Диссертация 2010 жылы

Вид материалаДиссертация

Содержание


Ыбырайым Б.Б.
Түсіпова Г.Б.
КІРІСПЕЖұмыстың жалпы сипаттамасы.
Зерттеу тақырыбының өзектілігі
Тақырыптың зерттелу деңгейі
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері
Зерттеудің ғылыми жаңалығы
Зерттеу нысанасы.
Зерттеудің әдіс тәсілдері
Зерттеудің теориялық және практикалық маңызы.
Зерттеу жұмысының сарапталуы, мақұлдануы мен жариялануы
Зерттеу жұмысының құрылымы.
Символизмнің генезисі және оның әдебиеттегі көрінісі»
Диссертацияның қорытындысында
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
Диссертация тақырыбы бойынша жарияланған
Подобный материал:
  1   2


ӘОЖ 82.091:821.512.122 Қолжазба құқығында


Құрманғожаева Эльмира Сейфуддинқызы


Символизм аспектісіндегі қазақ-орыс әдеби байланысы

( XX ғасырдың алғашқы ширегі)


10.01.07– салыстырм

алы әдебиеттану


Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми

дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның


АВТОРЕФЕРАТЫ


Қазақстан Республикасы Астана, 2010




Жұмыс С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің қазақ филологиясы кафедрасында орындалды.


Ғылыми жетекші: филология ғылымдарының докторы,
профессор Ыбырайым Б.Б.


Ресми оппоненттер: филология ғылымдарының докторы,

профессор Рүстемова Қ.Р.

филология ғылымдарының кандидаты,

доцент Түсіпова Г.Б.


Жетекші ұйым: М.Әуезов атындағы Әдебиет

және өнер институты


Диссертация 2010 жылы « » сағат Л.Н. Гумилев

атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі 10.01.02 – қазақ әдебиеті және 10.01.07 – салыстырмалы әдебиеттану мамандықтары бойынша филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі Д 14.31.03

Диссертациялық кеңесінің мәжілісінде қорғалады.

Мекен-жайы: Астана қаласы, Қажымұқан көшесі, 5.


Диссертациямен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің

ғылыми кітапханасында танысуға болады.


Автореферат «__ » ____________ 2010 жылы таратылды.


Диссертациялық кеңестің

ғалым-хатшысы, филология

ғылымдарының докторы М.Б.Шындалиева


КІРІСПЕ

Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Белгілі бір ұлт әдебиеттінің қалыптасуы мен дамуында оның басқа елдер әдебиеттерімен байланыстарының мән-маңызы айрықша. Атап айтқанда, ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің өсіп өркендеуінде оның өзге ұлт әдебиетімен рухани алмастығының, әсер-ықпал көріністерінің орны өзгеше. Қазақ халқының рухани-мәдени өмірінде өшпес із қалдырған бұл кезең әр қилы тарихи-әлеуметтік, саяси-қоғамдық өзгерістерге толы сәттерге орай рухани әрі саяси ірі сілкіністер мен серпілістер әкелуімен ерекшеленетіні белгілі.

Бұл ретте, қазақ әдебиетінің кәсіби дәрежеге жетуі мен көркемдік көкжиегінің кеңеюіне зор үлес қосқан Шәкәрім Құдайбердиев, Шәңгерей Бөкеев, Мағжан Жұмабаев, Бернияз Күлеев сынды қаламгерлердің шығармашылығы, нақтылай алғанда, символизм аспектісіндегі туындыларының жанрлық сипаты, көркемдік-эстетикалық ерекшеліктері жан-жақты қарастырылуы қажет.

Шынтуайтқа келгенде, кеңестік кезеңде символизм орыс, қазақ және т.б. ( ТМД елдерінің - Э.Қ.) әдебиеттерінде жан-жақты әрі терең зерттеліп, жүйелі қарастырылмады. Тек жариялылық кезеңінен бастап бұл мәселе әлемдік әдеби бағыт, ағым әрі пәлсапалық таным ретінде орыс әдебиетінің көркемдік көкжиегін көркейткен құбылыстық сипат тұрғысында зерлеп зерделенді.

Сонымен қатар, бір шоғыр орыс символистерінің түркі халықтарының

қаламгерлеріне, оның ішінде татар, башқұрт, қазақ ақындарына тигізген ықпал-әсері айқын байқалады. Бұған - осы тақырыпқа негізделген татар, қазақ әдебиет зерттеушілерінің еңбектері нақты дәлел.

Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Қазақ әдебиетіндегі символизм туралы ұлттық әдебиеттануымызда әркелкі деңгейде бірталай еңбектердің жазылғаны, жарық көргені мәлім. Символизмнің ғасырлар тереңіндегі тамырлары, қазақ поэзиясындағы көріністері, орыс символистерінің ықпалы, осы үдерісте ерекше еңбек еткен орыс ақындары мен философтарының жемісті ізденістері мен концепциялары біршама еңбектерге арқау болды. Сондай-ақ, символизм нышандары Ш.Құдайбердиев, М.Жұмабаев, Ш.Бөкеев, Б.Күлеев сынды қазақ ақындарының өлеңдері мен поэмаларының көркемдік өрнегі мен эстетикалық нысанасына, қаламгерлердің дүниетанымына айрықша ықпал еткені туралы елімізде әдебиетшілер мен философтардың және т.б. ғылым саласындағы зерттеушілердің өз пайымдауларын ұсынуында ұлттық рухани – мәдени дамудың қандай да болсын мәселелерін талдап-таразылауға деген зор қызығушылықтары да бары анық.

Әйтсе де әдебиетімізде айрықша орын алатын қаламгерлеріміздің шығармашылықтарын терең талдау, жекелеген көркемдік құбылыстардың тарихи-эстетикалық маңызы мен ықпалын тану үшін нақты мысалдарды жіліктеу мен жүйелеу, сол арқылы тарихи-әдеби үдерістің ұлттық танымға әсерін пайымдау қажеттігі келешек концепциялардың көкжиегін болжау үшін айрықша қажет. Ендеше бұл орайда жазылған еңбектің көкейкестілігі талассыз.

Сонымен қатар, символистік құбылыстың тарихи тамырлары мен орыс немесе қазақ поэзиясында көріну сипаттарына зер салған зерделі еңбектер қарастырылып, осы бағытта ізденген төл ақындарымыздың туындыларындағы көркемдік айшықтарды айқындау да зерттеудің өзектілігін байқатады.

Белгілі бір ұлттың өркениеттегі өрісі басқа ұлттар мен ұлыстар арасындағы мәдени-әдеби қарым-қатыныстар, рухани алмасулар барысында айқындалмақ. Қазіргі таңда қазақ елі мен басқа өскелең халықтардың мәдениеттерін жалпы әлемдік өркениет дамуының талаптары бойынша сабақтастыра қарастыру өзектілігі күн тәртібінде тұр. Бұл орайда қазақ және орыс әдебиеттерінің өткен ғасырлардағы әдеби-мәдени алмасу бастауларын негізге ала отырып, олардың ортақ үндестіктерін және әрқайсысының дербес ұлттық ерекшеліктерін саралау басты нысана болып табылады.

Демек, жұмыстың көкейкестілігі - біріншіден, ғасырлар тоғысындағы орыс символизмінің тууы мен қалыптасуын бедерлеу арқылы оның қазақ әдебиетіне, жекелеген ақындарға әсер-ықпалын айғақтау болса, екіншіден, символдық сөз өрнегінің, образдар жүйесінің көркем-эстетикалық өзгешеліктерін атап көрсету. Сондай-ақ, қазақ және орыс поэзиясының ағымдастығы мен өзгешеліктерін тарихи поэтика заңдылықтары негізінде қарастыру да - аса өзекті мәселе.

Тақырыптың зерттелу деңгейі. Жалпы зерттеу жұмысымызда біз отандық және шетел ғалымдарының пікірлерін жинақтап, қолданып отырмыз.

Әлбетте, символизм ағымының тууы мен қалыптасуын және оның әдебиеттегі көрінісін пайымдамай, осы аспектідегі қазақ­-орыс әдеби байланысын зерделеу мүмкін емес. Оның үстіне, қазақ әдебиетінің биік деңгейден көрінуінде өзге ұлт әдебиеттерімен рухани алмасуының, сондай-ақ әсер-ықпал көріністерінің айрықша орын алары сөзсіз. Бұның нақты дәлелі ретінде XX ғасыр басында жаңаша толығып, толыса бастаған төл әдебиетіміздің даму барысын, бар болмыс-бітімін тілге тиек ете аламыз. Бұл турасында жазылған, айтылған ой-пікірлер сілемі ойымызды айғақтай түсері анық.

Әрине, тәуелсіздік алғаннан бергі жылдары жазылған ғылыми-танымдық не публицистикалық еңбектер біршама болғанмен, аталған тақырыпты арқау еткен зерттеулер әлі де аз және олардың біразы бұл мәселені жанама түрде ғана сөз етсе, енді бірі басқа аспектіде қарастырды. Атап айтқанда, Ш.Елеукеновтің «Мағжан»(1995ж.), Б.Қанарбаеваның «Мағжан-символист» (2007ж.), Б.А.Жетписбаеваның «Образные миры Магжана Жумабаева» (2008г.), С.Т.Таханның «История русской литературы XX века» (2008г.) деген кітаптары мен С.Бақтиярованың «XX ғасыр басындағы қазақ әдебиетіндегі стильдік, көркемдік ерекшеліктері» атты диссертациясы осы тақырыпқа арналған болатын. Алайда Ш.Елеукенов, Б. Қанарбаева және Б. Жетписбаевалардың еңбектерінде символизм ағымы М. Жұмабаев шығармашылығы негізінде зерттелсе, С.Таханның еңбегінде орыс әдебиетіне қатысты ғана сөз етіледі. Ал, С.Бақтиярованың аталмыш еңбегінде бұл мәселе стильдік, көркемдік ерекшеліктер тұрғысында зерделенген.

Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Диссертациялық жұмыстың мақсаты – ХХ ғасыр басындағы қазақ және орыс халықтары әдеби байланыстарының даму барысын айқындау және алмасу тұрғысында байқалған жекелеген қаламгерлер шығармашылықтарындағы әсер-ықпал көріністерін бағамдау, қазақ ақындары мен орыс символистерінің шығармашылықтарына салыстырмалы түрде сипаттама беру. Сөйтіп төл сөз өнеріміздің тақырыптық, жанрлық және көркемдік деңгейін анықтау. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін мынадай міндеттерді шешуге талпыныстар жасалды:

- қазақ және орыс поэзиясының тарихи-мәдени даму негіздерін жүйелеу;

- символизм поэзиясының қалыптасуы мен дамуының қазақтық, орыстық ортақ дүниетаным болмысын айқындау;

- қазақ және орыс символист ақындарының шығармашылықтарына салыстырмалы түрде сипаттама беру;

- қазақ және орыс ақындарының поэзиясына тән ортақ үндестік пен олардың дәстүрлі ерекшеліктерін саралау;

- символистік поэзиядағы танымдық-философиялық өлеңдердің жанрлық сипатын байыптау;

- қазақ және орыс поэзиясындағы бейнелілік өрнектерінің дараланған поэтикалық өзгешеліктерін таныту;

- қазақ ақындары шығармаларының Шығыстың классикалық әдебиеті дәстүрлерімен ықпалдастығы сипатына ғылыми барлау жасау.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы. ХХ ғасыр басындағы қазақ және орыс әдебиеттерінің символистік негіздегі шығармалары салыстырмалы тұрғыда тұтас әрі жүйелі түрде алғаш қарастырылып отыр. Бұл жұмыстың сонылығын ғана емес, бүгінгі жаһандану заманының талабынан туындаған қажеттілік екенін де айқындайды. Сонымен қатар екі ел арасындағы әдеби байланыс жекелеген ақындар шығармашылығының ағымдастығы мен көркемдік-эстетикалық ерекшеліктері тұрғысында анықталды.

Зерттеу нысанасы. Диссертацияда ғасырлар тоғысындағы қазақ-орыс қаламгерлерінің шығармалары зерттеу нысанына айналды және символизм ағымының өкілдері қарастырған мәселелерге орай игерілді. Зерттеу жұмысының негізгі нысанасына осы аспектідегі орыс, қазақ ақындарының өлеңдері алынып отыр.

Зерттеудің әдіс тәсілдері. Зерттеу жұмысында салыстырмалы тарихи, салыстырмалы типологиялық және жүйелі сипаттама тәсілдері қолданылды.

Диссертацияның методологиялық және теориялық негіздері. Зерттеу жұмысына қазақ және орыс әдебиеттануы мен салыстырмалы әдебиеттану ғылымдарының іргелі зерттеулері негіз болды. А.Байтұрсыновтың, М.Әуезовтің, Б.Кенжебаевтың, Е.Ысмайыловтың, Ш.Қ.Сәтбаеваның, С.Қирабаевтың, Ы.Дүйсенбаевтың, Р.Нұрғалидың, С.Қасқабасовтың, Ш. Елеукеновтің, Ж.Дәдебаевтың, Б.Ыбырайымның, А.Жақсылықовтың, Р.Батырбекованың, Н.Ж.Сағандықованың, Н.О.Жуанышбековтің, Б.Мамыраевтың, М.Х.Маданованың, Д.Қамзабекұлының, Қ. Р.Нұрғалидың, А.Шәріптің, С.Таханның, Ф.Исмаилованың, А.Ишанованың, Б.Әбдіғазиұлының, Т.Тебегеновтің, Б.А.Жетпісбаеваның, Б.Қанарбаеваның, С.Сүтжановтың және т.б. қазақ ғалымдарының еңбектері құрады. Сонымен бірге шетелдік ғалымдар – В.М.Жирмунский, А.И.Конрад, А.Н.Веселовский, М.М.Бахтин, А. Белый, В.Бердяев, Д. Дюришин, Л.Гинзбург, Л.М.Лотман, В.И.Хализов, Д.Е. Максимов, Е.В. Ермилова, А.Ф.Лосев, Д.В.Затонский және тағы басқалардың еңбектері пайдаланылды.

Зерттеудің теориялық және практикалық маңызы. Жұмыстың нәтижелері мен тұжырымдары қазақ, орыс халықтары әдебиеттерінің ортақ тарихын негізге ала жазылып жатқан компоративизм бағдарындағы жаңа зерттеулерге септігін тигізеді. Зерттеу жұмысының материалдары орта және орта арнаулы білім беретін мектептердегі, жоғары оқу орындарындағы әдебиеттану бағдарындағы арнаулы пән үшін көмекші құрал бола алады. Сонымен бірге, орыс пен қазақ халықтары арасындағы мәдени, көршілестік қарым–қатынастарды нығайту жолындағы іс–шаралар үшін де тәлім–тәрбиелік пайдасының бары анық.

Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар.

- Символизм ағымы орыс және қазақ поэзиясына ортақ көркемдік негіз болғандығы нақты дәйектелді.

- Символдық ұғым бірлігі – символизм поэзиясының мазмұны мен пішінінің тұтастығын құратындығы сараланды.

- Қазақ және орыс поэзиясындағы үндес сарындастық жекелеген ақындардың эстетикалық көзқарастары аясында айқындалды.

- Үндестік, сарындастық негіздегі қазақ және орыс ақындары шығармаларының тақырыптық-идеялық құндылығы олардың дүние-танымындағы ұстанымдары жалпыадамзаттық мәселелермен бір тұтастықта қарастырған сипаттарымен ерекшеленді.

- М.Жұмабаев, Ш.Бөкеев, Б.Күлеев сынды қаламгерлердің символизм аспектісіндегі шығармалары ХХ ғасыр басындағы әдеби үдеріске өзгеше леп, тың өзгерістер әкелген туындылар болып табылды.

- Орыс және қазақ ақындарының эстетикалық идеалынан туындаған көркемдік әдіс-тәсілдер жүйесі сол кездегі әдеби процесте айрықша орын алады.

- Қазақ және орыс поэзиясындағы көңіл-күй, махаббат және табиғат лирикасы өлеңдері арқылы адамзатқа тән ішкі жандүние тереңдіктері, мінез-құлық қасиеттері пайымдалды.

Зерттеу жұмысының сарапталуы, мақұлдануы мен жариялануы. Диссертацияның негізгі бағыттары, ғылыми тұжырымдары Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетіндегі «Жаңа ғасырдағы Қазақстанның тілдік кеңістігі және әлемдік лингвистиканың өзекті мәселелері» халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдарында (Алматы, 2008), «VII Сәтбаев оқулары» халықаралық ғылыми конференциясының материалдарында (Павлодар, ПМУ-2007) «Дала кемеңгері Мәшһүр Жүсіп - адамзаттың ұлы ғұламасы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясының материалдарында (Павлодар, ПМУ-2008) және «ІІ Сәтбаев оқулары» халықаралық ғылыми конференциясының материалдарында (Павлодар, ПМПИ-2010) баяндалып мақұлданды. Диссертация тақырыбына байланысты мақалалар «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Ұлағат», «Ақиқат» журналдарында, «Еуразия университетінің Хабаршысы», «Қазақстан педагогикалық Хабаршысы» басылымдарында және т.б. ғылыми еңбектер жинағында жарияланды.

Диссертациялық жұмыс С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік

университетінің қазақ филологиясы және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қазақ әдебиеті кафедраларында талқыланып, қорғауға ұсынылды.

Зерттеу жұмысының құрылымы. Диссертация кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан тұрады. Жұмыстың соңында пайдаланылған әдебиеттердің тізімі берілген.

Жұмыстың негізгі мазмұны


Кіріспеде диссертация тақырыбының өзектілігі, мақсаты мен міндеттері, ғылыми жаңалығы, ұсынылған тұжырымдары, зерттеу нысаны мен дерек көздері, зерттеу әдістері, жұмыстың теориялық, әдістемелік, тәжірибелік маңыздылығы, сарапталуы және құрылымы жөніндегі мәліметтер берілген.

«ХХ ғасыр басындағы әдеби процесс және символизм» деп аталатын жұмыстың бірінші тарауы «ХХ ғасыр басындағы әдеби байланыс мәселелері» және «Символизмнің генезисі және оның әдебиеттегі көрінісі» атты екі тараушадан тұрады. Жоғарыда аталған бірінші тараушада зерттеу обьектісіне айналған қазақ-орыс әдеби байланыстары жөнінде бұрын-соңғы айтылған әр түрлі ой-пікірлерді зерделей отырып, соған қатысты туындаған мәселелерге тоқталуды жөн санадық.

Жалпы, әдеби байланыстар  түрлі әдеби-тарихи және көркемдік-эстетикалық фактілердің өзіндік көрінісі ретінде үнемі ауысып отыратын өте күрделі, көп қырлы диалектикалық құбылыс. Сонымен қатар, олар, біріншіден, әдебиеттердің әлемдік деңгейдегі өсу жолдарына, екіншіден, түрлі ұлт мәдениетінің тарихына, үшіншіден, нақты әрбір қаламгер шығармаларына қатысты туындайды.

Осы орайда, ұлттық әдебиеттердің өзара қарым-қатынасы мен байланыстарын жай ғана атап қоймай, әдеби процестің күрделі ішкі заңдылықтарын қамтып, бұл алмасулардың ұлттық мәдениеттің қалыптасуы мен дамуындағы рөлін және шығармашылық өрістегі алатын орнын айту лазым. Сондықтан осы тұрғыда ой қорытуға тырыстық.

Жоғарыда қарастырылған әдеби байланыс түрлерінің шығармашылық қарым-қатынас мәселелерін тереңірек түсінуге септігі тигенімен, әдеби процесс болмысын толыққанды сипатта көзге елестете алмасы анық. Өйткені әдеби байланысты тарихи-әдеби процестің ең бір маңызды буыны ретінде танитын болсақ, ол тікелей көркемдік, шығармашылық үрдіспен, сондай-ақ әдеби бағыт, жанр, стиль және т.б. дамуына да тікелей қатысты. Диссертацияда осы мәселелер төңірегінде ой өрбітіліп, дәйектеме тұрғысында тұжырымдар жасалынды.

Әдебиеттердің өзара қарым-қатынасы көп қырлылығымен ерекшеленеді. Мысалы, сарындас әдеби ағымдар бір-біріне ықпал етеді, идеялық-эстетикалық бағыт-бағдары ұқсас қаламгерлер өзара үндестік танытып жатады. Бұл жекелеген ұлттық әдебиетте белгілі бір жанрдың қалыптасып, өріс жаюына әрі жаңа және ескі поэтикалық формалардың жетіліп, дамуына, көркем сөз шеберлерінің тіл, стиль тұрғысындағы өркендеуіне игі ықпал жасайды.

Әлбетте, әдебиеттер арасындағы байланыстар олардың жалпы тарихи-әдеби дамуына сәйкес бір-біріне айрықша ықпал етуінде байқалады. Ал әртүрлі жағдайдағы шығармашылық қарым-қатынастың нақты формалары шексіз. Бұл көпқырлылық шығармашылық байланыс секілді күрделі процестің маңызды жағын қамтитын негізгі түрлерінде анық сезіледі.

Сонымен, әдеби қарым-қатынас формаларына аударма, үлгі алу (взаимствование), еліктеу (подражание), стильге салу (стилизация), образды ұқсастық (образные аналогии) және тағы басқалар жатады. Демек, шығармашылық қарым-қатынастың анағұрлым қарқынды түрі  ықпал-әсер (влияние) болып табылады десек қателеспейміз.

Жүздеген, тіпті мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан әдебиет аралық шығармашылық алмасулар шексіз әрі әр алуан. Сондықтан әдебиет зерттеушілерінің алдында қашанда байланыс пен қарым-қатынас процесінің күрделілігімен қатар кезеңдік, ұлттық және эстетикалық көрініс ерекшеліктерін қамтып көрсету міндеті тұрады. Сөз өнерінің өзара алмасу арқылы баю процесі бір қалыпты емес, өзгермелі, құбылмалы. Себебі, әдеби даму бірде қарқынды, бірде баяу жүретін заңды құбылыс. Әдебиеттер арасындағы байланыс туралы да осыны айтуға болады. Әдеби алмасудың заңды құбылыс ретіндегі белсенділігіне мына секілді қоғамдық-әлеуметтік себептер тірек болғанын байқаймыз. Бірінші, бұл елдер өмірінде қоғамдық-саяси сана өсіп, әдебиеттер өзара тығыз қарым-қатынасқа түседі, яғни, халықтың рухани күш-қуаты анағұрлым айқын көрінеді; екінші, идеологиялық күрес түрлі позиция өкілдерін халықаралық тұрғыда рухани байланыс жасауға итермелейді, үшінші, мемлекеттер арасындағы саяси-экономикалық және мәдени байланыстарға кең жол ашылады.

Әлем халықтары әдебиеттерінің осы секілді қарқынды, игілікті байланыстары Ресейдегі бірінші орыс төңкерісі кезінде қоғамдық-саяси өсу жағдайымен бір мезгілде болғаны мәлім. Бұл қоғамдық жағдай империя аймағын мекендеген бүкіл халықтың ұлттық-идеологиялық күресі мен қозғалысына көп ықпал етті. Сонымен қатар, төңкеріс ауқымындағы қозғалыстармен тығыз байланысты дамыған орыс әдебиетінің басқа елдер әдебиетіне әсері де аз болмағаны анық. Мысалы, түркі халықтарының сөз өнерінің осы кезеңде өрістеуіне батыс, орыс әдебиеті мен мәдениеті біршама ықпал еткені рас.

Тарихи-қоғамдық жағдайдың өзгеруіне орай, әдебиет аралық қарым-қатынас та бірте-бірте ауысады. Сөйтіп, бұрын өзінің көркемдік жетістігі төмен болғандықтан өзгелерге елеулі әсер ете алмаған әдебиеттер басқалардан үйрену арқылы белгілі бір шеберлік қырларын игеріп, өз ішінен белгілі-белгілі көркем сөз қайраткерлерін ұсынуы мүмкін. Бірте-бірте бұл өзара алмасудың күрделі процесіне әлем әдебиетінің бәрі тартылады. Мәселен, тарихи-қоғамдық жағдайларға байланысты томаға-тұйық күй кешіп келген қазақ әдебиеті ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап шығармашылық қарым-қатынас үрдісіне бойлай енді. Тіпті еніп қана қоймай, әлемге әйгілі қайраткерлерді (Шоқан, Ыбырай, Абай) дүниеге әкелді. Олардың ізін ала өмір кешкен ХХ ғасыр басындағы қаламгерлер өз алдына үлкен бір шоғырды құрады.

Егер әдебиетті ұлттық сана-сезім формасы ретінде қабылдасақ, онда езгідегі халықтың ұлт-азаттық күресі мен санасының өсуіне қарай, оның әдебиеті өзінің дербестігін, тәуелсіздігін, өз тілін, өзіне тән ерекше тақырып пен идеяны, сондай-ақ этикалық әрі эстетикалық идеалын сақтап, прогрессивтік әлем әдебиеттерімен тығыз қарым-қатынас жасауға ұмтылыс жасайды. Бұған мысал ретінде, алысқа бармай-ақ, төл әдебиетіміздің ХХ ғасыр басындағы кезеңін көзге елестетсек те жеткілікті.

Диалектикалық түсінік тұрғысында әдеби байланыс пен әдеби процесс түрлі тарихи кезеңге орай, ауысып отыратын әдеби болмыс жағдайы бола отыра, бір-бірінен ажырағысыз екендігін көптеген ғалымдар, атап айтқанда, А.С. Бушмин, Н.И. Конрад, М.Б. Храпченко, И.Г. Неупокоева және т.б. атап көрсетті [1].

Ғылыми жұмыста осындай ой-пікірлер сараланып көрсетілді. Сондай-ақ, қазақ пен орыс халықтарының әдеби байланысы сөз етіліп, оның түрлері, алғышарттары біршама айқындалып берілді.

« Символизмнің генезисі және оның әдебиеттегі көрінісі» деп аталатын бірінші бөлімнің екінші тараушасында символизмнің анықтамасы беріліп, оның философия, дін, мифология тәрізді басқа да мәдени құбылыстық ілімдермен байланысы сарапталып, талданады.

Нақтылай айтсақ, бұл ағымның эстетикалық негізін құрған батыс оқымыстылары – А. Рембо, С. Малларме, П. Варлен, К. Гамсун, М. Метерлинк, Э. Верхарн, О. Уайльд, Г. Ибсен, Р. Рильке және т.б. батыс оқымыстылары еді. Сондай-ақ , символизм Батыс Еуропаның Бельгия, Германия, Норвегия сияқты елдеріне кеңінен таралды. Символизм ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр аралығында орыс поэзиясына да ерекше құбылыс болып енді. Ол елдегі бүкіл ақындық әлем шығармашылығын қамтымаса да, өзінің сол кезеңдегі ерекше келбетімен айқындалды [2].

Демек, символизм әдеби бағыт ретінде Еуропалық және орыстық өнер өрісінде 1870-1910 жылдары ерекше дамыды десек болады. Әдебиеттану ғылымында «символизм» термині әр қилы мағынада қолданылып келеді. Көбінесе символизм еуропалық және орыстық өнер өрісіндегі бағыт ретінде түсіндіріледі. Сонымен қатар, символизм кең мағынасында «дүниетаным» (А.Белый) немесе философиядағы, өнердегі және антикалық мәдениеттің белгілі бір кезеңінде жазылған шығармалардың өзіндік сипатын айқындайтын «өмірлік тәжірибе» ретінде де түсіндіріледі [3].

Әдебиеттанушы Е.В.Ермилова орыс символизмінің теориясына байланысты өз тұжырымын ұсына келіп, былай деп жазады: «Символизм алғашында «декаденттік», «импрессионистік», «субьективистік», «иллюзионистік символизм» тәрізді бағыттардың орнына қолданылатын әдеби бағыт болуды аз көрді. Символизм тек әдеби мәселелерді ғана емес, дүниетанымдық мәселелерді де шешуге ұмтылды» [4, 3-б].

А.Белый, Вяч.Иванов, Вл.Соловьев тәрізді теоретик-символистер де символизмді осылайша түсінді. Символизмді белгілі бір дәуірдегі философиялық ойдың жалпы мәселелерімен тығыз бірлікте қарастырудың қажеттілігі орасан зор, себебі сонда ғана символизмді – «дүниетаным» ретінде түсінуге болады. Е.В.Ермилованың айтуынша, «реалды» символдың концепциясын тұжырымдаған Вяч.Ивановтың ой сілемі П.Флоренский, С.Булгаков шығармаларында көрініс тапқан.

А.Белый өзінің «Символизм, как миропонимание» атты еңбегінде ХХ ғасыр басындағы орыс әдебиетінің сипаты туралы айта келіп, символизмнің дүниетанымдық тұрғысындағы мағынасына тоқталады. Символизмді бұлайша түсіндіру ғасырлар тоғысындағы заманауи ерекшеліктерге байланысты болып келді. Символизмді – дүниетаным ретінде анықтаудың негізінде адам өмірінің мәнін экзистенциалдық тұрғыдан түсіну жатыр. А.Белый былай деп жазады: «Кез-келген символист суреткер шығармашылығының алғы шарты – оның ғасырлар тоғысындағы адамзаттың тығырыққа тірелуін, іс пен сөздің, сана мен түйсіктің арасында жер мен көктей айырмашылық бар екенін сезінуі» [3,51-б].

Белгілі батыс ойшылы Карл Ясперстің идеясы бойынша халықтар арасында тектік емес, рухани байланыс бар. Нағыз рухани өмір тек «өмір мен өлім белдескен шекаралық жағдайлар» кезінде ғана танылады, тек

осы уақытта ғана адамдар арасындағы қарым-қатынас экзистенциалдық реңкке боялады.

Экзистенциалдық философия идеялық ағым ретінде ХХ ғасырдағы философияға ғана емес, пессимистік көңіл-күйге негізделген әдебиетке де тән болды. Экзистенциалистердің көркем шығармаларындағы символдар көбінесе адам болмысының мәнін эмоционалды түрде түсіндіруге қызмет етті. Адам болмысының негізгі категориялары – жатсыну, қорқыныш, үрей, өлім т.б. болып саналды.

Орыс символизмі экзистенциалдық дүниетанымға сүйене отырып, мағыналық басымдылық ретінде транценденттілікті (тәжірибеден тыс жатқан, ақыл-санамен түсініп білуге болмайды дейтін идеалистік философиядағы ағым) көрсетеді. Орыс экзистенциализмі (Н.Бердяев, Л.Шестов, С.Франк) бойынша адамды адам ететін нәрсені эмпирикалық (тәжірибеге негізделген) тұрғыда түсінуге болмайды. Н.Бердяевтің пікірінше, трансценденттілік біздің өмір сүруіміз үшін қолайлы жағдай жасайды әрі ол біздің табиғи болмысымыз мен рухани дүниемізге ауадай қажет. Егер трансценденттілік болмаса, онда тұлға да болмайды. Бұл – символизмге берілген анықтаманың негізгі ұғымы. Бұл анықтама бойынша символ көп мағыналы, астарлы образ ретінде сезімдік қабылдаудан тысқары жатқан идеяларды көркем бейнелейді. Символизм «жасырын ақиқатты», «өмірдің шын мәнін» түсінуге, «теңдесі жоқ сұлулыққа» қол жеткізуге ұмтылады [5].

«Кіші» символистер (Блок, Белый, Вяч.Иванов) осындай «жасырын ақиқатты», «өмірдің шын мәнін» түсінуге құштар болды, олар әлеуметтік төңкерісті (революцияны) «рух төңкерісіне» апарар саты деп қабылдады (А.Белый) [6]. В.А.Келдыш жазғандай, «айналада болып жатқан өзгерістерді жүрегімен сезінген символистерде жан толқуы жыр жолдарымен берілді. Бұл толқу сол кезеңдегі аласапыран уақыттың өзіндік ерекшеліктеріне (тығырыққа тірелген халықтың басын тауға да, тасқа да соғып абдырауы) байланысты туындаған еді»[ 7,25-б].

Қазақ ғалымы Ш.Елеукенов те ХХ ғасыр басындағы орыс поэзиясында «қанды алау», «өрт», «буырқанған теңіз», «найзағай», «боран» тәрізді символикалық образдардың кеңінен қолданылғанына назар аударады. Оның айтуынша, бұл образдар қазақ әдебиетінде де орын алды. Мысалы, уақыт тынысын, өз халқының мұң-қайғысын жан-тәнімен сезіне білген Мағжан, Бернияз поэзиясында осы іспеттес бейнелі образдар жиі кездеседі. Ойшыл ақын Мағжан адамды мәңгілік уақыт пен кеңістік ауқымында ала отырып, осы мәңгілік уақытты – бір ғана сәт, ал адамды – мәңгілікпен салыстырғанда бір нүкте ретінде қарастырады.

Осылайша, экзистенциализм адамның рухани дүниесін, жан әлемін терең түсінуге мүмкіндік береді. К.Ясперс көрсеткендей, адамзат тарихын көркем бейнелейтін өнердің негізінде рухани факторлар, атап айтқанда, экзистенциалды өмірмен, яғни мағыналық басымдылық – трансцендентті түсіндірумен тығыз байланысты факторлар жатады.

К.Ясперс бір кездегі Н.Бердяев, А.Ф.Лосев, С.Цвейг және т.б. ойшылдар тәрізді адамның рухани әлемінің трансценденттілігін мойындайды. К.Ясперс„философиялық сенім“ ұғымын енгізді, бұл ұғым бойынша ақиқат туралы білімнің өзі білместіктен пайда болған. Ақиқат – философиялық сенімнің нысаны. Ясперс үшін білместік – адам ақыл-ойының дәрменсіздігінің субьективтік көрсеткіші ғана емес, сондай-ақ, болмыс – трансценденцияның ерекше формасының обьективтік куәгері де. Білместік – бұл миф, яғни өмір туралы мифологиялық түсінік» [8,23-б].

А.Ф.Лосевтің тұжырымдауынша, біздің өміріміз символдарға толы. «Символдың көмегімен біз трансценденттілікпен, нағыз ақиқатпен қауышамыз. Бұл – нағыз ақиқатты символ арқылы тануға болады дегенге саяды. Сонымен бірге біздің сезіміміздің сыртқа шығуына жол ашатын экзистенцияда жоғалып кетеді». Лосевтің Аталмыш ғалымның айтуынша, өнердің өзі белгілі бір дәрежеде символикалық болуы қажет. Бірақ ақиқат болмыспен салыстырғанда, ол – астарлы. Ал өмірдің өзі символикалық мәнге ие, «себебі біз өмірде кім болсақ, солай өмір сүреміз». Лосевтің пікірі бойынша, миф пен символ бір-бірімен тепе-тең [9,47-б].

Г.П.Козубовская өзінің «А.Фет поэзиясы және мифология» деген монографиясында ХІХ ғасыр поэзиясына өзгеріске түсудің нәтижесінде пайда болған мифологиялық шығармашылық тән болып келеді дейді [10,128-б].

Д.В.Затонскийдің «Модернистік мифтер және шындық болмыс» атты зерттеуі ғалымдар қауымын елең еткізді. Аталмыш жұмыста ХХ ғасырдағы батыс модернизміндегі мифтік шығармашылық жөнінде сөз қозғалады. Еңбек авторының зерттеу нысанына қатысты біржақты көзқарасына қарамастан, жұмыста ХХ ғасыр өнеріндегі мифтің рөлі туралы біршама қызғылықты деректер берілген [11,353-б].

Ал, А.Белый мынадай пікір келтіреді: «Көркем шығармашылық символизмі – сөз символизмінің жалғасы». Ол бұндай байламды Потебняның сөзді символ ретінде қарастырған пікіріне сүйене отырып жасайды. Потебнянның аталмыш тұжырымы өз кезегінде Рикердің символизмге берген анықтамасына жақын келеді. А.Потебняның тұжырымдамасы бойынша, сөздің екі түрлі мазмұны бар: обьективтік және субьективтік. «Біріншісі – белгі, символ, ол біз үшін екіншісінің орнын басады... Сөздің бірінші мазмұны дегеніміз – ой мазмұнын белгілейтін пішін болып табылады. Сондықтан екіншісін – субьективтік мазмұнды жоққа шығарсақ, онда сөзде тек дыбыс қалады, яғни сыртқы пішін және этимологиялық мағынасы бойынша, ол да –пішін, бірақ ішкі пішін. Сөздің ішкі пішіні ой мазмұнының санаға қатынасын білдіреді: ол (ішкі пішін) адамға өз ойының қандай екенін көрсетеді»[29,233-б].

Әдебиетші–ғалымдардың ой-пікірлері бойынша, символизм – романтизмнің «соңғы сатысы» және неоромантизм немесе модернизм деп аталады. Олар өз зерттеулерінде «неоромантизм» терминін тегіннен-тегін бермеген. Себебі, өз кезінде орыс әдебиеттану ғылымында, төңкеріс қарсаңында С.Венгровтың редакциясымен жарияланған «ХХ ғасырдағы орыс әдебиетінің тарихы» атты еңбекте романтизм концепциясын тұжырымдаған ой-пікірлер жарық көрген болатын. Аталмыш басылымда соңғы ширек ғасырдағы қоғамдық-әдеби өмірде әр қилы өзгерістердің салдарынан пайда болған түрлі көңіл ауандарының арасындағы үйлесімді байланыс «орыс неоромантизмі» терминімен түсіндірілген.

Орыс әдебиет өкілдерінің бізге беймәлім болып келген еңбектерін ғылыми айналымға қосу, олардың төл түлектерімізбен шығармашылық үндестігін, ағымдастығын зерделеу уақыт талабына орай туындағаны рас. Осы тұрғыдан келгенде, орыс символистерінің қазақ қаламгерлеріне еткен әсері барынша игілікті болды.

Жалпы, қазақ ақындары – Шәкәрім, Шәңгерей, Мағжан, Бернияз шығармашылықтарындағы символизм сарынының көрініс табуын да сол тұстағы тарихи-мәдени жағдайлармен байланыстырған жөн. Сонымен қатар, орыс поэзиясындағы символизм ағымының даму тарихы мен бет алысы, табиғаты да осындай факторларға тиесілі.

Символизм ағымының ықпал ету аясының өте кең болғаны соншалық, ол (символизм) басқа әдеби мектептер мен үйірмелерге ғана емес, көршілес, аймақтық деңгейдегі қарым-қатынасы бар елдердің де әдебиеті мен мәдениетіне зор әсер етті. ХХ ғасыр басында бұл игі дәстүр өз жалғасын тапты.

«Орыс және қазақ символист ақындарының шығармашылық үндестігі» деп аталатын екінші бөлім үш тараушадан тұрады. «Орыс символистері және олардың қазақ ақындарына ықпалы» атты бірінші тараушасында орыс символистері – А.Фет, Ф.Тютчев, К.Бальмонт, В.Брюсов, А.Блок, А.Белый, Д.Мережковскийлердің қазақтың – Ш.Құдайбердиев, Ш.Бөкеев, М.Жұмабаев, Б.Күлеев сынды көрнекті ақындарына жасаған игілікті ықпалы болғаны дәйекті мысалдар арқылы айқындалады.

Жалпы, бұл әдеби ағым ХХ ғасыр басында өте-мөте кең әрі жан-жақты анықталды. Ғалым Б.А.Жетписбаева атап көрсеткендей, «өзіндік символдар мазмұны негізіндегі» жаңа өнер үлгісі ретіндегі символизм – жаңа дүниетанымды экзистенционалды түрде анықтап, айқындайтын өнер [13,35-б]. ХІХ ғасырдың 90 жылдары Ресейде модернистік ағымдар өзгеріске ұшырады. Егер 90-жылдардың басы мен ортасында модернизм бірқатар ақындар мен публицистердің әртүрлі пікірлері негізінде өзін айқындаса, ғасырлар тоғысында ол ағым бірте-бірте әлдеқайда қалыптасқан әрі ауқымды сипат ала бастады.