Қажы Бекташ Уалидің мақаласы

Вид материалаДокументы

Содержание


Ғажайып әңгіме
Оныншы бөлім
Он бірінші бөлім
1   2   3   4   5   6   7   8   9

ҒАЖАЙЫП ӘҢГІМЕ


Бір күні Алланың арыстаны Алиге былай деп сұрақ қойылған екен:
  • Ей, Али табынатын құдайыңды көресің бе ?

Бұған Али былай деп жауап қатты:
  • Егер көрмесем, табынбас едім.

Сондықтан, Хақ Субханаһу Тағаланы барлық жерде деп білу және оны көру мүміндерге уәжіп115:

اَلآ اِنَّهُ بِكُلِّ شَيْءٍ مُحيطٌ قوله تعالي:

«Естеріңде болсын, Алланың барлық нәрсені толық біліп тұратыны анық (Фуссилат – 54)»

Жұмақтың ішінде де өзендердің бар екендігі Құранда былай баяндалады:

قوله تعالي:

فيهَا اَنْهَارٌ مِنْ مَاءٍ غَيْرِ اسِنٍ وَاَنْهَارٌ مِنْ لَبَنٍ لَمْ يَتَغَيَّرْ طَعْمُهُ وَاَنْهَارٌ مِنْ خَمْرٍ لَذَّةٍ لِلشَّارِبينَ وَاَنْهَارٌ مِنْ عَسَلٍ مُصَفًّى

«Ол жерде түсі бұзылмайтын таза су бұлақтары, дәмі бұзылмайтын сүт бұлақтары, ішкенде дәмі аузынан кетпейтін май бұлақтары және бал бұлақтары ағып жатады (Мұхаммед – 15)»

Адам денесіндегі сүт, қан, өт және қақырық-түкірік бейне бұлақ тәрізді, ал көңіл – жұмаққа ұқсас.

Яхя ибн Муаз бірде былай деген екен: «Менің көңілім дүние мен ақыреттен де қымбат. Өйткені, дүние - қиындық пен игілік (ащы мен тұщы) ордасы, ал менің көңілім - мағрифат үйі. Ал мағрифат – дүние мен ақыреттен де құнды».

Өмірде көзге көрінбейтін ғайыптар да кездеседі: жұмақ, тозақ, аршы116 күрсі117, ләуху118 қалам119, періштелер, өгіз, балық. Адамның болмыс-бітіміндегі ақыл, білім, илһам, ақиқат жолы, пікір, ой тәрізділер де ғайыптың қатарына жатады.

Жер бетінен төбесі көкке жеткен, тамыры да жердің түбін жайлаған ағаштарды кездестіруге болады. Мағрифат та ағаш сияқты, оның да тамыры мүміндердің көңіліне ұяласа, басы көктен асып жығылады.

اَصْلُهَا ثَابِتٌ وَفَرْعُهَا فِي السَّمَاءِ قوله تعالي:

« ... оның тамыры тереңде болады да, бұталары аспанды бойлап кетеді (Ибраһим – 24)»

Қымбаттым! Мағрифат ағашының басы - тәухид, діңгегі - иман, жапырақтары - ислам, тамыры - жақындық, түп негізі - тәуәккул120, бұтақтары - нахи мункар, суы - хауф пен ража, жемісі - ілім, өскен топырағы - мүміннің көңілі. Аталмыш ағаштың ұшы ғарыштан да асып кетеді.

Мағрифат ағашының бес бұтағы бар: шауқ, махаббат, рақымдылық, ирадат121 және қурбат122. Адам тәніндегі иман нұры бұтақтары мүмін сарайларының ішіне еніп тұратын жұмақтағы Туба123 ағашы тәрізді: иман нұры адамның тамыр-тамырын қуалап, нұрға бөлейді.

Жұмақта құдайдың берген несібесін ішіп-жеуге мүміндерге рұқсат берілген, бірақ онда үлкен-кіші дәрет сындырылмайды. Нақ сондай, ананың құрсағындағы нәресте де жеп-ішкенмен, дәрет сындырмайды.

Өмірде фықһ124, фараид125 ілімін, тафсир126, хадис ілімін, филология (морфология, синтаксис) ілімін, араб-парсы тілдерін, хақиқат ілімін, шешендік, инженерлік, астрономия ілімдерін меңгерген ғалымдар өмір сүреді. Әңгімемізді одан ары жалғастырсақ, адамның аузы ащы-тұщыны, құлағы естуді, тілі сөйлеуді, мұрны иіскеуді, қолы ұстауды, аяғы жүруді, көңілі тыныштық пен мазасыздықты біледі, көңіл қандай пәтуа жасаса, тіл де соны айтады.

Қымбаттым! Көңіл бейне шаһарға, тән оның бекінісіне, кеуде адамға лық толы базарға, жүрек, емшек, бауыр, талақ дүкендерге, сыдқ127, иқрар128, исбат129, білім, ирадат, риязат130, шауқ, махаббат, хауф, ража, яқин, тәуәккул сатылатын маталар мен заттарға, иман бағалы тасқа, ақыл мешітке, мағрифат сәулеге ұқсайды. Мешіттің сәулесі қабырғаларға жарық шашады, ал мағрифат сәулесі ғарыштан бастап, бүкіл жер бетін жарықа бөлейді.

Тіршілікте адамдар айналым ақшамен пайдаға батып та, шығынға ұшырап та жатады, иман айналым ақшасына, құдайдың бұйрықтарын орындау пайдаға батуға, имансыз қалу шығынға ұшырауға ұқсайды.

Көздер таразы тәрізді және олар екі түрлі болып келеді: заһири, батыни. Жүрек көзімен (батыни) қараған адам бақытқа кенеледі және заһир көзбен қараған адамға қарағанда батыни көзбен қараған адамның таразысы басым түседі.

فَمَنْ ثَقُلَتْ مَوَازينُهُ فَاُولئِكَ هُمُ الْمُفْلِحُونَ وَمَنْ خَفَّتْ مَوَازينُهُ فَاُولئِكَ الَّذينَ خَسِرُوا اَنْفُسَهُمْ في جَهَنَّمَ خَالِدُونَ قوله تعالي:

«Таразысы ауыр тартқандар бақытқа жетеді де, таразысы жеңіл тартқандар азап шегіп, тозақта мәңгі қалады (Мүминун -102-103)»

Дүниеде Бәйту-л-мағмур131, Қағба да бар, бірақ көңіл олардан құнды. Себебі, Каррубилер132 тауаф ететін «Бәйту-л-мағмур» - көк аспанда, ал көңіл - әлемнің иесі құдіретті Тәңірдің назарында.

Көңіл құсқа да ұқсайды. Жердегі адамға қарағанда көкке самғаған құс жолын тез табады. Биікке самғаған құс тәрізді көңіл мен Жаратқан тәңір арасында кедергі, перде жоқ. Осы тақырып жайлы Абдуллаһ бин Аббас: «Құдай мен бүкіл жаратылыстар арасында перде тұтылған, ал көңіл мен Тәңір арасында перде жоқ, - деген сөзді Мұхаммед Мұстафадан (ғ.с.) естідім», - деген.

Мүміннің көңілі Қағбаға ұқсайды. Қағбаға сапар шеккен адам аяғымен жүрсе, көңілге ынтықтар оған жүзімен баруға міндетті, сондықтан, ғашықтар жүздерін жерге сүртеді. Қағбаға жол тартқан адамға жолбасшы қажет, оған жолбасшы, серік – Құран, ал көңілге - Жаратқанның өзі жолдас. Қағбада ихрам133 киіледі, ихрам кию – ақиқатты жалғаннан ажырата білудің символы. Ал жолды тастардан тазарту - Қағбадағы Батны Уранада134 тас атумен бірдей, нәпсі қалауларынан бас тарту болса – Қағбада құрбандық шалумен тең. Өткен өмір Сафаға135, қалған өмір Маруаға136 ұқсайды. Өткен күнәлар үшін тәубе жасау, қалған өмірді Хақ Тағалаға құлдық ұрумен өткізу Сафа мен Маруа арасында жүгіруге, үнемі тәубе жасау, кешірім сұраумен жүру Қағбаны тауаф етуге ұқсайды. Ал сукунат137 өмір кешу Арафатқа барғанмен бірдей.

Қағбаға барған адам төрт жерде тауаф жасайды: Хажару-л-Асуатта138, Мақам Мултазамда139, Баб Қағбада140 және Рукну Яманиде141. Көңілдің де төрт жерінде рухани тауаф бар: бастапқысы - оң жақтағы хауф нұры тауафы, екіншісі – сол жақтағы ража нұры тауафы, үшіншісі – алдыңғы жақтағы махаббат нұры тауафы және төртіншісі – артқы жақтағы шауқ нұры тауафы.

Қағбаға зиярат жасаған қажылардың ихрамы тәрізді мүміндердің де ихрамы бар. Мүміндердің денелері, жанұясы, дүние-мүлкі және туыстары ихрамға жатады.

Көңілдің болмысын тануға болады, бірақ оның қасиетін тануға бүкіл әлемнің құдіреті жетпейді. Жалпы араб тілінде көңілдің жеті атауы бар: қалб, жанан, рух, бал, халад, замир, фуғал. Осы атаулардың біреуі жетпіс екі мағынаға ие. Ал бір мағынаның мәнін ашуға жер бетіндегі ғалымдардың білімдері жетпейді.

Қымбаттым! Жаратқан иенің де қасиетін тануға бүкіл әлемнің қуаты жетпейді. Хақ Тағаланың тоқсан тоғыз есімі Құранда баяндалатыны белгілі. Осы есімдерді «илма-л-яқин» арқылы тануға болады. Сонымен қатар, Құдірет иесінің «мың бір есімі» де бар деседі, бірақ оның қасиетін тануға бүкіл әлемнің білімі жетпейді.

Адам денесінде Құдайдың бірлігін дәлелдейтін бес қасиет бар. Олар бірінші дәлелі – Жабраилдің142 (ғ.с.) келгендігімен, екіншісі – Мұхаммедтің (ғ.с.) пайғамбар екендігімен, үшіншісі – Мұхаммедтің (ғ.с.) игі істерімен, төртіншісі – жаратылғандардың өлгеннен соң қайта тірілетіндігімен, бесіншісі – Құдай Тағаланың бар екендігімен және Хақ Субханаһу уа Тағаланың адамды жоқтан бар еткендігімен байланысты.

Әрбір адамның екі расулы бар: заһир, батын. Заһир елші дегеніміз – тіл, ал батын елші – көңіл. Тіл Мұхаммедке (ғ.с.), көңіл Жабраилға (ғ.с.) ұқсайды.

Мұхаммедтің (ғ.с.) абзал қасиеттерін баяндаған болатынбыз. Енді, адамның жаратылыс пішімі мен «Мұхаммед (محمد)» деген жазудың арасындағы ұқсастыққа тоқталмақпыз. Шындыққа сүйенер болсақ, адам басы «мим (م)», екі қолы «ха (ح)», қарны «мим (م)», екі аяғы «дәл (د)» тәрізді. «Ахмет (احمد)» жазуы намаз оқу тәртібіне, яғни, «алиф (ا) қиямға143», «ха (ح) рукуға144», «мим (م) сәждеге145», «дәл (د) қағда ахираға146» сәйкес келеді.

فَسُبْحَانَ اللّهِ حينَ تُمْسُونَ وَحينَ تُصْبِحُونَ وَلَهُ الْحَمْدُ فِي السَّموَاتِ ... قوله تعالي:

«Ендеше, күндіз-түні Алланы медет тұтыңдар (бес уақыт намаздың бәрінде Тәңірге сыйыныңдар). Аспанда да, жерде де, түсте де, кеште де Алла ауыздарыңнан түспесін (Рум -17-18)»

Сонымен қатар, адамның балалық шағы таң намазына, бозбалалық шағы бесін намазына, жігіттік шағы намаздігерге, орта жас шағы ақшам намазына және қарттық шағы құптан намазына ұқсайды. Ұйқыға кету өлім, ұйқыдан ояну өлгеннен соң қайта тірілу тәрізді.

Мұхаммед (ғ.с.) бас бармаққа, Әбу Бәкір (р.ғ.) сұқ саусаққа, Омар (р.ғ.) ортаңғы саусаққа, Осман (р.ғ.) балан үйрекке, Али (р.ғ.) шынашаққа ұқсас.

Адам тек жеп-ішуді ғана білетін хайуан тәрізді өмір сүрер болса, саусақтардың қажеті болмас еді. Сүйікті жаратылғандарының қатарына қосқан Алла қаласа, басқалай себептермен мүміндерді тақуалығысыз-ақ қабыл ететіні хақ.

Қымбаттым! Әлемдегі Құдай Тағаланың барлық жаратқандары адамның болмыс-бітімінде кездеседі, тіпті онда артығымен бар: адам көңілінде түсіну мүмкін емес қасиеттер де, айқындалуы қиын құпия сырлар да көп.

Құдайға заһир де, батын да тән: заһир – бұл дүние, батын о дүние. Бірақ, бұл дүниенің соңы шектеулі.

يَوْمَ تُبَدَّلُ الاَرْضُ غَيْرَ الاَرْضِ وَالسَّموَاتُ وَبَرَزُوا لِلّهِ الْوَاحِدِ الْقَهَّارِ قوله تعالي:

«Ол күнде жер де өзгеріп, басқаша жерге айналады, көк те өзгереді. Бар халайық құдіреті күшті бір Алланың алдына жиналады (Ибраһим – 48)»

Тән әлемі де соңында жоқ болады.

كُلُّ نَفْسٍ ذَائِقَةُ الْمَوْتِ قوله تعالي:

«Жан иесінің бәрі – ақ өлімнің дәмін татады (өлмейтін пенде жоқ) (Анкабут -57)»

Мағынасын түсінген адамға аталған аяттың тәрбиелік мәні зор.

Тәңір Тағала көк аспанды орасан зор үлкен етіп тірексіз тұрғызды және оны жымыңдаған жұлдыздармен безендірді. Көк аспанды ауамен, ауаны құстармен, тауларды киіктермен, тәндерді дәрменсіздікпен, жандарды махаббатпен, адамдарды бір-біріне қосақтаумен, жүзді көзбен, қолдарды алақандармен, аяқтарды өкшелермен, заһирді батынмен, жұмақты игілікпен, тозақты Заққуммен147, дүниені қиындықпен, ақыретті жақсылықпен, Тәңір өзін құлдарымен, сендер – құлдары Құдаймен безендірді, өрнектеді.

Тәңір Табарака уа Тағала қадірлі құлдарын өзінің мейірімділігімен ескеріп: «Ей құлдарым! Көздеріңді ашыңдар да көріңдер, естіңдер», - деген.

Мәңгілік құдірет иесі, билігі де шексіз әлемнің әміршісі тағы да былай деген:

«Ей өнегелі құлдарым! Мені қалаған адам өрнектеп төселген кілемім тәрізді жерге, әшекейленген көк аспаныма, сырымды жапқан періштелерге, үлкендігімді паш еткен тауларға, қоймам іспетті теңіздерге, айбарымды айбындаған қияметке, игілігімді білдіретін жұмаққа, құдіреттілігімді айқындайтын үлкендігіме, әмірлерімді бұйыратын Құранға, жаратушы екендігімді дәлелдейтін құлдарыма, даңқымды асқақтататын көк аспан белгілеріне, асыл қазынам - әулиелерімен қараңдар.

وَلَقَدْ كَرَّمْنَا بَني ادَمَ وَحَمَلْنَاهُمْ فِي الْبَرِّ وَالْبَحْرِ قوله تعالي:

«Сөз жоқ. Біз адам балаларын ардақтадық. Құрлықта, теңізде алып жүрдік (Исра – 70)»

Сендерді сүйгендіктен осыншама кереметтер жасадым».

«Ей қадірлілер! Құдай дүниеде жаратқан нәрселерінің барлығын сендерге берді, тіпті, өзін де сендерге ұсынды. Көк аспанды сендерге жапқыш, қара жерді төсеніш, ай мен күнді ол шам-шырақ қылды. Жеміс-жидектерді сендерге несібе, шөптерді әшекей етті ол, ағаштарды пайдаларыңа жаратуға ұсынды. Жаратушы ие жылқыларды сендерге мініс көлік етті, періштелерді де сендерге табындырды. Жұмақта ол құлдарының дүниеде төккен маңдай терін ескеріп, жоғары мәртебеге көтерді, хорларды оларға қосты. Сендерге Ридуанды148 сақшы, Кирам Катибинді149 құрметке бөленулеріңе себепкер қылды. Сендер үшін Қағбаны – құбыла, Құранды – сенім, Мәлікті – зынданшы, Мұхаммед Мұстафаны (ғ.с.) - шапағатшы, Адамды (ғ.с.) – аталарың, Хауаны – аналарың, мереке күнін – тіректерің, жұма күнін аурудан айықтыратын күн етті. Сендер бір-біріңмен бауыр деп есептелесіңдер. «Сендер, құлдар – менсіңдер, мен, кешірімді Мәула – сендермін. Осыншама түрлі-түсті жаратылыстарды сендер үшін жараттым. Ғарыштан бастап жердің астына дейінгі болмыстардың барлығын сендерге таныттым».

حَتّى يَتَبَيَّنَ لَهُمْ اَنَّهُ الْحَقُّ اَوَلَمْ يَكْفِ بِرَبِّكَ اَنَّهُ عَلى كُلِّ شَيْءٍ شَهيدٌ قوله تعالي:

«Біз оларға жер-көктегі, тіпті өз бастарындағы ғаламаттарды көрсете береміз. Тәңірдің бар нәрсені көріп тұратындығы (сенің растығыңның) дәлелі болуға жеткілікті емес пе ? (Фуссилат – 53)»

Мені қаласаңдар өздеріңнен тілеңдер, мен сонда боламын. Өйткені мен денелеріңнің ішіндегі жандарыңнан да жақынмын, көздеріңнің көруінен де, құлақтарыңның естуінен де жақынмын. Қолдарыңның ұстауынан да, аяқтарыңның жүруінен де, тіпті, сендердің өздеріңнен де жақынмын.

وَنَحْنُ اَقْرَبُ اِلَيْهِ مِنْكُمْ وَلكِنْ لا تُبْصِرُونَ قوله تعالي:

«Ал оған сендерден гөрі біз жақынбыз. Бірақ сендер оны білмейсіңдер (Уақиға -85)»

وَنَحْنُ اَقْرَبُ اِلَيْهِ مِنْ حَبْلِ الْوَريدِ قوله تعالي:

«... оларға өзінің күре тамырынан да жақынбыз (Қаф -16)»

«Аталған ілім жолдары арқылы барлық нәрсені таныған адам хақиқатты табары анық және сол хақиқатта мені табады», - деген Жаратқан ие. Осы тақырып бойынша Хазіреті пайғамбардың (ғ.с.) мына бір хадисі мәшһүр:

مَنْ عَرَفَ نَفْسُهُ فَقَدْ عَرَفَ رَبهُ

«Өзін таныған адам Раббысын таниды (хадис)»

Дегенмен, адам өзін және Хақтың болмысын танығанмен қасиетін тани алмайды. Сонымен қатар, мына бір ақиқатты жадыңа тоқып алғын: адамға жаннан, Құдайға құлдан артық еш нәрсе жоқ.

وَنَحْنُ اَقْرَبُ اِلَيْهِ مِنْ حَبْلِ الْوَريدِ قوله تعالي:

«... оларға өзінің күре тамырынан да жақынбыз (Қаф -16)»

Жан тәнге жақын, Құдай Тағала да құлдарына мына аятта баяндалғаны сияқты жақын:

قوله تعالي:

مَا يَكُونُ مِنْ نَجْوى ثَلثَةٍ اِلا هُوَ رَابِعُهُمْ وَلا خَمْسَةٍ اِلا هُوَ سَادِسُهُمْ وَلآ اَدْنى مِنْ ذلِكَ وَلآ اَكْثَرَ اِلا هُوَ مَعَهُمْ اَيْنَ مَا كَانُوا

«Үш адам күбір-сыбыр жасаса, төртіншісі болып Алла тұрады, бес адам сыбырласса – қасындағы алтыншысы Алла. Мейлі одан көп немесе аз адам сыбырлассын және қай жерде болсын, бәрібір, Алла ылғи олармен бірге болады. (Мужадала -7)»

Жан – денемен жан, Құдай Тағала да құлдарының алдында құдай. Тәннің тірі болуы жанның, әлемнің тіршілік етуі Тәңір Тағаланың қолында.

Жоғарыда баяндалғаны сияқты, құдайдың бар екендігін білуге, болмысын тануға жол ашық, бірақ қасиетін тануға жол жоқ.

لَيْسَ كَمِثْلِه شَيْءٌ وَهُوَ السَّميعُ الْبَصيرُ قوله تعالي:

«Аллаға ешқандай жаратылыс ұқсамайды. Ол барлығын естіп, көріп тұрады (Шура – 11)»

Жан да сол тәрізді:

وَيَسْـئَلُونَكَ عَنِ الرُّوحِ قُلِ الرُّوحُ مِنْ اَمْرِ رَبّي قوله تعالي:

«Олар сенен рух туралы сұрайды. «Жан дүниесін Тәңірім ғана біледі ... (Исра – 85)»

Өзін-өзі тану мәселесін осымен доғарамыз. Себебі, жүрек көзі ашық адамдарға осы айтылған сөздер жеткілікті. Ақиқатын анық білетін Алла ғана.


ОНЫНШЫ БӨЛІМ


БҰЛ БӨЛІМДЕ АДАМНЫҢ (Ғ.С.) СИПАТЫ БАЯНДАЛАДЫ


Бізге жеткен мәліметтерде былай баяндалады: біз Адамның (ғ.с.) ұрпағы болып есептелінеміз. Бұл турасында Әбу-л-Фазл Жафар Садық (р.ғ.) былай деген: «Хақ Субханаһу уа Тағала Адамды жаратуға ниеттенген кезде, періштелеріне былай деген:

قوله تعالي:

وَاِذْ قَالَ رَبُّكَ لِلْمَلئِكَةِ اِنّي جَاعِلٌ فِي الاَرْضِ خَليفَةً قَالُوا اَتَجْعَلُ فيهَا مَنْ يُفْسِدُ فيهَا وَيَسْفِكُ الدِّمَاءَ وَنَحْنُ نُسَبِّحُ بِحَمْدِكَ وَنُقَدِّسُ لَكَ قَالَ اِنّي اَعْلَمُ مَا لا تَعْلَمُونَ

«Сенің тәңірің кезінде періштелерге «жер бетінде халифа жаратамын», - деген еді. Сонда періштелер: біз сенің даңқыңды дәріптеп, қасиетіңді арттырып жүрсек, жер бетінде күнә жасап, қан төгетін бір бұзық жаратпақсың ба? – деді. Менің көкейімде не жатқанын білмейсіңдер ғой, - деді Алла оларға. (Бақара – 30)»

Алла адамның денесін Медине топырағынан жаратты, ал басын Бәйти-л-Мақдис150 топырағынан, бет-жүзін Қағба топырағынан, құлағын Тури Сина151 топырағынан, көздерін Бәйту-л-Харам152 топырағынан, маңдайын Мединенің батыс жағындағы топырақтан, аузын Мединенің шығыс жағындағы топырақтан жасады. Алла Адамның (ғ.с.) мұрнын Шам (Дамаск) топырағынан, еріндерін Берберия (Солтүстік Африка) топырағынан, сақалын жұмақ топырағынан, тілін Бұхара топырағынан, тістерін Хорезм топырағынан, мойнын Қытай топырағынан, қолдарын Иемен топырағынан, оң қолын Мысыр топырағынан, сол қолын Персия топырағынан, тырнақтарын Хытай топырағынан, саусақтарын Систан топырағынан, кеудесін Ирак топырағынан, қарнын Хузистан топырағынан, арқасын Хамадан топырағынан, жыныстық мүшесін Үндістан топырағынан, ұяттықты Византия топырағынан, жанбасын Түркістан топырағынан, тізесін Қырым топырағынан, шынтақтарын Анталия топырағынан, өкшелерін Рим топырағынан, аяқтарын Еуропа топырағынан жаратты.

Төменде орын алған хадис осы пікірді қуаттайды, оның мағынасы - былай:

قال النبي عليه السلام: ما خَلَقَ آدَمَ سِتينَ لَوْنًا مِنْ الترابِ وَ لَوْ خَلْقَهُ مِنْ تُرابٍ واحِدٍ فَكانَ الناسُ عَلَي صورَةٍ واحِدةٍ وَ وَصْفٍ واحِدٍ لَمْ يَعْرِفُ اَحَدٌ اَحَدًا

«Алла Адамды алпыс түрлі топырақтан жаратты. Егер Жаратқан ие оны бір топырақтан ғана жаратқанда, бүкіл адамдардың түрлері де, сипаттары да бірдей және оларды бір-бірінен ажыратып алу мүмкін болмаған болар еді».

Одан соң Хақ Субханаһу уа Тағала Адамның басын құдірет нұрымен, көздерін ғибрат153 нұрымен, маңдайын сәжде нұрымен, тілін зікір нұрымен, тістерін Мұхаммед Мұстафа (ғ.с.) нұрымен, еріндерін тәсбих нұрымен, желкесін қуат нұрымен, денесін хилат нұрымен, арқасын батылдық нұрымен, кеудесін ілім нұрымен, қарнын хилм154 нұрымен, белін намыс нұрымен, киімін (жапқышын) аманат нұрымен, жанбасын әмр нахи нұрымен, көкірегін ризалық нұрымен, тізесін руку нұрымен, аяғын ғибадат нұрымен, өкшелерін шауқ нұрымен, талағын унс155 нұрымен, қолдарын жомарттық нұрымен, тырнағын шапағат нұрымен, көңілін тәухид және иман нұрымен безендірді, құрмет нұрымен реттеді, вуслат нұрымен алып жүрді. Адамның топырағын Әзірейілдің156 қолына тапсырды. Ол топырақты мейірімділік суымен иледі, мағрифатпен (суымен) суарды.

Жаратқан ие Адамды Меккенің, Мединенің және Тайфтың арасында жаратты. Хақ Субханаһу уа Тағала былай дейді кітабында:

وَبَدَاَ خَلْقَ الاِنْسَانِ مِنْ طينٍ قوله تعالي:

«Адамды әу баста топырақтан жаратты» «Оның негізін бір балшықпен қалады (Сәжде -7)»

Басқа бір аятта Алла Адамды тамшы ұрықтан жаратқандығын баяндайды:

اِنَّا خَلَقْنَا الاِنْسَانَ مِنْ نُطْفَةٍ اَمْشَاجٍ نَبْتَليهِ فَجَعَلْنَاهُ سَميعًا بَصيرًا قوله تعالي:

«Анығында, оны біз екі тамшының қосылуынан жараттық (Инсан – 2)», - яғни, бір нәрсені сыққанда арасынан шыққан нәрсені тамшы деп атайды.

Одан соң Адам біраз уақыт жайына қалдырылды, демалдырылды, ол сонда кескінделген кепкен балшыққа (حَمَإٍ مَسْنُونٍ хамаин маснун) айналды.

قوله تعالي:

وَلَقَدْ خَلَقْنَا الاِنْسَانَ مِنْ صَلْصَالٍ مِنْ حَمَإٍ مَسْنُون وَالْجَا نَّ خَلَقْنَاهُ مِنْ قَبْلُ مِنْ نَارِ السَّمُومِ وَاِذْ قَالَ رَبُّكَ لِلْمَلئِكَةِ اِنّي خَالِقٌ بَشَرًا مِنْ صَلْصَالٍ مِنْ حَمَإٍ مَسْنُونٍ

«Сыңғырлап тұрған кепкен балшықтан тиісті мүсінге келтіріп, адамды біз топырақтан жараттық. Жынды да түтіні жоқ от ұшқынынан ілгеріде біз жаратқанбыз. Кезінде періштелерге тәңірлерің былай деген болатын: мен сыңғырлап тұратын кепкен балшықты мүсінге келтіремін де топырақтан адам жасаймын (Хижр – 26-28)»

Әлгі балшық құрғады, жарылды, كَالْفَخَّارка-л-фаххар (кесек) кейпіне енді.

خَلَقَ الاِنْسَانَ مِنْ صَلْصَالٍ كَالْفَخَّارِ قوله تعالي:

«Адамды Алла (шертсе шық-шық ететін) кепкен балшықтан жаратты (Рахман – 14)»

Бастапқыда адам топырақ болатын, кейіннен оған пішім, бейне берілді, одан соң шырт-шырт жарылды да көп жылдар бойы қараусыз жатты.

Азазилдің (шайтанның жаннатта жүрген кездегі аты) бір күні Адам жатқан жерге жолы түсіп, оның қасына келді, адамның пішіміне көзі түсті. Шайтан мүсінге таң қалды, шошып кетті, жанына қайта барды, қайран қалып, денені тартып көрді. Ол кеудесіне қолын тигізіп көргенде дене гүп ете қалды. Сонда ол: «тәңірім, ей мырзам, Маулам! Мұның іші бос қуыс екен ғой, мұнан түк шықпайды, - деді. Сол сәтте әлемнің әміршісі Құдайдың үні естілді:
  • Ей Азазил! Сен түрткен кеуде менің ошағым, оны құдіретіммен толтырамын, - деді.

Хақ Субханаһу уа Тағала Адамға рух үрлеуіне ниеттенді де рухқа әмір берді. Кейбірі Хақ Тағаланың әмірімен рух Адамның мұрнынан кіріп, миына жайғасқанын, екі жүз жылдан соң рух одан шығып, көзді мекендегенін айтады. Сонда Адам (ғ.с.) көзін ашып, өзін топырақ, балшық күйінде көрген. Одан соң рух құлақтарға қоныс аударады, періштелердің тасбих айтып жатқандарын естиді. Рух оның аузы мен тіліне өткен кезде, Адам (ғ.с.) түшкіріп, басын көтереді де былай дейді:

«Қандай жағдайда болса да әлемнің Раббысы – Аллаға мадақ», яғни, бұл сөз «қандай жағдайда болса да әлемді қоректендіретін Тәңірге шүкіршілік, - деген мағынаны білдіреді. Қалыпқа келгенге дейінгі алғашқы әрекет – түшкіру, сонда ауызға түсетін алғашқы сөз – осы сөз.

Осы сәтте әлемнің жаратқан иесі Құдай да: – Раббың саған рақымдылық жасасын, ей Адам! - деп жауап қатты да одан ары:

- Ей Адам! Арым мен ұлылығымның қарымтасы және осы сөз үшін мен сені жараттым, - деді.

Рух Адамның кеудесі мен беліне жайғасты. Адамның төменгі жағы балшық болса да ол отырғысы келді. Мұны Алла Құран Азимде былай баяндайды:

وَكَانَ الاِنْسَانُ عَجُولاً قوله تعالي:

«Тегінде адам тым сабырсыз (Исра -11)»

Осы арадан соң рух оның қарнына барғанда Адам ашыққанын сезінді, жейтін тағам сұрады. Соңында рух Адам денесінің барлық мүшелеріне таралды, олар толықтай орын-орнына жайғасты. Ет, қан, тамыр, жүйке пайда болды.

Хақ Субханаһу уа Тағаланың бұйрығымен періштелер Адамды ризалық суына шомылдырды, ұлылық пен сәнділік тәжін оның басына кигізді, керемет шекпенін үстіне жапты және оны ұлылық тағына отырғызды. Олар Адамға «халифа157» атағын берді және «жер мен көктің халифасы» екендігін оның есіне салды.

Хақ Субханаһу уа Тағала өзінің мейірімімен Адамға «жұмақтағы құдайдың асыл қазынасы» екендігін ескертті және оған Алла өзінің өкілдігін беріп, барлық нәрсенің атын үйретті.

وَعَلَّمَ ادَمَ الْاَسْمَاءَ كُلَّهَا ثُمَّ عَرَضَهُمْ عَلَى الْمَلئِكَةِ قوله تعالي:

«Сонда Адамға Алла бар нәрсенің аттарын үйретті де әлгі заттарды періштелерге көрсетіп, «Қане, білгіш болсаңдар, мыналардың аттарын атап беріңдерші, - деді (Бақара – 31)»

Періштелер Алланың бұйрығымен Адамға сәжде жасады:

وَاِذْ قُلْنَا لِلْمَلئِكَةِ اسْجُدُوا لآدَمَ فَسَجَدُوا اِلا اِبْليسَ قوله تعالي:

«Енді періштелерге: «Қане, Адамға сәжде қылыңдар (бас иіңдер)» - дедік. Олар сәжде қылды. Тек Ібіліс қана бас тартып, кердеңдеп кетті. Сөйтіп ол кәпір болып шыға келді. (Бақара – 34)»

Сол сәтте барлық періштелер Хақ Тағаланың әмірімен Адамға сәжде жасады. Тек Ібіліс қана одан бас тартты. Хақ Тағала Ібілістен:
  • неге Адамға сәжде жасамадың? – деп сұрағанда, Ібіліс оған:

خَلَقْتَني مِنْ نَارٍ وَخَلَقْتَهُ مِنْ طينٍ قوله تعالي:

«Мені оттан, ал Адамды топырақтан жаратқансың (Ағраф – 12)», - деп жауап берді, яғни, «сен мені оттан, оны топырақтан жараттың. От топырақтан жоғары, (сондықтан) менің жаратылысым одан жоғары, осыған орай, Адамға сәжде жасамадым, - деді. Ол менмендікке салынды. Осыған орай, Хақ Тағала Ібілісті даргаһынан қуып шықты. Бастапқыда шайтан Аллаға ең жақын, «Харис» атты періште еді. Соңында ол «барлығынан шеттетілген», «малғұн», «шайтан», «Ібіліс» деген атқа ие болды.

Хақ Субханаһу уа Тағала Адамға.
  • Ей Адам! Жоғары қара, - деді. Адам (ғ.с.) жоғарыға қарады. Жоғарыда мынандай бір көркем сөздің жазулы тұрғанын ол көрді:

لآ اِلهَ اِلا الله مُحَمدٌ رَسولُ اللهِ

«Ла илаһа илла-л-лаһ, Мухаммаду-р-Расулуллаһ»

Жазуды оқыған Адам (ғ.с.) Алладан:
  • Жаратушы ием, мырзам, Маулам! لآ اِلهَ اِلا الله «Ла илаһа илла-л-лаһ» – сенің бірлігің, ал مُحَمد «Мұхаммед» деген кімнің аты? – деп сұрады.

Сонда Құдай:

- Ей Адам! Ол – сенің ұлыңның, менің сүйіктімнің аты, - деп жауап қатты. Адам (ғ.с.) шексіз бақытты сезінді және шүкіршілік жасады.

Адам оң жағына қарағанда үш келбетті көрді. Адам олардан:
  • есімдерің кім болады және орындарың қайда? – деп сұрады. Біріншісі тұрып:
  • атым – ақыл, орным - баста, мида, - деді.

Екіншісі:
  • атым - хая, орным - бет-жүзде, - деді.

Үшіншісі:
  • есімім – ілім, орным – кеуде ішінде (садр) деп жауап берді.

Сонда Адам (ғ.с.):
  • келіңдер, өз орындарыңа жайғасыңдар, - деді. Олар өз орындарына жайғасты да

Адам рахат тапты.

Адам сол жағына қараған кезде, онда тұрған үш бейнені көріп қалды. Адам шошып кетіп, оларға:
  • сендер кім боласыңдар, мекендерің қай жер? Қандай бақытсыз жандар едіңдер өздерің? – деп сұрақ қойды.

Олардың бірі былай деп жауап берді:
  • менің есімім – ашу, орным - баста, мида.

Оған Адам қарсы шығып:
  • бас - ақылдың орны, саған онда орын жоқ, - деді.

Әлгі бейне сонда:
  • мен келген кезде, ақыл қашады, - деп жауап берді.

Екінші бейне де өзін таныстырып өтті:
  • менің атым – тама, орным – бет-жүзде.

Оған да Адам қарсыласып бақты:
  • бет-жүз толықтай хаяның орны емес пе? Саған ол жерден орын табылмайды, - деді.

Әлгі бейне тұрып:
  • Мен келгенде хая безіп кетеді, - деді.

Үшінші бейнеге де кезек келді:
  • менің атым – хасад, тұрағым – кеуде (көңіл), - деді ол. Оған да Адам қарсылық көрсетті:
  • кеуде - ілімнің орны, саған онда баруға жол жоқ, - деді. Ол да Адамның қарсылығына уаж айтты:
  • мені көргенде ілім тұра қашады, - деді.

Қымбаттым! Иман – рахмандық, шүбә - шайтандық екендігін біліп алғын. Шүбә тұрған жерде иман, иман тұрған жерде шүбә қашады. فَمَاذَا بَعْدَ الْحَقِّ اِلا الضَّلالُ قوله تعالي: «Ақиқат жоқ жерде адасудан басқа не болмақ? (Жүніс – 32)», яғни, имандылық жоқ жерде күпірлік билік жүргізетіні даусыз. Бұл аят «мәнзилатун бәйнә-л-мәнзилатайн158» дегендерге қарсы дәлел болып табылады. Демек, пенденің іс-әрекеті мен иманы бөлек дүниелер емес екен: ол тәухидке, ілімге, шіркке, иманға, күпірлікке және ғибадатқа алып барады.

«قوله تعالي: ألَمْ تَرَ كَيْفَ ضَرَبَ اللهُ مَثَلاً كَلِمَةً طيبةً» Осы аяттағы «ا» (әлиф) - сұраулық шылау, «ضَرَبَ» (дарб) – баяндау деген мағынаны білдірсе, «كَلِمَةً طيبةً» (калима таййба)-ның мәні – көркем сөз, яғни, иманның бірінші шартына жататын «калима шаһадат» болып табылады. «قوله تعالي: كَشَجَرةٍ طَيبةٍ» «ка-шажаратин таййбатиннің» мағынасы болса, «әдемі ағашқа» сәйкес келеді, ал әдемі ағаш – құрма ағашы. «ك» (каф) араб тілінде – салыстырмалы шырайды білдіреді, яғни, «әдемі ағашқа теңеу». Жоғарыда баяндалған «көркем сөздің» түпкі мәні - «тәухид», ал тәухид «құрма ағашына» теңелген. Аталған құрма ағашы - кез келген жерге біте бермейтін талғампаз ағаш. Сондықтан тәухид сөзі - құрма ағашы болса, мағрифат - ағаштың түбі. Түпсіз ағаштың жеміс бермейтіні сияқты, мағрифатсыз көңілдің де мәні жоқ. Ағаштың еңсесін көтеретін – оның түбі, жүректегі тәухитке де жан беретін, шексіз қуат көзі – көңілдегі мағрифат. (Осы тақырып бойынша) Расулуллаһ (Алланың елшісі): «Ағаштардың ішінде мүміндердің көңіліне ұқсайтын бір ағаш бар, оның жапырақтары түспейді» - деген кезде, - «ол қайсы ағаш болды екен», - десіп, сахабалар шөлге бітетін ағаштарды атай бастағанда пайғамбар (ғ.с.): «олар емес, ол – құрма ағашы, еш уақытта құрма ағашының жапырақтары түспейді», - деп жауабын өзі айтқан. Сахабалар да: «дұрыс айттың ей Расулуллаһ», - десті.

Әңгімемізді одан ары жалғастырсақ, әлемнің иесі Тәңір Тағала барлық рухтарды Хазіреті Мұхаммед үшін жаратқанда мүміндердің рухтарын оң жақтан, кәпірлердікін сол жақтан шығарып, Алла Табарака уа Тағала оларға былай деді: اَ لَسْتُ بِرَبكُمْ «мен сендердің Раббыларың емеспін бе? Рухтардың ішіндегі Хаққа лайықтылары (әлгі сұрақты) құлақсыз-ақ естіді және тілсіз-ақ жауап берді. Кейбірі «ия» десе, кейбірі «жоқ» десті, енді біреулері үн қатпады. Хақ Субханаһу уа Тағала екінші мәрте: اَ لَسْتُ بِرَبكُمْ «мен сендердің Раббыларың емеспін бе? – деп сұрақ қойғанда, бастапқыда «ия» дегендердің кейбірі «жоқ», кейбірі үн қатпады, ал өзгелері «ия» десті. Бастапқыда «жоқ» дегендердің кейбірі «ия» десе, өзге біреулері «жоқ» десті, ал қалғандары дыбысын шығармады.

Қымбатты бауырым! Екі мәрте жаратушы иеге «ия» дегендерге мұсылмандық нәсіп болды. Олар мұсылман болып туылып, мұсылман болып өлді. Ал екі мәрте «жоқ» дегендер кәпір болып туылып, сол кәпір күйінше дүниеден өтті. Бастапқыда «жоқ» деп, кейіннен «ия» дегендер кәпір болып туылып, мұсылман болып өмірмен қоштасты. Біріншісінде «ия» деп кейіннен «жоқ» дегендер мұсылман болып туылғанмен, кәпір болып өлді. Екі мәртеде де үн қатпағандар «наузубиллаһ159» хайуандардан да төмен дәрежедегі надандар, (كالانعام) «кә-л-анғам» (хайуандар тәрізді) дегеніміз – міне, осылар.

اُولئِكَ كَالاَنْعَامِ بَلْ هُمْ اَضَلُّ قوله تعالي:

«Олар хайуан сияқты, тіпті, одан өткен адасушы (Ағраф – 179)»

Бұл аят осы тектес адамдар үшін түсірілген. Өйткені олар хайуан тәрізді, бәлкім, одан да азғындаған. Олар үнемі адам кейіпінде болғанмен адамдық мәнге лайық емес.

Бір сәт ойланар болсақ, құдай адамдарға қаншама өрнектелген шапанмен безендірді, қаншама ұлы, жоғары мәртебеге жеткізді, қаншама нұрлармен өрнектеді. Міне, осыларды көре отырып, ести отырып, түсінбеген, адамдық тәртіпті мойындамаған, құдайдың салған сара жолымен жүргендерді ұнатпаған надандарды хайуандар қатарына жатқызбасқа шарамыз жоқ, тіпті, одан да төменгі сатыда. Себебі, құдай жолындағыларды хайуандар да сүйеді, әулиелерге құрмет көрсетеді.

Хақты, Хақ жолындағыларды танымайтындар хайуандардан да төмен және олардың дәрежесі - (بَلْ هُمْ أضَل) «бәл һум адаллу» (хайуаннан да төмен). Есі бар адамға осы айтылғандар жеткілікті.


ОН БІРІНШІ БӨЛІМ