Е. Н. Дауенов ДӘСТҮрлі қазақ этнографиясы оқу- әдістемелік құралы тарих, мәдениеттану, археология және этнология мамандықтарының студенттері үшін 1 Бөлім Павлодар

Вид материалаДокументы

Содержание


Жауапты редакторы
1 Этногенез және этникалық тарих
Сақтар. Этносаяси тарихы.
Ежелгі түркі дәуірі. Этносаяси тарихы.
Алтын орда дәуірі. Этносаяси тарихы.
ХҮ-ХҮІІ ғасырлардың этносаяси тарихы.
ХVІІІ ғасырдағы Қазақ хандығы. Этносаяси тарихы.
Этносаяси тарихы.
1.4 Қазіргі замандағы Қазақстан
2.1 Мал шаруашылығы
Малшылардың еңбек құралдары.
Азықтың дайындалуы.
Егін суарудың түрлері.
Аңшы иттермен аң аулау.
Жыртқыш құстармен аңшылық.
2.4 Балық аулау кәсібі
3.1 Үй ішілік өнер
3.2 Ағаш ұқсату қолөнері
3.3 Металл өңдеу
Зергерлік өнер.
...
Полное содержание
Подобный материал:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   22

Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрлігі


С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті


Ж. О. Артықбаев, Ә. Ә. Сабданбекова,

Ә. Қ. Елемесов, Е. Н. Дауенов


ДӘСТҮРЛІ ҚАЗАҚ ЭТНОГРАФИЯСЫ

Оқу- әдістемелік құралы

тарих, мәдениеттану, археология және этнология мамандықтарының студенттері үшін


1 Бөлім


Павлодар

УДК 39(574)(075.8)

ББК 63.5(5Каз)я73

Д 21

С. Торайғыров атындағы ПМУ –дің этнология, мәдениеттану және археология кафедрасының отырысының шешімімен баспаға ұсынылды


Рецензенттер:

т. ғ. к., А. М.Сыздықова, т. ғ. к., доцент А. Ж. Ерманов


Жауапты редакторы:

т. ғ.д., проф. Ж. О. Артықбаев


Д 21 Артықбаев Ж. О., Сабданбекова Ә. Ә., Елемесов Ә. Қ.,

Дауенов Е. Н.

Дәстүрлі қазақ этнографиясы: оқу-әдістемелік құралы. –Павлодар: «Кереку», 2008. – Б.1. – 345 б.


«Дәстүрлі қазақ этнографиясы» деп аталатын бұл оқу-әдістемелік құралына қазақ халқының атадан балаға ғасырдан ғасырға мұра болып жеткен өшпес асыл қазынасы: рухани және материалдық мәдениеті, шаруашылығы, әлеуметтік өмір тіршілігінің сан түрлі салалары және әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері енгізілген.

Кітап сіздерді қазақ халқының этносаяси тарихы, дәстүрлі қазақ қоғамының рухани және материалдық мәдениеті, шаруашылығы, әлеуметтік өмір тіршілігінің сан түрлі салалары, діни наным-сенімдері, ауыз әдебиеті мен дәстүрлі ән-күй өнері туралы, жалпы қазақ этнографиясына қатысты көптеген ғылыми-танымдық деректермен таныстырады.

Бұл кітап этнограф, тарихшы мамандарға, студент қауымына және осы тақырыпқа қызығушылық білдіруші барлық көпшілік оқырман қауымға арналған.


УДК 39 (574) (075.8)

ББК . 63.5 (5 Каз) я 73


© Артықбаев Ж. О., Сабданбекова Ә. Ә.,

Ә. Қ. Елемесов, Е. Н. Дауенов, 2008

© С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, 2008

Кіріспе


Адам баласы пайда болғаннан бері әр ұрпақ өздері ойлап тапқан және уақыт өте қалыптасқан материалдық мәдениет пен рухани мәдениеттегі жетістіктерін мұра ретінде қалдырып отырды. Бұлай болмаған жағдайда, біз бүгінгі қоғамды көз алдымызда мүлдем басқаша елестетер едік. Адамзаттың қай заманда болмасын алдына қойған ең басты мұрат - мақсаттырының бірі дәстүрді сақтау, ұлттық құндылықтарды қадірлеу болғандығына ешкімнің де таласы жоқ. Бұл үрдіс тек бір ғана халыққа, ұлтқа тән ғана емес, сонымен қатар жер бетіндегі адам баласының бәріне тән. Біздің қазақ халқы да атадан балаға сан ғасырлардан қалыптасып жеткен асыл қазынасын келешек ұрпақ мақтан тұтып айтып, сақтап жеткізетіндей өшпес мұралар қалдырды. Дәстүр қазақ елінің өмір тіршілігі, мәдениетінің түрлі салаларында көрініс тапқан. Осы баспаға ұсынып отырған біздің «Дәстүрлі қазақ этнографиясы» деп аталатын бұл ғылыми-танымдық оқу-әдістемелік құралы қазіргі қазақ этнографиясына қатысты қордаланып қалған түйткіл мәселелерді шешуде өз үлесін қосады деп үміттенеміз. «Дәстүрлі қазақ этнографиясы» деп аталатын бұл оқу-әдістемелік құралы сегіз тараудан тұрады.

Бірінші тарау «Этногенез және этникалық тарих» деп аталады, мұнда қазақ халқының қадым замандардан бастау алатын қазақ халқын жеке ұлт болып қалыптасу үрдістерінен бастап, қазіргі тәуелсіз Қазақстан кезеңіндегі халқымыздың этникалық тарихын қамтыған.

Ал, «Шаруашылық және мәдениет» деп аталатын екінші тарауда қазақ халқының атадан-балаға мұра болып жеткен шаруашылық пен кәсіп түрлері, оларға қатысты еңбек құралдары туралы деректер жинақталған.

Кітаптың «Материалдық мәдениет» деп аталатын келесі тарауында қазақ халқының төл баспанасы киіз үйдің тарихынан бастап, оның түрлері, киіз үйге сән берер үй жиһаздарының түрлері, қазақтың жас, жыныс ерекшеліктеріне қарай киім түрлері жан-жақты сипатталған. Сонымен қатар қазақтың дарқан дастарқанынан қашанда табылған ет, сүт т. б өнімдерінен жасалған дастарқан мәзірлеріне ерекше тоқтылынады.

«Рухани мәдениет» деп аталатын төртінші тараудың ерекшелігі мұнда рухани мәдениет үлгілерінен ішіндегі басты құндылық шежіре және оның ұрпақтан-ұрпаққа жету үрдісі, сонымен қатар қазақтың шаруашылыққа, балаға, отбасына т. б. қатысты тұрмыс-салт жырларымен қатар әншілік, күйшілік өнер мазмұнға енген.

«Әлеуметтік құрылым» тарауында қазақ социумының ерекше құрылымдық қасиеті, ішкі қарым-қатынасы, қазақтардың құрамында бірге өмір сүріп жатқан төре, қожа сияқты субэтникалық топтарға басты назар аударылған. Олардың шығу тегі, қазақ қоғамында алатын орны барынша сипатталған.

«Әдет-ғұрып, салт-сана» деп аталатын алтыншы тарауында қазақтың тәлім-тәрбие, үлгі-өнегеге қатысты отбасы, исламға, имандылыққа байланысты және қаза болғанда жасалатын әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері, сонымен бірге шаруашылық кәсіпке қатысты әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер жинақталған. Астрологиялық немесе космологиялық халықтық болжау дәстүрлеріне қатысты дәстүрлі шаруашылық мәдениетіндегі кеңістік және уақыт санаты, ай мен маусым аттарының қалыптасу ерекшеліктері, қазақтардың аспан әлемі туралы түсініктері, табиғат құбылыстары және аспан денелеріне байланысты ауа райын болжау түрлері т.б. маусымдық, күнтізбелік әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерге жеке-жеке тоқталып, бұл тараудың маңызын арттыра түсті десек те болады.

Келесі тарау «Отбасы және неке, туықандық қатынастар» деп аталып, мұнда қазақ қоғамындағы, арасындағы неке мен отбасының түрлері, туыстық атауын терминмен белгілеу (өз жұрты, қайын жұрты), туысқандық қатынастардың жас шамасына қарай және жынысына қарай дифференцияциясы сияқты т.б. мәселелердің түп-төркіні баяндалады. Тарауының соңыңда адамның өз жұрты, әйелдің қайын жұрты, ер адамның қайын жұрты деп аталатын сызба кесте берілген. «Дәстүрлі қазақ этнографиясының» соңғы тарауы «Қазіргі этникалық даму және этнографиялық зерттеу әдістері» деп аталып, оған қомақты орын берілген. Тарау авторы қазіргі Қазақстандағы этникалық процестердің ерекшелігі және этносаяси процестердің ішкі саяси жағдайға ықпалына тоқталып және соған қатысты терминдерге анықтамалар берген. Сонымен қатар ұлттық сана да басты назардан қалмаған. Қорытынды ретінде берілген этнографиялық зерттеу әдіс- тәсілдеріне барынша кең сипаттама беріліп, зерттеушінің басты мақсатын барынша айқындап берген.

«Дәстүрлі қазақ этнографиясы» қазақ тілінде қазақ этнографиясы мен мәдениетінің барлық саласын қамтып отырған тұңғыш құрастырылған оқу-әдістемелік құралы болғандықтан, онда кем-кетіктердің де ұшырасуы ғажап емес.

Сондықтан осы оқу-әдістемелік құралы бойынша өздеріңіздің ой-пікір, сын-ескертпелеріңізге алдын-ала рахмет айтамыз.


1 Этногенез және этникалық тарих


1.1 Көне заман тарихы

Тас дәуірі. Антропогенез, этникалық мәселелер және мәдениет. Ұлан байтақ қазақ даласындағы адамзат тіршілігі біздің жыл санауымыздан 1 млн. жылдай бұрын, яғни кейінгі палеолит дәуірінен бастау алады. Осы кезеңде қазақ жеріне адамдар қоныстана бастады. Кейінгі палеолите тұрғын-жай ретінде адамдар әлі де үңгірлерді пайдалана берді, сонымен қатар жасанды тұрғын-жайлар - жер үстіндегі кепелер мен жертөлелерді де сала бастады.

Жоғарғы палеолит мәдениетіне, сондай-ақ, адамдардың алғашқы қабірлері де жатады, бұл сол заманда тән және жан туралы түсініктердің пайда болуы туралы мәлімет береді. Табиғат пен адам - адамдардың ертеректегі діни түсініктерінде бірге жүрді және бұл сенімнің барлық түрлерінде - тотемизм, фетишизм, анимизм, магияда да көрініс тапты. Тілдің дамуы адамның шаруашылық қызметінің дамуымен қатар жүрді.

Мезолит (грекшеден «мезос» - орта) климаттағы өзгерістермен белгілі, бұл бәрінен бұрын мұздықтардың кейін шегінуімен байланысты. Бұл кезде қазіргіге жақын флора мен фаунаның құрамы қалыптаса бастады. Сондай - ақ, бұл уақытта «мамонттық» фауналық кешеннің жойылып кетуіне байланысты өмір сүру қажетін қамтамасыз етудің жаңа тәсілдерін іздестіру жүріп жатты. Кейбір аймақтарда егіншілік пен мал шаруашылығының элементтері, басқаларда балықшылық пен терімші-аңшылық шаруашылықтары пайда болды. Мезолите садақ пен жебелер кеңінен қолданылды, еңбек құралдарын даярлау техникасында өзгерістер болды.

Ұжымдық еңбек пен өндіріс құрал-жабдықтарына ортақ меншік үстем болған алғашқы қауымдық қоғам неолит дәуірінде жаңа құрылымға ие болды. Тайпалардың өз атауы, территориясы, диалектісі және басқа да ерекшеліктері пайда болды. Неолитте адамзат алғашқы жасанды материал- қыш-ыдыстарды (керамиканы) даярлауды үйренді. Неолит барлық жағынан революциялық дәуір болып табылады. Бұл кезде шаруашылықтың өнімді формалары: егіншілік пен малшылық пайда болды. Неолит дәуірінде бүкіл Қазақстанның территориясын аңшылық өмір салтынан жылқышылыққа, ежелгі металлургия мен егіншілікке өте бастаған кішігірім жауынгер тайпалар тығыз қоныстанды.

Энеолит дәуірінде Қазақстан территориясында жылқыны қолға үйрету және топтап бағу жүзеге асқан, бұл Солтүстік Қазақстан территориясындағы археологиялық қазбалардан белгілі (Ботай мәдениеті). Ботайлықтар-Еуразия өніріндегі алғашқы жылқы өсірушілер. Жайық - Ертіс арасындағы энеолиттік қоныстардан орасан көп жылқы сүйектері табылды.

Этникалық мәселелер туралы айтсақ сол замандарда Қазақстан үнді-еуропалық және орал-алтай қауымдастықтарының шығу аймағы болуы мүмкін. Еуразияның көптеген халықтары сол этникалық негізден шыққан.

Алғашқы жылқы өсірушілер жылқыға табыну дәстүрін және көшпелі тұрмыстың негізін қалайтын бірқатар элементтерді қалыптастырды. Олар қазақтар үшін қасиетті «алаш» («алаша») кешенді ұғымынан көрініс тапты. Ал, үндіеуропа халықтарында алғашқы ала жылқыдан (алаша ат) мифологиялық қанатты аттың образы-«алаша» (пегас) бастау алады, ежелгі үндіеуропалық халықтардың көне сөздіктерінде пеку (пеки) сөзі-«жылқы», «жеке адамның қозғалмалы мүлкі, байлығы», «малы» және т.б. білдіреді. Ежелгі «алаша аттан» - славянша –«лошадь» шығады. Көптеген себептерге байланысты сонау замандарда-ақ Ұлы даланың тайпалары Батыс Еуропа мен Оңтүстіктің Азия өлкелеріне қоныс аударып, онда мемлекеттер мен қазіргі өркениеттердің негізін қалай бастады.

Халық арасындағы этногониялық аңыздарда қазақ мемлекеті, этностың және үш жүздің пайда болуы Алаша ханның атымен байланысты.

Аңыз бойынша қазақтың алғашқы ханы Қызыл Арслан ханның баласы – Алаша хан болған. Ханның баласы ала болып туған, сондықтан әкесі оны және шешесін далаға апарып тастауға бұйырады. Алаша бала далада аты әйгілі Майқы биді кездестіреді. Майқы би туғаннан ақсақ болған, өзінің екі аяқты арбасымен жүреді екен, арбасына адамдарды жеккен. Ол осы екі аяқты арбасымен алапес баланы еліне апарып, үлкен той жасайды.

Біраз уақыттан кейін ол алапес балаға 100 жігітті ертіп өзінің Үйсін деген баласын басшылыққа қойып, оларды Сарыарқаға бағыттайды. Олар Ұлытау, Қышытау, Қаракенгір, Сарыкенгір, Айдахарлы сияқты аймақтар. Майқы би Алашаның хан болатындығын білген. “Хан әділ, ал оның халқы шыдамды және мықты болуы керек, сонда ғана олар қара жерде кеме жүргізеді” деп дана би айтқан.

Осылай қазақ халқының қалыптасуына алғышарттар жасалды. Бұл оқиғалар туралы Қызыл Арсланға белгілі болды. Ол өзінің ұлын қайтару мақсатында Майқы, Қотан, Қондыгер, Қобан ақсақалдарға елші жіберіп, ұлын қайтаруды талап етеді. Үйсін бастаған жігіттерді шақыруға 100 адаммен Қотанның ұлы Болат аттанды. Алашты қайтару орнына олар даланың еркіндігіне қызығып, Сарыарқада қалуға келіседі. Қызыл Арслан хан шақырып қоймаған соң, ақсақалдар Сарыарқаға үшінші жүздікті жібереді, оның басында Қоғамның ұлы Алшын болады және олармен бірге 13 қадірлі ақсақалдарды аттандырды. Қазақтарды мынадай мақал бар: егер халық саны 313- ке жетсе онда оларға ешкім қарсы тұра алмайды.

Үш жүз жігіт алапес баланы алашаға отырғызып Ұлытау шыңына көтеріп, оны хан деп жариялады. Содан бері Үйсін басқарған жүздік Ұлы жүз деп аталды. Ұлы жүздің сенімді қорғаныс болатындығына және әскермен қамтамасыз ететіндігіне қалғандары өзара келісті. Екінші жүздік – Орта жүз деп аталды. Жаугершілік соғыс кезінде олар хан жанында болып, оны қорғауға міндетті болды. Ал Алшынмен бірге келгендер – Кіші жүз деп аталды. Соғыс кезінде олар өз қамдарын ойламай, жанын аямай жауға, бірінші болып шабуыл жасауы қажет.

Бұл аңыз көптеген жылдар бойы өмір сүрді. Өйткені “алаш” ежелден келе жатқан ұғым және сол сияқты үш жүз бұрыннан қалыптасқан тәртіп. Геродот скифтердің генеалогиялық аңыздарына арналған жазбаларында олардың үшке бөлінген тегін көрсетті. Үштік ұйым ғұн, түрік, қыпшақ ұлыстарында кездеседі, ал оның ең классикалық нұсқасы қазақ қоғамында сақталды. Этносаяси ұйымның үштік түрі және туысқандық сипаты қазақ қоғамының татулығының, ынтымағының кепілі болды.

Тас дәуірінде дүниені эстетикалық тұрғыдан түсіну-өнер дами бастады. Қазақстанды мекендеген кейінгі палеолит тайпаларының көркемдік танымының дәлелі ретінде негізінен тау шатқалдарындағы қашап салынған суреттер (петроглифтер- гравюралар) қызмет атқарады, олардың негізгі сюжеттері жүндес мүйізтұмсық, бұқа- тур, бизонның суреттері. Гравюрамен қатар Қазақстан жерінде тастағы бейнелердің бояулы үлгілері де табылады. Бұл Бектау ата тауларында, Баянауылда Қоңыр әулие үңгірінде, Жасыбай көлінің жағасында, Ертістің бір саласы Бұқтырма шатқалында күн бейнелі адамдар мен өрнектер түрінде т.б. кездеседі.

Қола дәуірі. Этносаяси тарихы. Қола дәуіріндегі Қазақстанның тұрғындары қандай да бір монғолоидтық элементтердің қоспасынсыз протоеуропалық (көне еуропалық) нәсілдегі ортақ антропологиялық типте болып келеді. «Біздің материалдарымызға жүгінсек, көнееуропалық нәсілдің андрондық компоненті Қазақстанның жергілікті тұрғындарының арасында елеулі болды. Сондықтан да ол Қазақстанның этникалық тарихында ұзақ уақыт бойы жергілікті тайпалардың нәсілдік-гендік үрдісіндегі аса маңызды негізгі қызметін атқарды» деп жазды белгілі антрополог О. Смағұлов. Қола дәуірі халқының этникалық тарихы жайында қызықты мәліметтер «Авеста» деген атауға ие болған зороастризмнің /яғни зәрдүш дінінің/ қасиетті жазбасында айтылған. Көптеген ғасырлар бойы абыздар арий, тур тайпаларының тұрақтарында зәрдүш ілімінің қасиетті мәтіндерін жаттап, ұрпақтан-ұрпаққа ауызша жеткізіп отырған. Солтүстік Қара теңіз жағалауларынан Алтай мен Шығыс Түркістанға дейінгі, Орал тауларынан Парсы (Иран) таулы қыратына дейінгі орасан зор кең далада мал (сиыр, түйе, қой, жылқылар) баққан бұл тайпалар Еуразия өркениетінің негізін салды. Арийлердің арғы отаны деп кітапта Арианам Вайджа-арийлер кеңістігі, яғни, Еділден (Ранха) шығысқа қарай созылып жатқан азиялық ұлы дала аталады. Датья мен Ардви (Сырдария мен Әмудария) терең өзендерімен суарылып жатқан Арианам - Вайджа жері тек арийлердікі ғана болмаған. Мұнда арийлердің дұшпандары турлар да мекендеген. Арийлердің басқа да қас дұшпандары – хьона (қиян) тайпаларының да Ариана Вайджаға қатысы бар. Қазақтың кең даласында бірдей ежелгі құдайларға - құдайлар пантеонына табынатын, бір жерде туған, сол жерді отан деп аңсаған арий, тур, хьоналардың тайпааралық соғыстарының қым-қиғаш тарихы өрледі. Бірақ бұл үзік-үзік мәліметтер күрделі этнотарихи үрдістердің бейнесін толық ашып бере алмайды. Ұлан-ғайыр дала кеңістігінде, этностардың нығаюымен және гомогенденуімен жалғас, малшы тайпалардың аңшылар қауымдарын ассимиляциялауы жүріп жатты. Осы тарихи кезеңде әскери және шаруашылық қажеттілігі бойынша күрделі тайпалалық одақтар қалыптасты.

Б.з.б. ІІ м.ж. тұрғындардың өсуі мен өндірістің дамуы арқасында шамадан тыс тығыздылыққа әкеліп соқтырған бірқатар қарама-қайшылықтар пайда болды. Бұл қола дәуірінің тайпаларын оңтүстік пен батысқа, Иран, Үндістан және Еуропаға қоныс аударуға мәжбүр етті. Сол революциялық өзгерістер кезеңінде, дала пайғамбары Заратуштра (Зәрдүш) ілімі пайда болса керек. Орталық Азияның малшы тайпалары алғашқы әлемдік дінге бастама жасады. Бірақ Зәрдүш ілімін турлар (туран) қабылданған жоқ. Оның көсемдері Африсияб пен Арджаспа арийлерден Зәрдүштен бас тартуды ұсынды. Осы қарама – қайшылық арийлердің жер аударуының басты шартының бірі болды. Арийлердің қоныс аударуы көп сатыдан өтті, сондықтан Оңтүстік Азияда және Еуропада арийлік және түрлі жергілікті этномәдени дәстүрлердің синтезі қалыптасты.

Алайда арийліктер жаңа жерлерге келген соң, ұзақ уақыт бойы дәстүрлі әлеуметтік құрылымның, отбасылық және құқықтық қатынастардың, рухани мәдениеттің, діннің ерекшеліктерін сақтап, осы аймақтардың әрі қарайғы тарихына шешуші әсер етті және Орта Азияның, Иранның, Үндістанның және т.б. ұлы өркениеттерінің пайда болуында үлкен рөл атқарды. Далада қалып қалған тайпалар кейінірек өзіндік шартты түрде скиф-сақ мәдениеті аталатын үлгі жасады.

Қола дәуірінде қоныстар кішігірім өзендердің, көлдердің жағалауларына орналасты. Бұл шаруашылық мүдделеріне байланысты болды, мал үшін қаулап өскен шөпті жер, егіншілік үшін ыңғайлы қара топырақ қажет болды. Қоныстар әдетте 10 - 20 тұрғын-жайлардан-көлемі 300 шаршы метрге жететіндей жартылай жертөлелерден тұрды. Олар ортақ қорғаныс орларымен және бөрене қоршаумен қоршалған болды. Тұрғын жайдың төбесін бірнеше тіреулермен тірелген екі жақты шатыр жауып тұрады. Құрылыс кезінде адамдар ағашты пайдаланған, ал ол болмаған жерлерде үйді тастан салған. Қоныстарға таяу ру қорымдары орналасты. Қабір іргелері ретінде тас плиталардан құрастырылған жәшіктер қолданылады. Олардың айналасына қырынан және жерге қазылып қойылған тас плиталардан қоршаулар жасалады. Мұндай қабір зираттар қазақ арасында «мықтың үйі» деп аталған. «Семей, әсіресе, Зайсанда, Жетісу облысында, Верный уезінде, қорғандар көбінесе «мық» немесе «муг» әлде «мықтың үйі» деп аталады" деп атап көрсетті белгілі өлкетанушы-тарихшы И.А. Кастанье ХХ ғасырдың басында. Қазақ қариялары «мық» деген Қазақстан территориясын мекендеген және қола дәуіріндегі қорғандарды тұрғызған ежелгі халықтың атауы деп есептейді.

Б.з.б. ІІ мыңжылдықта халықтың өсімі мен өндірістің дамуы кейбір қайшылықтардың қалыптасуына, яғни халықтың тығыздығына әкеп соқты. Жердің мүмкіндігі мен кәсіп арасында алшақтық пайда болды, оның негізінде халық тығыздығы көбейді, көшу мен қозғалыс үрдісі басталды. Тайпалар оңтүстік және шығысқа көшті. Турлар мен хьондарға күресте арий тайпаларының бір бөлігі Иран, Үндістан, Еуропаға көшіп кетті. Мүмкін б.з.б. ІҮ - ІІІ мыңжылдықтарда да мұндай көші-қон үрдістер орын алған болар. Себебі кейбір тарихи деректер сол заманда үндіеуропалық тайпалардың батысқа жылжығанын көрсетеді. Олардың алдында Ұлы даладан оңтүстікке қарай шумер, хет, гиксос тайпалары жылжуы әбден мүмкін. Азиялық мал шаруашылығымен айналысатын халықтар алғашқы дүниежүзі дініне бастау беріп, жер жүзіне сонымен үлкен әсер етті. Осылайша, адамзаттың өркениеті басталды. Тарих өзінің бастауын ойлау мен салыстырудан, алғашқы малшылардың дүниетанымынан алады. Енді осыған дәлел ретінде Таурат аңызынан мысал келтірейік:

Қабыл мен Әбіл:

1) Әзіреті Адам мен Хауа кездескен. Арғы әжеміз Хауа жыл сайын бір ұл, бір қыздан туа берген;

2) Хауаның бірінші ұлын Қабыл деп атаған. Қабыл егінші болып, жер баптады. Екінші туған ұлын Әбіл деп атайды. Әбіл бақташы болып қой баққан;

3) Күндердің-күні Қабыл жерден өнген өнімді Тәңірі құдайға сый деп алып келеді;

4) Әбіл болса өзінің баққан қойынан, оның өнімінен сый ұсынады;

5) Құдай тағала болса, Әбілдің сыйын қабылдап, Қабылдың сыйын қайтарып жіберіпті. Қабыл қатты ренжиді;

6) Сонда Құдай тағала Қабылға: «Неге өнің түтігіп кетті, неге ренжіп тұрсың?»;

7) Егер де жақсы іс жасап тұрсаң неге басыңды көтермейсің? Ал егер жақсы іс жасамасаң, босағаңда күнә жатыр; ол сені өзіне шақырады, бірақ сен одан биік болуың керек;

8) Қабыл мен Әбіл далада жалғыз қалғанда Қабыл Әбілді өлтіреді;

9) Құдай тағала Қабылдан сұрайды: «Ағаң Әбіл қайда? Ол: «Білмеймін, мен оның күзетшісімін бе? ». – деп жауап берді;

10) Сонда Құдай тағала: «Сен не істедің? Ағаңның қанының үні маған жерден естіледі»;

11) Сен өміріңнің соңына дейін жерден лағынет аласың;

12) Келесіде сен жерді өңдегенде ол саған күш-қуат бермейді: Сен өмір бойы жерде жалғыз қаңғып жүресің.

Б.з.б. ІІ мыңжылдықтың ортасы – І мыңжылдықтың басында оңтүстік және оңтүстік-шығыс бағыттағы екі ірі миграциялық толқын байқалады. Уақыт бойынша бұл қозғалыс Иран үстіртінде, Орталық Азия және Үндістанда болған ежелгі протоқалалық және қалалық орталықтардың дағдарысымен сай келеді. Археологиялық және жазба деректер бойынша болып жатқан үрдістерге Ұлы дала да өзінің әсерін тигізеді. Мұсылман ренессансының ұлы ғалымдарының бірі Абу Райхан Бируни өзінің «Хорезм тарихында» екі дәуірді бөліп көрсетеді: «мемлекетті алғаш қоныстану Александр Македонскийдің жорығына дейін 980 жылға ерте болды» (б.з.д. ІҮ ғ) және «Кейхусрау және оның ұрпақтарының билігінің бастауы 92 жылға бірінші көрсетілген мерзімінен кейін болды». Осылайша оңтүстікке арийлердің көшуі бірнеше кезеңнен тұрды. Арий тайпалары басқа автохтонды халықтарды ассимиляцияға ұшыратады және көп уақыт бойы өздерінің әлеуметтік құрылысының, отбасы және құқықтық қатынастарының, діни мәдениетінің, дінінің негіздерін сақтап қалды. Сол қызықты да күрделі дәуірден Иран, Тұран сияқты ұлы атаулардың қалғанын атап кетуге болады.

Сақтар. Этносаяси тарихы. Б.з.б. І мыңжылдықтағы көшпенділер жайлы ең сенімді мәліметтерді біз Алдыңғы Азия деректерінен аламыз. Сақтар туралы деректер Иранның Персеполь сарайының іргетасына, Бехистун тас жазуына іліккен, тіпті сақ суреті де бар. Парсылар сақтардың үшке бөлінетіні жайлы баяндайды – тиграхауда- жебе бас киімділер, хаомоварга- хаом қайнатушылар, тиай- парадарайя- теңізден әрілер. Бұлардың көпшілігі Қазақстан жерін мекендеп, тамаша ескерткіштер қалдырған жауынгер қауымдар екені сөзсіз. Сонымен қатар сақтар жөнінде Қытай деректері де кездеседі. Мәселен, Шығыс Түркістан, Жетісу өлкесін ғұндар мен үйсіндерге дейін «сэ» елі мекен еткен. Оларды батысқа қарай тықсырған юечжілер еді делінеді. Осы қозғалыс сэ (сақ) тайпаларын Орта Азия жеріне, одан әрі Солтүстік Үндістан өлкесіне жетелегені белгілі. Бұл оқиғалар б.з.б. ІІІ- ІІ жүзжылдықтарда болған.

Б.з.б. VІІІ ғасырда грек жазулары скиф деп атаған тайпалар Қара теңіз маңының солтүстік аудандарын мекендеген. Олар герман тайпаларын ығыстырып, грек қала- полистерімен белсенді қарым- қатынаста болған. Қара теңіз маңында олардың құрған саяси ұйымы жаңа эраның басына дейін өмір сүрді. Б.з.б. VІІІ ғасырда сақ- скифтердің жауынгер қосындары Батыс Азияда пайда болды. Антик тарихшыларының айтуы бойынша, олар осы жерлерге Каспийдің батыс жағалауы мен Кавказ арқылы жеткен. Көшпенділердің мықты топтары Иран, Кіші Азия арқылы Египет территориясына дейін жетті де, перғауын олардан сақтану үшін салық төлеуге мәжбүр болды. Сол кездегі ең ірі әлемдік державалардың бірі Ассирия скифтермен одақ құрғысы келді. Патша Ассархаддон скиф көсемі Ишбақайдың ұлы Партатуаға қызын әйелдікке бермекші болды. Мидиялықтар мен басқа да батыс Иран тайпалары скифтерге тәуелді болған... Осы кезеңде скифтердің территориясы ахеменидтік Иран жағынан экспансия объектісіне айналды. Дала халықтарының Шығыста құрған мемлекеттері мықты және дамыған болғанымен, олар өздерінің тарихи отанымен байланысын іздеді де, рулық территорияларды империя құрамына қоспақшы болды. Геродот, скифтердің өздерінің айтқанынан, олардың Солтүстік Кара теңіз маңы мен Алдыңғы Азияда пайда болуы жайлы мына әңгімені келтіреді: «Басында көшпелі скифтер Азияда тұрған, кейін массагеттермен соғыста жеңіліп, Аракс өзенінен өтіп, киммерийліктер жеріне өтті...». Аристей болса скифтердің Еуропаға жылжуының басқа маршрутын берген: «Аримаспылар ылғи да көршілерімен соғысып отырған, исседондарды өз жерлерінен аримаспылар ығыстырған, ал оңтүстік теңіз маңында тұрған киммерийліктерді скифтер ығыстырған». Еуропадағы скиф қоғамының көп тайпалық құрамының болуы қоныстануға Ұлы даланың әр түрлі көшпелілер топтары қатысқандықтан деп есептейміз. Олардың құрамында Қазақстанның батыс аймағын мекендеген массагеттер көп болған және олар қоныстануға үлкен әсер тигізген. Сонымен бірге қоныстануға, Аристейдің айтуынша, солтүстік- орталық Қазақстанды мекендеген тайпалар да қатысқан. Б.з.б. VІ ғ. Ахеменид әулетінің патшалары 3 рет (б.з.б. 540, 530, 519 жж) өз әскерлерін сақтарға қарсы аттандырды. Бірінші рет Кир-Яксарттың (Сырдария) маңында Күрестас қала бекінісін тұрғызды. Екінші жорығында Каспийден шығысқа қарай мекендеген массагеттерге қарсы бағыт алды, осы жорықта Кир патша қаза болды. Бұл оқиға жайында бірнеше аңыздар бар: Ширақ,Спаргапис, Томирис және адам қанымен толтырылған мес ыдыс туралы... Антика деректерінде б.з.б. 519 ж. парсылардың скифтерге қарсы соғысы жайлы айтылады.

Дарий 150 жыл бұрын Мидияға басып кірген сақтардан кек алуды көздеді, деленеді аңызда. Парсы патшасының әскері 700 мың адамнан және 600 кемеден тұрды. Скиф даласына кіру батыстан басталды. Геродоттың айтуынша, сақтардың атты жасағы қарсыластарды ылғи қуғынға ұшыратып отырған. Бірақ парсылардың жаяу әскеріне сақтардың күші жеткен жоқ. Сақтардың шегінуіне тура келді, осы кезде парсылар сақ жасақтарын қуып не қалалары, не бекіністері жоқ далаға кездесті. «Ауыр жағдайға тап болған Дарийға сақ патшалары жұмбақ сыйлықпен елшілерін жібереді». Сыйлық құрамында құс, тышқан, көлбақа және бес жебе болған екен-мыс, парсылар бұлардың мәнін табуы керек еді. Осыған байланысты Дарий ғұламаларды жинап ақылдасты. Ақыры жұмбақтың шешімін Гобри деген қарт қолбасшы тапты. Бұның мәні: «Егер сендер, парсылар, құс тәрізді аспанға ұшып кетпесеңдер, немесе тышқан секілді жер астына кіріп кетпесеңдер, біздің жебенің астында қаласындар». Парсы әскері сақ жерінен кетуге мәжбүр болды.

Б.з.б. 519 жылы Дарий тиграхауда сақтарына жорық ұйымдастырды. Осы сақ тайпалары Сырдария өзенінен солтүстік – шығысқа қарай, яғни қазіргі Қазақстан территориясын мекендеген. Сонымен бірге Геродот хаомоварга- сақтары мен дайлар (дахтар) туралы айтқан. Ксеркстің Персеполь жазуында дайлар Ахеменидтерге тәуелді ірі халықтардың бірі деп көрсетілген. Александр Македонский кезеңінде Танаистан (Дон) келген дайлар басында гректермен соғысқан, кейін олар Александрдың әскері құрамында Үндістанға жорыққа қатысқан. Антик деректерінде массагет жауынгерлері жылқылардың кеудесіне мыстан жасалған сауыт кигізген деп жазады «тарих атасы» Геродот. Массагеттер этнонимін Қазақстанның далалы аймақтарының көшпелі тайпаларына қолданылады. Отырықшы өмір салтының жақсы тұрмысына үйренген гректер былай деген: «олар өте кедей тұрады, олардың не қалалары не тұрақты үйі болмаған, олардың еш байлығы болмағандықтан оларды қандай да бір соғысқа қатыстыру оңай іс еді» (Арриан).

Б.з.б. ІІІ ғасырда дайлар Скифияда үстем тайпаға айналды. Олардың бір бұтағы б.з.б. 238 жылы Иранда Александр мұрагерлерін ауыстырған жаңа әулетік империяны құрған (Аршакидтер). Сонымен бірге дайлар Кара теңіз маңына сармат тайпаларын ығыстырды.

Орталық Қазақстан аудандарында исседондар өмір сүрген. Мүмкін «мұртты қорғандарды» тұрғызған сол тайпа өкілдері болар. Орталық Қазақстанның кең сахарасында ерте темір дәуіріне жататын формасы жағынан біртекті, орнықты зират құрылысының үлгілері осылай аталады.

Сарыарқаның батысы мен шығысын, солтүстігі мен оңтүстігіндегі ашық дала мен таулы өңірлерді қоныстанып, өзен жағалауларын жайлаған, сақ тайпалары екі түрлі қорған ескерткіштерді тұрғызған. Оның бірі – тастан немесе топырақ араластырып үйілсе, екіншісі- тас, топырақ, сонымен қатар күн шығысқа бағытталған екі тас жалдан, яғни монументальді құрылыстардан тұрады. Ғылыми әдебиеттерде бұл қорғандарды «мұртты» қорғандар деп атайды. Орталық Қазақстан өңірінде орын тепкен өзге ескерткіштерге қарағанда, «мұртты» қорғандар үлкен зират болып саналмайды. Бір қорымда, көп болса, 10-15 қорған орналасқан. Қорғандардың екі түрінің ара салмағы бұл қорымдарда бірді беске немесе онға шаққандай, яғни, он кәдімгі қорғаны бар қорымда тас қатары (мұрты) бар бір қорған кездеседі. Әрине, бұл ара қатынас Орталық Қазақстанның барлық жеріне тән емес. Екінші типті қорғандары бар ірі қорымдар Орталық Қазақстанның таулы өлкесінің Ұлытау, Шет, Ақтоғай және Қарқаралы аудандарының жерінде жиі кездеседі. Осы аталған аудандарға іргелес жатқан перифериялық өлкелерде олардың саны біртіндеп азая береді. Жалпы айтқанда, «мұртты» қорғандардың орналасқан аясы анық: батысқа қарай оның шекарасы Ұлытау мен Есілдің басын, солтүстігінде Көкшетаудың Шортанды және Бурабай көлдерін, шығыста Баянауладан әрі Шыңғыстауға дейінгі таулы-қыратты өлкені қамтиды. «Мұртты» қорғандардың оңтүстік шекарасы Балқаш көлінің солтүстік атырабы мен Бетпақдалаға барып тіреледі.

Сонымен қатар біз нұсқап отырған меже ескерткіштердің ең бір шоғырланған тұсы, бұл жерлерден тыс өлкелерде де осы типті қорғандар болуы ғажап емес. Бұл ескерткіштердің өзгеше құрылымы Тасмола мәдениетін сақ-скиф заманының басқа да мәдени үлгілерінен ерекше бөліп алуға мүмкіндік береді.

Осы күні «мұртты» қорғандардың күрделі жерлеу комплексінің айғағы екендігі және оның бірнеше нұсқадан тұратыны зерттелді. Ол өте көлемді ортаңғы тас қорғаннан және шығысқа қарай немесе қашықтау орналасқан жауынгер аты жерленетін кіші қорғаннан тұрады. Осы кіші қорғаннан шығысқа қарай жал болып жалпақтығы – 1,5 – 2 м және ұзындығы- 20 - 200м, кейде одан да көп, екі қатар тас құрылыс жасалған. Тас жал жартылай доға болып созылып, басы мен аяғында дөңгелек қорған тектес құрбандық шалатың тас үйінділермен аяқталады. Соныменен, «мұртты» қорған дегеніміз үш құрамдас бөліктен тұрады: адам жерленген үлкен қорған, аттың қаңқасы, қару-жарақ және қыш ыдыстар сақталған кіші қорған және тас жалдар.

Сақтардың этномәдени ареалына «исседондардан жоғары» тұрған аримаспылар да жатады. Батыс Қазақстан территориясын савроматтар (сарматтар) мекендеген. Кейін олар батысқа қарай жылжып, Еділ сырты Оңтүстік Жайық өңірі мен Донның оң жағалауын басып алып, батыс скиф тайпаларын ығыстырады. Савромат тайпасымен амазонакалар деп аталатын жауынгер әйелдер жөніндегі аңыздар байланысты. Аңыз бойынша, эллиндер /яғни гректер/ амазонкалармен соғысып, Термодонт түбіндегі шайқаста оларды жеңіп, тұтқынға алған олар. Амазонкаларды үш кемеге отырғызып, теңізге шықты. Ашық теңізде жүзіп келе жатқанда амазонкалар еркектерге тап беріп, оларды шетінен қырып тастап, тұтқыннан босады. Бірақ өздерінің кемені жүргізуді білмегендігі себепті, не желкенмен, не ескекпен кемені басқара алмай толқын айдап, жел қуып, Меотия көліндегі (Азов теңізі) Шақпақ жартас деген жерге келіп тоқтады. Бұл Шақпақ жартас еркін скифтердің жерінде орналасқан еді. Осы жерде кемедегі амазонкалар адамдар мекеніне бағыт алып, жолда кездескен жылқы табынынан ат ұстап, атқа мініп, скиф иеліктерін тонай бастады...

... Ақыр соңында амазонкалармен соғысудан абырой таппасын білген скифтер оларға бір топ жас жігіттерді жіберіп, үйлендірді, сонымен, амазонкалар скиф тілінде сөйлейтін болды. Жас скифтермен қосылған соң олар Танаис (Дон) өзенінен әрі өтіп, қоныс сайлады. Осы ел кейін «савромат» (сармат) атанды. Осындай жағдайға байланысты савромат әйелдері ерте заманнан ерекше өмір салтын ұстанады, олар: атқа мініп еркектермен бірге немесе өздері-ақ аңға шығады, еркектермен бірдей киініп, соғысқа аттанады. Савроматтар скиф тілінде сөйлейді, бірақ ерте уақыттан бері тілі бөлектеу, себебі амазонкалар толық ол тілді меңгермеген.

Сонымен әр түрлі жазба деректер мен археологиялық қазба жұмыстардың нәтижесі б.з.б. VIII-VII ғ. сақ тайпаларының ежелгі - Ассирия мен Мидия өркениеттерімен, ал б.з.б. VI ғ. ортасында Ахеменид мемлекетімен (Иран) қарым-қатынаста болғанын көрсетеді. Сақтар көптеген әлемдік тарихи оқиғаларға қатысты. Әсіресе Иранмен біресе – одақтастар, біресе қарсыластар ретінде (б.з.б. 540 жылы Кир жорықтары, б.з.б. 530, 519 жылдары Дарии) тығыз қарым-қатынаста болды. Б.з.б. IV ғ. 30-жылдары грек- македондықтар Ескендір Зұлқарнайынның басшылығымен скиф-сақ жеріне басып кірді. Жетісу сақтары туралы Қытай жылнамаларында айтылады. Б.з.б. II ғ Шығыс Түркістаннан ығыстырылған юечжілер мен үйсіндер Жетісудағы сақтарға төнді. Сақтар бірнеше бағытта Сырдарияға кетіп, Александр мұрагерлерінің үстемдігін жойды.

Б.з.б. І мыңжылдықтың ортасында сақ-скиф тайпалары конфедерациясы әлі де мықты болған. Көне грек авторы Фукидид «олармен «еуропалық патшалықтардың біреуін де салыстыруға болмайды. Олар бірігетін болса, оған қарсы тұра алатын Азияның бірде-бір халқы жоқ» деп жазды. Скифтердің әлсіз орталықтануы мемлекеттік биліктің әлсіздігі әр текті этникалық және тайпалық құрамына байланысты.

Б.з.б. ІІ ғасырда оңтүстік-шығыс Қазақстанның сақ тайпалары Яксарттан өтеді, олардың құрамында: тохарлдар, ассиандар, сакарауктар болған. Сақ қауымы олардың ішінде сакарауктарды – ақшыл сақтар деп атаған.

Жетісудан кеткен сақтар Сырдарияның орта ағысында орнықты (Қаңлы қонысы), кейін Бактрияны басып алып, Ұлы қоныс аудару кезінде өзге елдермен кеткен. Б.з.б. ІІІ ғасырдың соңы – ІІ ғасырдың басында сақтардың біраз бөлігі Солтүстік Үндістан территориясына дейін жетті.

Қазақтың шежіре деректерінде ерте көшпелілер дәуірі аңызға айналған Оғыз хан (Уыз хан) есімімімен байланыстырылады. «Біз Уыз ханның ұрпақтарымыз. Киіз үй Уыз ханның бұйрығы бойынша жасалды. Қазақтардың киіз үйі Уыз ханнан»,- деп, белгілі шежіреші, ауызша деректердің мол қорын жинақтаған М.Ж Көпеев жазды. Шығыстың деректерінде де Уыз хан туралы айтылады. Әбілғазы бахадүр айтуы бойынша Оғыз хан көптеген елдерді басып алып, «басы Сайрам, аяқ жағы Мысыр болған бүкіл аймақтарда билеушілерді тағайындап, өз жұртына оралды». Ғалымдардың жазуына қарағанда Оғыздың түпкілікті жұрты – Ұлытау мен Кішітау, Ортау мен Қазалық таулары, Қарақорым, Борсық құмы. Сөйтіп, ерте көшпелілер дәуірінде сақ-скиф тайпалары дүниежүзілік тарихқа өз ықпалын елеулі түрде тигізді.