Намазалы омашев радиожурналистиканың теориясы мен тәжірибесі

Вид материалаДокументы

Содержание


Радионың техникалық құралдары.
Микшерлеу пульті
Радиохабарлар тарату торабы және жүйесі
Радио үйі
Шығармашылық топ
Подобный материал:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   22

Радионың техникалық құралдары.


Микрофондар – акустикалық тербелісті электрлі тербеліске айналдыратын құрал. Ол телефон және радиобайланысында, теледидарлар мен радио хабарларын таратуда, дыбыс жазу орындарында және күшейту жүйелерінде қолданылады. «Микрофон» сөзі – гректің «mikro» - аз, шағын, «phone» - дыбыс деген сөзінен шыққаны этимологияда дәлелденген. Дыбыстық тербелістерді қабылдап, бірден электрлі сигналға айналдыратын бірден - бір құрал. Яғни, микрофон алдында сөйленген сөз төменгі жиіліктегі электр тогына өзгертіледі. Дыбыс ауа толқындарының әсерінен тербеліске түсетін жұқа диафрагма катушкаға тиеді. Катушкаға диафрагма тиген кезде магнит өрісі пайда болады. Оның әсер етуі арқылы ток индукцияланады. Индукцияланған ток жіңішке сым арқылы күшейткішке жіберіледі де дыбыс жазғыш тетікке беріледі. Ол өзінше жанасып қозғалатын магниттік үнтаспаға түсіріледі.

Микрофондардың басты сипаты бағытталуында болып табылады. Әр микрофон түрлі бағыттардан келетін дыбыстарға сезімталдығы да әр түрлі болып келеді. Сондықтан микрофондарды екі топқа бөлуге болады: бағытталған және бағытталмаған деп. Ал, атқаратын функцияларына қарай, микрофондар электродинамикалық (катушкалы, ленталы), конденсаторлы, пьезоэлектрлі, электромагнитті, көмірұнтақты болып бөлінеді. Сонымен бірге, стерефониялық, тік бағытты, көп бағытты, шағын көлемді радиомикрофондар болып та сараланады. Радиода, теледидарда катушкалы, конденсаторлы, ленталы микрофондар көп қолданылады. Электродинамикалық катушкалы микрофондардың теледидар орталықтарында және радиоүйінде қолданылуы тиімді болып отырғандығы тәжірибеде дәлелденген. Заман талабына орай, электронды дәуірдің жаңалықтары күннен күнге жаңартылып, өндіріске қолданылу үстінде. Пішіндері өзгертілгенмен де, қолданылу аясы кеңейгенімен де, дизайндық сапасы жақсарғанымен қызмет көрсету функциясы, дыбыс жазу технологиясы бұрынғы негізде сақталған. Микрофон құралдарының бәріне ортақ элемент - диафрагма болып табылады. Ол пластинка, мембрана, лента түрінде болады. Металдан, диэлектриктен, пьезоэлементтен жасалуы мүмкін. Ең алғашқы микрофондардың түріне көмірұнтақты микрофондар жатады. Көмір ұнтағының ауа тербелісінен қозғалысқа түсуі арқылы жұмыс істейтін микрофондар қазіргі кезде өндірісте қолданылмайды. Пьозоэлектрлі микрофондар сапасы жағынан аса жақсы болмағанымен қарапайым жұмыс жазуда немесе дыбыстық эффект беру үшін қолданылады. Ал, ленталы микрофондардың дүниежүзілік радиобайланысында ұзақ жылдар пайдаланылып, өз сапалылығын тәжірибеде көрсеткен микрофондар қатарына жатады, әрі табысты қолданылу үстінде. Олар сыртқы әсерге аса сезімтал келеді, сондықтан сыртқы жағдайдан сақтауды қолдайды. Ленталы микрофонның ішіне полюстері көрсетілген таспа сияқты магнит орналастырылып, арасына фольгадан жасалған осы тәрізді жұқа пленка бекітілген. Дыбыстың әсерінен лента қозғалысқа түсіп, магнит өрісіне әсер ету арқылы электр қуаты пайда болады. Ал, электродинамикалық микрофондарда полюстердің арасына катушка орналастырылған. Диафрагманың тербелісі кезінде катушка бірге тербеліп, сол арқылы электр тогы пайда болады..

Конденсаторлы микрофон – сапалы, қызмет көрсету мерзімі ұзақ микрофондар типіне жатады. Бұлар өздігінен электр қуатын шығармайды, сондықтан жұмыс барысында қосымша ток күші қозғалмалы электродқа әсер ететін полимер пленкадан жасалынған. «Дөңгелек үстел» өткізгенде, немесе шағын топ қатысқан хабарларды жазған кезде осы конденсаторлы микрофон ыңғайлы болып табылады. Конденсаторлық микрофондардың конденсаторына тұрақты электр заряды қосылған, яғни қосымша ток күшінің қажеті жоқ.

Конденсаторлы микрофондардың жетілдірілген электредті түрі МКЭ – 4М. Бұл дыбыс жазу құралы телерадиохабарлар жасауға, студияларда музыканың, сөздің жазылуына, театрларда, концерт залдарында пайдалануға арналған. Электретті микрофондардың тағы бір түрі – МКЭ – 5. Бағытталмаған, орындаушының кеудесіне қысқыш арқылы бекітілетін шағын микрофон. Арнайы ток көзі қолда немесе қалтада сақталады.

Қоршаған ортадан түсетін дыбыс толқындары микрофон диафрагмасына әсер еткен уақытта әр түрлі тербелісте болады. Әртүрлі болуы дыбыс толқынының қай жақтан әсер етуіне қарай өзгереді. Сол себепті, микрофон диаграммасын негізі үш типке бөлуге болады: дөңгелек, жүрекше тәрізді және сегіз санының пішіні түрінде. Бағытталу диаграммасының формалары микрофондардың жұмыс принциптеріне байланысты. Микрофонның сезімталдығы деген ұғым түскен сигналмен шығатын дыбыс қысымының бірлігімен айқындалады. Ол бірлік децибелмен өлшенеді. Сонымен, микрофонның сезімталдығы ең төменгі электрлі сигнал арқылы анықталады, күшейткіштен дыбыстың шығуы арқылы байқалады. Кейбір бағытталған микрофондардың сезімталдығы аса нәзік, егер микрофон өз осінен сәл ауытқитын болса қабылдағыштық қасиеті азаяды. Микрофонға қойылатын өзіндік талаптар бар: берілетін дыбыс деңгейінен электрлі сигнал жасалуы қажет және ол құралдың өзіндік электрлі шуларының деңгейінен аспауы керек; шыққан сигналға кедергілер болмауы тиіс; аппаратқа қосылған соң жиіліктегі дыбыстардың біркелкі берілуі қажет.

Динамикалық микрофондар қолдануға ыңғайлы, сапалы мықты болып табылады. Ал, конденсаторлық дыбыс қабылдағыштар керісінше осал келеді. Мысалы, қатты қозғалыста жүретін өнер көрсетушілердің қимыл- әрекеттерінен микрофон құрылымы өзгеріске түсіп қалуы мүмкін. Мұндай сәттерде – электродинамикалық микрофондар қолайлы. Тек қана кабельдердің жалғанбай немесе ажырап қалмауын қадағалаған жөн. Кейбір табиғат өзгерістері кезінде, мысалы, далада, жел өтінде т.б жағдайларда журналистерге жұмыс істеу сәті тууы мүмкін. Ондайда, төзімді болып табылатын ленталы микрофондар. Яғни, студиядан тыс жұмыс кезінде осындай құралдармен жарақталған абзал. Микрофондарды қолдану кезінде формасына, түріне, салмағына көңіл бөлу қажет. Қажетті жағдайларда микрофондарды таңдау тәжірибелі дыбыс режиссерлеріне тапсырылады. Аудиториясының көлеміне, жазылатын хабарлардың барысына орай микрофондар үстелдік, едендік, аспалы және кеудеге тағылатын болып бөлінеді. Әр түрлі жағдайда микрофонмен жұмыс істеу әр қалай болып келеді. Егер орындықта отырған адамның сөзі жазылатын болса оның аузынан 30 –40 см. жерге микрофон қойылуы тиіс. Қағаздан оқылуға тиісті сөз болса, онда қағаз столда жатуы керек, қолға ұстап тұрған болса сыбдыры жазылып қалады. Парақтарды ауыстыру қажет болған жағдайда жұмсақ, сықырламайтын қағаздарды пайдаланған жөн. Немесе, парақты аудармай-ақ баспалдақ тәріздес етіп жылжытып отыру керек. Сонан соң сөйлеушінің қолы арқылы қозғалып кетпеуін бақылау қажет. Мұндай жағдайларда көбінесе кеудеге тағылатын «петличка» микрофоны ыңғайлы болып табылады.

Егер хабарға қатысушы екі адамның сөзін жазу керек болған жағдайда үстелдің бұрышын орталарына қалдырып не болмаса бір жағына жақын етіп отырғызып, олардың әрқайсысынан микрофонды 40 – 50 см. жерге орналастыру керек. Егер көп адам қатысатындай болса доға тәріздес етіп орналастырған жөн. Ал, музыкалық ансамбльдер болса, онда тік тіреуге дыбыс қабылдағышты бекіту керек.

Үй жағдайында дыбыс жазу қажеттігі болған кезде үй ішінде артық шу беретін заттардан (сағаттың тықылы, телефонның шылдыры, су ағардың дыбысы т.б.) босатып, неғұрлым дыбыстың өшуі процесіне қатысты заттармен (кілем, қалың төсеніштер, жұмсақ мебельдер т.б.) қамтылғаны дұрыс. Әрине бұл айтылғандар микрофонды пайдаланудың шағын ғана түрлері. Оның әр түрлі жағдайларда қолданылатын көптеген әдіс-тәсілдері бар. Тәжірибелі инженерлер дыбыс режиссерлері жазылуға тиісті хабардың пішінін, жанрын, маңызын т.б. жағдайларын алдын-ала зерттеп барып орналастыруы тиіс, немесе озық технология үлгілерін пайдаланулары мүмкін.

Электронды журналистиканың өнімдері ұжымдық болып саналатындықтан техникалық немесе шығармашылық топтар бірлесе еңбек еткенінің нәтижесінде жақсы хабарлар өмірге келеді. Сондықтан, хабардың көркемдік жағына шығармашылық топ жауапты болса, техникалық жарақтандырылуына техникалық топ мүдделі.

Бағытталу диаграммасының формалары микрофондардың жұмыс приципіне байланысты. Микрофон құралына қатысты өзіндік талаптар бар: берілетін дыбыс деңгейінен электрлі сигнал жасауы және ол микрофонның өзіндік электрлі шуларының деңгейінен аспауы қажет, шыққан сигналға кедергілер болмауы керек, барлық жиіліктегі дыбыстар аппаратқа қосылған соң біркелкі берілуі қажет. Сонда дыбыс деңгейі бірқалыпты болып, жазылған дыбыс сапасы жақсарады.

Микрофондар қолданылу қызметіне қарай үш түрге бөлінеді: су асты тербелісін жазатын құралдар - гидрофон, жер қабатындағы дыбысты - геофон, ал ауадағы дыбысты жазатын құрал - микрофон деп аталады. Электрониканың дамуы күннен-күнге қарқын алуда. Бұл құралдардың тек дизайны ғана емес, атқаратын функциялары да жетілдірілуде. Дыбысты сезгіштік қасиеттері артып, дыбыстың жазылу сапасы да жақсара түсуде. Ең сапалы микрофондар қатарынан электретті микрофондар көрінуде. Жартылай кәсіби немесе тұрмыстық жағдайда қолданылатын шағын, бағытталмаған МКЭ – 3, кардиоидты, бір бағытты МКЭ – 9; бір бағытты МКЭ – 271 ( бұрынғы МКЭ – 100) маркалы магнитофондар музыканы жазуда табысты қолданылуда. Әр түрлі радиомикрофондар өте кең таралып, қолданыс табуда. Аса озық технологияларда қолданылатын С414XLS, CGN321E, CGN523 және СНМ – 21 сияқты микрофондар дүниежүзілік масштабта өзіндік орын алуда. Ал, AS – SP8 800P, AJSDG 615 маркалы видиокамералар және олардың микрофондары озық үлгідегі құралдар болып саналуда. Бұл құралдарды өндірушілер әлемге әйгілі SONY, Panasonic, JVC, Thomson секілді фирмалар.

Аудиовидеоқұралдардың жетілдірілуіне байланысты технология да жаңарды. Болашақ журналистердің жауапкершіліктері сын кезінде. Шығармашылықпен қоса техниканың озық үлгілерін меңгеру талабы да арта түсті.

Магнитофондар. Магнитофондармен қабылданған дыбыс әлсіз ауыспалы электр тогына айналады да, магнитофон құралында бірнеше рет өңдеуден, коррекциядан өтеді. Алдымен микросхемадағы немесе транзистордағы күшейткішке түседі. Күшейтілген микрофондық сигналды бірден жазу тетігіне беруге болар еді. Алайда, қандай жақсы сападағы күшейткіш болса да әр түрлі жиілікті бірқалыпты күшейте алмайды. Сондықтан, міндетті түрде дыбыс деңгейін өлшеуіш құрал – индикатор қажет.

Күшейтілген, коррекцияланған дыбыс магнит тетікке (маг. головка) түскен соң магнитті дыбысқа айналады. Бұл магнитті головка - таға тәрізді, жұқа магниттелмеген денемен бөлінген, ұш жағында 2 полюс белгіленген жүрекше орналастырылған қарапайым тетік. Жазу головкасына шағылған магнитті өріс магнитті үнтаспаға әсер етіп, қажетті ақпарат алынады. Ол дыбыс ұзақ сақталуы үшін үнтаспаға арнайы темірқышқылы, кобальт, хром сияқты химиялық элементтер қосылады.

Сонымен бірге магнитофонда үнтаспаны магнитсіздендіретін өшіру тетігі болады. Алайда, үнтаспаларды пайдаланар алдында заводтан берілген анықтамаларға көңіл бөлінуі тиіс. Өйткені, кейбір үнтаспалардың магнитті ұстауы күшті болады да магнитсіздендіретін тетікке бағынбайды, сөйтіп бірнеше дыбыс қайта жазылып, магнитті жазудың сапасы төмендейді. Бұл айтылған жайлар магнитофон қызметін анықтайтын негізгі белгілер. Ал бұл магнитофон құралы Ресейде екінші дүниежүзілік соғыстан кейін ғана пайда болды. Радиожурналистер алғашқы шағын магнитофонды 1952 жылдан бастап қолданды. Киев радиозаводы шығарған алғашқы маркасы «Днепр-8» деп аталды, кейіннен «репортер» делінді. “Репортер” латын сөзі, хабар жеткізуші, әкелуші деген мағынаны білдіреді. “Репортер – 1 ”-ден кейін ғалымдар ізденісінен туған, көптеген дыбыс жазу құралдары дүниеге келді. Соңғы цифрлы технологияға дейін табыспен қолданылып келген құрал – “Репортер – 7” болды.

Магнитофондардың құрылысына ортақ бөлшектер бар. Олар:

- алдыңғы панельге орналастырылған кері орау тетігі;

- тоқтату тетігі;

- дыбысты кері шығару тетігі;

- жылдамдатып орау тетігі;

- жазуға дайындау;

- дыбыс деңгейін бақылаушы – индикатор;

- ток күші мен күшейткішке қосар тетік;

- динамикалық компрессорды қосу;

- сөйлеу фильтрін қосу;

- есептегіш құрал;

- кассета салатын орын;

- панельдің артқы жағында токқа қосу тетігі;

- аккумуляторды ұстайтын қақпақша;

- автостоп;

- дыбыстың жазылуын наушник арқылы бақылау тетігі.

Өндіріске компьютерлік технология араласқанша қолданылып келген, әлі де пайдалануда жүрген магнитофондардың бірі - СТМ- 200. Қате кеткен мәтінді бірден түзеу, дыбыстың естілуін бір қалыпқа келтіру жақсы жолға қойылған бұл магнитофон электронды монтаж жасауға лайықталған. Монтаж - студиядан тыс немесе студияда жазылған хабарларды техникалық өңдеу. Ол үшін студияның жұмысы жолға қойылуы қажет. Оған тиісті шаралар:

Сапалы, ыңғайлы компьютерлер таңдау керек.

Микрофоннан, магнитофоннан шыққан сигналдарды микшерлеу құралы қажет.

Дыбыс эффектілерінің жасалуы.

Фонограммаларды бағдарлама жасау кезінде тыңдау.

Барлық қасиеттерін сақтай отырып сапалы дыбыс жазу.

Микрофондарды таңдау, микшерлеу, дыбыс деңгейін реттеу жұмыстарының барлығын инженерлер жүзеге асырады, радиода дыбыс операторы, теледидарда дыбыс режиссері атқарады. Мұндай жұмыстарда техниканы жақсы меңгерумен қатар шығармашылықтан да хабарлар болғаны жөн. Сонда ғана ұжымдық еңбектің сапалы болып шығуына мүмкіндік туады.

Магнитофондар арқылы жазылған дыбыстың қолданылу аясы да кеңейе түсуде. Мысалы, үй тұрмысындағы видео, аудиожазуларда, лекция, баяндамалар жазу; тарихи деректер жасау; электронды экскурсовод қызметінде; теледидардан трансляциялы хабарларды жазып алуда; радиодан концерттерді жазуда т.б. қолданылады.

Студияның, оның құралдарының қатысуы арқылы жасалатын монтаж процесі радио және телехабарларында маңызды рөл атқарады. Хабардың сәтті шығуы монтаждың дұрыс жасалғанына байланысты. Яғни, монтаж француз сөзінен шыққан, жинақтау, бір жүйеге келтіру деген мағынаны білдіреді («Қазақ энциклопедиясы»). Монтаждың қасиеті ерекше екендігі тәжірибеде дәлелденген. Сөз бен сөздің, сөйлем мен сөйлемнің орнын алмастыру, қысқарту, ой мен ойдың астасуы, қабысуы, пікір түйіндерінің мәнін жоғалтпауы - тартымды хабардың негізі бола алады.

Электронды БАҚ тәжірибесінде дыбыс жазудың екі әдісі бар: бірі - эфирге тарату болса, екіншісі - қағазға түсіру үшін дыбыстық ақпарат жинау. Алғашқы түрі телерадиода қолданылады да, екіншісі газет журналистері үшін қажет. Эфирге хабар тарату үшін жоғары сапалы магнитофондар керек, кейінгісіне қолайлы құралдар, әртүрлі диктофондар болып табылады. Сөздік ақпаратты кез-келген дыбыс жазу құралдарында, үй тұрмысында қолданылатын тұлмыстық, кәсіби, студиялық магнитофондарда жазуға болады.

Диктофон – латын тілінен алынған сөз, «dikto – сөйлеймін», «phone – дыбыс, дауыс» деген мағынаны білдіреді. Көбінесе сұхбат жанрында пайдаланылады. Кей жағдайларда репортажға да қолданылады. Репортаж кезінде диктофонмен жұмыс істеу үшін журналистің шеберлігі, ептілігі қажет. Өйткені, аудиторияның назары мен сөйлеушінің сөзін немесе қажетті дыбыстық детальдарды үйлестіре алу қажеттігі туады. Диктофонның магнитофоннан бір ерекшелігі – жазылған дыбысты қағазға түсіру үшін баяулату немесе тоқтату тетіктері бар. Яғни, фономашинисткаларға ыңғайлы етіп жасалған. Қазіргі кезде көлемі, сапасы, құны жағынан жаңартылған көптеген түрлері өндіріске енгізілуде. Диктофондармен жұмыс жасау журналист еңбегін ғылыми ұйымдастыруға көмек етеді. Журналист жұмысына жеңілдік болады. Әрі фактілердің, деректердің бұрмаланбауына мүмкіндік жасалады. Бірақ кейбір талаптарды орындау қажет: асықпай сөйлеу, сөздер мен сөйлемдерді, кейбір күрделі тіркестерді анықтап айту, ретіне қарай қайталап айту, тіпті болмаса әріптермен айту қажет. Диктофон мен ауыздың арақашықтығы бірқалыпты деңгейде ұсталуы керек.

Сонымен, магнитофондар бірнеше түрге бөлінеді. Атқаратын қызметіне қарай кәсіби, студиялық, тұрмыстық болып ерекшеленеді. Олардың атқаратын негізгі функцияларында аса өзгеріс жоқ. Тұрмыстық магнитофондарда жазу 2 және 4 жолда жүзеге асырылатын болса, кәсібиде бір ғана жолға жазылады, яғни бүкіл ені бойынша жазылады. Кәсіби магнитофондарда үнтаспаның айналу жылдамдығы жоғары, үнтаспа тарту механизімі де, күшейткіші де жақсырақ жұмыс істейді.

Бұрынғы видеомагнитофондар кинопроекторларға ұқсайтын. Үнтаспа бобинаға оралатын, ал магнитофонда беру, қабылдау валдары болатын. Инженер магнитофондарға дыбыс жазылған бобинаны және бос біреуін қоятын, сонан соң үнтаспаны тартатын механизмге қосатын. Көлемдері үлкен келетін. Міне, осындай қарапайым механизмдер ғылымның дамуына байланысты үлкен өзгеріске ұшырады. Инженерлік ұшқыр ойлардың арқасында видео, аудиомагнитофондардың небір ғажап түрлері өндіріске енді. Сандық технология көптеп қолданылуда. Озық технологияның үлгілерін қалыптастыру арқылы аудиотелеөнімдерді аудитория талғамына орай ұсыну үшін қажет шарттарды игеру өмір талабы.

Микшерлеу пульті – монтаждық аппараттық бөлмедегі режиссерлер жұмыс атқаратын негізгі құрал. Әуе кеңістігіне таралатын дыбыстың таза, үйлесімді, көркемделген, әсерлі болып шығуы үшін микшерлік аппараттың маңызы зор. Монтаж кезінде пайдаланылатын әр түрлі сигналдарды бір жүйеге бағыттап, (ол дауыс, түрлі сигналдар музыка, интершу, тарихи деректер, сөз т.б.) «күрделі образ» жасайды. Яғни, осы образ арқылы тыңдарман көңілінен шығу, жүректеріне жол табу, ықыластарына бөлену сияқты нәтижелер пайда болады. Ал, электронды бұқаралық ақпарат құралында еңбек ететін журналистер үшін жоғары рейтингке жету – ең басты мақсат.

Микшерлеу аппаратында режиссер жұмыс істейді. Хабардың эстетикалық, мәдени, тарихи, тағылымдық, музыкалық т.б. шығуы үшін қажетті элементтерді құрастырып, өз алдына бір туынды жасайды. Жазылған дыбыс деңгейін қадағалау, эфир мәдениетінің сақталуы сияқты процестер де осы микшер арқылы реттеледі. Хабарлардағы сюжеттердің бір-бірімен үзіліссіз байланысып, қабысуы, музыкалық әрленуі тәрізді жайлар да осы құрал арқылы жүзеге асады.

Қазіргі журналистер үшін электронды технология қажетті мүмкіндіктің бәрін жасауда. Осыдан аз-ақ уақыт бұрындары хабарлар бір магнитофоннан екіншісіне тетіктер арқылы көшірілу жолымен жасалса, ендігі жерде ол тек компьютерлік технология арқылы жүзеге асырылады. Хабар барысында дыбыс пен сазды компьютерлік өңдеуге арналған арнайы «Soundforge», «Audition» деп аталатын бағдарламалар бар. Монтаждау процесінің бәрі осы бағдарлама арқылы жасалады. Бұл компьютерлік монтаж деп аталады. Сол компьютердің арнайы белгі қойылған папкасында музыкалық қор, тарихи деректер, басқа да дыбыстық эффектілер де сақталады. Бағдарлама студенттік студияларда хабарлар жасау үшін қолайлы.


Радиохабарлар тарату торабы және жүйесі


Электронды бұқаралық ақпарат құралдарының өнімдері, оның ішінде радиохабары арнайы тораптан таратылады. Радиоторапқа жататындар: радиоүйлері, телеорталықтар, хабар таратушы каналдар, елді мекендерге хабар таратушы және қабылдаушы станциялар. Ал, радиожүйеге - хабар тарату түрлері (дыбыстық, монофониялық, стереофониялық, квадрофониялық); бір сәтте берілетін бағдарламалар саны (бір бағдарламалы, көп бағдарламалы радиохабарлар); модуляция түрлері (амплитудалы, жиілікті); толқын диапазоны (ұзын, орта, қысқа, ультрақысқа) толқындар.

Кез-келген таратқыш станциялардың қабылдағыш станцияларға дейінгі қызмет көрсету аясы болады. Ол радиоқабылдағыштардың күшіне және өндірістік, атмосфералық кедергілерге байланысты жұмыс істейді. Ал, радиотолқындар ұзындығы - толқындардың таралуына және радиотораптардың қызметіне байланысты алынады. Ұзын толқындағы таратқыш антеннасынан таралған энергия күндіз қабылдау нүктесіне жер толқыны арқылы жетеді. Ұзын толқын күндізгіге қарағанда түнде алысырақ таралады, жазға қарағанда қыста ұзағырақ таралады. Ұзын толқынға мыңдаған килловаттық қуаты бар таратқыш қолданылады, бұл экономикалық жағынан тиімсіз. Сондықтан, республикалық, облыстық станциялар көбінесе орта толқынды пайдаланады. Ал алыс қашықтықтарға қысқа толқын қолданылады. Сапалы дыбыс тарату үшін көбінесе көп толқынды жүйе тиімді.

Сиихронды радиохабарлар тарату жүйесі – бірнеше таратқыш бір жиілікте параллельді түрде жұмыс істеп, біртекті бағдарламалардың таратылуы. Стереофониялық радиохабар тарату жүйесі деген – дыбыстың екі арнамен жазылуы. Мысалы, бір ғимараттан шыққан дыбысты басқа жаққа электроакустикалық жолмен тарату. Яғни алғашқы шыққан дыбыстың өзгеріссіз сол күйінде естілуі. Егер ансамбль ойнап тұрған болса сондағы құралдардың әрқайсысының дыбысы жекелей естіліп тұрған күйінде жеткізіледі.

Квадрофониялық жүйе – стерофониялық дыбыстың 4 каналмен таратылуы. Бұл жүйенің өзі толық квадрофония, квазиквадрофония, псевдоквадрофония болып бөлінеді.

Дыбыстық сигналдар қолмен және автоматты түрде реттеледі. Дыбыстың сапасын арттыру үшін дыбыс деңгейін реттеп отыру қажет. Музыкаға 25 дб, көркем оқуға - 14дб, сөзге - 10дб мөлшері қойылады. Ол жөнінде арнайы мамандандырылған кәсіби инженерлер мағұлмат береді, әрі сапалы дыбыстың эфирге шығуын қамтамасыз етеді.

Радио үйі – радиохабарлардың дыбыс жазудан бастап эфирге шығуына дейінгі процестер жүзеге асуға арналған, арнайы құрал-жабдықтармен жарақтандырылған ғимарат.

Ал, радиохабар деген – дыбыстық ақпараттар жиынтығы. Осы дыбыстық ақпараттардың сан алуан түрлерін әуе толқынына дайындап, тарататын қызметкерлер радиоүйінде еңбек етеді. Сондай дыбыстық ақпараттардың түрлері: хабар – бір тақырыпқа бағытталған ақпарат. Ақпаратқа сөз ғана емес, музыка да жатады. Бағдарлама – бір арнаға, тақырыпқа арналған хабарлар жиынтығы. Сөздік хабарға:

1. Лекция, баяндама, дикторлық сөз, көркем оқу, репортаж, комментарий жатады.

2. Вокалды аспапты музыкалар жатады.

3. Аралас хабарлар. Әдеби-драмалық хабарлар, яғни сөз де, музыка да аралас. Осы аталған дыбыстық эффектілер жиынтығы арнайы студияларда жасалады. Радиоүйінде жүзеге асырылатын процестер – магниттік дыбыс жазу, монтаж жазылған дыбыстың естілуін яки қайта шығарылуын қамтамасыз ету, трансляциялық пункттерден жазу, халықаралық каналдардан сигналдар қабылдау сияқты істер. Онда шығармашылық және техникалық топ қызмет етеді, сонымен бірге жалпы қызмет көрсетушілер тобы да бар. Радиоүйінің тыныс-тіршілігін құрап отырған ұжымдардың қызметін бейнелейтін схема төмендегідей:



РАДИО ҮЙІ



ДИРЕКТОР




1 – ОРЫНБАСАР





2 - ОРЫНБАСАР







Шығармашылық топ

Бас редакторлар

Техникалық топ

Бас инженерлер







Редакторлар

Режиссерлер

Журналистер

Комментаторлар

Дикторлар

Музыкалық редакторлар

Ди-джейлер, жүргізушілер

Дыбыс режиссерлері

(әрі шығармашылық)

Операторлар

Саунд-дизайнерлер

Инженерлер

Шығарушы секторлар

Жылжымалы радиостанциялар

Жөндеушілер

Режиссердің көмекшісі




Қызмет көрсетушілер тобы




Фонотека Кадр бөлімі

Бухгалтерия Жарнама бөлімі

Күзет бөлімі Жөндеуші техниктер

Жүргізушілер Қосалқы қызметтер



Радиоүйінде сөздік, музыкалық, концерттік, әдеби-драмалық студиялар болады. Студия – дыбыстық хабарлардың жасалу процесі өтетін акустикалақ жарақтандырылған арнайы бөлме. Студияның іші дыбыс өтпейтіндей етіп, шудың таралуын төмендететін, дыбыстың шағылуын бәсеңдететін құрылыс материалдарымен қапталады. Аумағына, атқаратын қызметіне қарай бірнеше түрге бөлінеді.

Студиялық аппараттық блок – мұнда сөздік, дикторлық мәтін жазылады, режиссер мен хабар редакторы, оператор отырады. Олар монтажға дейінгі кезеңді, хабардың мәтінін талапқа сай етіп жазып алады.

Монтаждық аппараттық бөлмеде шағын хабарлар жасалады. Онда магнитофондар, монтаждық пульт, бақылаушы дыбыстық агрегат орналасқан.

Қайта жазу және күрделі монтаж аппараттық бөлмесінде-музыкалық, драмалық композициялар, эстрадалық, симфониялық т.б концерттер фонограммалары дайындалады. Мұндайда бірнеше магнитафондардан шыққан дыбыс сапасы реттеледі, яғни микшерлеу процесі жасалады, көп жолды магнитофондар дыбыстары жазылады. Әр түрлі дыбыстық әсерлер және жасанды жаңғырық жасалады. Ал, эстрадалық ансамбльдерді жазған уақытта бөлектеп жазу қолданылады. Мысалы, бірінші жолға ритмикалық топты (рояль, контрабас, қақпалы аспаптар); екінші жолға- үрмелі аспаптар (труба,тромбол); үшінші жолға- саксафон; төртінші жолға- солист жазылады. Сонан соң сигналдар магнитофоннан студиядағы күшейткішке беріледі. Одан кейін синхронды дыбыс жасау үшін көпжолды магнитофоннан біржолды магнитофонға көшіріледі.

Концерттік студия кең болуы тиіс, 80-100 адам еркін сиятындай болады. Мұнда жеке әншілерден бастап, түрлі хорларды, ұжымдар орындауындағы бағдарламалар жазылып алынады. Бұл орында қанша жақсы жарақтандырылғанымен де студиялық «атмосфераның» сақталуы жиі кездеседі. Студиялық «атмосфера» деген – айналадағы қоршаған ортадан пайда болатын, дыбыс жазуға кедергі жасайтын шу. Бұл – көбінесе бағытталмаған микрофондарды дыбыс көзінен алшақ орналастырудан болатын құбылыс. Ондайда микрофонда отырған адамның сәл ғана қимылы, желдету жүйесінен өтіп тұрған ауаның ағымы, диктордың терең дем алғаны да жағымсыз шулардың пайда болуына жол ашатын құбылыстар болып табылады. Мұнда үлкен концерттік бағдарламаларды орындауға мүмкіндік бар. Оркестрді еркін орналастыруға болады.

Әдеби-драмалық студия негізінде түрлі радиоқойылымдарды дайындауға бағытталған орын. Актерлердің жеке дауыстарына және қатысушы топтың қимыл-әрекеттеріне, сөйлеулеріне лайықталған.

Сөздік студияда алдын ала хабардың мәтіні яғни сөздің орфогрфиялық, орфоэпиялық, стилистикалық, грамматикалық ерекшеліктері режиссер тарапынан қадағаланып, үзілістің (пауза) орынды қолданылуы, екпіннің түсірілуі, дауыстың қалыпты деңгейінің сақталуы, т.б. ерекшеліктер ескеріледі, дикторлық мәтін оқылып, жазылады. Ол екі бөлмеден тұрады. Бірінші бөлме режиссерлерге, екіншісі дикторға арналған. Екі бөлменің арасы әйнекпен бөлініп, арасын байланыстыратын микрофонмен жалғастырылған. Жазылуға тиіс мәтіннің сапалы шығуына дыбыс операторы мен режиссер жауаптылық көрсетіп, қадағалап отырады.

Студиялар жабдықталған кезде міндетті түрде дыбыстық ревербрация есепке алынады. Реверберация(1) – латынша «reverbaratio» шағылу деген сөзінен шыққан. Яғни, жабық бөлмедегі дыбыс өшкеннен кейінгі оның біртіндеп сөну процесі осылай аталады. Сөздің анық, жақсы естілуіне қажетті реверберация уақыты 0,5- 0,6 секундтан аспауы қажет. Үлкен студияда 0,2-0,25 секунд, кішірек студияларда 0,3-3,5 секунд аралығы қамтылады.

Микрофондар алдыңғы жазу бөлмесіндегі пультке жалғастырылады. «Мына тұста барабан күштірек» немесе «скрипка үні әлсіздеу» деген сияқты кемшіліктерге жол берілмеу үшін инженерлер микрофонды дайындауға аса көңіл бөледі. Ал, радиоқойылымдарды жазу концерттік бағдарламаларды жазудан күрделі болып келеді. Мысалы, ондай студияларға кемінде бес микрофон қойылады. Төртеуінен шықққан сигнал пультке, пульттен тағы бір микрофонға, одан кейін дыбыс агрегатына беріледі.

Дыбыс жазу кезінде адам даусының неғұрлым табиғи шығуына көңіл бөлінуі қажет. Табиғи жазылған дыбыс хабардың нақтылығын арттырады. Сонымен, дыбыстық студияларға қажетті шарттар - дыбыстық (изоляция) оқшаулау, акустикалық талап, реверберация уақыты, техникалық және шығармашылық топ жұмысын қамтамасыз ету. Жоғарыда аталып өткен негізгі студияларға қосымша халықаралық хабарларды жазу және студиядан тыс трансяциялық хабарлар жасау орындары да бар. Трансляция - сөз бен дыбыс арқылы ешбір өзгеріссіз оқиға картинасының жасалу процесі. Қазіргі кезде трансляцияның маңызы зор. Өйткені, шетелдерде, ТМД мемлекеттерінде болып жатқан көптеген халықаралық маңызды оқиғалар осы трансляциялық жолмен таратылады.