Намазалы омашев радиожурналистиканың теориясы мен тәжірибесі

Вид материалаДокументы

Содержание


Радионың экономикасы
Радиожарнама берушілердің алғашқы ондығы
Эфирдегі хабарлардың рейтингі
Ашық қоғам және шетелдік радиостанциялар
Подобный материал:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   22

Радионың экономикасы


Міне, осындай күрделі мәселелердің барлығы сауатты менеджментті, БАҚ технологиясын жетік білуді, есеп-қисап жүргізудегі ұқыптылықты, шешім қабылдаудағы көрегендікті, барлық жағдайларды терең ескеріп, саралауды талап етеді. Онсыз басылым болсын, телерадиоарна болсын, шығынға батып, экономикалық бәсекелестік жағдайында өз қызметін қаржыландыра алмауы мүмкін.

Сондай түрен салар, қажыр-қайрат жұмсар сала - жарнама бизнесі. Әлемдік БАҚ-тың мақтаны да, қызғанышы да, тайталасы да, табыспен қатар құлдырауы да осы ұғымға әкеп тірейтін көрінеді. Олар үшін ақпарат пен жарнама тек ұғым, жарнаманың өтімділігі үшін де ақпараттың жедел, қызықты, тартымды болуы тиіс. Нарық заңдылығы салтанат кұрғанда әр сөзің табысқа бастар ақ жолды ашуы мүмкін, бір қателігің құрдымға батырып нарықтан ығыстырып жағаға шығарып тастауы да мүмкін. Сондықтан да күнделікті іздену, аудиторияны зерттеу, ұтымды әдістер қолдану, жаңалық ашу, оқырманын таңқалдыру - олар үшін сүйекке сіңген дағды, күнделікті жұмыс ырғағы.

Радио - толыққанды бизнес көзі. Қазір негізінен барлық радиостанциялар жекеменшік объектісі және нарық заңдылықтарына бағынады. Яғни, кез келген арна шығынсыз жұмыс істеуге жұмылған, өз қажеттерін толық өтеп еңбек етуге, өз өнімін сатуға бейімделген. Бәсекелестікке бейімделуіне қарай пайда да тауып жатыр.

Радионың табыс көздері: құрылтайшының инвестициялық қаражаты, жарнамадан және түрлі ақылы қызметтер көрсетуден түскен табыс. Негізгі шығын көздері: радиоүйін ұстау немесе жалға алу, техника мен жабдықтар сатып алу және солардың жұмыс істеуін қамтамасыз ету, өндірістік шығындар, жалақы қоры және қаламақы, музыка сатып алу, авторлық құқықты өтеу, радиокүшейткіштердің тарату шығындары, инженерлік-техникалық қызметтер, көлік, байланыс, сақтандыру және салықтар.

Қазақстандағы жарнама нарығы туралы ашық та дәл, сенімді мағлұматтар жоқ. Жоғарыда аталған «Гэллап медиа Азияның» деректері бойынша, Қазақстанда радиожарнама нарығы 2001 және 2002 жылдары- 11,9 млн, 2003 жылы - 12,4 млн, 2004 жылы - 15,9 млн, ал 2005 жылдың 1 тоқсанында — 3,5 млн АҚШ долларына парапар болған. Яғни, жыл өткен сайын радиоэфирден тарайтын жарнаманың көлемі артып келеді. Радиожарнама Қазақстандағы барлық жарнама түрлерінің 5-7 пайыздық үлесіне ие. Эфирдегі бір минут жарнаманың орташа құны 100 АҚШ долларына жуықтайды екен.

Бұл жарнама аз ба, көп пе? Әлемдік жарнама нарығымен салыстырғанда бұл өте аз. Қазақстанда жан басына шаққанда орташа жылына 12 долларға жарнама таратылады екен. Ресейде бұл көрсеткіш екі еседей жоғары. Америка Құрама Штаттарында жылына әр жанға 1000 доллар көлемінде жарнама тарайды. Еуропаның дамыған елдерінде бұл көрсеткіш шамамен 200 евро көлемінде екен. Яғни жарнама көлемі және бағасы жағынан да біз дамыған елдерден көп қалып қойғанбыз.


Радиожарнама берушілердің алғашқы ондығы,

2004 ж.


Жарнама беруші

¥зақтыгы, мин

Wimpex сауда белгісі

2 189

"Недвижимость без посредников плюс" баспасы

1 859

Тибет (ауыз суы)


1 848

К mobile (ұялы телефон қызметі)

1 766

LG Electronics Almaty

1 563

Валют-Транзит банк

1 536

Қазақтелеком

1 361

Continental (доңғалақтар орталығы)

1 310

Ivax (Galena) (дәрі-дәрмек)

1168

Арман (киноорталық)

1 106



Дегенмен, шүкіршілік дейтін жағдайлар да жеткілікті. Соңғы жылдары жарнаманың өсуі оң үрдіске ие болды, әрі жыл сайын қымбаттап келеді. Электронды арналарға бұрын-соңды болмаған инвестиция тартылды, нәтижесінде радиостанциялар да техникалық қайта жарақтандырылды, жаңа құрал-жабдықтарға ие болды, қызмет көрсету сапасы артты, қызметкерлердің еңбек жалақысы өсті, әлеуметтік жағдайлары жақсарды. Бұған белгілі бір дәрежеде бәсекелестік ахуалы да әсер етті. Радио толыққанды нарық экономикасының объектісіне айналды. Осының өзі оның үздіксіз дами беретіндігіне кепілдік береді.

2005 жылдың алғашқы тоқсаны бойынша Орыс радиосына Қазақстандағы радиожарнаманың үштен бір үлесі тиген. Екінші орында Еуропа+ - 27,6%-бен, үшінші NS - 15,2, төртінші 31-12,2, Авторадио - 7,4 және Ретро-Караван - 3,8 пайыздық үлеспен. Қазақ радиосына тағы да үлес тимей қалған. Дұрысы мониторинг жүргізетін агенттіктер жоғарыдағы 6 радиоарнаны зерттеген де, басқаларына назар аудармаған болып шығады.


Эфирдегі хабарлардың рейтингі


Рейтинг ұғымы бізге бұқаралық коммуникация социологиясынан енді, оның негізі маркетингтік зерттеулерден басталады. Жарнама берушілер эфирдегі жарнаманы қанша адам көргендігі немесе тыңдағандығы туралы нақты мағлұмат алғысы келді. Содан барып жарнама блогы берілетін хабарды нақты қанша адам тыңдайтындығын анықтау жолға қойылды. Өйткені, соған байланысты оның тиімділігі анықталып, жарнаманың бағасы да шығарылатын болды. Яғни, рейтинг дегеніміз — белгілі бір уақытта берілетін хабарды тыңдаушылардың (көрушілердің) нақты сандық көрсеткіші және ол аудиторияның демографиялық және әлеуметтік-психологиялық ерекшелігін ескереді. Сонымен қатар, белгілі бір уақытта тыңдалған барлық радиоарналардың ішіндегі хабардың үлесін ("шер") анықтау тәжірибесі де кең қолданылып жүр.

Рейтингке әсер ететін факторлар көп: хабардың мазмұны мен тақырыбы, оны жүргізушілердің танымалдығы мен шеберлігі, эфирге шығу уақыты, жыл мезгілдері, тәуліктік орны, аптаның күндері, тіпті ауа райының қолайсыздығы да эфирдегі хабардың тыңдалуына ықпал ететін көрінеді.

Соңғы кездері рейтинг ұғымы кең мағынасында тарай бастады. Енді радиохабардың сапасы, жүргізушінің танымалдығы да соған сәйкес бағаланып, журналистік шеберліктің бір өлшемі ретінде сіңісе бастады. Журналистикадан ұзап, енді саясаткерлердің рейтингі, фильмнің рейтингі деген жинақтық өлшемдерге бой ұрдық.

Дегенмен, бәрін рейтингпен өлшегеннің кемшін тұстары да бар. Өйткені, талғам әр түрлі, тыңдаушының білімі, парасаты да әрқалай. Сондықтан, рейтингті журналистік еңбек сапасының өлшемі ретінде қабылдау дұрыс болмаған болар еді. Әдетте, білікті сарапшы мен қарапайым тыңдарманның берген бағалары алшақ түсіп жатады. Жоғары интеллектуалды, кәсіби шымыр хабарлардың рейтингі әрқашан жоғары болмайды, немесе хабар жеңіл болып, әзіл-қалжыңнан ұзай алмаса, рейтингі өсіп кететін жағдайлар да кездеседі. Яғни, шеберлікті көпшіліктің пікіріне ғана сеніп бағаласақ қателесуіміз де мүмкін. Оның үстіне арнайы аудиометрлік құралдар – пиплметрлер, демографиялық ерекшелік ескеріліп, мыңның біріне ғана қойылады да, орташа көрсеткіш шығарылады. Сондықтан рейтинг өлшемінде ауытқулар жиі кездеседі. Ең дұрысы - радиоаудиторияны әртүрлі тәсілдермен кешенді зерттеп барып қана бағалаған жөн және ғылыми әдіс-тәсілдермен қаруландырған тиімді болады.

Соңғы уақытта хабарлармен қатар жалпы радиоарнаның рейтингін де шығарып жүр. Яғни ықтимал аудиториядағы радиоарналардың үлес салмағы шамамен төмендегідей:

(«Гэллап медиа Азия» мағлұматтарына сәйкес)





Орыс радиосы

Еуропа +


NS

Қазақ радиосы

Ретро

Маяк


Радиодағы тағы бір маңызды көрсеткіш – ол прайм-тайм, яғни тыңдармандар ықыласының шарықтаған уақыты. Осы уақытта радио үлкен аудиторияны жинайды деп есептеледі. Ұзақ жылдар бойғы зерттеулер телевизияда прайм-тайм уақыты кешкі 19.00-бен 23.00 сағаттың аралығына сәйкес келетіндігін дәлелдеп келсе, радиодағы прайм-тайм, керісінше, таңертеңгі 7-мен 12 сағат аралығына тура келеді екен. Тыңдармандар радиоға көбіне таңертеңгі уақытта назар аударатындығы дәлелдеуді қажет етпейді. Осы ықылас кешкісін сағат 19-да тағы бір көтеріледі, бірақ телевизияға жете алмайды.

Прайм-тайм уақытында жарнаманың құны да шарықтап өсетіндігі заңдылық. Жалпы жарнамадан түсетін қаржы радионың бірден-бір табыс көзі болып есептеледі. Сондықтан радиода жарнамаға ерекше маңыз беріледі және оны тартудың амал-тәсілдері де кеңінен қолданылады.

Жарнама жаңа идеология, белгілі бір дәрежеде мәдениеттің көрінісі. Алғашқы кезде оны қабылдау қиын соққанымен, қазір құлақ үйреніп қалды. Радиода жарнама берудің басты ерекшелігі - оның табиғи болмысынан танылады, яғни дыбыстық жарнама санаға сіңу үшін әлдеқайда пәрменді, тиімді әдістерді қолданған жөн. Осы мақсатта шулар, дауысты құбылту тәсілдері тәжірибеде кең қолданылып жүр. Радиожарнамада көбіне қайталау және қайталау әдісі тиімділікке жеткізеді. Соңғы уақытта эфирден ұялы телефон қызметін көрсетушілердің жарнамасын жиі тыңдап жүрміз. Яғни, телефондар сату мен қызмет көрсету саласындағы бәсекелестік жарнама беру тәсіліне де оң серпіліс берді. Соның нәтижесінде бірінен бірі асқан жарнамалық роликтерді, жаңа слогандарды немесе жалынды лебіздерді естиміз. Жарнаманың сапасы да барған сайын өсіп келеді. Спиртті ішімдіктер мен темекі жарнамасын эфирде шектеу де өз нәтижесін берді, енді ол жарнамалардың орнын автокөлік пен түрлі қызметтер, тұрмыстық техника жарнамасы басты.

Радиожарнама да маркетинг заңдылықтарына бағынады, PR-технологияның негіздерін басшылыққа алады. Сондықтан да эфирде ақылы жарнамалармен қатар оның жанама пішіндерін де жиі кездестіруге болады. Радиоакция, түрлі байқаулар, лотерея ойнату, сый тарту да аудиторияны кеңітудің мүмкіндіктері және соны әдіс-тәсілдері ретінде қаралады. Дегенмен, радиохабар сапасының негізгі өлшемі онда айтылған ой, таралған ақпараттың сапасы болса керек.

Радиодағы жарнама тиімділігін айкындаудың әдістері де қалыптасып үлгерді. Әдетте ролик шағын аудиторияда тыңдатылып, тыңдарман реакциясы тексеріледі, талап-тілектер түзетілгеннен кейін үлкен аудиторияға тарайды. Қазіргі жарнама жасаушылар тыңдарманға әсер етудің психологиялық-лингвистикалық әдіс-тәсілдерін жетілдіре түсуде. Мұндай жарнамаға маманданған, сол арқылы қомақты табыс тауып отырған агенттіктердің қатары күн өткен сайын өсе түсуде, олардың әрқайсысы дамып, нарықтан өз орнын табуда.

Жарнама жасаудағы шығармашылық ізденістер журналистік әдіс-тәсілдермен сәйкес келеді. Тыңдарманды селт еткізіп, көңілін аулауда юмор, метафора кең қолданыс тапты. Жарнама сценарийін жазуға ерекше талап қойылатын болды. Қысқа уақытта тыңдарманның назарын аудару, пайдалы ақпарат беру және соны санасына сіңіру шығармашылық иесінен еңбекқорлықты, ізденуді, жалықпай үйренуді талап етеді. Жарнаманың үздік үлгілері қалыптасып та үлгерді, жыл сайын үздік туындыларға бәйге тағайындалып та жүр. Міне, мұның бәрі радиожурналистің шығармашылық шабытына қозғау салып, қиялын ұштайтын, қаламын қатайтып, еңбекқорлыққа тәрбиелейтін факторлар болып табылады.


Сұрақтар:

  1. Радио аудиториясы қалай қалыптасады?
  2. Аудиторияны зерттеудің әдіс-тәсілдері қандай?
  3. Эфирді тыңдауға жұмылдыратын мотивтер қандай?
  4. Радионың табыс көздері не?
  5. Толқындағы жарнаманың рөлі қандай?
  6. Жарнама нарығындағы үрдістерге баға бер.
  7. Радиожарнаманың үлес салмагы қандай?
  8. Радиодағы рейтинг дегеніміз не?
  9. Жарнамалық роликтердің тиімділігін қалай бағалауға болады ?
  10. Шығармашылық қиял жарнама сапасына қалай әсер етеді?
  11. Қазақ радиосынан тыңдаған жарнаманы талдаңыз.

ІХ ТАРАУ


АШЫҚ ҚОҒАМ ЖӘНЕ ШЕТЕЛДІК РАДИОСТАНЦИЯЛАР


  • Ашық қоғам және бүгінгі медианарық


  • «Ақпараттың еркін ағымы» және журналист рөлі


  • Шетелдік радиостанциялардың Қазақстанға хабар таратуы



Ашық қоғам және бүгінгі медианарық

Жаңа уақытқа ғалымдар берген анықтамалардан көз тұнады. Ағылшын әлеуметтанушылары С. Лэш пен Дж. Урри “ұйымдасқан капитализмнің ақыры” десе, Д. Шиллер “цифрлық капитализм” екендігін дәлелдейді. Канадалық зерттеуші Н. Бек “жаңа экономика” терминін аштым деп, патент те алған көрінеді. Неміс У. Бек қазіргі өркениеттің келеңсіз үрдістерін жалаңаштап “тәуекелдік қоғамы” (общество риска) деген түсінікті уағыздауда. Ал, көп әлеуметтанушылар Калифорния университетінің профессоры Мануэл Кастеллстің “ақпараттық қоғам” деген терминін мойындайды. “ХХ ғасыр мен екінші мыңжылдықтың басты қорытындысы – технологиялық төңкерістің дамуы, капиталистік экономика мен түрлі әлеуметтік қозғалыстардың қайта құрылуы барысында ақпараттық желілік қоғамның пайда болуы”,– дейді Кастеллс. Барлық шикізат көздерінен тауар өндіруді мақсат тұтқан индустриялықтан оның айырмашылығы – білім байлығында, тұтынушылардың сұранысын қанағаттандыру үшін жоғары дамыған техниканы пайдаланып, ақпараттық ресурстарды игеруінде деген ой айтады. Яғни, ақпаратты өңдеудің жоғары деңгейіне көтерілген қоғам жетекші мәнге ие болмақ. Ақпарат – тауар, құрал, қару деген ұғымдар, “ақпараттық кеңістік”, “ақпараттық орта”, тіпті “ақпараттық соғыс” деген ғылыми терминдер қолданысқа енді.

Осыған байланысты болар, “жаңа” журналистика”, “ақпараттық төңкеріс”, “глобальді медиа”, “электронды болашақ” деген пікірлер көрініс беріп жүр. Жаңа ақпараттық құралдар мен жүйелердің әлемдегі қазіргі өмірге әсерінің орасан ауқымын көрсету мақсатында зерттеуші М. Рил “Супермедиа” терминін қызғыштай қорғайды, үлкен монографиясын соған арнайды. Дәстүрлі журналистиканың күні қараң, болашағы бұлдыр деген сәуегейлік те айтылып қалуда.

МГУ-дің профессоры Я.Н. Засурский мынадай тұжырым айтады: “Ауқымды алатын болсақ, әлемде журналистика жаңа деңгейге көтерілуде. Ол бірнеше жағдайға: біріншіден, жаңа ақпараттық технологияның дамуына байланысты, өйткені, журналистің қызметінде кең мүмкіндіктерге жол ашады, бұқаралық ақпарат және қарым-қатынас құралдарының ұдайы дамуына жеткізеді; екіншіден, ғаламдастырудан туындайды”. Шын мәнінде, қазіргі ақпараттық технологиялар журналистиканы жаңа сапалық деңгейге көтерді, әрі журналистің шығармашылық мүмкіндігін арттырып, оқырманына өз ойын жеткізуде кең мүмкіндіктер ашты – ақпарат алу мен таратудың еркіндігі берік орнықты, оған тосқауыл болар күш әлсіреді. Көз алдымызда дәстүрлі БАҚ мүмкіндіктеріне жаңа ақпараттық тасқынды қосып біртұтастыққа қол жеткізген жаңа медиа қалыптасуда. ЮНЕСКО маманы Генрих Юшкявичус “ЮНЕСКО және жаңа ақпараттық қоғам” атты баяндамасында мынаған көңіл аударған еді: “Жаңа технологияларды пайдалану әртүрлі ақпараттық жүйе түрлері арасындағы шекараны шаяды”.

Қоғамда ақпарат туралы өзгеше пікір, бұқаралық ақпарат құралдарына деген жаңа көзқарас қалыптасуда. БАҚ эволюциясын ақпараттық қоғамдағы өскелең сұраныстырмен түсіндіруге болады. Ал, технологиялық төңкерістің қозғаушы күші Интернет желісінің дамып, кең тарауы және компьютерлердің есептеу қуаты шексіз өскендігі, бағдарламалардың кең ауқымдылығы болды. Интернет ақпарат өндіру, тарату мен тұтынудың құнын едәуір арзандатып, коммуникациялық ландшафтты түбегейлі өзгертті.

Сонымен қазіргі заманғы ғылыми-техникалық прогрестің нәтижесінде ақпараттық орта – медиаорта пайда болды, ақпараттық қоғамның өскелең талаптарына жауап беретін инфрақұрылымы түзілді.

Жаңа ақпараттық кеңістікте журналистика да қиын кезеңді бастан кешіруде. Бірінші кезекте оған қойылатын талаптар деңгейі де тым жоғарылап кетті. Жаңа ақпараттық технологиялар өзінің прогресшіл мұратымен қатар адамзат алдына жаңа күрделі міндеттерді қойып отыр, оның кейбірінің шешімі тым шатысып кеткен, әр түрлі мүдделер тұрғысынан сараланатындықтан ғалым-зерттеушілер арасында да пікір алшақтығы басым.

Мәскеулік ғалым Л. Землянова былай дейді: “Ең қауіпті үрдіс – ақпарат еркіндігі мен оның мазмұны және қоғам мен мәдениет үшін қандай салдары болатындығы үшін жауапкершілік арасындағы тепе-теңдіктің бұзылуы”.

Профессор Я. Н. Засурский ресейлік ақпарат құралдарында насихаттық сипат қайтадан бел ала бастады деп қауіптеніп, шыр-пыр болуда. Үлкен теоретиктің пікірінше, журналистиканың басты міндеті – ақпаратты дәл, жедел, әрі нақты тарату, оны боямалап жақсарту, не көмескілеу қауіпті, әрі зиянды.

Бұдан шығатын түйін, ақпараттық орта өзгергенімен, журналистиканың құндылықтары сол күйінде қалды, керісінше жауапкершілігі артты. “Жаңа журналистика” деген жаңсақ ұғым, БАҚ саласында ешқандай төңкеріс болған жоқ. Өйткені, журналистиканың функциялары, қоғамдық қатынастардағы рөлі мен орны бұрынғысынша қала береді. Маңызды коммуникация құралы ретінде БАҚ бұрынғыдан да пәрменді бола түсті және өркениеттің үздіксіз дамуы пен қоғамдық сана мен білім үшін жауапкершілігі өлшеусіз артты.

Конвергенциялық өзгерістер журналистиканың ішкі мазмұны мен үйлесімділігіне нұқсан келтіре алмайды, бірақ оның жаңа кеңістікке шығып орнығуына жол ашады. Интернеттің журналистиканы байытқан тұстары: суперұшқырлық, кең де шексіз, шекараны білмейтін аудитория, онымен кері байланыс және орасан ақпарат мұхиты. Әрине, бұған дейін БАҚ ақпаратты бір бағытта аудиторияға қарай таратып келсе, компьютерлік ашық желі кері де – екібағыттық интербелсенділікпен тың жол салып отыр. Енді ақпаратты өз қалауыңша іріктеп алатын мүмкіндік туды. Неміс зерттеушісі Гюнтер Рагер “кем дегенде жоғары білімді компьютерлік БАҚ-ты пайдаланушылар алда да ақпаратты мүмкін болған неғұрлым көп көздерден ала беретін болады. Интернеттің мәні де басқа БАҚ-пен өзара байланысынан ашылады” деген пікірін білдірген.

Тағы бір неміс әлеуметтанушысы Рихард Мюнхтың “Коммуникациялық қоғамның диалектикасы” кітабындағы тұжырымдары жіті назар аударуға тұрарлық. Ол журналистика күрделі кезеңді бастан кешіруде, оның қиындығы өте жоғары талап қоюшылықтан да туындайтынын айтады. Журналистиканы ақпараттық тасқын шайып кету қаупі күшті дей келіп, сценарийдің үш бағытта өрбуін болжалдайды.

1) Журналистика корпоративті мүдделердің шырмауында қалып қойып, қоғамдағы құралдардың біріне айналуы мүмкін. Бұл жағдайда ол қоғамдық сананы арнасынан бұрып жіберетін регресшіл күшке айналып, өз бастапқы мәні мен ұстанымдарынан айрылып қалуына жол ашады.

2) Журналистика ақпараттық тасқын жолында бақылаушы ғана болуы мүмкін. Бұл жағдайда ол судың деңгейі мен арнасын реттеп отыратын гидрошлюз басындағы техник маман тәрізді рөл атқарады. Алайда, қоғамдық сана мен мәдениеттің өсуіне қалай әсер ететіндігі беймәлім, егінші-дихан рөлін басқа әлеуметтік күштер атқарады.

3) Журналистика ақпараттық тасқындарды сүзіп, тазартып отыратын “эмиссиялық банк” тәрізді рөлге ие болуы мүмкін. Бұл жағдайда ол қоғамдық санаға кері әсер ететін ақпаратты іркіп отырады, тасқынның сапасын жақсартады, үлкен жауапкершілікті өз мойнына алып, прогресшіл күш ретінде танылады.

Бұл ойлар басқа да қоғамдық пікірлермен үндестік тауып отыр. Орасан ақпараттық тасқынның ішінде маңызды, мәнді ақпараттар ескерусіз қалып кетуі мүмкін, қойыртпақтың ішінен көзге не ілінеді, санаға қайсысы жетеді, кім жауапты болады деген сұрақтардың туындауы да заңды. Дәл ақпарат беру, ізгілікті тарату, жақсы мен жаңалықтың жанашыры болу – көбіне журналистің парасаттылығы мен пайымына, біліктілігі мен шеберлігіне тікелей байланысты болуы заңды. Журналистиканың қоғамда болып жатқан өзгерістер үшін жауапкершілігі өлшеусіз өсетіні осыдан-ақ түсінікті. Сөз бен ақпарат қоғамдық микроклиматтың барометрі ретінде жетекші мәнге көтеріледі.

“Жаңа” журналистиканы “ақпарат – билік көзі”, “әлемді ақпарат сақтап қалады” деген пікірлер толықтырып, отқа май құйғандай ойкөкпарын қыздыра түсуде. Оған американдық коммуникавистиканың аталары Уильям Риверс пен Уилбур Шрамның мына пікірлері де ұйтқы болды: “Жартылай өткізгіштердің, лазердің және сәулелі талшықтардың ашылуынан бұқаралық байланыс құралдарының дамуында сапалы өзгерістер жүзеге асты және қоғамдық-саяси өмірдегі салмағы артты, олардың экономикаға, тұрмысқа, демалысқа, білім алуға, саяси өмірге тигізер әсері күшейіп, жаңа дәуір – “медиакратия” орнығады да, билік демократиядан медиаға, яғни байланыс құралдары мен ақпаратқа көшеді”.

Әлемдік өркениет өрісі осындай – ғылыми-техникалық прогресс жетістіктері адамзат мүддесіне қызмет етуі тиіс, сонымен бірге әр адамның жеке рухани сұраныстарын, ұлттың, этностардың, шағын топтардың мүддесіне де жауап беріп, олардың үйлесімді дамуына, өркендеп өсуіне жағдай туғызуы тиіс. Гуманизм мен жоғары жауапкершілік принциптері салтанат құруы үшін білім ең басты қару болып табылады. Сондай бұқаралық ақпарат құралы радио болып табылады, ол өзінің ерекшелігіне сай дамып, өміршеңдігін дәлелдеп келеді.

Жаңа ақпараттық технологиялар қысқа мерзімнің ішінде дүниежүзілік экономикалық, саяси және мәдени ортаға зор ықпал етіп, күрделі өзгерістерге бастау болды. Дамыған елдерде ақпараттық қоғам құрудың берік негіздері қаланып, барлық алғышарттары түзілді. Ауқымды технологиялық өзгерістер әсер етпеген мемлекеттер жоқтың қасы. Өтпелі кезеңді бастан кешіріп, егемендігін нығайтуға кіріскен Қазақстан да оған еркін араласып, өзінің ашық нарық саясатымен инвестициялар тартуда, жаңалықтардың өндіріске енуіне кең жол ашуда. Ғаламдастыру мен интеграцияның қиындықтары да жоқ емес. Әркелкі дамыған үлкен аумақта оларды бір күнде шеше салу да мүмкін емес. Оның үстіне ұзақ жылдар тоталитарлық режимнің қыспағында болып келген адамдар психологиясында өзгерістер болуы үшін уақыт керек. Жаңа үрдістер осындай ұлттық және аймақтық ерекшеліктерді ескеріп, дұрыс бағыт ұстанғанда ғана салтанат құратыны айқындалып келеді. Қазақстан өзінің стратегиялық басым міндеттері қатарында бұл факторларды ескеріп, ұлттық экономикалық және ақпараттық тәуелсіздігін нығайтуда кешенді шараларды жүзеге асыруда.

Қазіргі ақпараттық технологиялар баспасөз бен электронды арналардың дамуына да игі әсерін тигізіп келеді және болашақта да шешуші мәнге ие болады. Сонымен қатар, газет-журнал редакциялары, телерадиоарналар менеджмент және маркетинг құралдарымен қатар қаруланса, әлемде жинақталған озық тәжірибелерді басшылыққа алса, мамандардың біліктілігі мен шеберлігін арттыруға көңіл аударып, осы мақсатқа жаңа технологияларды пайдаланса, оқырманы мен көрермені, тыңдарманы мен жанашырлары да ұтар еді, әрі табысты іс жүргізер еді.

Қазақстан соңғы жылдары бұрынғы кеңестік кеңістіктегі мемлекеттер арасында экономикалық даму қарқыны жағынан алдыңғы шепке шықты, реформаларды тиімді жүргізе білді. Соның нәтижесінде қоғамдық тұрақтылыққа да, барлық салада өркендеуге де қол жеткізді. Еліміздегі ерекше бір мақтан тұтар мәселе - ол ұлтаралық татулықтың орнығуы мен халықтар достығының дамуы. Көп ұлтты және көп дінді Қазақстан жағдайында ол білгір саясат пен ұстамдылық нәтижесінде мүмкін болды. Тәуелсіздік жылдары мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілінің дамуын қамтамасыз ететін кешенді мемлекеттік бағдарлама жүзеге асуда. Орыс тілі Ата заңда ресми тіл ретінде көрсетілген және оның дамуына еш тосқауыл болған емес. БАҚ-тың басым бөлігі ресми тілде таратылады, соның ішінде орыс тілінде хабар беретін радиостанциялардың үлес салмағы жоғары. Тілді дамыту жөніндегі бағдарламада эфирдегі мем-лекеттік тілдің үлесі 50 пайыздан кем болмауы қарастырылған және біртіндеп жүзеге асып келеді.

Орыс тілі Қазақстанды мекендеген барлық халықтарға ортақ қарым-қатынас тілі болып келді. Сонымен бірге басқа тілдердің де қолданысына еш кедергі қойылмаған. Мысалы, өзбек, ұйғыр, неміс тілінде оқытатын мектептер мемлекет тарапынан қолдау табуда. Кластан тыс сабақтарда еврей, поляк, татар және басқа да ондаған тілдер оқытылады. Ұлт өкілдеріне өз тілінде сөйлеу, салт-дәстүрін сақтауға және дамытуға жағдай жасалған. Қазақ радиосы ағылшын, неміс, кәріс, ұйғыр, азербайжан, татар және түрік тілдерінде аптасына 20 минуттан хабар таратады. Бұл, әрине, көп те емес. Болашақта олардың ұзақтығын созып, көрші мемлекеттерде тыңдалуын қамтамасыз етсе нұр үстіне нұр болар еді. Ағылшын тілінде хабар таратудың маңызы зор. Өйткені, ағылшын тілін меңгергендердің саны жыл өткен сайын еселеп өсе түсуде. Тіпті осы тілдерде хабар тарататын жеке радиостанция ашылса, өз тыңдарманын табар еді. Өйткені, дуниежүзіндегі хабар тарату үрдісі осылай дамуда, қазір шекарамен шектелуге болмайды, мүмкіндігінше ақпаратты еркін таратып, өз көзқарасың мен мүддеңді қорғауың қажет.