Намазалы омашев радиожурналистиканың теориясы мен тәжірибесі

Вид материалаДокументы

Содержание


Viiі тарау
Бұқаралық ақпарат құралының пәрменділігі мен шығармашылық ізденісінің нәтижелілігі
Аудиторияны зерттеудің әдіс-тәсілдері мен пішіндері
Редакцияға телефон арқылы хабарласу.
Интернет жүйесі.
Подобный материал:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   22

VIIІ ТАРАУ


РАДИО АУДИТОРИЯСЫ. РАДИОХАБАР ТАРАТУДЫҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ НЕГІЗІ


  • Радионың аудиториясы



  • Аудиторияны зерттеудің әдіс-тәсілдері мен пішіндері



  • Радионың экономикасы



  • Эфирдегі хабарлардың рейтингісі



Радионың аудиториясы


Әлемнің бүгінгі келбетін коммуникация айқындайды. Ол қаншалықты жақсы дамып, өскелең сұраныстарды қанағаттандырса, арзан әрі сапалы болса, сол қоғам ашық деп есептеледі. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанда ашық экономикалық саясат орнығып, меншік формаларының қатар өмір сүруіне жол ашылды, техника мен технологиялар нарығы қалыптасты. Бірақ, бүгінгі БАҚ күрделі жанды организм және ол көп бағытты. Оның бір жағында шығармашылық ұжым, олардың ізденісі мен ұстанған бағыт-бағдары тұрса, екінші жағында одан да күрделі аудиториясы тұр.

Бұқаралық коммуникация құралдарының арасында радионың мүмкіндігі кең, әрі таралуы еркін. Радиосигналдың жетпейтін жері жоқ, аз шығынмен оны қандай қашықтыққа болсын жеткізуге болады. Тіпті телевизияның мұндай қамтуға техникалық мүмкіндігі шектеулі. Шағын қуатты күшейткіштер телевизиялық сигналды ары кетсе 5-10 шақырым радиусқа жеткізеді, ал сол қуатпен радиосигнал одан ондаған есе қашықтыққа тарайды. Мұны социологиялық зерттеулер де дәлелдеп отыр. БАҚ саласында мониторинг жүргізумен айналысатын "Гэллап медиа Азия" фирмасының мағлұматтары бойынша қазақстандықтар радионы орташа 220 минут тыңдаса, телевизияны 176 минут көреді. Орташа тәуліктік тыңдармандар саны 500 мыңға дейін жетеді. Яғни, әрбір үшінші қазақстандық радионың күнделікті белсенді тыңдаушысы болып табылады. Радио адамдардың сенімді серіктесіне айналып, күнделікті тыныс тіршілігіне біте қайнасып араласып кеткен, әлеммен және айналасымен қарым-қатынастың қайнар көзіне айналған.

Радионың мұндай кең ауқымды таралуы оның физикалық және психологиялық табиғатынан туындайды:
  • Біріншіден, ақпарат жеткізетін электромагнитті тербелістер радиокүшейткіш қуаты жететін аумақты түгел қамтиды, яғни
    радиохабарлар барлық жерге дерлік еркін жетеді;
  • Екіншіден, радиосигналды бірқалыпты және сапалы қабылдайтын қазіргі заманғы қабылдағыштар шағын ғана болып келеді, әрі қуатты үнемді пайдаланады, соның есебінен адам кез-келген жағдайда, тәулік бойы радиотолқынға құлақ түріп жүре алады.

Радиоақпараттың аудиториямен қатынасы әр уақытта осылай болған жоқ, ол тарихи бірнеше кезеңді бастан кешіріп барып қалыптасты. Алғашқы радиохабарлар топтық (ұжымдық) сипатта болды, алаңдар мен көшеде, клубтар мен жиындарда тыңдауға бағытталды. 40-50-жылдары радио отбасылық сипат ала бастады, енді оны әр шаңырақта жеке тыңдайтын болдық. Ғылыми-техникалық прогрестің жаңа жетістіктеріне сай радио шағын ғана құралға айналды, сондықтан қазір ол көбіне жеке қабылдағыш ретінде пайдаланылатын болды. Радионы қазір көбіне үйде, көлікте, жолда, жұмыста тыңдаймыз. Оның аудиторияға бағытталуы өзгеруіне байланысты хабар тарату стилі де күрделі өзгерістерге ұшырады, алғашқы ұрандау, үндеу тәсілінен жақын, жылы қарым-қатынасқа дейін жетілді, қазір адамдардың көңілін аулау, демеуге, эмоциялық тепе-теңдікке жетуіне бейімділік танытып келеді.

Радиохабар тарату бүгінде кең аудиторияға бағытталады және оны екі категорияға бөлуге болады. Бірінші - мүмкін аудитория, яғни радиохабар аумағының барлығы соған жатады. Екінші - нақты аудитория, сол станция хабарларын ұдайы тыңдап, "өзінікі" санайтын тыңдармандар. Алғашқысы көбіне техникалық мүмкіндігімен байланысты болса, нақты аудитория уақыт өте келе, көбіне радиоарнаның шығармашылық күш-қуаты мен қарымына байланысты қалыптасады. Тиісінше, нақты аудитория радиостанцияның беделін, тартымдылығын, рейтингін және соған орай жарнама тарту мүмкіндігін айқындайды.

Арнаның табысты болуын айқындайтын факторлардың бірі радиожурналист пен тыңдарман арасындағы карым-қатынастың ерекшелігінен туындайды.

Радионың аудиториясы кеңістікте шашырап жатыр, соған қарамастан оның жиынтық белгілері де жоқ емес. Радио миллиондар аудиториясына бағытталғанымен, оны көбіне жеке немесе шағын топ болып тыңдайды. Сондықтан да журналистің әуе толқынындағы әңгімесі солардың әрқайсысының жүрегіне жеке жол табуы тиіс. Барлық аудиторияның сұраныстары мен қажеттіліктерін дөп басу, ортақ тақырып таңдау, оларға қызықты әңгіме қозғау, көңіл күйін табу, соған сәйкес қарым-қатынас стилін қалыптастыру журналистен кәсіби біліктілік пен білімді, парасаттылықты талап етеді. Аудитория дөрекілік пен менсінбеушілікті кешірмейді, мүмкіндігінше жылы сөйлеп, жоғары мәдениет таныту керек. Сонда ғана екі арадағы қатынас сенімге ие болады, хабар ашыла түседі, діттеген мақсатына жетеді.

Радионың аудиториясы тек қана шашыраңқы емес, сонымен бірге психологиялық әркелкі де. Өйткені, сол сәттегі тыңдарманның көңіл күйі әртүрлі болып келеді және хабар тыңдаудағы мақсаты, оны жетектеген мотив әрқалай болып жатады. Біреу ақпарат алғысы келеді, екіншісі көңіл көтеруге бейім, енді біреу тілдесуге, сұхбаттасуға зәру. Міне, осының бәрінің ортақ белгісін тауып, көңіл хошын қанағаттандыру, назарын аудару күрделі психологиялық міндет. Радиохабардың тағы бір ерекшелігі — ол көбіне бір бағытты, тыңдарманына қарай бағытталған, кері байланыс жоқтың қасы, телефонмен мыңнан біреулер ғана хабарға қатысып жатады. Яғни, эмоциялық шарпу, түйісу сәтін эфирдегі автор сезіне қоймайды. Театр мен концерттегі көңіл-күй ахуалы басқаша, аудитория реакциясы сезіліп тұрады, соған байланысты өнер иесі өз бағдарламасын реттеп отырады. Ал, радиоэфирдегі әңгіме құмға сіңген судай әсер қалдыруы мүмкін. Көпжылдық тәжірибе оның қате екендігін дәлелдеді. Журналист үшін көз алдыңда жоқ "сағым" аудиторияны сезіну екінің бірі қол жеткізе бермейтін қасиет, ол шығармашылық жанның дарынымен қатар жүреді. Осы арада қазақ радиожурналистикасындағы белгілі тұлға Әнуарбек Байжанбаев феноменін еске алудың реті келіп тұр. Бір жылдары бүкіл тыңдарман Қазақ радиосын осы диктор арқылы танып, білді, оқыған хабарларын ұйып тыңдады, содан оның айтқандарына деген сенім орнықты, "менікі" деген меншіктік сезім, жақындық қалыптасты. Тіпті, жүздеген адам еңбек ететін шығармашылық ұжымға хат жазса да Әнекеңнің атына жазды, жүзін көрмесе де мұңын айтты, көңілін ақтарды, танымаса да көмек сұрады. Міне, "ғайып" тыңдарманмен психологиялық қарым-қатынас орната білудің құдіреті, жандылығы.

Тағы бір мысал. Қазақ ұлттық университеті журналистика факультеті студенттерінің белгілі ресейлік тележүргізуші Александра Буратаевамен (қасаң стереотипті, көпжылдық сеңді бұзып, Ресей телеэфирінде «титулды» ұлттан басқа да ұлт өкілдерінің жүргізуші бола алатындығын дәлелдеген, сауатты сөйлеуімен және өзіне ғана тән психологиялық иірімдерін таба білген, телеэкранның ажарын ашқан, сөйтіп мыңдаған көрерменін жанына жақын тұтқан өнер иесі, қазір үлкен саясатпен айналысып жүр, Ресей Мемлекеттік думасының депутаты) кездесу кезінде мынадай естелік айтылды. Аймақтық телеарнаның жүргізушісі болып жүрген Буратаева Мәскеудегі телерадио қызметкерлерінің білімін жетілдіру курсында дәрістер тыңдайды. Дикторлық істің майталман шеберлері мастер-класс өткізеді. Біз "радиоға шығасың" дегенде олпы-солпы киініп, қалай болса солай бара салатынбыз, - деп еске түсірді А.Буратаева. Тәжірибелі дикторлар болса, дайындықсыз микрофон алдына отырмайды, тіпті тыңдарманы көрініп тұрмаса да, еріндерін бояп, шаштарын түзеп қана эфирге шығатындығын өнеге етіп, көрсеткен көрінеді. Яғни, эфир алдындағы психологиялық көңіл-күй мен алыс тыңдарманды сезінудің өзі радиожурналистің шығармашылық шабытын қозғайды, жігерлендіреді, кері байланыстың жауапкершілігін сезіндіреді. Журналист қай уақытта да осыған дайын болуы, яғни өзін тез өзгертіп, бейімдей қоюы қазіргі заманғы кәсіби талаптың бірі. Өкінішке орай, бүгінгі эфирде мұндай жауапкершілік әркез сақтала бермейді. Көбіне эфир уақытын толтыруды ғана мақсат тұтатын ұзынсонар мәнсіз әңгімелер, боссөзділік, заржақтық, жеңіл күлкі мен саяз ой, тіпті тақырыптың өзін жеңіл таңдауы, оның ашылмауы жиі кездесіп жүр.

Аудиториямен катынаста радиостанцияның бағдарламалық түрі, бүгінгі ұғымдағы форматы маңызды рөл атқарады. Соған байланысты радиоарналар аудиториясын шамалап, тақырыптарын таңдайды, бағдарламалар кестесін түзеді, стилін қалыптастырады, ортақ талаптарына сәйкес қызметкерлерді жұмысқа тартады. Қазір бізде Қазақ радиосы ғана қоғамдық-саяси радиостанция болып табылады және форматы жағынан ақпараттық-сазды болып келеді. Басқа радиостанциялардың барлығы дерлік музыкалық форматты алдыңғы қатарға шығарған, ақпараттардың үлес алмағы өте аз, арнайы сараптамалық бағдарламалары жоқ. Соның ішінде, "Шалқар" радиосы көбіне "Алтын қордағы" материалдарды қайталап ұсынады, музыканы көп таратады. "Ретро" радиосы өткен жылдардың музыкасын еске салып отырады. "Авторадионың" тыңдарманы көбіне жүргізушілер мен жолаушылар болғандықтан соларға қатысты ақпарат пен жарнаманы көп береді. Басқа радиостанциялар белгілі бір музыкалық бағытқа және аудиторияға бағытталған саясат жүргізеді.

Радиохабарын қабылдау көптеген психологиялық факторлардың басын қосатын өзгермелі де карқынды процесс. Радионы тыңдаудың өзіндік ерекшелігі бар және оны төмендегідей типтерге бөлуге болады.

Тыңдарман-іздеуші радиоқабылдағышты бұрап отырып, өзінің рухани сұранысына және эмоциялық көңіл-күйіне байланысты арнаны таңдайды.

Радиохабарды негізгі іспен айналысып жүріп, саналы түрде қабылдамай екінші қатарда тыңдауға да болады, бұл фондық деп аталады. Яғни, радиодан тарап жатқан сөз бен сазға аса зейін қоя бермейсіз, бірақ не айтылып жатқаны көмескі болса да белгілі, қажет жағдайда назарыңызды аударып, толыққанды тыңдарманға ауыса аласыз.

Іріктеп тыңдау - әркім талғамына сай өзін қызықтыратын мағлұматтар мен хабарларды іздеп отырып тыңдайды, зейін қойып, саналы қабылдайды.

Мақсатты тыңдау - ақпаратты тыңдауға барынша назар аударылады. Күнделікті кестедегі уақытын күтіп отырып тыңдайсыз. Болмаса белгілі бір авторлардың эфирге шығуын күтесіз. Ауа райы туралы деректің өзіне мақсатты түрде назар аударасыз. Яғни, психологиялық күш-қуатыңыз хабарды толық тыңдап, қабылдауға жұмсалады.

Әрине, аталған типтер таза күйінде сирек кездеседі, көбіне араласып кетеді, бір күйден екіншісіне ауысады.

Қазіргі ақпараттық тасқын жағдайында адамның санасы сырттан келетін қысымды шектеп, таңдап, екшейтін қабылдауға бейімделуде. Үнемді ойлау принципіне сай маңызды, қажет деген ақпаратқа психологиялық күш жұмсалып, жадыда сақталады да, кейбір мағлұматтар назардан тыс қалады. Сондықтан, радиожурналист үшін аудиторияның талап-тілегін ескеру, назарына ілігетін ақпаратты ғана жеткізу оңай шаруа емес. Осыны ескеріп, радиоарналар өз аудиториясын шектеуге, дұрысы нақтылауға ұмтылып келеді.

Бұқаралық ақпарат құралының пәрменділігі мен шығармашылық ізденісінің нәтижелілігі де айналып келгенде аудиторияның қабылдауына байланысты. Айтылған сөз құлаққа жетіп, санаға сәуле түсірмесе, сезімді шымырлатпаса, далаға айтылғандай болады. Сондықтан әр редакция, әр арна өзінің аудиториясын зерттеп, біліп, кері байланыс жасайды, соған байланысты ақпараттық саясатын белгілеп, түзетулер енгізіп отырады.

Радиоаудиторияны зерттеудің арнайы әдіс-тәсілдері, мамандандырылған қызметтері қалыптасқан. Радиостанция басшылары бұл іске маңыз беріп, қажетінше қаржыландырып, тапсырыстар беру аркылы жүйелі мағлұмат алып отырғаны жөн. Радиожурналист те өзінің күнделікті жұмысында аудиторияны сезініп, солардың талап-тілектеріне құлақ асып жұмыс істесе, еңбегінің нәтижесі де бірден көзге көрінеді, әрі пәрменді болады.

Аудиторияны ғылыми зерттеудің әдістері, техникасы мен тәсілдері журналистің ақпаратпен жұмыс істеуіне ұқсас келеді. Дегенмен, осы салаға маманданған социологтар оны терең, әрі жан-жақты жүргізетіндігін назардан шығармаған абзал. БАҚ аудиториясын зерттеумен социологияның бір саласы - әлеуметтік социология айналысады.

Аудитория дегеніміз - бұқаралық ақпарат кұралдарымен қарым-қатынаста болатын: ақпаратты тұтынатын, өңдеуге және бағалауға қатысатын қоғамның бір бөлшегі, тұрғындардың бір тобы болып табылады. Аудитория ұғымының сипаты кең, ол бірнеше қырынан қарастырылады. Ақпаратты тарату сипатына қарай электронды құрал, яғни телевизия, радио және Интернет аудиториясы, немесе баспасөз аудиториясы болып бөлінеді. Қамту аумағына қарай радио республикалық, облыстық, аудандық немесе қалалық және ішкі тораптық болып жіктеледі. Сол сияқты әр бағдарламаның, радиожурналдың, айдардың, радиостанцияның, тіпті жүргізушінің өз аудиториясы қалыптасады. Сонымен бірге әлеуметтік демографиялық белгілеріне қарай да аудитория белгілі бір сипаттарға ие болады. Мысалы, жастар аудиториясы, зейнеткерлерге арналған бағдарлама, діни бағдарламалар, әйелдер аудиториясы, неміс немесе кәріс тілді тыңдаушылар, әскери қызметкерлерге арналған топтама сияқты жіктеле береді. Тіпті соңғы жылдары әлемдік тәжірибеде ер мен әйелдер аудиториясын ажырату да бел алуда. Яғни, белгілі бір арнада әйелдердің сұраныстарына, қызығушылығына арналған хабарлар басым болады. Радиотыңдаушылардың табысына қарай бағытталған хабарлар, сол арқылы байлық пен кедейлікті ескеретін арналар да кездеседі. Сол сияқты кейбір станциялар тыңдармандардың өмір салтын, кәсібін де ескереді, өз бағдарламаларын үй шаруасындағыларға немесе автомобилистерге арнайды. Аудиторияның қызығушылығына қарай спорттық хабарлар және діни бағыттағы арналар да өміршеңдігін дәлелдеуде.

Әрине, мұның бәрінде шарттылық басым, көбіне бір тыңдаушының өзі соның бірнешеуін қамтуы да мүмкін ғой. Көлік жүргізеді, спортты жақсы көреді, дінге сенеді, музыкаға да бейім дегендей. Дегенмен, социолог мамандар радиохабар өз аудиториясын мүмкіндігінше дәл анықтап, адресті жұмыс істесе, соғұрлым рейтингі жоғары болатындығын, пәрменділігі өсетіндігін дәлелдеп отыр. Бүгінгі ақпараттық тасқын жағдайында оны ескермесе тағы болмайды.


Аудиторияны зерттеудің әдіс-тәсілдері мен пішіндері


Редакция поштасын талдау. Редакцияға келіп түскен хаттар редакциялық және журналистік қызметтің маңызды буыны болумен қатар, тыңдарманның көзқарасы мен сұранысын жеткізетін бірден бір құжат, тіпті белгілі бір топтардың, тіпті қоғамның пікірін саралайтын дереккөз болып табылады.

Радио тарихында, оның қалыптасуы мен дамуында хаттардың атқарған рөлі аса зор. Олар ресми түрде тіркеліп, бақылауда болады, қажеттілігіне қарай жауап қайтарылады. Радиоға жазылған хаттар бойынша небір проблемалар көтеріліп, жария болғаны, тіпті сыналғандар қызметінен кетіп, сот алдында жауап берген мысалдар көптеп кездескен. Радиожурналист адам жанына арашашы болған, тағдырын күрт өзгерткен, болмаса дарын мен таланттарды көпке таныстырған, құпияны жарыққа шығарған жағдайлар өте көп. Дегенмен, қазіргі пікір сан алуандығы жағдайында радио ондай жазалаушылық сипатын тоқтатты, қазір негізінен ақпараттандыру мен пікір туғызуды ғана мақсат етеді. Соған қарамастан, радиоэфир жаңалық жаршысы, жақсының жалаушысы, кесірді айыптаушы, кемшілікті бетке басушы, таланттың демеушісі болып қала береді.

80-інші жылдары Қазақ радиосының редакциялық қоржынына күніне мыңдаған хаттар келіп түсуші еді. Соның бәрі дерлік ескерусіз қалмайтын. Қазір хат жазу сирексіді, айына ондаған ғана хат тіркеледі. Көбіне музыкалық сипаттағы тапсырыс хаттар жазылады.

Дегенмен, журналист әр хаттағы акпаратты жіті сүзіп, талдау жасап отыруы тиіс, сол арқылы тыңдарман көңіл-күйін, ықылас, бағасын біледі, өз қызметіне түзетулер енгізеді. Қажет жағдайда топтап, хаттарға шолу даярлап, эфирге шығарады.

Хатты жіктегенде радиоаудитория да көріне бастайды. Хаттың авторы кім, жасы қай шамада, қай тақырып қызықтырған, қай жерден жазылған деген сұрақтарға жауап таба отырып, аудиторияға да баға беріледі. Әрине, әр редакция хатпен әртүрлі жұмыс жасайды. Дегенмен, хат аудиторияның барометрі, ол белгілі бір хабардың танымалдығын және тиімділігін көрсетеді. Хатты зерттеу дегеніміз, аудиторияны бағалаумен бірдей.

Редакцияға телефон арқылы хабарласу. Хат жазудан гөрі қазіргі жағдайда редакцияға қоңырау шалу оңайырақ жүзеге асады және ол да тура сол міндеттерді атқарады. Әсіресе, үлкен қала жағдайында бұл тәсіл кеңінен қолданылады. Әдетте тыңдаушы редакцияға хабар көкейінен шықса, болмаса ұнамаса хабарласып, пікір білдіреді, өз бағасын береді. Қайткен күнде де журналист оны мұқият тыңдауға және байыпты жауап беруге міндетті. Көп жағдайда оны жазып алып, сараласа дұрыс болар еді. Өйткені, редакцияға соғылған қоңыраулар да хат сияқты кері байланыс жолы ғана емес, аудиторияны зерттеп-білудің маңызды буыны.

Соңғы жылдары тікелей эфир уақытында телефон арқылы байланысу, сұрақ қою, пікір білдіру тәжірибесі кең қолданыла бастады. Оның артықшылық жақтары көп, соның бірі эфирдегі әңгімені жандандырып, сенімділікті күшейтеді. Сонымен бірге кемшін тұстары да жоқ емес, мысалы, уақыт созу, нақты сұрақ қоймау, проблеманы баска жаққа аудару, тақырыптың ашылмай қалуы, жеке басын насихаттау сияқты жайларға орын беріледі. Дегенмен, білікті журналист соның бәрін саралап, аудиторияны зерттеуде пайдалануы, соған байланысты шешімдер қабылдағаны жөн.

Радиоаудиторияны зерттеудің басқа да арнайы шаралары жүзеге асырылады, көбіне онымен мамандандырылған социологиялық зерттеу мекемелері айналысады. Мұндай зерттеулер ғылыми негізде, жүйелі, әрі кешенді жүргізілгені және үлкен аудиторияны қамтығаны дұрыс. Яғни, радиоаудитория сан қырынан зерттелгенде ғана жасалған тұжырым объективті шығуы мүмкін. Мысалы, қамтылған аумақтың демографиялық ахуалы, радиоқабылдағыш көздері мен саны, оны тыңдаушылардың әлеуметтік топтары, қандай ақпаратқа мұқтаж, эфирден не күтеді, мәтін ұғынықты ма, радиожурналистке қандай баға береді, бағдарламалар несімен тартымды деген сияқты сан алуан сұрақтар қамтылады, оған әртүрлі саланың ғылыми қызметкерлері: журналистика теоретиктері, психологтар мен социологтар, статистер мен тіл мамандары, саясаттанушылар және басқалар тартылады. Сұрау салу, тест өткізу, эксперимент жасау, мәтінді құрылымдық талдау сияқты әртүрлі әдістер қолданылуы мүмкін. Міне, осындай жағдайда зерттеу терең де жан-жақты болып, олқылықтардың беті ашылады, тұжырымдар нақтыланады, ешнәрсе назардан тыс қалмайды. Нарық жағдайында мұндай шаралар едәуір шығынды қажет ететіндіктен, көп радиостанциялар социологиялық зерттеулерді үстіртін жүргізетін болып жүр.

Радиоаудиторияны айқындаудың әдісі ретінде анкеталық сұраулар, интервью алу да қолданылады. Яғни, қандай сұрақтарға жауап алу керектігі алдын ала даярланып, мүмкіндігінше әртүрлі әлеуметтік топтарға таратылып, жауап жинақталады, кейіннен сұрыпталады, соның негізінде қорытынды жасалады. Бұл журналистің ақпаратты талдау тәсілдерімен ұқсас болып келеді.

Ендігі бір аудиторияны айқындау тәсілі бақылау болып табылады. Бұл жағдайда арнайы бақылаушы радио аудиториясына қатысты нақты байқаулар жүргізеді, әртүрлі ортада болып, өз көзімен көргенді тіркейді, соның нәтижесінде түйін жасайды.

Қазіргі заманғы радиоаудиторияны зерттеу тәсілі ретінде аудиометрлік өлшеу әдісі қолданылады. Бұл жағдайда әртүрлі әлеуметтік топтардан зерттеу объектісі анықталады және сол адамдармен, әдетте отбасымен келісімшарт жасалады, соның негізінде арнайы өлшеу құралдары орнатылады.

Бұл құралдар радиотаңдаудағы барлық өзгерістерді уақыт өлшеміне қатысты тіркеп, әдетте автоматты түрде орталықтандырылған жүйеге жеткізіп отырады. Мысалы, сіз қай арнаны таңдадыңыз, қай жарнамаға назар аудардыңыз, қай уақытта арнаны ауыстырдыңыз, қанша адам қасыңызда болды - соның бәрі тіркеледі және эфирге хабар тарату кестесімен сәйкестендіріледі. Соның негізінде радиохабарлардың рейтингі, жарнамалардың тыңдау жиілігі, журналистердің танымалдығы анықталады. Сол сияқты көшеде кетіп бара жатқан көліктің қай радиожиілікті қабылдап бара жатқандығын тіркейтін электронды құралдар да жасалған. Бірақ, бұл құралдар қымбат болғандықтан күнделікті қолданылмайды, көп жағдайда арнайы тапсырыспен қаражатын төлеген жағдайда зерттеу жүргізіледі.

Қазақстанда мамандандырылған электронды БАҚ аудиториясын зерттеумен айналысатын мекемелер жұмыс істей бастады. Солардың ішінде беделдісі, дүниежүзіне белгілі Гэллап зерттеу институты компаниялар тобы әдістемесімен жұмыс істейтін "Гэллап медиа Азия" фирмасы. Олардың зерттеулеріне назар аударсақ, 2002 жылғы нәтижелер бойынша қазақстандық тыңдармандардың орташа саны тәулігіне төмендегіше болды:

Орыс радиосы - 965 000 адам;

Европа+ радиосы - 683 900 адам;

НСрадиосы- 410 000адам;

Қазақ радиосы - 252 500 адам;

Ретро радиосы - 145 300 адам;

Маяк радиосы - 108 000 адам.

Жас ерекшелігіне қарай аудитория төмендегідей бөлінген:



Жасы

Қазақ радиосы

Европа +

Орыс радиосы

Эн-Эс

15-19

1,5

31,4

33,9

15,5

20-29

2,1

23,8

42,6

15,1

30-39

4

24,6

38,7

14

40-49

4,9

15,8

36,4

16,3

50 +

24,9

10,4

24,4

9,5


Егер осы мағлұматтарға сенетін болсақ, Қазақ радиосын негізінен зейнеткерлер тыңдайды. Ал, іс жүзінде олай емес, еліміздегі бірден-бір мемлекеттік арнаның аудиториясы әлдеқайда кең, мүмкіндіктері зор. Өкінішке орай, осы жинақтаудың әдістемесі дұрыстығына күмән келтіруге тура келеді. Қателіктің бір қыры - зерттеуді жүргізетін мамандарға қатысты. Социологиялық зерттеулермен және жарнама агенттіктерінде көбіне орыс тілді азаматтар айналысып жүр, мұның өзі мағлұматтардың шынайылығына әсер етеді. Көбіне қазақ тілді аудиторияның талап-тілегі ескерілмей қалатын тұстар жиі кездеседі, кейде әдейі бұрмалайтыны да орын алады. Жоғарыдағы мағлұматтарды саралап қараған адамға қазақ тілінде жарнама беру тиімсіз, оның аудиториясы жоқ деген де жымысқы емеурін қылтиып көрінеді. Яғни жарнаманы орыс тілді арналарға көбірек бұру мүддесі басып кетіп жатады.

Ал, Алматы қаласының тәуліктік орташа тыңдармандар саны мынадай:

Орыс радиосы – 227 500 адам;

Европа+ радиосы – 186 200 адам;

НС радиосы – 145 600 адам;

Ретро радиосы – 127 800 адам;

Қазақ радиосы – 106 600 адам;

Авторадио – 65 800 адам;

ХитФМ радиосы – 60 600 адам;

Наша радио – 39 500 адам;

31 радиосы – 32 500 адам;

Шаһар радиосы – 17 400адам;

Шалқар радиосы – 13 400 адам.

"Гэллап медиа Азия" фирмасының бұл мағлұматтары өте дәл деп айта алмаймыз. Өйткені, олар негізінен ірі қалаларда зерттеу жүргізеді де, аймақтық аудитория ескерусіз қалады. Оның үстіне қазақ тілді тыңдармандардың үлкен тобы назардан тыс қалған тәрізді.

Интернет жүйесі. Бүкіләлемдік ашық компьютерлік желі де бүгінде радиоарналар қызметімен біте қайнасып жатыр және ол да аудиторияны зерттеу мен қалыптастырудың бір көзі болып табылады. Интернет арқылы "реал-аудио" режимінде эфирдегі хабарды дүниежүзінің кез келген нүктесінен тыңдау мүмкіндігі алдыңғы тарауларда сараланды. Сонымен қатар, көпшілік радиоарналар өз веб-сайттарын ашып, онда өз қызметтерімен таныстырады, бағдарламаларының мазмұнын жеткізеді, журналистерінің шығармашылығын насихаттайды, кері байланыс орнатады, сұрау салады, тыңдарман сұрақтарына жауап қайтарады, т.б.. Міне, осылайша кері байланыстың, аудиторияны зерттеудің жаңа бір түрі қалыптасып, қарқынды дамып келеді. Осы мақсатта көбіне электрондық пошта, кейде форумдар мен чаттардың мүмкіндіктері кеңінен қарастырылады. Веб-сайтқа қойылған есептегіш құрал да сол бетті қанша адам ашып оқығандығын көрсетіп тұрады. Соңғы кезде Интернет арнайы музыкалық шығармаларға тапсырыс берудің тиімді құралына айналды және ол көбіне жастар аудиториясында кеңінен танымал. Сол сияқты Интернет арқылы музыкаға дауыс беру, сол күннің, болмаса аптаның, не айдың ең танымал шығармасын, не орындаушыны айқындау да кеңінен етек жаюда. Сонымен қатар осы мақсаттарға қалталық ұялы телефондар да, әсіресе оның қысқа мәтін жеткізу (SMS) қызметі жиі қолданылып жүр.

Міне, осы технологиялық жаңалықтардың барлығы ескеруді, ілесіп отыруды және жүйелеп, баға беруді қажет етеді. Радиоарна басшылары мен қызметкерлері тыңдарман аудиториясын кеңітетін кез келген мүмкіндікті назардан тыс қалдырмағандары жөн. Өкінішке орай, Қазақстанда Интернет технологиялардың даму қарқыны баяулау, көбіне жеткілікті назар аударылмайды. Орыс тілі басым радиостанциялардың өзі көбіне Интернет ақпаратын ұдайы жаңғыртып, белсенді қолдап отырмайды. Қазақ тілді аудиторияны қызықтыратын мағлұмат тіпті де жоққа тән. Дегенмен соңғы жылдары мемлекеттік ақпараттық қауіпсіздікті күшейту тұрғысынан кешенді бағдарламалар қабылданып, жүзеге аса бастағандығы, соның қатарында Интернет жүйесін дамыту қарастырылғандығы үміт ұялатады, технологиялық өзгерістерден еліміз де қалып қоймайды деп сенеміз.