Қазақстан республикасының білім және ғылым министрлігі

Вид материалаДокументы

Содержание


Практикалық бөлім
Подобный материал:
1   2   3   4   5
  • тілдік материалдарды жеңілден ауырға, оңайдан қиынға, жайдан күрделіге қарай оқыту.
  • тілді оқытуда халық ауыз әдебиетінің материалдары мақал-мәтелдер, нақыл сөздер, мысалдар, өлең-жыр, қызық әңгімелердің маңызды орын алуы.
  • оқушыларға арналған материалдар аса түсінікті болуы.
  • мәтіндер, көрнекілік, иллюстративтік материалдар қазақ баласының халықтың ұғымына таныс, жақсы болуы.
  • тілді оқытуда тул ұстартуға, көркемдеуге ден қою.
  • оқушылардың жазба тілін, сөйлесу тілін дамытуға баса назар аудару.

Қорыта айтқанда, А.Байтұрсынов еңбектерінің қазақ тілі әдістемесін дамытуда зор маңызы болды.

А.Байтұрсыновтың замандасы Телжан Шонанұлы 1931 жылды “Орыстар үшін қазақша әліппе” оқулығын жазды. Латын тілінде жазылған бұл әліппе 1 жылдық оқу құралы деп саналған.

ХХ ғасырдың төртінші он жылдығынан бастап әдістеме қолға алынып, біршама еңбектер жарық көре бастады. Тіл мамандарының кеңес өкіметі тұсындағы зерттеулері мектепке керекті оқулықтар мен оқу құралдарын жасаудан басталады. Мысалы, 20-30 жылдар арасында тіл мамандары тек алфавит, орфография, пунктуация, ана тілі оқулықтары (грамматикалар), сөздіктер және басқа құралдар жасаудың айналасында еңбек етті.

1935 жылға дейін қазақ тілін оқыту әдістемесіне арналған мақалалар ғана болды. Осы жылы “Бастауыш мектепте қазақ тілін оқыту әдісі” деген атпен жинақ шықты.

Қазақ тілі әдістемесінің алғашқы негізін салушылардың бірі - Ғали Бегалиев болды. 1940 жылы “Бастауыш мектептерде қазақ тілінің методикасың деген еңбегі баспадан шықты.

Бұл әдістеме үш бөлімнен тұрады: грамматика, оқыту методикасы, емле және тіл дамыту методикасы. Методиканың қалған бөлімі: хат таныту және кітапты оқыту методикасына арналған. Бұл еңбекте орыс тілі әдістемесінің үлгілі жақтары алынған. Қазақ тілін оқытудың әдіс-тәсілдері шеңер баяндалған. Автор сөздік жұмыстарын ұйымдастырудың тиімді әдіс-тәсілдеріне тоқталады. Автордың қазақ тілін оқытудағы көрсеткен әдіс-тәсілдерін мұғалімдеріміз жетілдіріп, дамытып пайдаланып жүр.

1956 жылы белгілі әдіскер-ғалым Шамғали Сарыбаевтың “Қазақ тілі методикасының кейбір мәселелері” (1 бөлім фонетика мен морфология) деген кітабы шықты. Бұл оқулық методикаға қосылған үлкен бір оқу құралы болды.

1920-1930 жылдар арасында қазақтың өнері-білімінің негізін салған, бір шоқ, үркердей, абзал азаматтардың бірі - Құдайберген Қуанұлы Жұбанов еді. Ол - қазақ тілі білімінің негізін қалаған көрнекті ғалым, тұңғыш филолог, профессор. Ол 1937 жылы “халық жауы” деп айыпталып, 1938 жылы қаза болды. Қ.Жұбановтың еңбектері 1966 жылға дейін тыйым салынып келді. 1966 жылы “Қазақ тіліндегі зерттеулер” деген еңбегі жарық көрді.

Ы.Алтынсарин қазақ халқының оқу - ағарту ісінің бастауы кезеңде тұрғаны, оның өз еңбектерін-де оқушының сөздік қорын молайтып, тілін дамытуға, халық тілін білуге, атап айтқанда, баланың тілін дамытуға айрықша мән бергенін көреміз.

Ұлы педагог К.Д.Ушинскийдің сөзімен айтқанда “...кімде-кім оқушының тіл қабілетін дамытқысы келсе, алдымен оның ой қабілетін дамытуға тиіс”.

Қазақ ғалымдарының арасынан психология мен педагогика ғылымдарына орай еңбек жазған М.Жұмабаев тіл табиғатына зор баға береді. “Бала тілінің дұрыс өркендеуінің бірінші шарты балаға ұқпайтын сөз уйретпеу керек. Екінші – баланы өз тең балалармен бірге ойнату керек. Ал енді баланың тілін шын дұрыс жолға салатын, дұрыстайтын, байытатын-мектеп”, - дейді.

Фердинан де Соссюрдің тіл біліміне қосқан үлесін, көтерген проблемалары мен өзіндік концепцияларын танытатын еңбегі – “Жалпы лингвистикалық курс” деген кітабы. Мұнда көтерілген жеке проблемалар жөніндегі пікір таластары күні бүгінге дейін бір сабырлаған емес.

Дыбыс пен әріптің, буын мен сөздің, сөз бен сөйлемнің ара қатынасын мысалмен дәлелдеуде теориялық-практикалық әдістің пайдасы мол. Жаттығу жұмыстары материалдарына орай берілген теориялық білімді бекітуде, дұрыс жазу емлесі мен дұрыс сөйлеу нормасын қалыптастыруда және оқушылардың тілін ширатып, сөйлеу тілін дамытуда теориялық-практикалық жақтан үйрету әдістері іске асырылады. Бұл әдіс дыбыс жүйесі материалдарының бір-бірінен айырмашылығын, олардың байланысын, жасалу жолдарын, анықтамасы мен ережелерін қайталап, пысықтап бекіту үшін де қолданылады.

Дыбыс жүйесін теориялық-практикалық жақтан үйрету әдістері тақырыптың көлеміне қарай кейде жеңілден ауырға қарай, кейде ауырдан жеңілге қарай жүргізіледі. Жаттығу әрбір тақырыптың өзіндік ерекшелігіне, шарты мен мақсатына, пікірі мен жүйесіне қарай жүзеге асады. Сондықтан да әрбір тақырыпқа байланысты ең кемінде 5-тен 25-ке дейін дағды түрлері орындалады [20].

Дыбыс жүйесі бойынша дайын материалды талдау, тілдік материалдың түрін өзгерту, тілдік тапсырмалары бар мазмұндау мен шығарма жаздыру, орфографиялық талдау, көшіріп жазу және диктант өткізу әдістерін жүргізуде төмендегі талаптарды ескерген жөн: талдауға қойылатын мақсаттың айқын болуы; бұл талдаудың дыбыс жүйесі фактілеріне негізделуі; талдауға, арналған текст пен сөйлемдердің мақсатқа сай болуы; оқушылардың сауатты жазуы мен дұрыс сөйлеуі; байқау нәтижесінде өз ойының қорытындысын, тұжырымын жасай білуі; дыбыс жүйесінен алған білімін практикада қолдануы талап етіледі [21]. Сонымен бірге осы талаптар негізінде жүргізілетін дыбыс жүйесі бойынша талдаудың міндеттері мыналарды қамтиды: дыбыс жүйесі бойынша талдау, оқушылардың логикалық ойын жетілдіруге көмектесуі тиіс; оқушылардың өздігінен жұмыс істеу дағдысын арттыруға көмек беретін болуы қажет; олардың іске деген төзімділігін, бақылағыштығын өсіруі қажет, нысананы түсіндіру, бекіту, қайталау үшін басты тәсілдердің бірі болуы керек; дыбыс жүйесі бойынша талдау сынып және үй тапсырмасында кең пайдаланылғаны жөн.

А.Исабаев [25] «Қазақ тілі дыбыс жүйесі методикасының негіздері» атты еңбегінде дыбыс жүйесі бойынша талдау мазмұнына қарай екіге бөлінеді:

  1. Дыбыстар жүйесі бойынша- талдау. Бұған тіл дыбыстары, дыбыс пен әріп, дауысты мен дауыссыздар: дауысты дыбыстардың еріннің қатысына қарай бөлінуі, иектің қызметіне қарай бөлінуі, тілдің қалпына қарай бөлінуі, үнді, ұяң, қатаң дауыссыздар тобы енеді.
  2. Үндестік заңы бойынша талдау. Бұған буын жігі, екпін, буын үндестігі, дыбыс үндестігі: түбір мен қосымша аралығындағы ықпал, біріккен сөз сыңарларының аралығындағы ілгерінді ықпал, сөз тіркестерінің аралығындағы ілгерінді ықпал: түбір мен қосымша аралығындағы кейінді ықпал, біріккен сөз сыңарларының аралығындағы кейінді ықпал, сөз тіркестерінің аралығындағы кейінді ықпал жатады.

Дыбыс жүйесі бойынша талдау көлеміне қарай екіге бөлінеді: Толық немесе жалпы талдау. Жеке түрдегі немесе тақырыптық талдау. Толық немесе жалпы талдау көбінесе программа материалдарын толық өтіп болған соң (дауысты, дауыссыз дыбыстарды, буын, үндестік заңын өтіп болған соң) және белгілі бір өтілген материалдарды қайталау, оқушылар білімін есепке алу кезінде қолданылады.

Қазақ тілін оқыту әдістемесін И.Ұйықбаев, Д.Әлімжанов, Б.Кәтенбаева, А.Ошқаров қарастырған тақырыптық немесе жеке талдау дыбыс жүйесінің (дауысты, дауыссыз дыбыстардың түрлерін, буын және дыбыс үндестігінің жүйесін өткенде қолданылады) белгілі бір тақырыбын өту үстінде қолданылады. Осы тақырыптар бойынша жаңа сабақты түсіндіру, оны бекіту, машықтандыру, оқушылардың өз бетінше жұмыс істеуін ұйымдастыру және оқушылар білімін сынағанда да қолданылады.


Шамғали Сарыбаев


Шамғали Сарыбаев – XX ғасырдың 20 жылдарында А. Байтұрсынұлы бастаған қазақ тіл білімі корифейлерінің ізін баса келген ғалымдардың бірі.

Ш. Х. Сарыбаев 1893 жылы, наурыз айының 11-күні Батыс Қазақстан облысының Орда ауданына қарасты Қарашағыл деген мекенде дүниеге келген. Жастайынан еңбекке араласады. 1913 жылы Шамғали Орынбордағы мұғалімдер даярлайтын Құсайния татар мектебіне оқуға қабылданады. Сонда өздігінен орыс тілін үйреніп, татар әдебиетін біліп шығады. Мектепті 1916 жылы бітіріп, Қазалы қаласына келіп бал оқытумен айналысады.

1918 жылы Шымкентте уездік халық ағарту мекемесіне басшылық жасайды. Кеңес өкіметі орнаған жылдары Ташкенттегі Педагогика институтында қазақ тілі пәнінен оқытушылық қызметте болады. Өз заманының зиялы азаматы ретінде Ш.Х. Сарыбаев өзінің мұғалімдік тәжірибелерінен түйген келелі ойларын сол кездегі «Жаңа мектеп», «Еңбекші қазақ», «Еңбек» т. б. сияқты баспасөз бетерінде жариялап отырады. Оның «Сауатсыздықпен күресу жолдары», «Тіл құралды оқытудағы тәжірибелер», «Қазақ мектептеріндегі орыс тілін оқыту жайы» тәрізді мақалалары жарияланады.

Ұстаз-ғалым елді сауаттандыру үшін қазақ тілінің қадірін арттыру қажеттілігіне ерекше назар аударады.

Шамғали Сарыбаев 1923-24 жылдары Ташкентте Орта Азия коммунистік университетінде ұстаздық қызмет атқарады. Ал 1934 жылы Қазақстанға қайтып оралып, Алматыдағы сол кездегі Журналистика институтында 1937-жылға дейін дәріс береді. Жоғары оқу орындарында қызмет еткен жылдары оның қаламынан қазақ тілі мен оны оқыту әдістемесінің әртүрлі мәселелеріне байланысты ғылыми мақалалар жазылып, жарияланады. Ғалым кейін 1954 жылға дейін Абай атындағы ҚазПИ-де қызмет істейді.

Ш. Сарыбаевтың алғашқы еңбектерінің бірі Г. Қожантаевпен Е. Табынбаевпен бірігіп жазған «Үлкендер үшін әліппе» 1921 жылы Ташкент қаласында жарыққа шығады. XX ғасырдың 20-жылдарындағы сауат ашу науқаны басталған тұста бұл әліппенің қазақ жастарының сауатын ашудағы маңызы ерекше болған. Кейін 1931 жылы Ташкент қаласында қазақтың мақал-мәтелдерін жинап бастыруда үлкен еңбек еткен ақын Ө. Тұрманжановпен бірге «Бірінші басқыш мектепке арналған әліппе кітады», 1932 жылы Қ. Оспанұлымен бірге «Екпінді күш. 1-класс үшін әліппе кітабы», 1933 жылы А. Әлібайұлы, М. Долайұлымен бірге жазған «Ана тілі /бастауыш политехника мектептерінің 3-кластары үшін/» атты оқу құралдары басылады.

Осылайша мектепке оқулық жазу сияқты жауапты да күрделі істерді істеу қажеттілігі туып тұрған заманда, соның үдесінен шығуды көздеп, ғылымдағы негізгі тырнақ алды туындыларын арнаған ғалым кейін іргелі ғылыми мәселелерімен де айналысады.

Қазақстанға келгеннен кейін ғалым қаламынан туған «Түрліше жазылатын бір мәнді сөздер туралы», «Емле жүйелері», «Сызықшаның бастауыш пен басқа мүшелер арасында жазылатын орындары», «Грамматикалық мағына деген не?», «Табыс жалғауының тасалануы» т. б. сияқты тіл білімінің өз кезеңіндегі өзекті мәселелеріне арналған ғылыми мақалалары жарыққа шыға бастайды. А. Байтұрсынұлының «Тіл танытқышынан» сусындап өскен бұл кездегі ғылымдар түркі тіл білімі үшін ең маңызды саналатын күрделі теориялық мәселелерді көтере алғандығымен де ерекшеленсе керек. Айталық, автор қаламынан шыққан «Грамматикалық мағына деген не?», «Төрт етістік ( отыр, тұр, жатыр, жүр)», «Қосылып жазылмайтын сөздер» атты мақалалардың көтерген жүгі жеңіл емес еді.

1920-1940 жылдар мектеп ісі үшін, жалпы ағарту саласы үшін аса ауыр жылдар болғанын атап өту парыз. Бұл заман салған ауыртпалықтармен қатар, жазу таңбасының қайта-қайта өзгеруімен де байланысты болады. Ахмет Байтұрсынұлының реформаланған әліппесімен сауатын ашып қалған қазақ жастарына аз жылдың ішінде латын қаріпін, одан да көп ұзамай Кирилл жазуын меңгеру қажеттілігі туындады. Осы ретте мектепке арнап оқулық, оқу құралдарын жазу, емлені реттеу, оның негізгі принціптерін белгілеу сияқты күрделі мәселелер ғалымдар алдында тұрған келелі міндеттер болды. Ш.Х. Сарыбаев та мұндай күрделі мәселелерден шет қала алмады. «Емле жүйелері», «Ы,І-нің жазылуы туралы», «Қосымшалардың өзгеруіндегі қайшылық» т. б. сияқты мақалаларын ғалым осы мәселеге арнаған.

Ғалым 1944 жылы «Орыс мектептерінде қазақ тілін оқыту методикасы» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғайды. Бұл жұмыс қазақ тілін оқыту әдістемесінен арнайы қорғалған тұңғыш ғылыми жұмыс еді. Кейіннен «Жоғары мектептер программаларын» ( Т. Қордабаевпен бірге), «Қазақ тілі методикасының программасын» жазады.

Жоғары оқу орындарында қызмет етіп жүрген жылдарда әдістемелік негіздегі өзінің негізгі туындыларын жазады. «Қазақ тілі методикасының кейбір мәселелері» атты еңбегі соның куәсі.


Арғынов Хасен Қуандықұлы.


Арғынов Хасен Қуандықұлы (15.6.1926 ж. т. , Павлодар облысы, Бесқарағай ауданы.) – тіл білімі маманы, педагогика ғылым докторы (1971), профессор (1976) . Семей педагогикалық институтын бітірген (1951).

1951-1958 жылдары Республика мектептерінде оқытушы, оқу ісінің меңгерушісі қызметтерін атқарады.

1958-1961 жылдары «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Қазақстан мектебі» журналдарында қызметкер.

1961-1963 жылдары Абай атындағы ҚазПи-де аспирант.

1963 жылы Қазақстан Республикасының Білім министірінің жанында Ыбырай Алтынсарин атындағы педагогикалық ғылымдары ғылыми зерттеу институтында сектор меңгерушісі, кейін Әл-Фараби атындағы ҚазМу-да педагогика кафедрасының меңгерушісі.

«Қазақ тілінің күрделі сөйлем синтаксисін оқыту әдістемесі» тақырыбында кандидаттық (1963), «Қазақ тілінің синтаксисі мен пунктуациясы әдістемесінің негіздері» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Ғылыми-зерттеу еңбектері қазақ тілі синтаксисі методикасының негіздері мен республикады халық ағарту ісінің мәселелеріне арналған.

Шығармалары: Қазақ тілінің күрделі сөйлем синтаксисін оқытк методикасы. АКД.,А., 1974 жыл; Қазақ тілі (9-класс оқулығы А., 1971-1978 жыл;) Қазақ тілінің синтаксисі мен пунктуациясыәдістемесінің негіздері. ДДА., 1971 жыл; Дидактикалық материалдар. А., 1980 жыл.


Шәкәрім Құдайбердіұлы


«Алмас қылыш жатпайды қыл түбінде» демекші қара күш қанша құлыптап ұстаса да, қара құлыпты қақ жарып, өнер нұры жарқ етті. Иә, өнерді қаптаса ұстауға немесе мүлде жойып жіберуге болмайды деген осы. Шын көркем туынды мәңгі өмір сүреді. Ол өзінің иесіне - халқына қайта оралады екен. Кезінде жасампаз жақсы жырлармен елге әйгілі болған жазықсыз ақын ақталады. Атақты ақының Шәкәрімнің асқақ үні ұзақ жылдар бойы өзін аңсап күткен қазақ даласын қайта жаңғыртты. Жақсылықтың жаршысы, ақыл-парасаттың кемел иесі, адамгершіл ақынның жарқын жырлары хақының игілігіне қайта қайтарылды. Қазақстан коммунистік партиясының орталық комитеті «Шәкәрімнің творчестволық мұрасы туралы» (1988 жыл, cәуір айы) қаулысында ақынның мұрасы туралы жақсы айтты. Партияға мың алғыс ... «Ақынның атын ақымақ сөндіруге тиіс емес еді».

Шәкәрім – суреткер, жазушы, атақты ақын. Бай да маңызды мұра қалдырған, өзіндік творчестволық жолы сайрап жатқан сирек кездесер таланттың бірі.

Шәкәрім XIX ғасырдың екінші жартысы, XX ғасырдың алғашқы ширегінде өмір сүріп, шығармашылықпен шұғылданады. Оның өнеге көрген ортасы – Құнанбай ауылының зиялы тобы, ұлы Абайдың талант сүйгіш төңірегі. Шәкәрім жасаған дәуір еліміз қоғамдық жаңғыру жолына түсіп, Россия қарамағында соның бір өлкесі есепті тарихи қадамдар жасап, өзінің экономикасын да, саяси-әлеуметтік жағдайын да түзетуге бет бұрып жатқан кезең.

Шәкәрім осы тарихи кезеңнің талантты перзенті. Бұл жағынан ол халқымыздың зиялы қайраткерлері Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Омар Қарашев тағы басқалармен тағдырлас күрескер болды. Олардың бәрі де өздерінің революциялық өсу кезеңдерін бастан кешті. Туған халқының мәдениеті, азат ел болып, еркін еңбек еттіп, бейбіт өмір сүруін армандады. Сол үшін жан сала күресті, сол мақсаттан жазушылық арнасын тапты.

Шәкәрімнің туып өскен ата-баба шаңырағына да қазіргі біраз жұрт қанық. Қанық болғанда Құнанбайдв, Абайды, оның ұрпақтарын білу арқылы таныс. Құнанбайдың бір әйелінен - Құдайберді, екінші әйелінен абай туған, Шәкәрім Құдайбердінің кенже ұлы. Шешесі – Дәметкен. Яғни, Шәкәрім – Абайдың жақын інісі. Абайдан 13 жас кіші Абайдың ақын балалары Ақылбай мен Мағауиядан үлкен. Жас шақтарында бұлар бірге тәрбиеленген. Әсіресе, олар Абай тәлімін қатар меңгерген. Болашақ ақындардың балалық бесігі, ұшқан ұясы – Абай мектебі. Сонымен қатар ол ауыл мектебінде оқып білім алады. Әкесі жас шағында қайты болғанымен, жетімдік көрмей емін-еркін өседі. Құнанбай шаңырағының болашақ иесі есепті бетқақпай көрмейді. Оның үстіне, Шәкәрім жас шағынан пысық, кітап оқу мүмкіншілігі жетілген кезден бастап, кемеңгер Абай оны терең білім алуға бағыттап отырады. Өз тарапынан Шәкәрім де білім салаларының ілкі басқыштарына тез жетіліп, ерекше үлгеріп, ынта-жігер көрсетеді. Бойына туа біткен талантын да ерте танытады. Есіткенін ескергіштік, айтқанды тез ұғып алғыштық, ерекше ынта-жігерлік байқалмай, есті адамдардың назарына ілінбей қалмайды. Әсіресе, оқығанын тез жаттап алғыштығы, Абай ағасының шығармаларын оқып, жадында ұстағыштығы ерекше көңіл аудартқан. Бұл кезді Шәкәрімнің « Семьялық мектептен» өткен шәкірт шағы деуге де болады. Асылы, мұндай «Семьялық мектеп» өз бетімен оқып, жетілу үлгісі Құнанбай семьясында қалыптасқан дәстүрлі үрдіс. Абайдың өзі қалай өз бетімен оқып жетілсе, Шәкәрім де сол жолмен тәрбиеленген.

«Шәкәрім - өз өмірін өзі жазып кеткен адам», - деп көрсетеді жазушы өміріне жетік ғалым Қайып Мұқаметханов. Жазушының шежіре кітабында жазғандарынан ол мысалдар да келтіреді. Мысалы: «... Ер жеткен соң сол кісіден тағылым алып, әр түрлі кітаптарды оқып, насихатын тыңдап, аз ғана ғылымның сәулесін сездім», - деген екен Шәкәрім.

Жастық, махаббат тақырыптарына жазған шығармалары Абай өлеңдеріне көбірек ұқсайды. Рас ара-тұра гауһар, лағыл, пейіш, хор қызы, ай, жұлдыз сияқты халықтық теңеулерді қолданады. Ғашық жарға деген жүрек сырын, ақ адал ниетін, бойын билеген шын сезімдерін ұстазынша жырлайды:

Гауһардай көзі,

Бұлбұлдай сөзі, жаннан асқан бір пері.

Жүзі бар айдай,

Мінезі бар майдай, өзгеден артық сол жері.

Келтірілген жолдар тартымды, сұлудың сипаты, ғашықтар сезімі жетіледі. Сөйтсе де, ақын қолданған көркемдеу тәсілдері – қарапайым, ауыз әдебиетінің образдары.

Қырық жасқа дейін Шәкәрім ел жұмысымен айналысып, дала, қала жайларын өз көзімен көріп, ондағы түрлі тартыстар, қайшылықтар сырына үңіледі. Бөтен жұрт өмірін, мәдениетін білуге ғылым жетістіктерін тануға талап қояды. Білім мен мәдениет, өнер салаларының жетістіктеріне назар аударады.

Қазақ ауылындағы қараңғылық ошағы дүние молдалар мен дін иелерінің іс-әрекеттеріне байланысты. Шәкәрім қажыны олардың санатына жатқызуға болмайды. Сондай-ақ қаршадайынан әке семьясында құдайға құлшылық ету рәсімі бойынша тәрбие алып, кейін Меккеге барып, қажы атанған оны діни түсініктен арылтам деудің қажеті жоқ. Ол тек дінді, құранды жеке басы мақсатына пайдаланатындарға, дін қасиетін түсінбеушілерге дүмшелерге назары. Ғылым, білімге сенім артып, соған сүйенеді.

Адасып дінші азғанын,

Пәншілер ғылым қазғанын,

Философ ойшыл жазғанын,

Сынауға енді бұрдым бас.

Шәкәрім өзінің қажыға бару сапарын басқа елдерді аралап, Араб елдері, Батыс Еуропа шаһарларында болып, өзге жұртты өз көзімен көру ниетімен әдемі ұштастырады. Бұрын қазақ даласынан көп ұзап шыға алмаған, бірді-екілі орыс қалаларын ғана көріп білген ол енді талай заманнан елге ертегі болған Таяу Шығыс, Батыс елдерімен танысуға құлшынады. Мәдениеті ілнері, ғылым-білім, өнері биік өлкелерді аралайды. Түркия, Иран сияқты шығыс цивилизациясы жоғары халықтармен де жете танысады. Бұрын Орта Азия түркілерінің көне жазбаларын, Қадім кітаптарын оқыған ақын, енді одан мүлде өзгеше еуропалық тұрмыс-салтқа, білім, өнерге жолы түскеніне әбден риза болады.

Басқа елдерге саяхат шегу ілімге, білімге зеру, өнерге сусап барған ойшыл дарынға үлкен әсер етеді. Шығыс, орыс, Батыс классик әдебиетін шұқшия зерттей оқиды. Оқыған шығармаларының халқына үлгі болар дегендерін қазақ тіліне аударады.

«Еңлік-Кебек», «Қалқаман –Мамыр» лирико-эпикалық дастандарын жазады. Қазақ жастарының туындылар өзінің реалистігімен де, тарихи деректілігімен де ерекшеленеді.

Шығыс классикасының Шәкәрім творчествосына әсеріне келсек, бұл салада да ақын қалдырған іздері айқын. Көне түркіні де, оның ішінде, Қашғария сөздігін, Жүсіртің «Құдадғу білігін», Иссауи мен Бақырғани шығармаларын жақсы білген. Қазақ ақын, жыраулары олардың сюжетін өлңге айналдырып, талай хисса-дастандар жасады. Кезінде кең тараған осы «Аударма» үлгісін Шәкәрім де қолданады. Ол Фзулидің «Ләйлі-Мәжнүнін» қазақша жырлады.

Орыс, Батыс әдебиеті, оның XIX ғасырлық тамаша туындылары ақынның ақыл тақтатқан кезде бас алмай оқыған дүниелері рухани қорегі болды. Абай сияқты Шәкәрім де: Гоголь, Пушкин, Лермонтов т. б. алыптарды оқып, көзі ашылып, көкжиегі кеңіген. Өзін ұлы Лев Толстойдың шәкірті, досы санаған. Онымен хат жазысып, ақыл-кеңес сұрап отырған. А. С. Пушкиннің «Дубровский», «Боран» повестерін өлеңмен аударып, өзіндік бір жақсы поэмалар жасаған. Шәкәрімнің жан-жақты қаламгер болып қалыптасуына, сөз өнері тарихына өзіндік ою-өрнекпен зор үлес қосуына көптеген факторлармен қатар оның алдында қазақ халқының бай ауыз әдебиеті фольклордан бірте-бірте бөлініп, жазба әдебиет белгілерін ғасырлар бойы қалыптастырған белгілі ақын-жыраулар мұрасы дамуы, жазба әдебиетінің саф алтын үлгілері Махамбет Өтемісов ұлы ақын Абай қазынасы болуы. Шығыс және Батыс әдебиеті алтын қорынан сусындау, меңгеру дәстүрі жетіле түсуі себеп болды.

Шәкәрім творчествосының басым көпшілігі-поэзиялық шығармалары. Сөз өнерінің осы байырғы түрі поэзияда ең алдымен адам өмірінің қат-қабат қыры мен сыры, Қуат берер қуанышы мен қартайтар қайғысы, алға тартар арманы жетелер үміті сәулелі серпін тұғызар мұрат-мақсаттары – баршасы көркем боялармен, сан қилы ою-өрнегімен көрініс табатыны хақ. Поэзиясында азаматтық, философиялық, махаббат, табиғат лирикалары бар, сонет, тарихи баллада, халық өлеңдері түрінде жазылған шығармалар да кездеседі.

«Қалқаман-Мамыр» поэмасын Шәкәрім «Қазақ тілінде жазылған тарихи хмкая» деп атап, «Мұтылған» деген бүркеніш атпен жариялаған. Шығарма Семей қаласындағы «Жәрдем» баспасында 1912 жылы басылып шыққан. 1722 жылы болған тарихи оқиғаға байланысты шығарылған «Қалқаман-Мамыр» дастаны әр түрлі нұсқада ел есінде сақталған, «Дала уалаяты» газетінде 1892 жылы жарияланған.

Қазақ әдебиеті тарихында, Шәкәрім творчествосында өзіндік ерекше орны бар шығармаларының бірі – «Еңлік-Кебек» поэмасы. Поэма 1912 жылы Семейде «Жәрдем» баспасында «Жалсыз жаза болған іс», «Еңлік-Кебек» деген атпен жарияланғанда Шәкәрім мәнді өлеңдер жазған.

Шәкәрім Құдайбердиевтің мұрасын зерттеуде Қазақ ССР Ғылым академиясы Президиумының жанындағы «Қазақ әдебиетінің даму заңдылықтарын зерттейтін» ғылыми үйлестіру совет пен М. О. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының ғылыми советі бірігіп, 1969 жылы желтоқсанның 3-де өткізген мәжілістің зор маңызы болып, зерттеу туралы пікір алысты.

С. Мұқанов былай деген еді: «Шәкәрім бір қазаққа хат жазған жоқ, маған ғана бір хат жазған еді, сол хаты менде бар, сонда барлық пікірін жазған. Қандай принціп ұстаған, не істеп жатыр, шығармасы қащан жазылған, осылары бар. Осы хатта бірақ мән бар. Хат жазушылық жолының есебі сияқты.

Шәкәрім Құдайбердиев мол мұраның идеялық мазмұн байлығы, тақырыптық ауқымы, жанрлық молдығы, көркемдік бірлігі, стильдік өзгешеліктері, тілдік шеберлігі т. б. толы.

Ақынның қалдырған мұра идеялық-көркемдік мазмұнының байлығымен ерекшеленеді, ол 19 ғасырдың аяғы мен 20 ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті тарихынан үлкен орын алады. Бүгінде халық қазынасына айналып отырған бұл мұра қоғамымызды рухани байытуға, оның гуманистік және адамгершілік идеяларын, мақсат-мұраттарын орнықтыруға қызмет ететіні хақ.

Жазған шығармалары: «Насихат», «Тойымсыз нәсіп», «Өлген көңіл, нысапсыз өмір», «Талап пен ақыл», «Қасқыр, түлкі, бөдене», «Қанішер мен бөдене» ар-ұждан, жақсылық, әділдік, кісілік жолын Шәкәрім өзінің өлеңдер жинағының алғашқы басылымына «Қазақ айнасы» деген образдық бейне қолданғаны тегін емес. Бұл-сөз өнері - өмір сәулесі, өмір суреттемесі деген ақынның биік те терең философиялық әрі эстетикалық түсінік-ұғымы мағынасының көрінісі еді. Көпшілік назарына ұсынып отырған өз туындыларын ақын «Қазақ айнасы» деп жинақы да мағыналы, бейнелі де орамды ат қойып, өзі өмір сүрген кездегі қазақ қоғамының хал-жайының кейбір көріністерін көрсетуі арқылы халықтың ақыл-ой, сана-сезіміне әсер етуді көздеген.

«Қазақ айнасы» жинағына Шәкәрімнің мына өлеңдері енген: «Өзім», «Жуандар», «Бай мен кедей», «Қулар», «Өмір», «Насихат» т. б.

Сөйтіп, өзі айтқанындай, «Жолдасым – қағаз, қарындаш», «Қажымайтын көрілік жеңгенінше» болып, бар шаруаны өзі істеп, оңаша жүрген Шәкәрім туралы қаныпезерлер «ол бандиттермен сыбайлас», «есі ауған» деген сияқты өтірік-өсек, қауесет-лақап таратып, оны түрмеге де жаптырған. Алайда оның бәрі жала екені анықталып Бақанас түрмесінен босатылады. Өмірінің соңғы жылдарын тауда жалғыз өткізген Шәкәрім 1931 жылы қазанның 2-де асыра сілтеушілердің қолынан қаза табады. Олар ақынның сүйегін құдыққа тастайды. Туыстары кейін сүйегін тауып алып жерлеген. Қартты өлтірген жауыздар қылмыстарын бүркеу үшін оның соңынан неше түрлі жала жауып, қара қағаздар жазып «шегелеп», Шәкәрім атын тарихтан өшіруге бар күштерін жұмсаған. Қанішерді жазалаудың орнына, оны қолдаушылар табылған. Адамзат тарихында ақ пенен қара, әділдік пен зұлымдық алысып келсе, сол зұлымдықтың бір құрбаны Шәкәрім болды. Оның аты да, бай мұрасы да зұлымдық, қаскөйлік шырмауынан көпке дейін арыла алмады. Оған ұзақ жылдар бойы ұлтшыл, Совет үкіметіне қарсы, бай-кулактарға жақтас деген жөнсіз, жалған кінә тағылып, аты аталмай келді. Шәкәрім Құдайбердиев 1953 жылы толық ақталып, халық оны ешқашан ұмытқан жоқ. Шындыққа, халыққа, тарихқа, мәдениет пен әдебиетке жаны ашитын адамдар Шәкәрімді, оның жазғандарын, ақыл-өсиеттерін, адал қызметін, асыл мұрасын жадында сақтап, қадірлеген, осы күнге дейін оның шығармаларын жатқа айтатын адамдарды жиі кездестіруге болады.


Жүсіпбек Аймауытов

(1889-1931)


Жан-жақты өнер иесі, сегіз қырлы, бір сырлы дарын, романшы ,драмматург, ақын, аудармашы, зерттеуші Жүсіпбек Аймауытов 1889 жылы қазіргі Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Қызылтау атырабында туған. Әкесі Аймауыт кедей болғанымен, арғы аталары Дәндебай мен Қуан текті , дәулетті атақ-абырой біткен, ел арасында білікті кісілер. Жүсіпбек бірге туған бауырлары Ахмет, Жақыпбек секілді арабша хат тану, оқу үстінде, ағаш шеберлігі, темір ұсталығы өнерін қатар үйренеді. Өзінің 15, 16 жасында өзі ұмтылып, үй ішінің рұқсатынсыз Павлодарға қашып барып, орысша-қазақша екі сыныптық мектепке түседі. Бір жағынан бала оқытып, қаражат таба жүріп, оқуын 1914 жылы бітіреді де, Семейдегі мұғалімдер семинариясына түседі, оны 1918 жылы аяқтайды. Оны бітіргеннен кейін Жүсіпбек Аймауытов қоғамдық қызметтерге араласады, кейін 1921 жылы Семей губерниялық оқу бөлімінің меңгерушісі болып қызметке ауысады. 1926-1929 жылы Шымкент педагогоаклық техникумының директоры болады. Оқытушылық қызметке араласып, оның ішкі қиындықтары мен кезек күттірмейтін қажеттіліктерін толық біледі. Сондықтан да мектептегі тәрбие ісі, оқу, оқыту мәселелеріне арнап көптеген мақалар жазады. Әдістемелік еңбектеріндегі негізгі бағыт – оқыту мен тәрбие ісінің тұтастығын, рухани тәрбие мен тәрбиесінің бірлігін, адамның өзін-өзі тәрбиелеу қажеттілігі мен оның жолдарын анықтап беру болған сыңайлы. Қазақстандағы оқу-тәрбие жұмысымен байсалды тұғылдану барысында, тек мұғалімдік іс-тәжірибені жинақтаушы ғана емес, әдістемелік ғылымның теориялық деңгейін көтеретін ғалым-педагог дәрежесіне жетті.

Автордың 1918 жылы «Абай» журналына жарияланған «Тәрбие» атты мақаласынан бастап, баланың тәрбиесіне үлкен мән береді. Адам баласының өзге жан иелерінен басты айырмасы оның рухани саналы тәрбие алуынан деген ойды киелі етіп ұстай отырып, мақалада баланың кей ұнамсыз қылықтарының болуы тәрбиенің кемшілігінен деген түйін жасайды. Жүсіпбек Аймауытов адам табиғатқа ғана тәуелді емес, тәрбиеге тәуелді деген ой айтады. Әр заманда өмір сүрген ұлы тұлғалардың жасаған іс-әрекеттерін еске ала отырып, олардың жақсы –жаман қылықтары өздері алған тәрбиенің жемісінен болған деген пікірі қай кезде де ескермесі анық.

Білікті ағылшын философы, әрі педагог Дж. Локктың «Баланың ақылы да, жаны да туғанда таза тақтадай болып туады. Таза тақтаға қандай жазу жазса да жазушының еркінде» деген сөзін талдай отырып, ондағы негізгі көзқарақа байланысты өз ойын өзгеше сабақтайды. Адамда жаратылысынан әртүрлі мінез қалыптасып туатынын тілге тиек етеді. Мұның өзі ғалым-педагогтың генетика заңын адам бойындағы негізгі қасиеттің ата-бабадан даритындығын еске салғаны болуы керек. Сондықтан да тәрбие жеке адамның ерекшелігін ескере отырып орындауы керек деген тұжырымымен келіспеуге болмайды. Қазіргі кездегі дамыған тәрбие ғылымының да басты қағидаларының бірі осындай. Яғни, мектептегі тәрбие ісі де, оқыту ісі де жеке адамның ерекшеліктерін ескере отырып орындалады.

Жүсіпбек Аймауытовтың тағы бір өзгеше ерекшелігін қазақ халқының ғасырлар бойы жасап келе жатқан ақыл ойына, даналығына сүйенетіндігі. Ұяда нені көрсең, ұшқанда соны ілерсің, сүтпен біткен мінез сүйекпен кетеді деген мақалдарды еске алып, баланың жеке адам болып қалыптасуындағы ата-ананың маңызды ролін көрсетеді.

Тәрбиешіге Отанның келешегін тапсыруға болады. Өйткені ақылды адам, көбінесе, Отанның күзетшісі, қорғаны деген ойды оқу арқылы да ойларын танимыз. Тәрбие ісі – мемлекеттік іс. Өйткені бүгінгі дұрыс тәрбие – болашақтағы жақсы елдікті танытар азаматтардың өсиетінің белгісі деген салмақты тұжырымды танимыз.

Ж. Аймауытов жас ұрпақты тәрбиелеудің бір негізі ретінде әдет заңдарын айтады. «Әдет заңы» атты мақаласында әдеттің, дәстүрдің қазақ халқының күнделікті тіршілігінде алатын орнын, маңызын айқындайды. «Әдет – бір сақтаулы қазына дей отырып, халық жасаған әдеттердің тәрбиелік мәніне тоқталады.

Ғалымның негізгі ғылыми еңбектерінің бірі – «Жан жүйесі және өнер талдау» деп аталатын зерттеуі. Бұл қазақ психологиясының қырын саралап, жақсы әдепті қалыптастырудағы психологиясының маңызын анықтауға арналған терең мәнді ғылыми еңбек. Өз кезіндегі жан дүниесіне арналған тұңғыш еңбек болуымен де аса құнды. «Жан дүниесі» пәнінің негізін қалап, оның алғашқы терім сөздерін (термин сөздерін) қалыптастырған.

Ж. Аймауытов қазақ тілінің оқыту әдістемесіне арнап ана тілін оқытуға оның әдістемесіне арнап оған жазу мәселесі мен емле жүйесіне байланысты біршама ғылыми мақалалар жариялаған. Ұлттық жазу тілін жетілдіру, жалпы халықтың сауатын көтеру мәселелерін қозғайды. Қазақ баласына хат танытудың өрелі жолы ретінде ғалым-жазушы буын әдісін қолдайды. Балаға әуелі 3-4 дауысты дыбысты үйретіп, содан кейін оағн дауыссыз дауыссыз дыбысты қосып, буын не бір-екі буыннан тұратын сөздерді құрап, жаздырып, оқыту әдісін ұстану қажеттігін дәлелдейді.

1925 жылы жазылған « Ана тілін қалай оқыту керек» атты көлемді мақаласы әдістемелік жағынан құнды. Мұнда зерттеуші ұлт мектептеріндегі ана тілін оқытудың жүйеленген әдісі жоғын тілге тиек ете отырып, әркім өз білгенімен тіл үйретіп, сабақ беріп жүргенін әділ сынға алады. Орыс мектептерінде қолданып жүрген оқыту әдістері жайында мәлімет бере отырып, солардың қазақ мектептеріне қазақ психологиясына қолайлы келетін әдістерін жүйелі қолдану қажеттілігін айтады.

Қазақ әдебиетіндегі ең алғашқы реалистік проза талаптарына жанрдың шарттарына жазып беретін күрделі шығармалардың бірі – «Қартқожа». 1926 жылы Қызылорда да басылып шықты. Автор қоршаған ортаны, тіршілік тынысын, барлық іс-әрекетті осы басты кейіпкердің ой-пікірі, сана-саңылауы арқылы бейнеленді. Кедей-кепшік, жалғыз-жарым ортадан шыққан бала ес білгеннен мазақ, қорлық, тепкі көріп өседі. Қартқожа хат танысам, оқысам, білсем деп ұмтылады. Талабы кесіліп, қанаты қырқылады. Әкесі Жұмағалиға суық тиіп, ақыры қайтыс болады.

1929 жылы басталған зобалаң кезінде қармаққа ілінген Ж. Аймауытов 1931 жылы атылған. Астан-кестен ауыр, бірақ ерекше қуатты да қызық, әлеуметтік төңкерістер, ұлы өзгерістер заманында өмір сүрген Ж. Аймауытов өзінің осы қысқа ғұмырында артына аса бай, бағалы әдеби ғылыми мұра қалдырып үлгереді.

Ол В. Шекспир, В. Гоголь, Л. Н. Толстой, В. Гюго, Г. Мопассан, А. С. Шекспир шығармаларын, бірқатар ғылыми еңбектерді аударды, педагогика, психология, методика, тәрбие туралы зерттеулер тудырды.. Әдебиет, эстетика, сын саласына араласты сан қилы проблемалық мақалалар жазды.


Ыбырай Алтынсарин


Ыбырай Алтынсарин 1841 жылы 20 қазан күні қазіргі Қостанай облысы, Затобол ауданыда туып, 1889 жылы 17 шілде күні ертеңгі сағат 11 шамасында, Қостанай қаласынан 3 шақырымдай жерде, Тобыл өзенінің иіні «Инспектор» көлі жағасында салдырған өз үйінде дүниеден қайтыс болды. Ы. Алтынсарин 4 жасынан атасы Балғожа бидің қолында өседі. Балғожа Жаңбырчин белгілі би, ірі бай болған.Ол ұзақ уақыт Орынборда, Қыпшақ руына старшина болып қызмет істеген, патша өкіметінен шеншекпен алған ірі феодалдың бірі.

Жас кезінде Ыбырай үйінен кетіп, мектепке түсіп, орысша оқып тәрбие алған. 1850 жылы Орынбор қаласында қазақ балаларына арналып7 жылдық мектеп ашылды. Бұл мектепке Ыбырай Алтынсарин 9 жасында түсіп, оны 1857 жылы өте жақсы деген бағамен бітірді. Жаңа ашылған мектепке 30 бала, олардың ішінде 9 жасар Ыбырай оқуға түсті. Жергілікті өкімет орны оқушы қазақ балаларына өзгеше түрлі киім кигізіп, қазақша тамақ астыртып жүргендегі мақсаты – патша өкіметінің өрескел реакцияшыл саясатын бүркеу еді. Балалар мектепте орыс тілі, кеңсе қатынас хаттарын жазу үлгілері, есеп, татар тілі сияқты пәндерді және мұсылман діні сабағын оқыды. Балалар жұма күні намаз оқуға міндетті болды. Жас болғандықтан олар ораза ұстаудан босатылды. Патша өкіметі прогрессивтік дамуға көлденең тұра алмады. Оқушы балалардың ішінен прогрессивтік бағытқа еліктегендері де болды, бұл жөнінде әсіресе Ыбырай өзінің құрбыларынан озат шықты. Мектепте оқып жүрген кезінде Ы. Алтынсаринге Орынбор қаласында тұратын орыс демократтарының әсері болды. Ыбырай ұлы орыс мәдениетіндегі жетістіктермен әсіресе орыс әдебиетіндегі озат жетістіктерімен танысуға ынтызар болды. Ол сабақтан қолы босаса-ақ орыстың ұлы ақындары Пушкиннің , Лермонтовтың көркем сөздің Гогольдің тағы басқалардың шығармаларын мейлінше құмарланып оқыды. Олардың шығармаларын оқумен қабат, Ыбырай Орта Азия халықтарынан шыққан Фердауси, Низами, Наваи сияқты белгілі ақындардың да шығармаларымен танысты. Ы. Алтынсарин көркем шығармаларды, тарих, философия пәндері кітпртарын сол кезде Орынбор погран комиссясында қызмет істейтін белгілі ғалым В. Григорьевтің жеке кітапханасынан алып оқып, бірте-бірте білімін арттырды. Ы. Алтынсарин орыс тілін жете білген кісі. Ол шығыс халықтарының тілдерінен де толық хабары болған адам. 1857 жылы мектепті бітіргеннен кейін, Ы. Алтынсарин халық ағарту майданында қызмет істеуді мақсат етті. Бірақ, бұл мақсатына Ыбырай бірден жете алмады, себебі бұл кезде Қазақстанда ғылым жоқ болатынды. Сондықтан 1860 жылы ол Орынбор облыстық басқару мекемесіне тілмаш болып кіріп, сонда аз уақыт қызмет істеді. 1861 жылы Орынбор облыстық басқару мекемесі, Ыбырайдың тілегі бойынша Торғай және Ырғыз қалаларында қазақ балаларына арнап бастауыш мектептер ашуға рұқсат етті. Торғай қаласында бастауыш мектепті ашуды онымен бірге оқып, 1857 жылы Орынбор қаласындағы қазақ балалары үшін ашылған мектепті бітіріп шыққан Шаһназар Құлыбековке жүктеді. Бұл мектептерді ашуға өкімет тарапынан қаражат берілмеді және жергілікті өкімет орындары да ешқандай көңіл аудармады, жәрдем көрсетуден бс тартты. Ы. Алтынсарин тәуекелге бел байлап, өз бетімен мектеп ашу дайындығына кірісті. Мектеп ашуға дайындық жұмысы 3 жылға созылды. Бұл уақыттарда Ыбырай үйінде қарап жатпады. Бір жағынан ол Торғай бекінісі бастығына тілмаш болып қызмет істесе, екінші жағынан елден 3-4 бала жинап алы, өз үйінде оларды оқыта берді. Сөйтіп, уақытты бос өткізбей, мұғалімдік тәжірибесін арттырды. 1864 жылы 8 қаңтар күні көптен бері күткен халық мектебі ашылды. Ыбырай маңайындағы елдерді тұтас шақырып, жаңа ашылған бастауыш мектептің құрметіне той істеді. Ол балаларға сабақты өте қызғылықты, түсінікті етіп берді. Жеделдігі, зиректегі арқасында Ыбырай оқыту әдісін қызмет бабында, сабақ беру барысында үйреніп, бірте-бірте оның дидактикалық көзқарасы тізілді. Ол оқу процесін күнделікті өмірмен ұштастыруды көздеп, оқушы балалар мектептен білім, тәрбие алатын болса, олар өмірден қоса оқып, тәлім алатын болсын деді. Сөйтіп, Ыбырай Алтынсариннің ұлы ағартушылық қызметінің алғашқы қадамы және оның саяси-қоғамдық көзқарасы қалыптаса бастады. Ы. Алтынсарин белгілі тарихи кезеңде өмір сүрді. 1861 жылғы шаруалар ережесін қабылдағаннан кейін, патша өкіметі әр түрлі жергілікті өкімет орындарын, мектеп жұмысын, сот орындарын қайта құру жөнінде ережелер шығарды. Ы. Алтынсарин ру таласын және басқа да түрлі өрескел сорақылықтарды қоздырушы сұлтанда, ірі байлар Ыбырайдың үстінен әлденеше рет Орынбор оқу округіне, Торғай облысының соғыс губернаторына және ішкі істер министрлігіне арыздар берді. Ы. Алтынсарин байлардың жауыздықтарына қарсы күресті тоқтатпады, қайта күшейте түсті.

Ы. Алтынсарин халықты еңбек етуге үгіттейді, «еңбек етсең - емерсің» деген мәтелді келтіреді. «Кімде-кім біз өзіміздің адал еңбегімізбен тіршілік етіп отырмыз дей алатын болса - ол бақытты адам»,-деп жұртшылықты еңбекке баулыды. Ы. Алтынсарин орыс-қазақ мектептерінің мұғалімдеріне: «Мектептердегі оқушыларды отырықшылыққа, тазалыққа дағдыланатын, әр нәрсеге ақыл-оймен қарай білетін етіп шығаруымыз керек»,-деп нұсқау берді және ол мектептердің халықтың мүддесіне сәйкес ашылулары керек екендігін ашып көрсетті. Ол мектептерді бітіргенде «азды-көпті білім алып, белгілі бір бағыт алып шығып, айналасындағы халыққа өздерінің тың, адал ақыл-ойларымен әсер ете алатын болсын деген мақсатымызды еске ала отырып оқушыларды тәрбиелеу жағына көбірек зер салуымыз керек» деді. Алтынсарин христиан дініне де, мұсылман дініне де қарсы болды. Әсіресе, Алтынсарин адамның басын шыр айналдырып, табиғи тілін бұзатын молдаларға қаны қас еді. Торғай облыстық оқу инспекторы қызметін атқарып тұрған уақытта, Алтынсарин қазақ балаларына христиан дінінің заңдарын оқытуды көздеген миссионерлік бағыттағы мұғалімдердің теріс пиғылын әшкерлеп, оларға дол бермеді, қатаң тиым салды. Орыс-қазақ мектептері дінге қарсы күресуді ең үлкен тірек деп ойлады Алтынсарин. « Мектеп – қазақтарға білім берудің бсты құралы... біздің барлық үмітіміз, қазақ халқының келешегі осы, тек мектептерде. Сондықтан, оқымаған халықты мектепке тарту үшін мектепрде жақсы білім берілетін болсын... Ғылыммен қаруланған, әр нәрсеге дұрыс көзқарасы бар осы оқушылар қазақ арасында көбейіп, бүкіл халыққа әсер ете алады. Сонда... фанатизмнің де күлі көкке ұшады»,-деп Ыбырай Алтынсарин еңбекші халық бұқарасына дұрыс бағыт көрсетті.

Ы. Алтынсарин Қазақстанда ұлы ағартушылық идеясын қалың халық бұқарасына тарататын, сөйтіп, оны ілгері алып бара алатын кадрлар даярлауды ірі мақсат етіп қойды. Мұндай кадрларды ол тек азаматтық халық мектептері арқылы ғана дайындап шығаруға болатындығын ұғынды. Ы. Алтынсарин Қазақстанда халық ағарту жұмысын ұйымдастырып, оны жолға қоюды, оған дұрыс бағыт беруді үлкен арман етті. Халық ағарту жұмысын ұйымдастырып, оны ілгері алып бару үшін алғашқы кезде «түгел беріліп, халықты сүйетін, мен сияқты қазақ керек» ,- деп жазды ол. 1879 жылы Ы. Алтынсарин Торғай облыстық мектептер инспекторы болып тағайындалды.

Ы. Алтынсариннің аса көрнекті тарихи еңдегінің бірі – ол тұңғы рет Қазақстанда азаматтық халық мектептерін ашты, сол мектептреде орыс тілін және қазақтың ана тілін жеке пән етіп енгізіп, оны оқушы балаларға білім жолымен үйретті, азаматтық мектептерді патша үкіметінің реакцияшыл миссионерлік саясатына да, реакцияшыл ислам дініне де қарсы ұстай білді. Сөйтіп, Ыбырай Алтынсарин бұл идеяны өзінің шығармаларын да дәріптеді, іс жүзінде де асыруға жедел кірісті. Оның ашқан мектептері қазақ даласына ұлы орыс халқының демократияшыл озат мәдениетін тарататын тіректі пунктке айналды. Алтынсарин ағартушылық жұмысын іске асыруда талай қиыншылықтарға кездесті, оған ағарту жұмысын тыңнан ұйымдастыруға тура келді. Торғай облысының бас қаласы Орынбор болды. Барлық облыстық мекемелер сонда тұрды. Ал Ы. Алтынсарин облыстық мектептер инспекторы болып тағайындалғаннан кейін, үш жылға жуық Торғай қаласында тұрып, одан соң Қостанай қаласына көшіп барды, сонда тұрып облыста ағарту жұмысын басқарды. Ол Қостанай қаласына үш шақырымдай жерде, Тобыл өзенінің иініңде, бір кішкене көлдің жағасында, өз қаражатымен үй салдырып, сонда тұрып, инспекторлық қызмет атқарды. Өзінің өлер шағында , сол үшін орыс-қазақ мектептерінде істейтін мұғалімдерге бағыштады. Ол үй келешекте демалыс үйіне айналды. Ал 500 десятинадай өзіне тиісті жерін, ол Қостанай қаласында ашылғалы жатқан ауылшаруашылық училищесіне бағыштады.

Алтынсарин мекендеген жердегі көлді жергілікті халық «Инспектор көлі» делініп аталынады. Облыстық мектептер инспекторы болып тағайындалғаннан соң, Ы. Алтынсарин мектептер ашуға кірісті. Ол алдымен уездік қалаларда орыс-қазақ балалары бірге оқитын орталық орыс-қазақ училищелерін ашуды қажет деп тауып, бірден дайындық жұмысын жүргізді. Бұл мектептерді ашу оған оңай соқпады. Өйткені, өкімет тарапынан қаржы берілмеді, тіпті бұл іске көңіл де бөлінбеді. Ы. Алтынсарин Торғай облысындағы 4 уезді аралап мектеп ашуға халықтан қаражат жинады. Жер-жерде халық бұқарасы оның просветительдік идеясын қуанышпен қарсы алды. Осы училещелерді жабдықтауға Алтынсарин айрықша көңіл бөлді. Ол орталық орыс-қазақ училищелерінің жанынан көрнекті кітапханалар ашуға үлкен мән берді. Бұл ашылатын кітапханалар тек мектеп оқушылары үшін ғана емес, жалпы халық үшін де ашылулары керек, бұлардан жұрттың бәрі де кітап алып оқуға ерікті болуы керек деп ұйғарды.

Ы. Алтынсарин ауыл шаруашылығы мамандарын, өнеркәсіп мамандарын даярлап, шығаратын мектептер ашуды, сөйтіп, осындай игілікті істің негізін салуды арман етті. Халықтан қаражат жинап, ол Торғай қаласында ремесленое училище ашып, қазақ балаларын жалпы пәндерден тыс түрлі қолөнер кәсібі мамандығына, ұсталыққа, тері илеу мамандығына үйретті. Қостанай қаласында ауыл шаруашылық училищесін ашуға жоғары үкімет орындарынан рұқсат сұрады, бұл мектептің пайдасына, өзіне тиісті 500 десятина жері де бағыш етті. Бұл училищені ашуға жоғарғы үкімет орындарының рұқсаты Алтынсарин қайтыс болғаннан кейін барып алынды. Сөйтіп, Осы ауыл шаруашылық училищесі Алтынсариннің талабы бойынша Қостанай қаласында көп ұзамай-ақ ашылды.

Сонымен қатар Ы. Алтынсарин уездік қалаларда қазақ қыздарына арнап кчилищелер ашуды көздеді. Қыздар училищесін ол алдымен Ырғыз қаласында ашуды қолайлы көрді. Училищенің жанынан интернат ашуды да ойлады. Ол облыстық соғыс губернаторына қатынас жазып, одан қыздар мектебін ашуға рұқсат сұрады. Бірақ, өкімет орындары Ы. Алтынсарин қайтыс болғаннан соң ғана 4 жерде қыздар училищелерін ашуға рұқсат берілді. Сөйтіп, Алтынсариннің тілегіне сәйкес қыздар училишелері Торғайда – 1891 жылы, Қостанайда – 1893 жылы, Қарабұтақ селосында – 1895 жылы және Ақтөбеде – 1896 жылы ащылды. 1896 жылы Торғай облысының қоластындағы қыздар мектептеріне небәрі 211 қыз, олардың ішінде 70 қазақ қыздары, 141 орыс қыздары оқыды. Сөйтіп, Ы. Алтынсарин халықтың болашағын көздеп ғасырлар бойы езіліп, теңдікті аңсап келген қазақ қыздарының оқып, білім алуларына із салды. Ы. Алтынсарин: 4 жерде уездік орыс-қазақ училищелері, қолөнер училищесін, ауыл шаруашылығы училищесін, қыздар мектебін ашумен іс бітпейді, халық ағарту жұмысы бұлармен мүлдем қанағаттанбайды деді.

Ы. Алтынсарин Қазақ халқының тарихында бірінші рет педагогикалық білімнің іргесін қалады. Ол орыс-қазақ училищелерінде математика, физика, химия, география, тарих, орыс тілі, қазақ тілі пәндерін оқытты. Блаларға орыс тілін оқытуға және ана тілін оқытуға айрықша көңіл бөлу керек екендігін дәлелдеп, мұғалімдерге нұсқау берді. Алтынсарин «Қазақ хрестоматиясын» орыстың ұлы педагогы К. Д. Ушинскиймен белгілі педагог Паульсонның хрестоматияларының үлгілерінде құрастырды. «Қазақ хрестоматиясы» 4 бөлімнен құралды: бірінші бөлім-өлеңдер мен балаларға арналған ұсақ әңгімелерден, ертегілерден құралды; екінші бөлім-үлкен кісілер тұрасындағы әңгімелерден құралды; үшінші бөлім-ел әдебиеті нұсқауларынан, әр түрлі өлең-жыраулардын; төртінші бөлім-мақалдар мен мәтелдерден құралды. «Қазақ хрестоматиясына» арналған сөз басында автор: «Ең алғашқы рет туып отырған еңбек болғандықтан, бұл хрестоматияның мүмкін кейбір кемшліктері болар, бірақ ол дегенмен, ізсіз жоғалып кетпес, ең алғашқы рет оқытылайын деп отырған кітап ретінде көзделген мақсатқа дөп келер деген сеніммен өзімді-өзім жұбатып отырмын»,-деп жазды. Ы. Алтынсариннің осы бағасының өзі де, бұл еңбектің қазақ мәдениетінде үлкен орын алатындығын, өте маңызы зор екендігін сипаттайды. Аотынсарин ғылымды дәріптеп қана қойған жоқ, ол қазақ жастарына ғылымды меңгеру жолдарын да көрсетті. Оқу барысы, тәрбие жұмысы үлгілі сатыға қойылған халық мектептерін ашты.


ПРАКТИКАЛЫҚ БӨЛІМ


Практикалық және лабораториялық сабақтарға, студенттердің өздік жұмыстарына арналған тапсырмалар


  1. А.Байтұрсынұлының «Тіл құрал» еңбегін оқып, конспектілеу
  2. Х.Досмағамбетовтың «Аламан» еңбегін оқып, конспектілеу
  3. Қазақ тілі әдістемесінің тарихы туралы. /конспект/
  4. Сөздердің қолдану өрісіне байланысты түрлері: Жалпылама лексика. /конспект/
  5. Қазақ тілі-ұлт тілі, ұлттық әдеби тіл және мемлекеттік тіл. /конспект/
  6. Қазақ тілінің шыққан тегі мен даму кезеңдері типологиялық белгілеріне шолу. /конспект/
  7. Қазақ тіл білімінің зерттелу тарихына шолу. /конспект/
  8. Кітаби лексика /конспект/
  9. Сөздердің стильдік қызметіне байланысты түрлері.