Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде осы оқу орнының студенттеріне арнап лекция
Вид материала | Лекция |
- Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің баспасөЗ орталығЫ, 24.63kb.
- Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «болашақ», 4480.5kb.
- Парат министрлігі л. Н. Гумилев атындағы еуразия ұлттық университеті, 8635.57kb.
- Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің баспасөз орталығЫ, 38.13kb.
- Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, 5310.66kb.
- Л. Н. Гумилев атындағы еуразия ұлттық университеті кафедра : Халықаралық қатынастыр, 133.64kb.
- Диссертациямен Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғылыми кітапханасында, 462.16kb.
- «ео және ЕҰУ достастық көпірі» лев гумилев атындағы еуразия ұлттық университетінде, 90.35kb.
- Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының аға, 217.87kb.
- Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, 212.98kb.
2006-05-27:
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кеше Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде осы оқу орнының студенттеріне арнап лекция оқыды және олардың көптеген сұрақтарына жауап берді Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ:
Инновациялар мен оқу-білімді жетілдіру арқылы білім экономикасына
Қымбатты жас достар!
Құрметті ұстаздар!
Мен ең алдымен сіздердің баршаларыңызды бүгінгі мерейтойларыңызбен – Еуразия университеті құрылуының 10 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын.
Осы университетті кеше ғана құрған сияқты едік, енді қарасақ, арада он жыл зымырап өте шығыпты.
Алайда осы он жылда ел өмірінде қыруар оң өзгерістердің, елеулі оқиғалардың болғаны, адамзат дамуының әлемдік үрдістеріне сәйкес іргелі реформалардың жүзеге асқаны өздеріңе аян.
Университеттің де сол бір өтпелі кезеңнің қиын-қыстау жылдарында өмірге келгені естеріңде болар.
Осы жылдар ішінде жаңа университет өзінің тарихын өнегелі бастамалармен, өміршең істермен жасай білді. Сөйтіп, қазір ол іргелі ғылым ордасына, білімнің шын мәніндегі киелі шаңырағына айналып отыр.
Ұлттық тарихымыздың рухани жаңғыруының белгісі ретінде Күлтегін бабамыздың көк тасы осы жерге әкеліп қойылды.
Біздің елімізге алыс-жақыннан келіп жатқан мемлекет басшыларының, қоғам қайраткерлері мен өнер тұлғаларының осы университетке бір соға кетуі бұл күнде әдемі дәстүрге айналды.
Университеттің осылайша жақсы мен жайсаңдар бас қосатын рухани ордаға, киелі шаңыраққа айналғаны оның келешегінің кемелдігін көрсетеді. Сондықтан жас мемлекетімізбен, оның жас елордасы – Астана қаласымен бірге жайнап, бірге өсіп келе жатқан Еуразия университетінің бүгінгі мерейтойы баршамызға ортақ қуаныш. Бұл той жастардың тойы, жасампаздықтың тойы. Құтты болсын!
Біз бәріміз де университет еліміз үшін өте қиын жылдары құрылғанын жақсы білеміз. Әлі де болса жалақы мен зейнетақы кешігіп, инфляция ауыздықталмаған болатын, көптеген өңірлерде электр тогы кезекпен өшіріліп жатты, алайда еліміз жаңа университеттің құрылуы туралы хабарды зор жігермен қарсы алды.
Өйткені бұл болашаққа ұмтылған қадам болатын. Лайықты жасалған және Қазақстанның мерейлі болашағына деген сенімнің қадамы болды.
Бүгінде Еуразия университеті жоғары білім флагмандарының біріне айналып келеді.
Жаңа елорда сендердің Университеттеріңнің ғимаратын қалаудан басталды деуге болады.
Сендердің университеттеріңнің Еуразиялық атануы кездейсоқ емес. Еуразиялық идеясы теория ретінде өткен ғасырда туған болатын. Бірақ та Еуразиялық идеясы жаңа өмірді ұйымдастырудың практикасы ретінде осы ғасырда іске асатынына сенімдімін. Еуразияшылдық – бүкіл ХХІ ғасырдың басты бір идеясы. Сендер мұны көп кешікпей түсінесіңдер және көресіңдер.
Еуразиялық идеясының Қазақстанның бастамасы бойынша іске асырылған үш киті – бұлар ЕурАзЭҚ, АӨСШК және ШЫҰ. Бұл – бір ғана айтып жеткізгісіз Орталықтың, біртұтас Еуразиялық идеяның үш түрлі іс жүзіндегі көрінісі.
Сондықтан да Еуразияның рухани ел ордасы, жүрегі Астана, ал осынау жүректің ең қымбат өзегі – Астанадағы біздің Еуразия университеті бола алады.
Осындағы сегіз бейіндік факультетте он жарым мыңнан астам жастар оқиды, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының 8 академигі, 476 ғылым докторы мен кандидаты жұмыс істейді.
Бүгінде университет беделді оқу орнына айналды, біздің елордаға келген көптеген мемлекеттердің басшылары мұнда сөз сөйлеуді құрмет санайды. Еуразия университеті халықаралық деңгейге шықты, оның жанында Мәскеу мемлекеттік университетінің филиалы жұмыс істейді.
Мен университет өз мерейтойын жақсы нәтижелермен қарсы алып отырғанына қуаныштымын және сендердің барлықтарыңды осынау айтулы оқиғамен тағы да құттықтаймын.
Ал тұтастай еліміз бойынша бізде сегіз жүз мың дерлік студент бар, олардың жүз он мыңнан астамы мемлекеттік гранттар бойынша оқиды. Жыл сайын үш мың жас адамды республика “Болашақ” бағдарламасы бойынша шет елге оқуға жібереді.
Мұның бәрі мемлекеттің білімді жетілдіру мәселесіне деген басым назарын танытады. Ол біздің дамуымыздың шешуші факторына айналып келеді. Және мұнда біз көп ретте әлемдік тәжірибеге арқа сүйейміз.
Осыған байланысты қызықты екі мысал келтіргім келеді.
1995 жылдан бастап Финляндияда ғылымды, инновация мен білім беруді ұштауды қаржыландыру қауырт ұлғайған. Соңғы жылдары ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (ҒЗТКЖ) арналған шығындар ІЖӨ-нің 3,5 пайызына жетіп, 5 млрд. еуроны құраған. Ал білім беруге шығындар бұдан да көп – ІЖӨ-нің 4,9 пайызы, немесе 7,4 млрд. еуро. Соның нәтижесінде Финляндия бәсекеге қабілеттілік индексі бойынша әлемде бірінші орын алады. Фин табыстылығының формуласында классикалық үш қосылғыш: білім берудің биік деңгейі, ғылымға арналған қаражатты конкурстық қағидатпен бөлу және дамыған инновациялық инфрақұрылым бар.
Екінші мысал. Физик Уильям Лоуренс Брэгг 25 жасында Нобель сыйлығының лауреаты болды. Сендердің көбің көп кешікпей-ақ осы жасқа жетесіңдер. Біз қазір айтып жүргеніміздей, өз жасы үшін ол бәсекеге өте қабілетті жас адам болған.
Өздерің білетіндей, Қазақстан 2030 жылға дейінгі Даму стратегиясын негізге ала отырып, өзінің алдына 10 жыл ішінде бәсекеге барынша қабілетті 50 мемлекеттің қатарына кіру жөнінде өршіл мақсат қойды. Осы мәселе менің бүгінгі лекциямның тақырыбы болады.
Айтпақшы, мен сендермен ғана, осы аудиторияға жиналғандармен ғана емес, Қазақстанның барша студенттерімен жүздесіп отырмын. Интерактивтік режімде бізге елдің барлық облыстарындағы, Астана мен Алматыдағы ірі жоғары оқу орындарының студенттері қосылып, қазір тыңдап отыр.
Сендер білесіңдер, Қазақстан халқына өзімнің Жолдауымда мен Қазақстанның әлемдегі барынша дамыған және бәсекеге қабілетті елдерінің қатарына кіру стратегиясын ұсындым. Жүзеге асырылуы осы міндетті шешуге жәрдемдесетін дамудың жеті басым бағыты анықталды. Бұл шешуші басымдықтардың бірі осы заманғы білім мен озық ғылымды дамыту болып табылады.
Біз жаңа ғасырдың талаптарына жедел бейімделіп, қатал бәсекелестікке әзір болуға тиіспіз. Мен жастар Жолдаудың мәні мен маңызын түсінгенін, оның идеяларына қаныққанын қалаймын. Бірақ та біздің алдымызда тұрған міндеттерді терең түсіну үшін бүгінде жаһандық дүние нені білдіретінін түсінуден бастау керек.
І. Осы заманғы әлем: жаһандану үрдістері мен сынақтары
1.1. Жаһандану өзімен бірге не әкеледі?
Осы заманғы әлем жаһандану кезеңін – адамзаттың біртұтас ақпарат және коммуникациялар кеңістігінде жан-жақты бірігу, бүкіл планетаның біртұтас экономикалық рынокқа айналуы дәуірін бастан кешуде.
Жаһандық қоғам әлдеқайда ашық бола түсуде: капиталдың, қаржылардың, адамдардың, ақпараттың еркін қозғалысы осы заманғы “шекараларсыз әлем” тұжырымдамасының негізіне айналды.
Жаһандануға қандай факторлар жәрдемдесуде?
Бірінші кезекте, бұл тауарлардың елдер мен экономика секторлары арасындағы қозғалысы. Сауда-саттықты өрістету экономиканың дамуы мен өсуі үшін стратегиялық тұрғыда қажет. Ашық экономикалар протекционистік саясатты жүзеге асыратын мемлекеттердің алдында өз артықшылығын дәлелдеді. Соңғы жиырма жылдың ішінде әлемдік сауда-саттық әлемдік ІЖӨ-ге қарағанда әлдеқайда жедел өсті. Егер 70-ші жылдары халықаралық сауда-саттық көлемі әлемдік ІЖӨ көлемінің 30%-ын ғана құраса, біздің ғасырда ол қазірдің өзінде 60%-ды құрайды.
Жаһандану жолындағы екінші қадам – капиталдардың еркін қозғалысы.
Мысалы, соңғы 20 жылда дамушы елдерге тікелей шетелдік инвестициялардың ағыны жүздеген есе өсті. Бүгінде бір Қытай ғана жыл сайын 60 млрд. доллар тікелей шетелдік инвестицияларды тартады, қалған Азия елдері – 172 млрд. доллар, Латын Америкасы елдері – жылына 72 млрд. доллар тартады.
Үшіншіден, адамдардың кедергісіз қозғалысы. Бүгінде әлемде елеулі көші-қон өзгерістері жүріп жатыр, Батыс елдеріне, әсіресе, Еуропалық Одаққа, АҚШ-қа, Канадаға мигранттар ағыны күшейді. Батыс қалаларында болғанда бір ғана орамнан бірге жұмыс істеп, тұрып жатқан Азияның, Еуропаның, Америка мен Африканың көптеген мемлекеттерінен шыққандарды кездестіруге болады. Қазақстан да бұдан тыс емес. Басқа елдерден келген 500 мыңға жуық мигранттар бізде де жұмыс істейді.
Төртіншіден, жаһандану факторларының бірі халықаралық валюта рыноктарындағы валюталық операциялардың серпінді дамуы болып табылады. Әлемдік валюта жүйесі үш революцияны: реттеудің алынып тасталуын, интернационалдануды және инновацияны бір мезгілде бастан кешті.
Нәтижесінде шетелдік рыноктар туралы мәліметтердің сапасы жақсарды және оларды алу жеделдігі артты, “жерді айналу және тәулік бойғы” қаржы операциялары жүргізіледі, жаңа қаржы құралдары пайда болды.
Бесіншіден, ақпараттың, интеллектуалдық өнім мен идеялардың еркін қозғалысы жаһандану факторларының бірі және сонымен бірге салдары болып табылады.
Интернеттің, электрондық поштаның, өзіндік құны жағынан төмен халықаралық телефон қызметтерінің, ұялы телефон мен электрондық конференциялардың таралуына қарай дүние әлдеқайда өзара байланысты бола түсті. Осымен бір мезгілде спутниктік телевизия және электрондық баспасөз нағыз жаһандық төртінші өлшемді туғызды. Мұндай техникалық мүмкіндіктер бұдан 20-30 жыл бұрын ойға да кіріп шықпайтын.
Сонымен қатар жаһандану осы заманғы әлемге осалдық пен шетіндік әкелді. Лаңкестік, есірткі саудасы, ақпараттық соғыстар, эпидемиялар, экологиялық апаттар да шекараны білмейді және бүкіл адамзат үшін жаһандық сынақтарға айналды. Әлемнің бір де бір мемлекеті дербес өзі аталған сынақтарға қарсы тұруға қабілетті емес.
Әлемдегі әлеуметтік-экономикалық дамудың әркелкілігі күшейді. Жаһанданудың оң тиімділігін әзірге әлемдегі ең дамыған мемлекеттердің аз тобы ғана сезінді.
Бүкіләлемдік жаһанданудың әлеуметтік қырлары жөніндегі комиссияның мәліметтеріне сәйкес, аса бай жиырма және аса кедей жиырма елдің арасындағы жан басына шаққандағы ІЖӨ көрсеткішінің айырмашылығы 1962 жылы 53:1 болса, 40 жылда екі еседен астамға өсіп, 2002 жылы 121:1 болыпты.
Бүкіл дүниежүзілік банктің мәліметтері бойынша әлемде 800 миллион адам аштық пен ашқұрсақтықтан зардап шегеді, 1 миллиард 300 миллион адам күніге 1 доллардан кем табысқа күн көреді, 1,5 миллиард адам таза суға қол жеткізе алмай келеді, кедей елдердің 80%-ы әлемде жасалатын игіліктердің 20%-ын ғана тұтынады.
Ортақ “өркендеу кеңістігінің” орнына бірқатар өңірлерде “қайыршылық кеңістігі” мен әлеуметтік құлдырау өрістеуде, олар халықаралық қауіпсіздіктің халықаралық лаңкестік және ұйымдасқан қылмыс, есірткімен, қару-жарақпен заңсыз сауда секілді сынақтары үшін нәрлі ортаға айналуда.
Демек, қатал халықаралық бәсекелестіктің өсуі бүгінде барынша маңызды әлемдік үрдіс болып табылады.
Экономикасы жоғары дамыған елдер дамуы төмен бәсекелестерін ығыстыруда.
Жоғарыда айтылғандарды Нобель сыйлығының лауреаты Джозеф Стиглицтің мынадай сөздерімен түйіндеуге болады: “Жаһандануды жақтаушылар жаһандану болмай қоймайды деп, оның игіліктерін жарнамалап бағуда; қарсыластары оның келеңсіз салдарын егжей-тегжейінде айшықты суреттеп, оны тоқтатуды талап етеді. Ал мен жаһанданудың адамдар өмірін, соның ішінде дамушы елдерде де, жақсарту жөнінде зор әлеуеті бар және кейбір тұрғыда бұл қазірдің өзінде жүріп жатыр – мәселен, білімнің жаһандануы денсаулық сақтауды жетілдіруге және адам өмірін ұзартуға жеткізді деп санаймын”.
Жаһандану байыпты, ақылға сыйымды реттеу мен басқарудың нысаны болуы тиіс деген пікірмен келісуге болады. Белгілі бір келеңсіз жақтарымен қатар жаһандану өз бойында зор мүмкіндіктер санын алып жүретінін мойындау керек. Бірақ та, оларды пайдалану үшін елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыру қажет.
1.2. Жаһандану жағдайында бәсекеге қабілеттілік қалай табыстың себебіне айналады?
Жаһандану ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігіне төтенше жоғары талаптар қояды.
Бүгінде елдің бәсекеге қабілеттілігі – жаһандық экономика мен саясатта ең ықпалды тұжырымдамалардың бірі, өйткені тек экономикалық көрсеткіштерді қамтып қана қоймайды, сонымен бірге экономикалық емес маңызды құбылыстардың экономикалық салдарын бағалай алады.
Елдің бәсекеге қабілеттілігін қалай өлшеу керек?
Оны өлшеудің ең қарапайым тәсілдерінің бірі жан басына шаққанда келетін ішкі жалпы өнімнің (ІЖӨ) көрсеткіші болып табылады. Бұл көрсеткіш неғұрлым жоғары болған сайын, ел мен оның азаматтары соғұрлым бай, өмір сапасы соғұрлым жоғары.
2005 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда жан басына шаққанда ІЖӨ 3700 АҚШ доллары мөлшерінде қалыптасты. Осы көрсеткіш бойынша 50 елдің қатарында болу үшін ол кем дегенде 5500-6500 АҚШ доллары және одан жоғары болуы керек. Яғни, шамамен Чили, Мексика, Малайзия секілді елдер деңгейінде болуы керек.
Бұл елдер бұрынғы социалистік елдердің (Чех Республикасы, Венгрия) көрсеткіштерінен айтарлықтай кем түседі – оларда ІЖӨ қазірдің өзінде әр адамға 10 мың АҚШ долларынан асып түседі. Ал көшбасшылар шағын Люксембург (63500 АҚШ долларынан жоғары), Норвегия (55000 АҚШ доллары) және Швейцария (50000 АҚШ доллары) болып табылады.
Алайда бәсекеге қабілеттілік елдің экономикалық өсудің жоғары қарқынына жетуімен, соны ұстап тұруымен шектелмейді. Бәсекеге қабілеттіліктің басты көрсеткіші халық тұрмысының жоғары деңгейі мен сапасы болып табылады.
Бәсекеге қабілеттіліктің әлемдік жыл сайынғы жинағын шығаратын Лозаннадағы Менеджментті дамыту институты 320-дан астам көрсеткіштер мен сарапшылар бағаларын талдайды екен, соның ішінде мыналар бар:
83 экономикалық көрсеткіш, 77 үкімет пен басқару тиімділігінің көрсеткіші, 69 бизнес тиімділігінің көрсеткіші, 94 инфрақұрылым көрсеткіші. Жоғарыда аталған барлық өлшемдер мен факторлардың өзара ықпалдасуы арқылы елдің бәсекеге қабілеттілігі айқындалады.
Солардың кейбіреуінің рөлін айрықша атап өтуге болады.
Біріншіден, білім беру деңгейі. Мәселе мынада, ұлттар тауарлармен және қызметтермен ғана бәсекелеспейді – олар қоғамдық құндылықтар жүйесі мен білім беру жүйелерімен де бәсекелеседі.
Екіншіден, адами капиталдың дамуы. Осы заманғы экономикада салмақ материалдық тауарлар мен қызметтерге қарағанда, “интеллектуалдық әлеуетке” көбірек түсіріледі. Ұлттың осы заманғы және тиімді білім беру жүйесін ұстануға, жұмысшы күшінің оқыту жолымен интеллектуалдық қырын арттыруға қабілеттілігі бәсекеге қабілеттілігі үшін ерен маңызды болуда.
Үшіншіден, инновациялық даму. Бәсекеге қабілеттілік индексінің бір бөлігі болып табылатын “технологиялар индексі” деп аталатын көрсеткіш, инновациялық даму, технологиялар трансферті, ақпараттық және коммуникациялық технологиялар дамуы, ғылыми зерттеулер мен талдамаларды инвестициялау көлемінің, бұл салада бизнес пен университеттердің ынтымақтастығы деңгейін бағалау арқылы есептеп шығарылады.
Төртіншіден, атқарылу сапасы. Жапония, Сингапур, Германия, Швейцария – идеялар мен технологиялардың нақтылы өнімдер мен қызметтерге асқан шеберлікпен айналуының арқасында жаһандық экономикада табысқа жетіп келе жатқан елдердің үлгісі болып отыр.
Енді ақырында, саяси ерік-жігер мен ұлттық консенсус. Жоғары бәсекеге қабілеттілікке ұмтылушы кез келген елдің саяси басшылығы үшін ең күрделі мәселе – саяси ерік-жігерді көрсету ғана емес, сонымен бірге адамдар мен институттарды қажетті өзгерістерді жүргізуге жұмылдыру.
Соңғы 10-15 жыл бойында бәсекеге қабілеттіліктің жаңа өлшемі пайда болды: салмақ жаһандық экономиканың жаңа сапаға – “білім экономикасына” өтуіне түсіріледі. Керемет цифр: қазіргі батыс әлемінде белсенді халықтың тек 15%-ы тауарлар өндірісіне тікелей қатысады екен, қалған 85%-ы шығармашылық, менеджмент және ақпараттар беру үдерісінде құн қосады.
Бәсекеге қабілеттіліктің әлемдік кестесінде елдер және солардың ішінде Қазақстан қалай орналасқан екен?
Мәселен, 2005-2006 жылдарғы экономикалық өсудің “Давостық” Бәсекеге қабілеттілік индексін алайық.
117 елдің ішінен алғашқылар қатарына Финляндия, АҚШ, Швеция, Тайвань, Норвегия, Исландия, Сингапур, Австралия, Канада, Швейцария, Жапония, Ұлыбритания, Германия және Израиль шығыпты. Қазақстан 61-ші орын алыпты.
Біз ТМД-ның барлық мемлекеттерінен алда екенімізді айта кетейін.
Егер жекелеген өлшемдерді алатын болсақ, Қазақстан халықтың “тапқырлық” деңгейі (яғни, технологиялық идеялардың дамуы), ғылыми-зерттеу базасының, дәл ғылымдағы білімнің сапасы бойынша, сондай-ақ базалық инфрақұрылымның жаман емес жағдайына қатысты айтарлықтай жоғары бағаланады.
Алайда біздің еліміз бұл артықшылықтарды нақтылы “капиталдандыру” мүмкіндігін қамтамасыз ететін факторлар бойынша төмен бағаланады. Ал мұнда “ақыл-ойдың сыртқа кетуінің” жоғары деңгейі де, жаңа технологиялар мен қызметтерді лицензиялаудың күрделі ресімдері де, интеллектуалдық меншік құқықтарын қорғаудың төменгі деңгейі де, білім беру мен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды инвестициялау жөніндегі аз әлеует те бар.
Міне, содан келеді де, мысалы, ересек халықтың сауаттылық деңгейі бойынша біз әлемдегі алғашқы 3%-дың қатарындамыз, ал әл-ауқат деңгейі бойынша соңғы 40% елдердің сапындамыз. Инженерлер мен ғалымдардың саны бойынша біз тізімнің үштен бірінің алғашқысындамыз, ал жоғары технологияларға келетін экспорттың үлесі жөнінен – артта қалушылар қатарындамыз.
Бәсекеге қабілеттілік теориясы профессор Майкл Портердің еңбектерінде барынша кешенді түрде дамытылғаны белгілі, айтпақшы, ол менің шақыруым бойынша Қазақстанда болған. Портердің теориясы ұлттық бәсекеге қабілеттілікті қалыптастыратын детерминанттар деп аталатындарға негізделеді. Портер ХХ ғасырда барынша өркенді бола алған елдердің тәжірибесін қорытқан. Жасаған барынша маңызды қорытындылары мыналар болып табылады: біріншіден, ұлттық өркендеу мұра болып қалмайды, жасалады және, екіншіден, елдер мен өңірлердің бәсекеге қабілеттілігі факторлардың жиынтығына қарағанда олардың пайдалану тиімділігімен анықталады.
Бұл нені білдіреді? Бұл елдің экономикалық деңгейі мен оның әлемдегі бәсекелестік ұстанымы бірінші кезекте оның адамдарының сапасына – адамдық капиталға байланысты екенін көрсетеді.
1.3. Неге ғылым мен білім, жаңа технологиялар бәсекеге қабілеттіліктің шешуші факторларына айналды?
Өзіміздің алдымызға стратегиялық міндет – таяудағы 10 жылда елімізді әлемнің бәсекеге барынша қабілетті 50 елінің қатарына шығару міндетін қоя отырып, біз ғылым мен технологияларды дамытудың, білім беруді дамытудың жаһандық үрдістерін жіті назарда ұстауға тиіспіз.
Бұл үрдістер қандай екен?
Қолданбалы зерттеулер мен талдамалар саласында жалпыәлемдік қолданыс технологияларын жасауға бағдарлану барған сайын айқын көрінуде. Мысал ретінде ақпараттық және телекоммуникациялық технологияларда, атап айтқанда, экономикада, ғылымда, білім беруде, мәдениетте, демалысты ұйымдастыруда пайдаланылатын және іс жүзінде әлемнің барлық елдерін қамтитын Интернеттің жаһандық желісін келтіруге болады. Сарапшылардың бағалауы бойынша, 2010 жылы Интернетті пайдаланушылардың саны әлемде 2 млрд. адамнан асады.
Жетекші елдер басымдық ретінде қарастыратын әлемдік деңгейдегі өте маңызды технологиялар шоғыры біртіндеп қалыптасуда. Мұндайларға бірінші кезекте ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, қасиеттері алдын ала белгіленген жаңа материалдардың алынуы, биотехнологиялар, энергия үнемдеу, энергияның баламалы көздерін жасау жатқызылады.
Ғылымды көп қажет ететін өнімдердің әлемдік рыногы өте жоғары қарқынмен дамып келеді: ондағы сату көлемі соңғы 20 жылда бес есе өсіп, 1 трлн. еуродан асып түсті.
Елдерге, ғылым мен технологиялардың өздері барынша дамыған әлеуетке ие бағыттарында ресурстарды шоғырландыруға мүмкіндік беретін халықаралық еңбек бөлінісі қалыптасты. Мәселен, есептеу және офистік техникалар өндірісінің көлемі бойынша АҚШ көш бастап келеді. Жапония электрондық өнеркәсіпте үстем жағдайда тұр. Швейцария – фармацевтік өнеркәсіпте абсолюттік лидер. АҚШ, Ұлыбритания және Франция авиағарыштық техниканың аса ірі экспортшылары болып табылады. Мұндай ахуал маңдайға жазылып қойылмаған, бұған бағдарламалық қамтамасыз ету өндірісінде әлемдік көшбасшылыққа серпінді секіріс жасаған Үндістанды мысалға келтіруге болады. Мен осынау феноменмен танысу үшін “Азияның силикондық алқабы” орналасқан Бангалорда арнайы болдым. 2004 жылы Үндістан мұндай ақпараттық өнімді 17 млрд. доллардан астам сомаға экспорттады. Бүгінде үндістандық мамандар үздік деген Ай-Ти-компанияларда сұранысқа ие болып, Майкрософт қызметкерлерінің 34%-ын, Ай-Би-Эм қызметкерлерінің 28%-ын, Интел компаниясында 17%-ын құрайды.
Жаһанданудың маңызды қыры әлемдік ғылыми-технологиялық кеңістікті қалыптастыру болып табылады. Халықаралық ғылыми-инновациялық инфрақұрылымның интеллектуалдық меншік құқықтарын қорғау стандарттары, сертификаттау жүйелері, тетіктері секілді құрамдастарын біріздендіру жөнінде маңызды қадамдар жасалды.
Ғалымдар мен ғылыми ұйымдардың қызметі барған сайын жалпыәлемдік практикаға негізделіп, біртұтас халықаралық өлшемдер бойынша бағаланады. Ғалымдар мен мамандардың халықаралық айырбасы қауырт ұлғая түсті.
Алдағы онжылдықта жаңа технологиялық тәртіпті дамытудың шешуші бағыттары био- және нанотехнологиялар, жасанды интеллект жүйесі, жаһандық ақпараттық желілер және жоғары жылдамдықтағы көлік жүйелері, энергия үнемдейтін технологиялар болады. Өндірісті автоматтандыру, ғарыштық технологиялар, қасиеттері алдын-ала белгіленген конструкциялық материалдар өндірісі, ядролық энергетика одан әрі дами түседі. Өндірістің бұрынғыдан да көп интеллектуалдануы, үздіксіз инновациялық үдеріске көшу жүреді. Біртіндеп білімге негізделген жаңа тұрпатты қоғамға көшу аяқталады.
Біз Бәсекеге қабілеттілікті арттырудың қазақстандық стратегиясын іске асыру барысында бұл бағыттарды басты назарда ұстауға тиіспіз.
* * *
Білім беру саласындағы жаһандану да бірқатар үрдістермен сипатталады.
Гордон Драйден мен Джанет Востың “Білім беру революциясы” кітабында (2003 жыл) білім беру саласында осы заманғы әлемнің көптеген елдеріне тән проблема тамаша баяндалған: “Әлем сондайлық жедел өзгеруде, ал білім жүйесі сондайлық оралымсыз да жігерсіз, ол бейнебір уақыттың торына түсіп қалғандай, әлдеқашан аяқталған өткен дәуірге қызмет көрсетуін жалғастырып келеді”. Бұл біздің атымызға да айтылған секілді.
Білім ақпараттық қоғамда құнның негізгі көзіне айналып барады. Білім, инновациялар мен оларды нақты қолданудың әдістері барған сайын пайда көзі ретінде көрінуде.
Экономикалық дамудың жаңа тұрпаты қызметкерлер үшін өз өмірінде бірнеше рет мамандығын ауыстыру, өз біліктілігін үнемі арттыру қажеттілігін туғызады.
Білім беру саласы ақпараттық қоғамда экономикалық саламен елеулі түрде астасады, ал білім беру қызметі ақпараттық қоғамның экономикалық дамуының аса маңызды құрамдасына, артта қалушылықты еңсерудің факторына айналады.
Білім беру ұғымының өзі өзгеруде және кеңеюде. Білім беру барған сайын көп ретте мектепте және тіпті жоғары оқу орнында оқумен бірдей түсінілуден қалады.
Жеке тұлғаны функционалдық әзірлеу тұжырымдамасынан жеке тұлғаны дамыту тұжырымдамасына көшу жүріп жатыр. Жаңа тұжырымдама білім берудің даралық сипатын көздейді, ол әрбір нақты адамның мүмкіндіктерін және оның өзін-өзі іске асыруы мен өзін-өзі дамытуға қабілеттілігін ескеруге мүмкіндік береді.
Үздіксіз білім беру, ересектердің білім алуы барған сайын үлкен мәнге ие болуда. Жақсы жазу қарттыққа дейінгі тыныш та қамсыз өмірдің кепілі болғанына көп уақыт өте қойған жоқ. Соңғы онжылдықтарға адам қызметінің түрлі салаларындағы технологиялар мен білімнің жаңару жеделдігі тән. Бүгінде тіпті жоғары білімнің өзі көпке жетпейді.
Дженерал Моторс корпорациясының президенті бұл туралы былай дейді: “Бізге төрт және тіпті алты жылдық емес, қырық жылдық білімі бар мамандар қажет”.
Ақыр соңында, білім берудің халықаралық интеграциясы жүріп жатыр. Білім беруді дамытудың маңызды белгісі оның жаһандылығы болып табылады. Бұл белгі осы заманғы әлемде интеграциялық үдерістердің орын алуын, қоғамдық өмірдің түрлі саласында мемлекеттер арасындағы интенсивті өзара ықпалдастықты бейнелейді. Білім беру ұлттық басымдық категориясынан әлемдік басымдық категориясына өтуде.
Аталған үрдістер Қазақстанда ғылым мен білім беру жүйесін дамытудағы негізгі бағыттарды анықтауы тиіс.