Қымбатты достар! Сіздер Ілияс Есенберлиннің атақты «Көшпенділер» трилогиясын қолға алып отырсыздар

Вид материалаДокументы
Подобный материал:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   26

Шаруа жайы қиын ғой, жорықтан қажып қайттық...

— Мал бар, бала-шаға бар...

— Уақыттың өзінің тар боп тұрғанын көрмеймісіз...

— Тоқтат, өңшең шуылдақ! әскербасы ақырып жіберді. — Бұрын соғыс көрмеп пе едіңдер? Жорық көрмеп пе едіңдер? Сонда үйде шаруам қалды, қатыным қалды деп қайсың айтушы едің?! әлде ел шетінде шұбырып көшіп жүрген аз ғана тобырдан қорқамысыңдар? Атаға тартпай туған өңшең су жүрек!

— Тақсыр, — деді Орысбай иығын қомданып, алға шығыңқырап. — әрине, біліп, сезіп отырсыз, шаруа дегеніміз тілге тиек қана. Шынымды айтсам, мен жазықсыздан-жазықсыз өз бауырларыма қарсы қылыш көтеріп, адам алдында бір, құдай алдында екі күнәкар болғым келмейді. Онсыз да төгілген қан аз емес. Дәрежең кем демесең, мен де ата мен анадан туған ұлмын. Ешкімнің де басыбайлы құлы емеспін. Өз еркім өзімде. Бұл жорыққа бара алмаймын.

— Қинамаңыз, мырза.

— Тақсыр-ау, ел бетіне қалай қараймыз...

— Хан мен сұлтандар жанжалдасты деп екі ортада шаруа неге қырылуы керек...

— Өзара жауласудың қанша қажеті бар...

Жұрт дабырласып, дүрлігісіп кетті.

— әй, Қоқыш, әй, Такежан, әй, Күйгенбай, — деді әскербасы қарашы халықтың мына райын аңдаған соң, Әбілқайырдың басыбайлы төлеңгіттерінің атын арнайы атап. — Хан иемнің бауырында өскен күшік емеc пе едіңдер, дәмін ақтамай, құдайды ұмытқандарың қалай?!

Топ ішінен біреудің кеңкілдеп күлген даусы естілді. Бірақ төлеңгіттердің көбі не айтарын білмей тосылып қалған еді, көп атынан Қоқыш сөз алды.

— Дәм ақтайтындай, ешкімнің хақысын жеген жан емен, — деді ол әскербасыға тура қарауға қаймыққандай, көзімен жер шұқып. — Бірақ хан бұйырса қай жорыққа болмасын барам. Әйткенмен, тақсыр, сүйреп қосқан тазы түлкі алмайды деуші еді, құр қара көбейтсін демесеңіз, қан төгуге ар-ожданым шыдамас.

— Өңшең ез! Сендер жау түсірмек түгіл, өздерің олжаға кетерсіңдер! —деді күйіп кеткен әскербасы булыға.

Бұдан әрі күш көрсетуге Бахтияр сұлтан бара алмады. Әскер дені көшкен елмен тілектес екенін сезгендіктен не айтарын білмей тұрып қалды.

Кешке қарай әр тараптан хабаршылар да жете бастады. Елегізіп отырған ел хан жарлығын қуанышпен қарсы алмапты. Тіпті, кейбір рулар хан ием біздің Жәнібекке ермей, өз қарауында қалғанымызға неге шүкіршілік айтпайды десіпті. Ал енді бірталайы игілікті іс үшін хан өлімге жұмсаса да барар едік, бірақ бұ жолғысы қиянат, өз бауырларымызбен соғысуға аталарымыздың аруағынан қорқамыз деген көрінеді. Жарлыққа мойын ұсынғандар аз еді. Осының нәтижесінде Әбілқайыр жасағы ханның өз ойлағанынан екі-үш есе кем боп шықты. Бұл жиналған жұрттың өзінің қаншалық сенімді екені күмәнды.

Ақыры хан, үстіне жан адамды кіргізбей, көз шырымын алмай, дәм татпай ақ орданың ішінде бір күн, бір түн бойы ерсілі-қарсылы сенделіп жүрген де қойған. Әбілқайыр бұ жолы, шынтуайтқа келгенде ел тағдырын хан мен сұлтандар емес, халықтың өзі шешетінін ұқты. Қазір Дәшті Қыпшақтың қалың бұқарасы өзінен опа шегіп, қазақтың жеке хандығын құрамыз деген рулар жағына мүлдем шығып кеткеніне шек келтірмеді. Енді ол Жәнібек пен Керейлерді хандық құрмай тұрғанында басып алу үшін жорыққа аттану жайлы ойынан бас тартты. Өйтпеске шарасы да жоқ-ты. Жаралы арыстан сияқты ызалы хан іші қазандай қайнағанмен күресуге дәрмені жоқ, істің ақырын күтіп, аңысын аңдуға көшті.


Екінші бӨлім


І


Ұлы Шыңғысханның екінші баласы Жағатайдың бесінші буыны Мұхамед ханның шөбересі, атақты Уайс ханнан туған, Моғолстанның қазіргі ханы Исан-Бұғы бүгін өте қапалы еді.

Жайшылықта бір қарағаннан көңілін көтеріп жіберетін Алмалықтың жасыл төккен бау-бақшасы да, Алатаудың бұлт қонған қаһарлы биіктері де, көшеде қыз күлкісіндей үнемі сыңғырлап ағып жатқан арықтардың күміс сылдыры да, бүгін жүдеу жанын жұбата алмаған.

Ол кездегі мол сулы Алтын Емел өзенінен Жалайыр жігіттері жаз бойы құм жуып, ханға тарту етіп алып келген жарты қапшық ұсақ алтын да, тіпті бұның көңілін ашпаған. Жігіттердің ықыласын аяқсыз тастағысы келмей, бесеуіне бірдей сол Алтын Емел бойынан әрқайсысына бір тепе 1  басыбайлы жер берілсін деп бұйрық алған да өз қолымен иықтарына зерлі шапан жауып, қайтадан төргі бөлмесіне кіріп кеткен. Әрқайсысы бір тепе алтын жуатын жерге ие болып, кенет байып қалған жігіттердің қуанышты кетіп бара жатқанын терезеден көріп, сәл езу тартып, күлген. Бірақ кенет қайтадан қабағы түйіле қалған. Кешегі естіген хабары қайтадан қойнына біреу суық жылан салып жібергендей бойын тітіркенте түскен.

Хан кеңесі жиылғанша жанын қоярға жер таппаған. Сосын екі жүз елу жыл бұрын Жағатай бабасы мекен еткен, бір кезде Үйсін, Жалайыр, Ұйғыр диқандары салған, бірақ қазір құлап біткен көне Алмалықтың ескі жұртына барған. Бұл ескі жұрт Исан-Бұғыға қымбат дүние еді. Осы ескі жұртта ол алғашқы рет махаббаттың не екенін білді, осы ескі жұртта ол әкесі Уайс ханның қалай қан төккенін көрді.

әкесі Уайс сұлтанның алғашқы жігіт кезінде бұлардың ұлысы Жейхун дариясының оң жағында болатын. Дарияның сол жағында ат шаптырымдай жерде Ақсақ Темір уақытында салынған Қаңғыт руының дихасы — Маңғыт, одан әрі бір күндік жерде Үргеніш шаһары жатқан. Ал Жейхунның оң жағы — сұрғыл төбелі, тек жусан мен баялыш қана өсетін, түйіршік тасты ұшы-қиыры жоқ дала, Қарақалпақ тұсы — Сұлтан Уайстың ұлысы еді. Көк Орда мен осы Жағатай ұрпағының меншікті жерін екіге бөліп, екпіні Сейхуннан екі есе күшті, сұрғылт толқынын үйірілте бұлқынған, адамның бір қарағаннан қарадай зәресі ұшатын, мол сулы Жейхун ағатын. Осы Жейхун дарияның күнбатыс жағасында биіктігі қырық, қалыңдығы он құлаштай сұрғылт топырақты шымнан құйған бекініс бар. Бекіністің ішінде сұрғылт кірпіштен қалаған бірнеше кең сарайлар салынған. Міне, осы бекініс, соңынан Сұлтан-Уайс-Даг деп аталған жер, Уайс сұлтанның атамекен қонысы болатын.

Исан-Бұғының балалық шағы осы жерде өтті. Әкесі ұзақ жыл Моғолстан әскерін басқарып, басынан сан жорықты өткізіп ақырында өзінің қастарын жеңіп, ақ кигізге көтеріліп хан болған. Содан кейін барып Исан-Бұғы Моғолстанның астанасы, бау-бақшалы Алмалық шаһарын көрді. Жейхунның жағасындағы жан-жағын биік бекініспен қоршаған, айдалада жападан-жалғыз тұрған сұлтан Ордасында өскен жас балаға, бұл шаһар бір керемет салтанатты боп елестеді. Қаланың жасыл бағында сыңсыған алма, өрік, жүзім, алмұрт... Көшесіне шықса, диқан аспаптарын, жауынгер қару-жарағын, қыз-келіншектер алқа-жүзік, білезіктерін соғып жатқан шеберлердің көк құрыш төсті құлаштай кеп ұрған балғаларының шаңқылынан құлақ тұнады. Алғашқы рет ол осы қалада намаз оқуға көк күмбезді мешітке кірді. Осы қалада ол алғашқы рет кәпірлер шоқынатын насрани дініндегі келімсектер салған шіркеуді көрді. Сол бір ғажайып балалық шағындағы көріністер әлі күнге дейін көз алдынан кетпейтін. Әкесі Уайс хан өте діншіл еді. Бір күні ол таңғы намазын оқып болды да әлі шырт ұйқыда жатқан ер жете бастаған балалары — Жұныс пен Исан-Бұғыны оятты. Өзімен бірге ертіп жүрді. Соңдарында нөкерлері. Көп кешікпей бұлар көне Алмалыққа келді. Тісі түсіп опырайған кәрі адамның аузы тәрізді, келісімсіз кілең құлап жатқан шым үйлер, зәулім үлкен кірпіш қоралар... Осы жан шошырлық күйреген қаланың ортасында тек басында сары жезден крес орнатқан жасыл күмбезді мәнерлеп салған ағаш үй көрінеді. Үйдің жанында бау-бақша. Бақша толы кілең ишан, қожа, ақ сәлделі, көк сәлделі молда, мәзін, кәри, мүриттер. Хан келісімен ортада тұрған мінбеге ақ сәлделі молда шықты. Таңертеңгі салқыннан әбден мұздап қалған екі бала енді әлгі мінбенің жанындағы дарды көрді. Дар қасында екі қолы артына байланған, шашы өсіп кеткен, ақ сақалы бүкіл кеудесін жапқан, үстінде тізесіне түсетін ақ кенеп көйлегі бар келісті біреу тұр. Сырт пішіні, түр келбеті мұсылманға ұқсамайды. Ат жақты, көк көзді, ақ сары адам.

Мінбеге шыққан әлгі молда екі қолын жоғары көтеріп, Уайс ханға қарап:

— Ісләм дінінің қорғаны, ұлы мәртебелі Уайс хан сіздің мүбәрәк қолыңыз қойылып, алтын мөріңіз басылған әділетті жарлығыңызды орындауға рұқсат етіңіз! — деген.

Хан басын изеген:

— Рұқсат!..

Қызыл шырайлы молда енді қолы байлаулы кісіге қараған:

—Мұхаммед пайғамбардың үмбеті, ұлы Моғолстанның ұл-қызын өз дініне өткізіп, дозаққа түсірмек әрекетімен шіркеу ұстап, күнәкар болғаның үшін Сүлеймен пайғамбардай әділетті, Ғазірет Ғалидай айбарлы, ұлы мәртебелі Уайс хан, аллатағаланың кәпір пендесі Дәниел, сені дарға асып өлтіру жазасына бұйырды. Ажал алдында қандай өтінішің бар?

Ұзын сақалды, дудар шашты адам басын шайқаған.

— Діні басқа пұсырмандардан еш өтінішім жоқ. Дінім үшін құрбан болуға бармын! Тезірек дарларыңа тарта беріңдер!

Молда ханға қараған. Хан басын тағы изеген. Қолы байлаулы адамның жанындағы екі жендетке молда:

— Аллатағаланың жазмышы осылай. Құдайдың шоқынды құлы Дәниелді дарға асыңдар! — деген.

Екі жендет қолы байлаулы адамның мойнына қыл арқанды ілмешектеп түйіп, екінші ұшын өздеріне қарай тарта бастаған. Сақалды адам серейе, жоғары көтеріле берген. Тек дары белағашының тұсына таяғанда ғана бір рет жұлқына түсіп, екі қолын салбырата, басын бір жағына қисайтып тына қалған. Екі жендет арқанның қолдағы басын жердегі қазыққа апарып байлаған.

әлгі молда қайтадан Уайс ханға қараған:

— Ұлы мәртебелі тақсыр хан ғибаратты жерімізде тоқсан жыл бойы әзәзілдің ошағы боп келген мына шіркеудің күл-талқанын шығаруға рұқсат етіңіз! — деді.

Хан тағы да басын изеп, «рұқсат» деген ишарат көрсеткен.

Білектерін сыбанған қожа, молда, мәзін, кәри, мүриттер «тфа, тфа, пәлекет!» деп қыл арқанды шіркеудің биік басындағы кресіне байлап, бәрі жабыла тартып жерге жұлып түсірген. Содан кейін үлкендігі тай қазандай мыс қоңырауын жерге құлатқан. Екі бие сауымдай уақытқа жеткізбей, бір шеге шашпай, Алатаудың аршасынан қиыстырып, жонып салған шағын, салтанатты шіркеуді күл-талқан еткен. Сүниет дінін берік ұстаған, Арабстаннан, Ираннан келген қожа, муфти, ишандардың кеу-кеуімен, кілең қызба әфенді, мүрит, шейхтер шіркеуді біржолата жермен-жексен етіп жоқ қылған.

Исан-Бұғыға бұның бәрі ойыншық боп көрінген. Тек бертін келе, өзі хан тағының ісіне араласа бастағанда ғана Византия епископы Джавани Мариньолли, Флоренциядан Жетісу мен Гоби құмы арқылы Ханбалыққа 1  бара жатып, бұл шіркеуді Алмалықта 1340 жылы салдырғанын білген. Уайс ханнан бұрын-
ғы Алмалықтың хандары мен хакімдері, бұзыла бастаған шаһардағы ешкімге керегі жоқ шіркеудің бар-жоғына көңіл бөлмеген. Рим папасының мұсылман жеріне жіберген тыңшы-діни адамдары шіркеудің мұндай жағдайын астыртын пайдаланып жүрген. Талай мұсылмандарды насрани дініне кіргізіп алған. Тек өте діншіл Уайс хан ғана Жағатай тағына отырғаннан кейін, бұл шіркеуді мұсылман дініндегі адамдарды ақ жолынан адастырмасын деп біржолата құртуға жарлық берген.

Исан-Бұғы бұл күнгі көрген көрінісінен жас жанын деміктіріп күйзелмеген. Қарт адам Дәниелдің ажалы да, жасыл күмбезді әдемі шіркеудің қирауы да көңілінде бәлендей із тастамаған. Бірақ бұл жалғанда ұмытпас әсерді оған бас-
қа жағдай қалдырған. Ер жетіп келе жатқан хан балалары, қираған шіркеу тұрған жердегі тамаша бау-бақшаға келіп, сан түрлі ойынға берілетін. Бір күні осындай жағдайда Исан-Бұғы жасыл емен түбіне сүйегі жерленген Дәниелдің төмпешік зиратының басында булыға жылап отырған қыз баланы көрді. Үстіне қара киген, қолында бір шоқ гүлі бар, шамасы он екі-он үш жасар. «Бұл не қылған қыз? Қайдан келді?» Исан-Бұғы таяй түсті. Дәл осы кезде қыз бала да орнынан түрегелді. Исан-Бұғы беліндегі қанжарын шап беріп, ұстай алды. «Жоқ, бұл адам емес, перінің қызы! Мұндай адам баласы жаратылуы мүмкін емес!» Расында да қыз хан баласының жайшылықта көріп жүрген қыздарына тіпті ұқсамайтын еді. Үлкен көгілдір көзі тұнып жатқан Көкше теңіз суындай көкпеңбек, ақсары жүзді, қыр мұрын, сұңғақ бойлы. Исан-Бұғыны таң қалдырған әсіресе шашы болды. Ол мұндай шашты жаратылғалы көрген емес. Жерге шұбатылып жатқан қос бұрымы, нағыз бір төбесінен етегіне дейін толқындала төгілген қызыл алтын тәрізді... Жоқ, Исан-Бұғы мұндай қызғылт шашты еш уақытта да көрген жоқ. Мұндай шаш адамзатқа бітуі мүмкін емес. Мұндай шаш тек су перілерінде болады деп еститін. «Өзі де су перісіндей сұлу екен. Сірә, мені, сиқырлап алуға су астынан шыққан ғой». Пісмилла! Пісмилла! Мен бұнымен тіл қатысуға тиісті емеспін. Егер тілдессем біткенім... Жоқ, жоқ егер маған таяйтын болса, қанжарымды жіберуім керек... Бұл су перісінің қызын өзіме жуытпауым керек... Астапыралла, астапыралла!..»

Бірақ қыздың өзі де таямады. Ол Исан-Бұғының бетіне азапты пішінмен жасқана қарады. Көзі күздің бұлыңғыр күніндей тұманды жасқа толы.

— Ғапу етіңіз, хан оғлы, жолыңыздан кездесіп қалғаныма! — деді ол басын иіп, — бұл ара сіздің ойнайтын жеріңіз емес еді...

«Бәсе айттым ғой, бұл перінің қызы деп, әйтпесе менің хан баласы екенімді қайдан біледі? Пісмилла! Пісмилла!..» әйтсе де қызға жауап бермеу мүмкін емес еді. Егер адам айдалада келе жатып, жол үстінде жайнап жатқан гауһар тасты көрсе бір бұрылмай кете алар ма, қыз да осы ғажайып гауһар тастың дәл өзі болатын. Исан-Бұғы оған тіл қатпай қала алмады.

— Таяма! — деді ол даусы дірілдеп. — Өзің кімсің? Адамсың ба? Жынсың ба?

Қыз Исан-Бұғының шошып қалғанын енді сезді. Ол мұңая езу тартты.

— Қорықпа, адаммын, — деді ол. Сөйдеді де ананың қанжарынан қолын алмай тұрғанын аңғарып, тағы да мұңая езу тартты. — әкең әкемді өлтіріп еді, енді сен мені өлтірмексің бе? Жазығым не? — Қыз ақырын күрсінді. — Бұл күні жазыққа қарайтын заман ба? Мейлі өлтіргің келсе, өлтіре бер...

«Бәсе, былтырғы дарға асылған кәпір де осы қыз секілді көк көз, ақсары еді ғой. Көп болса қызы шығар... Бірақ әлі сенбей тұрған Исан-Бұғы:

— Расымен адамсың ба? — деді әлі де қанжарынан қолын алмай. — Онда «оллаги, биллаги, Мұхаммедтің үмбетімін, жалған айтсам құдайтағала кәрі соқ-
сын» деші.

Қыз сәл жымиды.

— Рас айтам, адам баласымын. Егер өтірік айтсам құдайтағала кәрі соқсын. Ал Мұхаммед пайғамбардың үмбетімін дей алмаймын, мен насрани дінінің үмбетімін.

— Ол не? Кәпірсің бе?

— Сендерше кәпір... Біздерше ең әділетті діннің құлымыз...

«Жын-пері болмағаныңа мың да бір шүкір. Ал кәпірлігіңді тастап, мұсылман дініне ауысуың тақа қиын болмас... Оны соңынан көрерміз...»

Исан-Бұғы қыз сөзіне сенді. Сенбеске амалы жоқ еді. Өйткені қыздың кәпірлік күнәсын сұлулығы жеңіп кеткен. Оның жын-пері еместігін біліп қуанған бала жігіт дәл қазір өзін осы кәпір қызы үшін дозақ отына күюге дайын тәрізді сезінді. Исан-Бұғы тек бар болғаны пісмилла, пісмилла деп қызға таяй берді...

Қыз шынында да былтырғы дарға асылған шалдың қызы болып шықты. Әкесі өлген кезде Мұхаммед пайғамбардың дінін тастап, Иса пайғамбардың дініне көшкен бір ұйғыр диқаны бұны үйіне жасырып тірі алып қалыпты. Қазір сол ұйғыр үйінде тұрады екен. Флоренцияға баратын керуенді күтіп жүрген көрінеді. Әкесінің зиратына гүл қоюға келгенінде Исан-Бұғыға кездесіп қалыпты.

Екі жас бірін-бірі, шу деп кездескенінен ұнатты. Балалық мөлдір сезім бірте-бірте лаулаған жалындай, жүректерін балқытқан алғашқы махаббатқа айналды. Бірін-бірі көре алмаса тұра алмайтындай күйге жетті. Бірақ кішкентайынан күндес өскен туған ағасы Жұныс, інісінің ойынды тастап, тез өзгерген мінезінен сезіктеніп, аңдып жүріп бұлардың құпиясын ашты. Ашып та қоймады, әкесіне барып: «Балаң кәпірдің қызын алайын деп жүр» деп шағыстырды. Өзі өлсе тағына Қыпшақ әйелінен туған үлкен баласы Жұныстан гөрі, шешесі Моғол хандарының қызы, Исан-Бұғының отыратынын тілейтін Уайс хан шошып кетті. «Егер Исан-Бұғы кәпірден қатын алар болса, түбі насрани дініне бір бүйірінің тартпасын кім біледі? Мұсылман дініндегі адамдарға да қиянат етуі мүмкін ғой. Жағатай 1  тағының құруы да осындайдан басталуы ықтимал. Әйел жүрген жерде — қашан да болса қауіп жүреді. Шыңғыс бабамыздың төртінші ұлы Төленің үш баласы бірдей — Қытайды басқарған Құбылай, Иран мен Египетті алған Құлағу, ақырында Қарақұрымдағы үлкен Орданың ханы Мөңке — Арғын руынан әйел алғанынан не шықты? Көп істерді жасырын осы әйелдері басқарды. Құбылай Арғын қызы Жауһар ханымның айтқанын екі етпеді, тіпті Қытай мемлекетінің көп істеріне де Арғындар қатынасты. Құлағу Арғын әйелінің айт-
қанын орындап, қарамағындағы бүкіл Қара теңіз маңындағы елге бас басқақ етіп Арғұн батырды отырғызды. Ал сол Арғұн басқақ бір кездегі Жағатай ұлысына Жетісу арқылы жүргізілген Батыс пен Шығыстың ұлы жолын өзінше бұрмақ болды. Қара теңіз бен Азов теңізінің жағасындағы қалалардың Күншығысқа баратын сауда керуендерін ол енді Дәшті Қыпшақ жерін қақ жарып, Арал теңіз даласы арқылы өткізуге кірісті. Жолдың бұлай өзгеруі Шығыс пен Батыстың керуен сарайы боп тұрған Алмалыққа қанша зиян келтірді. Ал, Мөңке хан өзі Қарақұрымда отырса да, қытай мен ұйғыр қызына үйленді. Ақылгөйлерінің көбін қытай, ұйғырлардан алды. Осының бәрі ұлы Шыңғысхан ұрпақтарының өз тілін, өз хандығын жоғалтуға аз себеп болған жоқ. Жоқ, жоқ ақымақ балаңның сүйері — өз тілегіндегі қатын болмаса, оның зияны аз тимейді. Сондықтан да Исан-Бұғы жақсы көрген насрани қызы тірі қалуға тиісті емес. Ол өлуі керек».

Хан уәдесінде тұрған. Жазығы жоқ, уылжыған жас сұлуды Орданың екі нөкері Исан-Бұғының көз алдында бауыздаған. Бұл оқиға Исан-Бұғының жүрегіне бітпес жара салған. Ол өзінің сүйген адамының көз алдында қалай ажал тапқанын көргеннен кейін, жас жаны енді аяушылықты мүлдем ұмытып, тірі пендеге рақымсыз, тасбауыр болып алған. Соңынан алғашқы махаббатының өшін талай қас-жауынан қайтарған. Осы өштің ең алғашқы құрбаны әкесі бір, шешесі басқа, өзінің ағасы Жұныс еді. Исан-Бұғы әлгі оқиғадан жеті жыл кейін әкесі Уайстың орнына Моғолстан тағына отырған күні, ағасы Жұнысты ұстауға әмір берді. Ондағы ойы тек «түбі осы менімен хандыққа таласады» деген қауіп қана емес, баяғы кәпір қыздан айыртқан өшін алуы да еді. «Таста тамыр, ханда бауыр жоқ» деген міне, осылай келетін. Бірақ Жұныс қолға түспей қашып кетеді.

Исан-Бұғы өзі хан болғаннан кейін, осы кәпір қыздың өлген жеріне құлпытас орнатқызып, ескерткіш қойдырған. Әлдеқалай қайғырса, не жол таба алмай қиналса, хан үнемі осы араға келетін. Сүйген адамының сол күнгі көз алдында бауыздалған суретін елестетіп, сөйтіп босай бастаған көңілін қайтадан қатуландыратын. Хан жолының мейрімсіз жол екенін есіне түсіріп, толқуын тоқтататын.

Соңғы кезде Моғолстан шекараларының тыныштығы тым бұзыла бастаған-ды. Осыдан бір апта бұрын жеткен хабарға қарағанда, Қашқар, Құлжа қалаларына Қытайдың көп әскері шабуыл жасамақ тәрізді. Үйсін Арқалық батырдың жіберген шапқыншысының жеткізуі бойынша, шабуылға шықпақ Қытай әскері тым көп көрінеді. Егер хан тағынан жәрдем келмесе, Қашқар, Қырғыз сыпайлары ұзақ ұрысқа төтеп бере алмайды депті жиені, Қашқар ханы Сетәлі. Сондай-ақ Қара Ертіс бойындағы Найман, Керейлерден де арғы жақтарындағы ойраттар қазақ жеріне аттанбақ болып жатыр деген хабар жеткен. Ойраттар жеңіл жау емес, оның үстіне қолтығына су бүркіп, оларды құтыртып отырған тағы да сол Қытай богдахандары. Қытай Қытай болғалы, осыдан мың жарым жыл бұрын өткен Қошан патшалығы кезінде де Орта Азияға, қала берді осы күнгі Моғолстан жеріне көз тігумен келген. Бірақ осы күнгі Орта Азия, Ауғанстан, Күншығыс Дәшті Қыпшақ және Иранның шығыс жағын жайлаған Жүзші, Үйсін, Сақ, Қыпшақ, Басмалы, Ұйғыр тәрізді көшпелі елдердің бірігуінен, соңынан Үнді, Ауған, Иран халықтарының бас қосуынан туған ұлы қауым қытайдың ықпалына түспек түгіл, өз ықпалын жүргізген. Будда діні осы жердегі Қошан патшалығынан Қытай, Жапон, Кореяға тараған. Бірақ құмырсқадай қаптап өскен Қытай халқы сол кездің өзінде-ақ өз жеріне сыймай бара жатқан соң, богдахандары көне Қытай қабырғасынан шығып, әлсін-әлсін жан-жақтағы елге ауыз сала берген. Әсіресе, олардың көздегені Көкше теңізге дейін осы күнгі Жетісу болған. Жерін қорғаған Үйсін, Дулат, Жалайыр, Басмалы 1 , Ұйғыр жұрты мен Қытай богдахандары арасында сан түрлі ұрыс, қан төгіс айқастар өткен Қара Ертіс, Құлжа, Қашқар бойларында Қытай әскері талай жеңілген... Демек, бұдан олар сабақ алмаған, қарапайым халқының өлімін шыбын өлімі құрлы көрмейтін Қытай богдахандары кей кезде өз шекарасынан өтіп, Көкше теңізге дейін жеткен. Бірақ айбынды, Сақ, Қыпшақ атты әскерлері оларды өздерінің «Қытай қабырғасына» қайта қуып тыққан. Соған қарамай міне, тағы Моғолстан жеріне шабуыл жасамақ. Әрине Қытай шабуылы үйреншікті ауру. Ол басынан ұрылып, таяқ жеп, әбден әккі болған жылқы тәрізді, қанша көптігін мес тұтып, қоқан-лоқы көрсеткенмен де, Жоңғар қақпасынан бері өтуге батылы бармайды. Жоңғар қақпасына келіп, шүлдірлеп азан-қазан болып жатқандарында, бер жағынан біз де жетеміз... Кілең атты қазақ, сойылға қарсы келе алмайтын өңшең жаяу қытай әскерін қайтадан өз жеріне қуып тығады. Бұл оларға да, бізге де үйреншікті әдет. Сондықтан да бәлен ғасырдан бері Қытай богдахандары біздің жерімізге ең болмаса бір қаласын тұрғыза алмай келе жатқан жоқ па? әрине бұның бәрі күші жетпегендіктен. Әйтпесе қазақты аяйын деп отырған Қытай богдахандары жоқ. Қасқырға бата алмаған бұралқы, үреген, сабалақ майлыаяқтар тәрізді, құр байбаламымен қорқытпақ. «Құлжа, Қашқарға аттанамыз деп күні бұрын дабыл қағып мазаны алмақ...»

«Расымен бұ жолы да олардікі құр байбалам ба? Жоқ, бұ жолы құр қор-
қыту емес тәрізді... Моғолстанның бір күшсіз, қамсыз кезін дәл басып отыр. Моғолстанның шығыс жағын билейтін Моғол хандары мен солтүстік жағын бас-
қаратын Жағатай ұрпақтарының арасындағы өзара алауыздықтың аса бір қатты шиеленіскен уақытында бас салмақ. Ел басқаратын хандар арасында бірлік жоқ кезде, сырттағы жау әдеттегісінен анағұрлым қауіпті...»

әйтсе де Исан-Бұғының құтын қашырып тұрған бұл жәйт емес. Басқа.

Ақсақ Темір ұрпағы мен Жағатай ұлысының хандары бабалары өлгеннен бері жан аяспас қас. Бұл қастық әсіресе Самарқант тағына әбусейіт отырғаннан кейін күшейе түскен. Көк Орда ханының жәрдемімен таққа отырғанын әбусейіт тез ұмытқан. Енді ол өзін-өзі бір ұлы сайыпқыран патша санап, жан-жағына алабұртып қарай бастаған. Моғолстан жеріне де көз жіберіп, бір-екі рет Түркістан өлкесінің оңтүстік жағына да бас сұғып көрген, бірақ соғыс ісіне шебер, Уайс пен Исан-Бұғы хан оның дегеніне бола қоймаған. Бұл жағдай Самарқант әміршісін Жағатай ұрпағына тіпті өшіктіре түскен.