Хіх–хх ғ. басындағы Тарбағатай өңірінің қазақтары (тарихи-этнографиялық зерттеу)

Вид материалаДиссертация

Содержание


Негізгі бөлім
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
Диссертациялық жұмыстың негізгі мазмұны бойынша жарияланған мақалалар
Казахи тарбагатая хіх-нач. хх вв. (историко-этнографическое исследование)
Kazakhs of tarbagatai in the xix – beginning of xx centuries.
Подобный материал:
  1   2   3

Автореферат диссертации


ХІХ–ХХ ғ. басындағы Тарбағатай өңірінің қазақтары (тарихи-этнографиялық зерттеу)

ӘОЖ 39 (=512.122) (574.4)
Қолжазба құқығында


Егізбаева Меруерт Қарпыққызы


ХІХ–ХХ ғ. басындағы Тарбағатай өңірінің қазақтары
(тарихи-этнографиялық зерттеу)



07.00.07 – этнография, этнология және антропология


Тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін
дайындалған диссертацияның


авторефераты


Қазақстан Республикасы
Алматы, 2007

Жұмыс әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің археология және этнология кафедрасында орындалды.


Ғылыми жетекшісі: тарих ғылымдарының докторы,
профессор Төлеубаев Ә.Т.

Ресми оппоненттер: тарих ғылымдарының докторы,
профессор Артықбаев Ж.О.

тарих ғылымдарының кандидаты,
доцент Қартаева Т.Е.

Жетекші ұйым: ҚР Білім және ғылым министрлігі
Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану
институты

Диссертация 2007 жылы “_____” ____________________ сағат _________
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының тарих ғылымдарының докторы (кандидаты) ғылыми дәрежесін беру жөніндегі ОД 53.33.01 Диссертациялық кеңес мәжілісінде қорғалады (050010, Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі, 29).

Диссертациямен Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының қолжазбалар қорында танысуға болады.


Автореферат 2007 жылы “____” _______________ таратылды.


Диссертациялық кеңестің
ғылыми хатшысы, тарих
ғылымдарының кандидаты Қ. С. Алдажұманов

КІРІСПЕ

Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Еліміз тәуелсіздігін баянды етуге ұмтылған, ғаламдану белең алған заманда халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін зерттеу арқылы ұлттық болмысты, менталитетті жете танып білудің көкейкестілігі артып отыр. Тоталитаризмнен кейінгі кезеңде отандық тарих пен төлтума мәдениеттің жете зерттелмей келген кейбір тұстарына жіті назар аударылып, соның ішінде қазақ мәдениетіндегі жалпы этникалық, аймақтық және жергілікті этнографиялық ерекшеліктерге арналған ізденістер жандана түсті.
Қазақ халқының тарихын, мәдениетін, тұрмыс-тіршілігін зерттеуде белгілі бір аймақта өмір сүретін қазақтардың этнографиялық болмыс-бітімін сипаттай отырып, ондағы ерекшеліктерін, басқалардан даралап тұрған айырмашылығы мен ұқсастығын айқындаудың ғылыми маңызы зор екендігі белгілі. Мұндай этнографиялық ерекшеліктерді жіктеп, саралау арқылы біртұтас қазақ мәдениетінің кешенді төлтума бейнесі хақында, сондай-ақ көрші жұрттар арасындағы тарихи-мәдени ықпалдастық, байланыс туралы мағлұматтар кеңейе түседі, әрі ондай байланыстар мен өзгерістерге түсудің тетігі, себеп-салдары туралы кеңірек танып білеміз. Сол арқылы төл мәдениетімізді дәріптеудің, дамытудың жолдарына жауап таба аламыз.
Еуразия даласының қомақты бөлігін алып жатқан қазақ халқының мәдениетінің біртұтастығы, бірегейлігі көптеген зерттеушілердің назарына ілікті. Жалпы халық мәдениетінің біркелкілігі оның ілкідегі мемлекеттілігінен бастау алып, ғасырлар бойы қоғамдық-әлеуметтік, саяси, технократтық өзгерістермен байланыста жүрілетіндігі белгілі.
Қазақ мәдениеті өзінің негізгі модельдік-типтік (үлгі-нұсқалық) қасиеттері жағынан біркелкі болғанымен, таралған тарихи-географиялық аймақтарында өзіндік ерекшеліктерімен де, әдет-ғұрыптарындағы кейбір азын-аулақ өзгешеліктерімен де аздап түрленетіні хақ. Кең сахарадағы қазақтар ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басындағы жағрафиялық орналасуы, жер жағдайы, қоршаған ортаға негізделген әлеуметтік-экономикалық, шаруашылық-тұрмыс жай-күйі, отарлау саясаты, жерге орналастыру, әкімшілік бөлініс, технократтық ықпал, көрші мемлекеттермен арадағы қатынас және т.б. толып жатқан факторларға байланысты өзіндік жергілікті этнографиялық дамуды бастан кешірді.
Тақырыпқа өзек болып отырған осындай жергілікті өзгешеліктерді түсіндіруде М.Г.Левин, К.В.Чистов, Н.Н.Чебоксаревтар ұсынған “шаруашылық мәдени тип” (осыдан былай - ШМТ) қағидасы көп мәселенің басын ашуға арқау болады. ШМТ дегеніміз белгiлi бiр табиғи-жағрафиялық жағдайдағы халықтың әлеуметтiк-экономикалық даму деңгейiне сәйкес қалыптасқан шаруашылық пен мәдениеттегi ерекшелiктердiң табиғи-тарихи жүйесi [1, 4 б.]. Шаруашылық мәдени типтiң қайсысы болсын табиғи ортамен болатын қоян-қолтық байланыс барысында бiртектi этникалық нышандарды бойына жинайды. Осыдан келіп этникалық бітім айқындалып, сан-салалы мәдени айғақтар саралана бастайды. Осы орайда, оның екi жақтылығы, яғни табиғат пен адам тарихтарының бiр-бiрiмен өте тығыз сабақтастығы және өзара себеп-салдарлық байланысы маңызды орын алады. Этникалық дәстүрдегi шаруашылық болмысы материалдық және рухани мәдениеттiң оңтайлы сұлбасын жасайды. Осындай факторлар мен оның даму бағдарына байланысты оның тарихи-этнографиялық аймағы дараланады [2, 17 б.]. Бұған әрине, қоғамдық саяси даму тенденциялары да үлкен әсер ететіндігі белгілі.
Тарихи-этнологиялық ізденістердің белгілі бір аймақтық, өлкелік аумақтағы зерттеулер аясында жүрілуі салыстырмалы-салғастырмалы материалдардың базасын толықтыра отырып, ғылыми теориялық, әдістемелік пайымдар жасау тұрғысында ғылым үшін аса үлкен маңызға ие екендігіне күмән тумаса керек.
Патшалық отарлау мен коммунистік жүйеде өмір сүрген кезінде қазақ этносының этникалық, биологиялық, рухани күш-қуатының қоры бола білген түрлі этнографиялық аймақтар қазақ халқының тарихи-мәдени-биологиялық қоры, қорғаныс ошағына айналды. Осындай ірі локальдық қазақы Торғай, Қарқаралы, Шұбартау-Абай, Созақ, Маңғыстау, Атырау, Шалқар, Ырғыз, Жымпиты, Кеген-Нарынқол сияқты және т.б. толып жатқан аймақтар қатарында Тарбағатай өңірі де орын алады. Бұл аймақтар туралы арнайы тарихи-этнографиялық зерттеулер ішінара болса да бірлі-жарым жүргізілді.
Сондай бір арнайы зерттеуді талап ететін этнографиялық локальдық аймақ Тарбағатай қазақтары туралы арнайы тарихи-этнографиялық зерттеу жоқтың қасы. Қытай және Ресеймен шекаралас орналасқан олардың тұрмысында, салт-дәстүрлерінде, әдет-ғұрыптары, дәстүрлі шаруашылығы, кәсібі, мінез-құлқында өзіндік ерекшелігі бар. Себебі, Тарбағатайдың теріскей бетінде ұзақ жылдар томаға тұйықтау қалған, орыс мәдениетінің әсеріне аз ұшыраған қазақ халқының бұл тобында этнографиялық дәстүрдің табиғи қалпы мейілінше сақталды. 1955 жылдардан 1963 жылдарға дейін Қытайдан елге оралған қазақтардың дені осы өлкеге көптеп қоныстануы аталмыш өлкеде белгілі бір этнографиялық ерекше келбеттің қалыптасуына әсер еткені белгілі. Сондықтан, қазақ тарихы, мәдениеті үшін маңызы зор зерттеу нысаны ретінде Тарбағатайдың теріскей бетін мекендейтін қазақтардың ХІХ ғасырдан бастап ХХ ғасырдың бастапқы кезіне дейінгі тарихи этнографиясын кешенді түрде зерттеу алынды.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. ХІХ-ХХ ғ. басында отарлаушы Патша өкіметіне әкімшілік аумақтық жағынан басқару үшін жергілікті халықтың тарихын, тұрмыс-салты, әдет-ғұрпы мен мінез-құлқын жете, кешенді танып білу қажеттілігі туындады. Осы саясатты жүзеге асыру үшін қазақ даласына аттанған саяхатшылар мен зерттеушілердің, ел арасынан әр түрлі жолдармен мәліметтер жинаған патша шенеуніктерінің жазба деректері қарастырылып отырған тақырыпқа қажетті жан-жақты мағлұматтар береді. Әсіресе, И.Г.Андреев, И.Сиверс, С.Б.Броневский, Н.Д.Абрамовтың мақалаларында Тарбағатай қазақтарының рулық құрамы, орналасуы, шаруашылығы туралы нақты мәліметтер бар. Қазіргі күнде із-түссіз жойылып кеткен архив деректері мен ел арасынан тікелей жинаған мағлұматтар негізінде жазылған А.И.Левшиннің 1882 жылы жарық көрген белгілі монографиялық еңбегінің маңызы ерекше.
Белгілі саяхатшы Г.Н.Потаниннің “Очерки Северо-Западной Монголии” [3] еңбегі мен бірқатар мақалаларындағы Тарбағатайдағы қазақ рулары, олардың мал шаруашылығы, қолөнері, аңшылығы, әдет-ғұрып, салт-дәстүрі турасындағы мәліметтері өте құнды. Ал, заттық және рухани мәдениеті туралы мәліметтер белгілі түрколог В.В.Радловтың, атақты Ш.Ш.Уәлихановтың еңбектерінде кездеседі.
Орыс мерзімді басылымдары мен әдеби, әскери журналдарда тақырыпқа қатысты жарық көрген жарияланымдар баршылық. Солардың бірі – “П.” деген лақап атпен жариялаған автордың “Обычаи киргизов Семипалатинской области” [4] және К.Дужанның “Свадебные обряды у киргизов Кокбектинского округа” [5] деп аталатын көлемді мақалаларында осы өңір қазақтарының әдет-ғұрыптары жөнінде құнды деректер молынан келтірілген.
Орыс Географиялық Қоғамының жазбаларында жарияланған мақалалар ішінде Тарбағатай өңірі қазақтарына байланысты мақалалар біршама: Г.Катанаевтың, Н.Я.Коншиннің мақалаларында әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы, салттарына кеңірек тоқталады. Ал, тұрмыс-салты мен мінез-құлқы және Тарбағатайдағы рулардың орналасуы туралы құнды мәліметтер Г.Е.Грумм-Гржимайлоның “Западная Монголия и Урянхайский край” [6] атты үш томдық еңбегінде кеңінен баяндалады.
Қазақ тарихы мен мәдениеті туралы қалам тербеген Ш.Құдайбердіұлы мен М.Тынышпаев, М.Ж.Көпеев еңбектерінде осы өңір руларының орналасуы, санына байланысты мәліметтер бар. Алайда бұл мәліметтер мұқият қарастыруды қажет етеді.
Сондай-ақ, Н.А.Трофимук, С.И.Руденко және Ә.Х.Марғұланның Шығыс Қазақстан қазақтарының тамағы, салт-дәстүрі, киімі, ру-тайпалық құрылымы, орналасуы туралы кең көлемде жан-жақты мәселелерді қамтыған этнографиялық зерттеулері 1930 жылы “Казаки” жинағында жарық көрді. Мұндай этнографиялық экспедицияларды Д.Рахметов пен М.Ураловтар 1946-1948 жж. аралығында Семей және Шығыс Қазақстан облыстарында жүргізді. Орыстармен қарым-қатынас нәтижесінде пайда болған шығыс қазақтарының дәстүрлі заттық мәдениетіндегі кейбір өзгерістер туралы Х.А.Арғынбаев жазды [7]. Бұл өңірде мекендейтін ру-тайпалардың құрылымы мен олардың әр кезеңдегі мекені, қонысы, бөлісі туралы деректер М.С.Мұқановтың “Этнический состав и расселение казахов Среднего жуза” (Алматы, 1974) еңбегінде кеңірек айтылады. Кейін Х.А.Арғынбаев, М.С.Мұқанов, В.В.Востров біріккен авторлығымен жарық көрген “Қазақ шежіресі хақында” еңбекте ішінеара толықтырулар қамтылған.
“Хозяйство казахов на рубеже ХІХ-ХХ веков” деген ұжымдық зерттеуде осы аймаққа байланысты қысқа болса да, құнды мәліметтер бар.
Басқа өңір қазақтары туралы ғылыми еңбектер зерттеу нысанына тікелей қатысы болмаса да, салыстыру шендестіру үшін маңызы бар. Әсіресе, көршілес Таулы Алтайдағы Қосағаш ауданын мекендеген қазақтар туралы А.В.Коноваловтың “Казахи Южного Алтая” зерттеуінде дәстүрлі әдет-ғұрыптар мен материалдық мәдениеті туралы тоқталған. Белгілі ғалым У.Х.Шәлекеновтың “Казахи низовьев Амударьи” еңбегі салыстырмалы түрде қарастыруда маңызы ерекше.
Дәстүрлі отбасылық әдет-ғұрыптар мен наным-сенімдер мәселесіне байланысты Ә.Т.Төлеубаев еңбегінің маңызы зор [8]. С.Е.Әжіғалидың “Генезис традиционной погребально-культовой архитектуры Западного Казахстана”, “Архитектура кочевников-феномен истории и культуры Евразии (памятники Арало-Каспийского региона)” атты монографияларында қазақтардың мемориалдық-ғұрыптық ескерткіштері мәселесіне жете тоқталады. Әсіресе, “Основные особенности погребально-поминальной обрядности казахов Жетысу” [9] жарияланымындағы тұжырымдарының этнографиялық зерттеу үшін маңызы зор.
Белгілі ғалым-антрополог О.С.Смағұлұлы және К.Бекетайқызы, А.Оразаққызының “Алтай қазақтары” еңбегінде этникалық антропологияның талабына орай қазақтарды алғаш рет өңірлік тұрғыдан кешенді зерттеулер арқылы алынған соматологиялық, одонтологиялық анықтамалардың ғылыми талдаулары ұсынылды.
Қазақ халқының дәстүрлі мәдениетін көшпелі этноэкологиялық жүйедегі, күрделі социум құрылымындағы үйлесімді форма ретінде қарастырған Нұрсан Әлімбайдың “Традиционная культура жизнеобеспечения казахов. Очерки истории и теории” атты кітаптағы тиісті тарауларын және оның басқа да ғылыми теориялық зерттеулерін ерекше атаған абзал. Дәстүрлі қазақ қоғамын, оның этноәлеуметтік ерекшеліктерін және қазақ этнографиясын зерттеуде Ж.О.Артықбаевтың “Казахское общество в ХІХ в.: традиции и инновации”, “Қазақ этнографиясы: этнос және қоғам. ХVІІІ ғ.” атты еңбектерінің орны бөлек. Аталмыш авторлардың ғылыми тұжырымдары да біздің зерттеуімізге ғылыми-теориялық арқау болды.
Г.С.Нұрғалымованың “Шығыс Қазақстанның көне тарихы мен мәдениеті” деген еңбегінде осы өңірді мекен еткен тайпалар туралы мәліметтер келтіріліп, шығыс өңіріне түрлі мақсатпен келген елшіліктер мен экспедициялар деректері сараланады. Сонымен қатар, елді-мекен, жер-су атауларының тарихы да аталмыш еңбекте кеңінен баяндалады.
Жоғарыда айтып өткеніміздей локальдық қазақ этнографиялық топтары жайындағы 1990-жж. жанданған зерттеулер қатарындағы Атырау, Маңғыстау, Орынбор, Өзбекстан, Торғай, Омбы, Жетісу қазақтары туралы зерттеген Ү.Қыдыралин, Ө.Озғанбаев, Д.Ескекбаев, А.Б.Қалыш, Б.Қалшабаева, С.Кенжеахметұлы, Ш.Ахметова, Н.Байғабатовалардың еңбектеріндегі соны пайымдаулар мен бұрын-соңды қазақ этнографиясында беймәлім немесе көмескі болып келген тың мәлімет, құнды деректердің тақырыпқа жанама түрде қатыстылығы бар.
Дегенмен, Тарбағатай қазақтарымен тарихи-мәдени, туыстық байланыста болған Моңғолиядағы, Қытайдағы қазақтар туралы соңғы кезде жарияланған Б.Кәмалашұлы, З.Қинаятұлы, Қ.Мұхамадиұлы, Д.Қатран, Н.Мұқаметқанұлы, Ж.Сәмитұлы, Б.Бопайұлы, С.Зейнолла және т.б. авторлардың тарихи, этнографиялық тақырыптағы еңбектеріндегі мәліметтерде тақырыпқа қатысты қырлары мен мәліметтер, кейбір сирек кездесетін әдет-ғұрыптардың параллельдері мен салыстырмалылық үшін мәні үлкен.
Қазақ этнографиясының жекеленген тақырыптар саласындағы еңбектерден де зерттеуімізге қатысты қырларын көре аламыз. А.У.Тоқтабаевтың төрт түлікке қатысты, бала тәрбиесі, әлеуметтену турасындағы С.П.Кульсариеваның, қолөнердің түрлі салаларына байланысты Ш.Ж.Тоқтабаева, Р.Бекназаровтардың еңбектерінің зерттеуімізге қатысты тұстары баршылық.
Зерттеудің деректік негізі. Диссертациялық жұмыстың деректік негізінің денін түздік этнографиялық экспедиция материалдары құрады. 2002, 2003, 2004 жж. Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай, Аягөз, Зайсан аудандарынан ел арасынан жинақталған этнографиялық мәлімет, дерек, мағлұматтармен қоса Шығыс Қазақстан облыстық этнографиялық музейі, Семей қалалық өлкетану музейі, Тарбағатай аудандық өлкетану музейіндегі жәдігерлер негізге алынып, еңбекке қамтылуымен тақырыптың мәнін аша түсті.
Дереккөздердің бір бөлігі – мұрағат деректері Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік мұрағатында, Семей, Өскемен облыстық мұрағаты және Ресейдің Омбы мемлекеттік мұрағаты қорларында сақталған. Олардың ішіндегі бастылары ҚР ОММ-дың бірнеше қорларында: 8-қор “Управление государственными имуществами в Акмолинской и Семиреченской областях”, 15 қордағы-“Семипалатинское правление Министерства внутренних дел (1854-1919 гг.)”; 19 қор - “Заведующий переселенческим делом в Семипалатинском районе главного управления землеустройства и земледелия г. Верного Семиреченской области”; 64 қор - “Канцелярия Степного генерал-губернатора г. Омск”; сондай-ақ 338, 345, 369, 437 Омбы, Ақмола облыстық Ішкі істер басқармасының, Сібір қазақтары басқармасы, шекаралық басқарма, бекет-станицалар басқармасының іс-қызметіне қатысты мұрағат жазбалары зерттеуімізге деректік арқау болды.
1897 ж. жүргізілген санақ нәтижелерінің Семей облысына қатысты тұстары мен Ф.Щербина жетекшілігімен жинақталған 13 томдық “Материалы по киргизскому землепользованию” экспедициялық жинағындағы Зайсан және Өскемен уездеріне қатысты 8 және 9 томдарындағы және дәл сондай жолмен 1913 ж. жүрілген іс-науқанның нәтижелері қамтылған 2, 3 томдардағы мәліметтердің деректік мәні үлкен. Оларда өңірдің табиғи-географиялық, жер жағдайы мен шаруашылығына, жерді пайдалануына, орналасуына байланысты деректер көптеп кездеседі.
Зерттеудің мақсаты мен негізгі міндеттері. Тақырыптың негізгі мақсаты -Тарбағатайдың теріскей беті қазақтарының тарихи-этнографиясын, жалпықазақтық этнографиялық болмысымен шендестіре, сабақтастыра зерттеу, сондай-ақ, осы аймақ қазақтарының тұрмыс-салтындағы өзгерістер мен ерекшеліктерді зерделеу. Ғасырлар бойы Қытаймен, Ресеймен, Моңғолиямен көршілес өмір сүрген өңір қазақтары мен көршілес халықтармен арадағы шаруашылық, рухани және материалдық мәдениеттер саласындағы ықпалдастық байланыстарды, бір-біріне тигізген әсерін сараптау да зерттеу мақсатының бірі. Осыған орай зерттеу жұмысының алдына мынадай нақтылы міндеттер қойылды:
- Қазақ руларының аталмыш өлкеге орналасуының тарихи алғышарттары мен жағдайы, оның мерзімін анықтау;
- Тарбағатай өңірі қазақтарының ХІХ-ХХ ғасырдың басындағы орналасуын, рулық құрамын, санын, қыстау-жайлау аумақтарын анықтау;
- Өңірді жайлаған қазақтардың орналасуына, олардың бұрыннан қалыптасқан тарихи-туыстық-әлеуметтік-экономикалық қатынастарына патша өкіметінің әкімшілік реформаларының әсерін анықтау;
- Тарбағатай өңірі қазақтарының мал шаруашылығы, егіншілігі, қосалқы кәсіптері, сауда-экономикалық қатынастарының тарихын сипаттап жазу;
- Қарастырып отырған өңір қазақтарының материалдық мәдениеті, салт-санасы, дәстүрлеріндегі жалпы қазақи үрдістер мен жергілікті өзгешеліктерді сараптау.
Диссертациялық зерттеудің ғылыми жаңалығы. Диссертация үлкен локальдық қазақы аймаққа жататын Тарбағатай қазақтарын жан-жақты, терең де ауқымды, әрi жүйелi зерделеген арнайы тұңғыш зерттеу болғандықтан тың ғылыми еңбек болып табылады. Зерттеудiң деректiк негiзiн құрайтын бұрын ескерусiз қалып келген мұрағаттық, музейлік мәлiметтер мен бүгiнге дейiн қордаланған баспасөз, тiлдiк, фольклорлық, эмпирикалық ауызша мәліметтер мейлiнше толық қамтылып, арнайы зерттеу деңгейiнде алғаш рет жүйелi түрде сараланып отыр. Демек, диссертацияның нәтижелерi – Тарбағатай қазақтарының ру-тайпалық құрылымы, заттық, шаруашылық мәдениеті, отбасылық әдет-ғұрыптары сияқты iргелi мәселелер жөнiндегi бiрыңғай жүйеленген тың эмпирикалық пайымдаулар, жаңа теориялық байламдар мен ой-тұжырымдар зерттеудiң сонылығының мәндi айғақтары болып табылады.
Қорғауға ұсынылатын негізгі ғылыми тұжырымдар:
- Қазақ тайпа-рулары өздерінің байырғы мекені Алтай мен Тарбағатай, Жетісуға 1752-1763 жж. келіп қоныстанып, орналасу үрдісі XVIII ғ. соңына дейін жалғасты. ХІХ ғ. бас кезінде шаруашылық негізі болған төрт түліктің қамы, өріс-қоныс, жайылым үшін Тарбағатайдың күнгей жағына да қоныстанды.
- ХVІІІ ғ. екінші жартысының соңына ала Тарбағатай өңіріне найман тайпасының қаракерей, матай, дөртуыл руларының аталары, он екі ата абақ-керей рулары, азын-аулақ арғын мен уақтар келіп орналасты. Сол сияқты бұлардың арасынан Ұлы жүзге кіретін аздаған шанышқылар мен Кіші жүз-алшын мен тамалар да ұшырасты.
- ХІХ ғ. екінші жартысынан басталған реформалар салдарынан ру-тайпалардың дәстүрлі орналасу, қоныстану жүйесі, көші-қон жолдары бұзылды. Өздерінің бұрынғы жерлерін қазақтар енді жалға алатын болды, малынан айырылып кедейленгендер егін егіп, жатаққа айналды. Ресми статистикада көрініс таппаған ел ішіндегі қысқа мерзімдік маусымдық (қыстау-жайлау, мал отарлату, жылқы қыстату т.б.) миграциялар бой көрсетті, атап айтсақ жұт жылдары қазақтар Қытай жеріне де өтті, ол үшін көп салық төледі.
- Заттық мәдениет, оның ішінде баспана, киім-кешек, тағамы және адам өмірін қамтыған маңызды салт-дәстүрлер, яғни тіршілік цикліне қатысты отбасылық әдет-ғұрыптары толық сипаттамасын алды. Сондай-ақ, Тарбағатай қазақтарының отбасылық дәстүрлеріне байланысты этноаймақтық ерекшеліктері анықталды.
- Тарбағатай өңірінің табиғи-экологиялық ортасымен шаруашылық харекеттері өзара тығыз байланысты болды. ХІХ-ХХ ғ. басында дәстүрлі шаруашылық мал шаруашылығы және әртүрлі қосалқы кәсіптерден тұратын (балықшылық, аңшылық, қолөнер т.б.) тұтас бір жүйені құрады. Алайда, жетекші сала болып көшпелі мал шаруашылығы қала берді.
Жұмыстың теориялық және практикалық құндылығы, қолданыс салалары. Диссертацияның материалдары мен қорытындыларын қазақ халқының этнографиясына қатысты аймақтық атлас жасауда, этнографиялық еңбектер мен өлкетану туралы еңбектер жазуға пайдалануға болады. Сонымен қатар, қазақ халқының дәстүрлі мәдениеті тақырыбындағы арнаулы курстарға арқау бола алады. Зерттеудің теориялық маңызы ұлттық этнографияны қазіргі заман талаптарына сай, жоғары деңгейде дамыту қажеттілігімен айқындалады.
Зерттеудің хронологиялық-аймақтық шеңбері. Диссертациялық зерттеу ХІХ ғасыр және ХХ ғасырдың бас кезеңін қамтиды.Тарбағатайдың күнгей жағы Қытай жері болғандықтан, еңбекте негізінен Тарбағатайдың қазақстандық аймағы, яғни теріскей беті қарастырылды. Аталмыш аймақтың аумағына қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай, Ақсуат, Ақжар, Аягөз, Зайсан, Көкпекті өңірлері жатады. Тарбағатай өңіріне ХІХ ғасыр және ХХ ғасырдың басында Зайсан және Өскемен уездерінің территориясы қарасты болды. Сондықтан да, диссертацияда негізгі қарастырылған аймақ осы екі уездің территориясы.
Диссертацияның зерттеу нысаны – ХІХ ғасырдағы және ХХ ғасырдың басындағы Тарбағатай өңірінің қазақтары.
Диссертацияның пәні – Тарбағатай өңірі қазақтарының тарихи-этнографиясы.
Диссертацияның методологиялық негізі мен зерттеу әдістері. Тақырыпты жаңа көзқарас тұрғысынан саралауда қазiргi кезеңде қалыптасқан обьективтiк және сыни талдау мен сыни зерделеу принциптерi басты ұстанымда болды. Диссертацияның әдiстемелiк негiзi – тарихилық және жүйелiлiк болып табылады. Сонымен бiрге, локальдық этнографиялық зерттеудегі бiрден-бiр тиiмдi жолы ретiнде проблемалық-хронологиялық, салыстырмалы-тарихилық тәсiлдер қолданылды. Әсiресе, салыстырмалы мәлiметтердi жүйелеу локальды этнографиялық топ пен оған жапсарлас жатқан басқа ру-тайпалар мен этникалық байланыста болған өгей жұрт өкілдері арасындағы байланыс пен оның әсері, салдарынан туындайтын нәтижелерді анықтауға негiз болды.
Сондай-ақ, Кеңес этнологиясы мектебінің ірі теоретиктері Ю.В.Бромлей, Э.С.Маркарян, С.М.Абрамзон, С.А.Токарев, С.А.Арутюнов, М.Г.Левин, К.В.Чистов, Н.Н.Чебоксарев, В.И.Козлов, М.В.Крюков және отандық этнографтар Х.А.Арғынбаев, М.С.Мұқанов, У.Х.Шәлекенов, Ә.Т.Төлеубаев, Ж.О.Артықбаев, С.Е.Әжiғали, Н.Әлiмбай қатарлы ғалымдардың еңбектерiндегi дәстүрлi мәдениет саласындағы этностық теориясы, мәдени-шаруашылық-нысан, этникалық үрдістер, этнографиялық топтар жөніндегі теориялық қағидалары мен тұжырымдары диссертацияның әдiстемелiк арқауын айқындауға негiз болды.
Ж.О.Артықбаев, С.Е.Әжiғали сынды ғалымдар қолынан бұрын-соңды шыққан бағдарлама – сұрақнама әдістемелік құралдары тақырыпқа қатысты эмпирикалық, экспедициялық материалдар жинақтауға арқау етілді.
Зерттеу жұмысының сыннан өтуі және мақұлдануы. Диссертациялық зерттеу жұмысының негізгі тұжырымдамалары төрт халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларда баяндалды. Зерттеу тақырыбының мазмұнына сәйкес төрт ғылыми мақала жоғары аттестациялық комитеттің тізіміне енген журналдарда жарық көріп, сыннан өткен. Диссертациялық ізденіс әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің археология және этнология кафедрасында орындалып, осы кафедрада және Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Этнология және антропология бөлімінде талқылаудан өтіп, қорғауға ұсынылды.
Диссертацияның құрылымы. Зерттеу жұмысы кіріспеден, үш бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен және қосымшадан тұрады.