Сергек те зерек ой иесі Серікбол оқырман қауымға өзінің салған сара соқпақ жолымен бұдан бұрынғы ерекше еңбектерімен жақсы таныс

Вид материалаДокументы

Содержание


Маңғыстау жер-су атаулары, оларға қатысты аңыз-әпсаналар шежіре тарихымен, фольклормен ұштастырыла қысқа да нұсқа
Аралбай Оңғарбекұлынан қалған мынадай өлең жолдары бар
Нұрым Шыршығұлұлының “Тоғыз ауыл” дастаны.
Нұрым Шыршығұлұлының ‘’Тоғыз ауыл’’ дастаны.
Жаскілең мен Нұрым айтысында
Нұрым мен Беріш қызының айтысында
Нұрым мен Беріш қызының айтысында
Аралбай Оңғарбекұлы
Нұрым Шыршығұлұлының ‘’Тоғыз ауыл’’ дастаны.
Подобный материал:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   22




Серікбол Қондыбай


Маңғыстаудың жер-су атаулары


Толағай толғаныс...


Сергек те зерек ой иесі Серікбол оқырман қауымға өзінің салған сара соқпақ жолымен бұдан бұрынғы ерекше еңбектерімен жақсы таныс. Саналы жасын ғұмырында артына мол мұра қалдырған Серікбол Әділбекұлы Қондыбайдың «Маңғыстаудың жер-су атаулары» атты бұл еңбегінде 1989-2000 жылдар аралығында көз майын тауыса, шұқшия отырып, тірнектей, ғылыми түрде бір ізге түсіруді ойлап, жинақтаған Маңғыстау топономикасына байыпты, терең талдау жасалынады.

Маңғыстау жер-су атаулары, оларға қатысты аңыз-әпсаналар шежіре тарихымен, фольклормен ұштастырыла қысқа да нұсқа тұжырымды пайымдалған. Автор бұл еңбегінде жер-су атауларын жалаң талдамайды, айналасындағы материалдық айғақ-нысандардың барлығы тұтас қарпылып, жан-жақты қамтылған. Олар: Сай-сала, құдық, алқап, құмды массив, өңір ескерткіші, тау, шатқал, төбе, қорым, қорымдық, түбек, мола, ой, құлау, бұлақ, темір жол айырығы, жар, жарлауыт, арал, тарихи атау, ойыс, сор, қала, ауыл, аңғар, қыстақ, теңіз мүйісі, әулие, арал, шабындық, жыра, жота, арна, жал, зират, елді мекен, шоқы, тоған, күп, төбе, дөң, аран, дің, қорған, үйік, бал-қорым, ор тағы-тағылар әр қырынан жер-су атауларымен қатар сабақтастырыла, зерттеушінің назарынан бірде-бірі тыс қалмай, бір тұтастықта қарастырылған. Әсіресе, кез келгеннің назарына іліге бермейтін микротопонимдер өнікті кірістіріліпті.

Берілген анықтама түсініктерде басы артық сөз жоқ, ойы ықшам, еңбекте Серікбол өз пайымдауларымен қоса, өлке тарихы туралы жазылған А.Меңдалиев, Е.Өмірбаев, Ә. Кекілбаев, Қ.Сыдиықов, Ә.Спан, Ж.Нұрмаханова, Н.Қазақбаев, Д.Әріпов, Б.Әріпов, І.Сариев, Ж.Жылқышиев, М.Диқанбаева, А.Әбдіров, С.Нұрмағанбетұлы, Б.Бегенішев, Б.Төлеуғалиев, С.Назарбек, І.Шыртанов, Қ.Сүлейменов, А.Өтебайұлы, О.Көшбай, Е.Жаманбайұлы, Б.Сарин, А.Әбдіров, М.Нығметуллаев, Б.Мырзағалиева, И.Мырзабекұлы, Ж. Дүйсенбаева, Н.Өтебайұлы, Ж.Нәренбайұлы, Т.Жалғасбайұлы, Қ.Аманиязов тағы басқалардың шығармаларынан орнықты, дәлелді үзінділер келтіріледі. Әсіресе, өлке тарихы мен өміріне қатысты өндіре қалам сілтеген жазушы Ә.Спанның еңбектерінен жүзден аса дәйек мысалдар пайдаланылған.

Телегей теңіз білім иесі кітапта сонымен қатар, арагідік жер-су атауларының шығу-тегі, дұрыс айтылуы мен жазылу сауаттылығына да «келешекте осылай түзетілсе»,- деп, ескертпе өзіндік тілек пікір-лебіздер білдіре кетеді. Зерттеуші еңбектегі Маңғыстау жер-су атауларының санын дәл атамайды, бірақ сол ороним, гидроним, микротопонимдерді саралай іріктеп, бұлардың маңызды ғылыми мәселе екендігін, оларға қатысты екі мың екі жүздің үстіндегі сөздерге түсінік-анықтама берген! Өлке тарихы, жер-су атаулары өткен ғасырларда тек орыс зерттеушілерінің жүргізген әр түрлі зерттеу экспедицияларының кең ауқымдағы карталары арқылы, оның ішінде, әскери топографиялық карталарымен, нақты түскені ақиқат. Сол әскери карталарды іздестіріп табу-келер күннің кезек күттірмейтін ісі. Нағыз шын тарихты беруші қайнаркөз – ол- әрбір облыстағы жер-су атаулары.

Маңғыстаудың ең шалғай жері – Үстірт. Ол Түрікменстан, Қарақалпақстанмен шектесетін аймақта орналасқан. Бір кездерде әр түрлі себептермен бас сауғалап жан-жаққа көшкен тұрғындар жұрты – Үстірт- кешеге дейін бос жатты. Қазір де көп жері елсіз, меңіреу кеңістік. Ондағы құдықтар, мешіттер қаланысы, бітім-болмысы өзге жерлердегі көне жәдігерлерден анағұрлым өзгеше. Үстірттің бір кездердегі мәдениетті әлем екендігін Серікбол өзінің «Есен-қазақ» атты кітабында «Қырымның қырық батырының» ерлік жолдарын талдай, ауыз әдебиетінің басқа нұсқаларымен шебер салыстыра отырып, тамсандыра жазса, енді бұл еңбегінде жер-су атауларының шығу тегін әр қырынан қисынды дәлелдей ашқан. Бұл жердің тарихын жатқызып өргізетін шежіреші шалдардың көзі бұл күнде азайған. Дегенмен, сирек селеудей болса да, ел арасында сол жердің тарихтарын айта алатын қадау-қадау кәрілік меңдеген көнекөздер бар. Солардың көзі жұмылып кетпей тұрғанда, Үстірт үсті тарихын хаттап қалу – біздің көзі қарақты жастардың басты міндеті. Жалпы Серікболдың қай еңбегі де осал емес, соның ішінде, «Есен-қазағын» жоғары оқу орындарының филология, тарих факультеті студенттері үшін негізгі міндетті оқулық ретінде бағдарламаға енгізген дұрыс.

Жалт етіп, тез аяқталған автордың жасын ғұмыры бұл еңбегін тиянақты аяқтауға мүмкіндік бермеген. Автордың бұл жұмысты әлі де толықтырмақ, іргелі зерттеуге айналдыру ниеті болғандығы анық байқалады. Оған мысал: еңбектегі шолақ қайырылған кейбір топонимдер, өзінің түсінік сөзіндегі ойларының толық аяқталмауы. Автор 2004 жылы өмірден өткенде, қолжазба түрінде тәртіпке түсірілмей, ретсіз қалған бұл жұмыс теріліп, алфавиттік жүйеге келтіріліп, оқырманға сол күйінде ұсынылып отыр.

Кітаптың құндылығы осы уақытқа дейін өлке топономикасын молынан қамтыған бірден-бір толымды еңбек екендігінде. Өлке тарихынан сан алуан мағлұмат беретін бұл туынды географиялық, фольклорлық, лингвистикалық мәліметтерімен оқырмандарын еріксіз баурап, қызықтыра алады. Бұрын бізге белгісіз, аты аталмаған мекендер, ал бұған керісінше, бір жер-су атауының бірнеше рет қайталануының себептерін қарапайым да ұғынықты тілмен зерделейді. Олардың әрқайсысының қайталану себептері - өлке тарихына қосылған үлес деп пайымдайды.

Әсіресе, сол түпсіз кеңістіктегі бір кезде елді асыраған есіл сулар-құдықтардың аты мүлдем ұмытылып, анекдотқа айналғанына қатты қынжылады. Бұл- өлке тарихы мен тағдырының қасіреті. Хатқа түспеген белгісіз жәдігер, құнды деректерді жинап алуды туған жер, отан алдындағы басты парыз деп есептейді. Бұл - Серікболдың өлкесін шын еміреніп сүйген жанайқайы да. Ол өзінің артына енді еркін бұрылып қарай алмайтынын сезгендіктен, жан-жағын мүмкіндігі келгенше өзі тапқан матеиалдармен ғана қарманып кетті...

Болашақта Қазақстанның барлық облыстарының топономикалық жер-су атаулары осылай жазылса, халқының арғы тегінің терең білгірі Серікбол армандаған игі іс оңынан оралған болар еді. Зерттеуші алдағы уақытта туған ел тарихын, топономиканы зерттеушілерге осы ізбен үңілуге бағыт сілтей, жол ашқан. Кітап ғылыми зерттеушілерге, әдебиетші, тарихшы ғалымдарға, өлке танушыларға, барша оқырманға арналған.


Жанбибі Дүйсенбаева

Филология ғылымдарының докторы,

Махамбет атындағы сыйлықтың иегері


Автордан


Мен Маңғыстауда қанша жер-судың аты бар екендігін білмеймін. Болып, аралап көрген жерім де азғантай, іс жүзінде еш жерде болмадым десе де болғандай. Ал мына тізімдегі жер – су атаулары газеттер мен кітаптардан, карталардан теріп алынған ұзақ уақытқа созылған (1989-2000 ж.ж.) жұмыстың нәтижесі. Мен бұлардың бір бөлігіне нақты орны туралы қысқаша мәлімет қостым. Ал жер – судың атының сипатының өзі көп қабатты. Олардың барлығына жауап іздеп, жүйеге келтіру үшін ұзақ жылдар керек.

Қазақстан бойынша да, оның жеке облыстары бойынша да бұл тақырыптармен нақты жұмыс істелініп көрген жоқ. Ал жинақтаумен айналысатындардың дені қазақ емес қазақстандықтар, оларды қаншама еңбекқор, талапты дегенімізбен олардың жасаған дүниесінен туған жердің реңкі, рухы байқалмайды.

Міне, ғасыр аяғында тұрып, өлкеміз туралы аз біліп бара жатырмыз. Кезінде 50-80-жылдары өлкені аралағандар, білетіндер саны азая түсуде, сол азайғандар жасы 50-ден жоғары, көбісі – 70-80-дегілер. Олардың ғұмыры да шектеулі. Білгенін бүгін айтып кетпесе, ертең кеш болып қалады. Ал 90-жылдары совхоздық жүйенің ыдырауы Үстірт сияқты алыс, адамсыз мекендерге адам баруын сирексітіп жіберді. Енді сол 1950-80-жылдары білгеніміздің өзін ұмытуға айналдық. Мынау сол дүниенің аз бөлігін болса да ұмытпай, өлмей тұрғанда қағазға түсірудің қамымен жасалып отырған шаруа.

Өлкенің түпкір-түпкірін көлікпен, мүмкіндігі болса жаяу аралап, жер-су аттарын жинақтап, қағазға түсіріп отырумен қатар, сол жерлерді көзіңмен көргенге не жетсін. Бірақ мұндай бақытты көру жағын құдай маған бұйыртпапты, сондықтан жиған-тергенініміздің негізі кабинетте отырып, жазба-сызба дүниелер бетіне түскен жер-су атауларын теріп алғаннан басқа амалымыз жоқ. Егер бала, студент кезімде, географиялық жаңалық ашулар тарихы туралы мағлұматтармен танысқан шақтарымда, шетелдерде, кітаптардан оқып білген таңғажайып жерлерде болуды, жаңа жерді ашуды армандамасам, 1991 жылғы тәуелсіздік алғаннан кейінгі қалтасында пұлы бар кез келген пенденің шетелге барып жатқанын көрген соң, оған қызықпайтын болдым. Өйткені жұрттың барлығы көрген, жұрттың барлығына танымал, тығулы жатқан құпиясы жоқ жерлердің ізденімпаз адам үшін қызығы жоқ қой.

Одан кейін назарым қазақ жеріне ауды. Өйткені, өз жерімнің ашылмаған сырлары көп екен. Енді менің арманым Алтайдан Атырауға, Қызылжардан Қазығұртқа дейін аралап шығу болды, бірақ оның да сәті түспеді. Сондықтан іздестіру мен зерттеуді жалпы қазақтық деңгейдегі шағын пұшпақтан – Маңғыстаудан бастағанды жөн көрдім. Қарап отырсам, Маңғыстаудың үнсіз кеңістігі, егер жер-су атауларын жинақтап, оларды сөйлетсе, талай тарихтың сырын ашатындай қабілетке ие екен. Оған кейінгі жекелеген зерттеу тақырыптарымды қарастырғанда, әсіресе «Есен-қазақ» кітабын жазу барысында көзім жетті.

Өзің білмесең басқадан сұрайсың. Ал жаныңда сұрайтын адам жоқ болса ше? Онда өзің білетін мәліметтерді баспасөзге жолдайсың. Мұндағы ойың «мақаланы оқып өзінің білетінін жариялар адам табылар, қате кеткен жерім болса, оны түзетер» деген болмақ. 1993 жылдың аяғында «Маңғыстау» газетіне «Маңғыстаудың жер-су атаулары» деген мақала жарияладым. Күткенімдей, көп уақыт өтпей жатып-ақ, қате кеткенімді түзетпек болған жауап-мақалалар жарияланды. «Білгенді ғана жазу керек» деген ақыл айтумен басталатын мұндай мақала қате кеткен жерім тура сөзбен жалғасып, соңынан мақала жазушының өзі білетін жер-су атауларының жай-жапсарын баяндауға ұласатын. Осылайша кейбір азаматтардың өзімшіл психологиясына ши жүгірту арқылы олардың өздері білетін ақпаратты газет бетіне жариялауға түрткі болғаным рас, 1994-1995 жылдары облыстық және аудандық газеттерінің беттерінде Маңғыстаудың жер-су атауларына, ең алдымен құдықтарының атауларына қатысты бірнеше мақала жарық көрді. Бұлардың ешқайсысы да менің назарымнан тыс қалған жоқ.

Жер-су атаулары (қыстаулар, шабындықтар, құдықтар), малшылар туралы науқандық мақалаларда, батырлар мен билер, әулиелер (ең алдымен, соғыс болған жерлер, молалар) туралы мақалаларда кездесіп отырады. Жер-су атаулары ғылыми, тарихи, көркем-әдеби шығармалардың да беттерінде кездесіп отырады. Ең көбі - әртүрлі карталарда, әсіресе ірі масштабты топографиялық карталарда кездеседі. Осылардың барлығын жинақтап, бір ретке, бір тізімге, келтіру барысында бұрын-соңды білмеген, ойға келіп те көрмеген мәліметтер мен қисындардың ұштығы көріне бастайды. Егер бір атау бір емес, бірнеше рет кездесетін болса, оның үстіне сол атаудың мағынасы бүгінгі қазақ тілі арқылы түсіндіріле алмайтын болса, онда «осы бір топоним (жер-су атауы) неліктен осыншама рет қайталанып отыр?» деген сауал туады да, осындай сауалға жауап беру, іздеу барысында өлке тарихына қосалқы дәйек-айғақ қосылады.

Жер-су атаулары, яғни «топонимдер» дегеннің өзі сипаттау, нысандық тұрғысынан алғанда әртүрлі болып шығады. Мәселен, өзен, көл, жалпы су көздерінің атаулары да - өз алдына бір төбе, оларды «гидроним» дейді. Ал тау, төбе, жота, қырат атауларына да - өз алдына бір төбе, бұларды «ороним» деп атайды. Осылайша табиғат нысандарының болмысына қарай жер-су атауларының түрлері де ерекшелене береді.

Көпшілікке танымал, жұрттың барлығы білетін жер-су атаулары болады. Мәселен, «Маңғыстау», «Ақтау» атаулары. Қазақ жерінің қай түкпірінде болмасын, мекендеп жатқан есті қазақ осындай жердің, қаланың бар екендігін біледі. Ал «Шетпе» не «Бейнеу» атаулары туралы ше? Оларды білсе, облыс көлемінде тұратындар ғана жақсы білер. «Тұщыбек», «Жармыш», «Шайыр» сияқты топонимдер – ең алдымен Маңғыстау ауданының тұрғындарына таныс. «Сазанбай», «Ащыбұлақ», «Қосбұлақ», «Көгез» сияқты топонимдерді тек Шетпе елді-мекенінің тұрғындары ғана жақсы біледі, өйткені мұндай атаулар картаға түспейді, жазба дүниелердің бетіне де сирек түседі. Мұндай жер-су атаулар тек жергілікті ауыл-аймақтың адамдары ғана білетін атаулар, яғни «микротопонимдер» деп аталады.

Микротопонимдерді жинақтау, зерттеу де – маңызды ғылыми мәселе. Өйткені олардың арасынан да аса маңызды тарихи ақпар беретіндері табылып қалады. Әрине, осындай микротопонимдердің маңыздылығын жұртқа, қарапайым жұрт түгілі, білгір мамандарға да сендіре қою оңай шаруа емес. Өйткені, дәстүрлі әдістемелерді ғана пайдаланып, қазақ, жалпы дала тарихы, мәдениеті туралы таным-түсініктердің стереотипін қалыптастырып алған ғұлама үшін мұндай жер-су атаулары маңызды болып көрінбейді. Олар үшін мұндай микротопонимдер – түкке тұрмайтын майда-шүйде, ұсақ-түйектер ғана. Соған қарамастан, болашақ зерттеушілердің буыны арасынан осындай ұсақ-түйекке назар аударып, оларды аса маңызды ғылыми-дереккөздік айғақ деп тани бастайтын бір ғалым шығар деген үміт-оймен жинап-тергенімізді ұсына беретін боламыз.

Жер-су атауы – тарихтың көзі. «Жер-судың аты – тарихтың хаты» деген тұрақты фразаның бар екендігін ескерсек, осындай аксиоманың болуы тегіннен-тегін емес. Бірақ осындай сөз тіркесін көбінесе жалаң, бос, әдемі ұйқас ретінде ғана қолданатынымыз бар.

«Маңғыстаудың жері тұнған тарих» немесе «оның әр тасы - тарих» сияқты сөздерді журналистеріміз, ақын-жазушыларымыз жиі айтады. Тек осындай тұнған тарихты нақтылау ісіне келгенде 30 жылдан бері баспасөз беттерінде, әртүрлі еңбектерде қайталанып келе жатқан бірнеше мысалды атаумен ғана шектеледі. Яғни «Маңғыстаудың әр тасы, төбесі, құдығы - тарих» деген анықтаманы орынсыз, еш мазмұнсыз қолдана береміз. Расында да, өлкеміздің әр тасы мен төбесі тарихи ақпарат бере ала ма? Әрине, жоқ. Өйткені, әр тастың, әр төбенің атауы жоқ, атауы жоқ болғасын, олардың бізге айтар тарихы да болмайды. Дегенмен, жер-су атауларын жинақтап, олардың аталу сырын ашу, сол жерлерге қатысты тарихи айғақтарды жинастыру барысында, олардың жиынтық ақпараты жазба дерегі жоқ деуге болатын Маңғыстау сияқты өлкенің тарихын нақтылауға қажетті аса маңызды мағлұмат беруші қайнарға айналатындығы шындық.

Жер-су атауларын жинастыру қажет. Тіпті олардың сырын толық аша алмағанның өзінде де осылай істеу – парыз. Өйткені, дер кезінде, уақытында хатталмаған микротопонимдер келесі ұрпақ үшін белгісіз болып қалып, ұмытылып кетуі мүмкін. Ұмытылып кеткендері, енді қайтып анықтала алмайтындары онсыз да жеткілікті. Пенде басына түскен дүрбелеңі көбейген уақыттарда, «бай түгілі бас қайғы болып», жан сақтау үшін босқан заманда адам баласы жер-су атауларының есте қалу, сақталу жағына мән бермеуі түсінікті де. Мәселен, 1930 жылдардағы тарихтан белгілі болып отырған оқиғалардың салдарынан Маңғыстау түбегінің көп жері, Үстірттің жері түгелімен бос қалды. Қазақтар жан-жаққа босып кетті. Ал араға 20-30 жыл салып қайтып келгенде, өлкенің көптеген жер-су атаулары ұмытылып кеткен еді. Аталық Накиманов деген кісінің естелігіне көңіл аударып көрелікші.

“1952 жыл. Желтау, Қарасай, Шағырлы арқылы 160 км жүріп Терістік Үстірттің Тасастау – Қайнар дөңі маңындағы таудан шығып, соқыр тәуекелмен елсіз Үстірттің терістігімен тарттық. Арада бір жерде 4-5 құдықтың үстімен, 60 км-ден кейін көп құдығы бар бір суға жеттік. Оның атын білетін ешкім жоқ. “Отызқұдық” деп атадық... Одан өткеннен кейін он құдық болып, кейде 2-3 құдықтан, тіпті одан көп болып, әр жерде жайлаған шымыраулар кездесті. Оларды “Он құдық”, “Торғай ұшқан” деп атап кете бердік. Отызқұдықтан 80-90 км – дей жүргенде, сайдың бойында шымырау құдықтар кездесіп, оның үлкен тас астаудың үстіне тастан көлеңке қалап қойыпты, атын білетін ешкім жоқ. “Көлеңкелі” деп ат қойып, одан әрі күншығысқа баялыш шыққан дөң үстімен жүре бердік. Кейіннен белгілі болғандай ол жерлер Көлтабан, Мүлкаман, Тассай деген жерлер екен 1...”

Қарап отырсаңыз, 1930-50 жылдар аралығында адам мекендемейтiн меңiреу кеңiстiкке айналып кеткен Үстiрттiң өне бойындағы шымырау құдықтарының бiразының нақты атаулары ұмытылып кеткен екен.


1 «Маңғыстау» газеті, 2003 жыл. 17 мамыр


Абай


жер аты; Солтүстік Үстіртте, Сам құмының солтүстік-шығысында, оның Сам сорымен шектесер тұсында. Тұрыш аулының шығыс-солтүстік –шығысында 26 км жерде.




Абсадин

Жетібайдан cолтүстікке 20 км. Бекi аулынан оңтүстік-оңтүстік-шығыста 13 км жердегi мола.




Абынғазы

қорым, Бекi аулының оңтүстік-оңтүстік-шығыс бағытында 21 км жердегі Шұқырой алқабында




Абыл

Опорныйдан оңтүстікке 63 км




Абылайқажы

Қалнияз Шопықұлының «Ер Қармыс» дастанында кездеседі:

Түрікпендер жорыққа шығып,

Сайрап жатқан жолменен

Күн-түн қатып келеді,

Құбашыңға келеді,

Абылайқажы басында

Бір қараны көреді 1

Дастан мәтiнiне қарағанда, бүгiнгi қарақалпақ жерiнiң Үстiртке қараған бетiнде болуы мүмкiн.




Агиске

құдық, 1931 жылғы Адай көтерiлiсiне қатысты деректерде кездеседi: “Қарабатыр Қаралдаұлы мен Өткелбай Батынұлы басқарған көтерiлiсшiлер өздерiнiң қарауындағы ауылдарын Үстiрттiң батыс бетi арқылы Қайдақ соры мен Тұзбайыр сорының түстiк батыс мүйiсiнiң арасындағы “Ағашты” және “Агиске” құдықтарына әкелдi...”. 2 Яғни, бүгiнгi Маната маңы болуы тиiс. Жер-су атауының дұрыс айтылуы “Ақешкi” болуы мүмкiн.




Ағашты

құдық, Қайдақ сорының оңтүстік-шығыс шеті мен Тұзбайыр соры аралығында. 1931 жылғы Адай көтерiлiсiне қатысты деректерде кездеседi: “Қарабатыр Қаралдаұлы мен Өткелбай Батынұлы басқарған көтерiлiсшiлер өздерiнiң қарауындағы ауылдарын Үстiрттiң батыс бетi арқылы Қайдақ соры мен Тұзбайыр сорының түстiк батыс мүйiсiнiң арасындағы “Ағашты” және “Агиске” құдықтарына әкелдi...”. 3




Ағашты

алқап, Таулы Маңғыстауда, Шығыс Қаратаудың күнгей бетіндегі Онды ауылы маңында. Сөз төркіні: бұлақты жерде өскен ағашқа байланысты қарапайым топоним болуы мүмкін, дегенмен “ты” формантының болуына қарап, орта ғасырлық этноним болу ықтималдығы да жоққа шығарылмайды. “Ағашты-Шилі” деп те аталады. Бұл жерде кезінде “Жаңақорған”, “Қызылқорған” колхоздары болған. 1928 жылы 8 маусымында Маңғыстау ауданы құрылды. Осы аудандастыруға дейінгі 12 болыс, 98 ауыл негізінде 1928 жылы 17 ауылдық кеңес құрылды. “Бірлік күш”, “Жыңғылды”, “Ақырап”, “Алғабас”, “Қызыл қорған”, “Қызыл таң”, “Жаңа қорған”, “Екпінді” колхоздары ұйымдастырылып, 1933 жылы ауданда колхоз саны 18-ге жетті.

Оның былай қасында:

Ағашты, Шонжы, Оңды бар,

Шоң деген судың басында

Құрманалы хазiрет

Мешiт салған Қоңды бар,

Одан әрi жүрсеңiз,

Өңеже мен Шилi бар,

Бұрынғы өткен қарттарда

Нендей дана, милы бар... 4





Ағаштыкент

жер аты, Бозашы түбегінің солтүстік бөлігінде. Нақты орны анық емес.




Ағеспе жар

микротопоним, жар. Таулы Маңғыстауда, Жыңғылды аулы қасында, Т.Шевченконың осы жер бедеріне қатысты салған суреті бар, мұнда ол “Агеспеяр” деп қате жазылған. Сөз төркіні: әуел баста сол маңда “Ақеспе” (еспе – тайыз құдықтың түрі) деген құдық болып, жарлы жер бедері соған байланысты аталып кеткен.




Ағырмақ

Қызаннан солтүстік-шығысқа 60-65 км, Балдар қорымынан солтүстік-шығыста 12 км




Адам өтпес

арал, Қайдақ шығанағында кезінде осындай арал болған5 (бүгінде бар-жоғы туралы мәлімет жоқ). Орны туралы нақты мәлімет жоқ.




Адамтас оты

теңіз жағалауындағы бағдаршам (маяк) және теңіз мүйісі, Темір-бабадан оңтүстікке қарай 45 км жерде




Ажырықтыой

Қызылсу аулынан оңтүстік-шығыста 17 км, Сенектен солтүстік-шығыста 22 км жердегi құдық. Осы құдықтан бастап солтүстік-батыс-оңтүстік-шығыс бағытында 9 км-ге созылған алқапты да осылай атайды.




Азынағұл

Бейнеу ауданының Қарақұм өңiрiнде. Мынадай үзiндi дерек бар: “Үстiрт үстi, Сам, Қарақұм өңiрлерiнде атақты адамдарға арналып ас берiлген. Жары Тастемiрге Тасастау-Қайнарда, Тобыш Қожаназарға Жем өзенi бойындағы Ақкиiзтоғайда, Қырықмылтық Қарабасқа Оймауытта, Жеменей Сейiт биге Үстiрттегi Шаңқалада, Жары Сүйiнғара батырға Мұқырда, Жеменей Жолболдыға Қарақұмның Азынағұл деген жерiнде, Бабық Мыңбайға Уәлiде, Шегем Жарылғасқа Сам құмында, Өмiр Қыдырұлына Тасастау-Қайнарда ас берiлген”. 6




Айбүгір-Жандауыр

жер аты, Қолтықтағы Өмірзақ жеріне таяу тұста делінеді.7




Айғана

алқап. Бозашы түбегіндегі (Тұщықұдық шаруашылық жерінде) шабындық ретінде пайдаланылып жүрген алқап




Айғыр

қорым. Ақтау-Қаражанбас жолының 70-ші км-нен батысырақта 2 км жерде.




Айғыржол

төбе (156 м), Таушық аулынан шығыс-солтүстік-шығыста 9 км жерде, Ембi жотасының оңтүстік бетiнде.




Айгурлы

Таушықтың оңтүстігінде 10-15 км




Айғырлы

қорым, Ақтау-Қаламқас жолының батыс бетiнде, 70-шi км, Шат сайының ернегiнде.




Айғырұшқан

жер аты, Үстіртте темір жолдың шығысында.

“Қазiр Айғырұшқан-Терең жерiнде отыр”. 8




Айдай

жер аты, Ақшұқыр аулынан солтүстік-шығыста 23 км жерде.




Айдар моласы

Үстiртте, Қарабаян төбесiнiң үстiнде (“Уәлi” мақаласын қараңыз).




Айдарұшқан

Үстiрттегi алқап, қорымдық (“Уәлi” мақаласын қараңыз).




Айдарқарабас

Үстiрттегi алқап (“Уәлi” мақаласын қараңыз).




Ажар

құдық, Жармыш аулынан солтүстік-шығыста 14 км, 12 разъезден шығыста 8 км жерде, темір жолдың оңтүстік жағында.




Ажар

мола, Бозашы түбегiнде, Тиген аулынан солтүстік-солтүстік-шығыста 23 км жерде.




Ажар моласы

Шебірден оңтүстік-оңтүстік-шығыста 20 км




Ажы

жер аты; Үстіртте, Ұштағанның шығыс терістігі. Сөз төркіні: ажы (аджи) – суы кермек, ащы болып келетін құдыққа байланысты шыққан атау.




Ажырықты ой

алқап; Үстірттегі жер аты. Жазықтың көзге көрінердей ойпаңдау алқабы. Ажырық – шөлейт жерде өсетін тамыры терең аласа шөп.




Ажырықты ой

алқап, Қызылсу аулынан 25-30 км жердегі Сақар тауының етегіндегі ой. Ажырық – шөп атауы.




Азнағұл

Ә.Кекілбаевтың “Ұйқыдағы арудың оянуы” және Ә.Спан мен Ж.Нұрмаханованың “Қарашаңырақ” кітаптарынан алынды:

Форт-Александровск – Орал жолы:

Форт-Александровск – Қаңға-баба (25) - Қыштым (15) - Үдек (25) - Таушық (20) – Төріш (25) - Қарашымырау (10) - Ақмыш (30) - Жармыш (25) - Саура (10) - Тамды (30) - Жаңғысеспе (60) - Маната (20) – Бөгерстем (15) - Өтес (30) - Ешкіқырған (35) – Бәйті (15) – Уәлі (15) – Тәңке (30) - Қожақамар (35) - Бесбұлақ (20) - Тұздыорпа (80) - Шабайүдек (20).

Адайдың көш жолы.

Қаңғы - Түбіжік - Үдек - Тарталы - Ұланақ - Жыңғылды - Тұщыбек - Шетпе - Аусары - Күркіреуік - Қаратүйе - Өтес - Ешкіқырған - Қатша – Тәңкі - Қосқұлақ - Манашы - Күйкен - Алтықұлаш - Азнағұл - Қарашүңгіл - Жібін - Бақашы (600 шақырым).

1915-17-жылдарғы мәлімет бойынша: (254-255-бб)




Аймамбет

жер аты, Үстіртте. Басқа мәлімет жоқ.




Айман (Айпан)

алқап, сай, Солтүстік Ақтау жотасының солтүстік беткейiнде, Шетпеден 22 км, Тигеннен оңтүстік-шығыста 20 км жерде.




Айназар әулие

қорым; Қараған түбекте, Аташ кентiнiң шығыс жағында 4 км жерде, Шүйлi сайының басталар тұсында. Айназар Бәубек руынан шыққан, қасиетке ие әрі атақты аңшы болған кісі.




Айрақты

тау-төрткіл; Үстірттегі Өлі Қолтық шығанағына сұғына кіріп жатқан шағын түбек (теңіз деңгейі жоғары болған жылдары аралға айналады), оны “Жаманайрақты” деп те атайды. Бейнеу кентінен батыс-оңтүстік-батыста 120 км жерде

Аралбай Оңғарбекұлынан қалған мынадай өлең жолдары бар:


Айрақты, Татан – екі тау

Қияқты, Сасық – екі тау

Қияқты салдың бір мешіт

Сасық салдың бір мешіт. 9

Жазба құжаттарда 18 ғасырдың екiншi ширегiнен бастап кездесе бастайды. 1741 жылғы капитан Г.Тебеновтiң Маңғыстаулық түрiкпендер арасында болған сапарына байланысты жазбаларында: “Кайсаки де к нам по всякий год подбегают и скот отгоняют, иногда и людей наших полонят, понеже де наши трухменцы сидят в разных местах, точию де всегда имеют на Ираклинских горах к Мертвому Култуку караул, и, когда к нашим местам кайсаки собранием приближаться будут, тогда де караульные о том возвестят, и от того кайсацкого нападения трухменцы збираются на высокую гору”.10




Айрақты

монолит-тау; Шетпе кентінен солтүстікке 10-15 км жерде. Табиғат ескерткіші. Таудың теріскей жағы үлкен саймен тілімденген. Сөз төркіні: ортағасырлық ереклі (айрақты) этнонимінен шыққан. Тектес мысалдар: Эрек – салор руының бөлiмшесi, Эрекли – солтүстік Балқан даласындағы ауыл.




Айрантақыр

алқап, Жетібай кентіне жақын маңда, Бекі аулының оңтүстігінде 20-22 км жерде. Өзен-Жетібай мұнайлы территориясындағы осы жерде 1991 жылы қарашада мұнай кен орны пайдалануға берілді.




Айрыстау

төбе (12 м), Бозашы түбегінде, Тигеннен солтүстікте 16 км жерде.




Айт

алқап, Шетпе маңында, Шақырған ойының оңтүстік тұсында. Осы жерден марганец кені табылған.11




Айткөкше

Тасымбаевтар Қызылтұран жерiнде жылқы бағады. Суы - Ондының көзi, жайылысы - Ондының алды, Қаратау, Бос су. Қыс болса Қарақыз, Айткөкшенiң түбегi. 12




Айтман

құдық, Үстірттің орталық бөлігінде, Қараған-Босаға шығар тұсынан шығыста 50-60 км жерде. Сол жердегі бір қауымда Айтманның (Айтыман) кесенесі де бар. Оны 1824 жылы Артық Қожаниязұлы деген шебер қалаған, ал құдықты қазған Қараш (адай руының iшкi тарамы) Бейнеубай деген кісі. “Айтман су” деп те, терiстiк бетiндегi басқа құдықпен қосарлап “Айтман-Бабас” деп те атай береді.




Айтман

Айтмансу жері. Үстірттің оңтүстік-шығысында




Айтман-Бабас

Айтман және Бабас мақалаларын қараңыз.




Айту

Үстiрттегi құдық (“Есен-қазақ” мақаласын қараңыз).




Айымбет

Шетпеден шығыста 13 км




Айымбет

қорым, Ақтау - Қаражанбас трассасының 60-шы км-i тұсында, солтүстік-батыс бетте 2 км жерде.




Айымбұлақ

бұлақ; Қараған түбекте, Форт-Шевченкодан шығыста 25 км жерде, Қаңға баба сайы алқабындағы Қарагөз зиратының маңында. Қарагөз – сол зиратта жерленген қыздың аты болса, Айым – сол қыздың әкесінің аты.




Айыртам

қорым, Онды аулының шаруашылық жерінде, басқа мәлімет жоқ




Айыртөбе

қыстақ, алқап; Бозашы түбегінде, Қызан-Ақшымырау шаруашылық жерінде.




Айыршағыл

құдық; Бейнеу ауданында, Опорный темір жол стансасынан оңтүстік-батыста 30 км жерде, Қарақұм массивінің оңтүстік аумағындағы, құм ортасындағы құдық.

1949 жылы құдықшылар бригадасы Қарақұм бойынан Бөкен, Тортай, Алтықұлаш, Бұғабай, Шеркешқұдық, Құлжан, Айыршағыл, Есентемiр, Қарамендi, Сығай, Шемшер, т.б. жүзден аса шөппен, бұта, қарағай, тақтай, таспен шегенделген құдықтарды қазды. 13




Ақаяқ

алқап, Қайдақ сорының жағасында, Жармыш аулынан солтүстік-шығыста 35 км жерде.




Ақбала

жер аты; Маңғыстау ауданы, Ақшымырау аулының шығыс-теріскейінде




Ақбала

Красный Долгинецтен солтүстік-шығыс-шығыста -93 км





Ақбала

Шебірден солтүстік-солтүстік-шығыста 30 км





Ақбас

жер аты; Таулы Маңғыстауда , Жыңғылды-Ұланақ аумағында, нақты орны анық емес, тек үзінді – Ұланақтың алдындағы Ақбас, Қызылжол, Қоңырой жерінде жайылыста болып, көздеп тұрады екен. Сол кісі жүріп тұрған Бәйтілеу жолы әлі күнге солай аталады. Шығыс бетіндегі Қаратұранның түпсіз аңғар жарығы бар. Сол аңғар жарық Бұзықтамға дейін 10 км-ге созылады деседі. Қаратұранның үстінде көлемді су қоймасы болған.14




Ақбас

жер аты, шабындық.

Ақбастың құлауы. Сұлутөрткүл маңайы. Ақбастан құлаған жол Өнереге қарай..

Осы Қарынжарық құмынан өте бере ... Қарамая, Көгесемге дейiн созылып жатқан Кендiрлiнiң соры басталады. Сор басталар жерде -атақты Өнеренiң бұлағы. Суы ащы. Жер астынан шығып, қайтадан жер астына кiрiп жатқан су.

Жолымыз қайтадан Қарынжарық құмын кесiп өтiп, Сақсорқаның құмын жағалап, Аққұдыққа бет алу. Осы жерде, Ақбастың құлауынан 4-5 км қырқаның етегiнде Құрмаштың үңгiрi бар.15

Сұлутөрткүлден... бiз ендi Құрмаш бұлағына, одан әрi Ақбастау бұлағына жетiп алуымыз керек... Құрмаш бұлағына бара алмай, Ақбасқа жетiп алғанымызды жөн көрдiк. 16




Ақбұлақ

бұлақ, Жармыш аулынан шығыс-оңтүстік-шығыста 18 км жерде, Шығыс Қаратау жотасының солтүстік беткейiнде.




Ақбұлақ

Байгiсiұлы Тәшен, 1856 жылы туған. Жасы елуден асқанда әкесi Байгiсiге, шешесi Ақкемпiрге Ақбұлақ деген жерде ас берiптi. 17




Ақбұлақ

бұлақ; Қарақия ойысының оңтүстік-шығыс беткейінен бастау алады. Жетібай-Құрық темір жол стансалары аралығындағы № 3 темір жол айырымынан батыста 10 км жерде




Ақбұлақ

жер аты, бұлақ. Үстiрттiң Қарнауында, Маната – Сайөтес жолының бойына таяу, Қызылсайға қосылатын ернектен басталатын сай басында, Сайөтес кентiнен оңтүстік-батыста 26 км жерде.

Оның былай қасында:

Жиделi мен Ақбұлақ,

Қыстың күнi болғанда,

Ащы судан iше алмай,

Мұз ояр елi шапқылап,

Оның былай қасында:

Үдек, Мiнер суың бар,

Мiнер судың басында

Қалың қамыс нуың бар.. 18




Ақбұлақ

жер аты; Үстірттің солтүстік-батыс ернегінде, нақ орны анық емес, тек үзінді – ол уақытта Хасарлы (Каспий) теңізі Маната, Ақшабас, Айрақты, Бесегөз-Тәңке, Ақбұлақ-Күйкен, Байкүшік, Бейнеу, Түйемойын-Шаппа, Маңсуалмас-Есет шыңдары мен жағалауларына соғып жатқан. Сүйінғара батыр Борқұдық, Бесегөз-Тәңке тұсында Ысық Ақпан батырдың мүрдесін алып келе жатқан адамдарға кездеседі.19 Соған қарағанда, Ақбұлақ-Күйкенұшқан төрткүлі маңында болса керек.