Ғабит мүсірепов (1902-1985)

Вид материалаДокументы

Содержание


Көк үйдегі көршілер
Талпақ танау
Ананың анасы
Ашынған ана
Ананың арашасы
Оянған өлке
Жапон балладасын
Махаббат туралы дастан
Ақан сері—Ақтоқты
Подобный материал:

ҒАБИТ МҮСІРЕПОВ


(1902-1985)




Қазақ әдебиетінің кеңестік дәуірдегі көрнекті қайраткерлерінің бірі — көркемсөз зергері Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов 1902 жылы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданында кедей шаруаның отбасында дүниеге келген.


Ол алғаш өз ауылында ескіше оқып, хат таныған. 14 жасында (1916 жылы) Обаған деген жердегі нағашысының көмегімен орыс мектебіне окуға түседі, бұл мектепті бітіріп, Преснегорьковтағы екі кластық орыс мектебінде оқьш, жеті жылдық мектептің көлемінде білім алады. 1923-26 жылдары Орынбор қаласындағы жұмысшы факультетіне (рабфак) оқуға түсіп, оны бітірісімен Омбыдағы ауыл шаруашылық институтында бір жыл ғана оқиды. Содан кейін кеңестік дәуірдегі баспасөз, халық ағарту, көркем өнер мекемелерінде әр түрлі жауапты қызметтерді атқарады.

Орыс мектебінде жүргенде орыстың атақты ақын жазушыларының шығармаларын оқып білуі, ауыл мектебінде өзін оқытқан әдебиетші мұғалім Бекет Өтетілеуовтың әсер ықпалы болашақ жазушының әдебиетке ерекше ықылас аударуына септігін тигізеді. Орынбордағы рабфакта оқып жүргенде ол әдеби білімін, эстетикалық сезімін одан сайын жетілдіре түседі. Осы кезде өзінің тырнақалды туындысы «тулаған толқында» повесін жазады. Содан былай қарай баспа орындарында, партия, кеңес мекемелерінде жауапты қызмет атқара жүріп, шығармашылық жұмысын толассыз дамыта береді. Соның нәтижесіндей болып, «Қос шалқар», «Көк үйдегі көршілер», «Шұғыла», «Талпақ танау» әңгімелері мен « Бір адым кейін, екі адым ілгері» повесі жыл аралатып барып, бірінен кейін бірі жарық көреді. Оның бұл шығармалары қазақ әдебиетіне жазу стилі қалыптасқан, көркемдік шеберлігі ерекше жаңа суреткердің келгенін жария еткен еді. Шығармашылық жолының бір белесін аналар туралы әңгімелер топтамасымен түйіндеген жазушы енді кең тынысты туынды жазуға кіріседі. Екінші дүниежүзілік соғыстың аяғын ала ол өзінің тұлғалы туындысы «Қазақ солдаты» романын жазады. Роман тың тақырыбымен, образдарының көркем бейнеленуімен, сюжет құру шеберлігімен, тартымды тамаша тілімен таңдаулы қазақ романдарының қатарына қосылады. Бұдан кейін ол араға біраз уақыт салып барып, өзінің ең ірі салалы да салиқалы шығармасы «Оянған өлке» романын жариялайды.


Жазушының әдеби-шығармашылық еңбегі жиырмасыншы жылдардың аяқ шенінен басталады. Оның жазушылық еңбегіне үлгі болған Пушкин, Лермонтов, Гоголь, Крылов, Чехов, Толстой, Салтыков-Щедрин сияқты орыс классиктері болды. Әсіресе оның шығармашылық еңбегіне ерекше әсер еткен Гоголь, Чехов, Горький сияқты әңгіме, очерк, хикаят, роман жазушы сатириктер еді. «Мен, — деп еске алады өзінің «Автобиографиялық әңгімесінде, — сол кездегі Орынбор рабфагін кейбір жоғары дәрежелі мектептермен теңесе алады-ау деп ойлаймын!... Орыс әдебиетін оқығанда Гоголь, Чехов, Горький шығармалары ойыма қона қалушы еді. Қабырға газетіне бірінші рет ұзақ әңгіме жаздым (кейін ол «Тулаған толқында» деген повеске айналып, менің бірінші басылып шыққан әдеби еңбегім болды»).


Сол кезден бергі уақыт ішінде жазушы жиырмадан астам әңгіме, хикаяттар («Қос шалқар», «Талпақ танау», «Ана туралы новеллалар», «Автографиялық әңгіме», т.б.), ондаған пьесалар («Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Ақан сері — Ақтоқты», «Аманкелді», «Қынаптан қылыш т.б.), «Қазақ солдаты», «Ұлпан», «Оянған өлке» атты романдарын, қара сөзбен жазылған «Кездеспей кеткен бір бейне» поэмасын жазды.


Орыс, батыс классиктерінің шығармаларын қазақ тіліне аудару ісімен де шұғылданды. Оның жүзге тарта публицистикалық мақалалары жарық көрді.


Сөйтіп, Ғ. Мүсірепов қазақ әдебиетінің барлық жанрын дамытуда аянбай еңбек еткен академик-классик жазушы болды. Оның осы еңбектері жоғары бағаланып, бірнеше орден, медальдармен марапатталды. Алты мәрте Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне, 1958 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды. 1974 жылы Ғ. Мүсіреповке кеңес әдебиетін өркендетуде сіңірген еңбегі үшін Социалистік Еңбек Ері құрметті атағы берілді.


Ғ. Мүсіреповтің әңгімелері.

Жазушының 1930 жылдардың бас кезіндегі көбірек көңіл бөлген тақырыбы - ауыл шаруашылығын ұжымдастыру мәселесі болды. Оның осы тақырыпқа арнап жазған тұңғыш шығармасы «Қос шалқар» (1929) әңгімесі еді. Әңгіменің оқиғасы Қазақстанда егіндік, шабындық жерлерді бөліске салу, ауыл шаруашылығын ұжымдастыру мәселесіне ұласады. Қасым сияқты байлардың шөбін шауып, малын баққан Күсен сияқты кедейлердің артель болып ұйымдасуы, байлар мен кедейлердің таптық күресі шеңберіндегі қазақ ауылының шындық өмірі суреттеледі.


Жазушы «Қос шалқар» атанған әсем көлдің атырабына үш рет жолы түскенін баяндай отырып, осы өңірдегі болған өзгерісті сөз етеді.


Ғ. Мүсіреповтің бұдан кейінгі жазған екі әңгімесі — « Көк үйдегі көршілер» (1929), «Күсен» (1930) де осы тақырыптың жалғасы іспетті болып келеді. Онда да қазақ ауылындағы колхоздастыру кезіндегі қиыншылық, таптық талас-тартыс әңгіме болады. Ғ. Мүсірепов 1932 жылы «Бір адым кейін, екі адым ілгері» атты әңгімесін жазды. Онда да таптық күрес, астыртын әрекеттер, ауылдың бай-кедей болып бөлінуі, жаңа заманға өткен қоғам өкілдерінің риза болмай, қарсы тұруы суреттеледі. Әңгіменің басты кейіпкерлері — колхоз бастығы Рамазан мен оның орынбасары Жанғалилар өз туыстарын ғана колхозға тартып, рушылдықты қоздырады. Ал Сүгір молда мен Есентай сияқты өткен қоғам өкілдері астыртын әрекет жасап, колхоздың қоймасын өртеп, асыл тұқымды малдарын өлтіру арқылы жаулық әрекет жасайды.


Бұның бәрі жазушы ойлап тапқан оқиға сюжеті емес, 1930 жылдардағы ұжымдастыру кезеңіндегі өмір шындығы екені даусыз. Себебі бір қоғамдық құрылыс өзгеріп, оның орнына жаңа қоғам келгенде адамдардың идеялық талас-тартысының болуы, ескі мен жаңаның күресі табиғи заңды кұбылыс, өмір шындығы еді. Жазушы осы адамдар санасындағы болған өзгерістерді суреттеп отыр.


Жазушының адамдардың идеялық көзқарас өзгешеліктерін дөп басьш, шебер суреттеген әңгімесі « Талпақ танау» (1934). Бұл әңгімеде де қазақ ауылындағы колхоздастыру кезеңінің шындығы баяндалған. Онда еңбекшілерді ұжымдастыру мәселесіне байланысты колхоз төрағасы Сәденнің көрші совхоздан шошқа сатып әкеліп, бесінші түлікті өсіруі, қазақ ауылына жаңа әкелінген бесінші түлікті қазақ шалы Есеннің бағуы, ауыл адамдарының оған шошына, жиіркене қарауын суреттеу арқылы адамдар психологиясында орын алған ескі түсінік пен жаңа көзқарастың қақтығысы сипатталады.


Отызыншы жылдардың орта шенінде жазушыны М. Горькийдің ана тақырыбына жазған романтикалық әңгімелері қызықтырады. Гуманист жазушы М. Горькийдің адам деген ардақты атты жоғары бағалауы, өмірге рух себуші, тіршілік иесі аналардың қоғамдағы рөлі Ғ. Мүсіреповке үлкен ой салды. Ол М. Горькийдің «Адамның анасы» және «Өлімді жеңген ана» атты екі новелласын аударып, өзі де «Ананың анасы», «Ашынған ана>>, «Ананың арашасы (1934), «Ер ана» (1942), «Ақлима» (1944) атты әңгімелерін жазды.


« Ананың анасы» (1934) атты әңгімесінің мазмұны ел арасына кең тараған аңыздан алынған. Мұнда елді шауып, жазықсыз жас қызды зорлап алып бара жатқан батырды қыз анасының сөзбен тоқтатып, жеңгені, сөйтіп, оның қызын жау қолынан азат етуі баяндалған. Шығарманың мазмұны, Әйтілес ақсақалдың «етектей сақалын балуан саусақтарымен салалап тарап» қойып өткен өмір оқиғасын баяндауынан басталады. Әңгімеде намысқа шабар білегі, әділетті таныр жүрегі бар, бірақ ел әкімдерінің алдауына түскен аңғал батыр Жалпақ балуанның Бала бидің қолшоқпары болуы, жүрегін жарып шыққан қызының тағдырына шырылдап арашашы бола білген абзал ананың өжеттігі айтылады.


« Ашынған ана» (1934) әңгімесі 1916 жылғы ұлт-азаттық; қозғалысына арналған. Жалғыз баласының жасын асырып жазып, майданға қара жұмысқа жібермек болған болыс пен оның қолшоқпары Қарасақалға Қапияның пышақ салып, түрмеге түсуі, онда 17 ай отырып, ақыры оны большевиктердің түрмеден босатуы баяндалады. Жазушының суреттеуінше, қиыншылық пен зорлық-зомбылықты көп көріп, азап шеккен: «... Өмір өзін сондай сіліккен. Қазір бұл сондай орасан күшті. Енді өмірді өзі сілкуге жарап қалған қайратты ана...»


Ал Ғ. Мүсіреповтің « Ананың арашасы» (1934) атты әңгімесінде Антоновтың ақ бандыларының қазақ ауылына ат ойнатып, жазықсыз жандарды атып-асуы, Нағиманы "большевик балаңды тауып бер" деп соққыға жығуы, ананың жан азабына шыдап бағып, ақтар армиясының солдаттарының шымбайына батар сөз айтып, солдаттарды өз командиріне қарсы қоюы, ақыры олардың Антоновты өлтіріп, Қызыл Армияға қосылуымен аяқталады.


Ақтар армиясының бандыларының жауыздығын жазушы былайша суреттейді: «... Ана арқасында қайыс қамшы жыландай жүйткіп жүр... Арашаға жарай алмаған ауыл ұятына тұншыққандай тым-тырыс... Тек отыз өрім қамшы ғана әйел арқасында жыландай ысылдайды. Анада үн жоқ. Асыл жігер мен өктем куш теке- тіресіп кездесе қалып, біріне-бірі тізе бүгер емес. Қара көк жапырақты ақ көйлек қызыл қанға айналып, арқа жағы тілім- тілім болып кетті. Қанға боялған қамшы ана денесінің ашынған жерлерін иіскеп табатындай жанға батар жеріне дәл-дәл тиеді. Қамшы сарт етіп қалғанда, ана көзінен от ұшқыны да жалт ете қалады. Сіресіп қалғандай табан аудармай, кек кернеген ана да тұр, мың сұрауына бір жауап ала алмай ызаға булығып Антонов та тұр. Ана тістері тіл қақпасын тас бекітіп тастапты... Бұдан әрі өжет ана Антоновтың адамгершіліктен жұрдай жауыздығын бетіне басып, өршелене түседі.


Жазушы қара күштің ана жүрегін мойыта алмағанын суреттеу арқылы «Ана алдында өлім де мойын ұсынады. Өлімді өмір жеңеді» дегенді бейнелеп беріп отыр.


Ғ. Мүсірепов Ұлы Отан соғысы жылдарында да ана тақырыбына қайта оралып, екі әңгіме жазды. Оның бірі --«Ер ана» (1942). Онда жау уақытша басып алған селода ауру немересімен қалған Наталья ананың партизандар көмген минаны жарып, неміс офицерлері орналасқан мектеп үйін өртеп, ормандағы партизандарға қосылуы суреттеледі. Ал «Ақлима» (1944) әңгімесінде жалғыз ұлы соғыста ерлікпен өлген ананың майданнан мүгедек болып оралған Сапар деген жігітті асырап алып күтуі, оны өз баласы Қасымнан кем көрмеуі баяндалады.


Ұлы Отан соғысы жылдарында эвакуациямен Украина, Ресей жерлерінен келген орыс, неміс, шешен, ингуш, татар балаларын қазақтардың асырап алуы көп болған. Ал қол-аяғы бірдей шөрке боп қалған жауынгер жігітті туған анасындай болып күту гуманистік ұлы жүректің ғана қолынан келетін қасиетті іс-әрекет еді. Жазушы осы арқылы ана жүрегінің кеңдігін, махаббатының молдығын асқан суреткерлікпен бейнелейді.


Жазушының «Ана» тақырыбындағы шығармаларының жиынтығы ретінде 1974 жылы «Ұлпан» романы дүниеге келді. «Ұлпан» — бүкіл аналардың жиынтық бейнесі тәріздес кесек полотно.


«Ұлпан» — тарихи ел шежіресінін мазмұнында құрылған роман. Романда қазақ ауылының жүз жылдық тұрмысы, әдет-ғұрпы, барымта, қалыңмал беріп, қыз айттыру, бай мен кедей арасындағы, ел арасындағы жер дауы, жесір дауы кең көлемде сөз болады. Романдағы бас кейіпкер Есеней - қалың Керей-Уақтың билігін қолына мықтап ұстаған аузы дуалы биі, атақты байы. Ол ПІыңғыспен партиялық сайлауда таласса, тең түсетін өткір сөзді, алып денелі, қара нар іспеттес қайраткер. Жасында жауынгер, найзагер батыр да болған. Кенесарының қалың қолымен кескілескен ұрыста ерлік көрсеткен, екі жүз сарбазын тұтқындап стапқа өткізген, кейін жараланыш, орыс-казактары дәрігерлерінің көмегімен ажалдан аман қалған. Ол қалың жылқысын өзінің жауынгер досы, бүгінде аяқ қолы топ болып қалған Артықбай батырдың жайылымына байқамай қаптата жайып келе жатқанда оның алдынан ерекше киінген кесек тұлғалы, батырдың қызы Ұлпан қарсы шығып, Есенейді еселі сөзбен жеңіп, айып төлетеді. Ол бұдан он үш жыл бұрынғы әкесі Артықбай батырдың үйінде Есеней намаз оқып отырғанда еркелеп мойнына асылыш, «Мен түйеге мініп кеттім! Әке, сен үйде қалдың!» деп маза бермейтін қара қыз. Бүгінде аңшы, құсбегі, жылқышы болып ат құлағында ойнап өскен батыр қыз.


Екі баласы бір күнде шешектен өлген, бүгінде елуден асып, ел ағасы болған еңсегей бойлы Есеней бір балаға зар болып жүріп, өзінен қырық жас кіші қара торы өткір қыз Ұлпанға ғашық болады. Есенейдің уыздай Ұлпанды қолға түсіруіне екінші себеп — айттырған күйеуі Түлен саудагердің таз баласы Мырзаштан құтыла алмай отырған кезіне тап болады. Мыңғырған малы бар, бір уез елді ашса — алақанында, жұмса — жұдырығында ұстап отырған Есеней Ұлпанды айттырып қойған жерінен арашалап алып, айғыр үйір жылқы беріп, Ұлпанды екінші әйелдікке алады. Бес болыс Керей — Уақтың Есенейіне Ұлпан қалың малын өзі айтып, «Есеней, екеуміздің арамызда ең кемі қырық жылдық айырма бар. Осыны ойландың ба?»- дейді. Ердің құны, нардың бұлы болса да мал-жанды аямауға бел байлаған Есеней: «Қырық жыл болса қайтейін? Қырыққа келгенде біздің елдің Есенейі сен боласың. Оған дейін сен менің Есенейім бола тұр... Мен саған сұлу деп, жас деп қызықтым ба, болмаса Есенейдің орнына Есеней болатын адам деп қызықтым ба? Оны өзім де біле бермеймін. Әйтеуір осы түннен бастап, менің Есенейім сенсің», — деп кесіп жауап береді. «Есеней қатал еді, озбыр еді. Енді оның жан жүрегін жібіткен Ұлпан болды»,—деп суреттейді жазушы. Айналасы он-он бес жылда Ұлпан дүйім елді билейтін ақылды ана болады. Бүкіл Торғай уезіне Есенейдің аты Ұлпанның атымен қатар жайылады. Ұлпан өлгеніне жетпіс бес жыл болған нағашы атасы Сырым батырға әнші, күйші, домбырашы, палуан, атбегі адамдарын ертіп, Сыр бойына айғыр үйір жылқы айдап барып аза тұтып, асын бергізеді.

Осы астан кейін жиырма бес жыл өткенде (1906 ж. шамасында), Орынбор — Ташкент темір жолы салынған кезде, «Ұлпан ас берген көл» жағасынан өткен темір жол стансасының атын «Ұлпан» атайды (Шалқардан кейінгі станса).


Ұлпанның шалы Есеней тоғыз жыл топ болып жатып қайтыс болады. Одан қалған жалғыз қызы Біжікенді Ұлпан Торсан деген пысық жігітке үйлендіріп, қолына күшік күйеу етіп енгізіп алады. Ол Есенейден қалған мал-мүлікті пайдаланып, ағайын-туғандарымен араздасып, Ұлпанды «отырса — опақ, тұрса — сопақ» етеді. Қорлыққа шыдай алмаған ер мінезді Ұлпан: «Маған көрсеткен қорлығың өз басыңа келсін»,—деп қарғап, бір түнде у ішіп өледі. Ел анасы болған Ұлпанның қарғысына ұшыраған Торсанның үлкен ұлы Шоқан болыс әкесінің зұлымдығына шыдай алмай өзіне-өзі пышақ салып өледі. 1920 жылы кеңес үкіметі кезінде Торсан өліп, балалары қаңғып кете барады да, Торсанның шаңырағы шайқалып ортасына түседі.


Бір уез елді билеп билік айтушы, дүйім елдің үлкен-кішісіне басшы, ақылгөй болу—Ұлпан сияқты дана әйелдерге ғана тән қасиет. Ондай қайраткер аналар тарихта болған. Мәселен, Төле бидің келіні Данагүлді, Шыңғыстың анасы Айғанымды бүкіл қазақ елі пір тұтқан. Осындай ерлікпен, ақылды-даналықпен, билікпен, әділдікпен атын шығарған Ұлпан қазақ әйелдерінің жиынтық образы деуге болады. Жазушы жасаған Ұлпан — аналардың анасы, ел билеген көсем, сөз бастаған шешен, аузы дуалы, сөзі куәлы қоғам қайраткері.


Ғ.Мүсіреповтің Ана тақырыбынан кейінгі патриоттық тақырыптағы төл туындысы — «Қазақ солдаты» хикаятын (1945 ж., кейін «Қазақ солдаты» романы) жазды.

Ал бұдан кейін 1953 жылы жазылған « Оянған өлке» романының тақырыбы — Қазан төңкерісінен бұрын Қарағанды көмір өндірісі ашылып, онда қазақ жұмысшы тобының құрыла бастауы, Оралдан келген орыс, украин жұмысшыларымен өндіріске жаңа тартылған қазақ кедейлерінің ащы өмірдің азабын бірге тартып, біте қайнасуы, олардың таптық мақсатты терең түсінісіп, орыс капиталистері мен қазақ байларына қарсы тізе қоса бастауы, таптық сана-сезімінің оянуы суреттеледі. Романның екінші кітабы «Жат қолында» атты роман ширек ғасыр өткен соң — 1984 жылы дүниеге келді. Онда Қарағанды көмір кенін ағылшын алпауыттарының тонауы тартымды сипатталған.


Ғ. Мүсіреповтің " Жапон балладасын" қара сөзбен жазылған баллада-жыр деуге болады. Адамзат тарихында тұңғыш қолданылған атом бомбасының ауыр зардабын шеккен жапон халқының жан түршігерлік трагедиясын жазушы поэзиялық леппен, терең сыршыл сезімталдықпен жеткізе білген. Автор: "Арқаның әңгімесі", "Көздің әңгімесі", "Тастың әңгімесі" арқылы XX ғасырдың ең сұмдық, ең жауыз қасіреті — атом апатын әшкерелейді. Жазушы қара мрамор тасты сөйлету арқылы сұрапыл апат жайын, темір өртенген күн, тас өртенген күн жайын, адам баласының бұл маңайда түгел қырылып жоқ болғанын баяндайды. "Көздің әңгімесінде" жиырма жыл бойы жарық дүниені көрмеген қыз көруден өз үмітін үзбейді. Ол: "Мен бұл апатты ешкімге тілемеймін. Әсіресе тоқсан қабат, жүз қабат үйлердің мұндай апатқа ұшырауын тілемеймін. Сол үйлерде құмырсқа илеуіндей ығы-жығы тұратын адамдардың үйіліп, өртеніп жатқанын тілемеймін", — деп жан даусымен үн қатады. Ал "Арқаның әңгімесінде" дәрігердің: "Арқаң Жапонияның географиялық картасындай", — деген сөздері арқылы автор ауыр апаттың азабын дәлелдей түседі. Ол жігіт жиырма жыл ішінде арқасын он алты рет жаматқан.


Атом бомбасынының әсерінен екі үлкен қаланың қақ жарты халқы қас қаққанша қырылып, жоқ болғанына жігіт сенгісі келмейді, бірақ бұл ауыр кайғы, ащы шындық екенін жазушы шебер суреттеген.


Ғ. Мүсіреповтің пьесалары

Ғ. Мүсірепов — қазан төңкерісінен кейін қазақ даласында жаңа туған театрдың көрнекті драматургтерінің бірі. Ол қазақ драма жанры жаңа туып, дамып келе жатқан отызыншы жылдардың басынан осы жанрмен белсене айналысқан. Ғ. Мүсіреповтің қаламынан туған «Қыз Жібек» (1934) музыкалық драмасы (кейін осы аттас операның либреттосын жазды), «Қозы Көрпеш—Баян сұлу» (1939), «Ақан сері—Ақтоқты» (1941) пьесалары театр сахналарына койылып, 50-60 жыл бойы театр репертуарынан тұрақты орын алып келеді.


Жазушының бұл пьесалары тартысты оқиғаларға, ұтқыр диалогтерге, кейіпкерлердің дара характерлеріне, халықтың романтикалық сарынына құрылған аса құнды шығармалар. «Қозы Көрпеш—Баян сұлу», «Қыз Жібек» пьесалары халықтың ауыз әдебиетіндегі ғашықтық жырлар сюжетіне құрылған. Жазушының ерекшелігі сол — халықтық жырларда суреттелетін Қозы, Баян, Қодар, Қарабай образдары мен Жібек, Төлеген, Бекежан, Сансызбай, Базарбай образдарын театрлық өнерге бейімдеп, көрермен көкірегінен мәңгі өшпес орын алатын бейне етіп шығара білуінде. Жазушы суреттеген драмалық бейнелер бір-біріне ұқсамайтын өзіндік адамгершілік қадір-қасиеттерімен, мінез-құлық, іс-әрекеттерімен дараланып көрінген. Сөйтіп ел аузындағы халықтық кейіпкерлерді әлеуметтік ортаның заңымен байланыстыра сомдап шығарған.


«Қозы Көрпеш — Баян сұлу» пьесасындағы тартыс Қозы, Баян, Күнікей, Мақпал, Жарқын сияқты жалынды кейіпкерлер мен Қарабай, Қодар, Жантық сияқты жағымсыз кейіпкерлер арасындағы тартыспен өрбіген. Пьесаның бас кейіпкерлері Қозы мен Баян — өз сүйспеншілігін ардақтай білген, сол жолдағы қандай да болмасын кездескен кедергілерді жеңуге бел буған тәуекелшіл жастар. Ал оларға қарсы тұрған — тойымсыз, дүниеқор, жаннан малды артық көретін қатал, қара жүрек әке Қарабай, дүлей қара күштің иесі Қодар, екі адамды соғыстырып қойып, арасынан пайда табуды көздейтін, алаяқ, қу, жатып атар — Жантық.


Әсіресе, пьесада кесек тұрған тұлға — Қарабай. Әлемдік әдебиетте де, орыс әдебиетінде де небір сараңдардың типтік образы жасалған. Мәселен, орыс әдебиетіндегі Плюшкиндер ұрпақтан-ұрпаққа аңыз болып кеткен сараңдардың типтік тұлғасы. Осындай әлденеше ғасыр өтсе де, халық жадында сараңдығымен, дүниеқоңыздығымен ұрпақтан-ұрпақка мұра болып келе жатқан образ — Қарабай. Ол мал үшін жалғыз қызы Баянды да құрбан қылады. Баянды қолында малы жоқ жалқы жігіт Қозыға қосуға қарсы болып, қалыңмал берем деген Қодармен қол ұстасуы да сол дүниеқорлықтың белгісі. «Жетпіс жыл бағып, жеті жапырағына тісі тимеген», мыңғырған малдың пайдасын, қызығын көрмеген Қарабай мал үшін өз жанын беруге де даяр. Араны ашылған осы қорқаулық Қарабайға жабысқан дерт, психологиялық ауру. Айналасындағы жұрттың бәрі оның малына көз тігіп, қызығып тұрғандай, талап алуға дайын тұрған қорқау қасқырдай көрінеді. «Қарабайдікі дегенге бұл жұрттың қызықпайтыны болсайшы! — дейді ол, — тек талап алайын деп отыр... Түс көрсе, менің жылқымнан басқаны көруді қойыпты бұл ел!.. Ел дейді, мұны! Ел ме екен осы? Жау емес пе анталап торып тұрған... Адыра қалсын, бүйтіп ел болғаны!.. Қайран қолдан-қолға таланғалы тұрған иесіз дүниелік..." деп зар қаққан Қарабайды осы қараулық ақыры жындануға да жеткізеді...

Драматург Қарабай образын шегіне жеткізе, ерекше типтендіріп, сараңдық пен дүниеқорлықтың жиынтық бейнесі етіп шығарған.

Жазушының ерекше даралап сомдап шығарған образы — Жантық бейнесі. Ол қызға таласқан екі жақты сүзістіріп жіберіп, Қарабайды жеті жыл көшсе де қалың кұм, шөлейттен шыға алмас сергелдеңге салып қойып, ол бір боранда олай-бұлай болып кетсе, осы малға өзім ие болсам деген пиғылдағы қара ниет, қаскөй, айлакер, қу. Ол осы ойын іске асыру үшін адасқан бетінен түзелмек болған Қодарды да азғырып қайта зұлымдық жолға салып жіберіп, Қозыға қанжар салғызады. Бірақ көп кешікпей өзі де сол Қодардың қанжарынан қаза табады. Бұл жерде жазушы «Жауызға— жауыздық өлім» деген үкім шығарып отыр.

Айлакер, алаяқ, қаскөй, алдамшы Жантық жиынтық бейне ретінде көрініп, Гончаровтің Обломовы, Гогольдің Хлестаковы, Шекспирдің Ягосы сияқты, қазақ әдебиетіндегі өзіндік ерекше бейнесімен дараланған тұлға.


Пьесадағы басты жағымсыз кейіпкерлердің бірі — Қодар. Халық жырындағы Қодар бейнесі пьесада да сомдала түскен. Ол — махаббатты күшпен көндірмек болған дүлей күш иесі, қыз жүрегімен санасу оның ойында жоқ. Оның ойынша, әке берсе, қыз ешқайда кете алмайды, сондықтан ол Қарабайдың көңілін табам деп мыңғырған мал соңына еріп малшы, құсшы, кұл болуға даяр. Ол бір сәт алған бетінен қайтпақ болып, Қозымен достасады. Бірақ Жантықтың айдап салуымен жалған намысты қуып, Қозыны өлтіріп тынады.

Пьесадағы қосалқы кейіпкерлер — Жарқын ақын мен қос мұңлық ана Мақпал мен Күнікей бейнелері де тартымды шыққан.


1954 жылы жазушы осы пьесаның оқиға желісін арқау ете отырып, « Махаббат туралы дастан» атты көркем суретті фильмнің сценарийін жазды. Пьеса орыс тіліне аударылып, Мәскеу театрларында қойылып, жоғары баға алды.


«Қыз Жібек» эпосы.

Аталмыш музыкалық шығарма ұлт мәдениетінің тарихында ерекше орын алады. Халықтың көркемдік даналығы ретінде бағаланатын рухы биік опера өткен ғасырдың бірінші жартысында қазақтың жазба музыка өнерінің іргетасын қалаған еді.

Евгений Брусиловский мен Ғабит Мүсіреповтің бұл классикалық туындысы 1934 жылы сахна төріне шығып, 1936 жылы Мәскеудің атақты Үлкен театрында айтарлықтай табыспен орындалса, сол уақыттан бері 1500 рет көрсетілген қойылым халықтың сүйіспеншілігіне бөленді. “Қыз Жібектің” құдіреттік құпиясы неде жатыр десек, ол бірнеше топтама себептерден тұрады. Оның ішінде ең біріншісі –операның негізіне эпостың мазмұнының алынуы дер едік. “Қыз Жібек” эпосы халық шығармашылығының асқан үлгісі. Біз бүгін осы музыкалық туындының кейбір көркемдік сипаттарына тоқталуды мақсат еттік. Тұңғыш ұлттық операның либреттосын жазған Мұхтар Әуезовтің сөзімен айтқанда “тілді дәл және нағыз шешендікпен игерген, сөздің нәрі мен күшін көркемділігінен іздеген” Ғабит Мүсірепов екені жұртшылыққа белгілі десек, көрнекті суреткер өзінің қайталанбас дарынын “Қыз Жібек” операсын жазу барысында да айқын көрсете алды. Мұнда Ғабеңнің туған халқының фольклорын, дәстүрлі мәдениетін, оның әртүрлі формалары мен жанрларын, өте бай эпикалық, шешендік өнерін жан-жақты білетіндігі айқын байқалады.

Кезінде опера клавирінің баспадан шығуына байланысты Ғабит Мүсірепов оған кіріспе сөз жазған еді. Бұл кіріспеде кемеңгер жазушы шығарманың көптеген құндылықтарын үлкен білгірлікпен көрсеткен. Ол “Қыз Жібек” эпосын дүниежүзілік мәні бар рухани қазынаға жатқызып, оны қазақ халқының көркемдік даналығының ескерткіші деп ерекше бағалаған болатын.

Өзінің алғашқы опералық туындысы – “Қыз Жібекті” Ғ.Мүсірепов өте жақсы көрді, либреттоны бірнеше рет қайта редакциялап, шеберлікпен өңдеп, мінсіз мәтін жасады, жаңа музыкалық-сахналық және орындаушылық интерпретацияларды жібермей, театрға ұдайы барып тұрды. Ғабең өз күнделігінде былай деп жазыпты: “Қыз Жібектің” жаңа қойылымын екі рет көрдім, жаман емес. Әсіресе Күләштің орынбасар сіңлісінің шыққанына қуандым (бұл Б.Төлегенова – авт.). Әлібек (Дінішев) – бұл күнге дейін табылмай жүрген Төлеген. Талант!”. Ал біз өз тарапымыздан қазіргі кезеңдегі Жібегіміз ол Нұржамал Үсенбаева деп қосар едік.


“Қыз Жібек” операсының көркемдік құндылығы – оның музыкалық тілінде жатыр десек, тап осы кезде жас композитор Евгений Брусиловский Ленинград консерваториясын бітірісімен, жолдама алып, Алматыға келген еді. Бұған дейін ол қазақ музыкасымен А.Затаевичтің ән-күй жинақтары арқылы танысып, үлгерген болатын.


Болашақ композитор бұл жинақтардағы халықтың бай мұрасын сүйсіне қабылдап, оны шексіз құштарлықпен маман ретінде жоғары бағалаған. Е.Брусиловский қазақ жерінде алғашқы шығармашылық қадамын қазақ әндерін нотаға түсіріп, оларды жүйелеп, көркемдік сипаттарын жіктеп, фольклорлық лабораторияда белсенді жұмыстар жүргізді. Жас музыкант ұшан-теңіз қазақ музыкасын бойына сіңіріп, байтақ қазақ жерінің музыкасындағы аймақтық ерекшеліктерді ажыратып, дарынды ұлт өкілдерімен тығыз байланыста болды. Евгений Григорьевич өзі тірі кезінде әрдайым “Қыз Жібек” операсының сәтті шығуына халықтың талантты әншілері мен күйшілерінің зор көмегі тиді, дейтін.

Ол әрдайым Исаның, Манарбектің, Қанабектің, Құрманбектің, Күләштің, Әміренің және тағы да басқа біртуар өнер тұлғаларының есімдерін сүйіспеншілікпен айтатын. Олардың орындау мәнері, сирек кездесетін табиғи қабілеті, әртістік шеберліктері жөнінде композитор өз күнделіктерінде шынайы ризашылықпен еске алады. Көркемдік-эстетикалық танымының, ұлттық ерекшеліктерді қабылдау критерийлерінің қалыптасуына, халық шығармашылығының аймақтық-стильдік негіздерін білуіне композиторға қазақ әдебиеті мен өнерінің негізін салушылармен көп жылдық достығы да әсер етті. Ол өмір бойы М.Әуезовті пір тұтып өтті, Мұқан Төлебаевты туған баласындай жақсы көрді. Бейімбет Майлин мен Ғабит Мүсіреповтің либреттоларына опералық шығармалар жазды. Әбділда Тәжібаевтың өлеңіне әйгілі “Қос қарлығаш” әнін шығарды.

“Қыз Жібек” операсының кереметтілігі, оның музыкасының түгелімен фольклорлық бастауларға негізделгені. Композитор тақырыбы, жанры, өзіндік ерекшеліктері әртүрлі фольклор үлгілерін кейіпкерлермен, сюжет драматургиясымен байланысты пайдаланған. Е.Брусиловский қолданған материалдың ерекшеліктерін, стильдік, өзіндік көркемділігін сақтай отырып, опералық өнер жанры заңдылықтарымен епті түрде келтірген. Ол негізгі образдардың ішкі табиғатын ашу мақсатында түрлі кәсіби әдістерді орынды қолданған, оларды арнайы лейт-тақырыптармен белгілеген. Мысалы, басты кейіпкер Қыз Жібектің әртүрлі психологиялық күйін білдіру үшін композитор бірнеше әндер арқылы қуанышты, көтеріңкі лепті “Гәкку”, нәзік үнді “Толқыма” және трагедиялық көңіл күйді “Дүние-ай”, екпінді ойды “Раушан” орынды пайдалана білген.

“Қыз Жібек” операсының өміршеңдігінің өзегін анықтауда ерекше көңіл аударатын мәселе – ол шығармада ұлттың өмірімен тығыз байланысты дәстүрдің кең қамтылғанында. Мұнда эпостың өзегінен сусындан-ды-рылған, халық өмірінен нәрленген фольклор жанрлары кәсіби тәсілдеуге түсіп, әсерлі амалдармен дамытылған. Эпостың түйінін ашуда, аталған ұлт мәдениетінің формалары операның әр бөлімінде орынды қолданылып, өздерінің сюжеттік-драматургиялық функциясын атқарады. Композитордың бұл әдістері лиро-эпостың көркемдік сипатын, оның эстетикалық тартымдылығын, негізгі кейіпкерлердің іс-қимылын, олардың арасындағы қайшылықтарды тереңдете түседі.

Музыкалық туындыда эпостағыдай халықтың бай ән-күйлері өздеріне тән кіші формалар арқылы сұрыпталған, яғни мұнда бата сөз, қарғыс, жоқтау, зар, көңіл айту, қоштасу және т.б. түрлері опера желісінің дамуында ең кульминациялық шиеленіс эпизодтарында шоғырланған. Мысалы, ол – Базарбайдың теріс бата беруі. Мұнда Төлегенге теріс бата берген әкесі прозалық сөзбен: “Айтқаным айтқан, одан, сірә, қайтпан, қалдым қатып сонымда” – дейді. Бұл туралы алдыңғылардың бірі болып эпосты зерттеуде академик М.Әуезов былай деп жазған: “Светлому стремлению Тулегена препятствуют четыре черных силы, четыре темных преграды. Первая из них – пустыня, далекий путь; вторая – протест родителей – немилость судьбы; третье – беспомощность, одиночество; четвертое – вероломство Бекежана”. Операның ең бір кульминациялық көрінісі – ол төртінші перде. Мұнда Төлегенді зұлымдықпен өлтірген, оның ақбоз атына ие болған Бекежанды Жібек былай қарғайды:

Елді құртқан қарақшы,

Ел болып сені қарғасын.

Үрім-бұтақ, зәу-затың,

Мендей болып зарласын.

“Қыз-Жібек” операсын құлпыртқан халық дәстүрінің қолдану мысалдарын келтіруге болады. Қорыта айтқанда, тағы бір тоқталатын мәселе, ол аталған эпостың мазмұны, оның жанрлық байлығы, көркемдік құндылығы тағы басқа сипаттары музыкалық сахнаға дайын, “сұранып” тұрғандай.

Өткен жүзжылдықта сахна төрінен жарқыраған, Е.Брусиловский мен Ғ.Мүсіреповтің “Қыз-Жібек” операсы ұлттық мәдениетіміздің тамаша нұсқасы болып, жаңа мыңжылдықтың рухани қазынасына айналды. Эпос сюжеті атақты екі сериялы кинофильмде, Б.Аюхановтың аттас балетінде, Б.Атабаевтың қойған жаңа мюзиклінде әртүрлі көркемдік жолдармен шешімін тапты. ЮНЕСКО шеңберінде аталып отырған “Қыз-Жібек” эпосының музыкасы мемлекеттік “Мәдени мұра” жобасы бойынша баспадан шыққан бестомдық “Қазақ музыкасының антологиясында” да өзінің маңызды орнын алды


Ғ. Мүсіреповтің драма жанрындағы аса көрнекті туындысы —« Ақан сері—Ақтоқты» пьесасы. Бұл шығарма тарихи тақырыпқа арналған. Мұнда әйел теңдігі, махаббат мәселесі сөз болады. Махаббат бостандығына ұмтылыс жасайтын бас кейіпкер — Ақан мен Ақтоқты. Жазушы өмірде болған тарихи тұлға — Ақанды бас кейіпкер етіп алғанымен, трагедиядағы негізгі тартыс үлкен әлеуметтік астары бар мәселе төңірегінде өрбиді. Бір жағы — қаныпезер қазірет бастаған ескішіл кертартпа, жыртқыш топ, екінші жағы — ақын, сері Ақан рухтандырған ілгерішіл қауым, әділдікті пір тұтқан өскелең шоғыр арасында дәуірдің түбірлі қайшылығы көрініс береді. Науан қазірет мешітті көз ғып ұстап, өзінің арам істерін жүргізіп жатады. Ол өзін шариғат насихатшысы санағанымен, діннен көбінше бейхабар. Оны Науанның өзі де жасырмайды. «Қамшым қалса, қазіретіңді қайтушы ем! Бірі — жүген, бірі — ноқтам бұл елге», — дейді ол Ақанға. Сары далада жатқан қараңғы елге оның істемейтін зорлығы жоқ. Ең ақыры, өз тоқалы Мәрзияны тірідей көрге көмуге дейін барады. Тосын көзге бұл оқиға оқыстау көрінгенмен, ертедегі қазақ шындығына сыйымды. Мәрзияның дауын даулап келген адамдармен де қалай сөйлесудің ебін Науан біледі. Ол төре тұқымынан шыққан пысықай Жалмұқанға Қоңқай деген момынның сұлу қызы Ақтоқтыны әперетін болып, жаңа бір қиянат бастайды. Жазықсыз жапа шеккен жеңгесі Мәрзия үшін қазіретпен қатты қақтығысқан Ақан сүйгені Ақтоқтының еріксіз ұзатылуы тұсында ерекше тебіреніске түседі. Осылайша, пьесаның басынан аяғына дейін жауыздық, зорлық иесі Науанмен алысушы, олардың астамдығы мен арамдығын әшкерелеуші Ақан болады. Жақсылықты, шындықты сүйген жас қауымды соңынан ерткен Аканның зорлықшыларға қарсы күресі халықтың мұқалмас ар, жігерінің жарқын көрінісі секілді. Аканның айтқан әзіл сөзі, мәнді мәселелерді көтеруі күштілер мен тістілерге түрпідей тиеді. Олар ақынды қаралайды, ғайбаттайды, алдынан ор қазады. Ақынға тілектес, ниеттес, халық өкілдері — Балта, Жылкелді, Мәрзиялар тым әлсіз күш. Ал Науан қазірет бастаған топ — бүкіл діндар, қожа, төре, бай мен би, атқамінерлер мен пысықтардың қалың тобыры. Түптеп келгенде, патшалық әкімшілік те қазіреттердің сүйеушілері. Міне, ақын трагедиясы—мақсаттың өршілдігіне қарамастан, қара бұлттай тұтасып түнерген әділетсіз қоғам алдында амалсыз тізе бүгіп, жеңіліс табады. Ол — өмір заңы, қоғам заңы. Ақан осы заңның амалсыз құрбаны болған азамат. Дегенмен де Ақан бастаған жаңашыл топтың іс-әрекеті, қараңғылыққа қарсы күресі тарих сахнасында із қалдырды, жаңалықтың, бостандыққа ұмтылудың ұрығын септі. Ғ. Мүсіреповтің «Ақын трагедиясындағы» Ақан осындай қаһарман.


Ғ.Мүсіреповтің тарихи тақырыпқа жазған елеулі шығармасының бірі — «Амангелді» пьесасы (Б. Майлинмен бірге жазды). Бұл пьеса алғаш 1936 жылы жазылған. Кейін біраз түзетулермен қайта жазылып шықты. Пьесаның негізінде «Амангелді» кинофильмі түсірілді. Амангелді пьесасында 1916 жылғы Торғай облысында Амангелді бастаған ұлт-азаттық қозғалысы, қазақ еңбекшілерінің жергілікті байлар, болыстармен ақ патшаға қарсы күресі суреттеледі. Пьесаның оқиғасы патшаның 1916 жылғы июнь жарлығы бойынша майданға, қара жұмысқа қазақ азаматтарын алу туралы патша жарлығына қарсы наразылықтан туындайды. Жергілікті болыстар халық көтерілісінің басшысы Амангелді Имановты «ояздың үйін өртеді» деген жала жауып, түрмеге қамайды. Амангелдінің Достары Петр Логинов, Пластунов, Жайнақ, Кете батыр, т.б. оны түрмеден босатып алып шығады. Амангелді бастаған азамат соғысы Қазан төңкерісімен ұштасып, қазақ даласында Кеңес өкіметінің орнауымен аяқталады. Амангелді отрядына ішкі жаулық ниетпен өткен Кенжеқара бір қысылтаяң кезеңде капысын тауып, бейқам тұрған Амангелдіні сыртынан атып өлтіреді. Амангелді өлгенмен, Жайнақ, Бану, Михаил Пластунов бастаған топ оны қоршаған туды жықпай Кеңес өкіметін орнатады.


Ғ. Мүсірепов шығармаларының көркемдік ерекшеліктері.

Ғ. Мүсірепов кейіпкерлері ұлттық ерекшеліктерімен көрініп, іс-әрекетімен, мінез-кұлқымен, өмірге деген өзіндік көзқарасымен дараланып берілген. Ол жасаған образдар ерекше типтік дәрежеге көтеріліп, оқушының жадында ұзақ сақталып қалады. Сол себепті де оқушы қауым оның шығармаларын сүйсіне оқып, келешек туындыларын асыға күткен.

Жазушы шығармаларының тілдік ерекшелігі — аз сөзге көп мағына сыйғыза білуінде, ащы сарказм, юморды жиі қолдануында болып келеді.

Мүсірепов әр сөзді орын-орнына қолдана білетін, жеке сөйлемдерге, синтаксистік сөз тіркестеріне аса зор жауапкершілікпен қарайтын суреткер, нәзік сезімді сөз зергері, нағыз стилист жазушы. Жазушыны өзгеден ажыратар, өзіндік қолтаңбасын, өзіндік бет-бедерін айқындайтын осындай қасиеті оның өзіндік стилі болып саналады.

Стиль — өте кең ұғым. Ол жазушының тақырып таңдауынан бастап, шығарманың идеялық мазмұны, жанры, композициясы, образ жасау, сөз қолданысы, поэтикалық, тілдік көркемдігі, т.б, толып жатқан компоненттерді түгел қамтиды. Осы стиль ерекшелігімен ерекше көзге түсетін шебер жазушылардың бірі және бірегейі — Ғабит Мүсірепов.


«Ананың арашасы»

Салпы етек, жылауық күз емес, гуілдеген желді күз еді. Түндік біткен шаңырақты сабалап, қараша үйлер тозығы жеткендігін айтып, зар қақсап, сықыр-сықыр етеді. Бұрқырап түсе бастаған күзгі сары ала жапырақ ауыл қотанында жындай ойнақтайды. Қартайған,

ескірген, күні өткеннің бәрі де зікір салып тұрғандай. Қызыл майдан бұл ауылдардың үстіне енді ғана жақындап келе жатқан кезі. Үш күннен бері гүрілі естіле бастаған зеңбірек үніне ел құлағы әлі үйренген де жоқ. Зеңбірек үні оқта-текте оқыс гүр етіп қалғанда, төр алдында томаршадай болып, шарт жүгініп отырған кәрі молда:

- Алла деңіз...— деп қояды. Жер дүңкілінен тұла бойының түгел берекесі кете бастаған үй иесі Жұман бай:

- Жүрегім ауызға тығылып, ас батпай қойды,— деп, жастықтай қампайған ішін басады. Жүрегім деп отырғаны кәдуілгі асқазаны екенін аңғармайды да. Ол қазанның олқы тұрмайтынын да ұмытқан. Кең көйлектің етегі арт жағынан жел үрген тауықтай түріліп кеткен Жәніш бәйбіше үйге кіре беріп:

- Басталды ғой тағы да!.. Бұл неменесі еді тынбайтын! Тарқамайды екен құмары! - деп, есік жақта тамақ ішіп отырған Жапардың тұмсығын қамзолының етегімен жайқай өтіп, төрге қарай беттеді. Жапардың дәл алдына шығып алып, екі тебініп, екі кебісін екі жаққа ұшырып жіберді де:

- Жапармысың, әлі тоймай отырған? Өзіңдей Оразалы жүр ғой таң сәріден бері отын тасып!— деп, теріс айналды. Жапардың алдында тұрған айранның бетін қыл-қыбыр, жүн-жұрқа, шаң-тозаңға толтыра кеткенін байқамаған да сияқты. Кебіс табанынан ұшып келіп,

айран бетіне шаншыла түскен тезек сынығы кұйрығын шошайтып, Жәніш бәйбішені нұсқағандай болады. Мың қорлыққа шыдаса да, мың біріншіге шыдай алмай кеткен Жапар атып тұра беріп, алдындағы айранды аяғымен ақтара салды да, шығып жүре берді.

Киіз есік сарт етіп босағаны соққанда, ұйтқыған түтін келіп Жұманның жүзіне соқты. Үйде отырғандар үн шығарған жоқ.

- Бұл да бір кезек дүние шығар. Жина!— деді Жұман әйеліне көзімен ақтарылып жатқан айранды нұсқап. Бұл жайды жайып- шуатын адам өзі ғана екенін білетін кәрі молда:

- Алла деңіз...— деп, көзін бір жұмып қайта ашты да:—халайық, бұлт жоқта күннің күркірей беруі ешуақытта болған емес. Мұның аржағында бір хикмат барлығы бір алланың өзіне аян боларға керек,— деді.

Жел ойнаған қараша үйлерінен жылы үйге келіп біраз отырып кетуге келген ағайын үндеген жоқ. Мұның аржағында «тағы да бір рет құрмалдық беру керек қой» деген сөз тұрғанын білетін жұрт ешнәрсе аңғармағандай пішін көрсетіп, елеусіз қалдырды.

- Халықта бейіл жоқ,— деп молла-екең тағы бір басып өтіп еді, Жұман жүзін ағайынға бұрып:

- Е, бұзылып болды ғой бұл жұрт,— деп, ағайынға қашаннан бергі қалыптың шайқалып бара жатқанын аңғартқысы келді. Бірақ кезегін күтуде жүрген жұрт бұл ыңғайдан да ығысқан жоқ:

- Бейіл деген ең әуелі бар адамдарда болу керек қой...

- Кедей несімен бейілді болады? Көн тулақты күнде қаққанмен, шаңынан басқа несі бар шығатын?-десіп, бейілдік бетін Жұманның өзіне қарай бір аударып тастап:

- Біреудің түзелген беті біреуге бұзылғандай көрінеді. Оған жұрт айыпты болмайтын шығар!—деп, ызғар шетін көрсетіп қойды.

- Хикмат бар, хикмат!— дейді кәрі молда, басқа ешнәрсе таба алмай. Хикмат бар дегеніңіз дұрыс болар. Бірақ кімнің оң жағынан, кімнің сол жағынан келерін кім білсін... Келе жатқанын іш сезеді,— деп, отырғандар өзара жымиысады. Бұл шаққа дейін ашса —

алақанында, жұмса - жұдырығында болып келген ағайынның осы бір сөздерінде зіл жатқанын сезген Жұман да үндей алмай қалды. Күркіреу үдей түсіп келеді. Ертеңгі шуақ күннің алдындағы кәрлі дауылдың түйілген қабағындай, сағат сайын ызғар қосылып барады.

Желді күз дауылға айналып келеді. Аунап тұрар, қайта жасарар ел көзін сол дауылға тігіп еді. Ақ пен алаштың жазагер отряды тап осы кезде келіп, осы ауылдарға орнады.

- Ал, кімнің оң жағынан, кімнің сол жағынан келген хикмат екенін көріңдер көздеріңмен!— деп, Жұман құлпырып қалды.

- Бар хикмат осы бола қоймас!—деп, жұрт та сіресті.

Жазагер отрядының бастығы офицер Антоновтың жүрген жері жылан жайлағандай болып қалатын. Ол жүріп өткен жердің жапырағы бір түнде қуарып, шаңдағы бір-ақ бұрқ етіп қалатын. Антоновты елдің итіне дейін күндік жерден таниды, керек болса

елден бұрын иттер таниды. Антонов келе жатқанда оқ пен қылышқа ілікпей қалған ит тұқымы болса, ағаш арасынан тұмсығын көрсеткен емес. Антонов келіп қалғанда бұрын араз ағайын бірінің үйіне бірі қалай кіріп кеткенін де білмей қалады. Үрейі ұшқан жұрт намазын да кез келген жерде оқып, кез келген жерінен аяқтай салады. Антонов аттанғанша, сенделген жұрттың есі жиналған емес. Сондықтан Антоновты жұрт «Ақтопалаң» деп атап кетіп еді.

Ауыл үстінде тынбай ойнақтайтын сөздер — сиыр, есек, ит, шошқа болып басталады да, аяқ жағы баяғы бір ана сорлының атын былғап барып бітеді.

- Сугінә бит, сугінә қаһәр соққыр! Ничік, тоқтами сугінәргә кирәк соң?— деп, кәрі молда ғана таңданады. Ол үшін бар ауыртпалық осында ғана сияқты.

Майдан жақындап қалған елге Антонов әдейі келген. Ондағы ойы майдан алдынан шығып, тым болмаса, қарғаша болу емес, ертең қызыл жалау астына жиналатын жұртты бір күн болса да қызыл жон қыла тұру еді. Бұл елдердің «теріс» ойлы азаматы түгелімен осы

Антоновтың қолынан өтіп, түрмеде жатыр. Сондықтан ол қай үйдің түтіні қалай қарап ұшатынын да жақсы біледі. Қызылдар жайындағы дәл анық хабар елге жіңішкелеп қана келетін еді де, екінші бүйірден қосыла кететін «ұзын құлақ» ісіріп-кептіріп, өңін айналдырып әкететін. Антонов ашу үстінде сол хабардың шындығын ашып алды:

- Айлалы көздеріңді жұмбаңдар өтірік! Анау келе жатқан қызылдарды әкеңдей күтіп отырсыңдар. Бірақ біз де «қоштаспай» кетпейміз сендермен!— деген сөздерінен, жалпақ ел ақтардың біржола ауатындығын да аңдап қалды. Антоновтың бұдан арғы сөздері адам ұятын қанша былғап жатса да, ел оған құлақ асқан жоқ. Күнасыз ел күзгі сонаның шағуы ащы болатын деген үлкен қорытынды жасады да, сол жорамалын тас түйіне шыдаммен күтті.

Антонов қашанғы әдеті бойынша, әр үйдің адамын түгел далаға айдап тастап, барлық үйді өз қарамағына қаратып алды. Содан соң өз қорасына бара жатқандай-ақ, алшаңдай басып, қотандағы қойға кірді. Әр қотанда үркердей үйме-жүйме боп, әр ауылдың аз ғана қойы тұр да, ішінде ондаған ақ әскер жүр. Мұның аяғы немен тынарын тек қойлар ғана ұғына алмай тұрған сияқты. Есік алдына Нағима шешейдің көк қошқары да келіп қалды. Бір әскер жетелеп, енді біреуі артынан итермелеп келеді. Арба астына ықтырма жасап жатқан

Нағима бері бұрылды да:

- Қошқарды қоя беріңдер. Орнына қой әкеп берейін. Қошқар еті жеуге жақсы болмайды,— деді.

- Немене? Қой берейін, қошқарды жіберіңдер!— деді Нағима жақындай беріп.

- Ә... жібер деймісің... жарайды. Жіберейік... Қошқарды жетелеп келе жатқан солдат:

- Әрине, кемпір дұрыс айтады. Қошқар еті сасық болады,— деп, қошқарды босата бергенде, артта келе жатқан офицердің қылышы да бата берген күн көзіне шағылысып, қып-қызыл болып жарқ ете түсті: қошқардың басы жерге бірден топ ете түсті де, денесі бір-екі рет

орғып барып құлады. Офицердің бұл шеберлігіне қасындағы солдаты да қызыққан жоқ.

- Аршыт, салдыр қазанға!

Жұманның үйінің алдында тұрып, офицер Антонов қана қарқ- қарқ күлді:

- Жарайсың, Рудаков!

Ыза болған Нағима шешей қазанға қошқардың аталық мүшелерін де түгел тастап жіберді: Жегің келгені осы болса, жей ғой! Қошқардың бүйрегіне тісің

өтпей жүрсе, өз обалың өзіңе! Ертеңіне қылмысына мәз болған жазагерлер қорғансыз ауылды қалай қорлағандарына қарқ-қарқ күлісіп, түс ауа аттанып

кетті.Каңғырып, қаусап қараша ауыл да қала берді.

- Антоновты ерегестіретін осы елдің өзі ғой. Әйтпесе бізге неге тимейді? Бұл өзі ессіз жігіт емес!— деп, Жұман бай ағайынға көңіл айтып отыр.

— Е, мал орны толар, жан аман қалғанын айт...— деп қояды.

Антонов бұл жолы он алты-ақ ат әкетті. Жарлының жалғыз атын тартып алып жатқанда, Жұман бай жанашыр сөзге де барып қалған:

- Әттең, жылқының жайлауда болғанын көрдің бе...Әйтпегенде,— деп барып, «өзім-ақ беріп жіберетін едім» дегенді айта алған жоқ-ты. Оның ендігі көңіл айтқаны да ешкімнің құлағына енген жоқ.

Жазагер Антонов бір бел асып түсе бергенде-ақ, ауылға барлауда жүрген қызыл әскерлер келді. Бұл ауыл бұларды бүгін ғана көріп тұрса да, олар ауылды талай көрген еді. Сондықтан «ұзын құлақтың» бөріктіріп әкеліп жүрген мың өсегінің біреуі аныққа шықпай қалды.

- Лұқсат па, азамат? Біздің аз ғана айналыс жасағымыз келіп еді осы ауылға,— деді былғары киімді, ұзын бойлы, қырма сақалды жігіт есік алдында тұрған Жапарға. Қарулы адамдардың лұқсат сұрағанын ауыл бірінші рет естіп тұр. Азамат деген сөз тіпті жаңа! Жапар нанар, нанбасын да, дұрыс естігенін де, қате естігенін де анық айыра алмай аз ғана аңырып қалып еді, жаңағы жігіт жымиып күліп:

- Жолдас,— деді, аз ғана бұза сөйлеп,— жолдас, біз жаңағы отрядты көрдік. Бассыздық ізі ауыл айналасында әлі сайрап жатыр... біз аз ғана аялдап, аттанатын жұмысымыз бар. Лұқсат қой, жолдас?

Жапар «лұқсат» деудің орнына:

- Иә, жолдас, жолдас!— деді.

Екінші бір қызыл әскер аттан түсе қалып, Нағимаға келіп:

- Шеше!— деді.— Шеше, суыңыз бар ма?

Сол кезде ауыл сыртында мылтық бір шаңқ етіп қалды. Антонов мына барлаушыларды көріп қалды ма, әлде ауылда қалған тағы бір арманы болып қайта оралды ма, әйтеуір жалаң қылыштар жалт-жұлт жалақтап, ауылға қарай қайта құлай берген екен. Әуелі ұбақ-шұбақ, опыр-топыр келе жатқан атты әскер, жақындай келе ауылды екі жағынан орап алатын ыңғай көрсетті. Аз ғана абайлап алды да, қызыл барлаушылар да аттарына мініп, шоқ ағашты беттеріне ұстай, шауып жөнелді. Ауылға ең алғаш келген бес қызыл жауынгерден төрт әдемі сөз қалды:

- Лұқсат па?..

- Жолдас...

- Азамат...

- Шеше!.

Бұл қара түндікті қазақ даласының бірінші рет өз құлағымен естіген теңдік, ауырмалдық сөздері еді. Ағашты жаңғырта, ашық аспанды найзағайдай тіліп, оқтар ағып барады. Шоқ ағашқа жете бергенде бес қызыл әскердің біреуі аттан ұшып кетті. Ұзын тобылғы торы ат иесінен айырылып, төртеуінің артынан салып барады. Қуғыншы қолы екі жақтан орап, төрт қызыл әскерді түгел ортаға алуға байлаған сияқты. Құлаған кызыл әскер басын бір көтеріп алды да, қайта құлады. Енді ақырындап ағашқа қарай жылжып барады.

- Ұш, Жапар! Жоқ, ағаш пана бола ала ма, байғұс балаға, қалыңға апарып жасыр. «Үйшікке, үйшікке!»— деді Нағима, есік алдынан өріп тұрып. Жапар да екі айтқызған жоқ... Даралау шоқтан бір бүйір мұнартқан «үйшік» деп аталатын қалың орманға көзін бір аударды да,

артында тұрған ақсақ биесіне міне жөнелді. Қашқандар да, қуғандар да қара үзіп, көрінбей кетті. Анда-санда бір шаңқ еткен мылтық даусы да әлсіреп қана келеді. Жұман есік алдына шығып:


- Әй, әй, қатын! Байыңның түрмеде жатқаны аз болып жүр ме саған? Ендігі арманың балаң екеуің бірге кету ме еді түрмеге? Нең бар еді сенің пәлеге соқтығып? Есіңде болсын, өз мойныңмен көтересің!— деді Нағимаға.

Нағима ана ешнәрсені естімегендей, Жұманға бұрылып қараған да жоқ. Тек қана баласының әрбір адымын санап тұрғандай, көзі шоқ ағашқа қадалып калыпты.

- Орыс пен орыстың арасына осы елден сен ара түсетін болғаның да!— деді де, Жұман үйіне кіріп кетті. Ондағы ойы ешнәрсеге куә болмау еді. Баласына да, өзіне де қауіп төнерін Нағима ана буалдыр ғана сезінетін сияқты. Бұл сезім әлдеқай жерін қытықтап та қояды.

Бірақ ана әлдеқайдан жарық көріп, кос өкпесін қолына алып, соған қарай ұмтылған адамдай, ешнәрсені елемейді де. Неге де болса белді берік байлаған ер пішінде, үнсіз сазарып, есік алдында тұр. Жаулық астынан шығып кеткен бір топ буырыл шашын жел ұйтқытып, иегін

сабалайды. Күн еңкейіп, орман баурайы буалдыр тартқан сайын, талған көзін қолымен көлеңкелеп, Нағима ана тесіле қарайды. Күн де батып барады. Жаралы әскерді арқалап алған Жапар да орманның қалың көлеңкесіне ілегіп, көрінбей кетті. Нағима ана сонда ғана

қуғыншылар жаққа бір қарап еді, Антонов отряды кейін оралған екен. Ұзамай Антонов ауылды қайта тапты.

- Қызылдың солдаты қайда?—деген сұрау да ұзамай Нағима ананы тапты. Бұл сұрау ауылды кезіп, көп айналып жүрген жоқ. Жұманның үйіне бір кірді де, қайта шығып турадан-тура Нағима шешейге келді. Қазықтай аяғын қаздаңдата басып, Нағимаға қарай

Антонов келе жатыр еді. Екі көз бір-бір қадалысып, екі от бір-бір шарпысып қалғанда, ана кірпігінің бір талы да селт еткен жоқ. Антонов ыза болып кетті.

- Қызыл қайда? Балаң қайда? Екеуі де құтылды сендерден!

...Ана арқасына қайыс қамшы жыландай жүйткіп жүр... Арашаға жарай алмаған ауыл ұятына тұншыққандай тым-тырыс. Тек отыз өрім қамшы ғана әйел арқасында жыландай ысылдайды. Анада үн жоқ.

Асыл жігер мен құр өктем күш кездесіп қалып, біріне-бірі тізе бүгер емес. Қара көк жапырақты ақ қөйлек қызылға айналып, арқа жағы тілім-тілім болып кетті. Қанға боялған қамшы ана денесінің ашылған жерлерін иіскеп табатындай, жанға батар жеріне дәл-дәл тиеді. Қамшы сарт етіп қалғанда, ана көзінен от ұшқыны да жалт етіп қалады. Сіресіп қалғандай табан аудармай кек кернеген ана тұр да, мың сұрауына бір жауап ала алмай ызаға булығып Антонов тұр. Ана тістері тіл қақпасын тарс бекітіп тастапты, қарысып қалған жақтары тісті тіске айқастыра түседі. Ашуға булығып, қамшыны үсті-үстіне жаудырып тұрған ызалы Антоновтың өзі болдыруға айналды. Оған ерекше батып бара жатқан солдаттар көзіне көрініп қалған өз әлсіздігі еді. Енді тоқтатпаса, екі айналмай өз ұятын ашып алатыны есіне түсіп кеткендей, қамшыны өзіне таяу тұрған солдаттың алдына тастай

берді:

- Ал қамшыны!

Ол қамшыны қолына алып, мұныжжң не нәрсе екенін өмірінде бірінші рет көріп түрғандай, айналдырып бір қарады да, жеркенгендей жүз көрсетіп, өзіне таяу тұрған солдаттың алдына тастады... Екінші солдат қамшыны қолына алмастан, аяғымен әрі қарай

ысыра беріп:

- Рақмет... ала алмаймын...— Сүйтті де, қамшыға тиген етігінің тұмсығын от басында жатқан киізге бір-екі сүйкеп алды. Аяқтан-аяққа көшіп, тепкі жеген қамшы солдаттарды түгел айналып, Антоновтың өз алдына келіп түсті. Енді Антоновтың өзі де қамшыны оп-оңай ала алар емес қолына. Оның орнына оң қолы жамбасындағы тапаншаға қарай кетіп барады. Ызамен жымия бастаған еріндері тағы бір кәрлі сөзді бұрқ еттіруге ыңғайланып

келеді. Алыста күн күркірейді... Хикмат үні кешкі ыныстаған ауамен айқын естіле, жақын сезіле бастады. Ана қорлығын жасырғысы келгендей, күн мен түннің шекарасы іңір түсе қалды. Бірақ көк түтін серпіліп, солдат жүздерін айқындап, солдат көздері ашу отын шаша

бастап еді.Антоновтың да шатынаған көздерінен ұшқан от ұшқыны жылан тіліндей жылт-жылт етеді. Барлық қаны басына құйылып бара жатқандай, бет-аузы түнеріп, еріндері дір-дір етеді. Қалшылдаған қолы апаншаның ілгегін әрең ағытты. Жә, ол қазір тапаншаны

суырып та алады. Сонан соң? Оны әлі өзі де байқаған жоқ. Оның ең алдымен үнсіз бағындырып алуға иісті жандары өз солдаттары. Офицер дағдысы соны айтып, соған жетелеп тұр.

- Қатарлан!— деді Антонов ысылдаған, тіс арасын әрең бұзып өткен үнмен. Солдаттар үнсіз қатарлана қалды.

- Алып шығыңдар, мына әйелді!

Екі солдат орнынан әрең қозғалған ананы қолтығынан демей далаға алып шықты, оның артынан басқа солдаттар, ең артында Антонов шықты. Нағима шешейдің үйінде не болып жатқанын үн шығармай, тыныс тоқтатып тыңдап отырған ауыл бәрін сезіп

отырған. Енді ауылдың шіміркеніп күткені қараңғы тыныш түнде шаңқ еткен оқ даусы еді. Оның орнына үзіліп-үзіліп шыққан анна даусы келеді:

- Бәріңнің де шешелерің бар шығар... Тек біреуіңнің де шешең мынадай ақтопалаңның қолына түсекөрмесін деп тілеп өлем. Мен үш ауыз құрметті сөз естіп өлгелі тұрмын: Ана... Азамат... Жолдас... бұл сөздер үшін өкінбей-ақ өлуге болады. Алыста күн күркірей түседі...

Қешкі тынық ауа зеңбірек үнін айқын әкеліп тұр. Оқ даусын күткен караша ауыл тым-тырыс. Бір кезде қараңғы түнде жасылдана жарқ еткен қылыш бір-ақ жалт етіп қалды: кесілген бас топ етіп жерге түсті де, басынан айырылған дене сөлекет ербелеңдеп барып шалқасынан құлады...

Солдаттар даусы Жұман үйінің сыртына қарай ауысты. Талас, жанжал, керіс басталған сияқты. Адуын сөздер әр ауыздан-ақ батпандап шығады.

- һаман сугінәлер...— дейді кәрі молда бұрышта бұғып отырып. От басында қастарын қиғаштай құбылтып Жәніш бәйбіше отыр. Жұманда үн жоқ, үрей де жоқ... Іс аяғы тынғасын, із аяғы аяңдап осында келерін қатты сезінеді. Екі солдат қолтықтай демеп, Нағима ананы үйіне алып келеді. Кесілген бас Антоновтікі екен. Жасыл қылыштың жарқ еткеніне дейін бар қайратын бойына жиып, буыны бір дір етпеген ана енді аяғын әрең сүйреп келеді. Ана жүрегінің әлдеқай жерінен бұрқ ете түскен алғыс жалыны бар қуатын ала кеткен сияқты. Қуаныш жалқыны кеудесіне сыймай, ойға сыймасты тілі де айта алмай қалыпты. Адам - азамат атанса, әйел - ана атанса, адам баласы біріне - бірі жолдас атанса, ана біткеннің содан басқа іздегені бар ма?

- Бақыт дүниесі келе жатқанда, ең соңғы бақытсыз мен болмақпын ба? Көргім келеді сол дүниеші Мәніне көз жеткен соң, сәнін келтіретін біз болармыз, дейді қуанышты ана. Бұл сөздер ана аузынан дұғадай естіледі. Антонов отряды түн ішінде екіге бөлініп, екі жаққа қарай аттанды. Ауыл сыртында керісіп-керісіп ақ солдаттардың екіге жарылған тобы біріне-бірі:

- Сақтаныңдар!

- Аяз болмайды енді!—деседі.

Қызылдарға қосылуға аттанған топқа Нағима ана жаралы қызыл әскер мен өз баласы Жапарды қосып беріп:

- Жолдарың болсын, балаларым!—деді. Күн қып-қызыл шоқтай болып шығып келеді. Ұзай берген әскер тобына қарап, үйге сүйеніп Нағима ана тұр. Барлық қараша үйдің әйелдері ентіге басып, көз жастарын жеңдерімен сүрте, Нағимаға қарай жүгіріп келеді.

Кешегі күнге дейін өздеріндей көп көнбістінің бірі көрінетін Нағима ананың жүзінде бүгін жаңа бір нұр, жаңа бір күш жалыны бар. Ол - көп тілеген, ұзақ күткен, енді, міне, орнағалы келе жатқан үміт толқыны еді...


* * *


Ия, проза саласындағы татымды да, құнды шығарманың әсіресе, уақыт желісі үзілмей, әр кезеңнің көрік келбетін, ой-арманынан туындаған мақсатын суреттеп берген романның қазақ әдебиетінің тарихында орны мен қасиеті ерекше.

Қазақ әдебиетінің осындай үлкен профессионалдық биікке көтерілуіне елеулі үлес қосқан жазушыларымыздың бірі – Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов. Көрнекті прозаик, талантты драматург, жалынды публицист, қоғам қайраткері әдебиеттің сан түрлі саласында, ерен еңбегінің, қажыр-қайратының арқасында алпыс жылға жуық еңбек етті.

Зор дарынды, тума талантты, қас шебердің өнер өткелдеріне көз сала отырып, қазақ әдебиетіне қандай олжа салғанын, қандай үлес әкеп қосқандығын, артына мол мұра қалдырған, тарих таразысына тастап кеткендерінің қадір қасиетін айқындайтын туындылары арқылы біліп отырамыз.

Автордың – үздік танымпаз ретінде, оның сол мезгілдегі қазақ қоғамы туралы қойған диагнозы дұрыста. «Әлемде қоғам өмірінде, жеке адамның тіршілігінде денемесіз бос қуыс жоқ, әр заманда, әр мезгілде жұрт қол қусырып отырмаған, арпалыс жоқ болса, оны өзі жасаған, өмірін алыс-жұлыс, арпалыс пен кіріктіре сынаған». Роман ашылғандағы екі ауылдың, «таласып келіп, тақасып келіп», «бірінің демін бірі аңдып, жарыла жаздаған күйде болуы» – сол арпалыстың сойқанды, ызғарлы демі. Автор өмір, сахнасын тікелей Қарағандының егжей-тегжейімен байланыстыра бастайды. Роман сол шахтадағы қазақ қоғамын түгел танытарлық эпопеялық кең, тұрмыс келбеті, кейіпкерлер өмірі сала-сала, қабат-қабат, тарам-тарам. Ғабит Мүсіреповтің бұл ірі прозалық шығармасында Қазақстан тарихының өте бір маңызды және қызықты кезеңінде – Қазақстанда алғаш өндіріс орындары ашылып, өндіріс жұмысшыларының пайда бола бастағаны айтылады. Қазақ даласына капиталистік элементтердің келе бастауы, шахтаның ашылуы, заводтың салынуы, жұмысшы табының ұйысуы сөз болады. Қазақстан өндірісінің тарихында Қарағандының ролі үлкен. Өйткені, шын мәніндегі жұмысшылар жасағы алғаш рет және үлкен көлемде осы Қарағандыда, оның айналасындағы кен орындары мен завод, фабрикаларда ұйысты.


Ғ.Мүсіреповтің романының сюжет желісі де тарихи фактінің негізінде өрбіп отыратындығы мәлім. Кітапта суреттелген көп қаһарманның аттары сол қалпында, өзгеріссіз алынған. Халықтың қалың ортасынан шыққан ақкөңіл, мейірімді Байжан мен оның баласы Апақ, капитализм дүниесінің тойымсыз озбырлары Никон Ушаков пен Рязановтар өткен ғасырдың ортасында өмір сүрген адамдар. Ал романның сюжетіне келсек, кітап Қарағанды көмір бассейінің алғашқы табылуынан басталады. Бұл оқиға ел аузында былайша баяндалады. «Өткен ғасырдың орта шенінде қазіргі Қарағанды облысының топырағында Байжан деген біреу тұрыпты. Оның Апақ деген баласы болыпты. Апақ бір күні қой бағып жүріп , Майқұдық деген жердің маңынан ат басындай тас тауып алыпты. Тастың қаралығын көрген соң үйіне алып келіп киіз боямақ болса керек. Бірақ тастан бояу шықпапты. Тасты отқа лақтырып жіберіпті. Тас қызып лапылдай жөнеліпті… мұны көрген (соң үйіне алып келіп) Апақ қайран қалыпты. Қара тасты тағы да әкеліпті. Тағы да отқа тастапты. Тас қызып, тағы да лапылдай жөнеліпті. Ел құлағы елу деген ғой. Бұл хабар біреуден біреуге жетіп, жеті рулы елге жайылыпты».


Міне осы оқиғалардың барлығы да өмірде болған нақты жайлар. Жазушы тарихи деректерді орынды пайдалана отырып, бұл кітабында нағыз реалистік туындыларға

тән биікке көтеріле білген. Ол өмірден өзі көріп түйген көп жайларды, ер тіршілігінде болған үлкенді-кішілі оқиғалардан қиыстырып, қызықты етіп суреттейді. Өмірде болған тарихи фактілердің көлеңкесінде қалып қоймай оны орнымен пайдалануға тырысады. Осыдан барып романның сюжет желісіндегі оқиғалар төбе-төбе болып топтасып үлкен әсер қалдырады.


Адам мен адам арасындағы терең жардай, өткелсіз шыңырау қарсылықтары әр жаратылыстың барынша терең шынын түгел ашады. Сол шыннан: шынайы көздің жасы да, сағыныш, өкініш те, қам-қайғы, қасірет те, трагедиялық айырылыс, үзіліс те және неше алуан моральдық жан-тән катастрофасы қаза да, саза да туады. Осындай күйлер кездесіп, геройдың өзі де ойламаған, сезбеген сырымен шыны ашылатын шақтар болмаса, оның жан қуатын барынша ашпаса, көркем өнердің терең шындығы шықпай жатады. Әсіресе үлкен тартыс, тағдыр жайы-эпикалық көлемді романға қажетті сыпат. Шығарма қызықты болып, адам тағдырын терең ашып көрсету үшін қою оқиғаға байланысты геройдың, іс-әрекет, характері қалыптасып, толыса түседі. Қоғамдық күштердің ара салмағы, олардың әр қилы қарым-қатынасы баяндалады. Дәл осы тұста шығарма ішіндегі оқиға геройлардың ішкі жан дүниесін ашып көрсететін көркемдік құралдардың ең ірісі десек те болады. Үлкенді-кішілі оқиғалардың бәрі кейіпкерлердің мінез-құлқын, нанымын, психологиясын, күйініш-сүйінішін, өзгеге деген қарым-қатынасын жекелеп, ерекше көзге түсерліктей етіп көрсетеді. Өмірде әрқилы кездейсоқ оқиғалар көп ұшырасады. Мұның барлығы, әрине, сол қалпында алынбай екшеліп, електен өтіп, сұрыпталып отырады. Әйтпесе шығарма ішіндегі ең басты сюжеттік желі көзге шалынбай көлеңкеде қалып қоюы ықтимал.


Жазушы әдетте шығарма ішіндегі кейіпкер мінезінің әр алуан жақтарын мол қамтып суреттеуге тырысады. Бірақ автор сол көп мінез, көп машықтың ішіне ерекше көзге түсіп, оқшау байқалатын бір ғана мінезін жекелеп алып, жинақтап жарқыратып көрсетеді.


Романда негізгі кейіпкердің ондаған, жүздеген ситуацияларға дейінгі де, тіпті одан кейінгі де жан дүниесінде болатын, болуы мүмкін психологиялық әр түрлі процестер қарама-қарсы жағынан да айқара ашылады. Көркем шығармада халық өмірін көрсету үшін халық дүрмегін көрсету шарт емес. Оның тамаша әсерлі қасиеттерін бойына сіңірген, халық арасынан шыққан белгілі өкілдер арқылы халықтың өмірін, дәуірдің сипатын, замана ағысын білдіруге әбден болады.

Жалпы, адам - өнердің қай саласы болмасын, нағыз, дәл объектісі екенін білеміз. Және сол өнердің зерттеп тексеретін заты, үлкен мақсаты. Ал әдебиетте шығарманың күші сол өнер объектісінің бейнесі, оның ішкі-сыртқы дүниесі қаншалықты айқын да нанымды көрсетілгендігімен, оның мінезі, оның қоғамдағы орны мен ролі, басқа адамдармен қарым-қатынасы қаншалықты да терең бейнелегендігімен өлшенеді.

Қазақстан тарихында елеулі үлкен оқиғалар, бай шаруашылық, тың жерді игеру, орталық Қазақстан өлкесінің өсіп-дамуы, Байқоңыр әуе кемесінің ғарышты шарлауы тағы басқа келелі кезеңнің жарқын сәттері – үлкен процесс. Осындай ой-ұғымымыздың шеңбер кеңіген дәуірде Ғ.Мүсірепов “Оянған өлке” атты қос кітапты романын дүниеге әкелген. Суреткер жазушы өлке оянуын өткен ғасырдан бастаса да, оның түпкі мақсаты, ой идеясы бүгінгі жаңарған өлкенің өскен жандарына арналған анық, олардың арғы тегін, туу, түзілу дәуірін мегзегені түсінікті.

Бүгінгі күнде өркені өскен, жан-жақты өрістеген, өрбіген төл әдебиетіміз – көркейген, өрістеген, өрбіген сөздің айғағы. Мағынасы терең ойлы, сезімді сөз, мәнді, мәнерлі сөздер туды. Сол әрлі де, әсерлі сөздің иесі Ғ.Мүсірепов. “Аспан толы жұлдызды шашылған сөз маржан десек, шеберлік пен көркемдік жағынан Ғабит Мүсірепов тілі жосылған құс жолы болып қалды”- дейді профессор М.Базарбаев