Намазалы омашев радиожурналистиканың теориясы мен тәжірибесі
Вид материала | Документы |
- Намазалы омашев радиожурналистиканың теориясы мен тәжірибесі, 5625.43kb.
- Парат министрлігі л. Н. Гумилев атындағы еуразия ұлттық университеті, 8635.57kb.
- Ылым министрлігі қазақ инженерлік теникалық академиясы, 1195.19kb.
- Қазақстан жеріндегі мемлекеттер мен олардың мәдениеті, 78.49kb.
- Нистрлігі семей мемлекеттік педагогикалық институты султанова Нургуль Камильевна музыкалық, 3053.35kb.
- Адольф Дистервегтің педагогикалық қызметі мен теориясы, 85.68kb.
- Қазақ тіліндегі ресми іс қағаздары Жеке адам өміріне қатысты құжаттар. Жеке адам өміріне, 280.32kb.
- Клеткалық тыныс алу, 160.93kb.
- Құрметті депутаттар мен Үкімет мүшелері! Ханымдар мен мырзалар!, 440.6kb.
- Крутой Мен". Тогда меня воодушевила идея старого фильма, 260.25kb.
Әңгімелесу шеберлігі
Күнделікті радиохабарлар бағдарламасында радиоәңгімелесу жиі пайдаланылады. Оның көтерер жүгі мол болғандықтан, қойылатын талаптар да өзгеше: шебер сөйлеу, тіл құнарлылығы, айтар ойдың анықтығы, шын көңілден шыққан, тыңдаушысын бірден баурап алатын сырсұхбат іспетті, еркін әңгіме болуы тиіс. Демек, радиоәңгімелесуді жүргізуші сөйлеушіден (выступающий) гөрі әңгімелесуші (собеседник) болғаны дұрыс.
“Әңгіме” деген атау баспасөзден келді. Дұрысына келсек, әңгіме онда шартты түрде ғана пайдаланылып жүр. «Газеттегі әңгіме – газет сөзі, ертеректе болған шындықтың өңдеген түрі, әлдебіреулер қағаз бетіне түсірген әдеби жазбасы, яғни оқушыға екінші біреудің түсінігі, қорытуы арқылы жеткен шындық” (Гальперин Ю. Мы ведем репортаж. – М., 1961, с.27).
Ал, әңгімелесу – радиоға жақын, ауызекі сөйлеу жанры. Сондықтан, әңгіме радиоға келіп жаңа бояуға, жаңа қасиеттерге ие болды деу қате, әңгіме өз арнасын, өз орнын радиодан тапты, оның мүмкіндігін терең де жан-жақты пайдалануға жол ашты.
Радиоәңгімелесу – радиожурналистиканың ең бір негізгі және күрделі жанры, көпшілік бұқараға арналған ауызша үгіттің ең басты формаларының бірі. Радиодағы әңгіме – газеттегі мақала сияқты, қоғам өміріндегі түрлі құбылыстар мен оқиғаларды терең зерттеп, сол жолда пайда болған ой-пікірлерді талдап-жинақтаудың нәтижесінде туған идеялар негізінде жазылған, айтылған публицистикалық шығарма.
“Радиоәңгімелесудің өзіндік ерекшелігі, біріншіден, әңгімелесушілер бір жерде, яғни бір аудиторияда болмайды. Автор микрофон алдында отырса, тыңдаушы үйінде, не жұмыс орнында болуы мүмкін. Екіншіден, эфир арқылы сұхбаттасып, еркін әңгімелесетін бұл екі жақтылы байланыста автор белсенді ойлаушының ролін атқарады. Автор тыңдаушыларды өз материалын талдауға тартады. Радиодағы әңгімелесу табиғаты жағынан хатты оқушы мен хат авторының арасындағы кеңеске немесе іс қағаздары түріндегі (эпистолярлық) әдебиетке ұқсайды” (Ярошенко В.Н. Информационные жанры радиожурналистики. – М., Искусство, 1976, с.58.).
Радиоаудиторияның тыңдаушылары өздерінің білімі, қоғамдағы орны, ой-парасаты, тіпті тұрағы жөнінен әр түрлі. Сондықтан, радиоәңгімелесуде ғылыми идеялар, күрделі саяси проблемалар, экономика, мәдениет мәселелері көпшіліктің көңілінен шығатындай нанымды, ұғынықты сипатта беріледі. Тыңдаушылар әңгімелесудің басынан аяғына дейін автор ойының өрбуін сезіп, ілесіп отыратындай болуы керек. Мұндай процесті сөйлеуші мен тыңдаушының қатарласа (параллельді) ойлауы дейміз. Осы тұста тыңдаушы мен микрофон алдындағы сөйлеуші проблеманы шешуде өздеріне таныс фактілерге байланысты бірдей қорытындыға келеді. Осылай басты идея логикалық дамумен біртіндеп жалғаса береді. Егер лирикалық шегініс бола қалған күнде, ол басты идеяның дамуын ұлғайтып, тек қолдап отырады.
Радиожурналистиканың көпжылдық тәжірибесіне сүйенетін болсақ, екі жақты бірдей ойлану процесі микрофон алдындағы сөйлеушінің мәтінсіз, ойдан шығарып, суырып салуына байланысты өрбиді. Бұнда адам сөзінің интонациясы өзгеріп, әңгіменің табиғилығы сезіледі, эмоциялық бояуы қаныға түседі.
“Егер репортажда микрофон бізді оқиға ортасына «алып барса», ал әңгімеде автор үйреншікті әдет бойынша микрофон арқылы тыңдаушының үйіне “келеді” (Бұл да сонда, 59-бет.). Бұл жерде сөздің берілу әдісі, интонациясы шешуші роль атқарады, яғни тыңдаушы хабарды радио арқылы қабылдап отырғанын ұмытуға тиіс. Хабарға сонда ғана шын берілуге, толғануға болады. Микрофон алдындағы сөйлеушінің тыңдаушымен тығыз байланыста жүргізіп отырған әңгімесіне “микрофон”, “пленка”, “радиотыңдаушылар” деген сөздер кері әсерін тигізеді, кедергі жасайды. Автор да, тыңдаушы да әңгіменің радио арқылы байланысып отырғанын еске ала бермегені абзал.
Мәселен, “Қазір менің жанымда микрофон алдында Ошақбай Ибраимов отыр” дегеннен гөрі “Қазір менің жанымда Ошақбай Ибраимов отыр” деген сөз орынды. Сол сияқты “Сәлематсыздар ма, достар?” деген сөйлем, “Сәлематсыздар ма, радиотыңдаушылар” дегенге қарағанда табиғи, тыңдаушыға жақын естіледі.
Журналистің тыңдаушы көңілінен шығуы әңгіме тақырыбының көкейтестілігіне, хабардың сапасына, орнына, сюжет табиғатына, әңгімелесуді бастауына байланысты. Және тағы бір айнымас шындық – ол микрофон алдындағы сөйлеушінің беделі - әңгімеге деген құштарлықты арттыра түсетін шешуші фактор. Автордың аты-жөні аталған соң-ақ тыңдаушының есіл-дерті микрофонға ауып кетеді. (Мысалға бүкілодақтық радиодан беріліп тұратын Ираклий Андронников, Сергей Смирновтардың әңгімелері бұған куә бола алады). Ауызекі әңгімелесуден радиодан берілетін әңгімелесудің айырмашылығы - тыңдаушы сұрақ бере алмайды. Сондықтан сөйлеуші “бұл жерде мынадай заңды сұрақтың туындауы мүмкін” деп, ойын сабақтастыра береді. (Бұған мысал ретінде, әсіресе атақты дәрігерлердің микрофон арқылы көпшілікпен сұхбаттасуын т.б. айтуға болады).
Әңгіменің негізі ретінде автор ойының логикалық дамуын алып жүрміз. Олай болса, оның ішкі динамикасына қарап, әңгімелесу композициясының дамуын мынадай кезеңдерге бөлуге болады:
Басталуы. Бұл тыңдаушы психологиясында қажетті атмосфера жасалуына жеткізуге тиіс, әңгімеге қажетті, тиісті бағыт беру үшін керек. Қай әңгіменің болса да, оның дұрыс басталуы шешуші роль атқармақ. Ол радиотыңдаушыны бірден әңгімеге баурап алуға, ал авторды келесі деректерді баяндауға бастауға тиіс.
Әңгімелесуді “микрофон алдында шопан Ахметов жолдас. Қане, радиотыңдаушыға өз тәжірибеңіз жайлы не айтар едіңіз?” - деп келте қайырмай, авторды аз-кем таныстыру, оның нелер жайлы айтатыны жөнінде хабарлап, авторды да, тыңдаушыны да дайындап алу керек.
Бірден бірге ауысу кезеңдері. Бұл жаңа тақырыпқа көшуге, негізгі проблеманы тереңірек аша түсуге жағдай жасайды. Мұндай сәттер әр түрлі ойларды өзара байланыстырып, әңгімелесуді белгілі бір бағытқа бастап отыратын дәнекер іспетті. Ол, сонымен бірге, әңгіме авторының келесі бір мәселеге көшуін дайындайды, тыңдаушыны қызықтырады, жетелейді.
Қорытынды жасау, жинақтау. Радиоәңгімелесу сөйлеу тіліне бейім тұрады дегенмен, ол көшеде кездескен таныс адаммен әңгіме емес, ондағы ой көлденең сөздің, кездейсоқ сұрақтың негізінде тумайды. Радиоәңгімелесудің мақсаты – тыңдаушы адамның білгісі келетін белгілі бір саладағы мән-жайды жеткізу. Бұл мақсаттың орындалғаны әңгіменің де аяқталғаны деп білу керек.
“Дөңгелек стол басындағы әңгімелесудің” бір түрі – шетел хабарларындағы радиотыңдаушылар хаттарына жауап қайыру мақсатымен жүргізілу формасы (Бұл да сонда, 62-бет.). Мұнда жүргізуші алдымен хабарға қатысушыларды таныстырады. Сонан соң тыңдаушылардың сұрақтарын оқып шығып, хат жолдаушылардың аты-жөнін атайды. Жүргізушінің берілген жауаптарды толықтырып, белсенді түрде қолдап отыруы тыңдаушысымен жақындаса түсуге, әңгіменің тиімділігіне әсерін тигізеді. Осындай хабарлардың дайындалуы барысында редакция қызметкерлері саясатқа, мәдениетке, экономикаға қатысты қызықты сұрақтарды іріктеп алады. Тіпті, кейде даулы сұрақтарды кіргізуі ықтимал. Осыған дейін сұрақтар машинкаға басылып, пленкаға жазуға бірнеше күн қалғанда қатысушыларға таратылады.
Және олардың бір-бірімен пікір алысуына мүмкіндік жасалмайды.
Хабар көбінде студияда дайындықсыз бірден жазылады. Сөйлеушілердің қолында тек әңгіме жоспары мен ұмытпас үшін түртіп алған белгілері болуы мүмкін. Әрбір жауап 1-2 минуттан аспауға тиіс. Олар бірінің жауабын бірі толықтырып, кезектесіп сөйлейді. Дауыстың түрлі шығуы талқыланудың динамикалығын өсіре түседі.
Шындығын айту керек, радиопублицистика жанрлары осы күнге еркін жетіле қоймағандықтан, олардың шекаралық шарттары толық анықталмай отыр. Сол себепті кейде радиожурналистика жанрларын өзара шатастырып, ауыстырып алатын сәттер кездеседі.
Осыған орай, бүгінде Қазақ радиосы арқылы берілетін радиоәңгімелесулердің формалық жағынан түрлері қандай, соған тоқтала кетейік.
Сұхбат, сырласу ретіндегі әңгімелесу. Әңгіме тақырыбы көпшілікті тарта алатын, сырласуға шақыратындай, немесе өскелең өмір тудырып отырған актуальды мәселе жайлы болғаны абзал. Бұл әңгімені көпшілікке кеңінен таныс, еркін, есіліп сөйлей алатын адамның дайындықпен жүргізгені дұрыс.
Сөзіміз дәлелді болу үшін, республикалық радионың Насихат редакциясынан өткен мына бір әңгімелесуді алайық. (“КСРО Жоғарғы Советінің сайлауы қарсаңында” циклы бойынша 1979 жылдың 19-қаңтар күні берілген). Әңгімелесудің авторы – Қостанай облысының Жетіқара ауданындағы “Волгоград” совхозының бригадирі, Социалистік Еңбек Ері, екі мәрте Ленин орденінің кавалері, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты Асқар Ізтаев.
Әңгімелесу тыңдаушысын үйіріп әкететіндей сұхбаттасу, сырласу түрінде жылы жазылған. Оның арқауы – КПСС Орталық Комитетінің Бас секретары, СССР Жоғарғы Советі Президиумның Председателі Леонид Ильич Брежнев жолдастың “Тың” кітабы. Ол тың көтерушілердің тарихи тұлғасын жасаған кітаптың сүйіспеншілікке бөлейтінін, өзге дихандар сияқты өз өмірінің де жазылғанын ерекше сезіммен, ыстық ілтипатпен жеткізеді.
Осылайша, әңгімелесу негізгі актуальды мәселелер төңірегінде өрбіп отырады.
Түсіндірме әңгімелесу. Мұнда әңгімелесушінің негізгі айтар ойын қуаттайтын пленкаға жазылған дауыс қосымша ретінде пайдаланылады. Тыңдаушылар жаңа нәтиже, негізгі проблема жайлы оқиғаның “дыбыстық картинасына” куә болады. Осылайша, маманның бұл әңгімесі “иллюстрациялы” хабарға айналады.
Қазақ радиосының “Ауыл өмірі” Бас редакциясы “Шаруашылықты ұйымдастырудың радиомектебі” деген циклдан мамандардың түсіндірме әңгімелесулерін жиі береді. Биология ғылымдарының кандидаты Райхан Изатуллаеваның “Агротехника және өсімдікті қорғау” деген әңгімелесуі осыған жатады. (1978 жылдың 15-желтоқсанында “Дала дидары” бағдарламасы бойынша эфирден өткен).
Автор бүгінгі таңдағы агротехника мен өсімдікті қорғаудағы көпшілікті қызықтырарлық жаңалық, халыққа белгісіз жәйттерді түсіндіреді. Мысалға, ол бір химиялық дәріні зиянкес жәндіктер мен микроорганизмдерге үнемі қолданған жағдайда олардың соған бейімделіп кетуі мүмкін екендігін ескертеді. Сол сияқты агротехникалық шаралардың жаңа түрлерін қалай жүзеге асыруға болатынын және олардың артықшылықтарымен таныстырады.
Бұл толығынан түсіндірме әңгімелесуге жатады. Бір кемшілігі “иллюстрациялы әңгімелесу” деңгейіне көтеріле алмапты. Себебі, документті жазбалары болмаған.
Редакция почтасына түскен хаттарды арқау етіп әңгімелесу. Бұл – қалың бұқарамен насихат каналын тығыз байланыстыратын өнегелі іс. Ол - редакция қызметкерлерінің әлі де болса қамти алмай жатқан мәселелерін ойға салатын, көпшіліктің көкейкесті қажетін дәл табатын, тыңдаушылардың барометрі сияқты ұтымды әдіс. Әрине, әңгімелесуді алдын-ала хаттарды сұрыптап, тақырыптарға бөліп алып жүргізу керек. Осылайша радиохабарларды формалық жағынан байытып, тыңдаушылар арасында беделін арттыра түсуге болады.
Циклді әңгімелесулер. Газеттерде “жалғасы бар” деп бір әңгімені бірнеше номерге беру қалыптасқан дәстүр. Осы форманы қазіргі кезде радиода “циклді әңгімелесулер” түрінде пайдаланып жүр. Бұл үлкен проблеманы көтеруде, аясы кең тақырыптың мәнін ашуда тыңдаушылар арасында зор беделге ие. Әңгіме көпшілік үшін нанымды, көп мағлұмат берерлік мазмұнды бола түседі. Мәселен, Октябрь революциясының 60 жылдығына байланысты Қазақ Радиосының “Бүкілодақтық ерлік шежіресі” циклі бойынша тарих ғылымының докторы, профессор Әмір Қанафиннің жүргізген циклді әңгімелесулерін алуға болады. Сол сияқты, “Бос уақыт – қоғамдық байлық”, “Арыңды ақшаға сатпа!”, “Киіз үй жайы ойлантады” немесе “Миллиондардың лениндік университеті” циклынан берілген т.б. циклді әңгімелесулер жатады.
Егер де саяси маңызы ерекше бір оқиға өтсе, оның мәні мен міндеттерін халыққа жеткізу үшін радиоәңгімелесу жанрын пайдаланамыз. Болмаса, радиотыңдаушыларға қоғамдық өмірдің түрлі процестерін, қоғамдық ғылымдарды – саяси экономия, тарих, философияны ұғындыру үшін осы жанрға жүгінеміз.
Сонымен әңгімелесу көбінесе өміртануда жаңа жетістіктің мәнін ашуға, жаңа әдісті ұғындыруға қолданылады. Бұл жанр әдеби образдардың тілін, өнер тақырыбына жазылған шығарманы әділ бағалауға, жалпы өнертануды дұрыс түсінуге көп көмек етеді.
Әңгімелесудің мұндай “әмбебаптығы” (универсалдығы) табиғи нәрсе. Қандай редакция болмасын тыңдаушыларға бір жайды жеткізгісі келсе, әңгіме арқылы жүзеге асырады. Мәселен, ақпараттық заметка факті туралы хабарлайды, радиоочерк пен радиокомпозиция образдар, әдеби тіл арқылы осы фактілердің мәнін аша түседі. Ал, радиоәңгімелесу логикалық операциялар – ұғындыру, зерделеу, ақыл қорыту арқылы фактіні түсіндіреді.
А.Фриш өзінің “Беседа по радио” деген кітабында радиоәңгімелесуді тақырыптық жағынан мынадай түрлерге бөледі:
а) Информациялық мәні бар әңгімелесу. Кез келген жағдайды, болмаса бір құбылыс мазмұнының сырын аша түседі. Мәселен, тыңдаушыларға саудадағы жаңалықты хабарлайды. Сатуға түскен жаңа бұйымдарды айтады, тұтынушыларға қызмет көрсетуде қандай өзгерістер бар, сауданың жаңа түрлері ыңғайлы ма, ол қалай таратылып отыр, осының бәрі қамтылады.
б) Көпшілікке арналған ғылыми тақырыпта әңгімелесуде күрделі құбылысты, олардың өзара байланысын қоғамдық ғылым саласынан ұғынуды, табиғаттанудың ашқан жаңалықтарын түсіндіреді.
Мәселен, “Өндіріс әдісі деген не?”, “Атом және оның құрылысы” деген тақырыпты алатын болсақ, әңгімелесуде жаратылыстану ғылымына сүйеніп, өндіріс әдісіне анықтама береді, физиктердің атомға байланысты ашқан жаңалықтарымен таныстырады.
Негізгі қоғамдық проблемаларды үнемі түсіндіріп отырудағы әбден қалыптасқан әдіс – бұл рубрика тұрақтылығы. Мұнда, әсіресе, хабарларды жалпы тақырыпқа байланысты біріктірудің, немесе тыңдаушыларға күні мен сағаты белгілі циклді хабарларды ұсынудың орны ерекше. Радиоуниверситеттегі мәдениет тақырыбын қамтитын әңгімелесулер осылай құрылады.
Көпшілікке арналған ғылыми тақырыпта әңгімелесуде қандай сұрақ қаралмасын, негізінен нақты фактілерді тілге тиек етеді.
Оның ішінде көзі анық жететін мысалдарды, теориялық жайды, ойды анықтай түсу үшін пайдаланады. Бұл - көпшілікке арналған ғылыми тақырыпта әңгімелесуді құрудағы ерекшелік. Мысалы, космос тақырыбын алайық. Міне, осы жайлы маманның, ғалымның әңгімесін ұйымдастырсақ, оны радиоәңгіменің осы түріне жатқызамыз.
в) Тарихи оқиға туралы әңгімелесу. Бұнда тарихи фактінің мәнін көрсетеді. Алдыңғы әңгімелесудегідей баяндау бар.
Оқиғаны түсіндіру (комментарий) бірінші планға шығады. Оқиғаға байланысты факті кеңінен, жан-жақты қаралады, оған баға беріледі. Әрі оның өткен уақытпен дәлелдене түскендігі айтылады.
“Баспасөздегі мақала сияқты емес, радиоәңгімелесудің негізгі элементі әңгімелілігі болуға тиісті” (Фриш А. Беседа по радио. – М., 1961, с.11.).
Радиоәңгімелесудің қонымдылығы мен әңгімелілігі бір-бірінен онша алыс та емес, әрі бір-бірімен шатастыруға болмайды. Мысалға, екі теоретик-физиктің күрделі ғылыми таным мен математикалық формуланы пайдаланып дауласуы - бұл тек сөз жарыстыру. Мұны арнайы білімі жоқ адам түсіне алмайды. Ал, осыны радиожурналист пленкаға жазып алса, бұл қаншалықты әңгімелі болғанымен, ұғынықты емес.
Сонымен бірге оған тілінің ұғынықтылығы, тыңдаушысы үшін тартымды болуы жөнінен ерекше талап қойылады. Өйткені, газеттегі мақала оқуға арналған, әлдебір жерін түсінбей қалған оқушының қайталап оқуға, біледі-ау деген адамға көрсетіп, сұрап алуға мүмкіндігі бар. Радио тыңдаушыда ондай мүмкіндік жоқ: “айтқан сөз оқпен тең” оны қайыра тыңдау мүмкін емес. Демек, радиоәңгімелесу бір айтқанын ұғып алатындай болу керек.
Көпшілікке арналған мақалада көрнекті құралдар: суреттер, таблицалар, диаграммаларды қолдануға мүкіндік жоқ. Оның орнына сезім, ойдың нәзік тұстарын адам өзінің көңіл-күйін білдіретін ырғаққа бай үні арқылы жеткізеді.
Радиоәңгімелесудің әңгімелілігі үшін редактордың, болмаса автордың “міне”, “қане” деген ауызекі сөйлеу стиліне тән сөздерді қосқанымен көңілге қонымдылығы артпайды. Керісінше, тыңдауға жеңіл, қысқа тіркестермен берілуге тиісті. “Міне”, “қане” деген сөздер радионың ерекшілігіне сай құрылған сөйлемдерге енсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Сонымен, радиоәңгімелесу – радиотыңдаушылардың көңіліне қонатын әңгіме.
“Егерде сізге бес-алты адам қапталдасып өздері туралы айта бастаса, ештеңе ұға алмайтыныңыз анық. Әрі мұндай әңгімелесу тез шаршатады” (Бұл да сонда, 15-бет.). Сол сияқты әңгімелесушіңіз өзі жалғыз бола тұрып, әр нәрсенің басын бір шатса, бұл да қиын тиеді.
Бір әңгімелесуде әр түрлі сұрақтарды қамтимын десе, хабардың сәтсіз шығатыны сөзсіз, тыңдаушыға ешнәрсе түсіндіре алмайды.
Әңгімелесу өзінің қызметін атқару үшін кезекті тақырып бойынша белгілі сұраққа арналуы, құрылуы тиісті. Бұл, әрине, редакциялық жұмыстың негізгі сәті – жоспар жасауда және тапсырма беруде ескерілуі керек.
Сонымен, тақырыптың нақтылығы - әңгімелесуді жеткізудің бірінші шарты.
Біздің идеяларымыздың күші - оның шыншылдығында. Олай болса, бүркемелеп сөйлеу, жұмбақтап айтудың қажеті жоқ. Біздің насихаттың өткірлігі, баспасөз мақалаларының, радиоәңгімелесудің түсініктілігінде, дәл, көңілге қонымдылығында. Радиоәңгімелесудегі мазмұнның түсініктілігі – ол автордың пайымдауымен ілесіп отыру. Мұнда келесі ой алдағымен байланысып, соны жалғастырып жатуға тиісті.
Тағы бір есте болатын жәйт – фразалардың орны ауысып кетсе, орынсыз қолданылса, тыңдаушысын шатастырады, мазмұнның логикалық құрылысының дұрыстығына редактордың көп көңіл бөлгені дұрыс.
Радиоәңгімелесу – бұл көпшілікке арналған әңгіме. Сол себепті терминдерді қолдана қалған жағдайда түсіндіру керек.
Мәселен, “коррозияға берілмейтін” деудің орнына “тот баспайтын” деген сөз қолдану әлдеқайда артық. Себебі, “коррозия” деген көпшіліктің барлығына бірдей түсінікті болмауы әбден мүмкін.
Әңгімелесу жанрында жаңа термин, түсініксіз сөздерді тыңдаушыға бұрыннан таныс балама сөздермен береді және цифрды неғұрлым аз қолданады. Ал, пайдалана қалған күнде көрнектілік үшін, немесе салыстырмалы түрде болғаны абзал. Бұл – екінші шарт.
Егерде автор өзі көтеріп отырған тақырыпты жақсы білетін, оның ақиқаттығына нанатын болса, ол міндетті түрде өз ойын терең ашып, эмоциялық бояуын қанық етіп жеткізе алады. Мұндай әңгімелесудің тыңдаушыларын баурап алары хақ. Және тілдік қорға да, тілдік образды қолдана білуге де көп байланысты.
Шебер қолданылған эпитет әңгімелесудің эмоциялық бояуын күшейте түседі. Ұлттық тіл байлығын пайдалану, образды сөздерді қолдану, метафоралар мен теңеулерді шебер үйлестіру хабар дәрежесін жоғарылатады. Бұл суреттейтін құралдар ойды анық және сезімнің нәзік сәттерін жеткізуде теңдесі жоқ.
Мәселен, “Адам не үшін өмір сүреді? Өмір сүрудегі мақсат не?” Ол үшін алдымен мақсат деген не, осыған жауап беру керек. Радиоәңгімелесуде автор тыңдаушылармен еркін сөйлесу керек. Мұнда сол сұрақ төңірегінде өзінің көп білетіндігімен тыңдаушысын қысып тастамай, жолдастық тұрғыда сыр бөлісіп, шын жүректен көмектесіп, оның түсінуі үшін барын салғаны абзал. Әрі “Сіз үшін бұл сұрақ түсініксіз, күрделі болса, бірлесе отырып ойлап, шешейік” деп өзіне назар аудартқаны орынды.
Радиоәңгіменің жүрекке жақын болуының басты “құпиясы” күрделіні қарапайым етіп, кез келген жанның жүрегі мен санасына жол таба білуде.
Радиофельетон – шеберлік туындысы
Сатираның ерекше талант тілейтіндігіне ешқандай күмән туғызуға болмайды. Сатиралық хабарлар үшін идеялық ұстамдылық , сәтті пішін мен қызықты композиция аса қажет. Өкінішке орай, мұндай хабарлар эфирге өте сирек шығатын болды, көбіне оның кейбір элементтері ғана кездеседі. Дегенмен, радиодағы сатира өзінің мәнін жойған жоқ, оған деген қажеттілік бар және ерте ме, кеш пе қайта түлейтіні ақиқат деп сеніммен айта аламыз.
Сәтті жазылған сатиралық шығарманың өзі радио үшін әлі толық өнім емес, шикізат іспетті. Неге десеңіз, қандай радиохабар болмасын ұжымдық шығармашылық жемісі. Сатиралық шығарма мәтіні – сол процестің бастауы ғана. Ол бұдан кейін бірнеше сатыдан өтеді. Осы жолда автор идеясы мен режиссер шешімі, композитор дарыны мен артист таланты үнемі үндестік тапса, қағазға түсірілген сатирик ойы жанды қозғалысқа, өмір сахнасына айналады.
Жалпы фельетон жанры адам психологиясына бірден әсер ететіндей ойнақы, қуақы жазылатындығы белгілі. Оған дәлел эфирден бөбек жырының бірнеше түрі, өтірік, өлең, ертегінің түрлері, жар салу, түс көру, жұмбақ айтыс, аңыз әңгіме, баяндама, жиналыс жасау, әндетіп айту түріндегі фельетондарды көптеп кездестіруге болады. Ол радиофельетондардың тақырыптық ауқымын да кеңейте түсті.
Фельетон пішінінің сәтті табылуы тек қабылдауға ғана жеңіл болып қоймайды, әрі оның ықпалын арттырады, өміршең етеді. «Эфир фельетоны үшін пішін өте қажет. Пішін және тағы да пішін. Ойды жеткізе білу, фактінің айқын, сенімді құрылғаны соншалық, сыналған кемшілік, ақымақтық, шоршақтық өзінің бар болмысымен бірден жарқырап көрінуі керек» деп жазды радиофельетонист М.Аксенов.
Жақсы жазылған сатираның бірі ретінде «Бауырсақ, бауырсақ мен сені жеп қоям» деген радиофельетонға назар аударайық. Ол кезінде радиотыңдаушылардан да көптеген жылы лебіздер алған болатын. Тіпті қайталап беруді сұраған хаттар да келді. Енді осы фельетоннан шағын мысал келтіре кетейік:
Көреген: - Солтүстік Қазақстан облысының Сергеев ауданынан бір бауырсақ қара жолмен домалап қаша жөнеледі екен. Бауырсақ орманға келе жатса, алдынан сол Сергеев ауданындағы нан комбинатының директоры Лаер жолдас кездеседі.
Лаер: - Бауырсақ, бауырсақ сен қайда барасың? Мен сені жеп қоям...
Бауырсақ: - Жоқ, мені жей алмайсың. Мен атамнан кеткем, мен апамнан кеткем. Ұн комбинатындағы Сашадан кеткем, магазиндегі Машадан кеткем.
Лаер: - Бауырсақ, бауырсақ тұра тұршы, жөніңді айтшы, сен неге қашасың бізден?
Бауырсақ: - Қашпағанда қайтейін, мені адам жемейді. Аузына салады да түкіріп тастайды. Ащы дейді, көк дейді, кемшілігі көп дейді (жылайды). Мен көрмеген қорлық жоқ. Жарық дүниеге неге жаратылдым екен!
Лаер: - Бауырсақ, бауырсақ жыламашы... Айтшы өзің, әп-әдемі болып қайдан жаратылдың?
Бауырсақ: - Гәптің бәрі осында болып тұр. Явлень деген жерде үлкен ұн комбинаты бар. Менің аталарым бидай боп сонда жатады екен. Диірменге салған соң одан мен сияқты адам жиіркенетін бауырсақ туады екен. Оның үстіне сіздің комбинат қайбір жетістіріп пісіреді...»
Осылайша бармақтай бауырсақ қара жолдың үстінде кезіктірген дырдай директорды қақыратып тұрып сөгеді. Оның бейғамдығын, берекесіздігін бұлтартпай бетіне басады. Шіңкілдеген «Бауырсақ» үні мен гүжілдеген директор даусы фельетонның эмоциялық бояуын аша түседі. Дыбыс күшімен өте шебер жасалған салыстырмалы сатиралық сурет тыңдаушы есінде көпке дейін ұмытылмастай қалып қояды.
Адам сезімін шапшаң баурайтын, үлкенге де, кішіге де ұғынықты осы фельетонды жазылу стиліне қарап, әсер ету күші жеңіл болар деп ешкім ойламайды. Мұнда сатираға тән белгілер орнын тауып тұр. Бармақтай «Бауырсақ» пен еңгезердей директорды қатар қою, шіңкілдеген үннің гүжілдеген дауысты бейшара етуі, тұншықтырып тастауы комизм туғызатын, әсерді арттыра түсетін сатиралық әдістер. «Бауырсақтың» баладай аңғырт бола тұра, білдей директорды жер етуі де фельетонның масқаралаушы күшін өсіре түсетін тәсіл. Ол кемшіліктер «Бауырсақтың» атынан емес, тексерушілердің аузынан естілсе мұндай ықпалы болмайды. Фельетонист қисынды қиял, өткір теңеу арқылы объектісін бас көтерместей масқара етті.
Фельетондық мазмұн мен пішіннің, факті мен бояудың өзара қабысуы туралы М.Кольцов: «бұл электрлік түйісу сәтінде пайда болған «фельетон шоғы», бұдан кейін оны тек техникалық жағынан іске асыру ғана қалады» деп орынды айтқан болатын.
Шымкенттен жазылған «Құрманбековтың құрмалдығы» деген фельетонда «Славянский» совхозының бөлімше бастығы Құрманбеков түс көреді. Түсінде өледі, одан тентіреп «ана дүниеге» барады. Онда Мүңкір мен Нәңкір тергеуге алып, бар былығын айтқызады.
Құрманбеков: - Астапралла! (гүрс еткен дауыс) О, алла! Миым түсе жаздады ғой. Сендер кімсіңдер, мен қайдамын, аа-а?!
Дауыс: - Оу, соны да білмейсің бе? Мен Мүңкірмін, мынау Нәңкір. Сен өлдің, содан біздің дүниеге келдің. Енді біз тергейміз сені. Қане, айт, халық алдында қандай күнәң бар?
Құрманбеков: - Міне, иманым, міне жаным, түк кінәм жоқ...
Дауыс: - Мә, саған! (гүрс еткен дауыс)
Құрманбеков: - О, алла, аздап...
Дауыс: - Басқаны айтпағанда осы биыл ғана аулыңдағы жұмыс істемейтін Тасова, Шақабаев, Шойбековалар сияқты адамдарды ақша төлейтін табельге қосып, қолдарын сыртынан қойып, қаншама ақша алғанынды да айтпайсың ба? (гүрс етеді). Көр, онда гүрзімнің күшін!
Құрманбеков: - Ол... ол... мен емес. Шәдиев пен Садыханов...
Дауыс: - Нәңкір, келтір онда ана екеуін...
Құрманбеков: - Қайда олар, олар қайда?
Дауыс: - Сенімен бірге келді бұл дүниеге, әне әкеле жатыр. Ал Шәдиев пен Садыханов, айтыңдар мына Құрманбековтың қылмысын.
Шәдиев: - Мен Шәдиевпін. Бізді ақ жолдан тайдырған осы. Қалай еді, әлгі... Садыханов сен айтшы...
Садыханов: - Иллаллада пайда бар,
Өлмегенге айла бар.
Барар жеріміз алыс дүр,
Ақирет азық сайлап ал», - деп үйретіп, өтірік құжат жасатқан осы!
Құрманбеков: - А-аа! Ұрма, ұрмашы! (шошып оянады). Ой, тоба-ай! Осындай да түс болады екен-ау, ә?! Уһ! Түс болғаныңа шүкір. Әлгі Мүңкір, Нәңкір деген пәлелер аз-аздап алдап ақша алғанымды қайдан біледі екен-ей, а? О, тоба! Тек әйтеуір алланың құлағына шалынса да ауылдың адамдары білмесе екен. Уһ!
Мысал үшін алынған екі фельетонның да сценарийлері қарапайым, қысқа. Бір оқып шыққанда оншалықты әсер етпеуі де мүмкін. Сөйлемде одағай сөздер көбірек кездеседі. Осының бәрі айтылу үшін арнайы жазылған фельетонның өзіндік белгілері. Өйткені радиофельетонда барлығын сөзбен жеткіземін деп сірескен сценарий беруге, дыбыс өнерінің бой жазуына қысым жасауға болмайды.
Фельетонның өзіндік ерекшелігі бола тұра, көбіне басқа жанрлармен біте қайнасып кетеді. Әсіресе репортаж, интервью, комментарий элементтерін пайдаланбай оқиға орнынан деректі жазбаларды пленкаға түсіру мүмкін емес. Өзіндік ерекшеліктеріне қарай радиофельетонның: фельетон-репортаж, фельетон-комментарий, фельетон-интервью, фельетон-өлең сияқты түрлері қалыптасты. Фельетон пішінінің, түрлерінің көбеюі оның алуан тақырыптарға баруына, кейбір күрделі деген мәселелерді еркін қозғауына мүмкіндік берді. Тіпті ғылыми тақырыпқа жазылған фельетонды да әсерлі етуге болады екен. Осындай тақырыптарға фельетон жазу қиын деген сөз жиі естіледі. Себебі ондай фельетондарда кейіпкердің жат қылығын, кінәсін сол саланың өз өлшемімен, соларға тән жағдайда беруге тырысады. Сосын келіп фельетонның экономика, мәдениет, әдебиет, өнер тақырыбына жазылған түрлері деп қолдан күрделендіреміз. Бұдан шығудың қандай жолы бар? Біздіңше, қай салада болмасын, егер журналист байқаған кемшілік фельетонға жүк болуға жараса, онда сол олқылықтың тасасында адам тұрғаны анық. Жақсылықтың да, жаманшылықтың да адамның іс-әрекетінсіз болуы мүмкін емес. Демек кемшілік сондағы адамдардың кінәсінен туып отыр.
Фельетонист жазған кез-келген тақырып өзінің өнегелік, тәрбие берушілік жағынан көрінуге тиісті... Осылай түсінгенде кез-келген тақырып фельетонист үшін моральдық-этикалық болып табылады. Дәл осы тұрғыдан келіп ол бейнелеуші құралдарын іріктеп, сатиралық әдіс-тәсілдерді пайдалануы тиіс». Яғни адам ісіндегі кез-келген кемшілік оның моральдық бейнесіне қатысты болғандықтан, фельетонның тісі өтпейтін, уы дарымайтын объектінің болуы мүмкін емес. Ал оны ащы мысқылға негіз ете білу өнері басқа мәселе. Кейбір радиофельетондардың ширауы қанбай, тұзы татымай жататындарының бір себебі осыған байланысты. Әсіресе, «ішіп қойды», «жеп қойды», «жұлып кеттінің» көбеюі адам характерін ашудың әлсіздігінен сияқты. Қылмыстың орын алу себебін кінәлінің мінез-құлқынан, жан-дүниесінен, тұла бойынан іздесе фельетон әсерлі, нанымды болады. Әрі қоғамға зиянды факті мен құбылыстың беті ашылып, жұрт алдына шығады. Фельетонистің басты міндетінің негізі - осы.
Жоғарыда радиофельетондардың шағын, қысқа жазылатындығын әрі оның жеңіл тыңдалатынын, оңай қабылданатындығын айттық. Ойнақылық дегеніміз, фельетонның алдына қойған міндетін, атқарар қызмет - жүгін жеңілдету деген сөз емес. Өйткені, фельетон сыны - қоғам атынан айтылған сын. Сондықтан жеңіл күлкі қуалап, объектіден алыстап кетуге тағы болмайды. Сонда қазіргі радиофельетондардың шап-шағын, тыңдауға жеңіл бола тұра күрделі шаруаны шарт үйіріп әкетуінің сыры неде? Оның сыры мынада екен. Фельетонистер ойды мейлінше қорытып бір ғана характерге, бір детальға, кішкене көрініске сыйғызып беруді жақсы игерген. Ол үшін лайықты, өте сәтті табылған пішінге оқиғаны да, фактіні де, кейіпкер характерін де сіңдіру керек. Сол себепті фельетонға кез-келген жанрдың, пішіннің жабуын жауып, эфирге аттандыра беру дұрыс болмайды.
Эфир фельетонының бір өзгешелігін оның акустикалық табиғатынан басқа оған негізгі арқау болатын жағымсыз факті мен сюжет дамуының, композициялық құрылысының арақатынасы ерекшелігінен де іздеген дұрыс сияқты. Ол үшін фельетон жазуға түрткі болатын фактінің өзін талдаудан бастайық. Жоғарыда анықтағанымыздай радиофельетонның объектісі қоғамдық зиянды факті болуы керек. Зиянды факті дегеніміз, біздің әлеуметтік өмірімізге, тұрмыс-тіршілігімізге, әдет-ғұрып пен салт-санаға сай емес, жалпы дамуымызға кедергі болатын жағымсыз фактілер. Фактінің сырт көрінісімен бірге іштей қайшылық дәрежесіне қарай екі түрлі болатынын аңғару қиын емес. Мысалы, өмірде ешқандай әдеби өңдеусіз-ақ өзінен-өзі күлкі тудыратын әсерлі фактілер болады. Ол - фельетон үшін дайын материал. Ондай фактілердің күлкі шақыратын себебі сол құбылыстың біздің өмірімізге, дәстүрімізге оғаштығынан болады.
Екінші түрі - өмірде жиі кездесіп жататын жағымсыз фактілер. Ол да жалпы адам бойында кездесетін ұнамсыз қылықтар салдарынан туады. Бұл фактілер жиынтығы өздігінен фельетонға негіз бола алмайды. Сондықтан оған фельетонистің ерекше шығармашылық ізденісі қажет.
Фельетонға арқау болатын фактінің сипатына және оның сатиралық жинақтау, типтендірілуіне байланысты радиофельетондарды деректі-қойылымды және деректі деп екіге бөлген жөн. Деректі-қойылымды түрі көбіне артистердің орындалуында беріледі. Ал деректі радиофельетон - пленкалық жазбалардан және корреспонденттердің толықтыруларынан тұрады. Оны көбінесе авторлардың өзі оқиды.
Сонымен деректі радиофельетонның қайнар көзі - факті. Факті - әсірелеу, күшейту үшін негіз болатын бастапқы нүкте. Фельетонист қырағылығы арқылы оның жадағай көзге шалына бермейтін жаңа қырлары байқалады. Осылайша фактінің эмоционалдық әсері күшейеді де, көпшіліктің объектіге деген ызасын туғызады.
Жанрдың өзіндік ерекшелігі де, қиындығы да осы фактіні игеруден басталады.
Егер газет фельетонисі өзі көрген, сезген фактісін қойын дәптеріне түсірумен немесе көкейге тоқумен шектелсе, радиофельетонист келешекте жазылатын шығармасының желісін дәл сол сәтінде пленкаға түсіреді. Эфирге кейінірек шығатын фельетонның деңгейі журналистің деректі жазбаны пленкаға түсіру кезіндегі тапқырлығына, суырып салу мүмкіншілігіне, жалпы шеберлік деңгейіне тікелей байланысты. Ол аяқ астынан, күтпеген жерден кезіктірген фактіні ұршықша иіріп алып кетуі керек. Яғни радиофельетонист позициясы сол сәтте газет фельетонисіне қарағанда анығырақ көрінеді.
Фактінің пленкаға түсірілу реті келешекте жазылатын фельетонның журналист ойша жоспарлап алған композициялық құрылымына бағындырылуы тиіс. Өйткені стихиялы түрде тізбектеле салған қарабайыр жазбалардан радиофельетон тумайды. Әрі оны пайдалану көптеген қиындықтар туғызады, тіпті ешнәрсеге жарамсыз болып қалуы да әбден мүмкін.
Газет фельетонисінің негізгі творчестволық іздену процесі жазылар фельетонның композициялық шешімін іздестіру үстінде, оның жұмыс столының басында өтсе, ал радиофельетонист үшін ол процесс фактіні алғаш көрген кезінде, оқиғаның қызуы басылмаған сәтінде жүреді. Оны техникалық процесс деп түсінген радиожурналист мүлдем қателеседі. Ол нағыз творчестволық мүмкіндіктің танылар сәті.
Фактінің пленкаға түсуі алда жазылуға тиісті фельетон сюжетінің дамуымен, композициялық бітімімен тығыз байланысты. Ол қойын дәптерге, блокнот беттеріне жеке-жеке шашырап түскен фактілер жиынтығына мүлде ұқсамайды. Мұнда факті - екшелген, жинақталған, қорытындыланған даму заңдылығы бар шындықтың бір кесіндісі, өмірдің сәл үзіндісі.
Сатиралық типтендіру принципі деректі радиофельетонда көбінесе жағымсыз типтік фактілерді іріктеп алу арқылы ғана жүзеге асады. Микрофон өмір тынысын барлаушы десек, ал өмірде күлкі тудырарлық, сатираға негіз боларлық құбылыстар қаншама. Ондайда әдеби әдіс, тәсіл іздеп қара терге түсіп жатудың, арамтер болудың қажеті жоқ.
Оқиға басынан жазылған деректі жазбалардың үш түрлі артықшылығы бар. Біріншіден, сол оқиғаның дыбыстық «суретін», «көрінісін» жасауға мүмкіндік береді. Екіншіден, онда адамдардың ойына, сезіміне және көңіл-күйіне ықпал ететін ғажап эмоциялық құрал болады. Үшіншіден, деректі дыбыстық жазба - тарихи документ.
Деректі дыбыстық жазбалардың керемет әсер ету күші адамның ойлау қиялы арқылы жүзеге асады. Осындай жазбалардан тұратын радиофельетонда жағымсыз фактінің өзі қажетті образға айналады. Ол үшін нақты адамның образына, оның көптеген ерекшеліктерінің бәрін алмай-ақ «сөйлеп тұр» деген бір-екеуін ғана қосып, қалғанын сылып тастау керек. Сонда жұртшылық штрих арқылы бүкіл картинаны көз алдына елестетеді. Былайша айтқанда деректі образ жасаудың мүмкіндігі соншалық, негізгі үлкен план оқырманның көз алдына өзінен-өзі келеді.
Фельетон үшін дайын, өңдеуді қажет етпейтін «піскен» фактілерді үнемі кездестіре беру қиын. Сондықтан солғындау фактіні әрлей түсетін әдемі текст, артығын алып кемін жеткізетін өңдеу, студиялық жұмыс қажет болады. Студиядан қосылған осындай текстің тілі мен стилі пленкадағы жазбаға, ауызекі сөйлеу стиліне жақын болуы керек. Студиялық тексті журналист оқып бермей, әңгімелеп жеткізгені абзал. Мұндай фельетонда автор логикасының күштілігі, айту шеберлігі аса қымбат. Себебі кез-келген радиохабар тыңдаушыға екіжақты әсер етуі керек. Радионың көптеген әдістері, бейнелеу құралдары арқылы сезімге әсер етіп, оқиғаға, құбылысқа тыңдаушының жақсы да, нашар да эмоционалдық қатынасын туғызады. Сол сияқты белгілі фактілер жиынтығын, мәліметті хабарлап, тыңдаушының осы мәліметті салыстыру, таразылауы негізінде санаға әсер ету арқылы нақты, логикалық нанымды қорытындыға келуге ықпал жасайды. Радио жанрларын зерттеуші В.Ярошенко екі түрлі әсер етудің арасында байланыс жоқ, әрқайсысы өзінше өмір сүреді деген пікірді айтпайды. Өйткені алдымен тыңдаушының хабарға құлақ қоюына ықпал етуі үшін бірден адам сезіміне әсер ететін элемент керек. Ол хабар тексінде көрінбесе де, жүргізушінің: диктор, автор, артист үнінде болуы керек.
Мысалы, деректі радиофельетонда публицистикалық фактінің күші басым екені даусыз. Бірақ мұнда да адам сезіміне әсер ететін азды-көпті элементтер болады. Ол тыңдаушының хабарға ықылас қоюына қажетті психологиялық атмосфера тудыру үшін қызмет етеді. Хабар ә деп басталған кезде көпшілік он - жиырма секунд мөлшерінде ынталы зейін қояды екен. Радиожурналист осы мерзім ішінде тыңдаушы сезіміне әсер етіп фельетонды естуге қажетті жағдай туғыза алмаса ұтылғаны. Алыстан орағытып, әріден бастамай, құрғақ сылбыр жүргізбей, не жайлы айтатынын қысқа, анық айтып, адам сезіміне лезде әсер ететін әдіс-тәсілдер арқылы мүмкіндігінше тыңдаушыны елеңдетіп, оларды дайындап алуы тиіс. Содан кейін барып қана ақылға, парасатқа әсер ететін публицистік мәнді фактіні жеткізуге болады. «Өйткені қазір эмоция, сезіну дегеніңіздің тереңдеуі тіпті ғажап. Бүгінгі адамдар осындай болып отырғанда, оған ілесе алмасаң, бұл өзі қиын шаруа. Қазіргі эмоцияға да өз деңгейінде, тіпті асып түсетіндей қорек беру қажет. Мұндай қоректі бере алмағандықтан көп дүниелер өтпей жатады. Кез-келген шығарма бет алысымен-ақ көпшілікті баурап, тартып кетуі керек» деп жазған болатын белгілі жазушы Ғабит Мүсірепов.
Деректі-қойылымды немесе инсценировкаланған радиофельетондарды эфирден жиі естуге болады. Эфир фельетонының кең тараған бұл түрі көбінесе қызықты, шиеленісті оқиғаға құрылып, артистердің ойынына өзі сұранып тұрады. Өйткені драматургияның кейбір элементтері радиофельетонда да болатыны белгілі.
Өткен оқиға, болған шындықты тірілтуде, тыңдаушыға жеткізуде инсценировка мүмкіншілігінің молдығын, оның өте ұтымды әдіс-пішін екендігін радионың тәжірибелі қызметкерлері мен зерттеушілері әркезде-ақ ерекше бағалап келген.
Сонымен инсценировканың міндеті - жоқты ойдан шығару немесе шындықты бұрмалау емес, қайта оқиғаны оңай қабылдайтын, жеңіл ұғатындай етіп жеткізу.
Деректі-қойылымды радиофельетонда ойнайтын актердің, қимыл мен істің, декорацияның да көрінбейтіні анық. Бірақ, құбылысты көз алдыңда өтіп жатқандай сездіре алатын, дыбыстық «сурет» салатын эмоциялық бейнелеу құралдарын кең қолдануға мүмкіндік туады. Көзге көрінуге тиісті құбылысты естіп, сезінуге болады. Ондай радиофельетондар көбінесе екі немесе одан да көп адамның диалог-ойыны, жеке артистің монолог-комментарий түрінде естіледі. Драмалық шығармалардағыдай адамдардың сөз сайысы - оның негізгі арқауы. Сонымен бірге онда жұмбақтап, астарлап жеткізу, іліп-қағу, сөзбен сою, мұқату, тіке айту сияқты тағы басқа да толып жатқан адамдар арасындағы тілдік қарым-қатынастың бай нұсқаларын еркін пайдаланып, юмордан бастап әжуа-мысқыл, кекесін, ащы күлкі, ашулы күлкі, қойшы әйтеуір, күлкінің неше түрі эмоциялық реңдері көрінеді.
Тапқырлық та фельетонистерге ауадай қажетті қасиеттің бірі деп жиі айтамыз. Өткір де ұтымды пікір айту үшін осы «қаруға» олар үнемі жүгініп отырады. Ол фельетон сюжетін, композициясын тартымды, қызықты, әсерлі ете түседі.
Фантазияға, қиялға ерік беруде мынандай жайларға өте мұқият болған жөн. Алдымен ойдан шығару осы екен деп шындықтан алыс кетуге болмайды. Ол шығарманың нанымдылығына, ақиқаттығына нұқсан келтіреді. Қиялдан қосу деген сөз - өтірік айту емес. Одан фельетонистің эмоциясы, азаматтық бағдары байқалуы тиіс. Сол сияқты автордың шындық пен фантазия желісін қабыстырудағы профессионалдық шеберлігі, қабілеттілігі де ерекше роль атқарады.
Фельетонист ойдан шығару, көңілден қосуға еріккеннен бармайды. Ол жат қылықты, жаман әдетті қоғам талқысына салу үшін әдемі де әсерлі әдіс іздеп барады. Әлгі әдіс жағымсыз фактінің көпшілік көзіне шалына бермейтін ішкі былығын ақтарып, халықты одан жирендіру үшін зиянды кеселдің деңдеп, етек алып кетпеуі үшін электр тоғымен күйдіргендей күлкі отымен жағып жіберу үшін керек. Ал фельетондағы күлкі отын жағудың, комизм туғызудың сырлары көп. Оны санамалап айтып шығу мүмкін емес. Творчестволық туындылардың бір-біріне ұқсамайтындығы секілді онда комизмнің кілтін табу сыры да сан түрлі болады.
Ал, фельетон сюжетінің кездейсоқтық жағдайға қарай әртүрлі өрбуі жазушылық, журналистік қабілет, творчестволық талғам тілейді. Оны фельетондағы сатиралық жинақтау, жалпылау өнерінің көрінісі деп табу керек.
Сонымен фельетонистің фантазиялауы, ойдан шығаруы, көңілден қосуы ақиқаттан алыстамайтын шамада ғана болады: публицист айыпкер үшін ерекше эксперимент жағдай жасауға - оны ойламаған жерге, адам нанбайтын ортаға алып баруға, өзінің кім екенін ашуға мәжбүр етуге ерікті.
Сюжет ойдан шығарылмайды. Ол адамдар арасында болатын қарым-қатынастан туады. Сюжеттің табиғилығы да, нанымдылығы да соған қатысты. Сюжет ондай талапқа негізделмесе, ол характер жасауға қызмет ете алмайды. Ал фельетон жанрының шындықты көрсету мәнері, стилі бөлек. Соған орай ондағы сюжеттің даму заңдылығы да өзгеше болуы тиіс.
Фельетонның композициясы мен сюжетін қатар алып қарағанмен, оны бір-бірінен ешқандай айырмасы жоқ нәрсе деп қабылдауға тағы болмайды. Алдыңғысы соңғысына қарағанда ауқымы жағынан кең. Себебі композицияның құрамына сюжеттен тыс пролог, эпилог, тағы басқа элементтер енеді. Ал прологты, эпилогты фельетондарды баспасөзден де, радиодан да кездестіріп жүрміз.
Екіншіден, композициясыз фельетон болмайды. Композициялық шешім барлық газет, радио фельетондарына тән нәрсе. Ал сюжетсіз фельетондар кездесіп тұрады. Бірақ, оларды бір-бірінен бөлек қараудың өз қиыншылығы тағы бар. Композиция мен сюжет өзара тығыз байланысты. Композицияны шығарманың «сырт құрылысы», тек пішіні деп түсіну дұрыс емес, оның мазмұнға тікелей қатысты екенін естен шығармауымыз керек.
Бұдан шығатын түйін, фельетон сюжетінің дамуы да композициялық шешімге бағынады. Сюжеттің өзі композицияның негізгі элементі болуға тиіс. Сюжеттің басталуы, байланысы, өрістеуі, шарықтау шегі, шешімі - сюжеттің даму заңдылығына тән табиғи сәттер. Сол сияқты кез-келген радиохабары композициясының дәстүрлі элементтері: басталуы, шарықтау шегі, шешімі болады. Олардың жанр ерекшелігіне орай орны, салмағы, характері әртүрлі екен.
Деректі-қойылым түріндегі эфир фельетонының басталуындағы экспозицияны кейбір зерттеушілер ассоциациялық тақырып деп те атайды. Ол көңіл ашар ғана дәрежеде қалып қойса, өзін-өзі ақтай алмайды. Ондай ассоциациялық тақырыптың фельетон үшін пайдасынан зияны көбірек болады. Кейде жалған, жасанды күлкі жасаумен өзін де, өзгені де қисынсыз жағдайға күштеп күлдірем деу, автордың босқа арам тер болуы осы ассоциациялық тақырыбының сәтсіздігінен деп білу керек.
Әрине, күлкілі факті табылмаса ешнәрсе жазуға болмайды деп сатириктің қол қусырып қарап отырмасы анық. Сондықтан өздігінен күлкі шақырып тұрмаған фактіні фельетонға негіз етіп алғанмен, оны тыңдаушыға сол күйінде хабарлау шарасыздықтың белгісі. Оның қоғамдағы зиянды факті екендігі белгілі болғанмен, онда шытырман, қызықты, өткір сюжет жоқ. Сол күйінде көпшіліктің бір сәттік қана ызасын келтіруі мүмкін, бірақ күлкі шақырмайды, тәрбиелік әсері де төмендеу. Әрі ондай сюжет сылбыр оқылып, нашар тыңдалады.
Ал тәрбиелік мәні зор күлкілі өткір сюжет қалай туады? Ол үшін фельетонист алдымен ойша барлау жасап тартымды тақырып іздейді. Сол сәтте оның тәжірибесі, фельетонист ретіндегі дарындылығы, тапқырлығы, тіпті білімділігі көмекке келуі тиіс.
Сонымен ассоциациялық тақырып дегеніміз - ой елегінен өткізуде, саралап-салмақтауда, таразылауда фельетонистің қиялынан туатын зерттеліп отырған объектіге ұқсас немесе қарама-қайшы сюжет, сатиралық жалпылауға барудың бір әдісі болуы керек. Ол - ирония, салыстыру, теңеу сияқты сатиралық құралдар арқылы нысанаға алып отырған құбылыстың әлеуметтік мәнін келеке, мазақ ету.
Фельетонның аты көбіне табылған ассоциациялық тақырыппен байланысты қойылады. Өйткені, ол автор позициясынан туатын ой-пікірдің көрінісі болуы керек. Фельетонның аты метафора характерлі, метафоралық жұмбақ түрінде болады, фельетонист ойының астарын сездіріп те тұрады. Кейде тұспал арқылы тақырыпқа бағыттайтын міндетті де атқарады.
Фельетон сюжеті өмірлік фактіден бастау алады. Қоғамдық зиянды деректің әлеуметтік мәніне, салмағына, сипатына қарай сюжеттің құрылуы, дамуы да әртүрлі болады. Осыған орай оның өзге жанрлар сюжетінен бөлек принципі - мұнда мораль тіке айтылмайды, тыңдаушы пайымына, парасатына сенеді. Фельетонист ой тастау арқылы тыңдаушыны әңгіменің белсенді мүшесі болуға тартады. Ол өздігінен ойлана, қиялдана отырып бір қорытындыға келеді. Егер фельетон құрылысы дұрыс құрылып, заңды дамыған болса, онда автор тұжырымы мен тыңдаушы жасаған қорытынды бір нүктеден шығуы тиіс.
Фельетонист ұстанатын екінші принцип - фельетон кейіпкерлері бойынан типтік жағымсыз қылықтарды тауып, оны мүмкіндігінше айқын және образды жеткізуге тырысу. Сол арқылы тыңдаушы оған ұқсас кемшіліктерді өзге адамдардың да мінезінен, ісінен көре алатындай болуы керек.
Фельетонист композициялық сюжет жасауда осындай шарттарды басшылыққа алады. Эфир фельетоны сюжетінің ерекшелігі, ол әңгіме не повестегідей оқиға соңына дейін баяндалмайды, бірақ оның тыңдаушыға тигізер ықпалы мен тәрбиелік мәні өзге жанрлар сюжетімен салыстырғанда көпшілікке әсері ешқандай кем соқпайды.
Очерктің бейнелеуші құралдарын қарастырған Ю. Крикунов көркем публицистиканың барлық элементтерін екіге бөледі. Очерктегі публицистикалық құралдар: "автор позициясын айқын білдіретін, лайықты комментарийлі кең мағынадағы фактілік материалдар (цифрлар, даталар, анықтамалар, сілтемелер, протоколдар, күнделіктер, көркем-саяси әдебиеттерден үзінділер). Ал, көркем-бейнелеуші құралдар (деталь, кейіпкер сөзі, сырт көріністерді суреттеу, пейзажды суреттеу, тұрмыстық жағдай, эпитет, теңдеу т.б.)" дейді. Бұлар көркем публицистикалық жанрларда бірегей байланыста қолданылады. Автордың бұлай жіктеудегі мақсаты - очерк жанрының публицистикалық және көркемдік белгілерін анықтап көрсету болатын. Демек сөздік құралдар да жанрды анықтайтын элементтің бірі болуы тиіс. Ал радиофельетон көркем публицистикалық жанр болгандықтан әлгі аталған құралдар түгелдей бұған қатысты екені даусыз. Немесе ол да осыларды емін-еркін пайдалана алады. Оған қоса радиофельетон сатиралық жанр ретінде юмор, гипербола, гротекс, сарказм сияқты сатиралық әдістерді де пайдаланады. Жоғарыда аталған публицистикалық, көркемдік және сатиралық құралдардың барлығы жиылып радиофельетонда естілетін сөздің логикалық мазмұнын, эмоциялық қанықтығын құрайтын элементтер болуы тиіс.
Радиофельетонда естілетін "сөз" публицистикалық көркем, әрі уытты болуы тиіс. Оның сәтті, шебер шығуы болмаса керісінше болуы негізінен осы талаптың қаншалықты орындалғандығына да байланысты.
Радиофельетондағы "сөз" құрылысы жағынан әрқалай болып көрінуі мүмкін. Ол көбінесе диалог, монолог түрінде әртүрлі логикалық, эмоциялық, ритмдік жүкті көтереді. Ондағы диалог пен монолог суреттеу, баяндау, дамыту, дәлелдеу, сендіру сияқты тағы басқа да көптеген қызмет атқарып тұрады. Осындай компоненттердің ұшырасуы, шығарманың әлгіндей элементтерден тұруы радиофельетонның іштей қозғалыста болуына, динамикалы дамуына мүмкіндік береді.
Радиофельетондағы диалогтың өзге жанрлардағыдан өзгешелігі атқаратын міндетіне байланысты. Оның жағымсыз құбылысты жеткізу, хабарлауында: информациялық, эмоциялық және күлкі шақыратын комизмдік қасиеті тағы бар. Эфир фельетонындағы диалог осындай орасан зор жүкті көтеретіндігімен ерекшеленіп, әрі айтуға оңай, тыңдауға жеңіл, ықшамды, ойнақы келеді.
Радиофельетонда үн реңдерінің, интонацияның атқаратын рөлі аз емес. Бірақ, ең негізгісі - естілетін сөз дедік. Ал сөз негізі не? Шығарманың тілі. Тіл шеберлігінсіз, көркемдігінсіз фельетонның дұрыс шықпайтыны анық. Фельетонист сықақты, уытты күлкіні алдымен тіл құралдары арқылы береді. Оның мақсаты сынға алған нысанасына күліп, сайқы-мазақ етумен шектелмейді. Тіпті мәселе кемшіліктің дәлелденуінде, өлтіре сыналуында ғана емес, сонымен қатар, айыптының мінезіндегі, іс-қимылындағы жағымсыз құбылыс сырын ашып өзгеге сабақ болатындай типтендіре білуінде. Міне, осы жолда ойға келмейтін, оңай табылмайтын күтпеген құбылыстарды тартымды жеткізу үшін тіл керек. Сатираның уыты өткір әрі бейнелі тілі шағын сюжеттің өзінде айыптының типтенген мінез-қүлқын ашып тастайды.
Шындығын айту керек, радиофельетондарда тілдің нәрсіздігі, орашолақтығы өкінішке орай кездесіп жатады. Оқиғалар жалаң баяндалып, күлкі тудыратын детальдар табу үшін автор кейіпкер аузына мән-мағынасыз диалогтар салатын кезі болады. Объектіні сынап-мінеу мақсатында эстетикалық ләззаты аз оспадар сөздерді зорлап тізіп, арамтер болатындығын да жасыруға болмайды. "Әзіліңіз іші өткен кісіге ірімшіктің сары суын ішкізгендей" деген тіркесте не әзіл бар? Қандай күлкі тумақ. Сөйлем айтуға да ауыр, тіл сынады. Мұндай кемшіліктерге сүрінбес үшін сөйлемдерді қалай болса солай зорлап қиыстырмай, сөздерді бір-біріне күштеп қоспай, қиюын келтіріп, қисынын тауып, тігісін жатқыза білгені абзал.
Фельетон тіліне ерекше талап қойылатыны туралы көп жазылып та, айтылып та жүр. Фельетонның тілі мен стилін бір-бірінен бөлек алып қарауға болмайды. Фельетонист стилі оның тіл шеберлігі нәтижесінде айқындалатын құбылыс.
Радиофельетон стилі - айқын, сенімді, эмоционалды, образды болуы керек. Мұнда ой, пікір, ұсыныс, идея бұлыңғырланбай тыңдаушылар тез түсінетіндей болғаны абзал. Ой-пікірдің айқын болмауы, күңгірт тартуы фельетон тілінің ұғынықсыздығынан, шұбалаңқылығынан туады. Газеттегі фельетон оқуға арналған, әлдебір жерін түсінбей қалған оқушының қайталап қарауға мүмкіндігі бар. Ал радиотыңдаушыда ондай мүмкіндік жоқ. Контекстегі сөздің орны ауысып кетсе де мазмұнның тура қабылдануына кері әсер етеді. Орынсыз қолданған артық сөз де тыңдаушысын шатастырады, сөйлемдерді ауырлатады, мазмұнның логикалық құрылысын бұзады. "Айтылған сөз - атылған оқпен тең" дегендей, оны қайыра тыңдау мүмкін емес. Демек, радиофельетондағы сөз жүйесі де есте қалып қоятындай ұғынықты болуы шарт.
Радиофельетонның стильдік ерекшеліктері бір-бірімен тығыз байланысты. Оның түсінікті болуы ауызекі әңгімеге жақындау дәрежесіне қатысты. Оған сөйлем тіліне тән "міне", "кәне" деген сөздерді тықпалағанмен әңгімелілігі артпайды.
Сол сияқты эфирлік материалды автор селқос, жүрдім-бардым хабарлап ақиқат жайды, қызықты, шиеленісті деген оқиғаның өзін самарқау, салқын айтса, ол тыңдаушысын сендірмейді де, тартпайды да. Факті сипатына орай автор үніндегі эмоциялық бояудың өзгеріп отыруы тыңдаушыны тарта түседі. Сөйлеушінің сол мәселеге деген ықыласы, ағынан жарылуы, оның үнінен, сөз саптауынан аңғарылады. Автордың осы тақырыпқа берілгендігі соншалықты негізгі ойды жеткізетін кейбір сөздерді қайталап отырғанын өзі де сезбей қалуы мүмкін. Бұл — артистік өнер емес, шынайы әңгіме үстінде сөйлеушінің аса зор жауапкершілігінен, профессионалдық шеберлігінен туады.
Образ деген ұғымның кең және тар мағынасы бар. Кең мағынасында - белгілі бір әдеби шығармадағы адам, көркем бейне. Оның эстетикалық мәні бар. Ол - нақты, әрі кеңейтіле көрсетілген күрделі характер, типтік тұлға. Ал бір немесе бірер сөзбен құбылысты, характерді баламалап дәл берсе, бұл да образ.
Осының біріншісі міндетті түрде фельетонда болуы керек пе, әлде жоқ па деген мәселе төңірегінде әртүрлі талас пікірлер бар. Ондай даулы көзқарастар әлі де толық бір байламға келіп, бір арнаға түсті деу қиын. Ол жанр табиғатының күрделілігінен, тылсым сырларының молдығынан болса керек.
Шындық сатиралық шығармада екі түрлі деформацияны бастан кешіреді: алдымен фактіні іріктеп алуда, сосын комизм туғызу үшін әдеби өңдеу кезінде. Алайда радиофельетондардың барлығы бірдей таза документальды жазбалардан ғана тұрмайды. Сол себепті жағымсыз фактілердің астары ашылмай, оның ішкі қайшылығы, комизмі көрінбей фельетонға арқау болмайды. Ол үшін жағымсыз деректерді біршама сатиралық жөндеуден өткізу қажет. Бірақ, ол көркем әдебиеттегі өңдеуге ұқсамайды. Әдебиетте автор кейіпкер тұлғасын көркем образға айналдырса, ал публицистикада (оның ішінде сатиралық публицистикада) образдар арқылы кейіпкер тұлғасын, мінез-құлқын дәл беруге тырысады. Сондықтан таза көркем әдебиеттегі образ бен публицистикалық образдың айырмашылығы бар, олардың міндеті де бірдей емес.
Яғни фельетондағы образ - публицистикалық зерттеу мен сатиралық жинақтаудың нәтижесі. Деректі-қойылымды жанрларда характер жасаудың екі принципі пайдаланылады: өнерге қатысты - жинақтау, публицистикаға тән - бейнелеу. Алғашқысын автор творчестволық мүмкіндігіне, өмірлік тәжірибесіне сүйене отырып, қиялы, фантазиясы арқылы шолып жинақтайды, ал соңғысында оның негізгі міндеті өмірде барды, көпке белгілі жәйді іздеп табу болу керек.
Олардың даралық характерін ашу үшін ішкі жан-дүниесін, мінездік кемшіліктерін, жеке адамдық әлсіздігін, пендешілігін көбірек көрсетуіміз керек. Образ осылай дараланса, ойда ұзақ сақталады.
Сатиралық образ жасауда кездесетін екінші кемшілік — сырт пішіннің суреттелуі мен жан-дүниенің қабыспай жатуы. Қайбір фельетондарда кейіпкердің тоғышарлық қылығын, арамза ойын ашып тастайтын диалогтар тәп-тәуір шыққанымен, оның сөзіне ұқсас сыртқы бейнесін жасайтын сәтте детальдар дәл тауып берілмейді. Бұл да фельетонистердің есінде болатын жәйттің бірі.
Образ тар мағынасында - ойды образды жеткізу. Ол - радиожурналистер үшін аса қажетті қасиет. Тыңдаушыны жалықтырмай, қызықтыра, ынтықтыра түсу үшін сөздердің айқын, түсінікті болуы аз. Ол мейлінше әрі ықшамды, әрі суретті болғаны дұрыс. Фельетонист оқиға көрінісін, образды құралдармен дәл баламалап берсе, тыңдаушы оқиғаны анық "көріп", фельетонист шеберлігіне шын тәнті болып, сүйсіне құлақ қояды. Сол сияқты теңеу, образ, гипербола, эпитеттер тура айтылғаннан гөрі бүркемеленіп, ишара түрінде жеткізілсе көп ұтады. Тыңдаушыны ойландыру, оның фантазиясын іске қосу фельетонистің үлкен ұтысы, жетістігі деп бағаланады.
Образды сөздер тура және баламалы түрде беріледі. Тыңдаушы оны қиялы, фантазиясы арқылы көз алдына елестетіп отырып үғынады. Адам санасының ондай образдарды, сөздерді қабылдау шегі, жылдамдығы болады. Сондықтан тіл байлығымызды, көп білетіндігімізді көрсетеміз деп сөзуарлыққа салып кетуге де болмайды. Немесе күлдіремін деп қисық тіркестерді тықпалай берудің зияндылығы бар екендігін де айтгық.
Ауызекі әңгімеде сөздердің айтылу ретін түрліше құру арқылы оның мәнін арттыра түсуге немесе бәсеңдетуге мүмкіндік көп. Интонация арқылы кейде сөзге тура да, кері де мағына беруге болады. Диктордың, хабар жүргізушінің, корреспонденттің, актердің сөз өнері, сөйлеу шеберлігіне орай интонациялық мүмкіншілік те әртүрлі деңгейде көрінеді.
Жанрлардың міндетіне карай интонация мақсаты да әртүрлі көрінеді. Мысалы, радиоақпарат пен радиофельетондағы интонацияның мақсаты да, міндеті де өзгеше. Тура айтып отырғансып кері мағына беру сатиралық жанрдың ерекшелігіне жатады. Ондай ишара, бүркемелі сатира эфирлік фельетонда интонация күшімен жүзеге асады. Немесе өзге радиолық жанрларға қарағанда фельетондағы интонацияның атқарар қызметі, көтерер жүгі ерекше. Мысалы радиофельетонның мақтаған болып мұқатып, қолдаған болып құлатып жататын әңгімелерді аз естімейміз. Тыңдаушы "мақтаулар" мен "қолдауларды" ешқандай комментарий, анықтамасыз-ақ автор ойлағандай түсінеді. Сонда тыңдаушы қауым түйсігіне айтылып жатқан әңгімеге кереғар, қарама-қарсы информация қалай жетеді? Әрине, әр сөздің айтылу мәнері, естілер ерекшелігі, үн бояуы, дауыс ырғағы жеткізеді. Осының барлығы интонациялық қасиетті құрайтын элементтер болуы керек.
Сатиралық шығармада мұнан басқа кішкене детальды үлкейтіп, әсірелеу де бар. Тыңдаушы көкейінде қалып қою үшін бұл ерекше екпінмен әдеттегіден өзгеше айтылады. Бұл қызметті де көбінесе интонация арқылы атқаруға болады. Бір сөзді керекті жерінде бірнеше қайталауға, жоғары немесе төмен екпінмен айтады. Осы тәсіл арқылы әлгі сөзге тыңдаушысының еріксіз елең еткізу тәжірибеде көп кездеседі.
Кейде фельетондарда бірден байқала қоймайтын ирониялық астар жүреді. Оқушының барлығы бірдей осы кекесінді аңғармай қалуы да мүмкін ғой. Ал радиолық шығармада ол тез ұғылады. Сондықтан интонация-радиофельетонның ерекшелігін дамытатын тағы бір бейнелеуші құрал болып табылады.
Радиофельетондағы күлкі - шындықтың дыбыстық көшірмесі, акустикалық документі. Эфирде естілетін күлкінің сипатын газетте берілетіндей автор комментарийінсіз-ақ қабылдап, дәл ұғуымызға мүмкіндік мол. Себебі күлкінің өзі адамның көңіл-күйіне, сезім-парасатына орай алуан түрлі болып тыңдаушысына да әртүрлі әсер етеді. Өйткені, күлкінің әртүрлі болатындығын білеміз. Көңілді күлкі, ойлы, ойсыз, көңілсіз, ащы, тіпті жылап отырып та күледі. Күлкі сол сияқты мейірімді, сырлы, ызалы болуы да мүмкін. Ақымақ күлкі, шынайы, астарлы, уыттысы да кездеседі. Мұның өзі кейіпкер характерінен әртүрлі хабар беріп, ол туралы көбірек мәлімет алуымызға жәрдемдеседі.
Эфир фельетонында күлкінің өзі екі түрлі естіледі. Біріншісі — оқиға басынан синхронды жазып алынған деректі күлкі. Екіншісі - рөлдерді орындаушы артистердің немесе студиядан монтаждап қосылған күлкі. Ол көбінесе тыңдаушы сезіміне ықпал етуге, тыңдау үшін қажетті атмосфера туғызуға қолданылады. Музыка бұл жанрдың аса бір қажетті бейнелеуші, көркемдеуші құралына айналды. Музыка, тіпті, кейбір фельетондарда жанрдың композициялық желісі қызметін атқарып, сатиралық-музыкалық образ жасай алады. Демек, музыка автордың идеясын жеткізу үшін құбылыстың, оқиғаның мазмұн-мағынасын, кейіпкердің характерін ашуға, мағлұматты молайтуға көмектеседі.
Ал, осы бейнелеуші құралдардың басын қосуда, бір шығармаға айналдыруда монтаждың рөлі өте зор. Өйткені, кез-келген радиохабары көбіне уақыт жағынан монтаждалып беріледі. Радиофельетондардың барлығы дерлік іріктеу тәсілі арқылы жасалады.
Монтаждық принцип радиофельетон үшін зор мүмкіндік туғызады. Өмірдің көлеңкелі көріністерін монтаждық тәсілмен автор идеясына бағындырып беру арқылы сатиралық образ, күлкілі көріністер жасау шеберлігін жақсы меңгердік. Ендеше, монтаж да радиофельетон жанрының өзіне тән ерекше бейнелеуші құралы қызметін атқарып, автордьщ идеясын жүзеге асырады. Әрі фельетон кейіпкерінің бойындағы міндерді теріп көрсету арқылы жалпылауға көтеріліп, оның сатиралық образын жасайды.
Ал журналист ойлағандай әсерлі композиция құруда тәжірибеге ене бастаған компьютерлік монтаждың рөлі үлкен. Ол жалпы радиохабар мүмкіндігін бұрынғыдан да кеңейте түседі. Яғни, көріністерді жеке-дара түсіріп, компыотерлік монтаж арқылы еркін жымдастырып жіберу мүмкіндігі молайды. Ондай жетілдірілген техника радио мен телевизияға қосымша бейнелеуші құралдарын тартулап отыр.
Сонымен радиожурналистиканың өзге жанрларындағыдай мұнда да акустикалық бейнелеуші құралдардың ішінде сөздің атқаратын рөлі ерекше екен. Басқа бейнелеуші құралдар сөзбен байланыста ғана өз мүмкіндігін толық аша алады. Оның үстіне радиофельетондағы сөздің жүгі ауыр, міндеті зор. Оның информациялық, эмоциялық және күлкі шақыратын комизмдік қасиеті болуы керек.
Интонация, музыка, монтаж және күлкі де бірегей байланыста болады. Оларды бір-бірінен бөліп қарамау керек. Өйткені осындай байланыста ғана олардың жанр міндетін толық атқаруына мүмкіндік туады.
Сұрақтар:
- Әңгімелесу жанры жайында не білесіз?
- Әңгімелесу жанрының құрылымы.
- Әңгімелесудің түрлері.
- Радиотолқында қарым-қатынас жасаудың психологиялық ерекшелігі қандай?
- Сөзді мәнерлеп жеткізудің маңызы неде?
- Тікелей эфир хабарын жүргізушінің ерекшелігі қандай?
- Ақпараттық-музыкалық хабар жүргізушілердің кәсіби біліктілігін қалай қалыптастырады?
- Эфир фельетонының басты ерекшелігі неде?
- Сатиралық образ қалай жасалады?
- Фельетонның бейнелеуші құралдары қалай қолданылады?
- Эфир фельетонының пішіні жайында.
- Радиофельетонның түрлері туралы.
- Радиофельетонның композициялық құрылымы.
Әдебиеттер:
- Омашев Н. Толқындағы тотияйын. – Алматы, 1988.
- Омашев Н. Радиожурналистика негіздері. – Алматы,1983.
- Гаймакова Б. и др. Мастерство эфирного выступления. – М., 2004.
- Радиожурналистика. Под ред. А. Шереля. – М., 2002.
- Әбдіжәділқызы Ж. Тікелей эфир табиғаты. – Алматы, 2003.
- Жақан С. Сөйлеу техникасы. – Алматы, 2002.