Ғаділбек Шалахметов бейбітшілік бақЫТҚа бастайды астана, 2010 жыл

Вид материалаДокументы

Содержание


Паритет (тепе-теңдік)
Подобный материал:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   21
Бітімгершілік

«Мир» телекомпаниясы құрылған сәттен бастап біздің ең басты міндетіміз орын алуы ықтимал ұлтаралық қақтығыстардың алдын алу, Еуразия кеңістігінде бейбітшіліктің салтанат құруы екендігін айқын түсіндік. Егер туындаған қақтығыстарды тоқтата алмайтынымызды түсінсек, ең болмағанда оны ушықтырмауға тырыстық.

Біздің компаниядан басқа бірде-бір компания бітімгершілік акцияларына «Мир» сияқты айрықша көңіл бөлген емес. Соғыс, атыс-шабыс, адам өлімі орын алған жерлер барлық телеарналардан көрсетіледі. Бір қызығы, тыныштық салтанат құрған жерден хабар тарататындар аз. Бейбітшілік — сенсация емес.

Төменде компаниядағы кездесулер мен талқылауларда, жіберілген хаттарда айтылған бірқатар ой-толғамдарды ұсынып отырмын.

Кинодраматург, «Мир» МТРК Көркемдік кеңесінің төрағасы Рустам Ибрагимбеков:

—Еуразия — бірнеше ұлы діндер өмір сүретін құрлық. Кімге, не үшін қажет екенін білмеймін, алайда біз уақыт өткен сайын Орта ғасырларға — конфессияаралық дүрдараздыққа шегініп бара жатырмыз. Біз қаласақ та, қаламасақ та, күн тәртібіне өмір сүру мәселесі шықты. Бұл — ақиқат.

Шамамен өткен ғасырдың елуінші жылдарында адамзат біртұтас ағзаға бірікті. Егер бір клетка ауруға шалдықса, бүкіл ағза бүлінеді. Адамзат ауру ағзаға бірікті. Қазіргі таңда бір адам өзінің оқыс шешімі арқылы бүкіл адамзатты жойып жібере алатын жағдайға жеттік.

ХХ ғасырда адамзатқа қызмет көрсету міндетін телевидение өз қолына алды. Әдебиетте де, театрда да, поэзияда да дәл телевидение сияқты қарым-қатынас мүмкіндігі жоқ. Қазіргі телеарналар өшпенділікті насихаттайтын дүниелерге тойтарыс бермейді, тіпті оны өзі насихаттауға да қарсы емес. Осы орайда, «Мир» аса маңызды қызметті — адамдардың ой-санасын оятып, ізгілік дәнін егу міндетін атқара алады.

Толеранттылық, төзімділік проблемаларын көтеру — «Мир»-дың маңызды міндеттерінің бірі. Шындығында, қазір біздің көз алдымызда әлемнің тағдыры шешілуде. Адамдар мен адамдар, халықтар мен халықтар бір-біріне төзімділікпен қарап, өзара түсіністік танытуды үйренсе, онда әлем өмір сүруін жалғастырады. Үйрене алмаса, әлем жойылады.

Грант Матевосян, жазушы:

—Империяның күйреуі баршамызға ауыр тиді. Бұрынғы кеңес адамының иығына түскен осы ауыртпалықты басқа ешкім сезе алмайды. Ауыртпалықты жеңуге де, көмектесу де ешкімнің қолынан келмейді, тек өзіміздің күш-жігеріміздің арқасында ғана оны жеңе аламыз.

«Мир» компаниясын дүниеге әкелу сынды патриоттық, гуманистік бағыттағы жұмысты өзімнің дос-жарандарымның неліктен қолға алғанын өз басым жақсы түсінемін. Олар Ибрагимбеков, Габриадзе, Битов, Друцэ, Сүлейменов, сондай-ақ мен нағыз саясаткер деп бағалайтын Шалахметов. (Өзіңді өзің мақтамасаң, ешкім мақтамайтыны белгілі — Ғ.Ш.) Олар мен сияқты кәрі жалқаудың орнына жұмыс істеді. Қазір мен болашақта орын алуы ықтимал трагедияларды болдырмауға үлесімді қостым деп есептемеймін және менің үлесім «Мир» МТРК-дың үлесінен әлдеқайда артық деп ойламаймын...

Георгий Кузнецов, Мәскеу Мемлекеттік университеті телевидение және радиожурналистика кафедрасының меңгерушісі:

—Егер қабырғаның ар жағындағы көршің сен ұйықтағалы жатқанда даңғырлаған музыка қойса, қолына балғасын алып тасырлатып жұмыс істеуге көшсе, мазаңның қашары анық. Бірақ сол көршіңмен танысқаннан кейін өзің сияқты қарапайым адамдардың бірі екендігін көресің. Өзара қызықты дүниелер пайда болады, достасып кетулерің де мүмкін...

«Мир» телекомпаниясының мақсаты адамдардың бірін-бірін тануына көмектесу. Көршіңді тану оның мәдениетін, салт-дәстүрін, өнерін танудан басталады. Бұл жауапкершілігі мол жұмысты «Мир» телекомпаниясының журналистері мен режиссерлері лайықты деңгейде орындап келе жатыр.

Федерико Майор, ЮНЕСКО Бас директоры (маған жазған хатынан):

— Қақтығыстар кезінде оны одан әрі өршітіп жіберу немесе бейбітшілікті орнатуға ықпал ету БАҚ-тың қолынан келеді. Бейбіт мақсатқа қызмет ету үшін батылдық, тәуелсіз ой-пайым, жоғарғы біліктілік керек. Осы қасиеттер журналистің шынайылыққа құрылған репортаждарынан көрінеді. Ақпараттық соғысты тоқтату бейбітшілік жолындағы күресте аса зор маңызға ие. Сол себепті, мен «МИР» телекомпаниясының бейбітшілікті насихаттау жолындағы үлесін жоғары бағалаймын...

Алайда, осы айтылған ой-толғаныстардың барлығы бірдей іс жүзіне асып жатпағаны түсінікті. «Мир» компаниясы құрылғаннан бергі уақыт аралығында ТМД кеңістігінде, басқа да жерлерде қарулы қақтығыстар бой көтеріп үлгерді. Яғни, біз қаншалықты тырыссақ та, атқарған істеріміз үнемі жемісін берген жоқ. Федерико Майордың кекесінге толы сөзімен айтқанда, қақтығыстарды тоқтатуға бағытталған жұмыстар ол сәтсіздікке ұшыраған кезде ғана айқын көрінеді.

Бізді Қарабахтағы ахуал қатты мазалады. Әзербайжанның және Қарабахтың журналистерін жиып, соғыс болып жатқан аумақтағы ахуал туралы халыққа ақиқат ақпараттарды жеткізу туралы идея туындады. Оны қалай жасауға болады? Қарабақта соғыс өрті қайнап жатыр. Соғыстың аты соғыс. Шекара жоқ, автобус та, ұшақтар да өте алмайды. Ереваннан Бакуге, Бакудан Ереванға ұшақ ұшпайды. Кенет өзім құрмет тұтатын жандардың бірі, Федерация Кеңесі комитетінің төрағасы Вадим Густов хабарласты:

— Жігіттер, мен келістім. Бізге Ереваннан Бакуге дейінгі маршрутпен жүруге рұқсат ететін болды.

— Бұл жақсы жаңалық қой. Әрі сенің қамқорлығыңда боламыз!

Түсіру тобын алып, жолға аттандық. Бізбен бірге беларустық тамаша журналист Алена Лукашевич те сапарға шықты.

Мәскеуден Ереванға келдік. Ол кезде президент Тер-Петросян, Таулы Қарабах үкіметін Кочарян басқарады. Густов Президентпен кездесіп:

— Біз бітімгершілік мақсатты көздейміз. Ереваннан Қарабах арқылы Бакуге дейін барып, Әлиевпен кездесу біздің ар алдындағы парызымыз. Сапар барысында көрген-білгендерімізді халыққа көрсетеміз. Көздеген мақсатымыз осы ғана,— деді.

Тер-Петросян:

— Алдымен Степанакертке дейін жетіп алыңдар. Әрі қарай көре жатармыз...— деп сиырқұйымшақ жауап қатты.

1995 жыл. Ереваннан Әзербайжанмен арадағы бұрынғы шекараның төңірегіне тікұшақпен келдік. Одан арғы жол Қарабахқа бастайды. Автобусқа мініп Таулы Қарабахқа дейін бардық... Мен осы сапарды әлі талайға дейін ұмыта алмаспын.

Жол бойы қарға адым жер көрінбейтін қалың тұман. Лачинге жеттік. Сұмдық көрініс! Мұнда бұрындары армяндар мен әзербайжандар бірге тұрған. Лачиннің дәл іргесінде тек әзірбайжандықтар тұратын деревня орналасқан. Көрген кезде бұл жерге нейтрон бомбасы жарылғандай әсер аласың. Ештеңе қирамаған, барлығы қаз-қалпында... Тек тірі жан жоқ. Қаз-қатар тізілген үйлер. Тек автомат оқтарынан қалған іздер байқалады. Шағын дүкендердің сөресінде тауарлар да сол қалпында сақталған. Ештеңе тоналмаған. Бірақ бірде-бір адам баласы көзге шалынбады. Қырылып қалған сияқты. Тек қорсылдаған шошқалар мен үрген иттердің даусы құлаққа шалынады.

Басқа деревнялардағы жағдай да дәл осындай. Кенет аңырап қалған бір ауылдың тұсына келгенде Алена көз жасына ерік берді. Алена бұған дейін талай қарулы қақтығыстардың ортасында болған, Чернобыль апатымен танысқан, әбден шыңдалған журналист еді. Мұндай көрініске еті үйренген болар деп топшылағанмын.

— Сен несіне жылап жатырсың?

— Енді ғана түсінгендеймін. Мен Беларуссияның азаматы бола тұра, осы иесіз қалған далада не бітіріп жүрмін. Өлтіреді де тастайды. Бұл жерде қандай сұмдықтардың болып жатқандығын енді түсіндім!

Қараусыз қалған ауылдың ішімен келеміз. Қуғындалған әзірбайжандар бас сауғалап кеткен. Бізді күзететін әскерилердің мұндайға еті үйреніп кеткен сияқты. Кей-кейде түнде оқ атылады. Ондайда Аленаның зәресі ұшады.

— Назар аудармай-ақ қой.

Устов оған:

— Қорықпа, тисе де маған тиеді,— деп қалжыңдайды.

Степанакертке жеттік. Кочарянмен таныстық. Ол:

— Біздің жеңімпаз әскеріміз Таулы Қарабахты азат етті. Енді соңғы қанымыз қалғанша осы жерден ешқайда кетпейміз. Қару-жарағымыз жеткілікті. Яычарлар тістерін қайрап, бізді түп-тамырымызбен жойып жіберуді армандайды. Алайда, біз берілмейміз,— деді.

Жалпы, Таулы Қарабақ — Әзербайжан территориясының 20 пайызын құрайды. Жерінің бестен бір бөлігінен қай ел оңайлықпен айырыла қойсын?

Вадим:

— Автономия құрайық. Соғысты тоқтатудың содан басқа жолы жоқ. Қашанғы соғыса бермексіздер? Иә, сіздерге Армения қолдау көрсетуде. Бірақ ұйықтағанның өзінде автоматты құшақтап жату деген өмір емес қой. Бұл қашанға дейін жалғаса бермек?

— Қанша керек болса, соған дейін шыдаймыз?— деп жауап берді Кочерян.— бірақ 1915 жылғы геноцидті ешқашан кешірмейміз.

Біздің бітімге шақырған сөздеріміздің әсер етпейтінін түсіндік.

— Біз автобустарымызбен одан әрі кете берейік. Адамдарыңызға бұйрық беріңіз, бізді бөгемесін. Мәскеуден келген бітімгер екенімізді, сіздерді жақтайтынымызды, Әзербайжанға бара жатқанымызды айтыңыз.

— Жоқ, жібере алмаймын,— дейді Кочерян.

— Неге?

— Себебі әзербайжандықтармен бұл тақырыпта әңгімелесе алмаймын.

— Әзербайжан тарапы біздің келе жатқанымыздан хабардар.

— Егер қазір қақтығыс ошағына барсаңыздар, онда әзербайжандар маңдайыңыздан, ал біздікілер арқаңыздан оқ атпасына кепілдік бере алмаймын. Сіздер бейбіт адамсыздар, әскери стратегиядан бейхабарсыздар. Қорғаныс линиясы арқылы жүрулеріңізге болмайды. Оның үстіне, қастарыңызда журналистер бар.

Қысқасы, керуі қайтуымызға тура келді. Арнайы тікұшақ келіп, шекараға дейін жеткізіп салды.

Қарабахтан түсірген материалдарымыз жерде қалған жоқ. Әзербайжандағы және Армениядағы филиалдарымыздың белсенді түрде бірлесе ат салысуының арқасында жасалған «Народ на фоне дипломатий» бағдарламасы эфирден үш мәрте көрсетілді. Көрермендерден келген хаттарға қарағанда, бейбітшілікті аңсаған халықтың көкейінде үміт отын тұтатқаны байқалды. Бүгінде соғыстың тоқтатылғанына біздің Қарабахқа жасаған сапарымыз сәл де болса ықпал еткен шығар.

Бейбіт күнге дейін әлі ұзақ жолдар жатыр. Америкалықтар құрған «Интерньюс» қоры біздің көмегімізбен Армения мен Әзербайжан арасында телекөпірлер ұйымдастырып келеді. Адамдар бір-бірімен қарудың оқпаны арқылы емес, бетпе-бет сөйлескенде ғана ортақ тіл табысары анық.

«Мир» радиосы

Сергей Алексеевич Аверкиев бірнеше жыл бұрын дүниеден озды. Оны мас күйінде көлікке отырып, сағатына 120 шақырым жылдамдықпен заулап келе жатқан біреу қағып кетті. Біз «Мир» радиосының қалыптасуына ықпал еткен, Айтматовтың, Ибрагимбеков, Друцэ және Эфендиевтердің шығармалары бойынша тамаша радиоспектакльдер қойған ғажап адамнан ойламаған жерден айрылып қалдық.

Аверкиев соғысқа дейінгі жылдары Мәскеудегі театр институтын тәмамдаған, Ленинградта Товстагановтан тәжірибеден өткен. Мәскеу сахналарында рөлдер сомдап, фильмдерге түсуіне де болар еді, бірақ бар ғұмырын провинциялық театрларға бағыштады. Щадринскіде, Новозыбырковте, Қорғанда, Челябинскіде, Брянскіде театрлар ашты.

Кейін телевидение пайда болды, Аверкиев енді осы салаға бет бұрды. Сахалинде, Краснодарда, Челябинскіде аймақтық телевидениелердің ашылуына ат салысты.

Аверкиев қайда барса да, қасына үнемі әйелі мен қызы Ирина еріп жүретін. Жұбайы талантты актрисалардың бірі. Ресейдің танымал театрларынан шақырту түссе де, бар ғұмырын отбасына арнаған адам.

Аверкиевтің қызы Ирина кәсіби карьерасын өте ерте, 17 жасынан бастаған. Мектепте оқып жүріп-ақ Сахалин радиосында жастарға арналған бағдарламаны жүргізді. Кейін Челябинскі телевидениесінде жұмыс істеді, Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірді. Телевидение мен радиоларда істей жүріп журналистиканың қыр-сырын меңгеріп қана қоймай, ұйымдастырушы ретінде де тәжірибе жинақтады. Жоғарғы партия мектебін бітіріп, саясаттанушы мамандығын иеленді.

Ол кезде Жоғарғы партиялық мектептің де қадірі кете бастаған еді. КСРО-ның енді жаңа бағытқа бет бұратыны аңғарыла бастады. Ертенгі күннің қалай өрбитіні беймәлім.

Аверкиева екеуміздің жолымыз кездейсоқ тоғыспаған тәрізді көрінеді маған. «Мир» идеясын Аверкиева өзінің ойында ертеден бері пісіп-жетілген идея ретінде қабылдады. Ол «Мир» МТРК-сының радиохабар тарату студиясының директорлығына тағайындалды.

Саясаттанушы ретінде «Мир» ұлттық қарым-қатынастарда айрықша рөл ойнайтындығын жақсы түсінді. Басқа радиолар саяси астары күрделі мәселелерді, қарулы қақтығыстарды, мафиялық топтарға қатысты дүниелерді көтеру арқылы рейтингтерін көтеріп алуға ден қоятын. Ал халықтар мен мемлекеттер арасындағы үзіліп қалған байланыстарды қалпына келтіру үлкен төзімділікті қажет ететін күрделі жұмыс екендігі түсінікті. Мәселен, бізде Тәжікстанда біреу-міреуді бір дорба алтын үшін өлтіріп кеткендігі туралы ақпараттар ешқашан берілмейді. Тәжіктер ұлы мәдениеті бар, озық салт-дәстүрі бар ел. Олар туралы жеңіл-желпі сенсация қуған қысқа хабарлар емес, одан әлдеқайда маңызды, ауқымы кең дүниелерді айтқан жөн.

«Мир» радиосы бүгінде тәулігіне 18 сағат «Маяк», «Радио-Россия» толқындарында, «FM»-нің «Надежда» станциясында таралады. Қазіргі таңда ультрақысқатолқынды FM радиосы сұранысқа ие тәрізді, мәшинелерде де, кеңселерде де, жағажайда да тыңдалады. Бір ғана Мәскеудің өзінде ондай радиостанциялардың саны жиырмаға жуықтайды. Олардың ішіндегі ең танымалдары «Русское радио», «Европа+», «На семи холмах», «Серебряный дождь», тағы басқалары. Барлығы бір қаланың ішінде, әртүрлі арнада таралады. Бірақ, егер «Мир» компаниясының жеке спутнигі болса, оларды алдымен Достастық елдері астаналарында радиостанциялар арқылы таратып, сосын оларды өзара спутник арқылы байланыстырған жөн. Яғни, осы арқылы бір-бірімен ақпарат алмасып, радиокөпірлер ұйымдастыра алады.

«Мир» радиосының осындай радиостанцияларының алғашқы қарлығашы қазір Минскіде ашылған, өте жақсы жұмыс істеп тұр. Оған қоса, біз «Надежда» радиостанциясын өз қанатымыздың астына алдық. «Надежда» қазір біздің техникалық базамызды пайдаланады. Оған «Мир» радиожүйелерінің болашақ ұйымдарының бірі ретінде қараймыз.

Бұрындары орындалмас арман тәрізді көрінетін радиокөпірлер бүгіндері қалыптасқан тәжірибеге айналған. Мәселен, композитор Морозов Мәскеудегі студиядан, ал оның әндерін орындайтын әнші Минскідегі станциялармен бірлесіп бір хабарға қатыса алады.

Радиокөпірлердің тиімділігі алғашқы күннен бастап айқын аңғарылды. Минскіден хабарласқан бойжеткендердің бірі бірнеше жыл бұрын Мәскеуге көшіп кеткен құрбысын тауып беруімізді өтінді. Бас-аяғы бірнеше минуттың ішінде оның жоғалған құрбысы бағдарламаға хабарласты. Сағынысқан құрбылардың қуанышты дауыстары эфирде табысты.

Радиокөпірлер халыққа өмір желі әртарапқа айдаған жақындарымен қайта қауышуға, олардың дауыстарын естуге көмектесті. Бұл «Мир» радиосының ғана қолынан келетін іс. Басқа станциялардың оған техникалық мүмкіндіктері жетпейді. Бізден өзге радиостанциялардың міндеті басқа. Олардың негізгі бағыты — шоу-бизнес пен коммерциялық таралым. Ақшасы барлар радионы өзіне мінбер ретінде пайдалануға сатып алады, оны өзіне ыңғайлау үшін білікті мамандарды жалдайды. Ақшасын төлеп, өзіне ұнайтын музыкаға тапсырыс береді. Біз заманауи теле-радиобизнестің коммерциялық негізіне қарсы емеспіз, себебі оларға да аса күшті бәсекелестік жағдайында өмір сүруге тура келуде. Алайда, өмірде барлық дүниелер сатылуға және сатып алынуға тиісті еместігін айта кеткіміз келеді.

«Мир» радиосының болашаққа жоспарлап отырған ірі жобалары жетерлік. Солардың бір парасын тізбелей кетер болсам — жастар аудиториясына бағытталған арналар ашу, «Мир» радиосының аясында жарнамалық агенттік құру, спутник арқылы радиобағдарламалар алмасу желілерін қалыптастыру. Сондай-ақ, «real-audio» режимінде ғаламтор арқылы таралу жүйесін құру да ойымызда бар. Әрине, болашақта ұлттық тілдерде таралатын хабарлар ауқымын кеңейту де маңызды шаралардың бірі.

Біз тыңдармандар аудиториясын жаулау үшін, өзіміздің ықпалымызды кеңейту үшін күресуге әзірміз. Алайда, ең бастысы «біз қандай мақсатта және не үшін хабар таратамыз?!» деген сауалға жауап іздеу болып қала бермек. Ол туралы осы кітапта біраз баяндалды. Телевидение мен радионың мақсат-міндеттерінің арасында ешқандай принципті түрдегі ерекшелік жоқ. Екеуі де бір мақсат жолында жұмылып жұмыс істейді.

Паритет (тепе-теңдік)

Бірде мен бет-жүзі мен бүкіл денесін тыртық басқан түрікменді кезіктірдім.

— Сені мұндай күйге түсірген кім?

— Өзім.

— Ол қалай болды? Айтып берсеңші?..

— Жетпісінші жылдары болған оқиға ғой. Ол кезде Түркімен Компартиясы Орталық Комитетінде бөлім меңгерушісі едім. Бізге Орталықтан мәртебелі меймандар келетін болды. Әрине, олар біздің өздеріне тәуелді екенімізді, сұрайтын дүниелеріміз көп екендігін жақсы біледі. Сол себепті қонақтарды дұрыстап қарсы алып, жағдайларын жасау қажет. Қонақтарды риза ету үшін не істеу керектігін білу үшін әдейілеп Мәскеуге келдім. Осындағы дос-жарандарымды түркімен коньягымен сыйлап, ақыл-кеңес сұрадым. Олар «Сендерде сауна бар ма?» дейді. «Ол не нәрсе?» «Сауна дегеніміз буының температурасы 100 градусқа дейін жететін құрғақ монша». Сөйтсем, соңғы уақытта сауна сәнге айналыпты. Мүмкіндігі барлардың бәрі сонда демалып, көңіл көтереді екен.

Сонымен, елге оралып, шеберлерге болашақ саунаның сызбасын көрсеттім. Шеберлер жұмысқа жандарын салып кірісіп кетті. Тіпті, Мәскеудегіден де мықты етіп салмақшы болдық. Орталықтан келгендер біздің де мәдениеттен хабарымыз бар екенімізді көрсін!

Ақыры, күткен қонақтар да келіп жетті. Ресейдің ауасы ылғалды, салқын ғой. Ашхабадтың құрғақ ауасы мен қайнаған ыстығына шыдай алмай, әбден мазалары кетті. Ыстыққа шыдамай, қайта-қайта газдалған су ішеді. Ішкен сулары денелерінен термен бірге шығып кетеді. Ал түркімендер бұл жаққа үйреніп алған. Шөлде туғандықтан, сексуіл сияқты ыстыққа әбден піскенбіз. Денемізде ылғал аз.

Қонақтарды арнайы салдырған саунаға алып бардық. Меймандос халықтың өкіліміз ғой, қаласақ та, қаламасақ та қонақтармен бірге ыстық буға кіруге тура келді. Әлгілер маған:

— Сенің денең біртүрлі екен. Біз терлеп-тепшіп отырмыз, ал сенің үстіңнен түтін шығып жатқан тәрізді,— дейді.

Сол саунаға түскеннен кейін денемде осындай тыртықтар пайда болды.

... Иа, Мәскеуге алақан жаятын әдетіміз қазір келмеске кетті. Қажет нәрсенің бәрін өз күшімізбен табуымызға тура келуде. Мәскеу бәрін беретін заман көзден бұл-бұл ұшты. Иә, «Мерседес» сатып алуға шамамыз жетпейді, бірақ «Ваз» мінетін жағдайымыз бар. «Мир» компаниясының филиалдарының әрқайсына «Ваз» сатып әпердік (Көпшілігі елшілік нөмірлермен жүреді, мемлекетаралық келісімнің арқасында осындай артықшылыққа қол жеткізгенбіз).

Біздер әу бастан «Мир» компаниясына мүлік алу барысында барлығының тең дәрежеде болуын назарға алдық. Мәскеудегі орталық кеңседе де, Душанбедегі немесе басқа да алыс аймақтардағы филиалдарда да мүліктердің бағасы мен сапасы бірдей. Айырмашылықтары жоқ. Себебі, компанияның біртұтас стилі болуға тиіс еді.

Бұл оңайға түскен жоқ. Бізге берілген ғмараттардың көпшілігі әбден тозығы жеткен аңғал-саңғал. Ондай жерге хан сарайындағыдай жиһаздарды қою қиын, әрине. Бірақ, соған қарамастан барлық филиалдарға бірдей көңіл бөлуді тоқтатқан жоқпыз. Қазіргі таңда «Мир» телерадиокомпаниясының барлық өкілдіктері бірдей техникамен жұмыс істейді. Әрбір филиалда телекөпір жүргізуге арналған блок-студиялар, нью-бокстар орнатылған. Ұлттық филиалдарымыздың баплығында ЗССС-тер бар. Әрқайсысының құны 500 мың мен 1 миллион доллардың аралығында.

Осыдан біраз жылдар бұрын ғаламторда қызықты оқиға орын алғаны белгілі. Бір кісі денесіне бейнакамера орнатып алады. Көңілі қалаған кез- келген адам монитордан оның күнделікті тыныс-тіршілігін тамашалауға мүмкіндік алды. Мұны телевидение емес деп айта аласыз ба? Телевидение! Бір адамның, оның отбасының телевидениесі. Әлгі адамның файлына енгісі келгендер оған ақша төлейді. Яғни, бұл дегеніңіз ақылы телевидение болып шықты.

Жапонияда таралатын 500 кабельдік арналардың ішінде біреуін бас-аяғы үш-ақ адам басқарады. Бұл арна тәулігіне 24 сағат жұмыс істейді. Ескі фильмдерді көрсетіп қана қоймай, қызықты бағдарламалар мен жаңалықтарын жарыққа шығарады.

Біз жүздеген адамдар жұмыс істейтін әдеттегі телевидениені ғана тамашалауға үйренгенбіз. Алайда, қазір оның да заман талабына сай өзгеріске ұшырап жатқан жайы бар. Мәселен, қазіргі таңда Югославиядан хабар алу үшін міндетті түрде онда НТВ-ның немесе Си-Эн-Эн-нің тілшісін жіберу шарт емес. Бейнекамерасы бар кез келген адам оны компьютерге жалғап, түсірген дүниелерін қалаған арнасына жібере алады. Тіпті, қарапайым адамдардың балконнан түсірген бейнесюжеті озық техникалармен қаруланған репортердің түсірген дүниесінен тартымды болып шығуы да әбден мүмкін. Әрине, тілшінің артықшылықтары көп. Оған телекөрермендердің көзі үйренген, азды-көпті танымалдығы бар. Алайда, телекөрермендердің талғамы да өзгеріске ұшырап жатқанын ұмытуға болмайды.

«Вместе»

1997 жылғы 3 қарашада эфирге қайта оралдық. Мәжбүрлі түрде жасаған үзілісіміз өзіміздің пайдамызға шешілді. Осы уақыт аралығында «Вместе» деп аталған бағдарламаны жарыққа шығаруға қажетті тұжырымдама дайындадық. Меніңше, тауып қойылған өте жақсы ат. Шынында да, адамдар бірліктің арқасында тау қопара алады. Бірліктің арқасында біз жеңіске жетеміз. Мартин Лютер Кинг «Менің арманым бар...» деп аталатын атақты сөзінде: «Мен бірге жұмыс істеуді, күресуді, түрмеге бірге түсуді, азаттық үшін бірге бас көтеруді армандаймын... Сонда ғана құдайдың құдіретімен дүниеге келген балалардың баршасы, ағы да, қарасы да, дінге сенетіндер де, сенбейтіндер де, протестанттар да, католиктер де, өзара қос ұстасып, қатар сап түзеп «Біз ақыры еркіндікке қол жеткіздік! Құдіреті күшті Жаратушы иеміз, біз азатпыз!» деп ұрандайтын күнді жақындатамыз!» деп керемет айтқан.

Басқа бірде-бір арнадан «Вместе» бағдарламасына ұқсайтын бағдарлама жоқ. Біз өзге арналардағы тәжәрибелі тележүргізушілерді шақырып алуға кеңес бергендерге құлақ асқан жоқпыз. Шынын айту керек, өзге тележүргізушілерді шақыртуға ақшамыз да аз, құлқымыз да шамалы еді. Себебі, кәсіби тележүргізушілердің бойында ұзақ жылдар бойғы жұмыстың нәтижесінде қалыптасқан стандарт көрініп тұрады әрі көпшілігінен жасандылықтың лебі еріксіз сезілмей қоймайды.

Біз телевизияның бұрыннан қалыптасқан ескі канондарына қарсы шықтық: Қызметке жастарды шақырдық, әрбір республикалардан талантты қыз-жігіттерді алдырдық. Сол арқылы басқаларға ұқсамайтын өзіндік кескін-келбетімізді қалыптастыруға ұмтылдық. Шынында да, жастар кадрда өздерін еркін ұстауға, студия қонақтарымен емен-жарқын әңгіме құруға, өткір сауалдар қоюға қабілетті екендіктерін дәлелдей білді.

Біз тұрақты түрде оларды алмастырып отырдық, ондағы көздеген мақсатымыз жас мамандардың тәжірибе жинақтауына жағдай туғызу еді. Жас мамандар аз уақыт ішінде 1-ші арнаның эфирі арқылы көрермендерге танылып, кейін өз республикаларына тележұлдыз ретінде оралып жатты.

Шынында да, біздің жас жұлдыздарымызды көрермендер жақсы көрді. Оларды подъездерден, көшеде келе жатқанда бейтаныс адамдардың танып, жылы пікірлерін айтып, кездескендеріне қуанышты екендіктерін айтқан сәттеріне өз басым талай мәрте куә болғанмын. Сондай-ақ, 1997 жылдың қорытындысы бойынша табысталған Ресей журналистер одағының сыйлығы «Мир» телерадиокомпаниясының жастарына табысталғаны біздің шешіміміздің дұрыстығын айғақтаса керек.

Журналистер одағының төрағасы Всеволод Богдановпен сексенінші жылдары ол Орталық телевидениенің директоры қызметін атқарған кезден таныспын. Орталық телевидение арналарына орыстан өзге де ұлт өкілерін диктор ету туралы бастама көтергенбіз. Шынында, ол кезде бұл үлкен жаңалық ретінде қабылданды. Мәселен, Рабиға Аманжолова сияқты азиялық ұлттардың өкілінің көгілдір экраннан көрінуі әдеттен тыс жағдай еді. Соған қарамастан, оған жұртшылықтың көзі тез үйренді, ұлттық тележүргізушілердің де өзіндік әдемілігі мен тартымдылығы, кәсіби шеберлігі бірден аңғарылды. Алайда, көп ұзамай қайта құру қарқын алып, осы бастама орта жолдан үзіліп қалды.

Богдановқа біздің бағдарламаның «Вместе» деген атауы қатты ұнайтын, оны үнемі ашық айтып жүретін. Кейінірек Ялтада телекинофорум өткізуге дайындалып жатқанымызда ол «Вместе» деген сөздің форум ұранына енуін қатты қадағалап тапсырды.

Біздің тележүргізушілікке жастарды алғанымыздың өте дұрыс шешім болғандығын редакцияға ағылып келген көрермен хаттары да растайды. Кей-кейде бірер мың жарымнан астам хат алатынбыз. Төменде көрермен хаттарынан аздаған үзінді келтірмекпін:

«Бағдарламадан жақындарынан, отбасы жылуынан ажырап қалған жандардың жан күйзелісі сезіліп тұрады. Сіздер адамдардың арасында ізгіліктің салтанат құруы үшін еңбек етіп жатырсыздар». В.Чернышев, Сумы.

«сенсеңіздер де, сенбесеңіздер де өздеріңіздің еріктеріңіз. Брақ сіздер біздің күйбең тірлікке толы құба тірлігімізге жаңалық әкелдіңіздер»

С.Агаева, Оңтүстік Сахалин.

«Сіздердің бағдарламаларыңызда кемеңгерлік, зияткерлік, ізгілік, жауапкершілік, бәрі-бәрі бар»

М.Ильянная.

«Бағдарламаны эфирге алғаш шыққан күннен бастап жібермей көреміз. Көріп отырып, сіздермен бір елде, бірге өмір сүріп жатқандай әсерге бөленеміз».

В.Бучкина, Воскресенск.

«Жастардың келбеті. Мінсіз орыс тілі. Әр елден жиылған осы тележүргізшілер орыс тілінде көптеген орыстардан, әсіресе «демек», «көреміз», «түсінесің бе» деген жаттанды сөздерді жиі қайталайтын шенеуніктерден жақсы сөйлейді. Сіздердің жүргізушілеріңіздің әрқайсысы өздерінің ана тілдерін де біледі емес пе?! Бірақ ешқайсысы ұлтшылдық дертіне немесе өз ұлтын өзгелерден кішік санайтын дертке шалдықпаған... Керемет режиссура, камералар да мүлтіксіз жұмыс істейді. Ең бастысы, өзге арналарды жаулап алған қылмыстық оқиғаларды насихаттауға деген құмарлық жоқ».

Л.Хаес, Кемерово.

«Байлар да жылайды» сериалының бірнеше бөлімін жіберіп алсам да, байқамауым мүмкін. Ал егер техникалық себептерге байланысты «Вместе» бағдарламасын бір мәрте көре алмай қалсам, жылағым келеді».

С.Якимов, Павлодар.

«Не себепті бағдарламаға Украина, Түркіменстан, Өзбекстан елдерінің өкілдері қатыспайды? Әлде ол халықтардың бізбен бөлісетін немесе біздің олармен бөлісетін құндылықтар жоқ па?!»

Г.Мильц, Краснодар аймағы.

«Бірге бағдарлама жүргізуге болады;

Бірге кеңесіп, отырыс жасап, елді күйретуге болады;

Бірге әңгіме-дүкен құрып, сосын жан-жаққа кетіп қалуға болады;

Бірге — бұл сөз миллиондаған босқындарға үйлеріне қайта оралу туралы үміт сыйлай алады; Бірге..,Бірге.., Бірге... Өкінішке қарай, біздің халықтарымыз енді ешқашан бірге болмайды».

Дж.Джаббарм, Саратов.

«Сіздер қандай таңғажайып жасап жатқандарыңызды өздеріңіз де білмейсіздер! Сіздердің студияларыңыз бұрынғы Кеңес елдерін біріктіретін кішкентай арал сияқты. Қолдарыңызға бейбітшілік шырағын ұстап, соны сөндіріп алмау үшін желмен қорғаған жандарды елестетесіздер. Рахмет сіздерге! ТМД елдерінің барлық өкілдерін жию арқылы қанат жая түскендеріңізді қалаймыз!»

Зоя Алтухова, Ташкент.

«Мен тіпті демалыс күндерін жақсы көрмейтін болдым. Себебі, демалыс күні сіздер эфирге шықпайсыздар».

С.Лисиева, Мәскеу облысы.

«біздің жақта адамдар ашығуда. Пәтерақының құны еңбекақыдан он есе қымбат. Еңбекақымыздың мардымсыздығы соншалықты, киім-кешек сатып алмақ түгілі, нанға әзер жетеді. Балаларды мектепке жібере алмаймыз, дәптер, қаламсап сияқты керек-жарақтарды сатып алуға жағдайымыз жетпейді. Бізге келіңіздер, бәлкім қандай да бір көмектеріңіз тиер!»

Л.Остоварь, Приднестровье

«Сіздер бағдарлама барысында өзекті мәселелерді көтересіздер, бірақ мен соны шешуге құзырлы бірде-бір жоғары лауазымды шенеуніктің бағдарламаға ешқандай көңіл бөлмейтіндігіне сенімдімін.

Демек, сіздердің бағдарламаларыңыздың жанайқайын ешкім естімейді».

Е.Задирако, Камчатская.

Ақиқатын айту керек, көрермендердің сұрауы бойынша эфирде көтерген өзекті мәселелердің көпшілігі шешімін таба қойған жоқ. Бірақ халықтың жанайқайын еститін құлақ та табылды. Кейбіреуіне пәтер мәселесін шешуге көмектесті, енді біреулер жоғалтып алған жақындарымен қауышты, тиесілі зейнатақысына, ұзақ жылдар бойы ала алмай келген еңбекақысына қол жеткізгендер жетерлік.

«Мен сіздердің бағдарламаларыңызды үнемі ықыласпен көремін. Алайда, бүгін естіген нәрсем мені қатты таңғалдырды әрі қуантты. Сіздер нақты адамдарға көмек қолын созады екенсіздер. Бәлкім, менің де өтінішім жерде қалмайтын болар»

О.Тумасова, Ставрополь аймағы.

Көрермендердің арасында бізге тақырып ұсынып, жеке басына қатысты проблемалардың шешіміне көмек сұрап қоймай, ауқымды дүниелерді көтеретіндер де жеткілікті.

«Неліктен Қазақстан мен Ресей арасында жіберілген хаттардың ақысы үш есе қымбаттап шыға келеді?.. Соның салдарынан қарапайым адамдардың арасында байланыстар үзілуде. Олардың көпшілігі еріктерінен тыс түрлі мемлекеттердің аумағында қалып қоюға мәжбүр болған жандар... ТМД елдерінің басшылары Достастық елдерінің азаматтары өзара бір бағамен хат жазысып тұруына жағдай туғызу туралы келісімге келе ала ма? Осы тақырыпқа бір бағдарламаны арнаңыздаршы»

Октябрина Тетерина, Астана.

«Сіздердің бағдарламаларыңызды асыға күтемін. Құрметті білімдар жүргізушілер, сіздерді тыңдай беруден жалықпас едім. Сол себепті, эфирдегі уақыттарыңызды ең болмағанда 5 минутқа созуларыңызды сұраймын. әйтпесе, жай шоу бағдарламалар ұзаққа созылады, ал «Мирдің» таңғажайып бағдарламасы келте қайырылады».

Н.Федеров, Томск.

Бізге ақыры уақыт қосқан жоқ. Керісінше, онсыз да аз уақытымызды кесіп тастады. Бағдарламаның сәттілігі де, рейтингінің жоғарылығы да ОРТ-ның «Вместе» бағдарламасының уақытын 26 минутқа қысқартуына бөгет бола алмады. Өкінішті. Бағдарлама күш алып келе жатқан болатын. Бірақ соған қарамастан, «Вместе» танымалдығын жоғалтқан жоқ.

ОРТ басшылығы сайлау кезіндегі қарбаластар аяқталғаннан кейін бағдарламаның эфирдегі қысқартылған уақытын қайта калпына келтіруге уәде еткен болатын. Дума сайлауы да, президенттік сайлау да өте шықты. Бірақ ештеңе өзгерген жоқ. Біз ОРТ-ға керек емеспіз, шақырылмаған қонақ тәріздіміз. Өзіміздің жеке эфиріміз болмайынша, қандай да бір өзгерісті күтудің қажеті жоқ екендігін түсінеміз. Бағдарламаға келер болсақ, жарыққа шыққанына бірнеше жыл өтсе де өзектілігін, көрермендер аудиториясын жоғалтан жоқ. Бірнеше жылдың бедерінде эфирге күн сайын шығып отырдық. Бұл білген адамға оңай шаруа емес. Елуден астам тележүргізушілер ауысты. Осы жерден тәжірибе жинақтап, кәсіби мектепте пісіп-жетілгендері оларға өз елдеріндегі арналарда, ресейлік арналарда сәтті жұмыс істеуге көмектесті. Олар «Культурадан» басқа барлық арналарға таралды. «Культураға» бармайтын себебі, онда еңбекақы бізден де төмен.

Жастардың көпшілігін осында ұстап қалғымыз келеді, әрине. Алайда, біздің эфирдегі ең басты шектеу — дарынды жастардың біліктілігін көрсетуіне жағдай туғыза алмағанымыз еді. Барлық проблема өзіңнің арнаңа келіп тіреледі.


Үрдістер

Алдымен мемлекетаралық компания қажеттігінен идея туды. Идея біртіндеп жанданып құрылымға айналды. Бүгінгі таңда «Мир» филиалдары он үш (он үшіншісі Қазанда, әзірге спутниктік байланыс жоқ) Достастық елін қамтыған. Жақында Симферопельден он төртінші филиалымыз ашылатын болады, ол Украинадағы алғашқы өкілдігіміз болмақ, өкінішке орай, Киевте біздің өкілдігіміз ашылған жоқ. Ахуал жуырда өзгерер деген ойдамын. Достастық елдерінен іргесін аулақ салып, Америкамен одақ және НАТО-дағы мүшелік артық деп есептеген Украина Югославия оқиғасынан кейін бағдарын өзгертті. 1999 жылғы 3 сәуірде ол ресми түрде Парламентаралық ассамблеяға қосылды. Туы көтеріліп, Рада төрағасы сөз сөйледі. Болашақта Украина Достастық істерінде едәуір маңызды орын алады деген үміттеміз.

Югославиядағы оқиға талдаушылар болжағандай Достастық елдерінің бірлігін ұлғайтты. Болашақта бұдан әрі нығайып, біздің де жұмысымыз қажетті резонанс пен қолдау алады деген ойдамын.

Біздің филиалымыз орналасқан Таврикалық сарайда ТМД басшыларының сәуірдегі кездесуі өтті. Қонақтар бір кездері мемлекеттік думаның төртінші сайланған депутаттары отырған орындықтарда отырды. Орындықтар өзгермеген, тіпті кейбірінде отырған адамның атауы жазылған тақтайша әлі тұр екен. Тарихта есімі қалған атақты есімдер! Тамаша әсер...

ТМД елдерінің алдында азаматтық заңдар, бизнес заңдарын т.б. секілді ортақ заң қабылдау міндеті тұр. Әрине Еуропарламент арқылы бірлікке бастау алған Еуропаның тәжірибесін пайдалану орынды болады. Тура осы нұсқаны бағдар етіп алу керек деп ойлаймын. Парламент ортақ, біреу ғана болып, әр елдің үкіметі бөлек болсын. Ортақ Еуропалық парламенттің болуы тіпті осы уақытта мүмкін емес нәрсе. Алайда ортақ еуропалық валютаға келудің өзі үлкен жетістік. Еуро валюта болып қалыптасуы қанша қиын болғанымен, әлі де биржада доллардан асып түсетін кез келеді.

Осылайша, Достастық өмір сүруге қабілетті құрылым болуы үшін әр елдің тең даусы бар біріккен Еуразиялық парламенттен бастау керек. Артыңда милллион не жүздеген сайлаушы тұр ма бәрібір, сен үлкен болсын, шағын болсын бір халықтың өкілісің, сондықтан халықтың атынан сөз сөйлеп, оның мүддесін басқаның құрбаны етпеуге тиіссің.

Еуразиялық парламент үшін ең қолайлы жер – Таврикалық сарай. Бірақ парламент шынайы күшке ие болуы үшін онда болып жатқандарды қоғамға жеткізу керек. Көрермен болса орталық мәскеулік арналардан мысқылдаудан басқа ештеңе көрмейді. Қанша дегенмен, жақсы болсын, жаман болсын ұлттық парламенттердің өкілдері сөз сөйлеп жатыр ғой. Селезнев Украина Радасындағы, қазақтардың Мәжілісіндегі, тәжік Мәжілісіндегі әріптестерімен маңызды құжаттарға қол қоюда.

Парламенттік ассамблеяның төрағасы – Егор Строев. Біз оған ОРТ-де аптасына бір рет «Парламент үні – халық үні» атты бағдарлама берсек жақсы болар еді деп айтып отыратынбыз. Бағдарламаны Таврикалық сарайдағы ІV Мемлекеттік Думаның отырыс залынан бастамақшы болдық. Егер телевизиялық таратудың стандартты емес жолдарын іздеп, жақсы жұмыс істелсе, өте қызықты, жүйелі бағдарлама шығар еді. Кейбір нәрселерді ТМД елдерінің барлығына тікелей трансляциялауға да болар еді.

Біздің әңгімеміз «телевизиялық арман» жанрында өткенімен, Строев идеяға байыпты қарады. Хабарды Ассамблеяның отырысы өтіп, Комитеттер жұмыс істейтін, үлгілі заңдар қабылданатын Таврикалық сарайдан тікелей таратуға техникалық дайын екенімізді естігенде тіпті жанданып кетті. Оның үстіне Достастық елдері парламенттерімен телекөпір өткізуге болады.

Мен:

- Егор Семенович! Енді ОРТ-нің басшылығымен сөйлесіп, осы мәселе бойынша келіссөз жүргізу қалды,- дедім.

Көптеген Достастық елдері ОРТ-ні жылы қабылдайды. Осындай бағдарлама туралы ойымыз іске асып, шындыққа айналады деп сенемін.

Бүгінгі таңда Достастықта орын алған үрдіс оның саяси тұрғыда емес, еркін сауда аймағы ретінде экономикалық дамуы керек екенін көрсетіп отыр.

Ресей Достастықта басты рөлді иеленуді талап етіп отырған жоқ – Ельцин де, Путин де осыны растады. Достастықта бәрі үшін шешім қабылдап, жауап беретін ел болмайды, бүкіл ел тең, үлкен деп, кішкентай деп бөлуге болмайды, елдердің барлығы да тең дәрежеде. «Мирдің» негізін құрайтын принциптер Достастықта өз күшін растады. Бұл біздің өзара жұмыстың дұрыс жолын тапқанымызға дәлел, коммуникациялық философия бізді осыған әкелді.

Әскери, экономикалық, сауда-саттық проблемаларын шешуді ақпараттық кеңістік құрудан бастау керек. Ақпарат шешім қабылдаудың алдын орап отыруы керек. Ізгі ақпарат немесе ғылыми тілмен айтсақ комплиментарлық ақпарат (Лев Николаевия Гумилев осы сөзді жақсы көретін) кез келген шешімнің негізін құрауы керек. Егер Еуропалық достастықтың ортақ қарым-қатынас тілінің болмауы (француздар да, ағылшындар да, немістер мен итальяндықтар да бөтен тілдің басым болуын мойындамайды) үлкен кедергі болса, бізде бұл проблема жоқ. Себебі орыс тілі Достастық елдеріндегі ортақ қарым-қатынас құралы болып табылады. Бірақ көбісі осы байлықты түсінбейді. Біз бұл басымдығымызды жоғалтпауымыз керек: «Мирдің» негізгі мақсаттарының бірі - біртұтас ұлтаралық қатынас тілін жоғалтпау. Бірақ бұл хабар тек орыс тілінде таралу керек дегенді білдірмейді. Филиалдарымыздың қайсысы болмасын ТМД-да орысшамен қатар сол елдің мемлекеттік тілінде хабар таратады, болмаса болашақта таратуды жоспарлауда.

Қазір Достастық елдерінде сайлау науқаны басталды, бір елде президент сайлауы болса, бірінде парламент сайлауы жүргізілуде, бұл өз кезегінде жаңа мәселені тудырады. Ресейдегі басшылықтың ауысуы тегеурінді талап пен Достастық мәселелеріне жаңа қырмен келуді қажет етеді. Сөйтіп «Мирдің» таралуына деген қажеттілік те артады. Біздің техникалық жүйемізге деген сұраныстың едәуір артқанын айта кеткен жөн. ТМД елдеріндегі көптеген хабар таратушылар көрші елдерге хабар тарату үшін біздің желілерді пайдалануды сұрауда. Біз құрған арналарға сұраныс Достастық елдерінде Ресейдегіден кем емес.


Директорлар

Жуырда Санкт-Петербургте өткен Достастыққа қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясының отырысында біз біртұтас еуразиялық ақпараттық кеңістікті дамытуға қосқан үлесі үшін, біздің компания Ассамблеямен бірлесіп награда ретінде құрған «Достық бұтағы» медалін табыс еттік.

Біздің компаниямыз олардың көмегі мен қолдауын үнемі сезініп отырған ассамблея төрағасы Егор Семенович Строев, Санкт-Петербургтің мэрі Владимир Анотольевич Яковлев марапатталды. Компанияда қазір қызмет атқаратын директорлар - Карлен Яланузян, Давуд Иманов, Виктор Сенин және бұрынғы директор – Сесили Гогиберидзе марапатталды.

Біздің армяндық филиалдың директоры – Карлен Яланузян – мемлекетаралық телерадиокомпания идеясы тұманды бұлғыр болған кезде келген еді. Бірақ оның бұл істе сенімді одақтас боларын мен білдім. Ол кезде Яланузян Армения Телевидение және радиохабар тарату басқармасы бастығының бірінші орынбасары қызметінде болды. Қызметі бойынша сарапшы ретінде МТРК құру жөніндегі құжаттармен айналысты. Мамандығы бойынша ол филолог және журналист, 1971 жылдан бері телевидениеде, ақпараттық редакцияда көптеген жыл еңбек етіп, кейін Армения КП ОК баспа секторында қызмет атқарған. Жүргізуші, журнал редакторы болған. Сенімді екені күмәнді, жаңа іске бел шешіп кірісетіндей емес, белді шенде болғанымен, ол болашаққа көз салып «Останкиноның» мемлекеттік жүйе ретінде ұзақ өмір сүре алмайтынын түсінді. Яланузян ең бастысы Армения алғашқылардың бірі болып ащы дәмін татқан, алдағы ұлтаралық қасіретті сезді. Сөйтіп мемлекетаралық компания идеясын бірден қолдады.

Оның мінезі алғашқы алған мамандығы педагогтықпен үйлесетін еді. Шектен шыққан оптимизмге құштар емес, сабырлы, салмақты, кез келген істі жауапкершілікпен атқаратын кісі. Өмірде бір нәрсеге қол жеткізу үшін өзіңе ғана сеніп, еңбек ету керек деген қағиданы ұстанатын. Сонымен қатар ол – шығарамашылық адамы, қызуқанды. Филиалының мүмкіндігі қаншалықты шектеулі болса да Арменияның ұлттық эфиріне шығып, ТМД кеңістігіне дербес шығуға тырысатын.

Бағдарламаны өзі жүргізіп, «Мир» сюжеттерінің негізінде апталық ақпараттық талдамалық «Эсадаш» («Поле зрения») бағдарламасын жасады. Ел халқының 70 пайызын қамтитын екінші республикалық арнада ол өз командасымен бірлесіп орыс тіліндегі «Вместе+» бағдарламасын жүргізді. Мұнда ол қандай да болсын Армения проблемасына қатысы бар осы аптада мәскеулік студиядан өткен анағұрлым қызықты сюжеттерге комментарий беріп, шеңберін кеңейтіп көрсетті.

Армениядағы филиалдың радиотобы «Армениядан шыққан кез келген ақпарат, ең алдымен Арменияның өзіне пайда әкеледі» деген принципті ұстанып «Мирдің» бүкіл радио жобаларына қатысып, «Маяк» бағдарламасы үшін көп еңбек сіңірді.

Қарабах проблемасының қаншалықты қатерлі екені барлығына айқын. Кәсіптің этикалық шеңберінен аттамай, тактикалық түрде осы мәселеге тоқталатын армяндық филиалдың еңбегін бағаламауға болмайды. Мұнда ақпарат та, бағалау да бар, бірақ ешбір жерде жалаң айыптауларға, билікті, адамдарды, конфессияны жөнсіз тілдеуге жол берілмеген. Әзербайжан филиалындағы әріптестеріміз де жігіттік келісімге адал болғанымен, филиалдар арасында, филиалдар ішінде кернеулі жағдайлар кейде орын алады. Әр тарапқа - Арменияға, Әзербайжанға, Қарабахқа проблема бойынша ойын білдіру мүмкіндігі беріледі.

Бакудегі біздің филлиал жетекшісі Давуд Иманов Яланузянға мүлде қарама-қайшы тұлға. Қызуқанды, тынымсыз бір орында отырмайтын жан кейде шашыраңқылығы да бар, дегенмен де өте тартымды кісі.

Иманов бастапқыда республиканың ұсыным хатынсыз, әке-шешенің қолдауынсыз, кинематографияда еш таныссыз БМКИ-ге (Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография институты) түседі, бұл ол кезде ерлікпен пара-пар жайт болатын. Сол жылдары Людмила Гурченко туралы жасаған «Актриса мамандығы» деген картинасы осы кәсіпке жаңадан ғана келген режиссердің шығармашылық ойының ұшқырлығы ретінде болашақ кино шеберлеріне үлгі болуда. «Әзербайжандықтар аяқ астынан ресейлік әртіс туралы кино түсіруді қолға алғаны қалай?» деген сөздерді оның бірнеше рет естуіне тура келді. Ондайларға ойланбастан: «Өйткені ресейліктердің бұған ақылы жетпеді» деп жауап беретін.

Осы кәсіпте қызмет істеген екі жыл ішінде ол екі рет марапатталды. 1984 жылы Молдовадағы Бүкілодақтық фестивальда Имановтың «Стань на его место» фильмі үздік режиссерлік жұмыс және үздік публицистикалық туынды ретінде атап өтілді. Көрініс сол кезде жаңашыл болған жасырын камера әдісімен түсірілген, ойын элементтері мен деректілік бөлшектерін біріктірген туынды болатын. Кейіпкер камерадан ар-ұят туралы насихаттап, кейін пара алатын. Бұған тағы да «Неге ол парақор орыс ұлтынан?» деген кінәлар тағылып жатты. Мұндайларға Иманов: «өйткені ол шынымен де орыс, Әзербайжанда тұрады, пара алатыны да рас және ол бірінші рет емес» деп жауап берді. Ең бастысы, парақорда ұрылар сияқты ұлт болмайды. Ұрының аты ұры, парақор қайда да парақор.

КСРО құлағаннан кейінгі республикасының тоқырау жылдарын Иманов үлкен қасіретпен қабылдады. Мұны ол бес сериялы Әзербайжандағы ұлтаралық қақтығыстың басталуы және оның салдарлары туралы телефильмінде көрсетті. Көптеген көрнекі қайраткерлерден сұхбат ала отырып, ол: Не болды? Мұның артында кім тұр? Бакуге әскер кіргізу не үшін керек болды? Осы тектес сұрақтарға жауап табуға тырысты.

Әлиев сол кезде саяси сахнада мүлдем көрінбей қойды. Бірақ Иманов оны іздеп табудан қаймықпай, тікелей: «Неге тығылып қалдыңыз? деп сұрады (содан бері екеуінің арасында достық қатынас орнады, бұл өз кезегінде компаниямыздың жұмысына оң әсер етті). Давуд Мәскеуге барып, әскер кіргізуге бастамашы болған адамдармен кездесуге қол жеткізді. Яковлевпен, Язовпен, Крючковпен, Лигачевпен кездесіп: «Шыныңды айт! Сені бәрібір түсіремін. Сол кезде шын айтып отырсың ба, өтірік айтып отырсың ба бәрі көретін болады?» деп шындықты талап етті. Осы көрініс бізді достастырып, нәтижесінде «Мирге» әкелді деп ойлаймын. Қарабах қақтығысы КСРО-ның барлық ғимаратының күл-талқанын шығарған апатты себептердің бірі болды. Әзербайжандағы «Мирдің» филиалы басқа компанияларға қарағанда көш ілгері.

«Достық ағашы» медалімен марапатталған алғашқылардың бірі Виктор Тихонович Сенин. Бізге келгенге дейін ол Ленинград облыстық телефидение және радиохабар тарату комитетінің төрағасының орынбасары қызметін атқарған болатын. Ол кезде Ленинград телевидениесі «Пятое колесо», «Информ – ТВ», «Горячая линия», «Программа для мужчин» бағдарламаларымен ең қызықты телевидение еді. Ферғанадағы қантөгісті басқа арналар, оның ішінде ОРТ көрсетпеген кезде, тек ленинградтық «Горячая линия» ғана таратты.

Сениннің еңбек жолы бай – университеттерін Әскери-теңіз училищесінен бастаған. Қиялға толы алыс сапарлар мен қимастықпен шығарып салып тұрған нәзік жанды арулар елесі қызықтырған еді. Теңіздегі шындыққа жанасу көкірегіндегі романтиканы одан бетер оятты; нәзік жандылардың жанын Сенин онсыз да көркімен, тартымдылығымен жаулап алатын. Сосын журналистикаға ықыласы ауды: шығармалары «Смена», «Красная звезда», «Моряк Балтики» басылымдарында жарық көрді. Сосын Ленинград университетіне бару үшін рапорт берді. Басшылық үздік оқушыларының бірін қимастықпен жіберді.

Журналистика факультетін тәмамдағаннан кейін Ленинград бойынша және облыс бойынша «кеңестік Ресейдің» меншікті тілшісі болды. Төрт жылдан кейін «Правдаға» тағы да меншікті тілші ретінде қабылданды. Төрт жыл жұмыс істеген соң «Ленинградская правда» газетіне бас редактордың орынбасары болып ауысты. Кейін телевидениеде жұмыс істеді. Саяси дүрбелең басталған кезде ол бұған қатысқысы келмей бизнеске кетті. Кеңестік-америкалық «Эрмитаж» бірлескен кәсіпорнын құрып, Халықаралық Мемлекеттік Эрмитажды қолдау қорының (ондағы бас директор қызметін әлі атқаруда) негізін салды. Альбомдар, кітаптар басып шығарумен, шетелде импрессионистердің репродукцияларын, херсон керамикасының көшірмелерін, Эрмитаж қоласын, ұлы адамдар шығармаларында айтылған бағалы тастарды (сертификаты қоса берілген лағыл тастарды, Рембрандт тура осындай сырға болатын) сатумен, қарапайым сауда-саттықпен айналысты.

Бір сөзбен айтқанда белсенді, жұмыссыздыққа жаны қас, уақытының қауырттығына қарамастан көлемі ірі не шағын журналдарға мақалаларын беріп, Солтүстік туралы, адамзат тағдыры туралы, махаббат туралы, балалық туралы публицистика, кітап жазып үлгеретін тамаша жан. Біз екеуміз кеңес кезінен бастап таныс болдық. 1994 жылы Ленинградта филиал құру кезінде қайта кездестіріп, бойынан өршіл рухты сездім. Әрине тәуекелі де жоқ іс емес еді, өйткені мен жұмысқа көзіме тура қарап, өз еркімен қызмет ететін тік мінезді директорды қабылдап жаттым. Бірақ мұндай жұмысқа мінезі бар, дербес, өз күшіне сенетін, дайын ақшаны күтпей, қаражат көзін табуға қабілетті адам қажет.

Сенинді өз кезегінде біздің мирлік идеяларымыз бен принциптеріміз қызықтырды. Бәрінен бұрын компанияның тәуелсіздігін жоғары бағалады. Қолдағының бәрін талан-таражға салып жатқан заманда біздің бірлігіміз бен ынтымақтастығымызға тәнті болды. Сенин бұл дербестікті шама-шарқынша пайдаланып, «Вместе» бағдарламасынан өзге де өзінің жарты сағаттық «Акценты» және «Резюме» атты бағдарламаларын даярлады. Бұл бағдарламаларды құру үшін ол қаражат сұрамай, телефильмдер түсіруден, басқа арналар үшін тележарнамалар өндіруден, сонымен қатар «Мирде» бар жеңілдіктер негізінде коммерциялық қызмет көрсету есебінен тапты. Маңына жақсы жұмыс істеп, жақсы ақша табатын мықты ұжым жинады. Есік алдында қарымды кісілерді, өзіміздің эфир үшін түсірілген сонғы ақпаратты сатып алуға даяр жиырма шақты арна тұрған бәсекелестік жағдайында бұл оңай іс емес.

Өзінің филиалымен Парламентаралық Ассамблеяның жанындағы Таврикалық сарайға көшу туралы ой оған бірден ұнады. Барлық телевидениені Чапыгин көшесінен көріп үйренген петербургтіктерге бұл ойдың тансық болғаны сөзсіз. Сенинді көндіру қажет болған жоқ. Оның үстіне онсыз, оның баспасөз бен телевидениеде жұмыс істеген жылдары ұстаған байланыстарынсыз біз Таврикалық сарайға көше алмас едік. Егер сарайды тегін емес жалға алсақ, қалтамыз көтермей құрыр едік.

Соңғы кездері Достастық астанасы етіп Минскіні емес, ТМД-ның маңызды басқару орталығы Ассамблея орналасқан Санкт-Петербургке көшірейік деген де ой жиі айтылып жүр. Қалай дегенмен Ресейдің солтүстік астанасында Достастықтың басқа да біріккен органдары, бәлкім Ресейдің қандай да бір ведомстволары орналасар деп күтуге болады. Бұл қаланы жандандырып, мемлекеттік құрылымның бір арнаға тоғысуына ықпал етеді. Путин бұған оң көзқарас білдірді. Жалпы алғанда, бұл ой іске асса, біздің филиалдың жұмысы көбейеді.

Сенин Ленинградта барлығын біледі, ал қызметтік қатынастармен қатар таза кісілік қарым-қатынас болған жерде кез келген мәселе шешімін табады. Мысалы, хоккейден өткен әлемдік чемпионатқа ашылған Мұз сарайын барлық радиотелевизиялық жабдықтауды біздің филиал атқарды. Осындай мықты тапсырыс үшін бәсекелестермен күресуге тура келді. Егер қала Сенинді білмеген болса, егер ол осындай табанды болмағанда ақша желге ұшар еді. Оның үстіне «Мир» Таврикалық сарайдан Мұз сарайына ғана емес, қаланың барлық бес маңызды спорттық, театральдық және эстрадалық алаңдарына талшықты кабель жүргізді. Санкт-Петербург тұтастай «Мир» сақинасына оралды. Бізде кабель бар, біз спутниктік антеннаға шыға аламыз, сондықтан да тапсырыстар бізге түсуде.

Грузия комсомолы ОК-ның бұрынғы бірінші хатшысы Сесили Гогиберидзе ұзақ уақыт бойы Грузиядағы біздің филиалдың директоры болды. Біздің компаниядан сыртқы істер министрінің орынбасары қызметіне ауысты, жуырда мәдениет министрі болып тағайындалды. «Мирдегі» оның орнын Бадри Начкебия басты.

Мамандығы бойынша ол —Мәскеу мемлекеттік универсиеттін бітірген философ. Ол саяси терроризм проблемасына көп көңіл бөлген, осы тақырыпта он бес ғылыми еңбек жазған. Саясаттанушы, саяси шолушы рөлін де атқарады, Грузия парламентінде ғылыми-зерттеу орталығының бас маманы болып, Грузия үшін ғана емес, басқа елдер үшін де өзекті мәселе – лаңкестік және саяси зорлық-зомбылық проблемаларымен айналысқан.

Біздің компаниямызда салыстырмалы түрде жаңадан 1997 жылдан бастап жұмыс істей бастады. Бізде саяси шолу жасап, Грузияға бірнеше қызықты бағдарламалар түсірді. «Мирдің» КСРО ыдырағаннан кейінгі босап қалған ақпараттық кеңістікті толтыруға тырысқан бірден-бір компания екенін ол бірден түсінді.

Біздің филиалдың директоры болған соң ол саясаткер ретіндегі тақырыбынан ауытқыған емес. Қоғамдық үкіметтік емес ұйым - Лаңкестікті және саяси зорлық-зомбылықты зерттеу орталығын құрды. Ол орталықтың басшысы ретінде лаңкестіктің барлығының басына төнген қара бұлт екенін айтып ТВ-орталықтан, «Маяк» радиосынан сөз сөйлеп, семинарлар ұйымдастырып, кітапшалар шығаруда. Бұл проблема Ресей үшін де Грузия үшін де қауіпті, сондықтан осы індетке қарсы бірігуіміз керек. Басаевті Абхазияда болған кезде жасақшы деп, ал Шешенстанда – лаңкес деуге болмайды. Лаңкес қайда да лаңкес.

Филиал директоры болғаннан кейін Бадри экономика проблемасын басым қою керек, өйткені осы мәселені шешу арқылы саяси, мәдени проблемалар да өз шешімін табады деді. Айтылған пікірмен келіспеу қиын. Бұл әсіресе басқа арналардың жұмысына қатысты болса, экономикалық проблемаларды шешу қиындық туғызады. Бізді үнемі жасырын жарнама жасайсыңдар деп айыптап, айыппұл саламыз деп қорқытады. Атын, мекен-жайын, кәсіпорынның атауын айтпай оң интеграциялық тәжірибе туралы сонда қалай айтуға болады? Меншікті арнаға деген қажеттілік күннен-күнге артуда. Грузиядағы бүгінгі ахуалға байланысты, Бадридің проблемалары аз емес. Орталық телевидение арнасы тендер бойынша сатылып кетті. ОРТ-ні қоса алғанда ешкім ресейлік 1-арнаның Грузияға қайта таралуын қаржыландырып отырған жоқ. Сондықтан «Мирдің» бағдарламалары кабельдік телевидение, тарелка не арнайы антеннасы бар адамдар үшін ғана қолжетімді. Оның үстіне энергия дағдарысы бар. Қыста күндіз электр энергиясы болмағандықтан көрермен бізді мүлде көре алмайды. Немесе басқа компаниялармен кешкі уақытта хабар тарату үшін келісу қажет. Бірақ кешкі уақыттың құны қымбат. Ол боевиктерге, рейтингті бағдарламаларға бөлінеді.

Қазақстандағы біздің филиалдың директоры бастапқыда белгілі телекомментатор Гүлжан Ерғалиева болды. Қазір оның орнында құрметіне Алматының көшелерінің бірі берілген атақты жазушының баласы - Ерлан Бекхожин (айтпақшы жақында оның машинасының нөмірі қолды болды, жазушылық атақ парадоксы деген осы) отыр. Жас болғанымен Ерланның радиода, телевидениеде, тікелей репортаждар мен жаңалықтар бағдарламасын жүргізудегі тәжірибесі мол. Ол қазақстандық телевидениедегі тұңғыш жүргізуші, оған дейін ақпараттық бағдарламаларды басқа адам даярлаған мәтінді оқитын дикторлар жүргізетін. Ал ол болса сюжеттерді өзі түсіріп, оған мәтінді өзі жазып, экраннан өзі комментарий берді.

Ерлан Қазақстанды көп аралады, Назарбаевтің соңынан ерген журналистік топтың құрамында жиі басқа елдерге де баратын. Мінезі тік болғандықтан, басшылыққа қарсы келіп, жұмыстан үш рет шығып, үш рет қайта кірді. Үшіншісінде, Меккеге жасаған іссапардан уақтылы келмегені үшін шығарылған еді. Сол жолы ол мұсылмандардың қасиетті жері Меккеге қазақстандықтардың тұңғыш сапары туралы бірегей материал жинап әкелген болатын. Кейін осы материал үшін Бекхожин Қазақстанның Жастар одағы сыйлығын иеленді.

Оның бұдан басқа да журналистік марапаттары бар: «Хабар» телекомпаниясында бағдарлама жүргізушісі әрі комментатор болып жұмыс істеп жүрген кезінде қазақстандық телевидение және радио туралы бағдарламалар сайысының нәтижесі туралы бағдарлама жүргізді. Бағдарлама барысында Ерлан басты жүлдегерлердің бірі өзі екенін таңданыспен жариялады, оның «Жеті күн» апталық ақпараттық-аналитикалық бағдарламасы үшін үздік журналист деп таныған екен. Кейін біз оның «Мирге» «Вместе» бағдарламасын жүргізу үшін шақырғаннан кейін үш ай өткен соң тағы да жүлде алды. Ресей Журналистер одағы Ерланға және оның басқа да жас әріптестеріне сыйлық тарту етті.

Ардагерлеріміздің қатарында Белоруссиядағы филиалдың директоры Людмила Сидорович бар. Журналистика оған қанмен берілген. Телевидение – оның өмірлік махаббаты.

Ол Белорусь Мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне түскенімен, бұл саладағы еңбек жолын он төрт жасынан бастаған еді. Людмиланың жұмысқа деген қабілеті феноменальды, өзі жазып, түсіріп, радио және телевидение тілшісі болған. Оның үстіне жұмысты жеңіл, еш қиындықсыз атқарады. Жиырма жасында Белорусь телевидениесінің қоғамдық-саяси редакциясы бас редакторының орынбасары қызметін атқарған. Бізге жиырма жыл отырған сенімді орнында отыруға ешкім кедергі келтірмесе де, «Мир» идеясына сенгендіктен келді.

Людмила әрқашан ауыр әрі ауқымды жобаларды қолға алғанды ұнатады. Егер телецикл түсіретін болса, онда оңай қолға түспейтін мемлекеттің бірінші тұлғаларымен түскен цикл болады. Оның бойындағы табандылығымен және іскерлігімен қатар, бірінші тұлғалар бірінші емес, қарапайым азамат болған кезде орнаған байланыстары да бар. Айталық Беларусь премьері Кебичті зауыт директоры болған кезден бастап біледі. Сол кезде күйіп кеткен зауыт мәселесі туралы одан сұхбат алған екен.

Людмила егер Лукашенко мен Ельциннің Брестегі кездесуі туралы жазар болса, жай репортаж ғана емес, көпсағатты телемарафон түсіреді. Телемарафонға президенттер кездесуінің нәтижесі елеусіз қалмаған, әртүрлі адамдар атсалысатын болады.

Егер ол концерттік бағдарлама жасаса, ол жай ғана концерт емес, үлкен мерекеге айналады. Бұған тек беларус әншілер емес, бүкіл Одақтың әншілері мен музыканттары жиналады. Брест бекінісінің қабырғасында үш рет өткізілген патриоттық әндер фестивалі - деңгейі өте жоғары телевизиялық оқиға болды. Мерекеге отыз мың жанды аудиторияны, эфирде миллиондаған көрерменді жинады.

Брест фестивалінің өткені сол еді, ол қайтадан жаңа жобаны қолға алады. «Үшінші мыңжылдыққа біртұтас бауырлас отбасы болып қадам басамыз» жобасын үш мемлекеттің – Ресейдің, Белоруссияның және Украинаның шекарасында, үш облыстың – Брянск, Гомель, Житомир облыстарының тоғысындағы Халықтар достығы ескерткіші тұрған жерде өткізді. Мұндай ауқымды жобаларды іске асыру үшін талант пен кәсібилік аздық етеді, бұл үшін ерлік керек. Людмила Сидоровичтің бойында бұл қасиет бар. Мүмкін топырақпен дарыған болар, өйткені оның Машеров және көптеген белорустық ержүрек партизандар шыққан атақты партизандар өлкесі Докшинкадан шығуы кездейсоқтық емес.

Біздің филиалдарымыздың директорлары бір-біріне қалай ұқсамаса, оларды «Мирге» әкелген тағдырлары да әрқилы. Филолог, «Чехов шығармаларының тәжік тіліне аударылу проблемалары» тақырыбында кандидаттық қорғаған, Ғылым академиясының қызметкері телевизияға келіп, директор болады деп кім ойлаған? Бірақ Джамшед Садуллаевтың тағдыры осылай болды. Ол аудармаларға көркем сын айтумен айналысып, өзі де орысшадан тәжік тіліне, тәжік тілінен орысшаға аударумен айналысып, республика парламентінің сессияларында ілеспе аудармашы болған. Осы салада қызмет еткен адам ғана оның қаншалықты қиын екенін біледі.

1992 жылдан бастап бастапқыда коммерциялық бөлімге жұмысқа шақырылып, кейін халықаралық бағдарламалардың бас редакторы болды. Бір жыл өткен соң бізге «Мирге» келіп, алдымен филиал директорының орынбасары, сосын филиал директоры қызметіне ауысты. Ол бірден дайын асқа келген жоқ, бәрін басынан бастауға тура келді. Оның үстіне қазір тәжік филиалы жабдықталуы деңгейі және филиал дизайнының сапасы бойынша Мәскеудегі штаб-пәтерден кем емес. Бұл егер Тәжікстандағы жағдайды ескерсек, үлкен ерлік. Жасы бойынша ол директорлардың ішіндегі ең жасы болғанымен, «Мирдегі» тәжірибесі бойынша ең үлкені.

Солтүстік Кавказдағы өкілдіктің директоры Измаиль Бурнацев мамандығы бойынша кинорежиссер. БМКИ-ді тәмамдаған. Телевидениеге кино түсірген. Алғаш рет қысқаметражды «Сюрприз» комедиясын түсірген, көркемдік жетекшісі Тенгиз Абдуллаев болған. Картина телевидениеде бірнеше рет сәтті шығып, көрермен ықыласына бөленді. Бакинскідегі абақтыда көрген кезде көрермендердің көңілденгені сонша қарауылдар әзер тыныштандырыпты.

Кинематография дәстүрінде тәрбиеленген Бурнацевке телевидение бастапқыда қиындық тудырды. Өнер саласынан күнделікті қарбалас тірлікке ауысу оңай емес. Бірақ кейіннен деректі сюжеттердің өзіне қызықты көркем шешім қажет екеніне уақыт өте келе көзі жетті. Бізге Владикавказдан келетін сюжеттердің ерекшелігі осында. Бурнацев сонымен қоса мықты ұйымдастырушы болып шықты, директор да өзі, сценарист те, сонымен қоса жүргізуші де өзі. Азғантай ғана ұжымымен бірге тек Солтүстік Осетиядағы ғана емес, Ставропольдегі, Ингушетия мен Кабардино-Балқариядағы, Қарашай-Черкештегі, Дағыстандағы, сосын әрине Шешенстандағы басты оқиғаларды хабарлап үлгеріп отыр. Бұдан да көп материал беруге мүмкіндігі болғанымен, эфирлік мүмкіндіктер қолымызды жіпсіз байлауда.

Бурнацевтің қызы Диана журналистика факультетін бітіргеннен кейін әкесінің қасына жұмысқа келді. Оның дайындаған сюжеттері есте қаларлық. Ұлы Отан соғысы жылдарында алты ұлынан айрылған ана туралы сюжет осындай. Қазір оларға ескерткіш қойылып, тырнаға айналған жауынгерлер туралы Расул Гамзатовтың өлең жолдары естелік тақтайшаға жазылған. Айтпақшы Диана университет бітірерде диплом жұмысының тақырыбы етіп, біздің компаниямыздың қызметін алды. Осылайша «отбасылық кәсіпорын» «Мирдің» игілігі үшін жұмыс істеуде.

Кишиневтегі біздің филиалдың басшысы Ион Михайло телевидение саласында отыз жыл қызмет еткен. Барлық қызмет өткелдерінен өткен, режиссердің ассистентінен бастап бас директордың бірінші орынбасары қызметіне дейін көтерілген. Жастар редакциясының бас редакторы болып көп жыл еңбек еткен, сол жылдары ОТ-да «жастардың» басшысы Сагалаев болған. Ион Орталық телевидениемен бірлесіп жастар бағдарламасының бүкілодақтық фестивалін өткізіп, соның бірінде өізнің «МВ-615» (тарқатар болсақ, «Жастар толқыны, телефон – 615 немесе «Михайло Ваня – 615») бағдарламасы марапатталды. Сонымен бірге жастарға арналған танымдық-ойын-сауық бағдарламаларының бүкілодақтық фестивалін ұйымдастырды.

Ион біраз уақытқа телевидениеден кинематографияға кетіп, «Молдовафильм» студиясында үш жыл бас редактор болды. Продюссер ретінде үш фильм түсіріп, кейін Кишинев «Телефильмінің» директоры болды. «Мирде» 1999 жылдан бастап жұмыс істейді. Молдава үкіметі біздің филиалды қаржыландыра алмай отырғандықтан, жұмыс істеу қиынға соғуда. Шешілмеген істер өте көп...

Еңбек өтілі ең азы болғанымен, жасы үлкені – Қырғызстандағы филиалдың басшысы – Закон Күрішбеков (2000 жылдан бастап директор болып бекітілді). Мамандығы бойынша заңгер әкесі Ақынбек Күрішбеков «заңға» құрмет көрсеткені болар, баласына осы атты беріпті. Ол атына заты сай өзіне жүктелген жауапкершілікті ақтауда. Негізгі мамандығы инженер, Киев Политехникалық институтын бітіріп, Роальд Сагдеев басшылық еткен Ғарыштық зерттеу институтының Бішкектегі филиалында ғарыштық байланыс проблемаларымен айналысқан. Сағдиев қазір Америкада тұрады, Дуайт Эйзенхауердің немересіне үйленген (үйлерінде болғанмын). Ол Бішкекке келсе бірден Законды іздейді. Олардың «Мирге» қатысы бар, оның спутниктік жүйесін жетілдіретін қызықты жобалары бар, бірақ бұл туралы айтуға әлі ерте.

Қырғызстандағы филиалды құрар кезде спутниктік жүйені орнату керек болғандықтан, ол бізге инженер ретінде келді. Бішкектегі директорлар жиі ауысатын; бастапқыда Калбек Эстебесов, сосын Мүсүрқұл Қабылбеков (Законды шақырған сол болатын), сосын жеке арнадан келген Сергей Дедюхин болды. Жуырда Дедюхин Стратегиялық зерттеу институтына ауысты, «Мирде» жұмыс істеген кезде жинаған тәжірибесі болашақта бір пайдасын тигізер деген ойдамын.

Біздің филиалдың директорларына мемлекеттерінде орнаған қоғамдық қатынастарды мұқият зерттеп, компаниядағы жұмыстарында мемлекеттерінің дамуына көмектесуге тура келеді. Қырғызстанда Достастықтың барлығына тән үрдіс айқын байқалды. Мемлекет басындағылар үнемі күресіп, билік ауысуда. Мүсүрқұл Қабылбеков публицист және ұлттық филиалдың басшысы ретінде солардың бірін жақтады, бірақ олар ауысып кетіп, орнына басқалар келген соң кетуіне тура келді. Оны қорғамақ болғанымызбен, бұл біздің қолымыздан келмеді. Бірақ біз онымен әлі күнге дейін кеңесіп, қатарымыздың бірі деп есептейміз.

Өмір өзгеруде, онымен бірге біздің командамызда да өзгерістер болып отырады. Бірақ біздің идеямызбен, философиямызбен уланғандар біздің достарымыз, серіктеріміз болып қала береді.