелей эфир радиожурналистикадағы жанрлар мен пішіндердің қолданыс аясына да өзгерістер алып келді. Сондықтан да тікелей эфирдің жанрлық ерекшеліктеріне талдау жасап, оған тән белгілерді топтастыру қажеттігі туындайды. Негізінен, тікелей эфирден ақпаратты және талдамалы жанрлар кең қолданыс тапқан. Оның есесіне деректі көркем жанрлар тікелей эфирде мүлдем ұшыраспайды. Дегенмен, айтулы күндерде берілетін тақырыптық роликтерде, джинглдарда, сондай-ақ, авторлық бағдарламаларда деректі көркем жанрларға тән кейбір белгілер кездеседі. Ал ақпаратты-талдамалы жанрлардың өзі бір радиохабардың өн бойында немесе журналистің тікелей эфирден ұсынған хабарында ауыспалы, аралас сипат алады. Өйткені, шығармашылық-техникалық сипаттағы технологиялық процесс болып табылатын тікелей эфир кезінде жанрлық белгілерді сақтап, сол жүйе бойынша ерекшеліктерді ескеру талап етілмейді.
Жалпы, радиожурналистиканың жанрлары өзінің дыбыстық сипатымен ерекшеленетіні белгілі. Оның негізгі компоненттері – репортердің әңгімесі, диалог түріндегі әңгіме, өмір шындығының дыбыстық көшірмесі, сондай-ақ, тікелей эфирді жүргізу шеберлігі болып есептеледі. Сол себепті де тікелей эфирдегі хабардың жобасын әзірлегенде, оның жанрлық ерекшелігіне мән беріп, мейлінше ұтымды қолдана білудің өзі кәсіби шеберліктің бір қыры болып табылады. Кез келген радиоарнаның тікелей эфирінде негізінен сұхбат жанры жиі қолданылады. Тек оның жанрлық ерекшеліктері толық ескерілмегендіктен, бәрі бірдей шыға бермейді. Тікелей эфирдің төл жанры болып есептелетін репортаж қазіргі тандағы техникалык мүмкіндіктер аясында жаңаша сипатқа еніп толыға түсті. Тонвагенмен де, ұялы байланыс телефонымен де оқиға орнынан репортаж жүргізуге болады. Радиорепортаж жанрын тікелей эфирде өз деңгейінде қолдану электронды журналистиканың ұшқырлығын танытпақ. Тікелей эфирдің өзін ғалымдардың бір тобы пішін деп бағалайды. Дәстүрлі радиожурналистикамен сабақтастыра отырып, тікелей эфир пішіндерін былайша топтастыруға болады.
- Кері байланыс – студиядағы жүргізуші мен телефон желісіндегі тыңдарманның тікелей эфирдегі әңгімесі, сұрақ-жауап түріндегі пікір алмасуы, сауалнамалық радиоойын. Бұл пішін психологиялық желіге құрылады. Өйткені, жүргізуші тыңдарман ойына барлау жасай отырып, өз ойын соған сәйкес сабақтауы керек. Және бастан-аяқ әуенмен әрленіп, сазбен көмкерілуі тиіс. Себебі, тыңдарман жүргізуші тастаған сауал төңірегінде ой қозғау үшін немесе ол қойған нақты сұраққа жауап беру үшін ойланып алуына уақыт қажет.
- Радиоүндесу – бұрыннан қалыптасқан, қазіргі таңда жаңаша сипатқа ие болған пішін. Қалааралық тікелей телефон желісіндегі байланысқа меншікті тілшілердің шығуы арқылы, сондай-ақ, тонвагеннің және ұялы байланыстың көмегімен оқиға өтіп жатқан жердегі тілшімен тілдесу нәтижесінде жасалатын
пішін. Радиоүндесу айтулы оқиға, өзекті проблема болған жағдайда ғана ұйымдастырылуы тиіс. Өйткені, оның әрбір минуты қыруар ақша болып есептеледі. Радиоүндесу негізінен байланысқа шыққан екі журналистің әңгімесінен тұрады. Кейде тақырыпқа сәйкес лауазым иесі, жауапты қызметкер сөзге тартылуы мүмкін. Радиоүндесу кезінде тікелей телефон желісіндегі тыңдарманның сөзіне саналы түрде жол берілмейді. Себебі, бұл пішіннің тақырыбы нақты, уақыт мөлшері өлшеулі болып келеді. Радиоүндесу тікелей техникаға тәуелді пішін. Телефон желісіндегі байланыс іске қосылмаса, жүргізуші өзі әзірлеген басқа бір дыбыстық жазбаны беріп немесе жазбаны оқып шығуы мүмкін. Бірақ, оның ешқайсысы радиоүндесуді алмастыра алмайды. Ән немесе музыка радиоүндесу басталмас бұрын я болмаса, радиоүндесу аяқталғаннан кейін ғана беріледі.
- Ток-шоу немесе тікелей эфирдегі қызу пікірталас. Бұл нағыз майталман журналист түсетін майдан, қайтпас қаһарман қатысатын қақтығыс. Жүргізуші үшін телефон желісіндегі тыңдарманмен тіл табысу мәдениетін меңгеретін мінбер. "Айтылған сөздің атылған оқ" екенін мойындап, анық бағасын алатын емтихан. Оған тақырыбы осындай салмақты көтеретін, табиғаты заман тынысымен астасатын айтулы мәселені өзек еткен жөн. Қазақ тіліндегі радионың ток-шоуы қазіргі таңда жоқтың қасы. Жалпы, ток-шоу өзінің көтеретін жүгіне қарай саяси, интеллектуалдық, психологиялық, әлеуметтік сипат алуы тиіс.
- Студиядағы хабар. Эфирдегі жүргізушінің жеке өзінің, ал кейде оның студия қонағымен арада болатын әңгімесі есебінде жүзеге асатын хабар. Қазіргі таңдағы жүргізушілер үшін ең оңтайлы, ең қолайлы әдіс. Жүргізуші-журналистің жеке өзінің әңгімесі. Теориялық негізге сүйенсек, журналистің жеке өзінің әңгімесінде комментарий авторды әйгілеп таныстыру үшін емес, қоғамдағы құбылыстардың мәнін ашып көрсетіп, айқын түсіндіру үшін жасалуы керек. Әлбетте, комментарий жанрына кез-келген журналистің шамасы келмейтіні белгілі. Оны кәдімгідей кез-келген құбылысқа, фактіге, оқиғаға өз көзқарасын танытып, өзіндік пікір білдіретін белді журналистер жасауы керек. Шындығын айту керек, қазіргі таңда әуе толқынындағы ұжымның да, жекелеген журналистердің де радиожурналистика жанрларын өз стилінің тегершігі ретінде қолдануға деген құлқы жоқ.
Қазіргі таңда дүниежүзінде дәлелденгендей радионың өзіндік артықшылығы екі салада айқындалып отыр. Оның бірі – жедеғабыл жаңалықтар желісі, екіншісі – музыка желісі. Тікелей эфир әдісімен жұмыс істейтін бүкіл радиоарналар қызметінің құрылымы осы екі бағытта жүзеге асады. Радио сағат сайын берілетін жаңалықтар легінің нәтижесінде қалың бұқараны болып жатқан оқиғалардан хабардар етіп, ауық-ауық уақытты айтып, ауа райы мәліметін ұсынып ақпараттандыру процесін іске асырумен қатар, адамның ең асқақ, ең нәзік, мейлінше, терең жан тебіренісін бейнелейтін музыка мәнерімен тыңдарман психологиясына тікелей әсер ету әрекетін де жолға қояды. Әлбетте, әуе толқынындағы музыка барша адамзатқа арналады. Бірақ, оны әркім оңаша тыңдайды. Қазіргі уақытта эфирден берілетін музыка әр арнаның өзіне тән сипатын танытатын музыкалық формат есебінде жүйеленеді.
Қазіргі таңда жаңалықтар легін тыңдарманға неғұрлым жылдам жеткізу жөнінде радиоарналар арасында оң бағыттағы бәсеке қалыптасқан. Әзірге жаңалықтарды аудиторияға басқа радиоарналардан бес минут бұрын жеткізетін "Хит ҒМ - Хабар".
Ал мемлекеттік мүддені ұстану, ұлттық үрдісті дәріптеу тұрғысынан Қазақ радиосын айта аламыз.
Қазіргі заманғы ақпараттық технология жаңалықтар легіне күнде жаңаша сипат беруде. Компьютерлік жүйенің өте маңызды екі маңызды артықшылығы бар, біріншісі – сандық әмбебап редактор, екіншісі – жетілген мәтіндік редактор. Әлбетте, бұл – журналистің рөлі төмендеді деген сөз емес. Керісінше, техникалық төңкеріс жұмыс жағдайын мүлде өзгертті, оған оң, игі ықпалын тигізді. Бұл журналистерден өзгеше мамандану деңгейін талап етуде. "Электронды журналистика даму үстінде. Дәл қазіргі таңда кәсіби шеберліктің ең биік шыңы осы минуттарда, әлемде болып жатқан маңызды оқиғаларды алғашқы болып хабарлау – шарт. Уақыттан озбаған күннің өзінде уақытқа ілесіп отыру - заман талабы.
Қазіргі ақпараттық қоғам айналымындағы ақпараттың көлемі мен қарқынының мейлінше орасан зор шексіз екенін ескерсек, онда ақпарат сапасын анықтау оңайға түспейтіні түсінікті. Ақпарат қоғамы білім қоғамы деп те аталып жүр. Тек, ақпарат тасқынының көлемі жағынан артуы білім салмағының сол дәрежеде арта түскендігін көрсетпесе керек. Білім ақпарат сапасына тікелей байланысты болып келеді. Дәлірек айтқанда, оның жан-жақтылығына, терең мағыналылығына, ұғынықтылығына тікелей қатысты.
Журналистердің міндеті – саясаткерлердің, лауазым иелерінің нені қалайтынын, не ойлайтындарын баяндау емес, қоғамда не болып жатқанын айту. Міне, осы тұрғыдан келгенде, сапалы журналистиканың шын мәніндегі нағыз демократиялық қоғамды қалыптастыруға қабілетті екенін, сол істе маңызды рөл атқаратынын атап айтқан жөн. Ал журналистің жеке өзін алып қарайтын болсақ, онда оның білім деңгейі мен белсенділік қабілеті қаншалықты жоғары болса, сапалы ақпарат, жалпы сапалы журналистік туынды әзірлеуге деген мүмкіндігі соншалықты мол болады.
Жанр – шынайы болмысты бейнелеудің тарихи тұрғыда айқындалған өзіне тән тұрақты белгілерді жинақтаған үлгісі. Радиожурналистика жанрларының қалыптасуына баспасөз жанрлары негіз болды. Алғашында радиохабарлар газет жанрларының бай тәжірибесіне сүйенді. Сонымен қатар, радиожурналистика алғашқы қадамдарынан бастап, өзіне тән жанрлық белгілерге ие бола бастады. "Бұқаралық ақпарат құралы ретінде радионың техникалық мүмкіндіктеріне, өзгеше дыбыстық табиғатына негізделген журналистиканың жаңа бір түрі қалыптасты". Кәдімгі газет бетіндегі материалдар микрофон алдында оқылған кезде өзгеше сипатқа еніп, жаңа сапаға ие болып, эфирлік дүниеге айналды. Дыбыстық табиғатымен дараланатын бұқаралық ақпарат құралдарының бұл түрі туралы В.Н. Ружников мынадай тұжырым жасады: "Радиожурналистика – бұқаралық ақпарат тарататын құрал ретінде радионың бірегей техникалық мүмкіндіктеріне негізделетін насихаттық сипаты бар жүйе. Ол күрделі элементтік құбылыстар категориясына жатады. Оның функциялары, ішкі құрылымы, аудиториямен байланысы айрықша күрделілігімен ерекшеленеді. Сондықтан бұл кұбылысты танып-білу жан-жақты, сан қырлы ауқымды сипат алады".
Радионың өзегі – сөз, тетігі – техника, құралы – дыбыс. Жанды сөз – радиодағы ең нәзік бейнелеу құралы. Радиохабар есту арқылы қабылданатын болғандықтан жазылған сценарийдің айтылатын әңгімеге, мәтіннің сөйленетін сөзге айналу процесіне айрықша мән беріледі. Өйткені, жанды сөз, табиғи әңгіме радионың табиғатына тән құбылыстар болып табылады. Радиодағы жүргізушінің болған оқиғаға, құбылысқа қарым-қатынасы, оған деген көзқарасы, хабарды жүргізіп отырған сәттегі көңіл күйі, дауыс ырғағы, үн екпіні жанды сөз арқылы қабылданады. Сол себептен де радиоға барлық дауыс бірдей жарай бермейді. Радиода хабар жүргізетін маманның дауысында эфир талаптарына сай келетін кәсіби сапа болуы тиіс. Микрофон алдында отырған адам тыңдармандарға көзбен қабылданатын кескін-келбетімен, қимыл-қозғалысымен көріне алмайды. Осының бәрін дауыс алмастыруы керек.
Радиодағы сөзден кейінгі жетекші орынды иеленетін бейнелеу құралы – музыка. Музыка радиохабардың әрін кіргізіп, аудиторияның көңіл-күйіне, сезіміне әсер күшін арттыра түседі. Радиодағы музыка ең алдымен, ақпаратты жеңіл қабылдауға көмектеседі. Музыка оқиғаның, құбылыстың мазмұн-мағынасын ашуға ықпал етеді. Адамның сезімі мен ақыл-ойына бір мезгілде әсер ете алатын музыка түптеп келгенде, аудитория назарын аудару үшін қолданылады. Демек, музыка радионың тыңдарманды баурап алып, оның психологиясын меңгеріп, хабарды жеңіл әрі жедел қабылдауына көмектеседі.
Радиодағы келесі бір бейнелеу құралы – дыбыс эффектілері, яғни, табиғи және табиғи емес шулар. Сондай-ақ, сөйленген сөзді жылдамдату, баяулату, дыбысты қатайту, бәсеңдету, сөз бен сазды астастыру, жаңғырық қосу, сөздің астарында бірімен-бірі қабаттасқан шуды беру, бір сөзбен айтқанда, өмір шындығының дыбыстық көшірмесін жасау – радио табиғатының мән-мағынасы, мазмұны. Радиожурналистиканың жанрлық ерекшеліктері де осыдан келіп туындайды.
Жалпы, радиожурналистика жанрлары үлкен үш топқа бөлінеді: ақпараттық жанрлар, талдамалы жанрлар, деректі-көркем жанрлар.