Диссертация ғылыми жетекшісі : филология ғылымдарының

Вид материалаДиссертация

Содержание


Сол уақытта Абай үлкен ықылас білдіріп, айрықша бір тағзыммен төсін басып, қатты дауыстап
Мұртазаның бір қарындасын Сүттібек ағам алған, Енді Сүттібектің қарындасын Мұртаза алмақшы. Сонда айырбас па, немене өзі? – Айша
Ой, тоба-ай, - деді апам ернін сылп еткізіп
Біз Айшаға қараймыз. Айша бізге қабағын түйіп, астыңғы ернін жымқырады. Алмаңдар дегені
Ақбілек те ақ орамалын желпілдетіп қоштасты
Мына Кенже мырзаға не көрініп кетті, тыр жалаңаш қарындасының отауына кіріп? - десті от басында жүрген әйелдер беттерін шымшылап
Бетім-ау, мына Kесір болмағай да! – деді
Екі жас келіншек иіскесті, танысты, қалжыңдасты, білісті. Білісті де сеністі, Ұлпан ақырын ғана Шынардың санын шымшып алды
Бозінген әлдебір қызық өсек айтады екен деп
Келдім ғой, әрең шықтым, - деген қыз, үнін сыбызғыдай сызылтты.
Есеней ұзап бара жатқан бала жігітке әлі қарап тұр..
Мен сені бұдан былай Ақнарым дермін!
Аққал, Қалдыгүл, Меңдігүл, Қалдықыз, Меңдіқыз, Меңтай, Анар, Нышанкүл
Дүйсенкүл-Дүйсенбек, Сейсенкүл-Сейсенбек, Жұмагүл- Жұмабай, Наурызгүл - Наурыз, Сайлаукүл-Сайлаубек ,т.б.
Айсұлу, Күнсұлу, Жансұлу, Жібек, Сымбат, Нәзікен
Поштақұлдың қатыны Тойсын үйде жоқ (
Бір әке, бір шешеден жалғыз едім
Күңбике деп ататып еді. Шыңғыс туғалы бұл өзі сорлы бейбақтың онсыз да түсіңкі назарын тіптен жер қылмаймын деп Күнбике
Бибісара. Шоқай
Сэр, Мәнсияны – Манс
...
Полное содержание
Подобный материал:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12
, қос қолдап амандасу, иіліп сәлем салу, төс қағыстыру, бет шымшу, ернін сылп еткізу, жаулығымен көзін сүрту, алдына қамшы тастау. т.б. кинемалар қазақ халқына тән ұлттық болмысты танытатын бейвербалды элементтерге жатады. Көркем мәтінде көрініс тапқан ұлттық сипаттағы кинемалардың мән-мазмұнын саралай келе, тілімізде жиі кездесетін осындай бейвербалды элементтерді қолдану басымдылығына орай ер кісілерге, әйелдерге тән және ортақ кинемалар деп арнайы бөлген С.Бейсенбаеваның пікіріне қосыламыз [36, 13 б.].

Мысалы, ер адамдар қарым-қатынасында «малдас құрып отыру», «төс қағыстыру», «қамшы тастау», «мұртынан күлу», «сақалын шошайту», «сақал­мұртын сипау» т.б. ишараттары жиі көрініс берсе, ал «бетін шымшу», «шашын жаю», «шашын жұлу», «орамалын бұлғау», «қос бүйірін таяну», «ернін сылп еткізу» т.б. әйелдерге тән кинемалар болып есептеледі. Ал «қол бұлғап шақыру», «жағасын ұстау», «басын изеу», «мұрнын шүйіру» сияқты ым-ишарат түрлері ортақ болып келетіні анық.

Түрлі әлеуметтік топ пен жыныстар арасындағы қарым-қатынастың тілдік немесе жоғарыда келтірілгендей тілдік емес факторларын көркем мәтін аясында кейіпкерлердің көңіл-күйін, ішкі сезімін, түрлі жағдайға көзқарасын алуан түрлі психологиялық ерекшеліктерін нақты бейнелеу үшін авторлар өзге көркемдік тәсілдермен қатар түрлі кинесикалық элементтердің көмегіне де жүгінетінін байқауға болады. Сонымен бірге күнделікті өмірмен қатар көркем шығармаларда кездесетін этномәдени элементтер коммуниканттардың әлеуметтік және биологиялық белгілеріне байланысты кинетикалық жүріс-тұрысы мен мінез-құлқының ұлттық ерекшелігін зерттеп-білуге мүмкіндік береді.

Ұлттық мәдениетімізді, ұлттық дүниетанымымыз бен таным-талғамымызды айқынырақ танытатын ым-ишараттар, олардың ішінде қазақ әйеліне тән кинесикалық элементтер қазақ жазушыларының шығармаларында молынан ұшырасады. Әйтсе де, қазақ этносы өкілінің қайталанбас қасиеттерін білдіретін қайсыбір кинемалардың кей жағдайда әйел мен ер кісіге, үлкен-кіші қауымға ортақ болатынын да ескерген жөн деп есептейміз. Мысалы, күнделікті өмірде үлкен маңызға ие сәлемдесу әр халықтың тілінде әр түрлі болып келуімен бірге коммуниканттардың әлеуметтік, биологиялық, т.б. сипаттары мен қатынас формаларына орай сараланып, ерекшеленіп тұрады.

Сәлемдесудің белгілі, қалыптасқан вербалды түрлерімен бірге бейвербалды амалдары да қолданылады:

Сол уақытта Абай үлкен ықылас білдіріп, айрықша бір тағзыммен төсін басып, қатты дауыстап:

Ассалаумағалейкүм!.. – деп сәлем берді (М.Әуезов. Абай жолы).

Ер адамдар қос қолдап, төс қағыстырып амандасса, қыз балалар мен әйелдер бір-бірімен құшақтасып, сүйісіп немесе қол алысып амандасуы мүмкін. Сондай-ақ қазақ халқының әдет-ғұрпында жас келіндердің ата-ене, қайын ағалары немесе жасы үлкен кісілермен тізесін сәл бүгіп, қолын айқастырып тізесінің үстіне қойып, басын иіп сәлемдесу дәстүрі бар. Мысалы,

Үшеуі де қабырғаласып өте берген Есенейдің пәуескесіне беттерін бұрып, бір тізелеп сәлем етті (Ғ.Мүсірепов. Ұлпан.).

Ұлпан үлкендерге бұрылып бір тізелеп сәлем етті. Шынар да соны істеді, ұяла-ұяла, бетін жаулығымен бүркемелеп сәлем етті (Сонда).

Көп уақыттан бері көріспеген жақын, туыс адамдардың бірі екіншісінің мойнынан құшақтап немесе мойнына асылып сағынышы мен қуанышын білдіретіні белгілі. Мұндай қимылдар қыз бала не жас әйел тарапынан немесе жасы кіші бала мен оның шешесі, әкесі, атасы-апасы арасында жиі кездеседі. Аталған ишарат түрі сондай-ақ жақын адамына еркелеу мәнін де білдіреді. Мысалы, Орысша киінген әйел таныған сайын келіншек тесірейе қарап, дәл қасына келе бергенде:

- Бауырым, жиен-ау, сені де көретін күн бар екен! – деп, ұшып түрегеліп, мойнынан құшақтай алды (Ж.Аймауытов. Ақбілек).

Салтанат сыңғырлай күліп, мойныма асыла құшақтады да, тостақты ерніме тақады (Д.Исабеков. Гауһартас).

Сыйлас құдағилар арасындағы сәлемдесу этикеті де ұлттық әдет-ғұрыпты танытатын бейвербалды амалдардан тұрады. Мысалы,

Құдағи! – деп жайраңдай күліп Жаниша келді. Қос құдағи әуелі қолдарын ұшынан ұстасып, құлаштарын екі жағына үш-үштен керіп барып құшақтасты (Ғ.Мүсірепов. Ұлпан).

Ері, баласы, жақыны, туысы қайтыс болған әйелдің қара жамылып, жоқтау айтуы халқымыздың ежелден келе жатқан салт-дәстүрі. Қайғы-қасіреті мен шерлі көңілін жақынын жоғалтқан әйел бетін жырту, бетін тырнау, шашын жаю, шашын жұлу, қос бүйірін таяну сияқты паралингвистикалық амалдар арқылы білдіріп, қайтыс болған ерінің, баласының, туысының жақсы, асыл қасиеттерін жоқтау жырына арқау еткен. Мысалы,

Қара бір шашым жаяйын,

Жаяйын да жияйын.

Құнарлы бармақ жез тырнақ

Күнде қанға бояйын.

Албыраған ақша бет

Сүйегіне тояйын!

Мойындаған қаракөз

Жаспенен оны ояйын,

Алшаңдап жүрген жас төрем

Орныңа кімді қояйын (Боздағым. Қазақтың жоқтау жырлары).

Көне замандарда, көне түркі кезеңі саналатын У УІІІ ғасырларда түркі тайпалары қайтыс болған адамға қатты қайғырып, «өлген адамның тумалары шашын жұлып, бетін тырнап, құлағын кесіп, өздерін қорлайтын» әдет болған. Оның мәнісі: «Өлген жақсы адамның артында қалып, онсыз сүрген өмірде не мән бар?» деп қараудан шыққан [37, 12 б.]. Ертеде көптеген халықта қатты қайғырғанда, бетін тырнап, айғыздаумен бірге шашын жұлып немесе тақырлап алып тастайтын болған. Кейбір тайпаларда ері қайтыс болған әйел бұрымын кесіп, күйеуіне деген адалдық белгісі ретінде оны күйеуімен бірге жерлеген.

Аталған бейвербалды амалдың қазақтың жоқтау жырларын айтқан кезде қолданылуы сол кезден қалған болуы керек деп топшылаймыз.

Бұл кезде Бөжейдің өз үйінің ішінде қара сұр бәйбіше шаршысын шорт байлаған. Қара шашын тарқатып, екі иініне жайып салған. Қан сөлден айрылып, сұрланып талған жүзінде көк тамырлары білінеді. Екі бетінің ұштары жылап жыртқан тырнақтың табын сақтап, жарадар боп тұр (М.Әуезов. Абай жолы).

Қарт ана оқыс есін жинап алды.
  • Ойпырм-ай!.. – деп өкіріп, жас жуған бетіне тырнақ салып, қанын ағыза осып-осып жіберді. Қанша кісі жабылса да, күйік көтерген әйел қолда тұрмай, жұлқып шықты. Ажал шеңгелі жалғыз баласын бүріп алып, жұпыны жер үйдің бір жағын омсырайтып ойып әкетіп бара жатқанын көрді. Қара шашы жайылып кеткен. Үрей қаптаған көздерінің ағы айналып, ұясынан шыға ақшаңдап: «Жан ботам-м!» - деп зарлап, қос қолын созып ұмтыла берді де, құлап түсті. Үй ішінде жыламаған жан жоқ. Еламан да жылады (Ә.Нұрпейісов. Қан мен тер).
  • Өткен көктемде «Майданда ерлікпен қаза тапты» - деп артынан қара қағаз келген. Қатын, бала-шағасының көзінен жас емес, қан ағып, кәрі шешесі жер тоқпақтап, бетін тырнаған (Д.Исабеков. Біз соғысты көрген жоқпыз).

Ауыр қайғыны, зор қасіретті білдіретін аталған бейвербалды әрекеттерді күнделікті өмірде, жайшылықта қазақ қыздары мен әйелдерінің қолдануына тыйым салынып, жаман ырымға баланған.

Ал орыс халқының әйелдері жақындары өліп, о дүниелік болғанда өздерінің қайғылы, шерлі екендіктерін білдіру үшін қара киініп жүреді. Сонымен қатар олар туыс адамын жоқтағанда қолын қусырып алып, жеңіл түрде теңселіп, басын шайқау қимылдарын қолданатын көрінеді.

Кейбір бейвербалды амалдар бірқатар ұлттың, этникалық ұжымның мүшелеріне тән болғанымен, олардың білдіретін мағыналары бірдей болмауы мүмкін. Ұлттық дүниетаным мен көзқарастың, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптың, сезім мен сенімнің, өмір сүру ерекшелігінің асыл сынығы болып саналатын ондай кинемаларды ұғыну ұлттық аялық білім негізін игеру арқылы ғана мүмкін болмақ. Мысалы, жоғарыда көрсетілген қос бүйірін таяну қазақ халқы үшін ауыр қайғы-қасіретті білдіріп, дүниеден өткен адамды жоқтау барысында ғана қолданылса, орыс ұлтының әйелдері үшін «бүйірін таяну» кинемасы ашуланған кездегі, біреумен ұрысқанда немесе бір шешімге келіп, оны айтар сәттегі, кейде қалыпты жағдайдағы, ешкімге ерсі көрінбейтін, көз үйренген қимыл түріне жатады.

«Қазақ әйелі» концептісіне қатысты бейвербалды амалдардың ең көп тарағаны – «ернін сылп еткізу», «аузын сылп еткізу» сияқты тұрақты сөз тіркестеріне сай келетін ым-ишараттар. Олар көркем шығармадағы кейіпкерлердің таңырқау, жақтырмау сияқты эмоционалдық жай-күйлерін білдіру үшін қолданылады.

Мысалы, Мұртазаның бір қарындасын Сүттібек ағам алған, Енді Сүттібектің қарындасын Мұртаза алмақшы. Сонда айырбас па, немене өзі? – Айша ернін сылп еткізіп қойды (Ш. Мұртаза. Ай мен Айша).

Ұзатылып бармай жатып, айналасы бір-ақ қыстың ішінде Есеней сияқты адамның арыстанын илеп-билеп алған қызына Несібелінің таңданбасқа шарасы жоқ еді. Бірақ таңданғанын білдірмейін деп аузын бір сылп еткізді де қойды (Ғ.Мүсірепов. Ұлпан).

Ой, тоба-ай, - деді апам ернін сылп еткізіп. – Бұ заманның қыздары күтеді әні. Қарны ашып келеді деп шала бүлініп жатысымыз мынау...(Д. Исабеков. Гауһартас).

Көркем мәтіндегі қолданыстан аңғарғанымыздай, аталған бейвербалды амал түрі қазақ әйелі мен кемпіріне тән болғанымен, жас қыздарға жараспайтын, ерсі көрінетін ым-ишарат екені байқалып отыр. Ал «ернін шығару» ишараты негізінде қалыптасқан «ернін шығарды» фразеологизмі әйелге тән әжуалау түрін білдіріп, көркем мәтінде «мазақтады, күлді, келеке етті» деген мағынада жұмсалады. Мысалы, Өрік қырындаған кезінде қатындар біріне-бірі қарап, еріндерін шығарып:

- Мынау бір ындыны жарымаған шіркін ғой! – деп күңкілдесті (Ж.Аймауытов. Ақбілек. 290-б)

-Ағаңыз келіскен екен, - деп Күнікей ернін шығарды (Ж.Аймауытов. Күнікейдің жазығы).

Сонымен қатар көркем шығармада жиі қолданылатын «ернін жымқырды», «ернін қымқырды» ишараттары жақтырмау, құптамау мағынасын, «ернін шүйірді» менсінбеуді білдіреді, ал «ернін тістеді» кинемасы бір жағдайда «сөйлеме» деген мағынаны білдірсе, енді бірде аталған мимиканы әйелдер қиналғанын білдірмеу үшін қолданады. Мысалы,

Біз Айшаға қараймыз. Айша бізге қабағын түйіп, астыңғы ернін жымқырады. Алмаңдар дегені (Ш. Мұртаза. Ай мен Айша).

Бұл сөздің бәрі Бозінгенге жарадай тиді. Ләм деуге айтары болмай, тымырайып, жапалақ ернін жымыра берді (Ж. Аймауытов. Ақбілек).

Айша астыңғы ернін тістелеп, басын шайқады. Айша басын тектен-текке шайқамайды. Оны мен біле-е-мін. Әсіресе астыңғы ернін тістелесе – қи-ы-ы-н. (Ш. Мұртаза. Ай мен Айша).

Сонымен қатар «жаулықтарымен көзін сүрту», «етегінен сүю», «ақ орамалын желпілдетіп қоштасу» сияқты бейвербалды компоненттер де қазақ әйелдеріне тән. Мысалы, Кемпірлер жағы оның пошымы бөтен венгеркесінің етегінен сүйіп, жаулықтарымен көздерін сүртіп, тәу етіп жатыр (Ш. Мұртаза. Aй мен Айша).

Ақбілек те ақ орамалын желпілдетіп қоштасты (Ж.Аймауытов. Ақбілек). Балықшылар мұңды жүзбен мүлгіп отыр. Әйелдер қаза үстінде де күйеулерінің қас-қабағына қарап дауыс шығара алмайды. Жаулығының шетімен аузын басып, үнсіз егіліп жас төгіп тұр. (Ә.Нұрпейісов. Қан мен тер).

Қазақ әйелдеріне ғана тән «бет шымшу» ишараты қазақтың ұлттық мәдениетінде ұялудың нышаны, ерсі қылықтан шошыну белгісі болып табылады.
  • Мына Кенже мырзаға не көрініп кетті, тыр жалаңаш қарындасының отауына кіріп? - десті от басында жүрген әйелдер беттерін шымшылап (Ф.Оңғарсынова. Шашы ағарған қыз).

Сонымен қатар әйелдер өздерінің қатты таңқалғанын « сұқ саусағымен бетін бір сызу» ишаратымен де білдіреді:

Әкеме адырая қарап аз тұрған Қазина, бетін оң жақ қолының саусағымен бір сызып, үлкендеу көзін кеңірек ашты да, ернін бір сылп еткізіп:
  • Бетім-ау, мына Kесір болмағай да! – деді (С.Мұқанов. Мөлдір махаббат).

Жоғарыдағы қазақ әйеліне ғана тән бейвербалды амалдардың ішінде «аузын сылп еткізу», «бетін шымшу», «бетін сұқ саусағымен сызу» қимыл­ишараттарының о бастағы шығу төркіні неде, қандай мәнді меңзейді, оның тамырында сакральды, киелі мән жатыр ма, мифтік таным негізінде қалыптасқан ба деген сияқты сұрақтар туындайды. Осыларды ажырату мүмкіндігі болмағанын, аталған мәселені жан­жақты, тереңірек қарастыруды алдағы зерттеулерде ескеретінімізді айта кетуді жөн санаймыз.

Ал төменгі ситуацияларда «шымшу, қыршу» қимылдарымен байланысты бейвербалды амалдар назар аударту, еркінсіп ойнау, сондай-ақ ересек қыздар мен әйелдердің жас баланы жат, ерсі қылығы үшін жазалау тәсілдерін білдіреді.

Екі жас келіншек иіскесті, танысты, қалжыңдасты, білісті. Білісті де сеністі, Ұлпан ақырын ғана Шынардың санын шымшып алды (Ғ.Мүсірепов. Ұлпан).

Бұл сорақы, сорлы ісімді көріп қойған Айша үн-түн жоқ, онсыз да аяздан тырсылдап тұрған құлағымның сырғалығын қолымен қыршып алғандай болды. Құлағым тыз етті (Ш. Мұртаза. Ай мен Айша).

Көркем мәтінде кездесетін төмендегі бейвербалды амалдар да «қазақ әйелі» концептісіне қатысты болуымен бірге қазақ мәдениетіне тән тұрмыс-тіршілікті адресаттың көз алдына айқын елестетуіне жәрдемдеседі. Мысалы,

Сүтін жайлап, ілегенін төгіп, күлін шығарып, ыдыс-аяғын жуып болған соң, Алтынай пештің түбіндегі шекпен жапқан қара аяққа ұн салып алып, жүресінен отырып, тоқыраңдап бауырсақ иледі (Ж. Аймауытов. Ақбілек).

Бозінген әлдебір қызық өсек айтады екен деп, кимешегін желкесіне қарай бір тартып, жампаңдап, құлағын таяй береді (Сонда, 196-б).

Пеш алдында ұршығының ұшымен ортаға салынған шоқты шұқып үнсіз апам отыр (Д. Исабеков. Гауһартас).

Шешесінің қасында тұрған Ұлпанды көздерімен ғана жанап өтті. Қыз балаға одан артық көңіл аудару ерсілік болатын. Қыз да бұлардың әрқайсысына көз қиығын серпе тастап, көзімен ғана амандасты (Ғ.Мүсірепов. Ұлпан).

Қыз Мүсірепті көрді де тұра қалды. Еркек алдынан өтпейтін салты бар екен (Сонда 97-б.)
  • Келдім ғой, әрең шықтым, - деген қыз, үнін сыбызғыдай сызылтты.

Маржан үнсіз кеп, кең етегімен тізесін қымтай отырды (С.Сматаев. Елім-ай).

Қазақ әйелінің көңіл-күйі, сезім әлемі, ішкі дүниесі нәзік болуымен бірге шытырманға толы, аса күрделі. Әйелдер жаратылысынан ерлерге қарағанда анағұрлым сезімтал. Осыған байланысты «әйелдік интуиция» деген жеке ұғым да қалыптасқан. Әйелдерде бейвербалды белгілерді олардың ұсақ-түйегіне дейін бірден байқап, тез арада айтылмақ ой мен емеурін, ишараны шешетін туабітті қабілет ерекше дамыған:

Орыс жырларындағы Владимир Красное Солнышконың немере қарындасы Любава Грекия жерінен келген ер адамның әйел екенін бірден таныған. Оның түсіндіруінше, гректің жүрісі майда, адымы жиі, ал отырғанда екі тізесін бірге жинап әйел адам ғана отыратындай қалыпта отырады [16, c.173].­

Мұндай көріністі атақты сөз зергері Ғ.Мүсіреповтің «Ұлпан» повесінен де кездестіруге болады:

Қысқа қарай төрт қос жылқысына жайлы қоныс іздеп шыққан Есенейге арызын айтып келген батыл да балаң жігіттің қыз екенін ешкім сезбегенмен, ақынжанды түрікпен Мүсіреп қана байқап қалады:

Есеней ұзап бара жатқан бала жігітке әлі қарап тұр..
  • Қап, құйрығын түріп жіберіп дүрелеп алу керек еді өзін! – деді аңшы Мүсіреп қайта қызына бастап..
  • Апыр-ау, бұл кімнің қызы болды екен? – деп түрікпен Мүсіреп Есенейге қарады.
  • Қыз? – күні бойы Есенейдің аузынан шыққан екінші сөз осы еді.
  • Ие, қыз!.. «Міне, айыбым!» – дегенде көз құйрығымен өзіңді бір шарпып өткенде нағып байқамадың? Шарпып емес-ау, көз қиығын серпе тастап қарайтыны бар екен де!..(Ғ.Мүсірепов. Ұлпан).

Заманның өзгерісімен бірге бұрыннан қалыптасқан құндылықтар жүйесіне де өзгерістер енуде. Осындай ана сүтімен енетін қасиеттерден бейхабар жас ұрпақ өкілдері ым-ишарат түрлерінен, олардың мағынасынан хабарсыз.

Еркек қаһарынан, қатын қасиетінен айрылды. Бұл күнде ұл жігерсіз, қыз бақытсыз. Шал шал болғысы келмейді, кемпір кемпірліктен қашқақтайды. Жасы кішілер долаң, емеурінмен ғана сездірілер, көз қиығымен ғана ұқтырылар, ишарамен ғана түсінісер өтініш, арыз, арман барынан таскерең, мылқау. Дүңк еткізіп қойып қалады сөзбен, тіпті өзара қарым-қатынастарының түрінен шошисың (М.Қожахметова. Жантәсілім).

Aл «Ымды білмеген дымды білмейді» деген халқымыздың қыздары мен әйелдері де өздерінің ішкі сезімін, ой-пікірін, таным-талғамын, көзқарасын сөз құдіретімен бірге ым-ишарамен де шебер, дәл білдіріп және өзгелердің көңіл күйін сезімталдықпен аңғарып отырған. Жоғарыда көркем мәтіннен алынған мысалдардағы бейвербалды амалдар, кинемалық бірліктер тек «қазақ әйелі» концептіне ғана қатысты болып қана қоймай, қазақ мәдениетіне тән әдет-ғұрып, салт-дәстүр, өмір сүру үрдісі, рухани-мәдени құндылықтар жөнінде де мол ақпарат алуға мүмкіндік береді.

      1. «Қазақ әйелі» концептісіне қатысты антропонимдердің гендерлік сипаты


Бүгінгі таңда түрлі сипаттағы онимдердің пайда болу, қалыптасу және даму заңдылықтарына деген ғылыми-танымдық қызығушылық дәрежесі артпаса, кемімей отыр. Соған сәйкес лингвистиканың дәстүрлі құрылымдық жүйеден «адам тілі» және «тілдегі адам құбылысын» басты нысан етіп алған антропоөзектік арнаға ойысуы әсерінен ономастикалық кеңістікте әсіресе антропонимдер басымдылыққа ие деп айтуға болады. Бұған белгілі ономаст-ғалым Г. Мәдиеваның төмендегі сөздері дәлел: «...сонымен бірге ономастикалық кеңістікте антропонимдер өзекті орынға ие, себебі олар әрбір адамға беріледі және жалқы есімдердің барлық сипатына ие, осымен байланысты адамдардың жеке есімдері – антропонимдердің қызығушылық тудыруы заңды» [38, c.108].

Қазақ тіліндегі кісі есімдерін Т.Жанұзақов, В.У.Махпиров, Е.Керімбаев, Г.Мәдиева, Ұ.Мұсабекова, З.Жанғабылова, Б.Тілеубердиев, Н.Асылбекова, Ф.Әшімханова т.б. ғалымдар өз зерттеулеріне түрлі дәрежеде өзек етіп алған. Соңғы кездегі жаңа антропоцентристік бағыттағы зерттеулер кісі аттарының тек тілдің тарихын білу үшін ғана емес, белгілі бір ұлт тарихын білу үшін де маңызы зор екенін дәлелдеуде. Осыған орай Е.Керімбаев былай дейді: «Провозгласив тезис «имя – есть порождение и отражение культуры», логично утверждать, что онимия каждого отдельного языка (народа) глубоко национальна, так как характеризует присущие ей неповторимые черты, обусловленные спецификой каждой отдельной национальной культуры»[39, c.13]. Ал идеоэтникалық жалқы есімдердің лингвомәдени негіздерін қарастырған Г.Әубәкірованың пікірінше: «Этнокультурная информация собственных имен заключена не только в лексической семантике самого онима, она формируется и аккумулируется в качестве фоновых знаний, находящихся за пределами лексического значения онима. Факторы, детерминующие и формирующие этнокультурную (энциклопедическую) информацию собственного имени, являются экстралингвистическими, т.е. внеязыковыми» [40, c.8].

Демек, кісі есімдерінің қойылуында экстралингвистикалық негіздер жиі кездеседі. Мұндай негіздер ретінде жан-жануарлар, төрт түлік мал, аң-құстар, гүлдер, діни ұғымдар, адамның әр түрлі ішкі жақсы қасиеттері, асыл тастар, аспан денелері атаулары, табиғат құбылыстары т.б. алынады [41, 14-15 бб.]. Халқымыздың танымында қалыптасқан белгілі бір аң, жануар, құс туралы ұғымдар ұлттық мәдени стереотиптерге айналып, нәтижесінде этностың, жеке тілдік тұлғаның аялық біліміне енеді. Тіліміздегі Аюбай, Қасқырбай, Арыстанбек, Жолбарыс, Ақбота, Ақтоты, Ақмарал, Жылқыайдар, Қойбағар, Қозыбақ, Бүркіт, Лашын т.б аттары осылайша пайда болған.

Ата-бабаларымыз көшпелі өмір салтын ұстанып, мал шаруашылығымен айналысқандықтан, аталған есімдер біздің санамызға сіңіп, әбден қалыптанған. Қазақ халқының дүниетанымы мен ұлттық болмысынан хабарсыз, қажетті мәдени-танымдық ақпарат «аялық білім» көлеміне енбеген өзге мәдениет өкіліне олар түсініксіз, кей жағдайда қисынсыз, күлкілі көрінуі мүмкін.

...Мен сені бұдан былай Ақнарым дермін!

Түйеге теңегенің бе?
  • Аузыма құдай салған шығар... қазақтың нардан қасиетті, нардан күшті, нардан сұлу, нардан қадірлі несі бар? (Ғ.Мүсірепов.Ұлпан).

Төрт түлікті киелі санаған қазақ халқы олардың әрқайсысының иесі, желеп-жебеушісі, қамқоршысы бар деп сенген, сондықтан да төрт түлік пірлеріне сыйынып отырған. Түйені түлік төресі, ұлық малы деп есептеген ата-бабаларымызда «Түйе – байлық, жылқы – сәндік » деген қалыптасқан тіркес те бар.

Ал төмендегі мысалдағы қыз есімдерінің қойылу уәжділігі, керісінше, шалғай қойшы ауылдағы қарапайым қазақ әйелінің болмысына етене жақын емес, бұлыңғыр.

Қонақтар көрпеге отырған соң Теңге:

Ал, Сопия, Мәрия, сопиып қарап тұрмай шай қойыңдар, – деді иегімен самаурын жақты меңзеп.

Қыздарыңыздың аты орысша ма, қазақша ма? – деді Қаратай Теңгеге күле қарап.

Кім білсін соны, – деді Теңге пеш үстіндегі үлкен қара қазанды ас дайындауға әзірлеп. – Ана миы ашыған шалдың қойып жүрген аттары ғой. Әліне қарамай ежелеп кітап оқып отырады да, сондағы әйелдердің аттарын қыздарына жапсыра береді. Біреуі есеп шығаратын, біреуі химия дей ме, пизика дей ме, соны шығаратын екі қатын бопты дейді ғой. Ана алжыған шал екі қызына солардың атын таратып берген (Д.Исабеков.Қарғын)

Қыз есімдерін алғаш естіген роман кейіпкері – совхоз басшысында да ол ешқандай ұлттық сипаттағы лингвомәдени түсінік қалыптастырмайды. Себебі, бір қараған адамға София, Мария деген есімдер өзге жұртқа еліктеуден туған, жайдан-жай қойыла салған, қазақ үшін әсіреқызыл, мағынасыз ат болып көрінуі мүмкін. Әйелдің шамалап айтылған түсініктемесінен кейін жаратылыстану ғылымдарының тарихынан аялық білімі бар адам аттардың қойылуына атақты математик Софья Ковалевская мен Нобель сыйлығының лауреаты химик Мария Склодовская-Кюридің өнегелік үлгісі ықпал еткенін ұғынады. Кітапты көп оқитын қос қыздың әкесі әлгі есімдерді «қыздарымның күні біз сияқты қой соңында салпақтап өтпей, білімді, оқымысты адам болсыншы және өзге ұлт өкілдері көрінген биіктен қазақтың қызы да көрінсінші» деген үкілі үміт, игі тілекпен қойғаны анық.

Көрнекті ғалым С.Аманжолов антропонимдердің туындауына экстралингвистикалық заңдылықтардың ықпал ететінін былайша ұғындырады: «...жер мен су аттарын алсақ та, кісі аттарын алсақ та олардың жасалуында белгілі бір заңдылық барын байқаймыз. Мұндағы кісі атының өзі тоғыз жол яки тоғыз мақсатқа тірелетін көрінеді. Тоғыз жол дегендеріміздің бірі – адамзаттың жақсы өмір сүргісі келуімен байланысты. Бұл мақсатқа жету үшін ата-ана өз баласына ең жақсы, ең белгілі, атақты адамның атын қояды. Солай етсе, оның баласы да атақты болатындай көрінеді. Мысалы, ислам дінін қабылдаған жұрт үшін қадірлі, атақты адам сол діннің бастықтары, я сол дін үшін күрескендер болып көрінеді. Сондықтан мұсылман дініндегілердің аты бірде таза Мұхамед, Ғали, Омар, Оспан, Ахмет, Садық ... болып келеді, бірде сол сөздердің басқа сөздермен қосындысы болып келеді (Мұхамедсадық, Сапарғали, Қожахмет,т.б.) ...Тоғыз жолдың үшіншісі – баланың мінез-құлқы жақсы болуын тілеуден туатын аттар. Мысалы, жібектей болсын десе, қыздың атын Жібек қояды. Жомарт болсын десе, баласына «Жомарт» я «Мырза» деген ат қояды. Тоғыз жолдың төртіншісі – бала бай болсын, хан болсын деген үмітпен қойылады. Сондықтан кісі атының соңынан Омархан, Сейілхан, Жұмахан дегенде «хан» қосымшасы айтылса, Омарбай, Сейілбай, Жұмабай... дегенде «бай» қосымшасы айтылады. Батыр болсын дегендері белгілі бір батырдың атын қоя салады...»[42, 76 б.) дей келе, ономастикалық бірліктерді әрі танымның, әрі психологиялық қабылдаудың нысаны деп қарастырады. Себебі тілек-арманнан бастау алған әрбір ат сол халықтың тарихын, этностық даму ерекшелігін сипаттаумен қатар, жеке адамдардың субъективті-индивидуалды сезімдерін, құндылықтарды бағалау ерекшеліктерін, қабылдау-тану өрістерін және өмірлік тәжірибелерін сұрыптауға мүмкіндік береді [43, 151 б.].

Кісі есімдерінің уәжділік және танымдық сипатын зерделеген Н.Асылбекова олардың гендерлік сипатын былайша көрсетеді: «Әйел адамдардың ассоциативті ойлау жүйесіне көбінесе адамгершілік, ізгілік, жылылық, күнделікті күйбең тіршілік жақын да, ер адамдардың асссоциативті ойлау жүйесіне ерлік жасау, батырлық көрсету, кәсіппен шұғылдану т.б. жақын болады. Сәбиге ат қою кезінде оның жыныстық ерекшелігі ескерілетіні сөзсіз. Кісі есімдерін жасауда шаш, көз, гүл, сұлу, бике, ай, бибі, наз сыңарлары жиі кездессе, ал ұл балалардың есімдерінде сұлтан, хан, батыр, ғали, берген, берді, мырза, бек, тай, т.б. сыңарлары белсенді қызмет атқарады» [41, 20 б.].

Тәуелсіздікке қол жеткізген тұста кірме есімдерден гөрі тарихи тұлғаларымыз бен көркем шығармадағы жағымды кейіпкерлер, ұлтымыздың атақты әнші-бишілерінің, таза қазақы болмысқа жақын есімдерді қою сәнге айналды: Нұрила, Зере, Тұмар, Айғаным, Майра, Шұғыла, Қарақат, Айару, Аружан, Нұрай, Аймен, Аруана, Мерей, Шапағат, Назерке, Жәния, Жансая, Гүлсая, Жанерке, т.б.

Соңғы кездегі жаһандану әсерінен кеңес дәуіріндегі кейбір үрдістерді қайта жаңғыртып, әсіресе қыз балаға орыс, шетел есімдерін беру де ішінара кездеседі. Аида, Альбина, Аделя, Анеля, Жанеля, Лана, Диана, Тахмина, Жасмин, Альмира, Лаура, Альмира, Луиза, Аделина, Анина, Элеонора, Вероника, Венера т.б. есімді қыздардың кездесуі соның дәлелі.

Ал ұл балаларға ат қоюда, керісінше, халқымыздың аты шыққан билері мен хан-сұлтандарының, батырлары мен елге әйгілі тұлғалардың, белгілі ақын-жазушылардың, мемлекет қайраткерлерінің атын қою жақсы үрдіске айналған: Абылай, Әбілқайыр, Кенесары, Шыңғыс, Қазыбек, Төлеби, Бәйдібек, Ерасыл, Бекет, Наурызбай, Райымбек, Мағжан, Мұстафа, Мұхтар, Шерхан, Олжас, Бексұлтан, Нұрсұлтан, Иманғали, Санжар, Әлихан, Амалбек т.б.

Қазақ антропонимдерінің бірқатары ұлт болмысын білдіре отырып, халықтың діни дүниетанымы мен түрлі наным-сенімдер, әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлерінен лингвомәдени ақпарат береді. Ырымшыл келетін халқымыз перзенттеріне ат қоярда ұлтымызда қалыптасқан түрлі сенімдерді басшылыққа алған. Оған аталған есімдерді қою уәжділіктері дәлел бола алады:

– дене, бітім ерекшеліктерін білдіретін есімдер: Қаракөз, Шалабай, Аққыз,т.б.

– жаңа туылған сәбидің денесінде түрлі мең, нышандардың кездесуіне байланысты: Аққал, Қалдыгүл, Меңдігүл, Қалдықыз, Меңдіқыз, Меңтай, Анар, Нышанкүл, т.б., ал ұл балаларға Қалдыбек, Қалдар, Қалдан, Нарқал, Қалыбек секілді есімдер қойылады.

– тууылу орны мен мезгіліне байланысты: Дүйсенкүл-Дүйсенбек, Сейсенкүл-Сейсенбек, Жұмагүл- Жұмабай, Наурызгүл - Наурыз, Сайлаукүл-Сайлаубек ,т.б.

– баланың тұрмауы: Тұрсынкүл, Өлмес, Қалсын, Тоқтасын, Аманкүл, Есенкүл, Тұрар, т.б.

– ұл баланы аңсаудан: Ұлбала, Ұлбосын,Ұлтуар, Ұлдар, Жаңыл, Тойдық, Дәметкен, Ұлдана, Ұлпан, Ұлжан, Ұлтай, т.б.
  • сұлулық пен нәзіктікті,үйлесімділікті аңсаудан: Айсұлу, Күнсұлу, Жансұлу, Жібек, Сымбат, Нәзікен,т.б.

Жоғарыда көрсетілген ат қою уәжділігінің айқын үлгілерін көркем мәтіннен аңғаруға болады. Мысалы,

Поштақұлдың қатыны Тойсын үйде жоқ (Ш. Мұртаза.Ай мен Айша).

Әкем Есқара, елдің айтуынша, аса балажан екен. Артынан бала ілессін, ұл тусын деп, менің атымды өзі Ілескүл қойыпты (Б.Нұржекеев.Ерлі-зайыптылар).

Бір әке, бір шешеден жалғыз едім,

Демек, мен

Жалғыз қауыз гүл едім

Жарып шыққан желектен.

Көптен күтіп бір перзент әке-шешем жарықтық,

Қойған екен атымды сол үшін де Дәметкен! (М.Айтқожа.Тағдыр)

Кез келген халықтың антропонимдері құрамы мен құрылымы жағынан алуан түрлі болып келеді, олар адамзат қоғамында қалыптасқан әлеуметтік қарым-қатынастармен тығыз байланысты. Төмендегі мысалда кездесетін кісі есімі феодалдық қоғамда үстемдік еткен әлеуметтік жіктеліске негізделген. Күніұзын мал соңынан салпақтап, тезек теріп, мал сауып, іркіт пісіп кісі есігінде жүретін адамның пешенесіне қой санаудан өзге ештеңе жазылмаса, жоғары тап өкілінің тағдыры биіктегі қолжетпес алтындай жарқыраған күнмен байланыстырылған. Құндылықтар өзгерген бүгінгі таңда мұндай кереғар есімдердің кездесуі екіталай,

Ал Қияқтың кімі бар? Әлі де сол күң қалпындағы кәрі шешесі – Қойсана ғана. Тәуекел мен Қияқ талайының кереғар тағдыр өзі күні бұрын шешкендей, бірінің анасының аты Күнсана, екіншісінің шешесінің аты Қойсана дегізуін қарашы! Мұнда да жазмыштың бір ұйғарғаны бар тәрізді (І.Есенберлин.Көшпенділер)

Жаудан түскен жаудыр көз тоқалды дұшпан қайын жұрттың құлағын қажап жатсын деп басқа ат құрығандай Күңбике деп ататып еді. Шыңғыс туғалы бұл өзі сорлы бейбақтың онсыз да түсіңкі назарын тіптен жер қылмаймын деп Күнбике ататып жүр (Ә.Кекілбаев. Елең-алаң).

Өмірде адамдардың азан шақырып қойған есімдерімен бірге оның жүріс-тұрысына, мінез-құлқына, сыртқы кескін-келбетіне, істейтін кәсібіне байланысты жалған атаумен ат қою көп халықта бар. Т.Жанұзақ пен Қ.Рысбергеннің көрсетуінше, төлқұжаттағы адам есімі мен тегі ресми, ал зат есімнің рең мәнді жұрнағының жалғануы арқылы жасалған субъектив реңктегі есімдер мен қысқарған есімдердің бейресми болып табылады. Ғалымдар соңғы топқа лақап аттар мен «табу» есімдерді де жатқызады.

Т.Жанұзақов лақап аттардың алғашқы қоғамның өзінде-ақ адамдардың дене бітімі мен сыртқы тұлғасына сай таңдалып қолданылғанын айта келіп, мәдениет пен қоғамның дамып, жазудың пайда болып, қалыптасуынан кейін, әсіресе фамилиялардың шығуынан соң олардың сирегенін айтады [44, 77б.]. Өзге түгіл өзіне де сын көзбен қараған халқымыз адамның сыртқы түр-тұлғасы мен ішкі жан дүниесіндегі ерекшеліктерді дөп басып танып, не нәрсенің де жақсы мен жаманын асқан талғампаздықпен айыра білген. Сол себепті де дәл қойылған лақап аттар халық тарапынан қолдау тауып, кей кездерде адамның шын есімі ұмытылып, ол дүниеден өткенше лақап аты есімі қызметінде қолданылуы мүмкін.

Сақау шешемнің Айымқыз деген әдемі аты бар екенін бұл кезде өзінен басқа ешкім де білмейді. Жарықтық, келбеті келісті-ақ ( Ш. Мұртаза.Ай мен Айша).
  • Сен мені «Шоқай, Шоқай» дей бересің. Ауылыңдағы қатындардан естігенің ғой. Менің атым – Бибісара. Шоқай – менің елімнің, руымның аты. «Шоқай» деме, Бибісара де. Бибі апа десең де болады (Ш.Мұртаза. Ай мен Айша).

Қазіргі кезде лақап аттар мектеп оқушылары, құрбы-құрдастар арасында және кейіпкерлердің мінез-құлқын, сыртқы тұлғасын, кейбір психологиялық ерекшеліктерін суреттеу үшін эмоционалды-экспрессивті мәнде көркем шығармаларда көптеп кездеседі. Мысалы,

Әнін, зарын тыңдар шешесі қара жер қойнына енгелі тіпті меңіреуленіп кеткен Маржанды Маржан атын ұмыттырып, «Үндемес» атап кеткен ауыл, үй маңайын да көпсінгендей ұзақ күн тезек тергізіп қоятын (С.Сматаев.Елім-ай)

Көркем шығармада сондай-ақ қала әйелдерінің өзге ұлт өкілдеріне еліктеу психологиясын дәл беру мақсатында авторлардың лақап аттарды кейіпкер тілінде қолдануы жиі кездеседі. Мысалы,

Өйткені оны айта бастасам-ақ Нэллиді – Несібеліні көргендей боламын. Нэллидің шын аты Несібелі ғой, жора-жолдастары Нэлли деп кеткен (Ш.Мұртаза.Мылтықсыз майдан).

Ал Д.Исабековтің «Қарғын» романындағы Мәлике атты кейіпкері Сәргелді – Сэр, Мәнсияны – Манс, ал өзін Лике деп атағанды ұнатады. Оның жақындарына қосалқы ат қоюының өзіндік уәжі бар. Мысалы,

Мәлике қыздың қимылсыз отырысына, үрлеп қалсаң қауырсындай ұшып кетер қалпына, оң жақ қабағына еркелей құлаған төрт-бес тал қап-қара шашына сүйсіне қарады. «Сурет сияқты, – деді ішінен – Неткен мінсіз сұлулық?»
  • Сур, - деді Мәлике қысқарған есімнің аузына қалай түсіп кеткенін өзі де байқамай, әрі оның табан асты табылғанына таңданып.

Бағила күлімсіреп басын көтерді.

Менің атым осылай бола ма?

Иә, Сур. Сурет деген сөзден. Әрі Куприннің «Ольга Сур» деген әңгімесі де бар.

Әділдігімен, шешендігімен, абырой-беделінің биіктігімен немесе асқан мейірімділігімен, ақылгөй-даналығымен, пайымды парасатымен, ерекше қадір-қасиетімен елге жаққан әйел-аналарды халық мойындап, оларға жағымды коннотациядағы жанама ат беруі де көп ұшырасатын жағдай. Ондай есімдердің затына аты сай болуына байланысты аналардың азан шақырып қойған есімдері ел жадынан ұмыт қалған. Мысалы,

Ауылдың бәрі Ақ шеше атап кеткен ақ кемпір – Мидар ағайдың анасы, Нарын бойындағы атақты Мәмек байдың бәйбішесі... (Ф. Оңғарсынова. Шашы ағарған қыз)

Осы жұрттың өзін Қарақатын, ал оны Ақкемпір деп атайтыны да есіне түсіп, күйініп кетті (Ә.Нұрпейісов. Қан мен тер).

А.В.Суперанская мен А.В.Суслова лақап аттарды бүркеншік аттан былайша ажыратады: «Существенное различие псевдонимов от от прозвищ заключаются в том, что прозвища создаются окружающими в качестве своебразной оценки именуемого. Псевдоним создается самим человеком, нередко как особое средство самовыражения» [45, 147 с.].

Қолда бар материалдардан байқағанымыз, жағымсыз мағынадағы, әсіресе дене кемістігіне орай қойылатын лақап аттар ерлерге байланысты жиі ұшырасады. Қыздар мен әйелдерге қатысты ондай аттардың сирек қолданылуы қазақ халқының қызды «қонақ», ал әйелді «ана» деп ерекше қадірлегенінің айғағы болса керек.

Қазақ халқының ат қоюдағы тапқырлығын мына сипаттағы мысалдар дәйектей түседі:

Баяғыда, кішкене бала күнімде Сегізбай деген кісінің бір келіні «Екі төрт қайнаға» дегенін естігенде жерге домалап күлгенім бар. Кейін ойлап қарасам, неткен тапқырлық, ұтымдылық деймін. Тегінде, біздің халық атау беруге шебер. Сұлулық, көркемдікті көре білу, оны образды ойлап, тұжырымды жеткізу қабілеті ғажап. Қарап тұрсаң, қазақ жеріндегі кішкентай бұлақ, жайдақ төбе, арықтай жыра, жылап ағып жатқан титімдей жылғаға дейін атсыз емес. Және солар жайдан-жай қойыла салмаған. Белгілі бір ерекшелігіне, немесе қасиетіне, әлденеге ұқсайтын көзге ілінер көрінісіне сәйкес дәл тауып ат қойған. Бояу тілімен жасаса үлкен полотноға сыймайтын суретті екі-ақ ауыз сөзбен жеткізе салады (З. Ахметова. Шуақты күндер).

Осында келтірілген қазақтың «ат тергеу» салтында «келін» микроконцептісі жақсы ашылады. Зерттеуші Г.И.Пюрбеев: «Обычай хадма, т.е. почтительного иносказания обусловил у калмыков появления специального женского языка. Девушка, выйдя замуж, лишалась права называть по имени всех старших родных мужа. Она должна была заменять их имена более или менее подходящие посмыслу словами или фонетически видоизменять их. Такое почтительное иносказание со стороны калмыцких и монгольских женщин по традиции сохраняется и теперь, правда, не в столь строгом виде, как раньше» [46].

Соңғы кездері гендерлік лингвистика мәселелерін зерттеп жүрген ғалым Б.Хасанұлы: «Әйел тілі – әйелдің тілдік хабарламаларына және тек әйелдерге ғана бағытталған ақпаратқа қатыстырылатын немесе енетін вербальды (тілдік) және бейвербальды (тілдік емес) тәсілдерді дифференциалдау құбылысының атауы» [26, c. 51-53 ] дегенді айтады. Оның пікірінше, әйел тілі деген ұғым қазір де бар, оның іздері бүгінгі таңда әлеуметтік, экономикалық және діни факторлардың әсерінен сақталып қалды деп айтуға болады. Әйел тілінің арнайы белгілерін тілдік универсалий аясында сипаттауға болады әрі ол өзі туралы түрлі тіл мен деңгейлерде білуге мүмкіндік береді» – дейді ғалым.

Әйелдер тілінің ерекшелігін өз кезеңінде Қ.Жұбанов та байқаған. Ол өз еңбегінде бөтен шаңыраққа келін боп түскен жас әйелдің бір жылға дейін күйеуінің ата­ана, туыстарымен бір жылға дейін тіл қатып сөйлемейтінін, тек қана арнайы ым­ишара арқылы түсінісетінін айтады. Қазақтарда армяндар «нашнауар»деп атайтындай ондай арнайы тілдің жоқтығын тілге тиек еткен ғалым «ернін шүйіру», «бетін шымшу», «аузын, ернін сылп еткізу», «тілді тақ еткізу» сияқты ым­ишарат түрлерінің бар екеніне, олардың білдіретін мағыналарына тоқталады [47, 25б.].

Қазақтың ат тергейтін ғұрпы көп халықта жоқ, талайлар оны түсіне бермейді. Бас күнінде ат қоюдың неден шыққанын түсіндіретін білгіштер бар. Оны сол баяғы ескілікке, сауатсыздыққа телиді. Менімше, бұл сыйлап-құрметтеуден, жақсы көруден, өзің айтқандай еркелетуден шықса керек. Мен солай қабылдаймын әрі өзіме ұнайды. Кейбіреу ат тергегенді артта қалғандай көреді, мәдениетсіздік, қараңғылық деп ат-тонын ала қашады. Әрине, ол әркімнің өз шаруасы, өз көңілінің қалауы. Адамның атын атау үшін қояды. Бірақ Жомартты – Жорж, Әлімбекті – Алик, Сәулені – Соня деп те жүр ғой. Мына Бақыт алғаш рет ауылға барғанда Үрзада жеңешесі атын тура атамай әтуерлеп «Төрежан» десе, – шатастырып алыпсыз, менің атым Төрежан емес, Бақытжан, – депті. Содан жақсылап түсіндірген соң, бала екеш баланы сонша сыйлап, қадірлегеніне таңданып әрі қуанып Алматыға келгенде талайға дейін аузы көпіріп мақтанып жүрді.

Байқауымша, әлгі жеңгесінің «Төрежан» деп атағаны, әй жанына жағып тұрады (З. Ахметова. Шуақты күндер).

Қазақтың «ат тергеу» салтынан хабарсыз тұлға үшін жоғарыдағы жағдай түсініксіз, аялық білімі жоқ адресат, шын мәнінде атты шатастырды деп ойлауы әбден мүмкін. Үлкен адамның атын атау келін үшін анайылық, көргенсіздік деген халқымыз «ат тергеу» салтын ізеттілік, әдеп-иба, көргенділік пен тектіліктің биік көрінісі, ғажап үлгісі санаған. Мысалы,

Ол қараңқағырдың туар жарықтықтың етінен шошынып қалған бірдеңесі бар шығар?
  • Апа, туар дегеніңіз сонда не?
  • Затымыз ұрғашы болған соң жолымыз жіңішке. Екі үйді бөліп жармай, балалардың тілеуін тілейтін қайнағамның атын қалай баттитып атамақпын (Ж.Шаштайұлы.Жаңғырық).
  • Баяғы тентек сиыршы қайнымның ерні осындай еді, жарықтық.
  • Бәсе, мына салпы ерін қайдан келді біздің үйге деп едім. Ол атасының ныспысы кім еді?
  • Айтып жіберші, Мырзаш, - кемпір о дүниедегі қайнысының есімін атаудан қаймығып, ұлына жаудырады.
  • Қай сиыршыны білем, апа-ау?
  • Білмей, не қара басыпты?! Мырзағалидың көкесін айтам?
  • Мырзағалидың көкесі сиыр баға ма?
  • Қап, құдай, енді қайттім? Оның сүйегі қурап қалғаны қашан... Айтсаңшы, атаның аты кім еді?
  • Иә, айтпақшы, Айтқұл емес пе?

Иә, жарықтық, иманды болсын. Аусарымның ерні тура сол атасынікінен аумайды (М.Сқақбай. Ұят туралы аңыз).

«Ат тергеу» салтын сақтауда түрлі әдіс-тәсілдерді ұтымды пайдалана білген қазақ әйелдері кейде үлкен кісілердің есімдерінің бастапқы әрпін өзгертіп айтуды әдетке айналдырған. Мысалы,

- Қайте-еп... қайте-еп қана-а қояйын... Ішіме тас боп қатқан... елу жылдық шерім... қозғалды-ау-у... Көсегең көгергір Сеңдібай қайным (Теңдібай деп тура атауға жеңгелік жолы көтермейді), құдай тілеуіңді беріп, бала-шағаңның қызығын көр. Басқа... басқа сүйіншіңді Кие-ван келегн соң а-атарме-езз... (Д. Исабеков. Тіршілік).

Мұндай үрдіс қазіргі қазақ ауылдарында жасы үлкен ана-апаларымыздың тілінде сақталған деп айтуға болады.

- Мейлі, барсаң бара ғой. Шолақ Мияқұл сені ренжітпес. Қойдың сүтін ішіп, ішегің ағарар, - деді. Бұл ауылдың әйелдері қайнаға, қайындарының атын өстіп бұрмалап айтатын әдеті. Сияқұл десе ұят, Мияқұл десе жарасады (Ш. Мұртаза. Ай мен Айша).

Өткен ғасырдың келіндері, қазіргі апаларымыз бен аналарымыз өздерінің қанына сіңген әдеттерінен әлі күнге жаңылмай келе жатқаны олардың үлкен кісінің атын атамауға болмайды деген жалаң түсінігі, заман өзгеруімен бірге жоғалып бара жатқан ескінің сарқыншағы емес, үлкенді сыйлау мен қадірлеп-қастерлеудің өнегелі үлгісі екенінде дау жоқ. Жоғарыдағы мысал-дәйектер апаларымыздың қанында, әдетінде жалған жағымпаздық, өтірік көлгірсудің мүлде жоқ екенін, олардың «қазақ әйелі» концептісіне тән шынайы, табиғи болмысын танытып отыр.