Намазалы омашев радиожурналистиканың теориясы мен тәжірибесі
Вид материала | Документы |
СодержаниеСтильдік бейнелеуші құралдар Монтаж түрлері Деректік материалдар Viі тарау 1. Бағдарламалардың дербестелуі. 2. Бағдарламалардың ауқымдылығы. |
- Намазалы омашев радиожурналистиканың теориясы мен тәжірибесі, 5625.43kb.
- Парат министрлігі л. Н. Гумилев атындағы еуразия ұлттық университеті, 8635.57kb.
- Ылым министрлігі қазақ инженерлік теникалық академиясы, 1195.19kb.
- Қазақстан жеріндегі мемлекеттер мен олардың мәдениеті, 78.49kb.
- Нистрлігі семей мемлекеттік педагогикалық институты султанова Нургуль Камильевна музыкалық, 3053.35kb.
- Адольф Дистервегтің педагогикалық қызметі мен теориясы, 85.68kb.
- Қазақ тіліндегі ресми іс қағаздары Жеке адам өміріне қатысты құжаттар. Жеке адам өміріне, 280.32kb.
- Клеткалық тыныс алу, 160.93kb.
- Құрметті депутаттар мен Үкімет мүшелері! Ханымдар мен мырзалар!, 440.6kb.
- Крутой Мен". Тогда меня воодушевила идея старого фильма, 260.25kb.
Стильдік бейнелеуші құралдар
Бұл аталған екінші топ журналистің шығармашылық еркіндігіне құрылады, әрі өзіндік қолтаңба қалдыруға жетелейді. Бейнелеуші құралдардың бұл түрі бағдарламаның стилін құрастыруға негіз болады, әрі журналистің материал мазмұнын баяндаудағы өзіндік жеке әдіс-тәсілдері, әңгіме ырғағы қалыптасады.
Ең алдымен дыбысқұрудың өзіндік әдіс-тәсілдеріне тоқталамыз: бірінші – реверберация, яғни дыбысжазу процесінде басқару тетігінің көмегімен журналист дауыстың және болған оқиға туралы жазбаның дыбысталуына қосымша әр береді, әрі жаңғырық қосады. Бұл тәсіл тыңдаушының ынтасын, назарын кейіпкердің сөзіне, журналистің сөз қолданысына аударту және оқиғаның дыбыстық бейнесін айшықтау мақсатында қолданылады.
Екінші – “Буратино” тәсілі. Бұл тәсілді бейнелеуші құрал ретінде ашқан режиссер Роза Иоффе. Магнитафон таспасын жылдам немесе баяу айналдыру арқылы техникалық бракты тиімді көркем тәсілге айналдыру туралы жаңалық Алтын кілт немесе Буратиноның басынан кешкендері атты балаларға арналған радиоспектакльде алғаш қолданылды. Осы аталған тәсілдің көмегімен ағаш адамның құлаққа жағымды с?здері, Қарабастың жуан дауыспен айтылған сөздері, қуыршақ артистердің жіңішке дауыстары, дуэттер, квартеттер құрылды, ең бастысы мұның бәрі бір ғана актердің дауысын әр қырынан құбылтудың жемісі еді.
Буратино тәсілі журналистің шығармашылығында кең қолданысқа ие болды. Бұл сұхбат беруші адамның сөзін тілшінің мысқылмен баса көрсетуіне мүмкіндік береді.
Үшінші – дыбыстық мизансцена. Эфирде сөз болып жатқан әңгімеге қатысушы адамдарға микрофонды ұсынудың, бағыттаудың тәсілдері. Микрофонды барлық адамдардың сөзі бірдеңгейде естілуі жағдайында орнату және қолдан-қолға ұсыну, жақындату немесе алыстату, яғни оқиғаның жалпылық мәнін ашу үшін қолдану әдісі. Керісінше микрофонды тек бір ғана дауыстың айқын, әрі айрықша естілуі жағдайында орнатуға болады, мұндай жағдайда бір ғана дауыс немесе дыбыс хабардың сюжеттік, мәндік, эмоционалдық негізін құрайды.
Бұл тәсіл журналистің әңгімесінің маңыздылығын арттырып, сонымен қатар шынайылығын танытады, тарихи сипат береді.
Төртінші – дауыстық әрлеу. Бұл тәсіл радиотеатрда көп қолданылады, әрі шығу тегі де драмалық қойылымдардан бастау алады. Нақты анықтама берер болсақ, бұл – оқиғаның бар болмысын (атмосферасын) әр қырынан жан-жақты ашу үшін журналистің сөзіне эмоционалдық бояу, әр беру және сөздің айтылу мәнеріне, ырғағына ерекше назар аудару. Бұл актерлік шеберлікті қажет етеді. Дауыстық әрлеу журналистке кез-келген жағдайда керек. Шын мәнінде қоғамның кез-келген мүшесін қызықтыратын оқиғаның тек өзіне тән қайталанбайтын эмоционалдық атмосферасы болады. Тек сол атмосфераны дәл беретін тонды табу қажет – көңілді немесе көңілсіз, тез немесе баяу, әр сөзің балғамен шегелегендей нақты немесе таңғы шықтай мөлдір, мұның бәрі кәсіби шеберлікке тікелей байланысты, Мәселен, футболдан репортажды комментатордың кабинасында отырып алып, жай дауыспен баяндауға немесе өзі доп қуып жүрген футболшының немесе шынайы жанкүйердің бейнесіне еніп, бар ынта-шынтаңмен әңгімелеуге де болады, мәселе – осы жарыстың нағыз болмысын сөзбен қаншалықты деңгейде сомдап бере білуіңіз бен тыңдаушыларға қаншалықты дәрежеде жеткізе алғандығыңызда, журналист әр оқиғаның өзіндік баяндау мәнері, сөйлеу мақамы болатынын әрқашанда естен шығармау керек.
Монтаж. Монтаж сөзі француз тілінен аударғанда екі мағына береді. Техникалық мағынасы – “алдын-ала жасалған жоспар бойынша, жоба, кескіндеме бойынша дайын бөлшектерден, басқа құрал-жабдықтардан машина құрастыру, құрылыстар тұрғызу, жөндеу жұмыстарын жасау”. Екіншісі – “белгілі бір шығарманы жүйелеп жасау үшін әр түрлі бөлімдерді таңдап, оларды құрастыру, мысалы кинода сценарийде жазылған жүйе бойынша түсірілген фильмнің бөлшектерін таңдап алып, құрау”._
Бізге екінші мағына сәйкес келеді, өнер, әдебиет сияқты журналистика да шығармашылық процесс болып табылады. Журналист радиохабарды жасамас бұрын, оның құрылымын анықтап, әрі құрып алады, шығарма құрылымына қажетті жеке элементтердің мән-мазмұнын ойша жіктеп алады. Әрине, бұл жұмыс процесінде өзгерістерге ұшырайды, дегенмен түпнұсқасы сақталады.
Монтаж – хабарды алдын-ала жазу барысында техникалық құрал ретінде танылса, ал тікелей эфирде біртұтас құрылымның өзіндік пішіні деп есептеледі, яғни хабардың жеке бөліктерін жалғау, сабақтастыру мәнінде қолданылады. Сонымен қатар үнтаспаға жазылған хабарды бір жүйеге түсіріп, артық-кемі жоқ толыққанды туындыға айналдыру процесінде іріктеу әдісі үлкен роль атқарады, ғалымның сөзімен айтсақ “іріктеу әдісі –бұл монтаж процесінің бастапқы нүктесі. Монтаж – бұл жекелеген бөліктерді жүйелеу, салыстыру, қарсы қою үшін біріктіру”. Сонымен қатар төмендегідей талаптарды ескеру қажет:
а) монтаждық бөліктердің ішкі байланысы және олардың ұқсастығы немесе қарама-қайшылығы;
ә) монтаждық бөліктердің бір-біріне деген эмоциялық қатынасы;
б) олардың ырғақты уақыттық мөлшері.
Радиоәңгіменің, радиокомпозицияның, сұхбаттың жоспарын құру, сұрақтардың тізбесін жасау – монтаждың алғашқы формасы, бұл қажетті материалдарды таңдауға, болашақта жасалатын фрагменттерді ойша түзуге белгілі бір дәрежеде ықпал етеді. Біздің тіл қатысуымыз, ойымыз, қоршаған ортаны қабылдауымыздың бәрі өңделуден тұрады. Радионың барлық бағдарламалары әр түрлі элементтер негізінде құрастырылып, өңделеді.Мәселен, ақпараттық хабарлардың құрылымын алсақ, бұл жерде жинақтау процесінің өзі жалпы монтаж деңгейінде түсіндіріледі, яғни ішкі байланыстарын жүйелеп құрастыру жалпы оқиғалардың жиынтығын түзу. Монтаж – ішкі байланыстарды түзудің негізгі жолы.
Монтаж жасаудың мүмкіндіктері әр жанрда алуан түрлі, яғни мәтінді жүйелеуден бастап, ұзақ сөздерді қысқарту, сәтсіз фрагменттерді алып тастау, техникалық жағынан дұрыс жазылмаған жерлерді үзіп алу, дыбыстық образды құрастыру.
Дыбыстық образ жасау негізінде монтаж жатыр, бұл жөнінде зерттеуші А.А. Шерель төмендегідей анықтама береді: “монтаж – это совокупность звуковых (речевых, музыкальных, шумовых) элементов, создающих посредством ассоциаций в обобщенном виде представление о материальном объекте, явлении, характере человека”.
Монтажды шығармашылық бағытта қолданудың тәсілдерін және оның қызмет формасын былайша көрсетуге болады:
- мәтінді қысқарту;
- авторлық мәтін мен деректі жазбалар үзінділерінің сабақтастығы негізінде құрылымдық өзгерістер жасау;
- белгілі бір уақытқа сығымдау;
- материалдың мазмұнына сәйкестендіріп, сонымен қатар автордың негізгі ойына сүйене отырып қажетті дыбыстық бейнелеуші құралдарды, декорацияларды қолдану;
- әр түрлі кеңістікті танытатын және уақытты көрсететін жазбалардың жоспарын құру, сол арқылы оқиғаның болған мерзімін, сол оқиға өткен жерді сөзбен мінездемелеп, әр қырынан суреттеу;
- әр түрлі дыбыстық бейнелеуші (көркемдеу) құралдарын қарама-қарсы бағытта қолдану, яғни алуан түрлі пікірлердің, психологиялық тартыстардың, жоспарлардың, көріністердің қайшылығын көрсетуде шеберлікпен пайдалану;
- сюжет қозғалысында жүйелі, тізбекті, қатар жүру тәсілдерін қолдану;
- радиотуындының жиынтық композициясын құру.
Монтаж кезінде дыбыс күші (жоғары, төмен, контраст), пауза, бейнелеуші құралдар (сөзді музыкамен көркемдеу, әр түрлі шуларды сабақтастыра пайдалану, олардың ұзақтығы) әр түрлі нұсқада қолданылады.
Хабар жасау барысында монтажды қолдану аясы жанрлардың ерекшеліктері мен мүмкіндіктеріне сай, яғни атқаратын қызметі мен міндеті, стилистикалық және акустикалық өзгешеліктеріне орай анықталады.
Монтаж жанрлық қызметке тәуелді, белгілі бір мәселені шешу бағытына тәуелді, сонымен қатар жанрдың архитектоникасын, ішкі байланыстарын анықтап, алға қойылған шығармашылық міндеттердің іске асуына көмектеседі. Ақпараттық радиохабарда монтаж қарапайым, бірақ маңызды, яғни фактіні таңдап, іріктеу, мазмұндау, жалпы бағдарламаның құрылымында алатын орны сияқты пішінде танылады. Ал радиоәңгімеде, радиокомпозицияда монтаж дыбыстық образды құрастырудың басты құралы ретінде қолданылады.
Көркемдеу құралдары бір-бірімен тығыз байланысып, әрі сабақтасып мазмұнды, акустикалық бірліктегі жиынтық туынды түзеді.
Монтаж түрлері:
1) Акустикалық – радиохабардағы жеке дыбыстық элементерді және дыбыстық үзінділерді бір құрылымдық жүйемен үнтаспада басын қосып, біріктіріп жазудың техникалық процесі. Сонымен қатар мазмұндық және дыбыстық құрылымдар байланысының біртұтас жүйесі, яғни драматургиялық конструкция қызметін атқарушы жүйе. Монтаж автордың идеологиялық және эстетикалық позициясын көрсетуші, көркем ойын таныту әдісі және шындықты шығармашылық ой елегінен өткізудің көрсеткіші.
Монтаж – деректі материалды көркемдеп ұйымдастырудың тәсілі. Бір пікірді бірнеше мағынада қолданып, әр оқиғаның мазмұнын бірнеше қырынан ашу үшін пайдалануға болады.
2) Монтажды тікелей эфирде де іске асыруға болады, яғни жалпыхалықтық, ұлттық сипаттағы хабарларды ұйымдастырудың, бір тақырыпты ашу аясында бірнеше хабарды бір-бірімен сабақтастыра беру. Бұл – монтажды қосақтастырып қатар қолдану түрі.
3) Тізбектелген монтаж – мән-мазмұны, эмоционалдық жағынан тығыз байланысқан дыбыстық фрагменттердің өз дербестігін, ішкі логикалық мазмұнын сақтай отырып бір жүйеге топтастыру. Бұл кинематографиядағы эпизодпен сәйкес келеді, яғни монтаждың жеке элементтері – кадрлар бір ырғақпен кезектесіп монтаждық фразаны құрайды. Ал радиода дыбыстық элементтер құрастырылып, жүйеленіп келіп қана оқиға жөнінде толық баяндалады, эпизодтар бірлесіп бір хабар ұйымдастырылады, бұл жерде ең басты ескеретін нәрсе айтар ойыңды нақты, шынайы деректермен тұжырымдай білу қабілеті.
Акустикалық коллаж – әртүрлі фактуралық дыбыстық элементтердің басын қосу, нақты бір тарихи кезеңдегі оқиғаларды бейнелейтін деректі жазбаларды, цитаталарды, лозунгтарды, пікірлерді бүгінгі көзқарас тұрғысынан сөз ете отырып беру.
Деректік материалдар
Деректі жазбалар – адамның жанды сөздері, сонымен қатар музыка мен шулар арқылы нақты оқиғаның (уақыты мен болған жері) бар болмысын ашу мақсатын көздеген хабарлар. Бұлар екі мәнде қолданылады:
1) бейнелеуші құрал ретінде, яғни оқиғаның мазмұнын толықтыра суреттеуге және оның психологиялық атмосферасын өз деңгейінде көрсетуге мүмкіндік береді;
2) Деректі жазба – фонодокумент болып табылады, хабардың шынайылығын танытудағы жеке, әрі қосымша аргумент болып табылады.
Фонодокументті қолданудың мүмкіндіктерін қорытындылағанда оның юристік аспектісіне, яғни жазылып алынған оқиғаның ақиқаттығына назар аударып, содан кейін аудиторияны эмоциялық жағынан игеру мүмкіндігі сөз болуы тиіс.
Деректі жазба құжат сияқты радиохабар құрылымының сюжеттік, әрі мазмұндық, мәндік негізін құрайды.
Мәтіндік құжаттарды қолданудың формалары:
- радиохабардың мәтінін, құрылымын өзгертпей деректі жазба қосу, мысалы жаңа АЭС-ты іске қосу туралы репортажда осы туралы мемлекеттік органдар қабылдаған қаулылардан диктордың орындауында үзінділер беру;
- керісінше, деректі жазбалар хабардың мазмұны мен сюжеттік негізін құрайды. Автордың сөзі, репортерлік жазбалар, музыка қосымша ретінде пайдаланылады.
- қосарланған сюжет – радиохабардың құрылымы екі жеке сюжеттік, толық аяқталған бөлімдерден тұрады, біріншісі – мәтіндік құжаттардан құралады, екіншісі – комментарийлерден, ойнақы эпизодтардан құрастырылған. Қосарланған сюжет радиоочеркте, радиокомпозицияда, радиоәңгімеде жиі қолданылады.
Радиода кейінгі жылдары деректі драма деген жаңа жанр көптеп ұйымдастырыла бастады. Бұл жанрдың негізінде инсценировка жасалған мәтінді құжат жатады, ойша дамыту, қиялдан қосу мүмкіндігі бар, хабардың драматургиялық негізі – құжат. Мысалы, бейтаныс бір қыз баланың үстінен жасы үлкен әйелдің сумкасын тартып алуға әрекет жасағаны үшін қылмыстық іс қозғалған, шын мәнінде ұрлықты қыздың жігіті жасаған, ал ол жігітті қатты жақсы көргендіктен қылмысты өз мойнына алған. Осы жөнінде хабар ұйымдастырсақ қылмыстық істі тексеру барысында атқарылған шаралардың бәрін шынайы көрсетіп, тек тергеушінің монологтарын журналист ойдан қосып жетілдіруіне болады.
Хаттарды инсценировкалау – оқырман хаттарынан маңызды, қызықты үзінділерді алып, сол негізде әдебиеттегі персонаждармен салыстыра суреттей отырып, музыкамен көркемдеп, актерлердің орындауымен қойылым ұйымдастыру.
Мәтіндік құжатты радиохабарда пайдаланудың тәсілдері:
- хабардың мазмұнына шынайылық және көлемдік сипаттар беру;
- радиохабардың сюжеттік-мәндік негізі ретінде қолдану;
- құрылым түзуші екі элементтің бірі ретінде пайдалану;
- инсценировкалау үшін қолдану.
Сұрақтар:
- Радиохабарының бейнелеуші құралдары және олардың өзіндік ерекшеліктері.
- Табиғи бейнелеуші құралдар дегеніміз не?
- Радиохабардағы сөздің алар орны.
- Екпін дегеніміз не?
- Радиохабардағы музыканың рөлі қандай?
- Музыка мен сөздің сабақтастығы, үндестігі.
- Радиохабарда шулар қандай қызметтер атқарады?
- Деректі шулардың атқаратын қызметі қандай?
- Дыбыстық образ дегеніміз не?
- Стиль қалыптастырушы құралдар дегеніміз не?
- Буратино тәсілі қандай жағдайда қолданылады?
- Монтаж жасағанда қойылатын талаптар.
- Монтаждың түрлері.
- Деректі жазбалар қандай жағдайда қолданылады?
Әдебиеттер:
- Ақтаев С. Дауылпаз дауыс. – Алматы, 1989.
- Жақан С. Сөйлеу техникасы. – Алматы 2002.
- Омашев Н. Радиожурналистика негіздері. – Алматы, 1983.
- Смыслов Г. Восприятие речевого общения. – М., 1991.Сағымбеков Р. Алматыдан сөйлеп тұрмыз. – Алматы, 1979.
- Триккель И. Специфика радиокоммуникации, ее выразительные средства и жанры. – Тарту, 1967.
- Шерель А. Рампа у микрофона. Театр и радио: пути взаимного влияния. – М., 1985. Зарва М. Слово в эфире. – М., 1977
VIІ ТАРАУ
РАДИОЖУРНАЛИСТІҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ШЕБЕРХАНАСЫ
- Тікелей эфирдегі кәсіби шеберлік
- Әңгімелесу шеберлігі
- Радиофельетон – шеберлік туындысы
Тікелей эфирдегі кәсіби шеберлік
Тыңдарманның құлақ құрышын қандырып, ұлттық аудиторияны өзіне ұйытып алатын, журналистикадағы үн-үрдісінің үздік үлгісін таныту эфирді жүргізетін журналистердің кәсіби шеберлігіне келіп тіреледі. Кәсіби шеберлік дегеніміздің өзі не? Оған кәсіп иесіне тән қандай критерийлерді жатқызуға болады? Кәсіп-еңбек қызметінің негізгі бір саласы. Ал шеберлік – белгілі бір кәсіп бойынша өз ісін жетік меңгеру, сол салада терең ізденіп, өзін жан-жақты дамыту арқылы кәсіп иесінің жоғары сатыға көтерілуі, биік белестен көрінуі.
Әлбетте, қазақ радиожурналистикасының алтын діңгегі, қасиетті қара шаңырақ – Қазақ радиосында өз ісінің үздігі атанған әйгілі диктор Әнуарбек Байжанбаев сынды майталман мамандардың болғаны белгілі. Ал қазіргі радиожурналистикада эфирдегі дикторлық оқуды журналистік жүргізу алмастырды. 1992 жылы “Отечественное радиовещание: пути и проблемы становления” деген тақырыпта докторлық диссертациясын қорғаған Мәскеудің Ломоносов атындағы университетінің зерттеуші-ғалымы В.Н.Ружников өз еңбегінің “Современность радиовещания” деп аталатын тарауында радиожурналистикада пайда болған жаңа тенденцияларды төрт топқа бөліп қарастырады:
1. Бағдарламалардың дербестелуі. Дикторлық радионы журналистік радионың алмастыруы, демек бұған дейін журналист дайындап берген мәтінді диктор мәнерлеп оқыған болса, ендігі жерде журналистің көзбен көргенін, көңілге түйгенін өз аузынан айтып, өз атынан баяндайтындығы.
2. Бағдарламалардың ауқымдылығы. Ақпараттық-талдамалық бағдарламалардың кеңінен қолданылуы. Төрт топқа да тән ерекшелік журналистердің жеке тұлға ретіндегі даралануы. Ал мұның өзі – радиожурналистикадағы, жаңаша жұмыс тәсілі, тікелей эфир аясында жүзеге асқан құбылыс. Олай болса, тікелей эфирден берілген хабардың кәсіби сапасын сол эфирді жүргізген журналистің кәсіби деңгейімен өлшеуге тура келеді. Бұл қисын өз кезегінде жүргізушінің жетекші ролін айқындауға, соған сәйкес оған жүктелетін жауапкершілік мөлшерін анықтауға мүмкіндік береді. Егер журналист еңбегін кәсіби процесс ретінде талдасақ, онда оны идея – жоба – сценарийлік нұсқа – эфирдегі құбылыс сызбасы бойынша жүзеге асатын жұмыс тәртібі ретінде қарастыруға болады. Бұл сызба негізінен, журналист өзі даярлап, өзі эфирге алып шығатын авторлық бағдарламаға тән.
Шындығында, жүргізушінің кәсіби шеберлігін шыңдап, талантын ұштап, деңгейін көрсетіп, қолтаңбасын танытатын эфирдегі мүмкіндік аясы да осы. Ал тәуелсіз радиоарналарда қазақ тіліндегі авторлық бағдарламалар жоқтың қасы. Тек қана жаңалықтарды оқып, берілетін әндерге алғы сөз айтумен шектелетін тәуелсіз радиоарналардағы қазақ тілді эфирдің құнын жоғарылатып, қадірін арттыру әрине мүмкін емес. Кәсіби деңгей тұрғысынан қазақ тілді әуе толқынының қанатын кең жайып, құлашын алысқа сермей алмай отырған бір себебі сол екені де жасырын емес. Тікелей эфирдегі кәсіби шеберліктің негізгі екі тетігі бар: Бірі – тіл, екіншісі – тәртіп. Тіл – тікелей эфирдің лингвистикалық аспектісін айқындаса, тәртіп психологиялық аспектісін қамтиды. Тілді адам санасындағы ой иірімдері мен әр алуан психофизиоло-гиялық құбылыстар арқылы қабылданатын ақпараттардың күрделі таңбалық көрінісі ретінде де тануға негіз бар. Тіл – адамның дыбыс шығарып сөйлеу қызметін атқаратын мүшесі. Тіл – уақытты (секундты, минутты, сағатты) белгілейтін көрсеткіш. “Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі” деп дәріптейді қазақтың ірі лингвист ғалымы А. Байтұрсынов. Орыстың ұлы сыншысы В.Г. Белинский “Адам мінезін танудың кілті – оның тілі, сөз саптаудан ойдың бедері білінеді, ол әрбір тұлға мен мінез секілді әрқашан да жеке дара” деп мәлімдеген. Ал халық даналығы “Өнер алды – қызыл тіл” деп, оның барлық өнердің алдын орап өтетін өткірлігін сипаттаса, “Басқа бәле – тілден” деп тәртіптен асып кеткен тұста тәлкекке ұшыратынын ашық айтқан.
Ал журналистің тіл мен тәртіп аясындағы стратегиясын зерттеген ғалымдар М. Кузнецов пен И. Цыкунов “Кәсіби мақсатты жүзеге асыру үшін журналистердің барлығы дерлік тілді қолданады, ал тәртіпті көпшілігі ұмыт қалдырады. Әрине, ең әуелі тіл қатудың жалпы принциптерін негізге алу керек, келесі ретте аудиторияның қабылдауына бейімделу тәсілдерін игеру қажет” деп есептейді. Бәрі де орынды айтылған оң пікір. Ал іс жүзінде радиожурналистиканың тікелей эфиріндегі кәсіби шеберлікті қалыптастыру үшін тіл мен тәртіпті қалай пайдалануға болады? Тікелей эфирдегі тіл мәдениетін сақтауда лингвист-ғалым Ахмет Байтұрсыновтың тіл қисыны туралы қағидаларын білуден артық ешнәрсенің де керегі жоқ. Онда тіл анықтығы да, тіл көрнекілігі де, тіл әуезділігі де, тіл тазалығы да, т.с.с. бәрі де қамтылған.
Тікелей эфирде тіл қызметін дұрыс қолдану үшін уақытқа ілесіп сөйлеу механизмін меңгеру қажет. Секундомерді нысанаға алып, санаулы минуттар аясында сөйлеп көріп, дәл солай уақытпен санасып өз ойыңды қағазға түсіріп, ешбір жалықпастан жаттығудың өзі – кәсіби шеберлікті шыңдау әдісінің бір түрі болып табылады. Негізінде, шамамен 1 минутта 185-200 сөз айтылады немесе оқылады, ал 1 минутта небәрі 25-30 сөз ғана жазылады. Әлбетте, әр адамның мүмкіндігі әртүрлі. Тәжірибе жүзінде студенттерді және тікелей эфирде қызмет ететін біздің түлектерді тексеріп көргенде олардың ең аз жазғаны 11 сөз, ал ең көп жазғаны 56 сөз болды. Сөз жазып жаттығу кезінде мынадай екі талап қатаң ескерілуі шарт. Біріншісі – сөз қайталамау, екіншісі – ой қайталамау. “Мұның мәнісі айтар ойыңды санаңмен өңдеу арқылы жүйелеп әдеби нормаға сәйкес сөз маржанымен, өрнектеп тізе білу. Жұтаң тіл журналистің жұмырына жұқ болмайтыны белгілі. Демек, оны әрдайым дамытып, сөздік қормен байытып, жетілдіріп отыру – кәсіби шеберлікті шыңдау әдісінің келесі бір тармағы.
Импровизация, яғни, суырып салма өнерінің өзі алдын-ала жинақталған білім негізінде пайда болады. Әлбетте, сөздік қоры мол, қажетті тіл қисынын меңгерген, сөз тауып сөйлей алатын адам ғана шешендік өнердің шеберіне айналмақ. Негізінде, шешендік өнердің әдеби-эстетикалық мәні, оны құнттап-зерттеу, шешендік сөз нұсқаларын кәдеге жарату – тікелей эфирдегі жүргізуші журналистер үшін ең бір қажетті игілікті іс. Тікелей эфирдегі сөйлеу тілін шешендік өнер дәстүрімен байытудың 5 түрлі әдісін қолдануға болады. Біріншісі – кітаптан оқығанды көңілге тоқу, Екіншісі (аудиотәсіл) шешендік өнер туындыларын (жыр, терме, айтыс т.с.с.) үн таспадан тыңдау арқылы қабылдап, бойға сіңіру. үшіншісі – жиған-терген дүниелерді қажет жерінде орнымен пайдалануға үйрену сол үшін эфирге кірмес бұрын қолданатын сөздік қорының тезисін әзірлеу. Төртінші - (бейнетәсіл), бейнетаспадан сөйлеп тұрған шешеннің іс-әрекетін, қимыл-қозғалысын, дауыс ырғағын, үн үзілісін, сөз екпінін жіті қадағалау арқылы сөйлеу мәнерінің психологиялық желісін меңгеру. Бесінші – сабақтаған ойыңды дұрыс жеткізіп, уақыт аясына сыйғыза білуге машықтану.
Тіл жазған сайын қалыптасады, сөйлеген сайын жетіледі. Тікелей эфир жүргізушілері сол үшін де эфирге дейін ерінбей еңбектеніп, нағыз кәсіби шеберлікті игеремін десе әйгілі диктор Сауық Жақанова айтқандай алдарына “Эфирдің бір секунды бос кетпесін” деген мақсат қоюлары тиіс”. Тікелей эфирдегі лингвистикалық аспектіге тән шығармашылық шеберлікті шыңдау әдістерінің бірі – жүргізушінің аузынан шыққан сөзіне жауапкершілікпен қарауы, яғни, өз сөзін өзі үнтаспаға түсіріп алып қайта тыңдап, артықшылығы мен кемшілігін саналы түрде саралауы, бір рет жіберген кемшілігін екінші рет қайталамауы. Осынау аталып өткен кәсіби шеберлікті шыңдау әдістерін тұтас қамтып тілді меңгерген жүргізуші тәртіпті білмейінше нағыз кәсіби маман бола алмас еді. Тәртіп, тікелей эфирдегі психологиялық аспектіні қамтитынын ескерсек, ол – жүргізушінің жұмыс процесіндегі іс-әрекетіне сәйкес байқататын мінез-құлығы, көрсететін қабілет-қарымы, бір сөзбен айтқанда сөйлеушінің кәсіби шеберлігі екені аян. Бірақ, соның бәрін кәсіби қажеттілікті қамтамасыз ету үшін қалай жүзеге асыру керек. Мәселе сонда. Тікелей эфирдегі кәсіби шеберліктің екі тетігін оның екі аспектісі ретінде бөле-жара сөз еткенімізге қарамастан екеуінің нәтижесі бір мезгілде, бір деңгейде, біртұтас әрекет ретінде жүзеге асқанда ғана өзінің толыққанды мән-мағынасына ие болады.
Әлбетте, кәсіби шеберлікті шыңдау әдістерін жаттығу ретінде орындау арқылы кәсіби дағдыға, яғни күнделікті атқаратын қызмет нормасына айналдыруға болады. Тікелей эфирдегі кәсіби шеберліктің негізгі компоненттерін талдап көрер болсақ, жүргізуші тілге қатысты кәсіби шеберлікті шыңдау әдістерін пайдаланып жалықпай жаттығу нәтижесінде сөйлеу мәдениетін игеріп, дауыс мәнерін ретке келтіріп, өзіндік стиль, яғни, ешкімге ұқсамайтын өзіндік үн үлгісін тауып, оны ұлттық нақышпен айшықтап, үздік үн үрдісін қалыптастыруы керек. Ол ахуалды, яғни, денсаулықты, көңіл-күйді, шабытты, ынтаны, ерік-жігерді сезіне білген абзал. Денсаулығы болмай, яғни, тамағы қарлығып, мұрны бітеліп, түшкіріп-жөтеліп, тұрған адам эфирге шыға алмайтынын сезіп, алдын-ала ең кем дегенде 15 минут бұрын ұжым басшыларына ескертіп, әріптестермен орын алмастыруы керек.
Көңіл-күй – ол да ахуалдың негізгі элементтерінің бірі. Әлденеге алаңдап, жүрегі орнына түспей, көңілі әрі-сәрі болып, жаны жай таппай тұрған жүргізушінің эфирі сәтті шығатынына ешкім де кепілдік бере алмайды. Себебі, ойы бір жерде болмаған соң даусы сенімсіз, сөзі нанымсыз шығуы ықтимал.
Шабыт – шығармашылық күш-қуаттың толассыз тасқыны, ішкі тебіреніс кемерінен асып төгілген сәттегі адам рухының көтерілуі. Демек, шығармашылықтың қайнар көзі болып табылатын психо-лингвистикалық аспектінің бүкіл компонентін қамтып оны оқиға ретінде өткеретін нәрсе – құбылыс. Ол – жақсы ма, жаман ба жүзеге асқан эфирлік процесс. Сондықтан да оны тек қана қадағалау керек. Бұл біріншіден, тыңдарман назарымен таразыланса, екіншіден, ұжым, яғни, басшылар мен әріптестер тарапынан берілген бағамен өлшенеді, сондай-ақ, жүргізуші түйсігімен, яғни интуициясымен түйінделеді, қадағалаудың арқасында қателіктер анықталып, кемшіліктер жіберілмейтін болады.
Тыңдарман талабынан шығу, ең алдымен, аузыңнан шыққан әрбір сөз үшін жауапты екеніңді ескеріп, ойланып, салмақтап, қате жібермеуге тырысып мәдениетті сөйлеу – жүргізушінің тыңдарман алдындағы борышы. Ол күнделікті өмірде тіліміздің қалай дамып келе жатқанын, қандай сөздермен байып, көркею үстінде екенін, әр сөйлемді айтар ойымен астастырып құру керек екенін біліп, соны өз сөзінде қажет деңгейде пайдаланып, көпшілікке көрнекі тілді өнеге етуге міндетті. Осының бәрі дауыстап сөйлеу арқылы мүмкін болады.
Дауыс – кесіп-пішуге келмейтін, өлшеммен өрнектеуге болмайтын адам организміндегі аса бір ғажайып құрал. Сөйлеу кезінде дауыс дұрыс қолданыс тапса, онда адамның өне бойы басынан бақайшығына дейін музыкалық аспап тәрізді толқып, қозғалысқа түсіп, сол дауысқа үлес қосады. Дауысқа көптеген факторлар әсер етеді. Мысалы, адамның ұлты, туып-өскен мекені, бала кезіндегі тәрбиесі, мектептегі алған білімі, оқытқан мұғалімдері, бірге жүрген достары. Кейіннен кәмелетке толып отбасын құрған кезде жолдасының, қызметке араласқан шақта әріптестердің, жеке үй болған кезде тұрған жердегі кісілердің, тіпті көрші-қолаңның да дауысқа ықпалы болады. Өз ісін жетік меңгерген маманның кәсіби шебер ретінде өзіне ғана тән дара дауысы болуы керек. Әлбетте, жағымды және жағымсыз дауыс болады. Әрине, жағымсыз дауыс жүргізушінің күллі жақсы қасиеттерін жуып-шайып жойып жіберуі мүмкін. Бірақ, ерінбей еңбектенген адам өз даусын ретке келтіре алады.
Келесі кезекте тыңдарман талабы дегеніміз – бұқараның көкейіндегісін дөп басып, мұңын мұңдап, жоғын жоқтау, мұқтажын айту, шыншыл болу. Бір сөзбен айтқанда, жүргізушінің ішкі жан-дүниесінде журналистке тән адалдық жатталып тұруы керек. Өйткені, тікелей әуе толқыны арқылы микрофоннан тіл қатқанда ол ең алдымен, сөз бостандығын иеленеді. Бұл ретте мемлекет саясаты мен ұлттық идеология екеуі – егіз ұғым. Жүргізуші – өз мемлекетінің азаматы, өз ұлтының өкілі. Оның журналистік көзқарасынан отаншылдық рухы, ұлттық намысы айқын аңғарылып тұруы – шарт. Мұның өзі тікелей эфирдегі кәсіби шеберліктің бір тетігі тілден көрініс табады. Мемлекеттік тілді болу, оның дамуына үлес қосу – сол мемлекетте тұратын кез-келген азаматтың қасиетті парызы. Ал эфирге шығып сөз бостандығын иеленіп, қалың бұқараға үн қататын төртінші билік иелерінің тікелей міндеті – мемлекеттік мүдде мен ұлттық идеологияны ұштастыра отырып, тіл саясатын жүргізу.
Идеология – күшті қару. Ол біраз уақыттан кейін қараның өзін ақ қылып жібереді. Тәуелсіз Қазақстанның журналистикасы мемлекетке, ұлтқа зияны тиетін әңгімелерді кейде білместікпен, кейде біле тұра қиямпұрыстықпен айтады. Сондықтан, идеологиялық жұмысымызды тәуелсіз Қазақстанның ұлттық мүддесіне сай етіп, жасап алуымыз керек. Ол үшін тыңдарман талғамынан шығып, олардың рухани сұраныстарына жауап беретіндей дүниетаным көкжиегін кеңейтіп, ой-өрісін дамытуға ықпал ететін шын мәнісіндегі кәсіби деңгейде жасалған хабарлар, авторлық бағдарламалар керек. Өйткені, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай, “Демократияның, Қазақстанның бүкіл прогресшіл даму перспективасының тағдыры бұқаралық ақпарат құралдарының қалай дамитынына барынша тікелей байланысты болмақ”.
Іс-әрекет мазмұнын сипаттайтын кестедегі келесі түйін – образ, имидж, қолтаңба. Бұл журналистің жеке-дара тұлға болып қалыптасу мақсатымен айқындалатын эфирдегі өзіндік өрнегі ешкімге ұқсамайтын өзіндік стилі. Ізденіс әркімнің өзінен басталады. Әуе толқыны – тікелей эфир жүргізушісі үшін жүрек толқуы. Сондықтан да, жүргізуші өзін тану арқылы өз кілтін тауып ішкі өзегін орнықтыруы керек. Ғалым Шерияздан Елеукенов “Тікелей эфирге шығу – тәуелсіздік пен демократия заманының жаңалығы. Сол форманы батыл түрде қолданғандарыңызды құптаймын” деп тікелей эфирдегі журналистің жетекші ролін ескеріп, одан батыл қадам, белсенді әрекет күтетінін айтса, Бауыржан Жақып: “Біздің радиожурналистикадағы ең жаңа үрдіс – тікелей эфирге шығу. Журналистің шеберлігі сол тікелей эфир кезінде байқалса керек” деген пікірімен тікелей эфирдің өткір құбылыс, оның жүргізушісі болу – күрделі кәсіп екенін аңғартқан.
Микрофон алдында отырып, қиыннан қиыстырып әңгімені сабақтап әкететін радиожурналистің ұшқыр ой, ұтқыр сөзі – оның кәсіби шеберлігінің биік өлшемі ғана емес, тәжірибесінің айнасы. Қазақ радиосының тікелей әуе толқынында қызмет еткен жүргізуші Толқын Сейдоллақызы “Кәсіби шеберлік дегеніміз – тынымсыз ізденіс. Аудиторияны сезініп, техниканы бір кісідей біліп тұрғанның өзінде сөйлеу мәдениетін толық меңгермегенім үшін тікелей эфирде қатты қиналатынмын” десе, тележүргізуші Дана Нұржігіт “Өз мамандығыңның асқан шебері болу үшін еңбек ету керек, ешнәрседен қорықпау керек” деп жүргізуші образының табандылық пен талпыныс нәтижесінде сомдалатынын сөз еткен. Ал университет қабырғасынан шыға сала эфирден де (Ретро радиосы), экраннан да (НТК телеарнасы) қызметке ие болып, тікелей эфирден тіл қатып жүрген Назира Бердалы “Эфирде де, экранда да, алдымен адам, содан соң қазақ, содан кейін журналист, соның ішінде жүргізуші екенімді есепке ала отырып сөзімді сабақтаймын. Қозғайтын тақырыбым мен қамтитын мәселелеріме де сол тұрғыдан келемін” – дейді.
Профессор Тұрсынбек Кәкішұлы айтқандай “қазіргі сөз макулатурасы көбейген кезде қалың бұлттан жарып шыққан, түн түнегін түріп” тастаған айдай болып тіл қататын” әуе толқынының әйгілі жүргізушісі болу үшін журналистиканың барлық мүмкіндіктерін жете пайдаланып, мың құбылған тәсілдер мен әралуан пішіндердің сан қилы қисындары мен толып жатқан ерекшеліктерін жан-жақты меңгеріп, аудиторияны баурап алатын тартымдылық, шешендік өнер мен интеллектуальдық деңгейдегі тапқырлықты өз образы, өз имиджі ретінде бойына сіңіріп, қалыптасқан қолтаңбасы ретінде халыққа ұсынуы керек. Бірақ, журналистің елдік тұлға дәрежесіне көтерілуі үшін бұл әлі жеткіліксіз. Өйткені, ол - қоғамдық пікір қалыптастыратын БАҚ өкілі. “Судың да сұрауы бар” демекші, эфирдегі жүргізуші сөзі де белгілі бір жауапкершілік шеңберінен аспауы шарт. Іс-әрекет мазмұны кестесінде бұл ереже – норма – заң ретінде көрініс тапқан.
Біріншіден, жүргізуші журналист өз арнасына және өз тыңдарманына қызмет етуі керек.
Екіншіден, шындықты іздеп, шындыққа сүйенуге тиіс.
Үшіншіден, ақпаратты ойдан құрастыруға болмайтынын, деректік материалдарды әсірелеп жібермеу керектігін естен шығармағаны жөн.
Төртіншіден, бағдарлама немесе хабар жобасын эфирге дейін ұжымнан тыс ешкімге жария етпеу керек.
Бесіншіден, сілтемелерді қайдан алынғанын айта отырып, дәл, нақты әрі дұрыс қолдануы тиіс.
Алтыншыдан, ақпарат алу үшін адамдарды алдап пайдаланбауы керек.
Жетіншіден, өз қызмет жағдайын әлдекімді қорқытып-үркіту үшін өз беделін арттырып, мәртебесін жоғарылату үшін қолданбауы керек.
Сегізіншіден, достық үшін немесе айырбас үшін қандай да бір мәліметті эфирден бермеуі жөнінде келісімге келмеуі керек.
Тоғызыншыдан, жасырын жарнама, жеке бастың марапатталуы сияқты мәліметтерді жариялауға уәде бермеуі тиіс.
Оныншыдан, жарнама берушілердің радиоарна стилін өзгертуіне үзілді-кесілді жол бермеуі тиіс.
Он біріншіден, жіберген қателіктері үшін кешірім сұрап, оны дер кезінде түзетуі керек”.
Мұның бәрін жүргізуші журналистің мүлтіксіз орындауға тиісті ережелер ретінде қабылдағаны жөн. Себебі, жоғарыда аталып өткен 11 шарттың бірі орындалмаса тәртіп бұзылады, жүргізуші-журналист қызметіне нұқсан келеді. Ал бұқарамен қарым-қатынас кезіндегі мәдени-әлеуметтік нормаларды есепке алмау да ағаттық болар еді. Ең әуелі, журналист өз мамандығының абыройын сақтауы керек. Ақпарат алудың абыройсыз озбыр амалдарын пайдалануға ұмтылмағаны жөн. Жалпы, кәсіби-адамгершілік санада журналистикамен шұғылдану қызмет бабындағы атқаратын жұмыс сипатында ғана емес, сондай-ақ, ішкі қабілеттілік, сол қызметті атқарудағы жоғары миссия ретінде қарастырылуы керек. Журналистің кәсіби этикасын зерттеген Г.Лазутина кәсіби-этикалық принциптерді 5 топқа бөледі. Олар:
1. Кез-келген жағдайда өз кәсіби борышын атқаруға даяр болу, сол жолда батыл шешім қабылдау және ешнәрседен аянбау.
2. Принципшіл, тиянақты болу.
3. Шығармашылық белсенділік таныту, тәртіпті болу.
4. Әріптестік, ынтымақтастықты сақтау.
5.Өз-өзіне сын көзбен қарай білу және өзін-өзі үздіксіз дамыту. Журналистік қызметтегі кәсіби мораль маман үшін кәсіби бағыт-бағдар ролін ғана атқарып қоймайды, сонымен қатар, оның тәртібін ретке келтіреді.
Ұлттық дәстүрді сақтау – журналист мәдениетінің мәйегі болмақ. “Сіз” деп сыпайылық таныту “ағайын” деп ардақ тұту, аптығып анайы сөйлеуден сақтанып, дарақы күлкіден гөрі жай ғана жымиып жылы ұшырап тіл қату – қанымызға сіңген қазақи тәрбиенің өзегі емес пе? Сондықтан да ұлттық дәстүр өнегесі – “Білгенге маржан-білмеске арзан!” Құпия қазынаны көңілге тоқып көкірек көзін ояту - әуе толқынындағы әр жүргізушінің ұятына сын. Сөйлеу тілін шешендік өнер дәстүрімен байыту – соның бір бағыты.
Заң – тәртіптің ең үлкені, ең өзектісі, ең негізгісі. Тікелей эфирдегі жүргізуші еліміздің Конституциясын, Тіл туралы заңды, БАҚ туралы заңды басшылыққа ала отырып, құқық негіздеріне сүйенуі шарт. Осының бәрінен хабардар сауатты, шешен жүргізуші идеясын жобаға, жобасын сценарийлік нұсқаға айналдырмаса кәсіби мақсатын жүзеге асыра алмас еді.
Жұмыс іздеп телерадиокомпаниялардың табалдырығын аттаған жас маманнан біріншіден, резюме, яғни өзі туралы қысқаша анықтама, екіншіден, жоба сұрайды. Ол – заңдылық. Өйткені, сол екеуі арқылы оның қандай маман екенін біледі. Тек, бір ескеретін жайт, жобаға қоса сценарийлік нұсқаның, яғни алғашқы эфирден жүргізетін хабардың шартты түрдегі мәтіні болу керектігі.
Сонымен, енді жобаны сөйлетіп көрейік. Бағдарламаның аты - автордың идеясының ішкі иірімі, айтар ойының түйіні. Тақырып (тема - грек тілінен аударғанда сөз ететін жағдай, ой-пікір білдіретін мәселе деген сөз) не туралы, кім туралы, қандай мәселе қозғалады? деген сауалдарға жауап іздеу арқылы анықталады. Жалпы, идея (грек тілінен аударғанда түсінік, ұғым, ұсыныс деген мағынаны береді). Неге? Не үшін? Не себепті? деген сұрақтар төңірегінде туындайтын тұжырым. Автордың мақсаты жобадағы бағдарламаның маңызын, көтеретін жүгін айқындап тұруы – шарт. Ал жобадағы бағдарлама аудиториясын “Іс-әрекет мазмұны” кестесіндегі алтыншы фактор болып табылатын “Аудитория” ұғымымен біртұтас қарастыруға тура келеді. Аудитория – жалпы тыңдарман қауым, ал бағдарлама аудиториясы – сол тыңдарман қауымның жекелеген бір бөлігі. Аудиторияны айқындайтын факторлар мыналар:
а) жас мөлшері,
ә) әлеуметтік деңгейі,
б) сұранысы,
в) талғамы.
Осы төрт фактордан төрт түрлі қисын табуға болады. Сол арқылы аудиторияны айқындап алу мүмкіндігі туады. Бірақ, тек қана анықтап алу жеткіліксіз, оны міндетті түрде зерттеу керек. Аудиторияны зерттеудің ең бір тиімді тәсілі – анкеталық сауалнама. Мысалы, қазақ тілінде жоғары сынып оқушылары мен студенттерге арналған танымдық-тәрбиелік бағдарлама ашу үшін шешім қабылдап, бірнеше мектеппен және оқу орындарымен келісе отырып, зерттеу жүргізуге болар еді.
Өкінішке орай, оған қазіргі тікелей эфирді жүргізетін журналистердің, соның ішіндегі журналистік білімі жоқ жүргізушілердің мойындары жар бермейді. Әйтеуір, эфирге шығып, желдей есіп елге танылып, өзіне-өзі риза болып айлығын алып жүрсе болғаны. Бірақ, журналистика айлық алу үшін ғана шұғылданатын кәсіп емес. Өз бойындағы керенаулық пен кертартпалықты жойып, айналадағы болып жатқан жағдайды байыптап бағалауға, оны сол күйінде көріп, көзқарас білдіруге батылы жетпеген журналист бір адым ілгері баса алмайды және де өзінің жүріп өткен жолында жарқырап көрінетін із де қалдыра алмайды. Демек, радиожурналистер үшін тапқырлық тек тікелей эфирге шыққанда ғана емес, жалпы, күнделікті жұмыс процесінде қажет деген сөз. Осы арада, әңгіме желісі жобадағы бағдарламаның берілу формасына ойысады да, іс-әрекет мазмұны кестесіндегі мүмкіндіктер – құралдар-тәсілдер тізбегіне келіп тіреледі. “Форма, яғни, хабардың немесе бағдарламаның пішіні, композициясы латын тілінен аударғанда шығару, құрастыру, байланыстыру, біріктіру деген мағынаны береді”. Пішін – тақырып пен идеяның шарттасуы арқылы фактілер мен оқиғаларды іріктеу нәтижесінде автор позициясының айқындалуы. “Мидан шыққан сөзіңе тіл себепкер, қалай айтып сөйлесең өзіңде ерік” деп сазгер-ақын Ақансері Қорамсаұлы айтқандай, барлық радиожурналистер өз ойын сөз арқылы жеткізеді. Ендеше, мәселенің мәнісі соны қалай жеткізуде болса керек. Мәселені шешкісі келген адам, оны шешудің амалын іздейді, ал оған құлқы жоқтар сылтау іздейді. Алдымен, амалдарға жүгініп көрейік. Журналистика жанрларын, олардың жіктелу негіздерін зерттеген ғалым Т.С.Амандосов айтқандай: “Журналистік туындының сапалы болуы оларды жазу үстінде журналистің жанрлардың әрқайсысына тән ерекшеліктерін жете айыра біліп, оны шебер қолдануына байланысты”
Демек, тікелей эфирден берілген хабарлардың кәсіби сапасы өз кезегінде жанрлық ерекшеліктері мен олардың қисынды қолданысына байланысты болмақ. Сондықтан да, тікелей эфирдің жанрлық ерекшеліктеріне ғылыми тұрғыда талдау жасап, оған тән белгілерді топтастыру қажеттігі туындайды. Негізінен, тікелей эфирден ақпараттық және талдамалы жанрлар кең қолданыс тапқан. Оның есесіне деректі-көркем жанрлар тікелей эфирде мүлдем ұшыраспайды. Дегенмен, айтулы күндерде берілетін тақырыптық роликтерде, джинглдарда, сондай-ақ, авторлық бағдарламаларда деректі көркем жанрларға тән белгілер кездеседі.
Ақпаратты-талдамалы жанрлардың өзі бір радиохабардың өн бойында немесе журналистің тікелей берген материалында ауыспалы, аралас сипат алады. Өйткені, шығармашылық-техникалық сипаттағы соны технологиялық процесс болып табылатын тікелей эфир кезінде жанрлық белгілерді сақтап, сол жүйемен ерекшеліктерді ескеру талап етілмейді.
Сондықтан да тікелей эфирдегі хабардың жобасын әзірлегенде оның жанрлық ерекшелігіне мән беріп, мейлінше ұтымды қолдана білудің өзі кәсіби шеберліктің бір қыры болып табылады. Тікелей эфирде негізінен, сұхбат жанры жиі қолданылады.Тек, оның жанрлық ерекшкеліктері толық ескерілмегендіктен, бәрі бірдей сәтті шыға бермейді. Тікелей эфирдің төл жанры болып есептелетін репортаж қазіргі таңдағы техникалық мүмкіндіктер аясында жаңаша сипатқа еніп, толыға түсті. Тонвагенмен де, ұялы байланыс телефонымен де оқиға ортасынан репортаж жүргізуге болады. Бірақ, тікелей репортаж аса маңызды айтулы оқиғалардан жүргізілетіні белгілі. Сондай, ел өміріндегі елеулі оқиғаның бірі-1991 жылдың қазан айының 2-жұлдызында қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің Байқоңырдан ғарышқа самғау сәтінен Қазақ радиосының “Тәулік тынысы”- “Панорама дня” бағдарламасы тікелей репортаж жүргізген болатын. Сондықтан да, осындай аса маңызды айтулы оқиғалар кезінде тікелей эфирден репортаж жанрын өз деңгейінде қолдану электронды журналистиканың ұшқырлығын танытпақ.
Тікелей эфирге арналып алдын-ала жазылған мәтін-сценарийлік нұсқа. Енді соған жан бітіріп, хабардың реңін ашу үшін не істеу керек? Әлбетте, ең алдымен хабардың шақыру белгісін әзірлеген жөн. Оны мынадай төрт түрлі жолмен жасауға болады.
- Музыкалық шақыру белгісі.
- Арнайы мәтін жазылған шақыру белгісі.
- Ресми атауын айтып хабарды немесе бағдарламаны ашу.
- Әуенмен айтылатын шақыру белгісі.
Бұл, әрине, әрбір радиостанцияда өз имиджіне сәйкес, жаңалықтар оқыларда, уақыт айтыларда беріліп жатады. Ол қазіргідей ақпарат ғасырының талғамы жоғары тыңдарманы үшін аздық етеді. Шақыру белгісін тыңдарманды баурап алудың алғашқы қадамы ретінде тікелей эфирді жүргізетін журналист ұтқыр қолдана білуі тиіс. Келесі кезекте тыңдарман назарын аударатын роликтер мен тақырып мазмұнын ашатын джинглдар жасап оны бағдарлама барысында пайдалану жүргізуші-журналистің аудитория алдындағы сенімін күшейтсе, екінші жағынан тыңдарманды жалықтырып алмауға мүмкіндік береді.
Негізінде, шақыру белгілерін тыңдарман құлағына сіңіру үшін тұрақты түрде берген дұрыс. Ал роликтер мен джинглдарды әр хабар сайын мың құбылтып ұсыну журналист шеберлігінің бір қыры болмақ.
Бағдарламаның берілу мерзімі және эфирдегі уақыты - түсінікті ұғымдар. Ал бағдарлама нысаны - журналист таңдаған тақырып аясындағы ақпарат көзі, оның зерттейтін обектісі, бақылайтын ортасы. Бағдарлама сипатын белгілі бір дәрежеде журналистің кәсіби деңгейінің барометрі деуге болар еді. Қарап тұрсаңыз қазіргі тәуелсіз радио арналардағы бағдарламалардың дені көңілашар, ойын-сауық сипатында болып келеді. Бағдарламаға қатысушылар қарапайым студия қонағы, күнделікті хабардың кәдімгі кейіпкері болып көрінгенмен олардың ролі бағдарлама авторы үшін де радиоарна үшін де орасан зор. Өйткені, дүйім жұртқа таралатын әуе толқынында кім көрінгенді кез-келген жағдайға байланысты сөйлете беруге болмайтыны белгілі. Кейде олардың керемет үлкен пайдасы тисе, кейде кесірлері шаш етектен болуы ғажап емес. Сондықтан бағдарламаға кімді және қалай, қандай жағдайда қатыстыру туралы түбегейлі шешіп алған дұрыс. Бағдарлама демеушісі бағдарламаны жарыққа шығару үшін қажет. Жақсы демеуші таба алмаған талай-талай үздік жобалардың қағаз жүзінде қалып қоятыны да жасырын емес. Сондықтан да, журналист бағдарлама авторы болумен қатар өз ісінің маркетингі болуы тиіс. Бұл заман талабы. Демек, журналист еңбегі осындай жоба арқылы жүзеге асады. Тек, кәсіби шеберлік сонымен шектелмейді. Журналист жасаған жобасы арқылы өзін-өзі дәлелдеуге кіріседі, журналистикадағы өз әлеміне қадам басады. Сонымен, тағы да бір журналистке ең керек нәрсе “Іс-әрекет мазмұны” кестесіндегі келесі бір ұғым – сенім. Күш-қуаттың қайнар көзі – біздің өзіміздің ақыл-ойымыз. Адамның сенімі – оның өмірінің бейне көрінісі.
Адам кез-келген нәрсені өзі істеп көрмейінше үйрене алмайды. “Көз қорқақ, қол – батыр” деген нақылдың мағынасы да сол қисынды түсіндіреді. Ал журналист тыңдарманды өз сөзіне сендіруі үшін әуелі өзіне-өзі сенімді болуы керек. Оның сенетіні - өзінің бойындағы кәсіби құндылықтары.
Жалпы, адам бойындағы психологиялық қасиеттер дүниежүзілік және ұлттық мәдениеттің бүкіл тарихындағы табыстарының ең озық үлгілерін пайдалана отырып жанданады. Ал адамның жеке басындағы құндылықтары қоғамдық сана түрінде әлеуметтік психологиялық деңгейде қалыптасады да, оның жеке басының мәдениеті мен кәсіби этикасынан көрініс табады. Оған адамның отаншылдық рухын, азаматтық ар-ожданын, ұлттық намысын, кәсіби артықшылықтарын (шешен тілін, әуезді үнін, сезімталдығын, білімділігін, тапқырлығын т.с.с.) жатқызуға болады. Оның бәрі уақыт аясында қалыптасады. Уақыт барысында шыңдалады. Эфирдегі бағдарлама да уақытпен өлшенеді. Уақытқа тән бір ғана заңдылық – оны ұтымды пайдалану. Нәтижеге тынымсыз ізденіп, мәңгілік жалықпастан жаттығу арқылы ғана қол жеткізуге болады. Іс-әрекет мазмұны кестесіндегі барлық ұғымдарды өз дәрежесінде игеріп, кәдеге асыра білген журналист өзін эфир иесі ретінде сезініп “Көре-көре көсем боласың, сөйлей-сөйлей шешен боласың” дегендей шебер жүргізушіге айналады да, өзін-өзі бәсекедегі жеңісімен, тікелей эфирдегі табысымен дәлелдеп шығады.
Журналистика – шығармашылық. Журналист – ешқашан бір жазғанын қайталап жазбайды, бір айтқанын сол қалпында бұлжытпай қайтадан айтпайды. Оның үстіне тікелей эфир - қайталанбайтын құбылыс. Сондықтан да, теориялық деңгейде қабылдаған білімді тәжірибе жүзінде игеру үшін аудиториядағы дәрісті радиостудиядағы лабораториялық сабақтармен қатар өрбітіп, шығармашылық процесс ретінде пысықтап қою жеткіліксіз. Сонымен қатар, болашақ журналистер кәсіби маман ретінде қалыптасу үшін өндірістік журналистикадағы өрісіндегі кәсіби дағдыларды тәжірибе жүзінде меңгеру мүмкіндігіне қол жеткізуі керек. Сол қисындардың бәрі есепке алынған жан-жақты дамып жетілген оқу бағдарламасы болғанда ғана студенттің өз жүрек қалауымен таңдаған мамандығына деген ынта-ықыласы артып, сол пәнге ерекше зейін қоюына жол ашылмақ. Соның нәтижесінде ол университет қабырғасында жүріп өз мамандығының өмірдегі қолданыс аясынан, іс жүзіндегі тәжірибелі тәлімдерінен, дүниежүзілік деңгейдегі жаңашыл бағыттарынан хабардар болуына қол жеткізбек. Демек, болашақ мамандықтарын тәжірибе жүзінде көзбен көріп, қолымен ұстап, белгілі бір дәрежеде сол іспен тікелей шұғылдану олардың қазіргі таңдағы қажетті сұранысына айналып отыр деген сөз.