Қажы Бекташ Уалидің мақаласы

Вид материалаДокументы

Содержание


Бұл бөлімде тариқат мақамдары баяндалады
Егер мұны білмесе білетіндерден (зікір қауымынан) сұрасын (Нахл – 43)
Бесінші бөлім
Алтыншы бөлім
Бұл мақамға кім жетсе, осы сөзді кім ұқса
Бар болу менен жоқ болу да, ғашықтық пенен махаббат та
Жетінші бөлім
Ей Мұхаммед! Егер сенен рух туралы сұраса, былай деп жауап бер: рух менің Раббымның еркінде (Исра-85)»
Бүкіл жандар өлгенде
1   2   3   4   5   6   7   8   9

БҰЛ БӨЛІМДЕ ТАРИҚАТ МАҚАМДАРЫ БАЯНДАЛАДЫ


Қымбаттым! Тариқаттың алғашқы мақамы – пірге56 қол беріп, тәубеге57 келу екендігін есіңде ұстағаның жөн:

وَاعْتَصِمُوا بِحَبْلِ اللّهِ جَميعًا قوله تعالي:

«Алла тартқан желіден бекем ұстап, айрылмаңдар (Али Имран 103)»

تُوبُوا اِلَى اللّهِ تَوْبَةً نَصُوحًا قوله تعالي:

«Аллаға шын жүрекпен тәубе келтіріңдер (Тахрим– 8)»

Жамандықтан бас тартып, Құдайдың пендесі Аллаға пәк көңілмен тәубеге келсе, оның жасаған тәубесін қабылдайтын да тек Алла:

ثُمَّ تَابَ عَلَيْهِمْ لِيَتُوبُوا قوله تعالي:

«Тәубеге келтіргендер қатарына қосу үшін Алла ықыласын аударды (Тәубе-118)»

Ей мүміндер! Бір шешімге келмей екі ойлы күймен, күдікпен емес, шынайы жүрекпен, соңындағы беретін жемісі мол тәубеге келу қажет. Себебі, тәубеге келу дегеніміз – сан соға өкіну. Ал өкініштің өзегін жетпіс жылдық жасалған күнәдан кешірім сұрау құрайды. Осыған орай, қателіктеріңнің аз, жүзіңнің ақ болуы үшін тәуекелге бел байлап, кешірім сұрауға мән бер.

Ей мүміндер! Үнемі кешірім сұрау – сендерден, оны қабыл ету - Тәңірден:

وَمَنْ يَتَوَكَّلْ عَلَى اللّهِ فَهُوَ حَسْبُهُ قوله تعالي:

«Аллаға тәуекел еткендер үшін Алла жеткілікті (Талақ – 3)»

Шүкіршілік58 қылу – сендерден, несібелеріңді арттыру - Құдайдан:

لَئِنْ شَكَرْتُمْ لَاَزيدَنَّكُمْ قوله تعالي:

«Егер (бергенімен) шүкіршілік етсеңдер, оны тағы да молайтамын, ал егер күпірлік жасасаңдар – тартқызар азабым төтенше қатаң болады ... (Ибраһим – 7)»

Сабырлық сақтау - сендерден, есепсіз сауап жазу – Алладан:

اِنَّمَا يُوَفَّى الصَّابِرُونَ اَجْرَهُمْ بِغَيْرِ حِسَابٍ قوله تعالي:

«Сабырлық еткендерге Алланың қайтарар сыйы қисапсыз (Зумар - 30)»

Құлшылық жасау, кәлима шаһадат59 айту – сендерден, жұмақта мәртебелеріңді көтеру – Алладан:

هَلْ جَزَاءُ الاِحْسَانِ اِلا الاِحْسَانُ قوله تعالي:

«Жақсы амалдар жасағандар тек жақсы сыймен жарылқанады (Рахман – 60)»

Жетпіс жылдық күнәға кешірім сұрау – сендерден, оны қабыл ету - Алладан:

وَهُوَ الَّذي يَقْبَلُ التَّوْبَةَ عَنْ عِبَادِه قوله تعالي:

«Пенделердің тәубесін Алла қабыл етеді де, олардың жөнсіз істеріне кешірім жасайды (Шура – 25)»

Кеңпейілді Жаратушы, әлемнің әміршісі:

«Ей құлдарым! Адам (ғ.с.) бір мәрте әмірді тыңдамады, екі жүз жыл көз жасын төкті және үнемі мына дұғаны оқитын:

رَبَّنَا ظَلَمْنَا اَنْفُسَنَا وَاِنْ لَمْ تَغْفِرْ لَنَا وَتَرْحَمْنَا لَنَكُونَنَّ مِنَ الْخَاسِرينَ قوله تعالي:

«Ей Раббымыз! Біз өзімізге зұлымдық жасадық. Егер бізге кешірім жасамасаң, рақымдылық етпесең, онда біз сөзсіз құрығанымыз (Ағраф – 23)», - осылайша, көз жасыңды көл қылдың, сондықтан, істеген қылмысыңды кешірдім. Сендер де жетпіс жылдық жасалған күнәға бір мәрте болса да кешірім сұраңдар, мен кешірейін. Өйткені кешірім жасау маған тән. Ал жасаған күнәсі үшін бұзақыларды жазаламасам, рақымшылдығымның мәні қалмайды, - дейді.

فَنِعْمَ الْمَوْلى وَنِعْمَ النَّصيرُ قوله تعالي:

«Алла – қандай керемет, қандай күшті медеткер десеңші! (Хаж – 78)»

Дүниедегі ең болмағанда бір нәрсені кемел пішімде жаратпасам еді, менің «қадир60» сипатымның мәні болмас еді:

فَنِعْمَ الْقَادِرُونَ قوله تعالي:

«Біз неткен құдіреттіміз деші! (Мурсалат – 23)»

Жұмақта бір кемшілік табылса еді, жұмақ та кемелденген күйде болмас еді.

فَنِعْمَ عُقْبَى الدَّارِ قوله تعالي:

«Соңғы дүниедегі орның жақсы болу қандай ғанибет (Рағыд -24)»

Нұх пайғамбардың жасаған бір дұғасы қабыл етілмесе еді, жасалған бүкіл дұғалар қабыл етілмейтін еді:

فَلَنِعْمَ الْمُجيبُونَ قوله تعالي:

«Біз оның тілегін жақсы қабылдадық (Саффат -75)»

Тариқаттың екінші мақамы – мурид61 болу:

فَسْـئَلُوا اَهْلَ الذِّكْرِ اِنْ كُنْتُمْ لا تَعْلَمُونَ قوله تعالي:

Егер мұны білмесе білетіндерден (зікір қауымынан) сұрасын (Нахл – 43)

Мурид үш түрлі болып келеді:

Бастапқысы – мутлақ (шынайы) мурид;

Екіншісі – мажази (жалған) мурид;

Үшіншісі – муртад (жолдан тайған) мурид.

Мутлақ мурид қандай жағдай болса да шайхына62 қарсы уәж айтпайды. Ал мажази мурид – заһирда шайхына бас иген, батында63 өз қалауына бас иген адам. Муртад мурид шайхының халін көрген сәтте-ақ одан бет бұрады.

Тариқаттың үшінші мақамы – шаш кесу, киім ауыстыру:

مُحَلِّقينَ رُؤُسَكُمْ وَمُقَصِّرينَ لا تَخَافُونَ قوله تعالي:

« ... сендер қауіп-қатерсіз, шаштарыңды ұстарамен қырдырып не қысқартқан халде ... қорықпай, еркін кіресіңдер (Фатих – 27)»

الناسُ مَعَ اللباسِ

«Адамдар киімдерімен танылады (Нақыл сөз)»

Тариқаттың төртінші мақамы – нәпсімен мужаһада64 жасай отырып, кемелдену, рухани пісіп жетілу.

وَقُودُهَا النَّاسُ وَالْحِجَارَةُ اُعِدَّتْ لِلْكَافِرينَ قوله تعالي:

«...онда адамдар мен тастарды отын етіп жандырып, кәпірлер үшін дайындап қойған тозақ отынан сақтаныңдар (Бақара – 24)»

Бесінші мақамы – қызмет65 көрсету. Бұл туралы Хазіреті пайғамбар (с.ғ.с.) былай деген:

مَنْ خَدَمَ خُدِمَ قال عليه السلام:

«Қызмет көрсеткен қызмет көреді»

Алтыншы мақамы – хауф, яғни, Алладан қорқу:

فَفِرُّوا اِلَى اللّهِ قوله تعالي:

«Аллаға жүгіріңдер (күпірлікті тастап иманға келіңдер) (Зарият – 50)»

Жетінші мақамы – ража:

لا تَقْنَطُوا مِنْ رَحْمَةِ اللّهِ اِنَّ اللّهَ قوله تعالي:

«Тәңірдің рақымынан түңілмеңдер (Зумар -53)»

Сегізінші мақамы – хырқа66, занбил67, мақас68, сажжада69, тәсбих70, ине және аса71 таяқ.

Бұлар қадірлі заттар және олар құрметті адамдарға беріледі:

اِنَّ اللّهَ بَالِغُ اَمْرِه قَدْ جَعَلَ اللّهُ لِكُلِّ شَيْءٍ قَدْرًا قوله تعالي:

«Алла оны мұратқа жетелейді, әр нәрсе үшін Алланың мәлім мөлшер, мәлім уақыт белгілейтіні анық (Талақ – 3)»

Тоғызыншы мақамы – мақам иесі, жамағат72 иесі, насихат иесі, махаббат73 иесі болу:

يُحِبُّهُمْ وَيُحِبُّونَهُ قوله تعالي:

«Алла оларды, олар да Алланы сүйеді (Маида – 54)»

Оныншы мақамы – ғашық74, шауқ75, сафа76 және пақырлық77.

تَوَفَّني مُسْلِمًا وَاَلْحِقْني بِالصَّالِحينَ قوله تعالي:

«Мені мұсылман қалпымда көз жұмдыр, мені жақсы адамдар қатарына қос (Жүсіп – 101)»

قال النبي عليه السلام: الْفَقْرفَخري وَبِهِ اَفْتَخِرُ يَوْمَ القِيَمةِ عَلَي سائِرِ

«Пақырлық – менің мақтанышым, қиямет күнінде сонымды мақтан тұтамын (хадис)»

Бұл «жан мақамы» деп те аталады. Жанның Аллаға қауышқан кезінде, оның қуанышқа кенелуі, ойынға көшуі, зауқ78 пен шауыққа енуі таң қаларлық нәрсе емес. Мұндай әрекетке енуі жаратқанның достық пейіліне байланысты жүзеге асады және ол халалдың қатарына жатады. Бұл – Құдайдың берген нәсібі. Құдайдың берген нәсібіне ие болған адам мұнымен жақыннан таныс боуы тиіс. Уаллаһу ағлам (Алла бұдан да артық біледі).


БЕСІНШІ БӨЛІМ


БҰЛ БӨЛІМДЕ МАҒРИФАТ МАҚАМДАРЫ БАЯНДАЛАДЫ


Қымбаттым! Мағрифаттың алғашқы мақамы - әдеп79, екінші мақамы – үрей-қауіп. Ал үшінші мақамы – перһизкарлық80. Төртінші мақамы – сабр81 мен қанағат82, бесінші мақамы – хая83. Мағрифаттың алтыншы мақамы – жомарттық, жетіншісі – ілім. Мағрифат мақамдарының сегізіншісі – міскіндік, ал тоғызыншы мақамы – мағрифат, оныншы мақамға келер болсақ - өзін – өзі тану. Бұл жайлы Хазіреті Расул (ғ.с.) былай деген: مَنْ عَرَفَ نَفْسُهُ فَقَدْ عَرَفَ رَبهُ «өзін таныған адам Раббысын да таниды».


АЛТЫНШЫ БӨЛІМ


БҰЛ БӨЛІМДЕ ХАҚИҚАТ МАҚАМДАРЫ БАЯНДАЛАДЫ


Қымбаттым! Хақиқаттың бірінші мақамы – топырақ болу, екіншісі – жетпіс екі халықты алаламау, кемсітпеу, үшінші мақамы – қолдан келгенді аямау. Хақиқаттың төртінші мақамына келер болсақ – дүниедегі жаратылған болмыстарға сенімді болу, ал бесіншісі – дүниенің иесіне бет бұрып, көз жасын көл қылу, әлемнің жаралуына себепші – Мұхаммед нұрын84 табу. Себебі, ол – уахдат (бірлік ішінде). Хақиқаттың алтыншы мақамы - әңгіме-сұхбатта хақиқат құпиясын әңгімелеу, ал жетіншісі – сайр сулук85, сегізіншісі – сыр86. Хақиқаттың тоғызыншы мақамы – мінәжат, оныншысы – Ұлы Тәңірмен қауышу, яғни «вуслат87». Арифтер сұлтаны Садеддин осы тақырып бойынша мынандай өлең жолдарын жырлаған:

Бұл мақамға кім жетсе, осы сөзді кім ұқса,

Өз болмысын Хаққа берер, бүкіл әлем ішінде.

Кім бұл сырды білмеді, өзін-өзі сезбеді,

Ғашықтыққа болмады мас, ғұмыры зұлмат ішінде.

Бар болу менен жоқ болу да, ғашықтық пенен махаббат та,

Дүние менен ақырет, бір болар «ғашық қадим» ішінде.

Ариф былай деп сұрақ қойған екен:

Осы қырық мақамның жиырмасы – айқын, жиырмасы – айқын емес. Мұның сыры неде?

Оның жауабы – мынау:

Айқындық – «қалға88» (сөз) тән, ал халға – қайшы немесе айқындық – бағыну қауымына емес бас тарту қауымына қатысты, ол ішке емес, тысқа жатады. Жоғарыда баяндалған қырық мақамның сыры – осы. Сонымен қатар сенің де білгенің жөн: қырық мақамның біреуі кем болса, хақиқат кемеріне келмейді, оған себеп – онда біреуі жеткіліксіз. Мәселен, көңілімен емес, тілімен иман келтірген, «үшір89» мен «зекетті90» толық бермеген, қажылық жолдан кері қайтқан, Құдай Тағаланың шығарған үкімдерін мойындамаған немесе Мұхаммед Мұстафаны қабылдамаған, Хазіреті Мұхаммедтің сахабаларына жала жапқан адамның жасаған амалдарының барлығы бекершілік.

فَجَعَلْنَاهُ هَبَاءً مَنْثُورًا قوله تعالي:

«Біз олардың жасаған жақсы амалдарын шаң-тозаңға айналдырып жібереміз (Фурқан – 23)»

Қадірлі бауырым! Демек, осы қырық мақамның ешбірі кем болмауы тиіс екен. Себебі, аталған қырық мақам - кемшіліктен пәк.

وَنَزَّلْنَا عَلَيْكَ الْكِتَابَ تِبْيَانًا لِكُلِّ شَيْءٍ وَهُدًى وَرَحْمَةً وَبُشْرى لِلْمُسْلِمينَ قوله تعالي:

«Біз саған бар нәрсені түсіндіріп берсін, жол, рақымдық, мұсылмандарға мәңгілік бақыт, қуанышты хабар берсін деп, Құранды түсірдік (Нахл – 89)»

كِتَابٌ اَنْزَلْنَاهُ اِلَيْكَ مُبَارَكٌ لِيَدَّبَّرُوا ايَاتِه وَلِيَتَذَكَّرَ اُولُوا الاَلْبَابِ قوله تعالي:

«Аяттарын түсінсін, есі барлар ақыл-кеңес алсын. Осы біз саған кітап түсірдік (Сад – 29)»

وَلَوْ اَنَّ مَا فِي الاَرْضِ مِنْ شَجَرَةٍ اَقْلامٌ وَالْبَحْرُ يَمُدُّهُ مِنْ بَعْدِه سَبْعَةُ اَبْحُرٍ مَا نَفِدَتْ كَلِمَاتُ اللّهِ قوله تعالي:

«Егер жер бетіндегі ағаштың барлығын қалам, теңізді (сия) етіп, оған тағы жеті теңіздей (сия) қосып жазса да, Алланың сөзін тауысу мүмкін емес (Лұқман – 27)»

Қымбаттым! Мұнда сүйсіну де, бақытты болу да бар:

قُلْ اِنْ كُنْتُمْ تُحِبُّونَ اللّهَ فَاتَّبِعُوني يُحْبِبْكُمُ اللّهُ وَيَغْفِرْ لَكُمْ ذُنُوبَكُمْ قوله تعالي:

«Сен айт: «егер Құдайды сүйсеңдер, маған еріңдер, (сонда) сендерді ол да сүйіп, күнәларыңды кешіреді. (Али Имран – 31)»

Сүйіспеншілік те бар:

لَوْ اَنْزَلْنَا هذَا الْقُرانَ عَلى جَبَلٍ لَرَاَيْتَهُ خَاشِعًا مُتَصَدِّعًا مِنْ خَشْيَةِ اللّهِ قوله تعالي:

«Егер біз осы Құранды әлдебір тауға түсірген күннің өзінде, сөз жоқ, сен оның Алладан қорқып, бас игенін, жарылып кеткенін көрер едің (Хашр - 21)»

Белгісі де бар.

وَلَوْ اَنَّ مَا فِي الاَرْضِ مِنْ شَجَرَةٍ اَقْلامٌ وَالْبَحْرُ يَمُدُّهُ مِنْ بَعْدِه سَبْعَةُ اَبْحُرٍ مَا نَفِدَتْ كَلِمَاتُ اللّهِ قوله تعالي:

««Егер жер бетіндегі ағаштың барлығын қалам, теңізді (сия) етіп, оған тағы жеті теңіздей (сия) қосып жазса да, Алланың сөзін тауысу мүмкін емес (Лұқман – 27)»

Үміт күту де бар:

لا تَقْنَطُوا مِنْ رَحْمَةِ اللّهِ قوله تعالي:

«Алланың рақымынан түңілмеңдер (Зумар – 53)»

Қорқыныш та бар:

وَعَدَ اللّهُ الْمُنَافِقينَ وَالْمُنَافِقَاتِ وَالْكُفَّارَ نَارَ جَهَنَّمَ خَالِدينَ قوله تعالي:

«Алла мұнафық ерлерге де әйелдерге де және кәпірлерге де мәңгі шыға алмайтын тозақ бұйырды (Тәубе – 68)»

Дәлел де бар:

قُلْ هَاتُوا بُرْهَانَكُم قوله تعالي:

«Дәлелдеріңді келтіріңдер, - де (Нәміл – 64)»

Халал да бар:

اُحِلَّ لَكُمْ صَيْدُ الْبَحْرِ قوله تعالي:

«Теңіз мақұлықтары, теңізден шығатын ішім-жем халал етілді (Маида-96)»

Харам да бар:

حُرِّمَتْ عَلَيْكُمْ اُمَّهَاتُكُمْ قوله تعالي:

«Сендерге аналарыңмен ... некелесу харам қылынды (Ниса – 23)»

Қызмет көрсету де бар:

ۤ يَااَيُّهَا الَّذينَ امَنُوا لا تَرْفَعُوا اَصْوَاتَكُمْ فَوْقَ صَوْتِ النَّبِيِّ قوله تعالي:

«Ей иман келтіргендер! Дауыстарың пайғамбардың дауысынан бәсең болсын (Хужурат – 2)»

Ізгілік те бар.

فَمَنْ عَفَا وَاَصْلَحَ فَاَجْرُهُ عَلَى اللّهِ قوله تعالي:

«... біреу кешірім етсе, өзара келіссе, оның есесін Алла қайтарады (Шура – 40)»

Дертке шипа да бар:

...وَنُنَزِّلُ مِنَ الْقُرانِ مَا هُوَ شِفَاءٌ وَرَحْمَةٌ قوله تعالي:

«... рақымы, шипасы бар Құранды түсіреміз (Исра – 82)»

Сүйінші де бар:

وَهُدًى وَبُشْرى لِلْمُؤْمِنينَ قوله تعالي:

«Мүміндерге жол көрсетуші және сүйіншілеуші Құранды сенің жүрегіңе жеткізді (Бақара – 97)»

Жазалау да бар:

وَمَا يُضِلُّ بِه اِلا الْفَاسِقينَ قوله تعالي:

«Мұндай мысалдармен Алла пасықтарды адастырады (Бақара -26)»

Қайғы-қасірет те бар:

وَاِنَّهُ لَحَسْرَةٌ عَلَى الْكَافِرينَ قوله تعالي:

«Кәпірлер үшін Құран, әрине, қасірет әкеледі (Хаққа -50)»

Есі бар адамға осы айтылғандар жеткілікті, қалғаны белгілі.


ЖЕТІНШІ БӨЛІМ


БҰЛ БӨЛІМДЕ МАҒРИФАТТЫҢ БЕЛГІЛІ ЖАУАБЫ БАЯНДАЛАДЫ


Әлемнің Қутбы, адам баласының мақтанышы хорасандық Қажы Бекташ (Алла оған разы болсын) былай деген:

Көңіл бейне бір шаһар тәрізді, Хақ Субханаһу уа Тағала ғарыштан бастап жердің астына дейін не жаратқан болса, соның барлығы әлгі шаһарға сыйып кетеді. Шаһарда екі сұлтан билік жүргізеді, оның бірі - рахмани сұлтан, екіншісі – шайтани сұлтан.

Рахмандық сұлтанның аты – ақыл, өкілі (орынбасары) – иман, басқарма басшысы (қолбасшы) – міскіндік (пақырлық).

Жүрекің оң құлағында жеті қамал орналасқан. Хақ Субханаһу уа Тағала әр қамалға бір сақшыны өкілі ретінде тағайындаған. Қамал сақшыларының аттары мынандай:

Алғашқы күзетшінің аты – ілім, екінші сақшының есімі – жомарттық, ал үшіншісінің аты – хая, төртіншісі – сабырлық, бесіншісі – перһизкарлық, алтыншы күзетші – хауф, жетіншісі - әдептілік.

Осы сақшылардың әрбіріне жүз мыңнан қызметкер, әрбір қызметкерге де жүз мыңнан әскер берілген. Бұлардың барлығы - иманның нөкерлері.

Қымбатты бауырым! Осы істер бір жақты жайғастырылғаннан соң, тәңірден тілегеніміз - мағрифат жар (дос) болып, ол қолына ұстаған бес хилатты91 ала келді. Бірінші хилат – илһам92, екінші шекпен – махаббат. Олар жанға кидірілді, жан тірілді. Ақылға да сай келді, ол келіп-кеткендерді байқайтын халге жетті. Өйткені барлығы жан арқылы тіріледі, ал жан мағрифат арқылы оянады. Мағрифатты жан – ерендер жаны, мағифатсыз жан – хайуандар жаны.

Осы сәтте ариф былай деп сұрақ қойған болатын:

Қымбаттым! Әңгіме қылып отырған жан неше түрлі болады? Ол өлі ме, әлде тірі ме? «Жан тірілді», - дейсің, сонда жан бастапқыда өлі ме еді? Өлі қалай тіріледі?

Арифтың қойған сұрағы орынды. Оның жауабы - мынау: жан екі түрлі болып келеді: бірі – жан, келесісі – жанан93.

وَيَسْئَلُونَكَ عَنِ الرُّوحِ قُلِ الرُّوحُ مِنْ اَمْرِ رَبّي قوله تعالي:

«Олар сенен жан (рух) туралы сұрайды. «Жан дүниесін тәңірім ғана біледі...», - де. (Исра – 85)»

Яғни, Хақ Субханаһу уа Тағала пайғамбарына былай деген:

« Ей Мұхаммед! Егер сенен рух туралы сұраса, былай деп жауап бер: рух менің Раббымның еркінде (Исра-85)»

Өзге бір қырынан жан үш тұрғыда қарастырылады:

Бірінші жан денені тірілтетін «жисмани (тәндік, материалдық) рух» деп аталады: тікенектің кіргенін, қылдың батқанын сезеді.

Екінші жан «мағаш (тіршілік иесі) рух» деп аталады. Оған жеу, ішу, ашығу, шөлдеу тән.

Үшінші жанды «тән ұйқыға кеткен кезде оянатын «рухи рауан» (жүретін жан) деп атауға болады.

وَجَعَلْنَا نَوْمَكُمْ سُبَاتًا قوله تعالي: «Демалсын деп ұйқыны бердік (Наба – 9)», - деп ұйқының тынығу жолы екендігі баяндалады, бірақ ол тек тәннің ғана тынығуына қатысты емес. Оның мәні – мынау: үш түрлі адамға айып тағылмайды: ақыл-есі кірмеген бала, ақыл-есі кем адам және оянғанға дейін ұйқыдағы адам. Осыған байланысты, түнгі дауыс алысқа жетеді, ал күндіз ол алысқа шықпайды. Мұның себебі – адам баласы түнге қарай күнәларынан арылады (ұйықтайды), сондықтан, дыбысқа тосқауыл болатын перделер де (күнә) азая түседі де, дыбыс ұзаққа жетеді. Ал күндіз жасалатын дүниелік күнәлардың артуына орай, күнә дыбыс өткізбейтін пердеге айналады. Сондықтан, дыбыс та алысқа самғай алмайды. Міне, осылайша, біз кейбір адамдарды тән тыныштығына бөлейтін ұйқы, кейбірін жан рахатына кенелтетінін білдік.

Жанның қасында тән жылқыға ұқсайды, яғни тән – жанның мініс көлігі. Ыстықты, суықты, ащыны және тәттіні тән жан арқылы сезеді. Жылқылар тікенді шөпті оттамайды, ауылға баратын жолды айнымай таниды және олар азбайды да тозбайды, бірақ Хақ жолын білмейді. Себебі, олардың көңіл көздері көр. Олар كالانعام яғни, «хайуандар тәрізді». Сондықтан, Хақ жолын қалай білмек? Бұл туралы хазіреті Расул (ғ.с.) былай деген:

«Хақ Субханаһу уа Тағала адамға төрт көз берген: екеуі - баста, екеуі – көңілде орналасқан. Бас көзімен ол жаратылғанды (халқ), көңіл көзімен жаратқанды (Халиқ) көреді». Ал Жаратқанды сүю сезімі, шауқ, зауқ көңіл ішінде от тәрізді лаулап жанады да дененің түкпір-түкпіріне таралып, оларды да от алауына бөлейді. Бұлар – жаратқанның достығына байланысты, халал.

Тән – жанның мініс көлігі. Шүкіршілік қылатын сәтте жан қалай шүкіршілік жасаса, тән де солай шүкіршілік қылады. Айтылған осы әңгіме білмейтіндерге едәуір мәліметтер беріп, пайдаға асатыны анық.

Шекердің дәмін татып көрмеген адамға атын білгенмен, оның мәні жоқ болғаны сияқты, көңіл көзі ашылмаған адам Хақтан қандай хабар алмақ?

Жаратқанның қасында һидаят94 - ұлы жол:

وَلا تَطْرُدِ الَّذينَ يَدْعُونَ رَبَّهُمْ بِالْغَدوةِ وَالْعَشِيِّ يُريدُونَ وَجْهَهُ مَا عَلَيْكَ قوله تعالي:

«Алланың ықыласын тілеп, күндіз-түні жаратқанға жалбарынатындарды сыртқа теппе. Олар үшін сен жауап бермейсің. Оларды сыртқа тепсең залым боласың (Анғам-52)»

Құдай Тағала тағы да былай деген:

«Ей құлдарым! Көзбен көрінеді, құлақпен естіледі, тілмен сөз сөйленеді, қолмен ұсталады, аяқпен жүруге болады, құлшылық арқылы кешірім жасалынады, күнә ашу-ызадан туындайды, от жанады деп санайсыңдар ма? (Тіпті де олай емес) Адамға (ғ.с.) тозақта да болмаған азапты жұмақ ішінде көрсеттім. Ибраһимге (ғ.с.) жұмақ ішінде де кездеспейтін бау-бақшаны от жалыны ішінде бердім. Қарғысқа ұшыраған перғауынды Ніл өзеніне батырдым және Мұсаны (ғ.с.) одан құтқардым. Өйткені, досымды қорғадым, дұшпанымның көзін жойдым. Түйіршіктей күнәсі болмаса да милиондаған періштені отқа жақтым, ғибадаты болмаса да милиондаған адамды кешірдім. Не қаласам да - құдіреттімін, барлығына құдіретім жетеді. Қалаған адамның көз жасын көл қыламын, қалағанын шаттыққа бөлеймін, күлдіремін. Қалаған пендемді өлтіремін, қалағанын тірілтемін. Мұны тек мен ғана білемін, сендер білмейсіңдер. Алайда, мен – хауф пен ража арасында болғандарға ғана қайырымдымын.

Әңгімемізді басқа тақырыпқа аудармай, жан мәселесін одан ары жалғастырсақ, көңілдері алай-түлей, менмендердің рухтары да қыңыр. Олар ا لست بربكم«аласт мәжілісінде» (әлмисақ) «жоқ» дегендер. Олар хайуан тәрізді. Жоғарыда баяндалған үш (түрлі) жан, міне, осылар және олар ешқандай үн қатпайтын тоңмойын «بَلْ هُمْ اَضَلُّ»- ге жатады. Тоңмойындар жайлы мынандай аят келген:

اُولئِكَ كَالاَنْعَامِ بَلْ هُمْ اَضَلُّ قوله تعالي:

«... Олар хайуан сияқты, тіпті одан да бетер адасушы (Ағраф – 179)»

Бұл тақырыпқа адам ілімі бөлімінде қайта ораламыз.

Біздің пікіріміз бойынша жан бес түрлі, бірақ, бұл - мағынасы өте күрделі ұғым. Адамның мәні де үш түрлі болып келеді. Адамның өзін тануы да өте ауыр, ал өзін танымаған адамға айтылған осы сөздердің ешбір мәні жоқ. Өзін тануға талпынған адамға кітапта былай деп жаздым:

مِنْكُمْ مَنْ يُريدُ الدُّنْيَا وَمِنْكُمْ مَنْ يُريدُ الاخِرَةَ (وَ مِنْكُمْ مَنْ يُريدُ المَوْلي) قوله تعالي:

«... іштеріңнен кейбірі дүниені, ал кейбірі ақыретті қалайды ... (Али Имран – 152)»

Егер түпкі мәніне үңіле білсең, бұл аяттың мағынасы бүкіл дүниені қамтиды.

Қымбаттым! Дүниені қалаған адамдар хайуандардан да төменгі дәрежені иеленеді. Ал ақыретті қалайтындар хауф пен ража қауымына жатады, ал Мауласын95 қалайтын пенделер мушаһада тобына тән. Аса қамқор да мейрімді Хақ Субханаһу уа Тағала осы жайлы былай деген:

- Ей құлдарым! Мені қалаған адамға көрінейін. Ей асилер96! Кешірім сұраңдар, мен кешірейін. Себебі, көк аспан жылайды, жер күледі, яғни көктен жаңбыр жауса жерге көгерген шөп бітеді.

وَهُوَ الَّذي اَنْزَلَ مِنَ السَّمَاءِ مَاءً فَاَخْرَجْنَا بِه نَبَاتَ كُلِّ شَيْءٍ قوله تعالي:

«Аспаннан жаңбыр жаудырды. Сол арқылы түрлі жеміс ектірді де оны көктетті (Анғам – 99)»

Көктен жаңбыр жаумайынша, жерге ешбір шөп бітпейді, яғни, көз жасын төгіп, кешірім сұрамаған пенденің күнәсін Жаратқан ие кешірмейді.

Жан тақырыбынан тағы да ауытқып кеттік. Жоғарыда үш жан баян етілді. Ал төртінші жан – мағрифат.

Қымбаттым! Жан - бостан97, мағрифат – су. Сусаған бақшаға су тіршілік сыйлайтыны тәрізді, мағрифат та жанға соны тарту етеді.

وَلِمَنْ خَافَ مَقَامَ رَبِّه جَنَّتَانِ قوله تعالي:

«Тәңір алдына шығудан тайсалған (қорыққан) адамға екі пейіш бар (Рахман-46)»

Қымбаттым! Хақ Субханаһу уа Тағала сендер үшін екі бостан (бақша) жаратты: бірі – дін бақшасы, келесісі – иман бақшасы. Сондай-ақ мағрифат суын көңіл көзінен ағызды:

حَبَّبَ اِلَيْكُمُ الايمَانَ وَزَيَّنَهُ في قُلُوبِكُمْ قوله تعالي:

«Алла сендерге иманды сүйгізіп, жүректеріңе орнықтырды (Хужурат -7)»

اَلَمْ تَرَ اَنَّ اللّهَ اَنْزَلَ مِنَ السَّمَاءِ مَاءً فَتُصْبِحُ الاَرْضُ مُخْضَرَّةً قوله تعالي:

«Алланың көктен жаңбыр жаудырып, сол арқылы жер бетін жап-жасыл етіп, жайнататынын көрдіңдер ғой (Хаж-63)».

Сендердегі бақшаларды иесіз (бағбансыз) деп ойламаңдар. Бақша өсіруге ниеттенген бағбан алдымен егістің айналасын қоршайды, топырағын жұмсартып, қопсытады, одан соң түрлі көкөністер отырғызады. Қайта келіп олардың түптерін шабады, қопсытады, арам шөбін тазалап баптайды да, бақшаның ортасына кепкен сиырдың басын (қарақшы) қадайды. Көкөніс жетілгенге дейін қарақшының орны сол жер. Піскен көкөністі жинап, бағбан достарымен, бауырларымен оны азық етеді, тәңірге шүкіршілік жасайды.

(Дәл сол сияқты) Алла Тағала да:

- Ей құлдарым! Сендердегі екі бақша – менікі. Қамқорлығыммен оны күтіп баптадым, рақымдылығыммен оның айналасын қоршадым, міскіндікпен көңілдеріңді қопсытып жұмсарттым. Көңілдеріңе тәухид ағашын ектім. Тәухид ағашына хақиқат жемісін бітірдім. Бақшаны мағрифат суымен суардым, арам шөбі мен тікенектерін тазаладым. Қастық қылғандардан бақшаны қорғадым. Күнәларыңмен оның ортасына қарақшы жасадым.

Ал Алланың қарғысына ұшыраған Ібіліс сендерді көруге келеді де көңіл бақшасының ортасында тігулі тұрған күнәларыңды көріп: «тәңірлеріңе бағынбаған екенсіңдер, ол сендерге көмек қолын созбайды, - дейді.

Қиямет күні келген кезде, күнәларыңнан арылғандарыңды рақымдылығыммен кешірім даргаһына98 жайғастырамын, жаннатымның ішіндегі пенделерімді шақырамын және кереметіммен сендерге бақытқа бөлесін деп жүзімді көрсетемін:

صِبْغَةَ اللّهِ وَمَنْ اَحْسَنُ مِنَ اللّهِ صِبْغَةً وَنَحْنُ لَهُ عَابِدُونَ قوله تعالي:

«Ол діннен жақсы дін ешкімде жоқ (Бақара – 138)», - деген.

Ей ариф! Жан өлі ме әлде тірі ме деп сұраған едің. Оның жауабы – мынау: ол үш түрлі болып келеді: тірі де емес, өлі де емес. Егер өлі болса, өлілер дәрежесінде, тірі болса, тірілер дәрежесінде болады. Ал өлі екі түрлі: кейбірінің – жаны, ал кейбірінің - тәні өлі. Жаны өлілердің тәндері өмірде жаралы, көңілдері сырқат:

في قُلُوبِهِمْ مَرَضٌ فَزَادَهُمُ اللّهُ مَرَضًا قوله تعالي:

«Олардың жүректерін жайлаған дертті Алла одан ары мегдетіп жіберді (Бақара – 10)»

Ал тәндері - өлі, жандары - тірілердің қатарына ғашықтар жатады:

وَلا تَحْسَبَنَّ الَّذينَ قُتِلُوا في سَبيلِ اللّهِ اَمْوَاتًا بَلْ اَحْيَاءٌ عِنْدَ رَبِّهِمْ يُرْزَقُونَ قوله تعالي:

«Құдай жолында шейіт болғандарды өлдіге санамаңдар. Керісінше, олар тірі. Құдай алдында жұмақ ризығынан дәм татады. (Али Имран-169)»

Жанның өлімі нәпсі сырқатына байланысты емес. Бірақ жанда бір сырқат бар, ол «инкар99 сырқаты» деп аталады. Мағрифат билік тізгінін қолына ұстаған биік тұлғасымен, ұлы даналығымен, айбатты сұсымен жандағы инкар сырқатына ем-дом жасап, шипасын салады.

Тозақ қақпасында жеті шың бар, мағрифат осы шыңдарды күл парша қылып, сегіз жұмақ қақпасына жол салады.

Мысал: бір әмірші көркем бір жерде тұрақтайтын орын дайындау үшін сенімді қызметкерін жұмсайды. Себебі, әміршіге лайықты, оған ұнамды орынды таңдау әлгі қызметкердің ғана қолынан келеді.

Мағрифат та лайықты деп табылған пенделердің көңіліне жолдайтын тәңірдің сенімді қызметшісі. Жұрт (көңіліне мағрифат ұялаған) әлгі пенденің дуалы аузынан жанға жағымды әр түрлі мағрифат хабарларын ести алады. Біле білсеңіз, дуалы аузымен алуан түрлі мағрифат хабарларын тарататын ерендердің аяқтарына жұққан шаңды күніне жеті мәрте суға езіп ішу керек. Өйткені, мағрифаттық көңіл – ерендердің көңілі. Ол – Хақ Тағаланың асыл қазынасы және айнасы. Мағрифат көңілдерге тіршілік сыйлайды, көңіл көзін ашады. Хаққа лайық еместердің көңілдері мағрифаттан мақрұм және ондай адамдардан ешкім жан рахатын таба алмайды.

Жан туралы әңгімемізді одан ары жалғастырсақ, жанға тіршілік сыйлайтын немесе рухты оятатын бірінші күш мағрифат болса, келесі қуат, яғни, бесінші жан – ғашық болу да рухтың негізгі азығы. Осы туралы арифтер сұлтаны, мәннің кені және шайхтардың мырзасы Молда Садеддин (қаддаса-л-лаһу сырраһу-л-азиз) былай жырлаған:

Ғашықтықтан туған жан,

Соңы мыңға ұласар.

Бүкіл жандар өлгенде,

Әлгі жанға өлім жоқ.

Ғашықтық дертін алайық,

Машақатта қалайық.

Өлмейтін тірлік қылайық,

Жанның досын табайық.

Хазіреті Расул (пайғамбар) ғалайһи салам өзінің бір әңгімесінде былай деген екен: «бір әулие «Я Рабби» деген кезде, Хақ Субханаһу Тағала «лаббайк100» деген үнін әлгі әулиенің құлағына естіртеді. Әулиенің «Я Рабби» деген сөзі мен Алла Тағаланың «лаббайк» деген сөзі ғарышта кездесіп, бірлеседі және осы екі сөздің арасынан нұр туады. Әлгі нұрдан жетінші қат көкте түрлі-түсті гүлдер бітеді. Гүлдер алтыншы қат көкті де хош иіске бөлейді. Бесінші қат көктің арасы хош иіс, төртінші қат көктің арасы мускус, үшінші қат көк арасы райхан101, екінші қат көк арасы мускус және бірінші қат көк арасы гүл иісіне бөленеді, әлем нұрлана түседі. Сол сәтте жеті қат көктің періштелері бір-бірінен сүйінші сұрасып:

- Бүгін қандай мүбарак күн десеңізші, хош иіске бөлендік, қандай тамаша күн, - десіп, періштелер гүлдерді теріп алады да сегіз жаннаттың ішін әлгі гүлдермен безендіреді. Әулиелердің бірі қайтыс болған кезде, әлгі гүлдердің арасынан «райхан» деп аталатын гүл әкелініп, әулиеге иіскетіледі және ол ғашықтықты сезінеді. Хош иіс пен ғашықтық тамыр-тамырды қуалап, денеге таралады. Әулиенің жанын ғашықтық арқылы алады да жанның қалай шыққандығын ешкім де түсіне алмай қалады.

ۤ فَاَمَّا اِنْ كَانَ مِنَ الْمُقَرَّبينَ فَرَوْحٌ وَرَيْحَانٌ وَجَنَّتُ نَعيمٍ قوله تعالي:

«Егер сол мәйіт жақсылықтың бастаушысы болса, ол рахатта, хош иістер мен игілігі мол жаннатта болады (Уақиға-88-89)»

رايحني مِنْ رايحة الجنةِ وارزُقْني مِنْ نَعيمِها

«Ей раббым! Маған жаннаттың хош иісін және игіліктерін нәсіп ет»