Диссертациямен Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің кітапханасында танысуға болады
Вид материала | Диссертация |
- Диссертациямен Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғылыми кітапханасында, 462.16kb.
- Диссертациямен М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ғылыми, 618.1kb.
- А. А. Аскаров Жетекші ұйым: Е. Бөкетов атындағы Қарағанды, 1312.01kb.
- А. А. Аскаров Жетекші ұйым: Е. Бөкетов атындағы Қарағанды, 1216.39kb.
- А. А. Аскаров Жетекші ұйым: Е. Бөкетов атындағы Қарағанды, 1211.8kb.
- Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетті, 5797.52kb.
- Диссертация 2010 жылы, 406.27kb.
- Әдебиеттер тізімі, мерзімді басылымдар және конференция материалдары альфавиттік тәртіппен, 376.99kb.
- Диссертация 2010 жылы, 800.22kb.
- Әож 574. 6: 556. 51(282. 255. 5) Қолжазба құқығында, 429.38kb.
ӘӨЖ 930. 221 [574] Қолжазба құқығында
МҰҚАНОВА АРНА НАЗЫМҚЫЗЫ
Құрбанғали Халидтың «Тауарих хамса» еңбегі қазақ тарихының дерегі ретінде
07.00.09 - тарихнама, деректану және тарихты зерттеу әдісі
Тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның
АВТОРЕФЕРАТЫ
Қазақстан Республикасы
Қарағанды, 2007
Жұмыс Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің археология, этнология және Отан тарихы кафедрасында орындалды
Ғылыми жетекші: тарих ғылымдарының докторы,
профессор Р.М. Жұмашев
Ресми оппоненттер: тарих ғылымдарының докторы,
профессор Қ.М. Атабаев
тарих ғылымдарының кандидаты,
доцент Л.Қ. Жүсіпова
Жетекші ұйым: Ш.Ш. Уәлиханов атындағы
тарих және этнология институты
Диссертация 2007 жылы «12» желтоқсан сағат 14.00 Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің (100028, Қарағанды қаласы, Университет көшесі, 28, бас ғимарат) жанындағы Д 14.50.11 Диссертациялық кеңесінде қорғалады.
Диссертациямен Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің кітапханасында танысуға болады.
Автореферат 2007 жылы «__» ___________ таратылды
Диссертациялық кеңестің
Ғалым хатшысы Қ.С. Өскембаев
КІРІСПЕ
Зерттеудің өзектілігі. Қазақстан тарихына қатысты жазба деректерді назардан тыс қалдырмай қазақ тіліне аудару, сараптау, талдау, құндылығын көтеру, деректер ішіндегі орнын белгілеу өзекті. Аталған шаралардың өзектілігін Елбасы Н.Ә. Назарбаев 2007 жылдың 13 ақпанында «Мәдени мұра» 2004-2006 жж. мемлекеттік бағдарламасының іске асуына байланысты Қоғамдық кеңестің тарих, археология, этнология және т.б. салаларындағы жетекші ғалымдармен бас қосқан отырысында айтқан болатын.
Осыған байланысты, ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. басында қызмет еткен, жергілікті оқымысты Құрбанғали Халидтың шағатай тілінде жазылған «Тауарих хамса» [1] атты еңбегі, 1992 жылы қазақ тіліне аударылып, жарық көрумен ғана шектелді. Еңбек мазмұнындағы қазақ тарихын беретін мәліметтерді іріктеп, тарих айналымына қосу уақыты жетті. Қ. Халид сынды шығыстану саласының өрбуімен қатар қызмет еткен жергілікті тарихшылардың есімдері мен еңбектері Отандық тарихнамада әртүрлі классификациялық топтар құрамында айтылып немесе мүлдем аталмай, дерек ретінде пайдаланылмай келді. Мұның себептері әртүрлі болды, біріншіден дәл ХІХ ғ. соңында Қ. Халид сынды, елден шыққан шығыстанушылар санаулы болды, екіншіден жергілікті тарихшылар еш зерттеу ұйымдарына тіркеусіз өз еріктерімен қызмет етті, үшіншіден жергілікті тарихшылардың еңбектері ескі тілде жазылды, төртіншіден тарихты жазуда еркін стиль пайдаланылды, бесіншіден жергілікті тарихшылар, оның ішінде Қ. Халид сол замандағы Ресей әкімшілігінің Орта Азия, Қазақстан, Шығыс Түркістан территорияларына жүргізген саяси әрекеттерін еркін сынады. Осындай жағдайлар мен заман талаптары жергілікті шығыстанушылардың еңбектерінің дер уақытында аударылмай, ғылымдағы орнына ие болуына кедергі болды. «Тауарих хамсаны» бірең-сараң қолданушылар еңбекте кездесетін мәліметтерге салыстыру, сараптау, талдау жұмыстарын тиісті дәрежеде жүргізбеді.
Ендігі кезекте жергілікті авторлардың еңбектерін аударып қана қоймай, мәліметтер ретін деректанулық талдаулардан өткізіп, тарихты толықтыру «Тауарих хамсаны» зерттеу объектісіне айналдырудағы өзектіліктің мәнін аша түседі.
Сондай-ақ, Отан тарихын беретін жекелеген деректік еңбектерді бөліп алып, жан-жақты зерттеу, Қазақстан деректану саласы құрылымының нығайуына үлкен септігін тигізеді. Осы тұрғыдан «Тауарих хамса» ішінде берілген мәліметтерді қосалқы деректермен салыстыра отырып, біріншіден Қазақстан тарихын толықтыру болса, екіншіден деректану саласына құнды дерек ретінде енуіне жол ашу. Аталған шаралардың атқарылуы зерттеу жұмысының өзектілік аясын кеңейте түседі.
Сондай-ақ, Қ. Халидтың заманы мен қызмет еткен ортасын зерттеу өзекті мәселелерінің бірі болып табылады. Бұл мәселені қарастыру бірнеше тарихнамалық сұрақтардың басын ашып берген болар еді, мысалы:
- Қ. Халид сынды түрік-татар тобынан шыққан, жергілікті татар, башқұр, азербайжан, өзбек тарихшыларының есімдері мен еңбектерін тану;
- түрік-татар тобынан шыққан жергілікті тарихшылардың зерттеулерінен жаңа мәліметтер алу;
- жергілікті тарихшылар мен Ресей шығыстанушылар арасындағы байланыстар мен айырмашылықтарды және өзара ықпалдарын көру.
«Тауарих хамса» түпнұсқа күйінен 1992 жылы аударылғаннан кейін, тиісті дәрежеде пайдаланылмай келуі, еңбектің сараптау жұмыстарына тәуелді болғанын айғақтайды. Еңбекті аудару бөлек атқарылған шара болса, оны талдау құндылығы мен қажеттілігі мәселесін шешкен болар еді. Еңбекте кездесетін мәліметтерді қосалқы деректермен талдап беру, пайдаланушыларға күдіктенбей қарауға жол ашады. Себебі, еңбек мазмұнында кездесетін кейбір мәліметтерге оң көзбен қарамау, оның авторынан күдіктену, бірең-сараң авторлар тарапынан байқалған. Ал, талдау жұмыстары осы сияқты ойларды сейілдірген болар еді.
Деректерді сараптау мәселесі, Елбасының нұсқауы бойынша «Мәдени мұра» бағдарламасының алдағы үш жылға созылуына себеп болды. Ондағы негізгі мақсаттың бірі жиналып, аударылған жазба деректерді сараптап, талдап, пайдалану болып отыр. Осыған байланысты, Елбасы Н.Ә. Назарбаев: «Келешекте мектеп, орта арнаулы және жоғары оқу орындарының бағдарламаларын «Мәдени мұра» кітаптары негізінде қайта қарап, толықтыру мәселесі де ойластырылуы қажет» [2, 1б.] деп көрсетті. Ал, ғалымдар тіпті осы тарихи-жазба деректер негізінде Қазақстан тарихын қайта жазуды мақсат тұтып отыр, мысалы Р. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, т.ғ.д., профессор: Меруерт Әбусейітова, жаңадан жарық көрген еңбектердегі барлық мәліметтерді жүйелеп, Қазақстанның толық тарихын жазып шығу міндеті тұр [2, 2б.] деген болатын.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Қ. Халидтың «Тауарих хамса» еңбегі 1910 жылы Қазан қаласында, «Өрнек» [3] баспасында жарық көргеннен кейін, алғаш рет еңбекке деген пікір 1908-1917 жж. аралығында Орынборда екі айда бір рет шығып тұрған «Шуро» [4] журналының, 1913 жылғы 6 санында [5], редактор Ризаддин Фахрединовтың [7] мақаласында берілді. Р. Фахрединов автордың қайтыс болғанына жазған некрологында: «1910 жылы Қазан қаласында баспадан автордың «Шығыс түріктеріне» (еңбек мазмұнына дұрыс анықтама берілмеген) арналған екінші көлемді (себебі, Қ. Халидтың «Китаб тарихи жарида жэдида» атты 1889 жылы жарыққа шыққан бірінші еңбегі бар [6, 90б.]) тарихы «Тауарих хамса» (мақалада «Тауарих-и хамса-йи шарқи» деп берілген) деген атаумен шықты», деп хабарлаған. Еңбекке: «Книга, это если исключить отдельные элементы, относящиеся к области мифологии и суеверии, поистине прекрасный труд. В ней много весьма полезных и нигде больше не встречающихся сведений. Книга свидетельствует об учености и достоинствах автора, о чистоте и свободе его мысли и разума» [5, 104б.] деп баға берген.
Екінші рет, Қ. Халидқа және «Тауарих хамсаға» арнайы мақала жазған Кеңес шығыстанушысы Дж. Х. Кармышева болды. Мақала, 1971 жылы «Казахстанский историк-краевед и этнограф Курбангали Халиди» [5] деген атаумен жарық көрді. Дж. Х. Кармышеваның басты қозғаған мәселесі Э. Масановтың «Очерк истории этнографического изучения казахского народа в СССР» [7] атты тарихнамалық еңбегінде «Тауарих хамсаның» назардан тыс қалуына байланысты болды.
Дж.Х. Кармышеваның мақаласы Қ. Халидтың шығармашылығы мен өміріне қатысты таныстырмалық тұрғыдан берілген алғашқы ғылыми еңбек болды. Автор, «Тауарих хамса» еңбегін түпнұсқа күйінде пайдаланып, мазмұнына қысқартылған түрде сипаттама берген. Сондай-ақ, Қ. Халидтың тікелей жеке өміріне қатысты біршама толық мәліметтер мен мақаланың бірінші бетінде фото суретін жариялаған. Мұндай деректердің алынған жеріне байланысты: «Ряд фактов, дополняющих и уточняющих биографию этого ученого, был любезно сообщен нам тестем его внука Масуда Халиди Мухамеджан Юсуповым. Он же подарил нам сохранившуюся у него фотографию К. Халиди» [5, 100б.] деп жазған.
Сондай-ақ, Кеңес заманында еңбекке және оның авторына деген, келесі оң пікірді Е. Бекмаханов өзінің «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» [8] атты еңбегінде: «Қазақстан мен Орта Азия тарихы жөнінде шығыс тілдерінде жазылған әдебиетінің ішінен Кәрі [9] - Құрбан-Әли-Қажы-Халид-оғлының (ұлы деген мағына береді) түрік-татар тілдерінде жазылған қызғылықты еңбегін айту қажет. Автордың араб, түрік және парсы тілдерінде көп-көп деректер келтіруіне қарағанда, бұл кісі шығыс елдері тарихының білгірі болса керек» [9, 17б.] деп жазады. Автор, біріншіден «Тауарих хамса» жөнінде айтып отыр, екіншіден мазмұнымен тікелей таныс болғанға ұқсайды, себебі берілген сипаттама еңбектің қысқаша мазмұнын жеткізіп тұр.
ХХ ғасырдың 70-80 жылдары еңбек, өзінің құндылығын этнографиялық тұрғыдан танытып, яғни қазақ этнографиясына арналған алғашқы зерттеулердің бірі, Х. Арғынбаевтың 1973 жылы жарық көрген «Қазақ халқындағы семья және неке» [10] атты еңбегінде пайдаланылған. Тарихшы-этнограф «Тауарих хамсаны» түпнұсқа күйінде, оның ішінде қазақ халқының ас беру салтының шығу тегі мен атқарылуына, салыстырмалы дерек ретінде кеңінен қолданған. Автор: «Қ. Халид деректері бойынша, ас беру әдеті хиджраның 1300 жылынан (Х. Арғынбаев, шамамен ХІХ ғ. аяғы мен ХХ ғ. басы деп көрсеткен; қазіргі жыл санау бойынша, нақты 1883 жыл) кейін арғын, алшын, найман тайпаларында жойылған көрінеді» [10, 141б.] деп, Қ. Халид ұсынған деректі тікелей ақиқат ретінде пайдаланған.
Кеңес үкіметі заманында «Тауарих хамса» тарихшы-зерттеушілер еңбектерінде түпнұсқа күйінде қолданылған. Еңбек алғаш рет қазақ тілінде 1992 жылы Б. Төтенаев және А. Жолдасовтардың [11] аударуларымен жарық көрді. «Тауарих хамсаның» қазақ тіліндегі көшірмесі еңбектің түпнұсқалық мазмұнын жойған жоқ, керісінше, өте түсінікті де, толық аударылған еңбектердің бірі болды (А.Н.). Алғашқыда, көшірме негізінен қазақ әдебиетінің тарихын зерттеуші филолог ғалымдардың зерттеулерінде жиі пайдаланылды. Мұндай еңбектерде «Тауарих хамса» мәліметтері салыстырмалы дерек ретінде пайдаланылып, еңбектің өзіне және авторына деген ақпараттық мәліметтер назардан тыс қалып отырды. Мысалы, 1992 ж. жарық көрген М. Мағауиннің «Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет» [12] атты еңбегінде, Асан Қайғы және қазақ хандығы дәуіріндегі Ақтамберді жырау, Бөгембай батыр, Бұхар жырау сынды тұлғалардың өмірі мен қызметіне байланысты тұстарында «Тауарих хамсаны» пайдаланып, кейде Қ. Халид тұжырымдарына қарсы шығып отырған. Мысалы, Асан Қайғының шығу тегіне байланысты «Тауарих хамсаның авторының Асан Қайғыны кім деп білесіз деген сауалына Құдабай ақын мынадай жауап қайтарыпты ...» [12, 24б.] деп, немесе «Тауарих хамсаның авторы, өзі діндар Құрбанғали Асанның «Қайғы» аталу себебін дінге тіремек болады. Бұл – халық санасындағы Асан бейнесімен қабыспайды» [12, 34б.] деп жазған.
Сондай-ақ, екінші этнографиялық мазмұндағы, 1992 жылы жарық көрген Ш. Керімовтың «Күйеу келтір, қыз ұзат» [13] атты еңбегінің құда түсу, қалың мал, киіт кигізу және т.б. осы сияқты үйлену тойының атқарылуы керек элеметтеріне қатысты тұстарында «Тауарих хамса» кеңінен пайдаланылған. «Тауарих хамсаның» жоғарыда аталған этнографиялық еңбектерде жиі ұшырасуының себебі, еңбекте қазақ халқының әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері біршама толық баяндалғанының белгісі. Сонымен қатар, осы мазмұндағы бірнеше әдеби еңбектерде [14] пайдаланылған.
1993 жылдардан бастап, яғни «Тауарих хамса» қазақ тіліне аударылғаннан кейін, көшірмесі көлемді зерттеулердің ішінде профессор Ж.О. Артықбаевтың 1993 жылы жарық көрген, ХІХ ғасырдағы қазақ қоғамының этноәлеуметтік және шаруашылық-мәдени құрылымына арналған «Казахское общество: традиции и инновации»; 1995 жылы жарық көреген, ХVІІІ ғасырдағы қазақ елінің этникалық және әлеуметтік өмірін зерттеуге арналған «Қазақ этнографиясы: этнос және қоғам, ХVІІІ ғ.» [15] атты монографиялық зерттеулерінде ішнара қолданылған.
ХХ ғ. 90-шы жылдарының орта шенінен бастап, «Тауарих хамса» бірнеше зерттеу жұмыстарында көрініс тапты. Көбінесе, диссертациялық зерттеу жұмыстарында пайдаланылып, дерек ретіндегі орны, нақты ашылмады. Мысалы, 90-шы жылдардың соңы қорғалған диссертациялық жұмыстарда [16] «Тауарих хамса» шежіренің жазба нұсқасын жеткізуші немесе шығыстық дәстүрде жазылған дерек ретінде көсетілген. Қ. Халидтың өзіндік тарихшы ретіндегі қызметі мен орны үстірт көрсетілген. Түптеп келгенде, мұндай кемшіліктер «Тауарих хамсаның» дерек ретіндегі орны мен Қ. Халидтың тарихшы ретіндегі қызметінің деректанулық талдаудан өтпеуінің салдарынан туды.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Жұмыстың басты мақсаты «Тауарих хамса» еңбегінің және оның авторының Қазақстан тарихы, деректануы, тарихнамасы салаларындағы алатын орнын анықтау. Сонымен қатар:
- ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. басындағы шығыстану, оны ішінде түріктану саласының батыста, негізінен Ресейде даму процессін анықтау;
- ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. басындағы түрік-татар тарихшыларының, оның ішінде Қ. Халидтың түріктану саласындағы орнын анықтау;
- «Тауарих хамса» Қазақстан тарихының алғашқы концептуалды нұсқасы ретіндегі орнын анықтау;
- «Тауарих хамсаның» Қазақстанның ежелгі және ерте ортағасырлар тарихына құнды дерек болып табылатынын;
- «Тауарих хамсаның» Алтын Орда және оның ыдырау салдарынан Орталық Азия аймағында қалыптасқан жағдайларға дерек болып табылатынын;
- «Тауарих хамсаның» қазақ хандығы дәуіріндегі қазақ-қалмақ қатынастарына дерек болып табылатынын;
- «Тауарих хамсаның» отаршылдық дәуірге құнды деректер қорын ұсынатынын;
- «Тауарих хамсада» тарихи-этнографиялық деректердің орын алғанын, қазақ халқының күнтізбесіне байланысты мәліметтердің кездесетінін;
- қазақ халқының отбасы және неке мәселелеріне мәліметтердің кездесетінін;
- қазақ халқының өмір-тіршілігінде орын алған, кейбір әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерге дерек болып табылатынын көрсету міндеттерінен тұрады.
Зерттеудің деректік негізі:
- біріншіден, ортағасырлық грек-рим, шығыс (араб, парсы, түрік, қытай) авторларының еңбектері;
- екіншіден, Патшалы Ресей империясының ғылыми зерттеу бөлімдерінің және экспедицияларының жинаған мәліметтері;
- мұрағат қорлары;
- жергілікті татар, башқұр, азербайжан, өзбек, қазақ авторларының еңбектері;
- жергілікті ақын-жырау шығармалары пайдаланылды.
Ерте ортағасырлық деректік шығармалар тобынан гот тарихшысы Иорданның ежелгі Шығыс Европа тарихынан готтар және оларға көршілес халықтар (ғұндар) жөнінде VІ ғ. жататын тарихи-географиялық, этнографиялық мәліметтері бар «О происхождении и деяниях гетов» [17] атты еңбегі «Тауарих хамсадағы» қазақ халқының ас беру рәсімінің шығу тегін көне ғұндардың ғұрыптарымен байланыстыру тұрғысынан, сондай-ақ «ғұн» атауына берген этимологиялық түсіндірмесін анықтау мақсатында римдік А. Марцеллиннің [18, 29б.] жазбалары салыстыру тұрғысынан пайдаланылды.
Византиялық тарихшы Менандрдың «Тарих» атты жазбасында, б.з. 558-582 жж. батыс түрік қағанатында болып қайтқан византиялық елшілердің [19, 416-417бб.], қағанат басында Тобо хан титулымен отырған Арслан хан резиденциясына барғанда көрген білгендері [20, 58б.], яғни түріктердің әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері мен саяси, экономикалық тарихы баяндалған. «Тауарих хамсада» Тобо хан - Тобық хан заманы [1, 223б.] деп орын алған. Осы замандағы тарихты анықтау тұрғысынан еңбектердегі мәліметтерге салыстыру жұмыстары жүргізілді.
Фирдоусидің «Шах-наме» [21] атты шығармасы көне түрік халықтарының тарихын баяндайтын еңбектердің бірі болып табылады. Еңбек парсы, кейін түрік тілдеріне көшіріліп [20, 83-84бб.], жалпы түрік топтарының шығу тегі мен қағанаттардың тарихын беретін бірнеше араб авторларының еңбектерімен салыстырылып [20, 83б], деректік құндылығы жағынан жоғары бағаланған. Сондай-ақ, еңбекке Л.Н. Гумилев: «Повествование Фирдоуси сверено со многими другими источниками: Табари, Саалиби, Балами, Мирхондом, Себесом, сирийским анонимом VІІ в. и персидским анонимом Х в., блогодаря чему установлено, что ... Фирдоуси есть детали. Упущенные другими авторами, но весьма для нас важные» [20, 83б.] деген баға берген. Фирдоусидің «Шах-намесімен» салыстырылған ат-Табари, Мирхонд еңбектері Қ. Халидтың «Тауарих хамсаны» жазуда пайдаланған деректері ретінде көрсетілген. Бірақ, Қ. Халид ат-Табаридің «Тарих-и-Табари», Қожа Ахмет Яссауидің «Дивани-и хикмен», Жүсіп Баласағұнның «Құдатқу білік», Ибн Халдунның «Усулы тауарих», Мирхондтың «Раузат ас-сафа», Әбілғазы Баһадүр ханның «Түрік шежіресін» және Ибн-Хордабек, ал-Масуди, ал-Макдиси, ал-Бируни сияқты авторлардың еңбектерін қолданғаннын айтып кеткенмен, нақты пайдаланған жерлеріне сілтеме жасамағанын ескеру керек. Аталған еңбектердің ішінде аударылып немесе жартылай аударылып, Отандық тарих айналымында пайдаланылып келгендері Қожа Ахмет Яссауидің «Дивани-и хикмен», Жүсіп Баласағұнның «Құдатқу білік» және соңғы ортағасырларда жазылған Әбілғазы Баһадүр ханның «Түрік шежіресі». Көпшілігі В.В. Бартольдтың «Шығармаларынан» [22, 45-108 бб.] белгілі. В.В. Бартольдтың еңбегі бүгінгі күнге дейін Кеңес үкіметі заманында және Қазақстан тарихы ғылымындағы арап-парсы авторларының ежелгі түріктер жөніндегі еңбектерін біршама толық талдаған зерттеу болып есептеледі. Ал, Кеңес үкіметі заманы мен ТМД-дағы тарих ғылымынан кеңірек қарайтын болсақ, ортағасырлық араб-парсы деректерін түпнұсқа күйінде пайдаланғандар батыс тарихшылары Дегинь, К. Брокельман, К.Э. Захау, Н. Теодор [23] және т.б. Ал, В.В. Бартольд, өз кезегінде аталған батыс тарихшыларының араб-парсы авторларының еңбектерінің негізінде жазған зерттеулерін кеңінен пайдаланған. Сонымен, Фирдусидің «Шах-намесі» «Тауарих хамса» іші берілген ежелгі Тұран ханы Афрасияб және Татар хан ұрпағы Сүйініш хан замандарын анықтау тұрғысынан пайдаланылды.
Ерте ортағасырлық араб, парсы авторларының ішінде, Қ. Халид қандай еңбектерді пайдалануы мүмкін деген сұрақпен, авторларды өмір сүрген жылдарына қарай жүйелеп тоқталатын болсақ, араб ғылымының даму кезеңінде өмір сүріп, қызмет еткен шығу тегі ирандық, шамамен 820 ж. дүниеге келген Абу-л-Касим Убейдаллах ибн Абдаллах ибн Хордадбектің «Китаб ал-месалик ва-л-мемалик» атты жалғыз сақталған, географиялық еңбегін («Книга путей и государств») [19, 17б.] пайдалану мүмкін. Себебі, автор түріктерге қараған керуен жолдарының маршруттары және қыпшақ, қимақ тайпалары [19, 17б.; 24, 51б.] жөнінде құнды мәліметтер берген, ал «Тауарих хамсада» түріктер қағандарының жорық жүргізген аудандары мен қыпшақ тайпасының этногенездік тарихы біршама баяндалған. Аталған еңбекті Қ. Халид көрсеткен авторлардан ал-Макаддиси, ал-Масуди шығармаларына негіз болған.
Абу-Джафар Мухаммед ибн Джерир ат-Табари, 839 ж. Табаристанның Амул атты қаласында дүниеге келген (923 ж. қ.б.). Оның осы күнге келіп жеткен «Тарих ар-русул ва-л-мулук» («История пророков и царей») [25, 22б.] атты бүкіләлемдік тарихи мәні бар еңбегінде жер бетінде адамзаттың, ежелгі басты мәдени орталықтардың және інжілдік патриархтар мен пайғамбарлардың тарихын еврейлік және христиандық аңыз деректер негізінде жазған. Рим және византия императорларының тарихын христиандық деректер негізінде, ежелгі Иран тарихын ирандық эпикалық дәстүрде баяндалған. Орта Азия және Хорасан тарихын өзіне дейін өмір сүрген Мухаммед ибн Исак (768 ж. қ.б.), ал-Вакыди (823 ж. қ.б.), Абу-л-Хасан Али ибн Мухаммед ал-Мадаини (753 ж. д.к.) [24, 22б.] шығармалары негізінде жазған. Еңбек арабтық тарихнаманың алғаш дами бастаған кезеңдерінде жазылған, әрі өзінен кейінгі авторларға дерек болған. Әсіресі, жер бетінде адамзаттың пайда болуы жөніндегі мәліметтері, Рашид-ад-Диннің «Жами ат-Тауарих», кейін Әбілғазының «Түрік шежіресіне» және т.б. ортағасырлық шығыс авторларының еңбектеріне негіз болуы мүмкін, ал аталған шығармалардың «Тауарих хамсада» қолданылғаны белгілі. Жер бетінде адамзаттың пайда болуын жер қыртысынан жаратылған Адам Атадан тарату Ш. Құдайбердіұлының айтуынша «Таураттан» алған шығыс авторларының ұстанатын дәстүрі. Бұл, дәстүрдің ат-Табари арқылы қалыптасуы мүмкін деген жорамалын анықтайды.
Тарихшы, әрі географ Абу-л-Хасан Али ибн ал-Хусейн ал-Масуди шығу тегі араб, Бағдатта дүниеге келген. «Мурудж аз-захаб ва маадин ал-джавахир» («Золотые луга и россыли самоцветов») атты жинағы және «Китаб ат-тенбих ва-л-шираф» («Книга наставления и убеждения») [24, 25б.] атты еңбектері келіп жеткен. Соңғысында түріктерге қатысты құнды тарихи-этнографиялық [19, 18б.] мәліметтер берілген. Автор еңбекті жазуда Ибн-Хордадбектің шығармасын пайдаланған [24, 25б.] деген мәлімет бар.
Аталған авторлардың ішінде Вали ад-дин Абд ар-Рахман Абу Зайда ал-Малик ал-Хадрами ибн Халдунның (1406 ж. қ.б.), кейін 1867-1868 жж. Булакта VІІІ том болып жарық көрген, жалпы тарихи «Китаб ал-ибар ва-диван ал-мубтада ва-л-хабар фи аййат ал-араб ва-л-аджам ва-л-барбар» («Книга назидательных примеров и сборник подлежащего и сказуемого по части истории Арабов, иноземцев и Берберов») [25, 268б.] атты еңбегінің V томының аудармасы пайдаланылды. Нақты, томда Алтын Орда жөнінде мәліметтер берілген. «Тауарих хамсаның» Алтын Орда және оның ыдырау заманына байланысты мәліметтері [25, 269-278бб.] ибн Халдунның жазған баяндауларымен сәйкес келеме, деген тұрғыдан еңбектер аралық тексеріс жұмыстары жүргізілді.
Шыңғыс хан және оның заманы мен ұрпақтарына қатысты құнды дерек болып табылатын Рашид ад-диннің «Жами ат-тауарих» («Жылнамалар жинағы») [26, 39б.] атты еңбегі, «Тауарих хамсаның» Алтын Орда заманы және оның ыдырауына байланысты тұстарында пайдаланылды.
Әбілғазы Бахадүр ханның «Түрік шежіресі» [27] Қ. Халид тарапынан ежелгі, ерте ортағасырлар және ортағасырларды жазу барысында жиі пайдаланылған еңбектің бірі. «Тауарих хамса» мен салыстыру жұмыстары сөзбе-сөз қайталауларды, сондай-ақ айырмашылықтарды да көрсетті.
Ортағасырлық қытай деректерінің ішінде «Юань ши» [28, 30-42бб.] атты деректің аудармасы, Алтын Орда хандарының генеологиялық тарихын анықтау тұрғысынан пайдаланылды. «Юань ши» Қытайдағы монғол билеушілерінің заманын сипаттайтын дерек. Еңбектің 1368 ж. Юань (монғол династиясы) орнына келген Минь династиясының басшысы Чжу Юань-Чжанның жарғысымен аз уақыт ішінде, яғни 1670 ж. жазылған. Еңбекте кеткен кемшіліктерді салыстыру жұмыстары негізінде көруге болады. Аудармадан үзінділер Алтын Орда хандарының генеологиясын салыстыру тұрғысынан пайдалы болды.
Патшалы Ресейдің ғылыми зерттеу бөлімдері жүргізген жұмыстарының нәтижелерінде жарық көрген мәліметтер қазақ хандығы, отаршылық заман дәуірін, этнографиялық мәліметтерді дәлелдеу тұрғысынан тиімділік танытты.
Қазақ хандығы дәуірі, оның ішінде қазақ-қалмақ жаугершілігі заманына байланысты кейбір оқиғалар ұмыт болып немесе тарихтағы орны, хронологиясы, нақты белгіленбей айтылып жүр. Кейбір оқиғалар тарихи маңыздылығына қарамастан, көлемді зерттеулер мазмұнында айтылмаған. Мәселен, қазақ-қалмақ аралық ірі саяси келісімдердің бірі «Қанды жап» бітімі сирек еңбектерде кездескенмен, осы аралыққа қатысты жазылған зерттеулерде келтірілмеген. Бітімнің бас аяғы «Тауарих хамсада» біршама толық баяндалған. Оқиға деректанулық талапқа сай, шыншылдығы сынға алынып, қосалқы деректермен талдаудан өтті. Оқиғаның болған жері ескеріліп, Семей облысына ОГҚ батыс-сібір бөлімшесі жүргізген жұмыстарының нәтижесінде жарық көрген материалдары [29], Зайсан уезі, Манрақай жеріне Б. Байбуловтың [30] жүргізген жазбалары салыстырмалық тұрғыдан пайдаланылды.
Қазақ хандығың жойылу мәселесіне, қазақ, қалмақ, башқұрт, Ресей, Қытай мемлекеттері аралық саяси жағдайларға байланысты И. Унковскидің, Н.Н. Балкашиннің [31] генерал-майор С.Б. Броневский [32] еңбектері, мұрағат қорынан 338-қордың, 1 тізбесінің 107; 353-істері [33] қолданылды. Абылай хан заманы мен оның төңірегінде өрбіген тарихи оқиғаларға байланысты Көтеш ақын мен Бұқар жырау шығармашылықтары [34] кеңінен пайдаланылды.
«Тауарих хамсада» отаршылдық дәуірдің алғашқы кезеңдері Сібір ханы Көшім хандығының құлауымен, ондағы казак басшысы Ермактың алған орнымен байланыста баяндалған. Осы оқиғадағы Ермактың атқарған саяси рөліне байланысты, Ресей тарихшылары (ХІХ-ХХ ғ. басында) екі түрлі көзқарас ұстанып, ортақ тұжырымға келе алмағаны белгілі. Осыған байланысты, Қ. Халидтың ұстанған көзқарасы ақиқатқа жақын екенін, «Азиатская Россия» атты жинақтың «Люди и порядки за Уралом» [35] атты томында берілген мәліметтер дәлелдеді. Кіші жүздің Ресейге қосылу процесі мен алғашқы бекіністер тарихына В.В. Вельяминов-Зерновтың, А.К. Добросмысловтың, М.В. Лавровтың [36] еңбектері қолданылды. Сондай-ақ, мұрағат қорларынан 374-қордың (Пограничное управление сибирскими киргизами) 2921; 2943; 2917-ші істері; [37] қосалқы, толықтырушы мәліметтер ретінде іске асты.
«Тауарих хамсада» Орта жүздегі дәстүрлі хандық биліктің жойылып, аға сұлтан мансабы төңірегіндегі жағдайлар капитан И.Г. Андреев [38] жазбалары, Аягөз жеріндегі Солтабайұлы Барақ сұлтан есімін жаңғырту тұрғысынан, осы жерде қызмет еткен аға сұлтандардың есімдері сақталған ісқағаз құжаттары [39] қосалқы дерек ретінде іске асты. Осы мәселелерге байланысты, поляк саяхатшысы А. Янушкевичтің [40] жазбалары мен қазақ ақын-жыраулары Д. Бабатайұлы мен Ж. Сағындықұлының [41] шығармалары пайдалы болды.
Шығыс Түркістан өңірінің отаршылдық замандағы тарихына, дүнген көтерілісі мәселесі генералдық штабтың капитаны, соғыс министрі А.Н. Куропаткинның [42], 1874-1875 жж. Сібір, Монғолия, Шығыс, Солтүстік, және Орталық, Солтүстік-Батыс жерлері арқылы Қытайға саяхат жасаған Г. Пясецкидің [43], атақты саяхатшы Н.М. Пржевальскидің [44], сондай-ақ Ф. Полярковтың, ағайынды Г.Е. и М.Е. Грумм-Гржимайлолардың, И. Селецкидің, Н.В. Богоявленскидің [45] еңбектері құнды мәліметтер берді.
Семей облысына ОГҚ батыс-сібір бөлімшесі жүргізген зерттеулері нәтижесінде жарық көрген 32 шығарылымы [46], қазақ халқының күнтізімі, оның төңірегінде айтылатын мәселелер, яғни жұт, сүмбілі, ай мен үркер жұлдызының тұтылу уақыттарын анықтау тұрғысынан қосымша дерек ретінде қолданылды. Сондай-ақ, С.И. Руденконың «Казахи. Очерки быта северо-восточных казахов» [47] атты еңбегі құнды дерек ретінде салыстырылды.
М. Катковтың шығаруымен жарыққа шығып тұрған «Русский вестник» журналының 137-ші томы [48], қазақ халқында отбасын құрып, үйлену және қайтыс болған адамға ас беру тұрғысынан, Семей облысы қазақтарының мысалында жазылған. Еңбекте, тақырып «Семей облысы қырғыздарының ғұрпы» [48, 23б.] деп аталған. Мәліметтер 1878 ж., яғни қазақ халқының әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерінің ертерек қағаз бетіне түсіп, жарық көрген нұсқасы. Бір ерекшелігі, деректегі «жар-жардың» орындалуы «Тауарих хамсада» баяндалған нұсқасына сәйкес келеді. Мұндағы ұқсастық, некелесу тойы екі еңбекте де Семей облысы қазақтарының атқаруы мысалында жазылғанын білдірді.
Қ. Халид қазақ халқындағы отбасын құруда некелесу ішінде орындалатын дәстүрлер мен ғұрыптарды кезекпе-кезек, біршама толық баяндаған. Мәліметтер, ел іші жүріп жиылған және тікелей баяндаушы, білгір азаматтардың ақпарраттарынан құралған. Мәліметтерді дәлелдеу үшін, Ресейлік шығыстанушылары: Н.И. Гордековтың, А.А. Диваевтың, Н.М. Бекимовтың, Л. Баллюзектің, Гедин Свеннің [49] еңбектері салыстырмалық тұрғыдан қажет болды. Некелесу процессінің ішінде орындалатын қалың мал беру, киіт кигізу, жиһаз жинау сияқты дәстүрлердің орындалуында берілетін мал басы сандарының өлшемдері, аталған деректерде көрсетілген көрсеткіштермен салыстырылып, «Тауарих хамсада» берілген көрсеткіштердің шыншылдығын анықтайды.
ХІХ ғ. соңы ХХ ғ. басында қызмет еткен Ресейлік шығыстанушылардың шығармашылықтары мен еңбектері диссертация бойы жиі пайдаланылды. Әсіресе, Ресейдегі шығыстану ғылымының дамуы мен Ресей иелігіне қараған еділ татарлары, башқұрт, азербайжан, өзбек, қазақ халықтарынан шығып қызмет еткендер аралық байланыстар мен айырмашылықтарды көрсету тұрғысынан В.В. Григорьев, И.Н. Березин, В.Г. Тизенгаузен, Н.М. Ядренцев, А.Ю. Якубовский, Н.А. Аристов, Н.Н. Балкашин, Н.Ф. Катанов, А.А. Диваев, В.В. Радлов, Б.Я. Владимирцов, В.В. Бартольд, венгерлік батыс ориенталисті Г. Вамбери өмірлері мен қызметтеріне байланысты мәліметтер пайдаланылды.
Жергілікті татар, башқұр, азербайжан, өзбек, қазақ авторларының еңбектерінен Ш. Марджани, Р. Фахрутдин, К. Насыри, Г. Губайдуллин, А. Губайдуллин, А-К. Бакиханов, Ш. Құдайбердиев, М.Ж. Көпеев еңбектері пайдаланылды. Жалпы, жоғарыда аталған деректер диссертациялық жұмыстың мақсат-міндеттерін, тақырыптың мәнін ашу жолында тимділік танытып, көптеген мәселелердің басын ашуда қызмет етті.
Зерттеудің теориялық-методологиялық негізі. «Тауарих хамсаның» дерек ретіндегі құндылығын және оның мазмұнындағы мәліметтермен жұмыс жүргізуде, жалпы деректанудың, қосалқы тарихи пәндердің әдіс-тәсілдері және герменевтикалық талдау кеңінен қолданылды.
Деректанулық әдістер ішінде, ақпараттарға сын көзбен қарау, сілтемесіз берілген мәліметтер шыншылдығын анықтау үшін қолданылды. Деректерді деректанулық сыннан өткізу, жалпы «Тауарих хамсаның» ғылыми құндылығын көтеруге, оны өңдеуге, әдіс-тәсілдерді таңдауға пайдалы болды.
Тарихи-салыстырмалық әдіс, «Тауарих хамса» мазмұнындағы ақпараттарды қосалқы деректермен салыстыру мақсатында, бүкіл зерттеу жұмысы бойы қолданылды.
Сондай-ақ, еңбектің жазылу мақсатын анықтау барысында, автордың заманы мен ортасы зерттелді. Осы мәселені көтеруде объективтік принціп қағидасы «Тауарих хамсаның» пайда болған ортасын, ол ортаға әсер еткен ағымдардың шығу тегін қарастыруда пайдаланылды.
«Тауарих хамсаның» жазылу тілін, стилін, деректегі оқиғалар, тұлғалар, этнографиялық мәліметтерді, хронологиялық көрсеткіштерді, еңбектің құрылымын жүйелеуде қосалқы тарихи пәндерден: хронология, лингвистика, текстология тәсілдері қолданылды.
Лингвистикалық әдіс-тәсілдер, еңбек іші кездесетін түп негізі арап, парсы, тілдеріндегі түсініктерді (жыл, ай, әдет-ғұрып, салт-дәстүр аттаулары) шыңдай түсу мақсатында кеңінен пайдаланылды.
Хронологиялық әдіс арқылы, еңбекте берілген хижралық жыл санаулар григорияндық күн тізбеге сәйкестендіріліп, сондай-ақ баяндалған оқиғалардың уақыт айналымы, ғылымда беріліп жүрген жылдармен келістірілді.
Деректе баяндалған оқиғалардың толықтығын, шыншылдығын, автордың пайдаланған деректерін, ақпарат берушілерді, автордың көзқарастарын, жанамаланған мәліметтерді анықтау барысында герменевтикалық талдау пайдаланылды.
Зерттеудің хронологиялық шеңбері. Қазақстанның ежелгі дәуірінің алғашқы адам пайда болған кезеңінен бастап б.з. ХХ ғасырына дейінгі уақыт аралығын қамтиды.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Зерттеу жұмысының басты жаңалығы Қ. Халидтың «Тауарих хамса» еңбегіне, алғаш рет деректанулық талдау жасалып, нәтижесінде Қазақстан тарихының әрбір қоғамдық кезеңдеріне, жекелеген оқиғаларға байланысты жаңа деректер реті ұсынылып, мәліметтер тексеріс жұмыстарынан өтіп, тарихтың зерттеу айналымына еніп отыр. Сондай-ақ, «Тауарих хамса» қазақ тарихына арналған дерек ретінде хронологиялық тұрғыдан бір жүйеге келтіріліп, Қазақстан тарихын ұсынатын еңбек ретінде танылып отыр.
Сонымен қатар, «Тауарих хамсада» кездесетін қосалқы деректер сараптау жұмысынан өтіп, бір жүйеге келтіріліп: қазақ халқының күнтізбесі, отбасы және некесі, кейбір әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері деп көрсетілді. Қосалқы деректер деректанулық талдау жұмыстарынан өтіп, қазақ қоғамындағы атқарған қызметтері мен маңызы сөз етілді.
Сондай-ақ, Қ. Халидтың жергілікті шығыстанушы зерттеуші ретіндегі орнын анықтау мақсатында, ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басы аралығындағы, өзі қатарлас түрік-татар тобынан шыққан татар, башқұрт, өзбек, азербайжан жергілікті шығыстанушыларының қызметтері қарастырылды. Нәтижесінде, Қ. Халидтың сол қоғамдағы жергілікті шығыстанушы зерттеуші ретіндегі орны дәлелденді.
Зерттеудің ғылыми-практикалық маңыздылығы. Қазақстан деректануы, Қазақстан тарихының ежелгі, ортағасырлар, жаңа заман тарихына, сонымен қатар шығыстану саласына қосымша толықтырулар беретін еңбек ретінде пайдалануға болады.
Зерттеу жұмысының сыннан өтуі. Диссертациялық жұмыс Е.А. Бөкетова атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің, археология, этнология және Отан тарихы кафедрасының кеңесінде, сондай-ақ ғылыми семинарының отырысында талқыланып, қорғауға ұсынылды. Диссертациялық жұмыстың негізгі тұжырымдары БҒСҚАК-ің журналдарында 4, халықаралық конференцияларында 7, аймақтық конференцияларында 2 мақалалар ретінде жарық көрді.
Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар:
1 Қазақстан тарихы елеулі толықтырулар мен өзгерту жұмыстарын қажет етеді, сондықтанда барлық деректер қорын жинақтап, алдымен деректанулық талдау жұмыстарынан өткізу міндет. Осы тұрғыдан, қазақ тарихының барлық кезеңдеріне құнды деректер ретін беретін, бірақ тұтастай деректанулық сыннан өтпеген Қ. Халидтың «Тауарих хамса» еңбегін тарих ғылымының айналымына, ресми түрде қосу зерттеу жұмысының басты мәселесі болып табылады.
2 ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. басы аралығында түрік-татар өкілдерінен шығыстану саласында еңбек еткен тарихшылардың қызметін Ресей шығыстану мектебімен байланыстыру. Осы мақсатта, Құрбанғали Халидтың тарих ғылымы саласындағы атқарған қызметін көрсете отырып, қоғамдағы азаматтық орнын белгілеу.
3 «Тауарих хамса» мазмұнындағы мәліметтерді, жалпы салаларға қарай жіктеп, тарихи деректерді бөліп алып, Қазақстан тарихи кезеңдеріне орай топтастырып, дәуірлер тарихын бірегей құнды мәліметтермен толықтыру.
4 «Тауарих хамса» мазмұнындағы тарихи-этнографиялық мәліметтерді түрлеріне қарай жіктеп, сараптап, деректанулық талдау жұмыстарынан өткізіп, шыншылдықтарын анықтап қазақ этнографиясы, қазақтың рухани мұра, қазақтың материалдық мәдениеті, сондай-ақ тарихи антропология, этнология салаларына қатысты құнды болып табылатынын көрсету.
5 Қ. Халид сынды жергілікті, түрік-татар өкілдерінен шығып, қызмет еткен шығыстанушылардың еңбектерін Орталық Азия халықтарының тарихын зерттеудегі ғылыми еңбектерде пайдалануды әдетке айналдыру.
6 «Тауарих хамса» еңбегін, зерттеу барысында «Мәдени мұра» бағдарламасының мақсат, міндеттерімен сабақсатығын көрсетіп, қарастыру.
7 «Тауарих хамса» еңбегінде Орталық Азия халықтарының тарихы мен этнографиясына қатысты мол деректер қорының және де аз көлемде Европа мәдениетіне де қатысты мәліметтердің кездесетінін ескеріп, осы жұмыс арқылы дүниежүзілік тарихнамадағы орнын белгілеуге жол ашу.
Диссертацияның құрылымы. Зерттеу анықтамадан, қысқартудан, кіріспеден, үш тараудан, негізгі бөлімдерден, қорытындыдан, пайдаланған деректер тізімінен, қосымшалардан тұрады.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Диссертацияның кіріспе бөлімінде – тақырыптың өзектілігі, ғылыми құндылығы, ізденіс деңгейі, ғылыми жаңалығы, практикалық маңызы, мақсаты мен міндеттері, методологиялық алғы шарттары айқындалды. Тақырыптың зерттелу деңгейі, теориялық және практикалық мәні анықталды.
Бірінші тарау, ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы Ресей шығыстанушылары зерттеулерінің жалпы сипаты деп аталған кезеңдер аралығындағы Ресейдегі шығыстанудың жағдайын сипаттауға арналған. Бірінші бөлім: ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы Ресейлік шығыстанушылар деп, Ресейде қалыптасқан шығыстанудың біртіндеп Ресейлік шығыстану мазмұнына ауысуы тұрғысынан сөз етілген. Яғни, Ресей тарапынан ұйымдастырылған шаралардың бір жақты емес, сонымен қатар жергілікті түрік-татар өкілдерінің көмегі мен қатысулары арқылы жүргенін сабақтастырып айту.
Ресей тарапынан Шығысты, оның ішінде Орталық Азия халықтарының тарихын зерттеу мақсатында ұйымдастырылған шаралар, бастапқы уақыттан шығыс халықтарынан шыққан өкілдердің көмегі арқылы іске асты. Мысалы, Ресейден жіберілген мамандардың жергілікті шығыстанушылармен ғылыми байланыстар орнатқаны белгілі. Осы тұрғыдан, тарау мазмұнында Ресейлік шығыстанушылар деген атаумен, ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басы аралығында қызмет еткен топтар төмендегідей құрылыммен, яғни орыстық және түрік-татарлық деп қарастырылды. Түрік-татар тобына, бірінші орында еділ татарлары, кейін азербайжан, өзбек, қазақ және т.б. халықтардың өкілдері кірді. Бірінші орында, Ресейлік шығыстану мектебінің негізін қалаған: О.П. Сенковский, И.Н. Березин және А. Казембек және т.б. есімдері аталып, осы саласында атқарған қызметтері жөнінде айтылды. Осы мектептерде даярланған мамандар қатарында В.Г. Тизенгаузеннің, Н.Ф. Катановтың, А.А. Диваевтың және т.б. атқарған қызметтері баяндалды. Сонымен қатар, Ресейдегі шығыстанудың нық орнығуы мен жалғасуы жолында, зор қызмет атқарған В.В. Бартольд пен В.В. Радловтың еңбектеріне шолу берілді.
Ресей тарапынан даярланған мамандар мен жергілікті шығыстанушылар арасында жүрген шығармашылық байланыстардың тууына себеп болған жағдайлар, егжей-тегжейлі қарастырылды. Осы қарым-қатынастарды тиімді пайдаланған авторлардың қызметтерін көрсету мақсатында, бар деректер сараптау жұмыстарынан өтіп, түбегейлі қорытындылар жасалды. Мысалы, шығу тегі хакастық, Ресей маманы Н.Ф. Катановтың зерттеулері негізінен жергілікті шығыстанушылармен байланыста жүрген. Н.Ф. Катановтың татар-қазақ, қазақ-орыс және т.б. халықтар аралық шығармашылық байланыс орнатып, ғылымда түбегейлі жетістіктерге жеткені, жан-жақты баяндалды. Әсіресе, Н.Ф. Катановтың қазақ халқының тарихи, тарихи-этнографиялық, фольклорлық мұрасының қағаз бетіне түсіп, жарыққа шығуы жолында қызмет етуі, Қазақстан деректануы саласында айтылмай жүрген өзекті мәселелердің бірі болып табылады.
Сонымен, бөлім Ресейдегі шығыстанудың тармақтап дамуы, Ресей иелігіне қараған жергілікті шығыстанушылардың есебінен толығуы, тұрғысынан айтылды. Ресейлік деген атау, осы салаға Ресей жіберген зерттеушілермен қатар араласып, еңбектер жазған татар, башқұрт, азербайжан, өзбек, қазақ сияқты жергілікті зерттеушілер есімдерін жаңғырту мақсатында ұсынылған.
Екінші бөлімде, ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. басы аралығында, Ресейлік шығыстанудың даму жолында, тынымсыз еңбек етіп, өз үлесін қосқан Құрбанғали Халидтың «Тауарих хамса» еңбегінің, жалпы тарихи маңыздылығы мен деректің құндылығы баяндалды.
Алдымен, нақты зерттеу жұмысын бастау үшін маңызды сұрақтардың басы ашылып, іске асты:
- біріншіден, еңбектің тілі;
- екіншіден «Тауарих хамсаның» «Өрнек» баспасынан шыққаннан кейінгі тағдыры мен көшірмелерінің жарыққа шығу тарихына байланысты зерттеу жұмыстарының нәтижелері;
- үшіншіден, «Тауарих хамсаның» 1910 жылы «Өрнек» баспасында шыққан түпнұсқасы мен 1992 жылы қазақ тіліне аударылған көшірмесі салыстырылып, айырмашылықтары ұсынылды.
Сондай-ақ, еңбек мазмұнында берілген мәліметтер тарихи кезеңдерге, ұлттардың этникалық тарихына, тарихи-этнографиялық маңыздылықтарына қарай топтарға бөлініп көрсетілді. Автордың «Тауарих хамсаны» жазу жолында жүргізген зерттеу жұмыстары, пайдаланған әдіс-тәсілдері, деректерді жинау, сараптау, талдау жолдары анықталып, нақты көрсетілді. Пайдаланған деректердің түрлері, авторға келіп жету жолдары анықталды. Сонымен қатар, Құрбанғали Халидтың өмір баянына қатысты мәліметтер ұсынылды.