Ғаділбек Шалахметов бейбітшілік бақЫТҚа бастайды астана, 2010 жыл

Вид материалаДокументы

Содержание


Володя. Эдик
Подобный материал:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   21

Володя. Эдик


Қазақ телевидениесінің Жастар бірлестігін басқара жүріп мен Мәскеуге жиі сапар шегетінмін. Онда барғандағы мақсатым, Жастар редакциясы мен Орталық телевидениенің күш-қуатын біріктіру. Біз көтерген бастамалардың бірі Жастар телебағдарламаларының фестивалін өткізу болды. Жастар редакциясының бір-бірімен тығыз байланыста жұмыс істеуіне жағдай туғызуды мақсат тұтқан фестиваль Украина, Қазақстан елдерінде сәтті өтті.

Останкинодағы Жастар редакциясы орналасқан 12-ші қабат жаңа идеялардың ордасы саналатын. «Это вы можете» сынды тамаша телебағдарламаны, басқа да тың шығармаларды дүниеге әкелген Володя Соловьевпен достық қарым-қатынаста болдық. Екеуміз 1967 жылы Володя Қазақстанға біздің бастамамызбен қолға алынған Жас малшылар слетіне келген кезде таныстық. Өзара әңгіме-дүкен құрып, бір-бірімізбен ой бөлістік. Бірде Володя:

— Жүр, ботаникалық баққа барып қайтайық,— деген ұсыныс айтты. Алматының ботаникалық бағы түрлі сирек кездесетін өсімдіктерге толы ғажап жер еді. Володя мені әрбір ағаштың түбінде тоқтатып, оның сирек кездесетіндігін, қандай ағаштың тұқымы екендігін, қандай ерекше қасиеттері бар екендігін айтудан шаршамайды. Мен аузым ашылып тыңдауды білемін. Бұрынғы металлургиялық мамандықта оқып жүргенде экзотикалық топырақ құрамы туралы жиған білімім Володямен салыстыруға да келмейді. Көк шөпте жантайып жатып әңгімелесеміз, менің қаланың шет жағында орналасқан үйімде кездесеміз. Кішкентай қызым Салтуня Володяны әбден танып алып, кейін Мәскеуге оқуға түскенде оған жиі хабарласып тұрды.

Мәскеуге барғанымда Володя менің көптеген адамдармен таныс-біліс болуыма ықпал етті. Сандуновский моншасында, Володяның саяжайында «Техника и молодежь» журналының бас редакторы Василий Захаркинмен, басқа да белгілі кісілермен жиі кездесетінбіз.

Сексенінші жылдары Гумилев тыйым салынған тұлғалардың бірі еді, оны экранға шығартпайтын. Соған қарамастан, Володя екеуміз бұл тыйымды бұзудың амалын таптық, «ЭВМ»-нің бір бағдарламасын киіз үйдің құрылысына арнадық. Киіз үйдің құрылысы өте шебер жасалғанын, оның көшпелілердің тыныс-тіршілігімен керемет үйлесім тапқандығын көрсеттік. Бағдарламаға Лев Николаевичті шақырдық. Лев Николаевич көрерменге көшпелілердің бұл таңғажайып баспананы қалай жасап шығарғанын, егер киіз үйді заманауи материалдардан жасаса қандай болатындығын түсіндірді. Мұндай баспанамен ит тұмсығы батпайтын тайганың ормандарына да, шөл далаға да қорықпай бара беруге болады.

Бағдарламаға қалмақ сәулетшісі Джангар Пюреев те атсалысты. Ол кісі Финляндияда адамдарды киіз үйдің ішінде арнайы жаттығудан өткізетін космопорт салуды ойластырып жүрген кезі. Пюреев бұл космопортта жаттығудан өткен адамдар осындай киіз үймен айды да игеруге болады деп санайтын.

Володя екеуміздің достығымыз ол қаза болғанға дейін үзілген жоқ. Досым Таймырда жол талғамайтын көліктің жаңа түрін сынақтан өткізу кезінде шыңырауға құлап кетіп, қаза тапты.

Мәскеуде жоғарғы сценарийлік курста оқи жүріп мен қолым қалт еткенде Останкиноның 12-ші қабатындағы жастар редакциясына барамын, олар қолдары босаған кезде Руставели көшесінде орналасқан жатақханама келеді. Жатақхана Останкиноға жақын жерде орналасқан. Қазақша бесбармақ жей отырып, түрлі проблемаларды талқылаймыз. Біз өткір арман-қиялдарға ерік беруден де тайсалмаймыз. Біз деп отырғаным — Володя Соловьев, Эдик Сагалаев, Толя Лысенко, Марик Зеликин, Борис Непомнящий. Эдик Сагалаев Мәскеуге Өзбекстаннан (ол еңбек жолын жастар редакциясында, комсомол баспасөзінде бастаған) келген. Телевидение теоретигі, Мәскеу Мемлекеттік университеті Журналистика факультетінің оқытушысы Сергей Муратовпен де осында жүріп таныстым. Дос жігіттердің ортасында жүрген кезімде мен Мәскеуді мүлде жатырқамайтынмын. Біздер телевидениеде жүріп өзіміздің адами келбетімізді қалай сақтап қалуға болатыны туралы өткір ойларымызды ортаға салдық.

Останкиноның 12-ші қабатына осы жерде жұмыс істейтін, Мәскеу редакциясының Алматыдағы қызметкері тәрізді келемін. Әсіресе, Эдик (Сагалаевты солай атайтынбыз) редакция басшылығына келгеннен кейін менің мұнда келуім жиіледі. Қайта құру кезеңіндегі телевидениенің бет-бейнесін айқындаған «Взгляд», «12-ші қабат», «Семь дней» сынды бағдарламалар осы кезеңде жарыққа шықты.

Горбачев билігі тұсындағы КСРО Халық депутаттарының съезіне дайындық жүріп жатқан уақытта Сагалаев екеуміз бірнеше мәрте бәсекелес болдық. Мен Қазақстанның Журналистер одағынан ұсынылдым, оны Журналистердің Мәскеудегі бірлестігі ұсынды. Екі жақтың командалары Қазан қаласында кезіккенде екеуміз өзара айтысып қалдық. Мен:

— Эдик, сен халық депутаттарының жұмысын менен гөрі жақсы білетін шығарсың? Олай болса, мен сенің пайдаңа өз кандидатурамды аламын,— дедім.

Кейінірек Сагалаев Картермен бірге АҚШ пен ТМД-ның Радио мен телевидение саясаты жөніндегі екіжақты комиссияға басшылық жасағанда екеуміздің жолымыз кезекті мәрте тоғысты. Ол мені жұмысқа шақырды. Төрт жылдың бедерінде комиссияның кездесулерінде, кездесуге дайындық барысында жиі кездесіп тұрдық. Ол Журналистер одағына басшылық жасаған кезде байланысымыз одан әрі беки түсті, мен Эдиктің оң қолы болдым.

Ресейдегі ең алғашқы жеке меншік телеарнасы — «ТВ-6» арнасын ашқан Эдик Сагалаев. Оған телеарна ашу жұмысына комиссияда жұмыс істеп жүргенде жақсы араласқан Картермен және Тернермен арадағы байланысының көп көмегі тиді. Сагалаевтың Ресейдегі ең бірінші жеке меншік телеарнаның лицензиясын иеленген сәтін өз басым айрықша қуанышпен қарсы алдым.

Қазіргі таңда Ресей Ұлттық телерадиоқауымдастығына басшылық жасайтын Сагалаев Ресей мен ТМД-ның телеэфирін жаңа технологиялармен, ұйымдастырудың жаңа принциптерімен, жеке қаржы көздерімен байытуға сүбелі үлес қосу үстінде. Саналы ғұмырында Эдик үнемі жаңа идеялардың қайнар көзі ретінде көрініп, оны іс жүзіне асыруға, өзге де тың бастамалардың халықтың игілігіне асуына үлкен еңбек сіңірді.

Эдик Сагалаев бүгінде ірі бизнесмен, телевидение саласындағы танымал ұйымдастырушылардың бірі. Болашақта оның телевидение саласында әлі талай іргелі жаңашылдықтарды жүзеге асыратынына кәміл сенемін. Ал телевидениедегі іргелі өзгерістер қоғамдық сананың сілкінуіне, көрермен қауымның дүниетанымының жаңа белестерді бағындыруына ықпал ететіндігі сөзсіз.

«Жаңа толқын»


Мен Мәскеудегі Жоғарғы сценарийлік курсты бітіріп, Алматыға оралғанда Қонаев Камал Смайыловты Мемлекеттік телерадионың төрағалығына, Олжас Сүлейменовті кино жөніндегі мемлекеттік комитеттің басшысына тағайындады. Олжас жаңа команда жинауды қолға алды, мені өзінің орынбасары, сценарийлік редакциялық алқаның төрағасы етіп тағайындады. Өз кезегімде, мен Мұрат Әуезовті «Қазақфильмнің» бас редакторы қызметіне шақырдым.

Біз бірінші кезекте «Қазақ кинематографының болашағы қандай болуы тиіс?» деген сауалға жауап табуға тиіс едік. Болашақ қазақ киносы әлеуметтік-философиялық болу керек деген қорытындыға келдік. Фильмдердің мазмұны қазақ халқының рухани дүниетанымымен үндесіп, қазақтың ежелгі даналық сөздерінен, эпосынан бастау алуға тиіс. Және осы айтылғандар заманауи тұрғыда көрініс табуы қажет.

Кино саласында көптен бері жүрген ақсақалдардың мұндай тың көзқарасқа бейімделе алмайтыны түсінікті, оның үстіне көнекөз ақсақалдардың көпшілігі сол мезгілде кино саласымен қош айтыса бастаған. Бұл салаға тың серпіліс әкелетін жаңа буынның қажеттігі бірден сезіліп тұрды, себебі бұрынғы мамандар кино өнері мен көрермендердің талабына жауап бере алмайтын жағдайға жетті.

Отандық кинематографта еңбек еткен жылдарымда мәскеулік, петербургтік режиссерлермен байланыс орнатуға бар күш-қуатымды салдым. Сол жылдары көптеген ресейлік мықты режиссерлердің жағдайы ауыр еді: Біразына көңілі қалаған дүниелерін түсіруге рұқсат бермеді; Енді біреулеріне идеологиялық жағдайларға байланысты мүлде тыйым салды; Талантты жастардың бірталайына көгілдір экранда жарқ етіп көрінуге мүмкіндік берілмеді. Алпысыншы жылдардағы кинорежиссерлер өздерінің диплом жұмыстарында кино саласындағы құбылысқа айналған толықметражды фильмдерді дүниеге әкелгені мәлім. Олардың арасынан Лариса Шепитконың «Зной», Элем Климовтың «Добро пожаловать, или Посторонним вход воспрещен», Андрей Кончаловскийдің «Первый учитель» сынды фильмдерін мысалға келтіре кетсек артықтық етпейді.

Ал жетпісінші жылдардағы жас киногерлердің өнер жолындағы сапары қиын-қыстауға, кедергілерге толы, болашақтары бұлыңғыр болды. Алдымен ВГИК-те дипломдық жұмыс ретінде қысқаметражды фильм түсіру қажет, содан соң «Дебют» бірлестігінде тағы бір қысқаметражды фильм түсіресің. Осындай кедергілерден сүрінбей өткеннен кейін ғана қандай да бір студиялық бірлестіктерге қабылданып, жаңа дүние түсіруге қашан ұсыныс жасайтынын ойлап, кезек күтіп жатасың. Ұсыныс түскенше ұзақ күтуге тура келеді, бос жүрген жастар өздерінің таланттарын құр босқа өлтіріп, көкейлерінде біраз жылдың бедерінде пісіп-жетілген жаңа идеяларын ақсақал режиссерлерге көмекші, екінші режиссер болып жүргенде жоғалтып алады.

«Қазақфильмде» жас режиссерлерді қашан ұсыныс түсетінін күттіріп, зарықтырып қойған жоқпыз. Сценарист ретінде көрініп үлгерген Сергей Бодров балаларға арналған «Сладкий сок внутри травы» (фильм қазақ тіліне «Сүйрік» деген атпен тәржімаланды) деп аталатын тырнақалды картинасын дүниеге әкелді. Жоғарғы режиссерлік курстың түлектері Талғат Теменов пен Ермек Шынарбаев та тұңғыш фильмдерін жарыққа шығарды. Жастар Мәскеуден келген аға буын режиссерлерге көмекші бола бастады. Аға буын бұған риза еместіктерін көрсетіп, студия ішінде сыбыр-күбір естіліп қалатын.

Ірі киногерлерге келер болсақ, біздер Алексей Герман мен Светлана Кармалитаны «Отырардың күйреуіне» сценарий жазуға көндірдік. «Отырардың күйреуі» сценарий жазылып қойылғаннан кейін арада бірнеше жыл өткен соң ғана жарыққа шыққанын айтпай кете алмаймын. Ираклий Квирикадзе «Возвращение Ольмеса» атты сценарий жазып, оған Алматының іргесіндегі Қарой деген жерде фильм түсірді. Кейін ол жердің атына орайлас «Ерке Қароев» деген лақап атты иеленді.

Сондай-ақ, Сергей Соловьевті де Алматыға алдырып, Мәскеуде рұқсат берілмеген «Чужая белая и рябой» атты картинасын жарыққа шығаруға мүмкіндік туғыздық. Оған қоса, Соловьевті ВГИК-ке режиссерлік курсқа қазақ жастарын қабылдауға көндіріп, қазақ кино өнерінде «Жаңа толқын» деген атпен белгілі болған буынның қалыптасуына ықпал жасадық. Қазіргі таңда дүние жүзінің құрметіне бөленген құбылыс саналатын «Жаңа толқынның» қалыптасуына Ожас Сүлейменов, Мұрат Әуезов және мен үшеуміз себепкер болдық. Әсіресе, киностудияда жүріп, осы жұмыспен барлығымыздан да көп шұғылданған Мұрат Әуезовтің еңбегі ерекше екенін айта кеткен жөн.

Біз жас таланттардың көзін ашуға ұмтылдық, бойында таланттың ұшқыны сезілген жас буынды тура мағынасында көшеде жүрген жерінен тауып әкелетінбіз. Мәселен, Серік Апырымов «Қазақфильмде» жүргізуші болып істейтін. Бір күні бізге:

— Режиссер болғым келеді,— деді. Сөзге келместен қабылдадық жұмысқа. Себебі, жастарды жұмысқа қабылдауда қоятын басты талабымыз — оның талантты болуы. Ал киногер аға-апаларының қолдауы маңызды емес.

Кино өндірісі талай жылдардың бедерінде қалыптасқан үлкен бір жүйе болып табылады. Бұл жүйеге екінің бірі еніп кете алмайды. Біздер талантты жастарды кино өндірісіне әкелгенімізде көпшілік бұл бастамамызды дұрыс түсінбей, қырын қарайтын. Алайда, Серік пен оның курстастары халықаралық кинофестивальдердің лауреаты атанғаннан кейін олардың бойындағы киногерлік талантын барша жұрт мойындады.

Мен қазақ киносының 1999 жылы Карловы Вардағы фестивальде көрермендердің ыстық ықыласына бөленгені туралы баяндаған едім. Бұл біздің жиырма жыл бұрын армандаған философиялық, қазақтың рухани табиғатына сай кинолар. Әрбір фильмнің соңында туындының Жапонияда, АҚШ-та, Латын Америкасы елдерінде алған киномарапаттары көрсетілген титрлар жүреді. Егер кезінде біз «Жаңа толқынды» дүниеге әкелу үшін еңбектенбесек, мұның бірде-біреуі болмас еді.


Телевидениеде


Әрине, біздің телевидение мен кинода жасаған істеріміздің барлығы романтикалық идеализмнен туған дүниелер. 1982 жылы күнделігіме түсірген мына бір жолдарды қазір жазбас едім. Бірақ, құдайға шүкір, сол сөздерімнен әлі де бас тартпайтыным анық:

«Ертеректе өзі туралы, билік пен халық туралы ақиқатты айту үшін, заманның зар-мұңын жырлау үшін қолына домбыра алған аңыздағы ержүрек жыраулар өткен. Біз де жыраулар сияқты қолымызға камераны алып, өз заманымыздың шындығын, өмірді, өзімізді, Қазақстанды сарқылмас жырға қосқымыз келді».

...Кино саласында мен екі жыл жұмыс істедім. 1979 жылы Камал Смайылов өзіне орынбасарлыққа шақыртып алды.

— Телевидениені өз қолыңа алып, жөнге сал. Әйтпесе, бұл салада не болып жатқанын адам түсінбейді,— деді маған.

Менің өмір жолым кезекті мәрте Камал Смайыловтың тікелей араласуының арқасында өзгеріске түсті. Ол кісінің алдында қарыздармын, әлі күнге дейін ұстазым деп санаймын.

Философ, Гегельдің философиясын терең түсінген адам, дүниетанымы шексіз тұлғалардың бірі, Қазақ Мемлекеттік телерадиосы төрағасының орынбасары Әнуарбек Нәжіметдинұлы Шмановты да өзімнің екінші ұстазым деп есептеймін. Осы кісілердің тұсында Қазақ телевидениесі Кеңес одағындағы ең белсенді, шығармашыл, жаңашыл ұжым ретінде танылды.

Қазақ телевидениесі техникалық тұрғыдан да жоғарғы деңгейдегі құралдармен жабдықталды. Мәскеудегіден де озық деп айта алмаймын, бірақ олардан кем емес. Басшылардың бірі ретінде мен бұл мәселені де қадағалап, дүние жүзінде орын алып жатқан жаңалықтардан хабардар болуға міндетті едім. Біздің инженерлік құрам нағыз өз істерінің хас шеберлерінен жасақталған мықты ұжым. Телевизиялық техниканың жаңа үлгілері тәжірибеден өткізілу үшін бірінші кезекте бізге, яғни, Алматы мен Өскеменге жіберіліп тұрғаны осының бір айғағы.

Қазақ телевидениесі қазір де бұрынғы деңгейінен төмендеген жоқ. Мәселен, «Хабар» телеарнасы техникалық тұрғыда мәскеулік телеарналардан да жақсы жабдықталған. Ертеректе осыған байланысты бір қызық оқиға орын алғаны бар: Си-Эн-Эн телеарнасы үшін сандық «Сони» камерасына Назарбаевтың сұхбаты түсірілді. Бұл сұхбат Елбасының АҚШ-қа жасайтын сапарының қарсаңында америкалықтарға көрсету үшін қажет еді. Сұхбатты Си-Эн-Эннің Мәскеудегі тілшілер қосынына жіберген екен, бірақ ондағылар оқи алмай әбігерге түсіпті. Себебі, оны оқитын техникалары жоқ екен. Біздің өзіміз «Мирда» мұндай стандарттағы бейнежазбаларды пайдалана алмаймыз, техникамыз оншалықты жетілдірілмеген. Ақыр соңында кассета Атлантаға жіберілгенде, олар «Мұндай стандартты қайдан алдыңыздар?!» деп таңғалыпты. «Хабарды» басқарған кезінде Дариға Назарбаева телеарнаны заманауи техниканың дамуынан қалмауына ықпал еткені белгілі. «Мирдың» Қазақстандағы өкілдігі де мүмкіндігі жеткенше осы үрдістен кенже қалмауға тырысып келеді.

1982 жылдың көктемінде Дінмұхаммед Қонаев Камал Смайыловты Қазақстанның Коммунистік Партиясының Орталық комитетіне мәдениет бөлімінің меңгерушісі етіп тағайындады. Камал Смайылов еліміздің мәдениет саласын бес саусағындай білетін: Кино мен телевидение саласында істегенінің арқасында еліміздің барлық әртістерімен, режиссерлерімен, суретшілерімен, композиторларымен жақсы таныс. Қонаев Смайыловтан төрағалыққа кімді лайық санайтынын сұрағанда, ол кісі менің есімімді атайды.

— Мен ол жігітті жақсы білмеймін. Бірақ сен солай деп санасаң, онда сенім артайық,— дейді Қонаев.

Қалыптасқан тәртіп бойынша министрді республиканың бірінші хатшысы тағайындайды, сосын ол Мәскеуде бекітіледі. Мен Қонаевтің өлшемімен алғанда өте жас едім, оның үстіне тележүргізушілердің салмағы да ол кезде анау айтқандай емес. Қалай болғанда да, Камал Смайыловпен арадағы әңгімеден кейін көп ұзамай Қонаев шақырды. Бұл менің Қонаевпен тұңғыш рет кездесуім. Әу баста өмір жолында, қызмет жолында өрлеу үшін жоғарыдағылармен тамыр-таныстық орнатудың қажеті жоқ деген қорытындыға келген адаммын. Өзімнің қолымнан келетін жұмысым бар, тек сонымен шұғылданамын. Ал шымылдықтың ар жағында қыз-қыз қайнап жатқан тірліктерге араласпаймын. Мүмкін осы қасиетімнің жақсылығы да, жамандығы да бар шығар. Қалай болғанда да, осы принципім үшін өкінбеймін.

Сонымен, Қонаев мені шақырып алып:

— Мен Камалды бұрыннан жақсы білемін. Сені екі-үш рет телеэкраннан көрдім. «Ритм» операциясын» тамашалағанмын, кесек дүние,— деді.— Қазіргі таңда Қазақ телевидениесінің деңгейі жақсы. Біз бұл саланы қажетті дүниелермен қамтамасыз етуге тырысқанбыз, қолымыздан келгенше дамыттық. (Шынында да, Қонаевтың арқасында Алматыда телевидениенің жаңа ғимараты бой көтерген). Дегенмен, жұмыс сапасын әлі де жақсарту қажет.

— Мәселен, не нәрсеге қатысты?

—Маған қырғыз телевидениесі өте ұнайды. Біздің телевидениеміздің көршілеріміздікінен кем болмауына жағдай жасауға тырысыңыздар.

— Әрине. Біз жұмыс сапасын жақсартатын боламыз.

— Сен орыс тілін жақсы білесің. Алайда, қазақ телевидениесі екенімізді естен шығарма. Қазақ тілінде жаңа бағдарламалар қажет. Камал Смайылов сияқты, осы істі атқарып кете аласың ба?

— Мен үшін бұл оңайға соқпайды. Смайылов Қазақстанда туып-өскен, қазақ мектебінде білім алған. Ал мен болсам Астраханның қазағымын, институтқа түскенше Ресейде тұрдым. Бәлкім, адамдармен арадағы қарым-қатынастарда кейбір нәрсені жетік білмейтін шығармын. Дегенмен, шығармашылық жұмыстарда, ұйымдастыру барысында, техникалық тұрғыда барлығын дұрыс жасауға, қол жеткізген дүниемізді одан әрі дамытуға тырысатын боламын.

Сөйтіп, Қонаев маған батасын беріп шығарып салды. Дегенмен, содан кейінгі кезекте телевидение саласына ол кісінің тарапынан айта қаларлықтай назар аударылған жоқ. Оған мүмкіндігі де болмаған шығар. Себебі, Горбачевтің қайта құру науқанымен бірге партия ішінде талас-тартыстар күшейіп кеткені мәлім.

Қонаев Брежнев заманының, сол кездегі ескі партиялық мектептің адамы. Ұзақ жылдар Брежневпен істес болған. Ал жаңа бас хатшы билікке басқа буын өкілдерін тартуды көздеді. Украинада — Щербицкий, Ленинградта — Романов бірінен кейін бірі қызметтерімен қош айтысты. Енді кезектің Қонаевқа келмеуі мүмкін емес еді. КСРО-ның аға буын партиялық кадрларын алмастыру өте қатал сипат алғанын атап өткен жөн. Алдымен төңкеріс жасайтын, сосын өткеннің бәрін іске алғысыз ететін, соның арқасында өзінің, өзі билікке әкелген команданың жұрт алдындағы беделін көтеретін, жасаған іс-әрекеттерінен сөйтіп ақталатын ескі тәсіл тағы да қайталанды. Басшы өзгерсе де, бұл технология өзгеріссіз қалды. Горбачев оған адалдық танытты.

Назарбаев ол кезде үкімет төрағасы, жас мемлекеттік қайраткер ретінде танылған тұлға. Жаңа бағытты қолдауға тиіс сияқты көрінетін. Алайда, ол бұл қасаң технологияны қолдамағанымен беделін сақтай білді.

Менің тележурналист ретінде де, басшы ретінде де біраз тәжірибе жинақтаған кезім, телевидение қандай болу керектігіне қатысты өзіндік ой-пікірім бар адаммын.

Ғылыми мақалалардың бірінен «радиошу» адамды ауруға шалдықтыратыны жөнінде оқып білдім. «Радиошу», яғни, радио мен телевидениеден берілетін қайшылықты ақпараттар бірін-бірі терістеп, ақыр соңында адам ағзасының тәуелділігін жояды. Ағза клеткаларының иммундық жүйесін бұзады. Осыдан келіп шығатын қорытынды: ұлттың егемендігін жою үшін оның табиғатына жат, жалған ақпараттарды, төл мәдениетінің емес, бөгде мәдениеттің өнімдерін төпеп беріп отыру керек. Сонда оны тыңдаған халықтың санасы уланып, шын ақпарат пен жалған мәліметті айыра алмайтын бейдауа күйге түседі. Мұндай халықты айтқаныңа көндіріп, айдағаныңа жүргізу қиындық туғызбайды. Өз бетінше өмір сүріп жатқан егеменді мәдениет егемен биоағза сияқты, қорғанышты қажет етеді.

Құрылыс отрядынан қалған идеалистік көзқарасыма беріктігімді танытып, мен осы жолы да бет-бейнесі ерекше телевидение жасауды мақсат тұттым. Ол қоғамның көкірек көзін ашуға қызмет етуге тиіс деген қорытынды жасадым. Ол халыққа бағыт-бағдар көрсетіп, нұсқаушы болуы қажет. Ал дәл сол кезеңде орын алған тұман бәрібір халықты алдай алмайды, шынайы ақпаратты жасырып жасау мүмкін емес. Телевидениені басқару — айрықша парыз. Күнделігіме көз жүгіртсем, осы туралы мынадай жолдарды түсіріппін: «Телевиениені басқаратын адам қоғамның көптеген салаларын, әсіресе мәдени саланы басқарады». Әлеуметтің ең жаңды жерлеріне әсер ететін телевидениенің ықпалы қаншалықты ауқымды екендігін осыған қарап түсіне беріңіз. Қоғамды көгілдір экран тәрбиелейді, көрермендер көгілдір экранда көрсетілген дүниелер арқылы қалыптасады, соған қарап бой түзейді.

Асқақ идеялар адамға шабыт беретіні анық, алайда оны іс жүзіне асыру, соған халықты еліктіру, үлкен күш-қуат пен еңбекті қажет етеді. Бір айта кетері, менің телевидение саласында жүріп жиған ұзақ жылдар бойғы тәжірибем осы орайда кәдеге жарады. Мен бұған дейін журналист, тележүргізуші, сценарий жазушы болып істедім, жаңа телефильмдердің, ақпараттық және саяси бағдарламалардың жарыққа шығу процесіне белсене араластым. Оған қоса, Мәскеудегі Орталық телевидениемен арада байланысым бар. Бұл менің қазақ телевидениесінің биік деңгейін түсірмеуіме көп көмегін тигізді. Тіпті, 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы кезінде біздің иығымызға ауыр жүк түскен кезде де өзіміздің шығармашылық қарым-қабілетіміз бен ұстанымымызды лайықты көрсете білдік.

Сол жылдары мен жарыққа шығарған қызықты бағдарламалардың арасында Сағат Әшімбаев жүргізген «Парыз бен қарыз» бағдарламасы бар. Көптеген кітаптардың авторы Сағат Әшімбаев осы бағдарламада ақын-жазушыларды, сыншыларды, қоғам қайраткерлерін, қысқасы, қазақ интеллигенциясын дөңгелек үстелдің басына жия білді. Бағдарламада қазақ интеллигенциясы өзінің халық алдындағы жауапкершілігін түсіне ме, олардың ой-өресі зиялы қауым деген асқақ атауға сай ма, қоғамға қызмет ете ме деген сауалдар ортаға тасталды. Мен Әшімбаевқа телевизия саласының қыр-сырын терең түсінуге, бағдарламаға қызықты адамдарды шақыруға көмектестім. Ол біздің ең мықты тележүргізушілердің біріне айналды. Кейін Мемлекеттік телерадиоға басшылыққа барған кезде оны өзіме орынбасар етіп алдым. Ол келісім берердің алдында біраз кібіртіктеді, өзінің ең басты жұмысы Жазушылар одағында деп есептеді.

— Мен қанша дегенмен бір бағдарламаның жүргізушісі ғанамын. Жұртты басқарып кете аламын ба?— деді маған.

— Ештеңе етпейді, уақыт өте келе үйреніп кетесің.

Сағат Әшімбаев жауапкершілік үдесінен шықты, жұмысты өте тамаша атқара білді. Өкінішке қарай, осы бір тамаша адам ортамыздан ерте кетіп қалды.

Қазақ телевидениесінің сол жылдары жарыққа шыққан бағдарламаларының ішінде Медеуде өтетін «Азия дауысы» концерт циклдарын да атап өткен жөн. Уақыт өте келе «Азия дауысы» Азия құрлығындағы талантты жастардың ең танымал халықаралық фестиваліне айналды. Оған Қазақстан ғана емес, Қытай, Жапония, Малайзия, Индонезия елдерінің жұлдыздары, тамаша әншілер, бишілер, ансамбльдер қатысты. Фестивальдің арқасында Алматының беделі айтарлықтай өсті. «Азия дауысы» біздің көз алдымызда тікелей атсалысуымыздың арқасында қалыптасты, қанат жайды. Оның бастауында тұрған адам — Камал Смайылов ағамыз, біздер сол бастаманың одан әрі жалғасын табуына, өсіп-өркендеуіне қолымыздан келгенше ықпал еттік. Фестиваль Қазақстанның мәдени тыныс-тіршілігіндегі айтулы құбылысқа айналды.

Францияда «Мидем» деп аталалатын телефестивальдер ұйымы бар, дүние жүзіндегі ең ірі телефестивальдер «Мидемнің» аясында өтеді. Әрқайсының қашан өткізілетіні туралы күнтізбелік кестесі жасалып қойылған. «Азия дауысы» «Мидемнің» тізімінде тұрақты трде құрметті орынды иеленіп келді.

Қазір менің әріптестерім «Қазақ телевидениесінің энциклопедиясын» жасап жатыр. Олар біздің тұсымызда атқарылған жұмыстарға да лайықты бағасын береді деген ойдамын.

ереді деген ойдамын.