С. Торайгырова Региональный центр политических исследований политическая реальность в разнообразных ее проявлениях павлодар 2008 ббк 66(5Каз)

Вид материалаДокументы

Содержание


Борбасов С.М.
Подобный материал:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21

Борбасов С.М.


Халықтың жағдайына елеулі әсерін тигізген, саяси және экономикалық дамуға жол ашқан мемлекеттік құжаттар болады. Қазақ халқы тарихында да сондай тағдырлық құжаттар баршылық.. Көне дәуірге көз салсақ Кұлтегін жазбалары, қазақ хандығы кезеңінде «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Жеті жарғы» заңдары қазақ халқын топтастырды, ала ауыздығын тиды, мемлекеттілігін күшейтіп, халықтың өмір сүру кеңістігін қолайлы ете алды. Ресейлік-кеңестік бодандықтан құтылғаннан кейін егемен ел болған Қазақстан халқын жаңа, жасампаздық істерге бастаған, азаматтардың зор құлшынысын тудырған саяси маңыздағы құжат «Қазақстан - 2030: Барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы» атты ел Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына 1997 жылы жасаған жолдауы болды.

«Қазақстан - 2030» жолдауы ел енді ғана экономикалық дағдарыстан шығып өзіне-өзі ие бола бастаған жылдарда жасалды. Себебі, мемлекет өз дамуының қысқа, орта, ұзақ мерзімдегі міндеттерін және шешуге тиісті басымдылықтарын айқындап алуға тиісті болатын. Президент «... болашақтың моделін жалпылаған түрде және нақты қысқа мерзімді мақсаттар түрінде ұдайы көз алдымызда мақсат етіп ұстауға тиіспіз. Мұның өзі қандай да бір іс-әрекетке кірісіп отырып - дұрыс бағытпен жүріп келеміз бе, әлде бағдардан ауытқыдық па, оқиғалардан ілгері оздық па, әлде шабандап қалып келеміз бе- ұдайы таразылап отыру үшін қажет» [1], - деп ескертеді.

Қазақстандағы реформаторлық қызметтің ең сенімді нәтижесі мүлдем жаңа экономикалық және саяси жүйенің жасалуы болды. «Қазақстан-2030» бағдарламасында ұзақ мерзімді басымдылықтар қатарында кәсіптік мемлекет құру міндеті аталды. Ұлттық мүдделерді іске асыра алатын саяси институттар қалыптастыру саяси жүйені реформалаудың өзекті түйініне айналды. «Қазақстан - 2030» бағдарламасындағы аталмыш міндетті шешуі шаралары ел тәуелсіздік алған жылдарда басталған болатын.

Қазақ ұлты тәуелсіздікті сан ғасырлар бойы аңсады. Үш ғасырға жуық Ресей империясының бодандығында болу қазақ халқын біртіндеп құру табалдырығына әкелді. Бодандық жалғаса берген жағдайда қазақ этносы ұлттық белгілерінен айырылып ассимлияцияланған тобырға айналатыны сөзсіз болатын. Оның кең байтақ, табиғи байлықтарға толы жері басқа халықтың иелігіне айналған болар еді. Қазақ ұлтының осындай ауыр трагедияға ұшырамауы үшін ең алдымен тәуелсіз мемлекет құру ауадай қажет еді. Егеменді мемлекет құру ісі саяси тәуелсіздік алудан басталды. Қазақ халқының саяси тәуелсіздік алуына XX ғасырдың 80 жылдарында Кеңес Одағының терең дағдырысқа ұшырауы қолайлы жағдай туғызды. Сол кезеңдегі тарихи-саяси ахуалды пайдаланып Қазақ ССР-нің ұлт жанды өкілдері және сол кезеңдегі республика басшылығы Қазақстанды қақтығыссыз, бейбіт жолмен Кеңес Одағы құрамынан шығарып, егеменді мемлекет етудің жолдарын қарастыра бастады.

Ол үшін, бірінші кезекте, Қазақ ССР-ін тәуелсіз жеке мемлекет ретінде жариялау қажет болатын. Қазақ ССР-ның бұрынғы формалды, жасанды саяси статусын толыққанды саяси тәуелсіз мемлекет статусына айландыру міндетін шешу жеке мемлекет болуға жол ашатын еді. Республика басшылығы сол кезеңде ерекше сабырлық пен салқынқандылық танытты. Себебі елдің этнодемографиялық ахуалы тым күрделі болатын. 1991 жылы қазақтар ел халқының 41 пайызын құрып, 6,8 млн адам болса, орыстар 37% құрып, 6,2 млн адам болатын. Украиндықтарды, беларустар мен немістерді қосқанда славян-христиан тектестер Қазақстан халқының тең жарымнан астамын құрай [2]. Әсіресе солтүстік және шығыс аймақтарда қазақтар азшылық еді. Мұндай жағдайда Қазақстанның тәуелсіздігін жариялауды сақтықпен, елдегі түрлі халықтардың саяси көңіл-күйін есепке ала отыра іске асыру өзін ақтады. Елде этникалық теке-тірес қайшылықтар болған жоқ. Қазақстан халқы Республиканың жеке тәуелсіз мемлекетке айналуы саяси ахуалдың объективті себептерінен туған тарихи қажеттілік екендігін дұрыс түсінді. Қазақстан басшылығы елдегі саяси тұрақтылық пен этникалық татулықты сақтай отыра егемендікке келді.

Қазақстанның тәуелсіздік алуы саяси жүйені өзгерту, саяси реформалар шараларынан басталды. Кеңес Одағының құрамдас бөлшегі ретінде Қазақстанда қалыптасқан социалистік әкімшілдік-әміршілдік саяси жүйе күйретіліп, оның орнына өркениетті елдерге тән демократиялық, құқықтық саяси жүйе жасау ісі бірден және батыл түрде басталып кетті. Қазақстанның либералдық бағыттағы саяси жүйеге бетбұрыс жасау үрдісі Кеңес Одағы күйремей тұрып-ақ басталған болатын. Ескі саяси жүйені демонтаждау, демократиялық саяси жүйеге бетбұрыс жасау ісі 1990 жылы 25 қазанда қабылданған «Қазақ ССР-ның мемлекеттік егемдігі туралы Декларациядан» бастауын алды.

Егемендік туралы Декларация Қазақстанды өз тағдырына өзі ие, ішкі және сыртқы саясатын өзі айқындайтын, біртұтас бөлінбейтін шекарасы бар тәуелсіз мемлекет ретінде жариялады. Декларацияда Қазақстан халқы мемлекеттің иесі және саяси биліктің негізі болады - деген принцип тұжырымдалды. Демек, саяси жүйенің ел халқының өзекті мүдделеріне қызмет етуі таңдалды. Биліктің халық алдында есептілігі мен жауапкершілігінің саяси негізі қаланды. Саяси жүйенің барлық сегменттерінің заңдарға бағынып қызмет жасауы қажеттілігі атап көрсетілді.

Қазақстанның саяси жүйесі биліктің бөлінуі принціпіне нақты түрде бағындырылды. Мемлекеттік егемдігі туралы Декларацияда Қазақстан тарихында алғаш рет ең жоғарғы лауазымды мемлекеттік билік иесі ретінде Президент билігі енгізілді. Жоғарғы әкімшілік-атқару билігі Президентке берілді. Заң шығарушы билік сол кездегі Қазақ ССР Жоғарғы Советіне жүктелді. Конституция мен заңдарды қатардағы азаматтардан бастап жоғарғы лауазымды қызметкерлерге дейін қатаң орындауын Сот билігі қадағалайтын болды. Декларацияда ең алғаш рет Қазақстан заңдарының ел территориясында Кеңес Одағының заңдарынан басымдылығы жарияланып Қазақстан шын мәніндегі халықаралық саясат субъектісіне айналдырылды. Декларациядағы түбегейлі саяси өзгерістер елдің экономикасына нарықтық қатынастарға бетбұрыс жасаумен қатарлас жүретін үрдістер ретінде бағаланды. Елде тұңғыш рет меншік түрлерінің әралуандылығы бекітіліп оның елдің әлеуметтік құрылысының әралуандылығына әкелетіндігі жоспарланды [3]. Әлеуметтік әралуандылық саяси плюрализмге әкелетіндігін әлемдік тәжірибе дәлелдеген болатын.

«Қазақ ССР-ның мемлекеттік егемендігі туралы Декларация» Кеңес Одағының өмір сүру жағдайында жарияланғанмен Қазақстанның саяси тәуелсіздігіне жол ашқан маңызды құжат болды. Бұл құжат саяси сферадағы көптеген тағдырлық мәселелерді түбегейлі мүдделеріне сәйкес Қазақстанның өзінің шешуі құқығын белгілеп берді. Қазақстан өзінің ұлттық байлықтарына өзі ие, ішкі және сыртқы саясатын өзінің мақсаттары мен құндылықтарына сәйкес анықтайтын егеменді мемлекет болуға бетбұрыс жасады.

Осы құжаттан бастап Қазақстанда постсоциалистік және посттоталитарлық трансформациялану кезеңі басталды. Бұл кезеңде транзитті қоғам немесе өтпелі кезең деп те атайды. Осы өтпелі кезеңнің бірінші кезеңі 1990-1995 жылдарды қамтыды. Оны «Қазақ ССР-ның мемлекеттік егемендігі туралы Деларациядан» бастап, 1995 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясының өмірге келуімен шектеуге болады. Өтпелі кезеңнің екінші кезеңін 1995 жылдан бастап 2000 жылмен шектеуге болады. Бұл кезеңде Қазақстан посткоммунистік дағдарыстан толық шығып дамудың даңғыл жолына түсе алды. Қазақстандағы саяси жүйеде осы он жыл аралығында қалыптасты. 2000 жылдан бастап, Қазақстанның саяси жүйесінің жетілу, жаңа сапалық белгілерге ие болу кезеңі басталды деп бағалауға болады. Он жыл мерзімде Қазақстан саяси жүйесі де бүкіл Қазақстан қоғаммен бірге өтпелі кезеңнен өтті.

Қазіргі кезеңді Қазақстан Республикасы өркениетті мемлекет құру кезеңі ретінде бағалауға болады. Саяси жүйені реформалау мақсаты демократиялық, әлеуметтік және құқықтық мемлекет құру. Сондықтан елде саяси модернизация үрдісі әлі бәсеңдеген жоқ. Саяси жүйенің негізгі институттарының қызметін демократияландыру міндеттері шешілуде. Ондағы мақсат елдегі биліктің негізгі тармақтарының арасындағы билік бөлінісін және өзара бақылау мен тепе-теңдікті қамтамасыз ету. Саяси реформалау Президент, Парламент, Сот биліктерінің ұйымдық-құқықтық негіздерін ғана анықтап қоймай, атқарушы үкімет билігінің, жергілікті атқарушы және өзін-өзі басқару органдарының билігінің саяси партиялар мен саяси қозғалыстар қызметтерінің негізгі бағыттарын, принціптерін және заңдық нормаларын анықтап беруі де мақсат тұтты. Саяси реформалар үрдісі елдегі саяси институттар қызметтері толыққанды сапаға ие болып, тұрақтанғанша жүргізіле бермек. Мемлекеттің саяси жүйесі өзгерген экономикалық фундаментке, қоғамдық қатынастарға толық сәйкес болғанда ғана реформалар түбегейлі өзгерістерді талап етпейтін жағдайға келеді. Олай болуы саяси жүйенің өркениеттілік және демократиялық сипатқа келуі деп бағаланады.

Қазақстан Республикасындағы саяси жүйе дамуына елеулі ықпал жасаған құжат елдің 1993 жылы қабылданған тұңғыш Конститутциясы болды. Шын мәніндегі елдегі толыққанды саяси транзитті бірінші Конституция бастап берді. Бірақта, әміршілдік жүйеден жаңа ғана босанып шыққан Қазақстан қоғамы мен халқы демократия принциптерін кабылдауға дайын емес болатын. Ел халқының саяси санасы да, саяси мәдениеті де социалистік қоғам талаптары мен дәстүрлерінен арылмаған еді. Әсіресе басқарушы элита социалистік қоғамдағы әкімшілдік-әміршілдік тәртіп әдістерінен құтыла алған жоқ. Сондықтан транзитті қоғамның бас кезінде қабылданған 1993 жылғы Конституцияда белгіленген парламенттік - президенттік басқару жүйесі өзін ақтамады. Парламентаризм дәстүрі тым марзымсыз елде биліксіздік құбылысы етек ала бастады. Парламент қабылдаған заңдардың орындалуы тым нашар халде қалды. Билікте нақты істер емес толассыз дебаттар, сөз жарыстары орын алу құбылысы етек алды. Орталық биліктің аймақтарға ықпалы нашарлады. Қабылданған шешімдердің орындалмауы көрніс берді. Экономиканы және әлеуметтік саланың дамуында хаостық сипаттар күшейе түсті. Кеңес Одағы күйрегеннен кейінгі елдегі ірі өнеркәсіп орындарының бірінен кейін бірі жұмысын тоқтатуы елде жұмыссыздық пен кедейшілік мәселесін бірінші кезекке шығарды. 1994 жылы дағдарыс шегіне жетті. Елдің халқының 85 пайызы кедейшілік пен қайыршылық жағдайына түсті. Сол жылы Қазақстан халқының 250 мыңнан астамы таяу және алыс шетелдерге кетуге мәжбүр болды. Елде өрши түскен демографиялық дағдарыс басталды.

Өтпелі кезеңнің осындай терең дағдарыстары мен қайшылықтарынан парламенттік билік шығара алмайтындығы анық болды. Экономикадағы хаостық жағдайды ретке келтіру үшін күшті вертикалды атқарушы билікті нығайту қажеттігі білінді. Осындай жағдайда елдегі заңдық кеңістікке түбегейлі өзгерістер мен тәртіп әкелетін жаңа Конституцияны жасау ісі қолға алынды. Қазақстан Республикасының 2-ші Конституциясының негізгі принціптері мен идеяларын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев анықтап берді. Жаңа Конституцияның негізгі мақсаты - елдің саяси жүйесіндегі вертикалды президенттік билікті нығайту. 1995 жылғы Конституция елді парламенттік-президенттік республикадан президенттік республикаға айналдырды. Елде түбегейлі саяси реформалар үрдісі басталды.

Саяси реформалар мақсаты - Қазақстанның деңгейін өркениетті мемлекеттер деңгейіне көтеру. Ол үшін әлем халықтарының озық саяси эканомикалық және құқықтық үлгілерін Қазақстан жағдайына сәйкестендіріп алу керек болды. Бірінші кезекте, дамыған мемлекеттердің демократиялық құндылықтарын қабылдау міндеті тұрды. Біріккен Ұлттар Ұйымының маңызды халықаралық құжаттарында негізделген саяси және демократиялық құндылықтар мен принциптер Қазақстан қоғамының дамуын анақтайтын Конституциясында көрініс тапты. Екінші Конституцияның ерекшелігі оның президенттік билікті күшейте отыра елде демократиялық қоғам негіздерін қалауында болды. Елдегі саяси реформалардың мән - мағынасы осы стратегиялық мақсатқа бағындырылды. Ол мақсат Конституцияның бірінші бабында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады: оның ең қымбат қазнасы-адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары», - [4] деп айқындалды.

Конституция елдегі қоғамдық қатынастарды азаматтардың, халықтардың еркіндігі, теңдігі және өзара татулығы принципінде топтастырды. 130 - дан астам ұлыстар мен диаспоралар өкілдері қазақ ұлтымен тең жағдайда ел заңдарына бағынып өмір сүруге тиіс болды. Саяси реформалардың келесі өзекті міндеті билік институттарын ел халқына есепті және жауапты ету. Осы міндет Конституцияда «мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы халық»,-деген қоғамдық принциппен бекітілді. Саяси реформалардың түйінді мәнін Конституция халықтың әлеуметтік, этникалық, материалдық және моралдық мүдделерін қорғайтын, нарықтық экономиканың әлеуметтік бағытын қамтамасыз ететін мемлекеттік билік институттарын құру деп белгіледі. Мемлекет билік үшін емес, халық үшін қызмет ететін саяси жүйені қалыптастырудың күрделі және эволюциялық үрдісі басталды.

Саяси реформалардың түбегейлі мақсаты-елдегі биліктің үш тармағының: атқарушы, заң шығарушы, сот биліктерінің толыққанды жұмыс жасауын қамтамасыз ету. Алайда дамудың бастапқы кезеңінде демократиялық билікке тән бұл сапаны іске асыру мүмкін болмады. Себебі, транзитті қоғам атқарушы биліктің басым болуы экономиканы тез арада қалпына келтіру, шикізат көздеріне иелік жасау, халықтың әлеуметтік, этникалық, материалдық және моралдық мүдделерін тиімді қорғау үшін қажет болды. Бұл міндетті вертикалды президенттік билік ойдағыдай орындай бастады.

Қоғамның саяси жүйесінің жетілуі және жаңа шындықтарға сай қызмет жасауы адам құқықтары мен бостандықтарының да ойдағыдай қорғалуына қатысты. Өркениетті, демократиялық елдерде бұл мәселе ең маңызды саяси құндылық ретінде бірінші кезекте тұрады. Саяси жүйе адамның меншігін, бостандықтарын, дамуын қамтамасыз етіп отырады. 1948 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы қабылдаған «Адам құқықтарының жалпыға ортақ Декларациясында» барлық нәсілдер мен халықтардың саяси теңдігі адамдардың теңдігіне негізделіп жарияланады. Мемлекеттік биліктің міндеті осы құжатта негізделген «әрбір адамның өмір сүруге, бостандықта және жеке басының қауіпсіздігіне құқы бар екендігін» қамтамасыз ету. Сонымен қатар, саяси жүйе «барлық адамдар заң алдында тең, оларды алаламай, заңмен тең дәрежеде қорғайды», - [5] деп көрсетілген.

Мемлекеттің саяси жүйесіне қойылатын әлемдік өркениет талаптарына сай саяси реформалар жасауды Қазақстанның басқарушы элитасы мақсат етіп қойды. Тәуелсіздік ала салысымен Қазақстан мемлекеті реформалар арқылы эвалюциялық даму жолына түсті. Саяси жүйе әлемдік демократия стандарттарына қарай батыл қадамдар жасай бастады. Бірақта, тәуелсіз ел болған соң-ақ ел саяси жүйедегі елеулі кемшіліктер мен қайшылықтарды сезіне бастады. Әсіресе, биліктің елдегі ахуалға басшылық жасауға, реттеп отыруға қабілетсіздігі байқалды. Өтпелі кезеңде елде қылмыскерліктің барлық түрлері өрши түсті. Әлеуметтік әділетсіздік, байлық пен кедейліктің алшақтауы асқынды. Елдің экономикалық дамуы шетел инвесторларына тәуелді бола түсті. Мемлекеттің басқару органдарында ұйымдасқан жемқорлық, коррупция күшейді. Көптеген аймақтарда экологиялық ахуал шиеленісіп кетті. Елдегі оппозициялық күштер аталған объективті қайшылықтар мен қиыншылықтарды желеу етіп басқарушы элитаға қарсы шабуылдарын үдете түсті. Соның нәтижесінде Қазақстанда саяси қатынастар шиеленісіп 90-шы жылдардың бас кезінде экономикалық дағдарыстың саяси дағдарысқа үласу қаупі туды.

Саяси жүйе қызметіндегі елеулі олқылық басқарушы элита өкілдері мен қатардағы азаматтардың заңдарды бұзуға, немесе орындамауға жол беретіндігі. Осының нәтижесінде қабылданған шешімдер мен заңдардың орындалмауына жол берілді. Екінші қайшылық Қазақстанда Батыс мемлекеттерінің саяси жүйелерінің тәжрибесін қайталауға ұмтылудан туды. Батыс стандарттарын Қазақстанға жасанды көшіруге болмайтын. Себебі, елдегі саяси жүйені Қазақстан қоғамының саяси тәжрибесі мен саяси дүниетанымының тамырларын ескеріп қана жасауға болатын еді. Кеңестік дәуірде қазақ этносының саяси мәдениеті мен дүниетанымына елеулі нұқсан келді. 70-жылға жуық елдің саяси жүйесі өзінің этникалық тамырынан кетіп социалистік, әміршілдік жүйенің құрамдас бөлшегіне айналды. Қазақ этносы өзінің саяси- танымдық кеңістігінен мүлдем қол үзіп кете жаздады. Егеменді Қазақстанның саяси жүйесі жаңа жағдайда титулды қазақ этносының саяси дәстүрлері мен тәжрибесін міндетті түрде есепке алуы керек болды. Ұлттық мұраттар саяси либерализммен толыққан құқықтық кеңістікте Қазақстанның түбегейлі жаңа саяси жүйесі қалыптасуы үрдісі басталды. Бұл құбылыстың елде либералистік Конституция қабылданғанға дейін басталғанын атап өту жөн. Саяси жаңарудың бастапқы жылдарында-ақ елде саяси, әлеуметтік - экономикалық және сот - праволық реформалардың негізін қалаған көптеген заңдар мен жарлықтар қабылданды. Бұл үрдіс Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы атауын өзгерту туралы 1991 жылғы 10-шы желтоқсандағы заңнан басталды. Осы заң бойынша еліміз Қазақстан Республикасы деген атауды иеленді [6].

Ел атауы өзгертілген соң ғана «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» 1991 жылғы 16 желтоқсандағы Конституциялық Заңы қабылданды.

Аталмыш Заңда «Қазақстан Республикасы - тәуелсіз, демократиялық және құқылық мемлекет», - деп жарияланды. Ел басқа мемлекеттермен өзара қатынасын халықаралық құқ принциптері бойынша құрады - делінеді. Сонымен бірге мемлекеттің бүкіл территориясында ел Конституциясы мен заңдары, сондай-ақ ол таныған халықаралық құқ нормалары қолданылды», - деп жарияланды.

Конституциялық Заңның осы бабынан тәуелсіздік алған мезеттің өзінде-ақ Қазақстанның ресми билігі демократиялық саяси жүйені таңдағанын көреміз. Қоғамдық қатынастардың барлық салалары заңдармен реттелетін болды. Мемлекеттің биліктің кайнар көзі халықтың мүддесін қорғайтын заңдар екендігі айшықталды. Саяси реформалар Қазақстанда заңның диктатурасын орнатуды шешуші мақсат деп білді.

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Заңы» негізінде мемлекеттің саяси жүйесін жаңа ахуалға байланысты қайта құру шаралары басталды. Өтпелі кезеңде мемлекеттік жоғарғы биліктің де, үкіметтің де, жергілікті басқару органдары жүйесінің де қызметтерінің өкілеттілігі мен принциптері өзгеріске ұшырады. Бұл іске ерекше серпін берген құжаттың бірі - 1990 жылы 24 сәуірде қабылданған «Қазақ КСР Президенті қызметін тағайындау және Қазақ КСР Конституциясына (Негізгі Заңына) өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заңы» болды. Осы Заң мемлекет басшысын елдің экономикалық және саяси модернизациялануына жауап беретін шешуші саяси фигураға айналдырды. Саяси жүйенің басшылығына Президенттік биліктің келуі өтпелі кезеңдегі билік дағдарысына тосқауыл бола алды. Қазақстан тиімді президенттік билік арқасында тез мерзімде әлеуметтік-экономикалық даму жолына түсіп, қоғамдық өмірді демократияландыру шараларын бастап кетті.

Өмірге жаңа келген президенттік билік Қазақстан азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын қорғап, олардың саяси қауіпсіздігін қамтамасыз ете алды. Президенттік билік елдегі саяси тұрақтылықтың, этникалық татулықтың және әлеуметтік-экономикалық дамудың кепіліне айналды. Тиімді және күшті мемлекеттік ішкі және сыртқы саясаттың да іс жүзіне аса бастауы тұрлаулы Президенттік биліктің басшылығымен жүрді.

Қазақстан халқы жоғарғы лауазымды мемлекеттік биліктің жаңадан енген Президенттік формасын жылы қабылдады. Әлемдік тәжрибеде президенттік биліктің абыройы күшті болуы қазақстандықтарға да оң әсерін тигізгені осы ахуалдан жақсы көрінеді. Елдің саяси жүйесінде, халықтың саяси санасы мен мәдениетінде президенттік билік өз орнын бірден тапты. Президенттік биліктің Қазақстанда абыройды тез жинауына елдің тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жеке басының харизмалық сапалары, оның іскерлігі, елжандылығы мен табандылығы ықпал жасағаны даусыз. Қазақстан қоғамының нарықтық, саяси және әлеуметтік реформалалардың тиімді жолына түсуі президенттік билікпен тікелей байланысты.

Президенттік билік басшылығымен өркениетті, демократиялық саяси жүйені жасаудың жалпыхалықтық және жалпымемлекеттік іс-шаралары басталды. Президенттік билік өтпелі кезеңнің қайшылықтары мен қателіктерін жеңе отыра Қазақстан азаматтарының меншігін, құқықтары мен бостандықтарын қорғай алды. Президенттің тікелей басшылығымен елдің мемлекеттік қауіпсіздіктері мәселелері де ойдағыдай шешіле бастады. Ішкі және сыртқы қауіптер мен қиыншылықтар залалсыздырмайынша саяси тұрақтылық пен экономикалық жаңару болмайтындығын басқарушы элита дұрыс түсінді. Президенттің тоталитарлық социализмнен демократиялық, нарықтық экономикаға өту кезеңінде жемісті қызмет етуі себебі оның өркениетті елдерге тән саяси билік принциптерін, құқықтық мемлекет қағидаларын басшылыққа алуында болды. Президент Конституция мен заңдарды қатаң сақтауға тиісті болды және билік институттарының барлық буындарынан осыны талап етті. Қазақстанның саяси жүйесінің негізгі элементі - Президенттік биліктің Заң құзырына толықтай бағынуы елдегі қоғамдық саяси қатынастар жүйесінің заңдық кеңістікте қызмет ете бастауына ықпал етті.

Елдегі саяси жүйе қызметінің демократиялық жолмен дами түсуіне, саяси жаңару үрдісінің тереңдеуіне «Қазақ КСР-нің Президенттік сайлау туралы 1991 жылғы 16 қазанғы Заңы» маңызды болды. Осы заң кезінде Қазақстанда алғашқы рет өркениетті елдердегідей жалпыхалықаралық және демократиялық сайлау өткізілді. Бұл заң «биліктің қайнар көзі - халық», - делінетін конституциялық принциптің нақты өмірде іске асуына көмектесті. Заң Республикадағы ең жоғарғы мемлекеттік лауазым иесін халықтық сайлау процесіндегі саяси еркі мен таңдауына тікелей тәуелді етті.

Президенттік билікпен бірге Қазақстанның саяси жүйесінде жаңа басқарушы элитаның қалыптасуы үрдісі басталды. Қазақстан қоғамдық өмірдің өзекті мәселелерін өзі жоспарлайтын, шешетін жағдайға келді. Саяси жүйедегі негізгі өзгеріс қоғамды демократияландыру міндетін шешуге қатысты жүрді. Бұл үрдістің елде басқарушы билік инициативасымен жоғарыдан басталғанын айту шындық. Президенттік билік тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елдегі экономикалық және саяси реформалану міндетін өз мойнына алды және ойдағыдай орындап шықты. Ел өмірін нарықтық қатынастарға түсіруге және саяси жүйені демократияландыруға бағытталған 400-ден астам заң күші бар Президент жарлықтары шыққан. Осы жарлықтардың тәуелсіз елдің экономикасы мен саяси жүйесінің жаңару жолына түсуіндегі маңызы зор болды.

Қысқа мақала көлемінде елдегі саяси реформалар эвалюциясы мәселесін толықтай сараптау мүмкін емес. Бұл еңбекте елдегі саяси реформаларға зәруліктің болуын және саяси реформалардың басталуы шараларын қарастырып өттік. Осыдан туатын қорытындыға келетін болсақ, Қазақстандағы саяси реформалардың нәтижесінде елде түбегейлі жаңа саяси жүйенің жасалуы. Саяси жүйе әлемдік демократия үлгілерін басшылыққа алды. Сонымен қатар өтпелі кезеңнің қиыншылықтарына сәйкес мемлекеттік саяси биліктің ерекшеліктері көрінді. Ол ерекшелік Қазақстандағы вертикалды президенттік биліктің шешуші маңызға ие болуында. Ал экономикалық-әлеуметтік дағдарыс ауыздықталған жолдардан бастап «Қазақстан-2030» бағдарламасы Қазақстандағы саяси жүйедегі шешуші элемент кәсіптік мемлекет болуға тиісті деген міндет қойды. Президенттік-парламенттік билік жүйесінің қалыптасуы басталды. Стратегиялық бағдарламада жоспарланған билікті орталықсыздандыру, билік тармақтарының бөлінуі және бірін-бірі бақылауы, заң диктатурасының күшейтілуі сияқты демократиялық құндылықтарды орнықтырудың маңызды бағыттарын іске асыру шаралары басталды. Саяси реформалар түбінде билікті халыққа қызмет еткізетін, демократиялық және өркениетті қоғамды орнықтырары даусыз.