Қымбатты достар! Сіздер Ілияс Есенберлиннің атақты «Көшпенділер» трилогиясын қолға алып отырсыздар
Вид материала | Документы |
- Сценарий праздничного концерта, посвященный Дню Независимости Республикик Казахстан, 54.69kb.
- Базарбеков: Азыр бизде Зоотбек Чороевич деп кыргызча, орусчасын алып келет экен, кичине, 912.22kb.
- -, 88.56kb.
- Эш программасы түбәндәге документларны исәпкә алып төзелә, 865.93kb.
- Реферат қазыбек би келдібекұЛЫ, 189.1kb.
- Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің баспасөз орталығЫ, 38.13kb.
- Лекция №8, 30.8kb.
- Эш программасы түбәндәге документларны исәпкә алып төзелә, 3531.71kb.
- Қожапенес Қошчанов, 78.99kb.
- Ұстаз болу – жүректің батырлығы, 614.84kb.
Хан сөзінің жаны бар екенін Қобыланды батыр енді аңғарды. Әрине, ол Ақжолды оңашада кездессе салған жерден өлтіреді. Жүректі жегідей жеп бара жатқан күйік тек соны ғана арман етеді.
Қобыланды батыр басын төмен иді де:
— Құп, тақсыр, ендігісін ақ білектің күші, ақ найзаның ұшы шешсін! — деп хан сарайынан шығып кетті.
Әбілқайыр тағы да ойға шомды. «әрине, Жәнібек пен Керей Ақжолдың құнын сұрап хан ордасына төнеді. Міне, сол кезде жекпе-жекте өлген батырдың дауы арқылы елге бүлік салайын деп жүрсіңдер деп, біржолата көздерін құртып жіберу керек. Сөйтсем мен тобыр көзінде Дәшті Қыпшақ бірлігін ойлаған хан боп қалам. Ал тобыр солай түсінсе қос сұлтанның өлімдері де елеусіз өтеді». Сол күні ол өзінің Орда күзет әскерінің баһадуры Найман Қара Оспанды шақырып алды. Оған ертеңнен бастап Орда-Базардағы хан әскерін ұрысқа дайын ұстауын бұйырды. Соңғы кезде Жәнібек пен Керей жағына іш тарта бастаған Найман баһадуры хан бұйрығын Жәнібек сұлтанға жеткізді. Кенет секем алған сұлтан өз жігіттеріне аттарын белдеуде, найзаларын босағада ұстау-
ды ескертті.
Дәл осы кезде Ақжол би жанында үш аңшы серігі бар, қаршыға салмақ боп қазақтың көне мәдениетінің кіндігі болған қарт Арғынаты тауларының бөктеріндегі бір кезде Барақ хан Ордасы тұрған Барақкөл маңына саяхатқа шыққан. Жаз бойы құсбектері той-думанда жүріп, тұғырларында ұзақ отырып қалған қанды балақ, қызыл көз қаршығалар аңшылардың әбден айызын қандырған. Қырдың шоқтай қызыл түлкілері мен қара қылшықты қарсақтарын қиядан іліп, Ақжол би мен серіктерінің көңілін көл-көсір ашқан. Қаршыға салу қызығына мүлдем батқан саятшылардың ауылдан шыққандарына бір аптадан асып кеткен. Осы кезде оларға Жәнібек сұлтаннан «Хан Ордасы қазір ұйқы-тұйқы қобалжуда. Аз адаммен аңда жүріп ұқыпсыз боп бір қырсыққа ұшырап қалмасын, тезірек Ордаға қайтсын» деген шабарман келген. Заты сабырлы Жәнібек сұлтанның босқа мазасызданбағанын Ақжол би бірден сезіп, сол сәтте-ақ ауылдарына бет бұрған. Бірақ бұлар ойлаған кездерінде Орда-Базарға жете алмаған. Ұлытаудан бері асып, күнгей беттегі тал түбекті құла су Жанғабыл өзенінің бойындағы «Орда тіккен» деп аталатын, бір кезде Жошы ауылы қонған жерде ат шалдырып жатқандарында, қасында он жасауылы бар, Көксеңгірін ойнақтатып Қобыланды батыр үстеріне сау ете қалған. Түсі суық, кигені кереге көз сауыт. Күн сәулесімен шағылысады. Жуандығы білектей, түбіріне жұмырықтай қорғасын құйған, үлкендігі баланың басындай, зілдей қайың шоқпарын үйіріп, көк орай шалғында бір жамбастап жатқан Ақжол биді көргеннен-ақ ақырған:
— Қатын болмасаң шық қазір, өлер жерің осы! — деген.
— Батыр-ау құба жонда бұныңыз не? Жекпе-жекке шығар болсаңыз қалың ел бар емес пе? — деген Ақжол бидің қара мұртты жас серігіне:
— әй, мына қара шоқпарым ең алдымен өзіңе тимесін десең, былай тұр! — деп зекіген.
Қобыланды батырдың өшпенділігі тым тереңде екенін білетін Ақжол би онымен сөз таластырып әуре болмаған. «Құдайдың жазғаны осы болса оны да көрейін» деп шідерімен оттап жүрген Ақжанбасын алдырған. Шарт киініп, бөтен қарулары болмағандықтан түлкі, қасқыр соғуға деген қайың сойылын ұстап атына мінген. Сол-ақ екен долы мінезді Қобыланды Көксеңгірге қамшыны басып жіберіп қарсы шапқан. Ақжол атын тебініп үлгіргенше сала құлаш кеуделі Көңсеңгір арқырап жетіп келген. Ақжол сойылын да жөндеп сілтей алмай қалды. Нардай биік тұлпардың үстіне қарай соққан сойылы сауыт киген Қобыландының тек бүйір тұсынан барып тиді. Қара Қыпшақ батыры тұлпарының қарқынын тоқтатпастан Ақжанбасты кеудесімен қақтыра ырғытып бұзау бас қара шоқпармен өзінен сәл төмендеу Ақжол биді дәл төбесінен қос қолдап ұрды. Ақжол биі түбінен кескен теректей дізерлей қалған Ақжанбасының үстінен күрс етіп құлап түсті. Дулығасыз түлкі тымақ киген, мылжа-мылжа болған төртбақ денесі анандай жерге дейін домалап кетті.
Қобыланды батыр бұрылып артына қараған жоқ, нөкерлерін соңынан ертіп, Көксеңгірді ойнақтатқан бойы, іп-лезде көзден ғайып болды.
Ойламаған оқиғадан шошып кеткен Ақжол серіктері дереу қалың Арғынға ат шаптырды. Бас сүйегі күл-талқан боп, миы әр жерге шашырап жатқан аяулы бидің нардай денесін алдарына өңгеріп Орда-Базарға қарай беттеді.
Әбілқайыр бұл кезде хан сарайында Бақты-Қожа уәзірмен оңаша отырған.
Уәзір хан тапсырмасының орындалып қалғаны жайында әңгіме шертуде.
Сүйіншік сұлтан туған шешесінің қылығын алғашқы естігенде сенбеген-мыс... Сен менің анама қара жауып отырсың, жарып өлтірем деп қанжарын ала ұмтыл-
ған-мыс. Бірақ бұл оқиғаны «хан әкең де біледі. Сен айтпаған үкімді әкең айтады» дегеннен кейін барып тоқтаған-мыс.
Шыңғысханның тас жүрек тұқымы емес пе, ақыры күнәлі анасын өлім жазасына кесуге көнген...
Зұлым уәзір бұл жерде, біраз жағдайды жасырып қалған. Ол Сүйіншік сұлтанмен әңгімесін бөтен түрде бастаған. Ханның өзге балаларындай емес, бұл сұлтан Бақты-Қожа уәзірге жақын жүретін. Уәзір оны оңаша шақырып ойындағысын айта алмай ұзақ отырған.
Хан уәзірінің көмейінде бір өте күрделі сөздің тығылып тұрғанын сезген бала жігіт:
— Сөйле, Бақты-Қожа уәзір, — деген. — Байқауымша айта алмай отырған бір құпия сырың бар секілді.
— Оның рас еді.
— Егер құпия сыр маған арналған болса, екі құлағым сенде.
— Тек өзіңе ғана арналған. Тек сенің болашағыңа керекті сыр...
Тумай жатып Хан Ордасының өзара қанды таластарына әбден қанық Сүйіншік: «Менің басыма қауіп туып қалған екен» деп шошып кетті. Сұлтанның бұл жағдайын сезген қу уәзір:
— Бүркіт балапаны жаратылғанда қыран болам деп жаратылады. Хан баласы туғанда хан болу үшін туады. Сенің әкең Әбілқайыр он жетісінде бүкіл Дәшті Қыпшақты биледі. Ал одан туған сен, әлі жорға мініп алтыбақан тебуден аса алмай жүрсің. Дер кезінде қабыршағын жарып жарық дүние көрмеген балапан тұншығып өледі, дер кезінде алтын таққа отыра алмаған хан ұлы, хан тағын арман етер кеселге айналады. О да өлгенмен тең...
«Хан тағы» деген сөзді естігеннен-ақ Сүйіншіктің екі көзі оттай жайнап сала берді. Уәзір бала жігіттің ең осал жерінен ұстағанын сезді, енді ол бір терең ойға шомып кеткендей ұзақ уақыт үндемей қалды. Уәзір сөзі жанына жаға бастаған Сүйіншік шыдай алмай:
— Хан тағынан дәметер менен де бөтен аға-інілерім бар ғой, — деді бірден өзінің қаупін ашып, — олар да хан баласы.
— Қара қазақ баласы — әкесінің баласы. Хан тағының баласы — әкесінің ажалы. Өйткені тақ біреу, отырамын деушілер көп.
— Хан әкеміз әлі елуге жеткен жоқ қой...
— Хан жасы — баласының жасымен байланысты. Баласы өзін нәресте санаса — хан жас болады. Баласы ер жеттім десе — хан қартқа айналады.
Сүйіншік түксие қалған.
— Сонда сен...
Уәзір ақырын жымиып күлген.
— Шыдай тұр, ел билегің келсе, алдымен өзіңді өзің билей біл, — деген ол. — Мен сені әкеңе қарсы салғалы отырғам жоқ. Қылшылдаған жас айғыр кезі келгенде кәрі-құртаңды үйірінен өзі қуады. Хан иемізге қаншалық жаның ашитынын кезінде көрсетерсің. Ал қазір айтарым: мүбаракті Әбілқайыр хан ауру жан. Бүгін болмаса ертең, ертең болмаса бүрсігүні, оның төсек тартып жатып қалуы ғажап емес. Құдай өзі бергенін өзі алады. Бұған тірі пенде араша түсе алмайды. Әбілқайыр ханның тек сырты ғана сау, іші күйе түскен кигіздей шұрық-шұрық. Құдай тағала қымбатты хан иеме мың жыл тіршілік берсін. Ал алда-жалда... — уәзір қиналғандай төмен қарады, — жаман айтпай жақсы жоқ, егер хан ием олай-былай бола қалса, бір таққа он ие бар, қайсың отырасың мен соны айтайын деп едім.
Сүйіншік адуынды хан әкесінің көзі тірі екенін тіпті ұмытып кетті. Әлі өзі отырып көрмеген алтын тақтың буы күні бұрын жүрегін тулата бастады. Ол енді қобалжи, толқи сөйледі.
— Сонда өзіңіз қайсымызды лайық дейсіз?
Уәзірдің де күткені осы сұрақ еді. Енді ол асықпай, әңгімені тереңнен қозғады.
— Хан иемнің өзге балалары бір төбе, сен де бір төбесің. Топ қарғаның ішінде қоңыр қазымсың. Бірақ ханның ақылды баласының бас жауы өзінің әкесі деген. Ал сенің әкең емес, анаң бас жауың...
Сүйіншік шошып кетті.
— Ол мүмкін емес, — деді даусы дірілдей, — бір ана баласын жақсы көрсе, ол менің анам!
— Болар жігітке дүниеде анасының жақсы көруінен қиын бөгет жоқ, Рабиу-Сұлтан-Бегім ханым сенен аналық махаббатын аямайды, сені көзінің қарашығындай сақтағысы келеді. Сол үшін алтын таққа Күшкінші сұлтанды отырғызуға бар.
Сүйіншік сұлтанның екі көзі шатынап, ерні кезеріп кетті.
— Алтын тақты қимаған ананың махаббаты маған неге керек? Жақсы көремін дегені бос сөз екен ғой, түсіндім, шын жақсы көрері Күшкіншік болды!
Осы сәтте Бақты-Қожа уәзір шын сырын ашты.
— Хан тағына жетем деген адамда туыс та, туған да болмайды. Кейде ата-ананың, бір туған бауырларының өлігінің үстінен аттап, хан тағына жетуге тура келеді. Өйтпесең сенің өлігіңнің үстінен көп бауырларыңның біреуі аттап өтеді. Хан тағы тек тастай берік, жан аямас мықтының орны. Қажырсыз адамның ел билегені, өгізге мініп жылқы баққанмен бірдей. Егер осы жолда қажырлы бола аламын десең мен сенімен бірмін, — деп бір тоқтаған уәзір.
«Бола аламын!» деп уәдесін берген Сүйіншік. Осы сөзден кейін жатса-тұрса да хан тағы оның көз алдынан кетпей қойған. Мансапқор, ақылға бай емес бала жігітті зәр ішкендей жағдайға жеткізіп ап, зұлымдығына найза бойламас уәзір, хан тапсырмасын орындауға кіріскен. «Саған алтын тақты қиғысы келмейтін анаңның мынандай да күнәсі бар, егер хан тағына жеткің келсе осы күнәсін дақ етіп, ең алдымен Рабиу-Сұлтан-Бегімнен құтыл» деген.
Бақты-Қожа уәзір қателеспеді. Қасқырдың қаншығы тек күшігі қасқыр бол-
ғанша ғана ана, ал күшігі қасқыр болғаннан кейін, анасы да оған қасқыр. Ақылды уәзір Сүйіншікке «Ханға әке де, шеше де, аға-іні де — тек алтын тақ» деп бекер айтпаған еді.
Уәзір ханға Сүйіншіктің тілін осылайша тапқанын ашпады. «Ханға бәрі бір емес пе, баласы анасының басын қалай алғаны. Тек бұйрығы орындалса бол-
ғаны ғой».
— Жақсы, Бақты-Қожа уәзір, — деді хан, анау басын төмен иді.
Осы сәтте Ақжол бидің өлгенін естіртуге шабарман келді.
Әбілқайыр Тарланкөкке мініп, қалың нөкерлері мен «хан қорғаны» жауынгерлерін ертіп, қазақтың көне дәстүрін сақтап, Ақжол аулына көңіл айтуға аттанды. Орда-Базарды қоршай қонған қазақ ауылдарын аралай, Қаракеңгірдің етек жағына қаза болған Ақжол биге арнап тіккен үйлерге беттеп келе жатты. Хан атының басын тежей тартып, әлсін-әлсін өзен, көл бойларын жағалай жайлаған қалың елге қарап қояды. Қараған сайын сұрлана түседі. Арғын, Қыпшақ, Найман, Қоңырат, Керей, Уақ ауылдарының маңайында өреде ерттеулі ат, белдікте шошайған найза сойыл. Жайшылықтағы тыныш жататын бейбіт елде жауға шығар, не жау күтер алдында осындай бір сұсты түр пайда болатын. Мынау жорыққа дайындалған, дүрліккен ауылдар. Тек Маңғыт, Бүркіт, Барлас, Қарашын, Қосшы рулары мен төлеңгіт ауылдары жайбарақат. Әбілқайыр қазақ руларының түрін көріп сескенейін деді. Қобыландыға Ақжолды өлтір деп бекер ақыл бердім бе, қалай деп ойлайды ол бір мезет. Жаздың жарқыраған әдемі күнінде жауар бұлттай қаһарлана қалған, мынау, қалың елдің осыншама кәр көрсетуіне себеп болғанына, Әбілқайыр енді өкінді. Ақжолдың құнын жоқтап Жәнібек пен Керей құр қол келе қалады деген жорамалының да бұрысқа шыққанын ұқты. «Ақжол ажалын Жәнібек пен Керей өз мұраттарына пайдалана білген екен. Енді тек айқастың күндерін күтіп отыр-ау деді ол ішінен. Ханның қайсарлылығы ұстап кетті. — Айқасса Әбілқайыр дайын. Қазірдің өзінде биылғы жылдай бейбітшілік жылдың өзінде, тек осы Орда-Базардың төңірегінде жиырма мың салт атты әскері бар. Әбілқайыр тағы да осынау қару-жарағын сайлап, қаптаған Арғын, Найман, Қоңырат, Керей, Уақ, Тарақты ауылдарына көз тастады. Бірақ сол жиырма шыңның тең жартысы қазақтың осы руларынан емес пе? әрине солай. Қалғаны ғана Согдиялық — Мауреннахрлықтар, ұйғыр, кірме монғол, шағатай, моғол, қалмақ, қырғыз елдерінен. Егер айқас туа қалса, қазақ рулары әскерінің менің шебімде болмайтыны хақ. Мынау, дайындық соны көрсетеді ғой. Қобыланды батырды қорғап, Қыпшақ жауынгерлерінің де Ар-
ғынды шабуы екіталай. Күш тең түсіп қалған екен. Жәнібек пен Керейдің де соңғы кезде тым суырыла шығып жүргені да осыдан... Мауреннахр мен Қорасаннан әскер алдыруға уақыт тығыз... Не істеу керек».
Бұлар Ақжол бидің қазасына арнап тіккен ауылға таяп қалды. Кеңгірдің жазғытұрым тасығанынан пайда болатын қара қамысты Қарасуды жағалай, қарабастырық пен ат құйрығын найзаға байлап босағаға іліп қойған бұл ауылдың қаралы жағдайын көрсеткен жүзге таяу ақбоз үй тұр. Сол ақ боз үйлердің төрінде, топ аққудың ортасына ұшып келген қара бүркіттей он алты қанат, шымқай қара қой жүнінен бастырған сұсты қара орда ерекше көзге түседі. Шаңырағына байланған Арғын руының көз таңбасы салынған сала құлаш құйрықты қара жалау... Қара орданың түрі тым сұсты, бүкіл Арғын руының айбары тәрізді. Әрине, Ақжол өліміне бүкіл елдің осыншама көңілін аударған Жәнібек пен Керей сұлтандар. Қолының қанжар сабына қалай барғанын Әбілқайыр білмей қалды. Бірақ сол сәтте-ақ қолын кейін тартып алды. «Менің өзімнен өзім қобалжып келе жатқанымды ешкім байқай қоймады ма екен?» — деп енді ол түріне жайбарақат пішін беріп жан-жағына көз тастады. Жоқ ешкім көрмеген екен, жұрттың бәрінің көзі қаһарлы қаралы үйде... дегенмен, не істеу керек? Бұндай айқаста қандай тәсіл, қандай дұрыс жол бар? Баяғы бір күпті сұрақ оның ойына қайта келді. Хан ойына жауап іздеп тұнжырай берген кезде кенет, «Ой бауырымдап!» ауылға қарай ат қойған топ жігіттің даусы селк еткізіп, ойын бөліп жіберді.
Қазалы ауылға таяғанда «Ой, бауырымдап!» ат қою қазақ руларының сан заманнан келе жатқан көне дәстүрі. Бұл дәстүрді тек Шыңғыс тұқымы ғана қолданбайтын. Сонау Монғол жерінен келген Шыңғыстың бар ұрпағын, нөкер, нояндарын өзі тіліне, өз ғұрпына көшіріп алған қазақ елі сұлтан тұқымының бұл әдеттен бас тартуын дұрыс-бұрыс деп көңіл қоймайтын. Ал, Шыңғыс тұқымы хан басымен, жай қазақтай өлік шыққан үйге «ой, бауырымдап!» далбақтай шаба жөнелуді өздеріне лайық көрмеген. Осы себептен де Әбілқайыр тобы қаралы ауылға үрдіс аяңмен таяп келе жатқан. Кенет «Ой, бауырымдаған!» дауыс шықты, хан соңындағы жауынгерлер мен нөкерлерінің бір қанаты опырыла шапты. Бұлар Арғын, Найман тәрізді қазақ руларының жігіттері еді. Хан оларға «кейін қайт!» деп ақырмағанмен, тобының рұқсатсыз бұлай бөлінуін жақсы ырымға санаған жоқ. Түйілген қабағы түйіле түсті. «Хан Ордасына бір қауіп жақындап келе жатқан тәрізді. Өзіңді безенген садақтай дайын ұстаған жөн». Әбілқайыр тобы қара орданың сыртына келіп түсті. Сұлтандарға арнап тартылған кермеге аттарын байлады.
Басында қошқар мүйіз етіп ойған алтын тәжі, тор көз жеңіл қорасан сауыт сыртынан киген алтын зерлі, Герат шеберлері тоқыған қызғылт торқа шапаны күн сәулесіне малынып, Әбілқайыр қара орданың есігін ашты. Төр алдында басына қара құндыз бөрік, үстіне жағасын қара құндызбен көмкерген қара мақпал қаралы шапан киген, алтын белбеулі Керей мен Жәнібек сұлтан отыр. Қастарында қазақ руларының он бестей атақты би, батыр, жыраулары. Орданың сол жағында өлік. Өліктің бас жағында баласы қаза болғаннан бері ша-
былған қурай тәрізді кеуіп, қаусап қалған Қотан жырау, қобызын күңіренте көзінен жасы парлап, даусы шығар-шықпас боп сарнайды. Үйге кірген ханды көріп, қайғылы қабақтарын ашпай, Жәнібек пен Керей баяу жылжып орталарынан орын берді. Хан нөкерлері де үйдегілермен үнсіз амандасты да, дәрежелеріне қарай тиісті орындарына отырды. Хан келді деп жалғызынан айрылып тұл қалған Қотан жырау толғауын тоқтатқан жоқ. Көрші үйлерден әйелдердің зарлы жоқтаулары да адамның жүрегін тырнап естіліп жатты.
Хан жайласып отырғаннан кейін ғана қара орданың ішіне көз сала бастады. Орданың сырты қандай қара болса, іші де сондай қан жылаған қара екен. Алтын, күміспен зерлеген қара сырлы уық, кереге, бақан. Абажадай қара шаңырақтан жерге салбыраған қара шуда жіптен өрген шашақты тұжырма. Үй іші адамның зәресін алып, құтын қашырғандай... Әбілқайыр енді сол жақта, қара мақпалдан оюлап өрнек салынған ақ кигіздің үстінде жатқан өлікке қарады. Ақжолдың денесіне көзі түсер-түспестен селк етіп шошып кетті. Табытта қопарылған түйе тастай боп дөңкиіп Ақжолдың денесі жатыр, басы жоқ. Алып денеден қан ұйып қара күреңденіп кеткен, тек мойын омыртқасы көрінеді. Тас жүрек мызғымас ер болсаң да мына суреттен жан түршігерлік? Мына жырда басы болған, ал мына тұсы тымақ киетін жері еді дегендей, өліктің мойынынан бір жарым қарыс-
тай жоғары Ақжолдың көк тысты құндыз тымағын қойыпты. Бүкіл қара бояу-
лы үй ішінде тек түсі өзгеше осы тымақ қана. Жайшылықта жігіттің көркі болар әдемі қымбат тымақ, мойынмен екеуінің арасында бұрын бас болғанын әдейі көрсетіп, адам құтын бұрынғысынан да ала түскен. Әбілқайырдың бойы дірілдеп кетті. Хан әбігерін Жәнібек пен Керей бірдей сезді, бірақ оны басып тіс жармады. Әбілқайыр көзін өліктен аударып кереге тұсына қарады. Өліктің бас жағында керегеде ілулі, өлер күні кимеген, Ақжолдың болат сауыты мен іші қалың кигізбен әдіптенген кіші-гірім қара қазандай көк құрыш дулығасы ілінген. Кеуде тұсына бидің той-думанға деген қара камшат ішігі мен қайқы бас саптама үргеніш етігі. Аяқ жағында өлер күні тағы үйде қалған батпан қара шоқпары мен бидің өзінен басқа тірі жан алмайтын қайың садағы. «Осы заттары сол күні Ақжол бимен бірге болса, Қобыланды батыр бұны өлтіре алмас еді» деп ескертіп өлік басына әдейі қойғандай.
Жырау сыбырлай зарлайды:
«Қара Қыпшақ Қобыландыда нең бар еді, құлыным!
Сексен асып таяғанда тоқсанға
Тұра алмастай үзілді ме жұлының!
Адасқанын жолға салдың бұл ноғайлы ұлының!
Аққан бұлақ, жанған шырақ жалғыз күнде құрыдың,
Қара Қыпшақ Қобыландыда нең бар еді, құлыным!»
Жалғыз ұлынан айрылған қарт жырау ұзақ сарнады. Біресе өзі тоқтап, кәрі қобызын аңыратты. Әлден уақытта қарт жырау «Аһ» ұрып әзер тоқтады.
Сол уақытта барып сыбызғыдан шыққан, құлаққа жағымды қоңыр күйдей қоңырқай дауыспен әбдіразақ Нахичевани-дәруіш құран оқи жөнелді. Аятын бұ да ұзақ оқыды.
Құран оқылып біткеннен кейін, Әбілқайыр талғамды сөзбен көңіл айтты.
Хан сөзі бітісімен, Қыпшақтың сүбе биінің бірі, топ жарған шешен Құба би:
— Қара бетпін, ағайын, — деді. — Ат үстінде аяулы ұлыңды өлтіріп, елге қарар емес, жерге қарар жайым бар. Кессең бас, алсаң жан мінекей, құнын беруге дайынмын. Құн алынғанмен Дайырқожа би қайтып келер ме? — деді Керей күрсініп.
— Ардақтымызды ақ орап қоялық, сөз сосын болсын! — деді байсалды дауыспен Жәнібек.
Әбілқайыр хан бұлардың үнінен бір ауыр зіл сезді.
Осымен хан тобы қаралы ордадан шықты. Орда-Базарға қайтып келе жатып, Әбілқайыр екі жағдайды есіне алды. Бірі — Қара Қыпшақ Қобыланды Ақжол биді өлтірсе де, оның қадірін құрта алмауы еді. Бұл жазықсыз ажал Ақжол бидің атын тірідегісінен де ұлғайта түскендей. Кейде тарих адам атымен осылай ойнайды. Тірісінде жоқ даңқты өлгеннен кейін береді. Ақжол би де осындай даңққа ие бола бастаған-ды. Қара Қыпшақ Қобыланды бидің басын алғанмен, оның ұрпақтарға кететін даңқын жоя алмаған. Әбілқайыр хан бұны анық түсінді. Екіншісі — осы Ақжол бидің өлімі өзі ойлағандай Жәнібек пен Керейді құртатын жол болмай шықты. Хан өз қатесін өзі мойындады, бұл өлімнің аяғы үлкен насырға, ел бүлінер дау-жанжалға шабатынына шек келтірмеді. Хан мұны есіне ұстауға тиісті екенін мықтап түйді.
Ақжол бидің жетісін бергеннен кейін Жәнібек пен Керей қазақ руларының сойыл ұстар жігіттерін, Орда-Базар сыртына сапқа тұрғызып қойып, хан сарайына келді. Қазалы ерінің құнын сұрады. Әбілқайыр: «Қыпшақтың үш жігітінің басын ал, бір бидің жоқтауы осы үш адамның қанымен бітсін» деді.
Жайшылықта ақ жарқын Жәнібек қараңғы түндей түнере:
— Бізге жазықсыз жандардың қаны керек емес. Жазықты Қобыландының басы керек, — деді.
Хан көнбеді. Бұл айқас тек Қобыландының басымен тынбайтынын білетін-ді. Қобыландыдан айрылса бар Қыпшақтан мүлдем қол үзетінін есепке алды. Сондықтан «жоқ, Қобыландыны бермеймін» деді.
Жәнібек пен Керей орындарынан түрегелді.
— Олай болса, біз кеттік, — деді қос сұлтан.
Бұлар келместен бұрын Әбілқайыр хан сарайының мұнарасынан Кеңгірді бойлай, Орда-Базардың күнгей бетінде құмырсқадай қаптаған әскерді көрген Жәнібек пен Керей қоштаспай, өктемдей адымдап есікке таянғанда «ұстаңдар мыналарды!» дей алмады нөкерлеріне. Жер шұқыған қалпымен үн-түнсіз қала берді.
Күн бата Арғын, Тарақты, Керей, Найман, Қоңырат, Уақ руларының біраз ауылы Жәнібек пен Керейге еріп, Моғолстанға қарай көтерілді.
Қалың әскері қорғаған қазақ рулары түні бойы көшті.
Таң атып, күн шыққанда кешегі ақшағала қалың ел сыңсып отырған шалғын шөпті жазық даланың біраз жері құлазып бос қалғанын Орда-Базар халқы тегіс көрді. Осылай боларын білген Әбілқайыр, хан сарайынан шықпай жатып алды.
Қыпшақ батыры Қобыланды да хан ордасының қасында қала алмады. Қыпшақтың қарамағындағы бес мың үйін ертіп, Торғай бойына кетуге бел буды. Қайсар батырдың бұлай көшуіне бір жағдай үлкен себеп болды. Жәнібек пен Керейге еріп қазақ рулары Моғолстан жеріне көтерілуден үш күн бұрын, қазақтың сол кездегі ардақты санайтын бір топ батыры мен билері Қобыланды батырдың аулына келген. Бұлар келсе Қобыланды он екі қанат ақ ордасының ішінде бүк түсіп теріс қарап жатыр екен. Сары қарын болып қалған бәйбішесі: «үйге қадірлі кісілер келді, тұрсайшы, батырым», — десе де Қобыланды тұрмады. «Ах» ұрып, өзге жұрт білмейтін, тек өзіне ғана аян жан азабына өртеніп жата берді.
Сонда батырларды бастап келген Арғын би:
— Уа, жарқыным, Әбілқайырға ердің — жол бермедің, ұлымды өлтірдің — құн бермедің. Бар жынымызды қоссақ біздің де бір Қобыландылық бақсылығымыз бар. Ел қамын ойлап келіп отырмыз. Келін-кепшігіне өкпелеген қариядай, теріс айналып, тоңқайып жатып алғаның не қылғаның? Тұр, сөйлеселік! — деген даусын көтеріп.
Арғын бидің өктем сөйлеуінен, бұл келгендер, ел аузындағы өзімен үзеңгілес батырлар екенін біліп, Қобыланды басын көтеріп, сәлем беріп, түрегеліп отырған.
Сырттағы жалшыларына қонақтарға арнап ту бие сойдырған Торғынай бәйбішесі үйге кіріп, бес тайдың терісінен тіккен сабаны қара піспекпен күрпілдете пісіп, тегенедей-тегенедей ағаш аяқтарға қымыз құя бастаған.