01. 01 диссертациялық кеңесінің мәжілісінде қорғалады

Вид материалаДиссертация

Содержание


30 » қыркүйекте
КІРІСПЕ Жұмыстың жалпы сипаттамасы
Зерттеу тақырыбының өзектілігі.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері.
Зерттеу әдістері
Зерттеу дереккөздері.
Зерттеудің теориялық және әдіснамалық негіздері.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы
Зерттеудің теориялық маңызы.
Зерттеудің практикалық маңызы
Зерттеу жұмысының жариялануы мен мақұлдануы.
Негізгі бөлім
1.1.Тіл біліміндегі контрастивті типология және мөлшер сөздердің зерттелуі.
1.2. Қытай тіліндегі мөлшер сөздердің зерттелуі.
1.2.1. Орыс тіл біліміндегі қытай тіліндегі мөлшер сөздер мәселесі.
1.3. Қазақ тіліндегі мөлшер атауларының зерттелуі.
1.5. Қазіргі қытай тіліндегі мөлшер сөздердің даму жолдары.
2.1. Қытайда және қазақ тілдеріндегі мөлшер сөздердің дистрибутивтік ерекшеліктері.
2.2 Қазақ тіліндегі мөлшер сөздердің мағыналық, құрылымдық жүйесі
2.3 Қытай тіліндегі мөлшерлік сөздерді айқындайтын үстеулер.
...
Полное содержание
Подобный материал:
  1   2   3


ӘОЖ 81’366: [581+512.122 Қолжазба құқығында


ДЖЕЛЬДЫБАЕВА РАУШАН БАЗИКЕНҚЫЗЫ


МӨЛШЕРЛІК ҰҒЫМДЫ БІЛДІРЕТІН СӨЗДЕРДІҢ ҚЫТАЙ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ТІЛДЕРІНДЕГІ ВАЛЕНТТІК-ДИСТРИБУТИВТІК ЗАҢДЫЛЫҚТАРЫ


10.02.20. – салыстырмалы-тарихи, типологиялық және салғастырмалы тіл білімі


Филолология ғылымдарының кандидаты

ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның


АВТОРЕФЕРАТЫ


Қазақстан Республикасы

Алматы, 2010


Жұмыс Абылай хан атындағы қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті қытай филологиясы және аударма кафедрасында орындалды




Ғылыми жетекшісі: филология ғылымдарының докторы,

профессор Б.Қалиев


Ғылыми кеңесші: филология ғылымдарының кандидаты,

доцент Т.Қалибекұлы


Ресми оппоненттері: филология ғылымдарының докторы,

доцент Б.К.Мурзалина


филология ғылымдарының кандидаты

Ж.С.Қаңлыбаева


Жетекшi ұйым: әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық

университеті


Диссертация 2010 жылы «30» қазан күні сағат 11-де Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің жанындағы филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі Д14А.01.01 диссертациялық кеңесінің мәжілісінде қорғалады.


Диссертациямен Абылай хан атындағы қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің ғылыми кітапханасында танысуға болады.


Автореферат 2010 жылы « 30 » қыркүйекте таратылды.


Диссертациялық кеңестің

ғалым хатшысы,

филология ғылымдарының

докторы, доцент Шайбакова Д.Д.


КІРІСПЕ

Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Жаһандану үрдісі халықтар мен этникалық топтардың арасындағы мәдени, саяси, тіл байланыстарын нығайтуға өз әсерін тигізуде. Бүгінгі өмір талабы әр түрлі халықтар мен мәдениеттің араласу және өзара түсінісу мәселесін барынша жоғары деңгейде қарауды талап етіп отыр. Адамдар бір-бірімен өзара қатынаста болу үшін, бір-бірінің мәдениетін, тұрмыс-тіршілігін, тілін, дінін жете білуге тырысады, осы тұрғыдан келгенде мәдениетаралық байланыс орнатуға құлшыныс жасайды. Мәдениетаралық қатынастың басты саласының бірі – шет тіл арқылы ұлттық әдебиет және мәдениетпен танысып, халықтар арасындағы қарым-қатынасты кеңінен жүзеге асыруға мүмкіндік алады.

Әлемнің тілдік бейнесін танудағы негізгі ұғым-түсініктің біріне мөлшер мазмұн да кіреді. Ғалымдар бұл категорияға ерте кезден бастап-ақ ерекше назарын аударып, оны философия, логика, математика, геометрия, физика, астрономия және тіл білімі сияқты ғылымдар тұрғысынан зерттеу нысаны болып келеді. Г.Гегель өлшем деп сапаның анықталған саны (мөлшері), өлшемі деп, тұрмыс-тіршіліктің аясында анықталған сандар, мөлшерлер, межелер, шамалар жүйесі деп танығандығы белгілі.

Мөлшер – адамдардың дүниетанымы, оны меңгеру мен бейнелеудегі басты көлемі іспетті ұғым. Адамның дүниетанымы, құбылыстар мен заттар, олардың көлемі барлығы да мөлшерсіз, шамасыз болмайды. Кез келген заттың, құбылыстың белгілі бір өлшемі, мөлшері болады.

Қытай тілі типологиялық жағынан дараланушы тілдер тобына жатады. Қытай тілінің негізгі ерекшеліктері деп сөздердің морфологиялық яғни тұлғалық өзгерістерге түспеуін, сөздердің орын тәртібі және көмекші сөздер арқылы грамматикалық мағына білдіруін, мөлшер сөздер ерекше көп қолданылуын атауға болады. Мөлшер сөздер жөніндегі зерттеу жұмыстарынан зат немесе қимыл- әрекеттің сандық мөлшерін емес, тек бірлігін ғана білдіретін сөздер қытай тілінде мөлшер сөздер деп аталады.

Мөлшер категориясы, лексикалық деңгейде өлшемдік ұғымдарды білдіретін сөздер мен сөз тіркестері түркітануда, қазақ тіл білімінде әр түрлі сөз таптарына қатысты айтылып, мөлшер мағынасын білдіретін зат есімдер, морфологиялық көптік категория (көптік жалғау, көпше түр, мөлшер, сандық категориясы), қимылдың өту сипаты категорияларының аясында қарастырылған.

Зерттеудің нысаны генеологиялық тұрғыдан туыстас емес қытай және қазақ тілдеріндегі мөлшер сөздер болғандықтан, бұл жұмыста «мөлшер сөз» деген термин ұсынылып отыр.

Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Жүйесі бір-біріне ұқсамайтын тілдердің негізгі ерекшеліктерін салғастырмалы зерттеудің жалпы тіл білімімен қатар шет тілдерін оқыту жұмыстарында да мәні зор, маңызы жоғары. Біздің зерттеу тақырыбымыз қытай тіліндегі мөлшер сөздерді қазақ тілімен салғастыра қарастыруымыз осындай қажеттіліктен туындап отыр.

Қытай және қазақ тілдеріндегі мөлшер бірліктері туралы қазақ тіл білімінде шағын мақалалар мен азын-аулақ лингвистикалық зерттеулер жарық көргені болмаса, толықтай зерттелді деп айту қиын. Осыған орай қытай және қазақ тілдеріндегі мөлшер сөздерді ғылыми тұрғыдан жүйелей отырып, олардың лексикалық, грамматикалық қырлары бойынша тілде қалыптасқан заңдылықтар аясында салғастыра отырып, халық игілігіне жарату тақырыптың өзектілігін көрсетеді.

Зерттеудің өзектілігі сөйлеушінің ақиқат шындықтағы мөлшер мағынасының қазақ тілінде берілуін кешенді түрде зерттейтін жұмыстың қажеттілігімен және осыны білдіретін тілдің әр түрлі деңгейлік құралдарының парадигмасын айқындауға, семантикалық құрылымын зерттеуге арналған еңбектердің болмағандығымен айқындалады.

Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Зерттеудің басты мақсаты – қытай және қазақ тілдеріндегі мөлшер сөздердің лексикалық-семантикалық топтарын жан-жақты анықтап, талдау жасау, қытай тілінің қазақ тіліндегі балама сөздерін және өзара ерекшеліктерін саралау, олардың қолдану ерекшеліктерін салғастыру. Осы мақсатқа жету жолында төмендегідей міндеттерді шешу ісі алға қойылды:
  • қытай тіліндегі мөлшер сөздердің пайда болуы мен даму жолдарын диахрондық тұрғыдан қарастыру;
  • қытай тіліндегі мөлшер сөздердің дербес сөз табы ретінде қалыптасуының негізгі себептерін ашып көрсету;
  • салғастырылып отырған екі тілдегі мөлшер сөздердің арнаулы және ауыспалы түрлерінің лексика-семантикалық белгілерін айқындау;
  • мөлшер сөздердің заттық және қимылдық түрлерінің лексика- грамматикалық ерекшеліктерін салғастыру;
  • мөлшер сөздердің сөз тіркесіндегі және сөйлемдегі орнына қарай валенттік қызметін айқындау.

Зерттеу әдістері. Диссертациялық жұмыста диахрондық-синхрондық, құрылымдық, тарихи-салғастыра зерттеу, сипаттау, компоненттік талдау жасау әдістері қолданылды.

Зерттеу дереккөздері. Жұмыстың мақсатына байланысты қазіргі қытай тіліндегі сөздіктер, журналдар, көркем туындылар, сондай-ақ қазақ тіліндегі көркем әдеби шығармалар, қазақ тіл біліміндегі тарихи-этнографиялық зерттеу материалдары мен түрлі сөздіктер, тақырыпқа қатысты екі тілдегі жарық көрген мәдени-танымдық және ғылыми зерттеулер мен мақалалар пайдаланылды.

Зерттеудің теориялық және әдіснамалық негіздері. Зерттеу жұмысының теориялық және әдіснамалық негізі ретінде тіл білімі теориясының негізін салушы қытай тілін зерттеуші ғалымдар: Ма Цзен Чжұң (马建忠), Ли Жиңший 黎锦熙), Уаң Ли (王力), Лүй Шушяң (吕叔湘), Гау Миң Кай (高名凯), Жаң Жыгұңның(张志公), Лу Чжі Вей (陆志韦), Диң Шыңшудың (丁声树), Жау Юанрын (赵元任), Диң Шыңшу (丁声树), Жоу Дыший (朱德熙), Жаң Жыгоң (张志公), Хы Жие (何杰), Ли Үймиң (李宇明) т.б. Зерттеу барысында мөлшер ұғымын білдіретін атауларға байланысты түркітануда А.Н.Баскаков, Л.А.Молчанова, Ф.И.Петрушевский, Г.Я.Романова, В.Г.Гузев, Т.Г. Бугаева, Н.К.Дмитриев, А.Н.Кононов, Д.М.Насилов, т. б. еңбектері, қазақ тіл білімінде А.Байтұрсынұлы, Ы.Маманов, А.Қалыбаева, Ә.Т.Қайдар, С.Исаев, Н.Оралбаева, Ә.Хасенов, Ә.Болғанбаев, Е.Н.Жанпейісов, Е.Ә.Аққошқаров, Б.Қалиев, А.Айғабылұлы, Ж.Ш.Ахмедова, А.Д.Данияров, Ж.Ж.Есеналиева, К.Қ.Күркебаев, О.С.Караджа, Л.М.Қабылдина, т. б. ғалымдардың еңбектері басшылыққа алынды.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы:

– қытай және қазақ тілдеріндегі мөлшер ұғымын білдіретін тілдік бірліктер лексика-семантикалық тұрғыдан қарастырылып сипатталды;

– қытай және қазақ тіліндегі мөлшер сөздер функционалды-семантикалық тұрғыдан лексика-грамматикалық, морфологиялық және синтаксистік деңгейде кешенді түрде зерттелді;

–қытай және қазақ тілдеріндегі мөлшерлік ұғымды білдіретін тілдік бірліктердің мағынасы лингвомәдени және концептілік тұрғыдан қарастырылды;

– қытай және қазақ тілдеріндегі заттық мөлшер сөздер мен қимылдық мөлшер сөздердің функционалдық қызметтері сараланды;

– қытай және қазақ тілдеріндегі мөлшер сөздердің изоморфизм және алломорфизмдер көркем-әдеби туындыларға сүйене отырып дәлелденді.

Зерттеудің теориялық маңызы. Бір тілді екінші бір тілмен, әсіресе генетикалық жағынан бір-бірінен алшақ жатқан тілдерді контрастивті түрде салғастырудың лингводидактикалық мәні шетел тілін оқу мен оқыту кезінде олардың ұқсас сипаттарын тани отырып және таныта отырып, айырымдық жақтарын саналы түрде пайымдаудан көрінеді. Қытай тіліндегі мөлшер сөздерді дербес сөз табы ретінде лексика-грамматикалық ерекшеліктерін жан-жақты сипаттап көрсетумен бірге оны қазақ тіліндегі ұқсас формалармен салғастырудың, әсіресе сөздерді топтастырудың белгілері, принциптері және өлшемдерінің жүйесі ұқсамайтын екі тілдегі сөздердің лексикалық мағыналары мен сөйлемдегі синтаксистік қызметтерін екі тіл бойынша салғастыра зерттеудің теориялық маңызы зор.

Зерттеудің практикалық маңызы. Зерттеу барысында қол жеткізген теориялық тұжырымдар мен нәтижелер Тіл біліміне кіріспе, Жалпы тіл білімі пәндерін жаңа деректермен толықтырады. Жоғары оқу орындарында қытай және қазақ тілдерінің салғастырмалы грамматикасын, қытай тілі грамматикасын, лексикология, лингвомәдениеттану, қытай тілі грамматикасы бойынша мамандандыру пәнін оқытуда, сонымен қатар әдістемелер мен оқулықтар жазуда, аударма ісінде пайдалануға болады.

Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар:

1.Қытай тіліндегі мөлшер сөздер сөздік қордың жүйелі қабатын құрайды және тілді меңгертуде маңызды рөл атқарады;

2. Салғастырылған тілдердегі мөлшер сөздер өзіндік грамматикалық белгілерімен ерекшеленеді;

3. Құрылымы әр түрлі тілдерді жан-жақты салғастыру нәтижесінде қытай тілінің өзіндік ерекшеліктері айқындалды;

4. Мөлшер сөздер ұлттың ұғым-түсінігі, дүниетанымы, ұлт болмысы, мәдениетінен мәнді ақпарат береді;

5.Салғастырылған тілдердегі тілдік категориялардың ерекшелігі айқындалып, мәдениаралық коммуникациясындағы қызметі сараланды.

Зерттеу жұмысының жариялануы мен мақұлдануы. Зерттеудің негізгі тұжырымдары мен қорытындылары «Әлем тілдері» атты халықаралық ғылыми конференция (2001), «Тіл – Мәдениет – Адам» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция (2004), «Қазіргі халықаралық қатынастар және дипломатия философиясы» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция (2010), «Шетел тілін оқытудағы лингвомәдени амал: әдістер және технологиялар» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияларда (2010) ғылыми баяндама-лар ретінде және әр түрлі басылымдарда мақалалар түрінде жарияланды. Мақалалар Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің «Хабаршы» журналында (2008), әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Шығыстану» журналында, (2008), Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің «Хабаршы» журналында (2010) жарияланды.

Зерттеу жұмысының құрылымы. Диссертация кіріспе, үш тарау, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.


НЕГІЗГІ БӨЛІМ

Жұмыстың кіріспесінде зерттеу тақырыбының өзектілігі, мақсаты мен міндеттері, нысаны, әдіс-тәсілдері, дереккөздері, ғылыми жаңалығы, теориялық-практикалық маңызы, қорғауға ұсынылатын тұжырымдар және жұмыстың жариялануы мен мақұлдануы сипатталады.

Жұмыстың І тарауы «Қытай және қазақ тілдеріндегі мөлшер сөздердің дамуы мен зерттелу тарихы» деп аталады. Бұл тарауда тіл біліміндегі контрастивті типология және мөлшер сөздердің зерттелуі, қытай тіл біліміндегі мөлшер сөздер, орыс тіл білімінде қытай мөлшер сөздерінің сипатталуы, көне қытай тіліндегі мөлшер сөздердің шығу тегі және қазіргі қытай тіліндегі мөлшер сөздердің даму жолдары қарастырылады.

1.1.Тіл біліміндегі контрастивті типология және мөлшер сөздердің зерттелуі. Контрастивті салғастырмалы лингвистика – тіл біліміндегі ең жас саланың бірі. Әлем тілдерін жоспарлы түрде синхронды салғастыра зерттеу ХХ ғасырдың 60-70-жылдарында көптеген ғалымдардың, әдіскерлердің еңбектерінде бастау алған болатын. Салыстырмалы лингвистика мәселелеріне деген ынта- ықыластың өсуін шет елдік Р.Ладо, В.Матезиус, В.Скаличка секілді ғалымдардың еңбектерінен көруге болады.

Құрылымы әр түрлі тілдерді салғастыра зерттеудің маңыздылығына ең алғашқылардың бірі болып академик Н.Л.Марр терең мән берген еді [1, 410]. Ол былай дейді: «... нам нужны черты не только роднящие, но и разъединящие, нам нужен анализ парносближаемых языков и в их расхождениях». Л.В.Щерба, В.В.Виноградов, И.И. Мещанинов секілді көрнекті ғалымдар өздерінің еңбектерінде салыстармалы және салғастырмалы зерттеудің тіл білімінде алатын орны зор екендігін айқындап берді.

Жалпы тіл білімінде салыстыра және салғастыра зерттеу барысына көп еңбек сіңірген ғалымдар: М.М. Копыленко, С.Е.Исабеков, З.К. Ахметжанова, Э.Д.Сүлейменова, М.Т. Сәбитова, Т.А.Аяпова, Қ.Т.Рысалды, Н.С. Пак, К.К. Дүйсекова, А. Ислам, В.У.Махпиров, Г.Сағидолдақызы, Ж.Есеналиева т. б.

Салғастырмалы тіл білімін өзінің зерттеу нысаны, нақты мақсаты, міндеттері бар дербес сала деп дәлелдеген У.К.Юсупов контрастивтік зерттеудің принцип-терін атап көрсетті. Ғалым З.К.Ахметжанова салғастырмалы зерттеудің алты принципін айқындап берді. Ол әр түрлі тілдерді салғастыра зерттеудің ең басты принциптері ретінде семантикалық және функционалдық ұстанымдарды айрықша негіздеді және олар кейінгі зерттеулерге арқау болды, осылардың негізінде олар жан-жақты ашыла түсті.

Дж. Буранов лингвистиканың типологиялық салалары ретінде генетикалық типологияны, құрылымдық/структуралық типологияны, ареалды типологияны, салыстырмалы типологияны өзара ажырата келіп, салыстырмалы типологияның контрастивті лингвистикамен ара-жігін айқындап берді [2, 440].

Қазақ тіл білімінде қытай тілі мен қазақ тілін салғастыра зерттеуге арналған Ф. Дәулетованың “Қытай және қазақ тілдерінің салғастырмалы фразеологиясы” (1999 ж.) атты кандидаттық диссертациясы, Т.Қалибекұлының «Қытай және қазақ тілдеріндегі сөз тіркесінің құрылымы мен семантикалық ерекшеліктері» және Ж. Тұрсыналиқызының «Қытай және қазақ тілдеріндегі жай сөйлемдердің құрылымдық мағыналық топтары» деген еңбектерін атауға болады.

Тіл білімінде сандық және мөлшер мағыналы сөздер мен сөз тіркестері «түсіндірмелі сөздер» немесе «сандар мен зат атауларының арасында қолданылатын сөздер» (Гордлевский В.А.), «нумеративті сөздер» (Кононов А.Н. , Щербак А.М.), «счеттік есімдер» немесе «счеттік сөздер» («счетные имена», «счетные слова») (Баскаков А.Н., Кайдаров Ә.Т.) деп аталса, кейбір ғалымдар лексиканың бұл бөлігін атауда «сан-мөлшерді білдіретін сөздер» (Зейналов Ф.Р.) «мөлшерлік сөздер» (Летягина Н.И.), «есептеп шығарылатын» (считаемый), «есептеп шығарылмайтын» (несчитаемый), «санауға келетін» (исчисляемый), «санауға келмейтін» (неисчисляемый) сөздер, метрологиялық лексика, классификаторлар (Молчанова Л.А.), мезуративтер (Копыленко М.М., Акуленко В.В., Букреева С.А.), «халықтық номенклатура» (Дементьева Т.В.) деп атайды.

Зерттеуші Т.Г.Бугаева мөлшер, өлшем мағыналы сөздер мен сөз тіркестерін ішкі семантикалық құрылымдарына қарай классификаторлар, счеттік сөздердің жиынтығы, өлшемдік атаулармен байланысы бар құрылымдар деп үш топқа бөледі. Бұл терминдердің өзіндік ерекшеліктерін көрсетіп, әрқайсысына жеке-жеке анықтама береді [3, 273].

1.2. Қытай тіліндегі мөлшер сөздердің зерттелуі. Қытай тіл білімінің дамуы ертеден басталған, дегенмен көне заман қытай тілі грамматикасы туралы біршама жүйелі жазылған еңбектердің аз екендігі шындық. Бірақ бұл қытай тілі грамматикасы мүлде сөз болмады дегенді білдірмейді. Қытайдың бектер заманы ғылымның өркендеген дәуірі деп саналады. Тіл білімінің алғашқы өркендеуі осы кезден бастау алады.

«Мөлшер сөз» атауының мағынасына келсек, ол мөлшерлеу, шамалау дегенді білдіреді. Қытай тіл білімінде 1898-1952 жылдар аралығындағы ғылыми еңбектерде мөлшерге берілген атауларда бірізділік жоқ екенін байқауға болады.

1898 жылы Ма Цзенчжұң (马氏文通) «Грамматика сауаты» кітабының есім сөздер тарауында былай деген: «Өзі сөз емес, бірақ зат санымен қабысып келетін сөздер болады. Мысалы, ат, арба деген атаулардың алдында тұрады» [4, 67].

Қытайдың белгілі лингвистері Ли Жиңший (黎锦熙),Уаң Ли (王力), Лу Шусяң (吕叔湘), Гау Миңкай (高名凯), Лу Чжі Вей (陆志韦), Тан Жыңби (谭正壁), Жаң Жыгұң (张志公), Диң Шыңшу (丁声树) және Чың Ваңдаудың (陈望道) еңбектерінде мөлшер сөздер әр түрлі атаулармен аталып зерттелген. Америкалық қытай ғалымы Жау Юанрынның (赵元任) «Қытай тіліне кіріспе» атты еңбегінде мөлшер сөздерді «көмекші зат есім» деп қарастырған.

Тек ХХ ғасырдың 50-жылдарынан кейінгі уақытта ғана қытай тіліндегі сөз таптарының құрамында ол жеке сөз табы болып, ресми атау алды. 1954–1956 жылдары құрастырылған «Қытай тілінің мектеп грамматикасының уақытша жүйесі» оқулығында: затты немесе қимылды білдіретін мөлшер сөздерге «сандық мөлшер сөз» деген анықтама берілген. Пекин университетіндегі «Қазіргі қытай тілінің грамматикасы» оқулықтарында мөлшер сөздерді қытай тілінің сөз таптары құрамына енгізу мәселесі бойынша кейінгі жылдарда мөлшер сөздерді зерттеуші-лер Хе Жие мен Го Сианжын мен Ли Үймиң еңбектері аталады. Мөлшер сөздерге қатысты пікірлерді Жао Юанрен, Паул Кратович еңбектерінен кездестіруге болады.

Қытай тілі грамматикасы зерттеушілерінің қытай тіліндегі мөлшер сөздерді жүйелеу туралы жазған еңбектерін қарастыратын болсақ, олардың пікірлері әр түрлі. Ху Үйшу ( 胡裕树1962), Хуаң Борун (黄伯荣1979), Жаң Жыгоң (张志公1983), Ли Жиңший (黎锦熙) мен Лю Шыру (刘世儒1978) оларды әр түрлі топтарға бөліп қарастырады. Мәселен, олар заттық мөлшер сөздерді арнаулы және ауыспалы мөлшер сөздер деп екіге бөлген. Го Шауүй (郭绍虞1979), Ли Жиңший (黎锦熙) және Лю Шыру (刘世儒1978) өз еңбектерінде мөлшер сөздерді үш топқа бөліп көрсеткен.

Қытай Ұлттар Университеті филология факультетінің қытай тілі бөлімінің оқытушылары құрастырған «Қытай тіліндегі мөлшер сөздердің қолданылуы» деген еңбекте мөлшер сөздерді заттық мөлшер сөздер, етістік мөлшер сөздер, күрделі мөлшер сөздер деп үш топқа бөліп, «заттық мөлшер сөздер заттардың санын мөлшерлеуді білдіреді», «етістік мөлшер сөздер әрекеттің немесе қимылдың ретін санауды білдіреді», «ал күрделі мөлшер сөздер екі мөлшер сөздің бірігуі арқылы жасалып, күрделі бір бірлікті білдіреді» деген анықтамалар берілген. Оны Жаң Ваңчи (1992), Го Сианжын ( 1987) еңбектерінен табуға болады. Лүй Шушяң (吕叔湘) «Қазіргі қытай тіліндегі 800 сөз» деген кітабында мөлшер сөздерді: жекелік мөлшер сөздер, жинақтық мөлшер сөздер, бөлшектік мөлшер сөздер (часть) (部分量词 ), сыйымдылық мөлшер сөздері (容器量词), уақытша мөлшер сөздер, өлшемдік мөлшер сөздер, тәуелсіз мөлшер сөздер, қимылдық мөлшер сөздер, күрделі мөлшер сөздер деп топтастырады.

Ли Үиехуа мөлшер сөздерді заттық және қимылдық мөлшер сөздер деп екіге бөліп, ал заттық мөлшер сөздерді арнаулы және ауыспалы мөлшер сөздерге бөлген. Ол арнаулы мөлшер сөздерді: жекелік, жинақтық, өлшемдік, белгісіздік, потенциалдық және күрделі мөлшер сөздер деп бөлген. Қимылдық мөлшер сөздерді де арнаулы және ауыспалы деп бөліп қарастырған.

1.2.1. Орыс тіл біліміндегі қытай тіліндегі мөлшер сөздер мәселесі. Қытай тілін зерттеуші кеңес дәуірі ғалымдарының осы мәселеге қатысты пікірлері өте маңызды, оның ішінде Петербург (Ленинград) және Мәскеу тіл білімі мектептерінде қытай тілі мәселесі жан-жақты қарастырылған.

Петербург тіл білімі мектебінің қытай тілін зерттеуші танымал ғалым А.А.Драгунов қытай тілінің мөлшер сөздері туралы ой-пікірлерін өз кітабында нақты атап көрсетеді [5,43].

Петербург тіл білімі мектебінің белгілі ғалымы С.Е.Яхонтов ұстазы А.А.Драгуновтан қалған зерттеулерге өз үлесін қоса отырып, оның идеясын жалғастырды.

«Қазіргі қытай тілінде етістік пысықтау түрінің екінші бөлігі мөлшер сөз бола алмайды», дейді С.Е.Яхонтов және оны өз кітабында нақты мысалдармен дәлелдейді [6,102].

Мәскеу тіл білімі мектебінің мөлшер сөздерді зерттеушілері ғалым В.М.Солнцев пен оның ұстазы Н.Н.Коротковтың еңбектері ерекше орынға ие екендігін атап айта аламыз.

Өз кітабында В.М.Солнцев жеке аффикстерден зат және нәрселердің мөлшерін немесе өлшемін білдіретін сөздерді бөлу қажет деп біледі. Мұндай сөздер тәуелсіз мағыналы сөздер болып, жекелік аффикстерінің алдында келіп, анықтауыш сипатына ие болуымен ерекшеленеді деп, оған 一碗茶 [ yi wan cha] бір кесе шай, 一大碗茶[yi da wan cha] бір үлкен кесе шай, т. б. деген тәрізді мысалдар ұсынады.

В.И. Горелов, О.М.Готлиб, В.А.Курдюмов және О.А.Омельченконың еңбектерінде қытай тіліндегі мөлшер сөздер «счетные слова» деп қарастырылған.

Орыс қытайтанушыларының еңбектерінің басым бөлігінде мөлшер сөздерді «классификатор (счетные слова)» деп атаған.

1.3. Қазақ тіліндегі мөлшер атауларының зерттелуі. Қазақ тіл білімінде мөлшер ұғымына қатысты қолданылатын сөздер мен сөз тіркестерін зерттеушілер тарапынан нақты да жүйелі жинақталған, жалпы атауын белгілі бір терминмен берген бірізді еңбек қазірше жоқ. Олар әрбір зерттеушінің еңбегінде әр түрлі аталып келеді. Тілдік тарихи даму үрдісіне қарасақ, мөлшер мәнді сөздер түркі тілдерінің барлығында, оның ішінде қазақ тілінде жиі кездеседі. Мысалы, бір үйір жылқы, бір табын сиыр, бір отар қой, бір уыс бидай, бір қадақ күріш, бір шелек сүт, бір құшақ отын, бір құлаш жіп, бір қарын май, бір жұтым су, бір үзім нан, таяқ тастам жер, сүт пісірім уақыт т. б.

А.Байтұрсынұлы есептік, реттік сан есімдерді сипаттай келіп: «...нәрсенің бүтінін емес, бөлімінің санын көрсететін сөздер бар: олар «темілдік» деп аталады. Темілдік сан: жарты, жарым, ширек. Қазақтың тілінде темілдік санның есімі тіпті аз», – дейді [7, 223].

А.Ысқақов «затты жеке-даралап атамай, оның жиынын тобымен атайтын зат есімдерді «көптік мәнді есімдер» деп атап, оларды: 1) сұйық заттардың атауы; 2) газ тектес заттардың атауы; 3) уақ, ұнтақ, ұйысқан, майда заттар мен бытыранды, таранды, үгітінді заттардың атауы; 4) дерексіз ұғымдардың атауы; 5) өздігінен табиғи жолмен бөлшектенбейтін кесек заттардың атауы; 6) жаратылыс құбылыстарының атауы деп алты топқа топтастырады [8, 200].

Е.Жанпейісов қазақ тілінде жиынтық, жалпылық мән қосарлы зат есімдер негізінде қалыптасқан аталымдар арқылы білдірілетінін айтады.

Диссертацияда қазақ тілінде мөлшер ұғымын білдіретін бірліктерді арнайы зерттеген Ж.Ш.Ахмедова, Т.Сайрамбаев, Ә.Болғанбаев, Ә.Хасенов, С.Жанпейісова, А.Тұрышев, К.Күркебаев, О.С.Караджа және Л.М.Қабылдина еңбектеріне шолу жасалынды.