Қымбатты достар! Сіздер Ілияс Есенберлиннің атақты «Көшпенділер» трилогиясын қолға алып отырсыздар

Вид материалаДокументы
Подобный материал:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   26
дектен көз тұнады. Аласа бұталарға сыңси біткен қарақаттың да піскен
кезі... Көл үстінде күндіз-түні тынбаған құс қиқуы... Ортасындағы ақ айдында қанаттана бастаған көгілдірлерін ертіп бір топ аққу сыбызғы үніндей қоңырқай дауыстарымен сыңсып ән салады. Сабағы сояуланып қалған, қызғалдақ, лала жаушымылдық, раушан гүлдерінен жұпар аңқиды. Осынау қызылды-жасылды өрнекпен безелген жасыл кілем ұшы-қиыры жоқ кең даланың ортасында төңкерілген күміс кеседей жарқырап, ақ айдын Ақкөл жатыр. Жан-жағы сонау көкжиекке дейін мидай дала. Ұшқан құстан, жүгірген аңнан бөтен тірі жан көрінбейді. Тек көлдің батыс жағында көгілдір белес бар. Белестің үстінде сұрғыт оба тас пен бірнеше балбала тұр. Оба тас мұрты салбыраған, оң қолына қымыз ішетін тостаған тәрізді ыдыс ұстаған келсаптай шомбал бір ғажайып бейне...

Бұл тастар жөнінде халық арасында екі аңыз бар. Бірі — көне Қыпшақтарда өлген адамды жаназалағанда, не жетісін, қырқын, асын бергенде оның бейнесіне сәйкестей ағаштан қуыршақ ойып, үстіне бұрынғы киімдерін кигізіп, өздерінің ортасына отырғызатын дәстүр болған. Өйткені көне Қыпшақтардың түсінігінше, адам жаны өлмейді, үнемі туыс-туғандарымен бірге жүреді. Жоқтауға жиналған кісілердің бәрінің де денесінде өз жаны болғандықтан, өліктің жаны өзінің қуыршақ бейнесіне барып орналасуға тиіс. Қуыршақ боп ол өзінің жерлеу тойына, жетісіне, асына қатынасуы керек. Ағайын-туыстарымен бірге отырып, өз ажалын өзі тойлайды. Ал жақындары оған керемет құрмет көрсетуге борышты. Қолына ыдыс беріп, қымыз құйып, алдына ас қойылу міндет. Өлген адамның дәрежесіне қарай ақсарбас қошқардан бастап, үш тоғызға дейін оның құрметіне құрбан шалынған. Араб жазушысы Абу әль-Фидің айтуынша, құрбандыққа Қыпшақтар кісі де бауыздаған. Мынау оба тас пен балбалалар сол дәстүрдің ескерткіші-міс. Қолына ыдыс ұстаған оба тас — ас ішуге ыңғайланған, сол өлген адамның өзі, ал қасындағы балбалалар жанында жерлеп отыр-
ған оның туыс-туғандары-мыс. Екінші аңыз бойынша, адамның тірісінде өлтірген жауы о дүниеде соның құлы болады екен. Мына тас мүсіндер осы аңызды бейнелейді делінеді. Мынау оба тас — қожасына ас дайындап тұрған сол өзі өлтірген бас жауы, ал балбалалар бас жаудың серіктері, ағайын-туыстары-мыс.

Осы тас бейнеден бөтен жасыл шалғынға оранған кең далада ешбір мола, зират, қорған, бекініс жоқ. Желмен ойнап шулаған қалың көгал, күміс толқынын тынбай тербеткен шалқар көл...

Көлдің солтүстік алқабына қонақтарға арнап ақ кигізден басылған он екі қанат үш жүз үй тігілген. Іштері Самарқант пен Бұқарадан тоғыз керуенмен тасылған қырмызы қызыл кілем, дүрия, торқа жібектен тысталған мамық жастық, түбіт көрпелермен безенген. Көлдің төрі батыс жағында, қырқа өңіріндегі оба тас, балбалалардан сәл төмендеу. Алыстан көгілдір тартып көрінген жасыл шалғында, көк теңіз үстінде ұшқан ақ шағаладай, сүттей аппақ кигіз үйлерді үштен-төрттен қосарлап тіккен хан ордасы. Көлдің оңтүстік алқабында хан ордасына жақын уәзір, Жошы ұрпақтарының ақ шатырлары мен ақбоз үйлері. Әсіресе солардың ішінде ортадағы он екі қанат ақ боз үйдің басына ақ жалау орнатқан, қатарлас тұрғызылған оюлы төрт кигіз үй — Жәнібек пен Керей сұлтандардың ордасы. Бұлар өзінің еңселі мүсіндерімен алыстан-ақ ерекше көзге түседі.

Көлдің күншығыс жағында Мауреннахрдан әкелінген аспазшыларға, Арғын, Қыпшақтан келген той дәйекшілеріне, қаршыға, сұңқар-лашынға арнап тігілген жүз қоңыр кигіз үй... Осы ауылдан қозы көшіндей жерде қонақтарға әдейілеп байланған үш мың биенің құлындарына тартқан жиырма қатар қыл арқанды желі. Күніне үйірленіп сойылған семіздіктен мамырлаған жылқы, құйрығын көтере алмай жатып қалған қотандаған қой... Хан ордасының ар жағында бес шақырымдай жердегі тулай аққан мөлдір сулы кішкентай Мойылды өзенінің жағасында Шах-Будақтың жесірі — Алтын хан батыры Домбалықтың Аққозы қызының келіп қонған ауылы.

Ас басталғалы жеті күн болған. Алғашқы күні осы арадан көшкен ел бір күн, бір түнде жетер Арғынаты тауының ең шетіндегі Шойынды көлден жіберілген үш жүз сайгүлік жүйріктен Әбілқайырдың Тарланкөгі озып келген. Атқа шапқан ханның жеті жасар немересі, Шах-Будақ сұлтанның баласы Мұхамед-Шайбанидің өзі еді. Хан немересінің жүлде алғанына арнап жеке той жасамақшы. Келесі күндері күрес, сайыс басталған. Күресте Найман Қаптағай батырдың немересі, кереге жаурын, жалаң төс Қаражал батыр бар балуандарды жығып, үстіне қырмызы фарсы кілемі жабылған араби қызыл аруананы бас етіп, үш тоғыз бас бәйгесін алған.

Сайыста Қара Қыпшақ Қобыланды жан шыдатпаған. Екі бие сауымындай мезгіл оған тек Арғын биі Ақжол ғана төтеп берген. Бірақ ошақ тұяқ Көксеңгірдің тегеурініне шыдай алмай бір сайыста астындағы құшақ құйрық Ақжамбасы тізерлеп шөгіп қалып, сайыс төрешілері бас бәйгіні Қобыландыға деп шешкен. Түйе жарыс, қатын күрес — бәрі аяқталып, бүгін астың ең қызығы, талай жан өкінер, талай бидің намысқа шауып қабырғасы сөгілер жыраулар айтысы басталған. Айтыс төрешісі жүзден асқан ұлы жырау Асан Қайғы. Ол бұл жолы желмаясымен Көкше теңіз тұсын шолып келген-ді.

— Асан ата, Көкше теңіз маңы қандай жер екен? Сайын ордасын көшіруге жарар ма? — деген Әбілқайыр ханның сөзіне Асан Қайғы:

— Қақ үстін жайлау етем десе ханның еркі ғой. Ал мен көрген Көкше теңіз маңы:


«Тас табаны төрт елі

Атан жүрер жер екен,

Төсегінен түңілген

Адам жүрер жер екен».


деп жауап берген.

Осы Асан Қайғы айтыс төрешісі. Төреші боларында ол Әбілқайыр ханға:

— Атамыз Майқы биден бері бәйге хан ордасын кім асыра мақтай алса соған беріліп келетін-ді. Бұл жолы ата жолын бұзбақпын. Егер соған көнсең төреші боламын, — деген.

Бүкіл ел-жұртты ардақтаған Асан өтінішіне хан да қарсы келе алмаған.

— Құп, айтқаныңыз болсын, — деген Әбілқайыр.

Асан айтыс тәртібін өзінше құрған. Бас бәйге кім де кім жауға қарсы елдің ерлігін дұрыс айтып бере алса, соған беріледі. Орта бәйге өз руының жер-суын қорғаудағы істерін дұрыс суреттеп берген адамға тапсырылады. Ал аяқ бәйгеге Дәшті Қыпшақ елінің болашағын кім дұрыс болжай алса, сол ие.. Және жеңіс тәртібі де өзгеше. Бір жырау өз руының ерлігін паш етсе, қарсы жырау сол рудың айтылған ерлігінің кемшілігін, қатесін дат етеді. Қайсысының жыры жұрт көкейіне қонар болса, сол жеңді деп саналмақ. Шыңғыс ұрпақтарын мадақтайтын айтысқа да осы шарт. Бұл шарт үшінші айтыста да қолданылмақ: бір жыраудың болжауын екінші жырау сынауы керек. Егер сынай алмаса жеңілген болып саналады.

Бас бәйгеге Қыпшақтың ұлы жырауы Қазтуған мен Арғынның ақиығы Сыпыра жыраудың ұрпағы Қотан тайшы түспек болды.

Қазтуған тапал, тоқты жілігінің қорғасын құйған асығындай шымыр адам. Сондықтан да оны халық «қарға бойлы Қазтуған» деп атап кеткен. Бір тайпы елдің батыры және жырауы. Әбілқайыр тұсында қазақ, ноғай қауымдары (ноғайдың біразы Қазан жеріне ауып кетсе де) аралас-құралас көшіп жүрген. Хандар тұтатқан өшпенділікке қарамастан, тұтас бір рудың не бір тайпы елдің бүгін ноғай құрамында болып, ертеңіне қазақ жағына шығып кетуі әдеттегі жәйт саналған.

әйтседе, екі ел арасындағы жанжал кейде үлкен ұрысқа айналып, бір жағы ата мекен қонысын тастап кететін кезеңдері де болған. Осындай бір айқаста Қыпшақ жағы жеңіліп, Ноғайлы дәуірінің жырауы атанған Қазтуған:

«Салп-салпыншақ анау үш өзен

Салуалы менің ордам қонған жер,

Жабағылы жас тайлақ

Жардай атан болған жер,

Жатып қалған бір тоқты

Жайылып мың қой болған жер», —


деп басталатын атақты Еділмен қоштасу толғауын айтқан.

Осы Қазтуған Қыпшақ руының ерлігін мадақтап, байлығын мақтамақ...

Бұнымен айтысатын ақын: «Ер Тарғын» қиссасында «бұл — өз өмірінде толғау айтып тоғыз ханды түзеткен кісі» деп келетін бүкіл қазақтың қамын ойлап өткен Сыпыра жыраудың ұрпағы Арғынның ардагері сексеннен асқан қарт Қотан.

Ел қамын ойлаған, ұлы сыншы Асан Қайғының бұл жыраулардың қайсысынан болса да еңсесі биік жатыр. Оның жыры қайғы тәрізді түпсіз терең, ел мұраты тәрізді мәңгі өшпес арманды, ана жүрегіндей мейірімді келетін...

Хан ордасының алдына кілең би, батырлар алқа-қотан отырғаннан кейін Асан Қайғы айтысты бастады. Ол алдымен өзі іштегі күйігін сыртқа шығара ел-жұртының қамын сөз етіп біраз толғау айтты. Халыққа тарап кеткен:


«Таза мінсіз асыл тас

Су түбінде жатады.

Таза мінсіз асыл сөз

Ой түбінде жатады.

Су түбінде жатқан тас

Жел толқытса шығады.

Ой түбінде жатқан сөз

Шер толқытса шығады» —


деп басталатын ұлы толғауын да осы жолы айтқан-ды. Бір бунап, бір босатқан науқастай, бойын қысқан жырын бітіріп барып «уф» деп демін алды. Енді ол бида орамалымен күн сүйіп, жел үріп, қатпарланған күсті маңдайынан сорғалаған терін сыпыра сүртті. Содан кейін барып жыраулардың мына отырған қауымға өз руларының қайдан шыққанын, аттары неден алынғанын таныстырып өтуін бұйырды.

Қазтуған жырау безілдеген домбырасымен бірге орнында байыздай алмай, арқасын жыр қысып, астындағы тай терісінен шығып, жорғалақтап дөңгелей, ащы дауысын бір шырқатып алды да:


Алаңда алаң, алаң бар,

Бата алмай жау алаңдар.

Сақтан шыққан Кейсақ бар,

Кейсақ — Қайсақ, Қыпсақ — Қыпшақ боп

Он екі атаға таралар, —


деп Мұхаммет пайғамбар тумастан мың жыл бұрын, Ескендір Зұлхарнайынды Жиделібайсынның жеріне кіргізбей тоқтатқан Сақ елінің патшалары фарсы жұрты кей деп атап, одан патшаның таңдаулы әскерін — кейсақ (патша сағы деген мағынада) деп, одан Қыпсақ туып, Қыпсақтың Қыпшаққа айналғанын бір толғап өтті. Содан кейін Жиделібайсын жерін хұнулар 1  алғанда Қыпшақтардың солтүстік суық жаққа Ертіс, Есіл бойына шегінуге мәжбүр болғаны, одан бес ғасыр өткеннен кейін түркі тұқымдас түркі, карлуктар-қарақалпақтар жайлаған Еділ, Жайық бойына ауғанын шырқай толғады.

Сөзді Асан Қайғы енді Қотанға берді. Қарт жырау қара күйектеніп кеткен кәрі қобызын, ботасы өлген іңгендей боздатып, қарлыққан кәрі даусымен:

Жусанды деме қараған,

Жұлдызды жарық ай деме,

Қытайдан шығып тараған,

Хұнуға қарсы қол шықса,

Жорықта болған маймене

А-лунь 2  — Арғын руы,

Қыпшақпен қатар жаралған, —


деп көне заманда Солтүстік Қытайдан батысқа қарай хұнулар (гунндар) аттан-
ғанда Арғындар түркі тұқымдас елдерімен бірігіп бас көтергенін, ақыры әтиль күшіне шыдай алмай, сонау Ертістен әрі Жоңғар тауына қарай көшіп, хұнулар өтіп кеткеннен кейін,

Жетісуға келгенін 3  асқақтата жыр етіп өтті.

Төреші Асан ұйықтап кеткен адамдай көзін жұмып ойға шома түскен. Ұлы сыншы ойын ешкім бұзар емес, құлаққа ұрған танадай бәрі бірдей тына қал-
ған. Әлден уақытта Асан Қайғы көзін ашты.

Сұмырай, сұрқия, сұм заман,

Шаққалы тұрған сұр жылан.

Өткені емес халқымның

Болашағы шер-мұңым...


деп ел-жұртының келешегін ойлап сәл қайғырып отырды да, қос жырауға бұрылды. Халықтың айтысты күтіп отырғаны есіне түсіп:

— Қазтуған жырау, баста! — деді.

Қыпшақ елі, Орта Азия хұнулары — чұмхуну ұрпақтарынан, біздің дәуірімізден бұрын келе жатқан Европа халқы түстес, дінілі тайпасының күнбатыс бөлегі, көне сақтар сарқындысы, Қыпсақ деп аталатын рудан және көне Қангуй елінің қалдығы — қаңғылардан құрылған, түркі тұқымдас, Ертіс пен Тобыл өзендерінің арасындағы ағашты өңірді жайлаған, жау жүрек қалың жұрт болатын. Оныншы ғасырдың бас кезінен бастап, гуздарды (осы күнгі түрікмендер) оңтүстікке, печенгтерді (көне кенгерес елі) күнбатысқа, карлуктарды (қазіргі қарақалпақтарды) оңтүстік-күншығысқа, углерді (карелофиндарды) солтүстіктегі қалың орман арасына қуып, көне Қангуй жеріне келіп орналасқан. Сол күннен бастап сонау Еділ мен Ертістің ортасын Дәшті Қыпшақ жері не Қыпшақ даласы деп атап кеткен. Қыпшақтар он бірінші ғасырдың орта шенінде Днепр өзеніне келіп жеткен. Өзінің шекарасына келген елді орыс жұрты шаштарының сар-
ғылттығына қарап «Половцы» деп атаған (Полова — кесілген сабан), ал батыс Европа елі — коман деген ат қойған. Бұл жау баққан көшпелі ел көршілес жұрттарына қырғидай тиді. Жат соғыс әдістері бұларды өте қауіпті етті.

Ғасырлар бойы әдеттенген тәсілдері бойынша, жауына жоқ жерден тиіп, заматта ғайып болып, үнемі ат үстінен түспей үйренген көшпелі елдің жігіттері соғысқа әбден үйренген, ұзақ жорықтарға шыныққан жау жүрек жауынгерлер еді. Жасынан садақ атып, арқан тастап баулынған, Қыпшақ сыпайлары ұшып бара жатқан құсты жақпен көздемей бір-ақ тартып түсіретін шетінен мерген келетін. Бұлардың негізгі қаруы садақ, иықтарына ілгені жебеге толған қорамсақ, қисық алдаспан және жау мойнына лақтыратын қыл арқан. Көпшілігі найза ұстайтын. Үнемі ұшы-қиыры жоқ жазық далада көшіп жүретіндіктен, дала бүркіттеріндей қырағы жаралған. Жауға бұлардан жасырынып қалу тіпті мүмкін емес-ті. Қас жағының әскерін көрісімен-ақ бұлар жақтарынан жебені қардай боратып, ат қоятын. Қарсы жағы берік болса, қорқып кеткендей жорта кейін шаба жөнелетін. Қашқан Қыпшақтарды жауы оп-оңай қуып тастамақ боп тұра ұмтылса, бір жасырын қойнауда тығылып тұрған мергендері оларды оқтың астына алатын. Күтпеген жерден мұндай жағдайға ұшыраған жау әскері сасып қалып сәл кідірсе, жаңа ғана қашып келе жатқан Қыпшақтар кенет аттарының басын кейін бұрып, қайтадан атой салатын. Мұндай тәсілге үйренбеген жау әскері быж-тыж болып қаша жөнелетін. Оларды Қыпшақтар арттарынан қуып жүріп садақпен атып, не болмаса болат алдаспандарын құлаштай сермеп қырып салатын.

Ал екі жақтың күші бірдей түсіп жаумен бетпе-бет кездесер жағдай туса, Қыпшақтар сап-сап боп бірнеше қатарға бөлінетін. Әдет бойынша алдыңғы қатардағы атты жауынгерлер саптарын сүйір ұшты етіп құратын. Бұл оларға жұмсақ жерге кірген қазықтай, жау шебін оңай бұзуға керек-ті. Әр топтың ара-араларына және арт жағынан шабуылға шыққан жауды кідірту үшін арбалар қоятын. Осы арбалардың артында керек кезінде ұрысқа түсуге дайын тұрған тағы да әскері болатын. Ал егер жау жағының күші басым келіп, шабуылды олар бастайтынына Қыпшақтардың көздері жетсе, соғысу тәсілін басқаша жүргізетін. Үстіне өгіз, түйе терілерін жапқан арбалардан дөңгеленте бекініс жасайтын. Арбалардың шетінде жағалай тұрып алып, шабуылға шыққан жауына оқ жаудыратын. Жау қай жағынан келсе де дөңгелене құрылған бекіністегі Қыпшақтарды ала алмайды. Өздері оққа ұшады. Оның үстіне Қыпшақтар әлгі арбадан жасалған дөңгелек бекіністерінің ара-араларында қисық-қисық жол қалдырып, жау күшінің әлсірегенін білсе, өздеріне таныс қисық жолдарымен жау шебіне ат қояды. Ал шабуыл жасаған жау бұл жолдарды пайдалана алмайды. Шауып келіп кіремін деген жауынгер екпінімен кеп алдындағы арбаны соғып, быт-шыты шығады. Ал әлдеқайда кіре қалған етрат 1  бұраңдап жатқан жолмен бекініс ортасындағы шепке жеткенше Қыпшақтың бірер жігітінің шірене тартқан садағының сауыт бұзар жебесіне душар болады. Тіпті таяп қалса найзағайдай жарқылдаған наркескенінен қаза табады. Ал арба арасындағы қисық жолдарды Қыпшақ жауынгерлері мейлінше еркін пайдаланатын. Жау күтпеген жерден, тал арасынан шыққан жолбарыстай, лып етіп пайда болып, садақ оғын жаудырып-жаудырып жіберіп, қайтадан кіріп жоқ болып кетеді. Басына жүген киіліп, үстіне ер түскенінен бұл әдіске машық болып үйренген Қыпшақ жыл-
қылары еш уақытта әдет алған жолынан жаңылыспайды. Қамыс арасымен сусылдап өткен жыландай, арбалар арасынан қалай болса солай өте шығатын. Мұндай әдіске дағдыланбаған жау аттары екпінімен кеп, ең бірінші бұрылыста-ақ арбаға соғылып, арындап барып шалқасынан түседі. Соңынан келе жатқан жауынгерлер жолы бөгеліп тоқтап қалатын. Осы сәл аял Қыпшақ жігіттеріне жеткілікті. Құлаштап тартқан қайың садақтан ысылдай атылған ажал жебелері кімді болса да ат үстінен ұшырып түсіреді.

Қыпшақтар бұл бекіністерін өздеріне қолайлы жерге орнататын. Егер таңдаған жерлері алда-жалда қауіпті болса, бір қалтарыста, не ымырт үйіріле дағдыланған әдет бойынша арба жетегін үзеңгілеріне іліп алып заматта бөтен жаққа көшіп кетеді. Жау орнын сипап қалады.

Осындай жылжымалы бекініске орналасқан Қыпшақтарды жау ала қоям деп дәметпейтін. Өгіз, түйе терілерімен жабылған арба қорғанына Қыпшақтардың бекінгенін білсе, әдетте жау ұрыс ашпайтын, өз бетімен кейін шегінетін.

Бірақ Қыпшақтардың ашулы тасқыны орыс қалаларынан әрі аспады. Тек кейбір толқындары ғана Еділ бойлары мен Византияға жетті. Бірақ одан аса алмады. Ұлы Россия көшпелі елдің шабуылынан өз жерін кеудесімен қорғап, әдеті бойынша Европаны тағы бір апаттан сақтап қалды.

Қыпшақтар осы жүз елу жыл жүргізген шапқыншылығында Киевтен бастап Россияның көп қаласына қауіп туғызды. Ал орыс князьдарының бастары қосыла бастаған күндерден кейін, кешегі қабыландай қайратты, жансебіл жандар, кенет құдайдың қарғысы ұрғандай, бастарына сор нөсердей жауып, сан мәртебе мерт болды. Әсіресе бір мың елу үшінші жылдан бір мың бір жүз жиырма бесінші жылға дейін өмір сүрген Переяславль мен Киевтің ұлы князі Владимир Мономах бытырап жүрген өзге орыс князьдарының басын қосып, Қыпшақтарға қарсы шабуыл ұйымдастыра алды.

Одан Қыпшақтар бір мың он бесінші жылы оңбай жеңілді. Содан бері бұл қаһарлы тайпа орыс жеріне шын қауіп болудан қалған.

Міне, осы Қыпшақтарды қазір арқалы жырау қарға бойлы Қазтуған мақтауы керек. Бейбітшілік пен тыныштықты, сұлулық пен ойшылдықты сүйетін ұлы сыншы Асан Қайғы Қыпшақтардың тарихына қанық-ты. Қазір ол тыныш елдерге бүйідей тиген бұл шапқыншыл елді жүйрік жырау қай жағынан мақтар екен деп мүлги күтіп отыр. Оған Қотан қарт не айтпақ? Қыпшақтың ерлігіне қандай мін тақпақ? Шапқыншылықты, ерлікті мұрат көрген мына қу заманда жұрт оның ойына түсінер ме?

Қазтуған, Асан Қайғы күткендей әйгілі арғы бабасы Қара Қыпшақ Қобыландыға бір тоқтап, Қыпшақтың шапқыншыл ел екенінен бастады. Қарағай кәрі домбырасын лақтыра безілдетіп, арқасы ұстап, Қазтуған жырау домбыраның күйімен өзі бірге шалқып малдас құрған қалпында кенет ытқи алға бір ұмтылып, қайтадан отыра қап құйрығымен шыр көбелек айнала тепеңдей жылжыды. Ханның сол жағында отырған қазіргі Қобыланды батыр арғы бабасы Қара Қыпшақ Қобыландының атын естігенде, шоқтығы өзгелерден анағұрлым жоғары көтеріліп, бір масайрап қалды. Қыпшақ жағының адамдары Қазтуғанның жырынан делебелері қозып, нақ өздері жүз елу жыл ерлік еткендей у-шу жырауға қошемет көрсетті.

Асан Қайғы Қотан қартқа бетін бұрды.

— Сөйле, жырау, — деді.

Қалың ойға шомып кетіп басын төмен салып үн-түнсіз отырған қарт жырау, шапқан дүбірді естіп, тыпырши қалған кәрі тарландай, кенет басын көтеріп алды. Сол сәтте-ақ қыл қобыздан күй аңырап қоя берді. Ақтарыла сарнаған қобыз үнімен бірге, бір кезде құлаққа жағымды қоңырқай, қазір кәріліктен өңі бұзылған Қотан қарттың қарлыққан даусы да шықты. Ол: — Өлімнен қорықпау ерлік емес, ерлік өмірді қорғау, — деді. Жырау шын батырлық біреудің жерін шауып, елін тонауда емес, өз жеріңді, өз еліңді жаудан қорғаудан туады дей келіп, аз бола тұрып көпке шапқан, Қазтуған мақтаған Қыпшақтың көп бола тұрып аздан қашқан кездерінің болғанын айтты. Жырау таққан кінәні естігенде бастығы Қобыланды батыр болып елеуреп қопаңдай қалды.

— Қашан? Қай жерде? —деген де шу шықты. Қарт тайшы оларға аяй қарап, Қыпшақтар өздері ұмытқанмен өзге рулар сақтап қалған «Қыпшақ қашқан» хикаясын естеріне салды.

Қыпшақтар алты құлаш Шерухан бастаған бір аттанысында Чернигов қаласын алмақ болған. Чернигов әскері қарсы шыққан. Бір мың алпыс сегізінші жылдың алтыншы айында екі әскер Деснаның таралуы Синави өзенінің жағасында кездескен. Орыс әскерлері үлкен ерлік пен табандылық көрсетіп, үш мың адамнан Қыпшақтың жиырма мың әскері жеңіліп, кейін қашқан. Көбі әбден қатып болмаған өзеннің мұзы ойылып кетіп, ат-матымен суға кетіп, бықпырт тигендей қырылған. Осы ұрыстан кейін іле-шала орыс жерінде ғажайып ақ түтек боран тұрып, қалған нөпір топ жолдан адасып, елдеріне жете алмай үсіп өлген. Бұны артынан қазақтың басқа рулары «Қыпшақ қашқан» ұрыс деп атаған.

Қыпшақ жағы енді басылып қалды. Арғын тобы, «Пәлі, кәрі тарланым, аяғын қалай-қалай тастайды!» деп Қотанды қошаметтеп көтеріле түсті. Бірақ өр мінезді, жалын жанды Қазтуған Қотан толғауынан мойымады. Қамшы тиіп, ырши түскен жүйріктей, енді тіпті долданып кетті. Қарағай домбырасын аспанға лақтырып, аруағы ұстап, жыр дабылын үсті-үстіне дақпырата ұрды.

— Шерухан ханды жақсы қармадың, абыз жырау, — деп бастады ол жаңа толғау ырғағын. «Алып бойлы Шерухан» деп орыс елінің өзі қыса еткен Шерухан ханның ерлігіне, шапқыншылық ісіне бір қыдыру тоқтап өтті. Содан кейін қарға бойлы Қазтуған орыс қалаларын шапқан Бонақ, Тұғырхан, Қотан, Шерухан, Кончак, Сүрбөрі, Құнама, Сүңгір, Көбек, Торсық тағы басқа Қыпшақ хандарының әрқайсысының жауынгерлігін, ел аузында аңыз болып жайылған жорықтарын дәріптей келіп, «өз елдері түгіл бөтен елдерге өлмес аңыз қалдыр-
ған осындай хан мен батырлар тудырған Қыпшақты кім қор санар?» деп ожарлана жырын тоқтатты.

— Сөйле жырау, — деді Асан Қайғы Қотанға:

— Бөтен елге бұл хандар аңызымен бірге, жаман аты мен сүйектерін де қалдырды, — деп бастады бұл жолы толғауын Қотан қария ырық бермей. Жаңағы аты аталған хандардың көбінің шапқалы барған жерінің князьдерінің қолынан өлгендігін айта келіп, Қотан жырау «Өз жерінің топырағы тас болып па еді бұларға! Не жетпеді соншама бөтен елден ажал іздерлік?» деген сұрақ қойды. Жайшылықта салмақты қарт, бұ жолы біреу шабынан түртіп, мазасын ала бергендей, қабағын кәрлене түйді. Енді ол өз сұрағына өзі жауап берді. — Жоқ, зираттық екі құлаш жер оларға Қыпшақ даласынан да табылатын еді, — деді. Бірақ хандардың іздегені басқа. Адамның дүниеге өзі тойғанмен көзі тоймайды. Байыған Қыпшақ хандары байыған үстіне байи түсуді мақсұт етті. Тегін алтын, күмісті, асыл жиһаз дүниені, ғасырлап жинаған бөтен жұрт қалаларының қазынасын тонап алғысы келді. Алдарына салып айдаған мыңдаған малдан түсер пайда оларға аз көрінді. Ерлігі ішіне сыймағанынан емес, қанағатсыздығы мазасын алып, ажал түрткілеп, жорыққа шықты. Ақырында дүниеге тоймаған қос жанар, басқа елдің бір уыс қара топырағымен тойып тынышталды деп қарт ақын күңірене күрсініп, «жауынгер туған, Қыпшағым» зираттары жат жұрттың даласында қалған хандарыңның қылығын несіне дәріптейсің! — деп Қотан жырау жырын тоқтатты.