Қымбатты достар! Сіздер Ілияс Есенберлиннің атақты «Көшпенділер» трилогиясын қолға алып отырсыздар
Вид материала | Документы |
- Сценарий праздничного концерта, посвященный Дню Независимости Республикик Казахстан, 54.69kb.
- Базарбеков: Азыр бизде Зоотбек Чороевич деп кыргызча, орусчасын алып келет экен, кичине, 912.22kb.
- -, 88.56kb.
- Эш программасы түбәндәге документларны исәпкә алып төзелә, 865.93kb.
- Реферат қазыбек би келдібекұЛЫ, 189.1kb.
- Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің баспасөз орталығЫ, 38.13kb.
- Лекция №8, 30.8kb.
- Эш программасы түбәндәге документларны исәпкә алып төзелә, 3531.71kb.
- Қожапенес Қошчанов, 78.99kb.
- Ұстаз болу – жүректің батырлығы, 614.84kb.
Осы күннен бастап Әбілқайыр Самарқант, Бұқар әмірліктерінің ісіне жиі кірісіп тұратын болған. Өзіне ұнамаған әмір, сұлтандардың билігін тартып алып, басқаға беру Әбілқайырға үйреншікті әдетке айналған. Бұл істерде Оспан-Қожаның қолқабысы аз тимеген. Жалғыз жақсылығы бұл ғана ма?
Бір мың төрт жүз қырық тоғызыншы жылы, Хаджри есебі ойынша сегіз жүз елу бесінші жылы Самарқанттың әмірі, өз әкесі ұлы дана Ұлықбекті өлтірген әбді Латиф мырзаның өзі де алты ай өтпей қастарынан қаза тапқан. Бұл кезде Ақсақ Темірдің екінші ұлы Махамедтен туған Мираншах мырзаның баласы әбусейіт қуғында жүрген. Осындай жағдайда Бұқар, Мерв, Үргеніш әмірі Шахрухтың баласы Ирбагимнен туған әбділлах мырза Самарқантқа ие болған.
әбусейіт осы мезгілде бүлік шығарып Бұқарды алды. Бірақ Бұқар уәлиеті оған аз көрініп, Самарқантты да өзіне бағындырмақ болды. Әбілқайырға Оспан-Қожа мұндағы жағдайды тағы хабарлады. Әбділлахтан көрі, Көк Ордаға әбусейіттің тиімді екенін айтты.
Көп кешікпей әбусейіт әбділлахқа қарсы соғыс ашты. Бірақ жеңіліп қалды. Мүйіз сұраймын деп, құлағынан айрылған тоқал ешкідей Самарқантты жаулап аламын деп жүріп, Бұқарынан айрылды. Енді ол қалған қолымен Түркістанға қашады. Мұнда да тыныш жүрмей Ақсақ Темірдің тұқымы екенін пайдаланып, Түркістанға әмір болады. Содан кейін барып, әбділлахқа өзінің күшінің жетпейтініне көзі жетіп, көп сыйлықпен Әбілқайырға келіп бас иеді. Самар-
қантты әбділлахтан тартып әперсең, өле-өлгенше құлыңыз болып өтемін деп ант етеді. Әбілқайыр бұған өзінің бір қызын береді. Көп қолмен Самарқантқа Бақтияр сұлтанды аттандырады. Әскер соңынан көп кешікпей өзі де жолға шығады. Хаджридың сегіз жүз елу бесінші жылы, яғни жаңаша бір мың төрт жүз қырық тоғызыншы жылы Самарқанттың күнбатыс жағында екі әскер кездеседі. Қырғын соғыс болады, таққа таласқан екі оғлан үшін көп адам қырылады, қан судай ағады. Ақырында әбділлах жеңіліп қашады. Оны қуып жетіп ұстап алып, Әбілқайырдың әмірі бойынша бауыздап өлтіреді. Самарқантқа әбусейіт әмір етіледі. Әбділлах әскеріндегі Жағатайдың көп батырлары мен пахлевандары (сыпайлары) есірей боп қолға түсіп, Әбілқайырға қосылады. Жоғары айтқан уақиғаның бәрі бір жылдың ішінде, яғни бір мың төрт жүз қырық тоғызыншы жылы болады. Міне, осы сергелдең жылдары Оспан-Қожаның Әбілқайырға тағы пайдасы тиген. Ол Самарқанттағы Ақсақ Темір тағының маңайында болып жатқан оқиғаның бәрін Әбілқайырға дер кезінде жеткізіп тұрған. Одан кейін Әбілқайыр мен әбусейіт Самарқантты алғаннан соң да, тағы бір мейіршапқат ақыл берген.
Ұлықбектің Жошының тұқымынан алған Шахарбек атты бәйбішесінен өзі өлгенде Рабиу-Сұлтан-Бегім есімді он бес жасар қызы қалған. Адамзаттан емес, көктегі періштеден туғандай, гүлін жарған қызғалдақтай жадыраған сұлу және Шығыстың әйелге деген қыспағына қарамай әкесі Ұлықбек жеті жасынан медресеге беріп, парсы, түрік, араб тілін үйреттірген. Рабиу-Сұлтан-Бегім әйелден шыққан өз заманының ақылдысы да, бір мінезді, табандысы да болған. Оспан-Қожа дәйекші Әбілқайырға «Егер Самарқанттан еліңе алтын әкететін болсаң, алтынның шынайы қызылы және ең тазасы осы Рабиу-Сұлтан-Бегімді әкет» деген. Қырыққа таяп қалған, жас иіс құмар хан қызды бір көргеннен ұйқы-күлкісінен айырылған. Есіл-дерті Рабиу-Сұлтан-Бегім болған да тұрған. Ақыры төртінші әйелі етіп алып, көңілі тынған. Самарқант бекзадалары қызды ырғалтып-жырғалтып, үстіне дүрия мен қамқадан тартылған балдахин орнатылған ақ пілді бас етіп, асыл қазына жасаумен қырық құл, қырық күң беріп ұзатқан. Бұл қырық күң мен қырық құлдың тең жартысы, жас ағашта өсіп тұрған әлі құрт түспеген өріктей, кілең балбыраған албырт жастар еді. Рабиу-Сұлтан-Бегіммен бірге Оспан-Қожа дәйекшінің өзі де ере жүрген.
Осы кездегі астанасы Сығанаққа келгеннен кейін, Әбілқайыр оны өзіне дәйекші етіп алған.
Міне, содан бері он төрт жыл өтті. Сол он төрт жылдың ішінде Оспан-Қожа пақыр ханды бір рет алдап, не тілегін теріс орындап көрген жоқ. Хан басына туар қауіпті ол өзгеден бұрын сезетін, хан көңілі қалар істі де ол алдын ала болжайтын. Хан абыройын төгер жамандықты сезсе оны ханның құлағына тезірек жеткізетін. Әбілқайырдың оң иығында отырған Жәбірайыл періштедей, бұрыс жолдан әрдайым сақтап қалатын. Ал Рабиу-Сұлтан-Бегім болса ханға арыстай екі ұл тауып берген. Өзінің ақылымен, парасаттылығымен, көркіменен Әбілқайырдың ең сүйікті әйелі болып алған. Сөйткен Оспан-Қожа мен Рабиу-Сұлтан-Бегім ханды көк мұзға отырғызып кетті. Бірі ханның көзіне шөп салды-мыс, екіншісі сол көзіне шөп салған ханның қас жауын аңқаулық істеп қашырып жіберді. Расыменен-ақ Оспан-Қожа аңдамай қалды ма? Оспан-Қожа тәрізді өмір-бақи хан қызметінде жүрген адамның мұндай өз басына қауіп туғызар істе салақтық етуі мүмкін бе? Мүмкін емес. Ұрыны аңдыған алады, не аналар Оспан-Қожадан қулықтарын шын асырып алдап соқты. Не сақ құлақ дәйекшінің өзі солармен бірге... Бірақ неге бірге болады? әлде бір жағдайда маған ренжіп қалды ма? әлде ақшаға сатылды ма? Жоқ, сатылуы мүмкін емес. Оспан-Қожаның алтынға қызыққанын көрген жоқ. Сан рет көңілім түсіп кетіп, көп олжадан үлесін молырақ етіп бергенімде өзіне тиістісінен артығын алмайтын. «Хан қызметінде жүрген кісі дүние шіркінге құмар болмауы керек. «Адам болғалы опасыздықтың бәрі де осы дүниеқоңыздықтан туған» дейтін. Сөйткен Оспан-Қожа... Демек, мұнда бір гәп бар... Сол үшін де оны зынданға салғызарымда күнәсін өзім тексерем деп едім ғой, қалай ұмытып кеткенмін?... Ұмытпасқа мұрша болды ма... Жәнібек пен Керей ойраны басқа іске көңіл бөлдірді ме?»
Үйге Бақты-Қожа уәзір кірді.
— Хан ием, Оспан-Қожа жүзіқараны алып келдік.
Әбілқайыр сәл ойланып қалды. «Жүзіқара! Оның жүзінің қара екенін бұл қайдан біледі? Хан солай қараған соң, бұл да солай қарап тұр ғой... Әйтсе де осы менің шешімім дұрыс па? Тұтқыннан абайсызда айрылып қалғаны үшін кешегі серігіме бүгін мұндай қарғы тағуым жөн бе? Опасыз дүние! Опасыз адам баласы! Қолыңда күшің болса сені ардақтайды, мадақтайды. Күшің кетсінші... Бүгін ханым десе, ертең харам дейді... Бірақ бұған өкпелеуге болмайды. Адам баласы осылай жаратылған, осылай өледі» Әбілқайыр басын иді.
— Кіргізіңдер.
Үйге екі адам екі жағынан қолтықтап Оспан-Қожаны алып кірді. Дәйекші бұрын да шыр бітпеген арық болатын. Сол себептен кейде оны жұрт Инелік деп атайтын. Он жылдан бері тарамыс денелі Инелікке хан көзі қанша үйренгенмен, мына алдында тұрған селеуіттен шошып кетті. Иә, бұл адам емес, адамның селеуіті еді. Арса-арса сүйегіне құр терісі жабысқан, көзін біреу ойып алғандай шүңірейіп кеткен. Құдық түбінде жылтыраған су тәрізді, сонау көз түбіндегі тереңде бірдеме жылтырайды. Екі ұрты ұзақ аурудан қайтыс болған адамның ұртындай қушиып біткен. Жағы жағына тиіп жатыр... Тозығы жетіп, бүрісе қалған кәрі беті тиіп кетсең жыртылғалы тұр. Ал бұдан көп жыл бұрын... жоқ, жоқ. Әбілқайыр хан өткен күндерде өзіне жақсылық істеген адамдардың қызметін есіне түсіргісі келмейді. Әр нәрсе өз кезінде. Өткеннің бәрін есіңе түсіре берсең... бүгінгіге не қалады? Кеше жақсылық істесе, бүгін жамандыққа барып отыр. Әр іс өзінің мезгілінде деп бағалануы керек. Өткен жақсылықпен қазіргі жамандықты жапсам хан бола алар ма едім? Иә, он жеті жасар Әбілқайыр Орда-Базарда хандық құрып отырған Жұмадүктің қолында тәлім-тәрбие алып, әскер басқаруды, ел билеуді үйренді ғой. Он алты жасқа келгенде сол кездегі бүкіл Дәшті Қыпшақ руларын басқарып, Жұмадүк ханның оң қолы болған, Маңғыт руынан шыққан атақты Едіге батырдың баласы, Ақсақ Темір ұрпақтарына бүйідей тиген Қазы биді өлтірді. Әрине оны бұл жалғыз өзі өлтірген жоқ, Қазыға қарсы әмірлер мен сұлтандарды жинап, солармен бірге бауыздады. Жұмадүк ханның қаһарынан қорқып соңынан ерген Дәшті Қыпшақтың біраз әскерімен өзінің туған шаһары Тараға қашты. Артынан жетпіс мың әскермен қуып шыққан Жұмадүк ханмен қан майданда бетпе-бет кездесіп, оның басын алды. Содан бері Әбілқайыр өзіне жақсылық істеген, талай қиын-қыстау қатерлі өткелдерден алып шыққан, бірақ артынан сәл мүлт басқан талай серіктерін оп-оңай су түбіне жіберді емес пе? Осындай қанқұйлы болмасаң, хан тағында отыра алмайсың. Өзгеге аяушылық еткен Ұлықбек не болды? Ақырында өз баласының қолынан ажал тапты. Жоқ, алтын таққа ие болғың келсе, жолыңды кесіп өтерін білсең, туған балаң болса да аяма. Айдаладағы бір дәйекші сөз бе екен? Алтын тақ пен аяушылықтың бірі бар жерде, екіншісі өмір сүре алмайды.
Оспан-Қожаның бір жақсылығы ұмытылған тарих. «Ал, қазір сенің білетінің оның жаңа тарихы — істеген қастығы. Жақсылығы үшін дер кезінде сен де оған жақсы қарағансың, ал жамандығы үшін сен енді оған жаман қарауға тиістісің! Бұл өмір заңы!»
Өзімен-өзі болып кеткен ханның ойын кенет Оспан-Қожа бөліп жіберді.
— Хан ием, — деді ол тұншыға қырылдай сөйлеп, — егер сен қазір мені босатсаң, бәрібір мен саған рақметімді айтпаймын. Енді менің күнім біткен. Алла-тағаланың жазғанын ешбір хан бұза алмайды, ал менің көп болса бір жұмалық тіршілігім қалды. Сенен сол бір апталық тіршілікті сұрап алғым келмейді, сен хан болсаң да... қалған күнімді одан артық ұзарта алмайсың... Қысқартам десең — еркің... Бірақ сенен сұрарым басқа...
— Не сұрамақсың?
— Сұрарым — менің сөзімді тыңдап шық.
— Жақсы.
— Алдымен саған неге адал қызмет істеп келдім, соны біл. Есі дұрыс адам Ұлықбек мырза тәрізді әділетті жанды өзің тәрізді қатыгез ханға айырбастамас болар. Мен айырбастадым. Соның себебін есті.
— Жарайды, естиін.
— Жошының бесінші баласы Сайбаннан Бәниел баһадур туады, одан Иіс-Бұғы, Иіс-Бұғы ұрпағы Абдол оғлан, одан Мөңке Темір хан, одан Фулат оғлан, Фулат оғланнан Ибрагим оғлан, одан Дәулет-Шайхы оғлан, Дәулет-Шайхы оғланынан өзің — Әбілқайыр хан тудың... Сенің он атаңдай менің де он атам болған... Бірақ олардың аттарын ешкім білмейді. Білудің де қажеті жоқ. Сендер хансыңдар да, біз құлмыз. Мен ата таластырып тұрғаным жоқ, айтарым басқа. Ұлы Шыңғыс хан тұқымымыз десеңдер де, сендердің де іштеріңде құлдарды да адам санағандары болған. Соның бірі сенің жетінші атаң Иіс-Бұғы сұлтан. О кісі хан тағына жеткен жоқ, бірақ жауынгер адам екен. Осы Иіс-Бұғының құлы менің жетінші атам Қара Нар деседі. Шамасына қарамай көжеге де қаймақ тұрады. Құл екенін місе тұтпай бұ кісі де орасан батыр болыпты. Бір қанды айқаста өзінің төресін — Иіс-Бұғыны жау қоршауынан құтқарам деп жүріп, қолға түсіпті. Бұл ұрыста жалғыз менің бабам Қара Нар ғана емес, одан нәсілі де атақ-бағы да жоғары талай бекзадалар тұтқын бопты. Ұрыс бітіп, екі жақ бітімге келіпті. Жеңген жау қолға түскендерді бәлен қара төлеуін беріп, сатып аласыңдар дейді. Кей сыпайылардың құны он жылқы болса, бір сұлтанның бағасы жүз жылқыға бағаланыпты. Ал сол айқаста аса ерлік көрсеткен үш батырдың әрқайсысының құны үш сұлтанның құны депті. Соның бірі менің жетінші атам Қара Нар екен. Қазақтың белгілі руларынан шыққан ана екі батырды, жау жағының сұрағанын беріп елдері тез-ақ босатып алыпты. Ал менің жетінші атам құлды кім үш жүз жылқы төлеп қайтарсын? Руы жоқ сорлы, қатын-баласын қия алмай қан жылайды. Бірақ шабыншылыққа іліккен ел орталарынан мал шығарып құнын төлей алмайды. Құлдардың аяқтарына кісен салып, жаулары Қытайға апарып сатпақ боп ыңғайланады. Дәл осы сәтте Иіс-Бұғы сұлтан келеді. Сөз айтпай үш жүз мақпал қара асыл жылқысын айдап беріп, өзін ажалдан алып қалған құлды босатып алады. Қатын-баласына қосылып көзайым боған Қара Нар Иіс-Бұғының аяғына жығылады. Жеті атаңның жеті ұрпағым құлы болып өтсін дейді. Жеті атаң үрім-бұтағымды қойдай бауыздап жатса, қыңқ етіп үн шығармауын, өзімнің ұрпағыма өсиет етіп кетем деп ант береді. Міне, сол Қара Нардың жетінші ұрпағы мен боламын. Менімен сенің атаңа берген Қара Нардың ұрпағының анты бітеді. Құлдың намысы хандікінен кем емес. Атамның антына кір келтірмейін деп, бар қиянатыңа көне бергем.
Әбілқайыр мырс-мырс күлді.
— Сенің үкіміңді Қара Нар бабаң атам заманда айтқан болса, менің үкімім тек сол үкімді орындау болып шығады екен ғой.
— Ол солай. Мені өз қолыңмен бауыздасаң да, құдай алдында сұрауым жоқ. Оның үстіне күнәм бар.
— Қандай күнәң бар?
— Батыр Саянды қашырып жіберген менмін.
— Сенсің бе? — Әбілқайыр кенет түксие қалды. — Онда өміріңді жүз аптаға ұзарттырам. Өлтіртпеймін. Күніне нәр беріп, кәріліктен өлгенше зынданда ұстаймын.
— Қанша күн өмірің болса, сонша мәртебе өл дейсің ғой? Мейлің. Егер хан әмірі алла-тағаланың жазғанынан күшті келер болса, оған да көндік. Ал менің айтам дегенім бұ да емес.
— Енді не?
— Хан, мен батыр Саянды неге қашырып жібердім, соны неге сұрамайсың?
— Алтын көрсе періште жолдан таяды.
— Жоқ, алтын періштеге де, құлға да керек емес. Алтын хандарға керек. Мен оны босатқан себебім басқа. Батыр Саян Ұлықбек мырзаның Арғын күңінен туған ең кенже баласы. Рабиу-Сұлтан-Бегім бәйбішеңнің бір әкеден туған інісі. Бұны тек Рабиу-Сұлтан-Бегім мен мен ғана білетінмін. Өзіне тиген қырық құлдың бірі етіп ханым батыр Саянды да алып келген. Ұлықбек мырзаның күңінен туған ұлы бар екенін әбді Латиф, әбусейіт, әбділлах сұлтандар да, Шахарбек ханым да білмейтін... Олар біле қалса хан тағына тағы бір таласкердің пайда болғанын ұната ма? әрине ұнатпайды. Көзін жас күнінде-ақ құртқан болар еді. Ұлықбек мырза өз басына ауыртпалық туа бастағанын сезіп, өлер жылы, ақылы, ойы ерте жетіккен Рабиу-Сұлтан-Бегім қызы мен осы жеті жасар ұлын көзінің қарашығындай сақтауымды тапсырған. Ал мен ұлы данышпан әміршіге өле-өлгенше жас Саянды жауларынан қорғап өтуге ант бергенмін. Міне, сол үшін оны қашырдым. Үш күреңді де Рабиу-Сұлтан-Бегім менің ақылыммен алып қалды. Менің ақылыммен Жәнібек сұлтан да күзетші Арғын жігіттеріне батыр Саянмен қашуға бұйырды. Ендігісін өзің біл, қазір өліп кетсем өкінбеймін, Қара Нар бабамның өсиетін де, өзімнің Ұлықбек мырзаның алдындағы антымды да адал орындадым.
Әбілқайыр соңғы кезде тек Рабиу-Сұлтан-Бегімге ғана емес, бүкіл Ақсақ Темір ұрпағына ашулы еді. Самарқант әміршісі, өзінің күйеу баласы әбусейіт әбділлахтан майданда жеңіліп, Әбілқайырға кеп паналап, хан күшімен әбділлахты өлтіріп, Самарқантты тартып алғаннан кейінгі қылығы кешегі күндегідей емес, басқаша еді. Ол кезде Әбілқайырды хан тұтып, Гератта оған арнап сарай салдырған. Халықтан жинаған қаржы-қаражаты мен зекетінің тең жартысын уәделескен уақытында Орда-Базарға жіберіп, өзінің рухани бағынышты екенін әрдайым білдіріп тұрған. Сол әбусейіт соңғы кезде кілт өзгерді. Бұқар, Самарқант уәлиеттеріне Қорасан мен Иранның біраз жерін қосып алып, өз әмірлігін күшейткеннен бері Әбілқайырға қырын қарауды шығарған. Әбусейіттің бұл қылығын Әбілқайырдың туған қызы Күнайжамал да қолдайды-мыс деп естіген хан. Жәнібек пен Керей қарамағындағы елін бөліп әкетіп, сәл әлсіреп қалған Әбілқайыр, бір ыңғайсыз кезде әбусейіттің өзіне жұдырығын түйе бастағанын көрген. Хан іштей қатты ызаланған. «Егер қарамағындағы сұлтан, әмір, көрехандар бүйте берсе айбарлы Дәшті Қыпшақ хандығында не қалады? Жығылған Орданың біреу шаңырағын, біреу уық, бақанын, біреу керегесін бөліп-бөліп әкететініне сөз бар ма! Жоқ, өйткізіп қоюға болмайды. Сайыпқыран Әбілқайыр хан да сояудай қанды тырнақтарын көрсетуі керек! Ал әбусейітпен майданда кездесуге әлі мезгіл туған жоқ. Қазір Самарқантты шабар әл-қуат жеткіліксіз. Әттең Жәнібек, Керей, әбусейіт күннен күнге күшейіп бара жатыр. Амал жоқ, шыдаған жөн. Жағатай ұрпақтары, әңгіме сендермен сосын болсын!» Осындай күйініп жүрген шағында Рабиу-Сұлтан-Бегім оқиғасы оған дәтке қуат болған. Ақсақ Темір ұрпақтарына аз да болса қара жағылып, өшім қайта берсін — деген.
Ал Инеліктің мына сөзі тағы бұны кенет сескендіріп тастады. «Сонда қалай?.. Саянның кіші інісі екенін маған Рабиу-Сұлтан-Бегім неге айтпайды? Мұнда қандай гәп бар? Арғындар өзіне Саянның жиен екенін біледі. Бұ да әрине Рабиу-Сұлтан-Бегім арқылы... Мен ештеңе де білмеймін... Әрине бәйбішем мен Арғындар арасында да бір құпия сыр бар... Кім біледі, олар маған қарсы одақ құрып жүрген шығар?»
Әбілқайырдың қабағы кенет қайтадан түксие қалды. Бұл жалғанда адам баласының жан тыныштығын бұзуға бостан-бос сезіктенуден, өзгенің бәрін өзіңе жау көруден қауіпті күш жоқ. Әбілқайыр жас кезінен-ақ қарадай жел сөзге майысқақ, орынсыз сақ құлақ жан еді. Жасы ұлғайған сайын бұл ауруы да күшейе түскен. Бұл жолы да солай болды. Көңілінде кішкентай ғана күдік туып еді, ол күдік кенет басын алғалы келе жатқан қорқынышқа айналды. «Жоқ, жоқ бұлар бәрі бірігіп мені құртқалы жүр. Алдымен Рабиу-Сұлтан-Бегімнің көзін жою керек».
Хан ойын болжап білгендей Оспан-Қожа:
— Арғындар батыр Саянның өздеріне жиен екенін мен арқылы білді. Осыдан бес жыл бұрын оларға мен айтқам.
— Неге?
— Жетім бала теңізге шыққан жалғыз қайық секілді. Оған мықты рулардың бірі қорған болсын дедім.
— Арғынсыз қорғаны осал ма еді. Саянды Сүйіншікке атеке етем деп Рабиу-Сұлтан-Бегім осында жанталасқан жоқ па еді?
— Оған өзің көнбей қойдың ғой.
«Бекер көнбеген екенмін. Көнсем ғой, өсек сөзден өзім де, Рабиу-Сұлтан-Бегім де ада болады екен-ау! Және Ұлықбектің туған баласы жиеніне атеке болып менің қолымда тұрса, қандай күш! Темірлан алтын тағы Орда-Базарға қауіптене қарай жүрер еді ғой. Әбусейіт тәрізді бұра тартарларды ауыздықтағаным, тобыр алдында кінәсіз көрінер еді. Қалай жаулап алсаң да, тобырдың көкейіне қонбаған үстемдігің, тысырайып тұрған тар киім тәрізді, бір жерінен болмаса бір жерінен сөгіліп кетеді». Әбілқайыр хан бұл қағиданы ұзақ жылғы ел билеген тәжірибесінен біледі.
Хан ойын Оспан-Қожа тағы бөліп жіберді.
— Батыр Саянды өлтірсеңіз ерке-шора Гүлбаһрам-Патшайымды да өлтірген болар едіңіз...
— Неге?
Гүлбаһрам-Патшайым қызыңыз батыр Саянға ғашық...
— Оны сенен басқа кім біледі?!
Ханның бұл сұрақты текке бермегенін Оспан-Қожа бірден ұқты. Ол сәл ойланып қалды да:
— Рабиу-Сұлтан-Бегім ханым, — деді қырылдай сөйлеп. — Ол екі жастың түбі қосылуына жан-тәнімен тілектес...
«Жоқ, Рабиу-Сұлтан-Бегім батыр Саяннан адал екен, әйтпесе жиырма тоғыздағы жас сұлу оны күндесінің қызына қимас болар... бірақ бұны тағы менен неге жасырды? Мұнда қандай сыр бар? Саянның Ұлықбек мырзаның баласы екенін білсем, мүмкін мен оны Сүйіншікке атеке етер едім ғой. Мұндай аңырақай, соқпақты, қиын жағдайларда ең бөктер жол сол болатын еді-ау!».
— Рабиу-Сұлтан-Бегім алдымен сізден Саянды Сүйіншікке көкілташ 1 етуді өтінбек болған. Бірақ жастайынан біріне-бірі ұнаған Гүлбаһрам-Патшайым мен Саяндай екі жасты аяды. Егер Саян Сүйіншікке көкілташ болғанда Гүлбаһрам-Патшайымнан мәңгі күдер үзер еді. Өз қарындасын өзі алуға Мұхаммет пай-
ғамбардың діні рұқсат етпес еді. Сол себептен сізден ханым оны атеке етуіңізді өтінді. Сен көнбедің ғой. Ал батыр Саянның кім екенін сізге айтуға қорықтық. Өйткені Қыпшақ батыры Қобыланды да сенің қызыңа ғашық... Бәрібір Қобыланды тұрғанда қайдағы бір келімсекке Гүлбаһрам-Патшайымды бермейтінің айдан анық қой.
Тоғыз торап жол бір жерге келіп түйіседі. Сондай-ақ сан адамның тағдыры кейде осындай бір тұстан табысады. Хан өз Ордасында тарам-тарам қан тамырларындай түйісіп, қайтадан тарасып жатқан құпия сырларға таң қалды. Қан тамырының бәрі келіп бір жүрекке құйып, қайта тарайды. Ордадағы сол жүрек Әбілқайырдың өзі ғой. Бірақ сол Орда тынысын, қан тамырларының қалай соғып жатқанын неге сезбей келген? «Халықты билеместен бұрын, ең алдымен Ордаңды билей біл. Ордаңды жұмған жұдырықтай берік ұстай алсаң, халықты да берік ұстай аласың» деп әлем құдіретшісі ұлы Шыңғысхан бабамыз бекер айтпаған екен, «өз Ордамда не болып жатқанын сезбегенде де Жәнібек пен Керейдің халқымды қалай бүлдіріп жүргенін қайдан білейін. Жоқ, жоқ, мен алдыменен маңымды берік ұстауым керек».
Хан енді басын көтеріп алды, қоңырау орнына алақанын шапалақтады. Үйге Бақты-Қожа уәзір кірді.
— Қазір менің қызым Гүлбаһрам-Патшайым мен Қобыланды батырды алып келіңдер.
«әрине, Гүлбаһрам-Патшайымды Қобыландыға қосамын. Жазықты ма, жазықсыз ба — бәрібір батыр Саян кінәлі. Тыныш жатқан арыстан — хан ашуын өзі оятты... Демек, Рабиу-Сұлтан-Бегім күнәсіз... Оның кесімін кейінге қалдырғаным жөн болған...»
— Хан ием, тағы да айтатын бір ақылым бар.
— Ол қандай ақыл?
— Уәзіріне сырын білдіріп алған хан қақпанға түскен аңмен бірдей. Тағдырың уәзіріңнің қолында. Достық ойласа қақпанынан құтқарып жібереді, қастық ойласа ұрып алады. Әйтеуір қақпанынан оңай босатпайды.
— Бұны сен маған неге айтып тұрсың?
— Бақты-Қожа уәзірден сақтан. Жұрт сенен емес одан қорқа бастапты. Мұндай айбар тек ханды өз уысында ұстаған уәзірдің қолынан ғана келеді.
«Мына сөзінде де жан бар секілді. Иә, Бақты-Қожа бір сырымды біледі. Және сыр болғанда қандай сыр! әрине сол сырымды өзіме қарсы пайдалануға тырысады. Кім біледі пайдаланып та жүрген шығар?.. Тұра тұр!» Әбілқайыр тағы да өзінің сезіктенгіш қылығына ауды. Оның көз алдында, кенет, құпия сыбырласып отырған Рабиу-Сұлтан-Бегім мен Бақты-Қожа уәзір елестеп кетті. Одан кейін бәйбішесінің кешегі бір өзіне деген жылы шырайы есіне түсті. Әдетінше түс мезгілінде хан Рабиу-Сұлтан-Бегім үйіне барған. Жас сұлу бәйбішесі ақ тотыдай таранып отырған. Әбілқайыр үйреншікті әдеті бойынша шымылдықтың қасына келіп шешіне бастағанында, Рабиу-Сұлтан-Бегім ақ мамықтың үстінен еркелеп түрегеліп, аяғын ырғала басып алтын кесеге шербет құйып әкелген.
— Гераттан жіберіпті. Бұғы мүйізінің нәрі қоса қайнатылған, аяғына дейін ішіңіз, хан ием, — деген.
Хан ішкен. Және денесі аппақ қардай, қарақат көз сұлу бәйбішесінің жанында әдеттегісінен анағұрлым ұзақ жатқан. Сол бір шатты сәтте әлі де он жеті жасар уылжыған қызға бергісіз осы бір періштедей сүйкімді әйелін Бақты-Қожа уәзірге өлтір деп тапсырғаны ойынан шығып кеткен. Бар ынтасы сол бір тамаша мезеттің қуанышын мейлінше соза түсуде болған. Өткіншек дүниенің қызығы да оған дәл осы сәтте марал мүйізінің сөлі қосылған шербеттің тәтті уытындай көрінген. Тек осы қызық тез өтіп кетпегей деп тілеген.
Ал сол сурет оның көз алдына басқаша елестеп кетті. Шербет құйылған алтын кесені қолына алды. Жанындағы Рабиу-Сұлтан-Бегім мөлдір көзіне қарай тұрып кесені түбіне дейін жұтып салды. Сөйтті де жүрегі өртеніп домалай барып құлады... «Марал мүйізі сөлінің орнына кішкентай ғана күшәланың уы қосылса не істеймін?! Жоқ, жоқ бұдан былай қарай тым сақ болған жөн. Япырмай, бір ажалдан аман қалған екем. Өзім де сезімге берілгішпін. Шербетті алдыменен Рабиу-Сұлтан-Бегімнің өзіне неге іштіріп алмадым? Екіншідей бұл естен шықпасын. Жалғыз Рабиу-Сұлтан-Бегім ғана емес, қай қатыным болса да берер асын, ішкізер сусынын ең алдыменен өздеріне таттырып көруім керек-ақ!»