Қажы Бекташ Уалидің мақаласы

Вид материалаДокументы

Содержание


Нақыл сөз
Ғажайып әңгіме
Сегізінші бөлім
Тоғызыншы бөлім
1   2   3   4   5   6   7   8   9

НАҚЫЛ СӨЗ

Мысыр әйелдері Жүсіп пайғамбарды көрген сәтте-ақ қайран қалысып, қолдарын кескендерін де сезбей қалатыны сияқты, досының досына деген махаббаты әсерінен ішкі жан дертін сезбеуі таң қаларлық нәрсе емес. Ал достың досына жан азабын тарттыруын қалай түсінуге болады?


ҒАЖАЙЫП ӘҢГІМЕ

Арифтер өз мақамдарын көріп, мақсат-мұраттарына жетпейінше, жан тәсілім етпейтіндігі таң қалдырады. Болатты тасқа ұрған сәтте тастан от ұшқындайды да жанады, түтіні көкке самғайды, ал от ошақта қалады.

«Райхан гүлі» бұл – ғашықтық гүлі. Ал ғашықтық - әлемге қорған болып, жылылық сыйлайтын Алла Тағаланың от-жалыны. Ал сол оттың ошағы - ерендердің көңілі. Ғашықтық жанға тіршілік сыйлайды, ол от тәрізді жанады. Мұны «махаббат жалыны» деп те атайды. Міне, осындай таң қаларлық ғажайып халдер тәңірдің «лаббайк» деген сөзі мен әулиенің «Я Рабби» деген сөзінен бастау алады. Илаһи102 (даналық, хикмет) сөз дегеніміз – осы.

Әлемнің мақтанышы Мұхаммед Мұстафа (ғ.с.): «құлшылық жасамаған адамның қайырлы істері қабыл етілмейді», - деген хадисіне сай, ең үлкен ғибадат – «Я Рабби». Бірақ ықыласпен «Я Рабби» деп айту оңай шаруа емес. Оны «оңай» деп түсінген адам қателеседі. Қымбаттым! Бұл – Алла Тағаланың нәсіп еткен пендесіне деген тартуы, сыйы. Алла Тағаланың тарту еткен несібесіне ие адам ғана осыншама әңгіменің барлығын ұғады және күндіз-түні Алланы зікір етумен шұғылданады. Алланы зікір етумен уақытын өткізген адам кез келген қиындықтардан аман қалады, Алланың рақымына бөленеді. Иншаллаһу Тағала.


СЕГІЗІНШІ БӨЛІМ


БҰЛ БӨЛІМДЕ ШАЙТАНДЫҚ ХАЛДЕР БАЯН ЕТІЛЕДІ


(Шаһардың) екінші сұлтаны – Ібіліс, ал нәпсі – оның орынбасары. Шайтанның сардарлары – кибир, хасад, бухл, тама, ашу-ыза, ғайбат, қаһқаһа және қулық-сұмдық. Аталған осы жеті жаман қасиет – оның қақпа күзетшілері.

Адам жүрегінің сол құлағында жеті қамал орын тепкен. Әр қамалға бір күзетшіден орналастырылып, өкіл етілген. Әлгі сақшылардың жүз мыңнан қызметкері, әрбір қызметкердің жүз мыңнан өкілдері бар.

Хасадты, бухлды, таманы дүниеден бас тартумен емдеуге болады. Ал ашу шақыру, ғайбат, қаһқаһаға бейімділік, қулық тәрізді жаман қасиеттерді перһизкарлықпен тәрбиелеуге және оларды жеңуге болады.

Кибир түп төркіні – шайтаннан, міскіндіктің шыққан тегі рахманнан бастау алады. Сондықтан менмендік (кибир) кездескен кезде, оған міскіндікті қалқан етіп ұстау керек. Хасадтың шыққан отаны – шайтан, ілімдікі – рахман. Хасадқа тап болған адам оған ілімді ұсынған жөн. Бухл шайтаннан, жомарттық рахманнан туындаған. Бухлға кездескен адамның жомарттыққа бейімделуі қажет. Жомарттықты төрт қырынан қарастыруға болады: біріншісі – дәулеттілердің мал жомарттығы, екіншісі – ғазилердің103 тән жомарттығы, үшіншісі – ғашықтардың жан жомарттығы және төртіншісі – арифтердің көңіл жомарттығы.

Қымбаттым! Жүзіңді құдайдың қалаған жағына бұруға міндеттісің. Өйткені әдептілікті қалаған адам құдайдан қорқуды, құдайдан қорқуға тырысқан адам перһизкарлыққа, перһизкарлыққа ынталанған адам сабырды, сабырлы болуға тырысқан адам хаяны, хаяға талпынған адам жомарттықты ұнатады. Ал жомарттықты қалаған адам міскіндікті, міскіндікке ынталанған адам ілімді, ілімді қалаған адам мағрифат таңдайды. Мағрифатқа ынтыққан адам жанды, жанға ұмтылған адам ақылды, ақылды болуға тырысқан адам Тәңір Тағаланы сүйеді. Міне, Құдай Тағаланың пенделерін қуантқан сүйіншісі – осы аталған он екі өнегелік қасиеттер. Бұл қасиеттердің он екісі де бір-бірінің өкілі етіп тағайындалған және олар - иман әскерлерінің қолбасылары. Аталған он екі түрлі қасиеттің бірі кем болса, иман кәміл болмайтынын біліп алғын. Бұлар бақытқа жол бастайтын мақамдар, оларды қорғай алмаған адам Жаратқан Тәңірден де, мағрифатты танудан да қол үзеді, Алла Тағаланың жүзін көруден мақрұм қалады.

Ал керісінше, қулық-сұмдықты ұнатқан адам келеке етіп күлуді, келекеге бейім адам ғайбатты, ғайбатқа жақын адам ашу шақыруды артық санайды. Ашуға бейімдері таманы, таманы қалайтындар бухлды, бухлды ұнататындар хасадты жақын тартады. Хасадқа жақындары кибирді, кибирлері тәнді, тәндік рахатты қалағандар һауаны104, һауаға ұмтылғандар нәпсіні, нәпсі құмарлар Ібілісті сүйеді, Құдай Тағаланы ұнатпайды. Аталған он екі жаман қасиеттің өкілі – шайтан. Осы он екі қасиетті бойына жинақтаған адамға құдайға бастайтын жол жоқ. Себебі, әлгі он екі жаман қасиет – мағрифат пен иманның қас дұшпаны. Ақыл әскерінің шайтан әскерін жеңуі сол екеуі арасындағы кескілескен шайқаста мәлім болады. Мұның белгісі: жан ишрат-ы руханиді105 ұнатады, ал ишрат-ы рухани – еркіндіктің символы.

Қымбаттым! Хақ Субханаһу уа Тағала:

«Төрт түрлі адам төрт түрлі нәрсеге сенім артты. Олардың барлығы сенім артқан нәрсесінің нәтижесін күтті де, соңында тілегеніне жетті. Бастапқысы - Алланың қарғысына ұшыраған Ібіліс отқа сенді, оны дос тұтты. Құдай Тағалаға күш көрсету тән емес, сондықтан, «досын досынан ажыратпайық», - деп, Ібілісті тозақ отына салды:

خَلَقْتَني مِنْ نَارٍ وَخَلَقْتَهُ مِنْ طينٍ قوله تعالي:

«...мені оттан, адамды топырақтан жаратқансың», - деді.» (Ағраф – 12)

Екіншісі, перғауын копттарды дос тұтты, соңында оларды көрерде суға батты.

وَاَغْرَقْنَا آلَ فِرْعَوْنَ وَاَنْتُمْ تَنْظُرُونَ قوله تعالي:

«Теңізді қақ бөліп, сендерге жол ашып, құтқарғанымызды, перғауын қауымын батырғанымызды өз көздеріңмен көріп едіңдер ғой. (Бақара – 50)»

Үшіншісі, Қарун малына сенді, соңында ол малымен құрдымға кетті.

فَخَسَفْنَا بِه وَبِدَارِهِ الاَرْضَ قوله تعالي:

«(Қарунды) да, оның үй-жайын да жерге жұтқыздық. Алланың оған төккен бұл қаһарына араша тұрар ешкім табылмады. (Қарун) өзін-өзі қорғай алмады. (Қасас – 81)»

Төртіншісі, Мұхаммед Мұстафа (ғ.с.) Алла Тағаланың жақындығы мен достығына сенім артты. Хақ Субханаһу уа Тағала «досты досынан ажыратпайын», - деді.

يُحِبُّونَهُمْ كَحُبِّ اللّهِ وَالَّذينَ امَنُوا اَشَدُّ حُبًّا لِلّهِ قوله تعالي:

«Алланы сүйгендей оларды да сүйеді. Ал мүміндер Алланы ғана сүйеді (Бақара – 165)», - деп аятында баяндаған.

Аса қамқор, мейірімді Хақ Тағала тағы да былай деген:

Ей сүйікті құлдарым! Мен - сендердікімін, сендер де - менікісіңдер, шүкіршілік жасаңдар.

لَئِنْ شَكَرْتُمْ لاَزيدَنَّكُمْ وَلَئِنْ كَفَرْتُمْ اِنَّ عَذَابي لَشَديدٌ قوله تعالي:

«Егер (бергеніме) шүкіршілік етсеңдер, оны тағы да молайтамын (Ибраһим -7)»

Өзге бір аятында да ол былай дейді:

الَّذينَ اَحْسَنُوا بِالْحُسْنى قوله تعالي:

«Жақсылық жасағандарға тамаша сый тартады (Нәжм-31)»

Тағы бір аятында да ол былай деген:

فَلْيَعْمَلْ عَمَلًا صَالِحًا وَلا يُشْرِكْ بِعِبَادَةِ رَبِّه اَحَدًا فَمَنْ كَانَ يَرْجُوا لِقَاءَ رَبِّه قوله تعالي:

«Кімде-кім Тәңірмен жүздесуді үміт етсе, оның ісі ізгілікті болсын, Тәңіріне сыйынсын, оған теңдес ешбір тәңір іздеуші болмасын. (Кәһф -110)»

Адам өзін тануға міндетті, ал рахмандық пен шайтандық қасиеттердің арасын ажырата алмаған адам өзін де тани алмайды. Сонымен қатар, өзін танымаған адам Тәңірін де тани алмайды. Сондықтан, осы сөздердің мағынасын түсінген, рахмани мен шайтани қасиеттердің арасын ажырата алған адам өзін таниды. Ал өзін таныған адамның жанына ғашықтық келіп, оны Хақтың жанына жетелейді. Оның рухани мәртебесі қаншалықты жоғары болса, ол соншалықты алға жылжи түседі. Осы сөздердің мағынасын ұқпаған адам рахмандық пен шайтандық қасиеттердің ара жігін аша алмайды және өзін де танымайды, Жаратқан иеге алып баратын жолды да таба алмайды.

Адамдық дәрежеге жете алмаған адам кейпіндегі жандыларды кездестіруге болады. Олар – үрей мен күнә дариясына тұншыққандар, олар мал табыны тәрізді. Бірақ оның өзі ойланып, оң шешім қабылдауы мүмкін, оның өз шешімімен жетпіс жыл бойы үйір болған өсек-аяңын бір сағаттық құлшылықпен жууға мүмкіндігі бар. Ал жетпіс жылдық ғибадат бір сағаттық тафаккурмен тең.

قال عليه السلام: تَفَكرُ ساعةٍ خَيْرٌ مِنْ عِبادة سَبْعينَ سَنةً

«Бір сағаттық тафаккур жетпіс жылдық ғибадаттан қайырлы (хадис)».

Жетпіс жылдық тафаккур бір сағаттық мінажатпен бірдей. Өйткені халықтың аузындағы өсек-аяң күдіктен (шүбә) туындайды.

Заһидтің ісі – ғибадатты амалмен ұштастыра білу. Арифтің терең ойы – Алланың жаратқандарымен қатынас жасай білу. Ал мухибтің Мауласымен бірге болуы – Мауласына мінажат жасауы.

Бірақ екіжүзділік пен ашкөздік адамнан аулақ кетпейді. Сондықтан, ер адамның көңіл шаһарын әлгілерден үнемі арылтуы және бостық жасамауы тиіс.

Қымбаттым! Екіжүзділік пен ашкөздікті көңіл шаһарынан қуып шығатын ақылдың үш сенімді қызметкері бар: біріншісі – сабырлық, екіншісі – хая, үшіншісі – қанағат. Алланың қарғысына ұшыраған шайтанның қауіптенетіні де осы – үш қасиет. Осыған орай, шайтан осы үш қасиет арқылы жеңіліс табады. Бұлар – ақылдың мұздай қаруланған атты әскері.

Адамның мақамы – үшеу: заһидтер, арифтер және мухибтер. Бұл жерде жай адамдар адам қатарына қосылмады, себебі, оның біршамасы адам кейпінде болғанмен, мәні жағынан – хайуан. Олар – «بَلْ هُمْ أضَل» (бәлкім олар адасқандар), – деп айдар тағылған қызғаншақтар және өздерін тани алмағандар.

Ал адамдық дәрежедегі заһидтер құдайдан ессіз қорыққандығы соншалық күндіз-түні от тәрізді лаулап жанады. Бірақ өзін танымаған адам, әлбетте, Жаратушысының мәнін сезбейтіні хақ. Шекер деген атын естігенмен оның дәмін татпаған адам шекердің тәттілігін сезбейтіні сияқты, заһидтер бір-бірінен (ғайыптық) мәліметтер естіп, «ия» десіп, өз есімдерін ғана «илма-л-яқиннен106» алады. Ал арифтер болса, «айна-л-яқин107» ішінде өздерін таниды.

مَنْ عَرَفَ نَفْسُهُ فَقَدْ عَرَفَ رَبهُ قال النبي عليه السلام:

«Өзін таныған адам Раббысын да таниды (хадис)».

Әңгімемізді одан ары жалғастырсақ, мухибтер «хаққа-л-яқин108» ішінде өз тілектерімен Тәңірді жақыннан таниды, оның мәнісін сезінеді. Жандары да мақсат-мұратына жетеді. Осы айтылған әңгімелер – илма-л-яқиннің, айна-л-яқиннің, хаққа-л-яқиннің және шүбә мен яқиннің109 мән-мағынасы ашыла түссе, ол бүкіл әлемге жеткілікті.

Демек, өсек-аяң, дау-жанжал және шүбә абидтікке, ғибадат, хауф, ража және илма-л-яқин заһидтікке, тафаккур, сұхбат, әулиелікті күту және айна-л-яқин арифтікке, мінажат, мушаһада және хаққа-л-яқин мухибтікке тән. Қорытындылай келсек, мәңгілік дәруіштік өмір, шексіз бақыт пен мекен және тыныштық нәсіп еткен адам жан ләззатына бөленеді. Уаллаһу ағламу би-с-сауаб (Ақиқатын нақты білетін тек Алла ғана).


ТОҒЫЗЫНШЫ БӨЛІМ


БҰЛ БӨЛІМДЕ МАҒРИФАТ МАҚАМЫНЫҢ ТӘУХИДТІК (БІРЛІК) МӘНІ БАЯН ЕТІЛЕДІ


وَاِلهُكُمْ اِلهٌ وَاحِدٌ قوله تعالي:

«Сендердің Тәңірлерің біреу-ақ. Одан басқа Тәңір жоқ, ол барына рақымды және қайырымды (Бақара-163)»

Жаратқан ие алдымен бізге бірлігін (тәухид) білдірді. Одан соң әлемнің қожайыны пенделеріне өз болмысын танытты:

اَللّهُ الَّذي خَلَقَ السَّموَاتِ وَالاَرْضَ قوله تعالي:

«Көкті, жерді Құдай жаратты (Ибраһим-32)»

Одан соң ол өң-сипатын білдірді:

صِبْغَةَ اللّهِ وَمَنْ اَحْسَنُ مِنَ اللّهِ صِبْغَةً قوله تعالي:

«Өң Алланікі, өң (беру) де Алладан кім артық? (Бақара-138)»

Сосын ол мүлігін (иелігін) баян етті:

لَهُ مُلْكُ السَّموَاتِ وَالاَرْضِ قوله تعالي:

«Аспан әлемінің де, жердің иесі бір Алла (Бақара-107)»

Жаратқан ие айбынды келбетін де көрсетті:

وَهُوَ الْقَاهِرُ فَوْقَ عِبَادِه قوله تعالي:

«Құдай өз құлдарының (шексіз) қожасы, Ол данышпандықпен іс қылады әрі бәрін біліп тұрады (Анғам -18)»

Одан соң, ол асқақ даңқын білдірді:

وَهُوَ الْعَلِيُّ الْعَظيمُ قوله تعالي:

«Оның мәртебесі жоғары, барлығынан биік (Бақара -255)»

Құдірет-қадірін де танытты ол:

فَلِلّهِ الْعِزَّةُ جَميعًا قوله تعالي:

«... даңқтың барлығы құрметтінің қолында (Фатыр-10)»

Ұлы Алла ұлылығын да көрсетті:

تَبَارَكَ اسْمُ رَبِّكَ ذِي الْجَلالِ وَالاِكْرَامِ قوله تعالي:

«Мәртебесі жоғары, даңқы биік сенің иеңнің есімі бәрінен ұлы (Рахман-78)»

Тәңір ие игілігін де паш етті:

فَنِعْمَ الْمَوْلى وَنِعْمَ النَّصيرُ قوله تعالي:

«Алла- қандай керемет, қандай күшті медеткер десеңші! (Хаж-78)»

Ол алатын өшін де ескертті:

وَاللّهُ عَزيزٌ ذُو انْتِقَامٍ قوله تعالي:

«Рақымы күшті Құдірет жазалай да алады (Али Имран-4)»

Мейірім иесі мейірімділігін де баян етті:

اللهُ لَطيفٌ بِعِبَادِه قوله تعالي:

«Адамдарға жаратқанның жаны ашиды (Шура – 19)»

Одан соң Жаратқан құдай махаббатын да білдірді:

فَاتَّبِعُوني يُحْبِبْكُمُ اللّهُ قوله تعالي:

«Маған еріңдер, (сонда) сендерді Алла да сүйеді (Али Имран-31)»

Көмек қолын созушы көмегін (нусрат) де көрсетті:

وَكَانَ حَقًّا عَلَيْنَا نَصْرُ الْمُؤْمِنينَ قوله تعالي:

«Мүміндердің жеңісі біз үшін қуанышты еді (Рум -47)»

Одан соң шексіз береке иесі беретін үлесін де ескертті:

نَحْنُ قَسَمْنَا بَيْنَهُمْ قوله تعالي:

«Бұл дүние тіршілігіндегі ризықтарын біз тағайындап бердік (Зухруф -32)»

Жеткіліктілігін де паш етті ол:

وَمَنْ يَتَوَكَّلْ عَلَى اللّهِ فَهُوَ حَسْبُهُ قوله تعالي:

«Өзін сүйгендер үшін оған Алла жеткілікті (Талақ-3)»

Мейірім иесі рақымдылығын да білдірді:

وَكَانَ بِالْمُؤْمِنينَ رَحيمًا قوله تعالي:

«Мүміндер үшін Тәңір өте мейрімді (Ахзаб-43)»

Хикметі ішінде жақсылығының көп екендігін ол көрсетті:

وَمَنْ يُؤْتَ الْحِكْمَةَ فَقَدْ اُوتِيَ خَيْرًا كَثيرًا قوله تعالي:

«Ал кімге хикметін бұйырса, оның игілігі ұшан-теңіз (Бақара-269)»

Одан соң пенделеріне ілім үйретілетіндігін ол паш етті:

وَيُعَلِّمُكُمْ مَا لَمْ تَكُونُوا تَعْلَمُونَ قوله تعالي:

«Алла сендерге бастапқыда білмеген нәрселеріңді үйретеді (Бақара-151)»

Пайғамбар ғалайһи салам да бұл турасында былай деген:

قال النبي عليه السلام: العِلْمُ ثَلاثةٌ آيةٌ مُحْكَمةٌ وَ فَريضةٌ ثابِتةٌ وَ سُنةَ قائِمةٌ وَ ما سِوَاهُن فَهُوَ فَضلٌ

«Ілімнің үш түрі бар: біріншісі – баян етілетін аяттар, екіншісі – берік парыздар және үшіншісі – мызғымайтын сүннеттер. Осы үш ілімді меңгерген адам – ұлы кемеңгер адам».

Одан соң Хақ Тағала сөзбен жеткізу, есептеу мүмкін емес көптеген мәліметтер берді. Әлемнің иесі – Ұлы Тәңір зәредей нәрсені де Құранда білдірді:

لا يَعْزُبُ عَنْهُ مِثْقَالُ ذَرَّةٍ فِي السَّموَاتِ وَلا فِي الاَرْضِ وَلا اَصْغَرُ مِنْ ذلِكَ وَلا اَكْبَرُ اِلا في كِتَابٍ مُبينٍ قوله تعالي:

«Жер-көктегі кішкентай нәрсе Алладан жасырын қалмайды (Саба-3)»

Алланың паш еткендеріне сеніп, шүкіршілік жасау оның пенделерінің мойнындағы борышы, одан соң, адам өзін тануға міндетті. Себебі, өзін таныған пенде жаратқан иесін де таниды. Бұл турасында Пайғамбар (ғ.с.) былай деген: مَنْ عَرَفَ نَفْسُهُ فَقَدْ عَرَفَ رَبهُ өзін таныған адам Раббысын да таниды (хадис)», - яғни, өзінің уақытша екендігіне көз жеткізген адам Жаратқан иесінің мәңгілік екендігін ұғынады. Өзін қалағанынша тануға жол ашық, бірақ, тану деген сөз – бірін-бірі турасында «пәленше», «пәлен жердегі түгеншенің баласы» - деген мәліметпен шектелмейді. Шынайы таным ілім жолымен зерттелуі, шарқ ұрып іздестірілуі, барынша бақылануы және ғарыштан бастап жердің астына дейінгі болмыстар мен құбылыстарды адам өз болмыс-бітімінен іздеп табуы тиіс.

Көк пен жердің арасында құдайдың сансыз жаратқандары бар. Осы жаратылыстардың асқар шыңында ғарыш орналасқан. Ғарышта он сегіз мың шам-шырақ асулы тұр. Аталған шам-шырақтың біреуінің өзі осы әлемнен жетпіс есе үлкен. Міне, бұлар Тәңір Тағаланың асыл қазынасы болып табылады, он сегіз мың әлемді құрайды.

Демек, әлемнің ұшар шыңында ғарыш орын тепкен. Дәл сондай, адам тәнінің ұшар биігінде бас бар. Жанның асыл маржандары (қазынасы) - ақыл, илһам, білім, сүю, ғашық дидар110 және мағрифат осы баста сақтаулы. Солардың арасындағы мағрифаттың өзі мың ғарышқа татиды және баста асулы тұрған әлгі асыл маржандардың әрқайсысы мың дүниеден артық.

Адам басын ғарышқа теңеуге болады. Дүниедегі көк пен жер адамның жон арқасы мен табаны тәрізді. Ғарышты көк аспан, көк аспанды жер арқалағаны, көк аспаннан не жауса оны жердің көтеруге міндеті болғаны сияқты, адам тәніндегі басты арқа (иық), жон арқаны табан көтеріп тұр. Сонымен қатар, ақыл айға, мағрифат күнге, ілім жұлдыздарға ұқсас. Дүниеде күн туады және батады. Мағрифат та туады, сонда көңіл оянады, өзгелері оянбауы мүмкін. Иншаллаһ, мағрифат мәселесін Адам ілімі бөлімінде одан ары жалғастырамыз.

Жеті қат көк бар, тән де жеті қабат. Оның бастапқысы – тері, келесілері – ет, қан, тамыр, жүйке, сүйек және жілік майы, міне бұлар жет қат көкке ұқсайды.

Бұлт пен одан жаңбыр жауу – тіршіліктің тәртібі, ал адам жан дүниесіндегі қайғы - бұлтқа, оның көз жасы – жаңбырға ұқсас. Жер бетінде тізбектелген таулар адамның сүйек ұштары тәрізді.

Адам болмыс-бітіміндегі түпсіз терең жеті теңізді ғаламшардағы түбі терең жеті теңізге теңеуге болады: біріншісі – көру арқылы құрдымға жіберетін көз, екіншісі – сыпсың сөзбен тұншықтыратын тіл, үшіншісі – есту арқылы апатқа душар ететін құлақ, төртіншісі – қорыта беретін, жұта беретін асқазан, бесіншісі – ашығумен қинайтын қарын, алтыншысы - өліммен көзді жоятын сырқат және жетіншісі – мәжнүндікпен әуре-сарсаңға салатын ғашықтық.

Жер бетіндегі өзендер көз жасқа ұқсайды, ал ауылдар – адам тәндері, адам саусақтары - орман ағаштары, шаштар – шөптер, қолдар – бұталар тәрізді.

Тіршілікте төрт түрлі су бар: Таза су, ащы су, қою су және лас, сасық су. Адам тәнінде ауыз суы – тәтті су, көз суы – ащы су, мұрын суы – қою су және құлақ суы лас су сияқты.

Дүниеде төрт түрлі от бар:

Біріншісі – тас оты:

فَاتَّقُوا النَّارَ الَّتي وَقُودُهَا النَّاسُ وَالْحِجَارَةُ قوله تعالي:

«... онда адамдар мен тастарды отын етіп жандыратын тозақ отынан сақтаныңдар (Бақара -24)»

Екіншісі – ағаш оты:

اَلذي جَعَلَ لَكُمْ مِنَ الشَّجَرِ الْاَخْضَرِ نَارًا قوله تعالي:

«Сендер үшін (Алла) жап-жасыл ағаштан от пайда қылды (Ясин-80)»

Үшіншісі – найзағай оты:

وَرَعْدٌ وَبَرْقٌ يَجْعَلُونَ اَصَابِعَهُمْ في اذَانِهِمْ قوله تعالي:

«Немесе олар күркіреген найзағайдан... қос құлақтарын бармақтарымен бітейді. (Бақара – 19)»

Төртіншісі – тозақ оты:

وَاتَّقُوا النَّارَ الَّتي اُعِدَّتْ لِلْكَافِرينَ قوله تعالي:

«Кәпірлер үшін дайындалған тозақ отынан сақтаныңдар (Али Имран – 131)»

Адамда да төрт түрлі от бар: софра111 жалын оты, шаһуат112 алауы, суықтық (қатыгездік) жалыны және махаббат жалыны.

Дүниеде төрт түрлі жел бар: біріншісі – «дабур» (батыс желі), екіншісі – «саба» (шығыс желі), үшіншісі – «жануб» (оңтүстік желі) және төртіншісі – «шимал» (солтүстік желі). Адам тәнінде де желдер – төртеу: бастапқысы – адамның жеген асын асқазанға сіңіретін «жазиба желі», екіншісі – желінген асты асқазанда күтетін «хазима желі», үшіншісі – желінген асты тамырларға тарататын «қазима желі» және төртіншісі – желінген астың қалдығын сыртқа шығаратын «дафиға желі».

Тіршілік төрт мезгілден тұрады: көктем, жаз, күз және қыс. Адамның жастық шағы көктемге, орта жасы күзге, қарттық шағы қысқа ұқсайды.

Жер бетінде екі теңіз бар: бірі – тұщы, екіншісі – ащы. Аталмыш теңіздер бір жерде орналасқанымен олардың сулары бір-бірімен араласпайды.

مَرَجَ الْبَحْرَيْنِ يَلْتَقِيَانِ بَيْنَهُمَا بَرْزَخٌ لا يَبْغِيَانِ قوله تعالي:

«Ол қосылып кетуі мүмкіндігі бар екі теңізді қатар ағызып қойды. Бірақ араларына тоспа тастады да, қосылдырмады (Рахман – 19,20)»

Дәл сол сияқты адамның көз жасы суы – ащы су, көз қарашығы суы – тәтті су. Бұл екі су да бір жерде орналасқанымен бір-бірімен араласпайды. Өйткені көздің негізі – май, ол тұзға мұқтаж. Ал көз қарашығы – тәтті. Егер көз жасы ащы болмаса, көзден жаман иіс шығатын болады. Ал көз қарашығы суы тәтті болмаса, көз көрмейді.

Арту да, кему де - тіршілікке тән құбылыстар, сондықтан, адам тәніндегі күш (қуат) біреулерінде артса, енді бірінде кемиді. Өмірден озғандардың мазарлары (қабірлері) адамның мұрын мүшесіне ұқсайды. Мұрындағы екі тесіктің бірі – миға, екіншісі – тамаққа қарай созылып жатыр. Қайтыс болғандардың мазарларына да екі тесік тән: бірі жаннатқа, екіншісі тозаққа жол бастайды. Осы тақырып бойынша Хазіреті пайғамбар (ғ.с.) былай деген:

قال النبي عليه السلام: الْقَبْرُ روصنةٌ مِنْ الْجِنانِ وَ حُفْرةٌ مِنْ حُفَرِ النيرانِ

«Мазар – жұмақ бақшаларының бірі немесе тозақ шұңқырларының бірі»

Сондықтан асыл жанын надандықтан құтқарып, өз жағдайын білген адам бақытты, дәулетті болмақ.

Өмірде мүмін де кәпір де тіршілік етеді: адам жан дүниесіндегі илһам – мүмінге, уасуаса113 – кәпірге ұқсас. Жалған дүниеде қас дұшпан да кездеседі және онымен шайқасу – тіршілікке тән құбылыс. Адам бойындағы нәпсі – дұшпан, ал оның қалауынан бас тарту – шайқас.

Бұл дүниеде яһуди (иудей), христиан, крестке табынушы да мекендейді: күнәға бату – яһудилерге, шариғат әмірлерін орындамау – христиандарға, Хақтан бас тарту - крестке табынушыларға тән, сондай-ақ тама үйеңкіге, ашулану арыстанға, жүзі суықтық доңызға, шәһуат жылқыға, күйгелектену жыланға, қарғыс жаудыру пілге, қазбалау бөріге, тұрпайылық аюға, жақсылықты білмегендер, еш нәрсе білмейтіндер наданға ұқсайды. Хазіреті пайғамбар бір әңгімесінде надандар жайлы былай деген:

قال النبي عليه السلام: الشيءُ شَيْءٌ وَالْجاهِلُ لَيْسَ بِشَيْءٍ

«барлық нәрсе бір нәрсе деген сөз, ал надан еш нәрсе емес».

Өмірде зұлымдық та, үнемшілдік те, жоғары дәрежелік те кездеседі:

فَمِنْهُمْ ظَالِمٌ لِنَفْسِه وَمِنْهُمْ مُقْتَصِدٌ وَمِنْهُمْ سَابِقٌ بِالْخَيْرَاتِ قوله تعالي:

«Олардың кейбіреулері өзіне-өзі жамандық жасаушы болып шықты, енді біреулері әрі-сәрі (кейде тұтынып, кейде тұтынбай) жүрді. Тағы біреулері Алланың рұқсаты бойынша жақсы істер өтеуге ынталанды (Фатыр-32)»

Нәпсі зұлымдыққа, жан үнемшілдікке, ал көңіл жоғары мәртебеге ие.

Өмірде әділетті және залым мырзалар кездеседі, олардың бір-бірімен келісе алмайтыны хақ. Дәл сол сияқты адам тәнінде де ақыл, һауа бір-бірімен бәсекелес. Ақылдың да, һауаның да елу бес әскері сақадай сай. Ақылдың әскерінде тәртіп пен тұрақтылық орнаған (әмру би-л-мағруф уа нахи ани-л-мункар), оның бас қолбасшысы – илһам, һауанікі – уасуаса. Осы екі жақ күн сайын кескілескен шайқас жүргізеді. Ақыл әскері һауа әскерін жеңген кезде, тән мен жан Жаратқанның алдында құрметке бөленеді.

قال النبي عليه السلام: اِن في جَوْفٍ ابْنِ آدَمَ مضغة اِذا صَلَحَتْ صَلَحَ الْجَسَدُ كُلهُ وَ اِذا فَسَدَتْ فَسَدَ الْجَسَدُ كُلهُ اَلا وَ هِيَ الْقَلْبُ

«Адам баласының ішінде бір жапырақ ет бар. Сол бір жапырақ ет түзелсе, бүкіл дене түзеледі. Ал сол бір жапырақ ет бұзылса, бүкіл дене бұзылады. Әлгі бір жапырақ ет – жүрек (хадис)».

Құдай басқа салмасын! Һауа әскері жеңіске жете қалса, әлгі тән мен жанның Жаратқанның алдында ешқандай мәні жоқ.

اِنَّ الْمُلُوكَ اِذَا دَخَلُوا قَرْيَةً اَفْسَدُوهَا وَجَعَلُوا اَعِزَّةَ اَهْلِهَا اَذِلَّةً قوله تعالي:

«Егер билеушілер әлде бір қалаға шабуылмен кірсе, оны қиратпай тынбайды, атақты адамдарды қор етеді (Нәмл-34)».

Өмірде басында тәжі, мойнында алқасы, үстінде хилаты, билігі мен тағы, мемлекеті мен қара халқы бар патшалар да кездеседі. Адам көңіліндегі тәухид тәжге, ғибадат алқаға, мұсылмандық хилатқа, билігі иманға, тағы мағрифатқа, мемлекеті ихсанға114, қара халқы исламға сәйкес келеді.

اِنَّ الدّينَ عِنْدَ اللّهِ الْاِسْلامُ قوله تعالي:

«Ақиқатында Аллаға қабыл дін – ислам діні (Али Имран-19)».

Бұқара халқы – ислам, мүлкі – ихсан, билігі – иман, тағы – мағрифат болған мәртебеге арифтер ғана қол жеткізе алады, олар Тәңір Тағалаға мінажат жасайды.