Диссертация 2010 жылы

Вид материалаДиссертация
Подобный материал:
1   2   3   4
«Тақырыптың зерттелу деңгейі» деп аталатын бөлімде ХҮІІІ ғасырдың соңы ХІХ ғасырдың 70-жылдарына дейінгі қазақ қоқан саяси және шаруашылық байланыстарының тарихнамасы талданды.

Қазақ-Қоқан хандығының қарым-қатынасы тарихы аз зерттелді. Дегенмен мәселенің ғылыми жұмыстар мен мерзімді басылымдардан көрініс тапқан уақыты XVIII ғасырға сәйкес келеді. Көрсетілген мерзімнен бастап күні бүгінге дейін қазақ-қоқан байланыстарының тарихын зерттеу өзінің жалғасын тауып келеді. Сондықтан да біз зерттеп отырған мәселенің тарихнамасын шартты түрде үш кезеңге бөлуге болады. Олар: төңкеріске дейінгі, кеңестік және тәуелсіз Қазақстан кезеңдері.

Қазақ-қоқан қатынасы туралы алғашқы мәлімет XVIII ғасырдың орта шенінде жарияланды. Бұл бастама иесі – Ресей ғылым академиясының корреспондент мүшесі, Орынбор өлкетанушысы, «Орынбор өлкесінің тарихы» атты еңбектің авторы П.И.Рычков [9] болатын. Аталмыш еңбектің мерзімдік шегі 1730-1750 жылдар аралығын қамтиды. П.И.Рычков қазақтардың Орталық Азиямен байланысына басты назар аударған.

«Қоқан иелігі» мен қазақтар тайпаларының аумағы туралы белгіленген алғашқы картографиялық сызба XVIII ғасырдың аяғына тән. Ол Д.Телятниковтың 1796 жылғы ташкенттік миссиясымен байланыста дүниеге келген деуге толық негіз бар, ал оны құрастырған А.С.Безносиков [10].

Алғашқы Қоқан хандығының тарихына арналған еңбекті «жергілікті тілде» Ташкенттік оқытушы Владимир Петрович Наливкин жазды. Туындыда хандықтың құрамындағы қазақтардың жағдайы туралы жазылған. Қоқан хандығының тарихын ежелгі кезеңнен Ресейдің қол астына өтуіне дейінгі аралықта қамтыған. Автор сондай-ақ саясат, әскери істер, қаржылық саясат, әкімшілік-территориялық құрылыс, руханият жайына тоқталған. Сонымен қатар автор ХІХ ғасыр ішіндегі қазақ, өзбек, қырғыз халықтары арасындағы қарым-қатынасты, оның Қоқан хандығы құрылғаннан бергі тарихын, Құдияр ханға дейінгі қоғамдық-саяси құрылысты баяндайды. Бірақ В.П.Наливкин тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық жағдайына мән бермеген. Ол этникалық мәселеде қырғыз, қыпшақ және өзбектерді топтастырып, бір руға жатқызған.

В.П.Наливкиннің «Қысқаша тарихынан» кейін Қоқан хандығы туралы арнайы зерттеу көпке дейін жариялана қоймады. Қазақтардың ежелгі дәуірден XIX ғасырдың соңына дейін тарихын зерттеген түркістандық ағартушы Н.А. Аристовтың екі томдық қолжазбасында, [11] сондай-ақ К.Риттердің «Землеведение Азии» еңбегіне қосымша ретінде Қоқан хандығы билеген уақыттағы қазақтарға қатысты деректер мен пайымдаулар кездеседі. Авторлар өздерінің зерттеулерін қазақ зиялыларының айтқандарымен, библиографиялық очерктермен, естеліктермен толықтырды. Айта кетерлік бір жайт, Н.А. Аристовтың, В.П.Наливкиннің еңбектері тарихи деректерінің молдығымен ерекшеленеді.

Мәселенің зерттелу деңгейін айқындауда төңкеріске дейінгі кезеңде жарық көрген библиографиялық басылымдар айтарлықтай рөл атқарады. Солардың бірі 1923 жылы жарық көрген В.Д.Городицкийдің библиографиясы [12, с.114]. Қазақстан тарихы нұсқаулары белгілі «Түркістан жинақтарының» негізін қалаушылардың бірі, танымал библиограф В.И.Межовтың Орта Азия тарихы бойынша Б.В.Луниннің тарихнамалық және библиографиялық очерктерінің [13] маңызы зор. Б.В.Лунин төңкеріске дейінгі шығыстанушылардың, Түркістандық өлкетанушылардың, сонымен қатар Қоқан хандығын танып білуде аса зор үлесін қосқан зерттеушілердің ғылыми мұраларының тізімдемесін жинақ етіп шығарады.

Қазақ-Қоқан қарым-қатынасы жайлы тарихи деректер Батыс Сібір губернаторы П.Д.Горчаковтың «Қазіргі жағдайдағы Қоқан хандығының мағлұматтары» деген еңбегінде кездеседі [14]. Бұл еңбекте Ташкенттен Шу алқабына дейінгі аралықта орын тепкен қазақтардың тұрмыс-тіршілігі баяндалған. П.Д.Горчаков қоқандықтардың қазақ жерлерін отарлауын фактілермен дәлелдеп, Қоқан ханы Әлімханның аяусыз озбырлығы туралы баяндады.

Қазақ-қоқан қарым-қатынастарына өз кезегінде қазақ ғалымы Ш.Уәлиханов назар аударған. Ғұлама, ағартушы ғалым, қазақтар мен қоқандықтардың қарым-қатынасының алғашқы кезеңіне тоқталған [15].

Ш.Уәлиханов Қоқан хандығы тарихына іргелі еңбегін арнап, оны өзінің зерттеу нысанына айналдырған. Шоқан шығармасының ерекшелігі сонда, онда көптеген тарихи деректер келтірілген. Зерттеуде пайдаланылған деректерді екі топқа бөлуге болады. Біріншісі – күнделік пен жазбалар, екіншісі - мұрағат құжаттары. Автор Ердана бидің 1751-1770 жылдары Ташкентті жаулауы және Қоқандағы билікке Омарханның, өзінің бәсекелесі Әлімді өлтіріп, таққа отырғанын баяндады. Ш.Уәлиханов Қоқан хандығының әлеуметтік-саяси құрылымында діннің, яғни «Шейхтардың Қоқан мен Бұқарадағы рөлінің зор» екенін дәлелдеген. Ғұлама ғалым қоқандықтар қазақтарды отарласа да, қазақтардың қоқандықтарға жақындасуының себептері «ислам» дінінде екені туралы ой қорытты. Сонымен қатар Шоқан Қоқан иеліктерінің адам төзгісіз алым-салықтары мен бұқара халықтың мойнына түскен ауыртпалықтарына да тоқталған. Шоқан еңбегінің қазақ-қоқан қарым-қатынастары мәселелерін зерттеудегі тарихи, деректік және тарихнамалық маңызы зор.

ХІХ ғасырдың 40-50 жылдарына дейінгі Қоқан хандығының тарихына қатысты мәліметтер аз да болса М.Поспелов, Т.С.Бурнашев, Ф.Назаров, В.В.Вельяминов-Зерновтардың еңбегінен алынды [16]. Ол еңбектер аталған зерттеушілердің көздерімен көрген, құлағымен естіген хабарламаларға сүйеніп жазылған. Қоқан хандығының тарихы сондай-ақ Б.Наливкин, Н.В.Петровский, Г.Н.Потанин, А.Кунның еңбектерімен толықтырылды [17].

Орыстың саудагері С.Я.Ключкаревтың еңбегі әскери тарихи мұрағат сөрелерінен табылған.Ол еңбек “Қоқан хандығының мәліметтері” деп аталады. 1869 жылы авторы белгісіз (анонимді) “Қоқан хандығының жаңа мәліметтері” “Әскери жинақта” шығарылды. Н.Петровский Қоқан хандығының тарихын ежелден - ХІХ ғасырдың 70-жылдарына дейінгі аралықта зерттеген, бірақ кейбір тарихи оқиғалар мен үдерістердің мерзімдері дәл әрі нақты көрсетілмеген. Дегенмен біздің зерттеу нысанымыздағы мәселені қарастыруға септігі тиері сөзсіз.

1910 жылы Қазан қаласында тұңғыш рет қазақ тілінде жарық көрген Құрбанғали Халидтың «Тауарих Хамса» ғылыми, іргелі шығармасы Ферғана хандарынан (Шаһрух, Нарбота, Әлімхан, Омар, Шерәлі, Құдияр т.б.) бастап хандық жойылғанға дейінгі кезеңдердердегі оқиғаларды қамтиды.

Г.Н.Потаниннің еңбегінде Ресей құрамына әлі енбеген және Ресей халқына толық белгілі болмаған Сырдария қазақтары туралы мәлімет берсе, А.Кун өзінің «Ферғана даласының кейбір мәліметтері», «Қоқан хандығының очерктері» деген туындыларында Қоқан хандығы билеушілерінің алауыздықтарын, салық жинаудағы озбырлығын көрсетті. Автордың: «салық тек қана дем алатын ауаға ғана төленбей отыр»,- деген пікірі ақиқатты меңзейді.

Қазақтардың Қоқан хандығының қол астындағы саяси жағдайлары Н.А.Аристовтың, Н.А.Северцовтің, П.И.Палшиноның, Б.Тризнаның, Ч.И.Спасскийдің, А.И.Макшеевтің, А.К.Гейнстің, М.И.Венюковтің, А.И.Левшиннің, Ю.Д.Южаковтың [18] еңбектерінде көрініс тапқан. Олар Оңтүстік Қазақстан қазақтардың өмір салтын, тұрмыс-тіршілігін зерттеген. Ал кейбір төңкеріске дейінгі кезеңннің тарихшылары қазақтардың Қоқан билеушілеріне қарсы ұлт-азаттық көтерілісі туралы мәліметтер берді.

Қазақтар мен өзбектердің жер өңдеу, жалпы алғанда ауыл шаруашылығы мен су құбырларын жүргізу тәрізді маңызды шаруашылық түрлері Р.Я.Рассудова, А.Шахназаров, Л.К.Чермак, А.В.Шнитников, С.П.Толстов және Г.Загряжскийдің [19] еңбектерінде тартымды баяндалады.

Қоқан проблемасы ғұлама ғалым - В.В.Бартольд еңбектерінде кездеседі. Қоқан мәселесі турасындағы оның «Европа мен Ресей үшін Шығыс тарихын оқып үйрену», «Түркістан тарихы», «Түркістанның мәдени өмірі» [20] атты еңбектерінің мәні зор.

Ал, кейбір төңкеріске дейінгі тарихшы-зерттеушілер қазақтардың Қоқан билеушілеріне қарсы ұлт-азаттық көтерілісі мәселелерін көтерді. Мәселен, Р.Н.Набиев, В.Ф.Шахматов, Н.Северцов еңбектерінде Қоқан билеушілерінің озбыр отарлау саясаты егжей-тегжейлі баяндалған [21].

XVIII ғасырда қазақ-қоқан қарым-қатынастары А.И.Добромысловтың, И.Андреевтің [22] еңбегінде баяндалады. Автор бұл еңбектерінде Қоқан билігі кезіндегі алғашқы билеушілердің қазақтармен қатынасына тоқталған.

Төңкеріске дейінгі кезеңде қазақ-қоқан (өзбек) қатынастары Н.И.Веселовский, Г.И.Данилевский, Л.Мейер, Н.Муравьев, Н.И.Гродеков, Н.И.Иванов және С.Б.Броневскийдің еңбектеріне арқау болған [23]. Бұл авторлардың өз еңбектерінде Қоқан және Хиуа хандығының әкімшілік-саяси құрылысына тоқталып, билеушілердің қызметі мен саяси байланысына мәлімет беруі назар аудартпай қоймайды.

ХІХ ғасырдың бірінші жартысында қазақтардың Қоқан хандығымен сауда және шаруашылық байланысы туралы белгісіз автордың “Обозрение Кокандского ханства в нынешнем его состоянии” деген мақаласында айтылады, сондай-ақ бұл мәселелер А.Махкамовтың еңбегінде де кездеседі [24].

Қазақ-қоқан қарым-қатынастары туралы тарихи деректерді Қазан төңкерісінен кейінгі зерттеушілер бір жүйеге түсіре бастады. Кеңес ғалымдарының ішінде аталмыш мәселеге алғашқы болып қалам тартқандардың бірі - шығыстанушы П.П.Иванов. [25] Ғалымның ХҮІІІ ғасырдың 30-жылдарының аяғында жарияланған «Қазақтар мен Қоқан хандығы» атты еңбегінің маңызы зор. Автор Ташкенттің құлауының себептерін зерттей келе, оның «билеушілері қазақтармен тығыз байланыстары болмағандықтан қоқандықтардан жеңілуіне тура келді», - деп тұжырмдады.

С.Асфендияров «Қазақстан тарихы» еңбегінде қазақ-қоқан қарым-қатынасы туралы мәліметтер берген [26]. Автор қоқандықтардың отарлық озбырлық саясатын олардың қазақтарды өздеріне тәуелді ету үшін, билеушілерін алдап-арбап, шендік лауазымдар беріп, өз бұғауында ұстай білгендігі арқылы ашып көрсетті.

Қазақ-қоқан хандығының қарым-қатынасы және қазақтардың Ресейге қосылуы жайлы белгілі тарихшы, ғалым - Е.Б.Бекмаханов еңбегінің ғылыми маңызы зор [27]. Сүбелі дербес зерттеуінде ғалым қазақтардың Орталық Азия мемлкеттерімен өзара байланыстарын қарастыруға ерекше мән берген. Солардың арасында қоқан мен қазақ халқының тарихи байланыстарының бастауын, олардың желісін ашып көрсеткен.Тарихшы қоқандықтардың қазақ еліндегі жаулап алу саясатына ерекше назар аударып, билеушілерінің әрекеттерін әшкерелеп, олардың салдарын жүйелі баяндаған.

Тәуелсіз Қазақстан тарихшылары аталмыш мәселеге қайта оралып, жаңа ғылыми ұстанымдар ауқымында зерттеді. Осындай бағытта жазылған еңбектердің қатарына Н.А.Халфиннің, Ж.Қасымбаевтың, У.К.Шалекеновтың, М.У.Шалекеновтың, Х.З.Зияевтің, А.Сабырхановтың, М.К.Рожковтың, В.Я.Басин т.б.туындыларын жатқызуға болады [28].

Қоқан хандығының тарихын зерттеуде маңызды еңбектердің бірі болып Р.Н.Набиевтің [29] монографиясы саналады. Бұл еңбекте 1842-76 жылдар аралығы және Шерәлі хан, Мәлли хан, Сұлтан Сайд хан, Құдияр хандар кезіндегі саяси оқиғалар, Құдияр хан мемлекетінің жетістіктері, ханның жеке иеліктері, хандықты басқару және қазынасының кірісі мен шығысы, т.б. туралы деректер келтірілген. Жаңа тарихи таным бағытында жазылған еңбектің қазақ-қоқан қатынастары тарихының методологиялық ұстанымдарын қалыптастыруға елеулі үлес тигізері даусыз.

С.К.Бакшиловтың ғылыми диссертациясының негізінде жарияланған «Қазақстанның Орта Азия хандықтарымен қарым-қатынастары» [30] деген дербес зерттеуінде Бұхара, Хиуа, Қоқан хандығының экономикалық жағдайлары баяндалады. Еңбектің Қоқан хандығының қазақ елінің оңтүстігінде жаулап алу саясатын жүргізуінің мәнін түсінуге септесері анық.

Қазақ-қоқан қарым-қатынастары Р.Бекназаров, С.Мадуановтың, С.В.Тимченконың ғылыми диссертацияларында кездеседі [31].

Соңғы жылдары қазақтардың көршілес халықтармен өзара байланысы заңды қызығушылық туғызды. Соның ішінде қазақтардың башқұрт, хиуа, қазақ-орыс, қырғыз, қытай, жоңғар, Еділ қалмақтары сияқты халықтармен қарым-қатынастары Ж.Қ.Қасымбаев, К.Ш.Хафизова, М.Х.Абусеитова, В.З.Галиев, М.Ж.Абдиров, К.Мамыров, С.М.Мәшімбаев, С.М.Мадуанов, И.В.Ерофеева, Ж.М.Тулебаева, Г.М.Ізбасарова, Ә.О.Тұрдалиев, А.Б.Абдуалы, А.Ш.Махаева зерттеулерінде көрсетілген. Олар XVIII-XIX ғасырлардағы қазақ халқының қоғамдық-саяси өміріне ықпал еткен Ресей, Жоңғария, Қытай, Парсы елдерінің саясатын, қазақ қоғамындағы шиеленіс мәселелерін жан-жақты талдаған [32]. Сонымен қатар А.Ш.Махаеваның докторлық диссертациясында Қазақ-қырғыз байланыстарының саяси жақтары сараланып, отандық тарихнамаға қосылған соны еңбек [33]. Автор ХҮІІІ-ХХ ғасырдың бас кезі аралығындағы қазақ-қырғыз саяси байланыстарының тарихын арнайы зерттеу нысаны етіп алған. Тарихшы зерттеу жұмысында ХҮІІІ ғасырдың соңы мен ХІХ ғасырдың бірінші жартысы аралығында қазақ-қырғыз саяси байланыстарына Қоқан хандығы үстемдігі мен патшалық Ресейдің әскери отаршылдық ұстанымының ықпал етуі дейгейін айқындаған.

Аталған зерттеулердің отандық тарих ғылымында жаңа тарихи танымды, методологияны қалыптастыруға қосқан үлестері елеулі.Авторлар тарихи оқиғалар мен үдерістерді баяндауда тарихилық, объективтілік принциптерін басшылыққа алып, ұлттық мүддеге мән берген.

Үстіміздегі ғасыр басында отандық тарих ғылымы төңірегіндегі жаңа ой-пікірлерімен, талдау-қорытуларымен М.Қ.Қозыбаев, К.Нұрпейіс, К.Есмағамбетов, М.Х.Асылбеков, К.Р.Аманжолов, М.Қ.Қойгелдиев, З.А.Алдамжар, Д.И.Дулатова, Ж.Қ.Қасымбаев, Т.О.Омарбеков, Х.Әбжанов, Ә.Мұхтар, Ұ.Ахметова ерекшеленеді [34]. Олар тарихымызды жаңаша зерделеумен бірге, оның бағыттарын анықтады. Ғалымдардың тың методологиялық ұстанымдары ХУІІІ ғасырдың соңғы ширегі мен ХІХ ғасырдың 70-жылдарындағы қазақ-қоқан қарым қатынастары тарихын зерттеуде мұрындық болып, ғылыми тұжырымдар түйіндеуге салиқалы ой қосты.

ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ-қоқан қарым-қатынастары шетелдер тарихнамасынан да көрініс тапты. Мәселен, американдық тарихшы зерттеуші Марта Олкотт өзінің «Қазақтар» деп аталған әлемдік тарихшылар қауымына танымал еңбегінде Қоқан хандығының экспансиясы, қоқандықтардың қазақтарға ықпалы туралы жазды. Ресей империясының, қазақ даласының және Орталық Азия хандықтарының ұстанған саясатын көрсетіп, өзіндік пайымдаулар жасады [35].

Мәселенің зерттелу деңгейін айқындау барысында тақырыптың әлі де болса зерттелмеген тұстарының бар екендігі анықталды.Сондай түйіткілдерді тың жазба деректердің, мұрағат құжаттарының, ауызша тарих айту мәліметтерінің, т.б. материалдардың негізінде зерделеу қажеттігі айқындала түсті.

«Зерттеу жұмысының деректік негіздері» осы тараудың үшінші бөлімінде талданады.

ХVІІІ-ХІХ ғасырдың 70-жылдарына дейінгі қазақ қоқан қарым қатынастарының саяси және шаруашылық мәселелерін зерттеуде әралуан деректер пайдаланылды. Осыған орай диссертацияның деректік базасын орыс мұрағаттары, Қоқан хандығы туралы мәлімет беретін мұрағат қорлары, қоқан хроникалары, қоқан жазбалары, Ресей өкіметінің шенеуніктері мен Қазақстанда болған саяхатшылардың, бұрын-соңды жарияланбаған материалдары құрады.

Түп деректердің ең мағыналы тобын мұрағат құжаттары құрайды. Біз іздеп, тауып, талдаған, яғни пайдаланған құжаттар мен материалдар Өзбекстанның, Қазақстанның, Ресей империясы сыртқы саясат мұрағатынан, Орталық мемлекеттік ежелгі актілер мұрағатынан, Орталық мемлекеттік тарихи мұрағаттан, Омбы, Орынбор Орталық мемлекеттік мұрағаттарынан алынды. Сондай-ақ Мәскеудегі Ресей мемлекеттік кітапханасынан, Ташкенттегі Ә.Науаи атындағы кітапханадан, Алматыдағы Ұлттық кітапхана мен Ғылым академиясы Орталық мемлекеттік кітапхана қолжазба қорларындағы мәліметтер қамтылды. Мұрағат қорларында қазақ-қоқан қарым-қатынастарынан сыр шертетін әртүрлі хабарламалар мен есептер, мәліметтер, рапорттар, жекелеген адамдар мен патшалық отарлау әкімшілігі өкілдерінің қолжазбалары сақталған. Мәселен, бұл деректерде патшалық отарлаудың Қоқан, Бұхара және Хиуаға жету тарихы, Түркістан облысының жергілікті-әкімшілік құрылысы, сондай-ақ Орталық Азия аймағына топографиялық, стратегиялық және статистикалық шолу жасалған.Сол сияқты Қоқан хандығының аяусыз қатаң режимі мен осы елдерге қарсы Оңтүстік Қазақстанның еңбекші халықтарының күресі баяндалатын құнды құжаттар да үлкен маңызға ие.

Түркістан генерал-губернаторының кеңсе қорының құжаттары Қоқан хандығының мұрағатының негізі. Олардың көпшілігін Қоқан хандығының қазақ көшпелілерін аралау барысында жинақталған материалдар құрайды. Түпнұсқа құжаттар хандықтың кеңселік тілінде, яғни тәжік тілінде дайындалды. Бірақ қырғыздар және қыпшақтар (қазақтарға) туралы құжаттардың бір бөлігі, яғни перифериядағы мал шаруашылығының халы, Жетісу халқы жайындағы іс қағаздары түрік тілінде (ескі өзбек)жазылды. Солардың түркістандық шенеуніктердің орыс тіліндегі аудармасы нақты фактілермен ерекшеленеді, алайда ғылыми тұрғыдан қарағанда «ерікті» болып табылады. Кеңселік аударманы қазіргі кездегі аудармамен салыстырғып, талдаған шығыстанушылар А.Б.Халидов, В.П.Юдин, В.К.Шуховцев пен В.Н.Настич олардың ерекшеліктеріне байланысты құқықтық сипаттағы дерек ретінде дәлелдеді.

Зерттеушілердің назарынан тыс қалып, ғылыми айналымға ендірілімеген, бірақ шындығында ерекше тың деректер тобын, қазақтардың билеушілерге жолдаған хаттары, өтініштері және арыздары маңызды тарихи мәліметтердің қорын құрайды. Оларда Қоқан хандығының саяси жағдайы, хандық кезеңнен XIX ғасырдың соңына дейін созылған жер дауы, салық және т.б. оқиғаларға қатысты материалдар кездеседі.Оларда сол оқиғалар мен үдерістерге қатысқан қазақтар жайында, олардың белгілі бір даулы ахуалды, қайшылықты шешуге арналған өтініштері сақталған. Бұл құжаттар - ерекше құнды болып табылады, өйткені олар өз уақытында өте сирек кездесетін сауатты татар және өзбектерге жаздырған қазақтардың бірегей жазбалары. Ескі өзбек, араб тілінде жазылған материалдарда қазақтардың тұрмысы мен өмірі, олардың ханға, қоқандарға және де көршілері – қырғыздар, өзбектерге көзқарастары, экономикалық және саяси өзара байланыстары, тіпті көңіл күйлері бейнеленген.

Мұрағат құжаттарының келесі тобын салық жазбалары (дефтерлер) құрайды. Ру билеушілерінің есімдерімен жасалған тізімдердің ішінен қазақ жерлеріне қатысты белгілер кездеседі. Бұл тізімдердің барлығы дерлік А.Л. Тройцкаяның ХІХ ғасырдағы Қоқан хандарының мұрағатында көрсетілген (К истории Кокандского Ханства в ХІХ в.) Архив кокандских ханов века). Шамасы бұл тізімді 1876 жылы жинақталаса керек. Ол Түркістан генерал-губернаторлығы және Ферғана облыстық билігі кеңсе мұрағатында сақталып қалған. Бұл хандық салық туралы деректемелер Н.Н.Пантусованың негізгі мақаласында және А.Кунның көшірмесінде кездеседі. Бұл еңбектер Ресей шығыстану институтының Санкт-Петербург (Ленинград) бөлімінде сақтаулы [36].

Ферғана тұрғындарының қос тілділігі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан. Еш қозғаусыз 75 жыл жатқан Қоқан хандарының мұрағат деректерін 1876 жылы Санкт-Петербург Ұлттық кітапханасында А.Л. Кун баспаға әзірлеген. 1952 жылы бұл құжаттарды тексеріп зерттеуді А.Л.Тройцкая қолға алды.

Орта Азияның Ресейге қосылуы туралы құжаттарды XX ғасырда басында әскери инженер А.Г. Серебренников құрастырды. А.Г.Серебрянниковтің «Түркістан өлкесі мен оны басып алу тарихының материалдар жинағының» Өзбекстан мемлекеттік мұрағатының И-715 қор құжаттары құрайды.

Диссертацияда пайдаланылған деректердің соңғы тобына қазірге дейінгі мазар, жеке коллекциялардан табылып жатқан қолжазба құжаттарды жатқызуға болады. 60-70 жылдары төрт құжат табылған, оның екеуі қоқан кезеңіне сәйкес. Түркісан қаласындағы Қожа Ахмет Иассауи кесенесінде 400ге жуық шақты түркі тілдес, 38 орыс, 400 шақты парсы тіліндегі Қоқан хандығы туралы мұрағат құжаттарының мәліметтері сақталған. Оларды В.К.Шуховцев пен В.Н.Настич зерттеп, баспаға берген. В.К.Шуховцев пен В.Н.Настичтің [37] бізге жеткізген құнды деректерінде Түркістан уалаятының әлеуметтік-экономикалық жағдайы, сол аймақта көшіп-қонып жүрген көршілес көшпелі қазақ-қырғыз халықтарымен қарым-қатынасы туралы мағлұматтар кездеседі.Солардың арасында Падишах-қожаның Түркістан уалаятындағы мердігерлік құқықтар, жеке меншіктен айыру, қылмыстық актілер, қазы шешімдері туралы қолжазбалары бар. Құжаттардың мазмұнынан қоғамда таптық жіктелістің орын алғандығы анық байқалады. Мұндай әлеуметтік жіктелістің Қоқан хандығындағы қазақ аудандарына да тән болған.

Деректердің тағы бір тобы Өзбекстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатының Түркістан генерал-губернаторлығының кеңсесі және Ферғана облысын басқару, сонымен қатар Алатау округінің басшысының кеңсесі қорларынан табылды. Соның ішінде қызметке тағайындау, феодалдарға жеңілдіктер беру, әкімшілік үйлестіруге байланысты хандық грамоталарды (жарлықтарды), т.б. атап көрсетуге болады [38].

Қоқан хандығының тарихы туралы ортаазиялық дерек көздерінің бірі болып бұрын айтылып келген «Тарихи-Шахрохи» атты шығарма саналады. Түпнұсқалық мәтінінде ол «Таварих-и-Шахрухийе» делінген. 1288 (1871) жылдары еңбекті Мулла Нияз (Мулла Нияз-Мұхаммед Ашур Мұхаммед-и Хоканди) жазған және 15 жылдан кейін тәжік тіліндегі түпнұсқасын Н.Пантусов жариялады. Бұл шығарма өз кезеңінде В.В.Бартольд пен В.А.Ромадиннің [39] аудармасымен жарық көрді. В.А.Ромадин «Тарихи-Шахрохи» аудармасының толық мазмұнын салыстырмалы түрде қолжазба бойынша пайдалануды ұсынды. Бұл деректік еңбекте ХІХ ғасырдың ортасындағы қазақтардың Қоқан хандығымен қарым-қатынастарының саяси жақтары қамтылған.

Мырза Каландардың «Шах-намой Омархани» (Омарханның патшалық кітабы) қолжазбасында келтірілген тізімдердің бірі Душанбе қаласында сақталуда. (АН Тадж. ССР, инв N1083) Тізімнің дүниеге келуіне қоқандық ақын Фазли Наманганидің Омар хан тарихы туралы өлеңінде келтірілген қолжазба ықпал етуі мүмкін, яғни Мырза Каландардың шығармасы осы тарихи поэманың мазмұнымен үндеседі. Дегенмен оның ақиқатына жету үшін деректі мұқият әрі тиянақты зерттеу қажет.

Ташкенттегі Өзбекстан Республикасы Ғылым Академиясы Шығыстану институтында сақтаулы (ИВ АН УзССР инв N598) Абдугафардың «Зафар-наме-и Худияр хани» деген қолжазбасы да назар аудартады. Қолжазбадан Қоқан хандығының ішкі жағдайына, саяси құрылымына қатысты мәліметтер көрініс тапқан.

Ресей империясы сыртқы саясат мұрағаты қорларындағы құжаттардың [40] арасында Ұлы жүз қазақтарының Ресеймен қарым-қатынасы, «Ташкент істері» бойынша, казак атаманы Д.Телятниковтың қолжазбалары, сондай-ақ ХІХ ғасырдың 60-70 жылдарындағы Ресей мен Қоқан хандығы арасындағы қарым-қатынастар және Қазақстанның оңтүстік бөлігіндегі Қоқан хандығының әскери-саяси экспансиясы туралы мағлұматтары аса құнды.

Диссертацияда ХІХ ғасырдың аяғындағы және кеңестік кезеңдегі мерзімдік басылым материалдары құнды деректер ретінде пайдаланылды. Сондай басылымдарға «Военный сборник», «Туркестанский сборник», «Туркестанские ведомости», «Большевик Казахстана», «Общественные науки в Узбекистане» және басқа журналдарды жатқызуға болады. Әсіресе «Военный сборник», «Туркестанский сборник» журналдарының беттерінде жарияланған мақалалар Қоқан үкіметінің Оңтүстік Қазақстанды жаулап алу мәселелері, патша үкіметінің осы өңірге ұмтылу саясаты, мал шаруашылығындағы түбірлі өзгерістер туралы мәліметтер береді.

«Қазақ-қоқан қарым-қатынасындағы тарихи-географиялық және шаруашылық байланыстар» деп аталатын екінші тарау бес бөлімнен тұрады.

Ұлы жүз қазақтары мен Ташкенттің арасындағы тарихи-дәстүрлі, шаруашылық және географиялық факторларды обьективтік негіз ретінде ала отырып, ұзақ уақыт бойы бір-бірімен көршілес жатқан екі елдің тарихи өзара қарым-қатынасына талдау жасалды. Сонымен қатар XVIII ғасырдың 30-жылдарында Қазақ елінің Ресей құрамына қосылу процесіне назар аударып, патша өкіметі Қазақ жері арқылы Орта Азия территориясына ілгерілеп жылжуды, Қытай, Үнді, Парсы және бұрыннан Ресей империясының геостратегиялық аймағына кіретін басқа да Азия мемлекеттерімен сауда-қатынас жолдарына саяси-әкімшілік бақылауды күшейтуге ұмтылған әрекетіне сипаттама берілген. Орынбор-Ресейдің Орта Азия хандықтарымен байланысының негізгі қақпасына айналып, ондағы орыстардың жергілікті әкімшілігі Орта Азияда болып жатқан оқиғаларды қатаң бақылап отырғаны жөнінде деректер келтірілген.

XVII ғасырдың екінші жартысы мен XVIII ғасырдың бірінші ширегінде бірнеше өзара байланысты экзогенді (жоңғар шапқыншылығы, Қоқан және Хиуа феодалдарымен қақтығыс) және этногенді (феодалдық-рулық қырқыстар т.б.) факторлардың әсерінен қазақ қоғамының дамуында дағдарысты құбылыстар белең алды. Өз кезегінде осы жағдайдың айқын көрінісі қазақ халқының басына түскен ең ауыр зардап «Ақтабан шұбырынды» кезінде қазақтардың дәстүрлі қыстаулары мен отырықшы-егіншілік жерлерінен интенсивті түрде көшуі байқалды, ақыр соңында бұл қазақ қоғамының егіншілік және қалалық мәдениетінің құлдырауына әкеліп соққанына сараптама жасалады.

XVIII ғасырдың соңынан бастап Қоқан феодалдары қазақтарды өздерінің қол астына қаратуға, олардың жерлеріне бекіністер салып, қазақ даласына әскери жасақтар жіберіп, халықтан алым-салық жинауды жүзеге асыруға барынша ұмтылыс жасағаны жөнінде деректер келтіру арқылы жан-жақты аша түседі.

XVIII-XIX ғасырдың басында қазақтың кең даласында, Арал маңы мен Үстіртте, Қазақстанның тау маңы мен таулы аймақтарында, Ташкент пен Хорезм жазираларында қазақтар көрші Орталық Азияның басқа да халықтарымен тығыз, экономикалық байланыс жасап, олармен еңбек тәжірибесі және шаруашылық өмірдің жетістіктерін алмастырып пайдаланғанын көрсетеді.

Отырықшы халықтың суармалы егіншілігінің жергілікті жағдайы мен өмір салтына бейімделуі және малшылардың көшпелі жүйесі өз кезегінде европалықтарды таң қалдырды. Мысалы, Ташкентті жаулағаннан кейін генерал Черняев жергілікті тұрғындардың шаруашылық өмірімен таныса келіп, 1865 жылғы 23 сәуірдегі өзінің мәлімдемесінде былай деген: «Біздің тарапымыздан елге егін шаруашылығына байланысты көмек керек емес сияқты, себебі мұнда егін шаруашылығы мен мал шаруашылығы жоғарғы сатыда дамыған» [41, с.32]. Өзбек және қазақ халқының бір-бірімен шаруашылық тәжірибелерімен алмасуы сол заман үшін лайықты шаруашылық типтерін жасап шығарғанын дәлелдейді.

XVIII ғасырдың екінші жартысынан бастап қоғамдық құрылысқа, көшпелі қоғамның эволюциясы мен трансформациясына маңызды өзгерістер әкелген бірқатар саяси және экономикалық себептердің әсерінен бүкіл Қазақстан территориясында егіншілік мәдениетінің көтерілуі байқалады. Бұл жағдай ескі суландыру құрылыстарының жөнделуінен, жаңа ірі құрылыстардың салынуынан, суармалы жердің көлемінің ұлғаюынан, тұрғындардың көп бөлігінің тұрақты түрде егіншілікпен айналысуға ауысуы еңбекте көрініс табады.

Сондай-ақ бұл кезде Орталық Азияның отырықшы халықтары қолдан суарылатын егін шаруашылығын жүргізді. Ал өзбек, түрікмен, қырғыз және Қазақстанның Оңтүстігіндегі қазақтар жартылай отырықшы болды. Олар суармалы және суармалы емес егін шаруашылығын, мал шаруашылығын жүргізудің қыр-сырымен бөлісті.

Өзбек халқы қазақтардың шаруашылық өміріне елеулі ықпал жасады. Осының арқасында қазақтардың кейбір топтары егін шаруашылығына, отырықшылыққа көшті [42, с.62].

Қазақ малшыларының егін шаруашылығына көшуіне Қоқан хандығы тұсындағы өзбек егіншілерімен тығыз байланыс та әсер етті. Қазақ еңбекшілері өзбектермен жер өңдеуді және көрші бола отырып, олардан ирригация жұмысын атқаруды үйренді, еңбек құралдарын жетілдірді, тұқымды сақтау әдістері және т.б. егіншіге керекті білімдерін толықтырып отырды.

Көшпелі қазақ елі мен Орта Азия халықтарының арасындағы өзара сауда байланыстарын зерттеудің маңызы ғылыми қызығушылық туғызумен қатар бірқатар жаңалықтардың ашылуына да әкелуі мүмкін. ХІХ ғасырдың бірінші жартысында қазақ даласында сауданың үш түрі – айырбас сауда, жәрмеңке және тұрақты сауда орындары болды. Сауданың бұл түрлерінің өзі де шаруашылық типіне сәйкес дамыды. Орта Азия саудагерлері өздерінің тауарларын ұсақ және ірі мүйізді малға айырбастаған. Мысалы, жыл сайын айырбастаған малдан Ташкентке 200 мың, Қоқанға 100 мыңға жуық, ал Бұқараға 100 мыңға дейін қой айдап отырған.

Кейінірек Оңтүстік Қазақстан территориясында егіншілік дамып, бұл аймақтан алынған астық Ферғана аңғарына жіберіліп отырды. Жаздың базарлы күндері Қоқан базарларына 80-нен 100 арбаға дейін астық түсетін. Мұрағат мәліметтері бойынша XIX ғасырдың 60 жылдарының аяғында Верный қаласынан Қоқанға күн сайын 250-ден 400 мыңға дейін күміс ямбылар (құймалар) әкелінген екен.

Қазақтардың Орта Азия хандықтарымен сауда-саттық қорытындысы бойынша Ташкент қаласы үлкен маңызға айналды. Қазақ далаларының Орта Азиямен аралығында орналасқан қала үлкен, әрі ерекше сауда орталығы ретінде көрсетілген. Онда тек қана көрші қазақ далалары мен хандықтарынан ғана емес, сонымен қатар алыс мемлекеттер Қытайдан, Индиядан, Ираннан тауарлар әкелінді. Ташкент арқылы ыңғайлы керуен жолдары Орта Азиядан Ресейге, Сібірге, Қытайға өтіп жатты. Қаланың Ресейге қосылуы қарсаңында (XIX ғасырдың 60 жылдардың басында) Ташкент базарында 4548 сауда қатары 16 керуен-сарай, бірнеше қонақ үйлер болған екен.

А.И.Тетеревников көрсеткендей, сол уақытта Ташкентте 400-дей көпес қазақтармен сауда жасасты. Сондай-ақ Орталық Азия көпестері мен қазақтар арасында айырбас оңай шешілетін. Қазақтар азиаттарды жақсы білді. Сонымен қатар, олар азиат саудагерлерімен сауда жасап үйренген. Ал өзбектер мал өсірумен сауда қатынасында өз өнімдерін Ташкентке жеткізіп, ұсақ-түйекті заттарға айырбастайды немесе қазақтарға малға айырбастайды. Арал маңы, Ташкент және қоқандықтар жаулап алған Оңтүстік Қазақстан қалаларының (Түркістан, Шымкент, Әулие-ата, Сайрам т.б.) қазақ тұрғындары хиуалық қалалардың базарларында сауда айырбастарына қатысып отырды. Өзінің Шымкент және Түркістан базарларына берген сипаттамасында А.К.Гейнс қазақтардың сатушы және тұтынушы ретіндегі маңызды рөлін және қазақтардың айырбаста сауданы ақшаға жүргізгендігін көрсетеді [43, с.517].

Қоқан хандығындағы салық жүйесінің шаруашылыққа әсерін мұрағат құжаттарымен талданды. Көшпелі халықтан алынатын алым бектер белгіленген бір уақытта, әдетте қазан, қараша және желтоқсан айларында жиналды. Тек ерекше жағдайда, салық жинаудағы қиындықтар негізінде ғана жеңілдік мерзімдері берілетін. Ол 1 қаңтардан - 1 наурыз аралығында беріліп отырды [44, 118 п].

ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Қоқан хандығындағы негізгі қалалар округтармен қоса жыл сайын қазынаға 29166900 сом кіріс әкелді. Түркістан, Шымкент, Ташкент және басқа да аудандардың жеке бөлініп шығуынан Қоқан хандығының территориясы тарылып, қазынаға салық салудан түсетін табыстар азайтылды. Сондықтан хандар жаңадан қосымша алым-салықтар енгізді.

Хан қазынасын үнемі толтырып отыратын қайнар бұлақ – халықтан алым-салық болды.

Мемлекеттік салықтар, яғни шариғат бойынша негізгі салықтар мыналар: а) зекет-капиталдың 1/40 бөлігі мөлшеріндегі сауда салығы; б) танап (жер бірлігі танап деген сөзден шыққан, десятинаның 1/6 бөлігін құрайды), бау-бақшалар мен плантациялардан алынатын салық; в) харадж егіннің 1/5 бөлігін алудың орнына, олар хараджға ¼ және 1/3 бөлігін алып отырды. Жалпы мұсылман құқығы әрбір дінге сенушіге қайырымдылық іс үшін мемлекет пайдасына зекет деген атпен өз мүлкінің 1/40 бөлігін беруді міндеттейд.

Малды ауылдардан зекет келесі мөлшерде алынды: әр 100 қойға – 1/40 бөлік, мүйізді ірі қараға – 1/30 бөлік, жылқы – 1/40, 5 түйеге – 1 қой алынды.

Мәли-хан (1858-1862) өз басқаруының бастапқы кезеңінде іскерлігімен, әділдігімен көзге түсті. Ол салықтың біраз түрін жойды, кейбіреуін жеңілдетті. Мәселен, некехана салығы. Бұрын қыз үшін бір алтын, жесір үшін жарты алтын теңге төленетін еді. Екіншісі – тархана салығы. Бұрын өлген кісінің мүлкінің қырықтан бірі қазынаға түсетін. Үшіншісі – тараздар. Таразыны әдетте үкімет ұстайтын. Сондықтан өлшенген бір батпан астық үшін 1 теңгенің төрттен бірі алынатын. Бұның бәрі түп-тұқиянымен жойылды. Төртінші салық түрі – харадж, яғни жер салығы жеңілдетілді. Бұдан суармалы жерден алынған 5 пұт астықтан бір пұт салық алынатын. Қазір ол 10 пұттан алынатын болды. Бұрын тәлімі жерден өндірілген 10 пұт астықтан бір пұты алынушы еді. Енді ол атымен жойылды.

Ш.Уәлихановтың мәліметінше [45, 52-53 бб] зекет қой басына салынады. 40-тан – 1, түндік зекет – түтін басына салынады, бір үйден бір қой. Харажастық зекет, әр дестеден (қырман) 3 қой салық, қол-пұл-әскер қаражаты, әр үйден бір тіллә (3 қой).

Шариғатқа негізделген салық жүйесі хандық дәуірде қалыптасқан. Ел билеген хандар бұл жүйені: өздеріне қарасты қоқандықтарды, әсіресе өзбек пен қырғыз тұрғындарын, жаулап алған көршілерін, сонымен бірге қазақтарды қанау мақсатында енгізген. Бұл халық жағдайының әлеуметтік құлдырауынан байқалады, қазақтар ұлттық езгіге ұшырады. Басқа да шығыстың деспотиялық мемлекеттері сияқты Қоқан хандығында да саяси билік ханның жыл сайын табысының белгілі бір бөлігін жөнелтіп, өз атынан тарту-таралғы жіберіп отырған [45, 50 б]. Мемлекеттік биліктің күшті болуы сондай, бұл қарамағындағыларға шамадан тыс және шексіз болып көрінеді. Салық еңбек және әскери міндеттерді атқаратын адамдардан да алынды. Бұл тәртіп емес, өйткені салықты барлығы төлеу керек, ал салықты төлеуден жоғарғы ақсүйектер тобы, діни феодалдар және кейбір мұсылмандық орындар босатылды. Феодалдар тобы мемлекеттің тікелей салығы арқылы шаруалардан қосымша өнім алып отырды.

Хандық салық салу жүйесінің өзі нақтылық пен бақылауды шегеріп тастаған. Біріншіден, Қоқан хандығында (Бұхар хандығында) [46, с. 4] мемлекеттік қазына жеке хан қазынасынан бөлінбеген, кіріс пен шығыс мемлекеттің пайдасына шешілді. Салық көлемі құқықтық нормалармен емес, хан қажеттілігіне байланысты анықталды. Екіншіден, қажетіліктің осы қарқыны кіріп кетеді: бектер өз қажеттіліктерінен шықты, сарқарлар (азаматтық істерді басқаратындар) өзінікінен т.с.с. Пайда табу жұмыстарында, салық жинауда билеушілердің қанауы мен қатігездігі көрінді.

Қоқан зекетшілері қамалдан алыс аудандарға бір топ қарулы жасағымен ақ жалау ұстап барған. Олар қазақ ауылдарында отаршылдық өктемдікпен халықты тонаған: малдарын табынымен айдап кетіп, мүліктерін алуымен бірге, қазақ әйелдерін, қыздарын және балаларын қолға түсіріп, оларды Қоқанның әскери басшыларының құлына айналдырған. Сөйтіп мұндай зекетші отрядтың жорығы жаудың шабуыл жасауымен бірдей болды. Сондықтан қазақта «Әзрейіл барда – жаным бар деме, Ақ жалау барда - малым бар деме» деген мақалдың шығуы кездейсоқ нәрсе емес еді.

«Қазақтардың тәуелсіздік үшін күресі және Қоқан билеушілерінің ұстанымы» атты үшінші тарау екі бөлімнен құралған. Аталған тарауда Саржан сұлтан көтерілісі және оған Ташкент бектерінің қатынасы қарастырылып, Ресей мен Қоқан хандығының саяси арақатынасы және ХІХ ғасырдың 40-50-жылдарындағы көтеріліске сипаттама беріледі.

1824 жылы әуелі Көкшетау мен Қарқаралы дуандарының орнауына қарсы өздігінен бас көтерген халық бұқарасын Қасымның үлкен ұлы Саржан сұлтан басқарды Көтерілісшілер санының көбеюі Қарқаралы дуанына ұлықтардың Омбыдан дереу қарулы жасақ шығаруына мәжбүр етті. Осыған байланысты қазақтардың хандығы жойылғаннан кейін, Абылай хан әулетінің ұрпақтары 1822 жылы айырылып қалған өздерінің билігін агрессиялық Қоқан хандығының көмегімен қайта қалпына келтіруге тырысады [47, с.32].

Саржан мен Ташкент құсбегі Ресей қол астындағы қазақтарды Қоқан территориясына зорлықпен өткізу үшін, орыстарды мұсылман дүниесінің дұшпаны деп те жариялады. Соларды қайтару үшін Ақмола приказы жанындағы әскери отрядтың бастығы, полковник Шубинге Қарқаралы округіне көмектесу тапсырылды. Бірнеше әскер жасақталып жіберілгенімен, олар ештеңесіз оралды. Жай жүрмеген бұл әскерлер бейбіт ауылдарға шабуыл жасап, қазақтарды одан әрі ызаландыра түсті. Тек Карбышевтің экспедициясы кезінде-ақ жергілікті қазақтардан 100 қой, 36 ат, 10 сиыр т.б. тартып алынды.

1832 жылы наурыздың басында Сұлтан Саржан Батыс Сібірдегі патша әкімшілігіне қарсы күресін күшейте түсті. Ол наурызда Сұлукөл елді мекенінен шығып, 400 адамдық әскерімен Қарқаралы округіндегі Ресейге «адал қызмет етуші» сұлтандар мен билер ауылдарына шабуыл жасап, 1600 жылқысын, көптеген дүниесін тонап әкетеді. Осы шабуыл туралы хабар дереу Омбыға жеткізілді. Саржанның соңынан түсуге жіберілген жүзбасы Потаниннің әскерімен Сұлукөл маңында қатты шайқас болды. Зеңбіректері бар Потанин әскерінің екпініне шыдамай, Саржан әскері шегіне бастады. Жүзбасы Потанин Саржанның туысы Қасым Жасыбековты және төрт қазақты тұтқындап, 13 мылтық, 112 атты және басқа да нәрселерді қолға түсірді.

Осы сәтсіздіктен кейін Саржан патша өкіметіне қарсы бірігіп күрес жүргізу үшін құрамында 20 адамы бар делегациямен Қоқан Құсбегімен одақ құру үшін Ташкентке жол жүріп, онда 10 күндей болып, жергілікті ханға сыйлық ретінде 80 жылқыны тарту еткен. Осы жағдайға байланысты барон У-р былай деп жазды: «Ташкент құсбегіне Саржан өзінің әкесі және бауырларымен бірге барды және бұлар өте жақсы қарсы алынды» [48, с. 205].

Бұл кезде Сарыарқаның ортасындағы барлық рулар көтерілісшілер қатарын толықтырды. Осы аймақтағы қазақ күштерін біріктіріп Саржан Ұлы жүз қазақтарының және Сыр бойындағы даланың бытыраңқы күштерін патша отаршылдарына қарсы күреске біріктіруге тырысты. Ол Ташкент күшбегінің қол астындағы қазақтарды да өз жағына тартқысы келді. Бірақ бұл Ұлы жүз қазақтарын бағындыруға Саржанды пайдаланғысы келген күшбегінің мүддесіне сай емес еді.

Осы кезде туған келіспеушіліктің нәтижесінде Ташкенттіктер 1836 жылдың жазында Саржан оның інілері Ержан мен Есенгелді және үлкен ұлы Әлжанды айуандықпен өлтірді.

Патша өкіметі Саржан Қасымовтың өліміне үлкен мән берді. Онымен бірге болған қазақтардың өлімі қазақ-қоқан қатынасында терең сызат қалдырып, ұлт-азаттық күрестің одан әрі өрістеуіне әсерін тигізді. Қоқан билеушілерінің екі жүзділігі мен зұлымдығы, көтеріліс басшысын торға түсіріп, өмірін жоюы, ақырында қарсылықтың қоқандық билікке бағыт алуына әкелді. Әсіресе бұл Кенесары Қасымовтың Ташкент билеушісіне кектенуінен көрініс табады.

Қоқандықтар Сырдария бойына Жаңақорған, Жөлек, Күмісқорған, Шымқорған, Қосқорған және басқа да бекіністер салды. 1817 жылы Сырдың сол жағында Ақмешіттің құрылысын бастап, келесі жылы оны дарияның оң жағасына көшірді. Хиуа шенеуніктері сияқты Қоқан бектері де Сырдариялық қазақтарды өздерінің шапқыншылықтарына қатысуға мәжбүрледі.

1840 жылдың шамасында Түркістан маңын көптеп қоныстанып жүрген тама руының басшысы Құрбан бидің жалғыз баласын салық төлемегені үшін қоқандық бектер азаптап өлтірді. Олар атақты Сарман биді де өлтірді. Қартайған шағында жалғызынан айырылған Құрбан би үш жүздің батырларына хабар жіберді. Осындай қиыншылық туған кезде Кенесары да Жанқожадан көмек сұрап үш жүздің басын қосып, Қоқан хандығының отаршылдығына қарсы соғысу үшін Созаққа келуін өтінеді. Бұл шақыруды Жанқожа құба-құп қабылдайды. Созақ алынғаннан кейін Орта жүз бен Кіші жүздің ханы болып Кенесары сайланады.

Сөйтіп, Созақ ауданы уақытша Қоқан билігінен босанды. 1845 жылы Орынбор шекаралық комиссиясының басшысы Ладыжинский Жанқожа мен Кенесары арасындағы отбасылық келіспеушіліктің өткен қыста (1844 жыл) күшейгенін назарға ала отырып, «бұл би қазіргі уақытта Сырдария жақтан Кенесары шабуылдарына қарсылық көрсетуде сенімді тірек бола алады» деп жазды [49, 85 п].

1847 жылы 4 маусымдағы қатынаспен Жанқожа Нұрмұхаммедұлы Сырдың оң жағалауындағы Қарақұм, Борсық қазақтарының және Райым бекінісіне дейінгі аралықтағы көшпенділердің басшысы етіп сайланды.

1851 жылы көктемде генерал Обручев аймақты басқаруда генерал-адъютант Перовскиймен ауыстырылды. 1851 жылы 29 мамырда Перовскийдің аймақты басқаруға келісуі, орыс үкіметінің Орта Азия бағытындағы саясатының қол жеткен нәтижесінің дәлелі болып табылады. Ішкі саясаттың негізі өзгеріссіз қалды, оның пікірінше, қазақтар бізге көшпелі халық ретінде керек, олардың отырықшылыққа көшуі Ресей үшін зиянды.

ХІХ ғасырдың 20-40 жж. Қазақстанның оңтүстігіне Орта Азия хандықтары өз ықпалын жүргізсе, кейін өңірге орыс отаршылдығы жетті. Алғашында орыс әскерлерін Орта Азия хандықтарына қарсы күресте өздерінің қорғаушысы ретінде сезінсе, кейін аймақта өзінің отаршылдық саясатын жүргізген орыс үкіметіне қарсы қазақ халқы қолына қару алып, қарсы шықты. ХІХ ғасырда хандық басқару жүйесінің жойылуынан кейінгі кезеңде қазақ даласында орыс отаршылдығының күшеюі өлкедегі жағдайды одан сайын шиеленістіре түсті. Қазақ даласында қанатын жайып, ішкерілей ене бастаған орыс билігіне мойынсұнбаған қазақ сұлтандары Орта Азия хандықтарының қолдауына арқа сүйеді. Патша үкіметі болса әртүрлі шен-шекпен мен сый-сияпат тарту етіп, ел игілерінің арасына араздық шоғын тастап, бір-біріне айдап салу арқылы, олардың бірігуіне жол бермеуге тырысты. Сонымен бірге орыс үкіметі оңтүстікті отарлауда, Сыр бойындағы халықтың Хиуа және Қоқан хандықтары ықпалында болғандығын өз мүдделеріне тиімді пайдалана білді. Ал керісінше орыс жаулап алушылығының өз шекараларына жақындауынан қауіптенген Орта Азия хандықтары, оған кедергі жасау мен тоқтату жолында оңтүстік өңір қазақтарын пайдалануға ұмтылды. Сөйтіп, Сыр бойындағы қазақтардың «орыстық» және «хиуалық, қоқандық» болып екіге бөлінуі, бірі Ресейдің, екіншісі Орта Азия хандықтарының билігін тануына итермеледі. Сонымен екі жақтан жасалынған жаулап алушылық қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілістерінің басталуына себеп болды. ХІХ ғасырдың 20-60 жылдарының аралығы Қазақстанда Ресей мен Орта Азия хандықтарына қарсы ұлт-азаттық көтерілістердің кең құлаш жайған кезеңі болып табылады.

Сыр бойындағы қазақтардың ұлт-азаттық күрестері қанша кең-құлаш жайғанмен, отаршылдарды Сырдың төменгі жағынан қуып шыға алмады. Солай болса да, олар отаршылдықты мойындамады. Осы көтерілістің басшысы болған Жанқожа Нұрмұхаммедұлы өзінің асқан батырлығымен, халқына деген сүйіспеншілігімен, адалдығымен, адамгершілік қасиеттерімен ел аузындағы аңызға айналып, оның есімі ұрпақтар жүрегінде мәңгі сақталып қалды.

Сырдария қазақтарының XІX ғасырдың 40-50 жылдар арасындағы Қоқан, Хиуа хандықтарына қарсы күресі отаршылдыққа қарсы ұлт-азаттық күрес болып табылады. Бірақ, қалыптасқан әскери күшке ие болған, Қоқан және Хиуа хандықтарының күштері басым еді. ХІХ ғасырдың 20-40 жж. Қазақстанның оңтүстігіне Орта Азия хандықтары өз ықпалын жүргізсе, кейін өңірге орыс отаршылдығы жетті. Алғашында орыс әскерлерін Орта Азия хандықтарына қарсы күресте өздерінің қорғаушысы ретінде сезінсе, кейін аймақта өзінің отаршылдық саясатын жүргізген орыс үкіметіне қарсы қазақ халқы қолына қару алып, қарсы шықты. ХІХ ғасырда хандық басқару жүйесінің жойылуынан кейінгі кезеңде қазақ даласында орыс отаршылдығының күшеюі өлкедегі жағдайды одан сайын шиеленістіре түсті. Қазақ даласында қанатын жайып, ішкерілей ене бастаған орыс билігіне мойынсұнбаған қазақ сұлтандары Орта Азия хандықтарының қолдауына арқа сүйеді. Патша үкіметі болса әртүрлі шен-шекпен мен сый-сияпат тарту етіп, ел игілерінің арасына араздық шоғын тастап, бір-біріне айдап салу арқылы, олардың бірігуіне жол бермеуге тырысты. Сонымен бірге орыс үкіметі оңтүстікті отарлауда, Сыр бойындағы халықтың Хиуа және Қоқан хандықтары ықпалында болғандығын өз мүдделеріне тиімді пайдалана білді. Ал керісінше орыс жаулап алушылығының өз шекараларына жақындауынан қауіптенген Орта Азия хандықтары, оған кедергі жасау мен тоқтату жолында оңтүстік өңір қазақтарын пайдалануға ұмтылды. Сөйтіп, Сыр бойындағы қазақтардың «орыстық» және «хиуалық, қоқандық» болып екіге бөлінуі, бірі Ресейдің, екіншісі Орта Азия хандықтарының билігін тануына итермеледі. Сонымен екі жақтан жасалынған жаулап алушылық қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілістерінің басталуына себеп болды. ХІХ ғасырдың 20-60 жылдарының аралығы Қазақстанда Ресей мен Орта Азия хандықтарына қарсы ұлт-азаттық көтерілістердің кең құлаш жайған кезеңі болып табылады.

Мұрағат деректерінің мәліметінше, XIX ғасырдың 20-шы жылдарында, Қоқан хандығының қарамағына 150 мың қазақ отбасы кірген.

Оңтүстік Қазақстанды мекендеген қазақ тайпалары қоқандық феодалдарға төтеп бере алмады. Қоқан хандығы өзіне Ташкентті бағындыра отырып, өздерінің алдағы болатын басқыншылық саясатын күшейту үшін қажетті стратегиялық базасын нығайтты. Ташкенттегі қоқан әскерлеріне қазақтар қарсы тұра алмай, қаланы олардың қолдарына беріп, одан кейінгі қазақ даласындағы қоқандықтардың шабуылына қарсы тұруға күштері қалмады. XIX ғасырдың басында экономикалық-сауда орталығы ретінде Ташкенттің маңызы зор болды. Осы қаланы басып алушылар қоршаған барлық аудандардың экономикалық өмірін өз бақылауына алды. Осындай қалалардың қатарына Шымкент пен Сайрамда кіреді. Қоқан армиясының ерекшелігі тек ұйымшылдық пен бір орталықтан басқару емес, сонымен бірге артиллериясының болуы қазақтарға кері әсерін тигізді [50, с.115].

Қазақ халқының өзінің тәуелсіздігі үшін күресі осымен аяқталмады. Бұл Әлім ханның інісі және мұрагері Омар хан (1809-1822) тұсында да жалғаса берді. Оның нәтижесі жоғарыдағы 1800-1809 жылғы оқиғаларды баяндаумен байланысты. Мәселені қорытындылай келе мынаны аңғаруға болады. Әлім хан жорықтарының негізгі себебі осы аймақтың экономикалық-саяси өмірінде маңызы зор Оңтүстік Қазақстанды отарлау үшін дайындық еді.

Омар хан тұсында Қоқан билігі тек Сырдария қазақтарына, Сайрам, Шымкентке ғана емес, сондай-ақ Түркістан мен Әулиеатаға да жүріп тұрған-ды. Омар хан өлген соң, Қоқан хандығына әулеттің ең кенжесі Мәделі (Мұхаммед әлі 1821-1842 жж.) отырып, ол 21 жыл елді басқарады, ол қоқанды Бұхар хандығы жаулағанша тақта отырды.

Шерәлі хан (1842-1845) басқаруындағы мемлекеттік істерді Қоқан әскери күштерінің бас қолбасшысы (мыңбасы) болған қыпшақ феодалдарының басшысы Мұсылманқұл жүргізді. Қоқан хандығында билік үшін өзбек, қазақ, қырғыз феодалдарының арасында үздіксіз күрес жүрді. Осы күресте Мұсылманқұл күрес кезінде өлтірілген Шади басшылығындағы өзбек феодалдарының әскерін талқандап, жеңіске жетті. Мұсылманқұл Қоқан гарнизонын қыпшақтардан құрды. Хандықта барлық маңызды қызметтерге ол қыпшақ феодалдарын тағайындап, барлық билікті қолына алды.

1852 жылдың наурыз, маусым және шілде айларында Қоқанда сарттар арасында қыпшақтардың бірін қалдырмай жою үшін қастандық ұйымдастырылды, бұған хан да қатысты. Бұл қастандық іске асырылды: Өтенбай мен оның жолын қуушылар өлім жазасына кесілді, (1852 жылғы қыркүйекте Шолақ қаласының әлсіреуінен кейін, Қоқанда басқару аппаратында уақытша өзгеріс болып, мыңбасы болып Өтенбайды тағайындады), хандықтағы белгілі қызметтерде сарттар болды. Ташкентте Нұрмұхамед орнын Құдиярдың ағасы Мәллі бек алды. Ташкентті қамап, ала алмай, сәтсіздікке ұшырауы Мұсылманқұлдың жеңілуіне әкеп соқты.

Осылай қыпшақтар ықпалынан құтылып, Құдияр мемлекетті өзі басқаруға көшті. Барлық облыстар ханның бауырларының меншігіне берілді. Мәлібек Ташкенттің хакімі, Сопыбек Әндіжанның, Сұлтан-Мұратбек Марғұланның әкімі болып тағайындалды. Қалған қалалар оның жақсы көретін жандарына, негізінен, жас жігіттерге берілді. Мыңбасы дәрежесіне Ташкент қожаларынан шыққан Шадыман-Орақ жоғарылатылды.

Мұсылманқұл өлген соң екі жылдан кейін Құдияр ханның туған ағасы Мәли хан Ташкент бектігінен алынғандығына наразы болады. Сондықтан ол Құдияр ханға қарсы оппозицияға қатысады. 1858 жылы Саманаги түбінде Құдияр хан мен Мәлли хан әскерлері арасында ірі қақтығыс болып, Құдияр күші талқандалады да, ол Бұхараға Насырулла әмірге қашады. Содан соң Жизаққа келіп саудамен, қаракешілікпен (яғни, түйе сату) айналысады [51, с.74]. Билік қырғыз және қыпшақ билеушілері хан деп жариялаған Мәли ханға (1858-1862) көшеді. Мәли хан өз басқаруының бастапқы кезеңінде іскерлігімен, әділдігімен көзге түсті. Құдиярға берешек қарызы өтелді, қазынаға заңсыз түсірілген көптеген бұйымдар иесіне қайтарылды.

Құдияр ханның қуғын-сүргінінен қазақтар мен қыпшақтар бірігіп, екі партияның ешқайсысына да кірмеді. Құдиярдың Қоқанға кіруі және Шамрадтың хандықты ағасына бергендігі туралы өсек-аяңдар шын болып шықпады. Бірақ та Құдиярдың Қанатпен келісіп, ташкенттіктер мен көшпелі халықтан барлығы 10000 адамға жететін әскер жинап, Қоқанға қарсы шабуылы туралы ниеті көп айтылды.

Уақытша ел басқарушылыққа Әлімқұл тағайындалады. Ташкент билеушілерін қолдаушы Құдияр хан Шамұрат ханға қарсы жорыққа аттанады. Әндіжаннан шыққан Құдиярға қыпшақтар мен қырғыздардан көптеген жасақтар жинаған Әлімқұл қарсы беттейді. Құдияр күштерін Әлімқұл мен Шамұрад хан әскерлері талқандайды. Алайда Құдиярдың одақтасы бұхарлық әмір Музапар Қоқанды басып алады. Бұхар әскерлері кетісімен Әлімқұл тауға қашуға мәжбүр болады. Әмір Қоқан хандығының Бұхараға қосылғандығын жариялап, Ташкентті Құдиярға береді.

Бірақ күрес мұнымен тоқтамайды. Бұхарлық әскерлер Самарқандқа кеткен кезде Әлімқұл қайта Қоқанға оралып 1863 жылы шілдеде Мәли ханның кәмелетке толмаған баласы Сұлтан Сеидті Марғұланның ханы етіп сайлап, Әлімқұл билікті толығымен өз қолына алып, «Әмірлердің әмірі» атала бастады.

Қорыта келгенде, Қоқан хандығының саяси өмірі тұрақсыздығымен ерекшеленеді. Феодалдық топтардың билік үшін толассыз күресі ұлттық қақтығыстарды шиеліністіріп, сарай маңындағылар мен армияның ықпалы саяси өмірде хандықтың бірлігінің жоқтығын айқындайды. Бек лауазымын алған Ташкент билеушілері хан тарапынан тікелей тағайындалып, орталық және жергілікті басқаруда маңызды рол атқарады.

«Қазақ-қоқан қатынасындағы саяси байланыстар және оған Ресейдің араласуы» атты төртінші тарау да екі бөлімнен тұрады. Бұл тарауда Ресейдің Сыр бойын жаулап алуы және оның Қазақ-қоқан қатынасына ықпалы және патшалық Ресейдің Жетісу бойымен Оңтүстік Қазақстанды басып алуы баяндалады.

XІX ғасырдың басында қоқандардың Сырдың төменгі ағысында ешқандай отырықшы нүктелері және осында көшіп-қонған қазақтарға ықпалы болмады, бірақ 1814 жылы Түркістан қаласын басып алғаннан кейін үстемдігін одан сайын кеңейтіп, ордалықтардың ісіне араласа бастап, олардан зекетті талап етті. Қоқандықтар қазақтарға өздерінің ықпалын нығайту мақсатымен Сыр өзеніндегі пункттер салуды шешті, нәтижесінде бірнеше қоқан бекіністері пайда болды: Жаңақорған, Жөлек, Ақмешіт, Күмісқорған, Шымқорған, Қосқорған т.б. Бұл бекіністердің негізгі орталығы Ақмешіт болды. Ақмешіт қазақтардың айтуы бойынша, 1817 жылы Сырдың сол жағалауында, кейін оң жағалауына көшірілді. Бекініс екі қорғанмен қоршалды. Сыртқы қорғанның аумағы 12 шақырымға созылып жатты, биіктігі 7 аршын, 3 қақпасы болған. Сонымен сыртқы қорған тереңдігі 7 футтық, екі сажын суға толған ормен қоршалды. Ішкі қорған төртбұрышты етіп салынған, аумағы 1 шақырым, биіктігі 12 аршын, бір қақпасы болды. Бларамберг бекіністің Ақмешіт деп аталуы бекініс ішіндегі мешітке байланысты деп жазады [52, 231-232 пп.].

Ақмешіт бекінісінің ішінде 450-ге жуық қазақ үйлері болған. Бекіністе үш жүздің қазақтары тұрды, негізгі бөлігі жаппас, алтын бағаналы, табын керей руынан еді. Ішкі қорғанда 50-ге жуық саздан соғылған үйлер болған, оларда Ақмешіт бегі және 150-ге жуық түркімендер мен сарттар тұрған. Қоқан бекіністері шебін Сыр өзенінің төменгі бөлігін 1853 жылға дейін Ташкент билеушісіне тәуелді болған Ақмешіт бегі басқарған Қоқан облысының шекарасы құрады, бірақ Ташкент пен Қоқан арасындағы келіспеушілікті пайдаланған Ақмешіт бегі көбінесе елді дербес басқарды. Қоқандықтар бекініс салумен өзінің мақсатына жетті. Сыр бойын қыстауға келген қазақтар оларға тәуелді болып, зекет төлеуге мәжбүр болды.

1853 жылдың көктемінде Перовскийдің Ақмешітке жорығы өте құпия жағдайда әзірлене бастады. Полковник Бларамбергтің Ақмешітке жасалған сәтсіз жорығынан кейін, В.А.Перовский келесі жорықтарға қатысатын әскер санын өсіріп, Сырдария өзенінің бойында бекініс салуды жоспарлайды. Бекіністер салуда Сыр өзенінің табиғи жағдайы мен қорғаныс күші негізгі есепке алынады. Сөйтіп Қазалы аңғарында № 1 форт, Қармақшыда № 2 форт, Күмісқорған бекінісінің орнына № 3 форт салынады.

Бұдан кейін Ақмешіт жорығына Арал флотинасынан Бутаков басқарған «Перовский» кемесі және «Обручев» баркасы қатыстырылды.

Қоқандықтар Ресей империясының қол астына өткен Ақмешіт бекінісін қайтарып алу үшін күштерін сала күреседі. Қоқан хандығының бас қолбасшысы Жақып бек 12 мың әскері мен Ақмешітті қоршап алады. 1055 адам мен қоршалған гарнизон оларға қарсы шабуыл жасады, нәтижесінде Жақып бек талқандалып, қашуға мәжбүр болды. 1853 жылы тамызда Ташкенттен Шадман Қожа бастаған 7000 қоқан әскері шығады. Перовск фортынан оларға тойтарыс беру үшін әскери старшина Бородиннің басшылығымен 3 зеңбірек, 275 адаммен отряд жіберіледі. Перовскіден 28 шақырымдағы Кұмсуат аңғарында 11 сағат бойы ұрысады. Осы соғыста орыс отряды жағынан 5 адам өліп, 21 адам жараланды, ал қоқандықтардан 192 адам өліп, 96 түйемен көптеген жараланғандарды алып кетеді. Бұл жеңілістен кейін Құдияр хан Ақмешітті қайтарып алуға әрекеттенбейді. Сөйтіп, Ақмешіт бекінісіне бекініп алған патша үкіметі Қоқан иеліктерінің ішкі енуін тоқтатты. Сырдарияны орыстардың алғашқы алуы сияқты, Ақмешітті алу Орта Азия тарихы үшін шешуші мағынаға ие, ал әскер тарихында ол Орта Азияда қолайсыз тактика үлгісі болып қана табылады.

Осы уақытта Ресей Европалық державалармен «Шығыс мәселесі» деп аталған дипломатиялық күреспен айналысып жатқан-ды. Европалық державалармен «Шығыс мәселесі» бойынша қайшылықтардың шиеленісуі 1853-56 жылдардағы соғысқа әкелді.

1861 жылы Орынбор губернаторы қызметін уақытша атқарған генерал А.П.Безак Катениннің саяси бағытын жалғастырып, әскери министр Милютинді Орта Азия хандықтарына қатысты әскери шараны қолдау қажеттігіне сендірді. А.П.Безак Сырдария өзені бойымен Ресей шекарасын құрудағы өзінің ұсынысын дәлелдеп, әскери қимылдардың Орынбор мен Сібір линиясын тез арада қосуға бағытталуын айтты. А.П.Безак тек Түркістанды басып алумен шектелмей, Орынбор мен Сібір линиясын қосатын жер Ташкентті де басып алуды ұсынады. Бұл тапсырмаларды жүзеге асыруды ол Ресей үшін бірнеше пайдамен байланыстырды .

Ресейдің Оңтүстік Қазақстандағы экспансиясы және де Ақмешітті, Түркістанды, Әулие-Атаны, Шымкентті қорғаушыларды талқандауы ерекше қатыгезділікпен жүргізілді.

Шымкент алынғаннан кейін орыс үкіметінде Орта Азияға қатысты әскери және саяси шаралар бойынша қарама-қайшылық күшейді. Континенттегі халықаралық жағдайдың шиелінісуін ескеріп, А.М.Горчаков Орталық Шығыстағы Ресейдің бірдей саяси бағытын жүргізу қажеттігіне сенді. 1864 жылы қарашада Сыртқы істер министрлікпен бірігіп патшаға ортаазиялық аймақтағы қимылдардың нақты бағдарламасы көрсетілген, арнайы баяндаманы дайындады.

Орталық Азиядағы орыс үкіметінің экспансиялық саясатын ақтап, екі министрлік те оның сипатын Ресейге бағынышты территориядағы көшпенділердің шапқыншылықтарынан елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған «қорғаныс» бағытында көрсетті. Сол уақыттағы баяндамада төмендегі жайт сенімді айтылған: басып алынған аймақта Ресей позициясын күшейту қажеттілігі, алдағы шапқыншылықтардан бас тарту, Орта Азиялық билеушілермен адал қатынасты сақтауға және оларға орыстар жағынан «ықпалдастықты» күшейту. 1864 жылғы 21 қарашада екі министрліктің жоспарын патша мақұлдап, Орта Азиялық мәселе бойынша үкіметтік бағдарлама маңызға ие болды. Алайда ақырында Орынбор мен Омбыда жергілікті әкімшілік органдар әскери топтар Петербург кабинетінің «үнсіз келісуімен бірнеше рет бұл бағдарламадан бас тартып отырды».

Ташкенттің болашақтағы құқықтық мәртебесі жөнінде көпке созылмаған пікір сайыстардан кейін 1866 жылы жазда ІІ Александр оны Ресей құрамына қосу туралы ереже шығарды. Бір жылдан соң 1867 жылы шілде айында қайта құрылған Жетісу мен Сырдария облыстары кірген орталығы Ташкент қаласы болған Түркістан генерал-губернаторлығын құру туралы заң жариялайды.

Оңтүстік Қазақстанда Ресейдің мемлекеттік әкімшілік жүйесінің тарауы мен оны үлкен этникалық империя құрамына қосуға дайындалды. Содан бері Қазақстан Ресейдің отарлық шебіне айналды.

Диссертацияның қорытындысында зерттеудің негізгі нәтижелері көрсетілген. Қазақ елі егемендігін алып, көк байрағын желбіреткен 1991 жылдан бергі уақыт ішінде халық көші ілгері жылжып, ел жаңа қоғамдық даму жолына түсті. Сана-сезім, ой-өріс, дүниетаным өзгерді, өмірдің болмыс-бітіміне жаңаша қарай бастады. Өмір сүру салты, құндылықтар өзгерді, Кеңес дәуірінде жойылып кете жаздаған ұлттық салт-дәстүр қайта оралды, өткенге жаңа көзқараспен қарау, сын тұрғысынан талдау, жаңаша көзқараспен ойлау, Кеңестік дәуірде берілген баға, пікір, тұжырымдарға уақыт пен заман билігінен әділ де, нақты ой түю қалыптасты. Бұл үрдіс тарихты, қазақ тарихын да айналып өткен жоқ.

Еліміз егемендігін жариялап, әлемдегі өзге елдермен терезесі тең екендіктерін танытқан күннен бері ғана қазақ халқының мыңжылдық тарихын жаңаша саралауға жол ашылды.

Кеңес үкіметі шын мәнінде отаршыл Ресейдің жалғасы, соның саясатын жалғастырушы болды. Әміршіл-әкімшіл жүйе өз саясатын жүргізу үшін тарихы өз қалауынша, өз білгенінше бұрмалады. Тарихи шындық өзгеріске түсті, жасаған кейбір келеңсіз істерін олар мүлде тарих бетіне түсірмей, тарихи айналымға енгізілмеді. Өздеріне тиімсіз болса Одақ құрамына енген ұлттар тарихындағы кей тұстарды, кезеңдерді, елдің елдігін, ұлттың ұлттығын танытатын оқиғаларды әдейі ұмыт қалдырды, мән бермеді. Одақ ыдырап, қазақ елі егемендік алған тұстан бастап шындық та қалпына келе бастады. Өйткені, тарихшылар мен зерттеушілер, ғалымдар ел тарихының бұрмаланған, өзгерген, жойылған, ұмыт қалдырылған, жазылмаған тұстарын нақты дәлелдермен ашық көрсетуді, шындықты қалпына келтіруді мақсат етіп, көптеген еңбектер, зерттеулер өмірге келді.

Қазақтардың шаруашылығы толығымен мал шаруашылығының егіншілікпен, аңшылықпен, қолөнермен қатар жүруімен ерекшеленіп, Қоқан хандығының жалпы экономикасының маңызды бөлігін құрады. Мал шаруашылығын кәсіп еткен қазақ халқының егіншілікпен айналысқан өзбек халқымен қарым-қатынасы достық қатынастардың пайда болуына әкеп соқты. Кей деректерде отырықшы аймақтарға көшпелілердің басқыншылық пен тонаушылық шапқыншылықтары және де олардың қарым-қатынас тарихы шаруашылық регреске әкелгендігіне баса назар аударылды. Сонымен қатар қазақ-өзбек қарым-қатынасының жетістіктері ескерілмеді.

Қоқан хандығындағы халықтардың қарым-қатынас тарихы: біріншіден, шаруашылықты жүргізу тәсілдерінің қарама-қарсы көшпелілік пен отырықшылыққа бөлінуіне мүмкіндіктері жоқтығын көрсетеді. Малшылар қай кезде де болмасын егіншілікпен байланыста болды, ал отырықшы халық малдарын жекелеген қоныстардағы жайылымдарға бағыттайтын.

Екіншіден, отырықшы өзбектер мен көшпелі қазақ халықтары сауда-саттық жөнінен тығыз байланыста болды. Біреулері ет пен мал өнімдерін, екіншілері жер өнімдеріне айырбастап отырды.

ХІХ ғасырдың 50-жылдарына дейінгі аралықта Ресей империясы Қоқан хандығымен сауда-саттық, экономикалық байланысты болса, 50-60 жылдардан кейін Ресей-Қоқан қатынасы әскери-саяси факторларға аяқ басады.

1864 жылы елді жаулап алғаннан кейін Ресейдің ішкі рыногына кіру процесінде Қазақстан Қоқан артта қалған «шеткері» аймаққа айналып, арзан ауылшаруашылық шикізатын берушіге, дайын өнімдерді өткізу көзіне айналды. Самодержавиенің отаршылдық мақсаттар Қоқан хандығымен бүкіл Орта Азия, Қазақстанды жаулап алуының кері салдарлары болды. Оқиғалардың табиғи барысының бұзылуынан жергілікті халықтардың менталитетіне, мәдениетіне тұрмысы мен тіліне кері әсерден көрінді. Өндіргіш күштер дамуының табиғи барысының салдарлары аймақтың экономикалық дамуына, аграрлық қосымшаға бағдарлануы болашақта бұл елдердің әлеуметтік-экономикалық дамуын өркендетуге мүмкіндік бермеді.

ХҮІІІ-ХІХ ғасырлардағы қоқан-қазақ хандығын зерттеу жұмысына өзек ете отырып, осы мәселеге қатысты жарық көрген еңбектерді толық тарихи-тарихнамалық талдаудан өткіздік. Бұрыңғы деректерді жаңа мұрағат деректерімен, фольклорлық мұралармен салыстыра отырып, бүгінгі күн тұрғысынан тұжырымдар жасалды. Қоқан-қазақ қарым-қатынасының ХҮІІІ-ХІХ ғасырлардағы тарихи географиялық және саяси алғышарттары, жалпы сипаты жаңа қырынан қарала келіп, өзара байланыстардың нығаюындағы саяси және шаруашылық факторларының рөлі анықталды.

Қазақ-қоқан арасындағы экономика мен сауда байланыстарына уақыт талабына сай баға беріліп, қазақ шаруашылығына егін шаруашылығының енуі, қоқандықтардың қазақ жеріне шапқыншылығы, қазақ елінің қарсы бас көтеруі, Саржан, Жанқожа батырлардың осы кезең тарихындағы орны, осы тұстағы қазақ еліне деген Ресей саясаты жан-жақты талданды.

ХҮІІІ-ХІХ ғасырларда Ресей империясының отарлау саясаты тереңдей түсті десек, оның негізгі бағыты қазақ жері болғаны белгілі. Осы тұстағы Ресейдің қазақ-қоқан қатынасына ықпалын жаңаша саралай отырып, тәуелсіз ел болғанына дейінгі зерттеулерде Қазақстанға Ресейдің ықпалы асыра бағаланғанына, қазақтар мен көршілес елдер – Бұхар, Қоқан, Хиуа елдерімен байланысына жеткілікті назар аударылмағанын аңғардық. Біз осы олқылықтың орнын толтыруды мақсат ете отырып, осы елдердің ішінде Қоқан хандығымен болған қарым-қатынастарды жан-жақты талдай отырып, деректік құжаттар арқылы екі елдің арасындағы байланыстардың саяси және әлеуметтік-экономикалық салаларына ғылыми тұрғыдан баға бердік.