Әож 574. 6: 556. 51(282. 255. 5) Қолжазба құқығында

Вид материалаАвтореферат

Содержание


Зерттеу жұмысының өзектілігі.
Жұмыстың мақсаты
Жұмыстың міндеттері
Зерттеу жұмысының нысаны
Зерттеу нәтижесінің теориялық құндылығы мен тәжірибелік мәні.
Қорғауға ұсынылып отырған негізгі мәселелер
суармалы сілем топырағындағы тұздардың, қалдық минерал және орга-никалық тыңайтқыштардың шайылу дәрежесі, дренажды-ағынды сулард
Автордың жеке үлесі.
Диссертациялық жұмыстың көлемі мен құрылымы.
Диссертация тақырыбы бойынша жарияланған мақалалар.
Негізгі бөлім
Зерттеу әдістері мен құралдары.
Зерттеу аймағының қысқаша экологиялық сипаттамасы.
Зерттеулер нәтижелері
Текелі кен байыту комбинатынан жоғары және төмен нүктелерде алынған су сынамаларындағы ауыр металдардың мөлшері
Топырақтың ауыр металдармен ластануын зерттеу нәтижелері
Зерттелген аймақтан ұсталған кеміргіштердің ( дала тышқандары, Mus musculus L.) жілік майының жасушаларындағы цитогенетикалық өз
Диссертация тақырыбы бойынша жарияланған ғылыми еңбектер тізімі
Объекты исследования
Цель работы
...
Полное содержание
Подобный материал:
  1   2   3


ӘОЖ 574.6:556.51(282.255.5) Қолжазба құқығында


ҚАНАҒАТОВ ЖАМБЫЛ ЖОЛДЫБАЙҰЛЫ


Қаратал өзені алқабының табиғи ортасы мен биотасына ксенобиотиктердің тигізген әсерін экологиялық тұрғыдан бағалау


03.00.16 – Экология


Биология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу

үшін дайындалған диссертацияның

авторефераты

Қазақстан Республикасы

Алматы, 2010


Жұмыс І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің экология және химия проблемалары ғылыми-зерттеу зертханасында және Алматы облыстық аумақтық қоршаған ортаны қорғау басқармасының аналитикалық бақылау зертханасында орындалды


Ғылыми жетекшілері: биология ғылымдарының

докторы, профессор Бигалиев А.Б.


химия ғылымдарының

кандидаты, доцент Кенжебеков А.К.


Ресми оппоненттер: биология ғылымдарының

докторы, профессор Исаева А.Ө.


биология ғылымдарының

кандидаты, доцент Қапасова М.С.


Жетекші ұйым: Қазақ Ұлттық аграрлық университеті


Диссертацияны қорғау 050100, Алматы қаласы, Бөгенбай батыр көшесі, 103 мекен-жайында орналасқан «Микробиология және вирусология институты» ДММ және ҚР БҒМ-нің «Биологиялық зерттеулер орталығы» РММ-сі жанындағы ОД 53.24.01 біріккен диссертациялық Кеңесінің мәжілісінде 2010 ж. наурыз айының « 25» күні сағат 16 00 өтеді.


Диссертациямен ҚР БҒМ-нің «Микробиология және вирусология институты» ДММ кітапханасында танысуға болады.


Автореферат 2010 ж. ақпан айының « 22 » күні таратылды.


Біріккен диссертациялық

Кеңестің ғылыми хатшысы,

биология ғылымдарының докторы Н.Е. Бекмаханова


Кіріспе


Ғылыми-техникалық прогресс қоршаған ортаның көптеген мөлшерде зиянды заттармен ластанып, қалыптасқан табиғи тепе-теңдіктің бұзылуымен қатар жүруде. Республиканың көптеген аймақтары газ, сұйық және қатты күйдегі өндіріс қалдықтарымен, сульфаттармен және ауыр металдармен ластануда. Қоршаған ортаның зиянды заттармен ластану деңгейі жоғары болуына байланысты олардың жануарлар ағзасына түсуіне, тигізетін зияны мен биологиялық рөлін зерттеуге ерекше көңіл бөлініп отыр. Өндіріс ошақтары орналасқан аудандардың атмосферасына көп мөлшерде әр түрлі химиялық қосылыстар, ауыр металдар түсуде. Ауыр металдардың 80% микро-элементтердің қатарына жатады. Микроэлементтердің ауыз су мен тағам өнімдерінде жетіспеуі зат алмасудың бұзылуына, нәтижесінде эндемиялық аурулардың дамуына әкеліп соқтырды. Ал, ауыр металдардың өсімдіктер мен жануарларда артық мөлшерде жинақталуы олардың ағзасында жүретін тіршілік үшін маңызды процестерге қауіп төндіреді. Бұл, ауыр металдардың суда, топырақта қалыпты мөлшерде болу қажеттілігін талап етеді. Себебі, трофикалық тізбек арқылы таралып, биотаға және адам ағзасына түседі де, оларға кері әсер етеді. Өндіріс қалдықтарының қоршаған орта нысандарына түсуін, жинақталуы мен миграциясы, заңдылықтарын зерттеу олардың әсерін дұрыс бағалауға мүмкіндік береді (Попов А.В., 1993 ж). Сондықтан, жоғарыда айтылған күрделі аймақтық проблемалар осы зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттерін анықтады.

Зерттеу жұмысының өзектілігі. Қазақстанның көптеген аймақтарындағы экологиялық жағдай сын көтермейді. Солардың бірі - Жетісуда орналасқан Қаратал өзенінің алқабы. Өңірді ластаушы көздің біріншісі - Қаратал өзені бастауында орналасқан Текелі тау-кен байыту комбинаты. Комбинат 1936 жылдан қорғасын және мырыш өндіру нәтижесінде қоршаған ортаны ауыр металдармен ластауда. Ауыр металдардың ауаға, суға, топыраққа түсуі мен жинақталуы, миграциясы толық зерттелген. Өңірді ластаушы екінші көз - Қаратал ауданындағы негізгі күріш өндіруші - Қаратал суармалы сілемі. Қаратал суармалы сілеміндегі топырақ тұздарының, қалдық минерал және органикалық тыңайтқыштардың шайылу дәрежесін, дренажды-ағынды су-лардағы сульфаттардың шайылу дәрежесін анықтап, олардың трофикалық тізбек арқылы тасымалдануын, тірі ағзаларға әсері кешенді түрде қарас-тырылмаған. Сонымен, ауыр металдардың ауаға, суға, топыраққа түсу, жинақталу механизмі мен миграциясы және кері әсері, суармалы сілемдегі минерал және органикалық тыңайтқыштардың, сульфаттардың шайылу дәрежесін зерттеуге арналған диссертациялық жұмысының өзекті екені күмән тудырмайды.

Жұмыстың мақсаты: Қаратал өзені алқабындағы ауа, топырақ, өсімдік және жер беті, жер асты су жүйелеріндегі ауыр металдардың таралу мен жинақталу ерекшеліктерін, суармалы сілем топырағындағы тұздардың, қалдық минерал және органикалық тыңайтқыштардың шайылу дәрежесін, дренажды-ағынды сулардағы сульфаттар мөлшерін зерттеп, олардың тірі ағзаларға тигізген экологиялық әсерін анықтау.


Жұмыстың міндеттері:
  • Қаратал өзені алқабының атмосфералық ауасы мен суындағы, топырағындағы ауыр металдардың мөлшерін және олардың таралу динамикасын анықтау;
  • зерттеу аймақтарынан ұсталынған тышқантәрізді кеміргіштердің ағзасындағы генетикалық өзгерістерді бақылау;
  • ауыр металдардың өсімдіктердің фенологиялық фазаларына әсерін анықтау;
  • Қаратал суармалы сілемі топырағындағы тұздардың, қалдық минерал және органикалық тыңайтқыштардың шайылу дәрежесін, дренажды-ағынды сулардағы сульфаттар мөлшерін анықтау.


Зерттеу жұмысының нысаны: Қаратал өзені алқабында орналасқан негізгі өндіріс ошақтары және зерттеу аймағының табиғи ортасы мен биотасы.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы.

1. Қаратал өзені алқабының табиғи ортасы мен биотасын негізге ала отырып, өндіріс ошақтарынан бөлінген ауыр металдардың мөлшері мен динамикасын анықтау арқылы олардың қоршаған ортаға тигізген кері әсері экологиялық тұрғыдан тұнғыш рет кешенді бағаланды.

2. Жануарларда бір метафазалық жасушаға келетін аберрация саны жыл мезгіліне қарай қыста - 0,056, жазда - 0,049, көктемде - 0,058 және күзде - 0,050 құрады, ал барлық топта орташа - 0,053 болды, бұл бақылау деңгейінен 2,5 есе артық. Алынған нәтижелер химиялық зиянды факторлардың мутагенездегі маңызы зор екендігін көрсетеді. Тәжірибе нәтижелері дала тышқандарындағы аз ғана мезгілдік айырмашылықтар ағзаның тұқым қуалау қасиеттерімен байланысты екендігін дәлелдеді.

3. Қала аймағын көгалдандыруға отырғызылған қайың ағаштары биоиндикатор ретінде алынып, олардың фенологиялық фазаларының жүру барысына және өсімдік мүшелерінің дамуына ауыр металдардың әсері зерттеліп, нақтылы нәтижелер алынды.

4. Қаратал суармалы сілеміндегі судың сапасына күріш өсірілген чектерде топырақ құрамындағы тұздың мөлшері 0,02-0,10%-ға дейін төмендеп, нәтижесінде өзен суының минералдығынан 2,5-3,0 есе асатын топырақ суының пайда болуына әкеліп соғады. Осы ғылыми нәтижелердің барлығы алғаш рет алынды.

Зерттеу нәтижесінің теориялық құндылығы мен тәжірибелік мәні. Зерттеу жұмысы барысында алынған нәтижелердің практикалық маңызы -өндіріс ошақтары шоғырланған аудандарда табиғи экожүйелердің ауыр металдармен ластану, топырақтағы тұздардың, қалдық минерал және органикалық тыңайтқыштардың шайылу заңдылықтарын кеңейте түсті. Цитогенетикалық зерттеулердің қорытындысы - жануарлар жасушасындағы хромосомалық аберрациялардың жиілігі мен хромосомалар санының өзгеру деңгейі арқылы ауыр металдардың қауіптілігін генетикалық тұрғыдан бағалауға болатынын көрсетті. Сонымен қатар, алынған ғылыми нәтижелер табиғи орта мен биотаның қазіргі кездегі экологиялық деңгейін сараптап, келешекке болжам жасауға болатынын дәлелдеді. Фенологиялық бақылаудың қорытындысы - өсімдіктердің фенофазаларының ұзақтығына және өсімдік мүшелерінің дамуына ауыр металдардың кері әсерін бағалауға мүмкіндік берді.

Диссертациялық зерттеу жұмысының нәтижелері І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің Химия және биология, география және экология кафедраларының 050608 – «Экология», 050113 – «Биология», 050112 – «Химия», 050116 –«География» мамандықтары студенттеріне оқылатын дәрістік курстарға енгізілді. Сонымен қатар, диссертацияда алынған нәтижелер Алматы облыстық аумақтық қоршаған ортаны қорғау басқармасының (АОАҚОҚБ) табиғи ортаның сапасын жақсартуға бағытталған бағдар-ламаларында пайдаланылуда. Текелі қаласындағы «Казцинк» ААҚ-ның Текелі тау-кен байыту комбинатының (ТТКБК) қалдық сақтау орынының, «Кайнар АКБ» ЖШС-ның табиғи орта компоненттеріне тигізген әсерін экологиялық тұрғыдан бағалауға мүмкіндік берді.