Ғаділбек Шалахметов бейбітшілік бақЫТҚа бастайды астана, 2010 жыл
Вид материала | Документы |
СодержаниеДостардың ортасы |
- Президента Республики Казахстан Н. А. Назарбаева народу Казахстана, г. Астана, 29 января, 1278.75kb.
- «Астана-город без наркотиков», 39.58kb.
- Учебная программа музыка 5-6 классы Астана 2010, 211.13kb.
- «Медицинский университет Астана», 644.41kb.
- И о. председателя Комитета науки Министерства образования и науки Республики Казахстан, 1333.4kb.
- Постановление Правительства Республики Казахстан от 15 декабря 2009 года №2117 "Егемен, 212.79kb.
- Учебная программа алгебра 7-9 классы Астана 2010, 115.34kb.
- Учебная программа география 6-9 классы Астана 2010, 359.66kb.
- Учебная программа изобразительное искусство 1-4 классы Астана 2010, 457.13kb.
- Учебная программа русская литература 5-9 классы Астана 2010, 687.44kb.
Блехман
1972 жыл. Мен жастар редакциясының редакторы қызметіндемін. Телевидениеде бағдарлама жүргіземін. Жұмыс бабымен Орынборға сапар шектім. Мақсатым «Қызыл керуеннің ізімен» деп аталатын бағдарламалар циклына материал жинау. Бұл бағдарлама Қазақстанда Кеңес билігінің орнаған кезі туралы болмақ.
Ақымақтық жасап Алматыдан құрлықта жүретін, дөңгелегі бар желкенмен аттандық. Жолда қандай қиындықтарды бастан кешкенімізді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Әйтеуір, қанша қиналсақ та діттеген жерге аман-есен жеттік.
Орынбордағы аймақтану музейіне бас сұқтым, музей қаражат тапшылығынан қиындық көруде екен. Музейге келіп:
— Сіздер жиырмасыншы жылдары Орынбордың Қазақстан астанасы болғанын білесіздер ме?,— деген едім.
— Жарқыным, мұның қалай? 1975 жылы сонау жиырмасыншы жылдар туралы әңгіме қозғағаның не?! Біз ол туралы баяғыда ұмытқанбыз. Біз астана емес, кәдуілгі провинциямыз!
— Жо-жоқ! Сіздерде Орынбордың Қазақстан астанасы болғандығын растайтын қандай да бір деректің сақталмауы мүмкін емес.
— Бізді қинай бергенше, залға барып, жәдігерлерді қарасаңшы!
Жәдігерлер тұрған залға бас сұқтым. Неше түрлі картиналар тұр.
—Тоқтай тұрыңыздар. Ал Қазақстанның астанасы болғандығын растайтын дүниелер қайда?
— Жарқыным, өткеннің бәрін еске түсіре берудің қажеті қанша? Өткен нәрсе өтті де кетті. Біз қазір Ресей Федерациясының үлкен облыстарының біріміз.
Әйтеуір, музей қызметкерлерінің ішінен жасы егде тартып, шашына ақ кірген бір апай:
— Жертөледе біраз жәдігерлер жатыр. Арасында азиялықтарға ұқсайтын адамдардың суреттері де бар. Олардың кім екенін білмеймін. Қаласаң, барып көруіңе болады,— деді.
Мардымсыз жалақы, әлеуметтік жағдайдың нашарлығы музей қызметкерлерінің қандай да бір жаңалыққа деген қызығушылығын төмендеткенін түсініп тұрмын. Сонымен, зәрдің иісі мүңкіп тұрған жертөлеге түсіп, ешкімге беймәлім күйінде қалтарыста қала берген керексіз біраз дүниелерді таптым. Фотографиялардың шыны негативтері бар арасында. Барлық суреттер бір жерде түсірілген, кейіпкерлері әр түрлі. Біреулері қолдарына қайқы қылыш ұстаған. Кейбіреулерінің түрі таныс сияқты. Мына біреуінің Буденный сияқты ұшы сүйір қайқы мұрты бар. Қабырғада Троцкийдің портреттері ілінген. Барлық суреттерге ортақ бір нәрсе, бұрышында «Блехман» деген жазу жазылыпты.
— Блехман деген кім?
— Білмейміз? Ол туралы дерек жоқ біздің қолымызда.
Тамаша. Журналист адамға керегі де сол емес пе?! Фотографияларды алуыма рұқсат етті. Қазіргі уақыт болса құнды суреттер үшін менің қалтамдағы бар ақшамды сыпырып алар еді. Ол кезде заман басқа, алғыс айтумен шектелдім.
Сонымен, осы фотографиялардың астарында тұтас бір тарих жатқанын анықтадық...
Кезінде ақтар мен қызылдардың арпалысынан кейін билік ауысып, билік Кеңестің қолына тиеді. Олар губерния жиынында қабырғада ілулі тұрған патшаның портретін лақтырып тастап, орнына ешкімге белгісіз сақалы қауғадай жергілікті халықтың бір өкілінің суретін іледі.
Сосын фотограф іздестіріп, Блехман дегенді тауып алады.
Блехманға осы жерде суретке түсіруге бұйрық береді. Блехман салмағы зілдей, үш аяқты ебедейсіз фотоаппаратын құрып, жұмысына кіріседі: «Мырзалар... Кешірім өтінемін. Сіздерді қалай атағаным дұрыс? Жолдастар! Жымиыңыздар! Жымиыңыздар, жолдастар!» Қысқасы, барлығын түсіріп болып, пленкаларды шығаруға кетеді. Пленканы дайын фотографияға айналдыру дегеніңіз ол кезде қиямет-қайым жұмыс. Пленканы жуасың, кептіресің, бастырасың, қайта жуасың... Сөйтіп, төрт күннің ішінде жұмысын тап-тұйнақтай етіп бітірген Блехман фотоларды алып тапсырыс берушілерге келіпті. Бір қызығы, төрт күннің ішінде қала билігі ауысып үлгереді. Қабырғада басқа суреттер ілулі тұр, басқа адамдар отыр. Енді фотографқа билікке жаңадан келгендер тапсырыс береді:
— Ал, енді бізді түсір!
— Мырзалар, менің өткен жолғы жұмысымның ақысын кім төлейді?
— Ей, ақымақ, біздің сөзімізге құлақ сал. Олар қызылдар болатын, біздер ақтармыз. Енді билік біздің қолымызда. Түсір суретке, әйтпесе атып тастаймыз!
Байғұс еврейдің қарсыласуға шамасы жоқ. Ақтарды австрия-венгриялық императордың фонында суретке түсіруге мәжбүр болады. Әбден азапқа түскен байғұс тағы да пленкаларын дайындауға кіріседі. Фотоларын алып қайта оралса, билік тағы ауысыпты. Бір-ақ күн бұрын бронды пойыздармен келген венгрлер қала билігін басып алған.
Бәрін айт та бірін айт, байғұс Блехман қаланың билік басындағыларын төрт мәрте суретке түсіреді. Төртеуінде де билік ауысады. Фотограф өз жұмысын бар ықыласын салып істегені анық. Дұрыс істемей көрсін, иттей қылып атып тастауы мүмкін. Ақыры, аз уақыт ішінде қала билігі бесінші мәрте ауысады. Бұл жолы билікке қызылдар біржолата келеді. Бұрынғы Блехман фотоға түсірген қызылдар емес, басқасы. Биліктен аузы күйген бейшара Блехман:
— Енді қателесіп кетпесем жарар еді. Қызылдарға ақтардың суретін әкеліп берсем, шаруам бітті дей бер,— сасқалақтаған көрінеді.
Қанша қорықса да, еңбегінің ақысын қайтарғысы-ақ келіп тұр. Қағазға, химикаттарға қыруар ақшасын жұмсағаны тағы бар. Президиумда жиырма бес адам отыр. Әрқайсысына кем дегенде бір суреттен шығарып беру керек.
Қазақ билігі Қызылордаға қоныс аударуға әзірленіп жатқан сәтте оларға дайын фотоларын алып Блехман келеді.
— Мұның дұрыс болған екен, бізбен бірге Қызылордаға барасың,— дейді олар фотографқа.
— Мырзалар, мен Қызылордада не бітірмекпін? Орынборда үй-жайым, фотографияларым бар.
— Бізге ермесең, атып тастаймыз!
Атып тастаймыз деген адамдарға қалай қарсылассын. Блехман Орынбордан Қызылораға аттанады. Сонда Үкіметтің фотографы болып істейді.
1975 жылы менің жасым 32-де еді. Бұл жас адамның арман-қиялға ерік беретін шағы. Кейде, шектен шығып кетуің де мүмкін. Қызыл керуеннің ізімен» атты бағдарлама барысында мен:
— КГБ Блехманның ізіне түсіп алды. Ақтарды фотоға түсіргеніне кешірім таныта алмады. Бұл кісі керемет фотограф еді. Ақыры, біздер, яғни журналистер, тарихи шындықты қалпына келтірдік. Мен Орынбордан осы тарихи тұрғыда құнды фотосуреттерді тауып алдым,— деп, эфир арқылы қолымдағы фотосуреттерді көрсеттім. Одан кейін отызыншы жылдардың қырғынында құрбан болып кеткен байғұс еврейдің тағдырына аяныш білдіріп, көзіме жас алдым.
Кенет телефон шылдырлады. Тұтқаның ар жағынан біреу:
— Жігітім, мен өзімнің осы фотографияларымды енді қайтіп көремін деп ойламап едім. Шынында да, бұл фотосуреттерді түсірген мен. Сіздің негативтерді тауып алып, жарықа шығарғаныңыз жақсы болған екен,— демесі бар ма!
Төбе шашым тік тұрды.
— Бұл қалай? Сіз әлі тірімісіз?
—Жігітім, мен сіздердің телестудияларыңыздан үш квартал жерде тұрамын. Үйге келіңіз, бірге әңгіме-дүкен құрып, шай ішейік.
Сұмдық-ай! О дүниеден әруақ телефон шалғандай күйге түстім.
Ақыры, тәуекел деп Блехманның үйіне келдім. Сексеннің сеңгіріне шыққан кісі екен. Әлсіз үні дірілдеңкіреп шығады.
— Сіз барлығын керемет баяндап бердіңіз. Бірақ оқиға сіз айтқаннан басқаша болған-ды. Менің қызылдармен бірге Қызылордаға келгенім рас. Ол кезде мықты фотографтар болмағандықтан, мен алдымен Қызылордада, кейін Алматыда Қазақ үкіметін фотоға түсірумен шұғылдандым. Қазір де Жоғарғы Кеңес Президиумының фотоательесінде Үкіметтегі биік тұлғаларды түсіріп жүрмін.
Ақсақал маған өзінің басынан кешкендерін асықпай баяндап берді.
— Евсей Ефимович,— деймін. — Ертең менің «Қызыл керуен ізімен» деп аталатын бағдарламалар циклым соңғы рет эфирге жол тартпақ. Сіз соның қонағы болыңыз. Эфир арқылы өзімнің жіберген қателігімді айтып, кешірім сұрайын. Сіздің аман-есен екеніңізді халыққа жеткізейік. Бірақ менің сізге бір өтінішім бар. Бағдарламаға қатысқан қонақтардың баршасын сонау 20-шы жылдары ақтарды түсіргендей етіп фотоға түсіріп беріңіз. Сол фотокамераны қолданыңыз.
— Бала, 20-жылдардан менің қолымда сақталғаны «Глобус» объективі ғана. Ал камера қазір жоқ.
— Құдайым-ау! Сізге дәл сондай камера тауып берейік, үш аяқты сорайған тіреуішін де табамыз. Жалғыз-ақ өтінішіміз, бағдарламаны сіздің суретіңіз арқылы «Стоп-кадрмен» аяқтасақ болғаны.
Басқа да провинциялық телевидениелер сияқты, ол кезде бізде де бейнежазба жоқ еді. Соның салдарынан көп нәрсені жоғалттық. Есесіне, кадрдағы өмірдің қайталанбас көптеген сәттері жадымызда қалатын.
Осылайша, соңғы бағдарламаны эфирге шығарып жатырмыз. Жиырмасыншы жылдардағы ахуал, ең алғашқы Үкімет туралы мәліметтерімізді жұртшылыққа ұсынып жатырмыз. Мен : «Біз қайтыс болды деп хабарлаған фотосуреттің иесі ортамызда тірі жүрген болып шықты. Міне, ол кісі біздің бағдарламаға келді», деп жарияладым. Евсей Ефимович:
— Білесіздер ме, мен өзімнің сонау ерте жылдарда түсірген фотосуреттерімді көріп қатты толқыдым. Сіздер мені жұртқа таныстырдыңыздар, енді Буденныйды, ақтарды, венгрлерді түсіргенім сияқты, сіздерді де суретке түсіруіме рұқсат етіңіздер,— деді. Біз қатарласып отырдық.
— Назар аударыңыздар! Жымиыңыздар!
Камера сырт етті. Эфирде біздің бір сәттік бейнеміз көрінді. Әрине, бұл фотосуретті алдын ала түсіріп, дайындап қойған едік.
Бұл менің ең үздік бағдарламаларымның бірі болды.
Кейін тағдыр менің жолымды Блехманның шәкірті әрі зертханашысы Иосиф Будневичпен тоғыстырды. Ұстазынан ол фотосурет өнерінің бір тәсілін үйреніпті. Жалғыз-ақ мәрте түсіретін нәрсені ол үш мәрте түсіреді екен.
Назарбаевтың баспасөз хатшысы қызметін атқарып жүргенімде мен:
— Иосиф, жұртты жолынан қалдыратының қалай?— деп асықпайтын әдетінен арылтуға үгіттеген едім.
— Сен әлі жассың, ештеңені түсінбейсің. Бір кадр — менің жақыннан көрмейтініме байланысты, екінші кадрда жұрт дұрыс демалмауы мүмкін. Бес фотосуреттің біреуі ғана ойдағыдай шығады. Бір-ақ рет сырт еткізіп, кете беруім керек пе? Жоқ, мен ондайға бара алмаймын...
Ол ешкімнен ұялмайтын. Бірде Назарбаевпен бірге Америкаға сапар шектік, Президенттер сән-салтанаты жарасқан кабинетте отыр. Кенет Будневич оларға:
— Кешірім өтінемін. Бірақ сіздер суретке түсіруге ыңғайсыздау отырсыздар,— дегені.
Клинтонның баспасөз менеджері — бүкіл америкалықтар жасқанатын қисық аяқ еврей қызы. Бірақ Иосифпен екеуінің арасында жылы қарым-қатынас орнаған еді. Иосиф:
— Марта, шуылдай бермеші! Мен не істеп жатқанымды білемін. Президент мырза, сіз мына жерге отыруыңыз керек. Назарбаев мырза, жейдеңіздің жағасын түзетіп жіберуге рұқсат етіңіз. Мына жерге ауысып отыруыңызды өтінемін.
Иосиф Будневич он минуттың ішінде өзіне қажетті фотосуреттерін түсіріп бітті. Мен қалшиып тұрмын. Америкалықтар да айтуға сөз таппады. Алдын ала дайындалып қойылған хаттама бұзылды. Иосиф Будневич қана ештеңені елең қылар емес.
— Кешіріңіздер, фотография — қастерлі дүние,— деп қояды.
Кейін мен оған:
— Иосиф, Ақ үйде, дөңгелек кабинетте жасаған тірлігіңе жол болсын!— дегенмін.
— Ғаділбек, мен сені қатты құрметтеймін. Бірақ ақша алып отырған нақты жұмысым, міндетім бар. Өзіме тиісті жұмысты нашар жасай алмаймын.
— Бірақ оны Альберт Гор күтіп тұр емес пе?! Бұл жерде әр адамның уақыты есептеулі.
— Оған түкіргенім бар... Кабинетте адамдар фотоға түсіруге ыңғайсыз отырса, мен не істемекпін?!
Будневич суретті оншалықты жиі түсіре бермейді. Бірақ түсірсе бітті, оның қолынан шыққан дүниелер барлық басылымдарға енеді.
...Назарбаевпен бірге Америкаға аттанғалы жатқанымда әкем ауыр науқастанып жатты. Менің баспасөз хатшысы ретіндегі қызметке жаңа тағайындалған кезім, оның үстіне Назарбаев Америкаға бірінші рет барғалы жатқандықтан, жауапкершілік жүгі де өте салмақты. Осы сапарды БАҚ арқылы насихаттау үшін телеарналармен және баспасөздермен байланыс жасау менің міндетім екендігі түсінікті. Си-Эн-Энде, басқа да компанияларда таныс адамдарым бар. Әрине, олардың байланыс нөмірлерін басқа біреуге беруіме де болар еді, бірақ дәл мұндай маңызды мәселеде таныс адамдарыңа өзіңнің хабарласқаның өз көп нәрсені шешетіні анық. Әкемнің халін көре отырып, сапарға барар-бармасымды білмей қатты толқыдым. Назарбаевқа келіп мән жайды айтып едім:
— Сен өз еркің өзіңдегі адамсың. Мұндай жағдайда саған бірдеңе деуге құқым жоқ,— деді.
Әкеме келдім:
— Әке, маған Назарбаевпен бірге шетелге сапар шегу керек. Өте жауапкершілігі зор шаруа. Бірақ сені де қалдырып кете алмай тұрмын.
— Жолыңнан қалма. Бұл жұмыстың сен үшін де, ел үшін де маңызды екендігін екеуміз де сезініп отырмыз. Барып қайт. Сен келгенше шыдай тұрармын. Шыдай тұруға тырысамын.
Осылайша, Елбасының жанына еріп, Америкаға аттанып кеттім. Мен Америка сапарынан келгеннен кейін арада үш күн өткенде әкем дүние салды.
Бұл 1992 жыл еді. Соның алдында ғана Асқар Сүлейменов өмірден озған болатын.
Достардың ортасы
Уходят друзя понемногу,
Сужается наш дастархан,
Кого в этой труной дороге
Еще не засыпал буран?..
Жуырда Асқар туралы тамаша кітап жарық көрді. Өкінішке қарай, оның мерейтойын Асқардың өзінсіз атап өттік. Сүлейменов туралы көптеген жылы лебіздер, мадақтаулар айтылды. Лев Аннинский өте жақсы мақала жазыпты. Жинақты оқысаңыз Асқардың биік тұлғасы көз алдыңызға келеді.
Асқар мықты драматург, сыншы болды. Алпысыншы жылдардағы буынның ең жарқын өкілдерінің бірі еді. Жалпы, сол жылдары елімізде рухы өр тұлғалар көптеп шықты, мұны бұрын-соңды болмаған құбылыс десек артық айтпаспыз.
Асқар Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданында дүниеге келген. Бізге беймәлім шалғайдан Алматыдағы жас интеллигенттердің орртасына түскен баршамызды толғандырып жүрген тақырыптарға қатысты ой-пікірлерімен еріксіз таңғалдырды.
Ира оны өте жақсы көретін. Асқар Ираны қалжыңдап ұстазына балайды (преференс ойнауды үйреткені үшін). Асқар табиғатынан әр нәрсеге қызыққыш адам еді. Қамбар атаның тұқымын жанындай жақсы көретін, аттарға қатысты жұрт білмейтін талай дүниелерден хабардар еді. Осы жылқы малына деген шексіз махаббаттың арқасында Болат Мансұровтың «Құлагер» атты фильмінің сценариін дүниеге әкелді.
Бұл фильм ұзақ жылдар бойы тартпада шаңға көміліп жатып, қайта құру кезінде ғана жарыққа шықты.
«Құлагер» аты аңызға айналған тұлпар туралы эпикалық поэма, Қазақстанда оны білмейтін адам аз. Поэма авторы Ілияс Жансүгіров 1937 жылы «Халық жауы» деген жаламен атылып кеткен. Ол кезде жаланың құрбаны болу қалыпты нәрсе еді.
Құлагер — ақынның аты. Атақты аламан бәйгеде Құлагер жарысқа қосылған жүйріктердің барлығынан, тіпті ханның да мақтаулы жүйрігінен озып келе жатады. Хан мұндайға төзе алушы ма еді. Сөйтіп, жалғыз дара шауып келе жатқан аттың алдынан көлденеңдеп қара киім киінген біреу шауып шыға келеді. Хас тұлпар жығылып, аяғын сындырады. Өзгелер атты сойып, етін жейді. Бұл оқиға поэманың негізгі айтпақ ойын төмендететіндей: Мұндай халыққа қаһарманның керегі қанша? Оларға тамағын тойдырса болды емес пе? Яғни, тұлпардың трагедиясы екінші кезекте қалатындай.
Асқар поэманың мазмұнын басқа қырынан көрсете білді. Оны Құлагер ғана емес, Ілияс Жансүгіровтің де трагедиялық тағдыры толғандырғаны анық. Бұл трагедияның философиялық астары қаһарманның тағдыры халқының кәдесіне жарау дегенді аңғартады. Ақын өзінің жырын да, өмірін де бүкіл жан-тәнімен халқының мүддесіне құрбандыққа шалуға тиіс.
Фильмдегі Құлагердің бейнесіне лайықты ат іздеген Асқар бүкіл жылқы зауыттарын шарлап шықты, ақыры Ашхабадтан ақалтеке тұқымды қара айғырды тапты. Ол аз дегендей, Асқар өзінің қаршадай ұлы Әлішерге бәйгеге шабатын баланың рөлін ойнатты. Кіп-кішкентай баланы ат арқасына мінгізудің қауіпті екендігін айтып, Асқарды бұл ойынан айнытуға тырысқандар көп. Баланың өзі де сескенді, себебі Ашхабадтан әкелінген ат бас білмейтін асау мал еді.
Кейін сол қаршадай бала ер жетті. Әкесі сияқты мықты азамат болды.
Болашақ достардың жолы өмірде түрліше тоғысады. Менің достарымның барлығын толғандырған бір мәселе бар. Баршамызды халқымыздың өткен тарихының елеусіз қалғаны, ұмытылып бара жатқаны алаңдатты. Біз тілімізді сақтап қалдық, алайда біз, яғни, қазақтар кімбіз? Мәдениетіміз, тарихымыз қандай?
Студенттік жылдарда Мәскеуге әртүрлі республикалардан оқуға келген жастар жерлестерін іздеп тауып, достасуға тырысатын. Атақты жазушының, қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезовтің ұлы Мұрат Әуезов те солардың қатарында. Ол cалған беттен тіл ғылымын, ұлттық таным архетиптерін, мінез-құлықты зерттеуге бас қойды. Мұрат — керемет адам. Оның бойындағы, мінез-құлқындағы сыпайылық туа-бітті қасиет. Алпысыншы жылдары Мәскеуде оқи жүріп «Жас тұлпар» ұйымын құруға мұрындық болды. Алпысыншы жылдар жылымық кезең болса да, ұлтшылдарға қатысты қатал көзқарас әлі де жібімеген еді. Мұратты ұлтшыл қозғалыстың басшысы деп біраз қудалады. Әйтеуір, түрмеге қамаған жоқ. Бірақ: «Бала, байқап жүр, шектен шықпа» деп саусақ безеп, қатаң ескертіп қойды.
Мен ол кезде Өскеменде тәжірибеден өтіп жатқанмын, олармен алпысыншы жылдары Алматыда кездестік. Біздің компанияда Асқар мен Мұраттан басқа суретші Салахитдин (Оны біздер Қалжан деп атайтынбыз) Айтбаев, Мақұм Қисамединов болды. Қазір Қалжан да, Мақұм да өмірден өтіп кетті. Қазіргі Қазақстан дизайнерлері одағының төрағасы, бүкіл ел қолданатын ақша белгілерінің авторы Тимур Сүлейменовпен де достық қарым-қатынаста болдық. Жолдас жігіттер оған: Аз сурет салдың, ең дұрысы жасыл ақшаның суретін салуың керек еді» деп қалжыңдайтын. Достардың арасында Марат Сембин, Қазақстанның Малайзиядағы елшісі Болатхан Тайжанов та бар. Музыкатанушы Болат Қарақұлов те бізбен бірге жүрді. Бәріміз бір жылдың түлегіміз десек те болады, көпшілігіміз 1943 жылы туғанбыз. Олжас Сүлейменов те бізге ағамыздай болды.
Бәріміз түйдей құрдас болғандықтан, бір-бірімізбен тең дәрежеде сөйлесеміз, жиі қалжыңдасамыз. Жиі бас қосып, арзанқол портвейн мен азғандай тіскебесарды ортаға алып отырып әңгіме-дүкен құрамыз, пікір таластырамыз. Біздер бір-бірімізге керек екенімізді сезетінбіз. Ортамызда басшы да, қатардағы жауынгер де жоқ, бәріміз теңбіз. Әрқайсымыз өз саламызда өзімізді еркін сезінеміз. Біреуіміз мақала жазамыз, екіншіміз сурет саламыз, үшінші біреу пьеса жазады, тағы бірі ақын.
Біз өзіміздің түпкі тамырымызды табуға талпындық, оның мән-мағынасын, философиялық негізін табуға тырыстық. Елдің әр түкпіріне тарап кетсек те, бір-бірімізді жоғалтқан жоқпыз. Мүмкіндік туған сәтте үнемі жиі жүздесіп, өзара ой бөлісетінбіз. Бас қосқан сайын өзімізге беймәлім жаңа дүниелерді ашатынбыз.
Түр-тұлғамыз, қанымыз, мінез-құлқымыз қазақ болғанымен, өзімізді ұлтшыл санаған емеспіз. Біз өзімізді еуразиялық деп есептедік, бар әлеммен байланыс орнатуға ұмтылдық. Әлемге деген көзқарас ауқымы тар адамдардың арасынан дос іздеген емеспіз. Ондайлар көп. Олардың көзқарас ауқымы кең деп айта алмаймын, соның салдарынан олар «асфальтта өскен» қазақтарды өзінің табиғи болмысын жоғалтқан деп санайды.
Мен біршама озық қоғамдық тұлғалардың бірімін. Партияның да, комсомолдың да, басқа да сол тектес номенклатураның адамдарымен істес болдым. Алайда, ресми қарым-қатынастан әріге барған жоқпын. Кешкілік бос уақытымды олармен бірге өткізген жоқпын.
Меніңше, біздің төл мәдениетіміз өзге елдермен араласудан шектеліп қалған сияқты көрінеді. Ал бұл дегеніңіз мәдениеттің дамуы, ілгерілеуі үшін өте қажет дүние деп есептеймін. Мен еуразиялық мәдениетті айтып отырмын. Иә, мен Батыс елдерінен көп нәрсені алу керек деген пікірдемін. Батыстан біз тұрмыс-салт мәдениетін де, ақша санау мәдениетін де үйренсек артықтық етпес еді.
— Өзіңе берілген тар кеңістікте өмір сүр, одан аттап шықпа, себебі барлығы алдын ала кесіліп-пішіліп қойылған. Сенің үйің, машинаң, отбасың, банкте есеп-шотың бар. Осының бәрі өзіңде бола тұра, философия соғудың қажеті қанша? Сен, қарапайым журналист, неліктен соншалықты ауқымды мәселелерге бас ауыртасың?— деген пікірді жиі естимін.
Мен ешқашан мұндай ұстанымды қолдамаймын. Гумилев «пассионаризм» деп түсіндірген үлкен ұғым бар. Шыңғысхан тұсында пассионар адамдарды «еркіндігі шексіз адамдар» деп атаған. Сірә, менің достарымның бәрі осындай «еркіндігі шексіз», ой-санасы азат адамдар шығар. Біздің мүмкіндігіміз жете бермейтін ауқымды жобалар болды. Соған қарамастан, біз оны жүзеге асыру туралы толғандық, белсенді түрде талқыладық, көпшілігін іс жүзіне асырудың да сәті түсті.
Мәселен, Мақұм Қисамединов «Фаусты» керемет иллюстрацияларымен қазақ тілінде шығарды, қосымша неміс тіліндегі мәтінін қосты. Дүние жүзінде «Фаустың» көптеген гравюралары мен иллюстрациялары бар (Дорені, Делакруаны еске түсіріңіз), олардан асып түсу мүмкін бе? Соған қарамастан, Мақұм олардан да жақсы жасауға ұмтылды, ол өзінің табиғатындағы дүниені, өзінің оқырманына жақын дүниені жасап шығарды. Фаустың өмір жолы туралы сюжетке ол қазақы иірімдерді қосты. Бұл еш нәрсеге ұқсамайтын керемет дүние болды. Бұл Мақұмның әлемдік классиканы өзінің төл мәдениетіне таныстыруға қосқан үлесі еді.
Сол сияқты, Асқар Сүлейменовтің де Чеховтың «№6 палатасын» еске түсіретін пьесасы бар. Ол Чеховты қайталауға да, одан асып түсуге де тырыспайды. Асқардың көкейін тескен жалғыз-ақ мақсат — жындылықты қазаққа түсінікті тілмен жеткізу. Қалжан да үнемі жұртты таңғалдыратын тың дүниелерді ашып жүретін. Ол әкесінің портретін, қойшының портретін, не болмаса тағы бір нәрсені салса да, картиналарынан даланың иісі аңқып тұрады.
Осы еркін ойлы азаматтардан жасақталған достардың ортасында мен де қолымнан келген үлесімді қостым деген ойдамын. Меніңше, олардың ішіндегі ең прагматигі өзім болған тәріздімін. Себебі, менің мамандығым — журналистика соны талап етеді. Журналистік жолда жүріп елдің көптеген аймақтарын аралауға тура келді. Көптеген салада еңбек ететін адамдармен жүздесіп, пікір алыстым. Соның арқасында шығар, әлеуметтік ахуалға қатысты нәрселерді жақсы білетінмін. Уақыт өте келе осы тәжірибем маған көмегін тигізді. «Мир» жобасын қолға алған кезде бұл жұмыстың қаншалықты күрделі екендігін, үлкен қажыр-қайратты қажет ететіндігін жақсы түсіндім. Бірақ соның бәрін жеңе алатынымды сездім. Бір айта кетерлігі, «Мир» — біздің жас шағымыздағы идеялардың жаңғырығы. Сөз жоқ, «Мир» жобасының өмірге келуіне біздің дастархан басында ортаға салған идеяларымыздан, сондай-ақ ұзақ жылдар бойғы телевидение мен радиодағы тәжірибем ықпал еткені анық.
Негізі, осы бір үлкен істі қолға алмай-ақ қойсам да, құзырлы органдардың дәлізін тоздырмасам да, ұшақпен таусылмайтын сапарларға шығып шаршамасам да болар еді.
Жастық шағымыздан бергі қалыптасқан достығымыз әлі күнге жалғасып келеді. Мен Мұрат Әуезовты әлі күнге дейін сенімді дос қана емес, ұстазым деп білемін. Егер ол мені шәкіртіне баласа, онда мазасыз шәкірт деп есептейтін шығар, әрине. Мен сияқты шәкірттер бір орында байыз тауып отыра алмайтыны анық.
Мұраттың мамандығы — қытайтанушы, шығыс тілдері институтын тәмамдаған. Оған үйінде тыныш отырып, тай поэзиясы туралы, ертедегі қытай сәулет өнері мен бейнелеу өнерінің адам тілмен айтып жеткізе алмайтын көркемдігі туралы, Қытай мәдениетінің тартымдылығы турасында толғанып отыруға да болар еді. Мен болсам оны үнемі әрбір жаңа іске итермелеуден шаршамаймын. Менің итермелеуімнің арқасында ол сексенінші жылдары «Қазақфильмде» бас редакторлық қызмет атқарды. Қазақстан егемендік алғаннан кейін Назарбаев оны Қытайдағы ең алғашқы Төтенше және өкілетті елші қызметіне жіберді. Мұрат Әуезов алып империяның түркі тілді елдермен арадағы байланысын дамытуға еңбек сіңірді.
Олжас
Казахстан — ты огромен.
Пять Франций — без Лувров, без Монмартров —
Уместились в тебе
все Бастилии грешных столиц.
Ты огромною каторгой
Плавал на маленькой карте.
Мы с тобою на этой каторге
Родились
Алпысыншы жылдары Алматыға келгенімде Олжас Сүлейменовтің өлеңдері енді жариялана бастаған еді. Аз уақыт ішінде оның есімі атаққа ілінді. Сол кезеңнен бері доспыз. Екеуміз сирек кездесеміз: Ол қазір Қазақстанның Италиядағы елшісі, Мәскеу мен Алматыға жиі жолы түсе бермейді.
Адамның бойына біткен үлкен талант өзін барлық қырынан көрсетеді екен. Талантты жасырып ұстау мүмкін емес, ол күнделікті өмірде кез келген тұрғыда көрінетіні хақ. Тіпті, күннен бөлініп шыққан фотондар сияқты жарқ етіп көзге түспей қоймайды. Өзіңді талантты етіп көрсете алмайсың, талантты болуға тырысудың өзі талантсыздық екені бәрібір аңғарылып қалады. Олжастың бойындағы зор қуат пен жасампаз суреткерлік өмірдің кез келген сәтінде айқын аңғарылып тұрады.
Олжастың кез келген өлеңін оқысаңыз, автордың өмір сырына, халқының тағдырына терең бойлайтындығын түсінесіз. Қазақтардың көшпелі тұрмыс-салты халықтың өзіндік дүниетанымын, әлемге деген көзқарасын қалыптастырған. Олжастың өлеңдерінде айтылған ойлар біздің халыққа күні бүгінге дейін жетпей келген дүние екен. Біз Олжас арқылы қазақтың тұманды тарихында, Кеңес Одағы тұмшалап, көзден жасырып келген өткен тағдырында айрықша маңызға ие құндылықтар бар екендігін білдік. Өзіміздің кім екенімізді ұғындық. Біз кімбіз? Біздің өткен жолымыз қандай? Бұл жолды кім үшін, қандай мақсатпен таңдадық? Қандай асыл мұрат үшін бәріне төзіп келеміз? Осы тектес сауалдарға жауап іздей бастадық.
Кезінде Олжастың «Аз и Я» атты кітабына байланысты Одақ көлемінде керемет дау туындады. Аталмыш еңбекте автор «Игорь полкы туралы жырдың» мазмұнында Русь пен далалықтардың арасындағы ежелден келе жатқан қайшылықты емес, екеуін біріктіруші астар жатқандығын анықтады. Бұл кітап кеңес қоғамының санасында қайта құру идеясын еккен еңбектердің бірі болатын (Кейін «Коммунизм проблемалары» жүргізген анкета осыны растады). «Игорь полкы туралы жырда» көптеген түркі тіліндегі сөздер бар екендігі белгілі болды. Шығыс славьян халықтары мен түркітілдес халықтардың тағдыры бір-бірімен тығыз байланысты екендігі, Русь көшпелі түріктерден көптеген дүниелерді өз бойына сіңіргендігі осы еңбекте көрсетілді, әрбір дерек дәлелденді.
«Жас Еуропа вагон терезесінен ақсақ, қарттықтан бүгілген Азияға мұрнын шүйіре қарап тұрды. Жас әрі өзімшіл Еуропаға жүзін әжім басқан қарт кемпірдің кезінде айдай сұлу ару болғандығына сену қиынға соқты. Өзінің сату үшін вагонға салып алған қымбат әшекей бұйымдары заманында Азия-арудың мойнында сылдыр қаққандығын мойындау аса ауыр еді. Азия-арудың әсем даусына заманында ежелгі Греция мен Мысыр жұрты да құлақ түрген еді.
Ғылым көшпелілерге бірден оң көзқараспен қараған жоқ. Жыртық-жамау киіз үйлер, ХІХ ғасырдың аяғындағы шегіне жеткен кедейлік еуропалық ғалымдардың көкейінде жағымсыз әсер қалдырғаны соншалық, далалықтар мен Европаның арасында ежелде тығыз байланыс қалыптасқандығы туралы ойлаудың өзі күпірлік болып көрінді...»
Олжастың Азияға өзінің тарихи ұлылығы туралы сену қиынға түсті дегені нағыз ақиқат. Баршамызға тарихи тамырымызға, ежелгі мәдениетімізге көз жіберу оңайға соқпағаны рас.
«Поэзия — әрекет» деп санайды Олжас. Ол солай санап қана қойған жоқ, соны өзінің іс-әрекетімен көрсетті. Министрлік қызметте жүріп мен Олжасқа Семей ядролық полигонында жарылыстарды тоқтату үшін күресуге көмектестім. Бір қарағанда, ақын адамның бұл іске ешқандай жақындығы жоқ сияқты көрінеді. Алайда, ол қазақ халқының тағдырына үлкен соққы жасаған осы проблемаға көз жұма қараса, ақын болмас еді. Сол тұста генералитеттің қаншалықты ықпалды болғандығын, жоғарғы билік эшелонында отырғандардың жанын сала қарсылық білдіргендерін көрсеңіздер ғой!.. Алайда, Олжас құдіретті әскери машинаға қарсы шығуға, осы қатыгез машинаны өмірге әкелген жүйеге қарсы шығуға тайсалмады.
1989 жылы ядролық полигонда кезекті мәрте сынақтар жасалды. Апатты жағдай орын алып, радиоактивті газ жердің бетіне таралып кетті. Полигонда жұмыс істейтін жігіттер Олжасқа: «Олжас Омарұлы, халыққа ақиқатты жеткізу сіздің ғана қолыңыздан келеді», деп жанайқайларын баяндаған хат жолдады.
Дәл сол мезгілде Олжас КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына үміткер еді. 25-ақпан күні Қазақ телевидениесі арқылы сайлау алдындағы сөзін сөйлеуі керек болатын. Сол оқиғаның қарсаңында ол маған таудағы санаторийлердің бірінен хабарласып, бейнежазба емес, тікелей эфир арқылы сөйлегісі келетінін жеткізді. Даусынан толқып тұрғанын сезгендіктен «неге?» деп сұрай алмадым. Телефон арқылы айтатын әңгіме еместігін бірден түсіндім.
Кешкісін Олжас телеорталыққа келді. Редактор Жанна Ахметованың тезисіңіз бар ма деген сауалына тауда қағаз-қалам таба алмағанын айтып, қалжыңдап құтылды. Сосын менен:
— Эфирді өшіріп тастамауын қадағала,— деп өтінді.
Сонымен, тікекей эфирдің де уақыты келді. Алайда, Олжас эфир арқылы халыққа сайлау алдындағы бағдарламасын емес, полигонда радиоактивті газдардың таралып кеткенін, Семейдегі ядролық полигонның Қазақстанға, бүкіл дүние жүзіне қандай апат шектіріп жатқанын, ядролық полигондар жабылуға тиіс екендігін жеткізді. Ол алматылықтарды Жазушылар одағының жанында ереуілге шығуға шақырды. Бұл азаматтық еркіндікті қалаған адамның өз ұстанымын ашық білдіруі еді.
Көп ұзамай «Невада-Семей» (Невададағы америкалық ядролық сынақ полигонының мақсаты да Семейдегі сияқты) деген атты иеленген ядролық сынақтарға қарсы бағытталған қозғалыстың алғашқы қадамы осылайша тікелей эфирден бастау алған еді. Қозғалыс тез арада қарқын алып, халықтың тарапынан үлкен қолдауға ие болып, аса ауқымды жетістіктерге жетті.
Радиация адамның ұлтына қарамайды. Әскери басшылық пен ядролық сынақты қорғаштағандар бізді қанша қорқытып-үркітуге тырысса да, осы бір қарапайым ақиқаттан ешкім айналып өте алмады. Мен телевизия және радио жөніндегі Мемлекеттік комитеттің төрағасы ретінде аталмыш қозғалыстың қалыптасуы туралы сюжеттер түсіруге тапсырма бердім, дайындалған сюжеттер бүкіл әлемге таралды. Хиросимо мен Нагасакидегі сұмдық жарылыстардың зардабын әлі күнге естен шығармаған жапондықтар бұл қозғалысты айрықша құлшыныспен қолдады.
«Невада-Семей» қозғалысын Горбачев та қолдайтынын білдірді, сөйтіп көп ұзамай ядролық сынақтарға мораторий жарияланды. Мораторийге Қытай және басқа да елдер қосылды. Тек 1999 жылы ғана Пәкістан мен Үндістан бұл мораторийді бұзды. 1991 жылы 29-қазанда Қазақ КСР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Семей ядролық полигоны жабылып тынды.
Қазір басқа елдерде бұл ұмытыла бастаған, алайда Қазақстанның халық Конгресі жұмыс істейтін біздің елде бұл қозғалыс ұмытылмайды. Қазақстанның халық Конгресі соңғы Парламент сайлауында айта қаларлықтай жетістікке жете алмаса да, оның жоғалып кетпегенінің өзі аталған проблеманың қаншалықты өзекті екендігін аңғартатыны сөзсіз.
Ақын ретінде Олжас өлеңді орыс тілінде жазады, бірақ туған түрік тілін жан-тәнімен түсінеді. Орыс тілін терең біле отырып, ол еуразиялық деңгейдегі ақынға, Еуразияның рухын бейнелеушіге айналды. Оның жырлары осындай биік мұратқа құрылған.
Олжас «1001 сөз» деп аталатын сөздік құрастырып шығуға уәде бергеніне көп уақыт өтті. Бұл бастаманың мән-мағынасы неде? Олжас дамыған тілдердің барлығының түбір сөздері бір-біріне ұқсас екендігіне сенімді. Олар несімен ұқсас? Бұл сауалға Олжас өзінің «Жазу тілі» атты еңбегінде жауап берген.
Олжастың поэзиясы туралы мен өз күнделігіме: «Ол — поэзияның геологы, сөздің тарихи мағынасын ашушы. Сүлейменовтың ой-толғаныстары — кен іздеушінің бұрғысы сияқты, күнделікті сөздің беткі қабатын оп-оңай сыпырып тастап, оның ең алғашқы магмасына дейін жетеді», деп жазыппын. Ақынның ғылыми еңбектері туралы да осылай десек артық емес. «Аз и Я»-да ол орыс тілі көшпелілермен байланысқа түскендігінің арқасында қаншалықты байығандығын, еуразиялық халықтардың тарихына үңілу үшін бұл қаншалықты маңызды екендігін айтса, «Жазу тілінде» сол идеяны бүкіл Еуропаның тілін материал ретінде пайдалана отырып түсіндіреді. Солтүстік Америка үндістерінің, қытайлардың, Африка халықтарының сөздіктерін мысалға тартады. Тіл де, мәдениет те қандай да бір мемлекеттің немесе ұлттың аумағында шектеліп өмір сүре алмайды. Бұл Олжас Сүлейменовтің ғаламдық ауқымдағы ойшыл екендігін аңғартатын толғам.
Олжас Сүлейменов пен Юрий Николаевич Афанасьев студент кездерінен бастап жақсы таныс. «Жазу тілі» кітабы жарыққа шыққанда Олжас ең алғашқылардың қатарында Юрий Николаевичке кітабын сыйға тартты. Афанасьев болса өзінің Ресей Гуманитарлық университеті арқылы ақынның ғылыми еңбегін ғаламторға енгізді. Университеттегі филолог ғалымдар Олжастың еңбектеріне қатысты өздерінің ой-пікірлерін ортаға салды. Осы талқылауға арнап Олжас Сүлейменов кітапқа публицистикалық түсіндірме ретінде «Құдайдың күлкісі» атты кітапша шығарды. Шағын кітапшада ақын болашақта жаңа принциптерге негізделген «1001 сөз» деп аталатын этимологиялық сөздік шығарудың қажеттігін жеткізді. Олжас зерттеуші ғалымдарды жаңа сөздікті жасауға ат салысуға, адамзат баласының мәдени және генетикалық тамыры ортақ екендігін соның негізінде дәлелдеуге шақырды.
Маған Олжастың басты мақсаты бабаларымыздың тілін бүгінгі ұрпағының тілімен сабақтастыру сияқты көрінеді. Жаңа мыңжылдықтың табалдырығын аттап жатып өткен ескі тарихқа ойша қайта оралу, барлық тілдердің түп-тамыры бір екендігіне көз жеткізу бүгінгі ұрпақ үшін керек дүние екендігі анық. Көне сөздердің барлығының түп-тамыры ортақ екендігін дәлелдеу не үшін қажет? Бұл туралы Інжілде айтылған: «Ең алғаш Сөз пайда болды, ол сөз Құдай».
Сонымен қатар, адам баласының ДНК-сын зерттейтін «Адамзат геномы» халықаралық бағдарламасы да жүргізілуде. Осы зерттеу барысында ежелгі семиттердің, гректердің, қытайлардың, қысқасы адамдардың барлығының таңдайларының құрылысы бірдей екендігі анықталды. Бұл жаңалық Олжастың барлық адамдардың түбі бір деген ұстанымын айғақтайды. Ол аз десеңіз, сөйлеу белгімен, жазумен, бейнелеумен тығыз байланысты. Олжас дыбыс пен жазу тығыз байланысты екендігіне бірқатар дәлелдерді алға тартты. Олжастың зерттеулерінің басты артықшылығы — оның ойлау шеңберінің шексіздігі.
Жуырда Англиядан, кезінде ДНК-ны ашқан институттан айрықша маңызды бір хабар жетті. Мидың қызметінде аса маңызды рөл ойнайтын генетикалық құрылым табылыпты. Демек, енді бес-он жылдан кейін адамзат баласының генетикасы толықтай анықталады деген сөз. Соның арқасында, іс жүзінде адамды қайтадан жасауға, қолдан адам жасауға мүмкіндік тумақ. Адамзат баласы бұған дейін ешқашан дәл осындай жетістікке қол жеткізген емес. Яғни, ХХІ ғасырда бұған дейін болмаған күрделі философиялық проблемалармен бетпе-бет келеді.
Қазір табиғи түрде жасалып жатқан дүниелер болашақта адамның қолымен атқарылатын жағдайға жетеміз. Мәселен, қара және сары түсті халықтардың саны ақ түстілерден тым көбейіп кетті делік. Олай болса, неге клондау тәсілі арқылы ақ нәсілділердің қатарын көбейтпеске? Адамдардың мінез құлқына «түзетулер» енгізіп, асау мінезінен айырып, басқа да жағымсыз әдеттерінен арылтса қайтеді?
Олжас Сүлейменов өз зерттеулерінде болашақ мыңжылдықтың өте өзекті проблемасына үңіледі. Оның кітаптарын оқу, ұғыну аса қиын. Себебі ғылыми тұрғыда күрделі тілмен жазылған. Автордың көздеген нысандары асбтрактілі сияқты — жазу белгілері, әріптер. Қалай болғанда да, мен өзімнен жасы үлкен досымның осы тектес ұланғайыр жұмыстары арқылы Қазақстанның әлемдік ғылымға сүбелі үлесін қосып жатқандығын дәлелдеп жүргені қуантады...
Ақын ретінде Олжас үнемі уақыттан оқ бойы озық жүретіндей әсер қалдырады. Бүгінде менің Шешенстандағы соғысқа, оның проблемаларына қатысты ой-толғамды мақала жазғым келеді. Оған «Бөрінің ұлуы» деп ат қойып та үлгердім. Есіме Олжастың 1964 жылы жазылған «Бөлтіріктер» атты өлеңі оралды. Сонау ертеде жазылған өлең күні бүгінге дейін өзектілігін жоғалтпағаны таңғаларлық емес пе?!
Бұл өлең қанға малынып өліп жатқан құртқаны (бөлтіріктері бар ұрғашы қасқыр) тауып алған адам туралы. Кім өлтірген? Өзге қасқырлар ма, аңшы иттер ме? Беймәлім. Аш бөлтіріктер өлі қасқырдың емшегінен қан аралас сүтті ішуге жанталасуда.
И вместе с ней вливалась жажда мести.
Кому? Любому. Лиш бы не простить.
И будут мстить — в отдельности, вместе,
А встретятся — друг другу будут мстить.
Бір нәрсе туралы жазбас бұрын, алдымен жазғалы отырған дүниемнің өн бойын айқындайтын алтын арқауды тауып алуға тырысамын. Олжастың осы өлеңі мен үшін шешен соғысынан кейін орын алатын ахуалдарды айқындайтын алтын арқау десем, артық айтқандық емес. Соғыс аяқталғаннан кейін қоғам соның зардаптарымен бетпе-бет қалатын болады. Америкалықтар Вьетнам соғысының синдромымен соғыс аяқталғаннан кейін де отыз жылдан астам уақыт бойы күн кешті. Психологтар, кинематографистер жұмыс істеді, Вьетнам соғысы туралы көптеген фильмдер түсірілді. Халық өзінің қандай оқиғаны бастан кешкенін ұғынуға да соншалықты күш-қуат жұмсады...
Біз үшін де осы тектес синдромның мәнін түсіну еркше маңызды. Вьетнамда (Ауғанстанда, Шешенстанда) от пен оқтың ортасына түскен, жарақат алған, өзі де біреуді жарақаттаған немесе өлтірген адам сол қорқынышты сәтті ешқашан ұмыта алмайды. Өз өміріндегі ең трагедиялы сәттер оның санасында жаңғырып отырады. Құрбандығымен бетпе-бетпе келген адам күнәһарлық сезімнің құлына айналады. Америкалықтар Вьетнам соғысынан тиісті қорытынды шығара білді.
Соғыстан қашып құтылу мүмкін емес, себебі басқыншылар жазалануға тиіс. Бірақ қарсыласыңмен міндетті түрде бетпе-бет текетіресу қажет емес деген ойдамын. Қарсыласыңды виртуальды тұрғыда көре отырып та оған тойтарыс беруге мүмкіндік бар. Мәселен, жауларыңды ғарыштық байланыс арқылы экраннан көріп отыруға болады. Бұл тәсіл Парсы шығанағындағы соғыс кезінде тамаша нәтижеге қол жеткізді, сосын Косоводағы соғыста да қолданылды. Югославия жеріне бірде-бір америкалықтың аяғы аттап баспаса да, Милошевич жазасын тартты. Ал өзара текетіреске түскен албандықтар мен сербтерді ажырату сынды ит тірлік еуропалықтардың еншісіне қалдырылды.
Вьетнам соғысы америкалықтарды осындай тың тәсілді ойлап табуға итермеледі. Олардан біз де сабақ алғанымыз анық, оның бір мысалы Шешенстандағы ахуал. КСРО-ның өзінің басынан да ондай жағдай өткені мәлім, заманында Кеңес әскерлері Ауғанстанды оп-оңай илеп аламыз деп ойлағанымен, ол мақсатына жете алмағаны белгілі.
АҚШ-тың, Англияның әскері — десанттар әскері. Олар қарсыласына жердің бетімен бармайды, көздеген нысанына тура төбесінен жай түскендей түседі. Ұшып келеді (теңіз арқылы жүзіп баруы да мүмкін), берілген тапсырманы орындайды да, келген жағына қайта кетеді. Тек Вьетнамда ғана ну орманның арасында жүріп соғысты демесеңіз...
Ал біздің әскерлер Ауғанстанға шұбырып барды. Соғыстың салдарынан КСРО-да нашақорлық дерті қозды. Әрине, Кеңес Одағында нашақорлар бұрын да бар еді. Бірақ Ауған соғысына дейін аталмыш проблема соншалықты өзекті болған емес. Есірткі жүрген жерде қыруар ақша жүретіні мәлім. Осылайша, Громов әскерінің ізін алып Ауғанстаннан қаптай шыққан есірткі Шешенстанға ақша болып жетті.
Басаевті, Масхадовты, Радуевті өлтіріп тастауға болар? Бірақ солардың өлімінен кейін соғыс тоқтай ма? Өкінішке қарай, жалғаса береді. Әскерилердің қақтығысы жалғаса береді. Иә, қазір генералдар жаудың бетін әуе шабуылы арқылы, қашықтан ататын қарулардың көмегімен, зымыран кешендерін қолдана отырып қайтаруға тырысады. Қоян-қолтық ұрысқа енуді ешкім де қаламайды. «Бірақ біз бұдан әрі күте алмаймыз, бізді траншеяның бойымен бойымыздағы булыққан ыза-кек алға сүйреп келеді...» Бұл Семен Гузенконың айтқаны.
Қазір сол бір қанды күндер Александр Невзоровтың картиналарында көрініс тапқан. Халықтың көкейіне соғыс салған жара қанша жылдар өтсе де санамызды қайта жаңғырып, түн ұйқысынан шошытып оята береді. Бұл қанша ұрпаққа дейін созылмақ?!
Шешенстанды қарумен тізе бүктіре алмайсың. Күш қолданудың кесірінен туындаған зардапты ондаған жыл, ғасырлар бойы тартуға тура келмек. Міне, осының бәрі Олжастың ертеректе жазылған өлеңдерінде көрініс тапқан еді. Бұл үлкен ақындарға ғана тән ғажап қасиет. Бізбен бір қоғамда өмір сүріп жатқан адамдар болашақты асқан даналықпен болжаған. Қазір біз қырық жыл бұрын жарық көрген аталмыш жыр жолдарында біздің бүгінгі өміріміздің қаны сорғалаған шындығы айтылғанын аңғарамыз.