Екінші тарау, Құрбанғали Халидтың «Тауарих хамса» (Бес тарих) еңбегіндегі қазақ тарихы – деп, тарихта қалыптасқан құрылым бойынша көне, ортағасыр, жаңа дәуірлерге бөлініп қарастырылды. Аталған кезеңдерге қатысты мәліметтер «Тауарих хамсада» ғылымда қалыптасқан жүйемен ұсынылмағаны ескеріліп, мәліметтер топтау жұмыстарынан өтті.
Бірінші бөлімде көне және ертеортағасырлар деп, жер бетінде адамзаттың пайда болуы, «Тауарих хамсада» ұсынылған нұсқамен беріліп, автордың осы кезеңді жазуда пайдаланған деректерінің шығу тегі анықталды. Сондай-ақ, «Тауарих хамсада» берілген адамзат тарихының пайда болу процесі тарихта қалыптасқан нұсқамен салыстырылып, ұқсастықтары мен айырмашылықтары көрсетілді. Соның ішінде, археологиялық кезеңдер, олардың ерекшеліктері, алғашқы адамдардың ерекшеліктері мен айналысқан кәсіптері, нәсілдердің пайда болып жер-жерлерге таралуы және т.б. мәселелері шығыс деректері негізінде жазылған «Тауарих хамса» мысалында іске асты.
Кезекте қола, темір ғасырларына қатысты мәліметтер өзіндік ерекшеліктеріне қарай топтастырылып, қосалқы деректермен және ғылыми тұжырымдармен салыстырылып, шыншылдықтары анықталды. Әсіресе, шығыстық деректер сорабында «Тауарих хамсада» берілген темір дәуіріндегі алғашқы тайпалық одақтық бірлестіктер тарихына байланысты мәліметтер, сақ заманы мәселелерін қайта қарау жөніндегі сұрақты жандандыра түседі.
Сондай-ақ, ертеортағасырлар кезеңінің «Тауарих хамсада» берілген нұсқасы, талдау жұмыстарынан өтіп, автордың осы кезеңді жазуда пайдаланған деректері анықталды. Нәтижесінде, автордың тарихты, әдеттегідей шығыс деректерінің негізінде жазғаны белгілі болып, шығыс авторларының тарихты жазудағы ұстанымдары талдау, салыстыру жұмыстарынан өтті. Ерте ортағасырлар тарихы «Тауарих хамсада» VІ-VІІІ ғғ. аралығымен шектеліп, алғашқы түрік хандарының тарихына қатысты мәліметтер ғылымда қалыптасқан тұжырымдармен сабақтасатыны белгілі болды. Әсіресе, «Монғол», «Татар», «Түрік», «Оғыз» атауларына қатысты мәліметтер реті талқылау жұмыстарынан өтіп, тарихта тағы бір нұсқа деректер ретінде қабылдану керектігі мәселесі көтерілді.