Диссертация ғылыми жетекшісі : филология ғылымдарының
Вид материала | Диссертация |
- Мырза Хайдар Дулаттың «Тарих-и Рашидиі» әдеби жәдігер 10. 01. 02 Қазақ әдебиеті, 770.59kb.
- Автореферат 2007 жылы «30» қазанда таратылды, 499.04kb.
- Диссертация 2010 жылы, 800.22kb.
- «Мәшһүр-Жүсіп шығармаларындағы заттық мәдениет лексикасы» : Монография. 1 том. Павлодар, 17645.06kb.
- Автореферат 2007 жылы таратылды, 1202.91kb.
- Диссертациямен Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің кітапханасында, 1611.14kb.
- Г. Н. Потанин және қазақ зиялылары: саяси және рухани көзқарастарды тарихи талдау >07., 944.02kb.
- Абай атындағЫ Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті филология факультеті, 2979.74kb.
- Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының аға, 217.87kb.
- Учебное пособие для студентов специальностей 050205-Филология: русская филология, 050210-Филология:, 1158.83kb.
Осы орайда қазақ тіліндегі ерлер мен әйелдердің сөйлеу тіліндегі ерекшеліктерді арнайы зерттеген Г.Мамаева [24] мен З.Нұржанованың [25] әйелдерге қарағанда ер адамдардың инвективті лексиканы жиі қолданады деген пікірлерімен келісеміз әрі оны көркем әдебиеттен алынған мысалдар да дәйектей түседі. Әйелдердің көбінесе қарғыс мәнді сөздерді көбірек қолданылатыны байқалады. Мысалы,
- О, қаншық? Жалғыз бауырыңды албастыңның соққысына жығып, төбемізге әңгіртаяқ ойнатуың қалған екен. Есебіңді тапсын, есебіңді тапқыр? – деді кемпір. (Ж. Шаштайұлы. Жала мен нала).
- Ант ұрғанның қарғысы қандай жаман еді!
- Өз басына келсін!
- Жер жастанғыр, балалары қандай сотқар еді! (Ғ. Мүсірепов.Ұлпан).
Гендерлік лингвистика саласына қатысты зерттеу жүргізіп жүрген белгілі ғалым Б.Хасанұлы: «Гендерлік фактордың көрінісі тілдің барлық деңгейінде зерттелуі шарт,» – дей келіп, қазақ тіл білімінде гендерлік бағытты қалыптастырудың жолдарын былайша атап көрсетеді:
- Салыстырмалы және салғастырмалы гендерлік лингвистика (мысалы, морфология деңгейінде адамның есімі мен тегіне, әкесінің атына белгілі бір жұрнақтың, жалпы жұрнақ атаулының бір түрінің қолданылу-қолданылмауы, тек (род) категориясының қазіргі тілде, оның тарихында болу-болмау белгісі т.б)
- Гендерлік паралингвистика. Бұл бағыт қазақ тіілндегі ым-ишара белгілері негізінде қалыптасуы тиіс. Қазақы гендерлік паралингвистика тұрғысынан жүргізілген зерттеулердің өмірдің түрлі салаларын (өнер, көпшілік алдындағы сөз т.б.) дамытуға септігі тиер еді.
- Гендерлік лексикография. Бұл бағыт қазақ тілі мен өзге тілдердің негізінде жүзеге асуы тиіс.
- Гендер және тіл игеру. Бұл бағыттағы зерттеулер тілді жоспарлау ісіне аса қажет [26].
Сонымен, гендер әлеуметтік белгілерде; еркектік және әйелдікке қатысты мәдени стереотиптерде; тілдік қарым-қатынаста көрінетін әлеуметтік-мәдени құрылым болып табылады.
- «Қазақ әйелі» концептісінің әлеуметтік сипатын гендерлік стереотиптер арқылы анықтау
«Әйел», «еркек» концептілері кез келген мәдениетте кездесетін концепт болғандықтан, әмбебаптық сипатқа ие, алайдаолардың белгілі бір қоғамға тән нақты ерекшеліктері де бар екені анық. Ю.Д.Апресянның идеясына сай, «специфические коннотации неспецифических концептов – это источник знания о наивной картине мира, запечатленной в языке, помогающий открыть «стереотипы» языкового и более широкого культурного сознания» [27, c.300]. Американдық әлеуметтанушы У.Липпман «стереотип» ұғымын «біздің санамыздан бұрын сезімімізге әсер ететін дүниені тану мен қабылдаудың ерекше формасы ретінде» таниды да, алғашқылардың бірі болып «стереотипті дүниедегі шымшытырық, күрделі белгілерді қабылдауды жеңілдететін, адам санасында қалыптасқан, реттелген, терминделген «әлем бейнесі» деп түсіндіреді [28]. Әлеуметтанушының пайымдауынша, стереотиптердің ұрпақтан ұрпаққа тұрақты табандылықпен үздіксіз берілетіні соншалық, қажетті, нақты дәйек ретінде қабылдана бастаған. Сол қасиеттеріне сәйкес стереотиптер ұлт мәдениетіне тереңдей бойлап, логикалық тұрғыда ұғындыруға көнбейтін әрекеттер мен деректерді түсінуге мүмкіндік береді.
Зерттеуші В.А.Маслованың пікірінше: «Стереотип – это такое явление языка и речи, такой стабилизирующий фактор, который позволяет, с одной стороны хранить и трансформировать некоторые доминантные составляющие данной культуры, а с другой проявить себя среди «своих» и одновременно опознать «своего» [29, c.110].
Демек, гендерлік зерттеулердің басты назарға алатын мәселелері – қоғамдағы ерлер мен әйелдерге деген қарым-қатынасты айқындайтын мәдени және әлеуметтік факторларды анықтау, индивидтердің белгілі бір жынысқа жатуына байланысты мінез-құлық ерекшеліктерін, олардың еркекке және әйелге тән негізгі қасиеттерінің стереотиптік сипаттарын ашу. Осымен байланысты И.А.Гусейнова мен М.В.Томская: «Гендерные стереотипы, представляющие собой стандартные, часто упрощенные и обобщенные мнения о представителях обоих полов, складываются и закрепляются в обществе посредством институализации и ритуализации пола» [18, с.81] деп атап көрсетеді. Қоғамымызда қалыптасқан әйел мен еркектің отбасындағы міндеті, қызметі төмендегі гендерлік стереотиптен көрінеді:
- «Қатын алсаң отын ал, бір құшағын артық ал», - дейді қазақ. Үйді асырау еркектің міндеті дегенді аңғартады ол сөз. Ал ғашықтар үйленген соң, үйдің ішкі жарасымдылығы әйелге байланысты. Меніңше, махаббатпен орнаған семьяны құлатпай сақтау – ең алдымен әйелдің міндеті. Үй болған әйелге ең алдымен үйдің қамын ойлау қажет. Еркектерде кездесетін еренсіздік, атүстілік - әйелге кешірімсіз, үй ұстаған әйел ол үйді адалдығымен ғана ұстай алады. «Еркек күнәсын далаға тастап кетеді, әйел күнәсын үйге алып кетеді», - дейді екен орыс халқы. Әйелден адалдық кеткен соң, адалдық үйден де кетеді. Әйел семьяның ұйытқысы болмаған жерде семья ұзақ өмір сүрмейді. Еркектен әйелдің бір артықшылығы сонда, өткінші бір қателікке бола үйдің іргесін құлатып алмаудан ең алдымен әйел сақтану керек (Б.Нұржекеев. Ерлі-зайыптылар).
Тілде ұжымдық «қарапайым» санаға сәйкес келетін гендерлік стереотиптер беркіген. Осыған орай «әйел», «еркек» концептілерін зерттеу оларға қатысты стереотиптерді анықтаумен бірге аталған стереотиптердің тілдегі көрінісін зерттеу дегенге саяды. Соңғы жылдардағы зерттеулерге сүйене отырып, стереотиптер білім мен бағалауды сақтаудың айрықша формасы, яғни бағдарлаушы мінез-құлық концептілері болып табылады деп айтуға негіз бар.
Гендерлік мінез-құлық белгілі бір мәдениеттегі жыныстың әрқайсысына тән міндетті нормалар мен бағалаудан құралады. Ал екінші жағынан, өмір сүру жағдайы, түрлі әлеуметтік топқа кіруіне, білім дәрежесіне, ұлттық ерекшеліктеріне байланысты жыныстың санқырлылығы да ұшырасады.
Соңғы ғасырларда қазақтар, орыстар және ағылшындар сол бұрынғысынша әйелді сыртқы келбетіне қарап бағалап келді, оларды сұлулық, тартымдылық, нәзіктік, мейірімділік, қылықтылық, баурап алушылық, т.б. сияқты әйелге таңылған стереотиптік қасиеттер арқылы ғана сипаттады. Гендерлік лингвистика мәселелерін бірнеше тілдегі көрінісі аясында зерттеген Д.Масалимова бұларға қоса орыс қоғамында әйелге тән еңбекқорлық, шаруаға икемділік, қарапайымдылық, ал қазақ қоғамында әйел адалдығы, қыз абыройы тәрізді қасиеттерді атап көрсетеді де, қазіргі ағылшын әдебиетінде олардың тіпті кездеспейтінін айтады [30, с. 139 ]
Қазақ қоғамында әйелдің ерлермен бір сатыда тұрғанын жоққа шығаруға болмайды. Г.Д.Гачевтің көрсетуінше, көшпелі халық отырықшыға қарағанда әйелдерді жоғары бағалайды. Ол: «... өзбектер де, қазақтар да ислам дінін қабылдады. Алайда қазақ әйелдері жүзін паранжамен жасырған емес, олар барынша көп мәселені өздерінше шеше алатын белсенді тұлғаға айналды» деп жазады [31, с. 67-69] .
Көшпелі қоғамда әйел тек қарапайым үйдің ғана емес, көшіп-қонатын, қайта жығылып, қайта тігілетін шаңырақтың сақтаушысы болды. Оның дүниені қабылдауы жалаң тіршілік кешумен ғана емес, өзіндік сана-сезіммен, ең бастысы табиғилықпен астасып жатыр. Осымен байланысты қазақ әйелдері ерлеріне ежелден құрметпен қарайды, алайда ол құлдық санадағы табынушылыққа жатпайды. Оны төмендегі көркем мәтіндер арқылы дәйектеуге болады:
Сонымен алпыс үйлі ауылдан елу тоғыз әйел жесір қалды.
Бір кереметі, осы ерлерінен ерте айрылған әйелдердің қай-қайсысынан да өз күйеулерін «алпамсадай арысым ең» деп сұңқылдай жоқтағанын естір едіңіз. Ақтан әсіресе Зибаш деген әйелге таңқалушы еді. Жұрттың айтуына қарағанда оның күйеуі күйкентайдай ғана тәпене адам болса керек. Зибаш оны бір қолтығына қысып алып жүре беруші еді, деседі. Әркім өз тайлағын үкілемей ме, әсіресе осы Зибаш «алпамсадай арысым, арманда кеттің-ау» деп зарлады.
(О. Бөкей. Мұзтау).
- Сіздерден бөлек, бізге жекелеп қоятын қандай бақыт ол? Бәрінен де ер-азамат аман болсын десеңізші. Сіздердің көңілдеріңіз бүтін, мерейлеріңіз үстем болып жүрсе, біздің де жүзіміз жарқын, - деді келіншек толқи сөйлеп (Қ.Жұмаділов. Соңғы көш).
Шынында да, қазақ әйелінің мінез-құлқы табиғи, ол ешқандай боямасыз, тұрпайылық көрсетпей-ақ бақытты, шынайы және қарапайым, тіл табысқыш, ешбір дөрекіліксіз-ақ кез келген адамның тілін таба біледі.
«Еркек» және «әйел» концептілері барлық мәдениетте кездесетіні белгілі, оларға әдет-ғұрып, фольклор, мифтік санада, «дүниенің қарапайым ойсуретінде» айтарлықтай орын берілген. Алайда гендердің стереотиптік және аксиологиялық бағасы түрлі мәдениетте бірдей емес. Сондай-ақ әйелдер мен ерлердің әлеуметтік рөлі де бір-бірінен ажыратылады. Мысалы:
Ең соңынан кірген кішкене денелі қазақ әйелі ауыз үйдегі орыс жұмыскерлері мен орыс әйелдеріне қарап таңырқап тұрып қалыпты. Мойындарына дейін ашық, жалаң бас, еркектермен қатар отырған орыс әйелдері Күнзилаға, тіпті, таң көрінді. Шашын желкесіне қырыққан жас келіншек Елизавета Быкованың барлық еркектерден жоғары отырғаны ерсі де көрініп кетті. Жас әйелдің құлағы көрініп қалса, кесіп алардай тыйым салып қойған мұсылмандық күні әйелдің еркектермен қатар отырып сөйлесуі, даусын еркін шығарып күлуі деген нәрселерді білмейтін еді. Күнзила төр үйге қарай өте беріп, көз қиығымен Елизаветаға тағы бір қарап кетті... (Ғ.Мүсірепов. Оянған өлке).
Байынан қорқатын бар қазақ әйелінің сасқалақтығына басып, камзолының қаптырмаларын жүгіріп келе жатқан бойы шалыс-шалыс лектіріп Жұбай шыға келді (Ғ.Мүсірепов. Оянған өлке).
Қазақ қоғамында үстемдік еткен әлеуметтік ерекшеліктерге байланысты қалыптасқан гендерлік стереотиптер де бар. Мысалы.
Еркектері бірыңғай, әйелдері бірыңғай қосылып, қазақ жігіттері де өлең айтты. Қазақтың әйелі мен еркегі қосылып өлең айта алмайтынына Елизавета Быкова қатты таңданып қалды. Оны ұғынып тұрғаны да осы арада еді.
– Неге? Неге қосылуға болмайды? Түсіндіріңізші... – деп ол Алшағырға қадалды. – Сіз өзіңіз де өлеңді жақсы айтасыз, әйеліңіз де солай екен. Қосылып айтуға неге болмайды? – деді.
– Қазақта еркек пен әйел қосылып ән салу жоқ... Бір жіңішке, бір қоңыр дауыс қосылмайды бізде... – дегенді Алшағыр бұралап әрең түсіндірді. Еркек пен әйелдің екі сатыда тұратын халінен болар деп түйді Елизавета. Онысы дұрыс та еді (Ғ.Мүсірепов. Оянған өлке).
Көптеген тілші ғалымдар әйел тілінің барынша нормаға сай екенін, себебі әйелдер болашақ ұрпақ тәрбиесіне молырақ ықпал ететіндіктен, үлгі-өнеге көрсетуші тұлға ретінде олардың әдеби нормаға сай сөйлеуге барынша тырысатындығын атап көрсетеді.
Қазіргі кезеңде қоғамдағы әйел мен еркектің орны туралы түсініктер мен құндылықтар, осымен байланысты стереотиптер мен әлеуметтік үрдістер ерекше өзекті мәселеге айналып отыр.
Әрбір қоғамда, әсіресе көп мәдениетті және көп ұлтты қоғамда гендерлік алуан түрлілікке назар аудару керек. Гендерлік мінез‐құлық адам мінез‐құлығының белгілі бір гендерге қатысты көрінетін рольдерге, мәртебеге, стереотиптерге, нормалар мен құндылықтарға сәйкес болуын білдіреді. Еркек пен әйелге тән нұсқаулар мен оларды орындау жағдайы түрлі ұрпақта, этномәдени және діни топтар мен қоғамның түрлі жіктерінде алуан түрлілігімен ерекшеленеді. Мысалы,
- Ай, әже-ай! Жігіт киімін қанша кигенмен затың әйел болғасын қиын екен. Нәсілің жібермейтін көрінеді. Бұрын баларақ кезімде ештеңе емес еді. .. Жасың келген сайын кемді күнгі алданыштың да жолы тарыла түседі. Жігіт болсам, осы елдің бұғағынан үзілейін деп тұрған қыздарын өзім таңдар едім. Қыз болғасын кіріптарсың, жігіттің көзіне түсіп, қашан сөз айтқанша сарғайып бітесің. Ал жігіттер шалбар киген қызды қайтсін, – деп сырын да сықаққа айналдырып, кәрі әженің иығына бетін басып, сықылықтап күлді (Ә.Нұрпейісов. Қан мен тер).
Еркектер мен әйелдер өздерінің мінез- құлқын гендерлік стереотиптерге, яғни ерлер мен әйелдердің өзін қалай ұстауы жөніндегі мәдениетте қалыптасып, орныққан көзқарастарға сүйене отырып, түзеді. Оны шартты түрде кесте арқылы былай көрсетуге болады:
1кесте: Әйел мен еркекке байланысты қоғамда қалыптасқан таптаурындар (стереотиптер) кестесі.
2 – кесте: Гендерлік стереотиптерге сәйкес мінез-құлық, әрекеттер ерекшелігі.
Байқап отырғанымыздай, әйелдер мен еркектерге тән стереотиптерге сәйкес олардан күтілетін әрекеттер, мінез-құлық та бір- бірінен ерекшеленеді.
Кемпірі жаққа көз қиығын тастап: «Жыла, жылай түс. Қатын деген кеуліндегісін жыласа да сыртқа шығара алады. Еркек жазған жылайын десе қатын емес, жыламайын десе күйік жеп барады» –деді (Ж.Шаштайұлы. Жала мен нала).
Ауылда өскендіктен бе, маған ер адам үстем болуға тиіс секілденеді де тұрады. Күні бүгінге дейін күйеуінің бетінен алған әйелді көрген емеспін. Ондайларды ауылда сан-саққа жүгіртіп, сырттай табалап, сырттай жерлеп жататын. Мұқамеди көрші келіншегін шырқыратып сабаса да, ол беттен алып, төске шаппай, кінәсіз бола тұра кешірім сұрап күйеуіне жалынып жүреді. Күлдәрі мықтап таяқ жесе де, оның қиянатын ертесіне-ақ ұмытып, екеуінің арасында ешқандай кикілжің болмағандай рай танытатын. Мұнысын былай қойғанда, ертесіне «Біздің Мұқаң» деп, ол кісіні аспанға көтеріп отырушы еді (Б.Мұқаев. Мазасыз маусым).
Төмендегі авторлық қолданыс та әйелдің қоғамда қалыптасқан, одан күтілетін мінез ерекшелігінен туындайтын гендерлік стереотипке сәйкес туғаны анық.
Аңдап сөйле, ағайын
Сөз дегенің әйел сынды көкайыл:
Бір күш алса, менмендігі оянып –
бет қаратпай қояды ( Ж.Нәжімединов).
Барлық халыққа ортақ гендерлік стереотиптен бөлек ұлттық стереотип те кездесетіні белгілі. Мысалы, өзін көзге мақтағанды барлық әйел қалайды, киген киіміне, таққан әшекейіне, істеген тамағына, сыртқы келбетіне қатысты мақтау, қошемет сөз есту әрбір ұлттың әйелінің құлағына жағымды естіледі.
Әйелдің өңі қайтадан алабұртып, алаулап шыға келді. Көзі тым ойнақы, отты екен.
– Енді түсіндім, енді ұқтым. әйел затында мақтауды сүймейтін бір де бір шүйке бас пен шөпжелкенің жоқ екенін әбден біліп алған екенсіз,– деді Мария (С.Бақбергенов. Ақ боз атты ару).
Ал қазақ әйелдеріне тән ұлттық стереотиптің бірі де бірегейі – ерін пір тұту, сыйлау, қандай жағдайда да оның бетіне ашық қарсы келмеу, айтқанын заң деп ұғыну, балаларының алдындағы әке беделін көтеру. Бұның тілдік дәйегін төмендегі мәтіндер арқылы танытуға болады:
- Ал, қатын, мен кеттім.
- Бізді тастама, өзіңмен бірге ала кет.
- Жаз шықсын, оған дейін шыдаңдар.
- Қорқам...
Кәлен суық қабақ астынан шаншыла қарап еді, осы кезге дейін безектеп, болмай отырған Жамал жым болды (Ә.Нұрпейісов).
Ұлттық тәрбие қанына сіңген қазақ әйелдері ерлері дастарханға отырмай, балаларына тамақ бермейді. Бұнда да ер адамды қадірлеу, әке беделін жоғары қою мақсаты жатыр. Мысалы:
Өзің де ес білгелі көріп келесің, мен үйде отырғанда, ол сендерге менен бұрын тамақ беріп көрген емес. «Әй, әкелеріңді шақыр, сонан соң жейсіңдер,» - дейді де отырады (Б.Нұржекеев. Ерлі-зайыптылар).
Енді көз жіберіп қараса, балалары алдында әке айбарын айшықтандырып, пайғамбардың туындай желбіретіп көрсеткен де марқұм анасы Хадиша екен- ау. «Әкең ұйықтап жатыр. Ақырын жүр. Әкеңнен ұят болып қалмасын. Әкеңнен сұрап көрелік рұқсатты. Әкең ренжісе, не болады?» – деп әке қабағын бағуға тәрбиелеген екен-ау... (Б. Тіленшина. Сұрқия).
Қазақ әйелдерінің күйеулерінің атын тікелей атамай, жанамалап, сыпайылап атауын да сыйластықтың белгісін білдіретін ұлттық стереотип деп тануға болады:
– Жол ауыр соқпады ма, басием? – Күнбегінің мұндайда бірінші көретін адамы да, өзінің бабын табатын да бәйбішесі Ефриниса (Э. Төреханов. Ескендір мен Роксана).
– Апақтың әкесі-ау, неге аунақши бердің?.. Төресі құрғыр бірдеме деді ме?.. – деген әйеліне Байжан ұрса жауап берді:
- Байжан Омбы төрелерінің алдын да көрген! Байжанға не келуші еді! – деді. Өз үйіне келе жатқан бәле-жаланың исі байқалмаған соң, әйелі сонымен тыншығып та қалды (Ғ.Мүсірепов. Оянған өлке).
- Төкеннің көкесі-ау, жазған қара кешке дейін бір тыным таппады ғой, – деп Назым қаймыға килікті (Ж.Шаштайұлы. Жала мен нала).
Отбасындағы берекебірлікті, татулық пен жылылықты сақтау мақсатында ерін өзінен жоғары қойып, оған кешірімділікпен қараған қазақ әйелдері оны ана сүтімен немесе ана, әже ақылы арқылы қыздарының санасына сіңіріп отырған:
«Қой, қызым, – деді анасы қызына басу айтып, – еркекпен шажайласып абырой таппайсың. Нәсілінде артық жаратылған жанмен деңгейлесемін деуің де әбестік. Рас, бүгінде еркек пен әйелдің «құқысы тең» дейтін көрінеді. Құдай теңестірмеген нәрсені заңмен, законмен теңестіргенді қайдан көрдің? Рас, әйел ақша табатын шығар, жұмыс істейтін шығар, тіпті шылым тартып, арақ ішсін дейік, одан еркек болып кетпейді. Қайта масқарампаз болады. Өз жаратылысын жарақаттайды. Өзінөзі алдап, құр босқа әуре тірлік жасайды. Ал еркектің аты – еркек! Ол өзі еркекпін демесе де, табиғат оны солай жаратқан. Ол тіпті арақ ішіп, құлап жатса да, қатын жіберіп қарақан басы қалса да еркек! Оны әйел деп дәлелдеп көр, күшің жетсе! Бір күні арағын тастайды да, әпәдемі адам боп шыға келеді. Қатын жіберсе, тағы бір қатын алады. Еркектің не құдірет екенін білгің келсе, жұбайыңсыз жалғыз үйде жатып көр, жұрттың бәрі ағылып төгіліп барып жатқан тойға қатысып бағыңды бір сына... Еркек деегн ырыс несібесі артық жаратылған жандар ғой, ақылсыз тірлік жасамас... » (Л. Омарова. Қырық бестегі қыз).
Сонымен, «қазақ әйелі» концептісінің шынайы табиғатын гендерлік, этномәдени стереотиптердің мәнін ашу арқылы тануға болады.
- «Қазақ әйелі» концептіcінің бейвербалды амалдар арқылы берілуі
Соңғы уақытта адамның өмірлік маңызы бар аспектілерін – оның санасы мен ой-өрісін, ақиқат шындықты қабылдау және ұғыну ерекшеліктерін, сондай-ақ аталған процесс нәтижелерінің тілде белгіленуін кеңірек қарастыруға жол ашылды. Соған сәйкес қазіргі кезеңдегі лингвистикалық зерттеулерде басымдылыққа ие бола бастаған антропоцентристік бағыт адам қызметінің тұлғалық және әлеуметтік қырларына деген қызығушылықты арттыра түсті. Соның нәтижесінде тілдік болмысты таныммен байланыстыра, сол тілді тұтынушы адаммен, субъектімен сабақтастыра зерттеудің заңды құбылыс екенін осы саладағы зерттеулер дәлелдеп отыр. Себебі, адам баласы сәби кезінен бастап, ана тілін үйренумен бірге өз халқының мәдениетін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын да оқып үйреніп, бойына сіңірумен болады. Ал халық, ұлт мәдениетінің айқын белгі-нышандары мен нәзік қыр-сыры оның тілінде бейнеленеді. Сондықтан әрбір тіл өзіне тән белгілері, қасиеттері бар ғажайып құбылыс десек, соған сәйкес олардың әрқайсысында әлем мен адам бейнесі әр түрлі көрінеді.
Дүниенің тілдік бейнесі этностың рухани және материалдық мәдениетінің маңызды ұғымдары мен түсініктері жинақталып, бойына сіңірілген концептілердің вербалдануы негізінде көрінеді. Концептінің маңызы мен оның дүниенің тілдік бейнесін қалыптастырудағы орны, белгілі бір концепт туралы орныққан түсініктер сол тілді тұтынушылардың ұғынуы арқылы анықталады.
Демек, тілдік дүние суретін қалыптастыруда концептінің алар орны ерекше... «концепт–ұлттық дүниетаным ерекшеліктерін бойына жинаған, тілде көрініс тапқан негізі тереңде жатқан көп қабатты құрылым және ол белгілі бір этномәдени ортаның әрбір мүшесіне ортақ болып келеді» [32, 444 б.].
Атап айтқанда, дүниенің тілдік бейнесінде әр халықтың тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, наным-сенімі, т.б. ұлттық-мәдени құндылықтары, адамның күллі әлем, тұтас дүние туралы көзқарас, түсініктері, сондай-ақ адамның сол тұтас әлемнен өз орнын табуға деген ұмтылыс-талпынысы, түрлі қызметі, алуан әрекеті, адамдар арасындағы қым-қиғаш қарым-қатынас та көрініс табады.
Ал дүниенің тілдік бейнесін жасауда тілдік амалдармен қоса бейвербалды компоненттер де қолданылады. Жас зерттеуші Ж.Нұрсұлтанқызы өзіне дейінгі ғалымдардың пікірлерін саралай келе, бейвербалды амалдарды вербалды амалдарды толықтырып, оларға қосымша мағына үстейтін, коммуникативтік актіні жалғастыруға қызмет ететін, адамдардың өзара түсінісуін қамтамасыз етуге көмектесетін қарым-қатынастың түрі деп бағалайды [33, 8 б.].
Әр этностың қоғамдық өмірінде өзіне ғана тән қарым-қатынас түрлері мен мен жүйесі бар екені белгілі. Сонымен бірге этнос мәдениетінің категориялары ретінде қызмет ете отырып, этнолингвистикалық мәнге ие болатын паралингвистикалық атаулардың, оларға жататын бірліктердің кез келген ұлттық тілде жиі қолданылатынын аңғару қиын емес.
Соған сәйкес «... коммуникацияның бейвербалды элементтеріне, яғни ым мен ишаратқа, дене қимылдарына қарап отырып, адамның қай ұлттың, қай құрлықтың өкілі екенін шамалауға болады, өйткені әрбір ұлттың дене тілінің өзіндік сипатты ерекшелігі бар және осы ерекшеліктер көбінесе фразеологизмдерге негіз (ұйытқы) болып табылады» деп пайымдаған белгілі ғалым Б.Момынова соңғы кездегі зерттеулердің нәтижелері адамдар арасындағы қарым-қатынастың (коммуникацияның) 7 пайызы вербальды (сөздер, фразалар, сөйлемдер), 33 пайызы вокальды (интонация, дауыс ырғағы, дауыс немесе дыбыс әуезділігі, екпіні мен қарқыны т.б) және 55 пайызы бейвербалды (дене тілі немесе ым мен ишарат) элементтер арқылы жүзеге асатындығын нақты дәлелдегенін атап көрсетеді [34, 4-7 б.].
Ш.Баллидің еңбектерінде ерлердің бейвербалды тілінің әйелдермен сөйлескенде өзгеше болатынын атап көрсеткен. Ол Шығыс әйелдерінің күйеуінің кез келген тілегін ымишарат әдістері, қасқабақ пен қол қимылы арқылы түсінуге міндетті болғанын айтады [35, с. 56]. Оның дәлелін аталған мысалдан байқауға болады: Бопай сонда ғана бойын жинап алды. Жолаушылар өзінен тартынып отырғанын сезіп, «шыға тұрайын ба» дегендей күйеуі жаққа көз жүгіртіп еді, «қылп етпе» дегендей үнсіз тұқыртуды ұқты (Ә.Кекілбаев. Елең-алаң.).
Сервантес кейіпкері Дон Кихот ым-ишарат түрлерін жақсы түсінгендіктен, өзінің қару тасушысына сүйіктісі Дульсинеяның оның хатын оқығандағы бүкіл қимыл-әрекетін жадында сақтап қалуын қатаң тапсырған. Мұның өзі Дульсинеяның рыцарьға деген сезімінің қаншалықты дәрежеде екенін білуге жеткілікті болған. Әйелдер мен еркектердің бейвербалды әрекеттері бір-бірінен ерекшеленетіні сөзсіз. Біз сырт киімдеріміздің түймелерін де екі түрлі қадаймыз. Леонардо де Винчидің өзі қыздар мен әйелдерде тым ашық және кең қимыл қозғалыс болмауы тиіс деген. Себебі, ондай қимылдар ұяттың жоқтығы мен әйелге қажетсіз батылдықты танытады [16, с. 173].
Ерлер жиі қолданатын бейвербалды қимылдарға креслоға шалқайып отыру, аяғын кең ашып тұру, желкесін қасу, алақанын ысқылау, үстелдің үстін жұдырығымен ұру, өз алақанын соғу, тізесін жұдырғымен ұрғылау, кеудесіне қолын қою сияқты ишарат түрлері жатса, әйелдер күйзелістен саусақтарын сыртылдатып, қорқынышын көздерін алақанымен жабу, өзінің көңілі толмайтынын, табандылығын, ұялғанын көрсету мақсатын екі бүйірін таяну, алақанымен ұялғанда бетін көлегейлеу, қысылғанда жүзігін әрі-бері айналдыру сияқты сияқты бейвербалды амалдар арқылы танытады.
Таным субъектілерінде (еркек пен әйелде) өзге адамдармен қарым-қатынас барысында бейвербальды мінез-құлықтың еркек пен әйелге тән эталондар жүйесі қалыптасып, еркектік және әйелдік гендерлік модельдің құрылымына кіреді .
Әйелдер өздеріне сенімсіз жағдайда, көңіл күйінде бір қобалжу енгенде, бүркемеленген кедергілердің көзге ұрынбайтын түрлері гүл шоғын, қол сөмкесін, орамал, шарф, желпуіштерін қолданады, ал ерлер ондай жағдайда галстук, көйлек түймесі, қол сағатын, темекі тұтатқыштарын әрлі-берлі қозғап, бұрап, пиджактерінің түймелерін бір ағытып, бір түймелеп, темекілерін мыжып, үстелдің үстін саусақтарымен барабанша ұрғылап кетеді.
Әйелдердің мимикасы ерлердікіне қарағанда айқынырақ білінеді. Өздерінің табиғи интуициясына сай, балалар тәрбиелеудегі айрықша рөліне сәйкес әйелдерде майда-шүйде детальдардың бәрін бірден байқау бейімділігі басым, сол себепті де оларда бейвербалды амалдарды жақсы түсіну қабілеті ерлерге қарағанда жоғары. Физиологтардың пікірінше, әйелдерде эмоцияға жауап беретін ми бөлігі ерлерге қарағанда сегіз есе артық дамыған. Әйелдерге тән жоғары сезімталдықты осымен түсіндіруге болаты секілді.
Әйелдерде «қасын керу», ал ерлерде «қабағын түю, қабағын түкситу» сияқты ишарат түрі жиі кездеседі.
Биғайшаның бетіне қызыл ойнап, қас-қабағын кере, көзін төңкере тастады. (Ж.Шаштайұлы. Жала мен нала. 56-б.)
Қазақ халқының да қарым-қатынас жасау мәдениеті ұлттың рухани мәдениетін, оның таным, талғамын бейнелейтін коммуникацияның бейвербалды амалдарына да бай деуге болады. Мысалы