Қымбатты достар! Сіздер Ілияс Есенберлиннің атақты «Көшпенділер» трилогиясын қолға алып отырсыздар

Вид материалаДокументы
Подобный материал:
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   26

Жағатай, Моғол хандарымен күресетін бөтен жолын таба алмаған әбусейіт, ақырында Уайс хан балаларын бірін-біріне айдап салмақ болған. Ол Иранда жүрген Жұныс сұлтанды шақырған. Кеше осы әбусейіт Ордасынан Исан-Бұғыға жасырын кісі келген. Осы құпия адамның айтуына қарағанда, әбусейіт Жұныс сұлтанға көп қол беріпті-міс. Жұныс сұлтан көп кешікпей Яссы, Сауран, Сығанақ қалаларынан бері қарай Шу, Талас өзендерін қуалай отырып. Алмалыққа аттанбақшы-мыс.

Жайшылықта «ел шетіне жау тигелі жатыр» дейтін хабарлардан айылын да жимайтын Исан-Бұғы бұ жолы шошып қалған. Өйтпеске амалы жоқ. Еліне сырттан келер жаудың қаупі бір бөлек те, өз ішінен шыққан жаудың қаупі басқаша. Сырттан келер жауға жұртыңды қарсы қоюға, ұран сап халқыңды біріктіруге болады. Ал өз ішіңнен шыққан жау, ол халқыңның жауы емес, тағыңның жауы. Мұндайда «отаным, елім!» деп ұран салу да қиын. Жұныс сұлтанның әбусейіт әскерімен Исан-Бұғыға қарсы шығуы, әкесінің тағы үшін күресуі Жағатай ұрпақтарын екіге бөлу еді. Ал жалғанда үйіңнен өрт шыққаннан асар жамандық жоқ. Өрт шығатыны тағы белгілі.

Исан-Бұғының мазасын алған осы ойлар еді. Ол бүгін құмсағаттың үшінші аударылуына хан кеңесін шақырған. Сол хан кеңесі жиналғанша жанын қоярға жер таппады. Нөкерлерін ертіп көне Алмалыққа барды. Алтын Емелден әкелінген құм алтынды уыстап біраз отырды. Бірақ көңіл тұманы бірде-бір селт етпеген. Тұнған желімдей жан сезіміне жабысып алып тұрған да қойған. Жайшылықта алтын көрсе рақаттанып қалатын көңілі бұ жолы Исан-Бұғыны шошыта берген. Бұдан өз басына төнген қатердің қаншалық қауіпті екенін түсінген.

Бату ұрпақтары Алтын Орда тағынан айырылғаннан бері қазақ рулары Жағатай хандарына достық ілтифат көрсетіп баққан. Бұл екі жағдайдан туған. Бірі Жағатай, Моғол хандарына қазақтың Үйсін, Жалайыр, Найман, Керей, Қаңлы секілді басты руларымен тізе қосып үнемі Қытай, Ойрат секілді көршілерін тонауды мақсат еткен сырт жаумен көбірек алысуға тура келген. Бұл қазақ пен Жағатай, Моғол хандарының бір ойдан шығуына себеп болған. Екіншісі — Жағатай, Моғол хандары да қазақ рулары тәрізді көбінесе көшпелі өмір сүрген. Мал қамы кейде жер қамына айналып, амалсыз бірлесулеріне мәжбүр еткен.

Ал Ақсақ Темір мен Көк Орда хандарының басқа жұртқа үстемдіктерін жүргізу әрекеттері, өздеріне қорқыныш тудыратын елдерден емес, өздері қор-
қыта алатын елдерді жаулап алудан басталған. Осы екі жақтың ортақ құрбаны ең алдымен Дәшті Қыпшақ болған. Ақсақ Темір де өзінің Алтын Ордаға қарсы жорығында, ең алдымен жолай қазақтың алғашқы ханы Алашаның балалары Мәмет пен Сәметтің ұлыстарын шапқан, өздерін өлтірген. Бертін келе қыз алып, қыз берісіп кеткен Ақсақ Темір ұрпақтары мен Дәшті Қыпшақ ханы Әбілқайырдың саясаты екеуара бірігіп қатар тұрған Моғолстанды шабу болған. Қасыңның досы — о да қасың. Қазақтың көп рулары Моғол, Жағатай ұлыстары жағына шығып кеткендіктен, бұл рулар Әбілқайыр хандығы мен Самарқант әмірлігіне қас саналатын. Реті келсе оларды ел етіп біріктірмей, бағынышты жағдайда ұстау үшін, әлсін-әлсін шабуды саясат еткен.

Осы саясат әсіресе соңғы кезде Әбілқайыр мен оның күйеу баласы — Самарқанттың әмірі әбусейіттің кезінде өрши түскен. Бұл мезгілде Моғолстан мен Дәшті Қыпшақтың ортасындағы бүкіл Түркістан өлкесі Әбілқайырдың қолында тұрған. Моғолстанға жаны қас әбусейіт Әбілқайырдың арқасында осы өлкенің Яссы, Сауран, Сайрам, Сығанақ секілді мединелеріне арқа сүйеуге толық мүмкіншілік алған-ды. Оның үстіне әбусейіт Жағатай Ордасының ішіне суық қолын бөтен жолмен де кіргізуді ойлаған. Жұныс сұлтанның фарсы әйелінен туған қызы Сұлтан-Нигар-Бегімді баласы Омар-Шейх мырзаға алып бермек-тін. Мұнда тағы саясат бар. Исан-Бұғының орнына өзінің туған құдасы Жұныс сұлтанды отырғызу үшін, әрине әбусейіт әскерін аямайды. Жұныстың күшеюі және оның әбусейіт жағында болуы — Самарқант әмірінің айбарының ұлғая түсуіне көп жәрдем. Соңғы кездері әбусейіттің Әбілқайырдан алыстауы Ақсақ Темір ұрпағы мен Жағатай тұқымдарының тізе қоса бастауынан шыққан. Семіздікті тек қой көтереді. Атасы Ақсақ Темірдің ауыр тәжінің салмағын ұрпағы әбусейіт көтере алмай жүр.

Жоқ, олай емес. Әбілқайырға Самарқант әмірлігі құлақ сала берсе, түбі Ақсақ Темір хандығынан дым да қалмайды. Бұны әбусейіт жақсы біледі. Осыдан барып ол жанталасады. Уайс ханның баласы Жұныспен бірігіп Моғолстанды алып, түбі Әбілқайырға қарсы Темурлан хандығын күшейтпек. Ал өзге сұлтандарға не керек? Олар тек «Ұр-рит соқ, соқ!, Ұр-рит соқ, соқ!» Әбілқайыр мен әбусейіт секілді екі азбан қошқар сүзіссе екен дейді. Тек сонда ғана Моғолстанды алып күшеймек түгіл, өз хандықтарын сақтап қалулары да бұлардың екіталай болар еді деп ойлайды мықты біткеннің бәрі-бәрі.

Моғолстан! Бір кезде қандай күшті тайпа еді! Батысындағы Тоқай-Темір ұрпағы Астрахань хандарына, күншығысындағы — Қытай богдахандарына, солтүстігіндегі — Ойрат қонтайшыларына, оңтүстігіндегі — Ақсақ Темір мен Сайбанның қанды балақ әмір, сұлтандарына бой бермей келген. Ал қазір ше? Қазір де жаралы жолбарыстай бір шабатын күші бар. Бірақ сол күші ұзаққа жетер ме? Ай, жетуі екіталай. Оны жаралаған сыртқы жаулары емес, ішкі жаулары. Жете 1  мен Қарбанас 2  хандарының өмір-бақи бітпес өзара таласы. Моғолстанды ішінен жегі құрттай жеп, әлсіретіп келе жатқан осы бірікпестік.

Исан-Бұғы тағы ойға шомды.

Мұндай жағдайда өзінің Моғолстанға хан болуы оңайға түсті ме? Екі көз бірін-бірі шұқымас үшін, алла-тағала ортасына мұрын жаратыпты. Ал бұдан отыз жыл бұрын, бір мың төрт жүз жиырма сегізінші жылы әкелері атақты Уайс хан өліп, артында қалған ағайынды екі жігіт Жұныс пен Исан-Бұғы Моғолстан тағына таласар күн туа жаздағанында кім араша тұрды? Ешкім де тұрған жоқ. Қайта ағалы-інілі сұлтандарды өшіктірумен болды. Әсіресе бұны бұрын Уайс ханға бағынып келген Моғол әмірлері істеді. Осы әмірлердің ар-
қасында Исан-Бұғы Жұныстан Жағатай хандығын тартып алды. Бірақ артынан жастығы ма, мастығы ма, хан болғаннан кейін өзін хан тағына жеткізген осы әмірлерге қиянат істей бастады. Ең алдымен бас наип 3  етіп Тұрфан қаласынан шыққан Темір деген ұйғырды белгіледі. Бұл ұйғыр ханға жаға білді де, өзгелердің қаққанда қанын, соққанда сөлін шығарды. Өзі қарадан туа әсіресе Моғол әмірлеріне жайсыз тиді. Қарадан наип еткен хан ісіне наразы Моғол әмірлері, Темірдің қорлығы әбден асқан кезде, бір күні түнде жиналып кеп оның басын шауып, бүкіл денесін кескілеп өлтірді. Өздері де енді хан қарамағынан шығып жан-жаққа тарап кетті. Дулат руынан шыққан әмір Мір Кәрімберді Моғолстан мен Ферғана, Андижан шекарасына бекініс салып, маңындағы Мауреннахр диқандарын шабуға кірісті. Қоншы руынан шыққан Мір Хақберді бек Ыссықкөл жағасындағы Қой Сойды деген аралға бекініс тұрғызып, жүздеген қарақшы жігіттерімен Түркістан мен Сайрамды тонауға аттанды. Моғолдың Шорас пен Барын руларының әмірлері түбі бір елден шыққандары есіне түсіп, Уайс хан мен әкесі Исан-Тайшы сан айқасқан ойраттардың қонтайшысы Амансанджи жағына ауып кетті. Қалушы, Бұлғашы руларының әмірлері Әбілқайыр қарамағына, Дәшті Қыпшаққа көшті. Ал, моғолдардың ең негізгі көп руы Қоңшының бек, әмірлері еш жаққа кетпегенмен де Моғолстанның кең даласында бүліншілік ұйымдастырумен болды. Темір наиптың өлімінен шошып қалған Исан-Бұғының өзі де Алмалықтан қашты. Бірақ бұны бір кезде Исан-Бұғының әкесі Уайс ханның күшімен Қашқарды қолына алған Сейтәлі әмір Іле өзенінің жағасындағы Аққұйын деген жерден тауып алып, Ақсу қаласына әкеп хан етті. Осы бүлінуден бастап Моғолстан бір ханға бағынудан қалды. Толып жатқан әмірлер, бектер, хакімдер бір тайпы мемлекетті быт-шыт қып бөліп алды. Тек ел шетіне жау келсе ғана бас қосатын күйге жетті.

Исан-Бұғы Ақсуда әбден орнығып алғаннан кейін, көп қол жинап хаджири есебі бойынша сегіз жүз елу бесінші, жаңа есеппен бір мың төрт жүз елу бірінші жылы Ташкент, Яссы, Сайрам шаһарларын шапты. Аямай тонап, қайтадан Ақсуға қайтты. Алдыңғы жылы екінші рет Исан-Бұғы тағы Мауреннахр жеріне аттанды. Бірақ бұ жолы жауды өз жерінде күтіп алған әбусейіт жеңістік бермеді. Исан-Бұғы әскерін бетпе-бет келіп, ұрыста тойтарып, Талас өзенінің бойындағы Тараз-Жаңғы қаласына дейін қуып салды. Исан-Бұғы дәл осы жолы астанасын қайтадан Алмалыққа көшірді. Ондағысы Қытай мен Жоңғар қаупінен мединесі алыстау болсын дегені еді. Сөйтіп жүргенінде қауіп енді кенет оңтүстік өкпе тұсынан туды. Сырт естуіне қарағанда, Мір Кәрімберді, Мір Хақберді әмірлер Жұныс сұлтанға барып қосылған тәрізді. Бұ да Исан-Бұғының қобалжуын күшейте түсті. Өз жағында табжылмай жиені — Мір Сейтәлі мен Мір Мұхамед-Шейх әмірлер ғана қалды. Қысқасын айтқанда, Исан-Бұғы енді өз үйінде өрт шыққанын анық ұқты. Бұл қиындықтан құтылатын қандай жол бар? Мединесін қайтадан Ақсуға көшіру керек пе? Одан не табады? Алмалыққа жетер Жұныс пен әбусейіт мырза Ақсуға жете алмай ма? әрине жете алады. Бірақ Ақсуда Мір Мұхамед-Шейх пен ар жағындағы Қашқардағы жиені Мір Сейтәлі әмірлер бар емес пе, Исан-Бұғының басына шын қауіп туса, бұлардың үндемей қалмайтыны кімге болса да аян. Содан сескеніп Жұныс атының басын кейін тартар? О да мүмкін. Бірақ бір әкеден туса да, бір анадан тумаған, өзі Жұныспен қан майданда бетпе-бет бір кездеспей, күні бұрын қашқаны қалай болады? Жұныс осы Моғолстаннан кеткелі жиырма жылдың ішінде Исан-Бұғыға қарсы екі рет қол жиып майданға шыққан. Бірақ екеуінде де жеңіліп кейін шегінген. Бұл жолы да сөйтер? әй, оған сену қиын. Бұ жолы күш Жұныс жағында. Жұныс жағында емей немене, оны жақтап Дәшті Қыпшақтың айбынды ханы Әбілқайырдың туған күйеу баласы, Жұнысқа ең жақын бел құда болып Ақсақ Темірдің алтын тағындағы әбусейіт отыр. Жоқ, іштей іри бастаған Моғолстан оған дәл қазір қарсы тұра алмайды. Сонда не істеу керек? әлде торғауыттың қонтайшысы Амансанджидың өзінен жәрдем сұраса ма екен?

Исан-Бұғы екі қолын артына ұстап гүлі төгілген, түгі екі елі жібек фарсының қырмызы қызыл кілемін көк шалғынды басқандай аяғымен жайпай аттап, ерсілі-қарсылы жүре бастады. Оның қалмақ қонтайшысынан жәрдем сұрасам қайтер еді деген үмітінің де сыры бар еді.

Жағатайдың бесінші буыны, Мұхамедтің шөбересі Уайс сұлтан ер жеткен кезде, Моғолстан тағында әкесі Мірәлі оғыланның інісі Мір Мұхамед отыр-
ған-ды.

Мір Мұхамед хан мен Уайс сұлтанның арасы өте нашар болды. Уайс сұлтан өзі секілді кілең от жүрек жігіттерді жинап алып, Моғолстанның шетінде, Қашқарияда біраз уақыт аламандық құрып жүрді де, Түркістанға келген. Бұл кезде Түркістанның хакімі Ақсақ Темірдің атақты серігінің бірі Қыпшақтан шыққан Сар-Бұғы әмірдің баласы, Шайх-Нұридин болатын. Ол Мір Мұхамед ханмен өте араз еді. Шайх-Нұридин әмір Уайс сұлтанды құшағын жайып қарсы алды. Өзінің қызы Дәулет-Сұлтан-Сақынажды қосты. Одан Уайстың тұңғышы Жұныс сұлтан туды. Шайх-Нұридин әмір Уайсқа әскери жәрдем беріп, сан мәртебелі Мір Мұхамед ханға қарсы салды. Бірақ қандай айқас болса да күші мол Мір Мұхамед жеңе берді. Тек осы хан өз ажалынан өлгеннен кейін барып, Уайс бір мың төрт жүз жиырма бесінші жылы ғана Моғолстан тағына отырды. Бірақ оның хандық өмірі өте аз болды. Моғолстан тағын бар болғаны үш-ақ жыл биледі. Қашқар ханы Қарахан ұрпағы Сатуқ-Бограның қолынан майданда қаза тапты. Бірақ осы аз өмірінде Уайс хан көп іс істеді. Ең алдымен ол мұсылман дініндегі елдермен жауласуды тоқтатты. Бар күшін Қытай мен Ойрат қонтайшыларымен күреске жұмсады. Осы кездегі Ойрат қонтайшысы Исан-Тайшымен майданда сан мәртебе кездесті. Қытай богдаханынан үнемі әскери жәрдем алып отырған Исан-Тайшы оған жеңгізбеді. Бір-екі рет тұтқын да етті. Бірақ Шыңғысханның ұрпағы деп босатып жібере берді. Уайс сұлтан ең ақырғы мәртебе Тұрфан қаласының жанындағы ұрыста тағы Исан-Тайшаның қолына түсті. Бұл жолы торғауыт әміршісі оны текке босатқысы келмеді. «Егер қарындасың Мақтұм ханымды маған әйелдікке берсең босатам» деді. Амал жоқ, Мақтұм ханымды Исан-Тайшыға беруге тура келді. Одан ойраттың осы күнгі қонтайшысы Амансандж туды. Қасқырдың бөлтірігі өсе келе енесіне шабады. Амансандж Исан-Тайшы секілді көкжалдан туған арлан бөрі еді. Ол шешесінің ақ сүтінен әкесінің алтын тағын артық көрді. Сол тақты күшейту жолында «Моғолстанды нағашы жұртым» демеді. Кере қарыс аузын қазақ руларының қанына толтыра ұрттады. Көршілес Найман, Керей ауылдарына маза беруді қойды. Тек бұл руларды ойраттың қисық қылышынан қазақтың қара сойылы мен қайыспас ерлігі, табан тіреп қарсы тұрар қайсарлығы ғана құтқарып жүрді.

Исан-Бұғының Амансанджидан жәрдем сұрасам қайтеді дегені — сасқан ханның «түбі жиенім ғой» деген құр далбасасы еді. Бірақ сасқан ханға жәрдем басқа жақтан келді.

Хан осылай ерсілі-қарсылы қалың ойда жүргенінде үйге бас найыбы Үйсін Қастек кірді.

— Ұлы мәртебелі тақсыр хан, хан кеңесі тегіс жиналды.

— Мір Сейтәлі әмір де келді ме?

— Иә, тақсыр хан, кеше оған ат шаптырылған.

— Мір Мұхамед хан ше?

— О да.

Хан сүреде тұрған гауһар тас орнатылған алтын тәжін киді де, қолына асыл тастардан безелген күміс асасын ұстап кеңес сарайына қарай беттеді. Бас найп Қастек би мен ауыз үйде күтіп тұрған басқа паруалар 1  үн-түнсіз соңынан ере берді.

Хан кеңес сарайына кіріп келгенде, үйдегі әмір, сұлтан, бек, хакімдер тегіс түрегеліп, иіліп сәлем берді.

— Арсыңдар ма, бек-задалар? — деп хан есік алдында сәл кідірді.

— Барсыз ба, хан иеміз? — деп үйдегілер басын бұрынғыдан да ие түсті.

— Құп келіпсіздер, асыл бауырлар, — деді хан төрдегі өз орнына бара жатып, — отырыңыздар.

Хан алтын зерлі барқытпен безенген кеңес сарайының төргі жағындағы күміс сәкіге барып отырды. Хан отырғаннан кейін, өзге жұрт та дәрежесіне қарай орналаса бастады. Үй іші толған ақ сәлделі, көк шапанды, көк сәлделі, ақ шапанды софы, хакім, әмір, даруғалар мен күміс, алтын кіселі, кең қоныш етікті, бұлғын тымақты, сусар бөрікті Дулат, Үйсін, Жалайыр, Найман билерімен лық толы. Жағатай ордасында Маймене, Майсары дәстүрі жоқ. Хан жеке отырады. Одан төмендеу тек бас наип қана орналасады. Өзге жұрт өзінің шен-шекпеніне қарай орын алады. Алдыңғы жағында ханға жақын, Қашқар, Ақсу, Тұрфан, Жаңғы секілді үлкен әмірліктің хакімдері, олардан сәл кейініректеу Моғолстан хандығының тірегі Үйсін, Жалайыр, Дулат, Найман, Керей, Қаңлы тәрізді қазақ руларының белгілі ру бастықтары, билері, батырлары, бұлардан соң барып, Шолақ, Қорған, Жаркент тәрізді шет қалалардың әкімдері, діни адамдар, софы, ишан, мүриттер...

Исан-Бұғы бірден сөзге кірісті. Ол Моғолстанның солтүстігінен Ойрат, күншығысынан Қытай, оңтүстігінен әбусейіт пен Жұныс сұлтанның шабуылға шықпақ боп жатқанын айта келіп, хан кеңесінің шешіміне екі жарғы қойды.

— Бірінші айтарым, — деді ол, — бүкіл Моғолстан боп әскер жинап жауға қарсы шығамыз ба? әлде әр хакім, әр әмір өз қаласын, өз ұлысын қорғай ма? Осыны шешіңдер.

Екінші айтарым, қазіргі жағдайда Моғолстан мединесін бекінісі нашар Алмалыққа қалдырамыз ба, әлде жау қолы оңай жете алмас Ақсу шаһарына қайта көшіреміз бе, соны шешіңдер.

Түскелі тұрған ауыртпалық иықтарынан жаншып жібергендей, үйде отыр-
ғандар мықшия жерге қарай қалды. Бәрінде де үн жоқ. Уайс ханнан бері әрқайсысы өзіне жеке отау тігіп, бүкіл Моғолстанды талан-тараж етіп меншіктеніп алған Моғол әмірлері енді қалың ойға кетті. Бастарын біріктіріп жауға қарсы шығар болса қандай пайда-зиянға қаларларын есепке алды. Хан қойған сұрақтарға тікелей жауап беруге әрқайсысы өз жағдайын ойлап қиналды. Егер бастары қосылмаса, бүкіл хандықтарынан айрылатыны бұл сәтте ешқайсының жанын күйдірер емес. Қазаны басқаның жаны басқа, бәрінің де ойлағаны өз пайдасы, өз қамы. Бұлар түбі әскер жиналатын болса, қайтсем өз ұлысымды, өз қаламды күшті қалпында сақтаймын, қайтсем кісіні аз берем, әскерге керек қаржы-қаражатты аз төлеймін деп толғануда... «Ал өз қаламды, өз ұлысымды жеке қорғаймын десем, одан қандай зиян көремін? Жұныс пен әбусейітке қарсыласуға күшім жетпей-ақ қойсын, Уайстың қай баласына бағынсам да маған бәрібір емес пе? Мүмкін жауласпай-ақ Жұныс жағына шыға салғаным тиімді болар?» Қытай мен Ойраттан бәлендей қауіптің дәл бүгінгі күні жоқ екенін бұлар да жақсы біледі. Өйткені оларға қарсы қазақтың жауынгер рулары тұр. Осы себептен «ортақ өгізден, оңаша бұзау артық» деп әдеттеніп қалған Моғол әмірлері әлі үн-түнсіз... Ел қамын ойлап қиналып отырғандай құр жерді шұқи береді. Қайтсек хандығымызды жаудан аман алып қаламыз деп ешкім мүнәзараға 1  барар емес.

Исан-Бұғы түбі өздері оралар деп Моғол әмірлерін беттеріне қоя берген қатесін енді ұқты. Ел басқарам деген адамға ең алдымен ел бірлігін ұстай білу керек. Ел бірлігі деген ұғым сол елді басқаратын сұлтан, хакім, әмір, би, батырлар бірлігі деген ұғым. Бұны бабасы Шыңғысхан өзінің атақты Ясысында жақсы айтқан. Сол Шыңғыстың ақылын неге алмаған? Жиырма бес жыл хан асасы қолында тұрғанда, бірігуге көнбеген әмірлерді неге түйреп-түйреп тастамаған? Енді міне, қиын кезең туып еді, артына қарай жүзген шаян тәрізді, біреуі алға шығатын емес. Мұндай жұртпен Моғолстанды қалай жаудан қорғап қаларсың!

Жұрт үні жуырда шықпаған соң, Мір Сейтәлі әмір қабағын шытты.

— Хан ием, — деді ол сәл ашулы үнмен тыныштықты бұзып, — айтқан сөзіңіз мына пенделеріңізге әзірейілдің гүрзісіндей қатты тиіп отыр. Ақылға салуға аз уақыт мұршат беріңіз.

— Болсын.

Дәл осы сәтте үйге қияқ мұртты, шоқша сақалды, ұйғырша киінген дәйекші кірді.

— Хан ием, теріскей жақтан шабарман келіп тұр. Асығыспын дейді. Түнімен тұтғақ 2  бастығы сізге жібермепті.

— Айтары құпия ма екен?

— Жоқ, хабарым хан кеңесінің де құлағына жетсе екен дейді.

— Кірсін.

Үйге «ассалаумағалейком» деп басын иіп, тобылғы қамшысын кеудесіне ұстап, қоңыр жүзін жел сорған қаба сақалды, түйе жүн шекпенді, белінде күміс кіселі жалпақ белбеуі бар, кең қоныш етікті, орта бойлы адам енді. Ол сәлем беріп, есік алдында ханға кішіпейілдік ишарат көрсетіп, бір тізерлеп отыра қалды. Шаң шалған жүзінен алыстан келген жолаушы екені бірден көрініп тұр.

— Қай рудансың? — деді хан ананың сәлемін алып болғаннан кейін.

— Дулатпын. Жаңғы қаласының хакімі Сүйіндік мырзаның шабарманымын.

— Сөйле! Не айтайын деп едің?

— Сүйіндік хакім хабарымды ұлы мәртебелі Исан-Бұғы ханға тез жеткіз деді. Байтақ жеріңіздің теріскей шетіне Барақ хан мен Болат сұлтанның балалары Жәнібек пен Керей ерткен қалың ел келіп тұр. Дені Арғын, Уақ, Найман, Керей, аздаған Қоңырат, Алшын да бар. Әбілқайыр ханмен келісе алмай көшіпті. Қоныс сұрайды. Жәнібек пен Керей сұлтан өзге жұртын Талас өзенінің арғы бетіне қалдырып, өздері бес жүз сойылды салт атты нөкерлерімен төте жолмен сіздің мединеңізге келе жатыр. Мен күні бұрын хабар бергелі жеттім.

Хан көзінде кенет қуаныш ұшқыны жарқ етіп тұтанды да, сол сәтте ғайып болды.

— Жәнібек пен Керей сұлтан қай мезгілдерде жетер екен?

— әрі кетсе ертең күн шыға.

— Өздері қанша жұрт?

— Қыруар ел. Алды келіп өзеннің кең алқабында қазан көтеріп жатқанда, көштерінің соңы түйелерінің қомын алып та үлгерген жоқ. Оның үстіне жан-жақтағы қазақ жерінен, тіпті алыстағы ауылдардан соңдарынан іздеп келіп қосылып жатқан елде есеп жоқ. Сірә, Әбілқайыр хан шеңбері сорлы халықтың жан етін жұлып алуға айналған болуы керек...

Исан-Бұғының қабағы қарс жабыла қалды. Шабарман хан алдында хандардың халыққа істеген қиянатын тәптіштеудің үлкен қылмыс екенін тез ұқты. «Қарға қарғаның көзін шұқымас деген міне, осы екен», — деді ол ішінен. Қарапайым адамның тілі тым ұзын болса, хан әмірі қалай қысқарта қоятынын бұрыннан да білетін шабарман, тым қысылып қалды, бірақ сол сәтте жол тауып кетті.

— Кешіріңіз, хан ием, — деді ол тағы басын төмен иіп, екі қолын кеудесіне қойып. — Сүйіндік хакім, бүкіл Моғолстан халқының қамқоры әділетті Исан-Бұғы ханға Дәшті Қыпшақтың көп руларының көшу себебі Әбілқайыр ханның қиянатынан деген жайды айт деп еді.

Шабарманның қулығын ұққан кей хакім, әмірлер кекете езу тартты. Бірақ өзін «ел қамқоры» деген сөз құлағына жылы тиген Исан-Бұғы қабағын қайта ашып:

— Жақсы. Қонақ үйге барып тынық. Хакім Сүйіндікке біздің айтарымызды ертең естисің...

Басын аман алып қалғанына қуанған шабарман «құп, тақсыр», деп үйден ата жөнелді. Далаға шығып «Уф» деп демін алды. «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» деген міне, осы. Егер басыңды аман алып жүргің келсе, аузыңа ие бол. Тым ақылси берме».

Шабарманның Исан-Бұғыға: «Қыруар ел, оның үстіне жан-жақтарынан көшіп келіп қосылып жатқан жұрт та ығы-жығы» дегені бірде-бір жалған емес еді.

Жәнібек пен Керей Қаракеңгір мен Сарыкеңгірді кейін тастап, Қарақұмнан үш күнде жедел көшіп өткен соң, соңдарынан ерген елдердің ақсақал, батыр, билерін жинап кеңес құрған. Барар жеріміз алыс және жат жер. Ағайын жоқ болсаң бере алмайды, бар болсаң көре алмайды. Моғолстан елі бізді қалай қабылдайтыны белгісіз. Сондықтан түйенің қомын, аттың жалын алдырмай, ағайынға сорлылығымызды көрсетпей жетелік. Күшті екенімізді көрсе сыйлар, күшсіз екенімізді көрсе аяр, «кет кейін» дей қоймас, туыстығымызды қимас... деп шешкен.

Осы күннен бастап сыңсыған қалың ел, малдың күйіне қарай, асықпай көшіп отырған. Бір аптадай өткен шақта Жәнібек пен Керей өздерінің он бес ұл, жеті немере, көптеген, аға-інілерін жинаған. Жәнібек, жолай «Қызыл жыңғылдан» өтіп бара жатқанда жігіттеріне кестіріп алған жуандығы қамшы сабындай бір құшақ қызыл күрең тобылғыны алдына қойып, үлкен баласы әдік төре мен Керейдің тұңғышы Бұрындыққа:

— Алдарыңдағы тобылғыдан бір-бірден алыңдар, — деген.

Аналар алған.

— Енді сындырыңдар, — деген.

Аналар қолдарындағы тобылғыларын шытыр-шытыр сындырған.

— Енді үшеуден алып сындырыңдар, — деген Жәнібек.

Аналар үш тобылғыдан алып бәлендей күш жұмсамай бұ жолы да сындыр-
ған.

— Енді бесеуден алып сындырыңдар, — деген Жәнібек сұлтан.

Аналар бес-бестен тобылғыны алып, әжептәуір күш жұмсап сындырған.

— Енді сегізден алып сындырып көріңдер, — деген Жәнібек.

әдік пен Бұрындық тобылғыны сегізден алған. Тізелеріне де салған, табандарына да салған, маңдайларынан сорғалап тер де аққан, әйтеуір қиналып барып, балуан тұлғалы қос арлан әзер дегенде сындырған.

— Енді оннан алып сындырып көріңдер, — деген Жәнібек сәл күлімсіреп.